Мұрағат: 15.10.2015


Орысша жарнама «озып» тұр

Күні: , 839 рет оқылды

DMS_3948


Таяуда Орал  қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің, сондай-ақ облыстық «Қазақ тілі» қоғамының ұйымдастыруымен «Қазақша жарнама» акциясы аясында «Қазақстан Республикасындағы тіл туралы» ҚР заңы талаптарының бұзылу фактілерін анықтау мақсатында БАҚ өкілдерінің қатысуымен рейд өтті.


«Тіл туралы» заңның 21-бабына сәйкес, кез келген жарнама қазақ және орыс тілдерінде жазылуы тиіс. Алайда қаладағы көрнекті сауда үйлері, биік ғимараттардың сыртында орнатылған баннерлердегі жарнамалардың басым бөлігі тек бір ғана орыс тілінде. Мұны қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің сектор меңгерушісі Шынар Шахина да растады.

— «Тіл туралы» ҚР Заңының 21-бабында: «Көрнекі ақпараттың барлық мәтіні мынадай ретпен: мемлекеттік тілде сол жағына немесе жоғарғы жағына, орыс тілінде оң жағына немесе төменгі жағына орналасады, бірдей өлшемдегі әріптермен жазылады. Қажеттігіне қарай көрнекі ақпараттың мәтіндері қосымша басқа да тілдерге аударылуы мүмкін. Бұл жағдайда қаріп өлшемі нормативтік-құқықтық актілерде белгіленген талаптардан аспауға тиіс» делінген. Бұрындары жарнама мәтіні қос тілде берілетін. Соның өзінде қазақшасында грамматикалық өрескел қателер өріп жүретін. Қазір ол үрдіс сәл саябырсығандай.

Ал біздің басты мақсатымыз – шағын және орта бизнес өкілдерін орын алған олқылықтарды түзетуге жұмылдыру, әдістемелік көмек көрсету, — дейді Ш. Шахина.

Шындығында да, біз көрген «Водолей», «Евразия» сауда үйлері мен «ЕХ FОТО» фотосалонының сыртына ілінген қызылды-жасылды жарнамалар түгел «орысша» сайрап тұр. Тіл мамандары олардың басшы-қосшыларына тіл заңы талаптарын тү-сіндіріп, ұсынысхат қалдырды. Аталмыш заңның 4-бабында барлық қазақстандық мемлекеттік тілді дамытуға қолдау көрсетуі қажеттігі айтылған. Алайда ұсынысхатты түсіністікпен қабылдап алғандар да, өз уәждерін айтып, кежегесі кері тартқандар да кездесті. Негізі тамыз айынан басталған акция аясында қаланың Достық, Еуразия, Әбілқайыр даңғылдары, Сырым Датұлы, Шолохов көшелері бойында орналасқан нысандардың маңдайшалары тексеріліп, қала әкімдігі мен облыстық «Қазақ тілі» қо-ғамы тарапынан анықталған кемшіліктерді түзету туралы хаттар жіберілген.

 Гүлжамал ЖОЛДЫҒАЛИ,

«Орал өңірі»

Алтынбек ӘБДІЛМАНОВ, облыстық «Қазақ тілі қоғамы» ҚБ-ның төрағасы:

— Мұндай іс-шараларды арнайы мекемелермен бірлесіп, 2012 жылдан бері ұйымдастырып келеміз. Биыл да бірқатар жұмыс жүргіздік. Бастапқыда мемлекеттік тілдегі жарнамаларда қателік көп жіберілетін. Қазір әріп қателері азайды. Біраз мекемелер орын алған кемшіліктерді түзеді. Әйтсе де соңғы кездері жарнаманы орыс тілінде ілу белең алғанын байқадық. Өздеріңіз көргендей, ұсынысхатты көпшілігі еш қарсылықсыз қабылдап алады. Бірақ жедел қателігін түзеп жатқандар ілуде біреу. Демек, бұл бағыттағы жұмыстар еш уақытта тоқтамақ емес.


Отандық өнімнің тұңғыш үлгісі

Күні: , 879 рет оқылды

IMG_3832


Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінің бір топ жас ғалымдары 3D принтерінің тәжірибелік үлгісін жасап, техникалық сынақтан өткізді.


— Отандық 3D принтерінің конструкциясы жобасын жасақтау идеясы көптен қызықтыратын. Өйткені ондай технологияның болашағы зор. Жеке конструкциялы 3D принтерімізді жобаламас бұрын ультрадыбыс қуатын пайдалануға негізделген машина құрылысы технологиясындағы беткі бөлшектерді өңдеу жобаларын жасақтадық. Оны республикалық «KazINNO 2014» машина жасаудағы инновациялық технологиялар байқауында қорғап, кейін «Atameken start up» бизнес-идеялар байқауында жүлделі 1-орынға ие болғанбыз. Сөйтіп, жаңа технологияны өндіріске енгізіп, енді принтер жобасымен басыбайлы шұғылдана бастадық, — деді БҚАТУ-дың оқытушысы, техника және технология магистрі Тимур Балтаев.

Отандық 3D принтерін жасақтау идеясы техника ғылымдарының кандидаты Бақытжан Сәлімовтің басшылығымен қолға алынды. Жаңа технологияларға ынтық, ғылымның майын ішуге талпынған жастар ғалымдардың бастамасымен инновациялық 3D принтерін университеттің қабырғасында жасап шығару үшін машина жасау факультеті базасында конструкторлық бюро құрылды. Қытайда өндірілген 3D принтері сатып алынып, соның көмегімен отандық 3D принтерінің көптеген қосалқы бөлшектері жасалды. Жылға жуық уақытқа созылған жанкешті жұмыстың арқасында 3D принтерінің алғашқы үлгісі жасалды. Бұл үлгілік принтер техникалық сынақта өзінің өнім өндіруге жарамды екенін көрсетті. Мұндай принтер өндірісінің технологиясы тек өңір үшін маңызды емес, сонымен бірге күллі еліміз үшін көкейтесті болып табылады. Ғалымдардың айтуынша, бүгінде түрлі салалардағы отандық ғылыми технологиялар тапшы немесе төмен деңгейде. Еліміз шетелдік технологиялар импортына тәуелді. Қазіргі уақытта 3D принтерлерінің негізгі өндірушілері де таяу және алыс шетелдерде. Оралдық үлгілік принтердің сапасы шетелдерде өндірілген тектес өнімдердің сапасынан кем түспейді әрі бағасының төмендігімен ерекшеленеді. Оған қоса мұндай жабдықтарға Қазақстанда сервистік қызмет көрсету жағы жолға қойылмаған.

— Алдымен модельдің, жасалатын бөлшектің конструкциясын компьютерде сызып аламыз. Содан кейін өндірілетін бөлшектің өлшемі жайындағы ақпарат принтердің процессорына беріледі. Одан әрі принтер кәдімгі қағазға жазуды басқан сықылды қатты бөлшекті «басып» шығарады. Бұл принтердің басты ерекшелігі неде десеңіз, оның бөлшектерінің 30 пайызы осы принтердің өзімен жасалады. Түсінікті тілмен айтсақ, отандық принтер тап сондай принтерді «басып» шығаруға қабілетті, — деді Тимур Балтаев. Оның айтуынша, жас ғалымдар принтердің құрылымын өзгерту арқылы оның өзіндік құнын нарықтағы өзге принтерлермен салыстырғанда әлдеқайда төмендеткен. Мысалға, БҚАТУ сатып алған қытайлық принтердің бағасы 400 мың теңге болса, оралдық принтердің бағасы — небары 90 мың теңге шамасында. Бірақ бағасының төмендігіне қарамастан, оның өнімді «басып» шығару сапасы шетелдік принтерлерден кем түспейді десті ғалымдар.

Қазір оралдық ғалымдар жаңа өнімге патент алу және оның өндірісін жолға қою қамында жүр. Жоба-жоспарлары іске асып жатса, олар 3D принтерінің алғашқы легін Оралдағы мектептерге өткізбек. Оқушылар информатика сабағында осы принтердің көмегімен жаңа өнімнің бөлшектерін «басып» шығарып, тап сондай принтерді өздері құрас-тырса дейді. Жоба авторлары Тамбов мемлекеттік университетінің ғалымдарымен бірге принтерде «басылып» шығатын өнімнің шикізаттық материалын жасақтауды жоспарлап отыр. Оның органикалық немесе органикалық емес болуы да ықтимал. Ал әзірге ондай шикізаттық материалды Қарағанды қаласынан алдыруда.

— Елімізде энергияны үнемдеу және энергия тиімділігін арттыруға қатысты заң қабылданды. Сондықтан мемлекеттік маңызы бар энергияны үнемдеуге қатысты технологияларды дамыта түсуіміз керек. Елімізде «жасыл экономикаға» көшу жөніндегі тұжырымдама да қабылданды. Алдағы «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесінің тақырыбы да осы бағытта. Біз де өзіміздің технологиялық принтерімізді көрмеге апарғымыз келеді, — деді жобаны жасақтаушылардың бірі, 1-курс магистранты Білімжан Салауат.

БҚАТУ-лық ғалымдар қол жеткен табысқа тоқмейілсіп отырған жоқ. Жетістіктерінің нәтижесіне сүйене отырып, «жасыл экономикаға» көшу тұжырымдамасына сәйкес 3D принтерінің технологиясын өндірісте қолдану мүмкіндігін зерттеуге кіріскен. Бүгінде принтерді құрылыс индустриясында пайдалану үшін оның құрылымдық ерекшеліктерін жетілдіру бағытында жұмыстануда. Зерттеу жұмыстарының бірінші кезеңі бойынша биылғы шілде айында астаналық «AYAT INSPIRIT» құрылыс компаниясымен әріптестік меморандумы жасалған. 3D принтерінің өндірістік технологиясын «Тірі үй» коттеджі үлгісіндегі тұрғын үй құрылысын салуға пайдалану жоспарланған.

Жас ғалымдар тәжірибелік принтерді жетілдіре отырып, «Техникалық даму жөніндегі ұлттық агенттік» АҚ-мен және «Алгоритм» технопаркі» ЖШС-мен әріптестік орнатып, өзара байланыста жұмыстануда. Технопарктегі аймақтық коммерциализация орталығының жетекшісі Дәурен Көшәлиевтің көмегімен жобаны жетілдіру, нарықтағы өтімділігін, экономикалық тиімділігін арттыру жолында ізденуде. Бүгінде жоба бойынша маркетингтік зерттеулер жасалып, бизнес-жоба дайындалуда және технологияны коммерциализациялау мақсатында «ТДҰА» АҚ-ға инновациялық грант алуға өтінім беру жоспарланған. Сонымен қатар ғалымдардың осы жобамен «Startup «Bolashak» байқауына қатысуына тапсырыс та берілген.

Еңбекқор, креативті жастар еліміздің кемел келешегі жолында жаңа инновациялық жобаны толықтай іске асыратыны кәміл.

Гүлбаршын ӘЖІГЕРЕЕВА,

«Орал өңірі»


Медициналық-демографиялық жағдай тұрақты

Күні: , 908 рет оқылды

IMG_3994


Сейсенбі күні «Қазақстан-Орал» телеарнасында облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Қамидолла Ирменов және ҚР Денсаулық сақтау және  әлеуметтік қорғау министрлігінің Медициналық және фармацевтика бақылау комитетінің БҚО бойынша департамент басшысының міндетін уақытша   атқарушы Сәбит Ескендіров өңірдегі денсаулық сақтау  саласында атқарылған жұмыстар туралы брифинг өткізді.


Қамидолла Мүтиғоллаұлының айтуынша, бүгінгі таңда облыс тұрғындарына, атап айтқанда 631597 адамға 422  медициналық нысан дәрігерлік көмек көрсетуде. Денсаулық сақтауды дамытудың 2011-2015 жылдарға арналған «Саламатты Қазақстан» және «Ақпараттық Қазақстан – 2020» бағдарламаларының  іс-шаралар жоспарларын іске асыру  бойынша 38 медицина ұйымына медициналық ақпараттық жүйе орнатылған. Ол онлайн режимдегі байланысты қамтамасыз етеді. Бұл өз кезегінде электрондық денсаулық төлқұжатын қалыптастыруға бейінді мамандарға кезектілікті және қағаз түріндегі құжат айналымын азайтуға мүмкіндік береді. Қазіргі уақытта облыстың денсаулық сақтау жүйесінде 1564 дәрігер, 5693-ке  жуық орта буын  медицина  қызметкері еңбек етуде.  Биыл өңіріміздің медицина саласына 87 жас маман келсе, оның 52-сі  ауылдық жерлерге жолданған. Туберкулезге шалдығу 6,4 пайызға, өлім-жітім 16,7 пайызға төмендеген. Онкологиялық ауру-сырқауды ерте анықтау 2,6 пайызға артып, қатерлі ісіктен өлім-жітім 5,7 пайызға азайған. Облыс бойынша жалпы өлім көрсеткіші 5,9 пайыз болып, бір ана өлімі тіркелген.  Биылғы жылы жүгінулер мен шағымдарды өңдеу бойынша пациентті және CaII-орталығын қолдау қызметінің жұмысы күшейтіліп, 2 мыңнан астам арыз-шағым қаралған. Облыстың денсаулық саласына биылғы жылы 22,2 млрд. теңге бөлінсе, оның 16,3 миллиарды толықтай игерілді. Қазіргі  күнде «100 мектеп, 100 аурухана» бағдарламасы бойынша салынып жатқан 300 кереуеттік көпбейінді  аурухананың құрылысы аяқталып келеді. Жобаның жалпы құны 8,3 млрд. теңгені құрайды. Облыста ауруды ерте анықтау мақсатында 274 659 адам скринингтік тексеруден өткен. Соның ішінде 9362 адамнан алғашқы ауру белгілері анықталып, оның 9316-сы есепке қойылды. Науқастарды дәрі-дәрмекпен қамтуға республикалық және жергілікті бюджеттен 3,5 млрд. теңге бөлініп, 81 мыңнан астам адам тегін дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етілген. Сондайақ ағымдағы жылы 652 науқасқа жоғары мамандандырылған медициналық көмек көрсетілген.  Жалпы айтқанда, облыста медициналық-демогафиялық жағдай тұрақты. Жыл соңына дейін мақсатты индикаторларға қол жеткізу,  медицина ұйымдарын медициналық ақпараттық жүйеге көшіру жоспарлануда.

Гүлжамал ЖОЛДЫҒАЛИ,

«Орал өңірі»

Айбек НЫҒМЕТ,

облыстық «Приуралье» газетінің тілшісі:

— Соңғы кездері емханаларда жалпы тәжірибедегі дәрігерлер көбейіп келеді. Олардың атқаратын міндеті туралы айтып берсеңіз?

Қамидолла ИРМЕНОВ,

облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы:

— Жалпы тәжірибедегі дәрігерді отбасылық дәрігер десе де болады. Мұндай мамандардың маңызы зор. Ол пациент үшін өте тиімді. Өйткені бұл мамандар пациентпен  туған кезінен бастап таныс болып, оның бар жағдайын білуі мүмкін. Ол науқасқа білікті көмек көрсетуге міндетті. Қазіргі күнде жалпы тәжірибедегі дәрігер (педиатр, терапевт, гинеколог) секілді мамандардың негізгі машықтары мен білімін меңгеріп, медициналық көмек көрсетеді. Сондай-ақ қажет болған жағдайда бір  бағыттағы мамандарға жолдама береді. Бұл әдіс  шетелдерде кең таралған.


Жүйкені жұқартқан №7 маршрут

Күні: , 1 571 рет оқылды

IMG_3982


«Бір автобусқа екі қайтара отырамыз» — дейді тұрғындар

Редакциямызға Бибігүл Сағиева есімді келіншек қоңырау шалып, Зашаған кенті арқылы жүретін №7 автобусқа қатысты үлкен өкпесін айтты. Біз  көп ұзамай Бибігүлмен  кездестік.


— Мен Рахымжан Қошқарбаев көшесінде тұрамын. Біздің жақтағы «Альбина» дүкені бұрын №7 маршруттың соңғы аялдамасы болатын. Негізінен ол жақ “Балауса” шағынауданы ПДП-9 деп аталады. Ал қазіргі таңда «Қарақат» дүкенін соңғы аялдама жасап қойды. Екеуінің арасы жаяу кісіге біраз жер. Бүгінде жетінші автобустың жүру бағытына “Арман” шағынауданын қосқаннан бері аялдамалар өзгеріп кетті. Қазіргі уақытта сәби күтіп жүрген болашақ ана болсам да, «Жазира» дүкеніне қарама-қарсы «Талап» дәріханасында жұмыс жасаймын.

Таңда үйден шыққанда 7-ші автобусқа «Альбина» аялдамасынан отырамын. Үйге қайтарда «Бірінші бұрылыс», «Колонка», «Қарақат» деген аялдамалар арқылы біздің көшеге кірмей, бірден соңғы аялдамаға асып кетеді. Әсіресе, мен секілді аяғы ауыр келіншектерді алғысы келмейді. Кондукторлардың маған «Неге мінесіз, ішіңізбен сыймайсыз» дегенді өз құлағыммен естігенмін. Тіпті сол сөзді айтқан қай адам екенін де айтып бере аламын. Кешкі жетіден кейін автобустың жүру жиілігі сиреп, артынша тіптен қарасын батырады. Біз бұған ренжіп, қалалық әкімшіліктің сайтына да шағым жолдадық. «Сіздің өтінішіңіз «Ақжол-авто» ЖШС-ның №7 маршруттың автобус жүргізушілерін қатыстыра отырып талқыланды. Шаған өзеніндегі көпірге жөндеу жұмыстары басталғалы бері, аталған маршрут жаңа бағытпен жүре бастады. Оның өзі екі бағытқа, яғни бірі Зашаған кентінен, ал ендігісі Деркөл кентінен жүреді. Қысқасы, сіздің арыздағы фактілер таңертеңгі қарбалас кездегі орын алатын жағдайлар. №7 маршруттың жұмысы бақылауға алынды» — деп жауап келді сайт арқылы.

Бибігүл Сағиеваның әңгімесінен кейін арыз-шағымның жай-жапсарына әлде де көз жеткізе түсу үшін “Балауса” шағынауданына аяқтай бардық. Шынында да, аталмыш автобус қайтарда «Альбина» аялдамасына соқпай, шағынауданның сыртымен айналып кетеді екен. Бұған көзіміз жетіп тұрғанда, Р. Қошқарбаев көшесінің Миргүл Дәулетқалиева есімді тағы бір тұрғыны бізбен тілдесу барысында Бибігүлдің шағымын қуаттай түсті.

— Қаладан келе жатқан адамдардың қолында екі-үштен сөмкелері болады. Оның ішінде жасы да, кәрісі де кездеседі. Автобус бұрын Р. Қошқарбаев көшесіне аялдап жүргенде осы жақтың тұрғындарына өте ыңғайлы еді. Ешкімнің өкпесі болмайтұғын. Ал қазір соңғы аялдамадан түсіреді де, алдындағы маршруттың үзіліс жасағанын күтіп (үзілістің ұзақтығы 5-10 минут) «Альбина» аялдамасына дейін келіп қаламыз. Ол екі ортаға басында ақша сұрап жүрген, кейін тұрғындардың наразылығынан соң төлемейтін болдық. Жаз маусымы басталғаннан бері жағдай осындай.

Әңгімемізге Р. Қошқарбаев көшесіндегі 19-үйдің тұрғыны Нұрлан МҰСАҚҰЛОВ араласты:

— Жолаушылардың автобусты ең көп күтетін жері осы «Альбина» аялдамасы. Ары қарай бара берсін, біздер қарсы емеспіз тек қала жақтан келерінде, біздің көшеміз арқылы жүрсе, жақсы болар еді. Бала-шағамыз №30, №20 мектептерде екінші ауысымда оқиды. Күн қысқарып, қараңғы ерте түседі. Ол маршруттардың жүру уақыты кешке қарай сиреп, балалардың үйге жетіп алуы қиындап тұр.

Біз “Балауса” шағынауданының тұрғындарының арыз-шағымын тексеріп жүргенде, «Балапан» аялдамасында автобус күткен бір топ оқушыларды көрдік. Автобустың сирек жүретіндігі ме, әлде жолаушылар көп пе, біздің көзімізше әлгі оқушылардың тең жартысы №7 автобусқа сыймай аялдамада қалып қойды (суретте).

Р. Қошқарбаев көшесінің тағы бір тұрғыны Жаңылсын ЕСЕНЖОЛОВА былай дейді:

— Біздер әйел адамдар үйге қайтқанда құр қайтпаймыз. Қолымызда жүгіміз болады немесе немерелерімізді жетектеп келе жатамыз. Соңғы аялдамадан түсіп, алдыңғы үзіліс жасап тұрған автобусқа қарай жанұшыра жүгіреміз. Үлкен кісіміз ғой қанша жүгірсек те, үлгермей қаламыз. Бір ғана шағынауданның ішінде жоғарыда айтқан №7 маршрутқа екі қайтара отыруға тура келеді. Кондукторлардың ішінде сыпайы, әдепті сөйлейтіндері де бар, бірақ дөрекі мінез көрсететіндері де жоқ емес. Кейде ішінде отырып байқап отырамыз, аялдамада тұрған оқушы балаларды алмай кетіп жатады. Қазіргі соңғы аялдаманы аяқтай барып көрсеңіз, байқарсыз арғы жағы ен дала, ел жоқ. Мына жерде дүйім жұрт тұрғанда, неге олай жасағанына таңым бар. Биыл осы жақта алтыншы рет қыстағалы отырмыз. Бұрын мұндай жағдай болмап еді, аялдамаларды өзгерткелі бері халықтың қатынасы қиындап кетті. Алда жаңбырлы күз, боран-шашынды қыс келе жатыр. Сол кезде біздің жағдайымыз қалай болады? Мұны қазірден бастап шешіп беретін біреу болмағаны ма?..

Темірболат ТОҚМАМБЕТОВ,

«Орал өңірі»

  Төлебай САТҚҰЛИЕВ, «Ақжол-авто» ЖШС-ның директоры:

— Қалаішілік автобус қатынастарының маршруттарын белгілейтін Орал қаласы әкімдігінің құрамында арнайы бөлім бар. Біздің яғни қалаішілік жолаушы тасымалымен айналысатындардың белгіленген бағыттан ауытқуға хақымыз жоқ. Ал соңғы «Қарақат» аяладамасынан кейін кері қарай, қаланың орталығына бағыт алатын автобустар арқылы «Альбина» аялдамасына баратындарды қосымша жолақы алмай тегін жеткізіп жүрміз. Егер аяғы ауыр келіншектерге тіл тигізген, оларды автобустан түсіріп кеткен немесе мінгізбеген кондукторлар мен жүргізушілер болса, біздің кеңсеге келіп, олардың үстінен атын атап, түсін түстеп дегендей шағым түсірсін. Әлгіндей әрекеттерге барғандарға қатысты біз міндетті түрде әкімшілік шара аламыз.


«Оқуға ешқашан КЕШ БОЛМАЙДЫ»

Күні: , 147 рет оқылды

IMG_4228


Бұл ағамызды қадірлі оқырман әпенді дейсіз бе, романтик дейсіз бе, тіпті жойдасыз қияли дейсіз бе, оны өзіңіз біліңіз. Шындығы сол,  ол азамат – бізбен бірге осы Оралдың ауасын жұтып, жерін басып,  ортамызда жүр. Бірақ бізге ұқсамайды, өзіміз үйренген қалып пен шеңбердің ішіне сыймайтын  жан тәрізді. Жоқ, айналасын ала тайдай бүлдіріп жүрген біреу емес, керісінше, биязы, жібектей есіліп тұр дегенге келіңкірейді.   Сосын сөз саптасы, әңгімелескендегі өзін-өзі ұстауы –  өмірді  жаңа  бастап  жатқан,  алдынан талай қызықтар күтіп тұрған, өзі де соған тезірек жетсем деген арманның құшағында  жүрген жас адамдай көрінді маған. Сол қиялына өзі қысылғандай қымсына жымиятыны бәрі-бәрі жасы 70-тердегі жанның бас қондырысына келіңкіремейтіндей ішімізден «Осы кісінің есі дұрыс па өзі?..» — деп ойлағанымыз  рас.


Таныс болыңыз, Мұрат Зайноллаұлы Ғұбайдуллин. Пайғамбар жасынан әбден асқанда, жасы жетпіске аяқ басқанда ҚазИИТУ-дың жанындағы колледждің заң факультетіне түсуді күні-түні армандап, ақыры түсті. Сақайғанда да мықтап сақайып барып ау-диторияға енген «атастудент» өз ақшасын төлеп оқыды. Естіген жұрттың елең етпегені, таңғалмағаны кемде-кем. Алайда ағамыздың «жыласаң, тағы сабаймыны» соңында екен, колледжді місе тұтпай, енді барып, сол ҚазИИТУ-дың заң факультетіне түседі. Оған да үш жыл бойы (колледжден кейін осынша уақыт оқиды) қалтасынан ақша төлеп оқыды. Осы арада «Жасы жетпіске таялғанда, өзі өнжеусіз зейнетақымен (35 мың теңге) колледжде, институтта оқуы, тап бір есі дұрыс адамның ісі емес-ау» — деп отырған шығарсыз, құрметті оқушы. Дұрыс-ақ, мен де солай күдіктендім. Ойымды оқып қойғандай, ағамыз жұм-сақ жымиды. Жымиғанда көңілдің түкпірінде бұғып жатқан армандары атойлап кете ме екен, көңілденіп, көнетоздау кәстөмінің етек-жеңін түзеп, елпілдеп кетеді.

— Институтқа түскенімде, ұстаздарым да сіз сияқты ойлады ма екен, маған біртүрлі күдікпен қарап жүрді. Тіпті бір ағай (ол мұғалім ағамыздың өзінен әлдеқайда жасы кіші адамтұғын. Бірақ Мәкеңнің өзінен жасы кішілерге де «сіз» — деп сөйлейтін әдеті көрінеді) мені оқудың шалығы соққан біреу емес пе деп жүріпті. Оны былайырақ барғасын өзіме айтты. Басында тіпті қиын болды, курстастарым менің балаларым түгілі, немерелеріме татитын қылқанақтай жастар ғой. Солардың ішінде отырған ата сақалы аузына түскен мені студент ретінде көз алдыңызға елестетіп көріңізші… Сену қиын. Дегенмен «Кемедегінің жаны бір» дегендей, бара-бара үйренісіп кеттік. Сабаққа бірге дайындалып, білмегенімізді бір-бірімізден сұрап алатын болдық. Мақтанғаным емес, жаман оқыған жоқпын. Үнемі мұқият дайындалып келемін. Оқытушы келіп сабақ сұрайды, жастар жағы бастарын төмен салып, тым-тырыс отырады. Үлкен басыммен «Мен айтайыншы» — деп белсеніп шығуға қысыламын. Оқытушы тағы сұрайды: «Кім сабақ айтады?» Ешкім басын көтермейді. Ақыры болмағасын, қолымды көтеремін. Оқытушы мені тақтаға шығарады. Сол уақытта бірінің тасасына бірі бұққан студенттер «Ой, ағай, рақмет!» — деп естілер-естілмес сыбырлап жатады. Білгенімді зуылдатып айтып беремін. «Отырыңыз! Бес!» Сөйтіп, оқып шықтым. Айтарым, оқуға ешқашан кеш болмайды.

— Сүйегіңіз әбден қатайып кеткенде студент атанып, заңгерлікті таңдағаныңыздың себебін білуге бола ма? — дедік алдымызда көнетоз кәстөмінің етек-жеңін түзей түскен ағамызға. Сол-ақ екен, көңілдің түкпірінде ылғи-и-и-и жанын жылытып жататын армандары мен ойлары бүрлей жөнелді ме, мейірлене жымиды.

— Неге болмасын… Болады. Тасқала ауданы, ІІ Шежін ауылының Қоспасай деген бөлімшесінде 1946 жылы 4 қыркүйекте дүниеге келіппін. ІІ Шежінде орта мектепті бітірдім. 6-7 сыныпта бұрқыратып өлең жазатын әдет таптым. Бірде «Ар-ождан» — деген еркін тақырыпта шығарма жаздық, сынып болып. Мен оны қара сөзбен бастадым да, аяғын бірнеше шумақ өлеңмен аяқтадым. Кейін мұғалім менің шығармамды жер-көкке сыйғызбай мақтады. Сөйтіп, әуелі, мектепке, бара-бара ауылға «ақын бала» — деген атағым жайылды. Сол кезден бастап, журналист-жазушы болсам деп армандағаным да есімде. Бірақ мектеп бітіргеннен кейін оқуға баруға жағдайым болмай, комбайншы-тракторшы мамандығына оқып алдым. Одан соң табан аудармай, механизатор болып үш жыл жұмыс жасадым. Бұл кезде бала кездегі арманымды өзгертіп, заңгер болуға бекіндім. Үш жыл бойы тірнектеп жинаған қаражатыма сүйеніп, күндердің күнінде, «тәуекел» — деп Ленинградқа аттандым. Оның Жданов атындағы мемлекеттік университетіне барып, заң факультетіне құжаттарымды тапсырдым. Әттең, мектепті қазақша бітіргенім өз алдына, орыс тілінен дұрыстап әзірленбегенім адымымды аштырмады. Емтиханнан құладым. Бірақ бұл сапардан Ленинградты көріп, оның көшелерін армансыз аралап, музей, театрларын ақтап, ой, бір рақатқа баттым. Тасқалама ойым да, көңілім де өсіп, марқайып, рухани байып оралдым. Кешегі Ұлы Отан соғысындағы блокаданың алапатынан аман қалған адамдар ол кезде баршылық, көшеде атайлар мен әжелер, жалпы егде жастағы адамдар көрсем, ауыл баласының тәрбиесімен, ең болмағанда бас иземей өте алмаймын. Олар мені тоқтатып тұрып, қайдан келгенімді сұрайды. «Қазақстаннанмын» — деймін. Земляк Джамбула Джабаева деп әлгілер тіпті керім болады. Оқуға түсе алмаған өкінішімді осылай басып, Ленинградты жиырма күндей емін-еркін аралап, жоғарыда айттым ғой, өсіп, марқайып, өмірге деген көзқарасым өзгеріп оралдым. Ауылға келіп баяғы тракторыма қайта отырдым. Бірақ көп ұзамай мені ІІ Шежін ауылындағы совхоз комсомол комитетінің хатшысы етіп сайлады. Сөйтіп, үш жыл бойы ауылдағы жастардың «көсемі» болып тыным таппай жұмыс жасадым. Одан кейін мектепте дене шынықтырудан сабақ бердім. Уақыт өткен сайын Ленинград қаласы, ондағы заңгерлік оқудың ауылы алыстай берді. Жылдар-мен бірге жасың да есейеді ғой, уақыт өткен сайын бұрынғыдай салып ұрып кетуге тәуекелің әлсірей береді екен. Оның үстіне, алысқа барып оқысам, соңымнан келетін көмек бара-бара болмауы мүмкін. Қалай істейін, сөйтіп, «Аяз әліңді, құмырсқа жолыңды біл» дегендей, Ленинградты ұмытуға тура келді… Бірақ қалай болғанда да, оқу керек еді. Көп ұзамай, Оралдың кооператив техникумына оқуға түстім.

Иә, Мәкең сөйтіп, ақыр аяғында білдей товаровед болып шығып, сауда саласында қатардағы қызметкер болып тер төгеді. Сонау атышулы 90-жылдары, тіпті Тасқала ауданындағы Аманкелді атындағы совхоздың кооперациясын басқарып төраға болады.

— Мәке, ол халықтың талонға қарап қалған кезі ғой, ту десе түкірігі жерге түспейтін төраға болған шығарсыз. Не ішемін, не киемін деген уайым жоқ…

— Қайдағы, бір қорап сіріңкеге дейін ақшамды төлеп алатынмын. Өтірік айтсам, Аманкелдінің халқы біледі ғой, жеңіл автокөлік, мотоцикл, анау жапонның теледидарлары дегендеріңіз ол кезде қат болатын. Соларды ауылға үзбей әкеліп тұрдым. Ал өзім велосипед алуға арым бармады. Жекешелендіру деген басталғанда, талай жолсыздықтарды көзім көріп, шыдай алмай, облыстың сол кездегі басшысы Нәжімеден Есқалиевке төңірегімде болып жатқан жағдайларды жіпке тізіп, ашынып хат жаздым. Сол хатым өзіме сор болды. Жергілікті жердегі біреулер соңыма түсіп, азық-түлік талонынан әбден ығыр болған халықты маған қарсы айдап салып, бір кезде өздері сайлаған халқым өздері мені жұмыстан алып тастады. Өкінбеймін. Қайта, бәлен жыл кооператив төрағасы болғанда, халықтан жасырып, сабақты ине алмай, арым да, қолым да таза кеткеніме мақтанамын.

Сөйткен Мәкең көп ұзамай қалаға көшіп келеді. Келгенмен әзір тұрған үй жоқ, пәтер жалдап, талай босағаны тоздырған. Ата-анасыз қалған сәбилерді тәрбиелейтін «Бөбектер үйінде» кір жуушы болып істейтін жұбайы Айтқаным апай да Мәкең көрген қиындықты қайыспай бірге көтерісіп келеді.

* * *

Мәкең қоштасарда былай деп тағы да айды аспанға шығарды… «Алла бұйыртса, келесі жылы осы Оралдан Меккеге жаяу сапарлауға өзімді моральдық, физикалық жағымнан әзірлеп жүрмін». Біз шыдай алмай: — Ойбай-ау, аға, жетпіс жас деген ойыншық емес… Оның үстіне Мекке-Мәдине қайда, біздің Орал қайда?.. Бір жерде ауырып-сырқап дегендей бірдеңеге ұшырап қаламын деп қорықпайсыз ба?» «Бәрі де бір Алланың қолында, қорық, қорықпа, маңдайға жазылғаннан қашып құтылған пенде жоқ… Жолға басы артық ештеңе алмаймын, тамақ та… «Ер азығы мен бөрі азығы жолда» деген жолшыбай бұйырғанды нәсіп ететін боламын. Ал бұл сапарға менің қалтамда қаражатым жоқ. Меккеге Оралдан жаяу сапарлап, жетсем деген мақсат қана, соны арқаланып шығамын. Алда-жалда қаржылай көмектесейік деген Құдайға қараған жандар табылып жатса, көмектен қашпаймын» — деді қала бойынша пәтер алушылардың кезегінде 657-ші болып тіркелген, ал қазірде апай екеуі қыз-күйеулерімен (олардың бес перзенті бар, үлкені 16-да, кенжесі 4 жаста) «Зенит» саяжайында екі бөлмелі үйсымақта тұрып жатқан Мұрат ағай. «Тек мен алдағы жазда жаяу Меккеге шыққанда, магистратурадағы оқуым тағы бір жылға созылып кетпеуі үшін қысқы сессияға үлгеруім керек» — деп уайымдап қояды Батыс Қазақстан инженерлікгуманитарлық университетінің магистранты, алдағы жылы жетпіске толатын Мұрат Ғұбайдуллин.

Құй сеніңіз, құй сенбеңіз. Біздің Мұрат ағамыздан көрген-білгеніміз осы болды, арғы жағын өзіңіз біліңіз, жамағат…

Есенжол ҚЫСТАУБАЕВ,

 «Орал өңірі»


«Үлкен үйдің иесі»

Күні: , 809 рет оқылды

китап наиков


Ж. Молдағалиев атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапхананың конференция залында ҚР Жазушылар одағының мүшесі, ақын, журналист Айтқали Нәріковтің «Үлкен үйдің иесі» атты кітабының тұсаукесері болып өтті.


Оған ақын-жазушылар, журналистер, зиялы қауым өкілдері, жоғары оқу орындарының студенттері қатысты. Сондай-ақ бұл шараға Атыраудан атақты сазгер Илья Жақанов жұбайымен арнайы келіпті.

Аталмыш шара Елбасының 2013 жылғы 22 қарашадағы Жарлығына сәйкес жарияланған Еңбек күні мерекесі аясында ұйымдастырылды. Шараға жинал-ғандар алдымен «Еңбек адамның еңсесін көтереді» тақырыбы аясында кітаптың басты кейіпкері Нәсіпқали Қайырқомов туралы жазылған мақалалар мен фотосуреттер көрмесімен танысты. Одан әрі шығармаға арқау болған Ақжайық ауданының құрметті азаматы, ауыл шаруашылығы саласында көп жыл бойы тер төгіп келе жатқан еңбек ардагері, «Нұртілек» шаруа қожалығының басшысы Нәсіпқали Қайырқомовтың өнегелі өмірі төңірегінде ой бөлісілді.

— Нәсіпқали ағамызды бәріміз де жақсы білеміз. Ол — қаршадайынан еңбекке араласып, күні бүгінге дейін аттан түспей, жа-сампаз еңбекке ұйытқы болып келе жатқан Ақжайық ауданының құрметті азаматы. Бүгінде Нәсіпқали ағамыз 75 жасқа келсе де, үлкен шаруашылықтың басында жүр. Ағамызға зор денсаулық, қажымас қайрат тілейміз, — деді құттықтау хат тапсырып, қазақы дәстүрмен кітап кейіпкерінің иығына шапан жапқан Ақжайық ауданы әкімінің орынбасары Меңзипа Жұматова.

— Нәсіпқалидың жастық шағы мен кейінгі өмірі жас ұрпаққа сабақ болатындай реті бар. Жасы жетпістің бесеуіне келсе де, әлі күнге еңбектен еш алыстаған емес. Кітабымның кейіпкерін балалық шағынан жетік білетіндіктен, ол туралы жазып шығу онша қиындық тудыра қойған жоқ. Әзірге өз қаржыма 100 дана шығып отыр. Бұл менің өзімнің досыма жасаған сыйлығым, — дейді ақын Айтқали Нәріков.

Темірболат ТОҚМАМБЕТОВ


Әке қабірін Молдовадан тапты

Күні: , 838 рет оқылды

SAMSUNG CSC


Белестік 72 жастағы Рахимолла Рахметоллин  әкесі  Рахметолла Мұхамбетқалиевтің Молдовада  жерленгенін Ұлы Отан соғысында  қаза тапқан боздақтар жөніндегі www.obd-memorial.ru сайтынан іздеп тапты. Осы кезге дейін әкесін іздеуге тегінің қате жазылуы кедергі  болған  еді.  Жақында Рахимолла  атай жұбайы Зылиха мен кенже  ұлы  Рүстемді ертіп Молдоваға барып келді. Әке қабіріне туған жердің топырағын  салып, Құран  бағыштады.


Рахметолла Мұхамбетқалиев соғысқа дейін Жаңақала ауданы бұрынғы «Еңбек» колхозында тракторист, кейін бригадир қызметін атқарған. Маман ретінде бронға қалдырылғанмен, 1942 жылы шақырту келіп, соғысқа аттанған.

«Әкеңді соғысқа Алғайдан шығарып салдым. Қар аралас жаңбыр жауып тұрған желтоқсан айы еді. Хайролла деген жолдасы екеуі соғысқа бірге  аттанды. Тракторларын да пойызға бірге тиеп алып кеткен, соған қарағанда оны жұмысшылар батальонына алған болар деп ойлап едім. Бірақ әкеңді бірден соғысқа салып жіберген,» деген анасының естелігі Рахимолла ағаның есінде қалыпты. Анасы ері майданға аттанғанда іште қалған ұлы мен екі қызын қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқыттырмай өсірген екен.

— Майдандағы әкемнен бас-аяғы төрт хат келіпті. Әкемнің соғыстан аман оралған ағасы Нығметолла «балалар өскесін алар» деп, әлгі хаттардың бәрін алып кетіпті. Кейін, өкінішке орай, үйлері өртеніп, хаттар жанып кеткен. Өзім тек соңғы хатын көрдім. Махорка орайтын сары қағазға жазыпты. «Біз бір үлкен судың сағасында тұрмыз, енді елге оралам ба, жоқ па, бір Алла біледі ғой. Үлкен соғыс болатын сияқты» деген. Өмірінің соңына таяп қалғанын сезген шығар. Анамның айтуынша, бір хатында Украинаның Житомир қаласында өкшесіне минаның ұшқыны тиіп, 4 ай госпитальде жатқанын, үйге қайтуы мүмкін екенін айтқан. Бірақ  немістердің шегіне бастаған кезі болса керек, қолына қару ұстай алғандардың бәрін ұрыс даласына қайта жіберген. Әкем 3-Украин майданы 40-гвардиялық  атқыштар дивизиясы құрамында соғысыпты. 1944 жылы 16  сәуірде қаза болып, Молдова Республикасының Штефан-Водэ ауданына қарасты  Чобручи  ауылының  оңтүстігіндегі Днестр өзенінің жағалауында,  бауырластар қабіріне қойылыпты,  — дейді Рахимолла ата. Ағамыз әке алдындағы  перзенттік  парызын орындап, аяулы анасының  аманатын орындай алғанына бек қуанышты.

–  Молдовада бауырластар зираты өте көп екен. Әкем жерленген қабірде көп жауынгердің аты-жөні жазылған. Сондай-ақ Тирасполь қаласындағы бір ескерткіш тақтада «Мұнда аты-жөні белгісіз 27 солдат пен офицердің сүйегі жерленді» делінген. Мүмкін оларды әлі күнге дейін іздеп, таппай жүргендер бар шығар. Әкемнің қабірінен топырақ  алып келіп, анамның бейітіне:

Сәтсіз болды соғыстағы қадамың,

Айтылмай қалды әндерің мен сырларың.

Арманға толы 71 жыл өткен соң,

Қосылды мәңгілікке топырақтарың, — деген өлең жолдары жазылған ескерткіш тақта орнаттық. Молдовадағы жеңіс жолында құрбан болған боздақтарға арналған «Через года, через века – Помните…» ескерткіші 1965 жылы Ұлы Жеңістің 20 жылдығына орай қойылған екен. Белгісіз боздақтардың  аты-жөндері биыл ғана толықтай  жазылыпты, — дейді Рахимолла аға.

Динара НАСЫРОВА,

Белес  ауылы,

Зеленов  ауданы


Аула күтуші Анна

Күні: , 178 рет оқылды

IMG_1687


Чапаев ауылының тұрғыны Анна Павловна Тараканова 1967 жылы Шығыс Қазақстан облысының Зырянов қаласында дүниеге келген. Тағдырдың жазуы солай  шығар, 1994 жылы чапаевтық азаматқа тұрмысқа шықты.


Бес баласының бәрі сондағы №1 мектепте оқыды. Шүкір, ештеңеден кенде болмаған. Оларға білім берген ұстаздарына көп-көп рақмет айтады. Қыздары дәмді тамақ пісіреді, әсем гүлдер өсіреді, тігіншіліктің де шеберіекен. Ал ортаншы ұлы Олег қазір Орал қаласындағы №4 политехникалық колледжде оқып жатыр. Ол – суреттерге арналған жиектеме мен гүлдік ыдыстар жасаудың шебері. Фотосуретке де түсіреді. Бұл істе анасы оны әрдайым қолдайды. Үлкен қызы Алена Атырауда тұрмыста. Тігін ательесінде жұмыс жасайды. Соңғы екеуі әлі мектепте оқиды.

Анна көрші-көлеммен үнемі  сыйластықта. Қазақы дәстүр мен салтқа жетік. Қазақ тілінде сайрап кетпегенмен, әжептәуір әңгімесі бар. Ол – «Радуга» славян мәдени орталығының мүшесі. Мерекелерде ел алдына шығып ән салады. Әйтеуір, жақсылықтың жаршысына айналып жүр. Анна Павловна ұлттар ынтымағы уыздай ұйыған қазақ елінде өмір сүруді өзінің басты бақыты санайды. Ұл-қызының ертеңіне сенімі нық, өйткені Қазақстандағы тыныштық, бауырмалдық – әлемге үлгі.

— Көршілерім, достарым, сыныптастарым әр кез хабарласып, бір-біріміздің хал-жайымызды біліп тұрамыз. Осындағы Гүлнәр Усақова, Марина Горбунова, Айман Молдашева сынды достарым ұдайы қасымнан табылады. Олар екі тілге де жүйрік жандар, бір ананың балаларындай ортаға тартады. Еліміз тыныш, еңбек еселенуде. Биыл Қазақстан халқы Ассамблеясының жылы болып белгіленді. Бұл бағыттағы еліміздің еңсесі биік, жағасы жайлау. Көз тимесін деңіз. Әлемнің әр жеріндегі қырқыстарда үлкен-кіші опат болуда. Оларда күн сайын үрей мен қорқыныш. Ал елімізде бейбіт халық алаңсыз еңбек етуде. Мұның өзі – тәуелсіздігіміз бен татулығымыздың арқасы. Бұл – халықтар достығының үлкен айғағы, — дейді Анна.

Жаздыгүні аудандық орталықтандырылған кітапхананың кең ауласы неше түрлі гүл алаңына айналып тұратынын көріп жүрміз. Әсем гүлмен безендірілген мекеме ауласы хош иісімен адамның көңіл күйін көтереді. Соның бәрі – осы мекемедегі аула күтуші Аннаның еңбегі. Қолы боста баласы Олег те көмек көрсетеді. Арам шөбін жұлу керек, мезгілінде суару керек. Сөйтіп, аналы-балалы жандар қол еңбегін шыңдап, гүл өсіру құпиясын жетік меңгерген.

— Алғыр, көпке ортақ қай жұмыстан да қалыс қалмайтын Аннаны бәріміз жақсы көреміз, — дейді кітапхана директоры Роза Мұсағалиева.

Иә, қаймағы бұзылмаған ауылдың бірлігі еңбек адамдарымен көрікті.

Тілес ЖАЗЫҚБАЙ,

Ақжайық ауданы


Жалтарған ЖАЗАСЫЗ ҚАЛМАЙДЫ

Күні: , 907 рет оқылды

novobrancev_osennego_priziva_nachali_otpravlyat_k_mestam_prohozhdeniya_sluzhbi


Отанымыздың Қарулы күштерінің заман талабына сай жасақталуы, қорғаныс қуатының күшейтілуі ел тәуелсіздігінің алғашқы жылдарынан-ақ қолға алынды.


2012 жылы 16 ақпанда ҚР «Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы» Заңы қабылданғаны белгілі. Соған сәйкес Батыс Қазақстан облыстық қорғаныс істері жөніндегі департаменті келісімшарт бойынша Отан алдындағы азаматтық борышын өтейтін ер-азаматтарды іріктеп, әскер қатарына дайындау жұмыстарын бастап кетті. Іріктеу науқаны қазанның бірінен басталды. Әскерге алынушылардың алғашқы легі қазан айының он тоғызында аттанады деп жоспарлануда.

Әскери қызметшілерді келісімшарт бойынша шақыру және жинақтау басқармасының әскерге шақыру бөлімінің басшысы, подполковник Б. Жиенбайұлының айтуынша, облыс бойынша күзгі шақырылымға 3 мыңға жуық бозбала зерделеніп, соның ішінен 1 мыңнан астамы іріктеліп алынған. Негізінен 2015 жылғы күзгі шақырылымға 800-ден астам мерзімді әскери қызметшілерді жинақтау жоспары белгіленген.

Жасыратыны жоқ, азаматтық борышын өтеуден жалтаратын азаматтар да жоқ емес. Бірақ олар жазадан құтылмайтындарын ескергендері жөн.

ҚР Қылмыстық кодексінің 2014 жылғы 3 шілдедегі №226-V 387 бабына сәйкес, әскери қызметтен босатуға заңды себептері жоқ азаматтар әскери қызметтен жалтарған жағдайда бір мың айлық есептік көрсеткіш мөлшерімен (шамамен 2 млн. теңге) айыппұл төлейді. Немесе оны бір жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан шектеп, сол мөлшерде түзету жұмыстарына жібереді не болмаса көрсетілген мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы кесіледі. Ал әскерге бармаудың жолын іздеп, қасақана өз денсаулығына зиян келтірген немесе аурумын деп жалған құжат жасатып әлек болатын азаматтарға үш мың айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде (шамамен 6 млн. теңгеге дейін) айыппұл салынып немесе үш жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеп, түзеу жұмыстарына жіберіледі не болмаса осы мерзімге бас бостандығынан айырылады. Ал егер әскерге шақырылушы іс сотқа кеткенге дейін әскерге шақырылу бөліміне келсе, қылмыстық жауапкершілікке тартылмайды.

Айта кету керек, ҚР «Әкімшілік құқықбұзушылықтар туралы» заңның 647-бабына сәйкес әскери есепте тұрған немесе тұруға міндетті азаматтар белгіленген мерзім ішінде өз міндеттерін себепсіз орындамаған жағдайда бес айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл төлеуге міндеттелген. Осы заңның 648-бабында әскерге шақыру комиссиясының жолдамасы бойынша медициналық куәландырудан жалтарған әскерге шақырылушыларға ескерту жасалып, үш айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл төлеуі тиістігі де көрсетілген.

Әскери қызметке қатысты құжаттарға салғырт қарап, немқұрайлылық танытатындар үшін де жазаның ауылы алыс емес. Аталған заңның 649-бабында әскери қызметке шақырылған азаматтар есептік-әскери құжаттарын қасақана бүлдіріп немесе жоғалтқан жағдайда оларға ескерту жасалып немесе бес айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынатын болады.

Медициналық тексеру жүргізетін мамандар әскер қатарына үміткерлердің көпшілігі дене салмағы мен бойының ұзындығына келгенде белгіленген талаптарға сәйкес келмей жататындығын алға тартады. Бұл өз кезегінде әскерге шақырушыларға қойылатын талаптар жыл сайын күшейе түскендігін көрсетсе керек. Сондықтан әскер қатарына толыққанды денсаулығы жарамды, ҚР Заң талаптарына қарама-қайшы келмеген, қандай да бір жауапкершілікке тартылмаған азаматтар іріктеліп алынады.

Алдағы уақытта іріктеу сынынан өткен болашақ жас сарбаздар Қорғаныс министрлігіне қарасты оқу орталықтарында үш ай жауынгерлік-даярлық курсынан өтіп, әрі қарай дайындалған әскери мамандықтары бойынша ҚР Қарулы күштерінің әскери бө-лімдерінде әскери қызметтерін жалғастыратын болады.

Айдана БАЛҒАЛИЕВА,

БҚО қорғаныс істері департаментінің баспасөз қызметі басшысы


“Біздің іс-тәжірибеміз өзге өңірлерге ҮЛГІ-ӨНЕГЕ РЕТІНДЕ ҰСЫНЫМДЫ”

Күні: , 812 рет оқылды

SONY DSC


БҚО  балалар-жасөспірімдер туризмі және экология орталығының  директоры Виктор ФОМИН:

Қыркүйектің 30-ы күні Астанада ҚР Президентiнiң жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөнiндегi ұлттық комиссияның отырысы өтті. Мемлекеттік хатшы Гүлшара Әбдіхалықованың жетекшілігімен болған жиында жас ұрпақты қазақстандық патриотизмге тәрбиелеудің бір бағыты ретінде балалар-жасөспірімдер туризмін дамыту жайы да сөз болды. Осы мәселеге байланысты Батыс Қазақстан облыстық балалар-жасөспірімдер туризмі және экология орталығының директоры Виктор Фомин баяндама жасады. Соған орай ол кісімен ұрпақ тәрбиесіне байланысты орталықта қолға алынып жатқан шаралар турасында сұхбаттасқан едік.


— Виктор Павлович, комиссия отырысында балаларға білім мен тәрбие беру ісіндегі қандай мәселелер сөз болды?

— Жиынды ашқан Мемлекеттік хатшы Гүлшара Әбдіхалықова Елбасының «Мәңгілік ел» ұлттық идеясы, «100 нақты қадам» Ұлт жоспарында балалар мен жастардың оқу-тәрбиесі, отбасы құндылықтары бағытында белгіленген міндеттерді орындаудағы комиссияның рөлі жөнінде айтып өтті. Күн тәртібіндегі мәселенің үш бағыты осы жайттарға арналды. Комиссия мүшелері еліміздің өңірлерінде белең алған жасөспірімдер қылмысына, жастардың өз-өзіне қол жұмсауына, экстремистік пиғылдағы діни ағымдарға кіруіне алаңдаушылықтарын білдірді.

— Мұндай келеңсіздіктерге қосымша білім беру ұйымдары, соның ішінде балалар туризмі мекемелері қаншалықты әсер ете алады?

— Қосымша білім беру жүйесінің жас ұрпақ тәрбиесінде алар орны ерекше. Егер мұндай мекемелерде оқу-тәрбие үдерісі жоғары деңгейде ұйымдастырылса, балалар өздерін қоршаған жандардың ой-пиғылы мен әрекеттерін және өзге де түрлі жағдайды бағамдауды, қиындықтарды жеңуді үйренеді. Сабақтан кейін де бала рухани-адамгершілік тәлім-тәрбиемен қам-тылса, оның бойында қылмысқа, өзге де келеңсіздіктерге қарсы қабілет (иммунитет) қалыптасары анық. Біздің орталық та осы қағида аясында жұмыстанады. Соған орай бұл бағытта іс-шаралар жоспары жасақталды. Сөздің шыны керек, көпшілік біздің мекемелерге білім мен тәрбие беру ісіндегі «екінші сортты» құрылым ретінде қарайды. Бұрыннан қалыптасқан бұл көзқарасты жою үшін біз бел жазбай еңбектеніп келеміз. Нәтижеміз де жоқ емес. Бірақ оның ауқымын кеңейту үшін қосымша білім беру ұйымдары негізгі білім беру мекемелерімен тең дәрежеде болуы керек. Яғни қаржылық, материалды-техникалық қамту, маман дайындау, әдістемелік жұмыстар бойынша. Сонда көптеген кедергі жойылады деп санаймын. Мұны аталмыш комиссия отырысында ҚР Білім және ғылым министрінің орынбасары Т. Балықбаев та атап өтті. Вице-министрдің айтуынша, республика көлемінде балалар туризмі ұйымдарының тиісті құрал-жабдықпен қамтылуы 15 пайызды құрайды екен. Нормативті-құқықтық және әдістемелік қамту, маман дайындау істері де жетілдіруді талап етеді. Бюджеттен қаржыландыру жайының төмен-дегі бұл саланың дамуына кері әсерін тигізуде. Елімізде жас туристердің 35 станциясы мен орталығы жұмыс істейді. Онда 20 мыңға жуық бала қамтылған. Ал жалпы білім беретін мектептерде, шығармашылық орталықтарда орналасқан үйірмелердегі оқушыларды қоса есептегенде 50 мыңнан асады. Осының бәрін қосқанда туризм саласының қыр-сырын үйреніп жатқан балалар саны еліміздегі жалпы оқушылар санының 3 пайызына да жетпейді екен. Ал Ресейде бұл көрсеткіш 14, Еуропа елдерінде 20 пайыздан жоғары. Соған орай комиссия мүшелері бұл бағыттағы жұмысты жетілдіру турасында біраз ұсыныс енгізді. Келешекте оң өзгерістер болады деп ойлаймыз.

— Виктор Павлович, сіздің баяндамаңыз комиссия мүшелері тарапынан қалай қабылданып, облыстық балалар-жасөспірімдер туризмі және экология орталығының жұмысы қалай бағаланды?

— Шынымды айтсам, бұл жиынға барынша дайындалып бардым. Баяндамама орталықтың 55 жылдық тәжірибесін ғана емес, балалар туризмінің келешегі жөніндегі көзқарастарымды да енгіздім. Орал қаласындағы және 12 аудандағы туризм орталықтары, станциялары балабақшадан ЖОО-ға дейінгі білім мен тәрбие беру ісінде маңызды рөл атқарып жатқанын нақты мысалдармен атап көрсеттім. «Қазақстан – менің Отаным» экспедициясы аясында жыл сайын жаяу жүргіншілер, велошабандоздар, су жо-рықтары, саяхаттар, акциялар, жарыстар, турнирлердің ұйымдастырылуы, оған республикадан, Ресейден ондаған мың баланың қатысуы комиссия мүшелерінің қызығушылығын туғызды. Орталықтың жемісті жұмысының нәтижесінде батысқазақстандықтар жыл сайын туристік көпсайыс, спорттық бағдарлау және басқа да сайыс түрлері бойынша республикалық, халықаралық жарыстарда жеңіске де жетіп, жүлдегер де атанып жүр. Белгілі альпинист, Қазақстанның мақтанышы Мақсот Жұмаев туризмнің қыр-сырын Орал өңіріндегі мектепте меңгергені – ақжайықтықтар үшін үлкен мәртебе. Бүгінгі жас ұрпақ Мақсот сынды алдына биік мақсат қойып өсіп келеді. Осы бағыттағы менің баяндамамды жиналғандар мұқият әрі ілтипатпен тыңдады. Ең бастысы, комиссия мүшелері ҚР Білім және ғылым министрлігіне балалар-жасөспірімдер туризмін дамыту мәселесіне қатысты біздің тәжірибемізді еліміздің өзге өңірлеріне ендіріп, тарату жөнінде ұсыныс әзірленді. Бұйыртса, бұл ұсыныс келесі жылы қолға алынбақ. Мұндай жоғары баға алуымыз бірінші кезекте бізге барынша көңіл аударып, жағдай жасаған облыс басшылығының арқасында мүмкін болды деп ойлаймын. Ұжымымыздың, облыс, аудан орталықтарындағы әріптестеріміздің де бұл бағыттағы еңбегі ерен. Бізге сенім білдіріп, қашан-да қолдап жүрген жерлестерімнің бәріне өз ризашылығымды білдіремін. Бұл – бірігіп атқарған жұмысымыздың жемісі!

Сұхбаттасқан Сәкен ӘБІЛХАЛЫҚОВ,

“Орал өңірі”


БҚО, Орал қаласы, Мұхит көшесі, 57/1
zhaik_presscenter@mail.ru
oral_oniri@inbox.ru
support@oraloniri.kz

Орал өңірі" газетінің бас редакторы: 51-25-80
Бас редактордың орынбасарлары: 24-17-08, 54-18-08
Жауапты хатшы: 54-38-22
Тілшілер: 50-66-88, 51-50-34
Жарнама бөлімі: 51-51-09
Яндекс.Метрика