Мұрағат: 30.10.2015


Көліктегі сервистік қызмет КӨҢІЛДЕН ШЫҒА МА?

Күні: , 920 рет оқылды

DMS_7059


Жақында «Нұр Отан» партиясының облыстық филиалы ғимаратының кіші залында көлік қызметтері саласындағы тұтынушылардың құқықтарын қорғау мәселелерін талқылаған салааралық мәжіліс өтті. Оның жұмысына «Нұр Отан» партиясының облыстық филиалының, мемқұрылымдардың, ҮЕҰ-лардың және БАҚ-тың өкілдері қатысты. Басқосуға көліктегі тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінің Орал бөлімшелік басқармасы мұрындық болды.


Аты көп естіле бермейтін басқарманың құрылғанына екі жыл болыпты. Бұл құрылым  ҚР Ұлттық экономика министрлігіне қарасты осы басқарма аттас комитеттің құрамына кіреді. Аталмыш басқарманың басшысы Айтқали Батыровтың айтуынша, басқарма көлік, соның ішінде темір жол, су, әуе көлігі салаларындағы тұтынушылардың құқықтарын қорғау мәселелерімен айналысады. Сондықтан аталмыш басқармаға көлік түрлерінің қызметін пайдаланушылардан темір жолдағы сервистік қызметке қатысты, соның ішінде жол желісі бойындағы қызмет көрсетудің, әсіресе, жолаушыға ұсынылатын төсек жай-маларының сапасына, аэропорт, темір жол вокзалдарындағы қосымша қызмет көрсетудің жоқтығына қатысты шағымданған. Аталған нысандарда дәрігерлік көмек көрсету пункті болғанымен, дәріханалар атымен жоқ. Сонымен қатар вокзалдардағы әжетханалардағы  санитарлық-гигиеналық құралдардың, электр орамалдардың, сұйық сабынның жоқтығы көлік қызметін тұтынушылардың көңілінен шықпайды. Салалардағы түйткілді мәселелерді шешу үшін салааралық тұрақты жұмыс тобы құрылып, жұмыс істеуде. Тұтынушылардың арасында көлік қызметінің сапасына қатысты сауалнамалар жүргізіліп, ондағы көтерілген түйткілдер бойынша мемлекеттік құрылымдардың, үкіметтік емес ұйымдар  өкілдерінің және тиісті сала басшыларының қатысуымен осындай басқосуларда шешу жолдары іздестірілмек.

Аэропорт, темір жол вокзалында мүмкіндігі шектеулі жандардың жүріп-тұруына толық жағдай жасалды деу қиын. «Арба» мүгедек азаматтарды қолдау қоғамы қоғамдық бірлестігінің төрайымы Гүлмира Батпақұлованың айтуынша, темір жол вокзалында мүмкіндігі шектеулі жандарға демалыс бөлмесі жасақталған, алайда билет сататын ыңғайлы терезе жұмыс істемейді. Пойызға апаратын арнайы жол салынғанмен, арбадағы мүгедектердің вагонға мініп-түсуі олардың бас ауруына айналған. Көбінесе, жолсеріктері көмек қолын соза бермейді. Әрине, мүмкіндігі шектеулі жандарға көмектесу олардың заңды міндеті болғанмен, оны ескеріп жатқан ешкім жоқ. Мүгедектерге Орал- Алматы бағытындағы пойызбен үш тәулік бойы жол жүрудің өзі азап. «Вагондарда сервистік қызмет деңгейі өте төмен. Астана-Орал бағытындағы пойыздың бір вагоны ғана мүгедектердің жағдайына ыңғайластырылған, соның өзінде бір купе ғана бөлінген. Арбаны вагонға көтеретін құрылғы сынып қалған, әлі күнге жөнделмеген. Аэропорт ғимаратында мүгедектерге демалыс бөлмесі бөлінбеген, әжетханаға кіріп-шығу арбалы кісіге қиындық тудырады», – деген Гүлмира жұмысшы тобына БАҚ өкілдерін енгізуді ұсынды.

Жиынға қатысқан «Вокзал Қызмет» АҚ Орал стансасы бөлімшесі басшысының міндетін атқарушы Райман Ярлыгасимованың айтуынша, темір жол вокзалында жолаушыларға барлық жағдай жасалған. Вокзал ғимаратында жүк қоятын арнайы орындар, санитарлық, демалыс, ана мен бала бөлмелері бар.  Билет кассалары тәулік бойы жұмыс істейді. Мүгедектерге де барынша жағдай жасалған, билет сататын арнайы терезе ыңғайластырылып қайта жөнделмек. Анықтама алу үшін 105 нөміріне тек «Билайн» желісі арқылы ұялы телефоннан ғана қоңырау шалуға болады. Үйден телефон шалғанға анықтама қызметі жауап бермейді. «Нақ осы мәселеге қатысты мәселелер әлі шешілуде», — деп түсіндірді Р.  Ярлыгасимова.

«Орал» халықаралық әуежайы» ЖШС-ның заңгері Ерлан Сариев әуежай ғимаратының 2017 жылы қайта құрудан өтеді деп жоспарланғанын, құрылыстың жобасы сараптамада екенін, онда мүмкіндігі шектеулі жандардың құқықтары ескерілетінін айтты. «Әуежайдағы ұшу-қону жолағының құрылысы аяқталды. Қазір жарық-белгі беру құрылғылары орнатылуда. Азаматтық комитетінен мемкомиссия келеді. Күндізгі 11-ден бастап кешкі сағат 5-ке дейін құрылыс жұмыстары жүріп жатыр. Әуежай «Бек Эйр», «Эйр Астана» компанияларына қызмет көрсетуде. Атырау, Ақтау бағытына қатынайтын «Скат» авиакомпаниясына «Орал» әуежайының қызметін пайдалану жөнінде ұсыныспен шықтық, енді тапсырыс күтудеміз. Келіскен жағдайда қараша айынан бастап бұл бағытқа жолаушылар тасымалданады», — деді Е. Сариев.

Басқарманың басшысы Айтқали Батыровтың айтуынша, жиынға шақырылған кейбір мемқұрылымдардың өкілдері келмегендіктен, тұтынушыларды мазалайтын кейбір мәселелер түйіні сол күйі  шешілмей қалды. Басқарма тұтынушылардың құқықтарын қорғау мәселелері бойынша  мемқұрылымдардың, ҮЕҰ-дардың арасында көліктегі сервистік қызметке қатысты іс-қимылды үйлестіріп, тұтынушылардың құқықтық сауаттылықтарын көтеру бағытында жұмыстанбақ.

Гүлбаршын ӘЖІГЕРЕЕВА,

«Орал  өңірі»

Суретті түсірген Медет ДОСЫМОВ


Ішімдіктен құтылудың жолы бар НЕМЕСЕ ӘЙЕЛ МАСКҮНЕМДІГІ ТУРАЛЫ

Күні: , 907 рет оқылды

bfb373c0b5ddb4f82cd5ff0278a2ff6c


Әдетте, ішімдікті ер адамдар  мөлшерден тыс пайдаланатынына көзіміз үйренген. Темекі,  адамды мас қылатын алкогольді  ішімдіктер сияқты ағзамызға зиянды, мүлдем  қажеті  жоқ,  керексіз заттарды көбінесе ер адамдар қолданады деген ой қалыптасқан. Алайда  бүгінде әйел адамдар да алкогольді ішімдіктерді  мөлшерден  тыс қабылдауды  әдетке айналдырған. Әйел нәзік жанды болғандықтан,  ішкіш деген сөзді айтудан бұрын оны сондай деп  ойлауға да қимаймыз.


Қазіргі  кезде  жас қыздардың  ішкілікке бой алдырғандары  да бар. Бірқатар бойжеткендер еріндеріне шылым қыстырып, алкоголь қабылдауды ерекше бір сәнді жағдай, керемет дүние деп санайды.

Ал осының бәрі әйел затына жат, өрескел екендігі айтпаса да түсінікті. Ішімдікке үйір адамдардың өмір ұзақтығы салауатты өмір  салтын ұстанатындармен салыстырғанда 15-20 жылға кем болады екен. Ең қиыны, әйел адам көбінесе ішімдікке тәуелді екенін айтуға ұялады. Жақын адамдар көмегіне жүгінуден бас  тартады.   Шын  мәнінде,  ерлерге қарағанда әйел адамдарды емдеу әлдеқайда қиын. Көп жағдайда әйелдер жан күйзелісіне ұшырайды, өмірдегі сәтсіздіктеріне емді арақ-шараптан іздейді. Ағзаға түскен алкоголь аз уақыт аралығында бастағы ми жасушаларына тарайды. Мөлшерден тыс қабылдаған жағдайда ми, жүйке жүйесі, бұлшық ет, бауыр ауруларына ұшыратады. Ойлау, есту қабілеті төмендейді. Денедегі күллі ағзалар  жұмысы бұзылады.

Арақтың кесірінен адам моральдық қағидаттарды жоғалтып қана қоймай, өзіне деген сенімін де күйретеді. Маскүнем адам біртіндеп ұялу, намыс, адамгершілік деген сезімдерден жұрдай болады. Ал жүкті болған жағдайда ішімдік қолданатын әйелдердің болашақ сәбилерінің 40-60%-ы ақыл-есі кем болып туылуы мүмкін.

Ішкілікке салыну мынадай деңгейлерден тұрады: бірінші кезеңі, физиологиялық тұрғыдан ішімдікке тәуелділік пайда болады. Сол тәуелділік ақыр аяғында маскүнемдікке  әкеп соқтырады. Ақыр соңында маскүнемді үнемі ішімдікті қайдан және қалай табу туралы ой мазалайды. Үйдегі бар нәрсені сатып, тапқан теңгесін араққа жұмсайды. Ақыл-есін жоғалтқан кезде өзін қараудан қалып, отбасы туыс-жақындарынан айырылып, далада қаңғып қалады. Әйелдің жүйке жүйесі  әлсіз болғандықтан,  емдеу уақыты ұзаққа созылады. Ер адамға қарағанда әйелдер емделіп болған соң да,  ішімдікке бой алдыруын тоқтатпайды. Өзін-өзі қорғау инстинкті әйел адамда жоғалып кетеді. Өкінішке орай,  әйел адам ішімдікке бой үйрете бастаған бастапқы кезеңінде көмекке жүгінбейді.  Ауру дендегесін  маскүнемдіктен емделу өте қиынға соғады.

Теріс жолға түскен адамдардың кейбірі саламатты өмірге оралуы мүмкін. Ал біздің айтпағымыз,  дер кезінде  білікті мамандар көмегіне жүгінудің пайдадан өзге  зияны  жоқ.

Бүгінде әйелдер арасында әр түрлі коктейлдер, сыра, әлсіз алкогольдік ішімдіктер, «джин-тониктер» немесе шырын қосылған күштірек ішімдіктер кеңінен танымал. Оларды әйел аса жағымды, зиянсыз деп есептеп тұтынуды шектемейді. Бірақ бұл – үлкен шатасу. Құрбыларының ортасында немесе теледидар алдында оңаша отырып, жүйелі ішкен әйел спирттік ішімдіктің өз ағзасына  қалай зиян ететінін тіпті де ойланып жатпайды. Ол енді алкогольге тәуелді және кері жол жоқ.

Алкоголизмнің соңғы сатысында әйелге мас болу үшін 200300 грамм әлсіз алкогольдік ішімдіктің өзі жеткілікті екені бұған нақты дерек. Ұдайы ішкен әйел 1-3 жылда толық маскүнем болып бітеді.

Әйел маскүнемдігінің белгілері мынадай:

— Алкогольге тәуелділіктің  алғашқы білінісі – бұл спирттік ішімдікке физиологиялық  деңгейдегі құштарлықтың туындауы, сонымен қатар бас жазу қажеттілігі пайда болады: өзін нашар сезіну, күйіп-жану немесе тоңу сезімі, дірілдеу, ішкі кернеу және мазасыздану, бас  ауруы, жүрек  айну мен құсу, ұйқы бұзылысы, соматовегетативтік реакциялар;

— Тұлғаның психикалық бітісі біртіндеп өзгереді, әйелде байқаусыз жаңа қасиеттер, мінез үлгілері қалыптасады: дөрекілік, қызбалық, ызақорлық, менмендік. Ішімдікті ұдайы тұтынатын әйел көңіл күйдің жиі өзгерісіне, торығуға (депрессияға) бейім келеді. Жылауық болады, жұмыста болсын, үйде болсын адамдардың сый-құрметінен айырылады;

— Маскүнемдіктің одан арғы дамуы интеллектің, есте сақтаудың елеулі төмендеуімен, психиканың жұтаңдығымен сипатталады.

Әйелдің бөтелкеге жармасуы әр түрлі себептерден туындайды. Оның негізгісінің бірі – қайғы-мұң, шарасыздық, өзінің  қажетсіздігін сезіну. Маскүнем еркекпен некеде тұрған әйелдерде отбасылық маскүнемдік жиі ұшырасады.

Әйелдерді бұл сырқаттан емдеудің арқасында жүйке жүйесі қалпына келтіріліп, оларға психологиялық қолдау көрсетіледі. Бұл жолда кездесетін басты қиындық — ішімдікті өзі қоя алмайтын қыз-келіншектердің айналасындағы адамдардың алып-қашпа сөздерінен қорқып, дәрігерге дер кезінде көрінбеуі. Осының салдарынан орталыққа ауру асқынған кезде бір-ақ келеді. Сондықтан да осындай жолдан өз бетінше шыға алмай жүрген нәзік жандыларды көрсеңіздер, дәрігерге қаралуына көмектесіңіздер. Қамқорлық-қолдауды сезінген кезде олар өмірдің мәнін түсініп, тезірек жазылуға ден қояды.

Аида  СЕБЕПОВА,

облыстық  наркологиялық  диспансердің  1-санатты дәрігер-наркологі


Күйші Қалиолла Молдағалиев елу жыл сахна төрінде

Күні: , 783 рет оқылды

Молдагалиев


Бүгінде азуы алты қарыс әлемдік жаһандану үдерісінің жұтқыншағына жұтылып кетпеудің басты жолдарының бірі халықтық өнердің бәсін одан әрі көтеру десек, қателеспейтін шығармыз. Әлбетте, халықтық өнер дегенде, бұл ұғымның төрінде халқымыздың бас музыка аспабын серік еткен домбырашылар мен күйшілер тұрады. Екі шектің бірін қатты, бірін сәл-пәл кем бұра, “Нағыз қазақ – қазақ емес, нағыз қазақ – домбыра” деп кешегі өткен ойшыл ақынымыз Қадыр Мырза Әлі тектен-тек айтпаған шығар.


Құдайға шүкір, республикамыздың қай түкпірінде болмасын, домбыраны жанына жақын санайтын, тіпті оны өз өмірінің мәні мен сәніндей көретін тума таланттар жеткілікті. Солардың бірі табаны күректей жарты ғасырдан астам уақыт бойы сахна төрінен түспей келе жатқан саңлақ, күйші-домбырашы, Ақ Жайықтың күй десе делебесі қозып қоя беретін арқалы ұлдарының бірі Қалиолла Молдағалиев екені анық.

Оның өнердегі жолын екі қырынан қарастыруға болатын секілді. Яғни Қалекеңнің бірінші қыры жоғарыда айтып өткеніміз-дей, елу жыл бойы сахнада қажымай-талмай, жоғары кәсіби шеберлігі мен орындау мәнерін жоғалтпай, тіпті жасы жетпіске жақындаса да, осы шеберлігін ұдайы жетілдірумен, шың-дауымен келе жатқаны дей аламыз. Ал оның екінші қыры кейінгі толқын мен буынға домбыра үйрету, халқымыздың көне музыка аспабының құдіретін ұғындыру, домбырашылар ансамбль-дері мен шағын оркестрлер ұйымдастыру ісінің бел ортасында болуы деп білеміз.

Осындай бағыт-бағдар мен мақсат-мүдделер бойынша бұрынғы Орал педагогика институтында, бүгінгі Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінде, бұрынғы ауыл шаруашылығы институтында, бүгінгі Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінде, облыс орталығындағы бірқатар кәсіптік-техникалық колледждерде және дарынды балаларға арналған мектеп-интернатта әлгіндей тәлімі мен тағылымы мол іске бастамашы бола білуі домбыраны жиырма бірінші ғасырға мұқият табыстағандай әсер қалдырады.

Соның нәтижесінде аталған жоғары оқу орындары және білім мен кәсіптік оқу жүйелерінде қаз басқан оркестрлер бүгінде жан-жақты қалыптасып үлгерді. Оның мүшелері елордамыз Астанада, таяу және алыс шетелдерде өнер көрсетіп, облыстық, республикалық және халықаралық байқауларда топ жарып, осы конкурстардың лауреаттары атанып жүр.

Қалиолла Молдағалиев – кәсіби музыкант. Ол – Алматыдағы П. Чайковский атындағы музыка училищесінің түлегі. Сонау ал-пысыншы-жетпісінші жылдардағы қалыптасқан тәртіп бойынша осындай кәсіби оқу орындарын бітірген жас мамандар оқу министрлігінің жолдамасы бойынша ел ішіне жіберіледі екен. Соған сәйкес республикалық маңызы бар музыка училищесінің түлегі бірден Батыс Қазақстан облысының шалғайдағы Тайпақ аудандық музыка мектебінің директоры қызметіне жолданады. Кейін ол осы қызметін Фурманов ауданында жалғастырады.

Өзіне жүктелген жауапты жұмыстарды атқара жүріп, біздің бүгінгі кейіпкеріміз аудан орталықтарындағы мәдениет үйлерімен тығыз байланыс ұстады. Онда өткізілетін концерттерге белсенді түрде қатысып, домбыра оркестрінің құрылуына үлкен көмегін тигізеді. Өнер жолының қызығы да, қиындығы да жетерлік. Оның құпия тылсым сырларын меңгеру үшін тек бір ғана арнаулы немесе жоғары оқу орнын аяқтау аздық етері анық.

Өйткені өнер мен шығармашылық жолда жас талантқа жөн мен жол көрсететін, парасат-пайымы биік жан кездеспесе, тек жалаң, құрғақ теориялық біліммен ол алысқа ұзай алмасы кәміл. Бұл тұрғыда да Б. Мәмбетұлының жұлдызы жоғары, мерейі үстем. Ол сонау 1965 жылы Қазталов аудандық халық аспаптар оркестрінің мүшесі болып қабылданады. Сол кезде Қ. Молдағалиев сегіз қырлы, бір сырлы өнер иесі, халық арасынан шыққан дара талант «нағыз самородок», Қазақ КСР-ның еңбек сіңірген мәдениет қызметкері Сағит Садықовқа кез келгенін өз өмірі мен өнеріндегі бақыттың бастауы деп түсінеді. Майдангер ағамыз Қалиолланың бойындағы домбыраға деген құштарлықтың құлашын кеңге жайдыртып, сәл кейінірек оны үлкен сахнаға алып шығады.

Сөйтіп, көп кешікпей жас дарын аудандық мәдениет үйінің жанынан құрылған «Қарлығаш» ән-би ансамблінің құрамында Ал-маты, Мәскеу, Саратов, Таллин қалаларында өнер көрсетеді. Ол жылдарда Кремльдің сиездер сарайында би билеп, ән шырқап, күй шерту мүмкіндігі Қазақстанның шалғай аудандарындағы халықтық өнер ұжымдарына тие бермейтін. Өз талантымен елін ерте мойындатқан Қалиолла Молдағалиев мұндай дәрежеге де ие болып, СОКП сиезінің делегаттарына қол соқтыртқаны өз алдына бір бөлек әңгіме.

Бұдан тұп-тура он бес жыл бұрын Орал қаласында Батыс Қазақстан облыстық филармониясының жанынан кәсіби сипаттағы халық аспаптар оркестрі құрылды. Кейін оған дәулескер күйші-композитор Дәулеткерейдің есімі берілді. Міне, сол кезден бері Қалекең – осы оркестрдің белді де белсенді мүшесі. Ол мұнда контрабас-домбыра аспабында ойнайды. Әрқайсысы бес саусақтың ортан терегіндей жуан үш ішектен тұратын контрабасты алып домбыра десе де болғандай. “Аяқты жерге нық тіреп тұрып, тартпасаң, бұл аспап екінің біріне бас ие бермейді. Контрабас – оркестрдің алдыңғы жағына қарай ұмтылмайтын, оның артқы жағында тұратын, алайда мың сан үндер тоғысқан топтағы өз орнын білетін айрықша аспап”, — дейді Қалекең.

Музыка тілімен тербегенде бас, тенор және альт делінетін дауыстар бар. Солардың бірінің үні шықпаса немесе жетіспесе, кез келген оркестрде толық үйлесім мен гармония бола қоюы екіталай.

Контрабастың өлшемі – бас. Бас болмаған жағдайда оркестрде жіңішке, шіңкілдек үндер басым түседі де, концерттік нөмірлер мен орындалған күйлер өз тұтастығынан және қажетті бояуы мен бедерінен айырылады. Қысқасы, контрабас оркестрге қоңыр үн қосады. Ал қоңыр үнсіз халық аспаптар оркестрінің мәні де, сәні де келіспейді.

Міне, өз өнерімен республика жұртшылығын рухани тұрғыдан сусындата білген Қалиолла Мәмбетұлы дәл бүгінгі күні де сахна төрінде жүр. «Қандай мемлекеттік марапатыңыз бен атағыңыз бар?» деген сауалға ағамыз сәл кідіріп, мүдіріп қалғандай болды. «Атақ алуды ешқашан басты мақсатым деп санаған емеспін. Өнерімді бағалай білетін халқым бар кезде атақ пен марапаттың қажеті бола қояр ма екен. Әрине, елу жылдан асып жығылатын өнердегі жолым марапатпен аталып жатса, оның да артықшылығы жоқ шығар. Дегенмен мұны жоқтағым келмейді», — деп ағынан жарылды ағамыз.

Қалай дегенде де жарты ғасырдан астам уақыт бойы сахнадан түспей келе жатқан кәсіби домбырашының өнер әлеміндегі мәнді де маңызды ұзақ жолы қандай құрмет пен атаққа да лайықты еді ғой деген ой қалды көкейде.

Темір ҚҰСАЙЫН


Сырым еліндегі МЕРЕКЕ-ДУМАН

Күні: , 783 рет оқылды

IMG_4801


Өткен аптаның соңын ала Сырым ауданының орталығы Жымпитыда Қазақ хандығының 550 жылдығы мен Сырым ауданының күніне арналған мәдени-спорттық шара өтті.


Салтанатты шарада ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосқан сала үздіктері марапатталды.

Осы шараның үстінде Сырым ауданы әкімдігінің ұсынысына орай шығарылған аудандық мәслихаттың шешіміне сәйкес, әнші-сазгер Донеділ Қажымовқа, ақын, ардагер ұстаз Дәмелі Құсайынқызына, ардагер ұстаз Ким Федянинге және Отарбай Сарғозыұлы, Рауан Үсенов секілді жақсы-жайсаңдарға Сырым ауданының құрметті азаматы атағы берілді.

*     *     *

Содан соң мереке-думан Тойтөбеде жалғасты. Ең алдымен, жарыс алаңына тайлар жіберілді. Жарыстың бас төрешісі, Сырым аудандық ат спорты федерациясының президенті Мүтәлі Төреғалиев бұл бәйгені аудан ақыны, мерейлі 60 жастың иесі Махмет Қажиахметовтың құрметіне арнады. Тай жарысының жүлдесін көздіғаралық Серік Мүтиевтің жирен тайы иемденді.

Биылғы жылы Сырым ауданында ат бәйгесі осымен төртінші рет өтіп отыр. Бұл жолғы бәйгенің басқалардан бөлегі сол, қазақы аттардың аламан бәйгесіне 28 бірдей жүйрік қатысты. Аламан бәйгеде тағы да көздіғаралық Серік Мүтиевтің қазанаттарына қанат бітті. Оның қатарласа шапқан қос тұлпары бәйгенің алды болды. Үшінші орынды жосалылық атбегі Алтай Ақшолақовтың Топжарған деген тұлпары иеленді.

Сырым ауданындағы бәйгеге Батыс Қазақстан облысының аудандарынан бөлек, көршілес Ақтөбе облысының атбегілері де ат қосты. Таза қанды сәйгүліктердің аламан бәйгесінде ақтөбелік Ермағанбетов Дәулетттің Қарақат атты арғымағы алдан көрінді. Ақтөбе облысының Ойыл ауданынан келген Бұйрин Әлібектің Байқасқасы мәрені екінші болып кесті. Таза қандылардың аламан бәйгесіндегі үштікті «Мансұр-Жаһан» шаруа қожалығы баптаған Сарқырама атты сәйгүлігі толықтырды.

Жеңімпаз-жүлдегерлерді аудан әкімі Абат Шыныбеков марапаттады. Бәйгеден келген ат иелеріне құны қымбат тұрмыстық техникалар табыс етілді. Осы күні «Қайсар» спорт клубының ұйымдастыруымен қол күресі, кір тасын көтеру мен қой көтеру сияқты ұлттық спорттың басқа да түрлерінен жарыстар өтті.

*     *     *

Түстен кейін Жымпитыдағы дене шынықтыру және сауықтыру кешенінде Қазақ хандығының 550 жылдығы мен аудан күніне арналған қазақ күресінен «Нұр Отан» партиясының жүлдесі үшін аудандық ашық турнир өтті.

Ауыр салмақтағы 13 палуанның бозкілемдегі қарсыласын сайысалды тартылған жеребе анықтады. Палуандар күресіне Артур Шерғалиев және Ержан Шүкіров төрелік етті. Сырым аудандық қазақ күресі федерациясының президенті Санат Берсебаев жарыстың бас төрешісі болды.

Турнир қорытындысы бойынша жосалылық Дамир Қалақов жеңімпаз атанды. Жымпитылық Нұрымжан Ғаббасов пен Асхат Нұрмұханов кейінгі орындарды бөлісті.

Бауыржан ШИРМЕДИНҰЛЫ,

Сырым ауданы


Әбілқайыр хан тарихының ақиқаты айтылды ма?

Күні: , 1 030 рет оқылды

Жанабек


Бұл өмір бәрімізге де мәңгілік емес. Мен де кетемін. Тек қана тағы қырғыз-қазақ балаларыма бір із қалдырғым келді. Кейінгі ұрпақтарым, тілектестерім жақсы жағынан мені еске алғанда, жауларым күліп, дұрыс жолдан тайдыруға ұмтылады.

Әбілқайыр ханның өсиеті Сөз басы


ХVІІІ ғасырдың басы – халқымыздың азаматтық тарихындағы қыры мен сыры көп аса бір күрделі кезең. Бір ру, бір тайпа һәм бір ұлыс емес, тұтас бір ұлттың тағдыры қыл үстінде тұрды. Тарихи деректерге сенсек, Қазақ хандығының арғы-бергі тарихында дәл осындай халықаралық жағдайдың шиеленіскен кезі бұрын-соңды болған емес.

Әбілқайыр хан заманы хақында не білеміз?

Кешегі маркстік-лениндік кеңес тарихнамасында Қазақ даласына толассыз жасалған жоңғар жорықтарына ерекше мән берілді де, патшалық Ресейдің жүргізген астыртын империялық саясатына көп көңіл аударылмады. Сондықтан тарихи шындыққа жету жолындағы іргелі ізденістер мен Отан тарихына ұлттық көзқарас қалыптастыру дәуірі енді ғана басталды.

Байқаған жанға орыс отаршылдығының тарихы Әбілқайыр хан заманынан әлдеқашан бұрын басталған. Алтын орда ыдырап, Шыңғыс хан іргесін қалаған империя құлаған кезде, оған бірнеше ғасыр бағынышты болған орыс жұрты есін жиды. Осы кезде түрік тектес халықтардың Қырым, Қазан, Астрахан, Сібір және басқа хандықтары құрылды. Ресей мемлекеті аталған хандықтарды бірінен соң бірін бағындырып, өзіне бодан етті. Ақыры мысықтабандап Ұлы Даланың шетіне жайғасты. Жайғасып қана қойған жоқ,   басып кіріп, Жайық пен Ертіс өзендерінің бойына әскери бекіністерін тізбектете салу арқылы сайын даланы қос бүйірінен сақиналап қоршай бастады. Оның үстіне, патша әкімшілігінің қазақ жеріне шектес жатқан башқұрттарды, Еділ қалмақтарын, Жайық казактарын, Сібір әскерлерін айдап салып, әлсін-әлі соғыс шығаруы, Ресеймен көршілес жатқан Кіші жүздің саяси жағдайын одан әрі шиеленістірді.

Қазақ хандығының ХVІІІ ғасырдың бас кезіндегі саяси жағдайын Әбілқайыр ханның Тевкелевке айтқанынан-ақ анық байқауға болады: «Жылдар бойы қоңтайшымен соғысып келемін, оған әлім жетер емес… Оның үстіне, Еділ қалмақтары, башқұрттар, Бұхара және Хиуамен соғыса бастадық. Төрт жағымыздан бірдей жау қоршауында қалдық» (Красный архив.

№5/78. С. 197). Нақ осы кезең туралы Ш. Уәлиханов былай деп жазған болатын: «ХVІІІ ғасырдың алғашқы ширегі қазақ халқының өміріндегі сұмдық ауыр уақыт болды. Жоңғарлар, Еділ бойының қалмақтары, Жайық казак орыстары мен башқұрттар тұс-тұстан қазақ ұлыстарын қырғынға ұшыратты, малын айдап әкетті, қазақтарды бүкіл отбасыларымен тұтқындап алды» (Валиханов Ч.Ч. Собрание сочинений 5-ти томах. Т. 1. – Алма-ата: АН Каз ССР, 1961.С. 426).

Қысқа айтқанда, ХVІІІ ғасырда орталық шығыста халықаралық саясаттың негізгі күші Ресей империясы еді. І Петр Үндістан мен Қытай, барша Шығыс пен сауда жолдарын иемденуді армандады. Осы мақсатқа жету үшін Орта Азия мен Қазақстан жерін уысында ұстау керектігін жақсы түсінді. Сол мақсатта өзі ұйымдастырған Бекович-Черкасский, И. Бухгольц, И. Лихарев т.б. басқарған әскери-барлау экспедициялары өте маңызды мәліметтер жинады. Осындайда І Петрдің: «Қырғыз-қайсақ Ордасы – бүкіл Азия елдерінің қақпасын ашатын кілт» деген әйгілі сөзі ойға оралады.

Осы ретте әбден әлсіреген Қазақ хандығын саяси тұйықтан шығарудың өзіндік жолын іздеген Мұхаммед Қазы баһадүр Әбілқайыр хан қазақ даласында болып жатқан сан алуан қысым мен қысастықтың артында Петербор сарайы тұрғанын сұңғыла саясаткер ретінде дер кезінде байқап, елді сақтап қалу жолында Ресеймен жақындасуға мәжбүр болды.

Бұл қадам –  1710 жылдан Кіші жүз ханы, 1726 жылдан Қазақ жасағының Бас қолбасшысы һәм жоңғарларға қарсы азаттық күресінің жұрт мойындаған көсемі, стратег әрі тактик, саяси тәжірибесі орасан зор Әбілқайыр ханның дипломатиялық айласы.

Қазақ жерінің әр пұшпағын өлермендене қорғаған Әбілқайыр ханның орыс ұлықтарына: «Жайық өзені кеуіп қалғанша, тіпті ақыр заман келгенше қазақ халқы бұл жерден айырылмайды. Өйткені мұндай жайлы жерді олар еш жерден таппайды» (КРО-І, 366-б.), –  деп ширыға тіл қатуы оның саясатынан басқаша астар іздеуге еш мүмкіндік бермейді.

Әбілқайыр хан туралы зерттеушілер не дейді?

Бұл тарихшылар мен ғылыми-көпшіліктің қаламы ешқашан суымаған тақырып десек, қателеспейміз. Біздіңше, оның бірнеше себептері бар. Соның негізгі екеуіне ғана тоқталайын: біріншіден, қалай болғанда да, Әбілқайыр хан тұсынан бастап қазақ-орыс қарым-қатынастары өзгеше бағытқа бұрылып, бұрынғыға ұқсамайтын жаңа мәнге ие болды. Сондықтан ұзақ жылға созылған бодау дәуірде оның жүргізген саясатына ерекше мән берілгені сондай, тарихи зерттеулерде Әбілқайыр ханның қоғамдық-саяси қызметі тек Қазақстанның Ресейге қосылуы тұрғысында ғана сараланды.

Ал екінші себебін  Әбілқайыр ханның бірегей құбылыс екендігінен, ұлылығы мен тарихи болмысының күрделілігінен іздеу керек. Ұлы қолбасшылық даңқын алты алаш ардақ тұтқан, өзгеге ұқсамайтын меритократиялық қасиеттерімен дараланған көреген саясаткер Әбілқайыр ханның тарихи болмысын ғылыми негізде толық жүйелеу, зерделеу және сараптау ісі сол заманнан күні бүгінге дейін үзіліссіз жалғасып келеді.

Қазан төңкерісіне дейінгі Л. Мейер (Мейер Л. Киргизская степь Оренбургского ведомства. // Материалы для географии и статистики России, собранные офицерами генерального штаба – СПб., 1865. С. 5), Ф. Лобысевич (Лобысевич Ф. Поступательное движение в Среднюю Азию и торговом и дипломатическом отношении. – СПб., 1900. С. -38-39), М. Красовский (Красовский М. Материалы географии и статистики Росии. Область Сибирских киргизов. Ч. І-ІІІ. – СПБ.: Типографии: Траншеля, Владимирская, №1, Рентгера и Шнейдера; 1868. С. -58-59) сынды дворяндық-буржуазиялық ағымдағы орыс тарихшылары Әбілқайырды «баққұмар», «мансапқор» десе, екінші жағынан, осы кезең туралы еңбектер жазған келесі бір орыс тарихшылары П. Рычков (Рычков П. История Оренбургская (1730-1750). Оренбург: Типолитография Ив Ив. Ефимовского – Мировицкого. Издание Оренбургского губернского Статистического Комитета, 1896. С.5), А. Левшин (Левшин А.  Описание киргиз-казачьих, или киргиз – кайсацких, орд и степей. Ч. І, ІІ и ІІІ. СП б., 1832. С.-296-297), Н. Попов (Попов Н. В. Татищев и его время. Эпизод из истории государственной, общественной и частной жизни в России, первой половины прошедшего столетия. – М.: Типография В. Грачева, 1861. С. 172), В. Витевский (Витевский В. Неплюев и Оренбургский край в прежнем его составе до 1758 г.

– Казань: Типо-Литография В. Ключникова, 1889-1897. Т.І. С.136), А. Добросмыслов (Добросмыслов А. Материалы по истории России. Т.ІІ.,  – Оренбург, 1900. С.-97-98) және басқалары ханның жеке саясатшылық қасиетіне таңғалғаны сонша, оны «жеке басының аса ірі қасиеті бар, ақылды да айлалы билеуші» ретінде бағалаған.

1943 жылы шыққан «Көне дәуірден біздің кезеңімізге дейінгі Қаз ССР тарихы» (Абдыкалыкова М., Панкратова А. История Казахской ССР с древнейших времен до наших дней. – Алма-Ата: Казагиз, 1943.) оқулығында: «…өз халқын сатқан авантюрист Әбілқайыр хан өз билігін сақтап қалу үшін патша өкіметінің көмегіне сүйенді (152-б.). Тек қана өзінің қара басының қамын ойлай отырып (153-б.), ол патша өкіметінің Қазақ даласындағы халыққа қарсы саясатын жүргізуші басты тірегіне айналды» (160-б.), –  деп еш дәлелсіз байлам жасалуы былай тұрсын, Әбілқайырдың жеке басына адамның жаны түршігетін негізсіз айыптар тағылды.

Бірқатар тарихшыларымыз осындай біржақтылықтың шылауында кетіп, қайткенде де қазақ даласын отарлауды алдына мақ-сат етіп қойған Ресей империясы Орынбор әкімшілігінің екпінін тежеп, мейлінше қарсы тұрған Әбілқайыр ханның жанкешті күресін есепке алмай, назардан тыс қалдыруға тырысты.  Талай тарихшы қазақ халқын «қасіретке душар еткен опасыз» Әбілқайырдың «кемшіліктерін» табуға бейім тұрды.

Бертінірек тарихшылар жаулық туралы пікірді шектеді де, Ресейге қосылудың «объективті прогрестік салдары» жөнінде көбірек айта бастады. Ақырында тарихшылар Әбілқайыр қазақ халқының мүддесін объективті түрде білдіріп қана қойған жоқ, ол қиядағыны болжай білетін дана билеуші, алаштың игілігі мен мүддесінің қамқоршысы ретінде саналы түрде шешуші қадамға барды деген тұжырым жасалды.

Ел тәуелсіздігімен бірге әбілқайыртанудағы жаңа ізденістердің қатарына К. Есмағамбатов, И. Ерофеева, Ә. Мұқтар, С. Мәшімбаев, Ж. Қасымбаев, С. Өтениязов, Б. Нәсенов т.б. тарихшылардың сүбелі еңбектері қосылды. Тарихшы Ирина Ерофееваның монографиясы –  Әбілқайыр сынды көрнекті мемлекет қайраткерінің шынайы болмысын танытуға арналған алғашқы ғылыми зерттеулердің бірі.

Академик Манаш Қозыбаев аталған еңбектің «империялық идеология сарынын кеңінен уағыздайтынын»  айтқан еді, сөйтсе де, бұл зерттеуінде автор  әйгілі қазақ ханының өмірі мен қызметінің соншалықты сан қырлы әрі зор мәнді болғанын дәлелдеуге тырысады. Әсіресе ол: «Әбілқайыр өмірі мен қызметі туралы тарихнама оның өте беделді замандасы һәм жауы жазған жазбалардың ықпалымен өрескел бұрмаланып, ханның шынайы тұлғасы мен болмысын анықтауға кедергі болып келді» (Ерофеева И. Хан Абулхаир полководец, правитель и политик. –  Алмты: Санат, 1999. С.8) – деп, тың ойды алға тартты. Бұл жердегі Әбілқайырдың жауы – Орынбор генерал-губернаторы Иван Неплюев. Ерофеева көптеген зерттеушілердің осы «Неплюевтің Әбілқайыр беделінің қазақ арасында төмен екендігі, ханның билік құмарлығы мен қимылдарының кереғарлығы, орыс бодандығын жеке басын ғана ойлап қабылдағаны туралы жалған тезистерін тікелей көшіріп алып», қайталаумен келе жатқанын әділ түрде атап өтті. Шынында да, И. Неплюевтің Әбілқайырға берген,  жалпы алғанда, біржақты бағасы кейінгі орыс тарихшыларына сілтеме жасар мықты бір дерек болғаны рас еді. Бұл, айта кету керек, кезінде Кенесарыны біржақты бағалауға ықпал еткен Шоқан жазбаларындағы тұжырымға мейлінше ұқсас болатын.

Әлі де болса, Әбілқайырдың күрделі тұлғасы толық зерттелді деп айту қиын. Кіші жүз ханы туралы көптеген мәселелер түбегейлі, байыпты зерттеуді талап етеді. Әбілқайыртанудағы өзекті мәселелерді зерттеуді ғалымдар, шын мәнінде, енді ғана қолға ала бастады.

Әбілқайыр хан жайлы теріс пікір қалай қалыптасты?

Сөз жоқ, Әбілқайыр хан –  Ордабасы құрылтайында қазақтың игі-жақсылары бірауыздан ақ боз атқа отырғызған Бас қолбасшы, Бұланты мен Аңырақай шайқастарындағы жеңістің негізгі ұйымдастырушысы және дем берушісі. Джон Кэстльдің сөзінше, «зор денсаулық пен қайрат-күш иесі, садақ тартуға келгенде шынымен-ақ бүкіл ұлтта оған тең келетін кісі жоқ» (Кэстль Джон. 1736 жылы Кіші жүз ханы Әбілқайырға барып қайтқан сапар туралы. –Алматы: Атамұра, 1996. 82-бет). Ал геолог Молдияр Серікбаевтың дерегіне сай, қазақ даласында Әбілқайыр хан атымен тығыз байланысты жер-су аттарының көптеп кездесетіндігі сондай, қазақ хандары мен батырларының арасында ешкім онымен шендесе алмайды (Молдияр Серікбаев. Әбілқайыр ханға қатысты жер-су аттары өте көп // Аңыз адам. – Алматы, 2012, №2(38). 47-б.). Мұның бәрі оның санаулы ғұмыры елін-жерін қорғау үшін жорықта, ат үстінде өткендігінен сыр шертеді. Бұған ешкімнің таласы жоқ.

Осындай даңқты тұлғаның Аңырақай шайқасынан кейінгі қимылқарекеті хақында Отандық тарих ғылымында М. Тынышбаевтың жазбасы негізінде теріс пікір қалыптасқан. Бірақ оның ешқандай тарихи дерекпен  дәйектелмегенін баса көрсетеміз. Аңырақай жеңісінен соң өлген Болат ханның орнына «Әбілмәмбеттің бас хандыққа сайлануы» жайлы өз пікірін білдіре келе тарихшы былай дейді: «Үміткер үшеу еді. Біріншісі – барлық қазақ әскеріне қолбасшылық жасаған және тамаша жеңістерге жеткен Кіші жүз ханы Әбілқайыр; екіншісі – Болаттың інісі Шахмұхаммед (Сәмеке), түркі-моңғол мемлекеттеріндегі дәстүр ғұрып бойынша патшалық етуші әулеттің ішіндегі ең үлкені таққа отыруға тиісті, демек, Сәмеке негізгі үміткер; үшіншісі – Болаттың ұлы жас Әбілмәмбет. Болаттан кейін, міне, осы Әбілмәмбет үш жүздің ханы аталды. Шамасы, хан сайлаушылардың сәл көпшілігі (дені болмаса да) осы Әбілмәмбетке дауыс берген. Әрине, мұндай кемсітуге мейлінше намысқой, кексе хан Әбілқайыр шыдай алмаған; мұндай сайлауға Әбілмәмбеттің әкесінің інісі Сәмеке де риза бола алмайды. Сондықтан да Әбілқайыр кеткеннен кейін іле-шала Сәмеке де өз қарауындағылармен майданды тастап шығады» (Тынышпаев М. История казахского народа. – Алма-Ата: Қазақ университеті, 1993. 197-б.). Осы пікірден шыға келе автор, Кіші жүз ханының Ресейге елші жіберуін қазақ хандарының арасындағы билікке таласпен байланыстырады.

Алайда қазіргі Отан тарихы ғылымы дамуы тұрғысынан қарасақ, қазақ тарихшысының бұл тұжырымы  күмән тудырады. Өйткені Әбілмәмбет 1730 жылы Аңырақай шайқасынан кейінгі уақытта сұлтан дәрежесінде болған. Ол 1739 жылы, атақты шайқастан бірнеше жыл өткеннен кейін ғана хан сайланған. А. Тевкелев 1732 жылғы 5 қаңтарда Сыртқы істер алқасына жазған хабарламасында былай дейді: «Олардың Сәмеке, Күшік деген хандары Барақ, Әбілмәмбет деген екі сұлтаны бар» (РИССМ, 122 қ., 122/1 т., 1733, 4 іс, 13п.). Дворяндық-буржуазиялық орыс тарихнамасының ірі өкілдерінің бірі П. Рычков оның хан болып тағайындалған уақыты 1739 жыл деп анықтаса, 1740 жылы князь Урусовпен болған сұхбатта Жәнібек батыр Әбілмәмбетті Түркістанда 1739 жылы хан сайлағандарын, оны сүйеген арғын-алтай, керей-уақ сияқты мықты рулар екенін мәлімдеді (КРО-І, 148-б.).

Келтірілген тарихи деректер және басқа да көптеген мәліметтер Әбілмәмбеттің Аңырақай шайқасынан кейін хан болып сайланғандығы жөніндегі М. Тынышбаев тұжырымын жоққа шығарады. Өйткені ол, дәл осы реніштен кейін Әбілқайыр Ресейге елші жіберді деген пікірде болды (Тынышбаев М. Көрсетілген еңбек.198-б.).

Бір назар аударарлық нәрсе, М.Тынышбаев тұжырымының тарихи әдебиетте айна-қатесіз шындық ретінде орныққаны сондай, жалпы білім беретін орта мектептердегі Қазақстан тарихы оқулықтарында (Төлеубаев Ә., Қасымбаев Ж., Қойгелдиев М., т.б. Қазақстан тарихы. 10-сынып. – Алматы: «Мектеп» баспасы, 2006. 189-б.) қазақ хандарының билікке таласын көрсететін Састөбе (Сайрамға жақын) құрылтайының енгізілуі ешқандай сын көтермейді. Бұл жас жеткіншектердің ұлттық тарихи санасын қалыптастыруға теріс әсер етіп жатқаны айтпаса да түсінікті. Тарихта әлі басы толық ашылып, түбегейлі тиянақталмаған, ғылыми негізде жүйеленіп үлгермеген дүниелерді  мектеп оқулықтарына енгізіп жіберу – тым асығыстық пен салғырттығымыздың белгісі.

Ал қытай деректері Әбілқайыр ханның солтүстік-батысқа кеткенін жазғанымен, өз орнына бауыры Бұлқайыр сұлтанды 70 мың сарбазбан қалдырғанын және Бұлқайыр сұлтан Шу және Талас мекендеріндегі жоңғарларды талқандады деген мәліметтер береді (Китайские документы и материалы по истории Восточного Туркестана, Средней Азии и Казахстана ХІV-ХІХ вв. – С.63-64).

Аңырақай шайқасынан кейін аға хан сайлау туралы құрылтайдың өткенін айғақтайтын мәліметтің болмауы, жоғарыдағы айтылып жүрген әңгіменің жай, әшейін долбар екенін аңғартқандай. Егер де хан сайлау рәсімі ежелгі дәстүр бойынша өткізіліп, ұлы хан ақ киізге көтеріліп, ұлықталар болса, Әбілқайыр хан кандидатурасының өзге үміткерлерден шоқтығының биік екенін және оның еш баламасыз «өтіп» кететінін жақсы ұққан Жәдік әулетінің сұлтандары қасақана бұл сайлауды болдыртпаған секілді. Мұндай пікірлер бізден де бұрын айтылғанын оқырманның есіне саламыз (Әбіш Кекілбайұлы. Шандоз. –  Алматы: «Арыс» баспасы, 2004. 74-б.).

Бір ғажабы, қазіргі қоғам һәм Отан тарихы ғылымы сол бір тарихи кезеңде әскери-саяси белсенділігімен өзге төрелерден оқ бойы озық шыққан Әбілқайырды аға хан ретінде бірауыздан мойындамаса да, шындығында сол заманнан бізге жеткен тарихи деректер оның бас хан болғандығын жоққа шығармайды. Бұл сөзімізді  дәлелдейтін деректер жеткілікті.

Әбілқайыр ханның хатын қалай оқыған дұрыс?

Еліміздегі мемлекет құраушы ұлт – қазақ халқының саны артқан сайын қоғам, әсіресе, жас ұрпақ тарапынан бұл сұрақ күн тәртібіне сан мәрте қойылып, оған шынайы жауап іздеу әлі сан мәрте талқыдан өтері және көтерілген  мәселенің объективтілігіне қоғамдық сұраныстың өсе берері анық.

Бүгінде Әбілқайыр хан саясатынан кінәрат іздеушілер нақ осы төңіректі шиырлап жүр. Орыс отаршылдығының барлық зар-даптарын Әбілқайыр ханның мойнына іле салу, оны басты күнәһар санау тарихи шындыққа қанжар сұғумен бірдей.

Республика бойынша көлемді таралыммен тарайтын тарихи-танымдық «Аңыз адам» журналының Әбілқайыр ханға арналған санындағы (Әбілқайыр хан (1693-1748) //Аңыз адам. – Алматы, 2012, №2(38) қазақ тарихшыларының ол туралы айтқан айқыш-ұйқыш пікірлері, ғаламтордағы 4 бөлімнен тұратын Әбілқайыр хан туралы деректі фильмдегі (Қараңыз: Әбілқайыр хан – 1 бөлім // https://www.youtube.com/watch?v=HJFx-l1-AOA; Әбілқайыр хан – 2 бөлім// https://www.youtube.com/watch?v=7BeNRzz7KQY ; Әбілқайыр хан – 3 бөлім // https://www.youtube.com/watch?v=KeAlwtRcx3g; Әбілқайыр хан – 4 бөлім // https://www.youtube.com/watch?v=uYpClAViDnw) тағы сондай бір-біріне қарама-қайшы көзқарастар мен ғаламтор сайттарындағы Әбілқайыр ханға қатысты мақалалардан (Жақсығалиев Жаңабек. «…Кіші жүзді найза берде, жауға қой» // http://old.abai.kz/node/12833; Қожырбайұлы Мұхамбеткәрім. Әбілқайыр хан «сатқын» емес. Ол – қазақтың «Аға ханы» // http://old.qamshy.kz/?p=22472)  кейінгі тоқтамайтын толассыз талас-тартыстар айтулы тұлғаға деген ортақ ұлттық пікірдің әлі күнге дейін қалыптаспағанын көрсетеді. Бұл –  біздің санамыздың отаршылдар жазған тарихтан, сол кезде қалыптасқан пікірлерден әлі де арылмағандығының көрінісі, сондай-ақ, өкінішке қарай, бұл жерде трайбализмнің салқыны да бар.

Шын мәнінде, орыс отаршылдығының Әбілқайыр ханның хатына дейін басталып кеткендігін алға тартқан санаулы кәсіби тарихшылардың салмақты пайымын есептемегенде, жалпы қоғамдық һәм ұлттық сана мұны терең түсініп, жан-жақты саралайтындай жоғары деңгейге әлі көтеріле қойған жоқ. Ал Әбілқайыр хан саясаты хақында айтылар ақиқат, біздіңше нақ осы жерден басталу керек. Бір қызығы, посткеңестік кеңістіктен тыс елдердің ға-лымдары Алан Боджер (Англия), Марта Брилл Олкотт (АҚШ), Баймырза Хайит (Түркия), т.б. қазақ ханына әлдеқашан әділ тарихи бағасын беріп үлгерді (Есмағамбетов К. Қазақтар шетел әдебиетінде. – Алматы: Атамұра-Қазақстан, 1994. 82-83бб, 89-б.; Лаумулин М. Қазақтар және Ресей империясы. // Қазақ. – Алматы: Білім, 1994.76-б.).

Әбілқайыр ханның атышулы хатының дұрыс аудармасын белгілі тарихшы Амантай Исин баспасөзде жариялады (Исин А. Әбілқайыр ханның хатын қалай оқыған дұрыс? // Абай. 2001. №2. 41-44-бб.). Мұны көзіқарақты оқырман жақсы біледі. Сондықтан ол хаттың мәтінін қайталап берудің қажеті шамалы.

Хаттың түпнұсқасы оқылғанға дейін оның мазмұны туралы халық арасында да, қазақ қоғамында да пікір сан-саққа жүгірді. Әйгілі хатты арнайы оқыған тарихшы-маманның айтуынша, қате аударылған, өзгертілген немесе аударылмаған сөздерден тыс ресми аударма салқынын тигізген, хаттың өзінде жоқ, белгілі саяси мақсат үшін қосып жіберген сөздерді табуға да болады. Осылайша хаттың бірнеше жерден өзгеріске ұшырағаны анықталды.

Әбілқайыр хатының дұрыс аудармасын жасаған ғалымның пікірінше, «Әбілқайыр хан – Ресейге бодан болу идеясын ұсынушы емес, қалыптасқан тарихи жағдайдан өз халқына тиімді жол іздеуші ғана. Ол мәжбүр болды. Заманында «кіші залал» болатындай дұрыс жол таба білді. Басқа жол елдің бөлшектенуіне, солтүстік бөліктерінен айырылуына апарар еді. Басқа ел көсемдеріне қарағанда, Әбілқайыр Ресей патшалығы туралы мол мағлұмат білді… Хан өзге саясат ұстанса, бәлкім, қазақ жері орны толмас бөлшектенуге түсер ме еді… Шебер саясаттың бастамасын Әбілқайыр хан салып кеткенін мойындау керек. Әбілмәмбет хан мен Абылай хан Әбілқайыр хан саясатының жаңғыртпасын жасап, халыққа төнген Ресей қаупінен арылтты, алып патшалықпен тіл табысып, достық орнатып, негізгі жер иеліктерін сақтап қалды…» (А. Исин. Әбілқайыр ханның хаттарында артық жалбарыну, құлдана сөйлеу байқалмайды. // Аңыз адам. – Алматы, 2012, №2(38). 19-б.). Иә, басқасын айтпағанда, Әбілқайырдың үлкен баласы Нұралымен жасты көреген ханымыз Абылайдың өзі Әбілқайырдың ұлы хан екенін мойындап кеткен болатын. Мұны Мәскеу мұрағатының деректері дәлелдейді. 1767 жылы 14 желтоқсанда Омбы әкімшілігіне жолдаған Абылайдың хатындағы (РИСМ. 122қ., 122/2 т., 1766-1769, 18 іс, 189 п.) қазақтың бас хандарының тізімінде Әбілқайыр ханның айтылуы кездейсоқ емес.

Тағы бір назар аударарлық нәрсе, соңғы жылдардағы ресейлік ғалымдардың еңбектері, Әбілқайыр ханды Ресей бодандығына қабылдау кезінде Ресей мемлекетінің көшпелі халықтар мен мемлекеттердің өзара қатынасының бұрынғы дәстүрлерімен қатар жаңа империялық құқықтық тәжірибелердің де қолданғандығын көрсетеді.

Осы тәждестіру нәтижесінде қазақтардың Ресей империясы құрамында болған алғашқы кезеңіндегі дәрежесі аса айқын болмай, ақырында бұл Ресей әкімшілігі мен қазақ билеушілерінің қатынастарының шиеленісуіне алып келді (Почекаев Р. Указ императрицы Анны и присяга хана Абулхаира 1731г.:между старинными традицями и новым имперским законодательством. // Отан тарихы. – Алматы, 2014, №3(67). 5-15бб.).

Сондай-ақ Әбілқайыр ханнан кейін Ресейге ант берген қазақтың хан-сұлтандарының бәрін, кезінде Қойшығара Салғараұлы айтқандай, сатқын дей  алмасымыз тағы белгілі.

Тобықтай түйін

Қалай болғанда да, Әбілқайыр хан Ресейдің құлақкесті құлы болған жоқ. Ол өле-өлгенше дербестігін сақтап, өз саясатын жүргізді.

Әбілқайыр хан тұлғасы төңірегіндегі «сеңнің қозғалмай жатуының» тағы бір сыры орыс отаршылдығының саясатын әшкерелейтін құжаттардың ұлттық мүдде тұрғысынан толық талдауға алынбауына байланысты ма деген де ой келеді. Орыс отаршылдығы – әлі қаузалмай жатқан тақырып. Отан тарихы ғылымындағы дееколонизация (отаршылдықтан арылу) саясаты түпкілікті аяқталған жоқ. Оның уақыты келеді.

Демек, Әбілқайыр хан саясатын орыс отаршылдығының біртұтас тізбегінде қарастырған абзал. Тек сонда ғана Әбілқайыр хан тұлғасына берілер әділ бағаға сүрлеу салынары хақ.

Жаңабек  ЖАҚСЫҒАЛИЕВ, тарих  ғылымдарының  кандидаты, Орал  қаласы

P.S.  Мен халқым үшін қызмет етуге әр уақытта дайынмын, керек болса жеке басымды құрбандыққа шалуға да бармын. Сіздерді елдің еркіндігі мен тыныштығы үшін бірлікке шақырамын.

(Әбілқайыр хан)


«Әкемді білетіндер бар ма екен?..»

Күні: , 834 рет оқылды

даулетиярова


Сонау  Қызылордадан  қоңырау  шалынды.  Арғы   жақтан   даусы  егде   жастағы  адамға   келіңкірейтін   кейуана  өзін  Әсия  Дәулетиярқызы  Әбішева  деп  таныстырды.  Сөйлесе  келе,  түп  жұрты,  атақонысы  Сырым  елі  екен.  Бірақ  өзі  Қызылорда  жағында   дүние  есігін  ашыпты.  Енді  Әсия  анамыз  Ақ  Жайық  өңірінен,  Сырым  жұртынан ағайын-тумаларын  іздейді.  Алыстан  жолданған  сәлемге  зер  салшы,  оқырман?!.


Әсия  Әбішеваның  айтуынша,  әкесі  Дәулетияр  Әбішев  1889  жылы  Батыс  Қазақстан  облысы,  Жымпиты  ауданында  қарапайым отбасында  дүниеге  келген. Тоғыз  жасынан  бастап  он  сегіз  жасқа  келгенге дейінгі  өмірі  Мұқаш, Ерболат, Талапбай, Жұмағазы,  Кенжалы  сынды  жергілікті  байлардың  малын  бағумен,   солардың  жұмысын   атқарумен  өтіпті.  Сөйтіп  жүріп,  ауыл  молдасынан  өз  бетімен  арабша,  латынша  хат  таниды,  бос  уақытында  ғасырларды  жалғаған  қазақ  ауыз  әдебиетімен  сусындайды.  Сауат  ашуға  деген  құлшынысы  Дәулетиярды  он  екі  жасында  Орынбор  қаласындағы  Хусайн  татар  медресесіне  әкеледі.  Екі  жыл  сонда оқығанымен, әрі  қарай оқуға  қаражаты болмай,  оны  толық  бітіре  алмайды.  Тағдыр  талқысына  мойымаған   жас  жігіт  содан  кейінгі  екі  жылда  Ақтөбе  облысындағы  жалпы  білім  беретін  Қарақобда  орыс  мектебінде  оқыды. Оны  бітіре  сала,  1916  жылы қара  жұмысқа  алынып,  Ресейдің Минск  губерниясы  Бобруйск  стансасында  әр түрлі  жұмыстар  атқарады.

Дәулетиярдың   ұстаздық  жолы  1917  жылы  Ақтөбе  облысындағы    І дәрежелі Қобда және Тамды  мектептерінен басталады. Өз ісіне жоғары жауапкершілікпен   қарайтын оқытушы Орынбордағы  мұғалімдердің  білімін  жетілдіру  курсына жіберіледі.  Оны  бітірген  жас  маман  сол  жылдары  ұстаз  тапшылығы  анық сезілетін  Қызылорда  облысына  жолданады.  Қышбөгет  мектебінде, Аламесек  интернатында  мұғалім-тәрбиеші  болған  Дәулетияр  әр  жылдары  Орынбордағы  педагогикалық  курстарда  оқып,  өз  білімін  жетілдіріп  отырады.  Содан  кейін  алты  жылдай  Ақтөбе  облысына  қарасты  бірқатар  мектептерде  мұғалім-тәрбиеші  болған  Д. Әбішұлы  1926  жылы  біржолата  Қызылорда облысына ауысады. Тоғызжылдық мектепте мұғалім,  Тереңөзек аудандық оқу бөлімінің нұсқаушысы, Аламесек интернатының  меңгерушісі, облыс  орталығындағы Абай  мектебінің  мұғалімі  қызметтерін атқарған ол өзінің  тындырымдылығымен, өз ісіне берілгендігімен көпшіліктің  алғысына бөленеді. Аласапыраны  мол отызыншы жылдары Сыр  өңіріндегі  көлік  және  сауда  техникумдарында оқытушы, облыстық  ЛИТОда (кеңес  үкіметі  кезінде  ақпарат  құралдарында мемлекеттік  құпиялардың  жарияланып  кетпеуін  бақылайтын  мекеме)  саяси  редактор  қызметтерін  атқарған  Дәулетияр  Әбішұлының  атына  үнемі  жақсы  лебіздер  білдірілетін.

– Әкем орыс  мектебінде  оқығандықтан болар, орысша таза  сөйлейтін, — деп  еске  алады  өмір бойы  ұстаздық  еткен  қызы  Әсия  Әбішева. – Отбасының  жағдайы  ауыр  болса  да  және өзі  партия  мүшесі болғандықтан  болар,  аз  айлығына сол кездегі  одақтық, республикалық  «Правда», «Известия», «Социалистік  Қазақстан», «Лениншіл  жас», «Ленин  жолы»  секілді  орталық  басылымдарды облыстық,  аудандық  газеттерді жаздырып алатын еді.  Оны  өзі  оқып,  ондағы  жазылғандарды,  ел  жаңалықтарын  көршілерге,  өзімен  бірге  істейтін  мұғалімдерге  әңгімелеп  беретін. Өзі  содан  ләззат  алушы  еді. Тіпті  түу шетте  тұратын колхозшылар  жаяу, болмаса  есекке мініп  әкеме  келіп, «Қазитің не дейді?» – деп  сұрайтын.

Әкем  елді  мекенді  жаяу  аралап, класс  бөлмесі болуға  лайық  үй  іздеп,  онда  оқитын  балаларды  түгендеп  жүретін-ді.  Оларды  оқыту  қажеттілігін  үлкендерге  түсіндіріп, балалардың  мектепке  уақтылы  баруын  үнемі  назарда  ұстайтын. Сол  шағын  мектептің  жауапкершілігі  өз  мойнында  болған  соң,  балаларды  қамтамасыз  ету  мақсатында Қызылорда  қаласына жаяу  барып, кітап,  дәптер,  қалам  арқалап  қайтады. Не  деген жанкештілік  десеңізші,  қырық-елу  шақырым  болатын  жолды  екі  жүріп  өтеді екен.

Елдегі  балаларды  оқыту  үшін  соғыстан  қалдырылған  ол кісі  ауыл-үйді  жағалап,  мектеп  жасындағы  балаларды  оқуға  тартады. Ұлы  Отан  соғысы аяқталғаннан  кейін  де  елде  жағдай  жақсарып  кете  қоймады. Солай  бола  тұрғанымен,  елдің  мектепке  деген  ықыласы  айрықша  еді. 1948  жылы  ауыл  адамдарының  күшімен  қам  кесектен  мектеп  салына  бастады. Ол  салынып  біткенше  бір  бөлмелі  жер  үйді күндіз  мектеп, түнде  жатар  орын  қылған Дәулетияр мұғалім  сол  кездегі Калинин  атындағы бастауыш  мектепте  балаларды білім  нәрімен  сусындатып, күндіз-түні  жұмыс  істеді. Ұзақ  жылғы  ұстаздық  еңбегі  зая  кетпей, «Қазақ  КСР  халық  ағарту  ісінің озық  қызметкері» белгісін  иеленді.

Ал саналы ғұмырын бала тәрбиелеуге арнаған Дәулетияр  Әбішұлының  қызы Әсия  Әбішева  да — әке  жолын  жалғастырған ұстаз,  Қазақ КСР халық ағарту ісінің  үздігі, ұзақ жыл бойы қаладағы малшылардың балаларына  арналған  №1 Гагарин  атындағы  мектеп-интернатта, одан  кейін  педучилищеде ұстаздық  етті. Өзінің  бойындағы  ұстазға  тән мінез-құлық  болса, ол  әкесі  Дәулетиярдан  дарыған  қадір-қасиет  деп біледі.

— Әкемнің, — дейді  бүгінде 78 жастағы  Әсия  апай  әңгімесін  әрі  қарай  жалғап. – Мұқан,  Ермұқан деген  ағалары  болыпты. Екеуі  де  кедейліктен  байларға  жалданып,  өмірден  үйленбей  өткен.  Ал  екі  інісі  Құлмұқан  және  Тахтияр  Қаратөбенің  НКВД-сында  қызмет  етіп,  1931  жылы  бандалардың  қолынан қаза  тапты  деп  отыратын. Ал  біз Дәулетияр  әкемізден  бес  ұл  орталарында  жалғыз  қыз  —  мен,  алтауымыз  дүниеге  келіппіз. Солардан  бүгінде  қалған  жалғыз  мен. Үлкен  ағаларым  тым  ерте  қайтып,  Нариман  ағам (1930  ж.  т.) екеуміз  қалған  едік. 1959 жылы  әкем  қайтыс  болып, оның  қырқынан  кейін  Нариман  да  опат  болды. Әкемнің  руы – байбақты  тама. Әкем өле-өлгенше туған  жеріме  бір  барсам  деп  армандап  өтті. Есімде  қалғаны, «Орал  облысы,  Жымпиты  ауданы,  Құлшық  деген  көлдің жағасында туыппын. Балалық  шағым  сол  жерде  өтті. Алла  қосса,  сол  жерге  сендерді  апарамын, топырағына аунатамын» — деп отыратын. Бірақ  оған  үлгермеді.  Тағы бірде  маған: «Жымпитыда Сәбила  деген  қарындасым (мүмкін  жиен-шарық) болып еді, сен соған  қатты  ұқсайсың» — деп  отыратын.  Бірақ  ғұмырбаяндық анкетасында  қарындасы  туралы  мәлімет жоқ.

Бәлки, осы  мақала   менің  әкемді  білетін немесе естіген  (анау  НКВД-да  істеген  ағалары   жайлы  Қаратөбе,  Жымпитының  мұрағатында  мәліметтер  болуы  мүмкін  ғой  деп  үміттенемін)  адамдардың  көзіне  түсіп,  үмітімді  жандырар.  Егер  ондай  жандар  табылып  жатса,  менің  мекенжайым:  индекс  120008, Қызылорда  қаласы,  Абай даңғылы, 44-үй, 25-пәтер, телефоным – 23-82-10.  Кеудемде  жүрегім  соғып  тұрғанда,  Орал  жақтан  бір  хабар  келетіндей  күдерімді  үзбеймін, — деп Қызылордадан Ақ Жайық жаққа елеңдеген Әсия апа әңгімесін аяқтады.

Біз  де  Әсия  апайымызға  үмітіңіз  қуанышқа  ұласқай  деп,  аманат  сәлемін  оқырмандарымызға  жеткіземіз.

Есенжол  ҚЫСТАУБАЕВ,  Орал  өңірі»


Инновация тұңғиығынан «МАРЖАН» ТЕРІП…

Күні: , 839 рет оқылды

Фото Конкурса  NIF$50K


Орал қаласындағы инноватор-ғалым Сәрсенбек Монтаев және оның командасы «ЭКСПО – 2017» халықаралық көрмесіне қатысуға шақырту алды. Елордадағы «Технологияларды коммерциаландыру орталығы» ЖШС-ның басшылығы жолдаған құттықтау хатта көрмеге қатысуға ниетті 400 өтініш-жобаның ішінен 50 үздік жоба таңдап алынғаны, батысқазақстандық ғалымдардың еңбегі еліміздің инновациялық прогресінің дамуына ықпал ететіні жазылған.


«Іздеген сайын табылып, игерген сайын көбейе беретін бір ғана қазына – бұл индустрия мен инновация», – деген екен Елбасы бір сөзінде. Бұл сөз ғылымды өндіріспен ұштастырып, инновацияға ие болудың маңызын көрсетеді. Әлемнің дамыған елдері нақ осы мәселелерге көбірек мән-маңыз беріп, соған арқа сүйей отырып, экономикасын өрге тартуда. Қазақстанда да инновацияға назар аударылып, өндірісті ғылыммен ұштастыру мәселесі қолға алынды. Осы бағытта оралдық ғалымдардың ізденістері «бір төбе» деуге болады. Бұдан бұрын С. Монтаев басшылық жасайтын ғалымдар тобы жасанды қиыршық тас, көбікті әйнек, керамикалық материал жобаларына ҚР Білім және ғылым министрлігінің гранттарын ұтып алды.

— Жасанды қиыршық тас жобасына қатысты маркетингтік зерттеулер жүргіздік. Енді жоба бойынша өнімді өндіріске енгізу керек. Білім және ғылым министрлігіне қарасты «Коммерциализациялау технологиялық орталығы» ЖШС-на гранттық қаржыны Бүкіләлемдік даму банкі бөледі. 504 жобадан іріктеліп алынған 16 жобаның бірі жасанды қиыршық тас жобасын Ұлттық комиссияның алдында қорғап, өндіріске енгіземін деп мәлімдедім. 45 млн. теңге грант алдым. Осы қаржының есебінен Қытайдан қажетті құрал-жабдық сатып алдым. Өткен жылы «Батыс Қазақстан құрылыс материалдары» АҚ-ның өндірістік базасында 200 тонна жасанды қиыршық тас шығарылды. Бұл жұмыстарға облыс әкімдігі, БҚАТУ әкімшілігі, «Алгоритм» технопаркі» ЖШС қолдау көрсетті. Өнімнің өндірістік партиясы сапалы шықты, — деп еске алды «Инжиниринг және ресурстарды үнемдеу» ғылыми-зерттеу институтының директоры, техника ғылымдарының докторы, профессор Сәрсенбек Монтаев. Темірбетон бұйымдарын шығаратын «Нұртем» компаниясы өнімнің өндірістік партиясын түгелдей сатып алуға ұсыныс жасаған. Алайда гранттық ереже бойынша өнімді сатуға министрліктің рұқсаты керек. Сөйтіп, жоба авторы «Нұртемге» жасанды қиыршық тастың бір бөлігін сатты. Коммерциализациялау технологиялық орталығынан өнімнің өндірістік партиясын сатуды ұйымдастырғаны үшін алғыс алған ғалым жобаның өміршеңдігін осылайша дәлелдеді. Енді «Нұртем» компаниясы жылына 5 мың тонна өнім аламыз деп алдын ала тапсырыс беріп қойған.

Өткен жылы Астана күніне орай инновациялық озық 12 жоба республикалық көрмеге ұсынылды. Соның бірі – БҚАТУ-дың жасанды қиыршық тас өндіру жобасы. Көрме жобасы кезінде жобамен жақынырақ танысқан Елбасы БҚАТУ-лық ғалымдар тобына «Жарайсыңдар» деп жоғары бағасын беріпті. Қазір инвестор ізделуде. Бүгінде зауыт салуға техэкономикалық негіздеме жасалуда. Жобаны іске асыру үшін тиісті ереже бойынша «Иннотехпроект» ЖШС құрылып, оның директоры болып С. Монтаев бекітілген. Бүкіләлемдік даму банкінің талаптары бойынша осы банк арқылы гранттық қаражат БҚАТУ-дың есепшотына емес, жобаларды іске асыруға құрылған ЖШС-ға аударылады екен. Сөйтіп, гранттық қаржының тиынына шейін тек жобаны іске асыруға жұмсалуы тиіс.

Бүгінде С. Монтаев және оның БҚАТУ-дағы шәкірттері техникалық ғылымдардың магистрлері Азамат Тасқалиев, Сәбит Жарылғапов, техника ғылымдарының кандидаттары Бекболат Шәкешов, Нұргүл Әділова, Қанат Нәріковтер суды үнемдеу және өндірістік, кәріздік сарқынды лас суды тазалайтын жаңа инновациялық жобаны қолға алды. Ғалымдардың айтуынша, су тазалайтын технологиялар Еуропада жақсы дамыған. Экономикалық даму көрсеткіштері жоғары елдерде лас суларды сүзгілер арқылы тазалап қайта кәдеге жаратады. Сорбенттер, сүзгілер жайлы ақпарат ашық болғанымен, оны жасау технологиясы әлі құпия күйінде ұсталынады. Өйткені сол елдер бізге дайын өнімдерін сатып, шаш етектен пайда тауып отыр.

— Тамбов мемлекеттік технологиялық университеті 15 жыл көлемінде нанотехнологиялық орталық құрды. Сорбенттер жобасын осы орталықтың ғалымы Владимир Першилмен бірге қолға алдық. Ондағы мақсатымыз – сорбент технологиясын жасақтап, өнімді Қазақстанда өндіру. Сорбенттер, су тазалайтын сүзгілер суды үнемдейді әрі суды көп қажет ететін өндірістік нысандарға (көлік жуатын, кір жуатын орындар) өздерінен шыққан лас сулардан қайтадан қажетті су өндіруге жол ашады. Өндірістегі сарқынды суларды кәрізбен ағызып жібереміз, ал олардың құрамындағы ауыр металл түрлері өзен-көлдерімізді «құртып» жатыр. Түптің түбінде сорбенттерді жасап шығаратын болсақ, су қоймаларындағы су қоры азаймайтын болады. Тамбовтағы нанотехнология орталығының ғалымдарымен бірге сорбентке шикізат ретінде опоканы, яғни табиғи шикізатты пайдалануға болатындығына көз жеткіздік, — деді әңгіме көрігін қыздырған ғалым С. Монтаев. Айтқандай, ғалым Монтаев бұған қатысты патент алыпты. Биыл министрліктегілер шетелдік ға-лымдармен бірлескен жобаларды қолдайтын бағдарлама бойынша оралдық жобаны мақұлдады. Жаңа жобаларды сараптаудан өткізуде тәуелсіз шетел сарапшылары тартылып, сорбент жобасына америкалық, еуропалық ғалымдар «ақ батасын» беріпті.

— Жобамыздың жаңашылдығы, өзіндік ерекшеліктері бар. Опоканың өзі – табиғи сүзгі. Әрі осы сүзгі құралына нанотехнологиялық бөлшекті кіріктірсек, онда құралдың сүзгіштік қасиеті 100 есеге артады. Бұл жоба 3 жылға мемлекеттік грант ұтып алды, әр жыл сайын 5 млн. теңгеден бөлінеді. Енді жоба бойынша опокадан су сүзгісі жасалып, сыналады. Негізі нарықта бұл құрылғыға сұраныс көп, — дейді ол. Инноватордың әңгімесінен түйгеніміз – «Дүние де өзі, мал да өзі, ғылымға көңіл бөлсеңіз» деген Абай даналығының іске асатын тұсы осы кез болса керек.

Келесі жаңа инновациялық жоба — мұнай қалдығы жобасы Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетімен бірге қолға алынған. Идея – жергілікті ғалымдікі, шикізат — Қызылорда өңірінікі. Бұл жобаға да грант берілді. Мұнай өндіретін елдерде мұнай қалдықтарын өңдеу мәселесі туындауда. Өйткені мұнай қалдықтары мұнайшыларға қажет емес, сондықтан полигондарға көміледі. Мұнай жинайтын сыйымдылықтардың түбінде де шөгінді қалады. Бірақ оны тазалау қиын. Осының барлығын зерттеген С. Монтаев жобасын жасақтады. Оның жобасымен танысқан Павлодардағы мұнай өңдеу зауыты оралдық ғалымның жобасына «құда» түсті. Сөйтіп, зауыттағылардың ұсынысымен бұл жоба KAZENERGY қазақстандық энергетикалық кәсіпорындар қауымдастығының байқауына қатыстырылды. Нәтижесінде үздік ондыққа кірді. Осылайша жобаның тұсаукесері Астанада жасалды. Байқау сарапшыларының құрамында болған Мәскеудегі И. Губкин атындағы мұнай және газ университетінің, «Қазмұнайгаз», «ЛукОйл», «ПетроҚазақстан» компанияларының өкілдері жобаға жақсы бағаларын берді. Қарамайдың «майын» ішкен марғасқа мамандардың оң бағасын алудың өзі жобаның болашағы зор екенін көрсеткендей.

— Павлодар мұнай өңдеу зауытында неміс қондырғысы орнатылған. Онда мұнайды суынан бөлектейді, түбінде қалатын ауыр фракциялар кәдеге асырылмайды. Бірақ ол да мұнай, бірақ құрамы қою, жану қасиетіне ие. Оны мұнайшылар қалдық деп атайды. Қалдық жанатын болса, онда ол энергия бөледі, сонда бұл отын емес пе? Бізде құрылыс материалдарын шығаратын өндіріс орындары энергияны көп пайдаланады. Мысалға, кірпіш зауыттары газды пайдаланады. Керамзит өндірісінде өнім шығаруға соляр майы, көмір қосылады. Осыны зерттеп патент алдық. Бір шәкіртім диссертация тақырыбы етіп алды. Менің жобамда мұнай шламдарын керамзит, керамикалық кірпіш өндірісінде пайдалану жоспарланған. Бұл жоба «ЭКСПО» халықаралық көрмесінің тақырыбына сай энергия тиімділігін арттыруға көмектеседі, — деді «Инжиниринг және ресурстарды үнемдеу» ғылыми-зерттеу институтының директоры, техника ғылымдарының докторы, профессор Сәрсенбек Монтаев.

Сәрсенбек Әлиақбарұлының айтуынша, таяу күндері Қызылордадағы керамикалық зауытта жоба бойынша сынақ жұмыстары жасалады. Біздің өңірде керамикалық зауыт дегеніңіз атымен жоқ. Ал Қызылордада мұндай 15 кірпіш зауыты жұмыс істейді.

БҚАТУ-дың «шекпенінен» шыққан ғалым Сәрсенбек Монтаев инновациялық жобаларын «Бәйтерек» басқарушы холдингіне қарасты «Технологиялық даму жөніндегі ұлттық агенттігі» АҚ-ның назарына ұсынып, одан әрі дамытуды көздейді. Өйткені ин-новация әлі игерілмеген тың тәрізді. Идеядан идея туып, ғылымның тұңғиығынан талай «маржан» тауып, оны өндіріспен ұштастыруға болатынына ғалымдар бек сенімді.

Гүлбаршын ӘЖІГЕРЕЕВА,

«Орал өңірі»


Арманы асқақ ару

Күні: , 858 рет оқылды

IMG-20150829-WA0011


«Гүлдәурен» бетінің бүгінгі кейіпкері — есімі облыс  жастарына  танылып  үлгерген, М. Өтемісов атындағы БҚМУ-дың 4-курс студенті — Фариза Нұрқашева. Ол — белсенді студент. Әлемнің бірнеше  тілін меңгерген  ізденімпаз.  Облыстық,  республикалық  ғылыми  жобалар  мен  конференциялардың жеңімпазы. Биылғы жылы Түркия елінің Самсун қаласында өткен «Түркі кеңесі түркі әлемі халықаралық  жастар лагерінің»  қатысушысы.


1993 жылы Бөкей ордасы ауданының Мұратсай елді мекенінде дүниеге келген Фариза мектеп табалдырығын аттаған шақтан елгезектігімен көзге түседі. Өсе келе көптеген олимпиадаларға, интеллектуалдық, эрудиттік жарыстарға қатысып, жүлделі орындарға ие бола бастайды. Әкесі Рафхат пен анасы Сақыпжамалдың сіңірген тәрбиесінен шығар, қолөнерге де бүйрегі бұрып тұрады. Қолынан шыққан бұйымдары талай жанның қызығушылығын оятатын. Есімі мектептегі құрмет тақтасынан орын алған озат. Айтпақшы, оның есімінің де құпиясы бар. Көп жыл Орда өңірінде ұстаздық, білім саласында басшылық қызметтер атқарған марқұм Нұрлыбай Қайырбеков атасы Фариза ақындай өжет, батыр, айтқан сөзі мірдің оғындай өткір болсын деген ниетпен ырымдап қойған екен.

— Бір қызығы, мен отбасының кенжесі болсам да, бала кезімнен тұйықтау болып өстім. Көп ешкімге ашыла бермейтін мінезім мен әр уақытымды қалт жібермейтін әдетімнен шығар, тума-туыстың арасында «Неміс қыз» атанып кеттім. Менің осылайша жан-жақты ашылуыма мүмкіндік жасаған студенттік өмірім. Мұратсайдағы А. Құсайынов атындағы жалпы білім беретін орта мектепті үздік тәмамдап, М. Өтемісов атындағы БҚМУ-дың «Шет тілі: екі шет тілі» мамандығын таңдадым. Алайда алғашқы жылы грантқа 108 балмен іліге алмай, ақылы негізде оқуға тура келді. Бірақ өзімнің күш-жігерімді жинап, келесі жылы тағы да бағымды сынап көрдім. Алланың қалауымен таңдаған мамандығыма оқуға түстім. Ол кездегі қуанышымды сөзбен айтып жеткізе алмаймын. Әсіресе, мен үшін ата-анамның қуанғандығы әлі күнге есімнен кетер емес. Сол сәттен бастап, оқуда әрдайым алда болуға ант беріп, өзімді қамшылаумен келемін, — дейді Фариза қыз.

Иә, ол әлі күнге айтқан уәдесінде тұруға талпынып келеді. Алғашқы курстардан-ақ «БҚО жас ғалымдар кеңесіне» мүше болып, түрлі ғылыми жобалар мен конференциялардың бел ортасынан табылуға тырысты. 2011 жылы өткен «Жас ғалым-2011» облыстық конкурсында ІІ орын, 2012 жылы «Жастар және ғылым» тақырыбындағы студенттердің ғылыми конференциясында ІІІ орынға қол жеткізеді. 2013 жылы Астана қаласында өткен «Қазақстан Республикасындағы жастар саясатының даму болашағы мен қазіргі мәселелері» республикалық ғылыми-тәжірибелік конференциясында  «Үздік мақала» аталымына ие болды. Ал сол жылы жазда Орынбор қаласында өткен «Соседи-Көршілер» Ресей-Қазақстан жастарының халықаралық жазғы лагерінің делегаты құрамында біраз тәжірибе жинақтап қайтады. Ізденісі мұнымен ғана шектеліп қойған жоқ, оның ғылыми жұмыстарына халықаралық дәрежедегі ұйымдардан ұсыныстар түседі. Нәтижесінде «Қазақ-станның «Жасыл» экономикаға барар жолы: ол қандай?» тақырыбындағы ғылыми жұмысы «G-Global» ақпараттық-коммуникативтік интернет алаңы форматындағы зияткерлік желісінде жарияланады. Ал «Қазақ-ағылшын мақал-мәтелдеріндегі «Әйел» концептісі» тақырыбындағы ғылыми жұмысы студенттер мен жас ғалымдардың «Ғылым және білім — 2014» IX Халықаралық ғылыми конференциясының жинағына енеді.

Фариза өз мамандығымен қоса, әлемнің өзге тілдерін меңгеруге әбден ден қойған. Шаршау дегенді білмейді. Қашан көрсең де «оқу, оқу, оқу» деп жүгіріп жүргені. Бүгінде ана тіліміз бен орыс тілін былай қойғанда, ағылшын, неміс, түрік және эсперанто тілдерінде еркін сөйлейді. Ол өзге тілге деген қызығушылықты өз мамандығына деген сүйіспеншілікпен байланыстырады.

— Ағылшын тілін үйрену – менің ең басты мақсатым. ІІ курстан бастап тілдік қорымды дамыту мақсатында ағылшын тілін үйрететін курстарда оқушылар мен студенттерге сабақ бере бастадым. Сол арқылы өзіме біраз тәжірибе жинақтауға жол ашылды. Кейін ата-анама ауыртпалық салғым келмей, өз ісімнен пайда табуды ойлап, бос уақытымда ағылшын тілінен репититор, аудармашылықпен айналысып жүрмін. Қазірдің өзінде мен сабақ берген оқушыларым Оралдағы қазақ-түрік лицейіне, Назарбаев зияткерлік мектептеріне оқуға түсіп, білім алуда. Бұл менің сабақ үлгеріміме еш кедергісін келтірген емес. Керісінше, біздің университетте ізденген студентке жан-жақты мүмкіндіктер жасалған. Ұстаздарымыз да бізді қолдап-қолпаштап, әр бастамамызға дем беріп отырады. Биылғы қысқы студенттік машықты Назарбаев зияткерлік мектебінде өт-кізуім де білім көкжиегімді кеңейтуге көп үлесін қосты, — дейді ол.

Студент қыз биылғы жазғы демалысының қуанышты сәттерге толы болғанын жасыра алмады. Жазғы маусымда Түркия елінің Самсун қаласында Түркия Республикасы жастар және спорт министрлігінің ұйымдастыруымен өткен «Түркі кеңесі түркі әлемі халықаралық жастар лагерінде» демалып келді. Аталмыш ұйым түркі тілдес халықтардың ынтымағын нығайтып, ортақ мәдениет, тарих пен дәстүрді дәріптеу мақсатында жыл сайын халықаралық Түркі кеңесінің ұйымдастыруымен өткізіледі. Бұл сапары жөнін-де Фаризаның өзі былай дейді:

— Бұған қол жеткізу оңайға соққан жоқ. Түрік және ағылшын тілдерінде көптеген сынақтардан өтуге тура келді. Қазақстан бо-йынша небәрі 3 қыз, 10 ер бала жақсы көрсеткіштерге қол жеткізіп, ҚР Білім және ғылым министрлігінен арнайы шақырту алдық. Бұл жерде түркі тілдес елдердің, яғни Әзірбайжан, Қазақстан, Қырғызстан, Түркіменстан, Өзбекстан, Түркия мемлекеттерінің студенттері бас қосты. Мені ерекше таңғалдырғаны Түркия еліне жетісімен қыздар Самсун, ұлдар Трабзон қаласына бөлінді. Өйткені бұл мемлекетте ұлдар мен қыздардың демалысын бір жерде ұйымдастыруға қатаң тыйым салынған. Елдегі әуелден қалыптасқан заң мен тәртіп осындай екен.

Бір аптаға созылған лагерь түрік және ағылшын тілінде өтті. Әр күніміз семинар-тренингтер, танымдық ойындар мен қызықты пікірталастар, саяхат, спорттық шараларға толы болды. Алғашқы күні мемлекеттердің таныстырылымында әр ұлттың жастары өз елдерін таныстырып, елден әкелген естелік сыйлықтардан тарту жасастық.

Біздер үшін арнайы Анкара университетінің профессорлары мен оқытушылары дәріс оқып, дөңгелек үстел ұйымдастырды. Халықаралық жастар саясатын дамыту мен жастар арасындағы мәселелерді шешу жолында пікірталас ойындары қызу талқыға салынды. Тіпті Түркия Республикасының халық жазушысы Рабия Кристианмен кездесуден ерекше әсер алдым. Сондай-ақ қатысушылардың қызығушылығына байланысты түрлі үйірмелер жұмыс жасады. Әрбір түрік қызы білуге тиісті қолөнер бұйымын жасау, ұлттық ойындарын, түрікше кофе қайнатуды мен де үйрендім.

Сапарымыздың соңғы күнінде тарихи қалалар, әйгілі Сұлтан Сүлеймен мекендеген – Маниса, Амасияға саяхаттадық. Ол жерлердің табиғаты, архитектурасы өте тамаша. Түрік халқы Осман империясы дәуіріндегі ежелгі ғимараттар, қамалдар мен мешіттерді сол қалпында сақтап қалған. Әрбір түрік азаматы жатқа білетін қисса-дастандар, батырлар жырын тыңдап ерекше әсерлендік. Әсіресе, түркі дәуіріндегі әдебиеттен оқыған «Фархат-Шырын», түрікше «Ferhat ile Sirin» махаббат дастанының кейіпкерлеріне арналған кешенде болып, қос ғашықтың махаббат хикаясын мұражайдан тамашаладық.

Сондай-ақ Стамбул, Анкара университетінде оқитын, Түркияда туып-өскен түркиялық қазақ студенттерімен де сол жерде таныстым. Қазақстаннан келгенімізді естіп, елдің жағдайын сұрап, Астана туралы естіген-білгендерін айтып жатты. Өзге елде тұрып жатса да, қандастарымыздың қазақ тілінде жетік сөйлеп, салт-дәстүрімізді мықты ұстанатындықтары қуантты. Сол жақты мекен еткен қазақтарымыздың тектілігі сонда, тек қазақ ұлтымен ғана құда болатындығын естігенде, қайран қалыстық. Қазірдің өзінде әлеуметтік желіде көптеген шетелдік құрбыларымен хабарласып, хат алмасып тұрамын.

Түрік елінің халқы өте мәдениетті, салты мен дәстүрін ерекше құрметтейтінінің куәсі болдым.

Не керек, студенттік шақтың соңғы жазы мен үшін олжаға толы болды. Менің бағындыратын биігім әлі алда, — дейді жүзі бал-бұл жанып.

Иә, арманың орындалсын дейміз. Фаризадай еркін ойлы, көп тілді жетік меңгерген жігерлі жастарымыз көп болғай!

Ләззат ШАҒАТАЙ,

«Орал өңірі»


Баспаналы болудың ЖОЛДАРЫ ҚАНДАЙ?

Күні: , 1 096 рет оқылды

c84a4d1d29bbdd47d3cebbb001c7b8dc-fit-800x600


Бұдан біраз уақыт бұрын «Орал өңірі» газетінің редакциясына Қаратөбе ауданы Аққозы ауылының тұрғыны Артық Байденов деген азаматтан хат келді.


Ол кісі хатында өзінің «Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ облыстық бөлімшесімен  2011 жылдың 12 шілдесінен бастап келісімшартқа отырғанын және сол кезден бастап осы банкте ашылған арнайы есепшотына үзбестен ай сайын дәл уақытында 90 мың теңгені  3 жыл 3 ай бойына салып тұрғанын айтады. Мемлекеттік бағдарлама бойынша ол кісі үш бөлмелі пәтер алу үшін 2014 жылға дейін пәтер құнының 50 пайызын, яғни 3 млн. 600 мың теңгені жинауы керек екен. Артық ағамыз бұл қаражатты келісімшартта көрсетілген уақытқа дейін артығымен жинап, 2014 жылдың 14 қарашасында «Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ облыстық бөлімшесіне барса, ондағылар «Сізге үй кезегіне тұруға болмайды, өйткені ауылыңызда сіздің атыңызда үй бар екен» — депті. Олардың айтуынша, өзгерістер шарты бойынша бағдарламаға қатысушының атында кем дегенде 5 жыл бойы тұрғын үй тіркелмеуі тиіс екен. Бұған қатты ренжіген Артық Кәрімұлы сол кездері газет редакциясына жоғарыдағы хатты жазғанымен, кейін сабасына түсіп, аталған банкке қайтадан барады. Сол кезде банк қызметкерлері оған үй алудың неғұрлым оңтайлы нұсқасын айтып, облыс орталығынан үш бөлмелі үй сатып алуына көмектесіпті. Артық ағаның айтуынша, бұл нұсқа өзіне өте тиімді. Су жаңа үйге қолы жетпегенімен, банк оған өзі тапқан үйді тез арада, бар-жоғы бір аптаның ішінде рәсімдеп беріпті. «Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ облыстық бөлімшесі қызметкерлерінің айтуымен, ол қаладан құны 9 млн. 500 мың тұратын үйді хабарландыру арқылы өзі іздеп тауыпты. Сөйтіп, өзінің үш жыл бойы жинаған қаражатының үстіне аталмыш банктен 5 пайызбен қосымша тағы қаражат алып, (үй құнының жетпей тұрған 50 пайызын),  оны алты жыл ішінде төлеп бітіретін болып келісіпті. Осы жағдайды естігеннен кейін, біз «Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ облыстық бөлімшесінің директоры Қуанышбек Хамзинге хабарласып, баспана алудың тиімді тетіктері жөнінде әңгімелеп беруін өтіндік.

«Жинағын  үзіп толтырғандар  да  үмітін  үзбесін…»

Қуанышбек Жүсіпұлының айтуынша, аталмыш банк халықты баспанамен негізінен жинақтау жүйесі арқылы қамтамасыз етеді. Яғни банкпен келісімшарт жасаған адамдар банк ұсынған тарифтердің бірін таңдап, белгілі бір уақыт аралығында белгіленген мөлшердегі қаражатты жинайды да, үй сатып алады.

Бұл ретте олар банк несиесін пайдаланады. Бұл енді баршаға белгілі тәсіл, сондықтан оған тоқталмасақ та болады.

— Өздері қалаған тарифке сәйкес қаражатын мерзімінде жинаған «тәртіпті» тұтынушының үйді ешқандай кідіріссіз алатыны анық, — дейді Қ. Хамзин.

— Бірақ адамның бәрі бірдей емес және олардың қаражат табу мүмкіндігі де әр түрлі. Банкпен келісімшарт жасағанымен, қазіргідей құбылмалы уақытта салымшылардың кейбіреуі кенеттен табыс көзін жоғалтып, жинағын уақытында толтыра алмай қалады.

Бірақ олардың көбісі үзіп-үзіп болса да шотын толтырады, біз оны күнделікті тәжірибемізден көріп жүрміз. Жинағын уақытында толтырмаған адамдар банк арқылы үй алудан күдерін үзіп, көбінесе, келісімшартты бұзып, банкте жиналған азды-көпті қаражаттарын алып кетіп жатады.

Бұл дұрыс емес. Өйткені олардың мемлекеттік бағдарлама арқылы берілетін су жаңа үйге қолдары жетпегенімен, басқа жолдар арқылы да баспаналы болуға толық мүмкіндігі бар. Мысалы, қажетті қаржының яғни үй құнының 50 пайыз жинағын үзіп болса да толтырған салымшыларға несие алғашқы үш жыл немесе жыл жарым мерзімге (әр салымшының толықтыру жағдайына байланысты) жылдық 7,5%-8.5%-бен беріліп, одан кейін пайыздық мөлшері 5%-ға дейін төмендейді. Кейде жұрт «Банк арқылы қаражат жинақтамай-ақ, қолда бар ақшамен бірден үй алуға бола ма?» — деп те сұрап жатады. Неге болмасын, болады әрине. Мұндай жағдайда, яғни азамат жинақ жүр-гізбей, банктен  бірден  несие алса, біз салымшыға жылдық 7,5%8,5% пайызды аралық заемын ұсынамыз. Ол үшін салымшы қажетті ақшаның 50 пайызын депозитке салуы тиіс. Мысалы, үйдің құны 6 млн. болса, соның қақ жартысы, яғни 3 млн. теңге азаматтың шотында болуы керек. Бұл жағдайда несие 3 жылға  жылдық 7,5%-8,5% пайызбен беріліп,  артынан несие пайызы жылдық 5%-ға дейін төмендейді. Мұндай несие 6 жылға  беріледі. Бұл ретте тұтынушы ай сайынғы қаражатын кестеде көрсетілген уақыттан асырмай төлеп тұруы тиіс. Сондай-ақ  біздің банктен несиені жер телімдерін кепілдікке қойып та алуға болады. Бұл ретте берілетін несие қаражаттың көлемі сіздің жер теліміңіз қанша теңгеге бағаланса, сол қаражаттың 50 пайызы мөлшерінде беріледі. Айтпақшы, банк кепілдікке кез келген жер телімін ала бермейді. Кепілдікке тек облыс орталығында орналасқан жер телімдері мен Ақсай, қазіргі Ақжайық ауданына қарасты Чапаев ауылы, қала төңірегіндегі Асан және Мичурин ауылдарындағы жер телімдері ғана алынады. Тағы бір айта кететін нәрсе, жер телімін кепілдікке салып, несие алушылар банкке өздерінің төлем қабілетін дәлелдейтін анықтамасын тапсыруы тиіс. Бұдан басқа біздің банк екінші деңгейлі банк тұтынушыларын қайта  қаржыландырумен де (рефинансирование) айналысады. Үй құрылысы мақсатына екінші деңгейлі банктерден жоғары пайызбен несие алып, оны өтей алмай жүргендер үшін бұл өте пайдалы. Өйткені біздің банктің пайыздық ставкасы өзге банктермен салыстырғанда анағұрлым төмен. Қайта қаржыландыру (рефинансирование) үдерісін пайдаланып жүргендер ай сайынғы төлемақысының әжептәуір азайғанын айтып, банк қызметіне ризашылықтарын білдіруде.

Банк талаптарына қатысты кейде тұтынушылар арасында түсінбеушіліктер болып жатады. Мысалы, жоғарыдағы хат иесі Артық Байденов ағамыздың жағдайына ұқсас оқиғалар бізде жиі кездеседі. Сондықтан «Қолжетімді баспана — 2020» мемлекеттік бағдарламасының осыған қатысты талаптары жөнінде айта кеткенім жөн болар. «Өңірлерді дамытудың 2020 жылға дейінгі» («Қолжетімді баспана — 2020») мемлекеттік бағдарламасы бойынша егер арыз берушінің атында жатақхана немесе жатақханада жекелешелендірілген бөлмесі тіркелсе және оның жалпы көлемі сол бөлмеде тіркелген әр адамға 15 м2  келмесе, онда мұндай өтініш иесінің аталмыш мемлекеттік бағдарламаға қатысуына болады. Сондай-ақ тұрғын үйге қатысты мемлекеттік бағдарламаға қатысқысы келген адамның атында саманнан салынған үй тіркелген болса және осы үйдің төтенше жағдайы (қауіптілігі) туралы арнайы мекеменің анықтамасы бар болса, мұндай үміткердің де  мемлекеттік бағдарламаға қатысу құқығы бар, — дейді Қуанышбек Жүсіпұлы. Ол сондай-ақ ұлттық валютаның еркін ауыстыру бағамына көшуіне байланысты банктің өз салымшыларына бағамдық айырмашылық өтемін төлейтінін мәлімдеді.

Баспаналы боламын деп, алданып қалмаңыз!..

Жоғарыда біз тұрғын үйді мемлекеттік бағдарлама бойынша алу жағдайы жөнінде әңгімеледік. Мұндай мемлекеттік бағдарлама арқылы алатын үйге қолы жетпегендер баспананы екінші деңгейлі банктен ипотекалық несие рәсімдеу арқылы да алып жүр. Бұдан басқа «Самұрық-Қазына» жылжымайтын мүлік қоры арқылы да жалдамалы тұрғын үйге қол жеткізуге болады. Бұл бағдарлама бойынша тұрғын үйлер кейіннен сатып алу мақсатында жалға беріледі немесе бірден сатылады. Бұл ретте жалға алу мерзімі 13 жылды құрайды. Осы уақыт ішінде келісімнің шарттары дұрыс орындалса, тұрғын үй жеке адамның меншігіне өтеді. Үйлі болудың тағы бір амалы — тұрғын ғимараттар құрылысына үлестік қатысу арқылы пәтер сатып алу. Бұл нұсқамен үй салдыру үшін қалтаңыз қалың болуы керек. Егер қаражатыңыз жеткіліксіз болса, амалсыз қарызға кіресіз. Яғни  бұл да қарыз қамытын киюдің бір түрі.

Ана бір жылдары «Қазақстанның отандық өнім өндірушілері мен тасымалдаушылары» қауымдастығы тұрақтандыру қорын құрып, «Строим вместе!» атты әлеуметтік жоба ұйымдастырды. Бұл жоба меншігінде жер телімі болғанымен, қаражат жоқ болғандықтан, тұрғын үй құрылысын жүргізе алмай отырғандарға арналады. Жоба бойынша ұйымдастырушылар құрылыс жұмысына жұмсалатын қаражатты жер телімін кепілдікке ала отырып, қысқа мерзімге пайызсыз береді. Қаражат мөлшері, шамамен 1 ш.м-ге 50 мың теңге. Бұл қаражат аккредиттелген әлеуметтік үй құрылысы комбинатының шотына аударылады. Еліміздің бірқатар қалаларында жүзеге асырыла бастаған бұл жоба бұдан бірнеше жыл бұрын Орал қаласында да іске асырылмақ болған. Сол кездері жобаның мәнісін жергілікті ұйымдастырушылардан сұрағанымызда, олар бізге бұл жоба бойынша баспаналы болу үшін адамдардың өз меншігіндегі жер теліміне үй құрылысын жүргізгеннен кейін оны  банкке жерімен қоса кепілдікке беретінін айтты. Одан әрі сол үйге қоныстанушылар келісімшарт бойынша ай сайын банкке  кесте бойынша төлемақы төлеп тұруы тиіс. Сол кездері ұйымдастырушылар жерін кепілдікке салып, тұрғын үй құрылысын жүргізуге өтініш білдірушілердің жоқ екенін, бірақ аяқталмай қалған үй құрылысы мен ескірген баспаналарын күрделі жөндеуден өткізуге тапсырыс беріп жатқандардың бар екенін айтқан болатын. Бұл жоба біздің өңірімізде қаншалықты жүзеге асқанын білмейміз, өйткені  қанша сұрастырғаныммен, осы жоба бойынша тұрғын үй құрылысын жүргізгендер жөнінде мәлімет таба алмадым.

Енді осы мақаланың авторы ретінде өз басымнан өткерген жәйттерді  баяндайын. Бұдан бірнеше жыл бұрын жергілікті бір газеттердің бірінен жағдайлары төмен отбасыларға арналған жалдамалы үйлерге кезекке тұру басталғаны жөнінде хабарландыру оқыдым. «Бұл не қылған жоба?» деп хабарландыру жазған адамның ұялы телефонына (телефон нөмірі әлі күнге сақтаулы тұр) хабарлассам, ол кісі бұл жоба жөнінде телефонмен айтылмайтынын, оның анық-қанығын білу үшін тек қана қала шетіндегі кеңсеге келуім керектігін айтты. Айтқан жерлеріне барсам, құрқылтайдың ұясындай бөлмеде адамдар толып отыр. Ортада бір әйел оларға жоба мәнісін түсіндіріп әлек. Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл жоба барша Қазақстанда жүзеге асырылып жатқан көрінеді. Әлеуметтік жағдайы төмен жандарды тұрғын үймен қамтамасыз ету жөніндегі бұл жоба, негізінен адамдардың бір-біріне қаржылай көмегі арқылы жүзеге аспақ. Аталмыш жобаны жүзеге асыру жолдарын түсіндіріп болған соң, Астана қаласынан  арнайы келген адам кеңсеге жиналғандарды кезекке қоя бастады. Тұрғын үй кезегіне тіркелу үшін әр адам өзінің жеке куәлігінің көшірмесін беріп, ұйымдастырушылармен  келісімшарт жасасуы керек.

Келісімшарт құны 7 мың 200 теңге тұрады, бұған қоса іші-сырты жалтыраған суретке толы бір журналға (атын ұмыттым) жазылу керек. Бұл журналға бір жылға жазылу құны 19 мың 200 теңге. Сонда үй кезегіне тіркелу үшін әр адам барлығы 26 мың теңге төлеуі керек екен. Ұйымдастырушының айтуынша, бұл жоба 2013 жылдан бастап Астана қаласында қолға алынған және сол кездің өзінде үй кезегінде  мыңдаған адам кезекте тұрған көрінеді. Әлгі кісі осы сөзін растау үшін экраннан арнайы дайындалған слайдты да көрсетті. Мен сол жерде: «Кезекке тұрған адамдардың сіздерге төлеген азын-шоғын қаражатының жойылып кетпесіне кепілдік бар ма?» – деп сұрадым. Ол кісі жауап орнына менің кеңседен жедел шығып кетуімді «мәдениетті түрде» өтінді.

Бұдан кейін де теледидар арқылы тұрғын үйді тез алу жөніндегі хабарламалар болды. Хабарласқанымда, олардан жөні түзу әңгіме ести алмадым. Жақында бір танысымнан «Drim Life» ЖШС арқылы тұрғын үйді бөліп төлеу арқылы алуға болатыны жөнінде хабардар болдым. Сол бойда серіктестік өкілдері отырған жерге барып, олармен кездесе алмадым. Өйткені ешкім жоқ. Одан әрі үш түрлі нөмірлеріне бірнеше күн қатарынан қоңырау шалсам да,  ешкім телефон тұтқасын көтермеді. Соған қарағанда, баспаналы болудың бұл нұсқасы да онша сенімді емес секілді.

Айтайын дегеніміз, қазіргі уақытта халыққа баспаналы болудың оңай жолын ұсынып, қаражат жинай бастаған компаниялар көп-ақ. Мемлекетпен бекітілген бағдарламалар болмаса, мұндай сенімсіз жобаларға жақындаудың өзі қауіпті секілді. Сондықтан несиеге баспана сатып алмас бұрын әуелі мықтап ойланып, мамандармен кеңесіп алғаныңыз дұрыс.

Айша  ӨТЕБӘЛІ,

«Орал  өңірі»


34 жас маман көтермеақы алып, 10 МАМАН ҮЙЛІ БОЛДЫ

Күні: , 794 рет оқылды


Қазанның 27-сі күні «Қазақстан-Орал» телеарнасында өткен кезекті брифингке Тасқала ауданының әкімі Санжар Әлиев қатысып, ауданның әлеуметтік-экономикалық тыныс-тіршілігі, қолға алынған, жүзеге асырылған жоба-жоспарлар туралы кеңінен баяндап берді.


«Есепті кезең ішінде барлық кіріс көздерінен аудандық бюджетке 1 млрд. 925 млн. теңге түсім түсіп, жоспар 108,5 пайызға орындалды. «Дипломмен ауылға» бағдарламасы аясында ауылдарға жұмыс істеуге келген 34 жас маманға 4 млн. 718 мың теңге көтерме жәрдемақы төленсе, 10 маман 29 млн. 120 мың теңгеге тұрғын үй несиесін алып, баспаналы болды.

Аудан бойынша тіркелген шағын бизнес субъектілерінің өнім көлемі өткен жылмен салыстырғанда 27,2 пайызға көбейді. Мұнда жұмыс істейтін адамдар саны – 1835. «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы аясында кәсіпкерлер палатасы және «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ жаңадан іс бастайтын кәсіпкерлерді қысқа мерзімді оқыту курсынан өткізіп, 17 адамға сертификат тапсырды.

Ауыл шаруашылығында биылғы жылғы ауа райының қолайсыз болуына байланысты егіс алқабының 80 пайызы есептен шығарылды. Жиналған картоп – 2210 тонна (2014 жылы – 1440), көкөніс өнімдері — 2270 тонна (2014 жылы – 1460), бақша өнімдері — 362 тонна (2014 жылы – 264). 68,81 мың тонна шөп дайындалды, орындалуы жүз пайыз, орташа түсім әр гектардан 3,1 центнер. Тоғыз ай қорытындысында егін шаруашылығында қаражатпен ынталандыру бағыты бойынша 50 шаруашылыққа 22,3 млн. теңге жанар-жағармай және басқа да тауарлардың кұнын арзандатуға субсидия төленді. «Тасқала ауылдық несие серіктестігі» ЖШС көктемгі дала жұмыстарын жүргізу үшін 11 шаруашылыққа 26,2 млн. теңгеге «Егінжай» бағдарламасы бойынша несие берді. Шаруашылықтар 17 «Беларусь» тракторын сатып алды.

Ауданда тіркеуде тұрған асыл тұқымды ірі қара — 1143 бас, асыл тұқымды ақжайық етті-жүнді қойы — 4850 бас, асыл тұқымды көшім жылқысы – 54 бас. Биыл «Нетказиев», «Аққайнар», «Сатиев» және «Марлен» шаруа қожалықтары Атырау облысынан 71 бас асыл тұқымды еділбай қошқарын сатып алды. Мал шаруашылығына төленген субсидияның жалпы сомасы — 129 млн. теңге. Күні бүгін 6 ауылдық округте 9 селолық тұтыну кооперативі құрылды.

Тоғыз ай ішінде 448 адам жұмысқа орналасты. Жоспар бойынша 119 әлеуметтік жұмыс орнын ашу көзделсе, қазірге дейін 114 әлеуметтік жұмыс орны ашылды. «Аумақты дамыту» бағдарламасы аясында 480 жаңа жұмыс орнын ашу жоспарланып, нәтижесінде 385 жаңа жұмыс орны ашылып, бағдарлама 80,2 пайызға орындалды. 496 адам ақылы қоғамдық жұмысқа тартылды. Есепті кезеңде 8 мүмкіндігі шектеулі азамат тұрақты жұмысқа орналасты, 5 мүгедек ақылы қоғамдық жұмысқа алынды.

Ағымдағы жылы ауылішілік 6,8 шақырым жолға жергілікті материалдар төселіп, 49 шақырым жол тегістелді. «Өңірлерді дамыту – 2020», «Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғырту» бағдарламалары бойынша Тасқала ауылындағы екі қосқабатты тұрғын үйді жөндеуден өткізуге республикалық бюджеттен 12 млн. 918 мың теңге қаражат бөлініп, қазіргі таңда жұмыс толық аяқталды.

Өткен жылы мен бірнеше маңызды жобаларды қолға алатынымызды айтқан болатынмын. Бүгінгі таңда кейбір жобалар ішінара, кейбірі толық орындалды. Ал бір бөлігі әлемдегі экономикалық қиындықтарға орай кейінге шегерілді. Жүзеге асқан жобаларды айтсам, 4 шаруа қожалығы «Сыбаға», «Құлан», «Алтын асық» бағдарламалары арқылы несиелерін алып, жұмыстарын бастап кетті.

Жергілікті халықтың келісімі бойынша мемлекеттік-жеке серіктестік негізінде Атамекен және Тасқала ауылдарына 14 шақырым ауыз су құбыры тартылды. Есепті кезеңде көп жылдар бойы шешімін таппай келген Ынтымақ және Тоғайлы елді мекендерін газдандыру жұмысы аяқталып, бүгінгі таңда оны қабылдау жүріп жатыр. Сондай-ақ мемлекеттік-жеке серіктестік негізінде аудан орталығында жалпы көлемі 69 шаршы метр құрайтын, жайлы, бағасы 3,5 млн. теңгеден аспайтын 2 пәтерлі 3 тұрғын үйдің құрылысы аяқталуда. Аталған үйлер жас мамандарға «Дипломмен ауылға» бағдарламасы арқылы несиеге беріледі», — деді Санжар Әлиев.

Тоқтар ҒАБДІРЕШҰЛЫ,

“Орал өңірі”

Алмагүл ЖАМПЕЙІСОВА,

«Қазақстан-Орал» телеарнасының тілшісі:

— Баяндамаңызда биылғы егістің 80 пайызы есептен шығарылды дедіңіз. Сіздің ойыңызша, қалған бидай келер жылға дейін жете ме?

— Қуаңшылық – табиғаттың құбылысы. Жаздың басы айрықша аптап болды. Ай жарым уақытқа созылған ыстықтың салдарынан бидай пісіп-жетілмей қалды. Бұған қарамастан біз алдағы жылдың егіс маусымына тыңғылықты дайындықпен кіреміз. Мысалы, күні бүгін 160 тоннадан аса тұқым әзір тұр. Алқаптың 45 пайызы жыртылды. Күздік бидай жоспарланған көлемде егілді.

 

Жаннат ТОҚТАРОВА,

«Приуралье» газетінің тілшісі:

— Жол салу, жөндеу мәселесіне және аудандағы жаңа бизнес-жобаларға тағы бір нақты тоқтала кетсеңіз.

-Халықаралық маңызы бар Орал-Тасқала-Озинки күрежолы қайта жаңғыртылып жатқандығы өздеріңізге белгілі. Қаржы республикалық бюджеттен қаралған. Тасқала ауданы бойынша ауылішілік жолдарды бірінші кезекте қалпына келтіруге кірістік. Әрине, экономикалық қиындықтарға байланысты күрделі жөндеуге қаражат әзірге жеткіліксіз. Бізді қуантатыны – Орал-Тасқала-Озинки күрежолын салып жатқан «Юнисерв» компаниясы асфальтбетон өндіретін зауытты іске қосуды жоспарлауда. Ол іске қосылғасын ауданға да шарапаты тиеді деген үміттеміз.

Сіз сұраған ірі бизнес-жобаларға қатысты айтар болсам, 4 жоба күні бүгін жұмыс істеуде. Өткен жылы ауданға ірі отандық инвестор келіп, үлкен төрт қора салды. «Сыбаға» бағдарламасы арқылы 800-ден астам бас ірі қара сатып алды. Қажетті техникаға қол жеткізді. Болашақта жер алып, мал азығын өздері дайындауды жоспарлауда. Жалпы, бұл бағыттағы жұмыс жалғаса бермек.


БҚО, Орал қаласы, Мұхит көшесі, 57/1
zhaik_presscenter@mail.ru
oral_oniri@inbox.ru
support@oraloniri.kz

Орал өңірі" газетінің бас редакторы: 51-25-80
Бас редактордың орынбасарлары: 24-17-08, 54-18-08
Жауапты хатшы: 54-38-22
Тілшілер: 50-66-88, 51-50-34
Жарнама бөлімі: 51-51-09
Яндекс.Метрика