Мұрағат: 07.11.2015


Тағы бір жолдама қалтада!

Күні: , 810 рет оқылды

фото Дергунова


Индонезияда байдарка мен каноэдан өтіп жатқан Азия чемпионатында батысқазақстандық ескекші Алексей Дергунов табысты өнер көрсетті.


БҚО дене шынықтыру және спорт басқармасынан түскен мәліметке қарағанда, 1 мың метр қашықтықта Алексей екі адамдық қайықта ескек есуден жеңімпаз атанып, алдағы жылы өтетін Рио-де-Жанейро олимпиадасының жолдамасын ұтып алды.  Бұл А. Дергуновтың екінші олимпиадасы болмақ. Ол 2012 жылы Лондонда өнер көрсеткен болатын.

Еске сала кетейік, осыған дейін тағы бір батысқазақстандық ескекші Андрей Ергучев Италияның Милан қаласында өткен әлем чемпионатында қазақстандық төрттік құрамында 1 мың метрлік қашықтықта олимпиада жолдамасын еншілеген еді.


Тас жолдың жағдайы тексерілді

Күні: , 196 рет оқылды

+тас жол


Облыс әкімінің орынбасары Нариман Төреғалиевтың бастауымен өңіріміздегі жол саласы мекеме-кәсіпорындарының және мердігер компаниялардың  басшылары Тасқала ауданына келіп, «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында күрделі жөндеуден өтіп жатқан Орал-Тасқала-Озинки тас жолының құрылыс жұмыстарымен танысты.


Аталмыш делегацияның Тасқалаға келуіне аудан әкімі Санжар Әлиевтің облыс әкімінің бірінші орынбасары Арман Өтеғұловқа жазған хаты себепші болды.  Хатта аудан басшысы алдағы көктемгі су тасқыны кезінде күре жолдың құрылысына байланысты бірқатар мәселелер туындауы мүмкін екенін жеткізген болатын. Егер жолдың кейбір тұстары биыл бітпесе, айналма жолдың көктемде су астында қалу қаупі бар. Бұл республикалық маңызы бар автомагистральмен жүретін халықаралық дәрежедегі көлік маршруттарының жүруін қиындатады. Сол себепті жолдың бойына уақытша су ағатын құбырлар орнатқан жөн.

Көктемде оңтүстік беткейдегі таулардан еріп аққан су сол құбырлар арқылы өтіп, Деркөл өзеніне құйылады. Ал ауылдарға жақын маңдағы жол бойына тиісті көлемде құбырлар салынбай қалса, ондағы тұрғын үйлер мен әлеуметтік нысандарға да суға кету қаупі төнуі әбден  ықтимал. Сонымен қатар арнайы су өткелінің барлығы әлі күнге дейін ашық-шашық күйінде жатыр.

Сапары барысында бұл мәселенің бәріне жіті көңіл аударған Нариман Төреғалиұлы тиісті мекеме мен мердігер компаниялар басшыларына олқылықтарды жойып, қажет шараларды дер кезінде қолға алу турасында нақты тапсырмалар жүктеді.

Манас МАРАТҰЛЫ,

Тасқала ауданы


Құмға сіңген судай болып, алыпсатарлардың қалтасына кетпей ме?

Күні: , 948 рет оқылды

DMS_0191


Осыдан бірер күн бұрын облыстық әкімдік пен «Орал» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» Ұлттық компаниясы» АҚ қызметкерлері бірігіп, пресс тур ұйымдастырды. Ұйымдастырушылар бұл жолы БАҚ өкілдерін «Ел ырысы» базары мен «Бәйтерек» супермаркетіне алып барды. Бұл жерлерде арнайы бұрыштамалар ашылып, онда облыстық тұрақтандыру қорынан бөлінген әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдері қойылыпты.


Ең алдымен «Ел ырысы» базарында болып, ол жердегі арнайы қоймадан азық-түлік өнімдерінің мол қорын көрдік.

– Елімізде әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдерінің бағасын тұрақтандыруға арналған мемлекеттік бағдарлама бар. Бұл бағдарлама 2011 жылдан бастап жүзеге асырылуда және оның халықтың ең көп пайдаланатын тағамдарына бағаны тұрақты ұстап тұруда маңызы зор. «Орал» ӘКК» ҰК» АҚ осы мемлекеттік бағдарламаның операторы, яғни жүзеге асырушысы болып табылады. Ал енді бүгінгі шараға қатысты айтар болсақ, қазіргі уақытта күнбағыс бағасының күрт көтеріліп кетуіне байланысты облыстық тұрақтандыру қорынан жиі пайдаланылатын тағам түрлері қосымша бөлінді. Нақтырақ айтқанда, халықтың әлсіз тобына қолдау жасау мақсатында бұл жолы 128 тонна күріш, 30 мың тонна күнбағыс майы, 250 тонна картоп және 100 тонна пияз бөлінді. Яғни облыс халқының бір ай бойы тұтынуына қажетті күріштің 50 пайызы, күнбағыс майының 6-7 пайызы, картоптың  5 пайызы жә-не пияздың 10 пайызы қазіргі таңда қорда дайын тұр. Бұған қоса қажет болған жағдайда тағы 30 пайыз картоп алу үшін ме-морандумға қол қойдық. Қазір мына қоймада күріш пен күнбағыс майының мол қоры сақтаулы. Ал картоп пен пияз бұдан басқа жерде, көкөністерге арналған арнайы қоймаларда сақталуда. Аталмыш азық-түліктерді біз бүгіннен бастап, облыс орталығындағы «Бәйтерек» супермаркетінің жеті бөлімшесіне және Ақсай қаласындағы бір бөлімшесіне таратып, сол жерлердегі әлеуметтік бұрыштарға орналастыратын боламыз. Сондай-ақ аудандардағы үйлестірушілерден (операторлар) тапсырыс түссе, тұрақтандыру қорынан бөлінген азық-түлік өнімдерін оларға да жеткізіп береміз. Қордан бөлінген күнбағыс майының 1 литрі – 244 теңге, күріштің 1 келісі – 160-180 теңге. Базарда қазіргі таңда күнбағыс майы шамамен 300 теңге, яғни тұрақтандыру қорынан бөлінген сұйық май бағасы нарықтағыдан 20 пайызға арзан. Күріш пен картоп, пияз да базардағыдан анағұрлым арзан болады. Аталған супермаркеттегі әлеуметтік бұрыштарда саттыққа шығарылған сұйық май мен күріш бағасы бұдан асып кетпеуі керек. Облыстық әкімдік пен «Орал» ӘКК» ҰК» АҚ және облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы бірігіп, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдеріне күн сайын  мониторинг жасап отыр. Егер сатушылар сұйық май мен күрішті осы көрсетілген бағадан асырып сатса, онда оларға айыппұл салынады, — деген «Орал» ӘКК» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Ержан Балтаев қорға барлығы 491 млн. теңге бөлінгенін және тап қазіргі уақытта қолда 50 млн. теңгенің азық-түлігі өнімдерінің бар екенін айтты. Оның сөзінше, қажет болған жағдайда қосымша азық-түлік сатып алу үшін жоғарыдағы 491 млн. теңгеден тағы да қосымша қаражат қарастырылмақ.

Бұдан кейін «Бәйтерек» супермаркетінің қала шетіндегі бөлімшесіне бардық. Мұнда әлеуметтік бұрыштама ұйымдастыры-лып, күріштің келісі 160 теңгеден, ал 5 литрлік күнбағыс майы 1220 теңгеден саттыққа шығарылып жатты.

Арзан бағалы тамақ өнімдері жаңа ғана шығарылған соң ба, көптеп сатып алып жатқан халық байқалмады. Бірақ екі-үш күннен кейін-ақ арзан бағалы тамақтары бар әлеуметтік бұрыштамаларды алыпсатарлардың жым-жылас қылуы әбден мүмкін. Олар әлеуметтік әлсіз топтарды қолдау мақсатында мемлекет тарапынан бөлінген азық-түліктерді молынан сатып алып, халыққа қымбат бағамен қайта сатып ақша жасайды. Біз ұйымдастырушыларға осыны айтып, «Мұндай жағдайда не істей аласыздар?» деп сұрап көріп едік, олардан жөнді жауап болмады. Сондықтан сақтандыру қорынан бөлінген азық-түліктерді тек қана жағдайы төмен отбасылар мен  мүгедек жандар, зейнеткерлер мен көп балалы аналар ғана пайдаланатындай ереже белгіленсе, нұр үстіне нұр болар еді… Сонда әлсіз топтарды қолдау үшін мемлекеттен бөлініп жатқан осы бір қыруар қаражат, іс жүзінде жағдайы төмен адамдарға қызмет етер еді… Әйтпесе,  сауапты да  пайдалы  шара  құмға  сіңген  судай алыпсатарлардың қалтасына  кетпесіне  кім  кепіл?..

Айша ӨТЕБӘЛІ,

«Орал өңірі»


«Батыс Марка Ламб»: марқа еті экспортқа жол тартпақ

Күні: , 887 рет оқылды

DMS_0581


Ақжайық – Батыс Қазақстан облысының экономикалық дамуында елеулі орны бар аудандардың бірі десек, еш қателеспейтініміз анық. Өйткені  бұл жерден, ең алдымен, Орал-Атырау күре жолы өтеді. Одан кейін облыстағы қой малының 60 пайызы шоғырланған  Жаңақала, Қазталов, Бөкей ордасы және Жәнібек аудандарымен жағырапиялық жағынан жақындығы бар. Осы факторлардың барлығы  аудан аумағында «Батыс Марка Ламб» ЖШС-ы тарапынан марқа етін терең өңдейтін ірі кешенді іске қосуға жол ашты.


Кеше бір топ жергілікті және республикалық БАҚ өкілдері аталмыш кешенде болып, аталмыш мекеменің жұмысымен танысып, тікелей кәсіпорын басшысынан, сондай-ақ инновациялық жобаға инвестиция құйған «ҚазАгроҚаржы» АҚ-ның жетекшілерінен көкейлерінде  жүрген сауалдарына жауап алды.

5 гектар аумақты алып жатқан өндірістік кешеннің ішкі технологиялық желісі заман талабына сай, толығымен автоматтандырылған. Негізінен итальяндық «Rovani SrL» компаниясының мал сою және ет өңдеу желісіне басымдық бергенімен, кәсіпорын шетелдің өзге де озық фирмаларының құрал-жабдықтарына қырын қарамайды. Бұрынғы көзіміз көрген қасапханалардағы иіс-қоңыс, малдың нәжісі, қан-жын атаулы мұнда мүлде жоқ, кешеннің іші мұнтаздай таза. Ақ  халат жамылып, арнайы киім киген әр маман өз жұмысын жақсы біледі. Күндіз киілген киім кешкісін жуылып, кептіріліп, ертесіне иесіне беріледі. Қой сойылар алдында өлшенеді. Бауыздалған мал қаннан әбден тазарғанша (3 минуттан кем емес) ілулі тұрып, одан әрі жылжымалы ілмек бойымен жүріп отырып, терісі сыпырылып, ішек-қарны мен өкпе-бауыры бөлек ажыратылып, төшкесі арнайы тоңазытқышқа тоғытылады. Ол жерде белгілі бір температуралық режим сақталады. Дайын өнім тапсырыс берушінің қалауынша сол төшке күйінде немесе жіліктеліп, қорапқа салынған күйінде ұсынылады. Кәсіпорын басшысы Бақытжан Кескінбаевтың айтуынша, күні бүгін әлемде етке қойылатын талап күшті. «Бұрын мұздатылған, яғни әбден қатырылған етті ала беретін. Қазір мұздатылғаннан гөрі, тоңазытылған етке сұраныс үлкен. Себебі, тоңазытылған ет өзінің барлық пайдалы қасиеттерін, дәрумендерін бойында сақтайды. Мұны жақсы білетін мәскеулік әріптестеріміз қой етінің ірі партиясына тапсырыс берген еді. Өкінішке орай, Ресей тарапынан салынған тыйымға байланысты әзірге тапсырыс тоқтап тұр. Дегенмен, мәселе үкіметаралық деңгейде шешіледі деген сенімдеміз», – дейді Б. Кескінбаев. Алдын ала хабарлай кетейік, мақала жазылып жатқан кезде қазақстандық қой етіне тыйымның жойылғаны туралы қуанышты ақпарат жетті.

Әрине, кәсіпорын жұмысы бір ғана елмен немесе қаламен шектеліп қалмасы белгілі. Ресей жағы жолды жапқан уақытта Өзбекстан нарығы Ақ Жайықтың марқасына қызығушылық танытты.

Сөйтіп, айына 100-150 тонна етті экспорттауға келісімшарт жасалды. Оның сыртында Алматы, Тараз, Атырау қалаларына ет жөнелтуге уағдаластық бар. «Ішкі нарықтан гөрі басымдық неге экспортқа беріледі?» деп сұрадық біз кәсіпорын директорынан.

«Жұмысты бастағалы бері 5 тоннадай етті ішкі нарыққа шығарып көрдік. Біздің еттің өзіндік құны келісіне 920 теңге. Ал ауыл-аймақтан Орал базарына әкелінетін қой етінің бағасы 600-700 теңге. Сондықтан ол бізге тиімсіз. Себебі, мұндай кешенді ұстап тұрудың өзі оңай емес. Жарыққа, суға, газға ақы төлеу керек. Оған қоса 80 адамға жалақы төлеу, бюджетке салық аудару және тағы да басқа шығындарды қоссаңыз, жағдай  түсінікті  болады», – деді ол.

Бақытжан Кескінбаевтың айтуынша, кешенде күнделікті союға қажетті марқаға ешқандай мұқтаждық жоқ. «Осы жобаны қолға алар кезде мені екі түрлі күдік мазалады. Біріншісі, шикізат табу. Екіншісі, өнімді өткізу. Жұмысты бастаған кезде шикізаттан ешқандай қиындық жоқ екеніне көзім жетті. Қазір біз Жаңақала ауданындағы «Бірлік» асыл тұқымды қой зауытымен келісімшартқа отырып, солардың 3 мың бас ұсақ жандығын союды бастадық. Бұл екі жаққа да тиімді. Өткізуге байланысты кейбір түйткілдерді жаңа айттым. Ендігі айтқым келгені – бізді қатты толғандырған кәсіби білікті жұмысшылар мәселесі. Жаңа заманауи жабдықтарды ауылдың адамдарына тез арада үйретуге тура келді. Ол үшін Италиядан, Ресейден мамандар шақырдық», – дейді Б. Кескінбаев.

Тоқтар КЕНЖЕҒАЛИЕВ,

«Орал өңірі»

Қанат  ЕШІМОВ,

«Бірлік» асыл тұқымды мал зауыты» ЖШС-ның директоры  (Жаңақала ауданы):

– «Батыс Марка Ламб» ЖШС жұмысын бастаған уақыттан бері өзара іскерлік байланыс орнаттық. Шаруашылығымызда 12 500 бас қой бар. Күні бүгін біз мұнда 1600 бас марқа тапсырдық. Жыл аяғына дейін тағы да осы мөлшерде қой тапсырмақ ниетіміз бар. Дәл осы кешеннің бізбен көршілес Ақжайық ауданы аумағында салынғанына қуаныштымыз. Себебі, біз бұрын қойды Ақтау, Атырау, Ақтөбе қалаларының базарларына таситынбыз. Ол жерлерде мал өтпей, апталап жататын едік. Екінші тиімді жағы, сойылғаннан кейін қой етінің әр келісіне мемлекет 100 теңгеден демеуқаржы төлейді. Шамамен әр марқаның салмағы 37-40 келі  болады  десек,  бұдан  қомақты  қаржы  түседі.

Төлебай  МЕҢДІОРАЗОВ,

«ҚазАгроҚаржы»  АҚ-ы  БҚО филиалының  директоры:

– «Батыс Марка Ламб» ЖШС іске қосқан марқа етін өңдеу кешені агроөнеркәсіп саласын мемлекет тарапынан кешенді қолдаудың жарқын көрінісі деп есептеймін. Ауыл-аймаққа заманауи технологиялардың жетуі бізді де ерекше қуантады. Ет өңдеу кешеніне заманауи құрал-жабдық алуға «ҚазАгроҚаржы» АҚ-ы тарапынан шамамен 1,5 млрд. теңгедей қаржы бөлінді. Қалғанын жеке инвестордың өзі шығарды. Жобаның жалпы құны – 2,8 млрд. теңге. Комбинат өз өнімінің түгелге жуығын экспортқа шығаруды көздейді. Оған мүмкіндік мол. Бізде үлкен мал жайылымдары болғандықтан, малдың да өзіндік құны арзан.


Көлік таңдау: жаңа VS ұсталған

Күні: , 1 028 рет оқылды

buy_new_auto_01


Қазақтың жеті қазынасының бірі – жүйрік жылқы. Жылқымен бар тіршілігі біте қайнасқан қазақты бұл жануарға қарыздар десек, артық айтқандық емес. Бүгінгі ер жігітке қазіргі заманның тұлпары – автокөлік те тап сондай маңызды. Бәрі «күйі» келіскен, жүрісі жайлы «арғымақ» мінгісі келеді. Ал оны қалай таңдау керек?


Валютадағы тұрақсыздық салдарынан соңғы кезде көлік бағасы біраз ауытқыды. Шетелдік жаңа көліктер сол баяғы доллармен бағаланатын болғандықтан, қымбаттау байқалады. Көлік іздеген кез келген адам ең алдымен қаржы жағын ойлайды. Ал біз барлық қырын екшеп, ең тиімді жағын қарастырып көрейік.

Жаңа көлік

Артықшылығы

Жаңа көлік сенімдірек. Ескі көлік көбірек сынады, кейбіріне бөлшек табу қиындау. Жаңа көліктің «өмірбаянына» — жол-көлік оқиғасына қатысына, заңдық және несиелік оқиғаларына бас қатырып жатпайсыз. Жаңа көлікке ресми дилерлер тарапынан кепілдік болады. Егер күтіп ұстасаңыз, сатуға да сенімді мүлкіңіз.

Кемшілігі

Көлік сатып алып, салоннан айдап шыққан бойда 10-30 пайыз құнын жояды. Мысалы, салонда тұрған 2015 жылғы Hyundai Accent көлігі 2,9 млн. теңге (біраз автосалондарды салыстырмалы алғанда). Тап осындай биылғы сатып алынған көлік нарықта ең арзан дегенде 2,2 млн. теңге сұрап тұрғанын кездестіруге болады. Яғни ең аз жүрілген, зауыттан шыққанына бір жыл болмаған көліктің өзі 700 мың теңгеге дейін  өз құнын жойды. Бұл мысал әлемдік брендтер емес, бюджеттік көлік жайлы болып отыр…

Су жаңа көлікке дилердің берген кепілдігі еш артықшылық бермейді. Себебі көлік иелерінің бәрі біздегі дилерлердің қызмет көрсету сапасын жақсы біледі. Біздің елде жап-жаңа көліктің кепілдігі біткенше дилер көрсететін қызметтер ақылы. Олар техника бұзыла қалған жағдайда тегін жөндеуден барынша бас тарту жағын қарастырады. Яғни ақауын сапасынан көрмейді, көлік иесін кінәлауға себеп іздейді. Жөндеу, қызмет көрсету жөнінде дауласып, бұл бас ауруына айналмау үшін көбі кепілдіктен бас тартады. Дилерлердің 3 жылға берілетін кепілдігінен жаңа көлік иелерінің тең жартысы бас тартатыны анықталды.

Motor.kz порталының мәліметінше, тамыз айында автонарық 23 пайызға құлаған. Ресми дилерлерде шілде айында 8691 дана көлік сатылса, тамызда 6755 авто өткен. Олар жыл басынан 68 582 көлікті сатса, бұл көрсеткіш былтырғы жылдың осы кезеңінен 36 пайызға төмен (107 167 дана). Тамызда 10-15 мың АҚШ доллары шамасындағы көліктер сұранысқа ие болған.

Жаңа көлік алғанда, кейбір дилерлер тіпті көлікте болуға тиіс қосымша дөңгелекті де саудалап жатады. Басым көпшілігінде жаңа көліктер керек емес, артық опциялардың кесірінен едәуір қымбаттатылады. Мәселен, көзілдірік салатын орын, есік тұтқасының шанақ түсімен боялуы, рөлдің былғарымен қапталуы сияқтылар. Ал ең керекті аяқ астына төсемдер, дабыл жүйесі, қысқы доңғалақ дегендерді дилер көліктің құнынан бөлек қаржыға ұсынады.

photo_145431

Мінілген көлік нарығы

Артықшылығы

Біріншіден, қайталама нарық тауар бағасының төмендігімен және саудаласу мүмкіндігі барымен халыққа тиімді. Салоннан жаңа көлік алған қаржыңызға «мәртебесі» жоғарылау қымбат авто алу мүмкіндігі бар. Мәселен, жоғарыда айтылған су жаңа Hyundai Accent көлігің құнына бес-алты «жастағы» Mercedes-Benz алуға болады.

Екіншіден, аяқ асты төсемдері, дабыл (сигнализация), қысқы доңғалақ, стерио жүйе, әйнектерді күңгірттеу сияқты дилер сіздің қалтаңызды қағатын мәселелерге бас қатырмайсыз. Қолданылған көлікте бұлар болады.

Үшіншіден, үнемдеуге мүмкіндік. Ұсталған көлік деген «ескі» дегенді білдірмейді. Мәселен, салонда 2,3 млн. теңгеден басталатын Volkswagen Polo-ның нарықтан 2014 жылғысын 1,9 млн. теңгеден таба аласыз. Яғни  бірнеше ай ғана қолданылған көліктен жарты миллион теңгедей қаржыңызды үнемдей аласыз. Ал қымбат көлік болса, үнемдейтін қаржыңыз тіптен жер мен көктей. Мысалы, Mercedes-Benz E 200 көлігі дилерлерде 12 млн. теңге болса, тап сол көліктің бір жыл пайдаланылғанын нарықтан 10 млн. теңгеден таба аласыз.

Екінші нарықтан көлік таңдаудың тағы бір артықшылығы – өзіңізге ұнаған автоңыздың шыққан жылына байланысты таңдай аласыз. Себебі автоөндірушілер «қателіктерімен» жұмыс жасайды, яғни көлік эволюциядан өтеді. Мәселен, BMW-ның 7-інші сериясының (F01/F02) 2008, 2011 және 2015 жылғы шыққандарын өзара жүріс бөлігі, рөлдік басқару жағынан салыстырсақ – мүлдем басқа көліктер. Бәсекеге сай авто-өндірушілер қозғалтқышы мен трансмиссияны, сыртқы рестайлингін жыл сайын өзгертіп келеді. Олардың кейбір тәжірибесі сәтті, ал кейбір жылғы шыққан көліктері сапасыз болып жатады.

Бүгінгі нарықта не жоқ десеңізші? Тіпті ұсталған көлікті таңдауға маманданған делдалдар бар. Олардың сарапшы компаниялары көлікті кез келген талап бойынша таңдап, заңдық, қылмыстық сараптамадан, техникалық диагностикадан өткізіп, қайта рәсімдеп береді. Қызмет ақысын көліктің бағасына қарай алады.

Кемшілігі

Әр ұсталған көліктің жаңа иесіне әзірлеген «тосын сыйы» болады. Егер пайдаланылған көлік алсаңыз, қосымша шығындарға – жөндеу жұмыстарына әзір болғаныңыз жөн. Көлік неғұрлым ескі болған сайын соғұрлым «қауіп» баршылық. Нәтижесінде – қаржы мен уақытыңыз шығындалады. Диагностика көрсеткен техникалық ақаулардан өзгесі де шығуы ықтимал. Кейде арзан көлікті мінсіз күйге келтіру үшін өзінің құнына тең қаржы жұмсап жататын жағдайлар да кездеседі. Көптеген автоәуесқойлар осы себептерден қайталама нарыққа жолағысы келмейді. Сондай-ақ қайта рәсімдеу мен техникалық диагностикадан, заңдық, қылмыстық сараптамадан өткізусіз қайталама нарықтан айналып өте алмайсыз. Бұрын қолда болған көлік таңдасаңыз, сізді осындай істер күтіп тұрады.

Қорытынды

Қалай айтқанда да, темірдің аты темір, тозады. Көліктің жасы «ұлғайған» сайын сәйкесінше мәселелері де көбейе береді. Әрине, су жаңаны шертіп жүріп таңдауға шамаңыз келсе, ескіге жолап не жөніңіз бар? Сондай-ақ жаңаның да жаңасы бар. Кейбір көліктер бес-ақ жылда 20 жыл жүргендей тозып кетуі ғажап емес. Оған біздің шұрық-тесік жолдар, автосервистердің сапасыз қызметін қосыңыз… Жоғарыда аталған барлық себеп-салдарларды екшей келе таңдау жасап, өз жаныңыз қалаған темір тұлпарыңызды тізгіндеуіңізге тілекшіміз.

Нұрлыбек РАХМАНОВ,

«Орал өңірі»


Машина жасаушылар әріптестікке ұмтылады

Күні: , 997 рет оқылды

4a679a568e


Машина жасау саласы – елімізді индустриалдық-инновациялық дамытудың 2015-2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасындағы басым бағыттардың бірі. Сонымен қатар бұл сала облыс экономикасында шикізаттық емес сала ретінде ерекше орын алатыны белгілі.


Облыстық кәсіпкерлік және индустриалдық-инновациялық даму басқармасының мәліметіне сүйенсек, биылғы 9 айдың қо-рытындысы бойынша машина жасау саласы кәсіпорындары 12,4 млрд. теңгенің өнімін өндірген және ол 2014 жылдың сәйкес кезеңіндегі көрсеткішпен салыстырғанда 7,1 пайызға төмен. «Машина жасау саласында қызмет ететін кәсіпорындар негізінен мемлекеттік тапсырыстарға тәуелді. Қазіргідей дүние жүзіндегі қалыптасқан қиындықтар «салқынынан» мемлекеттік тапсырыс арқылы жүзеге асырылатын жобаларға бюджеттен бөлінетін қаржы жыл басында екінші тоқсанға шегерілді. Осыған байланысты тендерлік процедуралар екінші тоқсанның соңына қарай жүргізіліп, соның салдарынан саладағы өндіріс көлемі төмендеп отыр. Жалпы, машина жасау саласының өңдеу өнеркәсібіндегі үлесі 19,2 пайызды құрайды», — деп түсіндірді өнім өндіру көлемінің төмендеуін аталмыш басқарма басшысы Миржан Сатқанов.

Бүгінде сала кәсіпорындарына мемлекет тарапынан барынша қолдау көрсетілуде. Аталған салада қызмет ететін облыстың бірқатар өндіріс орындары 2015 жылға арналған кәсіпорындарды қолдау бойынша іс-шаралар жоспарына енгізілген. Осындай қам-қарекеттің нәтижесінде бірнеше зауыт мемлекеттік тапсырыспен қамтылған. Мысалы, «Оралагрореммаш» АҚ зауыты ҚР Қорғаныс министрлігінің тапсырысына байланысты арнайы техниканы өндіруде. «Зенит» Орал зауыты» АҚ да осы министрліктің қажеттілігі үшін «Барыс» кемесін жасауда. Жергілікті кәсіпорын біткен мемлекеттік тапсырыстарды тосып, «ай қарап» отырудан аман. Олар өндіріс орындарын техникалық жаңғыртудан өткізіп, әріптестік көкжиегін кеңейтуге ұмтылуда. «Оралагрореммаш» АҚ негізінде «EVOPRO» венгриялық компаниясымен бірлесіп жолаушылар автобусының негізгі моделін игеру жұмыстары қолға алынды. Бүгінгі күнде жобаны бірлесіп жүзеге асыру бойынша келіссөздер жүргізіліп, нәтижесінде аталған компаниямен серіктестік туралы меморандумға қол қойылды. «EVOPRO» компаниясы биылғы жылдың аяғына дейін автобустың үлгілік данасын жеткізуді жоспарлаған.

«ҚазАрмаПром» ЖШС өндірісті жаңғырту жобасы аясында кәсіпорын қуаттылығын айына 3000 тоннаға дейін жеткізуге, 350 мм-ге дейінгі шойын құймалары арматурасынан жаңа өнім өндірісін игеруге қызмет ететін құю цехын қайта жаңғыртты. Сонымен қатар арнайы болаттан жасалған және ерекше қасиеттерімен балқыту бұйымдарын өндіретін индукционалды балқыту пештерін орнату арқылы заманауи электр балқыту учаскесін ашты.

Экономикалық қиындықтар сезіледі

Күллі әлемді шарпыған экономикалық қиындықтар оралдық зауыт-фабрикаларды да сырт айналып өтпеді. Соның бірі – «ҚазМұнайГаз жабдықтар» ЖШС-ның басындағы жағдай. Кәсіпорынның өндірістік базасында «CHIRON-WERKE» неміс компания-сының жабдықтары орнатылып, 2011 жылы «Интергаз Орталық Азия» АҚ-ның қажеттілігі үшін компрессорлық қалақтар өндірісі игерілді. Бастапқы 2011-2013 жылдары кәсіпорын 3525 дана компрессорлық қалақ өндірді. Алайда қазіргі уақытта «Интергаз Орталық Азия» АҚ-ның тарапынан тапсырыстардың түспеуіне байланысты кәсіпорын өндірілетін өнім номенклатурасын кеңейтпекші.

Кеңестік заманда атағы дүркіреген «Омега» прибор жасау зауыты» АҚ тапсырыстың жеткіліксіздігіне байланысты өндіріс кө-лемін 2014 жылдың сәйкесті кезеңімен салыстырғанда 33,6 пайызға төмендетті. Жыл басынан бері кәсіпорын 64,3 млн. теңгеге өнім өндірді. Бүгінде кәсіп-орындағы қалыптасқан жағдайды тұрақтандыру мақсатында компанияны тапсырыспен қамтамасыз етуге ықпал ету шарасы қа-былданып, биыл өнеркәсіпті қолдау бойынша республикалық іс шаралар жоспарына енгізілген. Акционерлік қоғам бүгінгі күнде «Қазақстан Инжиниринг» ҰК» АҚ құрамына кіреді. Ұлттық компания өз тарапынан кәсіпорынды сауықтыру бойынша соны жолдарды қарастыруда.

«Орал трансформатор зауыты» АҚ-ның өндірісінің 80 пайызы Ресей Федерациясына бағытталған болатын. Алайда зауытты іске қосу кезеңінде ресейлік рубль бағамының төмендеуі компанияның өнімдерін экспорттауға кедергі келтірген болатын. Дегенмен қазіргі рубльдің күрт көтерілуі компанияға «Еурико-МК» Ресей компаниясымен келісімге отырып, өнімін сыртқы нарыққа шығаруды батыл бастауға мүмкіндік берді.

— Отандық тауар өндірушілерді қолдау мақсатында қазақстандық қамтуды арттыру мәселелеріне басты назар аударылып отыр. Биыл жергілікті қамтуды дамыту бойынша 2 форум өткізілді. Қазақстандық қамтуды арттыру және өндірістік үрдістерді тұрақтандыру мақсатында облыс әкімдігі, ұлттық компаниялар, жер қойнауын пайдаланушылар және отандық тауар өндірушілер арасында 44,9 млрд. теңгеге 39 меморандумға қол қойылды, — деді облыстық кәсіпкерлік және индустриалдық-инновациялық даму басқармасының басшысы Миржан Сатқанов. Оның айтуынша, қол қойылған меморандумдар шеңберінде 26,7 млрд. теңгеге 223 келісімшарт жасалды. Соның ішінде «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ-ның тарапынан машина жасау саласы кәсіпорындары «ҚазНефтеГазПром» ЖШС-ға, «Батыс Қазақстан машина жасау компаниясы» АҚ-ға тапсырыстар беруге келісім жасалды.

Саладағы  түйткілдер неде?

Машина жасау және металды қайта өңдеу салаларындағы кәсіпорындар жабдықтарының тозу деңгейі шамамен 70 пайызды құрайды. Машина жасаушылардың «басын ауыртып, балтырын сыздататын» да басты түйткілді мәселе – осы. Дегенмен көптеген кәсіпорында қайта жаңғырту жұмыстары жүргізілді, оларды атап айтатын болсақ, «Батыс Қазақстан машина жасау компаниясы» АҚ-да, «ОралАгрореммаш» АҚ-да, «Орал механикалық зауыты» ЖШС-да, «ҚазАрмаПром» ЖШС-да. Сонымен бірге заманауи технологиялар негізінде жаңа өндіріс орындары ашылғанын айта кеткен жөн. Мұның өзі өңірдегі машина жасау саласы кәсіпорындарының дами түскенін көрсетеді. Ондай жаңа өндіріс ошақтарына «Орал трансформатор зауыты, Ақсай индустриалдық паркі кіреді. Дегенмен «Қазақстан Инжиниринг» ҰК» АҚ құрамына кіретін кәсіпорын-дар табысының негізгі үлесін, 76-90 пайызға дейін, аталған компания алып кететіндіктен, кәсіпорындарда қайта жаңғырту жүргізуге мүмкіндік болмай отыр. Осы түйінді түйткіл үлкенді-кішілі жиындарда, облыс тарапынан республикалық деңгейде көтерілгенімен, әлі күнге шешімін табар емес.

Машина жасау саласындағы түйткілдер кәсіпорындардағы жабдықтардың тозуымен ғана шектелмейді. Оған қоса тапсырыстардың жеткіліксіздігі, негізгі құрал, бөлшектердің сыртқы нарықтан тасымалдануы және техникалық мамандардың жеткіліксіздігі де орын алуда.

Ұлттық  кластерге қолдау  болады

Көңілге демеу болатыны, екінші бесжылдыққа арналған индустриалдық-инновациялық даму бағдарламасын жүзеге асыру шеңберінде Атырау, Маңғыстау, Батыс Қазақстан облыстарында мұнай-газ секторын дамыту, соның ішінде мұнай-газ бойынша машина жасау саласына бірегей ұлттық кластерге мемлекеттік қолдау көрсету жоспарлануда. Ұлттық кластерді жүзеге асыру шеңберінде халықаралық талаптарға сай сала бойынша мамандарды даярлау шаралары да ойластырылған. Қазіргі уақытта Энергетика министрлігі және «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы» АҚ-мен кластердің даму стратегиясын дайындау жұмыстары жүргізілуде.

Жергілікті кәсіпорындар Еуразиялық экономикалық одақ жағдайында өз өнімдерін сыртқы нарыққа шығаруда. Орал механикалық зауыты иінді білектерін бұрыннан-ақ экспорттап келген. Ал «ҚазАрмаПром» ЖШС ұнтақтағыш шарларды, «ҚазТрубПром» ЖШС сорғы компрессорлы құбырларды, «БҚМЖК» мұнайды жылыту пештеріне қосалқы бөлшектерді Ресей нарығына тасымалдауда. Мамандар Еуразиялық экономикалық одақтың кәсіпкерлерге өз өнімдерін кедергісіз сыртқы нарыққа шығаруға мүмкіндік бергенін айтады және оның көкжиегінің кең болатынына сенімді.

Гүлбаршын ӘЖІГЕРЕЕВА,

«Орал өңірі»


Ұлы дала елінің тарихы тұңғиық

Күні: , 216 рет оқылды

1432574962_1855


Иә, біздің – Ұлы Дала елінің тарихы тереңде. Оны Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған биылғы кең ауқымды, келісті істердің арқасында бүкіл әлем тануда, жас ұрпақ жан-жақты білуде.


Елге танымал тарихшы-ғалымдардың, өлкетанушылардың қатысуымен Чапаев ауылында өткен «Өз өлкеңді өзгеден бұрын таны» атты ғылыми-танымдық конференцияда бұл туралы кеңінен баяндалды. Аудан тұрғындары, еңбек ұжымдары, жастар, мектеп оқушылары, мекеме, ауылдық округтер басшылары мен қоғамдық ұйымдар жетекшілері қатысқан айтулы шараны Ақжайық ауданының әкімі Әділ Жоламанов ашып, сөз сөйледі. Ол Қазақ хандығының мерейтойына орай аудандағы ілгері істерді, жастардың патриоттық сезімін, еңбекқорлығын ұштайтын шараларды әңгімеледі.

«Өз өлкеңді өзгеден бұрын таны» атты тарихи-танымдық экспедиция бірнеше жылдан бері нәтижелі жұмыс жасап, ауыл-ел-дің шежіресін толықтыруда, бұл қозғалысқа мектеп оқушылары да атсалысуда.

Аудан басшысы аудан аумағындағы киелі ескерткіштерді зерттеу, ежелгі әйгілі тұлғалардың елге сіңірген еңбегін әйгілеу жөнінде облысымыздағы тарихшылардың, өлкета-нушылардың, журналистердің жұмысына зор ризашылығын арнады. Әділ Тауфихұлы Базаршолан ауылының батыс бетіндегі Мәулімберді қорымының көп жердегі осындай қауымға ұқсамайтын ерекшеліктері, кезінде әулие, үлкен ғалым болған Мәулімберді шейхке қатысты тың деректердің табылуынан мысал келтіре отырып, соның бәрі өткенімізге үңілуге серпіліс беретінін айтты.

Керей мен Жәнібек бастаған Қазақ хандығы, әрине, бір күнде пайда бола қалған жоқ. Оның бастауы – дәуірлер қойнауларында. Яғни мемлекеттілігіміздің тарихы ондаған жүз жыл бұрынғы көшпелі сақ қоғамынан шеру тартады. Конференция мінберіне алғашқы болып көтерілген БҚО тарих және археология орталығының директоры, тарих ғы-лымдарының докторы, профессор Мұрат Сыдықов өз сөзін осыдан бастап, Қазақ хандығы қалыптасу үдерісінің аумақтық және ай-мақтық аспектілері жайында  әңгімеледі. Содан бермен қай қоғамда да жазу болған, мөр қолданылған. Мәселен, дәуірдің ең жоғары көрсеткіштерінің бірі – көне түрік жазуы кең қолданылды. Өркениетке беталыстың мысалдары жетіп жатыр. Талай ұлыс, қағанат орната отырып, тегі бір негізінен Қазақ елі өркендей берді.

Саясат сахнасынан мәңгі жоғалып кетпеуге ұмтылыс бөрілі байрақ болып көтерілді. «Заманалар жүзінде бізді құртып жіберуге тырысқандардан кейін із де қалған жоқ, бұлар тарихтан жоғалып та кетті. Неге? Өйткені олар тамырынан ажыраған-ды» деді Мұрат Наурызғалиұлы. Ол небір күштілерге тойтарыс берген, осыншама жерді кейінгілерге сақтап қалған жұртымыздың этностық ерекшелігінің бірі – жүздердің қалыптасуынан (ХVI ғ. басында) да сыр шертті. Жүздер дегеніміз, сайып келгенде, әлдебір бөлшектенуі емес, тұрмыстық, әлеуметтік, әскери деңгейде мығым тәртіп ұстап, сыртқы күштер шабуылдай қалған жағдайда қашанда жұмылуға әзір тұруды, бір-біріне  көмекке жетуді қамтамасыз етті.

М. Сыдықов сондай-ақ орта ғасырларда-ақ біздің Батыс Қазақстанда қала мәдениетінің қалыптасқанына археологтар соңғы кезеңде тапқан Жайық, Жалпақтал, Сарыөзен қалашықтары дәлел болатынын, Оралдың шежіресі сонау ХІІІ ғасырдан басталатынын, 2012 жылы Теректі ауданы аумағынан табылған, ғылыми  айналымға «Алтын ханшайым» деген атпен енген ақсүйек әйел мүрдесі,  өңіріміздегі сан жүздеген тарих және мәдениет ескерткіштері ықылым  заманнан тамыр тартатын Ұлы Дала екенімізде әйгілейтінін әңгімеледі.

М. Өтемісов атындағы БҚМУ-дың аға оқытушысы, тарих ғылымдарының кандидаты Жаңабек Жақсығали атақты Мұхаммед Хайдар Дулати қалдырған бай деректер негізінде Қазақ хандығының 1465 жылғы Қозыбасы тауының етегіндегі тарихи оқиғадан басталған көшінің мемлекетшілік сана қалыптасуындағы рөлі жайында сөз саптады. Бұл сана бізді ұлт ретінде сақтап, қорғап, сөйтіп, Кеңес Одағы кезіндегі «бұларда мемлекет болмаған» деген сыңаржақ, көреалмастық теріс ниетпен айтылған өтірікке қарсы соққы жасадық. Қазақ мемлекеттігі үшін күрес 15 ғасырдан кейін де жүріп жатты. Алаш қозғалысының өзі де неге тұрады.

Аталған оқу орнының Қазақстан тарихы кафедрасының меңгерушісі, тарих ғылымдарының кандидаты Жәнібек Исмурзиннің мұрағаттар, оның ішінде Ресей мұрағаттары деректері негізінде Үкі би (зираты ауданымыздың Базартөбе ауылының аумағында) және оның заманы туралы баяндамасы да өте қызықты болды. Отандық тарихтағы орны зор оның халық үшін қызметі Сырым батыр кезінен басталған, отаршылдыққа қарсы үні өктем шыққан. Сырым екеуі Орынбордан қазақ даласына шабуылды, атажұртымызды бөлшектеуді көз-деген тәртіпсіздікті тыюды сұрап отырған. 1806 жылдан Үкі би Төлепұлының хан кеңестеріне мүшелікке сайлануы да көп нәрсеге меңзейді, ол Жәңгірді хандыққа бекітуге өз мөрін басқан. Бидің қызметі хақында әлі де зерттеулер жүргізіледі. Мұндай дала даналары халқымыздың зор бір мерейі, ұрпаққа елжандылық, патриоттық тәрбиенің қуатты қайнары екені сөзсіз.

Біздің облысымызда эпиграфикалық ескерткіштерді зерттеу мәселесінде елеулі қозғалыс бар. Мұнда тарихшылардың, төрағасы Жантас Сафуллин болып табылатын «Мирас» қоғамдық кеңесінің, «Жайық Пресс» медиахолдингінің, «DANA.каz» тарихи-танымдық журналының бастамалары, ықпалы зор. Көне қорымдарды тіркеуге алып, құлпытастар сырына дендеу жө-ніндегі көлемді жұмыстары үшін конференцияда олардың атына әлденеше рет жылы лебіз арналды. Ал белгілі журналист, аталған журналдың бас редакторы Қазбек Құттымұратұлы арнайы экспедициялардың Ақжайық пен басқа да аудандар, көрші-лес аймақтарға сапарларының қорытындыларын айта келіп, ежелгі қорымдар мен құлпытастарды қорғап, сақтау мәселелеріне тоқталды. Бұл іске ел болып жұмылу керек-ақ. Айталық, ауданымыз аумағындағы Науша батыр жерленген Тайлан немесе басқа да қорымдар, Бабатай зираты, Жетпіс балуан Бақтыбайұлы құлпытасы, Махамбет батырдың туыстары жерленген, Сатай батыр жатқан жер, Жыландыдағы биіктігі ерекше құлпытастар, соның бәріне жанашырлық көзқарас аса қажет. Бұлар тарихымыздың тұңғиығынан молынан дерек, білім береді. Өкінішке қарай, мысалы, Сүгір жыраудың басында еш белгінің болмауы, күмбезді молалардың қоршалмауы баршамызды бей-жай қалдырмай, тиісті қам-қарекет  жасауды талап етеді.

Конференция мінберінен басқалар да ойлы пайым-түйіндерін жеткізді. Бірліктің, дипломатиялық қатынастың, ұрпақ амандығының, жерді сақтаудың, шартарапқа оның иесі кім екенін танытудың, асыл дінін қасиеттеудің кілтін таба білген ата-бабаларымыздың өмірін тереңірек оқып-үйрене отырып, өңіріміздің туризмді дамыту мүмкіндігін неге ойластырмасқа? БҚО дін істері басқармасының бөлім басшысы, тарих ғылымдарының кандидаты Саялбек  Ғиззатов осы орайдағы пікірлерін тұжырымдады. Батыс Қазақ-стан инновациялық-технологиялық университетінің доценті, тарих ғылымдарының кандидаты Бақтылы Боранбаева «Қазақ хандығы және қазақтың батыр қыздарының қоғамдық тарихи рөлі» атты  баяндамасында ата-бабаның тәрбиесі, өнегесі арқылы ерлікпен, еңбекпен әлемді  тамсандырған, ат үстіндегі аруларымыз, абзал аналарымыз, оның ішінде Ұлы Отан соғысы кезінде жатқа намысты бермеген батысқазақстандық қыз-келіншектер туралы керемет дерек, оқиғаларды алға тартты. Соның 300-і Қиыр Шығыста болса, Қаным Алмағамбетова, Үмітай Есқалиева сынды біздің аудан түлектері жорық жолын Солтүстік Кореяда тәмамдаған. Оларға қатысты ғылыми-зерттеу, жастарға ағарту жұмыстары әлі де жалғасатын болады. «Тарихымыз қаншалықты бай болса, соншалықты қыр-сыры, жұмбағы да мол», — деген Бақтылы Сансызбайқызы біз батыр  жұрттың ұрпағы екенімізге әманда  ұтқыр ұмтылыспен, ерен еңбекпен лайықтылық танытуды еске салды. Осы сөзді сабақтаған белгілі өлкетанушы, еңбек ардагері Әленғали Кереев өңіріміздегі әлі 40-тай қорым зерттеу күтіп жатқанын, көзі қарақты азаматтардан, мұғалімдерден қозғалыс қажеттігін қаперге салды.

Ақын Сағынтай Бисенғалиев тәуелсіздік үшін көп ғасыр күресте жыраулардың орны мен өжеттілігін баяндай келіп, Еділ – Жайық арасының, Ноғайлы жырауларының басында тұрған Қазтуған, ауыз әдебиетінің әйгілі өкілдерінің бірі Жиембет сынды алыптардың өміріне тереңірек үңілуді тарихшылардың еншісі екенін тілге тиек етті. Ол Қазақ хандығының мерейтойына арналып Бөкей ордасында ұйымдас-тырылған іс-шаралардың тарихымызды төрге оздырудағы маңызымен қатар, өзі көріп-байқаған «әттеген-ай» тұстарын атап өтті. «Бұл, — деді Сағынтай Орынға-лиұлы, — жылатып айтар достың сөзі деп білгейсіздер. Кейбір баяндама ешбір әсер берген жоқ. Ал ақындар айтысында баяғыдан белгілі тұлғалар ғана сөз болды. Егер, оралдық ақындар Махамбеттің моласын тауып берген Құрақ Бектұрғанов атамыз, батырдың 8 күйін тірілткен Қанаш Имамбаев туралы деректі алға тартса, соңғы жылдары зерттеліп, белгілі болған ерлеріміздің ерлігін жырласа, той меймандары талай сырға қанығар еді-ау».

Конференция барысында «Тарихымыз – тұңғиық», «Мықты рух – мемлекет тарихында» т.б. тақырыптардағы аудандық мемле-кеттік мұрағат, мектептер мұрағаттары, экология және туризм орталығының, сондай-ақ балалар шығармашылық орталығының көрмелерінен әсертолғамдар да айтылды. Соның ішінде мәселен, Атамекен ауылындағы (Алмалы ауылдық округі) негізгі мектеп жанындағы «Жерұйық» мұражайының жұмысы, оның бастамашысы, қосымша білім беру педагогы Жәнібек Әбілпейісовтің ізденістері қошеметтелді. Сүйегі асыл әу-лиелер: Жезбұға, үш Дәулетияр, Арыстан, Жантуған немесе Ошұрты би, Шомбыр батыр, басқа да ерек қасиетті жандар туралы деректер жинап, көне жәдігерлерді әспеттеген «Жерұйықтан» өзге оқу орындарындағы әлі де өз істерін мандытпай отырған кейбір мұражайлар үлгі алу қажеттігін аудан әкімі Әділ Жоламанов баса айтты.

Конференцияда Ж. Әбілпейісовтің шәкірттері, 7-сынып оқушылары Елнұр Ибатолла мен Нұрсәуле Әбілпейісованы да жи-налғандар ықыласпен тыңдады. Мысалы, негізгі мектеп оқушыларының барып-келуі мың километрден асатын Бөкей ордасы-на саяхаты, өңірлердің өткенінен ұқсастықтарды даралауы, жәдігер дүниелердің сырын терең сипаттауы олардың білімге, ізденіске құштарлығын шүбәсіз дәлел-деді.

Конференцияға қатысушылар алдында «Саз» этнографиялық ансамблі өнер көрсетті. Айнабек Бисенғалиев (Ақжайық) пен Орынбек Меңдіқұлов (Жаңақала) айтысқа түсті.

Болат ЕСҚАЛИЕВ,

Ақжайық ауданы


Ақ Жайықта асқақтаған ән

Күні: , 823 рет оқылды

IMG_5495


Жуырда Ғарифолла Құрманғалиев атындағы облыстық филармонияда Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген әртісі, әнші-термеші Сәуле Таудаеваның Қазақ хандығының 550 жылдығына арнаған «Бабалар аманаты» атты шығармашылық кеші өтті.


Шырқаған әні, төгілткен термесі Ақ Жайықтың кәусарындай тұнық, толқынындай ерке әуезбен тыңдарманын еріксіз елітіп әкететін Сәуле Таудаеваның есімі – елімізге кеңінен танымал. Әсем дауыс иесі сахна төріне көтерілген соң, алдымен, өнер кенішінен Батыс өңірінің ән-маржандарын көпшілікке ұсынды. Мұхиттың «Айнамкөзі», Ғарифолла Құрманғалиевтің «Сәлемі», Сары Батақұлының «Сарының әні», Қызылдың «Мешін тауық» туындылары жезтаңдай әншінің орындауында көрерменнің көңіл төріне жол тартты.

Сәуле Жаманқызы отыз жылдан асқан еңбек жолында маңдай терін төгіп, талай шәкіртті тәрбиелеп, қанаттандырып ұшырды. Мерейлі кеште Әсел Есбекова, Жұлдыз Орынбекова, Зинат Қасымова, Аманғали Сатпанов сықылды оның ізін басқан дарын иелері небір інжу-маржан әндерді тамылжытып, көптің құлақ құрышын қандырды.

Кең байтақ сахараның әр өңіріне тән маңғаз мақам, ерекше иірімдер болатыны белгілі. Соның қатарында Арқа, Жетісу әндерін шырқауға әркімнің шама-шарқы жете бермейді. Ал кең тынысты ән толқынына емін-еркін бой ұратын Сәуле Таудаева Әсет Найманбайұлының «Қысметін» нақышына келтіріп орындады. Одан әрмен бұлбұл көмей «Исаның желдірмесінің» иін қандырды, Әбілахат Еспаевтың «Туған ел» әнін тамылжытты.

Кейін сахнаға Ғарифолла Құрманғалиев атындағы облыстық филармонияның әртісі, ҚР мәдениет қайраткері Сағадат Рахметжанов көтерілді. Дауылпаз дарын Қиссаның әнін құйқылжытқан соң, Есенқұл Жақыпбековтің «Біздің елдің жігіттері» термесін шырқады.

ҚР еңбек сіңірген әртісі Сәуле Таудаева жыраулық дәстүрдің дәнегін жандандырып жүргені мәлім. Бұл жолы Наурызбек, Тұрмағамбет жыраулардың, Сүйінбай Аронұлы, Әбубәкір Кердерінің термелеріне кезек берді. Теңіздей терең, жақұттай көркем, өмірдің өзегінен алынған,  мәйегі мәнге толы көшпенділер философиясы санаға тез сіңіп, ұғынған жанның көкірегіне қатықтай ұйып түсе қалғаны анық.

Концертте «Орал сазы» фольклорлық-этнографиялық ансамблінің дем беруімен жас дарын, әуен авторы Данияр Рахметжанов Мұнайдар Балмолданың Қазақ хандығының 550 жылдығына арнаған толғауын орындап, тыңдармандарын дүбірлетіп тастады. Ансамбль әрі қарай «Айнабектің термесін», халық әні «Секіртпені» сызылтқан Сәуле Таудаеваның сандуғаш үнін ажарлады.

Кеш соңында жерлестері атынан Ақжайық ауданы әкімінің орынбасары Меңзипа Жұматова көрерменге ғажайып әсер сыйлаған өнерпазға ризашылық білдірсе, белгілі ақын Сағынтай Бисенғалиев ақ пейілін арнау жырмен өріп берді.

Нұртай ТЕКЕБАЕВ


Бағдарламаның іске асырылуына оң баға

Күні: , 798 рет оқылды

сессия фото


Кеше облыстық мәслихаттың үлкен залында облыстық мәслихаттың кезекті 28-сессиясы өтті. Оның жұмысына облыс әкімінің бірінші орынбасары Арман Өтеғұлов қатысты.


Сессия жұмысында 8 мәселе қаралып, талқыланды. «Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау саласын дамытудың 2011-2015 жылдарға арналған «Саламатты Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасының облыс бойынша іске асырылуы» жайындағы мәселе бойынша  облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Қамидолла Ирменов хабарлама жасады. Оның айтуынша, бағдарламаны іске асыруға 12,7 млрд. теңге қаржы бөлінген. Облыста соңғы бес  жыл ішінде 24 денсаулық сақтау нысаны салынып, пайдалануға берілген. Сол нысандардың 17-сі ауылдық жерде салынған. Аталмыш бағдарламаны жүзеге асыру кезеңінде облыс тұрғындары санының 631,3 мыңға жетуі, жалпы өлімнің 11 пайызға төмендеуі, туу көрсеткішінің 5,8 пайызға өсуі, ана өлімінің 38,2 пайызға, нәресте өлімінің 34 пайызға келуі байқалды. Профилактикалық тексерулер шеңберінде жыл сайын 20 мыңға жуық әйел және 160 мыңнан астам бала тексеріледі.

2015 жылдан бастап балаларға пневмокок инфекциясына қарсы екпелер жасау басталды. Жаңадан туылғандар хирургиясының қыз-меті белсенді даму үстінде. Ұлттық бағдарлама шеңберінде  қан айналым жүйесі ауруларын ерте анықтау үшін жыл сайын 65 мыңнан астам адам тексеріледі. Жүрек-қан тамырлары ауруларын емдеуде озық технологиялар енгізіліп, бірегей операциялар жасалуда. Облысымызда инсульт орталығы ашылды.

Онкологиялық көмекті жақсарту бағытында облыстың медұйымдарында қосымша 23 онкокабинет, 16 маммологиялық және бір проктологиялық кабинеттер ашылды.

1329 онкологиялық науқас тұрғылықты жері бойынша химиялық препараттардың көмегімен амбулаторлық емдеумен қамтамасыз етілген. Өңірімізде қатерлі ісік ауруларынан өлімнің 30,4 пайызға азайғандығы байқалып отыр. Өткен жылы туберкулезбен ауыратын 2814 науқас жалпы шамасы 77 млн. теңгенің көмегімен қамтылды. Елбасы тапсырмасы бойынша облыста көліктік және дистанциялық медицина жүйесі енгізілді. 3 жылжымалы мобильдік кешен, жылжымалы флюро және стоматологиялық қондырғылар жұмыс жасайды. Олардың көмегімен жыл сайын облыстың 200 елді мекеніндегі 35 мыңнан астам тұрғын білікті медкөмек алуда. Дәріханалық ұйымдар желісі ұлғаюда, дәріхана саны  427-ге жетті. Бүгінде 94 мыңнан астам азаматтың 400 атаудан астам дәрілік заттарды тегін алу мүмкіндіктері бар. Бұған жыл сайын жергілікті бюджеттен 1,5 млрд. теңге, республикалық бюджеттен 2 млрд. теңге бөлінеді.

Қ. Ирменовтың айтуынша, соңғы бес жыл ішінде өңірімізге 400 жас маман келсе, олардың 50 пайызы ауылдық жерлерге жолданған. Облыс дәрігерлері Литва, АҚШ, Ресей, Оңтүстік Корея, Ұлыбритания елдерінде тағылымдамадан өтуде.

2011 жылдан бастап 25 дәрігер, соның ішінде «Болашақ» бағдарламасы бойынша 21 дәрігер біліктілік курстарында оқыған.

— Жаңа жылдан бастап 2016-2019 жылдарға арналған денсаулық сақтауды дамытудың «Денсаулық» мемлекеттік бағдарламасы жүзеге асырылатын болды. Оның басым бағыттарының бірі — еліміздің барлық денсаулық сақтау жүйесінің құрылымын және ұйымдастыру қағидаттарын анықтаушы бастапқы буын ретінде медициналық-санитарлық алғашқы көмекті  одан әрі дамыту болмақ. Сонымен қатар медициналық білімді жетілдіру, практикалық базаларды нығайту, оқу жоспарларын өзгерту негізінде кадрлық әлеуетті дамыту көзделу-де, — деді Қамидолла Ирменов.

Халық қалаулылары күн тәртібіне сәйкес бірқатар облыстық комиссияның құрамдары, облыстық мәслихат жанындағы кәсіпкерлік мәселелері жөніндегі сараптамалық кеңес құру, облыстық, аудандық, қалалық мәслихаттардың бір топ депутаттарын облыстың Құрмет грамотасымен марапаттау мәселелерін қарап, мақұлдады. Депутаттар облыстық мәслихаттың 2013 жылғы 13 желтоқсандағы «Облыста жылу маусымына дайындық және оны өткізу қағидасын бекіту туралы» шешімінің күші жойылды деп тану туралы мәселені кейінгі сессияда қарауды жөн деп тапты.

Сессия жұмысын облыс әкімінің бірінші орынбасары Арман Өтеғұлов қорытындылап, күн тәртібінде қаралған мәселелердің маңыздылығын, «Саламатты Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасының облыс бойынша іске асырылуына депутаттардың оң пікір білдіргендерін және оның орынды екенін атап өтті. Сонымен қатар алдағы уақытта да өңірдің дамуы жолында түйткілді мәселелерді шешуде халық қалаулылармен бірлесе жұмыстанатындарына сенім білдірді.

Облыстық мәслихаттың келесі сессиясының төрағасы болып  депутат Серік Сүлеймен сайланды. Сессия күн тәртібіндегі қаралған мәселелер бойынша тиісті шешім қабылдады.

Гүлбаршын ӘЖІГЕРЕЕВА,

«Орал өңірі»


Мемлекеттік инспектордың Жалпақталға сапары

Күні: , 803 рет оқылды

DSC_0021


Қарашаның 4-і күні ауданымызға Қазақстан Республикасы Президенті әкімшілігінің мемлекеттік инспекторы Талғат Байзатов іссапармен келіп, өлкедегі атқарылып жатқан жұмыстармен, жалпы ауданның тыныс-тіршілігімен танысты.


Іссапарын Жалпақтал ауылынан бастаған мемлекеттік инспекторды аудан әкімі Нұрлан Бекқайыр, Жалпақтал ауылдық округінің әкімі Самиғолла Ақмурзин ауыл жағдайымен таныстырды. Ең алдымен, орталық саябақты аралап, мұндағы Ұлы Отан соғысына арналған ескерткіш тақтаны, футбол алаңын көрді. Астаналық қонақ аудан басшысының бастауымен Жалпақтал аграрлық және салалық технологиялар колледжінде болды. Колледж басшысы Мағауия Есмағұлов білім ошағы жайында ақпарат берді. Мұнан кейін Жалпақтал мәдениет үйінде болып, мәдениет үйінің директоры Жанат Қалиұлы М. Ғұмаров атындағы Жалпақтал халық театры, қуыршақ театрының жұмыс жасайтындығын баян етті. Сонымен қатар мемлекеттік инспектор орталық алаңды салған жігіттердің еңбегін көріп, өз ризашылығын білдірді.

Іссапар барысында меминспектордың қасында облыс әкімінің орынбасары Игорь Стексов бірге жүрді.

Тұрарбек ҚАЙЫРҒАЛИҰЛЫ,

Қазталов  ауданы


БҚО, Орал қаласы, Мұхит көшесі, 57/1
zhaik_presscenter@mail.ru
oral_oniri@inbox.ru
support@oraloniri.kz

Орал өңірі" газетінің бас редакторы: 51-25-80
Бас редактордың орынбасарлары: 24-17-08, 54-18-08
Жауапты хатшы: 54-38-22
Тілшілер: 50-66-88, 51-50-34
Жарнама бөлімі: 51-51-09
Яндекс.Метрика