Мұрағат: 03.11.2015


«Алтын сапа» байқауына 6 компания қатысады

Күні: , 826 рет оқылды

20150701164450


Жылма-жыл жыл соңында, желтоқсан айының соңғы күндерінде Президенттің «Алтын сапа» сыйлығына республикалық байқау қорытындысы өткізіледі. Биыл оныншы рет өткізілгелі отырған байқауға өңірімізден 6 компания қатыспақ.


Биылдан бастап «Алтын сапа» президенттiк сыйлығы мен «Қазақстанның үздiк тауары» көрме-байқауын өткізу міндеті «Атамекен» ұлттық кәсiпкерлер палатасына  жүктелді. ҚР Президентінің 2006 жылғы Жарлығына сәйкес «Алтын сапа» сыйлығы байқау негiзінде кәсiпорынның өнiмi немесе қызмет көрсету сапасы мен олардың қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету саласындағы жетiстiктерi, заманауи менеджмент жүйелерiн енгiзгенi үшiн жыл сайын берiледi. Еліміздің кәсіпкерлеріне сапа саласындағы жетістіктері үшін Елбасының қолынан «Алтын сапа» жүлдесін алу – зор мәртебе.

– 2015 жылдан бастап ҚР Президентінің «Алтын сапа» сыйлығын алу үшiн тек заңды тұлғалар ғана емес, жеке кәсiпкерлер де бағын сынай алады. Осыған дейін байқау екі аталым, яғни шағын және орта кәсіпкерлік субъектісі, ірі кәсіпкерлік субъектісі бойынша өткізілетін. Енді Елбасы Жарлығына сәйкес, байқау үш санат бойынша шағын кәсіпкерлік, орта кәсіпкерлік, ірі кәсіпкерлік субъектілері жеке-жеке байқау аталымдарына  қатысады. Мұнымен бірге, мемлекеттің қатысу үлесі 50 пайыздан асатын ұйымдарды қоспағанда, еліміздің аумағында тауар өндірумен айналысатын жеке кәсіпкерлер мен заңды тұлғалар да «Алтын сапа» байқауына қатыса алады. Мұндай жақсы жаңалықты жеке кәсіпкерлер үшін жасалып отырған жаңа мүмкіндіктер және мемлекеттік қамқорлық деп түсінуіміз керек. Жеңімпаздарға қандай жеңілдіктер беріледі дегенге келсек, олар байқау және көрме эмблемаларын 4 жыл бойы жарнамалық мақсатта пайдалану құқығына ие болады. Байқау талаптарына енгізілген толықтырулар мен өзгертулер отандық кәсіпкерлерді тауар сапасын арттыруда, менеджмент жүйесін жетілдіруде, тұтынушылар сұранысын қанағаттандыру жолында одан әрі ізденіске бастайды, – деді облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры Кеңес Абсатиров.

Оның айтуынша, байқау үздiктерi «Өндiрiстiк маңыздағы үздiк мекеме», «Тұрғындарға арналған тауар өндiретiн үздiк мекеме», «Қызмет көрсетушi үздiк мекеме» сынды негізгі үш аталым бойынша анықталады. Әрбiр аталым бойынша iрi кәсiпкерлiк, орта кәсiпкерлiк және шағын кәсiпкерлiк субъектiлері бойынша үш сыйлықтан тағайындалады. Байқауға қатысу үшiн қойылатын негiзгi талаптың бірі – өндiрiс Қазақстанда болуы керек. Сонымен бірге өнiм сапасының жоғары болуын айғақтайтын бірнеше құжаттары болуы тиісті.

«Алтын сапа» байқауына өңірімізден 6 компания қатысады. Соның ішінде «Тұрғындарға арналған тауар өндiретiн үздiк мекеме» аталымы бойынша «Орал сауда-өнеркәсіп компаниясы» ЖШС, «Нұржанар» АҚ, «Родник» фирмасы» ЖШС, «Агропродукт ЛТД»

ЖШС,  «Қызмет көрсетушi үздiк мекеме» аталымы бойынша «КамалОйл», «Отделстрой» ЖШС қатысады.

Гүлбаршын  ӘЖІГЕРЕЕВА,

«Орал  өңірі»


Журналистер сайыс көрігін қыздырды

Күні: , 863 рет оқылды

DMS_9796


Қазанның 31-інде қазақтың қабырғалы қаламгері, спорт тақырыбында толғаулы шығармалар жазған Сейдахмет Бердіқұловты еске алуға арналған бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлері арасында ІІ республикалық спартакиаданың ашылу салтанаты өтті.


Алдымен Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған театрландырылған көрініс қойылды. Кейін жергілікті талантты әнші Еркін Өтегенов «Елім менің» әнін шырқап, жиналған қауымды бірден баурап әкетсе, «Назерке» халық биі ансамблінің бишілері Ақмарал Тасболатова мен Мирзада Сүндетқалиеваның орындауындағы «Достық» хореографиялық композициясы көптің көңілінен шықты. Республиканың түкпір-түкпірінен келген командалар таныстырылған соң, мемлекеттік Әнұран шырқалды.

– Қазақ спорт журналистикасының негізін қалаған Сейдахмет Бердіқұловқа арналған спартакиада Қазақ хандығының 550 жылдығы, Ассамблеяның 20 жылдығы тәрізді атаулы мерекелермен тұспа-тұс келіп отыр. Қазір елімізде спорт саласы қарқынды дамуда. Барлық өңірде ірі спорт кешендері салынып жатыр. Қазақ елінің атын күллі әлемге танытуда, саламатты өмір салтын насихаттауда, осы мақсатта мемлекеттік саясатты жүзеге асыруда бұқаралық ақпарат құралдарының рөлі ересен. Спорт тақырыбына айрықша қалам тартқан ірі публицист Сейдахмет Берді-құловтың еңбек жолын паш етіп, қоғамға үлгі етіп көрсетудің мәні зор, – деді шараның ашылу салтанатында сөйлеген облыс әкімінің орынбасары Нариман Төреғалиев.

Одан әрмен ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Спорт және дене шынықтыру комитеті бұқаралық және олимпиадалық емес спорт түрлерін дамыту бас-қармасының басшысы Бекболат Байжанов сөз сөйлеп, жарысқа қатысушыларға сәттілік тіледі. Салтанатты шарада төрге озған-дар қатарында «Самұрық-Экспо» ЖШС атқарушы директоры Оралдым Мажанаков пен БҚО дене шынықтыру және спорт басқармасының бөлім басшысы Ақжан Жасқайратұлы болды.

*    *    *

Жексенбі күні аталмыш спартакиада мәреге жетті.

Жарысқа Қазақстанның жеті облысы мен Алматы қаласынан және республикалық телеарналардан 12 команда құрамында 150-ден астам адам қатысып, спорттың тоғыз түрі (шағын футбол, жүзу, үстел теннисі, волейбол, баскетбол, жеңіл атлетика, қол күресі, гір көтеру, шахмат) бойынша сынға түсті.

Спартакиада қорытындысында жалпыкомандалық есепте «Хабар» телеарнасы жеңімпаз атанса, «Қазақстан» телеарнасы екінші, Ақтөбе облысының командасы үшінші орынды иеленді. Негізін “Жайық Пресс” ЖШС қызметкерлері құраған волейболдан БҚО құрамасы және жүзуден облыстық “Орал өңірі” газетінің тілшісі Нұртас Сафуллин үшінші жүлдені ұтып алды.

Жарысты ұйымдастырған ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің баспасөз хатшысы Бақытбек Хамиттің айтуынша, С. Бердіқұловты еске алуға арналған БАҚ қызметкерлері арасында шағын футбол турнирі он жылдан астам уақыт бойы өткізіліп келді. Соңғы жылдары оның аясын кеңейту мақсатында шаралар қолға алынды. Алғашқы спартакиада Шымкент қаласында 2011 жылы өткен болатын. Енді, міне, жарыс эстафетасын батысқазақстандықтар қабылдап алды. Алдағы уақытта да спартакиада бес жыл сайын ұйымдастырылып тұратын болады. Бұл Елбасымыздың Қазақстан халқының кемінде 30 пайызын спортпен шұғылдануға тарту жөніндегі тапсырмасына толық сай келеді. Басты мақсат спорттың бұқаралылығын арттырып, болашақта 30 пайыздан да асырып, дамыған елдердің қатарына жетуге бағыт ұстау болып табылады.

Айта кетейік, жарысқа қатысушылар тарапынан сын да айтылмай қалған жоқ. Бұл – кейбір командалардың журналистерді емес, өз қатарларына басқа адамдарды, тіпті кәсіби ойыншыларға дейін қосып, алаңға шығаруы. Мұндай «бас ауру» шағын футбол турнирі ұйымдастырыла бастағаннан бері сіңірдей созылып келеді. Тыйылатын әзірге түрі жоқ. Шын мәнісінде, алаңда БАҚ қызметкерлері тер төгіп, бар шеберлігін салып ойнамаса, оның несі қызық, шеттен адамдарды қосып, өтірік бәйге алып, арзан бедел жинаудың қаншалықты қажеті бар!? Рас, мұндай талас туындаған сәтте ұйымдастырушылар тарапынан әр қатысушыға жеке және қызмет куәлігін көрсету талап етіледі. Бірақ бірқатар командалар қызмет куәлігі емес, анықтаманы көрсетіп, жарысқа қосылып жүр. Мұндай «анықтаманы» кез келген жерден алуға болатыны түсінікті. Сол адамның команда жасақталған мекемеде жұмыс жасайтынын анықтайтын басқа да жолдарын неге іздестірмеске!? Бұған алдағы уақытта қатаң тыйым салып, батыл тосқауыл қоятын мезгіл жетті.

Сонымен қатар ұйымдастыру мәселесінде шикіліктер болмай қалған жоқ. Сондай-ақ спартакиадаға біздің өңірден журналистерді көбірек тарту және қоржынға мол жүлде салу үшін дайындық  сапасын күшейту қажет.

Нұртай ҒАППАР,

Ғалым АЯН


Тіл жанашырларына құрмет

Күні: , 894 рет оқылды

IMG_6595


Жастар мәдениет үйінде Орал қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің ұйымдастыруымен «Тіл – татулық тірегі» атты тіл айлығының жабылуы мен тіл жанашырларын марапаттау рәсімі өтті.


Тіл айлығы шеңберінде ақын Ж. Молдағалиевтің 95 жылдығына арналған өзге ұлт өкілдері арасындағы «Жұбан оқулары» байқауы, «Қазақша жарнама» акциясы, «Қазақ тілін үздіксіз білім беру моделі арқылы оқыту» семинары, С. Сейфуллиннің шығармаларын насихаттауға арналған дәстүрлі «Сәкен оқулары» байқауы мәресіне жетті.

Салтанатты шарада қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Сайран Дүйсентегі облысымыздағы тіл сая-сатының жүргізілуіне атсалысып, ана тілі мәртебесін биіктетуге үлес қосып жүрген бірқатар танымал тұлғаларымызды Орал қаласы әкімдігі тарапынан арнайы марапаттады.

Олардың ішінде халықаралық Қазақ тілі қоғамының облыстық филиалының төрағасы, филология ғылымдарының кандидаты Б. Жексенғалиев, айтыс ақыны, Қазақстанның еңбек сіңірген мәдениет қайраткері Ш. Қыдырниязова, ақын, ҚР Жазушылар одағының мүшесі Дариға Мұштанова, филология ғылымдарының кандидаты, профессор Серікқали Шарабасов, ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Ғайсағали Сейтақ, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі М. Шүйіншалиева, Орал қалалық мәслихатының депутаты М. Берген, қалалық «Қазақ тілі қоғамының» төрағасы, филология ғылымдарының докторы М. Сабыр және облыстық «Қазақ тілі қоғамының» төрағасы, филология ғылымдарының кандидаты А. Абдулманов марапатқа ие болды. Сондай-ақ өзге де тіл жанашырлары арнайы алғысхаттармен марапатталды. Шара соңында мәдениет үйінің жас әртістері, №15 «Ақ бота» балабақшасының бүлдіршіндері, №3 балалар саз мектебінің, қаламыздағы балалар аула клубтарының жас өнерпаздары өнер көрсетті.

Ләззат ШАҒАТАЙ


«Ақжайық» премьер-лигада!

Күні: , 832 рет оқылды

IMG_0330


Оралдың «Ақжайығы» футболдан бірінші лига командалары арасында Қазақстан чемпионатының жеңімпазы атанды.


Жексенбі күні өткен соңғы турда батысқазақстандықтар турнир кестесінде екінші келе жатқан Теміртаудың «Болатын» қабылдады. Премьер-лигаға шығу үшін «Ақжайыққа» тең ойын жеткілікті болса, «Болатқа» тек жеңіс қажет еді. Дегенмен оралдықтар тең ойын үшін тіресіп, қорғаныста жатып алған жоқ. Қайта кездесудің өн бойында қарсыластың қамалын алуды көздеген алаң иелерінің басымдылығы айқын байқалып тұрды. Бұл ұмтылыс құр кеткен жоқ. 17-минутта допты бірден қақшып ұстай алмаған «Болат» қақпашысының қателігінен кейін Антон Шурыгин есеп ашты. Бірінші тайм соңында әдемі комбинациядан кейін чемпионаттың сұрмергені Олег Хромцов есепті 2:0 жеткізді. Биылғы маусымда ол барлығы 14 доп соқты. Сондай-ақ бұл жолы қақпаның кілтін Атырауда футбол әліппесін үйренген Нұрболат Қалменов нық ұстаса, Бауыржан Омаров, Магомед Узденов, Роман Қисметов секілді футболшылар өз орнында сенімді ойнады. Сонымен қатар қажет кезінде бірін-бірі сәтті алмастырып, орталық қорғаушы, болгариялық Янко Валкановтың да шабуылға араласқан сәттері болды.

Ойынның екінші кезеңінде де команда капитаны Мейрам Сапанов бастаған батысқазақстандықтар қонақтарды тырп еткізген жоқ. Алексей Мальцев пен словениялық Матиц Марушконың орнына шыққан Ақжол Серікжанов пен Иван Антипов та еркін қимылдады. Оң қапталдан суырылып алға ұмтылған Ақжол Иванның алдына доп салып берсе, мұны Орал футболының түлегі, он тоғыз жасар И. Антипов мүлт жібермей, бірнеше ойыншыны алдап өтіп, қақпа бұрышын дәл көздеді. Сөйтіп, ол чемпионат нүктесін қойды.

Осылайша «Болатты» 3:0 есебімен бет қаратпай ұтқан «Ақжайық» ұпай санын 53-ке жеткізіп, премьер-лига жолдамасын ұтып алды. Ол енді келесі жылы Қызылорданың «Қайсарының» орнына премьер-лигада ойнайды. 50 ұпаймен екінші орынға көтерілген Өскеменнің «Востогы» премьер-лиганың тағы бір жолдамасы үшін қосымша кездесуде Талдықорғанның «Жетісуімен» жасыл алаңға шығады.

Бірінші лигада ең көп гол (60) соққан да – Талғат Байсофыновтың шәкірттері. Жалпы, команданы маусым ортасында қабыл-дап алған Қазақстандағы білікті мамандардың бірі Талғат Маруанұлы өзінің алдына қойылған міндетті толығымен орындап шықты. Енді премьер-лигаға шыққаннан кейін шет елден тағы маман іздеп, Т. Байсофыновтан айырылып қалмасақ, жарар еді. Оған қоса «Ақжайыққа» жаңа деңгейде ойнау үшін мықты футболшылар керек. Мұның бәрі, әрине, қаржыға байланысты. Облыстың бас командасы үшін әлеуетті демеуші іздестірілсе, тіпті жақсы болар еді.

Айта кетейік, матч соңында стадион толы жанкүйерлер үшін лотерея билеттері ойнатылды. Бас жүлде – автокөлікті Орал қаласының тұрғыны Орал Жайылханов ұтып алды. Оған «темір тұлпардың» кілтін «Ақжайықтың» капитаны М. Сапанов табыс етті.

Сонымен, араға екі жыл салып, облыстың бас командасы суперлигаға оралып отыр. Алдағы жылы жеңісті күндерде жүзде-сейік, ағайын!

Ғайса БӘЙМЕН


Тауық ұстап, табыс таппақ

Күні: , 820 рет оқылды

куры


Биыл «Жұмыспен қамту 2020 жол картасы» бағдарламасының екінші бағыты бойынша 3 мил-лион теңге несие алған Жәнібек ауылының тұрғыны Амантай Қайырғалиев құс шаруашылығын дамытпақ.


Ол осы мақсатта «Қайырғалиев. А» жеке кәсіпкерлігін ашты. Несиені биылғы тамыз айының басында алысымен Ресейдің Волгоград облысындағы Николаевка қаласынан 1000 дана мекиен (несушка) тауық сатып алып келді. Қазір ескі қораны жөндеп, биіктетіп, төбесіне жаңадан шифер жауып, алдына сымнан қоршау жасап, асыранды құстарына қолайлы жағдай жасауда. Өзіне берілген несиеге, сонымен қатар су құятын, жем салатын астаулар сатып алуда.

— Алдағы уақытта тауықтың жұмыртқасын, етін аудан тұрғындарына қолжетімді бағамен сатуды жоспарлап отырмын. Шаруам жүріп кетсе, болашақта құс санын көбейтемін, — деді  жас кәсіпкер.

Нұрымбек ЖАПАҚОВ,

Жәнібек ауданы


Көпір ашылды

Күні: , 789 рет оқылды

_DSC0333


Кеше Деркөл кентіне баратын көпір ашылды.


Орал қаласы әкімінің орынбасары Ғалым Орынғалиевтің сөзіне қарағанда, көпірдегі құрылыс жұмыстары толығымен аяқталды. Бірақ әлі жақтау-шарбақ орнатылып біткен жоқ. Сол себепті көпірге көтерілу мен түсу кезінде көліктердің жылдамдығына 20 км/сағатқа дейін шектеу қойылып отыр. Бұл бағыттағы жұмыстар 15 күннің ішінде аяқталуы тиіс. Ал оған дейін бұл маңды жол-патрульдік полиция қызметкерлері жіті қадағалайтын болады. Сондай-ақ көпір бойына бейнебақылау камерасы да орнатылды.

Сәкен МҰРАТҰЛЫ


Өмір деген бір қазық, көрген-білген жанға азық

Күні: , 917 рет оқылды

_X7A2794


Қазақстан халқы Ассамблеясының 20 жылдығы аясында Қазақ хандығының 550 жылдығына, Ұлы Жеңістің 70, ҚР Конституциясының 20 жылдығына арналған «Қазақ мемлекеттілігінің негізі» атты тарихи-экологиялық экспедиция еліміздегі және көршілес Ресей еліндегі тарихи тұлғалардың мазарларына тағзым ету, қазақстандық-ресейлік тарихи-мәдени, ғылыми қарым-қатынасты дамыту мақсатына негізделген болатын.


Іссапардың алғашқы күні Шағатай ауылдық округіне қарасты Қызылжар ауылындағы Кіші жүздің ханы Жантөре ханның зиратына дұға еткен экспедиция мүшелеріне аталмыш ауылдың байырғы тұрғыны, ардагер ұстаз Хамит Салахиев әйгілі хан турасында баяндап, тарихи деректер келтірді.

1805 жылы Орынбор әкімшілігі Жантөрені Кіші жүздің ханы етіп тағайындайды. Бұл тағайындау сұлтан Қаратайға ұнамаса керек-ті. Жантөре хан мен Қаратай сұлтан арасында жанжал орнап, оның соңы 1809 жылы Қаратай сұлтан ханды  өлтірумен  тынады.

Базартөбе ауылының тұрғыны Аманжол Сәлімовтің жеке мұражайы өзіндік ерекшелігімен баурады. Мұнда жинақталған жә-дігерлердің барлығы түпнұсқа күйінде сақталынған. Алты бөлімнен тұратын мұражайда ат әбзелдері, ескі ақшалар, қолөнер бұйымдары, ауыл шаруашылығына қатысты көне еңбек құралдары, тұрмыстық заттар т.б. бар. «Мұражайдан алған әсерім ерекше. Бұл – облыстағы тұңғыш жеке мұражай. Жәдігерлер хронологиясы ерте темір ғасырынан бастап, кеңестік кезеңге дейінгі аралықты қамти-ды. Жәдігерлер сан салалы. Бұлардың бәрі – қайталанбас дүниелер. Өкінішке орай, мұражайға болашақта материалдық, әдіс-темелік көмек көрсетіліп, мемлекеттік есепке және қорғауға алынуы тиіс», – дейді экспедиция мүшесі, тарих ғылымдарының кандидаты Мұрат Қалменов.

Одан соң топ мүшелері Базаршолан ауылдық округі Ескіесім ауылында орын тепкен Кіші жүздің ханы Есім ханның зиратына соғып, даңқты тұлға рухына дұға бағыштап, түс ауа Атырау облысына бағыт алды.

Атырау өлкесіндегі көне Сарайшық қаласының орны болған мекенге табан тіреген топ мүшелері «Хан ордалы Сарайшық» мемориалдық кешеніне бас сұғып, көне қала, қазақ хандары тарихына зер тастады.

1999 жылы Елбасы Н. Ә. Назарбаевтың қатысуымен ашылған мемориалдық кешен құрамына мұражай, Хандар пантеоны және мешіт енеді. Кешен авторы – сол кездегі Атырау облысының әкімі Иманғали Тасмағамбетов.

Сегіз қабырғалы Хандар пантеонының биікті – 17 метр. Ұзындығы – 13 метр, ені 6 метр 50 см құрайтын мешіттің іші толықтай жасақталынып, Михраб, Мінбарлар қойылған. Ал мұражай қорында 3784 жәдігер бар. Кешенге жылына 10 мыңға жуық адам келеді екен.

Кешенге Елбасы Н. Ә. Назарбаев: «Тау шайқалса да, тарих шайқалмайды» деген дана халқымыз. Осы мұражай есімізді жинап, тәуелсіз ел болып, ата-бабамызды еске алудың дәлелі. Жас ұрпақ тарихтан өнеге алып, кең байтақ жерін сү-йіп өссін!» деген тілек қалдырған.

Ғаламат кешен ішін аралап жүріп, аталмыш өңірге танымал кәнігі тарихшы-археолог, өлкетанушы Вячеслав Афанасьевке жолыққанымызда, құнды тарихи әңгімелердің тиегі өзінен-өзі ағытыла берді.

Мұражайдың бір жарын «Сарайшықта алтын қайық жатыр» деген аңыз бойынша салынған суретші Рафаэль Сілекенов туын-дысының көшірмесі алып тұр.

Кәнігі тарихшы кешен туралы толыққанды түсінік беріп, бізді ескі Сарайшық қаласының орнына бастады.

ХІІ-ХVІ ғасырлардағы тарихи кезеңді көз алдымызға әкелер көне қала орнына ең алғашқы археологиялық қазба жұмыстары ХХ ғасырдың аяғында жүргізіле бастаса, соңғы зерттеу жұмыстары 2000 жылдың орта шенінде жүргізілген. Зерттеу жұмыста-ры нәтижесінде қалашық құрылысының архитектуралық кварталдары ашылып, жерлеу орындары, сондай-ақ көптеген қолөнер бұйымдары, құмыра ыдыстар, кірпіштер, зергерлік бұйымдар, көп мөлшерде нумизматикалық (теңгелер) материалдар табылған.

* * *

Сапардың екінші күні Атырау облысының орталығында орналасқан Ақтөбе қалашығында (Ақтөбе-Лаэти) (ХІІІ-ХV ғ.ғ) жалға-сын тапты.

Қазба жұмыстары кезінде қолөнершілердің кварталдағы, тұрғын үйлердің қалдықтары табылған. Ғалымдардың болжамы бойынша бұл жерде Алтын орда кезеңінде сауда-саттық және қолөнершілердің орталығы болған.

Екінші аялдаған тарихи орын — ХІХ ғасырда Бөкей ордасында әкімшілік басқару жүйесінде жемісті еңбек еткен қоғам қайраткері, ағартушы-этнограф Мақаш әкім Бекмұхамбетовтің мазары.

Кесене төрт бұрышты портал типті болып келіп, қабырғасының биіктігі 6 метрге дейін барады. Үсті сауыт тәріздес күмбезбен көмкерілген ескерткіштің алдыңғы фасадында кіру орны орналасқан. Ішінде биіктігі 1,5 метрлік саркофаг орналасып, оның үстіне қойтас қойылған.

Атырау облысының Құрманғазы ауданында орналасқан кесене 2000 жылдың қыркүйегінде аталмыш облыстың бұрынғы әкімі И. Тасмағамбетовтің қолдауымен кәсіпорындар мен мекеме, ұйым, жекелеген адамдар демеушілігі негізінде салынған. Суретшісі – Мақсот Нұрқабаев.

Біраз жол жүріп, ҚР-ның Әнұранының сөзін жазған көрнекті ақын Жұмекен Нәжімеденовтің кіндік қаны тамған, Сүрхан өзенінің бойында орналасқан ақын атындағы ауылға соғып аялдадық.

Ақын туған ауылдың табиғатын көргенде «Менің Қазақстаным!» әнұранын еріксіз шырқайсың. Жұмекен ақын жырға қосқан қасиетті мекеннің киелі топырағын басып тұрып, мынадай аруақты жерде дүниеге келген адамның ақын немесе батыр болмауға қа-қысы жоқ шығар деген оймен өзенге рақаттана шомылдық.

* * *

Келесі күні экспедиция құрамын Ресей Федерациясының Астрахан облысына қарасты Краснояр ауданындағы ағайындар қарсылап алды.

Аудан басшысы Нұрғали Байтеміров әкімшілік ғимараттың мәжіліс залында топ құрамына жылы лебізін арнап, экспедиция жұмысына сәттілік тіледі.

Нұрғали Исмағұлұлының айтуынша, Краснояр өңірінде 50-ден астам ұлт өкілдері бір-бірімен тату-тәтті тұрады. Өндіріс орындары көптеп саналатын өңірде ең басты байлық – ұлттар мен ұлыстар арасындағы ынтымақтастық.

Тарихқа бай өңірде қазақ халқының ұлттық салт-дәстүрлеріне ерекше мән берілген. Домбырашылар ансамблі тұрақты жұмыс жасайды екен.

25 жылдық тарихы бар «Жолдастық» қазақ мәдени қоғамдастығының жұмысы өрлеп-ақ тұр.

Одан соң экспедиция жетекшісі Айболат Құрымбаев сөз алып, естелік сыйлықтармен алмасты.

Түске таман топ Бөкей хан жерленген жерге барып, хан рухына Құран бағышталды.

Кесененің қасында Бөкей ханның бәйбішесі Атан ханым кесенесі және Сейіт-баба зираттары бар.

Сейіт-баба қарағаш-ноғай руының Сейіт-алтыаяқ тармағынан тарайды. 17 жасында Египетке оқуға кеткен, Бағдат, Үндістан және Түркістанда діни оқулар оқыған. Ноғай даласы мен Бөкей хан ауылдарында діни сабақтар жүргізген. Бөкей хан мен Сейіт-баба мұражай кешеніне келіп, тәу етушілер өте көп.

Кешкісін Володар ауданы Козлов ауылына ат басын тіредік. Ауыл тұрғындары ақ дәм ұсынып, қарсы алды.

Әйгілі күйші Дина Нұрпейісова мекен еткен өлкеде нағыз қазақтар шоғырланған. Өзіңді туған ауылыңда жүргендей сезінесің. Табиғаты тамылжып тұр. Халқының өзі қандай. Құдды түгелімен күй құдіретінен жаратылғандай. Ауылдағы көнекөз қариядан бастап, кез келген қарадомалаққа дейін домбыра шертеді. Бұл осы ауылда мекен еткен күй анасына деген тағзым болса керек-ті.

Мәдениет үйінде дастарқан басында емен-жарқын әңгіме орнап, жергілікті өнерпаздар әннен шашу шашып, мерекелік көңіл күй орнатты.

Ауылдың атқамінерлері Роберт Дүйсембиев пен Татьяна Афанасьева сөз алып, екі мемлекет арасындағы достықтың нығая беретіндігіне сенім білдірді.

Бізді қызықтырғаны, аталмыш ауылда тұратын қазақтың дүлдүл күйшісі Дина Нұрпейісованың қайын інісінің баласы, ауыл ақсақалы Өтеген Сарыбаевтың тағылымды әңгімесі.

– Дүлдүл күйші Дина Нұрпейісованың әкесі Кенже де домбыра ұстаған кісі. Ауылға сол себепті Құрманғазы, Мәмен, Түр-кештер жиі келетін. Дина шешеммен замандас болған адамдармен кезінде көп сөйлестім. Ол кісі адамгершілігі мол адам болатын. Тіпті жол жүріп бара жатып, жылаған сәби көрсе, жолынан бөгеліп, сол сәбиді жұбатып, сосын барып жолға қозғалатын. Бес-алты жыл бойы ауылдың бір ауқатты адамы жыл сайын Дина шешемнің үйіне соғымға өгіз беріп тұрған. Ондағы ойы күйші өнерін құрметтеу, оның басқа жаққа көшіп кетпеуін тілеу еді.

Менің анам он сегіз жасқа толар-томастан сол кісінің қолына келін боп түскен. Дина шешей анама таза жүруді, жинақы болуды, иманды болуды үйреткен.

Олар бұл өлкеге Бекетай құмынан 1923 жылдары көшіп келгенге ұқсайды. Содан осы ауылды мекен етіп, 1936-37 жылдары Алматыға көшкен.

Менің есімде қалғаны, бірде жаулығы бар қара кемпір келіп, суық тиіп қалған мені ұшықтап, шешеме: «Сосын шомылдырып аларсың» дегені бар. Бақсам, ол Дина шешей екен. Ол кезде мен екі-үш жастағы баламын, — дейді Өтеген атай.

Түн қараңғылығы қоюлана ауыл тұрғындарымен қош айтысып, Алтынжар елді мекеніне бағыт алдық.

* * *

Астрахан облысы Володар ауданы Алтынжар ауылына сапарымыз Құрманғазы Сағырбаев атындағы аймақтық мәдени орталықтағы мұражай жұмысымен танысудан басталды.

Мұражай іші естелікке толы. Ұлы күйшінің ғұмырын түгелдей сөйлетіп тұр. Мұражай қызметкерлері даңқты күйшінің өмірі туралы, шығармалары, оның шығу тарихы туралы жатқа біледі. Мұражайды тамашалағаннан кейін, қызметкерлерімен естелікке суретке түстік. Мұражаймен таныстырған Жұмағыз Иманбаева зейнет жасынан асып кетсе де, тірлігін осы бір құнды орынмен байланыстырған жан екендігін көрсетті.

Одан соң Құрманғазы бабамыздың кесенесіне барып, дұға қылдық. Кесене өте сәулетті. Сәулетті кесенеден дәулескер күй-шінің күмбірлеген күміс күйін ұқтық.

Құдіретті күй атасының күміс күйінің құдіреттілігі ме, кім білген, Алтынжар ауылындағы шағын көлде тұңғиық гүлі өседі екен.

Ұзындығы 8 шақырым, ені 300 метрді құрайтын су бетінде өсетін гүл шілде-қыркүйек айларында ғана гүлдейді. Оның емдік қасиеті де соншалық, шаршаған адамға күш бітіреді. Тұңғиық деп аталатын гүл «Қызыл кітапқа» енген. Күзге таяу тұңғиықтың кішкене құмыра тәрізді жемісі піседі. Шынында, гүл атауы жемісінің құмыраға ұқсас келетініне байланысты қойылған болса керек-ті. Тұңғиықтың жақсы гүлдеуі судың ағысына және күн көзіне байланысты. Тұңғиық гүлі тез өседі, үш күн сайын жаңа жапырақ шығарады екен. Тұңғиық шығыс халқында «қасиетті гүл» деп есептеледі.

Гүлдер әлемінен қанат алып, түске таман Астрахан қаласына жол тарттық.

Қалада алдымен «Астрахан кремліне» соғып, оның тарихымен егжей-тегжейлі таныстық. Ол жөнінде бізге толыққанды шолунама жүргізген – тарих ғылымдарының кандидаты Виктор Викторин.

Астрахан облыстық музейін аралап, ондағы көне жәдігерлер ерекшелігіне көз жүгірттік.

Кешке таман Астрахан мемлекеттік университетінде дөңгелек үстел ұйымдастырылды. Онда Батыс Қазақстан облысы мен Астрахан облыстары арасындағы мәдени-тарихи байланыстарды нығайта түсу жайы сөз болды.

Кешкісін «Жолдастық» қазақ мәдени бірлестігінің төрағасы Никита Ысқақов арнайы дастарқан жайып, арада тағылымды әңгіме өрбіді.

* * *

Экспедицияның бесінші күні Астрахан облысы Қарабайлы ауданы Ақтоба ауылындағы қорымда орын тепкен қазақтың белгілі күйшісі Сейтек Оразәліұлының зиратына дұға етуден басталды.

Ауыл ақсақалы баба рухына Құран бағыштап, ал экспедиция мүшелері атынан өлең оқылды.

Сейтек Оразалиев – 1861 жылы Бөкей ордасы жерінде дүниеге келген, төкпе күйдің шебері. Домбырада алғаш ойнауды ағасы Шошақтан (Сұлтанғали) үйренген.

Сейтек патша үкіметінің қудалауына ұшырап, Орда, Иркутск, Астрахан, Мәскеу (Бутырка) түрмелерінде отырған. 1897 жылы Сібірге жер аударылған. Осы кезеңдерде «Айдау», «Түңілдім», «Арман» күйлерін шығарған. 1905 жылы айдаудан босатылып, туған жеріне оралады. Анасы мен ұлының қазасын естігенде «Жоқтау», «Ғазиз» күйлерін шығарады.

2013 жылы Атырау облысының әкімі Б. Ізмұхамбетовтің тапсырмасы бойынша Сейтек бабамыздың  басына  құлпытас  қойылған.

Ақтоба ауылының мәдениет үйінде ұлы күйші Сейтек бабаның өмірі мен шығармашылығына арналған мәдени іс шарада жергілікті басшылар Оразғали Бекболатов, Елена Головач, Құмар Себекбаев сөз алып, достық пен татулық турасында келелі сөз айтты.

Бұл ауылда да қазақы тірлік, қазақтың ішкі жан дүниесінің бергі беттегі біздің ауылмен кіндіктес, тіпті аса ұқсас екендігін көріп, қайран қалдық. Сөйтсем, мына сары жазық, өзен, шатқалдардың бәрі біз өскен ауылдан аумайды екен…

Ал Селиторные ауылында бізді тарихшы ғалым, археологиялық-тарихи мәдени орталығының директоры Евгений Пигорев қарсылап алды.

Одан соң Селиторное ауылы маңында орналасқан «Сарай Бату» туристік кешенін аралап тамашаладық.

Бұл жерде 2010 жылы Ресейдің «Мосфильм» киностудиясы «Орда» фильмін түсірген. Режиссері Андрей Прошкин. Фильм екі айға жуық аралықта жүріп, үлкен шаруа тындырылыпты.

Сонымен қатар бұл күні Селиторное қалашығындағы Алтын орданың астанасы Сарай-Бату қаласының (ХІІІ-ХV ғ.ғ) орнына қойылған республикалық маңыздағы ескерткіш маңында жүргізіліп жатқан археологиялық қазба жұмыстарымен таныстық. Ол жөнінде ресейлік ғалым Е. Пигорев толыққанды тарихи деректерін жайып салды.

Қараңғылық қоюлана далалық жағдайда шатыр тігіліп, алау жанында ән шырқалды.

* * *

Таңмен ерте тұрып, Ресейдің Ахтубинск әскерилер қалашығына бет алдық. Боғда тауының басына шығып, үңгір астына түстік. Басқұншақ елді мекеніне аз-кем аялдадық. Түсте әскери қалашықтағы өлкетану мұражайында болып, жәдігерлермен таныстық. Бұл өлкедегі біздің нақ сүйе-неріміз Елена Эдуардова болды.

Чуваш қызының қонақжайлығы сондай, жұбайы кавказ ұлтының өкілі Арсен екеуі түн ортасы ауғанша әскери қалашықтың көрікті жерлерін аралатып, біздің құрметімізге мерекелік дастарқан жайды.

* * *

Ертесіне Волгоград облысы, Ленинск ауданы Царев ауылындағы Сарай-Берке қалашығының орнында болдық. Одан соң Волгоград қаласына жол тарттық.

Волгоград шаһарында орналасқан атақты Мамай қорғанын сөзбен суреттеп жеткізу мүмкін емес, оны көру ғана керек. «Отан ана шақырады» атты алып ескерткіш өткен ғасырдың 50-ші жылдарында Сталинград шайқасына қатысқандардың құрметіне қойылған.

Биіктігі 85 метрді құрайтын ескерткіш қаланың қай бұрышынан қараса да көрінеді.

Негізі Мамай қорғаны – Жер кіндігі. Оған байланысты аңыз-әңгімелер де бар. Ерте ғасырларда бұл өлкеде өмір сүрген сармат тайпасының батыр ханшайымы осында жерленген деген әңгіме де жиі айтылады. Үлкен оба да тұрғызылған.

Ханшайымды бүкіл жасау мүлкімен, қолына ұстаған қасиетті қылышымен жерлеген. Кейіннен бұл жер зиярат ететін мекенге айналған.

Мамай қорғанында орналасқан Кеңес Одағының Батыры Нұркен Әбдіровке орнатылған ескерткіш-белгіге гүл шоқтары қойылды. Айта кету керек, батыр қала Волгоградты жаудан азат еткендер қатарында батысқазақстандықтардың да аз болмағаны тарихтан мәлім.

Сонымен қатар қала ішіндегі Еділ өзені, Батырлар аллеясы, Волгоград облыстық тарихи-өлкетану мұражайына мәдени саяхат жасадық. Мұнда бізге музей саласының айтулы мамандары Ирина Карева, Наталья Хабаровалар қолұшын берді.

* * *

Палласовка ауданы Кумыска ауылына барған сапар емдеу-сауықтыру шипажайының тыныс-тіршілігімен  танысуға  негізделді.

Бұл өлке – Жәңгір ханның жайлауы болған жер. Тарғын өзенінің бойындағы аталмыш мекенде 130 тұрғын болса, оның 90-ы емдеу-сауықтыру шипажайында қызмет етеді.

Мұндағылар қымыз дайындау кәсібімен айналысады. Екі үйір жылқы бағылады. Ал енді қымыз дайындау технологиясы Жәңгір хан кезінен сақталынып қалғанға ұқсайды. Себебі қымыздың дәмі мүлдем бөлек.

Жәңгір ханның тұсынан сақталған көне 5 ғимаратты кездестіріп, суретке түсіріп алдық. Ол үйлер ағаштан салынып, ерекше сәулет өнері негізін сақтаған.

Түс ауа Эльтон ауылына табан тіреп, жергілікті тұрғын Смағұл Мұнтаевтың жеке мұражайын араладық.

Көрші Ресейде тұрып жатып, аула ішінен киіз үйлер тігіп, мұражай ашқан ел ардақтысының өнегелі ісіне таңғалдық.

Мұражай кәдімгі жайлау, үп еткен дауысыңды естіп қояр саққұлақ шекарашылар бар демесең, қазақтың киіз үйін тігіп, биесін байлап, сабасын күрпілдеткен, қаймағы бұзылмай тұрған ежелгі тірлікті  баяндағандай  әсер  береді.

Өрге салса, төске озған күрең жорғадай тайпалған мұражай қожайыны Смағұл Мұнтаевтың әңгімесіне елітіп, «Бұрынғы атамызға сыйға берген, біздерде мынандай бар, мынандай бар» де-ген бабалардың сөзі рас екен-ау дестік.

Кешқұрым тұзды көл Эльтон көлі жағасында болып, бұлақ басында бас қостық.

* * *

Экспедицияның тоғызыншы күні Бөкей ордасы ауданының Сайқын, Хан ордасы ауылдарында болып, жергілікті жердің тарихи орындарымен таныстық.

Жәңгір ханның кесенесінде болып, мұражай кешенін араладық.

Келесі күні біз мінген көлік Жаңақала ауданы орталығына келіп тоқтады. Онда аудан әкімі орынбасарының қабылдауында болып, сапар қорытындысы жария етілді.

Жаңақала аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Қалаубек Теміров те өзіндік ойын ортаға салды.

Он күнге созылған тарихи экспедиция 3400 шақырымды артқа қалдырып, тарихтың жаңа беттерін ашуға тырысып, келбетті де сәулетті кесенелер мен ата-баба тарихынан сыр шертер көне қала орындарынан терең хабар-мағлұмат ала білді.

Экспедицияны ұйымдастыруға «Ғылыми зерттеулерге жәрдем қоры» жеке қоры, «DANAkaz» журналы, «Chem invest» ЖШС, «Регион холдинг» ЖШС, М. Жәкібаевтың продюсерлік орталығы, «Ұлттық стандарт» сертификаттау орталығы, Жаңақала ауданы әкімдігі қолдау көрсеткен болатын.

Осылайша Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған онкүндік экспедициядан жылға бергісіз рухани азық алып, елге оралдық.

Ертай БИМҰХАНОВ,

Орал-Атырау-Астрахан-Волгоград-Орал


«Азық-түлік 5-10 теңгеге ғана қымбаттады», – дейді қалалық кәсіпкерлік бөлімінің басшысы

Күні: , 870 рет оқылды

DMS_9054


Бейсенбіде  Орал қалалық кәсіпкерлік басқармасы БАҚ өкілдерін қатыстыра отырып,  сауда орындарына рейд  ұйымдастырды. Рейд жұмысына қалалық кәсіпкерлік бөлімінің басшысы Ринат Шәуенов, «Мирлан» базарының директоры Тагира Журавлева қатысты.


Аталмыш базар басшысы Тагира Журавлева журналистерге азық-түлік сататын бөлімдерді аралатып жүріп, базар әкімшілігінің жұмысы жөнінде баяндады. Оның сөзінше, қазір аталмыш базарда 8 ірі сауда павильоны бар және осындағы сауда нүктелерін 3000 адам жалға алып, саудасын жүргізіп отыр. Мұндағы азық-түлік, негізінен жергілікті фермерлердікі, бірақ Ресей, Өзбекстан секілді алыс-жақын шетелдерден келетін өнімдер де аз емес.

— Ал енді базардағы азық-түлік бағасына келер болсақ, бұған біздің қатысымыз жоқ. Біз тек сауда жасаушыларға қолайлы жағдай ғана туғызамыз. Басқаша айтқанда, біз де, олар да кәсіпкерлерміз, яғни серіктестерміз. Тауар бағасын әр сатушы сатып алған бағасына қарап, өзі белгілейді. Біздің оларға барып, «азық-түлік түрлеріне бағаны олай қой, былай қой» деп нұсқау беруге қақымыз жоқ. Негізінен тауарларға орташа баға қойылады. Сатылымдағы тауар бағасына жергілікті әкімдік, базар әкімшілігі және табиғи монополияларды реттеу агенттігінің облыстық департаменті мониторинг жасайды. Соңғы құнсызданудан кейін тамақ бағасы соншалықты жоғары деңгейде көтеріле қойған жоқ. Бағаның қатты көтерілмеуіне базар әкімшілігі де ықпал етіп отыр. Мысалы, біз құнсызданудан кейін жергілікті фермерлердің сауда нүктесінен жалдау құнын алған жоқпыз. Әдетте одан кейін тұрмысқа қажетті заттың барлығы да қымбаттайды емес пе? Міне, осындай жағдайда сырттан келген затты қымбат бағаға сатып алған саудагерлерге, бір жағынан, көмек болсын деп, екіншіден, олар тауарды халыққа арзандау бағамен ұсынсын деген ниетпен осылай істедік. Бүгінде соның игілігін көріп отырмыз, нәтижесінде біздің базарда азық-түлік бағасы онша қымбат емес. Жалпы, біз сауда орнын жалдау құнын соңғы үш жылда көтерген жоқпыз, — деді бізбен әңгімесінде базар басшысы.

Осы жерде журналистер базардағы азық-түлік бағасының түрлі екенін айтып, мұның себебін сұрады. Журавлева бұған зат-тардың бюджеттік және элиталық болып екіге бөлінетінін, олардың қай түрін сатып алушы қалтасына қарай таңдайтынын айтты.

Ет базарын аралағанда байқағанымыз, ет өнімдерінің бағасы, шынымен де, онша көтерілмепті. Қой еті мен сиыр еті 800-880 теңгенің, ал жылқы еті 1000-1100 теңгенің аралығында. Сүйексіз таза еттер осы бағалардан 500-600 теңгеге қымбаттау. Қазының келісі де бұрынғыдай 2 200 теңге күйінде. Журавлеваның айтуынша, базардағы ет-сүт өнімдері күн сайын міндетті түрде осындағы арнайы зертханада тексеріледі. Және етті зертхананың рұқсат қағазын алғандар ғана сатады. Ол сондай-ақ базарда ет сақтайтын мұздатқыштар мен ет өнімдерін тасымалдайтын арнайы арбалар бар екенін және олардың ережеге сәйкес тазартылып, залалсыздандырылатынын айтты. Рейд барысында ет сатып тұрғандар сауданың жоқтығын айтып, «жылап» тұрды. Журавлева мұның себебін халықта қаражат жоқтығымен байланыстырды.

Бұдан кейін сүт өнімдері павильонына бардық. Мұнда сүттің бір литрі — 200-250 теңге, сүзбенің бір келісі – 400-700 теңге болса, қаймақтың бір литрі 2000 теңгеден бір-ақ шыққан. Үй майы да жаздағыдан қымбаттапты, бір келісі -1800-2000 теңгеден.

Сырттағы сауда нүктелерін шолып шыққандағы байқағанымыз, күнделікті өмірде ең көп қолданатын кәдімгі шайымыз, оның ішінде «Жамбо», «Пиала», «Чемпиондар» бұрынғы бағасынан 100-110 теңгеге қымбаттапты. Құнсыздануға дейін аталған шайлардың 200 грамдығы 400 теңгеден сатылған болатын. Сұйық майдың 5 литрі бұрын 1050-1200 теңгеден болса, қазір олар 1600-1850 теңгеден сатылуда. Осы майдың 1 литрі 300 теңге болыпты. Құмшекер бұрын 150-160 теңге болса, бүгінде оның келісі 200 теңгеден. Сатушылар тауарларды жеткізушілерден қымбат бағамен алатындарын, өздерінің бұларға тек 7-8 пайыз ғана үстеме баға қосатындарын айтты.

— Биыл тамыз-қазан айы аралығында қала тұрғындары үшін азық-түлік жәрмеңкесін ұйымдастырдық, соның нәтижесінде қалалықтар қысқа ертерек қамданып, азық-түлік қорын жинақтап алды.

Қазір өздеріңіз көріп тұрсыздар, әлеуметтік маңызы бар азық-түлікке баға көп өспеген, былтырғыдан көп айырмашылығы жоқ, тек 5-10 теңгеге ғана қымбаттаған. Жалпы, құнсызданудан кейін екі айдан астам уақыт өтсе де, қалада азық-түлік бағасы аса қатты көтерілген жоқ. Баға бойынша жедел желі үздіксіз жұмыс істеп тұр. Кейде тұрғындар дүкендердегі тауарлардың тым қымбаттығын айтып, телефон шалады. Мұндай жағдайлар, көбінесе, қаланың шет жағындағы сауда орындарында кездесіп қалып жатады. Ондай кезде өкілетті қызметкерлер сол жерге барып, түйткілді мәселені жедел шешуге тырысады. Жалпы, барлық тауардың белгіленген шекті бағасы болады. Егер кәсіпкерлер азық-түлік өнімдерін осы белгіленген бағадан асырып сатса, онда оларға айыппұл салынады. Базарлардан басқа қалада 6 супермаркет бар, олардың әрқайсысында әлеуметтік маңызды тауарларға арналған арнайы бұрыштамалар бар, — деді бізге рейд барысында сұхбат берген қалалық кәсіпкерлік бөлімінің басшысы Ринат Шәуенов. Дегенмен, облыс халқы тек өзімізде өндірілетін ет пен рожкиді ғана тұтынбайды ғой. Солай болған күнде де, Шәуенов айтқан әлеуметтік маңызы бар басқа да азық-түліктер тек 5-10 теңгеге қымбаттады дегеніне кім сенеді?

Біз осы жерде оған қазір ғана шай мен сұйық май және басқа да азық-түлік бағасына өзі айтқандай, 5-10 теңге емес, одан да көп қосылғанын көзімізбен көргенімізді айттық. Бұған жауап ретінде ол жергілікті өнім бағасының оншалықты қымбат емес екенін, ал шеттен әкелінетін тауарлар бағасының енді-енді түсіп келе жатқанын жеткізді. Жас шенеунік журналистерге сұхбат берер  алдында «Қазақша  айтасыз ба?» деген бір әріптесіміздің өтінішіне: «Алдымен орысша айтайын, қалғанын кейін көрерміз» деп өзінің туған тілін кері ысыра сөйледі. Өкінішке орай, мемлекеттік қызметкерлер қатарында өздері ұйымдастырған жиындарда көбінесе орыс тілінде сөйлеп және сонысын мақтаныш көріп тұратын осындай басшылар уақыт өткен сайын көбейіп келеді. Оларға облыс басшылығы тарапынан ескерту жасалып жатса да, неге екенін кім білсін, әзірге айылдарын жияр емес… Рейд ұйымдастырушылары бұдан соң бізді орталық әмбебапта орналасқан «Атаба» супермаркетіне бастап апарды. Мұнда супермаркет әкімгері Бибінұр Ғұсманова бізге бірден әлеуметтік маңызы бар өнімдерге арналған арнайы бұрыштаманы көрсетті. Бұрыштамада тамақ өнімдерінің неше түрі тұр. Бір байқағанымыз, мұнда негізінен өзіміздің отандық өнімдер екен. Бірақ «Желаев» нан өнімдері комбинатының өнімдерінен (астық, рожки, вермишель) басқасының бағасы базардағыдан әжептәуір жоғары екен. Мысалы, 1 литр сұйық майдың бағасы – 400 теңге, тұз – 52 теңге, тары – 257 теңге, 500 грамдық «Рахмет» шайы 810 теңгеден. Тіпті «Шедевр» майының қасында тұрған өңірімізден шығатын «Белес» атты күнбағыс майы да 400 теңгеден сатылуда.

— Супермаркетте 35 мыңнан астам тағам түрлері сатылады. Қалада «Атабаның» бес бөлімшесі жұмыс істейді. Олардың барлығында да арнайы әлеуметтік бұрыш жұмыс істейді. Зейнеткерлер бұл бұрыштан өнімдерді төмендетілген бағамен сатып алады. Зейнет жасындағы адамдарға азық-түлік өнімдері күн сайын сағат 11.00-14.00 аралығында 10 пайыз және сағат 9.00-20.00 аралығында 5 пайыз жеңілдікпен босатылады, — деген Бибінұр Ғұсманова күн сайын 800 мыңға жуық адамның осында келіп, сауда жасайтынын айтты. “Апырмай” дедік біз іштей, бүкіл облыс халқының саны 800 мыңға жетпейді… Қалғандары табан тоздырып көрші облыстардан осы “Атабаға” келетін болып тұр ғой…

Осы жерде біз тұра қалып, супермаркеттің қарттарға жасаған жеңілдігін есептеп көрдік. Сөйтсек, бұл жерден қарттарымыз тауарларды базардағыдан да жоғары бағамен сатып алады екен. Мысалы, «Шедевр», «Белес» сұйық майлары осы бұрышта 400 теңге тұрады. Ол тіпті базарда 300 теңге тұрады. «Атабадағы» әлеуметтік бұрышта тұрған сұйық майларды 5 пайыз жеңілдікпен сатқанда, оның «жеңілдеген» бағасы — 380 теңге, ал 10 пайыз жеңілдікпен 360 теңге тұрады екен. Сондай-ақ тұз дегеніңіз базарда 35-40 теңгеден толып тұрғанда, мұнда 52 теңге. Сонда мұның қай жері әлеуметтік бұрыш және мұны олар рейд мүшелеріне не үшін көрсетіп тұр? Түсінсек, бұйырмасын…

P.S.   Рейдтен кейін келесі күні орталық базарға әдейі соқтық. Өткендегі 800-880 теңгенің еттері 900-950 теңге болып тұр. Тағы да түк түсінбедік…

Айша ӨТЕБӘЛІ,

«Орал өңірі»

Тұрғаным  АЙБЕРСИЕВА,

Белес  ауылының  тұрғыны:

— Мен осы базарға күн сайын келемін. Құнсызданудан кейін тамақ бағасы қатты көтеріліп кетті. Әсіресе, шай мен сұйық май. Көп балалы жанұяларға обал болды. Өзім ауылдан келіп сүт өнімдерін сатамын да, содан түскен ақшаға азық-түлік сатып алып жүрмін. Сондықтан бұл жердегі тамақтың бағасын бес саусақтай білемін, күнде өзгеріп жатады. Базардағылар заттардың бағасын осындай басшылар келіп, тексергенде ғана азайтып қояды. Ал олар кеткен соң, баяғы қалпына келтіреді. Оның не жасыратыны бар?


Атыраудан бірінші жүлдемен

Күні: , 185 рет оқылды

IMG_4873


Атырауда мәреге жеткен белгілі жазушы-драматург, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Парасат» орденінің иегері, Атырау қаласының құрметті азаматы Рахымжан Отарбаевтың халықаралық театр фестивалінде Батыс Қазақстан облыстық қазақ драма театры бірінші орынды иеленді.


Батысқазақстандық театр Р. Отарбаевтың туындысы негізінде «Жәңгір хан» реквиемін (режиссері Мұқанғали Томанов) қойды. Жәңгір ханның бейнесін сомдаған Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ербол Есендосовтың айтуынша, Махамбет рөлінде сахнаға шыққан театр директоры Қуаныш Амандықов «Ең үздік ер адам рөлі» аталымын қоса еншіледі.

Асанәлі Әшімов бастаған қазылар алқасы және мамандар батысқазақстандық театрдың өнерін, соның ішінде М. Томановтың режиссерлік шеберлігін жоғары бағалады.

Барлығы 12 театр, соның ішінде Қырғызстан мен Моңғолиядан кәсіби өнер ұжымдары қатысқан Р. Отарбаев фестивалінің бас жүлдесін М. Әуезов атындағы қазақ мемлекеттік академиялық драма театры жеңіп алды. «Әкемтеатр» Рахымжанның «Бейбарыс сұлтанын» сахналады. Сондай-ақ Махамбет атындағы Атырау облыстық қазақ драма театры мен Т. Абдымомынов атындағы Қырғыз ұлттық академиялық драма театры – екінші, Шығыс Қазақстан облыстық Семейдің Абай атындағы мемлекеттік қазақ музыкалық драма театры мен Қ. Жандарбеков атындағы Жетісай драма театры үшінші орынға көтерілді. Астана қаласындағы Қ. Қуанышбаев атындағы мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театрының режиссері, Батыс Қазақстан облысынан түлеп ұшқан Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Нұрлан Жұманиязов «Ең үздік режиссер» атанды.

Еске сала кетейік, бұл – Батыс Қазақстан облыстық қазақ драма театрының осымен биылғы үшінші жүлдесі. Бұған дейін театр Керчь қаласында өткен «Боспорские агоны» атты халықаралық антикалық өнер фестивалінің және Өскемен қаласында ХХІІІ республикалық театрлар фестивалінің бас жүлделерін жеңіп алған болатын.

Елжан ЕРАЛЫ


Жемқорлыққа жол жоқ

Күні: , 99 рет оқылды

IMG_6231


Жақында БҚО бойынша экология департаменті «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы» ҚР заңына енгізілген өзгерістер мен толықтырулар туралы дөңгелек үстел отырысын өткізді.


Дөңгелек үстелге ҚР Мемлекеттік қызмет істер және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің БҚО бойынша департаменті, «Нұр Отан» ХДП БҚФ, Үкіметтік емес ұйымдар өкілдері қатысты.

– Мемлекеттік қызметшілердің жауапкершілігі, олардың тиісті заң талаптарын сақтаумен ұштасады. Яғни мемлекеттік қызметші неғұрлым заң шеңберінде жұмыс жасаса, соғұрлым мемлекетіміздің абыройы биіктей түседі. Заңдардың орынсыз  бұзылуына жол бермеу біздің басты мақсатымыз болып қала бермек. Біздің департамент бұл бағытта біркелкі жұмыстар атқарып келеді. Департамент қызметі барысында сыбайлас жемқорлық пен құқықбұзушылықтардың  алдын алу мақсатында құзыретті органдармен дөңгелек үстел отырыстары өткізіліп, мамандар арасында пікір алмасу, түсіндіру жұмыстары  жүргізіліп тұрады. Департамент қызметінде осы уақытқа дейін сыбайлас жемқорлық фактісі тіркелген жоқ, — деді экология департаменті басшысы Қабижан Қапанов өз баяндамасында.

Дөңгелек үстел барысында жиналғандарға ҚР Мемлекеттік қызмет істер және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің БҚО бойынша департаменті мамандары заңға енгізілген өзгерістер мен толықтырулар туралы түсінік берді.

Нұрбек ОРАЗАЕВ,

«Орал өңірі»

Суреттерді  түсірген  Темірболат  ТОҚМАМБЕТОВ


БҚО, Орал қаласы, Мұхит көшесі, 57/1
zhaik_presscenter@mail.ru
oral_oniri@inbox.ru
support@oraloniri.kz

Орал өңірі" газетінің бас редакторы: 51-25-80
Бас редактордың орынбасарлары: 24-17-08, 54-18-08
Жауапты хатшы: 54-38-22
Тілшілер: 50-66-88, 51-50-34
Жарнама бөлімі: 51-51-09
Яндекс.Метрика