Мұрағат: 22.10.2015


Аңқатыдағы ат бәйгесі

Күні: , 921 рет оқылды

IMG_6770


Жақында Теректі ауданындағы Аңқаты ауылында Қазақ хандығының 550 жылдығына орай мерекелік іс-шара өтті.


Шара барысында қазақша күрес, кір тасын көтеру, ат жарысы секілді ұлттық ойындар ұйымдастырылды.

Жарыс тай бәйгеден басталды. Ауыздықтарымен алысқан 11 сәйгүлік 5 шақырым қашықтыққа шауып, олардың арасында Аңқаты ауылының тұрғыны Мақсот Ғұмаровтың жүйрігі бірінші келді. Талпын ауылының тұрғыны Темір Кәкімнің Торытөбел атты сәйгүлігі мәре сызығын екінші болып кесті. Жүлделі үшінші орынға Орал қаласынан келген Алмаз Испаевтың Арман деген тұлпары ие болды.

Бұдан соң бес шақырымдық жорға жарысы басталды. Онда үш тұлпар бақ сынасты. Жорға бәйгеде Аңқаты ауылының тұрғыны Серік Ахметовтің Крокодил атты қара торысы топ жарды. Жүйрік жорғалар арасында Талпын ауылының тұрғыны Абзал Теміровтің Ақтанауы екінші болып келсе, Серік Ахметовтің Қара аты үшінші болып жетіп, жүлдегерлер қатарына ілікті. Одан кейін құнан жарысында тоғыз жүйрік 12 шақырым қашықтыққа шауып, бақ таластырды. Бұл жолы Серік Ахметовтің Құлагер атты сәйгүлігі мәре сызығына бі-рінші болып келді. Ал Сүттігенді ауылынан келген Кәкім Есенғалиевтің Биікторы тұлпары екінші, Орал қаласынан сынға түскен Алмаз Еспаевтың Пегас атты сәйгүлігі үшінші орынға ие болды.

Бәйгенің ішіндегі ең қызығы аламан бәйге болды. «Жүзден – жүйрік, мыңнан – тұлпар» демекші, нағыз тұлпар осы 20 шақырымдық аламан бәйгеде анықталды. «Шүу!» деп аттың басын жібергенде, 12 шабандоз қара жолдың бойымен үзеңгілес кеткен еді, екіүш айналымнан кейін шын сәйгүліктер алға суырылып шықты. Тағы да екі-үш айналымнан кейін жүйріктер қатары сиреді. Соңғы айналымдарда аттардың біразы қатардан шығып қалды. Сонымен, бұл жарыста бас жүлде Жайран атты күрең аттың иесі Бозай ауылының тұрғыны Дүйсенғали Қазкеновке бұйырды. Аламан бәйгенің екінші жүлдесі Талпын ауылының тұрғыны Темір Кәкімнің Мираж атты жүйрігіне берілсе, үшінші орынды Аңқаты ауылының тұрғыны Серік Ахметовтің Бес- қасқасы еншіледі.

Светлана ИСМУРЗИЕВА,

Аңқаты ауылының тұрғыны,

Теректі ауданы


Сайқұдықтағы жыр тойы

Күні: , 892 рет оқылды

IMG_9307


Жыр тарланы, қоғам қайраткері Жұбан Молдағалиевтің 95  жылдық мерейтойына орай оның балалық шағы өткен Сайқұдық ауылында үлкен мереке өтті. Мектеп оқушылары арасында «Ұлықтайды Жұбанын туған елі» атты «Жұбан оқуымен» басталған айтулы күнге жиналғандарды аудан әкімі Әділ Жоламанов құттықтады.


Шараға әйгілі өнер зерттеушісі, композитор, Ақжайық ауданының Құрметті азаматы Ілия Жақанов қатысты.

«Жұбан оқуын» аудан әкімінің орынбасары Меңзипа Жұматова ашқан соң қазылар алқасының төрағасы, филология ғылымдарының кандидаты, профессор Серікқали Шарабасов байқаудың жалпы ережелерімен таныстырып шықты.

27 үміткер қатысқан оқудың алғашқы «Өлең қалсын ұрпаққа, өнер қалсын» бөлімінде оқушының жан-жақты поэзияны сүйетіндігі, оны талдай білетіндігі, мәнерлеп оқи алатындығы таразыланды. Ал «Мен балаң жырларыммен жалындаған» атты бөлімінде оқушы өз шығармашылығымен даралануы тиіс болды. Яғни ақындық қабілеті, жыр мазмұнында Ж. Молдағалиев тұлғасын терең суреттеуі таразыға тартылды.

Ж. Молдағалиевтың «Соқ, сағатым» жырын Нұрайна Жауғашты (Қаратөбе ауданы), «Бақыт» өлеңін Назерке Бөпешова (Сырым ауданы), «Түсімде көрдім, анажанын» Есенжан Аманжолов (Ақжайық ауданы), «Туған елге», «Мұғалімін» Паруза Ишанғалиева (Бөкей ордасы ауданы), «Отанын» Арсен Құспанов (Тасқала ауданы), сондай-ақ «Мен қазақ қыздарына қайран қалам» өлеңін Айбарша Лекерова (Шыңғырлау ауданы) келістіре, әдемі оқыды.

Ал өз өлеңдерімен ортаға шыққан Абылайхан Қуанышев (Ақжайық ауданы), Нұрдәулет Жандауов (Қазталов ауданы), Данияр Нысанғалиев (Жаңақала ауданы) көрермендерді елең еткізер төл туындыларымен көзге түсті. Сонымен қатар облыстық көру қабілеті бұзылған балаларға арналған арнаулы мектеп-интернатының оқушылары Дәріс Рысхан, Гүлжанат Тастанбековалар «Жұбан оқуының» белсенді қатысушыларына айналды. Олар ақын еңбегінің табиғатын, мұратын кемеліне келтіре баяндады.

Шара Жұбан Молдағалиев атындағы орта мектеп алдындағы ақын ескерткіші жанында жалғасты.

– Ақиық ақын елімен бірге жасап, осылай мәңгілік тұғыр биігінде қалмақ. Әдебиет әлемі алыптарының бірі оның мұрасынан оқып-үйрену бізге өмірде зор сүйеніш, ерекше сүйініш екені даусыз. Осы мерекеге қатысып Жұбан ағамыздың үлкен жүректі досы, шығармашылдық байланыстағы серіктесі Ілия ағамыздың келуі де біз үшін зор мақтаныш, — деді өз сөзінде аудан әкімі Әділ Жоламанов.

Осыдан соң мектепте құрметті қонақтардың қатысуымен «Жұбан сыныбының» ашылу құрметіне даңқты аталарының өлеңдерін жарыса оқыған жеткіншектер өздерінің ақынға деген ыстық ықыласын танытты. Олардың алдында Ілия Жақанов тебірене сөз сөйледі.

Ауданымызда Жайықтың сол жағалауындағы ауылдардың газдандырыла бастағанына да бірер жылдың жүзі болып қалыпты. Көгілдір отынның игілігін көргендер қатары барған сайын қалыңдауда. Дәл осы күні Сайқұдық ауылына да «ақ түйенің қарны жарылған» ақжарылқап жақсылықтың – газ құбырының жетуіне орай алау жағу құрметі Ілия ағамызға берілді. Облыс, аудан әкімдіктерінің қолдауымен алыс ауылға осындай жан жадыратар жаңалықтың келуіне халықтың ризашылығы шексіз.

Жұбан Молдағалиев атындағы кітапханадан, осындағы ақын бөлмесінен ол ұстаған, тұтынған дүниелерінің бірқатарын көруге болады. Қандай қымбат десеңізші соның бәрі. Көзі тірісінде өз қолымен осы кітапханаға 500 дана  кітап тапсырған. 500-дей оқырманы бар осы ғимарат дәуірдің көп өзгерісін алдымызға тартуда. Зейнеткер, қырағы көзді «ауыл академигі» атанған Әленғали Керейтегі өзінің «Қаратай» кітабының екі данасын осы рухани ордаға тапсырды.

«Жұбан оқуында» үздік деп танылған жасөспірімдерге аудан әкімінің алғысхаты мен бағалы сыйлықтары берілді. Ақын өлеңін мәнерлеп оқудан Есенжан Аманжолов (Ақжайық ауданы) І орын алды. Оған Ілия Жақанов облыстық білім басқармасының дипломы мен аудандық білім бөлімінің сыйлығы – ноутбукты табыстады. Дәл осындай марапаттарға өз шығармашылығымен қол жеткізген Данияр Нысанғалиевке (Жаңақала ауданы) сыйлықты аудан әкімі Әділ Жоламанов тапсырды.

Басқа жүлдегерлердің бәрін ардагер ағалар Ғазиз Хаймулдин, Базарғали Қуатов, Жайсаң Ақбай, Әленғали Керейтегі лайықты өнерлері үшін қошеметтеді. Байқауға қатысқан Альмира Әлмембет (Теректі ауданы) пен Наргиза Молдабаева (Орал қаласы) арнайы жүлдемен марапатталды. Облыстық көру қабілеті бұзылған балаларға арналған арнаулы мектеп-интернат оқушылары Дәріс Рысхан мен Гүлжанат Тастанбековаға сайқұдықтық азаматтар Камал Орынбайұлы мен Асхат Өмірбекұлы қаржылай демеушілік көрсетті. Ал облыстық Ж. Молдағалиев атындағы әмбебап кітапхана директоры Роза Исатаева тасқалалық оқушы Жәңгірхан Мағзомовқа өнердегі жетістігі үшін сыйлық ұсынды.

Облысқа танымал айтыс ақындары, ақжайықтықтар Мейірман Шәкенов пен Болат Өтешов сахнада сөз сайыстырды. Әсем әуез бен ұтқыр ұйқасқа құрылған көріністі айтыста ақиық ақын Жұбанның елге сіңірген еңбегі жан-жақты ашылды. Ауыл өмірінің жаңалықтары да, құрметті қонақ Ілия ағамыз туралы да баяндалды. Оларға аудан әкімінің сыйлықтары берілді.

Салтанаттың шырайын аудан көркемөнерпаздары «Жайықтың ұл-қыздары-ай», «Ғашық болып өтеміз», «Ақжайық өлкем», «Еділ мен Жайық» және басқа әндермен одан әрі асырды.

Тілес ЖАЗЫҚБАЙ,

Ақжайық ауданы

Суреттерді түсірген автор


Орал қаласының әкімі Алтай КӨЛГІНОВ: «Біздің шаһарға қарқынды даму тән»

Күні: , 1 093 рет оқылды

140 колгинов


— Алтай Сейдірұлы, қандай мемлекеттік бағдарламалар Орал қаласы бойынша сәтті жүзеге асуда?

— Елбасының тікелей өзінің ұйытқы болуымен қабылданып, орындалуы бүкіл кең байтақ Қазақстан бойынша күн тәртібіне қойылған мемлекеттік бағдарламалардың қай-қайсысы да мән-маңызы жөнінен бір-бірінен кем түспейтін кешенді стратегиялық сипаттағы іс-шаралар жиынтығы.


Жалпы, кез келген мемлекеттің бәсекеге қабілеттілігі ең алдымен оның экономикалық шама-шарқымен өлшенеді. Ал экономиканың өркендеуі индустриалды-инновациялық ілгерілеумен тығыз байланысты. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың бастамасымен қолға алынған үдемелі индустрияландыру жөніндегі бағдарлама тек жерасты қазба байлықтарына иек артып қана қоймай, өндіру-өңдеу саласын жетілдіруді, шикізаттық емес секторды дамытуды көздейді.

2010-2014 жылдары индустриалды-инновациялық даму бағдарламасы бойынша Орал қаласында жалпы мөлшері 10 млрд. 929 млн. теңгені құрайтын 22 жоба жүзеге асып, 966 жаңа жұмыс орны ашылды. Бағдарлама қазірдің өзінде өз жемісін бере бастады. Осы жобалардың іске қосылуының нәтижесінде мемлекеттік бюджетке 5,2 млрд. теңге көлемінде салық түссе, оның ішінде 1,5 млрд. теңге салық жергілікті бюджеттің «бүйірін бұлтитты». Жаңағы жергілікті қазынаға құйылған салықтық түсімнің 734 млн. теңгесі ағымдағы жылдың алғашқы жартысына тиесілі. Қалада 5 жылда өнеркәсіп өнімінің көлемі 68,5 млрд. теңгеден 106,3 млрд. теңгеге, яғни 34%-ға артты. Мұндай қарқынды негізінен құрылыс индустриясы, агроөнеркәсіптік кешен, машина жасау, металлургия және химия өнеркәсібі қамтамасыз етті.

Ал бүгіндері индустрияландыру картасы аясында Орал қаласы бойынша жалпы құны 11 млрд. 688 млн. теңге болатын 24 инвестициялық жоба жүзеге асырылуда. Мұндай қам-қарекеттің нәтижесінде 1051 жаңа жұмыс орны ашылмақ.

Алдағы бесжылдықта қала дамуындағы басты бағыт индустриалды-инновациялық даму қарқынын еселеу, шикізатқа тәуелділікті шегеру жолында өңдеу өнеркәсібіне қарасты нысандардың бәсекеге қабілеттілігін арттыру болмақ. Осыған байланысты аталмыш бағдарлама бойынша мемлекеттік сатып алулар мен ұлттық холдингтер мен компаниялардың сатып алуларында қазақстандық өнімдердің басымдыққа ие болуын қамтамасыз ету – басты мақсатымыз.

Қала кәсіпкерлері «Бизнестің жол картасы — 2020» бағдарламасының да шарапатын айқын сезінуде. Шағын және орта бизнес нысандарының екінші деңгейлі банктерден алған несиелерінің пайыздық өсімақысын де-меуқаржылау (субсидиялау) мен бизнес объектілеріне инфрақұрылым тарту бойынша 2010-2015 жылдар аралығында облыс орталығында жалпы сомасы 35,1 млрд. теңге болатын 461 жоба аймақтық үйлестіру кеңесінде мақұлданып, нәтижесінде 2205 жаңа жұмыс көзі іске қосылды. Ал биылғы жыл басынан бері шаһарымызда 1,3 млрд. теңгенің 34 жобасы мақұлданып, 21 жұмыс орны ашылды.

Жоғарыда атап өткеніміздей, бұл бағдарламалардың негізгі нысанасы – өндірісті өркендету, өңдеу-өндіру саласын дамыту. Сол арқылы халықтың әл-ауқатын жақсарту, жұмыссыздықты азайту. Әрбір жобаның артында тек белгілі бір кәсіпкердің ғана әулеті мен дәулеті тұрған жоқ, сол кәсіпорында еңбек ететін ондаған, жүздеген жұмысшының тағдыры мен табысы тұр. Аталған бағ-дарламалардың жемісті жүзеге асуы жұмыссыздықпен күрес көрсеткіштерін де жақсарта түсуде.

DMS_7027

Мәселен, биылғы 9 айда қалалық жұмыспен қамту бөліміне жұмыс мәселесімен 5274 адам жолығып, солардың 5184-і жұмыссыз деп танылды. Жыл басынан бері 2969 адам жұмысқа орналасты, соның ішінде тұрақты жұмысқа 1143, жастар практикасына 395, әлеуметтік жұмыс орындарына 131 оралдық орналасып, қоғамдық жұмыстарға 1300 қала тұрғыны жолданды, 117 адам оқуға жіберілді. Нәтижесінде күні бүгін облыс орталығында жұмыссыз ретінде есепке тіркелген азаматтар саны 983, яғни жұмыссыздық деңгейі 0,7 пайызға төмендеді.

Енді «Жұмыспен қамту жол картасы — 2020» бағдарламасының екінші бағыты, яғни жеңілдетілген несие беру жайына келсек, қаламызға бұл мақсатқа қаржы үш жыл қатарынан бөлінуде. 2013 жылы 12 адам 28 млн. теңгеге қол жеткізсе, былтыр 29 адамға 80 млн. теңгенің несиесі берілді. Биыл 25 жобаға 68 млн. теңге несие бөлінді. Олардың ішінде өз ісін ашуға ниеттенген жұмыссыздар да, кәсібімнің көкжиегін кеңейтсем деген кәсіпкерлер де бар. Нәтижесінде 42 жаңа жұмыс орны іске қосылмақ. Жобалардың жартысына жуығы тауар өндірісі болса, 7 азамат ауыл шаруашылығы бағытында, бесеуі халыққа қызмет көрсету саласында, ал 1 қала тұрғыны жолаушы тасымалдау саласында қызмет көрсетпекке талаптанып отыр. Бұл жерде ескерте кетері, несиені қала аумағына қарасты Круглоозерный және Зашаған кенттерінің, Желаев ауылдық округі мен Деркөл шағынауданының тұрғындары ғана ала алады.

«Агробизнес — 2020» бағдарламасы да ырыздығын жерден іздеген шаруаларға шарапатын тигізуде. Қалаға қарасты 42,3 мың гектар ауыл шаруашылығы мақсаттағы жерде (оның 21,9 мыңы – егістік, 2,2 мыңы – шабындық, 9,6 мыңы – жайылым) 58 ауыл шаруашылығы құрылымы еңбек етеді. Биыл 1088 га алқапқа күздік бидай, 5049 гектарға жаздық бидай, 1245 гектарға арпа егілген болатын. Егін шаруашылығын әртараптандыру бағытында 2109 гектарға майлы дақылдар себілді. Өкінішке орай, қуаңшылықтың кесірінен диқандар жақсы өнім ала алмады. Бірақ егіс өнімділігі мен өнім сапасын арттыруға және жанар-жағармай бағасын арзандатуға берілетін де-меуқаржы олардың шығынының белгілі бөлігін ақтауға септігін тигізді. Қала бойынша диқандарға 30 млн. теңгеден астам демеуқаржы төленді. Ал картоп дақылынан биыл шаруалар жақсы өнім алды. 11285 гектардан 17347 тонна картоп жиналса, өнімділігі гектарына 135 центнерді құрады. 870 гектардан 11645 тонна көкөніс, 50 гектардан 975 тонна бақша өнімдері қоймаға құйылды.

Мал шаруашылығында да оң көрсеткіштер тән. Қала бойынша мүйізді ірі қара саны 103,2% өсіп, 3771 басқа жетсе, қой-ешкі 3970 бас, жылқы 226 басқа көбейген. Құс саны 108,1% артып, 353 мыңнан асты. «Агробизнес — 2020» бағдарламасы бойынша мал шаруашылығында өнім өндіру мен өткізуге берілетін субсидияның басым бөлігі де осы салаға тиесілі. Мәселен, «Орал құс фабрикасы» ЖШС-ға жұмыртқа өндіргені үшін 148 млн. теңге демеуқаржы (субсидия) төленді.

Ал «Өңірлерді дамыту — 2020» бағдарламасына келсек, өздеріңізге мәлім, бұл – биыл қолға алынған бағдарлама. Бірақ жаңа емес, бұрыннан бар «Қолжетімді баспана», «Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғырту», «Өңірлерді дамыту», «Ақбұлақ», «Моноқалаларды дамыту» секілді 5 бағдарлама «Өңірлерді дамыту — 2020» аясына біріктірілген. Бағдарламаның соңғы екі бағыты ауыл-аудандарды қамтитындықтан, Орал қаласында ол жұмыстар жүргізіліп жатқан жоқ.

— Қаладағы құрылыс қарқыны қалай? Биыл қанша тұрғын баспаналы болады? Қаржылық дағдарыс қала құрылысына қолбайлау болмас па екен?

— «Өңірлерді дамыту» бағдарламасының бір тармағы болып табылатын «Қолжетімді баспана» қолға алынғалы бері 2011-2014 жылдары Орал шаһарында жалпы аумағы 197,4 мың шаршы метрді құрайтын 3027 пәтер пайдалануға берілген екен. Қоныстойын тойлағандардың арасында «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің» салымшылары да, жас отбасылар да, тұрғын үй кезегінде тұрған баспанаға мұқтаж жандар да бар. Бұдан бұрын да айтылып жүргендей, бүгінде қалада 15 мыңнан астам адам пәтер кезегіне тіркелген. Өткен жылы кезектегілерге 225 пәтер, соның ішінде 40 пәтер балалар үйінің түлектеріне берілсе, биыл кезектегілерге 381 пәтер, соның ішінде 30 пәтер балалар үйінің түлектері мен ата-анасыз өскен жастарға бөлінді. Жалпы алғанда, осы жылы 38,8 мың шаршы метр тұрғын үй тапсырылып, 631 пәтер пайдалануға берілді. Бұл салаға биыл 3 млрд. 600 млн. теңгедей қаржы қаралған. Оның 1 млрд. 750 млн. теңгесі республикалық бюджеттен, ал 1 млрд. 840 млн. теңгесі ұлттық қордан бөлінген.

Күні бүгін облыс орталығында жалпы аумағы 51,3 мың шаршы метрді құрайтын 7 көпқабатты үйдің құрылысы жүріп жатыр. 90 пәтерлік 5 қабатты 2 үй және 180 пәтерлік 9 қабатты 1 үй жас отбасыларға, 180 пәтерлік 1 үй кезекте тұрғандарға арналған. 144,72, және 90 пәтерлік 3 үй «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің» салымшыларына деп салынуда. Өздеріңіз білесіздер, өткен жылдан бастап тұрғын үй кезегін азайту мақсатында бағдарламаға енгізілген өзгеріске сәйкес банк салымшыларына арналған пәтерлердің жартысы кезекте тұрғандарға берілуде. Яғни баспанаға мұқтаж жандардың арасынан ҰОС ардагерлері мен мүгедектерден басқа санаттағылар төлем қабілетін растаған жағдайда жылдар бойы кезек күтпей-ақ, жайлы пәтерге қол жеткізе алады.

Жаңа айтып кеттік қой, биыл қалада 7 үй бой көтеріп жатқанын. Жыл аяғына дейін соның ішінде ке-зектегілерге арналған 180 пәтерлік 9 қабатты үй мен «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің» салымшыларына арналған 72 және 90 пәтерлік екі үй тапсырылады. Ал жас отбасыларға арналған 90 пәтерлік екі үйдің берілу мерзімі қаржының кеш бөлінуіне байланысты келер жылға ұзартылды. Шыны керек, қаржылық қиындықтар құрылыс саласына да көлеңкесін түсірмей қалған жоқ. Біз өз тарапымыздан қаржы көзін іздестіріп, бұл үйлерді тездетіп тапсыруға жұмыстанудамыз. Сондай-ақ биыл қалада «Бәйтерек» ұлттық басқару холдингі арқылы 100 пәтерлік 5 үйдің құрылысы басталады. Күні бүгін тендер өтіп, мердігерлер анықталды. Кезекте тұрғандар мен жас жанұяларға арналған бұл үйлердің құрылысына «Нұрлы жол» бағдарламасы бойынша 3 млрд. теңгеден астам қаржы бөлініп отыр.

Ал тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғырту бағдарламасына келсек, бұл бағдарлама елімізде 2011 жылы басталды. Негізгі мақсат тұрғын үй қорын күтіп ұстау, ескі үйлерді апатты жағдайға жеткізбей жөндеп-жаңғырту болатын. Осы 5 жыл ішінде Орал қаласы бойынша 602 млн. теңге бөлініп, 67 үй жөндеуден өтті. 2011 жылы 25 тұрғын үй, 2012 жылы 21 үйдің шатыры, инженерлік желілері жаңартылды, жеделсатылары ауыстырылды. 2013 жы-лы бұл мақсатқа қалаға қаржы қарастырылған жоқ. Былтыр 13 үй күрделі жөнделсе, соның үшеуіне қатысты лифтілер жаңартылды. Биыл 6 үйде жөндеу жұмыстары жүргізілді, 2 үйдің жеделсатысы алмастырылды. Күні бүгін жоспарланған жұмыстар толықтай аяқталды.

«Көш жүре түзеледі» демекші, жаңа бағдарлама болғандықтан, бастапқы жылдары кейбір кемшіліктердің орын алғаны рас. Мердігерлердің салғырттығынан құрылыс сапасы да кейбір нысандарда сын көтермеді. Қаржының қайтарылуы да мардымсыз болды. Біз осы олқылықтарды жоюға күш салдық. Нәтижесі жоқ емес. Мәселен, 2012 жылы бағдарламаға қатысушылар тарапынан қаржының қайтарылуы небәрі 25% болса, қазір бұл көрсеткіш 70 пайызды құрайды. Бастысы, тұрғындар тозығы жеткен ортақ баспананы жөндеудің бірден-бір жолы осы бағдарлама екенін түсінді.

— Алтай Сейдірұлы, биыл қалаішілік жолдар мен көпірлерді жөндеу, жаңартып-жаңғырту бағытында ауқымды жұмыстар қолға алынғандығы мәлім. Орал әуежайының ұшып-қону жолағы күрделі жөндеуден соң жуырда пайдалануға берілді. Осы жұмыстар және таяу келешекте қолға алынар Оралдың инфрақұрылымын жетілдіруге қатысты ірі жоба-жоспарлар жөнінде айтып өтсеңіз.

— Біздің облыс орталығына тиесілі 581 шақырым автожол атаулының тек 49 пайызына ғана асфальт төселген. Осы асфальт жолдардың өзінің жартысы тозығы жеткен, жедел жөндеуді талап етеді. Әрі облыс орталығы, әрі еліміздің батыс қақпасы болып есептелетін Орал қаласы үшін, әрине, бұл көңіл көншітерлік көрсеткіш емес. Бұл мәселеге осыдан екі жыл бұрын жұмыс сапары барысында еліміздің Президенті де ерекше назар аударды, нақты тапсырмалар берді. Міне, содан бері Елбасының өңірлердегі инфрақұрылымды дамыту туралы тапсырмасына сәйкес қаламызда ауыз толтырып айтарлықтай жұмыстар жасалды. 2014 жылы шаһарымызда осы мақсатқа 4,9 млрд. теңге бөлінді, ал 2013 жылғы көрсеткіш 2,2 млрд., 2012 жылы 1,1 млрд. теңге, 2011 жылы небәрі 585 млн. теңге болатын. Статис-тикалық деректерді сараптасақ, соңғы 5 жылда жол жөндеуге қаралған қаржы 8 есе артқанын байқаймыз. Биыл да жол құрылысына 3,6 млрд. теңге бөлініп, 16 көшенің жалпы ұзындығы 26 шақырымды құрайтын жолы жөнделуде. Оның 13-і өткен жылдан биылға ауысқан нысандар болса, Достық даңғылы, Мұстахым Ықсанов атындағы көше және 7-9-шағынаудандар арасындағы көшені жөндеу биыл басталды. Кесте бойынша кейінгі аталғандарының құрылысын аяқтау келер жылдың еншісінде. Ал былтырдан қалған жолдар биыл бітеді деп жоспарлап отырмыз.

Ауқымды істердің арасында қала инфрақұрылымы үшін аса маңызды жобалар — көпірлерді жөндеу жайына ерекше тоқтала кеткен жөн. Қаладан әуежайға барар жолдағы Жайық өзені үстінен тартылған көпірдің асфальт жамылғысын жөндеу жұмыстары жазда жүргізілді. Әу баста 9 деформациялық қоспаның бесеуін ғана жөндеу көзделсе, тозығы жетуіне байланысты жөндеу барысында бәрі де жаңартылды. Одан соң Деркөлге барар жолдағы Шаған өзені арқылы өтетін көпірді күрделі жөндеу басталды. Салынғаннан бергі 35 жыл ішінде бірде-бір жөнделмеген көпірдің мүшкіл халі жүргізушілердің сынына жиі ұшырайтын. Әрине, тұрғындардың алаңдаушылығы орынсыз емес. Жөндеу жұмыстары жоспарланған 3 ай жарым уақыттан 1 айға ерте бітеді, қазанның үшінші онкүндігінде көпір ашылады деп отырмыз. Құрылыс барысында резина тірек бөліктері алмастырылып, арқалық тіреулері жөнделді, көпірдің үсті арматурамен шегенделіп, бетон құйылды, плиталар ауыстырылды, содан кейін барып асфальт төселді. Бір сөзбен айтқанда, көпір адам танымастай өзгерді. Бұл жерде бас мердігер «Алматыинжстрой» АҚ мен қосалқы мердігер «Уральскводстрой» мекемесінің жұмысын ерекше атап өткен абзал. Әрине, бұл жұмыстардың барлығы да облыс басшылығының қолдауымен, мәслихат депутатта-рының атқарушы билікпен ынтымақты жұмыс істеуінің нәтижесінде мүмкін болды.

Болашақта Депо ауданындағы теміржол үстінен керілген көпірді де жаңғыртып-жаңалау ойымызда. Енсіздігінің кесірінен бұл көпірдің өткізу мүмкіндігі төмен, жұмысқа барар-қайтар мезгілде осы маңда, өкінішке қарай, көлік кептелісі күнделікті қайталануда. Қазір жаңа көпірдің жоба-сметалық құжаттары әзірленді, ол 4 жолақты болады. Көпір мен оған түсіп-шығар жолдарды есептегенде шамамен құрылысқа 2, 3 млрд. теңге қажет. Келер жылы қаржы-қаражаттан мүмкіндік болса, құрылысты бастайтын боламыз.

Тағы бір мәселе, кейде ақпарат құралдарында неге ана көше жөнделмейді, неге мына көше жөнделеді деген сияқты ұшқары пікірлер қылаң беріп қалады. Кім-кімнің де өзі мекендейтін аудандағы, өзі жүретін кө-шенің алдымен жөнделгенін қалайтыны түсінікті. Бірақ бұл жерде жамылғыны әркім өзіне тартудың қажеті жоқ. Ел-жұрттың ұсыныстарын ескере отырып, қай көшенің бірінші кезекте жөнделетіндігін қала әкімдігі мәслихат депутаттарымен бірлесе белгілейді. Алдымен халық та, қоғамдық көлік те жиі жүретін, орталық көшелерді қолға алуымыз қажет. Содан кейін басқа көшелерге де кезек тиеді. Өздеріңізге мәлім, біз соңғы жылдары қалаға кірер-шығар жолдарды жөндедік. Былтыр Тасқала және Желаев жақтан кірер жолдарды тегістесек, биыл әуежай жақ пен Деркөл жақтың жолын түзедік. Атырау мен Самара бағытындағы жолдар бұрыннан бар. «Театр киім ілгіштен басталады» демекші, біздің шаһарымыз туралы қала қонақтарының оң пікірі қалаға кіріп келе жатқанда қалыптасады. Еліміздің батыс қақпасы болғандықтан, алдымен шаһарға кірер жолдар мен орталық көшелер тақтайдай тегіс, оқтаудай түзу болуы керек деп санаймын.

— Биылғы жол-көпір жөндеу жұмыстарына атсалысқан мекеме-кәсіпорындардың қайсысы өз міндетін мінсіз атқарды, қайсысы шабандық танытты?

— Жөндеу жұмыстары түбегейлі бітпей жатып, жыл аяқталмай тұрып кесімді пікір айту қисынсыз шығар. Бірақ былтырдан бері жол құрылысына қатысқан мекемелердің ішінде «Уральскводстрой» АҚ, «Юнисерф» ЖШС жұмыстарды сапалы әрі уақтылы орындауымен ерекшеленді деп айта аламын. «Алматыинжстрой» АҚ, «Азиятехстрой» ЖШС да сенім үдесінен шығуға тырысып жүр. Өкінішке қарай, аттарын атамай-ақ қояйын, көтере алмайтын шоқпарды беліне байлап жүргендер де жоқ емес. Мойынға алған міндеттемелерін орындамай, жұмысына жүрдім-бардым қарағандардың бірнешеуін біз сотқа да бердік. Болашақта да ондай қырсыз компаниялармен әңгіме басқаша болады.

— Оралдың орталық бөлігінің өзінде басталып, бітпей тұрған «сақалды» құрылыстар баршылық. Мысалы, облыстық ІІД маңындағы нысан, «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалының айналасындағы көпқабатты тұрғын үй, Құрманғазы көшесіндегі өрттен кейін әлі қалпына келтірілмеген сауда-саттық ғимараты және т.б. нысандар қаланың көркін қашырып тұрғаны шындық. Бұл мәселені қалай шешуге болады деп ойлайсыз?

— Сіз айтып өткен сақалды құрылыстар мен қаланың көркін алып тұрған өзге ғимараттардың жайы, әрине, бізді бейжай қалдырмайды. Алайда олардың бәрі де жеке меншіктегі нысандар. Сол себепті қаңтарылған құрылысты күштеп жүргізіп, мәжбүрлеп жөндете алмаймыз. Мәселен, «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалының жанындағы ғимаратты алсақ, орталық алаңның архитектуралық ансамбліне мүлдем үйлеспейтін құрылысты ол жерге орналастыруға кезінде қалай жол берілді, мен үшін жұмбақ. Ал ІІД қасындағы ғимарат қазір банкте кепілде тұр. Сөйте тұра біз осындай нысандардың тағдырын түбегейлі айқындау бағытында жұмыстанудамыз. Өрттен кейін күйелеш күйінде қалған «Дом быта» сауда үйінің иесіне біз ғимаратты қалпына келтіру жөнінде шарт қойдық. Ол кәсіпкер жаңа ғимараттың эскизін көрсетті, ол жоба қала құрылысы кеңесінде қаралып, мақұлданды. Болашақта ол жерде бизнес орталық бой көтеретін болады. Басқа да қала көркіне нұқсан келтіріп, азып-тозып тұрған нысандар бойынша заң аясында тиісті шаралар алатын боламыз.

— Алтай Сейдірұлы, Орал қаласының бас жоспары бекітілді. Осыған орай шаһардың аумағы қаншалықты өзгереді?

— Сәл шегініс жасап, өткенге көз салсақ, қаланың алғашқы бас жоспары 1969 жылы жасалған екен. Сонан кейінгі бас жоспар 1985 жылы қабылданса, ал үшінші бас жоспар 2002 жылы жасақталып, 2005 жылдың 10 ақпанында Үкімет қаулысымен бекітілген, 2015 жылға дейін есептелген. Өздеріңіз білесіздер, Оралдың тұрғындарының саны жылдан-жылға көбейе түсуде. Оған табиғи өсіммен қатар, ішкі миграция да әсер етуде. Мысалы, 2004 жылы Орал халқының саны 227 мың адам болса, 10 жылдың ішінде бұл көрсеткіш 24%-ға артып, бүгінде 300 мыңға жуықтады. 2030 жылға қарай қала халқы 350 мыңға жетпек. Жалпы, Орал қаласы өңірдің стратегиялық тірек аумағы болып табылатындықтан, мұнда негізгі өндірістік, сервистік, демографиялық, кадрлық және инновациялық әлеует шоғырланған. Біздің шаһарға қарқынды даму тән. Байырғы Орал еліміздегі қарқынды дамып келе жатқан қалалардың қатарында. Осындай факторлардың барлығын ескере отырып, облыс орталығының болашақ дамуын, жаңа ықшамаудандар мен өзге де құрылыс нысандарының орнын, халық санына сәйкес инженерлік инфрақұрылымды жоспарлау қажеттілігі туды. Қаланың 2010 жылы бастап жасақталған жаңа бас жоспары былтыр қараша айында облыстық мәслихат сессиясында талқыланып, депутаттар тарапынан қолдау тапты. Өткен жылғы желтоқсанның тоғызында бұл құжат үкімет деңгейінде қаралып, бекітілді.

Бас жоспарға сәйкес Орал қаласы келешекте солтүстік-шығыс және оңтүстік-батысқа қарай қанат жаяды деп жоспарлап отырмыз. Солтүстік-шығыста Әбілхайыр хан атындағы көше солтүстікке қарай ұзарады. Осы көшенің бойына көпқабатты үйлер бой көтерсе, оңтүстік-батыста Деркөл шағынауданы мен Зашаған кентінде құрылыс қарқын алады. Тарихи-сәулеттік мән-маңызы бар байырғы ғимараттарды сақтай отырып, тозығы жеткен ескі үйлердің орнына жаңасын салу, экологияға зиян-залалы тиетін өндіріс ошақтарын қала сыртына шығару да бас жоспарда көрініс тапқан. Жұрт жұмысқа баратын, қызметтен қайтатын уақыттарда қала көшелерінде көлік кептелісі, өкінішке қарай, үйреншікті көрініске айналып барады. Мұны болдырмас үшін бірнеше айналма жол салу жайын бас жоспарға енгіздік. Қаланың сыртында көлік-логистикалық орталықтар салынады. Сонда транзиттік көліктер шаһарға кірмей, орағытып өтетін болады. Сонымен қатар 5 көпір салу көзделген. Оның үшеуі Шаған, екеуі Жайық өзені арқылы. Бұл жұмыстар, әрине, бір-екі жылдың шаруасы емес, алдағы онжылдықтардың еншісіндегі дүние. Облыс орталығының ғасырдың ортасына дейінгі даму тұ-жырымдамасында осыны ескердік.

Сұхбаттасқан Бауыржан ҒҰБАЙДУЛЛИН,

 «Орал өңірі»


Қазталов пен Бөрлі ауданы КӨШ БАСЫНДА

Күні: , 836 рет оқылды

IMG_4721


Сейсенбі күні «Нұр Отан» партиясының  мәжіліс залында «Үздік бастауыш партия ұйымы» облыстық байқауының қорытындысы шығарылды.


Үздік БПҰ анықтау және олардың жұмыс тәжірибесін елдің барлық аймақтарында тарату, партиялық және сайланбалы қызметтерге ұсыну мақсатында білікті және белсенді БПҰ төрағаларынан партиялық кадрлардың резервін қалыптастыру, партия жұмысына қоғамдастықтың назарын аудару мақсатында өткен байқау аудан-дық деңгейде тамыз-қыркүйек айларында басталған болатын. Жүзден жүйрік іріктеліп, облыстық байқауға құрамында 100-ге дейін партия мүшесі бар – 13, 100-500-ге дейінгі партия мүшесі бар 13 бастауыш ұйым қатысты. Байқауға бейнебайланыс арқылы Астанадан «Нұр Отан» партиясы орталық аппаратының ұйымдастыру-бақылау бөлімінің инспекторы Жанар Машенова қатысып, бастауыш ұйым төрағаларымен сөйлесіп, ұйым жұмысымен танысты.

Байқаудың қорытындысында құрамында 100-ге дейін партия мүшесі бар БПҰ бойынша І орын Бөрлі ауданының “Отан №6” БПҰ-ға бұйырды. ІІ орынға Жаңақала ауданының “Мәстексай” БПҰ, ІІІ орынға Орал қаласынан “Қазақтелеком” БПҰ ие болды. Байқаудың екінші санаты: құрамында 100-ден 500-ге дейінгі партия мүшесі бар БПҰ бойынша І орын Қазталов аудандық “Қошанкөл” БПҰ-ға берілді. Ақжайық ауданы “Мерей” БПҰ ІІ орынға, Жәнібек ауданы “Ақоба” БПҰ ІІІ орынға табан тіреді. Барлық жеңімпаздарға арнайы сыйлықтар мен дипломдар берілді.

Байқаудың үшінші кезеңі Астана қаласында партияның орталық аппаратында өтеді. Оған І орындарды иеленген Бөрлі ауданының “Отан №6”, Қазталов аудандық “Қошанкөл” БПҰ-лары қатысады. Республикалық деңгейде жеңімпаз атанған бастауыш ұйымға 1 млн. теңге сыйақы тағайындалған.

Облыста 261 партия ұйымы бар. Партияның жұмысын төменнен нығайту мақсатында үстіміздегі жылы аудандағы барлық бастауыш ұйымға қосымша бір, ал Теректі, Бөрлі, Зеленов, Ақжайық, Қазталов аудандарына екі штат берілді.

— Партияның 13 партиялық жобасы бойынша облыста көптеген жұмыстар атқарылуда. «Ардагерлерді ардақтайық»», «Бақытты отбасы», «Стоп, қылмыс!», «Кедергісіз келешек», «Біздің ауыл», тағы да басқа жобалар бастауыш ұйымдардан бастап іске асуда. Байқауда бастауыш партия ұйымдары жақсы нәтиже көрсетті. Жүлделі орындар ұйымдардың жыл бойы атқарған жұмыстары бойынша берілді, — деді «Нұр Отан» партиясы БҚО филиалы төрағасының бірінші орынбасары Серік Сүлеймен.

Ұлдай САРИЕВА,

«Орал өңірі»


Пробация – СОТТАЛҒАНДАРДЫ ТӘРБИЕЛЕУ

Күні: , 924 рет оқылды

3 Su asmens tapatybes itaisu probuojamasis asmuo gali gyventi visaverti gyvenima


Тәуелсіздік алған алғашқы күннен бастап, еліміздің құқық қорғау құрылымдары өзге дамыған елдермен тәжірибе алмасып, қылмыстық жаза қолдануды жүйелендіруде.


Тәжірибе алмасудың негізгі бағыты сотталған азаматты қоғамнан оқшаулауға байланысты емес жаза түрін орындау болып отыр. Бұл жаза түрін қадағалауды ҚР Ішкі істер министрлігі ҚАЖК жүзеге асырады. Қоғамнан оқшаулауға байланысты емес жаза түрлері – шартты соттау, бас бостандығын шектеу жазалары. Бүгінгі таңда БҚО Орал қаласы пробация қызметі есебінде 600-ден астам сотталғандар тұр. Олардың көбі қылмыстың көп таралған түрлері — алаяқтық, ұрлық, тонау, есірткі заттарын заңсыз сақтау, көлік жүргізу құқығынан айырылғандар. Оларды қылмысқа итермелейтін факторларға тұрақты жұмыстың болмауы, өмір қиындықтарына бейімделе алмаушылық, маскүнемдік және т.б. қоғамға жат құбылыстардың етек алуы әсер етуде.  2015 жыл ішінде бірен-саран сотталғандар жаза өтеу мерзімі кезінде қайталап қылмыс жасауға ұрынды. ҚР Ішкі істер министрлігінің 2014 жылғы 14 тамыздағы №511 бұйрығына сәйкес пробация қызметі сотталғандардың мінез-құлқын бақылауды жүзеге асырады. Сотталғандармен, олардың туыстарымен және оларға ықпал жасай алатын адамдармен тәрбиелік мағынада әңгімелер, ІІО-ның қызметкерлермен бірлесе отырып қайта қылмыс жасауды болдырмау және қылмыстың алдын алу профилактикалық іс-шараларын жүргізеді. Сонымен қатар жаза өтеу мерзімі кезінде сотталғандар әкімшілік құқықбұзушылық жасаса, жаза өтеуден бой тасаласа, заңды талаптарға бағынбаса, сотталған адамның тәртібіне бақы-лауды жүзеге асыратын орган қызметкерлерін қорлаған не оларға қатысты зорлық іс-әрекеттер жасаймын деп қорқытқан жағдайда оның шартты сотталу жазасының күші жойылып, бас бостандығынан айырылады. Мысалға, биыл Орал қалалық сотының үкімі бойынша әкімшілік құқықбұзушылық жасағандары үшін 15 шартты сотталғанның сынақ мерзімі ұзартылды, 40 сотталушы бас бостандығынан айырылды.

«Жаңылмайтын жақ, сүрінбейтін тұяқ жоқ» екені белгілі. Біздің елімізде сүрініп кетіп, бүлініп жүрген осындай тағдыр иелерінің қалыпты өмір сүруіне барлық жағдай қарастырылуда. Тек әрі қарай түзу жолға түсіп, өз отбасыларының тыныштығын сақтап, балаларының қасынан табылуға ниеттенсе, құба-құп.

Берік БАЙЗАҚОВ,

Орал қалалық пробация қызметінің инспекторы, әділет аға лейтенанты


422 жол ережесін бұзу анықталды

Күні: , 862 рет оқылды

1600x1200_93538_[www.ArtFile.ru]


Қазанның 14-16-сы күндері аралығында республика аумағында жолаушылар көлігінің қатысуымен жол-көлік оқиғаларының алдын алу мақсатында «Автобус» жедел-профилактикалық іс-шарасы өтті.  Нәтижесінде облыс бойынша  422 жол-қозғалыс ережесін бұзушылық анықталды.


Еңбек және демалыс режимін сақтамағаны үшін 5 әкімшілік материал, алдын ала және кезең-кезеңмен, оның ішінде рейс алдында жүргізушінің медициналық тексеруден өтпегені үшін 6 материал толтырылды. Заңсыз қайта жабдықталған 20 автобус, жолаушылар мен жүкті тиісті құжаттарсыз тасымалдағаны үшін 50 қоғамдық көлік және сақтандыру полисінсіз көлік айдағаны үшін 41 жүргізуші әкімшілік жауапкершілікке тартылды. 36 жүргізуші мемлекеттік немесе міндетті техникалық тексерістен өтпегені үшін ұсталды. Сондай-ақ қоғамдық көлік жүргізушілерінің жол үстінде телефон қолдануы, маневрлеу ережесін бұзуы, көлікті қатты айдауға жол бергені анықталды. Шара аясында автожолдарда ішкі істер органдары берген функцияларға сәйкес жолаушыларды тасымалдау кезінде талаптарды сақтау бойынша бақылау күшейтілді. Полиция қызметкерлері заңсыз қайта жабдықталған автобустарды, сондай-ақ техникалық жағдайы жол қозғалысы қауіпсіздігінің талаптарына сәйкес келмейтін автобустар мен таксилерді пайдалануға тыйым салды.

 Зағипа ІЛИЯС


Жеке мал иесіне ТАПТЫРМАС МҮМКІНДІК

Күні: , 937 рет оқылды

tradeb


Газетіміздің өткен санында облыс әкімінің орынбасары Бақтияр Мәкеннің төрағалығымен оздырылған құқықбұзушылықтың алдын алу жөніндегі ведомоствоаралық комиссияның отырысы туралы мақала жарық көрді. Сол отырыстың барысында облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Наурызбай Қарағойшин бұған дейін шаруа қожалықтарына ғана беріліп келген демеуқаржыны жеке иелігінде азды-көпті ірі қара мал ұстайтын қарапайым тұрғындардың алуына да оңтайлы мүмкіндік туғанын мәлімдеген еді. Біз осы тақырып бойынша басқарма басшысының орынбасарына арнайы жолықтық. Ол ірі қарасы бар жеке тұрғындар үшін мемлекет тарапынан берілетін қайтарусыз демеуқаржыға ие болудың жолын төмендегіше түсіндірді.


Соңғы біраз жылдан бері Елбасы тапсырмасы бойынша Үкімет жалпы ауыл шаруашылығына, соның ішінде мал шаруашылығын дамытуға айрықша қолдау білдіріп келеді. Атап айтар болсақ, мал, өсімдік шаруашылығына қайтарымсыз демеуқаржы, техника алуға жасалып жатқан жеңілдіктер. Бірақ бұл қолдау қаржылардың барлығы ауыл шаруашылығымен айналысатын шаруа қожалықтарына берілді. Жеке қорасындағы азын-шоғын ірі қара малын иеленген жалпы қарапайым халық жоғарыда айтылған игіліктерді пайдалана алмады. Бұл мәселені облыстық мәслихат депутаттары да қозғады. Жалпы алғанда, облыс халқының тең жартысы ауылда тұрады. Олардың басым бөлігінің күнкөрісі — мал шаруашылығы. Соңғы есеп бойынша облыстағы төрт түліктің 50 пайызға жуығы — жекенің қолында. Ауыл шаруашылығын дамытуға арналған жобалардың бәрі «Агробизнес — 2020» бағдарламасы арқылы жүзеге асырылады. 2014 жылы облысымыздың мал шаруашылығы үшін бюджеттен 2 миллиард 253 миллион теңге қаражат бөлінген болса, биыл бұл қаржының көлемі бірден 46 пайызға артты. Елбасы «Нұрлы жол» бағдарламасын қабылдаған кезде әлемде болып жатқан дағдарысқа байланысты кейбір қиыншылықтардың алдын алу мақсатында Ұлттық қордан еліміздің мал шаруашылығына 11 миллиард теңге қосымша қаржы бөлді. Соның 22 пайызы тұтастай бір ғана біздің облыстың мал шаруашылығы саласына бағытталды. Нәтижесінде жоғарыда айтып өткеніміздей, аталмыш саладағы биылғы бюджет көлемі былтырғымен салыс-тырғанда 46 пайызға артып шыға келді. Шаруа қожалықтары әуелден бекітілген жүйе бойынша осы қаржыдан тиісінше алуға мүмкіндіктері бар. Ал жеке малына иелік ететін қарапайым халық Үкіметтің бұл қолдауына қалай қол жеткізе алады? Бұл мәселе облыс әкімдігінде жеткілікті деңгейде талқыланып шешілді. Және ол туралы барлық ауылдық округке хабарланды.

Енді мәселенің мәнісін түсіндірейік. Ауылдық округ немесе елді мекендегі азды-көпті жеке ірі қарасына иелік етуші қарапайым тұрғындар бірігіп, селолық тұтыну кооперативін құруы шарт. Селолық тұтыну кооперативі заңды тұлға ретінде әділет департаментінде тіркеліп, өз мәртебесін алады. Оны шартты түрде ЖШС немесе біртұтас шаруа қожалығы түріндегі ұжым деп ұғуға болады. Ол ұжымды құрайтын ауылдағы ірі қарасы бар тұрғындар. Олар ұжым құрамына енуі үшін өз иелігіндегі ірі қараның аналық санын көрсетіп, арнайы арыз жазады. Тұрғындардың әрқайсысы осылайша құрылған ұйымның тең құқылы құрылтайшылары ретінде есептеледі. Сондықтан өздері құрған ұйыммен еркін түрдегі келісімшартын жасайды. Бір айта кетерлігі, жеке мал иелерінің бұл ұйымға кіру-кірмеуі өз еріктерінде болады. Селолық тұтыну кооперативі заңды тұлға ретінде жеке сипатта құрылғандықтан, оған ауылдық округ әкімі немесе өзге де жергілікті атқарушы орган қызметкерлері төраға ретінде тағайындала алмайды. Тек халыққа осы саясатты түсіндіріп, ба-сын біріктіріп, ұйымдастырумен ғана айналыса алады.

Осылайша селолық тұтынушылар кооперативін (әрі қарай СТК) құрғанда табатынымыз не?

Жеке мал өсіруші Үкіметтің тегін қайтарусыз қаржылай қолдауына ие болады. Соның есебінен ауылдық жерде толық шешілмей келе жатқан жеке меншік малдың жайылу маусымындағы бағымын мал иелерінен ақша жинамай, тегін түрде ұйымдастыруға болады. Мал есебінің нақты саны жүргізілгендіктен, мемлекет есебінен тегін түрде жасалатын ветеринарлық шаралар да ойдағыдай атқарылады. Сондықтан мал басын ит-құс, ұры-қарыға шығындамаумен қатар оларды түрлі індеттен сақтау шаралары да қажетті деңгейде жолға қойылады.

Енді жеке меншік мал иесіне Үкіметтің қаржысы қалай берілетініне келейік. Үкімет СТК құрамына кірген тұрғынның әр аналық бас ірі қарасы үшін жылына 18 мың теңгеден ақша бөледі. Бірақ алғашында СТК қолдағы ірі қараны асылдандыру мақсатында оның әрбір 30 бас аналығына 1 асыл тұқымды бұқадан сатып алуы қажет. Мысалы, биыл 15 айға толған асыл тұқымды бұқаның орташа бағасы 350 мың теңге тұрды. Мұндай асыл тұқымды малды іздеп әуре болмайсыз. Өйткені облысымызда ірі қараның асыл тұқымын өсірумен айналысатын арнайы шаруа қожалықтары бар.

Үкімет әрбір сатып алынған асыл тұқымды бұқа үшін 154 мың теңгеден қайтарусыз демеуқаржыны және төлейді. Осыдан артылған қаржыны СТК мүшелері қалталарына бөлісіп алса да өз еріктері, ешкімнің тарапынан мәжбүрлеу жоқ. Алайда Үкіметтің тегін бөлген қаражатынан жоғарыда айтылған бағым, басқа да қажетті шараларды неге ұйымдастырмасқа? Оның үстіне ветеринарлық шаралар бұл берілетін қаржыға қатысы жоқ, тегін атқарылады. Бұқаны жыл сайын сатып алудың қажеті жоқ. Алынған бұқалардың қысқы күтімі ұйымдастырылса болғаны. СТК-дағы аналық бас малдың саны неғұрлым көп болған сайын оған Үкімет тарапынан қайтарусыз төленетін демеуқаржы көлемі де мол болары түсінікті. Биыл Жәнібек ауданында 750 аналық басы бар 1 СТК құрылған еді. Енді олар Үкімет

берген қаржының жоғарыда айтылған барлық қажеттіліктерден артылған бөлігіне аудан орталығына қатынау үшін УАЗ автокөлігін сатып алмақ. Мұндай артылған қаражатқа СТК мүшелері ауылдарына абаттандыру жұмыстарын жүргізе ме, әлде тонналап жанар-жағармай сатып алып, шөп шапқызып, қысқы мал азығын даярлай ма, әйтеуір жеке отбасы мен қоғамның жағдайын жақсарта түсетін кез келген оңды іспен айналысса, нұр үстіне нұр болмай ма?

Аудан әкімдерін, олардың ауылшаруашылығымен айналысатын орынбасарларын, ауыл шаруашылығы бөлімінің басшыларын бірнеше мәрте жинап, Үкіметтің қарапайым халыққа жасап отырған осынау қолдауын түсіндіріп бақтық. Нәтижесінде облысымыз бойынша СТК құру жұмыстары жанданып сала берді. Бүгінде облыста 77 СТК құрылып, олардың құрамында барлығы 10 266 бас аналық ірі қара малы тіркелді. Бұларға барлығы 238 миллион теңге шамасында қайтарусыз демеуқаржы бөлініп отыр. 12 аудан бойынша СТК құрылып үлгерді. Олардың ішінде Үкіметтің тегін қолдауын иелену жағынан 2 184 бас аналық малмен Ақжайық, 1 350 бас аналық малмен Жаңақала және Қазталов, 1289 аналық ірі қарамен Сырым аудандары алдыңғы қатардан көрініп отыр. Тіпті Орал қаласының өзінде де 60 бас аналық ірі қара малмен бір СТК құрылды. Бұл жұмыстың бас-аяғы осымен тоқтап қалған жоқ. Алдағы уақытта да жалғасын таба бермек.

Біздің облыс — еліміз бойынша мемлекет тарапынан мұндай қолдау көмекті көріп отырған екінші өңір. Былтыр дәл осындай бағытта демеуқаржы беру жұмыстары Ақмола облысында ғана жүзеге асырылған еді. Оларда 48 СТК құрылған болатын.

Осылайша облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Наурызбай Қарағойшин мәселенің мәнісін жан-жақты баяндап берді. Алдағы уақытта «Орал өңірі» газетінің бетінде әр аудандағы СТК құру тәжірибесі мен нәтижелері жайында арнайы материалдар легі жарияланатын болады.

Әңгімені жазып алған Нұртас НАБИОЛЛАҰЛЫ,

«Орал өңірі»


Бұлдыртыда ат шауып, палуан күресті

Күні: , 121 рет оқылды

IMG_3467


Өткен жексенбіде Бұлдырты ауылдық округі ауыл күнін атап өтті. Тойтөбедегі дала қызықтарына халық көп жиналды.


Мәдени шараға аудан әкімі Абат Шыныбеков қатысты.

Қазанның қара суығы ауыл тойының ажарына онша әсер еткен жоқ. Үлкен сахнада Бұлдырты ауылдық округі  көркемөнерпаздарының мәдени бағдарламасы жүріп жатты. Бұл уақытта Сырым ауданы ат спорты федерациясының төрағасы Мүтәлі Төреғалиев Қазақ хандығының 550 жылдығы мен Бұлдырты ауылының күні құрметіне арналған ат бәйгесінің басталатындығын хабарлады. Бұлдыртылықтар бәйгені сағынған екен. Бәйгені 9 тайдың жарысы бастады. Үш шақырымдық тай жарысында көздіғаралық атбегі Серік Мүтиевтің тайы озды. Осыдан кейін тоқ бәйгеде 16 жүйрік жарыс жолына түсті. 12 шақырымдық шабыстың бас бәйгесін қаратөбелік Ғабит Мақановтың Гүлсары атты тұлпары еншіледі. Кейінгі орындар бұлдыртылық Сәбит Байырғалиевтің Торықасқасы мен Қарақұдықтан Дархан Ақжарқыновтың Қақайторысына бұйырды.

Аламан бәйгеде жиналған жұртшылық 5 жүйріктің өнерін тамашалады. Бәйгенің жарыс жолы 21 шақырым дегенді естіген көпшілік, мәреге 5 аттың бір-екеуі ғана жетеді деп топшылаған еді. Алайда бесеуі де көмбеге жинақы жетті. Аламанның жүлдесін көздіғаралық Серік Мүтиевтің Қозыкүреңі жеңіп алды. Көздіғаралық Дәурен Хамзин мен Жосалыдан келген Ақшолақовтардың Қаракері қалған орынды бөлісті.

Бәйге бітісімен, қазақша күрестен сайыс өтті. Бұлдыртыдағы ауыл күнінің «Түйе палуаны» атағын жымпитылық Арман Ғұмаров жеңіп алса, қой көтеруден Мейрам Аманбаев, ал кір тасын көтеруден Абзал Қуанышов өзгелерден басым түсті.

Бауыржан  ШИРМЕДИНҰЛЫ,

Сырым ауданы


«Щипач», «Трясун», «Хирург» БҰЛАРДАН САҚ БОЛМАСАҢЫЗ, ҚАЛТАҢЫЗДЫ ҚАҚТЫРАСЫЗ

Күні: , 949 рет оқылды

karmanniki


65 ұры есепте тұр

Қалта ұрлығын кәсіп етіп, кәнігі шеберге айналғандардың айла-амалдары өте көп. Әбден ысылғандар үшін қойын-қонышыңыздан әмияныңызды әп-сәтте суырып алу дағдылы машық қана. Оларды құрықтау да оңай емес. Ұстаған күннің өзінде қылмысын дәлелдеу қиынның қиыны көрінеді. Қалалық ішкі істер басқармасының басшысы, полиция полковнигі Манарбек Ғабдуллинге жолыққаннан кейін түйген ойымыз осындай болды. «Биыл шаһарда осындай 107 әрекет әшкереленсе, былтырғы сегіз айда 155 оқиға тіркелді. Қазір қалада 65 ұры есепте тұр. Оның ішінде он шақтысы өте белсенді баукеспелердің қатарынан», — дейді М. Ғабдуллин.


Қалта ұрлығын әшкерелеуде жедел уәкіл, полиция аға лейтенанты Павел Щурихиннің тәжірибесі өте мол екен. Суық қолдылардың жымысқы тәсілдерін бізге жілікше шағып, айтып берді. Оның айтуынша, сұғанақтар бірнеше топқа бөлінеді. Мәселен, «щипачтар» саусақтарымен көздегенін сездірмей алуға өте епті. Қоғамдық көліктерде әбжіл қимылдайтындарды «Трясундар» деп атайды. Бұлар автобустың ішіндегі әбігерді, көпшіліктің бір-бірімен сығылысып тұрғандарын ұтымды пайдаланады. Бөгде қалтаға сүңгіген қолдың иесі жалғызілікті болмайды, артында бірнешеуі тұруы мүмкін, тапқанын артқы тізбекке жең ұшынан жылыстатып жібереді. «Хирургтердің» ісі атына заты сай. Қалтадағы бұйымды қысқаш, қандауырмен ептеп суырып, резеңке арқылы жең ішіне лезде тартып алады. Сездірмейді, ешқандай із қалдырмайды. «Писарьлар» болса қыры өткірленген тиын, ұстара секілді кескіш құралдар ұстайды. Сөмкенің бүйірін немесе қалтаның шетін еппен тіліп жібереді де, керегін тез суырып ала қояды. Бұған айрықша шеберлік керек. Себебі зат салынған пакеттің салмағы тілінген тұсқа ойысып, ішіндегісі ақтарылып қалуы мүмкін. Мұның бәрін ескерген ұры жымын білдірмей, әрекет етуге дағдыланған. Кейбіреулері қасыңызда бір қолының қарына күрте, пакет ілген күйі елеусіз тұра беруі мүмкін. Сол кезде оның екінші қолы сіздің қалтаңызды тазалап үлгеруі ғажап емес. Бұларды «Ширмачтар» дейді.

Павел Щурихин бейнежазбаны қосып, «ширмачтың» қалай «жұмыс» істейтінін көрсетті. Қаладағы азық-түлік дүкендерінің біріне екі қолында екі сөмкесі бар әйел кірді де, басын сәл көтерген күйі оңға қарады. Сол кезде оның алдында тұрған ер адам ығысып, әйелді орағытып өткендей болды. Витрина ішіндегі тауарға үңілгенсіп, ұстап тұрған пакетпен бүркемелеп, еш саспастан екінші қолын әйелдің пальтосының қалтасына жүгіртті. Сөйтіп, 30 мың теңгені олжалаған ұры дүкеннен шығып жүре берді. Жәбірленушінің бақытына орай, сұғанақтың әрекетін бейнекамера қалт жібермеген еді.

 

«Жазылмаған кодекстері» күйреген

 

Қалта ұрылары негізі кісі өлтіру, ашықтан-ашық тонау тәрізді аса ауыр қылмыстарға бара бермейді. Кеңес одағы кезінде бұларға қатал қарағаны белгілі. Тіпті сол замандағы ұрылар арасында «жазылмаған кодекстері» де болыпты. Қалта ұрлығы сол ұрылардың арасында өздерінше нағыз «өнерге» баланғандықтан, жүкті әйелдерге, қарттарға, жасөспірімдерге жоламаған.

Манарбек Ғабдуллин қазір бұл «дәстүрдің» мүлде үзілгендігін айтады. Қалта ұрлығымен күрес күшейген. Біраз ұры түрмеде отыр. Көшеде, қоғамдық орындарда қойылған камералар арқылы да әшкереленуде. Дегенмен тұрғындар үшін сақтық шарасын күшейту күн тәртібінен түспейтіні анық. Қаланың бас полицейі шаһардағы автопарк иелеріне тың ұсыныс жасамақшы. Яғни үлкен автобустарда аялдамаларды хабарлаған кезде қалта ұрыларынан абай болуға шақыратын ескертуді айтып отыруды өтінбек. Негізі, қалта ұрыларының фотосуреттерін көлікке ілуге заң аясында тыйым салынған. Оның үстіне, ертеректе бұған қатысты бір ыңғайсыз жайт орын алыпты. Кезінде ұрлық жасап сотталған бір жігіт мерзімді айыбын өтеп, түрмеден шығады. Жаңа өмір бастауға бел байлап, үйленеді. Бір күні автобусқа мінген қайын енесі күйеу баласының бұрыннан ілулі тұрған суретін көріп, көзі шарасынан шыға жаздайды. Мұның соңы үлкен айқайға ұласып, жағдай ушығып барып, әрең басылған екен.

 

«Жазалаушыларын» жақсы таниды

 

«Қалтамандардың» көпшілік ортада, адам көп жүретін қоғамдық орындарда олжа түсіруге тырысатыны мәлім. Әсіресе, қоғамдық көліктерде, базарларда, мейрам күндеріндегі қарбаласта олар үшін оңтайлы сәт туады. «Қалтаманға» адамның ту сыртынан келіп, елеусіз тұрған ыңғайлы. Неғұрлым аңқау болсаңыз, пайда түсіру оларға соғұрлым жеңіл. Жедел уәкіл Павел Щурихинмен бірге қалалық базарға рейдке шықтық. Ойымыз — ұрыны қылмыс үстінде ұстап алу. Бірақ ол күні ұрыны ұстаудың «сәті» түспеді. Бір қызығы, Павелді ұрылар жақсы біледі екен. Оларды да Павел жазбай таниды. Ақ кепкалы «жүзі таныс» Павелді көрген бойда көзден ғайып болды. «Көптен көрінбеп еді, кәнігі ісіне қайта кіріскен болды ғой. Бұларды торуылдауға әбден үйрендік. Кабинетте отырмаймыз, көзге түспес үшін қарапайым киінеміз және киімді бір күннің ішінде бірнеше мәрте ауыстыруға тура келеді», – дейді аға лейтенант.

Ұрылар «час пикті», яғни таңғы және кешкі қарбалас-жанталас уақытты күтеді. Мәселен, тоқтаған автобусқа бұрын жеткен біреуі көлік есігін қалқалап, бағытты қайта-қайта анықтап сұрап, білмегенсіп, біраз кідіртеді. Сыбайласы аңтарылып тұрған бір-екі жолаушының қалтасын, сөмкесін тазартып үлгереді. Бұл әдісті олар өз тілдерінде «монтер» деп атайды екен. «Қалтамандар» ауыр жұмыстан аулақ жүруге тырысады. Өйткені олжа әкелетін саусақтарына асқан баппен қарайды.

«Қазір ұрылар көбіне екеулеп жүріп, олжаны бөліседі. Рас, қаладағы ұрылардың барлығы дерлік нашақорлық жолына түскен. Есірткі жеңіл табыс табуға итермелейтіндіктен, «жорыққа» да жиі шығады. Қалтақағарларды ұстап, сотқа дейін апарамыз. Бірақ ҚР Қылмыстық кодексінде ұрлық ауырлығы орташа қылмыс ретінде көрсетілгендіктен, заң жеңілдігін пайдаланып, ертеңіне-ақ жауапкершіліктен босатылып жатады. Сөйтіп, көп кешікпей бұрынғы тірлігіне қайта барады», – дейді П. Щурихин.

 

Кеңеске құлақ ассаңыз…

 

Ұрылар ақымақ емес, өте жылпос, айла-тәсілдері мол. Әртістік қабілетті жақсы меңгерген. Психологиялық тұрғыда өте нанымды сөйлейді. Мәселен, қалтаңызды қағып жатқанын байқап қалған жағдайда «Әмияныңызды түсіріп алған секілдісіз», «Қарбаласта байқамай, сізге сүйене салып едім» деп лезде ілтипатпен, жылы шыраймен ақтала бастайды. Қақпанға түскен күннің өзінде мәймөңкелеп, жәбірленушінің кешіріміне тез ие болады. Әсіресе, егде адамдар жұмсақ тілге майдай ери салады. Кәнігі сұғанақты бұлтартпай ұстау, куәлік табу оңайға соқпайтынын айттық. Дәл қалтаға түскен сәтінде тап берсеңіз, ешқандай пайда жоқ. «Аяқталмаған қылмыс» ретінде саналып, барлық дәйек күйіп кетеді. Оны ұстау үшін жымысқы амалын әбден тәмамдап, бір-екі қадам орын ауыстыруын күту керек.

Ұрылар құрған жоспарлы тұзаққа түспеу үшін қандай амалдарға барған жөн. Біріншіден, сақтықта қорлық жоқ. Сенімділікті олар тез сезеді. Екіншіден, бағалы, құнды бұйым, қаражатты көпшілік арасында алып жүруге тырыспаңыз. Ақшаны көптің көзінше санамаған, әмиянды ішкі қалтаға салған дұрыс. Сөмкені алға икемдеп ұстау керек. Үшіншіден, көпшілік арасында міндетті түрде айналаңызда тұрған адамдардың бет-әлпетін мұқият шолып шығыңыз және есте сақтаңыз. Ұры бұдан тез күдіктеніп, бастапқы жоспарынан айнып қалуы мүмкін. Төртіншіден, бейтаныс біреудің қайырымдылық әрекеттеріне сақтана қараған артықтық етпейді. Қол дорбаңызды көтерісуі, киі-міңізді шаңнан арылтпақ болып қағып бәйек болуы, масаң күйде жақындап көмек сұрауы сіздің көңіліңізге күдік ұялатуы қажет. Шет елдерге туристік сапарға шыққан кезде де абай болу керек. Мысалы, суық қолдыларға қатаң қарайтын Германияда 2010 жылы 104 мыңнан астам қалта ұрлығы тіркеліпті.

 

Өнегемен ғана өркеніміз өседі

 

Ертеде бір отбасының ұлы сұғанақтыққа бейім болып, қоңсы отырған үйдің шелегін тесіп кете беретін болған соң, көршілерінен шағым түседі. Ескертуден пайда болмай, әке-шешесі бір ғұламадан ақыл-кеңес сұрай барады. Данышпан оларға өз өмірлерінде қандай қателік жібергені туралы ойланып келулерін тапсырады. Кейін анасы: «Екіқабат кезімде көршінің үйіне кіріп едім. Ешкім көрінбеді. Үстел үстінде шырын жеміс тұр екен, аңсарым ауып, инемен тестім де, сөлін іштім. Артынан ескертуге ұмытып кетіп едім», – деп қатесін еске түсірген екен. Барлық түйін осында жатқанын айта келе, данышпан ақыл иесі сол көрші үйдің иелерінен кешірім сұрауға бұйырған…

Бұл мысалды неге келтіріп отырмыз. Себебі бүгінгі таңда тәрбие әлсіреп, жас буынды бетімен жіберіп алғанымыз жасырын жайт емес. Облыстық ішкі істер департаменті ювеналдық бөлімінің бастығы, полиция майоры Әділхан Ғабдушевтің келтірген дерегіне сүйенсек, биылғы 9 ай ішінде кәмелетке толмаған жасөспірімдер арасында 133 қылмыс фактісі тіркеліпті. Оның ішінде 45-і ұрлыққа, 5-еуі тонауға, 5-еуі алаяқтыққа, 14-і тартып алуға, 1-еуі көлікті айдап кетуге қатысты. Қылмыс үстінде ұсталған 127 жасөспірімнің 49-ы мектепте, 42-сі колледжде оқиды.

Аталған келеңсіз жайттар – тәрбие саласындағы олқылықтың салдары. Жиі жасалатын қылмыстардың ішінде ұрлықтың көп екені көрініп тұр. Ауылда өскен баланың кебеже, сандықтан балалықпен құрт, кәмпитті жымқыратыны рас. Үлкендер бұған селсоқ қарамай, теріс екендігін айтып, дер кезінде қойдыратын, не есейе келе баланың өзі де түйсінетін. Сондықтан қазіргі қалалық жасөспірімнің үйден қаражатты қолды қыла бастауынан да күдіктенген абзал. Оның астарында жаман әдетке бой ұру (темекі, есірткі тұтыну), отбасындағы, достары арасындағы кері ықпал, жанұя жылуын сезінбеуі, кек алу, бойындағы артықшылығын дәлелдеу секілді бірнеше себептер жатуы мүмкін. Жасөспірімді бірден жазғыруға, ұрыс-керіске жол бермей, жылы түрде ашық әңгімеге тартқан жөн. Жағдай ушыққанның өзінде отбасы-білім беру мекемесі-құқық қорғау саласы қызметкері арасында үйлесімді психологиялық шешім қабылдануы тиіс.

Нұртай АЛТАЙҰЛЫ,

«Орал өңірі»,

nurtai_din@mail.ru


БҚО, Орал қаласы, Мұхит көшесі, 57/1
zhaik_presscenter@mail.ru
oral_oniri@inbox.ru
support@oraloniri.kz

Орал өңірі" газетінің бас редакторы: 51-25-80
Бас редактордың орынбасарлары: 24-17-08, 54-18-08
Жауапты хатшы: 54-38-22
Тілшілер: 50-66-88, 51-50-34
Жарнама бөлімі: 51-51-09
Яндекс.Метрика