Мұрағат: 05.11.2015


Су тапшылығы жұртты алаңдатуда

Күні: , 936 рет оқылды

IMG_4984


Жаңақалалықтардың биылғы қайғысы су болып отыр. Жалпы, Жаңақала ауданының аумағына көршілес Ресей жерінен бастау алатын үш өзен нәр береді. «Кісідегінің кілті аспанда», «Өзеннің бастауындағылар су ішеді, соңындағы у ішеді» деп қайран бабаларымыз  бастарынан  кешкесін  айтса  керек.


Кезінде, өзендер бірнеше жерден бөгелмеген кезде көктемде тасыған су аудан жеріндегі көлдерді толтырып тұратын. Көп көлі құрғағасын балығы қырылды, құсы, аңы ауып, жер асты суы да қашқасын жағалай жайлаған, мыңғыратып мал айдаған  елі су іздеп көшті. Құйқалы қоныс қазір бос жатыр. Бұл бұрыннан да көтерген мәселеміз, естір құлақ болса, жеткізе айтқан зарымыз еді.

Биыл мүлде су келмеді деуден аулақпыз. Дөңгелек су қоймасынан азды-көпті берген, сараңның сарқытындай аз су ауыз шаюдан ауыспағандай болды. Каналдың басындағылар су алды, соңына жетпеді. 2013 жылы мол келіп, былтыр толықтырған су жаз ортасынан ауа шіріген жіптей үзіліп, көлдер тартылып құрғай бастады. Көпжасар көлдерін айтпағанда, Бірқазан көлі құрғады, аудан орталығы тұрғындарына ырыс болған Қисыққамыс көлі тартылып, елдің ауласына  еккен бау-бақшасы пісе бастағанда су беру тоқтап қалды. Суы жаңармаған ауыз судың сапасы төмендеп, түсі бұзылып, иістеніп кетті. С. Меңдешев ауылдық округіндегі көлдер де құрғап, екі округ тұрғындары-ның  малы көбіктерге үймеледі. Есті мал үйір-үйір жылқы су іздеп босып кетті. Осы жерлерді қоныстанған шаруа қожалықтары да суы бар жерлерді сағалап, малын айдап тентіреп кетті. Халықтың жаз бойы демалатын жері – су түспеген Соркөл тартылып, саси бастады. Су іздеген мал сағасына топырлап, балшыққа батып өлуі орын алды. Бұл Дөңгелек арқылы су алатын аудан жерінің жағдайы. Қазір бар мал суы бар канал, көбіктерді жағалап жүр. Ертең  ол аз су бауырлап қатып, қар түспей қара суық болса, қырылмағанда қайтеді?!

Облыстағы «Қазсушар» мекемесінің басшылары су берілетінін айтады. Жайықта жоқ суды қайдан алады? Түсінбедік.

– Су облыс бойынша тапшы. Дөңгелек су қоймасындағы судың қалыпты деңгейі 10,5 метр болуы керек. Қазір — 8,62 метр. Соған қарамастан Қарақұдық каналына су түсіру үшін Тайпақ магистральды каналынан секундына бір текше метр су беруді бастадық. Мақсат – қысқы мезгілге сол беттегі елдің малына канал, көбіктерге су толтырып алу. Пятимар су қоймасындағы судың деңгейі – 3,82 метр. Қалыптысы 4,5 метр болуы керек. Бұл су аудан орталығына берілетін ауыз су деңгейін ұстап отырудан ауыспайды, – дейді «Қазсушардың» аудандағы өкілі  Ербол  Төлеуғалиев.

Ащы да болса, шындық осы. Суға қатысты мекеме басшылығы Борық, Қарақұдықты ғана сумен қамтуды көздеп отыр. Көпжасар, Жаңақала, С. Меңдешев ауылдық округтері үшін су мәселесі биыл шешілмейді. Демек, малдың шөлден қырылмауы түсетін қарға тәуелді.

Жаңақазан айдындарының жағдайы да мүшкіл еді. Сарыөзеннен Айдынға су түсіп жатқанын естіп қуандық. Ал Қараөзеннен келер су қарық қылмай отыр. Бұл өзеннің аяғындағы Мәстексай, Мұқыр, Сарыкөл ауылдары, сол өзен салаларын жағалай қонған шаруа қожалықтары су тапшылығын айқын сезінуде. Су түспесе, бұл маңдағылардың да қыстағы жағдайы жақсы болмайды.

– Қазір Қараөзен суы Жаңажол ауылдық округіне өтіп жатыр. Мақсат – Мәстексай, Мұқыр, Сарыкөл елді мекендеріне су жеткізу, — дейді су маманы Е. Төлеуғалиев. Өйткені Ресейден Қараөзенге су жіберілді деген бір ай ішінде жеткені осы. Енді бір ай беріледі екен. Бұл су Айдархандағы өзен деңгейі қалпына келген соң ғана Мәстексайға түседі. Сонан соң Мұқыр, сосын Сарыкөл.

Су баяу берілуде. Діттеген мөлшерде келе ме, жоқ па? Оған маманның өзі кепілдік ете алмайды.

Елді алаңдатқан су мәселесін көтеруден аудан әкімдігі де шет қалып жатқан жоқ. Облыс басшыларын су мәселесінің қиындығынан арнайы хат жолдап, құлағдар етті.

Өткен жұма, сенбі күндері аудан әкімі Л. Хайретдинов үш өзен бойын, су қоймаларын тегіс аралап, қазіргі жағдайды көзімен көріп, тиісті адамдарға аз суды ысырапсыз алуды тапсырды. Қолдан келер шаралар болса, су үшін қандай тәуекелге баруға да дайын. Бірақ  бұл мәселе аудан әкімі құзыретімен шешілмейтіні белгілі.

Қысқасы, су мәселесі жаңақалалықтар үшін бүгін өте алаңдаулы  мәселе  болып  отыр.

Өмірзақ  АҚБАСОВ,

Жаңақала  ауданы

Энгельс  ӘЛМҰХАНОВ,

Мұқыр  ауылының  ауылнайы:

– Су мәселесі Мәстексай округінде өте қиын. Өзендер тартылып қалды. Су тапшылық еткен мал өте арық, қысты көтермеуі кәдік. Су іздеп балшыққа батып, басқалай да мал өлімі орын алуда. Су түспесе, тайыз су қыста бауырлап қатып, малға да, жанға да қиындық тудырады. Қараөзенге түсіп жатқан су мөлшері өте аз. Көзіммен көріп  келдім,  ол  бізге  жетіп  үлгермейді.

Жанболат СЕМЕНОВ,

Жаңақала  аудандық  ауыл шаруашылығы  және жер  қатынастары  бөлімінің  басшысы:

– 2015 жылы 11 000 гектар көлтабындарға су шықты. Жалпы көлемі – 38 млн. текше метр. 2014 жылы 28692 гектар жерге су шығып еді. Су мәселесінің қазіргі жағдайы аудан үшін өте күрделі. Себебі көктем, жаз айлары, қазіргі кезге дейін Қоңырсай, Мұқыр өзендеріне су берілген жоқ, кеуіп қалды. Балғын, Көккөз, Теңдік елді мекендерінің жеке тұрғындарының малдарының ішетін суы жоқ. Осы өзендердің бойында орналасқан шаруа қожалықтары судың жоқтығынан малдарын басқа жаққа көшіріп немесе кейбіреулері суды тасып беріп отыр. Бұл жағдай шаруа  қожалықтарын  көлденең  шығынға  батыруда.

Қарақұдық каналының бойында орналасқан шаруа қожалығының көбіктері кеуіп қалды. Тайпақ каналы арқылы секундына 1-2 текше метр  су беруді «Қазсушар» мекемесі бастадық дейді. Бірақ бұл су аталған көбіктерге жету-жетпеуі екі талай. Себебі Тайпақ каналының деңгейі өте төмен.

Қамыс Самардың өзен-көлдеріне су келмегелі 3 жыл болды. Бұл өңірде  де жағдай  өте  күрделі.  Құдықтардың  суы тартылып, ашып кетті.  Қыста  адамдарға,  малдарға  ішетін  су  жоқ.


Қайырсыз білімнің зардабы немесе елді бүлдірген шейхсымақтар

Күні: , 1 739 рет оқылды

dzhihad (1)


Соңғы жылдары шетелге өз бетімен кеткен қазақ жастары әлем мойындаған жоғары діни оқу орындарынан емес, құжыралар мен жеке үйлерден теріс білім алып келіп, елді ала тайдай бүлдіруде. Олар Оралда шейх атанып, діни білімі мүлде жоқ уыздай жастардың санасын улап жүр.


Соның бірі – газетіміздің өткен сандарының бірінде өзіміз сұхбаттасқан Мирас Испаев. Тәкфірлік бағытты ұстанған Мирас 2005 жылы Мысырға барады, араб тілін оқытатын курста оқып, жеке үйлерде теріс білім алады. 2007 жылы Оралға қайтып келеді. Мысырда алған білімін жастарға береді. Сол жылы түпкілікті оқу мақсатында Мысырға тағы кетеді. Бірақ ол елдің визасын алып үлгермей, депортациямен елге қайтарылды. Ол Мысырда оқып келдім деп, араб тілінде сөйлеп, дәріс оқып, соңынан бірнеше жүздеген жастарды ілестірді. Нәтижесінде басқа зиянды жағын айтпағанда, өзін жарық дүниеге әкеліп, ақ сүт берген анасын «кәпір» деп қолынан тамақ ішуден үзілді-кесілді бас тартқан қазақ жастары жүздеп пайда болды. Жүздеген ананың дәрменсіздіктен көз жасы құмға құйылды. Бүгінде темір тордың арғы жағында отырған Мирас дәстүрлі исламға оралды. Ағынан жарылып, қателескенін мойындады. Мирастың бұл игі қадамы оның артына ерген жамағатына ой салар деген үміт зор. Ал жақында Оралда көпке созылған «Қайрат шейхтың» қылмысты ісіне нүкте қойылды. Жастарды жиһадқа үгіттеп, талай діни сауатсыз жасты адастырған шейхсымақ 7 жылға сотталды.

Қайрат  шейхтың шын  бет-бейнесі

Қайрат Мұхамбетқалиев 1976 жылы Батыс Қазақстан облысының Қаратөбе ауданында дүниеге келген. Мамандығы – аспаз. 1999 жылы Орал қалалық мешіті жанындағы медреседе сауат ашқан. 2000 жылы Шымкент қаласындағы халықаралық қазақ-араб университетіне түскен. Сабаққа 2 ай ғана қатысып, кейін жасырын пәтерде Абдуррафих (лақап аты) деген татардан тәкфірлік бағытта білім алған. Құзырлы органдардың мәліметін салыстырып қарасақ, сол жылдары өзінше намаз оқып, дінге бет бұрдым деген Қ. Мұхамбетқалиев арақты суша сімірген. Соның салдарынан психикасы мен мінез-құлқы бұзылып, 2000 жылдың наурыз айынан бастап БҚО наркологиялық диспансерінде есепте тұрады. 2006 жылдың 14 қарашасындағы сот-наркологиялық комиссия шешімімен «І дәрежелі созылмалы маскүнем» деп танылған. Әйелі, 4 баласы бар.

Оралдық 10 жігіт Сирияда соғысып жүр

Қайрат 2000-2002 жылдары Сирияның Дамаск қаласында Мұхаммад Абд ал-Ваххабтан Ханбали бағытында «Ахл ас-Сунна вал-Джамаа» негізінде діни-саяси білім алады. Қысқа курста оқып шыққан ол намаз оқымайтындарды «кәпір» деп, оларға қарсы соғыс ашуға, жиһадқа дайын нағыз қаныпезер болып шығады. Сирияда жасырын орындардан оқуын тәмамдап, елге қайтқан Қайрат өзімен бірге жоғарыдағы ұстазының 50 том радикалды ілімді үгіттейтін діни кітаптарын әкелген. Жамағатты жинап, үнемі ваххабизм идеясын насихаттап әрі имамдарды тыңдамауға шақырған. Осы іспен айналысқан тергеу тобының жетекшісі оған «Өте сауатты, шет елден арнайы дайындалған маман секілді» деген баға береді.

Қ. Мұхамбетқалиевтің соңынан 18-25 жастағы жігіттер ерген. 2014 жылы маусым айында «Азиятехстрой» ЖШС-да күзетші болған. Сол жердегі жастарды Сириядағы соғысқа қатысуға үгіттеген. «Ол әлеуметтік желілер арқылы Арабиядағы шейхтармен үнемі байланысып тұрған және Оралдағы жүргізіп жатқан жұмысынан есеп бергендей сөйлескен», — дейді тергеу тобының жетекшісі.

Сирия-Ирак шекарасында ДАИШ халифат жариялап, Бағдат қаласының бір бөлігін басып алып, ел билеушісі Башар Асадқа қарсы қарулы жиһад ашқан кезде Қайрат ғаламтордағы діни-экстремистік сайттардан жиһад жасауға шақырған үндеулерді көшіріп алып, елге таратқан. Солтүстік Кавказдағы Саид Бурятскийдің және араб әлемінде танымал шейх Абдулла Аль-Гунайманның бейнеүндеуін тыңдап, жамағатын «Аль-Каида» ұйымының террорлық әрекетіне қосылуға, Сирия басшысы Башар Асадқа қарсы қарулы жиһадқа қатысуға шақырған. Бүгінде Қайраттың уағызын тыңдап, сөзіне ерген 10 шақты қазақ жігіті Сирияда соғысып жүр. Ал елдегі адасқандар саны бізге белгісіз. Зерттеу орындарының мәліметі бойынша Қайраттың жамағатында шамамен 200-300 адам болған. Ал осы елде жүрген 300 адам әлі қанша адамды адастырады? Біз Орал қаласында теріс ағымдармен жұмыс істеп жатқан мамандарды сөзге тарттық.

БҚО дін істері басқармасының бас маманы, исламтанушы Нұржан Стамбәкиев – Нұр-Мүбәрәк университетінің түлегі. Ол Катарда, Малайзияда магистратурада оқыған.

– Катарда қазақтар жоққа жақын. Ханбали мазһабын ұстанатын ол ел ваххабизм ошағына жақын орналасқан. Ал Малайзия Шафи мазһабын ұстанады. Ол елде Түркиядағы сияқты балаларға 5-6 жасынан бастап мектеп бағдарламасымен бірге Құран сабағы жүреді. Сондықтан өз мазһабтарына берік, ваххабизмге берілмейді. Ал бізде қалай? Біздің жастар 30 жасқа дейін түнгі клубтарда жүреді. Сосын намазды бастаймын деп, адамын танымай, теріс ағымға ілесіп кетіп жатыр. Жалпы, Қазақстандағы діни теріс ағымдардың кең тарауының себебі – шетелден теріс білім алу. Қазақ жастары шетелге діни іргетассыз, оң-солын танымай барып жатыр. «Араб жері екен, мықты екен» деп, кім не үйретсе, соны тез қабылдап алады. Кейбірі елден ваххабист болып кетіп, Мысырға барған соң соларды тауып алады. Ол елдегі шейхсымақтар бүгінгі күнгі тәкфір т.б өздері өрбітіп жүрген мәселе төңірегінде ғана білім беріп, жастардың санасын улап, қатырып тастайды. Адамның діни көкжиегі тарылып, ұстазының айтқанынан басқаны қабылдай алмай қалады. Тәкфір ағымын ғана жақсы меңгеріп келеді, дәлелін айтады. Бірақ исламдағы қарапайым бір сұрақты қойсақ, жауап бере алмайды. Олар жамағаттың сеніміне кіріп, соның кесірінен облыста тәкфір идеологиясы тарап үлгерді, – дейді исламтанушы.

«329  жас  шетелде  діни теріс білім алуда»

Жалпы, шетелде білім алуды Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы бақылап отыр ма? Мысыр, Сауд Арабиясы, Түркиядағы діни университеттерде оқып жатқан жастар бар ма, оқуға жіберу жолы қандай, шетелде оқып жатқан жастармен Мүфтияттың байланысы қаншалықты дәрежеде деген сауалмен біз Астанаға, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасына хабарласқан едік. Шетелден теріс білім алған қазақ жастары туралы Мүфтиятта ақпарат бар екен. Олардың мәліметі бойынша, Мысыр мен Сауд Арабиясында 329 адам оқып жүр. Ал олар елге келсе не болады? Бір Оралға Қайрат шейхтың салған ылаңы мынадай болса, 329 адам арқылы бүкіл еліміздің түкпір-түкпіріне келіп таралып кеткелі тұрған тәкфір идеологиясын қалай тұсаулаймыз?!

Бақтыбай БЕЙСЕНБАЕВ,

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы діни білім және ғылым бөлімінің меңгерушісі:

— Бүгінгі таңда әр түрлі гранттар мен ата-аналардың жеке қаражаты есебінен шетелдерде білім алып жатқан жастар баршылық. Мұхаммед пайғамбар хадистерінің бірінде: «Қытайдан болса да білім талап ет» деген. Демек, қажетті білімді қашық жерде болса да үйрену шарт. Шетелге шығып білім алып, елге оралып, абыройлы қызмет жасап жүргендердің қатары артып келеді. Еліміздегі мешіт-медреселердің өзінде 200-ге жуық имам шетелдік дипломдармен қызмет атқарып жүр.

ҚМДБ мен ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің дін істері комитеті 10 шетелдік университеттің тізімін жасап, біздің жас тарға қолайлы тұстары мен ұлттық мәдениетіміз бен салт-санамызға сәйкестіктері жағын тексеріп, ыңғайлы деп табылған Түркияның Анкара, Мармара, Ыстамбұл университеттерімен және Кони қаласындағы Нәжметдин Ербакан университетімен, Хасеки жоғары академиясымен, Ресейдің Мәскеу және Қазан қалаларындағы ислам университеттерімен, Мысырдағы әйгілі Әл-Азхар университетімен екіжақты ынтымақтастық келісімшарт жасасты. Осы оқу орындарына ҚМДБ келі-сімшартпен үміткерлерді жібере бастады. Оқуға түсу үшін ҚМДБ өтініш және жергілікті жердегі өкілдіктеріміздің ұсыныс хатын қабылдайды. Емтиханнан жақсы өтсе, оқуға жолдама береміз. Бүгінгі таңда Түркияның Хасеки академиясында 48 шәкірт оқып жатса, 29-ы емтиханнан өтіп, шақыру күтіп отыр. Мысырдағы Әл-Азхар университеті мен институтында Қазақстаннан 113 адам білім алып жатса, 20 жас шақыру күтуде. Сондай-ақ Түркия университеттерінің магистратурасы мен докторантурасына түскен 10 шақты азамат бар. Биылғы жылы Түркиядағы Хасеки академиясында оқып жатқан шәкірттерге арнайы екі рет барып қайт-тық. Ұстаздармен, шәкірттермен кездесіп, оқу орнының жай-күйі, оқу үдерісі, бағдарламасы, кітапхана қорлары, шетелдік студенттерге арналған тұрмыстық жағдаймен танысып келдік.

Ал енді Мысыр мен Сауд Арабиясында теріс ағымда оқып жүрген 329 адамның бәрімен байланыстамыз деп айта алмаймын. Олар үшін қатты алаңдаймыз. Шетелдегі қандастарымыздың жағдайы, алып жатқан діни білімінің сапасы мемлекеттік тұрғыдан бақылауға алынуы қажет. Күні бүгін, өкінішке орай, жеткілікті деңгейде бақылай алмай отырмыз. Оқуға діни басқарма арқылы кететіндер өте аз. Себебі теріс діни ағымды ұстанғандардың бізден жолдама алмайтыны белгілі. Елімізден жыл сайын осындай қанша жас қай елге, қандай білім үшін кетіп жатқанын білгіміз-ақ келеді. Алайда әр түрлі себептермен қолымыз қысқарып, бұл мәселені назардан тыс қалдырып отырмыз. Осы бақыланбаған діни білім үшін зардап шегуіміз әбден мүмкін. Сондықтан шетелге тек қана оң-солын танып үлгерген жастарды жіберу керек. Ең тиімдісі – өз еліміздегі діни бастауыш, діни орта, діни жоғары оқу орындарынан білім алу. Алматы қаласындағы Нұр-Мүбәрәк университетінде исламтану немесе дінтану мамандықтары бойынша магистрлар мен PhD докторанттары да дайындалады. Қазақстандағы діни оқу орындарына араб, түрік ғалымдары дәріс береді. Білім беру деңгейі жоғары.

Жарас АХАНОВ,

БҚО дін мәселелерін зерттеу орталығының басшысы:

– Бүгінгі күні шетелде діни білім алған азаматтарды шейх санап, діни білімнің білгірі деп, соларды ғана тыңдау үрдіс алған. Ол шетелден діни білім алған азамат қай оқу орнын бітірді, білім алған оқу орнының бағыты қандай, ол тіркелген бе, ол жағына көп мән бере бермейді. Теріс ағым өкілдері теріс идеологиядағы жалған оқу орындарын оқып алып, елімізде біраз бүлінушіліктер жасады. Оның қазір қасіретін көріп отырмыз. Діни бағыттағы теріс идеологияны тоқтату үшін мемлекеттік мекемелер, қарапайым халық, қоғамдық ұйымдар осы мәселені толықтай түсініп, қарсы ақпараттық жұмыстар жүргізуіміз керек.

Мұратбек  ҚЫСТАУБАЕВ,

Мысырдағы Әл-Азхар халықаралық ислам университетінің түлегі әрі магистранты, Орал медресесінің ұстазы:

– Әл-Азхар университетінің дайындық курсына 2005 жылы түстім. Бүгінде елімізде қызмет істеп жатқан үлкен ғұлама, доктор Ершат Оңғаров сияқты ағалар қарсылап алып, қай жерден білім алу керектігін айтып, көмектесті. Ашылғанына мың жылдан асқан Әл-Азхар университеті дүниежүзі мойындайтын, ешкім ешқандай кінә арта алмайтын бірден-бір ислам университеті. Дайындық курсынан кейін институт, одан соң университетінде оқып, 8 жылда оқу бітіріп, елге оралдым. Университетте білім төрт мазһаб бойынша бөлек оқытылады. Бүгінде оқыту жүйесін қайта қолға алып жатыр. Әл-Азхар мешітінде де жоғары деңгейлі докторларға дәріс беретін шейхтар мазһабтарды араластырмай сабақ береді. Соңғы жылдары, өкінішке орай, Мысырға барып оқу қиындады. 2011 жылдан бері визалық тексеру бар. Әлемдегі саяси жағдайдың ушығуы, Азия, Орта Азияда сала-физмнің өршуіне орай талап күшейді. Бүгінде санасы әу бастан, осы жақтан уланған жастар Түркия арқылы барады да, виза алу үшін Әл-Азхар университетіне тіркеледі. Бірақ білімді ол жерден емес, теріс бағыттағы жасырын құжыралардан алады. Жертөлелерде дәріс беретін шейхсымақтардың торына түскен соң Сауд Арабиясындағы сияқты қып-қызыл ваххабист болып шыға келеді. Ділмұрат Назаратолла – Сауд Арабиясында жүріп, жастарды улап жатқан адамның бірі. Жалпы, діни білім жүйелі түрде берілуі тиіс. Ал Мысырға барып, жасырын жерлерде оқитындарды исламның әліппесінен бастап оқытпайды. Бір-екі ай, әрі кетсе жарты жыл Мысырда жүріп, елге келіп, «Білім алдым» деп бір-екі хадисті арабша айтып, жастардың санасын улайды. Қарапайым халық: «Ойбай, ол шетелден оқып келген, Арабияда жарты жыл болған» деп естері кетіп, артынан еруде. Ал шетелдегі жасырын орындардағы білімнің негізі – салафизм, ваххабизм идеясы. Оны әу баста ағылшындардың ықпалында жұмыс істеген саяси топ құрған. Мақсаттары – мұсылмандардың ұлттық құндылықтарын құрту. Ең алдымен, Осман империясын құлату үшін құрылып, мақсатына жетіп, Осман халифатын қолға түсіріп, ағылшындарға тапсырып, мадағын алған. Содан бері мұсылманды бөліп, іріткі салу, бір- біріне қарсы қою әлі күнге дейін жалғасуда. Оралдық шейхтар Мирас пен Қайрат шетелдегі осындай жасырын құжыралардан теріс білім алып келіп, осы мақсатта жұмыс істеді.

Жалпы, жастарға діни білімнің әліппесін өз елімізде бергеніміз дұрыс.

Оралдағы медреседе оқу мерзімі – 2 жыл 8 ай. Маңғыстау, Атырау облыстарын қосқанда 40 бала оқиды. Мемлекеттік стандарттағы колледж бітіргені туралы диплом беріледі. Жатақхана, үш мезгіл тамақ тегін. Ата-аналар медресе бітірген соң мешіттен басқа баратын жері жоқ деп ойлап, балаларын оқуға бермейтін сияқты. Бұл – қате пікір. Медресе бітірген жас араб тілінен аудармашы болуға, егер жоғары оқуға түсіп, білімін жалғастырса, дінтанушы, исламтанушы болуға, елшілікте жұмыс істеуге мүмкіншіліктері бар.

Ұлдай САРИЕВА,

«Орал өңірі»


Оқушыға марапат

Күні: , 836 рет оқылды

IMG_3963


Сейсенбі күні Назарбаев зияткерлік мектебінде облыстық білім басқармасының ұйымдастыруымен ата-аналардың облыстық қоғамдық тыңдауы өтті. Аталмыш шара барысында БҚО ТЖ департаменті азаматтық қорғаныс басқармасының бастығы, полковник Замир Бердашев Зеленов ауданы Достық ауылындағы орта мектептің 8-сынып оқушысы Никита Тюкинге «Төтенше жағдайлардағы ерлігі үшін» төсбелгісін салтанатты жағдайда табыс етті.


З. Бердашев оқыс оқиға кезінде көрсеткен батылдығы мен табандылығы үшін Никитаға алғысын жеткізді. «Адам өмірін құтқару үшін кәсіби құтқарушы болу қажет емес. Ең бастысы, мұндай сәт туындаған кезде Никита секілді батыл да шапшаң қимылдап, дұрыс әрекет ете білу керек», – деді ол.

Никита өз сөзінде ерлігін бағалаған департамент басшылығына алғысын айтып, болашақта құтқарушы мамандығын меңгергісі келетінін жеткізді. Бұған БҚО ТЖ департаменті Көкшетау техникалық институтында оқуға септесуге дайын екендігін білдірді.

Еске сала кетейік, Н.Тюкин 24 мамыр күні Шаған өзенінде шомылып жүрген кезде суға кетіп бара жатқан қос қызды құтқарып қалған еді. Осыған орай батылдығы лайықты бағаланып, биыл Астанада өткен «Мәңгілік ел – болашағы біртұтас ел» атты республикалық патриоттар форумында Никита «Ерлігі үшін» аталымын иеленген болатын.

Ғайса БӘЙМЕН


Лауазымды қызмет: Отағасы не отанасы?..

Күні: , 921 рет оқылды

141990.640xp


Облыс бойынша 7 облыстық басқарма басшысының, 4 аудан әкімінің орынбасары лауазымын және 15 ауылдық округтің әкімі қызметін нәзік жандылар атқарып келеді.


Байқасаңыз, әйелдердің мемлекеттік деңгейде шешім шығару мүмкіндігі жыл санап артуда. Аталмыш мәселе бойынша алғаш 2006 жылы «ҚР 2006-2016 жылдарға арналған гендерлік теңдік» стратегиясы қабылданған болатын. Республикада статистика бойынша 9 мыңға тарта коммерциялық емес ұйым болса, олардың 250-і әйел-дер мәселесімен айналысады. 2009 жылы 4 желтоқсанда Мемлекет басшысының тікелей қолдауымен «Тұрмыстағы зорлықтың алдын алу» туралы заң қабылданып, әйелдер мен ерлердің құқығы мен мүмкіндіктері тең деген шешім шықты. Осы жылдар аралығында тұрмыс тауқыметін тартқан әйелдерге арнап дағдарыс орталығы, ана мен бала үйі секілді мекемелер құрылды. Бүгінде аталмыш мекемелер өздеріне жүктелген міндеттерін барынша атқарып келеді. Еліміз гендерлік теңдік мәселесін күн тәртібіне қойған 146 елдің ішінде 32-орында. Ал тарихымызға көз жүгіртсек, күрделі мәселені шешуде маңызды рөл атқарған қыз Құртқа, Қарашаш ханым, ерен ерлігімен көзге түскен Әлия мен Мәншүк, Хиуаз сынды әйел заты баршылық. Азаматтар азайып, әскер кеміген кезде, ел үшін ішінара қолына қару алып, жауға шапқан қыздарымыз да бар. Сондай-ақ қазақ әйелі шаршы топта суырылып сөйлейтін елдің қамын ойлаған ерлерге ой қоса отырып, ошақ басында бесік те тербеткен.

Ал сіз қыз-келіншектердің мансап биігіне көтерілгенін құптайсыз ба, оқырман?

Зинатбану МУСИНА,

облыстық іскер әйелдер қауымдастығының төрайымы:

— Әйел адам басшы да, қосшы да бола алады. Ол үшін әйелдің ішкі жан дүниесі көшбасшы болуға дайын болып, қоғамдық жұмыстарға араласуы керек. Облысымызда іскер нәзік жандыларға арналған «Саясаткер әйелдер» клубы бар. Мұнда әйел адам өзін саяси ортада қалай ұстау керектігінен бастап үйретеді. Гендерлік теңдік жақсы дамыған Данияда, Финляндияда, Норвегияда 1920 жылдан бастап әйелдер сайлауға қатысып, сондай-ақ өздері де таңдаулы болуларына мүмкіндік алған. Сол кезден бастап барлық скандинавиялық мемлекеттерде әйелдер мен ерлердің құқықтары тең болып, кез келген қызмет атқаруына мүмкіндік берген. Отбасылы келіншектің мансапқа қол жеткізуі үшін ең бірінші отағасы мен перзенттерінің, сосын, әрине, қоғамның қолдауы керек.

Танат ОРЫНҒАЛИЕВ,

қала тұрғыны:

— «Әйел теңдігі» мәселесін қанша көтерсек те, жаратылыс тұрғысынан әйел мен еркек тең емес. Олар табиғатындағы өздеріне тән ерекшеліктерімен бір-бірін толықтырып отырады. Ел басына күн туған жылдарда жауға қарсы шауып, ел қорғау секілді басқа да ауыр жұмыстарды ер-азаматтар атқарды. Дер кезінде шешім қабылдау жағынан да ер-азаматтар әйелдерден анағұрлым алда. Мысалы, әйелдер көлік айдап келе жатты делік. Кенеттен бір жағдайға тап болса, олар көбінесе рульді жібере салып, айқайға басады. Не көз жасына ерік береді. Ал ер-азаматтар салқынқандылықпен сол жағдайдан шығудың амалына көшеді. Сондай-ақ ұшақ, пойыз жүргізушілер арасында әйел тегі жоқтың қасы. Әйелдердің табиғаты нәзік әрі сезімтал. Олар сырттан гөрі үйдің шаруасына бейім. Егер әйел адам өз міндетіне салғырт қарап, есіл-дерті далада болса, қоғам өмірінде көптеген келеңсіз жайттардың бой көтерері даусыз. Мысалы, саясатпен айналысатын әйелдің отбасында бала тәрбиесі ақсайды деп ойлаймын. Сондай-ақ мансап қуған әйел көп балалы ана болудан саналы түрде бас тартатыны анық. Менің ойымша, әйел үшін жар болу, ана болу бақыты және әжелік мейірім біразырақ жыл бастық болғаннан әлдеқайда баянды.

Ангелина СҰЛТАНОВА,

қала тұрғыны:

— Қазіргі қоғамның талабына орай ерлі-зайыптылардың екеуі де еңбек еткені жөн. Өйткені жас отбасылардың дені пәтер жалдап тұрады. Өз басым әйел адамның мансап биігіне көтерілгенін құптаймын. Алайда дәрежем өсті екен деп отбасын ұмыт қалдырмауы керек. Атақ-дәреже, лауазымдық қызмет адамға өмірлік серік болмайды. Мансап қуамын деп ұл-қызыңа дұрыс тәрбие бере алмай, олар адал жолдан адасатын болса, зейнет жасына келсең де, өзекті өртейтін өмірлік өкінішің болып қала береді. Бала жас шыбық секілді. Жас шыбықты қалай баптайсың, күтесің, солай жемісін көресің. Әйел үшін ең бірінші орында отбасы, содан кейін қызмет тұруы керек.

Әлемге әйгілі әйел заты

Томирис

Сақ патшайымы Тұмар ханша (б. д. д. 570-520 ж. ж.) – әлемдегі  ең атақты әйел патшалардың бірі. «Жеңілуді білмейтін», Орта Азияға басқыншылық жорықпен келген Кирдің әскерін Тұмар ханшаның әскері  тас-талқан шығарғанын бүгінгі ұрпақ аңыз қылып айтуда.

Клеопатра

Мысыр (Египет) елінің әйел патшасы. Македония династиясының соңғы басшысы, Александр Македонскийдің басты әскербасы. Терең білім иесі Клеопатра халықты өзіне еліктіріп алатын қасиетке ие болған. Клеопатра туған ағаларымен  елді 21 жыл басқарған.

Коко Шанель

ХХ ғасырдың бірден-бір үздік моделі. Әлемдік сән үлгісінің бетке ұстар тұлғасы. Коко Шанель нәзік жандылар қауымына жоғарғы стильдегі киімдер ғана емес, парфюмера, қысқа шаш үлгісін, тұрмыстық киімдерді, шалбарды, кішкентай ғана қара көйлекті және “Chanel №5” иіссуын тарту етті. Сөз зергері бола білген Коко Шанель: “Әйел 30 жасында сұлу көрінбесе, ол нағыз ақымақ” деген екен.

Маргарет Тэтчер

Көзі тірісінде-ақ «Темір ханым» (Железная леди) атанған М. Тэтчердің қыз кезiндегi аты-жөнi – Маргарет Робертс. Ол 1925 жылғы 13 қазанда дүкенші отбасында дүниеге келдi. 19 жасында Оксфорд университeтiнe оқуға түседі. Отбасы үмітін ақтаған бойжеткен «Органикалық химия» мамандығын оқыған соң бipаз yaқыт химия кәсiпорындарында қызмет атқарады. Кейіннен Маргарет адвокат атағын алу үшін емтиханды үздiк тапсырып, одан әрі адвокаттықпен шұғылданады. Ол белсендiлігі, күш-жiгерi мен iскерлiгінің арқасында 1959 жылы парламентке сайланады. «Темір ханым» – Ұлыбритания және Еуропа елдері тарихындағы тұңғыш әйел премьер-министрі. Бұл қызметті ол 1979-1990 жылдар аралығында атқарды.

Мать Тереза

Мейірімді жүректің иесі Агнес Гонджа Бояджиу (Тереза ана) аскөк (укроп) сатумен айналысатын өте қарапайым отбасында дүниеге келген. 36 жасқа келгенде, жағдайы нашар әйел өзінің мейірімге толы жүрегі мен ерекше ынтасының арқасында Халықаралық қайырымдылық ұйымын құрады. Қазір бұл қордың құрамында әлемнің 80 елінен тіркелген 300 мың адам бар. Ұйым балалар мен жетімдер үйіне, ауруханалардағы ауыр науқастарға, қарттар үйіне мейірім шуағын төгіп, қамқорлық көрсетумен айналысады.

Индира Ганди

Шығыс әйелдері арасынан шыққан тұңғыш үкімет басшысы. 1917 жылы тәуелсіз Үндістанның алғаш премьер-министрі Джавахарлал Нерудің отбасында дүниеге келген. 1966-1977 және 1980-1984 жылдары Үндістан премьер-министрі қызметін атқарған. Алғаш билікке келген жылдары бақталастары оны “ақымақ қуыршақ” деп мазақ еткен. Алайда ол өз елінің тарихында Үндістан үкіметін бірнеше жыл бойы салиқалы түрде басқарған іскер, көрегенді әйел ретінде енді. Ақылды саясаткер мемлекеттің халықаралық дәрежесінің жоғары деңгейге көтеріліп, нығаюы үшін көп қызмет атқарды.

Жанна д’Арк

Француз халқының ағылшындарға қарсы азаттық күресін басқарған қолбасшы. Шаруа отбасында дүниеге келген. Он үш жасынан бастап атағы шыққан батыр қыз Орлеан жеріндегі соғыстарда көзсіз ерлік көрсетіп, Франция королімен бетпе-бет кездескен. Жанна д’Арк басқарған жасақ 1429 жылы 8 мамырда ағылшындардың қолында болып келген Орлеан қаласын азат етті. Осы еңбегі үшін халық оны “Орлеан қызы” деп атайды.

Беттің материалдарын дайындаған Гүлсезім БИЯШЕВА


Жаңа наубайхана ашылды

Күні: , 129 рет оқылды

IMG_5210


Қол қусырып қарап отыруды жаны сүймейтін еңбекқор жандар Мәстексай ауылында да аз емес. Солардың бірі – Жасұлан  Каримов.


Жасұлан – нарық талабын тез аңдап, өзін-өзі жұмыспен қамту үшін жеке кәсіппен алғаш айналысқандардың бірі. Ол тек өз шаруасын түзеуді ғана ойлаған жоқ, кәсібін елге қажетті іспен дамытуды көздеді. Ауылдастарының тұрмысын ой елегінен өткізе келіп, наубайхана ашса, жерлестеріне көмегі көбірек тиерін аңдады. Бірден наубайхана құрылысын бастап кетті. Бастапқыда өзінің жинақ қаржысымен бастаған. Ол құрылысты аяқтап, қажетті жабдықтар алуға тапшылық етті.

Сондықтан үкімет көмегіне сүйеніп, биыл «Жұмыспен қамту – 2020» бағдарламасы бойынша үш миллион теңге несие алды. Сөйтіп, көздеген мақсатына жетті. Ғимарат ішінен тек наубайха-на ғана емес, оған қоса дүкен де ашты. Дүкен жұмысын зайыбы қолға алса, нан өнімдерін шығаруға екі адамды жұмысқа алды. Алғашқы нан өнімдеріне жерлестері қызығушылық танытып, бірден сұраныс көбейді.

Наубайхананың ресми ашылуы аудан әкімі күндеріне сәйкес келіп, оған арнайы барған аудан басшысы іскер жанға ризашы-лығын білдіріп, ауылдастары алдында құттықтау сөз сөйледі.

Сөйтіп, Мәстексай ауылында жаңа наубайхана халыққа қызмет көрсете бастады.

Өмірзақ АҚБАСОВ,

Жаңақала ауданы


Жасықтан жауынгер шықпас, әлжуаздардан әскер құралмас

Күні: , 941 рет оқылды

аскер фото


Біздің редакцияның «Орал өңірінің» тәрбие сағаты» атты жаңа жобасы педагогтар тарапынан кең қолдау табуда. Мәселен, таяуда Орал қаласындағы Мұстахым Ықсанов атындағы №36 орта мектепте алғашқы әскери дайындық пәнінің мұғалімі, доғарыстағы аға лейтенант Құсайын Шәкен редакция қызметкерлерімен бірлесіп, «Денсаулық және әскер» тақырыбында 11-сынып оқушыларының қатысуымен тәрбие сағатын өткізді.


«Салауатты өмір салтына ұмтылмайтын ұрпақ ел қорғаны бола ала ма? Тепсе темір үзетін жастағы кей жігіттердің әскерге барудан неге жалтарады? Жас-тар неге әлжуаз және аурушаң болып барады?» Міне, осындай өткір сауалдарды ортаға тастаған Құсайын Тұрсынұлы түйткілді мәселелер төңірегінде емін-еркін пікір алмасуды ұсынды. Аталмыш тәрбие сағатына спорт ардагері, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген бапкері Қамеш Исмағұлов, «Орал өңірі» газетінің бас редакторы Бауыржан Ғұбайдуллин, Орал қалалық қорғаныс істері жөніндегі басқарманың әскерден тыс даярлау бөлімінің бастығы Роман Дүйсенғалиев тақырып аясында ой өрбітті. Сонымен қатар келелі кеңестерге құлақ түрген жеткіншектер өздерін мазалаған сұрақтарды қойып, тұшымды жауап алды. Бір қызығы, оқушы қыздар арасында әскери оқу орындарына ерекше ықылас танытып жүргендер де бар болып шықты.

 

Қамеш ИСМАҒҰЛОВ,

ҚР-ның еңбек сіңірген бапкері:

– Бала кезімнен спортқа құштар болдым. Боз кілем үстінде шыңдалып, самбодан республикалық, халықаралық жарыстарда талай мәрте жүлделі оралдым.

Ізімді басатын, ісімді жалғастыратын шәкірттерімді баптадым. Күні бүгінге дейін 40 (қырық) ҚР Спорт шеберін тәрбиелеп шы-ғардым.

Спорт — өмір бойы жансерігім. Әлі күнге дейін денсаулығым мығым. Көбіне жаяу жүремін. Кез келген уақытта шыныққан жастар қатарлы күрделі жаттығу жасап, күш-қайратымды дәлелдеп бере аламын. Спорт ардагерлері арасында самбодан төрт дүркін әлем чемпионы атандым. Жылдар бойы спортпен жүйелі айналысудың арқасында көптеген шетелдерде болдым. Күнделікті тыныс-тіршіліктің өзі қозғалыс-қимылмен жанданады. Ал, шымырлыққа, мығым денсаулыққа тынымсыз тер төгіп, табанды ерік-жігер арқылы қол жеткізесіздер. Қазіргі кезде жасөспірімдердің дене бітімі ұсақталып барады. Балабақша жа-сындағы сәбиден бастап қазіргі жастардың қолынан ұялы телефон мен планшет түспейді. Мұндай әдет қимыл-қозғалысты күрт азайтып, ақырында ағзаны қаршадайынан ауру-сырқауға ұшыратады. Ел ертеңі деп жүрген жастарымыздың сергек ойлы, шымыр денелі болғанына не жетсін?!

 

Бауыржан ҒҰБАЙДУЛЛИН, «Орал өңірі» газетінің бас редакторы:

– Бүгіндері әскер жасындағы жастардың басым көпшілігінің денсаулығының сын көтермейтіндігі әбден үйреншікті әңгімеге айналды. Бұл жайт ата-ананы, педагогтарды, жастарды, жалпы қоғамды қатты ойландыруы тиіс. Осыдан біраз жыл бұрын қарулы күштерін кәсіби әскерге көшірген Латвия, Литва секілді мемлекеттер қазіргі кезде кәсіби жүйеге қоса, қайтадан міндетті әскерге шақыруды қолға алуда. Өйткені жап-жас жігіттер бойкүйезденіп, салбөкселеніп, оның үстіне Отан қорғау ісінен мүлдем мақұрым қалып жатқан көрінеді.

Жалпы, қазақ жастары арасын-да сапалы да сауатты тамақтануға әлі де толыққанды көңіл бөлінбейді. Оның үстіне жастардың басым көпшілігі бүгіндері белсенді дене қимылына жарытып мән бермейтіндігін жаңа ғана Қамеш ағай айтып өтті. Айналып келгенде, қимыл-қозғалыстың жеткіліксіздігі жүрек қан-тамырлары кеселіне ұшыратады. Ал жалпы сауатсыз тамақтану тіпті бір емес, бірнеше дертке ұрындыратыны даусыз. Сол себепті майлы тамақты мейлінше азайтқан дұрыс. Әрі дайындалу сапасы күмәнді гамбургер, чизбургер, сэндвич, хотдог секілді «тамақсымақтардан» іргені біржола аулақ салған жөн.

Ендігі бір айтпағым, қазіргі жастар арасында бойдың ұзындығы мен дене салмағының сәйкессіздігі жиі ұшырасады. Бұған қоса қазақтың қыз-жігіттерінің көбінің бойының бәкенелігі де жалпы ұлтты көрер көзге қораш көрсететін керітартпа фактор. Демек, бала күннен сауатты тамақтанып, кермеге (турникке) көп тартылып, спортпен жүйелі шұғылданған ләзім.

 

Роман ДҮЙСЕНҒАЛИЕВ,

Орал қалалық қорғаныс істері басқармасы әскерден тыс даярлау бөлімінің бастығы:

– Көктемде және күзде әскер қатарына Орал қаласы бойынша 500-дей жас жігітті аттандырамыз. Оларды арнайы әскери-медициналық комиссия 5 мыңдай әскерге шақырылушының арасынан қатаң іріктеп алады. Иә, өкінішке орай, көптеген жас жігіттердің денсаулығы әскери талапқа сай емес. Мысалы, қазір жастар кітап оқудан гөрі компьютерге сағаттап телміріп отыруға әуес.

Содан көру қабілеті күрт төмендейді. Мектеп партасына дұрыс отыруға дағдыланбағандықтан, оқушылар арасында омыртқа жотасының қисық қалыптасуы жиі кездеседі. Дене бітімінде мұндай кемшілігі бар бала ертең алысқа жүгіруге бейімсіз боп өседі. Сондай-ақ дәрігер кеңесінсіз диета ұстау немесе керісінше қарынды керіп, тым тоя тамақтану асқазан-ішек ауруларына әкеп соқса, аяқ киімді дұрыс таңдамаудың кесірінен майтабандық белең алуда. Біз әскерге денсаулығы толық жарамдыларды ғана іріктеп аламыз. Сондықтан бала күннен шынығып, шымыр боп өсу керек. Болашақта әскери маман болғысы келетіндер мұны әсте естен шығармаулары шарт. Және бір айтпағым, әскери техника атаулы озық технологияға сәйкес жиі жаңартылады. Ендеше, технологиялық сауаттылықтың арқасында әскери техниканы жетік меңгеру де әскерилер үшін өте-мөте маңызды фактор.

 

Нұргүл АБУЕВА,

дене тәрбиесі және АӘД пәндерінің әдістемелік бірлестігінің жетекшісі:

– Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының есептеуінше, әрбір адамның денсаулығы мығым болуының 20 пайызы экологияға, 20 пайызы тұқым-текке (генге), 10 пайызы медицинаға, 50 пайызы өзіне байланысты екен. Демек, денсаулығының мықты болуы көп жағдайда жас адамның өзіне байланысты.

 

Әлима БЕРКІМБАЕВА,

11«б»-сынып оқушысы:

– Негізінде, әр баланың санасында Отан алдындағы борышын өтеуге психологиялық дайындық қаршадайынан қалыптасқаны дұрыс. Ішкі жан дүниесін адамгершілік қадір-қасиеттермен нығайтса, одан мықты азамат қалыптасарына ешкімнің дауы болмас. Сондықтан көп мәселе әркімнің ерік-жігеріне байланысты деген ойдамын.

 

Айнара ҚҰНЫМЖАН,

11«а»-сынып оқушысы:

– Менің әскери маман болуға ықыласым ерекше. Бүгінгі тәрбие сағатында әскерилер үшін қандай қарым-қабілет керек, осы бағытта біраз мәлімет алдым.

 

Еламан ДҮЙСЕНБАЕВ,

11«б»-сынып оқушысы:

— «Денсаулық және әскер» тақырыбындағы тәрбие сағатынан зор әсер алдым. Болашағыма жол сілтеді. Алда әскери оқу орнына түсіп, Отан қорғауға үлес қосқым, еліме адал қызмет еткім келеді. Сол үшін спортқа жете көңіл бөлемін. Сонымен қатар оқу-білімге деген қызығушылығымды арттырып, көркем мінезді болуға тырысамын. Кездесуде айтқан ағалардың ақыл-кеңесі өзіме деген сенімді күшейтті.

 

Сердолла САҒИДОЛЛА,

11«б»-сынып оқушысы:

– Ғұмыр жасы сексенге таянса да, Қамеш атаның жүріс-тұрысының ширақтығы, денсаулығының мығымдығы және ақыл-ойының айқындығы мені сүйсіндірді. Меніңше, осындай адамдарға еліктеп, бой түзеу керек.

 

Асхат ХАЙЫРҒАЛИЕВ,

11«а»-сынып оқушысы:

– Мен велосипед тепкенді ұнатамын. Олимпиада жеңімпазы Александр Винокуров – сүйікті спортшым. Қалада болатын велосипедшілер жарыстарына тұрақты қатысамын. Осы көлікпен бір күнде 70-100 шақырымды артқа тастай аламын. Таза ауада велосипед тебу өте пайдалы. Денең сергіп қалады. Жүрек соғысына, қан айналымына оң әсер етеді, әсіресе, аяққа бірқалыпты күш түсетіндіктен, буын ауруларының алдын алады, тәнің шыныға түседі. Сыныптастарыма да жиі велосипед тебуге кеңес беремін. Кәдімгі жаттығудан кем емес. Болашақта жоғары білім алып, әскери міндетімді мінсіз өтегім келеді.

 

Рахат ЖАНҰЗАҚОВ,

11«а»-сынып оқушысы:

– Алғашқы әскери дайындық пәнінің мұғалімі Құсайын Тұрсынұлы сапта тұру дағдыларын үйретіп, болашақта әскерге тез бейімделуге ықыласпен үйретеді. Ұстазымыздың бізге беріп жұрген тәлім-тәрбиесі өте мол. Бүгін ағайдың «Денсаулық және әскер» тақырыбында тәрбие сағатын өткізгендігі маған айрықша ұнады. Келген меймандардың қозғаған мәселелері шындық. Кейбір айтқан деректері қызықтыра түсті. Мен төменгі кластарда бокс үйірмесіне қатысып, жарыстарда жүлделі орындар алып жүрдім. Қазір сабақ қиындағасын, бокспен тек үй жағдайында ғана шұғылда-нып жүрмін. Әскерге барып, Отан алдындағы борышыңды абыроймен өтеп, нағыз ер жігіт болып оралғанға не жетсін!

 

Алмас ҚАБОШЕВ,

11«б»-сынып оқушысы:

– Бүгінгі шарадан көп ақпаратты ойға түйдім. Әскери маман боп қалыптасу үшін, қиындықты еңсеру үшін осы бастан қандай қадамдарға барған жөн? Бұл кездесуде осындай сұрақтарға нақты жауап таптым.

 

R.S. Тәрбие сағатын алғашқы әскери дайындық пәнінің мұғалімі Құсайын Шәкен қорытындылап, жасөспірімдерге келелі кеңес айтқан меймандарға ризашылығын білдірді.

Нұртай АЛТАЙҰЛЫ,

«Орал өңірі»


Үздік отыздыққа апарар «100 нақты қадам»

Күні: , 926 рет оқылды

100  накты кадам


Дамыған 30 мемлекеттің қатарына ілігу жолындағы басты бағдаршамымыз іспетті «100 нақты қадам» Ұлт жоспарының әр қадамы кемел келешекке жетелеп, мемлекетке деген халықтың сенімін арттырып, ашық қоғам құруға жетелейді. Қоғамымызда орын алып отырған келеңсіз жәйт, жемқорлықты жеңбейінше дамыған мемлекеттердің қатарынан орын алу қиын болмақ. Заман талабы жемқорлықпен күресте осы тектес қылмыс немесе құқық- бұзушылық үшін тек жазалаудың, яғни орын алған фактімен  жұмыс  жасаудың  аз  екендігін  көрсетіп  отыр.


Осы бір талапқа жауап ретінде «100 нақты қадам» жоспарының он үшінші қадамы сыбайлас жемқорлықтың алдын алу болып табылады.

Осы орайда Қазақстан Республикасы мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Батыс Қазақстан облысы бойынша департаментімен сыбайлас жемқорлықтың алдын алу мақсатында ауқымды жұмыстар жүргізілуде. Сол жұмыстардың бір бағыты жаңа құрылым – талдау және сыбайлас жемқорлық қатерлерін анықтау бөліміне жүктелген.

Бөлімнің негізгі мақсаты – мемлекеттік құрылымдар қызметін талдау, зерделеу және нәтижесінде анықталған сыбайлас жемқорлық қатерлерін жою туралы ұсыныс беру арқылы олардың қызметіндегі сыбайлас жемқорлық себептері мен шарттарын жою немесе мейлінше азайту. Жыл басынан бері бөлім талдаумен 60 мемлекеттік орган мен мекеме қызметін қамтыды. Талдау бірнеше бағыт бойынша жүргізіледі, соның ішінде қазіргі таңда басым көбі мемлекеттік органдармен және мекемелермен жүргізілетін қызмет көрсету, рұқсат беру және тексеруді жүзеге асыру сияқты сыбайлас жемқорлық орын алуы мүмкін қызмет салалары. Жоғарыдағы функцияларды жүзеге асыру барысында мүдделер қақтығысы, жеке тұлғалар мен бизнес субъектілері тап болар заңнамада көзделмеген құжаттар сұрату, артық қағазбастылық сынды негізсіз кедергілер, бизнес-үрдістердің көпсатылылығы, шешім қабылдау процесінің жабықтығы, лауазымды тұлғада дискреттік құзыреттіліктің болуы, қызмет алушы мен берушінің тікелей қатынаста болуы, белгілі бір функцияны реттеуші нормативтік-құқықтық актілерде қайшылықтардың орын алуы сияқты сыбайлас жемқорлықты тудыруы мүмкін себептер мен шарттар зерделенеді.

Бүгінгі таңда облысымыз бойынша талдаумен қамтылған мемлекеттік органдар мен мекемелер қызметінде сыбайлас жемқорлық қатерлері мен сыбайлас жемқорлыққа жол беретін себептер мен шарттар көбіне мемлекеттік қызмет көрсету саласында екендігі анықталып отыр. Талдау нәтижелері көрсеткеніндей, 10 мемлекеттік орган қызметіндегі 36 мемлекеттік қызмет көрсету іс жүзінде олардың стандарттары мен регламенттеріне сәйкес келмей отыр.

11 мемлекеттік органдағы 21 мемлекеттік қызмет бойынша дискреттік құзыреттілік, заңнамамен көзделмеген құжаттар сұратылған.  Сондай-ақ білім саласындағы 15 мемлекеттік қызмет  регламенттерінің Үкімет қаулыларымен бекітілетін стандарттарға сәйкес келмейтіндігі, 17 мемлекеттік қызмет бойынша қызмет көрсетуші мен қызмет алушы арасындағы тікелей қатынас көзделгендігі, іс жүзінде көрсетіліп жатқан 2 мемлекеттік кызметтің регламенттері дайындалмағандығы, мүдделер қақтығысы сияқты сыбайлас жемқорлық қатерлері анықталды.

Ағымдағы жылдың мамыр айында департамент қызметкерлерімен облыстық наркологиялық диспансер мен облыстық психикалық денсаулық орталығында жүргізілген талдау мен енгізілген ұсыныстар нәтижесінде денсаулық сақтау ұйымдары көрсететін наркологиялық және психонев-рологиялық диспансерде есепте тұрғандығы немесе тұрмайтындығы  жөнінде анықтама беру бойынша ақылы мемлекеттік қызмет бағаларының негізсіз өсіріліп бекітілгені анықталып, облыстық денсаулық сақтау басқармасы атына берілген кемшіліктерді жою туралы ұсыныс негізінде баға прейскуранттары қайта бекітіліп, қызмет бағалары қайта есептеліп, төмендетілді, қосымша құжат сұрату тоқтатылды және қызметті көрсету регламент пен стандартқа сәйкестендірілді.

Қазіргі таңда бақылау-рұқсат беру функциялары бойынша да дискреттік құзыреттілік, бақылау-рұқсат беру функцияларын жүзеге асырудың жекелеген деңгейлерін реттеуші құжаттардың болмауы, бақылау жүргізуде анық талаптардың жоқтығы сияқты сыбайлас жемқорлыққа себептер мен шарттар анықталып отыр. Сонымен қатар талдау барысында мемлекеттік құрылымдардың кейбір міндеттерін (функцияларын) мемлекеттік қызметке айналдырып, олардың ашықтығын қамтамасыз ету бағытында жұмыстар атқарылуда.

Мемлекеттік органдар мен мекемелерге  сыбайлас жемқорлық себептері мен шарттарын жою туралы ұсыныс берілген соң, одан әрі 4 айдан  кейін аталған органдарда ұсыныстарды және іс-қимыл жоспарын орындаудың мониторингі мен бағалауы (пост-талдау) жүргізіледі.

Осылайша департамент сыбайлас жемқорлықтың алдын алу, мемлекеттік органдар тарапынан көрсетілетін қызметтерді барынша оңтайландыру, электронды түрге айналдыру сияқты шаралар бизнес-үрдістердің ашықтығын қамтамасыз ету және қызмет көрсетушімен тікелей қатынасты болдырмау немесе барынша  азайтуға септігін тигізерліктей ауқымды жұмыс атқаруда.

Г.  МҰРЗАҚАЕВА,

ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің БҚО бойынша департаментінің талдау және сыбайлас жемқорлық қатерлерді анықтау бөлімінің басшысы


Үздік жобалар анықталды

Күні: , 888 рет оқылды

OLYMPUS DIGITAL CAMERA


Өткен сенбіде БҚО бойынша «Болашақ» корпоративтік қорының ұйымдастыруымен екі бірдей шара өтті.


Орал қалалық әкімдігінің қолдауымен өткізілген шаралардың алғашқысы «Жобаларды жасақтау және үкіметтік емес ұйымдардың қаржылық тұрақтылығын қамтамасыз ету» тақырыбындағы семинар болса, екіншісі әлеуметтік маңызды жобалар жәрмеңкесі болды. Шараның алғашқы бөлімінде тренер Сандуғаш Исимова кәсіпкерлік негіздеріне тоқталып, жастарға бизнес-жобаларды жасақтау жолдарын түсіндірді. Оның сөзінше, бизнес жоспарда, ең бастысы, жобаның маңызы мен тиімділігі және оны жүзеге асыру уақыты мен жолдары дәл көрсетілуі тиіс. Ол сондай-ақ жеке кәсіпті жүргізудегі жарнаманың маңызына да тоқталды. Оның сөзінше, жарнама анық та айқын, мазмұнды  әрі жұртты жалт қарататындай ерекшеленуі тиіс. Жиын барысында жастар кәсіпкерлікті құру және оны жүзеге асыру бағытында оқытушыға көптеген сұрақтар қойып, бұған тиісті жауаптар қайтарылды.

Шараның екінші бөлімінде әлеуметтік жобалар жәрмеңкесі өтті. Байқауға барлығы он жоба қатысып, авторлары шара барысында өз жобаларын қорғады. Ұсынылған жобалардың барлығы да қоғамдағы әлеуметтік мәселелерді шешу жолдарына бағытталған. Мысалы, «Топан» ЖШС қызметкері Дмитрий Сорокин «Street workout Uralsk» атты жалпы халықты қатыстыра отырып өткізілетін спорт жаттығулары бағдарламасын ұсынса, «Диабет» қоғамының төрайымы Тамара Истомина түрмеде жазасын өтеп жүргендерді тәрбиелеу, оларды қоғамға қайта оралту жөніндегі жұмысын көпшілік назарына ұсынды. Сондай-ақ  Артем Щелков есірткінің бір түрі болып есептелетін темекіден сақтандыру жөніндегі бейнебаянын көрсетсе, Айболат Құрымбаев балалардың жазғы демалысын маңызды да мәнді етіп өткізуге арналған «Ғажайып әлем» атты жобасы туралы әңгімеледі. Ал «Нұр» қоғамдық бірлестігі атынан қатысқан Алина Сабырғалиеваның жобасы қазірдің өзінде жүзеге асырыла бастаған. Алинаның айтуынша, «Шаңырақ» деп аталатын бірлестікте балалар үйінде өскен балаларды кәсіби мамандықпен және жұмыспен қамту ісі осы бастан қолға алынған. Олар тігінші, ұсталық секілді кәсіби мамандыққа сол жерде жүріп-ақ үйренуде. Алина жиналғандар назарына ойын модельдері үлгісін көрсетті. Сондай-ақ Оралбек Жандауовтың жобасы отбасы құндылықтарын насихаттауға арналса, Перизат Құдайбергенова мен Сапарбай Жұмабайдың қоршаған ортаны пластикалық ыдыстардың зиянынан сақтайтын жобасы көпшілікті елең еткізді. «Арба» мүмкіндігі шектеулі жандар қоғамдық бірлестігінің төрайымы Гүлмира Батпақұлова мен Назгүл Ізмағамбетованың және Алина Тоғжанова, Индира Қалиева, Бибігүл Асанованың жобалары бір-біріне өте ұқсас болды. Олардың жобалары мүмкіндігі шектеулі жандарға арнап орталық ашуға арналды. Ал  жобасын ең соңғы болып қорғаған Меруерт Санкаеваның жұмысы өзгелерден едәуір өзгеше болды. Ол жұртшылық назарына аутизм бойынша инновациялық технология және үздік тәжірибелер лекотекасын ұсынды.

Маңыздылығы бірінен-бірі өткен жобаларды таңдауда қалалық ішкі саясат басқармасының басшысы Бақытжан Нарымбетов бастаған комиссия мүшелері біраз қиналды. Ақыры бір пікірге келіп, барлығы бірауыздан ең үздік деген үш үздік жобаны атады. Олар мыналар: Меруерт  Санкаеваның «Аутизм бойынша инновациялық технология және үздік тәжірибелер лекотекасы», Гүлмира Батпақұлова мен Назгүл Ізмағамбетованың  «Тірек-қимыл аппаратының қызметі бұзылған жандарға арнап орталық ашу» жөніндегі және Артем Щелковтың  «Береги жизнь смолоду!» атты жобасы.

Байқау жеңімпаздарына қала әкімдігі мен БҚО бойынша «Болашақ»  корпоративтік қоры атынан арнайы дипломдар мен сыйлықтар табыс етілді. Сондайақ шара соңында семинар қатысушыларына сертификаттар берілді. Жоғарыдағы шаралар қалалық ішкі саясат бөлімінің мемлекеттік әлеуметтік тапсырысы аясында жүзеге асырылды.

Айша ӨТЕБӘЛІ,

«Орал өңірі»


«Жанкештілерді 100 мың долларға сатады»

Күні: , 906 рет оқылды

ERA_3586-


Жақында Астана қаласында «Зайырлы мемлекет және жоғары руханият- болашағы біртұтас ұлт тұғырнамасы» тақырыбында Қазақстан дінтанушыларының V форумы өтті. Форумды ҚР Мәдениет және спорт вице-министрі Марат Әзілханов құттықтау сөз сөйлеп ашты. Форум жұмысына ҚР Парламенті  Мәжілісінің депутаттары Камал Бұрханов, Бақытбек Смағұл  және дін саласының елімізге белгілі ғалымдары қатысты.


Ата Заңымыз наным-сенім бостандығына кепілдік береді. Бірақ солай екен деп, жат ағымды насихаттап жүрген миссионерлердің шексіз еркінсуіне жол беруге болмайды, – деді Бақытбек Смағұл. (суретте) – Елімізде тіркелген барлық діни бірлестіктердің іс-әрекеті заңымыздың аясынан шықпауы тиіс.

Ұлтымыздың, еліміз мен дініміздің тұтастығына келген кезде өз құндылығымызды аяқ асты етпеуге тиіспіз. Қабылданған заңға сәйкес көптеген теріс діни ағымдарға тыйым салынды десек те,  жастарымыздың көбі ғаламтор арқылы теріс діни білім алып, ел іші бүлінуде. Мен 2011 жылы Ауғанстанда болдым. Сол жақтағы террор ұйымдастырушылардың барлығы арнайы даярланған жанкештілерді 70-100 мың долларға сатып, баюда. Бұл – нағыз адам саудасы. Шынында да, теріс түсінік-ке санасын жаулатқандар өзін де, өзгені де жаруға дайын. Жанкештілерді дайындайтындарды халықаралық террористік ұйымдар молынан қаржыландырып отыр. Дін жолында шейіт болуды армандайтын адамдар саны азаяр емес. Бұл ахуал шетелде болса да бізді қатты алаңдатады. Қазақтың жігіттері Сирияда соғысып жүр. Жат ағымдар халықтың  санасына  күмән мен үрей  ұялатып,  елге дендеп кіріп, соның кесірінен бүгінгі қоғам арпалыс алаңына айналуда. Біз ештеңеден тайсалмай ақиқатты ашып айтуға тиіспіз. Қазақтың баласы елдің, жердің иесі екенін ұмытпауы керек. Азаматтық намысты  жанып тұрып тәрбие бермесек, жас ұрпақты жат санадан сақтау мүмкін емес. Форумға қатысып отырған  білікті дін мамандары мен ғалымдар халыққа шындықты ашып айтып, өзекті тұрған мәселелерді мемлекет және құқық қорғау органдарымен бірлесе, белсеніп шешуге міндетті, — деді  депутат.

Бұдан әрі ҚР Мәдениет және спорт  министрлігі Дін істері комитетінің төрағасы Ғалым Шой-кин зайырлылық,  руханият, қоғамдық сананы қалыптастыру турасында әңгімеледі. «Форумның басты мақсаты – Елбасы айтқан ұлт жоспарын жүзеге асыруға үлес қосу. Мемлекет пен діни бірлестіктер арасындағы ықпалдастықты кемелдендіру арқылы еліміздегі діни ахуалды  жақсарту,  рухани дәстүр сабақтастығын зерделеп, конфессияаралық  қатынастардың өзекті мәселелерін айшықтап, ертеңгі күннің, өскелең ұрпақтың сусындар қайнар бұлағын таза ұстау – біздің міндетіміз», –  деді  Ғалым  Нұрмағамбетұлы.

Форумда сөз алған «Қазақстан дінтанушыларының конгресі» ҚҚ төрағасы, философия ғылымдарының докторы А. Әбуов,  профессор Г. Соловьева, ҚР МСМ Дін істері комитеті Дін мәселелері жөніндегі ғылыми-зерттеу және талдау орталығының директоры Айнұр Әбдірәсілқызы сияқты ғалымдар Қазақстан дінтанушыларының алдында тұрған зор міндеттерге тоқталды.

– Бүгінгі діни теріс ағымдар белең алған қоғамда ең бастысы – рухани туындыларға, рухани тұлғаларға және бесіктен бастау алар қазақы тәрбиеге, айналып келгенде ұлтымыздың  рухани  құндылықтарына назар аудару керек. Яғни қазақ қоғамы рухани ұғымдарды қайта пайымдауы қажет. Жан-жақтан теріс діни ағымдар бас көтеріп, радикалды идеяларды таратушылар біздің рухани құндылықтарымызды қасақана бұрмалауда. Бір ғана иман түсінігіне тоқталсақ, иманды деп жүрегі таза, көркем мінезді, ата-бабадан мирас болған исламның асыл құндылықтарын бойына сі-ңірген адамды айтамыз. Бүгінде, өкінішке орай, иман дегенді ішкі дүние байлығымен емес, сыртқы амалмен түсіндіретін жастар көбейді. Соның салдарынан намаз оқымаған ата-анасын кәпір дейтін оясыз жастар баршылық. Бұл жастар сырттан енген геосаяси ағымның ойыншығына айналуда. Ал оның арты жиҺадқа ұласып, мән-мағынасыз, өкінішті өлімге ұшыратары анық, – деді  Айнұр Әбдірәсілқызы (суретте).

Қазақстан дінтанушыларының басты міндеттерінің бірі – діни саладағы мемлекеттік саясатты халыққа жеткізу, дәстүрлі құндылықтарды зайырлылық қағидатымен ұштастыру десек, бұл тұрғыда қандай олқылығымыз бар? Ең бастысы – дәстүрлі  рухани құндылықтардың әлсірей түсуі елде вахаббизм идеясының таралуына әсер етуде. Жиында діни радикализммен күрестегі маңызды тетіктің бірі саналатын қазақы тәрбиенің жұтаңдауы, діни сауатсыздық  мәселелері  қозғалды.

Бүгінгі таңда еліміздің мектептерінде «Дінтану негіздері» факультативті курсының сабағына жылына бар болғаны  34 сағат берілген. Еліміздегі діни ахуалды ескеріп және өскелең ұрпақтың исламға деген қызығушылығына орай  дінтану пәнін 9-сыныптан 10-11-сыныпқа жалғастырып оқыту, жалпы пәнді 5-сыныптан бастап енгізу керектігі, сағат санын көбейту баса айтылды. Діни білімі бар мұғалімдердің жеткіліксіздігі салдарынан дінтану пәнін оқыту тарихшыларға жүктелген. Діни мәселенің қоғамда өткір тұрғанына байланысты келесі жылдан бастап ірі қалалардағы бірнеше университетте тарихшы- дінтанушы мамандарын даярлау қолға алынғалы отыр. Бүгінгі таңда елімізде 200-ге жуық дінтанушы даярлануда. Болашақта дінтанушыларды шетелде оқыту және шетелден білікті мамандар шақыру керектігі де айтылды.

Форумда барлық облыстың дін істері басқармаларының басшылары сөз сөйлеп, өңірдегі мәселелер туралы айтты. БҚО дін істері басқармасының  басшысы Талғат Нығмет «Ақпараттық-түсіндіру жұмыстарының жаңа формалары және тиімділігін арттырудағы мәселелер» тақырыбында сөз сөйледі. Мектеп пен жоғары оқу орындары  дінтану пәндерінің мұғалімдері Құрмет грамоталарымен  марапатталды. Сондай-ақ  дін тақырыбын сахналаған театр режиссерлері, драматургтер мен фильм режиссерлері де алғысхатқа ие болды. Олардың ішінде облыстық қазақ драма театрының бас режиссері М. Томанов және Ақжайық ауданының орталығындағы №1 орта мектептің  мұғалімі А. Нәбиденова бар.

Форум аясында Астана, Алматы қалалары мен облыстардың  ақпараттық-насихат топтарының оқыту семинары өтті. Семинарда дін саласындағы мемлекеттік саясатты іске асырудың өзекті мәселелері кеңінен талқыланды. АНТ мүшелеріне сертификат тапсырылды.

Ұлдай САРИЕВА,

Орал-Астана-Орал


Қыс маусымына дайындық пысықталуда

Күні: , 800 рет оқылды

IMG_6610


Сейсенбі күні «Қазақстан-Орал» телеарнасында өткен брифингте шаһарымыздағы көше- жолдардың қыс маусымына дайындығы туралы мәселелер ортаға салынды.


Баспасөз мәслихатына  Орал қаласының  тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушы көлігі және автомобиль жолдары бөлімі басшысының орынбасары Бекжан Тоғжанов және көп салалы жол пайдалану мемлекеттік кәсіпорнының бас инженері Серік Ғұбашев қатысты.

Алдымен сөз алған Бекжан Тоғжанов шаһарымыздағы жолдардың жағдайына тоқталды. Оның айтуынша, қала бойынша жолдардың жалпы ұзындығы 580,9 шақырымды құраса,  оның 287 шақырымы немесе 49,4%-ы асфальтталған. Ал сол жолдың 45,4%-ы тозығы жеткен.

Жыл сайын жолдарды қайта жөндеу, күрделі және орта деңгейде жөндеу жұмыстары атқарылып келеді. 2015 жылы Орал қаласының ішкі жолдарын жөндеуге 3,6 млрд.теңге бөлініп, бұл қаржыға жалпы ұзындығы 25 шақырымды құрайтын шаһардың 16 көшесі мен 2014 жылы жөндеу жұмыстары  басталған 13 көшесінің жолдарын аяқтау көзделген.  Қазіргі таңда Алматы көшесі мен Еуразия даңғылы, Чкалов, Шоссейный, Некрасов,  Лермонтов, Сарайшық көшелері мен Деркөлге қатынайтын жолдағы  жұмыстар аяқталды. Ал Есқалиев, Қазталов, Шубин және Байтұрсынов көшелеріндегі жөндеу жұмыстары жақын арада аяқталады, – дейді Бекжан Тоғжанов.

Қаламыздағы көшелер мен жол бойы жүйелерін тазалау мен көп салалы жол пайдалану мемлекеттік кәсіпорны айналысатыны  белгілі. Аталмыш кәсіпорын алдағы уақытта көктайғақ пен қалың қардан болатын төтенше жағдайлардың алдын алу үшін арнайы техникалары мен жұмысшы күштерінің осы күннен сақадай сай отырғандығын хабарлайды.

– Ауа райының қандай да бір қолайсыздығына байланысты төтенше жағдайға кезіккен жағдайда  қала тұрғындарын 8 (7112) 51-80-98, 8 (7112) 51-75-12 телефондарына хабарласуларын сұраймыз. Бұл жерде тәулік бойы қызмет көрсететінін хабарлаймыз, – деді қаламыздағы көп салалы жол пайдалану мемлекеттік кәсіпорнының бас инженері Серік Ғұбашев.

Ләззат ШАҒАТАЙ,

«Орал өңірі»

Суретті  түсірген  Темірболат ТОҚМАМБЕТОВ


БҚО, Орал қаласы, Мұхит көшесі, 57/1
zhaik_presscenter@mail.ru
oral_oniri@inbox.ru
support@oraloniri.kz

Орал өңірі" газетінің бас редакторы: 51-25-80
Бас редактордың орынбасарлары: 24-17-08, 54-18-08
Жауапты хатшы: 54-38-22
Тілшілер: 50-66-88, 51-50-34
Жарнама бөлімі: 51-51-09
Яндекс.Метрика