Мұрағат: 10.11.2015


«Альтаир» уәдесінде тұрды

Күні: , 840 рет оқылды

IMG_6623


Ағымдағы жылдың 30 шілдесіндегі облыстық «Орал өңірі»(№91) газетінде «Топырақ астындағы тал-терек неме­се «Альтаир» уәдесіне тұра ма?» атты мақала жария­ланған еді. Онда Энтузиастар көшесінің бойымен қосымша құбыр тарту жұмыстарын жүргізу кезінде «Альтаир» ЖШС егілген ағаштардың үстіне топырақ төгіп, тұр­ғын­дардың нара­зылығына қалғандығы және құры­лыс жұмыстары аяқтал­ғаннан кейін «марқұм» болған тал-теректердің ор­нын толтыратындығы жөнінде аталмыш мердігер компа­ния­ның тұрғындарға берген уәдесі тура­лы жазылған болатын. Мәселенің мән-жайын аяқсыз қал­дырмау мақсатымен Зашаған кенттік округінің әкімдігіне арнайы барған едік.


Энтузиастар көшесінің бо­йы­мен қосымша құбыр жүргізу жоспарлы түрде жасалды. Қазу жұмыстары кезінде олқылықтардың жіберілгені рас, бірақ  бұл мәселені жіті бақылап отырдық. «Альтаир» ЖШС мекемесі айтқан уәдесіне тұрып, жа­сыл желекті артығымен қалпына келтірді, – дейді Зашаған кент­тік округі әкімінің орынбасары Ақ­еділ  Бекжанов.

Жаздағы көріністерге ұқсамай­тындай етіп қалпына келтірілген жерге Ақеділ Қалиұлы ертіп апарып көзімізді жеткізді. Ара қа­шық­тығы айтарлықтай кең кө­шенің бойына үш қатарға көшеттер отыр­ғызылыпты. Бұл бұрынғыдан әл­де­қайда көбірек. Сөзімізге дәлел болсын деп тағы да суретке түсіріп ал­дық. Дәл осы сәтте Энтуазистар көшесіндегі 105-үйдің тұрғыны Бану Байменова  әңгімемізге араласты.

– Құбыр қазу жұмыстары аяқ­тала келе теректер де егіле бастады. Біз кіріп-шыққан сайын көз қы­рымызды әрдайым салып жү­ре­міз. Мал келсе, жолатпауға тырысып, алдын аламыз. Көшеттер отырғызылғаннан кейін суарылып тұрды. Алдағы қыстан аман шықса, келер жылы көктемде бүршік атады ғой деген үміттеміз, – дейді ол басталған жұмыстың аяқсыз қалмағанына разы болып.

Темірболат ТОҚМАМБЕТОВ,

«Орал өңірі»

Суреттерді түсірген автор


«Тұғыры биік талант»

Күні: , 133 рет оқылды

DMS_9260


Таяуда Хамза Есенжанов атындағы балалар және жасөспірімдер кітапханасының оқу залында Қазақстандық кітап апталығы аясында ақын,  Қазақстан Жазушылар одағының  және Қазақстан Журналистер одағының мүшесі Айтқали Нәріковтің шығармашылығына арналған «Тұғыры биік талант» атты кездесу кеші өтті.


Кештің мақсаты – оқушыларды ақынның шығармашылығымен таныстырып, кіші буын жастарға отансүйгіштік рух беріп, адамгершілік қасиеттерге баулу. Кездесуде ақын өзінің өмір жолы туралы, жаңа өлеңдері мен шығармалары жөнінде айтып өтті. Кешке қатысушылар ақынның шығармашылығына қатысты көкейдегі сауалдарына тұшымды жауаптар естіді. Айтқали ақынның «Дарабоз», «Өмір деген…», «Ауылым», «Түсіне еніп», «Әке», «Тыныштықты тілеймін» өлеңдерін кітапхананың белсенді оқырмандары мәнерлеп оқып берді. Шара соңында ақын шығармашылығын сүйіп оқитын оқырмандар ақын ағамыздың қолтаңбасын алып, фотосуретке түсті.

Өз тілшіміз


«Ең бақытты ұйғырлар – Қазақстанда»

Күні: , 1 238 рет оқылды

IMG_0493


Халықтар достығының айшықты көрінісі сенбі күні А. Островский атындағы орыс драма театрында  ұйғыр этномәдени орталығының Ұйғыр мәдени күнімен жалғасын тапты.


Театр фойесінде арнайы көрме ұйымдастырылып, оған ұйғыр халқының салт-дәстүрлері мен мәдениетінен сыр шертетін қолөнер туындылары, Қазақстанның дамуына үлес қосқан аталмыш ұлттан шыққан қайраткерлер туралы кітаптар қойылды. Кешке жиналғандар ұйғырдың ұлттық тағамдарынан дәм татты.

Облысымызда алғаш рет тойланып отырған мерекеге арнайы Алматы қаласынан ҚХА мүшелері «Қазақстан ұйғырлары республикалық мәдени орталығы» ҚБ төрағасы Шаймардан Нұрымов, «Ұйғыр авази» республикалық қоғамдық-саяси газетінің бас редакторы Ершат Асматов, республикалық орталық жанындағы әйелдер кеңесінің төрайымы Санам Бешірова және Құдыс Қожамьяров атындағы ұйғыр музыкалық комедия театрының әртістері қатысты.

Шарада алдымен сөз алған Шаймардан Нұрымов Елбасының көреген саясаты арқасында Қазақстандағы ұйғырлар өз мә-дениеті мен тілін, салт-дәстүрін сақтап, әдебиеті мен өнерін барынша дамытып отырғандығын атап өтті.

— Құрметті бауырластар, біздің Ақ Жайық өлкесіне келгендегі мақсатымыз бұл өңірдегі ұйғырлардың бақытты өмірін кө-зімізбен көру еді. Өйткені тәуелсіздігіміздің, Нұрсұлтан Әбішұлының ынтымаққа негізделген парасатты саясатының арқасында қазақ жеріндегі барлық ұлт-ұлыстар тату-тәтті өмір сүруде. Қазақ пен ұйғыр – мәдениеттері ұқсас туысқан халық. Тіпті ежелден-ақ, қиын қыстау замандарда қазақтар ұйғырларға ешқашан найза-қылыш кезенбеген. Лайым, солай бола берсін. Біз қазақ елінің мәңгі болуы үшін үлесімізді қосып келеміз және қоса да береміз, — деп ақжарма тілегін жеткізіп, облыстағы ұйғыр этномәдени бірлестігінің төрайымы Асиям Үсеноваға ҚХА алғысхатын табыс етті.

Одан әрі Қазақстан халқы БҚО ассамблеясы төрағасының орынбасары Ғайса Қапақов ҚХА жылы аясында облыстағы этностар күнін тойлау әлі де жалғасатынына тоқталып, барша отандасымызға жасампаз еңбек пен баянды бақ тіледі.

Естеріңізге сала кетейік, облысымыздағы ұйғыр этномәдени бір-лестігі 2003 жылы Нұрахмет Мәсімовтың бастамасымен құрылған еді. Облысымыздағы ұйғырлардың басын біріктіріп, мәдениеті мен дәстүрін жаңғыртып, қоғамдық өмірге белсене араласқан Нұрахмет Қасымұлының еңбегі үлкен. Өкінішке орай, бұл азамат бүгінде арамызда жоқ. Қазіргі таңда облысымызда 48 адамнан құралған 15 ұйғыр отбасы Орал қаласын мекен етеді.

Мерекелік кеште ұйғыр театрының өнерпаздары ұйғыр тілін-де ән шырқап, ұлттық аспаптарында өнер көрсетіп, ұлттық билерін паш етті.

Қазақстандағы ұйғырлар саны жағынан этностар арасында 5-орында және еліміздің әр өңірінде мекен етуде. Ұйғыр ерлерінің турфан киюі түріктерге өте ұқсас. Ал нәзік жандылары ұлттық киімі ретінде әшекейлі ұзын етекті көйлектер мен шугай киеді, шаштарын бөріктерінің астарына жинайды. Ұлттық аспаптарының ішінде домбыраға ұқсас дутар, раваб және дапты ерекше көп қолданады. Қытай жазбаларында да ежелгі ұйғырлардың жоғары музыкалық мәдениеті болғандығы айтылады. Ал ұйғыр тілі түркі тілдерінің оңтүстік-шығыс тобындағы қарлұқ тармағына жатады. Елімізде ұйғыр тілінде «Ұйғыр авази» (Ұйғыр дауысы) республикалық қоғамдық-саяси газеті шығады. Сондай-ақ ұйғыр тілінде оқытылатын 70-ке жуық мектеп жұмыс жасап, ұйғыр ұлттық театры қызмет етеді.

Ләззат ШАҒАТАЙ,

«Орал өңірі»

Ершат АСМАТОВ,

Алматыдан шығатын «Ұйғыр авази» газетінің бас редакторы:

— Біздер бүгіндері ұлты ұйғыр отандастарымыздың санасына «Ең бақытты ұйғырлар Қазақстанда тұрады» деген көзқарасты сіңірудеміз. Бұл әсте құр сөз, жалаң ұран емес. Өйткені қазақ елін мекендеген 250 мың ұйғырға ұлты өзге отандастарымызбен терезесі тең өмір сүруі үшін барлық жағдай жасалған. Мысалы, Қазақстанда 62 мектеп ұйғыр тілінде білім береді, соның 13-і – сабақ тек қана ұйғыр тілінде өтетін білім ошақтары. 13 мыңға жуық таралыммен шығатын «Ұйғыр авази» газетінің электрондық нұсқасын әлемнің 26 мемлекетін мекендеген ұйғырлар ешқандай шектеусіз оқи алады. Газет шығаруға қажетті әр түрлі қаржылық шығындар мен біздің редакцияның 17 қызметкерінің жалақысы түгелдей мемлекеттік бюджет арқылы төленеді. Құдыс Қожамьяров атындағы мемлекеттік ұйғыр музыкалық комедия театрының штатындағы 180 қызметкер де еңбекақыларын мемлекеттік қазынадан алады. Алматыдағы аталмыш театр – жер бетіндегі барша ұйғырдың маңдайына біткен жалғыз мемлекеттік театр. Ұйғыр халқына мұндай жақсылықты бірде-бір мемлекет жасап отырған жоқ. Мәселен, Өзбекстан мен Қырғызстанда ресми дерек бойынша 50 мыңдай ұйғыр бар. Бірақ осы екі мемлекеттің бірде-біреуінде бірде-бір ұйғыр мектебі жоқ. Тіпті Өзбекстанда ұйғырды құжат бойынша «өзбек» деп жазып жіберетін көрінеді. Ал ұйғыр халқының тарихи отаны саналатын Қытайдың Шыңжан ұйғыр аутономиялық ауданында ұйғыр тілінде шығатын газет өз алдына дербес газет емес, аударма басылым. Егер ресми статистикаға сенсек, Қытайда (ҚХР) 10 миллион ұйғыр бар көрінеді. Ал бейресми дереккөздері ҚХР-дағы ұйғырлардың жалпы саны 20-25 миллиондай деген деректі алға тартады. Сөйте тұра Қытайда әлі күнге дейін ұйғыр халқының төл театры жоқ. Міне, басқасын былай қойғанда, осы дерек-дәйектердің өзі-ақ ұйғыр халқына ең жақсы жағдай әлем бойынша Қазақстанда жасалғандығын дәлелдей түседі. Сол себепті біз ең бақытты ұйғырлар Қазақстанда тұрады деп есептейміз.

Мұхтар БОКАЕВ,

Қазақстан халқы Батыс Қазақстан ассамблеясы ақсақалдар кеңесінің мүшесі, Бөрлі аудандық ардагерлер ұйымының төрағасы:

 — Өздеріңізге мәлім, мен шешен халқының өкілімін. Ұйғыр бауырларымыздың бүгінгі этно-мәдени шарасы арқылы мен бұл ұлт жөнінде біраз мәліметке қанықтым. Концерт керемет өтті. Бұл шараға Алматыдағы ұйғыр театрынан арнайы келген кәсіби өнерпаздарға қоса, жергілікті диаспора өкілдері де үлкен жауапкершілікпен қарап, өте мұқият даярланған екен. Осындай этномәдени байланыстар арқылы біз бір-бірімізді тереңірек танып, түсіністігіміз арта түсері анық.

Сергей ПОГОДИН,

Қазақстан халқы ассамблеясының мүшесі, Батыс Қазақстан облыстық орыс мәдени орталығының төрағасы:

— Біздің өлкеде ұйғыр этносының өкілдері тым аз тұратындықтан, Жайық жұртының ұйғыр халқының әдебиеті мен мәдениеті, тарихы мен салт-дәстүрі туралы мәліметі мардымсыз. Бүгінгі шара осы олқылықтың орнын біраз толтырғандай болды. Әрі мұндай өнер сапарлары қазақстандықтардың ынтымағын нығайта түсері сөзсіз.


«Дажынки» – еңбек мерекесі

Күні: , 94 рет оқылды

IMG_0270


Қазақстан халқы ассамблеясының 20 жылдығы аясында облысымыздағы  барлық ұлт өкілдерінің күндері аталып өтілуде. Өткен аптаның соңында белорус және ұйғыр этномәдени орталықтарының күні аталып өтті.

Жұма күні қаламыздағы жастар шығармашылығы орталығында «Дажынки» егінжай ұлттық мерекесіне орай Белорус этномәдени күні аталып өтті. Мейрамда Ресейдің Орал қаласындағы вице-консулы Юрий Пономорев, Ақтөбе қаласынан келген белорус этномәдени орталықтың өкілдері бас қосты.

Жиналған көпшілік ең алдымен «Грамада» белорус этномәдени орталығының көрмесін тамашалады. Көрмеде ағаштан, түрлі моншақтардан, былғарыдан жасалған көптеген қолөнер бұйымдары, кітаптар, түрлі сурет картиналары жұртшылықтың қызы-ғушылығын тудырды. Фойеде белорус ұлттық киіміндегі арулар келушілерге ұлттық тағамдарынан дәм таттырды.

Жиында сөз алған БҚО Қазақстан халқы ассамблеясы төрағасының орынбасары Ғ. Қапақов салтанатты шараның қонақтары мен белорус этносы өкілдерін мерекемен құттықтады.

— Бүгін белорус ұлтының өкілдері үшін айтулы күн, үлкен мереке. Біздің елімізде түрлі этностардың мерекелері жыл сайын дәстүрлі түрде аталып өтіледі. Бұны Қазақстанды мекен еткен әр этностың мәдениетіне құрмет деп түсінген жөн. Ассамблея жылы аясындағы атқарылып жатқан көптеген игі шаралар достық байланыстың одан әрі нығаюына себепші болары анық. Елімізде тек қана ынтымақ пен береке-бірлік болсын, — деп облыстың қоғамдық өміріне белсене араласып жүрген белорус этносының өкілдеріне алғысын білдірді. Сондай-ақ ҚХА алғысхатын «Грамада» белорус этномәдени бірлестігінің белсенді мүшесі Анастасия Сафинаға табыс етті.

Одан әрі «Грамада» белорус этномәдени орталығының төрағасы Михаил Беляев Қазақстандағы этностарға көрсетіліп жатқан құрметтің бәрі Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың сарабдал саясатының арқасы екендігін атап өтті. Сондай-ақ белорустар үшін «Дажынки» егінжай мерекесінің орны ерекше екендігіне тоқталып өтті.

Салтанатты шара одан әрі этномәдени орталық ұйымдастырған концертімен жалғасын тапты. Мұнда белорус ұлттық билері мен әндері шырқалып, көрерменнің көңілін бір серпілтіп тастады.

Ләззат ШАҒАТАЙ,

«Орал өңірі»


«Егер Бөкей көшпесе, жүрер едік біз қайда!?»

Күні: , 228 рет оқылды

550 логотип


Қазақ хандығының 550 жылдық мерекесі Бөкей ордасы ауданында үлкен салтанатпен аталынып өткені өте орынды болды.


Ата-бабаларымызды ертіп, Еділ мен Жайық арасына қоныстандырған Бөкей ханды алып тұлға, көрегендік иесі демеске болар ма! Кейін Бөкейдің ісін баласы Жәңгір жалғастырып, ол кезде Ішкі Орда деп аталған жерде Қазақстан бойынша алғашқы мектеп, медицина орындарын, қазынашылық мекемесін, хан жәрмеңкесін ашып, елге Еуропа мәдениетінің енуіне сеп болды. Қамшының сабындай қысқа ғұмырында ғылым-білімге жете ден қойған Жәңгір хан Санкт-Петербург, Астрахан, Орынбор, Қазан қалаларындағы оқу орындарына қазақ жастарының қабылдануына мүмкіндік туғызды.

Жәңгір хандықты басқаруға кіріскен кезде, саяси жағдай тым шиеленісіп кеткені бәрімізге белгілі. Жер бөлген кезде кейбір себептерге байланысты қолайсыз шаралар қабылдауға мәжбүр болды. Бұл 1836-1837 жылдардағы әйгілі Исатай Тайманов және Махамбет Өтемісов бастаған халық толқуына әкеп соқтырды. Кө-теріліс қазақ феодалдары мен патшалық Ресей саясатына қарсы бағытталды. Жәңгір Ресей патшасы әскерінің көмегімен көтерілісті басты. Бұл жайт жас билеуші үшін ауыр қасірет және жазылмайтын жан жарасы болды.

Бірақ бүгінге дейін қалың бұқараның ірі тарихи тұлғаның өмірі мен игі істері жайлы мәліметтерден мүлдем бейхабар болып келгені түсініксіз әрі өте өкінішті. Қазан университеті тарихының мұражайында портреттік галерея жасалынған. Өткен ға-сырлардағы Ресейдің ғылымы мен ағартушылық саласындағы аса көрнекті қайраткерлерінің арасында Жәңгір ханның портре-ті де тұр. 2013 жылдың 12 наурызында Қазан федералдық университетінде ХІХ ғасырдағы көрнекті қазақ ағартушысы және билеушісі Жәңгір ханға арналған мемориалдық тақтаның салтанатты ашылуы өтті. Бұл шараға Батыс Қазақстан облысының әкімі Нұрлан Ноғаев жетекшілік еткен делегациямен қатар, Қазақстанның Ресейдегі Төтенше және өкілетті елшісі Ғ. Оразбақов, Қазан федералдық университетінің президенті М. Салахов және Шығыстану мен халықаралық қатынастар институтының директоры Л. Латыпов қатысты. Қазақстаннан осыншама шалғайда қазақ ханының ғылым мен ағарту саласына сіңірген еңбегіне лайықты түрде әділ және жоғары баға берілгендігі қуантады. Жалпы Бөкей ордасы жерінде Қазақстан тарихынан ойып орын алатын талай тұлғалар дүниеге келді. Құрманғазы, Дина, Дәулеткерей, Сейтек, Исатай, Махамбет, Шәңгерей Бөкеев, Ғұбайдолла Жәңгірұлы, Салық Бабажанов, Шәкір Жексенбаев, Темір Масин, Мәншүк… Қарап тұрсаңыз, әрқайсының ғұмыр жолы, еңбегі – бір-бір  дастан.

«Байларға құба жайлатқан

Жарлыға мыңдап жылқы айдатқан,

Алтынды тақтың үстінде

Рақыметті Бөкей хан өткен», — деген Жанұзақ жыраудың толғауында тарихи шындық жатыр.  Бөкей хан Еділ мен Жайық өзендерінің аралығындағы мемлекеттік құрылымның шекарасын кеңейтті.

Бөкей секілді тұлғалардың ерен ісін бұқаралық ақпарат құралдары арқылы жиі насихаттаған жөн. Дағыстанның ұлы ақыны Расул Ғамзатовтың «Егер өткенге тапаншадан оқ атсаң, болашақ саған зеңбіректен оқ атады» деген әйгілі қанатты сөзін ұмытпайық. Тарих түгілі, қазіргі қазақтың атақты мемлекет, өнер қайраткерлерін, ғалымдарын білмей, сахнада күнде көрінетін әншілерді ғана танитын жастар қаншама? Бұл буын ертең өз ұрпағына не айтады?

Атырау, Астрахан облыстарында бұл бағытта атқарылып жатқан үлгілі істер көп. Аталған өңірлерде Құрманғазы, Махамбет пен Исатайға арналған ескерткіш баяғыда-ақ бой көтерген. Тіпті Елбасымыздың тікелей тапсырмасымен Астрахан облысының Кіші арал мекенінде Бөкей хан мен оның әйеліне арналған кесене тұрғызылды. Астрахан облысының Қарабайлы ауданының Ахтуба елді мекенінде төмпешік болып жатқан Сейтектің де зиратына күтім жасалды. «Өлі жебемей, тірі байымайды» деген. Біздің өңірде де мұндай игі істер жаңғыра түсуі үшін белгілі кәсіпкерлердің, ел азаматтарының  көмегі осы тұста керек-ақ.

Манарбек ХАЙРУШЕВ,

еңбек ардагері,

Орал қаласы


«Мұнда аштықтың құрбандары жерленген…»

Күні: , 833 рет оқылды

IMG_1408


Тарихқа көз жүгіртсек, Керей мен Жәнібек бастаған хандықтың құрылғанына биыл 550 жыл толып отыр. Барша ел болып атап жатқан үлкен думан. Сол бір мерекеге орай біз де туған жердің тарихын зерттеу жұмысын қолға алдық. «Қариясы бар ауылдың қазынасы бар» дегендей, талайды көрген дана аталардан естігенімізді, ел ішінде сақталған аңыз-әңгімелерді тере жүріп, ауданымыздың, ауыл-аймақтарымыздың тарихын түгендеудеміз. Осы орайда алғашқы іссапарымыз өңіріміздегі шамамен XVIII ғасырға тән ескі қорымнан бастау алды. Бізге өлкетанушы Ғалым Хисметдинов жолсерік болды.


Біз іздеген қорым Тасқала ауданы І Шежін ауылының оңтүстік-шығысында 7-8 шақырым жерде орналасқан. Талай уақытты артқа тастағаны көрініп-ақ тұр. Ауданымыздың тарихын жатқа білетін Ғалым Ғайниұлының айтуы бойынша, бұл қорым айтылған ғасырдан да әрірек болуы мүмкін. Алайда XVIII ғасырға тән екенін сол арада сақталған, 1725-1810 жылдары өмір сүрген Балтанияз Ақкөшекұлының зираты дәлелдейді.

Қойнына мыңға жуық адамды сыйдырған, айналасы қоршалмаған қорым бүгінде мал жайылатын орынға ұқсайды. Соған қа-рағанда, жақын маңдағы ауыл тұрғындары қандай қасиетті мекенде жүргендерінен бейхабар. Қорымда 30-40 шақты ескерткіш бар.

Жолсерігіміз зираттан басқа айнала қоршап жатқан төбелерге көңіл аудартты. Бұл жерде ықылым заманда қайтқан ақсүйек адамдар жерленген деген сыбыс бар. Сол шақтағы дәстүр бойынша, онда қайтқан адамның құрал-сайманы, ыдыс-аяғы, ер-тұрманы мен жалшылары бірге көмілген. Санасақ, барлығы жеті төбе. Алайда алтауы суық қолдың құрбаны болғаннан ортасы босап қалғанға ұқсайды.

Осы обаларды анықтау мақсатында 2004 жылы Алматы археологиялық институтының ғалымдары елімізге ат басын тіреген. Оларға жол нұсқаған Ғалым Ғайниұлының айтуынша, қолда-рындағы арнайы жол карталарында І Шежін ауылы көрсетілген.

— Көздеген мақсаттарына жеткен ғалым-қонақтарымыз ол жерді толық зерттеуді 2020 жылға қалдырған. Елімізді елең еткізер құнды дүниелер табамыз деген ойлары да жоқ емес, — дейді өлкетанушымыз.

Ғалым атаның айтуымен біз қайта көлікке мініп, жол бойында ағып жатқан Шежін өзенінің жағасына келдік. Өлкетанушының сөзіне мән берсек, кезінде Шежін өзені екі ауылдың арасымен ағып жатқан. Оның сол жағалауын орыс-казактар мекендесе, оң жағасында татарлар қоныстанған. Бұрындары бұл ауылды «Ноғай Шежін» деп те атаған.

Екі ауылды көлемі 20 метрге жететін ағаш көпір қатынастырған. Көпірге қажет бөренелер СанктПетербургтен алдырылып, нөмірленіп қойылған. Көпір үстінде жастар би кештерін де өткізген. Соған қоса ауылда 2 қазақ мешіті және 2 орыс шіркеуі болған. Жалпы 7 бақша егілген. Солардың ең үлкені татар бағбанның атымен «Ғаллам бақшасы» деп аталған. Ол бақтың өнімін кейде 100-200 адам жинап бітіре алмаған деген де аңыз бар.

І Шежін ауылымен көрші жатқан Амангелді ауылы сыртындағы Қаспай зиратына да кірдік. Марқұмдарға Құран бағыштаған-нан кейін, атамыз көрсеткен еш белгісі жоқ үлкен төбеге назар аудардық.

— Мұнда 1921-22 жылдардағы аштықтың құрбандары жерленген. Кейде мұны  бауырластар зираты деп те атайды. Өйткені сол жылдары қайтқан адамдарды жер қазуға шамалары келмегеннен соң, қыс мезгілінде қардың астына жасырып, көктемде ғана жер қойнына тапсырған. Шамамен 70-80 адам жерленген, — деп өткеннен тағы бір хабардар етті.

Біз көрген ескі ауылдың орны мен одан көп алыс емес көне зират – барлығын есептей келе Шежін ауылының іргетасы XVII-XVIII ғасырда қаланған деген болжам жасауға болады. Оның анығын алдағы уақытта сол жерге жүргізілетін ғалымдардың зерттеу жұмыстары дәлелдемек.

Әсемгүл БЕКЕШЕВА,

Тасқала ауданы


Кәсіпкерлер бас қосты

Күні: , 779 рет оқылды

IMG_6225


Таяуда Бөкей ордасы ауданында аймақтық кәсіпкерлер семинары өтті. Оған Ақжайық, Жәнібек аудандарының және жергілікті кәсіпкерлер, шаруа қожалықтарының өкілдері қатысты.


Жиын барысында кәсіпкерлік палатасының аудандық филиалдарының басшылары ауылдық жерде кәсіпкерліктің дамуы, мемлекеттік бағдарламалардың жүзеге асуы турасында баяндама жасады. Содан кейін жиналғандар коммуналдық шығындар төлемі, берілетін несие, олардың қайтарылымы, көпшіліктің сұранысына ие тауарларды жеткізу мен өндіру және қызмет барысындағы кездесетін қиындықтар, оларды жеңу жолдары жөнінде пікір алмасты.

Шара соңында қонақтар Бөкей ордасы ауданында іске асырылып жатқан инновациялық жобалармен танысты. Көпшілікке аудандық кәсіпкерлер палатасы директоры, жеке кәсіпкер Бибігүл Жұмағұлованың иелігіндегі сүт өңдеу цехы ұнады. Жақында ғана бой көтерген нысанға, әсіресе, Ақжайық ауданынан келген «Ақ-бала» шаруа қожалығының жетекшісі Ғ. Өтегеновтің қызығушылығы ерекше болды. Себебі ол да осындай өндіріс орнын ашуға ықыласты.

Семинардан үлкен әсер алған кәсіпкерлер мен шаруалар алдағы уақытта да жиі бас қосып тұруға уағдаласып тарасты.

Мәди ЫҚЫЛАС,

Бөкей ордасы ауданы


56 рет қой көтерді

Күні: , 814 рет оқылды

DSC_1347


Қаратөбе ауданында  ауыл шаруашылығы қызметкерлері күніне арналған мерекелік  шара өтті. Соған орай ауыл шаруашылығы малы және техникаларының көрмесі болды.


Ауылдық округтер мен аудан орталығындағы мекеме-кәсіпорын ұжымдары құрған киіз үйлерде мерекеге келген қонақтар-ға  құрмет көрсетілді. Мерекенің ашылу салтанатында  құттықтау сөз сөйлеген аудан әкімі Асхат Шахаров жыл ішінде атқарыл-ған іргелі істер мен сала қызметкерлерінің қол жеткізген табыстарына тоқталып, ауылды өркендету жолында белжазбастан еңбек етіп жүрген жандарды  марапаттап, сыйлықтар табыстады. Марапатталғандардың арасында Жусандыой ауылдық округіндегі «Ақжол» шаруа қожалығының жетекшісі Қосыбай Бақытжанов та бар. Осы шаруа қожалығында мал бағып, еңбек етіп келе жатқан Берік Шайхиев «Өз ісінің шебері» аталымына ие болды. Айта кетейік, қырыққа келіп қалған Берік – кезінде еңбектегі жетістіктерімен көзге түскен егіндікөлдік шопан Денжай Шайхиевтің ұлы. Денжай ақсақал  ширек ғасырдай уақыт бойы қой бағып, аудан көлеміне кеңінен танымал жанның бірі болды. Әке жолын жалғаған Берік Денжайұлы «Ақжол» шаруа қожалығында 1997 жылдан мал тұқымын асылдандыру ісімен айналысып келеді. Міне, осы еңбегі жергілікті атқарушы билік тарапынан еленіп жатыр.

Мереке атшабыспен жалғасты. 18 шақырымдық аламан бәйгеде 13 сәйгүлік сынға түсті. Нәтижесінде ақтөбелік Темірхан Айдарбековтың Гүл есімді ағылшын тұқымды сәйгүлігі мәре сызығын бірінші болып кесіп өтіп, 200 мың теңге сыйлықты иеленді. Екінші және үшінші болып аққозылық Құсайын Мұқановтың Айқасқасы мен Сулыкөл ауыл-дық округінің Төлен ауылының тұрғыны Мұханбетжан  Жомартовтың Ақтанауы келіп, олар 100 мың және 50 мың теңге сыйлыққа ие болды.

Қазақ күресінен қаратөбелік палуан Ерлан Сержан жеңімпаз атанды. Сырымдық Ғаббас Темірлан  56 рет қой көтеріп, үздік деп танылды. Теңге алудан үшағаштық Мизам Шарамихов алдына жан салмады.

Мерекелік шара аудан көркемөнерпаздарының концерттік бағдарламасымен жалғасты.

Ерболат РАЙСОВ,

Қаратөбе ауданы


Балаңызды «менталды арифметикаға» үйретіңіз

Күні: , 953 рет оқылды

DSC_0034


Қаратөбе ауданы орталығында 4 жастан 16 жасқа дейінгі балаларды оқытуға арналған «Менталды арифметика» курсы ашылды. Орталықтың ашылу салтанатына аудан әкімі Асхат Шахаров қатысып, орталық  ұжымына  сәттілік тіледі.


Курс  математиканы оқытудың жаңашыл түрі  арқылы балалардың логикалық ойлау қабілетін арттыруға, білім деңгейін көтеруге үлес қосуды мақсат тұтқан. Бүгінгі таңда әлемнің 56 мемлекетінде арифметиканың бұл түрінен 5 миллионнан астам бала дәріс алады екен.

Бұл арнайы бағдарламаны меңгеру арқылы бала  өз логикасын дамытып қана қоймай, фотографиялық есте сақтауы жоғарылап, аналитикалық және шығармашылық тұрғыда ойлау қабілеті дамиды. Өз-өзіне деген сенімділік пайда болады, дәлдік пен жылдамдық қабілеттерін арттыра алады. Курсты меңгеру арқылы балалар кез келген арифметикалық есептерді санаулы секундтарда ауызша есептеп шығаруға бейімделеді. Бүгінде бұл курсқа 4-16 жас аралығында 30-ға жуық бала өтініш білдірген. Оларға  арнайы даярлықтан өткен екі мұғалім дәріс бермек.

«Менталды арифметика» курсы 10 деңгейден тұрады, ал оқыту ұзақтығы 2,5-3 жылды құрайды.  Яғни  бір деңгейді шамамен 3-4 айға оқыту жоспарланып, балалар жас ерекшелігіне қарай топтастырылған.

Бағдарлама бойынша бастапқы деңгейде балалар «авакус» құралын пайдаланып, есеп шығарады. Нәтижесінде бірнеше айдан кейін балалар өздері-ақ қиын есептерді (үш таңбалы, төрт таңбалы сандарды оңай қосады, көбейтеді, бөледі, түбірін табады) «авакуста» есептеуді ойша елестетіп, шығара алмақ.

Ерболат РАЙСОВ,

Қаратөбе ауданы


«Тауардың кедендік бағасы»

Күні: , 792 рет оқылды

OLYMPUS DIGITAL CAMERA


Бейсенбіде  облыстық  кәсіпкерлер палатасы қызметкерлері  «Тауардың кедендік бағасы» атты дөңгелек үстел ұйымдастырды. Бұған облыстық кірістер департаментінің қызметкерлері   мен   жергілікті  кәсіпкерлер және БАҚ өкілдері қатысты.


Жиынды  облыстық кәсіпкерлер палатасы басшысының  орынбасары Нұрлан Қайыршин жүргізіп отырды. Басқосуда сөйлеген облыстық  мемлекеттік кірістер департаменті басшысының  орынбасары Нұрболат Абдулов пен  аталмыш мекеменің кедендік кірістер бойынша басқарма басшысы Сағида Шәкенова  және бас маман Владимир Жигалин еліміздің ДСҰ-ға кіруіне байланысты ҚР Кедендік кодексіне бірқатар өзгерістер енгізілгенін баяндады. Мамандардың сөзінше, бүгінгі талқыланып отырған тақырып кәсіпкерлер үшін ерекше маңызды. Өйткені олардың  алыс-жақын шетелдерден тасыған тауарларының бағасы олардың салық төлеміне әсер етеді. Сондықтан шетелден тауар тасымалдағанда, кәсіпкерлер тауардың нақты бағасын көрсетуі тиіс. Қолдарында сол тауарлардың нақты бағасы жөнінде анықтама болса, тіпті жақсы. Импорт  тауарлардың тасымалына қатысты басқа да құжаттардың түгел болғаны жөн. Сағида  Аманқосқызының  айтуынша, кейбір кәсіпкерлер кеденнен өтерде импорттық тауарлардың бағасын төмендетіп көрсетеді. Бұл  айналып келгенде кәсіпкердің  өзіне зиян.

Жиын барысында кәсіпкерлер тарапынан тауардың кедендік бағасы мен кеденнен  өту тәртібіне қатысты көптеген сұрақтар қойылды. Бұған жауап ретінде облыстық кәсіпкерлер палатасы сыртқы экономикалық қызмет бөлімінің басшысы Элмира Өтешова  шетелден тауар тасымалдаушыларға сол жақтың жауапты мекемесімен келісімшарт жасаған кезде тауар бағасын нақтылайтын құжат алуға кеңес берді. Оның сөзінше, Ресей аумағында Кедендік үдерістің тым қатайып кетуіне байланысты қазақстандық кәсіпкерлердің Ресей аумағынан кедергісіз өтуі үшін ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасы ҚР Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетіне өтініш жазған. Осы бағытта жұмыстанған ҚР Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитеті Кеден одағы заңнамасын бұзбайтын адал кәсіпкерлер мен тауар тасымалдаушылардың тізімін Ресейдегі өткізу бекетіне жөнелтті. Осыған орай аталмыш тізімде бар адамдардың Ресей бекетінен өтуі оңайламақ.

Жиын соңында ұйымдастырушылар кедендік үдерістің сәт сайын өзгеріп жатқанын айтып, бұл бағытта болып жатқан жаңалықтар мен өзгерістер жөнінде арнайы сайт арқылы білуге болатынын жеткізді.

Айша ӨТЕБӘЛІ,

«Орал өңірі»


БҚО, Орал қаласы, Мұхит көшесі, 57/1
zhaik_presscenter@mail.ru
oral_oniri@inbox.ru
support@oraloniri.kz

Орал өңірі" газетінің бас редакторы: 51-25-80
Бас редактордың орынбасарлары: 24-17-08, 54-18-08
Жауапты хатшы: 54-38-22
Тілшілер: 50-66-88, 51-50-34
Жарнама бөлімі: 51-51-09
Яндекс.Метрика