Мұрағат: Ноябрь, 2015


Электронды шот-фактураңды дайында

Күні: , 118 рет оқылды

DMS_4769


Сәрсенбіде облыстық мемлекеттік кірістер департаменті облыстық кәсіпкерлер палатасымен бірігіп семинар ұйымдастырды. Кедендік төлемдерді әкімшіліктендіру жағдайын түсіндіру мақсатында өткен шараға сала мамандары мен жергілікті кәсіпкерлер қатысты.


Жиынды жүргізген облыстық мемлекеттік кірістер департаменті басшысының орынбасары Бауыржан Қайдаров  жиналғандарды күн тәртібімен таныстырды.

– Қазақстан ДСҰ-ға кіру үшін 19 жыл бойы жұмыстанды. Соның нәтижесінде біздің еліміз 3877 тауар түріне Кедендік баж ставкасын  төмендетуге қол жеткізді, оның ішінде дәл қазіргі уақытта 1347 тауар түріне кедендік баж ставкасы төмендетілген. Қалған бөлігі 2020 жылға дейін жүзеге асырылмақ. Қазіргі таңда ЕЭО елдерінің арасында төмен бағалы тауарлар мәселесіне байланысты келіссөз жүріп жатыр. Бұл жұмыс 15 желтоқсанға дейін аяқталуы тиіс. Осыған орай салық төлеушілер ағымдағы жылдың 5 желтоқсанына дейін шот-фактурасын электронды түрде толтыруға дайын болуы тиіс. Ол үшін бизнес өкілдері электронды сандық кілтке ие болуы тиіс, – деген Бауыржан Наурызғалиұлы  жиналғандардан бұл жұмысты тездетіп аяқтауды сұрады.

Cөз кезегін алған тауар номенклатурасы және кедендік құн басқарма басшысы Сағида Шәкенова қатысушыларға Еуразиялық экономикалық одақ елдерінің кедендік аумағындағы тауар тасымалына қатысты заңдылығын түсіндірді. Оның сөзінше, еліміз ЕЭО құрамындағы мемлекеттерге алыс шетелден арзан бағамен келген тауарларды тасымалдамауға міндеттенген. Ал егер ондай тауарлар біздің елден тасымалданған жағдайда төмен ставкамен алынған тауарлар бірыңғай кедендік тарифпен жіберілуі тиіс, яғни баға айырмашылығы теңестірілуі керек. Екіншіден, кәсіпкерлер  өз тауарларын ЕЭО елдеріне экспортқа шығарған жағдайда  құжаттарын өздерімен бірге алып жүруі тиіс. Ондай құжаттарға тауар туралы мәлімет және олардың саны, кедендік декларация нөмірі мен кедендік декларация бойынша тауардың тәртіптелген нөмірі, сондай-ақ тасымалданған тауарларға кедендік баж салығын бірыңғай кедендік тарифпен төлегендігі туралы анықтама. Бір ескеретін жағдай, тауар тасымалдаушылар ЕЭО-ға мүше елдердің талаптарын орындамаған жағдайда, заңға сәйкес жауапкершілікке тартылады.

Бұдан кейін сөйлеген облыстық кәсіпкерлер палатасының бөлім басшысы Эльмира Өтешева еліміздің ДСҰ-ға кіруіне байланысты тауар тасымалында көптеген өзгерістер болатынын айтып, ұжым қызметкерлерінің кәсіпкерлерге кеңес беруге қашан да дайын екенін жеткізсе, облыстық мемлекеттік кірістер департаментінің бас маманы Дина Қажығалиева семинар қатысушыларына шот-фактураның электрондық нұсқасын даярлау тәртібін түсіндірді. Дина Қанатқалиқызының сөзінше, шот-фактураның электрондық нұсқасын даярлау 2014 жылғы 1 шілдеден басталған. Шот-фактураның электрондық нұсқасы ақпараттық жүйеде тегін жүзеге асырылады. Ағымдағы жылдың 6 қарашасындағы мәлімет бойынша елімізде шот-фактураның электрондық нұсқасын  26 943 салық төлеуші пайдаланады. Оның ішінде жеке кәсіпкерлер – 4784, заңды тұлғалар – 6211, жеке тұлғалар — 15948. Еліміз бойынша аталған күнге дейін  801 737 электрондық  шот-фактуралар тіркелсе, соның 2477-і біздің облыстың үлесінде. Электрондық  шот-фактураны алу үшін ақпараттық жүйеге тіркеліп, электрондық сандық кілт алу керек. Электрондық сандық кілтті  салық төлеушілер халыққа қызмет көрсету орталығынан алады.

Айша ӨТЕБӘЛІ,

«Орал өңірі»


Жемқорлықтан жирену жетіспейді

Күні: , 844 рет оқылды

IMG_8026


Кеше облыс әкімдігінің жанындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес мәселелері жөніндегі аумақтық комиссияның отырысы өтті. Облыс әкімі Нұрлан Ноғаевтың төрағалығымен болған жиынға аудан әкімдері, жергілікті мемлекеттік құрылым басшылары қатысты.


Жиын барысында баяндама жасаған облыстық тексеру комиссиясының төрағасы Амангелді Нұғмановтың сөзіне қарағанда, 2014 жылдан бастап бюджеттік бағдарлама әкімгерлеріне мониторинг жүргізіліп келеді. Ол тәуекел деңгейі жоғары нысандарда заңбұзушылық туралы дер кезінде ескерту, анықтау және алдын алу шараларын жасауға мүмкіндік береді. Тескеру комиссиясы мемлекеттік мекемелер, кәсіпорындармен өзара іс-қимыл үдерісінде жергілікті бюджетті толықтыру, негізгі құралдар мен тауар-материалдық құндылықтарды тиімді пайдалану жөнінде ұсыныстар береді. Мұндай шаралар бюджеттік үдерістің талапқа сай жүзеге асуына оң әсерін тигізуде. Мәселен, 2013 БҚО ІІД-дағы бақылау нәтижелері бойынша жергілікті бюджетке түсетін әкімшілік айыппұлдарды уақты-лы әрі толыққанды өндіру турасында нақты тапсырмалар берілді. Соның нәтижесінде былтыр облыстық бюджетке түсетін салықтық емес түсімдер алдыңғы жылмен салыстырғанда 44 пайызға ұлғайды. Осындай іс-шаралардың арқасында азаматтық қызметшілер штатына қатысты заңбұзушылықтар жойылды. Мысалы, облыстық дене шынықтыру мен спорт басқармасына қарасты мекемелердің штаттық кестелері заңнамаға сәйкестендіріліп, бюджет қаражаты үнемделді. «Жергілікті бюджет қаражатын пайдалану заңдылығы мен тиімділігін тұрақты бақылай отырып, тексеру комиссиясы өзінің сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметінің басқа да бағыттарында жұмыс жасайды, — деді Амангелді Нұғманов.

– Қоғамдағы жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру бағытында құқық қорғау органдарымен, қоғамдық ұйымдармен және БАҚ-пен өзара жұмыс істейміз. Биылғы 11 ақпанда «Нұр Отан» партиясының БҚО филиалымен өзара түсіністік пен ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Осы құжат еліміздің бюджеттік және өзге де заңнамаларын бұзу деректері бойынша ақпарат алмасуға мүмкіндік беріп, құқықбұзушылыққа барған лауазымды тұлғаларға тәртіптік шаралармен қатар, партиялық тәртіптік шараларды қолдануға, Мемлекет басшысының жергілікті бюджетті сапалы атқару, бюджеттік саясаттың тиімділігін арттыру, қаржылық тәртіпті нығайту жөніндегі тапсырмаларын іске асыруға ықпал етеді».

Содан кейін сөз алған ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің БҚО бойынша департаментінің басшысы Әділхан Әшірбаевтің айтуынша, мембағдарламалардың орындалу барысын қадағалау бойынша жүргізілген жедел іс-шаралар нәтижесінде 13 қылмыс анықталды. Оның төртеуі «Нұрлы жол» бағдарламасын жүзеге асыру барысы аясында жасалған. Сондай-ақ департаментпен мемлекеттік сатып алуға қатысты лауазымды тұлғалармен жасалған 20 қылмыс анықталды. Мәселен, Теректі ауданының ауылдық округтеріндегі мал қорымдарын күтіп-ұстау жөнінде жалған актілер толтырып, мемлекетке 600 мың теңге шығын келтірген «Теректі мал жәрдемі» МҚК басшысы И. Бекетов соттың үкімімен бес жылға сотталды. Департамент шағын және орта бизнес қызметіне меморгандардың лауазымды тұлғаларының заңсыз араласуы мен кедергі келтіру деректеріне де баса мән беріп отыр. Жыл басынан бері осы бағытта 9 шенеунікке қатысты 11 қылмыстық істің өндірісі аяқталды. Биыл департаментпен сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін анықтау және талдау бойынша жұмыстар жүргізілуде. Мұндай іс-шара 33 меморганда өтті. Талдау жұмыстары көрсетіп отырғандай, сыбайлас жемқорлық тәуекелдері негізінен мемлекеттік қызмет көрсету барысында байқалған. Соған орай тиісті мекемелерге сыбайлас жемқорлық белгілерін болдырмау, алдын алу бағытында ұсыныс хаттар жолданды.

Биыл облыс аумағындағы сыбайлас жемқорлық көріністері туралы қоғамдық пікірді айқындау мақсатында әлеуметтік зерттеу жүргізілген. Мемлекеттік тапсырыс аясындағы бұл жұмыстарды «Қоғам – Общество – Society» ғылыми-зерттеу институты орындапты. Жиын барысында осы ұйым басшысы Асхат Аменов аталмыш әлеуметтік зерттеудің қорытындыларын жариялады. «Зерттеуге сыбайлас жемқорлық туралы ақпараттанған, облысымыздың 18 жастан асқан 1000 азаматы қатысты, – дейді ол. — Оның қорытындысына сәйкес, батысқазақстандықтар жемқорлықты шенеуніктер аппаратының іс-әрекетімен және мемлекеттік қызметтерімен байланыстырады, яғни респонденттердің пікірінше, сыбайлас жемқорлықтың мынадай көріністері қоғамда кең таралған: парақорлық (61,0%), жеке өз қамы үшін лауазымын (42,0%)  және мемлекеттік қаржыны (39,1%)  пайдалануы. Облыс тұрғындары соңғы үш-төрт жылда өңірімізде сыбайлас жемқорлық фактілерінің көбейгендігін айтты. Осы жерде ескертіп кететін жәйт, респонденттер көп жағдайда бұндай фактілерді жеке өз тәжірибелерінен емес, БАҚ-тағы мақалаларға (42,8%)  және қоғамдық ортаның әңгімелеріне (32,6%) негіздейді. Респонденттердің 30%-нан астамы белгілі бір қызметке тұру үшін пара беру, туыстық немесе басқа да байланыстарының көмегі қажет екенін айтады. Көп жағдайларда осындай әрекеттерге қызметке тұрушылардың өздері мұрындық болады. Бұл қоғамда сыбайлас жемқорлыққа деген төзімсіздік ахуалының жоқтығын, яғни жемқорлықтан жирену жетіспейтіндігін және тұрғындардың басым бөлігі өз мәселелелерін шешуде заңды бұзуға даяр екендігін көрсетеді.  Респонденттердің көпшілігі сыбайлас жемқорлықтың ең көп тараған жүйелері деп жергілікті атқарушы (37,3%) және құқық қорғау органдарын (35,3%) атады. Жемқорлық емханалар мен білім беру мекемелеріндегі қызметкерлер арасында аз емес. Зерттеу мәліметтеріне сәйкес, азаматтар мәселені заңды жолмен шешуге уақыттың, басқа да жолдардың болмауы себебінен (31,1%) немесе бәрі беретіндіктен және солай қалыптасқандықтан (15,8%) пара береді екен. Сауалнамаға қатысушылардың пікірінше, жемқорлықтың белең алуына шенеуніктердің табысы мен  шығыстарының дұрыс қадағаланбауы (27,0%), бюджеттік саладағы жалақының төмендігі (26,7%),  қоғамдық бақылаудың жоқтығы (14,6%) өз әсерін тигізіп жатқан көрінеді».

Жиынды облыс әкімі қорытындылады.

– Көпшіліктің көкейінде «Жемқорлық қашан пайда болды, қашан аяқталады?» деген сауалдар бар. Міне, осы індеттің кесірінен еліміз де көп шығын шегуде. Жалпы, бұл – әлем  елдеріне тән құбылыс. Мәселен, Иранның өзі жылына контрабандалық әрекеттерден 20 млрд. доллар зиян көреді. Еуропа елдерінде де жағдай осындай. Онымен күресу бағытында түрлі шаралар алынуда. Жаңа баяндамашылар сыбайлас жемқорлық ұлттық қауіпсіздікке кері әсерін тигізетінін атап өтті. Сондықтан мұндай келеңсіздікпен қоғам болып күреспесе болмайды. Бұл салада қызмет атқаратын органдарға барынша көмектесу керек. Осы жерде басқарма басшылары, аудан әкімдері, бейнелеп айтқанда, елдің қамы үшін атқа мінген азаматтар отыр. Сол себепті «Ертең қайда барамыз, не істейміз?» деген сұрақтарды да ойлай жүрейік деп айтқым келеді. Жаңағы әлеуметтік сауалнамаға қатысқан респонденттердің арасында «Билік жемқорлықпен күреске байланысты іс-әрекет жүргізіп отырған жоқ», «Бұл бағытта жұмыс жүріп жатыр, бірақ нәтиже жоқ» дегендердің пайызы басымырақ.  Бұл – ойландыратын  жағдай. Мұндайды болдырмас үшін тиісті шаралар алынуы керек. Мысалы, халыққа қызмет көрсету орталықтарында қызмет көрсетуші мен қызмет алушы арасындағы байланысты жою мәселелерін қарастыру қажет. Қазір сыбайлас жемқорлыққа қарсы көптеген жұмыс жүріп жатыр. Әкімшілік кедергілер біраз азайды. Бизнесті жүргізу үрдістері оңтайландырылды. Сенім телефондары орнатылды. Меморган басшыларының азаматтық қабылдаулары ұйымдастырылды. Сауалнамада мемқызметкердің еңбекақысының төмендігіне байланысты жемқорлыққа баратыны айтылады. Рас, мемқызметкердің еңбекақысы онша көп емес. Бірақ бүгінгі таңда олардың жалақыларын өсіру бағытында жұмыстар жүруде. Жалпы алғанда, мемлекеттік қызметте жұмыс көп. Бұл – абыройлы  қызмет. Оны атқару бізге жүктеліп отырғасын, сол сенімді ақтай білейік, – деді жиынды қорытындылаған  Нұрлан Ноғаев.

Сәкен  МҰРАТҰЛЫ


Балаларға қуаныш сыйлаған күн

Күні: , 108 рет оқылды

DSC_0028


Отбасылық үлгідегі облыстық балалар ауылында ата-ананың қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған «Ризашылық» қайырымдылық мерекесі өтті.


Бұл мереке «Бөбек» қорының президенті Сара Алпысқызының бастамасымен және ҚР Білім және ғылым министрлігінің қолдауымен жыл сайын дәстүрлі түрде ұйымдастырылып келеді.

Шараға шақырылған қонақтар назарына алдымен балалардың шығармашылық жұмыстары қойылған көрме, «Бөбек» қорының қамқорлығы туралы бейнефильм көрсетілді.

Мерекеге қатысушы қонақтар қамкөңіл балаларға деген құттықтаулары мен тілектерін жеткізіп, жомарт демеушілер сыйлықтарын табыс етті. Балалар ауылының тәрбиеленушілері ұйымдастырған концерттік бағдарламада әуенді әндер, мың бұралған билер орындалып, балаларға арналған қызықты ойындар мен эстафеталар өткізілді.

Мерекелік түскі астан соң А. Островский атындағы облыстық орыс драма театры ұжымы балаларды тамаша ертегісімен тамсандырды. Сонымен қатар балалар ауылының тәрбиеленушілері «Ақжайық» футбол командасы мүшелерімен бірлесе «Мен – чемпион» сайысына қатысты. Мұнан кейін «Галактика» ойын-сауық орталығына саяхат жасаған балалар қызықты ойындар ойнап, көркемфильмдер мен мультфильм көрді.

Кешкі мерекелік дастарқанда бас қосқан балалар «Ризашылық» мерекесінен алған әсерлерімен бөлісті.

Нұрбек ОРАЗАЕВ,

«Орал өңірі»

Сәулеш  ХАМЗИНА,  облыстық  білім  беру басқармасының  маманы:

– Дәстүрлі өтетін бұл қайырымдылық шарасы ата-ананың қамқорлығынсыз қалған балаларға қуаныш сыйлайтыны сөзсіз. Бүгінгі мерекеде «Бөбек» қорының президенті Сара Алпысқызының атынан арнайы сыйлықтар табыс еттік. Сонымен қатар  тұрақты демеушілеріміз де өздерінің жылы лебіздерімен қатар өз сыйлықтарын ұсынып, балаларды қуантты. Осындай игі бастаманың жанынан табылатын жомарт жандар  қатары  жыл  санап  көбейе  береді  деген  ойдамын.

Алена ТУРУСОВА,  балалар  үйінің  түлегі:

– Тағдырдың тәлкегімен 12 жасымда жетім қалып, балалар үйінде тәрбиелендім. Мектеп бітірген соң педагогикалық колледжде білім алдым. Бүгінде қаламыздағы «Сәуле» балабақшасында тәрбиеші болып жұмыс жасаймын. Бала кезімізде осы «Ризашылық» күні мерекесін асыға күтуші едік. Кім қандай сыйлық алып келеді деп үміттенгеніміз де жасырын емес. Сол күндер артта қалып, бүгінде оқу-білімнің, алға деген талпыныстың арқасында өмірден өз орнымды тапқандаймын. Сәбилерге қуаныш сыйлайтын осындай мереке, оларды қуанта білетін қамқоршы жандардың  бары  көңіл  қуантады.

Гүлжанель  ШУПЕНОВА,  балалар  ауылының тәрбиеленушісі,   8-сынып  оқушысы:

– Бүгінгі мерекеде біздің көңіл күйіміз өте жақсы. Бұл мерекенің мәні тек қайырымды жандардан сыйлық алу ғана емес, өз тарапымыздан да оларға қамқорлықтары үшін алғысымызды жеткізу деп түсінемін. Әр жыл сайын өтетін мереке өз жаңашылдығымен біздің есімізде қалады. Біздерге осындай жағдай жасап отырған ел ағаларына, білім-тәрбие беріп отырған аға-апаларымызға, қамқоршыларымызға тәр-биеленушілер атынан шексіз алғыс айтамын. Еңбектеріне табыс, отбасыларына  бақыт  пен  береке  тілеймін.


«Нұрдәулетіміз жүгіріп кетсе, шіркін!?»

Күні: , 796 рет оқылды

IMG-20151125-WA0000


Жақын күндерде Жәнібек Елеубаев деген азамат редакцияға арнайы келіп еді. Ақжайықтың Алмалысынан екен.


«Ағай, басымыздағы жағдайды айтып шағына келген жоқпын. Бір Алланың бұйыртқаны шығар… Мен сіздерге басымыздан өткен жәйтті баяндап, сіздер оны газетке жарияласаңыздар, басқаларға сабақ бола ма деп келдім. Сосын сол бағытта менің жасап жатқан амал-әрекеттерімнің біреуге болмаса, біреуге пайдасы тие ме деп келдім», — деді қырықтардағы жігіт ағасы. Сол бойда Жәнібектің басынан өткен жәйтті мұқият тыңдадық. Кейін Жәнібек Алмалысына барғаннан соң бізге баяндаған әңгімесін қысқаша қағазға түсіріп, редакцияның электрондық поштасына да салып жіберіпті.

Құрметті оқырман, ендеше, қырық жасар әке Жәнібек пен жан жары Ұлболсын екеуінің көздерінің ағы мен қарасындай ұлдарының басындағы жағдайға құлақ салыңыз.

«Осыдан тура үш жыл бұрын, дәлірек айтсам, 2012 жылдың 21 қазаны күні 12 жасар балам аяқ астынан қызуы 39-ға жетіп, құсып, іші түйіліп, өтіп ауырып қалды. Аяқ-қолы балғадай, шауып жүрген баланың көз алдыңда мұрттай ұшқаны жаман болады екен, абдырап қалсақ та, сол бойда ауылдағы дәрігерге, сосын аудандағы ауруханаға жеткіздік. Олар «Соқыршек белгілері жоқ, ОРВИ, осложненный бронхит диорея» деген диагноз қойып, Ақжайық аудандық ауруханасының жұқпалы аурулар бөлімінде 6 күн бойы емдеді. Дәрігерлердің баламызға мүлдем теріс диагноз қойғанын, қымбат уақыттың сусып өтіп жатқанын, сол уақытпен бірге теріс емделген жарығымыздың денсаулығы құрып жатқанын қайдан білейік… Алтыншы күн дегенде барып, «острый аппендицит, разлитой перитонит» деген диагнозбен облыстық балалар ауруханасына жолдады. Онда шұғыл ота жасалды. Отадан кейін баламыз төрт күн бойы ес-түссіз, өлім мен өмірдің арасында жатты. Одан әрі 25 күн жансақтау бөлімінде және жатты. Шығарға жанымыз қалмаған біздің сол кездегі жағдайымызды ешкімнің басына бермесін… Жансақтау бөлімінен шыққаннан кейін табандатқан екі ай бойы неврология бөлімінің төсегіне таңылып және емделуге тура келді. Нұрдәулетімізді алғаш көргендегі біздің жәйімізді сұрамаңыз… Баламның екі көзі бір нүктеде, шалқасынан жатады да қояды. Қимылдамайды. Қозғалмайды. Сөйлемейді. Жұтына алмайды, жұтына алмағасын тамақ та іше алмайды. Екі айдан астам уақыт бойы тамақты зонт (мұрын қуысынан өткізіп, асқазанға жалғанған түтікше) арқылы бердік. Арада үш ай өткенде кешегі шауып жүрген Нұрдәулетімізді зембілмен көтеріп, үйімізге қайттық қой, аға!.. Отыруға жарады ма дейсіз бе? Қайдағы отыруды айтасыз… Шалқасынан жатады, саусақтары ғана болар-болмас қимылдайды. Тілі жоқ дедім ғой, саусақтарын қимылдататыны, сірә, тұрғысы келетін шығар, сөйлегісі келетін шығар жарығымның… Неге бұлай болып қалдым деп жатқаны шығар балапанымның…».

Жәнібектің айтуынша, шауып жүрген баласы осылайша бір күнде мүгедек болып қалады. “Оны осындай халге душар еткен соқыршекті дер кезінде анықтай алмаған дәрігерлердің біліксіздігі және салғырттығы”, — дейді Жәнібек. Диагнозын дәл қойып, сол бойда ота жасалғанда, соқыршегі жарылмас еді, көп мөлшерде жиналған ірің барлық дене мүшелеріне тарап, ми, нерв жүйелерін зақымдамас еді.

Жәнібек үнсіз қалды. Бөлмеміздің сәл ашық тұрған желдеткішінен, мектептерінен қайтып бара жатқан болса керек, бір топ оқушы ұл-қыздың дуылдасқан дауыстары құлағымызға жетті.

«Нұрдәулет те осылай жүрер ме екен?». Бұл ой сол сәт екеуміздің де санамызға қатар келген ғой (жасырмаймын, менің санамда сондай ойдың жарқ ете қалғаны рас). Ал Жәнібектің де дәл осылай ойлағанына мына сөзі дәлел.

— Баламның өз аяғына тұрып, сөйлей алатын халге жетуіне мен сенемін, — деді ол терезеден тысқа мойнын созып қойып. Өз қызықтары өздеріндегі оқушылар ұзап бара жатты («Жасаған ие Жәнібектің тілеуін бергей» дедік іштей біз).

*     *     *

Дәрігерлердің біліксіздігінен Жәнібек пен Ұлболсынның Нұрдәулетінің төсекке таңылғанына, міне, үш жылдан асыпты. Осы арада шырылдаған ата-ананың көз жастарын тыйып, естерін жиып, қарғаларын қаз бастырамыз деп жанұшырған жанкештіліктерін айтпай кетпеске болмайды, қадірлі оқырман. Иә, олар бәзбіреулер құсап, «басқа салды, біз көндік» деп екеуі екі жерде мықшиып отырып қалмаған. Тамақтарына тығылған өксік жастарын кейін ысырып қойып, күрескен. Сағат сайын, күн сайын, ай сайын, жылдар бойы талмай күрескен. Ата-анасының үш жыл бойы арпалысқан еңбектерінің арқасында сал болып жатқан баланың қалпына келе бастағаны кәдімгідей байқалады. Ауруханадан шыққанда, жаңқадай болып жүдеп, салмағы 18 келіге жетер-жетпес-тұғын. Тамақ ішуі жақсарды, оңалып салмақ жамап, 37 келіні көрсеткенде, Елеубаевтардың қуанғанын көрсеңіздер… Жарты жыл бойы тілден қалған балақайдың қазір сөйлей алатындығын айтсаңызшы! Көзін бір нүктеден алмай, тіл-аузы байланып, шалқасынан қимылсыз жататын бала бүгінде қол-аяғын қозғай алады. Өздігінен отырады. Еңбектейді. Қол-аяғына мысқалдап болса да күш бітіп келеді. Ойлау, сөйлеу мәнері жақсарды. Бастапқы кезде бірді бірге қоса алмады, оқи алмады. Қазір солардың бәрі артта қалғандай. Ал ол ненің арқасы? Ата-анасының арқасы.

— Ұлым үшін жұмыстан шығып, бәрін жиып қойдым да, барлық уақытымды тек соған арнадым. Кітап оқу, есеп шығару, логикалық тапсырмалар орындау өз алдына, бірнеше минуттап (әрине, бірте-бірте көбейте отырып), әр түрлі жаттығулар жасау күнделікті тәртібімізге айналды. Режімді қатаң сақтауға тырыстық, — дейді Жәнібек.

— Жаттығуларға арнап әр түрлі құралдар, швед бағаны (шведская стойка), локомат, велотренажер, ходунок, вертикализатор жасадым.

Мысалы, вертикализатор деп аталатын құралға баланы тік тұрғызып байлап қойып, жайлап жаттығу жасатады. Осы кезде Нұрдәулет сөйлеу, ойлау қабілетін дамыту үшін ертегі немесе әдеби кітап оқиды. Жаттығудан кейін қол, аяқ, белге арналған емдік дене шынықтыру қимылдары жасалады. Бұл арада баланы жалықтырып немесе шаршатып алмау үшін арасында теледидар тамашалатуды да ұмытпайды. Одан әрі шведская стенкамен жасалатын жаттығуларға кезек келеді. Мұны болғасын ойнауға уақыт беріледі.

Мысалы, локомат құралымен баласын күн сайын 20 минуттан екі мәрте жүргізеді. Сонда шамамен 800 метрдей «қашықтықты» бағындырады екен. Ал бұл дегеніңіз төсек тартып жатқан жанның қимыл-қозғалысын қалпына келтіруге, қан айналымы мен ас қорытуын жақсартуға көп көмегін тигізген. Бір кезде көзі бір нүктеде, саусағының ұшы ғана қимылдайтын Нұрдәулет әкесі Жәнібектің жанкештілігі арқасында бүгінде сөйлей алады, өздігінен отырады. Сөйтіп, арнайы жаттығуларды күн сайын бұлжытпай орындаудың арқасында осындай дәрежеге жетті.

Мысалы, әу баста яғни осыдан үш жыл бұрын қол-аяғын көтеру түгілі, ең болмаса қозғай алмай жатқан Нұрдәулет бүгінде қолымен көтеретін штанганы 4 келі 500 грамға жеткізген. «Талмай жаттығулар жасатудың арқасында қолын көтеретін болды. Сосын ішіне 40-50 грамм күріш салған дорбаша (гантел ретінде) тігіп беріп жаттықтыра бердік. Сөйте-сөйте 700 грамды бағындырдық қой…» дейді әке жүзіне қуаныш нұры жүгіріп.

Бұл жерде Жәнібектің Нұрдәулетті алып Астанадағы балаларды оңалту орталығына бірнеше мәрте барғанын айта кетуіміз керек. Бүгінде өзі құрастырып жасап алған қондырғыларды сол орталықта көрген. Олардың бәрін сатып алуға қаражат болмағандықтан, бәрін өзі қолдан жасаған. Әрине, интернеттің көмегіне жүгінген, арнайы оқулықтарды ақтарған. «Өзімізбен тағдырлас адамдармен кездесіп, олардан да көп нәрсе үйрендім», — дейді ол.

*     *     *

Жәнібек қоштасарда: «Аға, біздің басымыздағы ауыртпалықты көтерісуге жанашыр болған ауылдастарыма, Алмалы мектеп ұжымына, тума-туыс, дос-жарандарға, облыстық денсаулық сақтау басқармасына, Астана қаласындағы балаларды оңалту орталы-ғына – бәріне-бәріне шексіз ризашылығымды айтамын. Айтпақшы, Нұрдәулетіме арнап құралдар жасауыма көмегін аямаған Нұрғалиев Мерген құрдасыма деген өз алдына рақметімді газетіңізге жазуды ұмытпаңызшы» деді. Сондай-ақ Нұрдәулетіне деген үмітін үкілеген әке өзі тағдырлас ата-аналарға қажетім болып жатса, ақыл-кеңесім, көмегім әзір деп, ұялы телефонының 8-777-178-34-10 және 8-702-574-38-56 нөмірлерін қалдырды.

Ұлболсын екеуінің көкейінде бір ғана арман… Ол: «Нұрдәулетіміз жүгіріп кетсе, шіркін!?».

Бұл күнге тезірек жетуді Нұрдәулеттің ата-әжесі Тоғайбай мен Әслима да, қарындастары Айымгүл мен Айсара да армандайды.

Есенжол ҚЫСТАУБАЕВ,

«Орал өңірі»,

Ақжайық ауданы


Халық таңдаған көшбасшы

Күні: , 831 рет оқылды

IMG_2239 казииту


«ҚазИИТУ» ғылым-білім кешенінің Студенттер сарайында ҚР Тұңғыш Президенті күніне орайластырылған іс-шара өтті.  Оны «Зияткер» бастауыш партия ұйымы және «ҚазИИТУ» ҒБК ұйымдастырды.


«Нұр Отан» партиясының Орал қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Дархан Қадырәлиевтің айтуынша, қалалық филиалдың құрамында 59 бастауыш партия ұйымы жұмыс істейді. Солардың қатарындағы осы ғылыми-білім кешеніндегі «Зияткер» бастауыш партия ұйымы үздік бастауыш ұйымдардың бірінен саналады. Партия ұйымының хатшысы Аида Маратова шара барысында аталмыш ұйымның атқарған жұмыстарын жан-жақты баяндады. Ұйымның мүшелері негізінен оқытушы-педагогтардан тұратын болған соң, партия мүшелері жастарды, студенттерге сапалы білім берумен қатар патриоттыққа, отаншылдыққа тәрбиелеу бағытында көп жұмыс-танады. Партияның сайлауалды тұғырнамасын, жетекші партияның 12 жобасын жастар арасында насихаттауда сөзден гөрі іс басым. Мысалға, «Ардагерлерді ардақтайық» партиялық жобасы бойынша Оралдағы ардагерлерді қамқорлау шаралары іске асқан. Тағы бір атап өтетін қуанышты жағдай, аталмыш университеттің бір топ студенттері «ЭКСПО – 2017» халықаралық көрмесіне волонтерлік қызметке іріктеуден өткен. Мұнда да партия мүшелерінің қосқан үлесі зор.

Бүгінде «Зияткер» бастауыш ұйымында 54 партия мүшесі бар. Ендігі мақсат Саратовта, Дубнада, яғни көршілес елде академиялық ұтқырлық бойынша оқып жүрген озық ойлы студенттерді партия мүшелігіне тарту бағытында жұмыстану қажет. Жиында партия қатарындағылардың саны емес, сапасына мән беріп отырған бастауыш партия ұйымының алдағы атқарар шаруасы сараланды.

Басқосуға қатысқан «Нұр Отан» партиясының Орал қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Дархан Қадырәлиев тәуелсіз Қазақстанның бүгінгі жеткен жетістіктері мен халықаралық қауымдастық алдындағы жоғары абырой-беделі Тұңғыш Президент, Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың салиқалы әрі көреген саясатының, еңбегінің жемісі екенін айта келіп, жиналғандарды алдағы Тұңғыш Президент күні – мемлекеттік мерекемен құттықтады. Сонымен қатар «Зияткер» бастауыш партия ұйымының жұмысын жақсы бағалап, белсенді партия мүшелері Элмира Келбетова, Елена Киянская және Динара Мақановаға партия филиалы атынан алғысхаттар табыс етті.

— Өткен жылы осы мезгілде Мәскеу қаласындағы Дубна ядролық физика институтында екі елдің ғалымдары бас қосып, көр-шілес қос мемлекеттің басшыларының, яғни ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың, Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путиннің Жолдауларын талқылады. Сонда Мемлекет басшыларының ұстанған саясаты, әлеуметтік бағдарлама-жоба-жоспарлары сараланып, бағаланды. Енді биыл желтоқсан айында Дубнада тағы да жиналып, өткен мерзім ішінде екі елдің жеткен жетістіктері ортаға салынады. Онда да еліміздің қазіргі экономикалық қиындықтарға қарамастан өркендеп, даму үстінде екені айтылып, мерейіміз үстем болатыны кәміл. Қазақстанның бүгінгі жетістіктері барлығымыздың кеудемізге мақтаныш сезімін ұялатады, жаңа биіктерге жетелейді. Тұңғыш Президент күні – барлығымызға ортақ, елдігімізді аспандатар, рухымызды көтеретін мемлекеттік мереке, — деді «ҚазИИТУ» ҒБК-ның құрылтайшысы, академик, облыстық мәслихаттың депутаты Ақсерік Әйтімов. Ақсерік Сарыұлының айтуынша, кешенде жұмыс істейтін қазақстандық және ресейлік ғалымдар екі елдің жетекші партиялары «Нұр Отанның» және «Единая партияның» мүшелері болып табылады. Бейбітшілікті, қоғамдағы келісім мен тұрақтылықты жақтайтын қос партия мүшелерінің өмірлік ұстанымдары ұқсас. Осыған орай ғалымдар екі елдің партиялары жанынан мүдделес партиялардың қауымдастығын құруды ұсынып отыр. Өткен жылдан бері Ресейден 100 шақты және осы шамадағы қазақстандық ғалымдар жұмысқа тартылып, кешенде студенттерге білім-тәрбие берумен шұғылдануда.

Жиынға қатысушы оқытушылар, студенттер Тұңғыш Президент күніне орай толғана сөз саптап, өз ойларын ортаға салды.

Шараның соңы студенттердің мерекелік концертіне ұласты.

Гүлбаршын ӘЖІГЕРЕЕВА,

«Орал өңірі»


Қайырымдылық керуені

Күні: , 812 рет оқылды

фото Рафхат Халелов (236)


Тұңғыш Президент күніне орай «Қайырымдылық керуені» жалпыұлттық акциясына батысқазақстандықтар да өз үлестерін қосты. Бейсенбі күні қаламыздағы Салтанат сарайы маңында өткен шараға облыс әкімі Нұрлан Ноғаев қатысты.


— Биыл Қазақстан халқы ассамблеясының құрылғанына 20 жыл толуына орай түрлі шаралар өтуде. Соның ішінде мүмкіндігі шектеулі, әлеуметтік жағынан аз қамтылған жандарды қолдауға орай «20 игі іс», «Тайқазан» сықылды іс-шаралар жүзеге асты. Тұңғыш Президент күні мерекесіне орай ассамблеямен «Қайырымдылық керуені» шарасын ұйымдастырып отыр. Бұл осынау шаралардың жалғасы іспеттес. Оған облысымыздың кәсіпкерлері, мекеме басшылары, жеке тұлғалар қатысуда. Жо-марттық, кеңпейілділік адамның бойындағы жақсы қасиеттер болып саналады. Бүгін түрлі сый-сияпат алатын балалар үйі, қарттар мен мүгедектерге арналған интернат үйлері, оңалту мекемелерінің тәрбиеленушілері аталмыш шараға атсалысқандардың жан жылуын тағы да анық сезінетін болады. Сол себепті осы акцияға үн қосқан барлық жанға өз ризашылығымды білдіремін, — деді Нұрлан Ноғаев.

Өз кезегінде сөз алған «Арба» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Гүлмира Батпақұлова биылғы ассамблея жылында мүмкіндігі шектеулі жандар да қайырымдылықты жете сезінгендерін жеткізді. Мәселен, кәсіпкерлер тарапынан мүгедек жандардың жүріп-тұруына ыңғайлы етіп жасалған «ГАЗель» автокөлігі тарту етілді. Осы арнаулы көліктің көмегімен бірлестік көптеген шара ұйымдастырды. Облыстық дүнген мәдени орталығының ұйымдастыруымен Зеленов ауданы әкімдігінің, «Сити» такси мекемесінің қолдауымен мүгедектер арбадан атқа отырып, 25 шақырым жер жүріп, серуендеді. Облыстық корей этномәдени бірлестігінің қолдауымен бірлестік мүшелері емдік массаж жасау техникаларын үйренді. Қаратөбе ауданының әкімі Асхат Шахаровтың да көмегі зор болды.

Содан кейін облыстық ассамблея төрағасының орынбасары, хатшылық меңгерушісі Ғайса Қапақов он екі ауданнан келген қайырымдылық керуендерінің ат басын бұратын арнайы әлеуметтік ұйымдарға тоқталып, керуенге сәт сапар тіледі. Айта кетейік, Қазталов ауданының керуені Қазақ соқырлар қоғамының облыстық басқармасына барып, 200 мың теңгенің сый-сияпатын жасап, артынан «Мейірімділік» атты концерт қойды. Бөкейлік керуен кәмелетке толмағандардың бейімделу орталығына тұрмыстық техникалар, кеңсе тауарларын тарту етсе, жаңақалалықтар бөбектер үйіне 100 мың теңгеге памперс, ылғалды салфетка сынды гигиеналық заттар, ойыншықтар, тәттілер беріп, бүлдіршіндерді қуантты. Ал жәнібектіктер Көшім психоневрологиялық медициналық-әлеуметтік мекемесінің тәрбиеленушілеріне арнайы ойыншықтар табыстады.

Сәкен ӘБІЛХАЛЫҚОВ


Қоғамдық келісім – ел болашағының кепілі

Күні: , 851 рет оқылды

DMS_5264


Бейсенбі күні облыстық қазақ драма театрында қоғамдық келісім кеңестерінің облыстық форумы өтті. Оған облыс әкімі Нұрлан Ноғаев төрағалық жасады. Форум жұмысына аудан және ауыл әкімдері, қоғамдық келісім кеңестерінің төрағалары, кеңес мүшелері, этномәдени орталық басшылары мен өкілдері қатысты.


Форумға қатысушылар алдымен театр фойесіне қойылған әрбір аудандағы қоғамдық келісім кеңестері атқарған жұмыстардың фото және альбом түріндегі көрмесімен танысты.

— Бүгінгідей форум облысымызда дәстүрлі түрде үшінші рет өтіп отыр. Елбасы қоғамдық келісім кеңестерін құру жөнінде тапсырма бергеннен кейін бұл бағытта өңірімізде бірқатар істер атқарылды. Қазіргі уақытта осы шешімнің Қазақстан халқы ассамблеясының жұмысын жетілдіруде зор жемісін беріп отырғанына куәміз. Форум барысында бұған дейін атқарылған жұмыстар және алдағы жоспарлар жайында талқылайтын боламыз, — деген өңір басшысы алғашқы болып баяндама жасады.

— Еліміздің өркендеп дамуы жолында атқарылған қыруар еңбектің жемісі ел бірлігі салтанат құрып, татулық пен қоғамдық келісім орныққан жағдайда ғана баянды болмағы түсінікті. Халқымыз бұрыннан-ақ «Ырыс алды – ынтымақ» деген қағиданы жадында ұстаған. Ауызбірлік болмай, іштарлық пен бақталастық белең алып, алауыздыққа жол берілген уақытта ұтылған тұстарымыз аз емес. Ол – тарихи шындық. Осындай жағдайдан шығудың бірденбір жолы бірлікте болу екенін уақыт көрсетті. Бірліктің арқасында ғана бабаларымыз байтақ жерді, елдің елдігін сақтап, ұрпақтан-ұрпаққа жеткізді. Оған куә – бүгінгі біздің Қазақстанымыз. Елбасымыздың тынбай қайталап жүрген сөзі мен атқарып келе жатқан істеріндегі басты мақсат – еліміздің тәуелсіздігін сақтау. Оның бірден-бір жолы – қоғамдық келісім. Кеңпейілділік және толеранттылық қасиет ұлтымыздың мәртебесін әлем халықтары алдында арттыруда. Қиыншылық болғанның өзінде біз әрқашан шыдамдылық, сабырлылық пен парасаттылық таныта білеміз. Кейде айтылатын ұшқары пікірлер, орынсыз намысты қоздырғысы келетін әрекеттердің барын жоққа шығара алмаймыз. Біз ондай жағдайға қазақтың мақалы «Кең болсаң, кем болмайсың» деген ұстаныммен жауап беруіміз керек, — деді Нұрлан Асқарұлы өз баяндамасында. Сондай-ақ ол облыс аумағындағы қоғамдық келісім кеңестерінің араласуымен оң шешімін тауып жатқан бірқатар істердің жарқын үлгісін мысалға келтірді.

Қалалық дезинфекция орталығының директоры, қоғамдық келісім кеңесінің төрайымы Наталья Артюкова Елбасы саясатының негізінде өзі басқаратын мекемеде қоғамдық келісім кеңесінің құрылуы, оның құрамы және маңыздылығы жайында жан-жақты баяндады.

Ақжайық ауданындағы қоғамдық келісім кеңесінің төрағасы Дәулетжан Жақсыбаев халқымыздың тарихы мен даналық сөз-дерінен мысалдар келтіре отырып, бүгінгі таңдағы қоғамдық келісім ұғымының бұрынғы өткен ата-бабаларымыздың болмысына да жат болмағанын айтып, форум тақырыбының мән-мағынасына терең тоқталды. Ол көптің алаңдаушылығын туғызатын ұрпақ тәрбиесі, қоғам өміріндегі кейбір келеңсіз жәйттерді атап өтіп, соның бәрі қоғамдық келісім кеңестеріне үлкен міндеттер жүктейтінін алға тартты.

Орал қаласындағы «Юнисерв» ЖШС-да құрылған қоғамдық келісім кеңесі төрағасының орынбасары Николай Кондополо өзі қызмет ететін көпұлтты мекеменің жетістіктері, аталмыш құрылыс компаниясындағы қоғамдық келісім кеңесінің жұмыстары жайында айтып берді.

Тасқала аудандық мәслихатының депутаты Владимир Фролов аудандық мәслихат депутаттары және қоғамдық келісім кеңесінің бірлесе жұмыстануы арқылы аталмыш ауданда көптеген мәселелер оң шешімін тауып жатқанын тілге тиек етті.

«Зенит» зауыты директорының, сондай-ақ аталмыш мекемеде құрылған қоғамдық келісім кеңесі төрағасының орынбасары Виктор Гарчев кәсіпорын қызметкерлерінің мәдени-көпшілік, спорттық, қайырымдылық бағыттағы шараларға атсалысуы жайында әңгімеледі.

Форум соңында өңірдегі бірқатар қоғамдық келісім кеңесінің төрағалары қызметтегі белсенділігі үшін облыс әкімінің алғысхатымен марапатталды.

Нұртас НАБИОЛЛАҰЛЫ,

«Орал өңірі»

Суреттерді түсірген Медет ДОСЫМОВ


«Тарылмайды өлеңдегі өрісім»

Күні: , 812 рет оқылды

нариков фото


Сәрсенбі күні Оралдағы Қадыр Мырза Әлі атындағы мәдениет және өнер орталығында ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ҚР мәдениет саласының үздігі Айтқали Нәріковтің «Тарылмайды өлеңдегі өрісім» атты шығармашылық кеші өтті.


Танымал ақын жерлесіміздің 75 жасқа толуына орай Ж. Молдағалиев атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапханасы ұйымдастырған шараға өлеңсүйер өрендер мен зиялы қауым өкілдері көп жиналды. Кеш бойына ақынның туған жер, жастық шақ, махаббат,  өмір туралы өлең-жырлары оқылды.

«Әлі алдан үміт етіп келем мен,

Ассам-дағы,  талай қырқа белестен.

Сыйластар да сырт айналар бір кезде,

Айырмасын деп тілеймін өлеңнен», — деп өлеңді өмірінің мәні санаған, туған жерден тамырын үзбей, қазақтың игі жақсыларының дәстүр сабақтастығын жалғап келе жатқан ақын өлеңдеріндегі шуақ көрерменге жылылық сыйлады.

Айтқали Нәріков – Тасқала ауданының тумасы. Оян орта мектебін бітіргеннен кейін біраз жыл шалғайдағы шағын ауылда кітапхана меңгерушісі болып қызмет жасайды. 1968 жылы Орал педагогикалық институтының филология факультетін бітірген. 19681988 жылдары Батыс Қазақстан, Маңғыстау облыстық газеттерінің редакцияларында қызмет жасаған.

1988-1992 жылдары Қазақстан Жазушылар одағы «Аққұс» қауымдастығы Батыс Қазақстан облыстық бөлімшесі басқармасының төрағасы болды. Облыстық телевидениеде де өзіндік айшықты қолтаңбасын қалдырды.

Өзінің айтуынша, Айтқали ақынның журналистикамен қатар өлеңді бірге алып жүруіне ақын Жанғали Нәбиулиннің ықпал-әсері күшті болған екен. Сонымен қатар кеш иесі қазақтың көрнекті ақындары Ғафу Қайырбеков, Қадыр Мырза Әлі, Тұманбай Молдағалиев, Сағи Жиенбаев сынды поэзия алыптарының ақыл-кеңесін тыңдап, ағалық қамқорлығын сезінгенін мақтан тұтады.

Ақынның әр жылдары «Көк майса», «Жайықтың жыр жұлдыздары», «Жанғали ақын», «Мен майдангер ұлымын», «Ой мен Сой», «Үлкен үйдің иесі»  және тағы да басқа көптеген кітаптары жарық көрген. Ақын құрметіне арнайы дайындалған «Жайықтың қоңыр үнді қоңырауы» атты кітап көрмесі де көпшілік көңілінен шықты.

Өңірімізге белгілі сазгер Еркін Нұрымбетов әнін жазған ақынның туындысы «Жылдар-ай» белгілі жезтаңдай әнші Жұмағаным Рахимованың орындауында көпшілік көңілінен шықты.

Ақынның өмірінен сыр шертетін өлеңдер сағынышқа, мұңға, сырға толы.

«Басым аман кездерім-ай бұрынғы,

Білмеппін-ау қадірің мен құныңды.

Маған қазір шын сүйеніш болатын,

Көп ойлаймын қыршын кеткен ұлымды», — деп ақын бір мұңайса, енді бір өлеңінде:

«Қаншама жыл тұрсам-дағы қалада,

Еш нәрсені теңгермеймін далама.

Егделердің есебіне кірген соң,

Бірте-бірте ыстық болып бара ма?» – деп туған ауылға деген өзекжарды сағынышын ақтарады.

Көрерменнің жүзіне бірде мұң, бірде күлкі ұялатып, ақын өлеңдерін жүрекпен оқуға ниеттенген қаламыздағы арнаулы орта және жоғары білім беретін оқу орындары студенттерінің де еңбегі зор. Бұл күні мерейтой иесін құттықтап келушілер аз болған жоқ. Солардың қатарында ақын, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Ақұштап Бақтыгереева да бар. Өнердегі замандасын құттықтаған ақын поэзия тойының маңдайымызға жазылған ұлы мақтанышымыз Қадыр ақынның есімі берілген ғажайып өнер сарайында өтіп жатқанына қуанып тұрғанын жасырмады.

— Осыдан 4-5 жыл бұрын Қадыр ақынның 75 жас мерейтойында өнердегі бауырлары қызмет көрсетіп, жүгіріп жүрді. Солардың ішінде бүгінгі кеш иесі Айтқали да болды. Сол қызмет жасап, жүгіріп жүрген кезінде аз уақыттан соң Қадырдай ақынның атындағы ғажайып өнер сарайында өзімнің 75 жасымды тойлаймын деп ойламаған да шығар. Өмір бір орында тұрмайды. Сондықтан бардың бағасын біліп, мерейін асырып, құрмет көрсетейік. Баршаңызды Қадыр ақынның рухы қолдап жүрсін! — деген ақын кеш иесіне Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы Нұрлан Оразалиннің құттықтаухатын табыстап, парасат биігіне көтерілген ақсақал ақынға шапан жауып, жары Күләшқа камзол кигізді. Сондай-ақ ақынды М. Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің профессоры, әдебиетші-ұстаз Серікқали Шарабасов, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, «Орал өңірі» газетінің бас редакторы Бауыржан Ғұбайдуллин, Тасқала аудандық мәслихатының хатшысы Сансызбай Рахимов, облыстық мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасының бас маманы Гүлмира Қауланова және басқалар құттықтап, естелік сыйлықтарын табыс етті.

«Жолға  осы  арнай  тұра  өмірімді,

Көп күдік мазалайды көңілімді.

Берілмес кез келгенге дархан дарын,

Қоңырау болсам жарар қоңыр үнді», — деп жырлаған ақын Айтқали Нәріков кеш соңында сахнаға көтеріліп, қаумалап келіп, мерейін тасытқан оқырмандарына шынайы алғысын білдірді. Бірнеше кітаптың авторы атанып, әдебиет айдынында өзіндік қолтаңбасы қалыптасса да, ақын өзін әлі күнге әдебиет әлемінің жай ғана сарбазы санайды. Өмірін өлеңіне арнап, қоңыртөбел күй кешіп келе жатқан ақынның құдіреттілігі де осында.

Гүлжамал ЖОЛДЫҒАЛИ,

«Орал өңірі»


Ассамблея жұмысы қыза түспек

Күні: , 129 рет оқылды

DMS_4978


Батыс Қазақстан облысы Қазақстан халқы ассамблеясы кеңесінің кеңейтілген отырысы өтті.


Өңір басшысы, БҚО ҚХА төрағасы Нұрлан Ноғаевтың төрағалығымен өткен кеңесте ассамблея жылының облыс бойынша қорытындысы шығарылды. БҚО ҚХА құрылымдық бөлімшелерінің құрамындағы өзгерістер мен толықтырулар енгізу дауысқа салынды. Ассамблея ақсақалдар кеңесінің, аналар кеңесі мен жастар қанатының, журналистер клубы-ның тізімі мен ережесі, облыс ассамблеясының келер жылғы іс-шаралар жоспары бекітілді.

Отырыста БҚО ҚХА төрағасының орынбасары Ғ. Қапақов жыл бойы атқарылған істерге кеңінен тоқталды. Ғайса Хамидоллаұлының айтуынша, Елбасы биылғы жылды ассамблея жылы деп жариялағаннан бастап арнайы жұмыс тобы құрылып, атқарылар істердің жоспары жасақталған. Барлық аудандағы шаралар жоспар бойынша жоғары деңгейде өткен. Бөрлі ауданының әкімі М. Түсіпқалиев ауданда атқарылған істерді баяндады.

Облыстық мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасы басшысының орынбасары В. Иночкин мәдениет саласы қызметкерлері ұйымдастырған шараларға тоқталды.

БҚО ҚХА төрағасының орынбасары, «ДОС» қоғамдық қорының директоры В. Шохина ассамблея ақсақалдар кеңесінің, аналар кеңесі мен жастар қанатының құрамындағы өзгерістермен таныстырды. Облыс ассамблеясы ақсақалдар кеңесінің төрағалығына Рахметолла Сүйербаев, аналар кеңесінің төрайымдығына Шалқыма Құрманалина кандидатурасы дауысқа салынып, бір ауыздан қолдауға ие болды. Ассамблея жанындағы ғылыми кеңес төрағасы болып Асхат Сәлімов, жастар қанатының бұрынғы төрағасы Игорь Спиридонов қайта сайланды. Журналистер клубының құрамында ассамблея қызметі жайлы үздіксіз материалдар жариялап жүрген өңірімізге танымал тілшілер бар.

Кеңес отырысы соңында БҚО ҚХА төрағасының орынбасары Д. Саратов алдағы жылға арналған жұмыс жоспарының жобасымен таныстырды. Жүзден астам шарадан тұратын жоспар алдағы жылғы ассамблея жұмысының қызу болатынын байқатады.

— Әлеуметтік зерттеулер көрсеткеніндей, мемлекетіміздегі саяси тұрақтылыққа жоғары баға бере отырып батысқазақстандықтар еліміздегі халықтар бірлігін өте жоғары бағалауда және ассамблеяның қызметін кең қол-дауда. Бұл тұрғыда облыстық ассамблеяның қызметі шешуші рөл атқаруда. Облыстық ассамблеяның барлық мүшелеріне жемісті еңбектері үшін алғыс айта отырып, кеңес мүшелеріне тың табыстар тілеймін, — деді кеңесті қорытындылаған облыс басшысы.

Нұрлыбек РАХМАНОВ,

«Орал өңірі»


Зәуре АМАНБАЕВА, «Болашақ» тіл орталығының директоры: «Қазақтың тіл игеру қабілеті ерекше»

Күні: , 904 рет оқылды

DMS_3101


Осыдан бес жыл бұрын Оралда «Болашақ» тіл орталығы ашылған болатын. Бүгінде орталық жұмысы жүйеленіп, ел арасында танылып үлгерді. Біз бұл орталыққа бас сұққанымызда, кішігірім мектепте, ағылшын мектебінде жүргендей әсер алдық. Себебі мұнда сабақтар тек қана сол тілде өтеді.


Халықаралық IELTS стандарты бойынша білім беретін орталықтың басшысы Зәуре Аманбаева – мектепте мұғалімдіктен университет деканына дейінгі жолдан өткен тәжірибелі басшы. Филология ғылымының кандидаты Зәуре Жиенәліқызы қазір ағылшын тілінің әдістемесін халықаралық CELTA деңгейінде оқытушы сертификатына ие. Бірнеше тілге жетік ол жыл сайын шетелге шығып дәрістер беріп, халықаралық емтихандардан өзінің де, ертіп апарып өз шәкірттерінің де білімін сынаумен келеді. Биыл маусым-шілде айларында Оксфорд университеті жанынан халықаралық деңгейдегі мұғалімдер дайындайтын орталықтан дәріс алып CELTA халықаралық тренері сертификатын алып келді. Бір ай бойы шетел азаматтарына (немістер, испандықтар, португалдықтар, ауғандықтар, пәкістандықтарға) ағылшын тілінен дәріс берді. Орталыққа халықаралық білім деңгейі бар мұғалімдерді жинаған. Не бары бес жыл жұмыс істеген орталық шәкірттерінің алды ағылшын тілінен аса жоғары білім көрсеткішін көрсетіп, Назарбаев университетіне, шетелдік оқу орындарына түсуде.

— Бұл салада мемлекеттік-жеке меншік серіктестігі жұмыс істей бастаса, біз соған қосылар едік. Ондай балабақшалар бар, ал мен мұғалімдер даярлағым келеді. Жақсы мұғалімдер даярланса, олар кейін мектепке барып, көптеген балаға ағылшын тілін үйретер еді. Сол кезде қазіргідей әр жердегі бір кішкентай тіл оқыту орталықтары керек емес болар еді. Бұрын әр жерде теледидар сататын кішкентай дүкендер болатын еді ғой. Кейін үлкен техникалық супермаркеттер ашылғанда, жаңағы кішкентай дүкендер керек емес болып қалды. Себебі халықта сапаға қарай таңдау мүмкіндігі пайда болды. Бұл салаға да сондай өзгеріс қажет-ақ. Менің арманым – халықаралық деңгейдегі ұстаздар дайындау, жетілдіру, — дейді Зәуре Жиенәліқызы.

— Бізге келетін балалардың 90 пайызы қазақ мектебінен. Мектептер ағылшын тілі сабақтарында аударумен айналысады. Қателік осы жерден басталады. Оқушыларды сөйлеуге үйрету керек. Аудару деген қазіргі заман талабына сай Кембридж университеті баспасымен бірге шығарылған мектеп оқулықтарында жоқ. Себебі сабақ ағылшын тілінде өтуі тиіс. Білім және ғылым министрінің бұйрығымен Қазақстан мен Кембридж университеті бірігіп оқулықтар шығаруда. Бүгінде ондай оқулықтар 1-сыныптан бастап 11-сыныпқа дейін дайындалды. Кітап бар, ұстаздар дайын емес. Бәрі емес, алайда жаңа әдістемемен жұмыс жасай алмайтындар баршылық. Ең алдымен тілдік деңгейді көтеру керек, содан кейін әдістемені жетілдірсе болады. Сондай-ақ барлық мектеп бірдей оқулықпен оқытпайды. Сатылық жүйе жоқ. Кейбір мектептер ағылшын тілін бекітілген бағдарламадан шыға алмай 2-сыныптың оқулығынан бастайды. Бала 1-сынып бағдарламасын өтпегесін, әрине, қиналады. Кейбір ата-аналар балалары мектепте бұл пәннен нашар баға алып жүргесін біздің орталыққа әкелуде. Амал жоқ, бізге кейде еуропалық әдістемені қоя тұрып, мектеп бағдарламасына тоқталуға тура келеді. Оқу бітірген жас мамандардың барлығы бірдей ағылшын тілін жетік білмейді. Сондықтан алдымен еуропалық бағытта білім бере алатын ұстаздар дайындағым келеді, — дейді «Болашақ» орталығының директоры Зәуре Аманбаева.

«Болашақ» орталығы тек мектеп оқушыларын емес, ересектерді де оқуға түсуге арналған және шетелге жұмыс істеуге баруға арналған халықаралық емтихандарға әзірлейді.

— Еліміздің үштұғырлы тіл саясатын қолдаймын. Қазақ баласы шетелге шыққанда, тілден қиындық көрмеуі керек. Біздің ұлттың тіл игеру қабілеті ерекше. Осы ұлттық ерекше қабілетін неге дұрыс пайдаланбасқа? Университеттің «Аударма ісі» факультеті деканы болып отырған қызметімді тастап кетуімнің себебі – аударманың болашағы жоқ деп санаймын. Тоқсаныншы жылдары еліміздегі шетелдік компанияларда аудармашы болуға бәрі ұмтылды, себебі сұраныс болды. Қазір оларға аудармашы керек емес.

Компанияларға жұмысқа орналасып жатқан қазақтың қыз-жігіттері ағылшынша еркін сөйлейді. Бүгінгі мектеп оқушыларының да талпынысы ерекше, — дейді Зәуре Жиенәліқызы.

Орталыққа қабылданарда оқушыға ерекше талап жоқ. Алдымен тест тапсырады. Жас ерекшеліктері және тілді игеру деңгейіне қарай топтап оқытады. Келешекте ағылшынша еркін сөйлеу үшін бастауыш сыныптан үйрете бастаған дұрыс дейді мұндағы мамандар. Кей ата-аналар баласын 11-сыныпта әкеледі екен.

Мұнда оқыту ақысы орташа табысты отбасына ыңғайлы. «Ақша табуды мақсат тұтып отырған жоқпыз, жастарға білім беру – басты мұрат» деді орталық директоры. Оның айтуынша, орталықтың өзгелерден ерекшелігі мұнда ата-аналар жиналыстары өткізіліп тұрады екен. “Баланың қабілеті тартпаса, ниеті болмай, тек ата-ананың күштеуімен жүрсе, ата-анасына айтамыз”, — дейді.

Шәкірттер деңгейден деңгейге көшерде Кембридж емтихандары арқылы сыналады. «Ынтасы бар бала бәрібір игереді. Мәселен, Милана Муксенова деген шәкіртіміз – қаладағы №35 мектеп-лицейдің 11-сынып оқушысы. Осы орталықтан білім алып, биыл жазда менімен бірге Оксфордқа барып, 4 тілдік дағдыдан IELTS емтиханын тапсырды. Ағылшын тілінің барлық іскерлік дағды түрінен 7,5 деңгейін көрсетті. Ал Назарбаев зияткерлік мектебінің оқушысы Ғазиз Сәкен 8,0 деңгейін ақтап шықты», — деді сөз арасында орталық директоры.

Ағылшынша-қазақша сөздіктер әлі аса сапалы емес. Сондықтан біздің елде бәрі сөздікті орысшадан жаттайды. Қазақша ойлап, оны жаттаған сөздігі бойынша ойша аударады. Мұндай қиындықтан аулақ болу үшін сабақ бірден ағылшынша өту керек екен. Ағылшын-ағылшын сөздігін пайдаланып бірден сөйлеп үйренеді. Аудармаға үйреніп кетсе, емін-еркін сөйлеуі қиындау болады. Баланы кішкентайынан аптасына 2-3 сағат болсын сөйлеу дағдысына тәрбиелесе, одан қор болмайды. Мұндағы мамандар кітап көп оқитын, яғни ана тілінде тілдік қоры мол балалар ағылшынша да еркін сөйлеп кететінін айтты. Орталық жыл бойы жұмыс жасайды. Тіпті баланың жазғы демалысында да тілдік білім алуын үзбеуге болады. Ай сайын отыз шақты бала бір деңгейден екінші деңгейге өтіп, емтихан тапсырады. Көрсеткен білім деңгейіне байланысты орталықтан сертификат алады. «Бізге ағылшыннан тілдік білімі бірінші деңгейімен келіп, кетерде 5-6 деңгейде сөйлеп кететін балалар көп», — дейді орталық басшысы. Мұның өзі – аталмыш орталық ұстаздары еңбегінің жемісі. Ең бастысы, баланың өз келешегіне деген сенім алуы – нағыз жеңіс.

Нұрлыбек РАХМАНОВ


БҚО, Орал қаласы, Мұхит көшесі, 57/1
zhaik_presscenter@mail.ru
oral_oniri@inbox.ru
support@oraloniri.kz

Орал өңірі" газетінің бас редакторы: 51-25-80
Бас редактордың орынбасарлары: 24-17-08, 54-18-08
Жауапты хатшы: 54-38-22
Тілшілер: 50-66-88, 51-50-34
Жарнама бөлімі: 51-51-09
Яндекс.Метрика