Мұрағат: 27.10.2015


Малды ауылдағы бір тәулік

Күні: , 1 061 рет оқылды

20151011_144049


Журналист ұзақты күнге қандай да бір мекеме-кәсіпорында немесе шаруашылықтың бел ортасында болып, ондағы тыныс-тіршілікті қалың көпшілікке жеткізетін газетіміздің «Бір күн» айдары оқырманымызға жақсы таныс. Біз осы орайда Бөкей ордасы ауданы, Темір Масин ауылына қарасты «Боранбай» шаруа қожалығында болып қайтқан едік. Бұл сапарға аталмыш шаруа қожалығына қатысты ғылыми жобаларға жетекшілік ететін атбегі, эколог-ғалым Алтай Зейнуллин ағамызбен бірге аттандық.


Алтай аға екеуміз Орал қаласынан түс болмай жолға шыққаннан Темір Масин ауылына қас қарая жеттік. Қара күздің қараңғы түні әбден орнаған шақта шаруа қожалығының басшысы Мырзабай Боранбаев бізді жеке автокөлігімен Ақкөлмек елді мекеніне бастады. Қожалық иелігінде алты жүзге жуық жылқы, жетпіс түйе, мыңға тарта ірі қара, екі мың жарымдай қой бар екен. Төрт түліктің бағымы ата-баба дәстүрі бойынша түйелі ауыл, жылқылы ауыл, ірі қара, қой өсіретін шаруашылықтар болып өз алдына бөлек-бөлек орналасқан. Күнбатысты бетке алып, 20 шақырымдай жүргеннен кейін қойшы ауылдағы жалғыз үйдің әлсіз жарығы аңғарылды. Жақындай бергенде қиыстау тұстан екінші жарық пайда болды. Бірақ ол сәлден кейін жылт етіп қайта сөнгендей болды. Сол-ақ екен, Мырзабай аға рульді бұрып, жолсызға түсті. Тосыннан көрініп, ғайып болған жарықтың шамасын тұспалдап шапшаңдықты үдетті. Біраз жүріп, кері айнала бергенде әлгі жарық мүлде басқа тұстан тағы бір мәрте жылт етті. Не болса да қашқан бағыты белгілі болды. Бірақ көлігіміз қолайсыз жерге тап болып, бауырын жаза алмаған-дай, бүгежектей берді. Қасекеңнің амалы дәл осылай келуші еді ғой. Мынау тап соның өзі болса, енді алды-артына аялдамай әбден қарасын үзгенше зытып беруі тиіс. Бірақ біз ойлы-қырлы жерлерден ытқып-ытқып шыққан сайын оның әр жерден бір жылтыңдауы да жиіледі. Анық қасқыр емес, түлкі не қарсақ болды. Мәшинеміз малтыққан құмнан жаңа шығып, жайлы жүрісін енді тапқан жорға аттай тегістікке түсті де, алаңсыз алға оза бердік. Ашық аулаға қамалған қойды айнала сүзіп шығып, амандығына көз жеткіздік. Қойдың көзі де көлік жарығы түскен кезде қаз-қатар керілген жылтырақ лентадай жылт-жылт жанып, бірін-бірі кимелей түседі.

Тағы бірқыдыру уақыт жүріп, жылқылы ауылға да жеттік. Бұл ауыл қараңғы түндегі қойшы ауылға қарағанда айбындырақ кө-рінеді. Қора-қопсысы мол қатар салынған екі үй. Оның бірі ұзынша келген екі пәтерлі, ал екіншісі – сыртын су жаңа силикатпен қаптаған заманауи үлгідегі еңселі ғимарат. Бұлардың жарығы аз болғандай биікке орнатылған прожектор төңіректі әудем жерге дейін айқын көрсетіп тұр. Күн ұзағына жолсоқты болған екі жолаушы тай қымызды бір-бір кеседен төңкеріп, жайлы орынға қисая кеттік.

Бастапқыда екі пәтерлі үй болыпты. Болашақта шаруашылықты нығайтып, мал басын асылдандырып, ғылыми жұмыстар жүргізу бағытында ғалымдар мен жас мамандарды тарту үшін заманға сай жаңа үй, монша салынған. Атқан таңмен таласа сыртқа шығып едік. Алтай аға мені төңірекпен таныстырып жүр. – Төрт түлікті баққасын оның қысқы жем-шөбін даярлау керек. Мынау – сол үшін қажетті трактор, “КамАЗ” техникалары. Мінеки, бұларды қыс мезгілінде де тоқтатпас үшін салынған жылы гараж.

Біз техниканы жабық сақтау үшін кең де биік етіп салынған құрылысты айнала бергенде шаруашылық басындағы барлық жұмысқа жетекшілік ететін Мырзабай ағаның інісі Теңізбай және аға жылқышы Талғат, бірі теңбілкөк, екіншісі құла атты сылаңдатып, үйір жайылатын маңды бетке алып, шыға берді. Сауын биелерді айдап келмек. Алтай аға мені айналамен таныстыруын жалғастыра берді. – Мынау – биелерді сауатын және жылқыны асылдандыру жұмыстарын жүргізетін аула, — деді ол көк түспен сырланған ұзын да жіңішке темір тұрбалардың қатар-қатар көлденең тізбегін көрсетіп. – Мұндағы арнайы құрылғылар арқылы жылқылардың өлшемдері алынады, ветеринарлық шаралар жасалады. Осы жерде 60 биені күніне 8 рет сауатындай мүмкіндік бар. Мұны қымыз фермасы десек те болады. Мырзабайдың шаруа қожалығындағы төрт түлік сумен жақсы қамтылған. Осы жердің өзінде төрт құдық бар. Жайылыс алқаптарынан және алты құдық қазылған. Мұнда әр құдықты қаздыру жұмысы жарты миллион теңгеден астам қаржыны қажет етеді. Бұл жақтың қысы жұмсақ. Малдың қолға қарайтын уақыты 2-3 ай ғана. Аула-қоралар талдан жасалған. Қыста жылы, жазда салқын, экологиялық жағынан да тиімді.

Құдық басында саяқ жүрген қара тай мен жирен тай тұр. Алтай аға электр тоғы арқылы автоматтандырылған құдықтың тетігін басып, астауға су ағызды. Шідерлі тайлар суға бас қойды. – Тәжірибесіз жас қасқырлар шідердің шылдырынан секем алып, жылқыға жуымайды. Ал тіс қаққан әккілері үшін бәрібір, — дейді Алтай аға.

Суға құла төбел айғырдың ылғи байталдан құралған үйірі құлады. Жалы күзелген қазақы торы, құла байталдар тарпаң әлде құлан секілді дала тағыларын еске салады.

— Ә, міне, Фазанның үйірі де келіп қалды.

Фазан үйірін қасқырға бермейтін әлді, ала аяқ, шыбық қасқалы, күрең айғыр екен. Күміс қоңырау үнді құлындарын ерткен мама биелердің арасынан оқшауланып, ерекше бітімімен көзге түсіп келеді. Екі үйір суға қанып, астау басын босатқанда сонадайдан шаңдатып тағы екі үйірді айдап келе жатқан жылқышылар көрінді. Әлгінде кеткеннен жылқы қайырып, 30 шақырымдай жүріп келген Теңізбай мен Талғаттың астындағы теңбілкөк пен құла ат аздап терлеген. Жылқышылар суға қанған Жезкиіктің үйірін бие сауатын орынға апарып қамады. Жезкиік – аты айтып тұрғандай киік түстес қара жал құла айғыр. Үйірінде де өңкей құла бие. Алтай аға жылқылардың әрқайсына ат қойып, адамша еркелете тіл қатады. «Құла биенің ақылы пішен ғой, орынға, орынға» деген жылы дауысты бұйрықпен құлындар әп- сәтте енелерінен бөлінді. Осы мезгілде күн де сәскеге таяп қалған еді. Шаруашылық басына ауданға жөнелтетін әлдебір құжаттарының қамымен жүрген Мырзабай ағайдың өзі келді.

— Болашақта осы жерге 10х12 метрлік өлшеммен шағын цех салынбақ. Онда қымыз арнайы құтыларға құйылып, дайындалады. Шаруашылыққа байланысты көптеген жоба-жоспарымды Алтай Сәбитұлымен бірлесе, ақылдасып атқарып келемін. Оның диплом қорғаушылары мен магистранттарына, ғылыми жұмыспен айналысушыларға арнап компьютермен жабдықталған орын салу да жоспарда бар, — дейді Мырзабай Нұрлыбайұлы.

Шаруашылық басында Ақтаудың ақ тасынан ағылшын тұқымды бәйге аттарына арналған жылы қораның құрылысы жүріп жатыр екен. Таза қанды ағылшын жылқылары биік келгенмен, суыққа төзімсіз, тоңғақ көрінеді. Мың жарым шақырымдық Ақтау жерінен тасымалмен жеткізілген тастардың әрбіреуі 170 теңгеге шыққан. «Жалаң тастан тұрғызылған қора қамыспен қапталып, қымталады», — дейді шаруашылық басшысы.

20151011_191240

Түстен кейін автоматты қондырғымен бие сауу жұмысы басталды. Алдымен сүт құйылатын құрылғы мен ыдыстың іші таза сумен шайылды. Электрқозғалтқыш, вакуумдық сорғы және пульсатор секілді негізгі бөліктерден тұратын қондырғы қарапайым тұрғыда жұмыс жасайды. Арнайы есептегенімде, осындай әдіспен бір биенің сауылуына 1 минут 30 секунд шамасында уақыт жұмсалды. Осы уақыт аралығында бір биеден 1 литрдей ғана сүт алынды. Бұлар көптен сауылмаған биелер. Тұрақты түрде саууды жолға қойып, күніне бірнеше мезгіл сауған сайын бие сүтті молырақ бере түсетін көрінеді. Сөйтіп, әп-сәтте он бие сауылып, 10 литр саумал дайын болды.

— Саумал – ең мықты дәрі. Асқазан, ішек ауруларына бірден-бір ем. Саумалды сауылған бойда 35-40 минуттың ішінде, астың алдында ішу керек, — дейді Алтай аға.

Өз басым саумалдың дәмін алғаш рет таттым. Тура коктейль дерсің. Ешбір бөгде дәмі жоқ, таза, өте тәтті сүт.

Мырзабай ағаның бастауымен құмды алқаптағы сиыр шаруашылығына келдік. Құм деген аты болмаса, малға нағыз жайлылық осында екен. Ойпаңдарға сая болар тал-терек өскен, жайылымдық оты да мол. Мал қыстағында ұзыннан ұзын салынған ерекше екі қора мен шеген аула, тап-тұйнақтай етіп жиналған малдың қысқы азығының мол қоры көзге түседі.

— Бұл қоралардың ерекшелігі – кәдімгі табиғи шөп, шағырдан салынған. Былай қарағанда үюлі шөп секілді көрінеді. Қабырғасының қалыңдығы 2 метрге жуықтайды, төбесінің қалыңдығы — 1 метр. Қаңқасы бетон да, ішкі беті осы құмда өсетін тал-терек. Төбесіне тұрған қарды тазалап тұрамыз. Қатты жауған нөсер күн жарымға созылмаса, су да өте бермейді. Анау бұзаулар тұратын тұсының төбесіндегі терезе жылыжай материалымен бірдей. Сырттан күннің қызуын өткізеді де, ішкі жылуды сақтайды, — дейді Мырзабай аға.

Шаруашылық басшысы малдың құм арасындағы табиғи қысқы жатақтарын да көрсетті. Ықтасын болатын тал-теректі жайпақ ойпаңға рулон шөпті әкеліп, молынан салып тастайды екен. 5-6 метр тереңдігі бар ойпаңға жел соқпайды, ірі қара шөбін жеп, шуақтап тұра беретін көрінеді. Мырзабай аға құм арасында 300-400 бас ірі қара еркін сыятын мұндай орындар көп екенін айтады. «Бұл ойпаңдардың солтүстік беті жел өткізбейтін биік қабақ болып келеді. Тіпті осындай ықтасын, таза ауалы жерден малдың өзі қораға қайтқысы келмейді. Есесіне қораның айналасын бүлдірмейді. Ал қиы осы ойпаңға тыңайтқыш болады, салынған шөпті түйірін қалдырмай тауысып жейді», — дейді ол. Дәл осындай түйе жатақтарын да кезіктірдік.

Ірі қара шеген құдықтан суарылады. Мұндай құдықтың қабырғасына құм ішіндегі тал-теректің жас шыбықтарын алып, буып, орап, шегендеп салады. Құмдағы шеген құдықтың мөлдірлігі сондай, ішуге әбден жарамды әрі дәмді. Және суы тайыздан шығып тұр. Кешкілік өрістен қайтқан сиырлар шеген құдықтың тұщы суын мейірлене сораптап жатыр.

Біз осылайша малды ауылдағы бір күніміздің қалай шапшаң өткенін аңдамай да қалдық. Тіпті түйелі ауылға барып үлгермедік. Кешкі дастарқан басындағы сиыр бақташысының әңгімесінен малға қасқыр тие бастағанын естідік. Жеті-сегізден топтанып жүретін көрінеді.

Ымырт үйіріле жылқылы ауылға кері қайттық. Ал қараңғылық қоюланғанда таңда ертемен жүретін көлікке отырып, қалаға жүрмекке Т. Масин ауылына беттедік. Жылқылы ауылдан ұзай бергенде дәл кешегідей болып жылт еткен жарық нүкте көрінді де қозғалып кетті. Ондай жарық сол сәтте екеу, үшеу… төртеу, бесеу болды.

«Осы жолы топ қасқырдың үстінен түстік-ау» деген ой келді бірден. Көрінген оттарға қарай таяп жетіп бардық. Қойдың өлімтігін сілкілеп жатқан бір қарсақ көліктің жарығымен анық көрінді. Арғы жағында екі түлкі және екі қарсақ бытырай жылыстап қараңғылық құшағына еніп барады. «Даланың сәні ғой, шіркіндер…» — деді Алтай аға.

Нұртас НАБИОЛЛАҰЛЫ,

“Орал өңірі”


Трекиндіктер тілегі ескерілуде

Күні: , 800 рет оқылды

DSC_0310


Зеленов ауданының әкімі Кәрім Жақыповтың аудан тұрғындарымен кездесуі өтуде. Халықпен өткен кездесулерде тұрғындар өздерін алаңдатқан мәселелерді ортаға салып, емен-жарқын пікір алмасуда.


Қалаға жақын орналасқан Трекин ауылында халық саны қарқынды өсе түсуде. Биылдың өзінде ауылда 87 тұрғын үй бой көтерді. Ауылдың ұзақ жылғы мәселесі электр қуатының тапшылығы еді. Трекиндік ағайынның сығырайған жарыққа үңіліп отырғандығы туралы үзбей айтылып та, жазылып та жүр. Жиында трекиндіктер түйінді мәселенің шешілетінін естіп, қуанысып қалды. Ауылға қараша айының соңына дейін трансформатор орнатылмақ. Жиында трекиндіктер тұрғындардың көбеюіне  байланысты балабақша салу қажеттігін, Жайық елді мекенінің маңында мал жайылымының тарлығын, ауылішілік жолды жөндеп, көлік жылдамдығын тежейтін жол белгілерін орнату, бағусыз, босып жүретін мал иелеріне шара қолдануды мәселе етіп көтерді.

– Балабақша салу жоспарымызда бар, — деген аудан әкімі өзге сұрақтарды шешу үшін сала басшыларына шұғыл тапсырма берді.

Достық ауылында өткен кездесуде ауыл тазалығы ең өзекті мәселе ретінде талқыланды. Тұрғындардың салақтығынан ауыл ішінде үйілген көң-қоқыспен күресуге округ әкімдігі қауқарсыз.

Жуырда жабдықталған балалардың ойын алаңын түнде «кездесу» орнына айналдырған бұзақылар ойларына келгенін жасап, бүлдіруде. Алаңды үнемі бағып отыру учаскелік инспектордың қолынан тағы келмейді. Қоғамдық қиянатқа бейқам қарай алмаған Достық ауылының тұрғындары мүлдем төзбеушілік қағидатына сүйене отырып, бұзақылар мен көлік нөмірлері туралы ақпаратты өздері жинап, хабарлайтын болған. «Нәтиже жоқ емес, ұсталған айыптылар жазасыз қалмайды», — дейді ауыл тұрғындары.

Аудан басшысы мен халықтың еркін сипаттағы кездесулері Дариян, Сұлукөл, Чиров, Чеботарев, Раздольный ауылдарында жалғасуда.

Нұржан ДҮЗБАТЫР,

 Зеленов ауданы


Жаңа тағайындаулар

Күні: , 830 рет оқылды

Арман Серікұлы


Кеше Арман Серікұлы Өксікбаев Батыс Қазақстан облыстық құрылыс басқармасының басшысы лауазымына тағайындалды. Облыс әкімінің бірінші орынбасары Арман Өтеғұлов басқарма ұжымына жаңа басшыны таныстырды.


Батыс Қазақстан облысы құрылыс басқармасының басшысы лауазымына Арман Серікұлы Өксікбаев тағайындалды.

Арман Серікұлы Өксікбаев 1976 жылы туған, білімі жоғары. 1999 жылы Орал құрылыс техникумын, 2005 жылы Самара мемлекеттік сәулетқұрылыс университетін техник-технолог, өндірістік-азаматтық құрылыс инженері мамандықтары бойынша бітірген.

1999-2001 жылдары – «Металлист» Орал зауыты №25 цехының құрылыс-жөндеу бөлімінің ұстасы. 2001-2002 жылдары – «Универтекс» ЖШС прорабы, Орал қаласы. 2002 жылы – «Трубопроводстрой» ЖШС дефектоскописті, Орал қаласы. 2002-2004 жылдары – Орал қаласы тұрғын үй-коммуналдық және жол шаруашылығы басқармасының құрылыс бөлімінің бастығы, Орал қаласы. 2004-2007 жылдары – «Желдорстрой» ЖШС учаске бастығы, Ақтау қаласы. 2007-2011 жылдары – Батыс Қазақстан облысы мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасының бас маманы, Орал қаласы.  2011 жылы – Орал қаласы құрылыс бөлімі бастығының орынбасары. 2011-2013 жылдары – Орал қаласы құрылыс бөлімі бастығы. 2013 жылдан күні бүгінге дейін Батыс Қазақстан облысы құрылыс басқармасы басшысының орынбасары қызметін атқарды. 2015 жылдың 26 қазанынан Батыс Қазақстан облысы құрылыс басқармасының басшысы.

*    *    *

Миржан Мұнайдарұлы

Кеше Миржан Мұнайдарұлы Сатқанов Батыс Қазақстан облысы кәсіпкерлік және индустриалдық-инновациялық даму басқармасының басшысы лауазымына тағайындалды. Облыс әкімінің бірінші орынбасары Арман Өтеғұлов басқарма ұжымына жаңа басшыны таныстырды.

Батыс Қазақстан облысы кәсіпкерлік және  индустриалдық-инновациялық даму басқармасының басшысы лауазымына Миржан Мұнайдарұлы Сатқанов тағайындалды.

Миржан Мұнайдарұлы Сатқанов 1977 жылы туған, білімі жоғары. 2000 жылы Түркия Республикасы Докуз Ейлюл университетін экономист мамандығы бойынша бітірген.

2001 жылы Орал қалалық қаржы бөлімінің жетекші маманы болып қызмет атқарды. 2001-2004  жылдары – Батыс Қазақстан облысы кәсіпкерлікті қолдау және дамыту департаментінің бас маманы, бөлім бастығы, Орал қаласы.  2004-2005  жылдары – Батыс Қазақстан облысы кәсіпкерлікті қолдау және дамыту басқармасы бастығының орынбасары, Орал қаласы. 2005 жылы – Батыс Қазақстан облысы кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының бөлім бастығы, Орал қаласы.  2005-2006 жылдары – Батыс Қазақстан облысы кәсіпкерлік және өнеркәсіп департаменті директорының орынбасары, Орал қаласы. 2006-2010 жылдары – «Қазақстан Халық Банкінің зейнетақы жинақтау қоры» АҚ-ның Батыс Қазақстан облысы филиалы директорының орынбасары, Орал қаласы.  2010-2011 жылдары Батыс Қазақстан облысы кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасы бастығының орынбасары, Орал қаласы. 2011-2012 жылдары «БҚО кәсіпкерлер қауымдастығы» заңды тұлғалар бірлестігінің атқарушы директоры, Орал қаласы. 2012-2013 жылдары Батыс Қазақстан облысы кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасы бастығының орынбасары, Орал қаласы. 2013 жылдан бүгінгі күнге дейін Батыс Қазақстан облысы кәсіпкерлік және индустриалдық-инновациялық даму басқармасы басшысының орынбасары қызметін атқарды.

2015 жылдың 26 қазанынан Батыс Қазақстан облысы кәсіпкерлік және индустриалдық-инновациялық даму басқармасының басшысы.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі


Шипажайға 10 жыл

Күні: , 823 рет оқылды

DSC_0033


Өткен сенбіде облыстық қазақ драма театрында «Ақжайық» шипажайы» ЖШС-ның 10 жылдық мерейтойына арналған салтанатты шара өтті.


Мерекелік шараға жиналғандарды облыс әкімінің орынбасары Нариман Төреғалиев құттықтап, бір топ шипажай қызметкерлеріне алғысхат табыс етті. Сонымен қатар мерейтой иелерін облыстық денсаулық сақтау басқармасы, қоғамдық ұйымдар, ресейлік әріптестері де құттықтады. Мерекелік кеште «Ақжайықтың» бүгінгідей керемет демалыс орнына айналуына зор еңбек сіңірген білікті басшы, өңіріміздің өсіп-өркендеуіне өзіндік үлесін қосқан ел азаматы, марқұм Нұрберген Баемировтың есімі құрметпен аталып, естелік айтылды. Кеш соңында ардагерлерге, мүмкіндігі шектеулі жандарға «Ақжайық» шипажайы атынан жолдамалар сыйға тартылды.

Мерекелік шараға Тамара Асар, Ардақ Балажанова, Клара Төленбаева, Донеділ Қажымов сынды елімізге танымал өнер майталмандары қатысып, көрерменді әсем әуенге бөледі.

Нұрбек ОРАЗАЕВ,

«Орал өңірі»


«Жәңгір хан» МАУСЫМДЫ АШТЫ

Күні: , 830 рет оқылды

IMG_4912


Облыстық қазақ драма театрының жаңа маусымы жазушы-драматург Рахымжан Отарбаевтың шығармасы бойынша қойылған «Хан Жәңгір» спектаклінің премьерасымен ашылды.


Қойылымның басынан аяғына дейін Жәңгір заманындағы отарлаушылықтың салқыны, езгідегі елдің жан толқынысы сезіліп, көрерменге әсерін тигізді. Көріністерде қазаққа қастерлі ұғым-дүниелерді отаршылдардың қорлауы арқылы сол кезеңдегі ұлттың шын күйзелісін, қайғы-қасіретін сезіндірді. Еркегін төңкерілген шаңы-раққа байлап өлімші етіп ұрған, әйелдерін сүйрелеп, тепкілеп зар еңіреткен, бесігін шұңқырға лақтырған отарлаушылардың бейнесінің шынайылығы сондай, көрерменнің көзін жасқа шылап, бір сәт уақытты ұмыттырды. Атаманның етігін сүртіп тұрған күйі жендеттеріне: «Бұларды өлтіре салыңдар» деп бұйрық бергендегі қатыгездігі, ысқырып қойып шаңырақты аяқпен теуіп жайбарақат кетіп бара жатқан түрі зығырданды қайнатпай қоймады. Әсерлілігі сондай, қойылымның бір жерінде сол казактардың денесін теуіп шұңқырға аунатқан Исатай мен Махамбет жігіттерін көрген көрермен ду қол шапалақтап, гуілдесіп кетті. Бас кейіпкер Жәңгірдің алдымен көрсетілген сән-салтанатты өмірі Исатайдың өлімі туралы хабарды естігендегі жан күйзелісіне алмасады. Бір сәт өзі ашқан мектептің алғашқы шәкірттерін Орынборға жіберіп қуанған сәті бейнеленеді. Ақ патшамен, казактармен түрлі саяси шырғалаң диалогтары арқылы ел билеудегі ұстанымы, ақыл-ой дәрежесі байқалады. Көрген шым-шытырық түстері арқылы жан қиналысы шебер ашылады. Ал тұлғалық қыры Махамбетпен текетіресі кезінде ашыла түседі. Батыр бәрібір ханға иілмейді. Патшаның Ордаға шіркеу салу сияқты талаптарынан шебер сытылуы, алайда бәрібір бодандық қамытынан құтыла алмай, аһ ұруы ашылып көрсетіледі. Қойылымда басы артық оқиға жоқ, режиссерлық тың шешімдер бар.

Театрдың бас режиссері Мұқанғали Томанов, суретші Мұрат Мәмбетов біраз еңбек сіңірген туындыда Жәңгір ханды Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ербол Есендосов бейнелесе, Махамбетті театрдың директоры Қуаныш Амандықов сомдады. Фатиманы Жанаргүл Құрманғалиева, орыс патшасының бейнесін ҚР еңбек сіңірген әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Сердеш Қажымұратов, орыс патшайымын Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Бибігүл Исалиева, Қарауылқожаны мәдениет саласының үздігі Мұсағали Бектенов сынды театрдың белді әртістері алып шықты. Халық алдында бас иген ұжымға зал толы көрермен ұзақ қошемет көрсетті.

— Ардақты ағайын! Қанша талантты адам не ұжымның да алған асуының шыңына шығып, байыз тауып қанағаттайтын кезі болады. Біздің мақтанышымыз – облыстық қазақ драма театрымыздың еш нәрсеге тоқтайтын түрі жоқ. Биылғы алған атақ-абыройлары, жүлделері бір театрдың басына жеткілікті. Айта кетейік, театр биыл Қырымда өткен «Боспорские агоны» халықаралық антикалық өнер фестивалінің бас жүлдесін жеңіп алған болатын. Өскемен қаласында өткен республикалық театрлар фестивалінде Ұлы Жеңіс тақырыбына арналған шығармалар бойынша бас жүлдені иеленді. Елбасының бастамасына – Қазақ хандығының ұлы тойына үлес қосамыз деп алдарыңызға Жәңгір ханды алып шықты. Елбасы бұл дүбірлі тойды жариялағанда, ел еңсесін көтерсін, тарихын түгендесін, өткеніне бүгінгі биігінен бажайласын, солардың антына адал болсын, кейінгі ұрпағы ата-бабалардың қаны менен арманына лайық болсын деген болатын. Бүгін қойылымды көріп, соған көз жеткіздік. Қазақ театрының ашылған кезекті маусымы құтты болсын! – деді өз сөзінде облыстық мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасының басшысы Дәулеткерей Құсайынов. Дәулеткерей Атауұлы театр осы аптада Атырау қаласында өтетін тағы бір халықаралық фестивальге қатысқалы отырғанынан халықты хабардар етіп, ұжымға ақ жол тіледі.

Қойылымның режиссері Мұқанғали Томановтың айтуынша, ұжым туындыны сахналауға айға жуық дайындалған.

— Спектакль Қазақ хандығының 550 жылдығына арнап қойылды. Жәңгірді хан ретінде де, адам ретінде де ашуға тырыстық. Жан-дүниесін суреттегесін де реквием жанрымен алып шықтық. Оның екі оттың арасында қалуын, досын жақтайын десе, мына жағында патшалы Ресей, оларға мойынұсынып кетсе, мына жағында халқы бар. Ол кезде билік басындағылардың қай-қайсысы да осы күйді кешті. Соған сәйкес жазушы-драматург Рахымжан Отарбаевтың шығармасынан үзінділер алып, осындай дүние жасап шығардық. Театрдың әртістері түгел қатысты, — деді Мұқанғали Томанов. – Туындыны сахналамас бұрын Жәңгір жайлы жазылған еңбектерді, Махамбеттің барлық өлеңін оқып шықтым. Ленин әкелді деп электр жарығын «Ильич шамы» деп келдік қой, Жәңгір Франциядан одометр әкеліп, Ордада электр орнатқан екен. Тұңғыш мектеп ашушы ретінде Жәңгір емес, Ыбырай айтылып келді. Әрине, Жәңгір мектебінде бай-сұлтандардың балалары да болды. Алайда қазынадан ақша бөліп, кедейлердің балаларына жатақ беріп оқытқанын да ұмытпауымыз қажет. Сөйтіп сол жерге зиялы қауым қалыптастырып кетті. Бұлар қойылымда деталь ретінде көрсетілді. Махамбетсіз Жәңгір айтылмайды, Махамбетті Махамбет етіп тұрған да Жәңгір. Екеуі бір-бірінсіз болмайды. Екеуіне жақтасқан халық екіге жарылып жатады. Екіге бөлініп, дауласатындарды түсінбеймін. Одан жоғары қарау керек. Екеуі де мықты тұлға, әрқайсының өзіндік орны бар. Біздің мақсатымыз екеуінің арасын көркем шығарма арқылы алып шығу болды. Екеуіне бағаны біз бере алмаймыз. Екеуін де тең ұстауға тырыстық. Халық бұл тұлғаларға да өз бағасын беріп тастаған. Оларды дәріптейтін біз емеспіз, бәрін орнына қоятын – уақыт.

Нұрлыбек РАХМАНОВ,

«Орал өңірі»

Суретті түсірген Темірболат ТОҚМАМБЕТОВ


Көлік әйнегін тұмшалауға болмайды!

Күні: , 932 рет оқылды

IMG_3988


Кәсіпкерлердің қай-қайсысы болса да,  өз тауарын өткізу үшін әр түрлі  жарнама  амалдарын қолданып көретіні анық. Олардың қайсыбірі өз жарнамасын қала көшелеріне билбордтар ретінде орналастырса, енді бірі аялдамаларға желімдеп қояды. Соңғы кезде қоғамдық көліктердің сыртындағы жапсырылған жарнамалардың шамадан тыс көп екендігін аңғару қиын емес.


Кәсіп иелерінің бірі оны пайда көзі деп білсе, ал екіншісі қоғамдық көліктерді пайдалана отырып, тауарының жұрт назарына ілігетіндігіне сенімді. Әсіресе, бұл жағдайды күнделікті автобуспен қатынайтын жолаушылардың байқап жүргеніне күмән жоқ. Қоғамдық көлік арқылы жылжымалы жарнамалардың қаншалықты пайда әкелетіндігі әзірге беймәлім. Бұл мәселе төңірегіндегі аялдамаларда тұрған жолаушылардың ой-пікіріне құлақ түріп көрсек.

— Әрине, кедергі келтіретіні рас, кейде автобустың үлкендігінен кондуктордың аялдамаларды хабарлағанын естімей қалып жатамыз, сол кезде қай көшеде келе жатқаныңды қарап, шамалайын десең терезелер тұмшаланып тұрады. Тиісті мекемелер қадағалап ретке келтіретін болар деп ойлаймын, — дейді қала тұрғыны Нұрғаным Мондағалиева.

— Қаламызда бұл күнде көліктер көбейіп, көлік кептемесі жиілей түсуде. Жарнамаларды, әсіресе, үлкен автобустардан көреміз.

Негізінен қоғамдық көлікті әр түрлі түске бояп, терезелерді жауып тастауы дұрыс емес деп санаймын. Жарнамаға толы жабық терезенің тұсына отырып қалсаң, сырт жақтан ештеңені көре алмайсың. Өз басым автобустардағы жарнаманы  артық  деп санаймын, — дейді тағы бір қала тұрғыны Сәкен Әбиев.

№5 автобус маршрутының «ОралАвтоТранс» ЖШС мекемесінің құзырында екенін анықтап, ондағы басшылықпен мәселенің қаншалықты заңға сәйкес екендігін білмек ниетпен атбасын сол мекемеге бұрдық.

– Қоғамдық  көліктердің салонына  жапсырылған жарнамалар бүгінгі таңда біздің коммерциялық жобамыз болып табылады. Бізге аздаған табыс әкеледі. Жарнама берушілерден тапсырысы талапқа сай болуын қадағалаймыз. Яғни тек қана А3 немесе А4 форматтарына жазылған жарнамаларды көліктің ішкі салонына ілуге рұқсат етіледі. «Жолаушылар тасымалы туралы» заң  бойынша жалпы жарнама ілуге қоғамдық көлік терезесінің 30 пайызына дейін жапсыруға рұқсат етілген. Одан асып кетсе, заңға қайшы келетінін жақсы білеміз. Біздің құзырымызға кіретін №5 маршруттардан өзге №43, №12 автобустарда да аздаған жарнамалар, акциялар мен хабарландырулар ілінген. Егер жолаушылар отыратын орындардың тұ-сындағы терезені жарнама жапсырмалары жауып тұрған болса, біз оны өзгертуге әзірміз, — деді «ОралАвтоТранс» ЖШС-ның  директоры Владимир Хасенов.

Аталмыш көліктердегі жарнамалар туралы жоғарыдағы ой-пікірлерді қойындәптерімізге мұқият түртіп алған соң, осынау олқылықтарды қадағалайтын тиісті орындардағы мамандармен де тілдестік.

— Бұрын ҚР Үкіметінің 2011 жылғы 2 шілдедегі №767 қаулысымен бекітілген «Автомобиль көлігімен жолаушылар мен багажды тасымалдау қағидаларының» 14-тармағының 6-тармақшасына сәйкес жолаушылар мен багажды автобуспен тасымалдау кезінде терезе ойығын ақпараттық немесе жарнамалық материалдармен 30 пайызға дейін жабуға болатын еді. Ал қазір Инвестициялар және даму министрлігінің ағымдағы жылдың 26 наурызындағы №349 бұйрығымен бекітілген «Автомобиль көлігімен жолаушылар мен багажды тасымалдау ережелерінің 329, 330-тармақтары «Жолаушыларды автобуспен тасымалдау кезінде көлік терезелері шаңнан, кірден, бояудан және олар арқылы көруді төмендететін өзге де заттардан тазартылған болуы тиіс» деп өзгертілді. Яғни қазіргі таңда заң талаптары өзгергендігі туралы қоғамдық көліктерге иелік  етіп отырған мекемелер бейхабар болуы мүмкін, — дейді БҚО ТҚҚ департаментінің тұтынушылардың құқықтарын қорғау бөлімінің басшысы Эльмира Киматова.

Қорыта айтқанда, қоғамдық көліктердің терезелерін жарнама немесе тағы да басқа суреттермен безендіруге болмайтындығы түбегейлі түсінікті болды.

Темірболат  ТОҚМАМБЕТОВ,

«Орал  өңірі»


Зейнетақы қалай тағайындалады?

Күні: , 999 рет оқылды

877152_55555.jpeg


«Қарттыққа дауа жоқ» деседі. Сол себепті де зейнетақы жүйесі қай кезеңде де барша жұрттың басты назарында.  Оның үстіне  зейнетақы жүйесі — еліміздегі өзгерістерге ең көп ұшыраған саланың бірі.


Алдағы уақытта базалық зейнетақы төлемін тағайындау тәртібі де өзгереді деген әңгіме бар. Мұндай хабар шыққанда, бұған жастың да, жасамыстың да елең ете қалғаны рас. Өйткені бүгінде зейнет жасына жеткендер арасында өмір бойы жұмыс жасамаса да, базалық зейнетақы алып, күндерін көріп жүргендер баршылық. Зейнетақыға қатысты осы және оқырмандар тарапынан жиі қойылатын басқа да сұрақтарға жауап алу үшін  жақында Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитетінің БҚО бойынша басқарма басшысының орынбасары Жеңіс Беріковпен жүздесіп, зейнетақы жүйесінде болып жатқан өзгерістер жөнінде әңгімелеп беруін өтіндік.

— Статистикалық есеп бойынша бүгінгі таңда облыстағы зейнетақы алушы адамдардың саны 77865 болса, соның 39623-і ауылда тұрады. Зейнет жасына жеткен адам құрметті демалысқа шығып, өмір бойғы жасаған жұмысының жемісін көреді, зейнетақысын алып, оны өз игілігіне жаратады. Облыс бойынша бүгінде орташа зейнетақы төлемінің мөлшері 36079 теңге, ең төменгі зейнетақының мөлшері 23692 теңге. Ал базалық зейнетақы төлемінің мөлшері 11182 теңгені құрайды. Көпшілік жұрт базалық зейнетақы дегеннің не екенін білмеуі де мүмкін, сондықтан бұл жөнінде қысқаша айта кеткенім жөн болар, — деген Жеңіс Жоламанұлы одан әрі зейнетақы жүйесіндегі жаңалықтар жөнінде баяндады.

— Бүгінгі таңда елімізде базалық, міндетті және ерікті – көп деңгейлі зейнетақы жүйесі жұмыс істейді. Мемлекеттік базалық зейнетақы төлемі дегеніміз, бұл – белгіленген зейнеткерлік жасқа толғанда жеке тұлғаларға уәкілетті ұйымнан берілетін ай сайынғы ақшалай төлем және ол бюджет қаражаты есебiнен беріледі. Мемлекеттiк базалық зейнетақы төлемi зейнетақы төлеу орталығынан, бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан және ерікті жинақтаушы зейнетақы қорынан төленетін зей-нетақы төлемдерiне, сондай-ақ мүгедектiгi бойынша мемлекеттiк әлеуметтiк жәрдемақы алуына қарамастан беріледі. Оның көлемі республикалық бюджет туралы заңға сәйкес ең төменгi күнкөрiс деңгейiне кезең-кезеңiмен жақындатыла отырып, белгiленедi. Қазіргі уақытта базалық зейнетақы зейнеткерлік жасқа жеткен барлық азаматтарға еңбек өтіліне және жалақысына қарамастан, бірдей мөлшерде, яғни  11 182 теңге шамасында бірдей базалық зейнетақы төленеді.

Алдағы жылдары бұл тәртіп өзгереді. «Қазақстан Республикасындағы зейнетақымен қамсыздандыру туралы» Заңына сәйкес 2017 жылдың 1 шілдесінен бастап базалық зейнетақы азаматтарға зейнетақы жүйесіне қатысу өтіліне байланысты тағайындалатын болады. Мысалы, азаматтардың зейнетақы жүйесіне қатысу өтілі кемінде 10 жыл болған жағдайда, жүйеде оларға ең төменгі күнкөріс деңгейінің 50 %-ына тең болатын әлеуметтік зейнетақы берілетін болады. Азаматтардың зейнетақы жүйесіне қатысу өтілі 10 жылдан асқан болса, онда әрбiр жылға оның мөлшерi 2%-ға ұлғайтылады. Ал қатысу өтiлi 35 жыл және одан да көп болған жағдайда, ол адамға төленетін мемлекеттік базалық зейнетақы көлемі ең төменгi күнкөрiс деңгейiне тең болады.

Жоғарыда көрсетілген өзгерістер үлкен еңбек өтілі бар, бірақ зейнеткерлікке шығар сәтте табысы жоқ немесе ұсынған табыстары төмен азаматтар үшін өте тиімді. Өйткені олардың еңбек өтілі мен табысына қарай  есептелген зейнетақысына мемлекеттік базалық зейнетақы 100 пайыз қосылатын болады. Сөйтіп, көп жыл жұмыс өтілі бар адамдар-дың зейнетақысы осы мемлекеттік базалық зейнетақы есебінен көбеймек. Зейнетақы жүйесіндегі бұл өзгеріс ынтымақты және жинақтаушы зейнетақы жүйелеріне қатысушыларға да өз әсерін тигізеді деп күтілуде. Бұл ретте оларға төленетін мемлекеттік базалық зейнетақы көлемі олардың 1998 жылғы 1 қаңтарға дейін жинақтаған еңбек өтіліне және зейнетақы жарналарын жинақтаушы зейнетақы жүйесіне 1998 жылдан кейін төлеген кезеңіне байланысты тағайындалатын болады. Осыған байланысты жұмыс берушілер өз қарамағындағы қызметкерлеріне міндетті зейнетақы жарналарын бірыңғай зейнетақы қорына ай сайын уақтылы және толық көлемде аударып тұрулары керек. Сол себепті жеке шаруа қожалық-тарында, ЖШС-ларда, жеке кәсіпкерлік нысандарында жұмыс жасайтын адамдар ерте бастан зейнетақы қорындағы жинақта-рын мұқият қадағалауы керек.

Қазіргі таңда көптеген жеке шаруашылық басшылары өз қарамағында жұмыс жасайтын жұмысшылардың 10 пайыздық міндетті зейнетақы жарнасын зейнетақы қорына жылына бір рет аударады. Тіпті кейбір жеке кә-сіпкерлік нысандарының есеп-қисабы «қосарланған» нұсқада жүргізіледі. Мұны бірқатар мекеме  басшылары салықты аз мөлшерде төлеу мақсатында әдейі  жасайды. Бұл жеке кәсіп қожайыны үшін тиімді болғанымен, кейін ұжым жұмысшыларына кесірін тигізеді. Өйткені кезінде жалақысын іс жүзінде тым тәуір алғандар, құжаттарда табысы аз көлемде көрсетілгендіктен, зейнет жасына жеткенде оларға зейнетақы аз есептеледі. Сөйтіп, жұмысшы өмірінің соңына дейін алатын нәпақасын дұрыс ала алмайды. Яғни бейнетінің зейнетін көре алмайды. Сондықтан бұл мәселеге жұмыс беруші де, жұмысшы да бірдей сергек қарау керек. Ол үшін жұмысшылар басшыларынан орталықтандырылған зейнетақы орталығына зейнетақы жарнасын ай сайын тұрақты аударып тұруды талап етуі керек. Бұл талап жұмысшы мен жұмыс берушілер арасында жасалатын еңбек келі-сімшартында көрсетілуі тиіс. Ал міндетті деңгейде, яғни ынтымақты (еңбек) зейнетақы мемлекеттік бюджеттен және жинақтаушы – бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорларындағы зейнетақы жинақтары есебінен төленеді. Нақтырақ айтсақ, мемлекеттік бюджеттен ынтымақты зейнетақыны алу үшін  азаматтардың 1998 жылдың 1 қаңтарына дейін кем дегенде 6 ай еңбек өтілі болуы керек. Толық зейнетақыны тағайындау үшін әйелдердің еңбек өтілі 20 жыл, ал ер-азаматтардың еңбек өтілі 25 жыл болуы тиіс. Зейнетақы төлеудің тағы бір жолы — жинақтаушы зейнетақы қоры арқылы жүзеге асырылады. Яғни бүгінгі таңда жұмыс істеп жүрген азаматтардың барлығы да жинақтаушы зейнетақы қорына еңбекақысынан 10% мөлшерінде  міндетті зейнетақы аударымдарын аударып жүр. Олар аударып жүрген бұл қаражаттарының игілігін зейнет жасына жеткенде көретін болады. Сондай-ақ  азаматтардың зейнетақы жинағы ай сайын зейнетақы төлеп тұруға жеткілікті болған жағдайда  әйелдерге 50 жастан, ал ерлерге 55 жастан зейнетке шығуға болады. Зейнетке шығудың бұл нұсқасы сақтандыру компаниялары арқылы зейнетақы аннуитетін сатып алу жолымен жүзеге асырылады. Бұл жөніндегі толық ақпаратты аталмыш жұмыспен айналысатын сақтандыру компанияларынан алуға болады.

— Жеңіс Жоламанұлы, тоқсаныншы жылдары қоғамның өзгеруіне байланысты көптеген мекемелер жабылып, біраз адамның жұмыссыз қалғаны белгілі. Осыған байланысты бірқатар жұрттың жұмыс өтілінде үзіліс болды. Кейін олардың бірқатары жұмыс тауып жұмыс өтілін жалғастырға-нымен, тағы  бірсыпыра адам әлі күнге дейін жұмыссыз жүр. Зейнет жасына жеткенде олардың жағдайы не болмақ? Яғни  еңбек өтілі үзік-үзік адамдарға зейнетақы қалай есептеледі?

— Тоқсаныншы жылдары жұмыс істеген адамдардың сол кезеңге дейін азды-көпті еңбек өтілі болатыны белгілі. Сондықтан олардың мемлекеттік бюджеттен ынтымақты зейнетақы алуға құқы бар. Азаматтардың жасына байланысты тағайындалатын зейнетақы төлемінің мөлшері олардың 1998 жылғы 1 қаңтарға дейінгі еңбек өтіліне қарай есептеледі. Зейнет жасына толған кезде олардың табысы төмен болса немесе мүлдем табыссыз болса, яғни жұмыс істемеген болса, онда зейнетақы оларға ең төменгі мөлшерде, яғни 23692 теңгеге жеткізіліп тағайындалады. Толық емес көлемдегі зейнетақы төлемі толық зейнетақыдан 1998 жылғы 1 қаңтарға дейінгі  еңбек өтіліне үлес ретінде есептеледі. Сондай-ақ  жұмыс өтілінде үзіліс бар адамдар да зейнетақысыз қалмайды. Қазіргі әрекет етіп тұрған заң бойынша 1995 жылғы 1 қаңтардан бастап жұмыс өтілі бар азаматтарға  жұмыстағы үзiлiстерге қарамастан, қатарынан кез келген үш жыл iшiндегi орташа айлық табысы негізінде есептеледі. Басқаша айтқанда, азаматтардың зейнетақы мөлшері оның қатарынан тұрған үш жылғы табысын есептеу арқылы, яғни 36 ай бойы жұмыстан түскен табыстың жалпы сомасы 36 айға бөлу арқылы есептелінеді. Нақтырақ айтқанда, 1998 жылғы 1 қаңтарға дейін қажетті еңбек өтілі (ер адамдарға 25 жыл, әйел адамдарға 20 жыл) болған жағдайда, зейнетақыны есептеу орташа айлық кірістің 60 пайызы есебінен жүргізіледі. Ал 1998 жылдың 1 қаңтарына дейінгі қажетті еңбек өтілінен артық жұмыс істеген адамға әрбір толық жыл үшін зейнетақы төлемдерінің мөлшері 1 пайызға өсіріледі, бірақ ол зейнетақы есептеу үшін ескерілетін табыстың 75 пайызынан аспауы керек. Зейнетақы мөлшерін есептеуге арналған табыс, республикалық бюджет туралы заңда тиісті қаржы жылына белгіленген айлық есептiк көрсеткiштің 41 еселенген мөлшерімен шектеледі. Мысалы, 2015 жылға айлық есептiк көрсеткiштің мөлшері 1982 тенге х 41 = 81262 теңге. Осыған орай қазіргі таңдағы ең жоғары зейнетақының мөлшері 60947 теңге, ал ең төменгі зейнетақы көлемі — 23692 теңгені құрайды. Бүгінгі күні барлық зейнеткерлер, еңбек өтіліне қарамастан 11 182 теңге шамасында бірдей базалық зейнетақы алады.

— Заман ағымына сай бүгінде халықтың көпшілігі жеке кәсіпкерлікпен айналысуда. Олардың жеке кәсібін дамытуға жұмсаған жылдары еңбек өтілі болып есептеле ме? Сондай-ақ жеке кәсіпкерлердің жұмысын істеп жүргендерге болашақта зейнетақы алу үшін не істеу керек? Өзін-өзі жұмыспен қамтушылардың жұмыс өтілі не болмақ, жасы жеткенде олардың зейнетақы алуға құқы бар ма?

— Кәсiпкерлiк қызметпен айналысатындар мен өзін-өзі жұмыспен қамтушылар зейнет жасына жеткен кезде облыстық зейнет-ақы орталығына жолығулары керек. Егер олар тиісті орындарға 2013 жылдың 21 маусымындағы «Қазақстан Республикасындағы зейнетақымен қамсыздандыру туралы» №105 заңының 14-бабы 3-тармағына сәйкес Қазақстан Республикасының Зейнетақы қорына 1998 жылдың 1 қаңтарына дейiн сақтандыру жарналарын төлегенi туралы және салық органына тапсырған құжаттары арқылы жұмыс жасаған уақыты мен тапқан табысын растайтын құжаттарын тапсырған жағдайда, сондай-ақ  олар жинақтаушы зейнетақы қорына өздерінің тапқан табысынан 10% мөлшерінде міндетті зейнетақы аударымдарын аударып отырған болса, онда оларға да жұмыс істеп жүрген барша азаматтар секілді еңбек өтілі есептеліп, зейнетақы тағайындалады.  Естуімше, еш жерде жұмыс істемейтін кейбір адамдар өздеріне шот ашып, зейнетақы қорына ақша аударып жүрген көрінеді. Бұл дұрыс емес, зейнетақы тағайындалу үшін әр адамның салық органында тіркелген жұмыс орны болуы керек. Азаматтар осы жұмыс орны арқылы міндетті зейнетақы жарнасын, әлеуметтік, табыс салығын ай сайын әрқайсысына бөлек аударып отыруы тиіс. Сонда ғана оларға жасы жеткенде мемлекет тарапынан зейнетақы тағайындалады.

— Тағы бір сұрақ. Мүлдем жұмыс істемеген адамдар да қартайғанда зейнетақы ала ма?

— Мүлдем жұмыс істемеген адамдарға зейнет жасына жеткенде қалауы бойынша мемлекеттік базалық зейнетақы төлемі (биылғы мөлшері — 11182 теңге)) тағайындалады. Аталған төлем жыл сайын әр жылға арналған республикалық бюджетте белгіленген көрсеткіштерге сәйкес өсіріліп отырылады.

— Ал бала күтімімен үй шаруасында болғандарға ше, оларға зейнетақы қалай есептеледі?

— Жұмыс iстемейтiн аналардың 1998 жылғы 1 қаңтарға дейiн балаларды бағып-күткен уақыты еңбек өтілі болып есептеледі. Мынаны ескеру керек, әрбiр баланы босанғаннан кейінгі тек 3 жылға дейінгі уақыт қана жұмыс өтілі болып есептеледі. Заң бойынша бала күтімі бойынша есептелетін жұмыс өтілінің жалпы жиынтығы 12 жылдан аспауы керек. Мысалы, жас әйел әр үш жыл сайын босанып, 4 баланы дүниеге әкелген жағдайда, ол үйде бала тәрбиесімен айналысып отырып-ақ, өзіне 12 жыл жұмыс өтілін жасап алады. Бұл заңдылық еліміздің демографиялық жағдайын оңалтуға оң ықпалын тигізеді деп ойлаймын.

— Оралмандардың зейнетақы мәселесі қалай шешілуде? Мысалы, зейнетке Моңғолия немесе Қытайда тұрған кезінде шыққандар арасында зейнетақы алу мәселесі бойынша түйткілдер бар ма?

— Жоқ, бұл бағытта түйткілді мәселе болуы мүмкін емес. Өйткені «Қазақстан Республикасындағы зейнетақымен қамту тура-лы» ҚР 2013 жылғы 21 маусымдағы №105 заңының 2-бабы 2-тармағына сәйкес Қазақстан аумағында тұрақты тұратын шетелдiктер мен азаматтығы жоқ адамдар, егер заңдарда және халықаралық шарттарда өзгеше көзделмесе, зейнетақымен қамсыздандырылу құқығын Қазақстан Республикасының азаматтарымен бiрдей пайдаланады. Егер ҚР аумағынан тыс жерлерге тұрақты тұруға кеткен және ол жақтан қайтып келген адамдар зейнетақылары мен жәрдемақыларын ол жерден ала алмаса, бұл жөніндегі анықтама қағазды кеткен елінің уәкілетті органдарынан алып келген жағдайда зейнетақы төлемі Қазақстан Республикасының шегінен тыс жерлерге кету сәтінде белгіленген мөлшерде қалпына келтіріледі. Егер кету кезеңінде зейнетақыны арттыру жүргізілген болса, оның мөлшерін тағайындау кезінде осы арттырулар ескеріледі. Бұл жөніндегі толығырақ ақпаратты қажет еткен адамдар облыстық зейнетақы орталығына арнайы барып, мамандардан алуына болады.

Сұхбаттасқан Айша  ӨТЕБӘЛІ,

«Орал  өңірі»


БҚО, Орал қаласы, Мұхит көшесі, 57/1
zhaik_presscenter@mail.ru
oral_oniri@inbox.ru
support@oraloniri.kz

Орал өңірі" газетінің бас редакторы: 51-25-80
Бас редактордың орынбасарлары: 24-17-08, 54-18-08
Жауапты хатшы: 54-38-22
Тілшілер: 50-66-88, 51-50-34
Жарнама бөлімі: 51-51-09
Яндекс.Метрика