Мұрағат: 24.10.2015


Кәсіптік білімнің МАЙТАЛМАНЫ

Күні: , 802 рет оқылды

Қабасов Қайырғали 1


Қайырғали Қабасов – өңіріміздегі кәсіптік білім беру жүйесінің дамуына айтарлықтай үлес қосқан азаматтардың бірі.


Фурманов ауданының Талдықұдық ауылында дүниеге келген Қайырғали Жанқадырұлы мектепте гуманитарлық пәндерге жақын болды. Соған орай ата-анасы, ұстаздары Қайырғалиды болашақта педагог болады деп тұспалдады. Айтқандары келді.

Ал кейіпкеріміздің өзі жас кезінде кино саласының маманы болуды армандапты. Оған Қайырғали ағамыздың әскери борышын өтеп жүрген Севастополь өңірінде, олардың әскери кемесінде «Мосфильм» киностудиясы «Оптимистическая трагедия» атты көркем фильмін түсіруі себепші болды. В. Вишневскийдің пьесасы негізінде режиссер С. Самсонов қойған фильмге Маргарита Володина, Вячеслав Тихонов, Всеволод Санаев, Эраст Гарин сынды сол кездегі киножұлдыздар түседі (1963 жылы КСРО бойынша ең үздік фильм деп танылған бұл кино ХVІ Канн фестивалінде арнайы жүлдеге ие болды). Біраз уақыт танымал әртістермен бірге жүріп, олармен киноға түсу жасы жиырмадан жаңа асқан қазақ жігітіне әсер етпей қойған жоқ. Сол себепті болашақ өмірін киномен байланыстырамын деп шешті. Шымкент педагогикалық институтын тәмамдағаннан кейін еңбек жолын Фурманов аудандық киножелісінде бастады. Осында жұмыс істеп жүріп Ленинград қаласындағы Кинофото ғылыми-зерттеу институтында (НИКФИ) сырттай оқыды. Диплом алғаннан кейін өзі қызмет атқарып жүрген мекеменің директоры болды.

Аталмыш саладағы жемісті еңбегі үшін ол «КСРО кинематографиясының үздігі» деген атақ алды.

1968 жылы Шымкент қаласындағы №38 кәсіптік-техникалық училищесіне ауысты. Мұнда өндірістік оқу шебері, оқытушы болып қызметін бастап, артынан директордың орынбасары, директор болды. Оңтүстік Қазақстан облысында он жылға жуық уақыт қызмет атқарғаннан кейін әкесінің шақыруымен туған өлкеге қайта оралды. Оралдағы №75 кәсіптік-техникалық училищесі (қазіргі №12 кәсіптік колледж) директорының орынбасары болып тағайындалады. Оның оқу процесі мен өндірісті жүргізуді ұйымдастыра білуі, өзіне де, өзге де талап қоя білетіндігі еленбей қалған жоқ.

— Бір жылдан соң, яғни 1983 жылы сол кездегі облыстың бірінші хатшысы Мұстақым Ықсанов шақырып жатыр деген хабар алып, облыстық партия комитетіне бардым. Облыс басшылығының алдына алғаш кіруім. Аз-маз қобалжыдым. Менің жай-күйімді білді ме екен, Мұстақым Біләлұлы кабинетіне кірген бойда өзі қарсы алып, амандық-саулық сұрасқаннан кейін екеуміз диванға жайғастық. Әңгіме барысында Оралда жаңадан кәсіптік техникалық училище ашылатынын айтты. Онда қаладағы Клара Цеткин фабрикасы, аудандардағы тұрмыстық қамту орталықтары үшін қажет тігіншілер даярлау жоспарланып отыр. Сол оқу орнының директорлығына мені тағайындау ойында бар екен. Өмірбаяным, алған білімім, атқарған қызметтерім ұнаған сияқты, — дейді Қайырғали Жанқадырұлы.

Сөйтіп, көп кешікпей №2 тігін кәсіптік-техникалық училищесі (қазіргі техникалық сервис колледжі) ашылды. Бұл училище республика көлеміндегі шетелдік тігін машиналарымен және өзге де қажетті құрал-жабдықтармен жете қамтылған өндірістік оқу орны болып саналды. Қайырғали ағамыз училищенің өндірістік бағыттағы қызметін ғана емес, ішкі жұмыстарын да жоғары деңгейде ұйымдастырды. Яғни педагогтардың білімі мен біліктілігін арттыруға баса назар аударды. Әріптестерінің айтуынша, ол экономикалық бағыттағы пәндер бойынша өтетін сабақтарды жоғары кәсіби-әдістемелік деңгейде жүргізді. Соның нәтижесінде жоғары санатты ұстаз болды. Педагогтардың, әсіресе, жас мамандардың ол кісіден алған тәлімі мол.

Кәсіптік білім саласындағы істі ұтымды ұйымдастырушылығымен көзге түскен оны 1986 жылы №12 кәсіптік-техникалық училищенің директоры етіп тағайындады. Себебі аталмыш білім ұясының жұмыс деңгейі төмендеп кеткен екен. Осы олқылықты тез арада жою керек. Тәжірибелі педагог басшы мекемедегі кез келген мәселені ұжым мүшелерінің талқысына салып шеше бастады. Қызметкерлердің бастамаларына, қолға алған істеріне қолдау көрсете білді. Өзі ұйытқы болып оқу жүйесіне заман талабына сай жаңа педагогикалық әдістер мен формаларды енгізді. Қол астындағы қызметкерлерінің әлеуметтік-тұрмыстық жағдайларының жақсаруына да жете мән берді. Соның нәтижесінде 5 адам пәтер алып, 25 қызметкер үй-тұрмыстық жағдайын жақсартты. Қара-пайымдылығымен, кішіпейілділігімен ерекшеленіп, адамды тыңдап, олардың пікірімен санаса білген басшыны ұжымы да барынша қолдады.

Ел тәуелсіздігінің елең-алаң шағындағы салқындық бұл оқу орнын да айналып өткен жоқ. Соған қарамастан Қайырғали Қабасов жетекшілік жасаған училище нарық заңына тез бейімделе бастады. Облыс, республика көлеміндегі мекеме-кәсіпорындармен маман дайындау бағытында келісімшарттар жасасты, өзге де іс-шараларды жүзеге асырды. Соның нәтижесінде оқушыларды қабылдау 120, өндірістік қызметпен қамту 118, оқудан соң еңбекке орналастыру 100% көлемінде орындалды. Түлектердің үштен бірі ЖОО-лар мен арнаулы оқу орындарының студенттері атанды. Училище оқушылары пән олимпиадаларында, түрлі байқауларда, спорттық сайыстарда облыс, республика көлемінде жүлделі орындарға қол жеткізді. Қайырғали ағаның бұл еңбектері ескерусіз қалған жоқ. «Қаз КСР кәсіптік-техникалық білім беру ісінің үздігі», «ҚР халыққа білім беру ісінің еңбек сіңірген қызметкері» атақтарын иеленіп, 2000 жылы ҚР Президентінің Жарлығымен «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталды. Бүгінде өзінің жетпіс бесінші күзін қарсы алып отырған Қайырғали Жанқадырұлына талай жылғы бейнетіңіздің зейнетін көре беріңіз демекпіз.

Мәди ЫҚЫЛАС

Сағынбек ЖҰМАГЕРЕЕВ, облыстық білім басқармасының бас маманы:

— 1998-2004 жылдар аралығында Қайырғали Жанқадырұлымен №12 кәсіптік лицейде қызметтес болдым. Мен еңбек жолымды жаңа бастап жатқан жас маман едім. Ол кезде ел экономикасы әлі түзеле қоймаған, түрлі қиындықтар жетіп артылатын. Ағамыздың кәсіби білім-білігі, мол тәжірибесі, жоғары ұйымдастырушылық қабілетінің арқасында көптеген мәселе шешіліп отырды. Бұл екінің бірінің қолынан келетін іс емес. Ол кісіден біз көп нәрсе үйрендік. Жалпы алғанда, Қайырғали Жанқадырұлын әріптестері адам ретінде де, маман ретінде де ерекше құрметтейді.


Өнегенің өшпейтін ізі

Күні: , 121 рет оқылды

DSC_0092


Ауыл-елдің алдында тұрған ауқымды міндеттерді орындауда өмірлік тәжірибесі бай аға ұрпақ әрдайым сүйеніш болып келеді. Ардагерлер қашанда игі де ауқымды істердің ортасынан, жастарға жол меңзеудің басынан табылады. Ақжайық ауданында осындай құрмет төріндегі жандардың бірі – Ғилаж Лұқпановты ғұмырдариясындағы 80 жасына орай аудан әкімі Әділ Жолама-новтың қабылдауында оның еңбек жолындағы небір қиындықты еңсеруі, нағыз еңбек өнегесінің өшпейтін табы болып табылатыны әңгімеленді.


Ауыл шаруашылығы мекемелеріндегі жауапты жұмыстар, «Алғабас» кеңшарындағы бас зоотехник, Батурин атындағы кеңшар директоры қызметтерінде Ғилаж Еспенбетұлы көптеген қыз-жігітке тәлімгерлікпен, тың істерге бастамашылдықпен танылды. Көптеген қиындықтың алдын алуға ұжымдарды жұмылдырып, алты ай қыстың сындарлы шақтарында мал басының аман сақталуына қол жеткізген жылдар аудан шежіресіне ойып жазылып қалды. Қабылдауға қатысқан аудандық мәслихат, ауыл шаруашылығы бөлімі, қоғамдық ұйымдар өкілдері Ғ. Лұқпановтың жылдар жүзіндегі еселі еңбегінен, әрдайым жауапкершілік үдесінен көрінгенінен естеліктер айтты. Оның аудандық ардагерлер кеңесін 10 жыл басқарғаны кезіндегі қарымды жұмыстарын да ауыл-ел ризашылықпен айтып жүреді.

Ә. Жоламанов ардагерге естелік сыйлық тапсырып, оған риясыз көңілден тілегін арнады.

Бекем БЕКҰЛЫ,

Ақжайық ауданы


«Байқадамда ӨМІР ЕСІГІН АШТЫМ»

Күні: , 131 рет оқылды

с-4 байкадам


Қазақ тілін жетік білетін орыс жігіті Анатолий Скородумов ширек ғасырдан бері Жәнібекте тұрады. Қазақтармен аралас-құралас, туысқан боп кеткен Анатолийді аз-кем әңгімеге тартқан едік.


Түрім басқа, тілім бір

— Сені көптен білеміз, Анатолий. Тіпті сонау тоқсаныншы жылдары өзіңмен редакцияда қызметтес болдық. Қазақ тілін жетік білетінің бізді мейлінше разы етеді. Оны қалай жете меңгеріп алдың?

— Мен 1964 жылы Жамбыл облысының Байқадам ауылында тудым. Әкемнің аты да Анатолий, кезінде құрылысшы болған жан. Шешемнің есімі Лидия, ұлты неміс, зейнетке шыққанға дейін перзентханада санитарка болып қызмет істеді. Әкем осы Жәнібекте туып-өскен. Жәнібектен Жамбыл қаласына (қазіргі Тараз) тас қалаушылық оқуына барғанда анаммен танысып, үйленіп, сонда қалып қойған. Байқадамда мектепте бірге оқыған, құлын-тайдай тебісіп бірге ойнаған балалардың барлығы дерлік қазақтар болатын. Олармен біте қайнасып, етене жақындасып жүріп, кішкене кезімнен-ақ қазақ тілін үйреніп алдым. Қазақ балаларының үйлеріне жиі барып, жергілікті ұлттың салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпын көңіліме тоқи бердім. Бертін келе өзімнің де қазақтардан аздап түрім болмаса, еш айырмашылығым жоқ екенін сезе бастадым. Қысқасы, мен де осы елдің бір перзентіне айналдым.

— Өзіңнен басқа бауырларың бар болар?

— Отбасының тұңғышымын. Менен басқа үш ұл, бір қыз бар. Қазір олардың бәрі де Германиядағы әке-шешемнің қасында тұрады. Бәрі де сол елде жұмыс істейді.

— Айтқандайын, өзіңнің отбасыңа тоқтала кетсең?

— Әкемнің анасы Мария күні кешеге дейін Жәнібекте тұрды. Ержетіп, етек-жеңімді жинап, Байқадамда жұмыс істеп жүргенім-де, дәлірек айтқанда, 1988 жылы әке-шешем маған: «Әжеңнің жалғыз өзіне қиын болды. Оның қасына барып, көмектес, қолғанат бол» дегесін Жәнібекке келдім. Коммуналдық шаруашылық мекемесінде автокөлік жүргізушісі болып жұмыс істедім. 1989 жылы Жәнібек ауылының байырғы тұрғыны Галина Хлыновамен таныстым. Таныстығымыз махаббатқа ұласып, отбасын құрдық. Ол шақта Галина аудан орталығындағы нан зауытында технолог-лаборанттық қызметте болды. Бүгінде екі ұл, екі қызым бар. Үлкен қызым Юлия осында тұрмыста, балабақшада аспаз болып жұмыс істейді. Одан кіші Лидия деген қызым өзіміздің Орал қаласындағы Махамбет Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің шет тілі факультетін бітіріп, Мәскеуде магистратурада оқыды. Қазір Германияда, өз мамандығы бойынша қызмет атқарады. Анатолий және Евгений атты екі егіз ұлымның алғашқысы Оралда, екіншісі Ақтауда жұмыс істеп жүр.

Қазақтармен құда болдым

— Төке (Анатолийді қазақшалап осылай атаймыз), Жәнібекке келгеніңе де ширек ғасырдың үстіне шығып кетіпті. Қазақ тілін жетік меңгергеніңе сөз жоқ. Жәнібектегі қазақтармен аралас-құралас болып кеткен шығарсың?

— Оған бәс бар ма!.. Жұбайым Галинаның әкесі де Жәнібекте туып-өскен. Мұнда достары көп. Менің де жора-жолдастарым жетіп артылады. Осында тұрғанымыздан бері мал, құс өсіріп, бау-бақша салып келеміз. Мені мұнда бәрі таниды. Отбасымызбен түгелдей қазақ болып кеттік десек те болады. Оралдағы Жәңгір хан атындағы университетті бітірген ұлым Анатолий былтыр қазақ қызына үйленіп, отбасын құрды. Келінімнің аты — Сәндігүл, тумысы Ақтөбе облысының Хромтау ауданынан. Балам екеуі Құлсарыда мұнай-газ саласында бірге қызметтес болғанда танысыпты. Мамандықтары бірдей. Өткен жылы қараша айында аудан орталығындағы «Адай» мейрамханасында үйлену тойын өткізіп, Байтұрсынов көшесіндегі көршілерді шақырып тойладық. Хромтауда да дүрілдеген той өтті. Тойдан соң келін-бала үш айдай біздің үйде тұрып, өздерінің мамандықтарына сай қызмет табылғасын Оралға кетті. Қазір қалада пәтер жалдап тұрып жатыр. Жақында немерем дүниеге келмек. Келінім аман-есен жеңілденсе, біздің қолымызға келіп тұрмақшы. Хромтаудағы құда-құдағиыммен телефон арқылы хабарласып тұрамыз. Жаз шыға оларды қонаққа шақырғалы жиналып отырмыз. Балалар бір-бірімен жарасып, үйлесіп кетсе, бізге де сүйініш қой.

Германияға барғым келмейді

— Орыс халқында дәлме-дәл қазақшаға аударғанда: «Біз тұрмайтын жерде бәрі жақсы» деген нақыл сөз бар ғой. Сол айтқандай, Жәнібектен жырақ кетіп, басқа жерге қоныс аудару, көшу ойыңда бар ма?

— Алдында айтып өттім ғой, әке-шешем де, бауырларым да Германияда тұрады. Шешемнің сонда туысқандары бар. 1996 жылы олардың барлығы да Байқадамнан Германияға қоныс аударды. Маған олар отбасыңмен осында көшіп кел дейді. Алайда Германияға барғым келмейді. Балаларымның да кейде Оралға қарай қозғалайық деп қолқалайтыны бар. Менің ешқайда қозғалғым жоқ. Өз басым Жәнібектен басқа жерге үйреніп кете алмайтын сияқтымын. Мұнда тұрмысым жаман емес. Өзіміз үшін мал өсіріп, құс ұстап, бақша салып, қаладағы балаларға қал-қадерімізше көмектесіп тұрамыз. Өзім Жәнібектегі кәсіпкер Нина Дуюнова жетекшілік ететін «Здоровье» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде жұмыс істеймін. Қарап жатпай, қолым бос кезде кәсіп қылып, отбасыма ризық та табамын. Жәнібек менің кіші Отаныма айналып кетті. Сондықтан туған елімдей болған бұл жерден ешқайда кетпеймін.

Нұрымбек ЖАПАҚОВ,

Жәнібек ауданы


Саентологиядан САҚТАНЫҢЫЗ!

Күні: , 1 019 рет оқылды

саентология


«Саентология» сөзін естіген көп адамның бұған әу дегенде мән бермесі анық. Өйткені геология, филология секілді көп «логоның» бірі деп немкетті қабылдай салады. Өкінішке орай, отандастарымыздың осы бір аңғырттығы орға жығып жатады. Себебі жан қинамай тез баюдың айла-тәсілдерін үйрететін түрлі жарнамалар әлеуметтік желілерді жаулап алды.


Жуырда жергілікті “Уральская неделя” басылымында дағдарыс кезінде кәсіпорынды қалай сақтап, бизнесті өркендету жолдарын үйрететін халықаралық дәрежедегі сарапшы Линн Айронстың семинар-тренинг өткізетіні туралы хабарландыру жарық көрді. Ұйымдастырушылар курстың ақылы екендігін, бірақ өтер болсам, еш өкінбейтіндігімді ескертті. Бағасы 98 мың теңге екен! Жиын жергілікті “Парк Отельде” өткізілді. Ұйымдастырушылар ұстатқан танымдық материалдың екінші бетінде Рон Хаббардстың сөзінен үзінді келтіріліпті… Енді сәл артқа шегініс жасайық, осы семинарды өткізу үшін мұхиттың арғы бетінен арнайы келген Линн Айронс мырза кім? Әлемтор ақпаратына сенсек, ол “Management Training International” мекемесінің бас директоры, “The Enhancement Center” компаниясының атқарушы директоры, отбасылық және жеке кеңес (консультация) берумен айналысады. Бұрынғы Кеңес одағы құрамындағы елдерде бизнес компаниялар мен мемлекеттік қызметшілерге арнап, 80 мыңға тарта дәріс өткізген Линн Айронсқа 2008-2013 жылдары Ресейге келуге тыйым салынған. Өйткені ол тоқсаныншы жылдары посткеңестік елдерге жіберілген саентологтардың алғашқы десанты болатын. Бұл туралы ресейлік саентологтардың құпия есебінде егжей-тегжейлі айтылған. 1994 жылы Бад Райхель мен Әкімшілік технологиялар жөніндегі Хаббард колледжінің өкілі Линн Айронс елуге тарта орыс кәсіпкерінің санасын шырмап, 7 апта бойы тренинг өткізеді. Осындай арамзалығы әшкере болған Линн Айронсқа Ресей шекарасы тарс жабылды.

Хош делік, асыға күткен семинар да басталды. Әп дегеннен қызметтік нұсқаулық туралы баяндаудан әріге аса алмаған Айронс мырза бизнесті қалай дамытып, өркендетудің нақты жолдарын айтудан гөрі, жұмыс беруші мен жұмысшының арақатынасына көбірек шұқшиды. Алайда Линн Айронстың бұл уәжі еліміздің заңдарында толығымен қамтылған. Бірақ осының барлығын құбылтып жеткізген шетелдіктің қулығын оралдық аңғал кәсіпкерлер байқамай қалғандай. Өкінішті-ақ! Алғашқы үзілісте Линн Айронс мырзамен сұхбаттасудың сәті түсті. Айтуынша, бұл оның Қазақстанға алғашқы сапары әрі жергілікті нарықты, елдегі ахуалды да жетік біле бермейді. Осы сөзімен-ақ Айронс өзін ұстап берді. Оның кәсіпкерлерді дағдарыстан қалай шығуға үйретпек болғанына өзін білмедік, өзіміз таңғалдық.

Ж: — Линн, Қазақстанға қош келдіңіз! Былай алып қарасаңыз, Америка мен Қазақстанның бір-біріне үш қайнаса сорпасы қосылмайды. Өйткені біздегі менталитет, ұлттық құндылықтар, ғасырлар бойы қалыптасқан таным да түрліше. Сіздің елде де бұл мүлдем бөлек. Бірақ осыған қарамастан, кәсіпкерлерді дағдарыстан қысылмай шығуға үйретемін дейсіз. Сіздің дәрістеріңіз қазақстандық бизнес үшін қаншалықты құнды?

Л: — Бизнесті өркендету жолындағы мен ұсынған тәсілдер Америка, Скандинавия, Мексика, Еуропада т.б. көптеген елдерде қолданылады. Ал Қазақстанға мен алғаш рет келіп отырмын. Шынымды айтайын, елдегі жағдаймен де жіті таныс емеспін. Бірақ сіз бұл туралы осы жиынға келгендердің өздерінен сұрағаныңыз жөн болар. Мен ешкімді міндеттемедім.

Ж: — Дағдарыс кезінде қай салаға басымдық берген жөн? Тығырыққа тірелген кезде не істемек керек?

Л: — Негізі дағдарыстың мүлдем болмағаны жақсы. Егер кәсіпкердің дайындығы жақсы болса, ол қандай қиындықтан да сүрінбейді. Өйткені телміріп, уақытын босқа өткізіп алады. Әрі жер-жердегі дағдарыс туралы жағымсыз ақпарат та қосымша соққы. Сондықтан бұған жол бермеу керек. Ал кризис кезінде жақсы жұмыс істеген компаниялар бар. Мен оларды осындай болуға үйретемін. Дәрісіме қатысыңыз, жеке қабылдауға жазылыңыз. Ақысын төлесеңіз болды.

Ж: — Егер Қазақстанда жұмыс жасауға ұсыныс түссе… өзіңізді қай саладан көрер едіңіз?

Л: — Қазақстанда жұмыс жасауға ойланбастан келісер едім, мен Ресейде ұзақ уақыт жұмыс жасадым. Барлық клиенттерімнің нәтижесі жоғары. Ресей мен Қазақстан екі бөлек ел, бірақ бір-біріне ұқсас.

Ж: — Ғаламтор беттерінде сіздің саентологияға қатысыңыз бар екендігі айтылады. Ресейге баруға тыйым салыныпты…

Л: (біраз кідіріп, басын ұзааақ шайқады, сөзін содан соң жалғады) — Мен бұл туралы кім айтқанын білмеймін. Ресейде көп жыл жұмыс жасадым. Қазір де емін-еркін бара аламын. Ал саентологияға келер болсақ, бұл … ешкімге де қызық емес (бірақ Линн Айронс саентологияға қатысы бар-жоғын нақты айтпады).

Ж: — Ал Қазақстандағы қазіргі жағдай туралы не айтар едіңіз?

Л: — Мен Қазақстан бойынша сарапшы емеспін. Сондықтан нақты ештеңе айта алмаймын. Сіздер өздеріңізге жақсы жарнама жасауыңыз керек. Істің көзі сонда. Адамдарға не ұнайтынын, олардың ойындағыны жетік білу керек. Осыдан кейін ғана жарнама жасауға кірісесіз. Дәл осындай тәсілді Америка, Ресей, тіпті осы Оралда да қолдануға болады.

Бұл — мен үйрететін экономиканың басты негіздері. Бизнесмен табысты болуы керек, ол адамдарға жұмыс береді, көрсеткен қызметі үшін ақы төлейді. Бірақ жұмыс нәтижелі болуы керек. Мен сондықтан осында келдім. Менің дінге, саясатқа қатысым жоқ. Мен тек бизнесті үйретуге келдім. Адамдарды дінге бөлмеймін. Мұсылман ба, буддист, әлде басқа діннің өкілі ме? Мұндай алалаушылық болса, бизнес өрге баспайды. Бизнес ұлт пен дін таңдамайды. Мен дін адамның жеке мәселесі болып саналатын елден келдім.

Өздеріңіз байқағандай, Линн Айронс қойылған сұрақтан жалтарып, сөздің ауанын басқа жаққа аударумен болды. Өзінің саясатқа қатысы жоқ екендігін бірнеше рет қайталаған Айронс мемлекеттік саясаттың көздегені экономиканы дамыту екендігін білмейтін тәрізді. Мен не деймін, домбырам не дейді дегеннің кері келген сұхбатымыз ақыры жараспады.

Әлқисса, қолға ұстатқан материалдардың екінші бетінде Л. Рон Хаббардтың «Ценный Конечный Продукт – это продукт, который можно обменять на услуги или товары, существующие в объекте» деген сөзінен үзінді келтірілген. Ал Хаббард кім еді?

«Бай болам десең, өз дініңді жасап ал» деген қанатты сөздің егесі, америкалық фантаст-жазушы Рон Хаббард Саентология шіркеуінің негізін қалаған. Тарихы 1954 жылдан бастау алатын саентология – діни-философиялық ілім. Бүгінде дүние жүзінде осы ағымның 7700-ден астам шіркеуі бар екен. Қазақстанда 2000 жылы тіркелген саентологтардың Алматы, Қарағанды, Семей және Павлодар қалаларында шіркеулері бар. Күні бүгін 30 мыңға тарта отандасымыз осы теріс ағымның жетегінде кеткен. Жоқ жерден оңбай сүрініп, саентологтардың арбауымен үйі мен жұмысынан, тіпті отбасынан айырылып, ақырында өмірден баз кешкен жандар жетіп артылады. Ал осы әңгімеге тамызық болған Рон Хаббардтың өмірі қайғылы аяқталыпты. Есепшотына апта сайын миллион доллар түсіп тұрған шіріген бай осыдан ширек ғасыр бұрын жарық дүниемен қош айтысты. Қартайған шағында жарты миллиард доллар байлығы болғанымен, оның қызығын көре алмады. Ен байлық оны бақытты ете алмады. Өмірінің соңын үреймен өткізген ол өз көлеңкесінен де қорқатын болған. Өйткені өзі алдаған барлық адамдар оның көзіне жау болып көрініп, ақырында арбаға таңылып, жалғыздықта көз жұмды. Бірақ жарықтықтың өзі өлгенмен, «ісі» өлмепті. Ал оралдық кәсіпкерлердің санасын улай бастаған Линн Айронс – осы Хаббард колледжінің өкілі. Тренинг кезінде Айронс мырза дін туралы, өздерінің ұстазы Хаббард туралы ләм-мим деп тіс жармады. Бірақ оның оқыған дәрісі тұтасымен саентолог Р. Хаббардтың «Мекеме администраторының курсы» еңбегінің 11-томына негізделген. Бірақ өзінің біліктілігін арттыруды көздеген оралдық кәсіпкерлер бұл туралы хабарсыз екендігі анық. Екі күнге созылған семинар соңында Линн Айронс ақылы түрде жеке қабылдау да өткізді. Өңірдегі діни ахуалды жіті қадағалап отыруы тиіс құзырлы мекемелер осындай арам пиғылды келімсектердің жолын кесудің орнына іс бітіп, қу кеткесін ғана ес жиып жататыны өкінішті.

Әдетте мұндай жиындарды ұйымдастырушы – «Бизнес Форвард» ұйымы. Тренингтер өткізумен танымал бұл ұйымның жылдық табысы миллиард доллардан асады. 2010 жылы Discovery Research Group адамдарды алдап-арбауға негізделген бизнестен түскен пайда бір ғана Ресей бойынша $1,5 млрд. құрағанын мәлімдеді. Қазір бұл көрсеткіш Discovery дерегінше, Ресейде 2 миллиард долларға жеткен. «Мегапрорыв» курсының жетекшісі Михаил Смоляновтың дерегінше, бұл елде осы бағытты ұстанған 20 000 тренер мен 5 мыңға тарта ұйымдастырушы компания бар. Олардың жартысынан астамы Мәскеу мен Петерборда жұмыс жасайды. Ресей астанасын жаулаған нарық енді шет аймақтарға да ауыз салып жатыр. Егер құзырлы құрылымдар уақыт өткізбей шара қолданбаса, бұл арамза қақпаннан біздің отандасымыздың да аман қалмасы анық. «Қуырдақтың көкесін түйе сойғанда көрерсің» дегендей, жиынды өткізуге кәсіпкерлікті қолдау жөніндегі жергілікті құрылымдардың бірі қолдау көрсетіпті. Ал осы жиынға мұрындық болған жергілікті кәсіпкер Ф.-ның бұл әрекеті артынан ерген отар-отар қойды ет комбинатының қанды қасабына әкеп салып жіберетін текені еске түсіреді…

Бердібек ЖАНҚҰЛИЕВ,

Орал қаласы


Кәсіпкерлікті қолдаудың ЗАМАНАУИ ТӘСІЛДЕРІ

Күні: , 866 рет оқылды


Менің құрбым жақында Индонезияның  Бали аралына  барып демалып келді. «Қалай демалдың?» деген сұрағыма ол: «Арал табиғатының тамашалығы өз алдына, ол жерде әр адамның өз кәсібі бар екен» деп таңғала жауап берді. Осы әңгімеден соң  мен ойланып қалдым…


Шағын және орта бизнес көптеген мемлекеттердің айтулы ел экономикасының арқауы болып табылады. Біздің мемлекетіміз қаншама жағдай жасаса да, өкінішке орай, елімізде кез келген үй түгілі, ең болмаса, 10 үйдің бірі кәсіпкерлікпен шұғылданбайды. Нақты деректерге сүйенсек, дамыған Германия немесе Голландияда ішкі жалпы өнімінің 60 пайызын шағын және орта бизнес береді екен. Ал бізде ше? Елбасының Үкімет алдына қойған міндеттерінде 2050 жылы шағын және орта бизнестің (ШОБ) ЖІӨ-ге қатысты үлесі 50 пайызға жетуі керек.

Қарапайым логика ХХІ ғасырдың әрбір жылында Қазақстанда ШОБ үлесі бір пайызға өсіп отыру керек екенін негіздейді. Шыны керек, осындай шабан жүріс маған ұнамайды. Себебі технологияның қауырт дамыған уақытында жаңа ғана көрініс тапқан жаңалық кешке дейін ескіріп қалып жатыр. Сол себепті адамдардың игілікке және заманауи құралдарға деген құштарлығы уақыт өткен сайын арта түсуде. Сонда не істеу керек?

Заман көшінен қалып қоймау үшін уақыт талабына сәйкес жұмыс істеу қажет. Елімізді өркендету үшін Елбасымыз шағын және орта бизнесті дамыту керек деп талмай айтып келеді. Осы бағытта Үкімет те белгілі шаралар қабылдауда. Бірақ шынын айту керек, істелген істер көңіл көншітпейді. Ең бастысы, ШОБ шұғылданғысы келетін адам мемлекет тарапынан нақты көмек болатынын айқын сезінуі тиіс. Мемлекет тура мағынада айтулы қамқорлық жасауы керек, сәйкесінше кәсіпкер де жауапкершілікті сезініп, мемлекет алдындағы парызын өтеуі тиіс.

Қысқасын айтсам, қазіргі таңда еліміздегі ШОБ жағдайы мәз емес. Оның себептері көп. Менің ойымша, ең басты себеп, ол – билік пен кәсіпкерлердің арасында мөлдір қарым-қатынастың болмауы. Бұл жағдай, сайып келгенде, жемқорлыққа әкеліп соқтыруда. Әрине, шаруасын дөңгелетіп алып кетіп жатқандар да баршылық, бірақ ондайлар көп емес. Былайша айтқанда, елімізде бизнестік психология орнаған жоқ. Бұл бизнес ахуалының нашар екенін білдіреді. Бұған мүмкін ұлттық керенаулық та өз әсерін тигізіп отырған шығар…

Қазіргі таңда кез келген бағыттағы даму ақпараттық технологияларды пайдаланған кезде ғана еселеп өсетінін уақыт көрсетіп отыр. Бизнесті дамытуда қазір арнайы заманауи жүйелер белсенді қолданылуда. Қарапайым мысал, адам машинаның руліне немесе ұшақтың штурвалына бірден отырмайды. Оларға әуелі теориялық негіз беріп, кейін арнайы стендтерде олар виртуалды түрде машина айдайды немесе ұшады. Әрине, сынақ кезінде барлық жағдай болуы ықтимал, яғни түйісуі немесе жерді сүзе құлауы да мүмкін, бірақ болашақ көлік айдаушылар мен ұшқыштар одан нақты зардап шекпейді, керісінше олардың тәжірибесі молая түседі.

Бизнесті де сондай арнайы бағдарламалар арқылы компьютерде үйренуге болады. Мұндай бағдарламалар қазірдің өзінде бар және олар «MS Project»,«Project Expert» деп аталады.

Қазіргі таңда ғаламторда «Жобаларды басқару» бағдарламаларынан көз сүрінеді. Кез келген бизнесті жоба деп қарастыруға болады. Олай болса, оларды жоспарлай білу, уақыт бойынша тізгіндеу және қойылған мақсатқа орай қажет ресурстарды орынды жұмсай білу «MS Project» бағдарламасы арқылы жүзеге асады. Ол үшін жобаның ерекшелігін және оны жүзеге асыра білуді белгілі бір деңгейде игеру қажет. Ол аталмыш бағдарламаны барынша тез меңгеруге септігін тигізеді. Мұнда жобаны жүзеге асыруда істелетін міндеттер мен жұмыстар мұқият қаралып, жіпке тізіледі. Бағдарламаны қосқан кезде экран беті екі бөлікке бөлінеді (1-сурет):

Сур 15464

Бірінші бөлікте жобаны жүзеге асыруда істелетін жұмыстардың тізімі сипатталса, екінші бөлікте сол жұмыстардың атқарылу мерзімін бейнелейтін Гант диаграммасы көрінеді. Сондықтан атқарылатын істер мен олардың орындалуы алақандағыдай айқын сипатталады. Қажет болған жағдайда жобаның (бизнестің) жүзеге асуына өзгерістер енгізіледі. Қысқаша айтқанда, аталмыш бағдарлама кез келген жобаны (бизнесті) алдымен виртуалды, содан кейін нақты жүзеге асыруға оң ықпалын тигізе алады.

«Project Expert» бағдарламасы арқылы кез келген болашақ бизнесті алдымен виртуалды түрде жүзеге асыруға болады. Сонымен бірге ол жұмыс жасап тұрған бизнестік жобаларды да талдап, тиімді жүзеге асыруға ықпал ете алады. Қазіргі уақытта көптеген табысты кәсіпорындар мен мекемелер аталмыш бағдарламаны қолдануда. Бағдарлама арқылы бизнесті дамытудың сан алуан нұсқасын қарап, оны сауатты жүзеге асыруға болады. Егер жоба жоспардағыдай болып жүзеге аспаса, кәсіпкер виртуалды түрде зиян шегуі мүмкін, бірақ оның нақты зияны көп ешкімге тимейді. Бағдарламаның көрінісі (2-сурет):

Сур 2548

2-суреттен көріп отырғандай, бизнестік жобаны жүзеге асырудағы барлық жағдай бағдарламада орын тапқан. Бағдарлама Проект-Жоба, Компания, Окружение-Орта, Инвестиционный план-Инвестициялық жоспар, Операционный план-Операциялық жоспар, Финансирование-Қаржыландыру, Результаты-Нәтижелер, Анализ проекта-Жобаны талдау сияқты бөлімдерден тұрады. Әрбір бөлімде қажет ақпарат енгізіліп жобаның қаншалықты нақтылығы айқындалып отырады. Егер бәрі ойлағандай болса, дайын бизнес – жоспарды рәсімдеп, кез келген инвесторға немесе банкіге барып, оларды салым салуға иландыруға болады. Және бір айта кететін маңызды нәрсе, мұнда электронды сарапшы сізге бағалы кеңес бере алады.

Жалпы, шағын және орта бизнестің өркендеуін елдің тұтастай дамуы деп түсіну керек. Сондықтан оны өрістету үшін барлық дәстүрлі тетіктермен қатар, жаңа ақпараттық технологияларды да белсенді пайдалану керек. Ол үшін аталмыш бағдарламаны насихаттап, оны пайдалану бағыттарын үйрететін оқу орталықтарын ашу қажет. Қазіргі таңда бұл бағдарлама ЖОО-да қысқаша түрде ғана оқытылады. Онда да барлық жерде емес. Әсіресе, ауылдық жерлерде осы бағдарламаны барынша кеңінен оқытса, жергілікті бизнеске нақты көмек болар еді.

Елімізде ауыл шаруашылығы саласының әлеуеті зор. Азық-түлік мәселесі күн тәртібінен ешқашан түскен емес. Соңғы кездері Қазақстан экономикасында қалыптасқан күрделі жағдай оны әртараптандыруды міндеттейді. Осындай күрделі жағдайда шағын және орта бизнесті дамытудың маңызы өте зор. Кәсіпкерлікті барлық салада дамыту және оны белгілі бір жағдайда жоспарлау мен болжамдай білу заманауи құралдарды қолдана білуді талап етеді. Олай болса, аталмыш бағдарламалар мен жүйелерді кәнігі кәсіпкерлер мен өзінің ісін ашушыларға (әсіресе, жастарға) үйретіп оқытудың маңызы зор.

Бұл іс мемлекет тарапынан қолға алынып, шешуші роль атқаруы тиіс. Өйткені елімізде шағын және орта бизнестің дамуы – мемлекеттік нығаюдың кепілі.

Әйгерім ЕРЛАНОВА,

Жәңгір хан атындағы БҚАТУ экономика факультетінің студенті,

ҚР Президенті шәкіртақысының иегері


Қайсарлыққа құрмет

Күні: , 797 рет оқылды

IMG_9950


Таяуда «ҚазИИТУ» ғылым-білім кешенінде облыстық «Вайнах» шешен-ингуш қоғамы  Қазақстан халқы ассамблеясының 20 жылдығы аясында  шешен әйелдерінің күнін атап өтті.


Оған облыс әкімінің орынбасары Игорь Стексов, РФ-ның Орал қаласындағы вице-консулы Юрий Пономарев, Ақтөбе облысы  «Вайнах» қоғамының төрағасы Ильман Юсупов, Бөрлі ауданының құрметті азаматы, Қазақстан халқы ассамблеясының мүшесі  Мұхтар Бокаев  қатысты.

Шарада алдымен сөз алған «Вайнах» шешен-ингуш этномәдени бірлестігінің төрағасы Данильбек Саратов бұл күннің қалай пайда болғандығына тоқталды.

— Шешен әйелдерінің күні әр жыл сайын қыркүйек айының үшінші жексенбісінде аталып өтіледі. Бұл күн Кавказ соғысы кезінде қаза тапқан 46 қыз-келіншектің құрметіне арналып, Шешен республикасының Президенті Рамзан Қадыровтың бұйрығымен 2009 жылы бекітілген. Тарихи дерекке сүйенер болсақ, 1819 жылы генерал Ермоловтың әскері шешеннің Дади-Юрт ауылын өртеп, 46 қыз-келіншекті тұтқынға түсіреді. Терек өзенінен өтер тұста олар жауға берілгісі келмей, бәрі бірдей суға секіріп, қаза табады. Біз мұны шешен әйелдерінің ерлігі деп білеміз. Бүгінде Қазақстанда ана мен баланың өміріне қатысты барлық жағдай жасалған. Ең бастысы, қорлық пен азапты көп көрген шешен халқы қазақ еліндегі тыныштықтың қадірін жақсы түсінеді, — деп атап өтті Данильбек Әлиұлы.

РФ-ның Орал қаласындағы вице-консулы Юрий Пономарев Қазақстан мен Ресей арасындағы достық қарым-қатынастың тамыры терең екендігіне тоқталып, барша қатысушыларды атаулы күнмен құттықтады. Сондай-ақ биыл «Вайнах» шешен-ингуш этномәдени бірлестігінің 25 жылдығына орай, ұйым төрағасы  Данильбек Саратовқа РФ бас консулдігінің құрмет грамотасын табыс етті.

Шара соңында мерекеге арнайы Ақтөбе қаласынан келген «Вайнах» қоғамының өкілдері өз өнерлерін көрсетіп, меймандарға шешен ұлттық тағамдарынан дәм ұсынды.

Ләззат  ШАҒАТАЙ


«Нәтижесіз шараларды ЖОСПАРҒА ҚОСПАҢДАР…»

Күні: , 809 рет оқылды

DMS_7290


Кеше облыс әкімі жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссия отырысы өтті. Облыс әкімінің орынбасары Бақтияр Мәкеннің төрағалығымен өткен комиссия отырысында мүмкіндігі шектеулі әйелдердің денсаулығын қорғау мәселесі, балалар аула клубтарының  және бірқатар аудандардағы аталмыш комиссияның жұмыстары талқыланды.


Облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Н. Жұмағұлова мүмкіндігі шектеулі әйелдердің ұрпақты болу мәселесіне тоқталды. Облыста бала сүю мүмкіндігі бар жастағы әйелдердің 2,3 пайызы мүгедек жандар екен. Биыл мүмкіндігі шектеулі 19 әйел аман-есен босанған. Басқарма өкілінің айтуынша, бұл санаттағы нәзік жандыларға диагностикалық зерттеу қыз-меттері тегін көрсетілуде.

Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының мәліметінше, мүгедек әйелдер арасында психикалық-жүйке аурулары мен қатерлі ісік алдыңғы орында тұр.

Басқарма өкілінің айтуынша, 2016 жылдың 1 қаңтарынан мүгедектерге мемлекеттік қызметтердің қолжетімділігі мен сапасын жақсарту бойынша «бір терезе» қызметі ұсынылмақ.

Орал қаласы әкімінің орынбасары Марс Сатыбалдиев балалар аула клубтарының отбасы құндылықтарын нығайтудағы рөліне тоқталды. Оның мәліметінше, Орал қаласындағы 17 аула клубы 12 мың баланы түрлі шаралармен қамтыған.

Бөкей ордасы ауданы әкімінің орынбасары Лариса Қайырғалиеваның айтуынша, аталмыш аудандағы шағын және орта бизнес нысандарының 30,7 пайызының тізгінін әйелдер ұстаған. «Жұмыспен қамту – 2020» бағдарламасы аясында соңғы үш жылда 17 әйел жалпы сомасы 25 млн. теңгеге жуық несие алған. Нәтижесінде олар 23 жаңа жұмыс орнын ашқан. Мәселен, Сайқын ауылының тұрғыны Б. Жұмағұлованың сүт өнімдерін шығару цехы аймақтың индустрияландыру жобасына еніп, кәсіпкер 2014 жылы халықтың мейірім-жәрдемге мұқтаж бөлігіне әлеуметтік көмек көрсету бағыты бойынша республикалық «Парыз» байқауының жеңімпазы атанды. Бұл аудандағы мүгедек жандардың 40 пайыздайы – әйелдер. Еңбекке қабілетті 52 әйелдің бүгінде 23-і жұмыспен қамтылған. Аталмыш өңірде «Нарын шуағы» әйелдер қоғамдық бірлестігі жемісті жұмыс жасауда.

Ауданда 388 көп балалы ана бар болса, оның 9-ы – «Батыр  ана», 203-і – «Алтын  алқа», 172-сі – «Күміс алқа» иегерлері. «Ұлттың салтдәстүрін, мәдени мұрасын насихаттау, сақтау, анаға құрмет сезімін арттыру мақсатында осындай батыр аналармен кездесулер өткізіліп тұрады», — дейді   Лариса Тельманқызы.

— Жоспарларға сараптама жасай келе ішінде түкке қажеті жоқ шаралар барын анықтадық. Нәтижесі болмайтын, тиянақсыз шараларды жазудың қажеті жоқ. Нақты іспен айналысып, сынға ұшыраған кемшіліктерді түзеуге ат салысқан дұрыс. Жұмысында олқылық жіберген мекеме өкілдерін комиссия отырысына шақырайық, — деді Бақтияр Мәкен баяндамашыларды тыңдап бол-ған соң.

Күн тәртібіндегі мәселелер бойынша баяндамалар тыңдалған соң облыстық денсаулық сақтау басқармасы, облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармаларына бірлесе жұмыстануға бірқатар тапсырмалар берілді. Орал қаласы, Бөкей ордасы және Зеленов ауданы әкімі жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссиялардың жұмысына оң баға берілді.

Емханалар қоныс аударған аяғы ауыр әйелдер мен келін болып түскен келіншектерді жаңа мекенжайы бойынша бірден тіркеуге алуын, дәрігерлердің қадағалауынсыз қалмауын әкімшіліктерге тапсырды.

Нұрлыбек РАХМАНОВ,

«Орал өңірі»

Суретке түсірген Медет ДОСЫМОВ


БҚО, Орал қаласы, Мұхит көшесі, 57/1
zhaik_presscenter@mail.ru
oral_oniri@inbox.ru
support@oraloniri.kz

Орал өңірі" газетінің бас редакторы: 51-25-80
Бас редактордың орынбасарлары: 24-17-08, 54-18-08
Жауапты хатшы: 54-38-22
Тілшілер: 50-66-88, 51-50-34
Жарнама бөлімі: 51-51-09
Яндекс.Метрика