Мұрағат: 17.10.2015


Ынтымақ ырыздықты молайтады

Күні: , 785 рет оқылды


Кеше қаламыздағы Қадыр Мырза Әлі атындағы мәдениет және өнер орталығында Рухани келісім күніне орай БҚО дін істері басқармасы «Рухани келісім – халықтар  бірлігіне бастар жол» тақырыбына дөңгелек үстел өтті. Оған мемлекеттік мекемелердің, діни бірлестіктер мен этномәдени орталықтардың, үкіметтік емес ұйымдардың мүшелері қатысты.


Рухани келісім күні барлық ұлттар мен діндердің, саяси, діни сенім иелерінің өзара түсінушілігіне, адам баласына көмек қолын созу мен рақымшылыққа негізделген. 1992 жылы Елбасының қатысуымен Алматы қаласында өткен Бүкіләлемдік рухани келісім конгресінен бастау алған бұл мереке еліміздегі 130-дан астам ұлттың басын біріктіруімен, татулыққа ұйыта алуымен құнды.

Жиынды ашқан БҚО дін істері басқармасы басшысының міндетін атқарушы Саялбек Ғиззатов жиналғандарды мерекемен құттықтап, көпұлтты еліміз үшін Рухани келісім күнінің маңызына тоқталды.

— Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев биылғы Құрбан айт мерекесінде бүгінгі таңда әлемде орын алған соғыстың үш себептен – шекара  үшін, этнос және конфессияаралық қақтығыстың салдарынан болып отырғанын айтты. Біз бүгін Сирияда, Ауғанстанда, басқа да мемлекеттерде не болып жатқанын білеміз. Сириядағы жағдай тіпті ушығып тұр. Жер жүзіне босқын қаптады. Қазақстан, Ресей, жалпы Еуропа елдерінің жастары өзге елдердегі соғыстарға қатысуда. Жастар неге күдікті ұйым-дарға қосылып жатыр? Бұған жүргізілген сауалнаманың 32 пайызы діни сауатсыздықтың, 25 пайызы отбасындағы тәрбиенің кемдігін, 12 пайызы мәдени-технология өзгерістерінің себеп болуын көрсеткен, — деген Саялбек Махамбетұлы тәуелсіздігіміздің тұғырлы болуы үшін діни экстремизм мен терроризмді жою жолында әлем халықтарының рухани келісімінің маңызының зор екеніне тоқталды.

— Рухани келісім күні – қазақ  қоғамындағы маңызды күн. Өйткені әлемде болып жатқан түрлі келеңсіз оқиғаларды тиятын бірден-бір құрал – халықтардың  рухани ынтымағы, — деді сөз алған Орал қалалық мешітінің имамы Әлемхан Тұрлыбеков. – Кез келген ұлт өкілі ұрпаққа ізгілік, инабаттылық, қайырымдылық жолында тәлім-тәрбие берсе, түсініспеушілік пен соғыстың алдын алуға болады. Пайғамбарымыз әкелген имандылық, ізгілік, адамгершілік, сабырлық, жомарттық сияқты асыл қасиеттерге бүгінгі қоғам аса мұқтаж болып отыр. Шынымызды айтсақ, біз адамдық қасиеттердің құлдырау дәуірінде отырмыз. Алайда соған қарамастан елімізде түрлі этностар мен діни ұйымдардың тату-тәтті тірлік кешуі, біріншіден, сан түрлі ұлтты бауырымызға тарта білген ата-бабамыздың кеңпейілділігі мен қонақжайлығының, екіншіден, Елбасының көреген саясатының арқасы. Адамды ұлтына, нәсіліне, дініне бөлмей, бауырымызға тарту – мұсылмандық парызымыз. Ал діни конфессия-лар еліміздің оларға көрсетіп отырған құрметіне саналы түрде қарап, бәрімізге ортақ ынтымақ үшін оң әрекет жасайтын болса, Алла тағала бізге берекетті берген үстіне бере түседі, — деді ол.

Жиын соңында діни бірлестік өкілдері облыс тұрғындарына арнап үндеу қабылдады. Одан соң Д. Қонаев атындағы саябаққа тал-терек отырғызды.

Ұлдай САРИЕВА,

«Орал өңірі»

Батыс Қазақстан облысындағы діни бірлестік өкілдерінің Рухани келісім күніне орай  облыс тұрғындарына  ҮНДЕУІ

Құрметті  батысқазақстандықтар!

Санғасырлық мемлекеттік дәстүрі бар Қазақстанда мемлекеттің зайырлы сипаты үнемі рухани негізбен өзара тығыз байланыста. Нәтижесінде  барлық әлемдік және дәстүрлі діндер негізінде жатқан рухани құндылықтар зайырлы мәдениетке, азаматтық қоғам нормаларына,  білімге, еліміздің қоғамдық-саяси өміріне кірікті. Көпэтносты және көпконфессиялы қоғамды Қазақстанның даму стратегиясының ресурсына айналдырып, руханилық пен азаматтылық қоспаны нығайтты.

Әлемде этносаралық және конфессияаралық қақтығыстар туындап отырған кезеңде осы бір бірегей қазақстандық тәжірибе жаһандық деңгейде қажетін тапты. Астана төрінде Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің сиезі өтіп отырғаны кездейсоқ емес.

Барлық қазақстандықтар этникалық және діни сеніміне қарамастан, Конституция кепілдік беретін азаматтық құқықтар мен бостандықтарды толықтай пайдаланып келеді. Сондай-ақ  мемлекет әрбір қазақстандық этностың тілі мен мәдениетін сақтау мен дамытуға атсалысып келеді.

Қазақстан бүгінде әр түрлі континенттер мен мемлекеттер достығының ерекше көпіріне айналды және мәдениетаралық, этносаралық диалогтың механизмін анықтап, халықтық дипломатияның құралына айналып, мемлекет пен азаматтық қоғамның байланысын нығайтты.

Осындай игі істердің нәтижесінде Орал өңірінде, сондай-ақ жалпы Қазақстанда сенім мен толеранттылықтың, тұтастық пен өзара түсініспеншіліктің ерекше моделі қалыптасты.

Біз, Батыс Қазақстан облысының барлық этностары мен діни конфессия өкілдері, Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың қуатты және гүлденген Қазақстанды қалыптастыруға, қазақстандық қоғамды біріктіруге бағытталған саясатын қолдаймыз.

Рухани келісім күні біз барлық облыс тұрғындарын Қазақстанның ел бірлігі доктринасын жүзеге асыруға, дәстүрлі мәдениет пен толеранттылық сананы жетілдіруге шақырамыз. Аталған құндылықтарды ашатын шаралар қоғамдағы тұрақтылық пен этносаралық үйлесімді нығайтуға, мәдениеттерді өзара байытуға, қазақстандық қоғамдық келісім мен бірлік үлгісінің жетістіктерін көрсетуге, бейбітшілік пен зорлық-зомбылық жасамау диалогі мәдениетіне бағытталған бұқаралық жалпыхалықтық сипат алуы тиіс.

Біздің болашақ ұрпаққа беретін ең басты байлығымыз – бұл халықтың бірлігі. Біз басты ұлттық құндылығымыз, барлық қазақстандықтардың табысының негізі ретінде бейбітшілік пен келісімді сақтауымыз керек.

Біз ортақ үйіміз – Қазақстан Республикасындағы бейбітшілік пен келісімді сақтау үшін барлық күш-жігерімізді саламыз!

Орал қаласы 16 қазан 2015 жыл


Қылмыс азаймай тұр…

Күні: , 868 рет оқылды

0ылмыс азаймайды


Жуырда облыс әкімдігінде облыс әкімінің орынбасары Бақтияр Мәкеннің төрағалығымен құқықбұзушылықтың алдын алу жөніндегі ведомоствоаралық комиссияның отырысы өтті.


Адамдарды нәпсіқұмарлық сипатта және еңбекке пайдаланумен байланысты адам саудасы қылмыстарының жолын кесу, алдын алу, сондай-ақ пробациялық қызмет, бас бостандығынан айыру орындарынан шыққандарды еңбекке орналастыруға көмек көрсету жұмыстарының жай-күйі және 2015 жылдың 8 айының қорытындысы бойынша Ақжайық, Қазталов аудандарындағы қоғамдық қауіпсіздік жағдайы мен құқықбұзушылықтың алдын алу шаралары жайлы үш түрлі мәселе күн тәртібіне арқау болды.

Күн тәртібіндегі алғашқы мәселеге байланысты баяндамадан белгілі болғанындай, ағымдағы жылдың 8 айы ішінде адам саудасына қарсы іс-қимыл саласында 13 қылмыс және 1 әкімшілік құқықбұзушылық анықта-лып ашылған. Олардың дені жезөкшелікпен тығыз байланысты. Қазіргі уақытта БҚО ІІД-да еңбек немесе нәпсіқұмарлыққа пайдалану фактілері бойынша 50-54-31 сенім телефоны желісі бар. Бірақ бұл желіге  ешқандай жүгіну түспеген. Қала, аудандық ішкі істер басқармасы мен бөлімдері ауылдық жерлерде де адам саудасына қатысты қылмыстарды анықтау бойынша нақты жұмыстар атқаруда. Еңбекке пайдаланудың құрбандарын анықтау мақсатында шаруа қожалықтарын, құрылыс нысандарын, ЖШС-ларды, акционерлік қоғам және өзге де меншікті мекемелерге тексеру ұйымдастырылған.

Бүгінгі таңда облысымыз бойынша 17 аймақтық пробация қызметі жұмыс жасайды. Биылғы жылдың 8 айы ішінде аймақтық пробация қызметіне 1 780 сотталушы тіркелген. Бұл көр-сеткіш былтырғы осы кезеңмен салыстырғанда 36,18 пайызға артқан. Жалпы алғанда, соңғы уақыттарда мемлекет тарапынан қабылданған шаралар негізінде пробация қызметінің еңбекпен қамту мәселелері бойынша түрлі органдармен өзара қарым-қатынасы тиімді жолға қойылған.

Ақжайық ауданының әкімі Әділ Жоламанов және Қазталов ауданы әкімінің орынбасары Нұретден Құтқожиннің баяндауынан екі ауданда да қылмыс саны азаймай отырғаны белгілі болды. Әсіресе, мал ұрлығы арта түскен. Баяндамашылар оның негізгі себебін жеке мал бағымының толық жолға қойылмай келе жатқанымен байланыстырды. Бұл мәселе Ақжайық ауданы бойынша жол-көлік оқиғаларының да артуына әкеліп соқса, Қазталов ауданының Ресей аймағымен іргелес ауылдарының малы шекара асып кетіп, қадағалауды күшейту қажеттігін туғызып тұрған көрінеді.

— Күн тәртібінде қаралған барлық мәселелерге қатысты осы уақытқа дейін атқарылған жұмыстар нәтижесіз емес. Алайда профилактикалық шараларды әлі де ширату керек. Облыста биылғы 8 айдың қорытындысы бойынша 8 808 қылмыс тіркелген. Мұны өткен жылғы көрсеткішпен салыстырсақ, 14,9 пайызға өскендігі байқалады. Кәмелетке толмағандар арасындағы қыл-мыс саны былтырғыдан 124-ке артқан. Осы бағыттағы, сондай-ақ алькоголь, есірткі, қоғамдық орындардағы құқықбұзушылық-қа қатысты қылмыспен күресуді күшейту керек, — деді облыс әкімінің орынбасары Бақтияр Мәкен жиынды қорытындылаған сөзінде.

Нұртас НАБИОЛЛАҰЛЫ,

«Орал өңірі»


Нұрлан СӘДІР: «Асарлатқан баршаңызға ризамын!»

Күні: , 896 рет оқылды

201510152307306


Нұрлан Сәдірді көпшілік санэпидқадағалау саласының маманы, блогер ретінде жақсы біледі. Қазіргі уақытта облыстық қазақ драма театрында әдебиет бөлімінің меңгерушісі қызметін атқарып жүрген ол отбасымен былтыр қыстың көзі қырауда қиын жағдайға тап болды. Яғни баспанасы өртеніп, шиеттей бес баласымен далада қалды.


Нұрланның отбасы ол кезде біраз жыл бойы Жәңгір хан атындағы БҚАТУ-дың маңындағы СМП ауылында бір қабатты көп пәтерлі үйде тұрды. Олармен жапсарлас тұратын орыс кемпірі арақ ішіп, мазаны жиі алатын. Көрші кемпірдің кесірінен үй ақыры өртке оранды. Соның нәтижесінде кейіпкеріміз бала-шағасымен далада қалды. Амалсыз пәтер жалдады. Қыс кетіп, күн жылынғанша сонда тұрды. Көктемде несие рәсімдеп, Зашаған кентінен жер сатып алды.

— Көп кешікпей досым, белгілі журналист, ақын Қазбек Құттымұратұлы «фейсбук» әлеуметтік желісінен «Асар# Нұрлан# Орал» деп парақша ашты. Ол парақшаның кіріспесіне «Бұл — баспанасы өртке кетіп, шиеттей бала-шағасымен далада қалған Нұрлан Сәдір досымызға үй салуына көмектесу үшін асарға жиналған белсенді азаматтардың бас қосатын алаңы» деп жазды. Асардың алғашқы қадамы осылай басталды. Жалпы алғанда, үй салуымызға бұл парақшаның көмегі көп тиюде.  Асар болатынын естіп, еліміздің біраз өңірінен бейтаныс адамдар хабарласып, бірі материалдық, бірі моральдық тұрғыдан жәрдемдесіп жатыр. Ағымдағы жылдың 10 мамырында “Бисмилла!” деп  баспананы көтеруге кірістік. Жұмысты бастамас бұрын арнайы мал сойып, Құран оқылды. Асарлатып үй салуыма белгілі заңгер, қоғамдық белсенді Абзал Құспанның еңбегі көп сіңді. Ол үйдің жобалық құжаттамасын дайындауға, құрылыс материалдарын алуға да, құрылысшы мамандарды, жұмыс күшін тартуға да аз тер төккен жоқ. Тіпті зайыбының атына есепшот ашып, оған көмек қолын созған жандардан түскен қаржыны құрылысқа жұмсады және аударылған ақшаның әр тиынына байланысты, құрылыс жұмыстарына орай есеп беруді де мойнына алды. Қыркүйек айының ортасында он бес күндей уақытқа Шығыс Қазақстан облысына іссапарға кеттім. Менің жоқтығыма қарамай, Қазбек Құттымұратұлы мен Абзал Құспанды айтпағанда, белгілі суретші Берік Шадығали, дәстүрлі әнші Фархат Оразов, жүргізуші Ербол Мұстажапов, азаматтық белсенді Нұрғали Қожабай сынды достарым құрылыс жұмыстарын тоқтатпай жүргізді. Сондай-ақ өзім жете танымайтын адвокат Саян Жүнісбаев, заңгер Нұржігіт Фазылғалиев деген азаматтар да келіп көп жұмыс атқарған. Ал тележурналист Жанат Кайырғожина үйдің ішкі әрлеу жұмыстарын істеді. Осы сәтті пайдаланып, құрылысқа атсалысып жүрген БҚМУ студенттері Абзал Каримоллаға, Ерсінғали Шәңгерейге, белгілі саясаттанушы, “фейсбук ақсақалы” Еркін Ерғалиев аға-мызға көмек қолын созып, жылы сөздерін арнап жатқан барша жанға, асарлатқан барлық азаматтарға ризашылығымды білді-ремін, — дейді Нұрлан Қуанышұлы.

Халқымыздың көпшіліктің көмегін пайдалану дәстүрін бала кезінде көріп өскен Нұрлан қамал алар жастан асқанда асардың не екенін нақты сезінді. Өзінің сенімді достары, асар сынды ізгі дәстүр болмаса, мұндай су жаңа үйдің иесі болар ма еді, жоқ па еді. Бес бөлмелі жаңа үйге қазір газ, су, электр жарығы ғана жетіспейді. Өзгесі біте келді. Бұйыртса, Сәдір отбасы бір ай ішінде қоныстойын өткізуді жоспарлап отыр.

Мәди ЫҚЫЛАС


«Көне ескерткіштерді «қара ойлы археологтардан» қорғау керек»

Күні: , 921 рет оқылды

кирпичеобжигательная печь. Городище Жайык


БҚО тарих және археология орталығының директоры Мұрат СДЫҚОВ:

Ақ Жайық – көне  тарихи ескерткіштерге бай өлке. Бабадан қалған осы баға жетпес асыл мұраны зерттеу, көздің қарашығындай қорғау мәселесі өз деңгейінде ме? Жақында ғана кеңінен аталып өткен Қазақ хандығының 550 жылдығы бүгінгі ұрпаққа қандай тәлім-тәрбие береді? Осы және өзге сұрақтарды біз Батыс Қазақстан тарих және археология орталығының директоры, тарих ғылымдарының докторы, профессор Мұрат Сдықовқа қойған едік.


— Мұрат Наурызғалиұлы, күні кеше ғана Қазақ хандығының 550 жылдығын кең көлемде атап өттік. Мемлекеттігімізді айқындаған, бірлігімізді бекемдеген осынау мерекеге өңір тарихшыларының қосқан үлесі қандай?

— Иә, Қазақ хандығының 550 жылдық мерейтойы, шынында да, елімізді мекендеген барша ұлт пен ұлысты төл тарихымызды тануға, оның ақтаңдақ беттерін қалпына келтіруге, тарихи-мәдени мұраны зерттеуге жасалған аса маңызды қадам болды. Жалпыұлттық мерекеге батысқазақстандық ғалымдар үлкен дайындықпен келді. Соның бір айғағы – әйгілі Хан ордасы ауылында өткен халықаралық ғылыми конференция. Оның жұмысына сол кездегі ҚР Үкіметі басшысының орынбасары Бердібек Сапарбаев пен өңір басшысы Нұрлан Ноғаев арнайы қатысты. Келелі ой-пікірлерін ортаға салды. Конференцияға Ш. Аманжолова, И. Ерофеева секілді көрнекті қазақстандық тарихшылардан бөлек, Ресейдің Мәскеу, Уфа, Орынбор, Астрахан қалаларынан да мүйізі қарағайдай ғалымдарының келуі біз үшін үлкен мәртебе десек қателеспейміз. Осы басқосуда И. Ерофеева қазақ аңызында айтылатын Алаш хан мифтік тұлға емес, ол кәдімгі өмірде болған Хақназар хан деген батыл болжам жасап, оны нақты дәйектермен дәлелдеп шықты. Яғни бұл – бүгінгі қазақ тарихына қосылған тың жаңалық.

Мерейлі дата аясында «Астанадан астанаға» атты экспедиция ұйымдастырдық. Экспедиция барысында көне Сарайшықтың орнында, Орынборда, Хан ордасында болып, қазақ тарихына қатысты мол мәлімет жинадық. Экспедиция жұмысына отандық мамандармен қатар, РФ ҒА Этнология және антропология институтының, РФ ҒА Дала институтының, Астрахан және Самара мемлекеттік университеттерінің білікті ғалымдары белсене араласты. Жақында арнайы жинақ жарыққа шықпақшы.

— Тарихтың бір маңызды бағыты археология екенін білеміз. Өңірдегі бұл саланың жеткен жетістіктері бар ма?

— Әрине. Мысалы, 2012 жылы Теректі ауданы аумағынан табылған, ғылыми айналымға Алтын ханшайым деген атпен енген ақсүйек әйелдің мүрдесін аса үлкен әрі маңызды жаңалық деуге әбден болады. Біздің дәуірімізге дейінгі VI ғасырдан бастап Жайық бойында көшпелі савромат-сармат тайпаларынан құралған мықты дала империясының болғаны керемет жаңалық емес пе? Бір сөзбен айтқанда, біз тікелей ұрпағы қазақтар болып табылатын көне көшпенділер өркениетінің тарихы біздің дәуірімізге дейінгі бірінші мыңжылдықтан басталатындығын археологиялық жәдігерлер арқылы дәлелдеп бердік.

Орта ғасырлардың өзінде-ақ Батыс Қазақстанда қала мәдениеті қалыптасқан. Археологтар жаңадан тапқан Жайық, Жалпақтал және Сарыөзен қалашықтары осыған куә. Мәскеу, Қазан, Астана және Алматы қалаларынан келген ғалымдармен бірлескен қазба жұмысы арқылы көне Жайық қалашығы мен бүгінгі Оралдың арасында тікелей сабақтастық бар екендігі анықталды. Яғни Оралдың тарихы сонау XIII ғасырдан бастау алады. Сондықтан қаланың пайда болғанына қазіргі айтып жүргендей 400 жыл емес, 700 жыл толып отыр. Орал – Алтын Орда кезеңінде іргетасы қаланған қала.

— Мұрат Наурызғалиұлы, көне қалалардың орны мен архео-логиялық жәдігерлер табылды дейік. Енді оларды есепке алу, тіркеу, мемлекеттің қамқорлығына алу мәселесі қай деңгейде?

— Орынды сауал. Батыс Қазақстан облысында 2153 тарих және мәдениет ескерткіші мемлекеттік тізімге енгізіліп, қамқорлыққа алынды. Орда ауылындағы Хан ордасы, Жымпитыдағы Алашорданың Күнбатыс бөлімшесі үкіметі орналасқан ғимарат қалпына келтірілді. Ұлт-азаттық көтерілістің жетекшісі Сырым Датұлына, көрнекті ақын Қадыр Мырза Әліге ескерткіш қойылды. Бұл тізімді әрі қарай жалғастыра беруге болады. Дегенмен біз өзіміздегі құнды жәдігерлерді, тарихи ескерткіштерді бүгінгіден де жоғары, яғни ЮНЕСКО деңгейіне дейін көтеруіміз керек. Осы бағытта нақты жұмысты бастадық. Атап айтқанда, ҚР ғаламдық мұра ұлттық комитеті мен Батыс Қазақстан облыстық тарих және археология орталығы бірлесіп, өңірдегі екі тарихи-мәдени ескерткішті ЮНЕСКО-ға ұсыну туралы хат әзір-леді. Олар: XIII-XV ғасырлардағы тарихи-мәдениет ескерткіші болып табылатын Жайық қалашығы және біздің дәуірімізге дейінгі VI-IV ғасырларда, савромат-сарматтар кезеңінде пайда болған айрықша ескерткіш – Қырықоба обалар кешені. Келешекте осы ұсыныс қолдау табады деп үміттенеміз.

Ал енді тарихи ескерткіштердің шын мәнінде қорғалуына келсек, бұл жерде үлкен қиындықтар бар. Қара басының пайдасын ойлаған «қарау археологтар» көне қалашық орындарын, қорғандарды, қорымдарды қазып, талқандап жатыр. Олардан газ, су құбырын тартатын, жол салатын мекеме-кәсіпорындар да қалысып жатқан жоқ. ҚР «Мәдениет туралы» заңы аяқасты болуда. Әрине, біздің облыс экономикасының өркендегеніне, жол салынып, газ, су құбырларының тартылғанына еш қарсылығымыз жоқ. Қайта қуана қолдаймыз. Алайда барлық жұмыс тек қана заң шеңберінде жасалуы тиіс деп есептейміз. Алдағы уақытта облыс әкімінің төрағалығымен осы мәселеге қатысты арнайы мәжіліс өткізілсе, біз өз ой-пікірімізді батыл айтар едік.

— Жалпы, Жайық өңірін зерттеуге қатысты біртұтас бағдарлама бар ма?

— Әзірге жоқ. Бірақ ол бізге ауадай қажет. Мен үйлестіруші ретінде ұлттық тарих жөніндегі ұлттық комиссияны, ал біріктіруші, басын қосушы ретінде облыстық тарих және археология орталығын атар едім. Жалпы, жергілікті тарихшылар тарапынан жекелеген қызықты зерттеулер көп те, оларды бірыңғайлау, бір ізге түсіру жағы кемшін. Неге біз бірігуіміз керек? Менің ойымша, оның үш себебі бар. Біріншіден, тарихи оқиғалар мен тұлғаларға қатысты бірыңғай көзқарас қалыптасуы қажет. Екіншіден, тарихи тұлғалардың кескін-келбетін қалыптастыруда бір жүйе керек. Үшіншіден, зерттеулердің біртұтас бағдарламасы жасақталғаны дұрыс. Себебі алдымызда біздің облысқа тікелей қатысы бар бірнеше ірі даталар жақындап қалды. Мәселен, 2016 жылы Қазақстандағы ұлт-азаттық қозғалыстың 100 жылдығын, 2017 жылы Алаш қозғалысының 100 жылдығын атап өту  жоспарлануда.

Сұхбаттасқан Тоқтар КЕНЖЕҒАЛИЕВ,

«Орал өңірі»


Мультфильмнің де мультфильмі бар…

Күні: , 999 рет оқылды

мультики


«Орал өңірі» газетінің биылғы 17 кыркүйектегі санында тілші Гүлсезім Бияшеваның «Балаңыз қандай мультфильм көреді?» атты мақаласы жарық көрген еді. Бұл материалда автор анимациялық туындылардың бала тәрбиесі мен балдырғандардың психологиясына оң-теріс әсері туралы ой-пікірін ортаға салады. Жақында аталмыш мақала негізінде Оралдағы №22 жалпы орта білім беретін мектепте тәрбие сағаты өтті. Бұл шараны қазақ тілі мен қазақ әдебиетінің мұғалімі, жас маман Сапура Құбаева ұйымдастырды. Осылайша «Орал өңірінің» тәрбие сағаты» атты жаңа жобаның тұсауы кесілді. Бұдан былай біздің газетте жарық көрген тағылымы мол мақала-материалдар негізінде үлкенді-кішілі оқу орындарында «Орал өңірінің» тәрбие сағатын» жүйелі өткізбек ниеттеміз.


Көгілдір экранның адамзат баласы үшін маңызы зор екенін назарға алған жас маман тәрбие сағатын «Қазақ ертегілері және шетелдік мультфильмдер: ерекшеліктері, әсері, тәрбиелік мәні» атты атаумен 5 «а» сынып оқушыларының арасында өткізді.

Сапура ҚҰБАЕВА, Орал қаласындағы №22 мектептің қазақ тілі мен қазақ әдебиеті пәнінің мұғалімі:

— Бүгінгі тәрбие сағаты қазақ ертегілері негізінде дайындалған мультфильмдер мен шетелдік мультфильмдерге шолу-сараптама сипатында өтпек. Американдық зерттеушілер «көк жәшікке» телміретін көрерменнің басым бөлігі балалар мен жасөспірімдер екенін, сонымен қатар баланың мектепке барғанша жылына 5 мың сағат, мектеп бітіргенге дейін жылына 19 мың сағат теледидар алдында отыратынын да дәлелдеген. Олардың пікірінше, әр бала өз уақытының 30% пайызын экран алдында өткізеді екен. Сондай-ақ балдырғандардың теледидардан көріп тамашалайтын туындыларының басым бөлігін мультфильмдер құрап отыр.

Шындығында, қай телеарнаны қосып қалсаң да, балаларға арналған «Шрэк», «Батуган», «Спонч-боб», «Наруто» секілді тәлімі күдікті өнімдер жүріп жатқаны. Бір қарағанда, қарапайым суреттерден тұратын экрандық туындының баланың санасына ешбір әсері жоқтай көрінеді. Алайда «көк жәшікке» телмірген баланың қимыл-қозғалысы мен эмоционалдық күйінен өзгерістерді аңғару қиын емес. Бұл мәселе төңірегінде мектеп оқушылары өз пікірлерін білдіріп, ойларын жеткізді.

Елназ ЖАРАСБАЕВА, 5 «а» сынып оқушысы:

— Мен қазақ ертегісі негізінде түсірілген мультфильмдерді теледидар бағдарламасы бойынша да, топтамасын сатып алып та жиі қараймын. Сіңліме де тәрбиелік мәні зор «Ер Төстік», «Алтын сақа» мультфильмдерін көрсетемін. Бұл мультфильмдерде мейірімді және қатыгез адамды қатар қойып, соңында мейірімді, әділ адам жеңіске жететінін көрсетеді. Үйде анам қыз бала сыпайы, әдепті болу керектігін айтып отырады. Кейде автобуспен сабаққа келе жатқанда мен секілді жеткіншектердің үлкен адамға, балалы аналарға орын бермей, терезеге телміріп отыратындарын байқаймын. Менің ойымша, олар шет мемлекеттердің тәрбиесіз мультфильмдерін жиі тамашалап, үлкенге құрметпен қарау секілді қасиеттерді ұмытып бара жатқан сияқты.

Ақбота ҚУАНЫШҚАЛИЕВА, 5 «а» сынып оқушысы:

— Мен осы орайда ата-аналардың пікірін білмек болып, «Балаңыз қандай мультфильм қарайды?» деген сұраққа сауалнама жүргіздім. Жалпы, қырыққа жуық ата-анаға сұрақ қойдым. Оның 25-і «Қазақ мультфильмін тамашалаймыз» десе, 10-ы Ресейдің «мульттоптамасын», 5 ата-ана ұл-қыздарының «Tiji», « Nickelodeon», «Boomerang», «Disney канал» арналарынан берілетін шетел-дік мультфильмге назарларының ауып тұратынын айтады.

Гүлсезім БИЯШЕВА, «Орал өңірі» газетінің тілшісі:

— Халық ертегісінің негізінде түсірілген «Қарлығаштың құйрығы неге айыр?» атты алғашқы қазақ мультфильмінің түсірілгеніне 50 жылдай уақыт өтсе де, ол өзінің тәрбиелік маңызын жойған емес. Еліміздің еңбек сіңірген өнер қайраткері, режиссер-аниматор, қазақ мультипликациясының негізін қалаушы Әмен Қайдаров Мәскеу қаласындағы Бүкілодақтық мемлекеттік кинематография институтын үздік бітірген. Ол алғашқы мультипликациялық туындысын шығармас бұрын қа-зақтың аңыз-ертегілері мен қисса-дастандарын оқып, халық ауыз әдебиетіне жіті назар аударған. «Қарлығаштың ұясын бұзуға болмайды!» деген тыйым сөзді бала кезден естіп өскен Әмен атамыз алғашқы туындысына халық ертегісін арқау етті. Мультфильм жасауға бес адамнан тұратын шығармашылық топ кірісіп, жұмысты кейіпкерлер бейнесін салудан бастаған. Мультфильмнің музыкасын белгілі сазгер Нұрғиса Тілендиев ұлттық реңкте жазып шықты. 10 минуттық мультфильм түсіруге бір жарым жыл уақыт кеткен.

Шерхан ЖЕКСЕНҒАЗЫ, 5 «а» сынып оқушысы:

— «Қарлығаштың құйрығы неге айыр?» ертегісін бес жасымда анам оқып берді. Бұл мультфильм күні бүгінге дейін 48 елдің экранынан көрсетілген.

Қарлығаш – қасиетті құс, адам баласының досы. Жоңғар шапқыншылығы кезінде Төле би шаңырағына ұя салған қарлығаштың ұясын бұзбай, жетіп келген жау нөкерлеріне «Қарлығаш сарыауыз балапандарын қанаттандырғанша мен еш жаққа көшпеймін. Мен жау келді деп үйімді жығып, қарлығаштың ұясын бұзып, балапандарын шырылдатар жайым жоқ! Сендердің де бала-шағаларыңды улатып-шулатып қырып жатса, жақсы ма?!?» деп бірауыз сөзбен жаудың аптығын басқан екен.

Сіздер білесіздер ме, ертеде дүние жүзін топан су қаптағанда Нұх пайғамбардың кемесін суға батудан аман алып қалған қандай жәндік екенін? Сондай-ақ адам баласын қастандық жасамақ болған жыланнан корғап қалған қай құс екенін? Әрине, қарлығаш болатын. Бұл ертегіні сыныптастарымның барлығы оқыды деп ойлаймын. Алайда өзім шамалас жеткіншектердің көбі мектептен тыс уақытта ертегі оқымайтынын байқаймын. Себебі кешқұрым алаңға доп ойнауға шыққанда, біздің аула балаларының айтатыны негізінен жаңадан шыққан шетел мультфильмдері мен кинолары туралы. Бір жағынан, оларды да кінәлауға болмайды. Өйткені күн сайын көрсететіндей қазақ мультфильмдері көп емес, ал қазақша деп берілгеннің өзі өзге тілден аударылады. Сондай-ақ менің ойымша, қазақ мультфильмдерін жарнамалау кемшін. Қазақтың ертегі кейіпкерлеріне ойыншықтар шығарса, кинотеатрлардың маңына, көшелерге көлемді жарнама жапсырмалар ілсе, жақсы болар еді. Қарап отырсаңыз, жаңажылдық шыршаның өзінде біз шетелдік мультфильмдер кейіпкерлерінің киім үлгісінде тігілген костюмдер киеміз. Өйткені дүкен сөрелерінде табылатыны да, бағасы қолжетімдісі де солар ғана.

Осылайша тәрбие сағатында берілген тақырып бойынша 5 «а» сынып оқушылары өз ойларымен жарыса бөлісумен болды. Сабақты аталмыш мектептің директоры Жанаргүл Аймырзина қорытындылады.

Жанаргүл АЙМЫРЗИНА, мектеп директоры:

— Бүгінгі тәрбие сағаты ерекше сипатта өтуде. Шәкірттер берілген тақырып бойынша өз беттерімен жақсы ізденіп, тыңғылықты дайындалып келген. Біраз тың деректерді алға тартты. Сондай-ақ өскелең ұрпақ тәрбиесіне қатысты облыстық «Орал өңірі» газетінің жаңа жобасы жалғасын таба берсін.

Жанаргүл ҚҰРМАНҒАЛИЕВА, Батыс Қазақстан инженерлікинновациялық техникалық университетінің аға оқытушысы, психология ғылымының магистрі:

— Көгілдір экранға жол тартқан мультфильмдердің кейбірі эстетикалық тәрбие тұрғысынан да, психологиялық тұрғыдан да баланың санасына кері әсер етеді. Әлгіндей дүмбілез дүниелер баланың интеллектуалдық дамуын тежеп, көгілдір экранға тәуелді етеді. Сонымен қатар бала өздігімен жүріп, сөйлеуді меңгермейінше, пассивті көрермен ре-тінде экран алдында отырғызуға болмайды. Өйткені теледидарға телмірген баланың жүріп-тұруы да, сөйлеп үйренуі де тежеледі. Сана-сезімі енді ғана дамып келе жатқан іні-қарындастарыңа оқиға желісі жылдам өзгеретін мультфильмдерді, сондай-ақ атыс-шабысты көрсетпеуге тырысыңдар. Өздерің де бүгінгі сабақтың мән-маңызын түсініп, мағыналы мультфильмдер көріңіздер.

Сымбат ЖАЙЛЫБАЕВА, ата-аналардың өкілі:

— Бүгінгі тәрбие сағатына қатысып, қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Сапура Құбаеваға риза болып отырмын. Меніңше, мұндай тәрбие сағаттарының балаң санаға берері көп. Бала тәрбиесіне қатысты кейде өзімізден де ағаттық кетіп жатады. Үй шаруасымен айналысып жүріп, жыламай тыныш отырсын деп ара-тұра теледидардың пультін сәбидің қолына ұстата саламыз. Шын мәнісінде, перзенттеріміздің көгілдір экраннан көрсететін ер не әйел деуге келмейтін құбыжық бейнелерге еліктеп өссе, бұған ата-ана өзіміз кінәліміз. Бұл тәрбие сағаты ата-аналар үшін де үлкен сабақ болды деп есептеймін.

Нұрсәуле ІЛИЯСОВА, мектепке дейінгі №48 «Мұрагер» мекемесінің тәрбиешісі:

— Балабақшаға келген 3-4 жасар бөбектер санау түгілі, өз есімін айта алмаса да, теледидардың қай тетігін басу керектігін анық біледі. Сана-сезімі енді қалыптасып келе жатқан балаға мазмұны күмәнді, сюжеті үрейлі шетел мультфильмдерін көрсеткенше, ертегі оқып берген жөн. Бала қиялы таңғажайып ертегілерді тыңдағанды жақсы көреді. Олар оқыған ертегінің мазмұнын сурет арқылы немесе ойыншықтар арқылы тез қабылдайды. Сондықтан бөбекті теледидардың алдына телміртпей, халық ауыз әдебиетінің інжу-маржаны ертегімен сусындатса, ойлау көкжиегі кең әрі сөздік қоры бай болады.

Р.S. Тәрбие сағатының соңында Сапура Құбаева аталмыш  шараға  белсенді қатысқан оқушыларға мектеп басшылығының  атынан алғысхаттар табыс етті.

Гүлсезім БИЯШЕВА,

“Орал өңірі”


Айдын – Халық Қаһарманы

Күні: , 848 рет оқылды

айымбетов назарбаев


Таяуда ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен Қазақстанның үшінші ғарышкері Айдын Айымбетовке Халық Қаһарманы атағы беріліп, оған Халық Қаһарманының  алтын жұлдызы мен «Отан» ордені қоса тапсырылды. Сонымен қатар Ақордада өткен осы салтанатты шарада полковник А. Айымбетовке «Қазақстанның ғарышкер-ұшқышы» атағының куәлігі де табыс етілді.


«Айдын Айымбетов тәуелсіз Қазақстанның үшінші ғарышкері атанды. Мен еліміздің бағындырған жаңа жетістігімен бүкіл хал-қымызды құттықтаймын. Біздің қазіргі заманғы тарихымыздағы осы ұлы оқиғаға кәсіби тұрғыдан үлесін қосқандардың бәріне алғыс айтамын. Біз бүгін халқымыздың батыр ұлы, Қазақстанның үшінші ғарышкері Айдын Айымбетовті марапаттауға жиналдық. Өткен айда ол Қазақстанның ғарыштық бағдарламасы аясында Халықаралық ғарыш стансасында 10 күндік сапарға барып қайтты. Ол күндері 17 миллион Қазақстан халқы Айдынға түгел тілектес болды. Ел тілегі қабыл болып, ол алыс сапардан абыроймен оралды. Бұл сапар еліміздің биік мәртебесі мен ең асқақ белестердің өзін бағындыра алатын мақсаткерлігін көрсетті. Бүгін мен Айдын Айымбетовке Халық Қаһарманы атағын беру және «Отан» ордені мен тиісті Алтын Жұлдыз медалімен марапаттауды ұйғардым, Жарлыққа қол қойылды», — деді Елбасы.

Өз кезегінде Айдын Айымбетов өзінің сапары Елбасының қолдауының арқасында жүзеге асқанын айтып, Мемлекет басшысына  алғыс  айтты.

— Мен үшін бүгін – өмірімдегі ең бақытты күн. Өйткені мен Президенттің қолынан Отанымның ең жоғарғы марапатын алдым. Мен сіздің тапсырмаңызбен 1998 жылдан бері ғарышқа ұшуға дайындалдым. Халықаралық экипаж құрамында Қазақстанның атынан ғарышқа ұшуды өзім зор сенім ретінде қабылдадым, – деді Айдын Айымбетов.

Осы уақытқа дейін 38 елден 545 адам ғарышқа ұшқан. Соның ішінде жер бетінде 3 немесе одан да көп ғарышкері көкке көтерілген 9 ғана мемлекет бар. Солардың бірі – Қазақстан.

Айдынның бұл сапарында салмақсыздық жағдайында «кулонды кристалл» алу жөніндегі зерттеулер жүргізілген. Елдің экологиялық проблемалары бар өңірлерін, ең алдымен Арал теңізінің айналасын мониторингтеу және суретке түсіру жұмыстары жасалған. «Микрогравитация жағдайында микробөлшектердің физикалық қасиеттері зерттелді. Мұның бәрін біздің ғалымдарымыз термоядролық энергетика, плазмалық медицина, нанотехнология және тамақ өнеркәсібінде пайдаланатын болады. Кейін олар Қазғарыш пен халықаралық ғарыштық ынтымақтастық аясында жалғасады», – деген А. Айымбетов өзінің бар білімі мен тәжірибесін еліміздің ғарыш саласын одан әрі дамытуға арнайтындығын алға тартты.

Ғарышкер шексіз көк әлеміне өзімен бірге алып ұшқан, Жер шарын 150 рет айналған еліміздің рәмізі – көк Туды Елбасына табыстады. Ғарышкердің қолынан еліміздің мемлекеттік Туын алған Елбасы: «Барлық табыстарың құтты болсын! Біздің ғарышкерлеріміз енді үшеу болды. Әлі де көбейе береді деп сенеміз. Болашағымыз әр уақытта да ғарыштың биігіндей болсын! Бүкіл ғаламның күші, ғаламның қасиеті Қазақстанда болсын! Құттықтаймын!» — деді.

Салтанатты шарада Президент Нұрсұлтан Назарбаев ғарышты игеру әрқашан адамзаттың ең аңсарлы арманының бірі болғанын атап өтті. Қазақстан ғарышкерінің бұл сапары ұлттық экономиканың инновациялық ғарыштық саласын дамытудың жаңа кезеңінің бастауы болғанына назар аударды. Астанада мамандандырылған ғарыш жасағы құрылып, ғарыш аппараттарын құрастыру-сынақ кешені салынатынын да мәлімдеді. Бұл жер серіктерін жобалау, құрастыру және сынау жөнінен ТМД-да баламасы жоқ жоғары технологиялы кәсіпорын болмақ.

Республикалық БАҚ негізінде әзірлеген Нұрлыбек РАХМАНОВ

Сурет “Ақорда” сайтынан


“Сырым шыққан төбеден Сырым бөгетіне дейін”

Күні: , 955 рет оқылды

DSC_0258


Қазан айының 7-10-ы аралығында Сырым ауданында дәл осындай ұранмен Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған экспедиция ұйымдастырылды. Өткен жылы «Менің кіші Отаным» жобасы аясында ауданның 12 ауылын қамтыған экспедиция өлке табиға-ты мен тарихын зерделеген болатын. Осы жоба аясында екінші мәрте ұйымдастырылған экспедиция туған өлкенің, көршілес облыстардың тарихын жас ұрпаққа таныстырып, олармен тығыз байланыс орнатып, ішкі туризмді дамытуды көздеді. Сырым аудандық әкімдігінің қолдауымен аудандық туризм орталығы ұйымдастырған тарихи-танымдық сапарға ардагерлер, ұстаздар, туризм саласы мамандары, ауданның белсенді жастары, мектеп және колледж оқушылары қатыстырылды.


Сырым саябағында ел ағалары мен ауыл тұрғындарының батасын алған экспедиция сапарға аттанды. Экспедицияның аты айтып тұрғандай, тарихта «Сырым шыққан төбе» деген атаумен белгілі биіктік басында болып, батыр бабаға орнатылған естелік тақтаның ашылу салтанатын өткіздік. Айта кетейік, бұл тарихи орынға алғаш рет 1992 жылы белгі орнатылған екен. Белгіде «Бұл биіктік – Сырым шыққан төбе. 1783-1797 ж.ж. Кіші жүз қазақтарының ұлт-азаттық қозғалысының ескерткіші. Осы жер — Сырым батыр Датұлы сарбаздарының бас қосып, жауға қарсы күресінің орталығы болған 1992 ж.» деп жазылған.

Бұдан әрі экспедиция Шыңғырлау ауданының Сегізсай ауылы маңындағы «Аққұм» мемлекеттік табиғат қорығына келді. Ұзындығы 20-23, ені 3-7 шақырымды құрайтын «Аққұм» қорығымен сегізсайлық көнекөз ақсақал Зарлық Сүйіндіков таныстырды. Экспедиция мүшелері табиғаты тамаша тарихи орынның пайда болуы, өсімдігі мен жануарлар дүниесі туралы мол мағлұмат алды.

Көршілес Ақтөбе облысына бет алған экспедиция екі өңірдің шекарасында орнатылған Исатай батыр ескерткішіне тағзым етті. Одан соң сапар қазақтың бір-туар батыр қызы Әлия Молдағұлованың туған жері Қобда ауданына қарасты Әлия ауылында жалғасты. Бұл жерде 2005 жылы Кеңес Одағының Батыры Әлия Молдағұлованың 80 жылдық мерейтойы қарсаныңда ашылған «Әлия» патриоттық тәрбие беру орталығында болдық. Орталық директоры Бағдаш Төпенова батырдың мұражайындағы құнды жәдігерлермен таныстырып, экспедиция мүшелеріне естелікке кітап тарту етті. Сырымдық делегация аса көрнекті ақындар, кіндік қандары Жымпиты жеріне тамған Абдолла Жұмағалиев пен Қадыр Мырза Әлінің жыр жинақтарын сыйға тартты.

Қос батыр кесенесіне тағзым

Экспедицияның екінші күні Қобда ауданының аумағында орналасқан батыр бабалар кесенелерімен танысудан басталды. Талдысай ауылынан оңтүстікке қарай 12 шақырым жерде XIV ғасырдың соңы мен XV ғасырдың бас кезінде салынған сәулет өнері ескерткіші – Абат-Байтақ кесенесі орналасқан. Кесененің саяхат жүргізушісі Қонысбек Шәкенов тарихи ескерткіш туралы мол мағлұмат берді. Оның айтуынша, ел аузындағы аңыздарға қарағанда, кесене атақты ойшыл Асан қайғы жыраудың ұлы, Бесқопа аңғарында кенеттен қайтыс болған Абат батырға арналып тұрғызылған. Құрылыстың сәулеттік құрылымы, оның төрелерге тән екенін байқатады. Кесене үстінде 11 қырлы тұғырға орнатылған шошақ күмбез бар, ал негізгі тұрқы төрт бұрышты. Кесененің бастапқы биіктігі 16 метр, сақталған биіктігі 14,5 метр. Өңделмеген кірпіштен қаланып, ішкі жағы балшықпен сыланған, сыртқы жағы күйдірілген кірпішпен қапталған. Кесене маңында «Қыз әулие» деп аталатын бейіт және 200-ден астам көне құлпытас бар екен. Сондай-ақ Қобда – атақты Исатай, Махамбет бастаған ұлт-азаттық күрестің соңғы шайқасы өткен өңір. Мұнда жаугершілік заманда қарақыпшақ Қобыланды елін-жерін жортуылшы қалмақтардан жан аямай қорғап, атағы дүйім жұртқа жайылған. Біз Жиренқопа елді мекеніндегі Қобыланды батыр тарихи-кешенімен танысып, Құран бағыштадық. Осы жерде 2007 жылы Қобыланды батыр сүйегі қайта жерленіп, қазақтың қаһарман ұлына арнайы кешен ашылған. Экспедицияға қатысушылар тарихи кешен директоры Азамат Қалмағанбетовтен көптеген құнды деректерге қанық болды.

Көкжар жәрмеңкесі және көне мешіт

Экспедиция түс ауа Ақтөбенің Ойыл ауданына ат басын тіреді. Ойыл өлкесі тек табиғатымен ғана емес, тарихи ескерткіштерімен де мақтана алады. Ұлы Жібек жолының бойында орналасқан Көкжар жәрмеңкесі осы жерде дәуірлегені белгілі. Жәрмеңке болған сауда қатарлары аудан орталығында әлі де сақтаулы. Олар 2000 жылы қайта қалпына келтірілген. Архитектурасы ерекше. Бір шеге пайдаланылмаған. Тек қызыл кірпішпен өріп шыққан. Көкжар жәрмеңкесінде ағылшындар, қытайлар, орыстар, татарлар, өзбектер, сол секілді жан-жақтан келген басқа да саудагерлер мен көпестер сауда жасаған. Бұл жерде сатылмаған зат болмаған. Қазір жәрмеңкенің кеңсесі сол күйінде тұр.

Аудан орталығындағы тағы бір тарихи мұра — ХІХ ғасырдың аяғында салынған көне мешіт. Мешіттің құрылысы ерекше. Кірпіштерін барқын құм мен сазды араластырып құйған. Кейбір деректерде кірпішті қойдың жүнін қосып, биенің сүтімен илегенін айтады. Ойылдың тарихынан сыр шертетін тағы бір орын – аудандық мұражай. Бес залдан тұратын мұражайда ауданның көне жәдігерлері сақталған. Сондай-ақ Шығанақ Берсиев атындағы мұражайда әйгілі тарышыға арналған үлкен бір зал бар. Мұражай қызметкері Дулат Исабаев тарихтан мұраға қалған дүниелердің әрқайсысына жеке-жеке тоқталып, аудан жайында көптеген мәліметтер берді.

Сырым салған бөгетте

Экспедицияның үшінші күнін Атырау облысына қарасты Қызылқоға ауданындағы Миялы ауылының тарихи орындарын аралауға арнадық. Ел азаматтары ауыл ішіндегі мешіт, мұражай, ескерткіштерді, жаңадан салынған ғимараттарды көрсетті. Ендігі меже осы ауданның Көздіқара елді мекені маңындағы Сырым баба салған бөгет. Түс ауа Сырым бөгеті тұрған орынға келіп жеттік. Экспедицияны қарсылап алып, бөгет басына апарған Көздіғара ауылдық округінің әкімі Болат Қабесов Сырым бөгетінің салыну тарихын былайша баяндап берді: «Бұл бөгет Қоныстану ауылының батыс бетінде бой көтерген. Бізге жеткен деректерге сүйенсек, бөгетті негізінен Кіші жүз қазақтарын ұлт-азаттық көтеріліске бастаған қолбасшы Сырым Датұлы 1797 жылдың көктемінде салған. Сол кезде сарбаздарымен Хиуаға өтіп кету үшін, әрі тұщы Ойыл суының ащы Ойыл суымен араласып кетпеуі үшін салынған деп айтылады. Сол мезгілде су тасып кетіп, бөгетті тұрғыза алмай, амалдары таусылып қиналған сарбаздарына Сырым ойнап жүрген ауылдың бір топ балаларын нұсқап: «Не айтып, қандай ойын ойнап жатқандарын біліп кел» — деп бір сарбазын жұмсапты. Көп кешікпей жіберген сарбазы балалар да тасқын суды бөгей алмай: «Шым сал да, құм сал, құм сал да, құрым сал» — деп даурығып ойнап жүргендерін айтады. «Ақыл — жастан, асыл – тастан» деген емес пе, дереу біз де солай жасауымыз керек деп бұйрық берген екен. Сырым баба елден құрым киіз, ағаш үйдің ескі туырлықтарын жинатып, бөгет салу ісіне кіріскен. Міне, бөгеттің негізі осылай қаланыпты» — деді ол.

Экспедиция мүшелері Сырым бөгетінің сақталғанын өз көздерімен көріп, қуанып, естелік суретке, бейнетаспаға түсті. Бөгет басына ауылдан арнайы жасатып алып шыққан естелік тақтаны өз қолдарымен орнатты. Көздіқара ауылында өткен басқосуда экспедиция мүшелері ауыл әкіміне алғыстарын айтып, мүмкіндігі болса, ауыл ішіндегі бір көшеге Сырым батырдың атын беру туралы ұсыныстарын жеткізді. Ауыл әкімі Болат Дабысұлы сырымдықтардың ұсынысын құптап, ауылдағы жаңадан бой түзеп келе жатқан көшеге батыр есімі берілетінін айтты.

Көзделген межеге жеткен экспедиция өңірімізге бет алды. Миялы ауданымен шекаралас орналасқан Қаратөбе ауданының Мұхит ауылы маңындағы дарынды сазгер, асқан әнші һәм күйші Мұхит Мерәліұлының кесенесінде болды.

Қазанның 10-ы күні «Нұр Отан» партиясы Сырым аудандық филиалының ғимаратында аудан әкімі Абат Шыныбеков бастаған бір топ атқамінер азаматтар экспедиция мүшелерімен дөңгелек үстел басында кездесті. Басқосуда экспедиция мүшелері алған әсерлерімен бөлісті. Сонымен қатар естелік сыйға тартылған бағалы кітаптарды, бөгет басынан алынған бір уыс топырақты құнды жәдігер ретінде мұражайға табыстады.

Нұрбек ОРАЗАЕВ,

«Орал өңірі»,

Орал-Ақтөбе-Атырау-Орал

Бағдаш ТӨПЕНОВА,

Ақтөбе облысы Қобда ауданы «Әлия» патриоттық тәрбие беру облыстық орталығының директоры:

— Бүгінгі таңда жас ұрпақтың төл тарихымызды түгендеуге  ынта-ықыласы зор. «Сырым шыққан төбеден Сырым бөгетіне дейін» атты ұранмен батыр туған елден келген экспедиция біздің ауылға ат басын тіреп, «Әлия» мұражайымен танысқанына қуанып қалдық. Өскелең ұрпаққа патриоттық тәлім-тәрбие беретін осындай тарихи-танымдық экспедициялар жиірек ұйымдастырылғаны жөн.

Жолдығали ӨТЕЕВ,

ардагер ұстаз, тарихшы:

— Аудан әкімінің қолдауымен ұйымдастырылған бұл экспедиция Қазақ хандығының 550 жылдығына сырымдықтардың қосқан үлесі деп білемін. Бұл сапар әлі де болса, беймәлім тарихымызды, белгісіз тарихи

орындарды танып білуге үлкен көмек берді деп есептеймін. Сонымен қатар ел болашағы — жас ұрпақты патриоттық тәрбиеге баулуда баға жетпес, құнды шара болды деп санаймын. Біз болған әр аудан-ауыл тұрғындарының зор құрметпен қарсылағанына көңіліміз толып қайтты.

Арман ҒАБДЫҚҰЛ,

А. Жұмағалиев атындағы мектептің 10-сынып оқушысы:

— «Менің кіші Отаным» жобасы аясында ұйымдастырылған ІІ тарихи-танымдық экспедиция құрамына кіргеніме өте қуаныштымын. Көршілес облыстардың тарихи орындарында болып, мол мағлұмат жинадық. Тарихтан белгілі батыр бабаларымыздың кесенелері мен музейлерді араладық. Осы сапардан жақсы әсер алдым. Бұл жоба келер жылы да өз жалғасын табады деген ойдамын.


Нәдіров оқулары инновацияны дамытуды көздейді

Күні: , 799 рет оқылды

IMG_4290


Қазанның 15-16 күндері Орал қаласында ҚР Білім және ғылым министрлігінің, Ұлттық инженерлік академиясының, Атырау мұнай және газ институтының, «ҚазИИТУ» ғылыми-білім кешенінің ұйымдастыруымен «Мұнай және газ кешеніндегі энергия үнемдеу және баламалы энергетика» тақырыбындағы кезекті ХІІ халықаралық ғылыми Нәдіров оқулары өтті. «Нұр Отан» партиясының облыстық филиалы ғимаратының үлкен залында өткен аталмыш шараға облыс әкімінің бірінші орынбасары Арман Өтеғұлов, ҚР Ұлттық инженерлік академиясының вице-президенті, академик Нәдір Нәдіров, Ресейдің және еліміздің ғалымдары, оқытушылар, студенттер, мұнайгаз компанияларының және зиялы қауым өкілдері қатысты.


— Ақ Жайық өңірінде өткізіліп отырған Нәдіров оқулары ғылымды дамытып, экономикаға заманауи озық технологияларды кеңінен енгізуді, инновациялық қызметтерді жандандыру үшін ғылыми тәжірибе алмасуды, жаңа идеяларға қолдау көрсетуді көздейді. Энергия үнемдеу және баламалы қуат көздерін дамыту — заман талабы. Осы мәселелерді шешу жолдарын іздеу және ұсыныстар жасау — осы Нәдіров оқуларының негізгі мақсаты, — деді конференцияның ашылуымен құттықтаған сөзінде облыс әкімінің бірінші орынбасары Арман Өтеғұлов.

Пленарлық мәжілісте  ғылыми баяндамалар жасаған ғалымдар өңірімізде екінші мәрте өткізіліп отырған Нәдіров оқуларының инновациялық бағдарламаларды жүзеге асыруда инженерлік ғылым мен білімнің рөлін арттыруға, инновациялық ізденістердің дамуына серпін беретініне екпін түсірді. Олардың айтуынша, кезекті Нәдіров оқуларының тақырыбының таңдалуына әлемдік экономикадағы өзгерістер түрткі болған. ҚР ҰҒА академигі, ХИА академигі, профессор Нәдір Нәдіров «Баламалы энергия көзде-рін пайдалану және энергия үнемдеу тиімділігі» атты баяндамасында бүгінде қалың көпшілікке мұнай бағасы төмендегенмен, бензин бағасының қымбаттауы түсініксіз болып отырғанына тоқталды. Оның айтуынша, бар «гәп» мұнай өндіруге жұмсалатын шығынның азаймауында болып отыр.

Жиынға қатысушы ғалымдар өндірілетін мұнайдың өзіндік құнын күрт азайтатын ғылыми-технологиялық әдістерді жасақтау жайында ой-пікірлерімен, ғылыми тұжырымдарымен бөлісті.

Бүгінде елімізде мұнайды оңай өндіру «заманы» өтті, енді ол жер қойнауының тереңінен өндірілуде. Соған орай қара алтынды өндіруге орасан зор энергия жұмсалады. Бұдан шығудың жолы жаңа технологияларды енгізуде, болашақтың энергиясы баламалы энергия көздерін табуда деген тоқтам жасалды. Бірақ елімізде баламалы қуат көздерін өндірісте пайдалану жағы кемшін.

Сондықтан баламалы қуат көздері бағытындағы  инновацияны дамыту, қолданысқа енгізу күн тәртібіне қойылған. Ғалымдар осы бағытта ізденулері керек.

Пленарлық мәжілісте Ұлттық инженерлік академияның шешімімен аталмыш ұйымның Батыс Қазақстан филиалының төрағасы, «ҚазИИТУ» ғылыми-білім кешенінің президенті Ақсерік Әйтімов академияның «Алтын медалімен» марапатталды. Академик Н. Нәдіров облыс әкімінің бірінші орынбасары Арман Өтеғұловқа академияның кеңесшісі куәлігін салтанатты жағдайда табыстады.

Бұдан әрі Нәдіров оқулары секциялық, семинарлық мәжілістер және дөңгелек үстел түрінде жалғасты.

Гүлбаршын ӘЖІГЕРЕЕВА,

«Орал өңірі»

Суретті түсірген  Темірболат ТОҚМАМБЕТОВ


БҚО, Орал қаласы, Мұхит көшесі, 57/1
zhaik_presscenter@mail.ru
oral_oniri@inbox.ru
support@oraloniri.kz

Орал өңірі" газетінің бас редакторы: 51-25-80
Бас редактордың орынбасарлары: 24-17-08, 54-18-08
Жауапты хатшы: 54-38-22
Тілшілер: 50-66-88, 51-50-34
Жарнама бөлімі: 51-51-09
Яндекс.Метрика