Мұрағат: 20.10.2015


Құтқарушылар қызметіне – 20 жыл!

Күні: , 826 рет оқылды

IMG_4660


Кеше Құтқарушылар күніне  орай  қалалық жастар мәдениет үйінде мерекелік шара өтті. Мерекелік шараға облыс әкімінің орынбасары Бақтияр Мәкен мен қала әкімі Алтай Көлгінов арнайы келді.


— Құрметті құтқарушылар! Бүгінгі кәсіби мерекелеріңіз құтты болсын! Бұдан 20 жыл бұрын, яғни 1995 жылы Мемлекет бас-шысының Жарлығымен құрылған арнайы қызмет жылдар бойы халыққа қалтқысыз еңбек етіп келеді. Сіздердің тынымсыз еңбектеріңіздің арқасында, төтенше жағдайлардың алдын алу бағытында жасаған ауқымды жұмыстарыңыздың нәтижесінде ел-жұрт тыныш өмір кешіп келеді.

Өрт пен су – тілсіз жау. Табиғат апатының қашан, қайда орын аларын күні бұрын болжау қиын.

Өкінішке орай, табиғат апаты  қай кезеңде де болып тұрған. Сондай төтенше жағдайлар кенеттен орын алғанда, халыққа ең бірінші болып, көмек қолын созатын сіздерсіздер. Қиын жағдайда сіздер қашан да алдыңғы саптан көрініп, адамдарды қауіп-қатерден құтқарып және инфрақұрылымдарды істен шығудан аман сақтап келесіздер. Бұл еңбектеріңіз үшін сіздерге мың алғыс! Бүгін сіздерді облыс әкімі Нұрлан Ноғаевтың атынан кәсіби мерекелеріңізбен құттықтап, сіздерге мықты денсаулық пен жемісті қызмет тілеймін. Еліміз тыныш болсын! — деді Бақтияр Мәкенұлы өзінің құттықтау сөзінде.

Бұл тілекке қала әкімі Алтай Көлгінов те қосылып, қауіпті мамандық иелері мен осы салада еңбек еткен ардагерлерге денсаулық пен отбасылық бақыт тіледі.

Шара барысында ҚР Ішкі істер министрі, генерал-полковник Қ. Қасымовтың құттықтаухаты оқылды.

Бұдан соң бір топ үздік құтқарушыға облыс әкімі атынан алғысхаттар табыс етілді және бір топ қызметкер ҚР ІІМ-нің марапаттарына ие болды.

Олардың қатарында облыстық төтенше жағдайлар департаменті «Өрт сөндіру және апаттық құтқару жұмыстары қызметінің бастығы, подполковник Рашид Блялов, аталмыш департаменттің бөлім бастығы, капитан Марс Отаров, ең ауыр жол таңдамайтын «Трекол» автокөлігінің жүргізушісі, құтқару жасағы құтқару бөлімшесінің бас құтқарушысы Батырбек Тілегенов және басқа да қызметкерлер бар.

Тағы бір айта кететін жәйт, мерекелік кеште аталмыш департамент басшысы Марат Кульдиков мамыр айында екі қызды судан құтқарған 8-сынып оқушысы Никита Тюкинге «Ерлігі үшін» медалін тапсырды.

Шара соңы мерекелік концертке ұласты.

 Айша ӨТЕБӘЛІ,

«Орал өңірі»


«Әйел. Саясат. Қоғам»

Күні: , 878 рет оқылды

IMG_4438


Жуырда қазақ драма театрында облыстық әкімдік пен «Үміт» Жайық өңірі әйелдерінің одағы» қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен «Әйел. Саясат.  Қоғам» атты тақырыпта халықаралық конференция өтті.


Бұған ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия төрайымының орынбасары Елена Тарасенко, ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның өкілі, ҚР Бас прокуратурасы құқықтық статистика және арнайы есеп комитетінің төрайымы Сәуле Айтпаева, Қазақстан іскер әйелдері қауымдастығының президенті Раушан Сәрсенбаева, көршілес Ресей еліне қарасты Орынбор облыстық әлеуметтік даму министрінің орынбасары Ро-за Палатова мен облыстық әйелдер кеңесінің төрайымы Ольга Хромушина, самаралық әлеуметтік ғылым докторы Людмила Орлова, Ақтөбе облыстық саясаткер әйелдер клубының жауапты хатшысы, «Білезік» журналының бас редакторы Әлия Тұрниязова және «Үміт» Жайық өңірі әйелдерінің одағы» қоғамдық бірлестігінің төрайымы, экономика ғылымдарының докторы, профессор Раушан Ғабдуалиева мен жергілікті іскер әйелдер қауымдастығының өкілдері қатысты.

Жиынды жүргізген облыстық мәслихаттың депутаты, облыстық саясаткер әйелдер клубының төрайымы Зинатбану Мұқанова аталмыш конференцияның мақсат-міндеті жөнінде айтып, жиналғандарға шараға қатысушы қонақтарды таныстырды.

Бұдан кейін осы шараға арнайы келген облыс әкімінің бірінші орынбасары Арман Өтеғұлов сөйлеп, конференция жұмысына сәттілік тіледі.

— Әйел бірінші кезекте – ана, отбасының ұйытқысы. Бүгінгі таңда көптеген әйел отбасы тіршілігімен шектеліп қана қоймай, саясат пен экономикада ер-азаматтармен қатар жүр. Елбасының әйелдер көшбасшылығының саясаттағы орнын 30 пайызға жеткізу тапсырмасы бойынша біздің өңірімізде де ауқымды жұмыстар атқарылуда. Осындай жұмыстардың нәтижесінде өңірімізде іскер әйелдер саны жылдан-жылға арта түсуде. Мысалға айтар болсақ, өңіріміздегі 200 депутаттың 19,5 пайызы – әйелдер. Мекемелер мен кәсіпорындар жетекшілерінің 26 пайызы – нәзік жандылар. Облыста 50 мың кәсіпкер болса, соның 43,5 пайызы – қыз-келіншектер. Кәсіпкерлікті дамытуға бөлінген қаражатты игеруге ұсыныс жасағандардың 33 пайыздан астамын әйелдер құрайды. Және олардың бұл бағыттағы жұмыстары жеміссіз емес. Бұған көптеп мысалдар келтіруге болады. Сондай-ақ өңірімізде ана мен баланы қорғау бағытындағы жұмыс та жыл өткен сайын күшейіп келеді. Нәтижесінде облыста соңғы үш жылда тек бір ғана ана өлімі тіркелсе, бала өлімі 23,3 пайызға төмендеді. Өңірімізде отбасылық зорлық-зомбылықтың алдын алу бағытындағы жұмыс та жанданып келеді. Бұл жұмыспен облыста осыдан бірнеше жыл бұрын ашылған әйелдерге арнал-ған әлеуметтік оңалту және бейімдеу орталығы айналысуда, — деді ол өз сөзінде.

Бұдан соң сөйлеген Елена Тарасенко өзінің саясатқа араласуына тікелей ықпал еткен жерлестеріне алғысын айтып, әйелдерді қоғамдық өмірге белсене араласуға шақырды. Оның сөзін-ше, гендерлік теңдік бойынша Қазақстан 146 елдің ішінде 43-орында тұр. Қазіргі таңда ҚР Парламенті Мәжілісі депутаттарының 26 пайызы әйелдер екенін жеткізген ол елімізде саяси көшбасшылықта жүрген нәзік жандылар қатарының 30 пайызға жақындап келе жатқанын айтты.

Осыдан кейін конференция тізгінін қолға алған «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы төрағасының орынбасары Гүлназ Құлжанова қатысушыларға сөз кезегін берді. Жиында сөйлегендер саясатта жүрген әйелдердің саны жылдан-жылға көбейіп келе жатқанын айтып, нәзік жандылардың бұл бағыттағы белсенділігі әлемдегі саяси тұрақтылық пен бейбітшілікті қамтамасыз ететінін айтты.

Конференцияның келесі бөлімі «Әйелдердің саясаттағы көшбасшылығының табысты дамуы» және «Нұрлы жол – жаңа мүмкіндіктер» атты тақырыптағы сессияларға ұласты. Сессия барысында қатысушылар әйелдердің белсенділігін арттыру жұмысында кездесіп жүрген түйткілді мәселелерді талқылап, өзара тәжірибе алмасты. Нәтижесінде әйелдер қауымдастығы бір-бірімен ынтымақтаса жұмыстануға шешім қабылдады.

Жиын соңы әйелдер кәсіпкерлігін дамытуға арналған тренингке ұласты.

Айша ӨТЕБӘЛІ,

«Орал өңірі»


Ортақ мүдделер орайындағы басқосулар

Күні: , 870 рет оқылды

снг президенты


Қазанның 16-сы күні Бурабайда ТМД-ға мүше мемлекеттердің басшылары кеңесінің және Жоғары еуразиялық экономикалық кеңестің кезекті жиындары өтті. Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалығымен өткен ТМД Мемлекеттері басшыларының басқосуында лаңкестік қатерлерге қарсы бірлескен іс-қимылдың, қауіпсіздік пен құқық тәртіптерін қамтамасыз етудің, Достастыққа мүше мемлекеттердің күштік құрылымдары ынтымақтастығының негізгі жайттарын қамтыған тақырыптар талқыланды. Ал Қазақстан, Ресей, Беларусь, Қырғызстан және Армения президенттерінің қатысуымен өткен Жоғары еуразиялық экономикалық кеңес отырысында әріптес мемлекеттер арасындағы ықпалдастық үдерістерін дамытуға баса назар аударылды.


Бурабайда өткен Тәуелсіз мемлекеттер достастығына қатысушы мемлекеттер басшыларының кеңесі алдымен шағын құрамдағы келіссөздермен басталды. Нұрсұлтан Назарбаев төрағалық еткен жоғары деңгейдегі бұл жиынға Армения Президенті Серж Саргсян, Беларусь Президенті Александр Лукашенко, Қырғызстан Президенті Алмазбек Атамбаев, Ресей Президенті Владимир Путин, Әзербайжан Президенті Ильхам Әлиев, Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмон, Өзбекстан Президенті Ислам Кәрімов, Түрікменстан Министрлер кабинеті төрағасының орынбасары Сатлык Сатлыков, Молдова Сыртқы істер және еуропалық интеграция министрінің орынбасары Андрей Галбур қатысты.

Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан ТМД құрылғалы бері елдеріміздің арасындағы көпжақты ынтымақтастықты жандандыруды, іс-қимылдың негізгі бағыттары бойынша интеграцияны тереңдете түсуді дәйектілікпен жақтап келе жатқанын айтты. «ТМД – бұрынғы кеңестік кеңістіктегі 11 мемлекетті біріктіретін бірегей құрылым. Біздің өңірде оған балама жоқ. Біз мұндай кездесулер аясында халықаралық саясаттың ең маңызды проблемалары бойынша сенімді ыңғайда пікір алмасып, көпжақты ынтымақтастығымыздың кез келген мәселесін талқылай аламыз. Біздің бүгінгі іс-шарамыз ТМД-ны дамыту ісіне өз үлесін қосатынына сенімдімін. Мәселелердің елеулі бөлігі қауіпсіздік және құқық тәртібін қамтамасыз етуге арналған, халықаралық шарттар топтамасына қол қою, бағдарламалық құжат-тарды бекіту, сондай-ақ ТМД-ға мүше мемлекеттер басшыларының халықаралық терроризмге қарсы күреске және БҰҰ-ның 70 жылдығына арналған мәлімде-мелерін қабылдау жоспарланған. Ұсынылған құжаттардың іс жүзіндегі мәні зор және оларды қабылдау елдеріміздің ынтымақтастығын нығайта түсуге ықпал ететін болады», – деді Мемлекет басшысы.

 

Ынтымақтастық арта береді

 

Бұдан соң Қазақстан Президенті ТМД-ға мүше мемлекеттер басшылары кеңесінің кеңейтілген құрамда өткен отырысына қа-тысты. Қазақстан басшысы өз сөзінде шағын құрамда өткен Кеңес отырысында ТМД ахуалы мен даму келешегінің мәселелері егжей-тегжейлі талқыланғанын айтты. Талқылаудан өткен тақырыптың бірі халықаралық қауіпсіздік саласындағы ахуал болға-нына назар аударды.

— Террорлық топтардың қимылы жанданғанын, олардың әрекеті орныққан әлемдік қалыпты бұзып жатқанын айту керек. Бұл жерде халықаралық терроризм көптеген елдер мен өңірлердегі жағдайға бүлдіргіштік тұрғыдан ықпал ететінін атап өткен жөн. Зорлық-зомбылықтың ушығуы бейбіт тұрғындардың, әсіресе, әйелдер мен балалардың арасындағы құрбандар санын ұл-ғайтты. Нәтижесінде бұл жағдай Солтүстік Африка және Таяу Шығыстан Еуропаға ағылған қарапайым халықтың Екінші дүниежүзілік соғыстан кейінгі ең ауқымды мәжбүрлі миграциясын тудырды. Бұл мәселені шешу үшін орасан экономикалық ресурстар қажет болады. Оған қоса тұрақсыздық ошақтарын қалыптастыруды діттеген терроршылар босқын атымен жасырынып жүруі мүмкін. Менің БҰҰ Бас Ассамблеясының мінберінен айтқанымдай, Ұйымның келісімімен террорлық ұйымдармен күрестің дүниежүзілік желісін құру қажет. Бізге осы бағыттағы жұмысты күшейтіп, ТМД Терроризмге қарсы күрес орталығының әлеуетін барынша пайдалану керек. Сондықтан ТМД мемлекеттері басшыларының Біріккен ұлт-тар ұйымының 70 жылдығына және халықаралық терроризмге қарсы күреске қатысты мәлімдеме қабылдауын дер кезінде жасалған әрі қажетті шара деп санаймын, – деді Қазақстан Президенті.

Сонымен қатар Мемлекет басшысы Қазақстанның ТМД-ға төрағалығы экономикалық тұрғыдан күрделі кезеңге тап келгенін, бірақ барлық қажетті талаптар орындалғанын айтты. «Достастық аясында жоспарланған шараның бәрі өтті. Бұдан бөлек таяуда Астанада ТМД елдерінің шығармашыл және ғылыми зиялы қауымының Х мерейтойлық форумы өтеді. Ал Душанбеде ТМД-ға мүше елдер Үкімет басшылары кеңесінің отырысы болады. Осы шаралармен Қазақстанның Достастықтағы төрағалығы аяқталады», – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Шара барысында А. Лукашенко Қазақстан Президенті Н. Назарбаевқа посткеңестік кеңістік аясында мемлекетаралық ынтымақ пен халықтар достығын нығайтқаны, сонымен қатар интеграциялық үдерістердің үдеуіне ұдайы ұйытқы болып келе жатқаны үшін Беларусьтің мемлекеттік марапаты – «Халықтар достығы» орденін тапсырды.

 

Жұмыс тиімділігі – нәтижесінен

 

Осы күннің екінші жартысында Жоғары еуразиялық экономикалық кеңестің (ЖЕЭК) кезекті отырысы басталды. Оған Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев, Ресей Президенті Владимир Путин, Беларусь Президенті Александр Лукашенко, Қырғызстан Президенті Алмазбек Атамбаев және Армения Президенті Серж Саргсян қатысты. Жиында сөз алған Нұрсұлтан Назарбаев Жоғары еуразиялық экономикалық кеңестің кезекті отырысына келген әріптестеріне өзінің құттықтау сөзін арнады.

Жиынды жүргізген Беларусь Президенті Александр Лукашенко Жоғары еуразиялық экономикалық кеңестің бұл жиынын ұйымдастыруда Қазақстан тарапының тыңғылықты дайындалғанын, бұл орайда Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың табанды еңбек еткенін айрықша атап көрсетті. Жиын қорытындысы бойынша 15 құжатқа қол қойыл-ғанын, оның барлығы да кеңінен талқыланып, сүзгіден өткенін жеткізді.

Басқосу нәтижесінде төмендегідей шешім қабылданды. «Келесі жылдың 1 ақпанынан бастап, Еуразиялық экономикалық одақтың комиссиясына Армения Республикасы төраға болады. Комиссияны Арменияның бұрынғы премьер-министрі Тигран Саргсян басқарады. Ол бір кездері Ресей Федерациясының Президентімен бірге жұмыс істеген. Өте тәжірибелі маман. Сондықтан 2016 жылдың 1 ақпанынан бастап, оған комиссияны басқаруды сеніп тапсырып отырмыз», – деді Беларусь Президенті.

Тараптар ЕАЭО жұмысының қорытындысын шығарып, дамудың жаңа перспективаларын белгіледі. Одақ қызметінің мәселелері талқыланды, соның ішінде Еуразиялық экономикалық комиссия алқасы құрамының саны бекітіліп, оның жұмыс кестесіне өзгеріс енгізілді. ЕЭК-тің келесі жылғы басшысының кандидатурасы келісілді. Жаңа мүшелер қабылдау және ЕАЭО-дағы мүшелікті доғару тәртібі қабылданды. Отырысқа қатысушылар ЕАЭО мен «Жібек жолы экономикалық белдеуі» жұмысын үйлестіру жөніндегі іс-қимылдарға арнайы тоқталды. Мемлекеттер басшылары Одақтың үшінші елдермен және халықаралық ұйымдармен өзара іс-қимыл тәртібін талқылады. Мәселен, Израильмен еркін сауда аймағы туралы келісім жасауға қатысты келіссөздерді бастау туралы шешім қабылданды.

Кеңес отырысы аяқталған соң Жоғары еуразиялық экономикалық комиссия алқасының төрағасы Виктор Христенко арнайы мәлімдеме жасады. «Бүгінгі кеңес жұмысы өте қарқынды өтті және күн тәртібінде ЕАЭО жұмысының келешегіне қатысты көптеген мәселелер қаралды. Комиссия жұмысын 2016 жылдың 1 ақпанынан бастап жаңарту бойынша шешімдер қабылданды. Соның нәтижесінде комиссияның 10 алқа мүшесі министрлерден тұратын болады. Осылайша алқада мемлекеттердің өкілдігі екі адамнан құралады. Қазақстанның Дүниежүзілік сауда ұйымына мү-ше болуына байланысты мемлекеттер басшылары мәліметтерді Одақ нормаларында жүзеге асыруды қамтамасыз ететін құжаттар пакетін қабылдады. Бұл, бір жағынан, Қазақстанның ДСҰ-ға кіруімен қабылданған міндеттемелерін нарықта қолдануына мүмкіндік береді, екінші жағынан, Одақ бойынша серіктес мемлекеттерге ешқандай шығын келтірмейтіндей, тариф айырмашылығына алып келмейтіндей етіп басқару жүйесін құруға жол ашады», – деді ол.

Сонымен, бір күнде өткен қос маңызды отырыс аяқталды. Ондағы қаралған мәселелердің барлығы да өзекті. Сондықтан да осы күні қабылданған әрбір шешім, бекітілген әрбір құжат еліміз үшін аса қажет әрі мәні зор екені анық.

«Егемен Қазақстан» 17 қазан, 2015 жыл


«Ерлігімен елдің атын шығарған»

Күні: , 782 рет оқылды

IMG_4320


Кеңес Одағының Батыры Мәншүк Мәметова атындағы мемориалдық мұражай үйін отаншылдық мектебі десе де болғандай.


Мұражай қызметкерлері жақында №27 физика-математика бағытындағы лицей ұжымымен бірігіп, Кеңес Одағының Батыры Мәншүк Мәметованың қаза тапқанына 72 жыл толуына байланысты марқұмды еске алу митингісін өткізді. «Ерлігімен елдің атын шығарған» деп аталатын бұл шара облыстық мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасының қолдауымен өтті.

Батыр ескерткішінің маңында өткен жиынға Ұлы Отан соғысының ардагерлері мен «Фронтовичка» клубының мүшелері және олардың балалары, №27 физика-математика бағытындағы лицей ұжымы және БАҚ өкілдері қатысты.

Жиынды Мәншүк Мәметова атындағы мемориалдық мұражай үйінің директоры Светлана  Бектенова жүргізіп, барша кеңес халқының ортақ батырына айналған Мәншүк Мәметованың ерлігін еске түсірді.

— Осыдан тура 72 жыл бұрын, яғни 1943 жылдың 15 қазаны күні  Мәншүк Мәметова  Псков облысындағы Невель қаласын азат ету кезінде  Изоча станциясы жанындағы 173,7 биіктікте қаза тапты.  Осы биіктікті қорғау барысында ол пулеметшілер тобынан жалғыз қалды. Жауға өліспей беріспеген қазақтың батыр қызы сол ұрыста жаудың 70-тен астам жауынгерін жер жастандырып, ақтығында өзі де басынан алған ауыр жарақатынан майдан даласында қаза тапты. Дәл бүгінгі күні М. Мәметованы тек қазақ халқы ғана емес, орыс ағайындар да еске алып, оның есімін ұлықтауда. 2005 және 2012 жылы мұражай қызметкерлерінің ұйымдастыруымен «Фронтовичка» клубының мүшелері  шығыстың қос жұлдызы — Мәншүк пен Әлияның соңғы рет соғысқан жерінде болып, батырлардың рухына тәу етіп қайтты, — деген Светлана Саржанқызы митингіге жиналған жастарды батырдың өмірін үлгі тұтуға шақырды.

Бұдан кейін батыр құрметіне үнсіздік минуты жарияланып, М. Мәметова ескерткішіне Ұлы Отан соғысының ардагерлері гүл шоқтарын қойды.

Үнсіздік минутынан кейін «Фронтовичка» клубының  төрайымы Алевтина Митрохина, тыл және еңбек  ардагері Әмірхан Қарасаев, облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Мырзағали Мұхамбетов сөйлеп,  Ұлы Отан соғысы жылдары және одан кейінгі қиын уақыттардан естеліктер айтты. Митинг барысында сөйлеген ауған соғысының ардагері Анатолий Боровский мен  партизан Нұрғаным Байсейітованың қызы Күләш Васильева жастарды бейбіт өмірді сүйіп, оны құрметтеуге шақырды.

Жиын соңында №27 физика-математика бағытындағы лицей оқушылары отаншылдық тақырыбындағы әндерді шырқады.

 Айша ӨТЕБӘЛІ,

«Орал өңірі»


«Айбынды Ақ Жайықтан…»

Күні: , 941 рет оқылды

Айбынды ақжайықтан Афиша


Жуырда Ғарифолла Құрманғалиев атындағы облыстық филармониясы Дәулеткерей атындағы қазақ халық аспаптары оркестрінің көркемдік жетекшісі және бас дирижері, мемлекеттік «Дарын» жастар сыйлығының лауреаты, ҚР мәдениет саласының үздігі, Қазақстан композиторлар одағының мүшесі, Махамбет Өтемісов атындағы БҚМУ-дың қауымдастырылған профессоры Еркін Нұрымбетов Астана қаласына барып, Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған «Айбынды Ақ Жайықтан…» атты концерт беріп қайтты.


Өнер иесін аталмыш шығармашылық кеші жайындағы әңгімеге тартқан едік.

— Астана қаласы Мемлекеттік академиялық филармониясының қазақ халық аспаптар оркестрі және Ғарифолла Құрманғалиев атындағы Батыс Қазақстан облыстық филармониясының бірлескен концертін бердік.

Сарыарқаның төріне әр облыстың бас дирижерін шақырып, осындай концерт ұйымдастыру Астана қаласындағы аталмыш оркестрдің көркемдік жетекшісі және бас дирижері, ҚР еңбек сіңірген қайраткері, профессор, ұстазым Айтқали Жайымовтың бастамасы болатын. Мұның екі жақты пайдасы бар. Біріншіден, әр дирижер академиялық оркестрге өз репертуарларын алып келеді. Әр түрлі дирижермен жұмыс жасаған оркестрдің де деңгейі өсе түседі. Облыстан келген дирижер үшін де еліміздің бас қаласында концерт беру – зор жауапкершілік әрі шыңдалу. Концерт қоюға өзіміздің облыстық филармониядан әнші, ҚР еңбек сіңірген әртісі Қатимолла Бердіғалиев және баритон дауысты әнші Айбар Қайырханов үшеуміз барған болатынбыз. Жеке шығармашылық кешім болғандықтан, концерттің 70 пайыздай бөлігі жаңа шығармалардан тұрды. Олардың қатарында өзімнің оркестрге өңдеп түсірген және авторлық шығармаларым болды. Концерттің атына байланысты еліміздің батыс өңірі композиторларының шығармаларын көбірек орындауға тырыстық. Базарбай Жұманиязовтың «Туған жер» поэмасы алғаш рет орындалды. Құрманғазының «Қуанышы», Дәулеткерейдің «Бапасы», Махамбеттің «Қиыл қырғыны», Жантөренің «Шалқымасы» секілді күрделі күйлер оркестрде әуелегенде халық аса ілтипатпен қабылдады. Шығармашылық кеш 1600 орындық Конгресс-холда өтті.

Мыңға жуық көрермен жиылды. Олардың қатарында «Қатимолла Бердіғалиевті көріп, дауысын тыңдайын деп келдік» деген бүгіндері Астанада тұратын жасы үлкен жерлестер де болды. Жалпы, көрермен Қатимолла ағамыздың оркестр сүйемелдеуіндегі және жеке домбырадағы әндерін ерекше ықыласпен қабылдады. Дәулеткерей оркестрінде 45 музыкант болса, Астана оркестрінің құрамы 87 музыканттан тұрады екен. Олардың бәрі – бұрын-соңды ойнамаған шығармаларын екі-үш дайындықтан соң сахнаға алып шыға беретін нағыз кәсіби тұрғыдағы мамандар. Концерттік бағдарламамыз күрделі деңгейде құрылды. Өзім үшін үлкен сын және мектеп болды, — дейді Еркін Нұрымбетов.

Нұртас САФУЛЛИН,

“Орал өңірі”

Қатимолла БЕРДІҒАЛИЕВ,

ҚР еңбек сіңірген қайраткері:

— Еркін Нұрымбетов – ән-күйдің нотасын оркестрге лайықтап жазатын республикадағы санаулы дирижерлердің бірі. Ондай қабілет терең білімді қажет етеді. Жантөренің «Шалқыма» деген күйін оркестрге Еркіннен бұрын ешкім түсірген жоқ. Ол сондай техникалық шеберлікті қажет ететін шығармаларды барған жеріндегі оркестрлерде орындатып жүр. Астана үлкен орталық болғандықтан, жүрексіне барғанбыз. Бірақ Астананың оркестрі Еркінді жатсынбады. Оны шығармашылық шеберлігіне қарап мойындады. Еркін де облыс орталығынан келдім деген жоқ, оркестрді бірден үйіріп, уысында ұстады. Оркестрлік шығарма, ән болсын, халық өте риза болды. Концерт соңында барлығы орнынан тұрып, қошеметтеп қол соқты. Кейбіреулері сахнаға шығып, қолымызды алды. «Генерал болуды армандамаған солдат – солдат емес», – дейді. Қазір көптеген оркестр дирижерлердің «ҚР еңбек сіңірген қайраткері» деген атағы бар. Адам еңбегіне қарай бағалануы тиіс. Бірақ бұл мәселе Еркінге келгенде, өзінің осы дәрежеге әбден лайық екенін әлдеқашан дәлелдесе де, кешеуілдеп келеді. Осы мәселе қолға алынса, біздің оркестр де үлкен жігермен жұмыс жасар еді.

 

Айбар ҚАЙЫРХАНОВ,

Ғарифолла Құрманғалиев атындағы облыстық филармонияның әншісі:

— Шығармашылық кеш жоғары деңгейде өтті деп есептеймін. Көпшілік екі сағатқа жуық уақытқа созылған концертте сілтідей тынып, тіпті оркестр сүйемелдеуінде орындалған кейбір әндердің әсерінен көздеріне жас алды. Оны халықтың Ақ Жайығына, оның өнерпаздарына деген алабөтен сағынышы деп қабылдадым.


«Маусым «ЖӘҢГІР ХАНМЕН» АШЫЛМАҚ»

Күні: , 871 рет оқылды

Троя арулары (2)


Қазанның 23-інде Батыс Қазақстан облыстық қазақ драма театры өзінің кезекті XXIII маусымын жазушы-драматург Рахымжан Отарбаевтың «Жәңгір хан» драмасымен ашпақ. Жаңа қойылымды көрермен назарына ұсынудағы мақсат, жалпы киелі шаңырақтың бүгінгі тыныс-тіршілігі туралы біз театр директоры Қуаныш Амандықовты (суретте) әңгімеге тартқан едік.


— Жәңгір хан – жақсылығы мен кемшілігі қатар өрілген, солай бола тұра қазақ даласына отырықшылық мәдениет пен оқу-білімнің игілігін таратуда елеулі рөл атқарған күрделі тарихи тұлға. Биылғы Қазақ хандығының 550 жылдық мерейтойы аясында біз осы тұлғаның атақ-абыройын шектен шыға аспандатпай, кем-кетік тұсын тізбелеп, жерге тығып жібермей, заманына сай ақыл-парасатын, барынша шынайы кескін-келбетін сомдауға шешім қабылдадық. Қойылымның қоюшы-режиссері – Мұқан Томанов, — деп бастады әңгімесін театр басшысы.

— Жаңа премьерадан бөлек жыл жарым уақыттың ішінде біраз жаңа спектакльдер репертуарға еніпті…

— Иә, бұрындары маусымына бір-екі премьерадан аса алмаушы едік. Қазір, Құдайға шүкір, 11-12 жаңа қойылымды (түрлі жанрдағы, арасында балаларға арналған ертегілер де бар) сахналауға қол жетіп отыр. Өткен маусым белгілі драматург Иран-Ғайыптың «Мәңгілік елдің алтын адамы» драмасымен ашылды. Астанадағы Конгресс-холда Мұрат Ахманов ағамыз сахналаған спектакльді мыңдаған адам көріп, жоғары баға берді. Одан кейін көрнекті қаламгер Ғабит Мүсіреповтің «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» туындысы көрерменге жол тартты. 2014 жылғы желтоқсанның 16-сында облыстық театр жанынан Жастар театрының тұсауы кесіліп, жас театр «Алғашқы махаббат» атты комедияны сахналады. Бұдан соң Шыңғыс Айтматовтың «Жәмилә» драмасымен Өскемен қаласында өткен республикалық театрлар фестиваліне қатысып, «Жеңістің 70 жылдығына арналған ең үздік қойылым» аталымы бойынша бас жүлдені иелендік.

Өздеріңізге мәлім, 27 наурыз – Халықаралық театр күні. Бұл күні көрермендерімізге тосынсый жасайық деген мақсатпен көне грек драматургы Еврипидтің «Троя арулары» трагедиясын қойдық. Бұл туынды кейін Керчь қаласында өткен «Боспорские агоны» атты халықаралық фестивальде бас жүлдені еншіледі. Ал осы өнер бәйгесінде «Ең үздік режиссер» болып Қуандық Қасымов танылып, «Ең үздік әйел образы» аталымы Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, театрымыздың көркемдік жетекшісі Бибігүл Исалиеваға бұйырды.

Оның сыртында әйгілі қазақ жазушысы Шерхан Мұртазаның Б. Момышұлына арнаған «Ноқтаға басы сыймаған» драмасы, БҚО дін істері басқармасының тапсырысы бойынша қойылған «Жәннат» драмасы және т.б. қойылымдар халық көңілінен шықты деп ауыз толтырып айтуға болады.

— Сіз айтқан қойылымдар актерлық шеберліктен бөлек, мықты материалдық-техникалық әлеуетті де қажетсінеді. Облыстың бас театрында бұл жағы қай деңгейде?

— Ол рас. Театр басшысы болып тағайындалған екі жылға жуық уақыт ішінде материалдық-техникалық әлеуетті нығайтуға қатты назар аудардым. Театрдың декорация цехындағы істен шыққан 10 станокты қайта жөндетіп, бүкіл декорацияны қазір өзіміз жасаймыз. Оған қоса театрдың музыкалық және жарық беретін құралдарын 100 пайыз жаңарттық. Жаңа костюмдер тіктірдік. Бір сөзбен айтқанда, жағдайымыз кереметтей түзеліп қалды. Осы жерде бұл  жұмыстың бәрі облыс әкімі Нұрлан Ноғаевтың тікелей тапсырмасымен және облыстық мәдениет, мұрағаттар және құжаттамалар басқармасының басшысы Дәулеткерей Құсайыновтың қолдауымен жүзеге асқандығын айтқым келеді. Біз өз тарапымыздан талғампаз көрерменнің көңілінен шығуға әрқашан әзірміз.

Тоқтар ҒАБДІРЕШҰЛЫ,

«Орал өңірі»


Діндарлардың доп додасы

Күні: , 124 рет оқылды

DSC_1236


Рухани келісім күні аясында «Жайық» деструктивтік діни ағымдардан жапа шеккендерге көмек орталығы» қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен облысымыздағы әртүрлі діни конфессия өкілдері арасында шағын футболдан сайыс өтті.


Мемлекетіміз әрдайым зайырлылық ұстанымын дамытуға мүдделі екені мәлім. Орал газ, мұнай және салалық технологиялар колледжі спорт залында өткен доп додасы еліміздегі түрлі дінді ұстанушылардың ынтымақты жарасымда ғұмыр кешіп жатқанының жарқын бір көрінісіндей болды. Шағын шаршы алаңның шаңын қаққан алты команда арасынан  «Новая жизнь» діни бірлестігі жеңімпаз атанды. Екінші орынды облыстық орталық мешіттің командасы иемденді. Үшінші орынды облыстық дін істері басқармасы мен «Жайық» деструктивтік діни ағымдардан жапа шеккендерге көмек орталығы» ҚБ қызметкерлері құраған команда ұтып алғанымен, жүлдені «Агатэ» аяқдопшыларына сыйға тартты. Сондай-ақ «Православ», «Источник жизни» діни бірлестіктерінің командалары да шағын футболға белсене қатысқанын атап өткен жөн. Ал тартымды ойын өрнегін көрсеткен команда мүшелерінен «Ең үздік шабуылшы» аталымын Темірлан Мусин («Новая жизнь»), «Ең үздік жартылай қорғаушы» аталымын Али Дүйсен (облыстық орталық мешіт), «Ең үздік қорғаушы» аталымын Александр Ким («Агатэ») иеленді.

Нұртай ТЕКЕБАЕВ


«Сәкен оқулары» мәреге жетті

Күні: , 808 рет оқылды

IMG_4394


Жуырда қаламызда өтіп жатқан  «Тіл – татулық  тірегі» атты тіл айлығы аясында қала әкімдігінің мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің қолдауымен дарынды балаларға арналған мамандандырылған С. Сейфуллин атындағы №11 облыстық қазақ мектеп-интернат кешенінде «Сәкен оқулары» қорытындыланды.


Қазақ әдебиетінің көрнекті қайраткері Сәкен Сейфуллиннің өлеңдерін, прозалық, драмалық  туындыларын оқу арқылы ақын шығармашылығын құрметтеуді, рухын қастерлеуді мақсат еткен шараға қала мектептерінен 90-нан астам оқушы қатысты. Өз заманында қазақ мектептерінің ашылуына үлкен үлес қосқан ақынның шығармашылығын насихаттауға арналған дәстүрлі «Сәкен оқулары» байқауы қалада   төртінші рет өткізілсе, ал аталмыш білім ошағында дәстүрлі түрде 8-9 жылдан бері өтіп келеді.

Байқау нәтижесінде дарынды балаларға арналған С. Сейфуллин атындағы №11 мектеп-интернатының 8-сынып оқушысы Айсара  Зейін «Болашақ жас ақындар»  аталымы бойынша, 9-сынып оқушылары Айару Болатова «С. Сейфуллин өлеңдері мен поэмаларынан үзіндіні жатқа оқудан», Дулат Мұратов «Дауылпаз ақын туралы белгілі ақын шығармаларын оқу», Аэлита Ерсайынова  «Сәкен әндері» аталымы бойынша, №44 орта мектебінің 9-сынып оқушысы Еламан Райбеков «Сәкен шығармаларына сурет салу» аталымында бас жүлдені иеленді. Жеңімпаздардың бәріне дипломдар мен естелік сыйлықтар табысталды.

Гүлжамал ЖОЛДЫҒАЛИ

Суретті түсірген Темірболат ТОҚМАМБЕТОВ


БҚО, Орал қаласы, Мұхит көшесі, 57/1
zhaik_presscenter@mail.ru
oral_oniri@inbox.ru
support@oraloniri.kz

Орал өңірі" газетінің бас редакторы: 51-25-80
Бас редактордың орынбасарлары: 24-17-08, 54-18-08
Жауапты хатшы: 54-38-22
Тілшілер: 50-66-88, 51-50-34
Жарнама бөлімі: 51-51-09
Яндекс.Метрика