Мұрағат: 13.10.2015


Инноваторларға – гранттар, байқау жеңімпаздарына – ақшалай жүлде әрі Ұлыбританияға сапар

Күні: , 140 рет оқылды

IMG_38011


«Технологиялық даму жөніндегі агенттік» АҚ-ның өкілдері «Алгоритм» технопаркінде батысқазақстандық инноваторларға инновациялық гранттарды беру жайында семинар өткізді.


Инноваторларға, өнертапқыштарға гранттар қайтарымсыз, тегін беріледі. Бұрын 8 басым бағытқа грант берілді, бүгінде басым бағыттар ұлғайтылып, 16-ға жетті. «Енді нано және ғарыш саласында, жиһаз және ағаш өңдеу өнеркәсібіндегі, фармацевтикалық, медицина, биоинженерия, гендік инженерия, агрохимия мен робот техникасының прогрессивтік технологиялары салаларындағы жобаларға да қолдау көрсетіледі. Бұдан басқа жеңіл және тамақ өнеркәсібіндегі, құрылыс өнеркәсібіндегі прогрессивтік технологиялармен байланысты жобалармен грант алуға қатысуға болады. Осының барлығы салалық тұрғыдан инноваторларды кеңінен тартуға мүмкіндік береді», – деді «Технологиялық даму жөніндегі агенттік» АҚ-ның сарапшысы Ұлдай Жаркенова.

«ТДҰА» АҚ мамандарының айтуынша, қазір инновациялық гранттардың тоғыз түрі бар. Қазақстандық кәсіпкерлер дамудың бастапқы сатысындағы жоғары технологиялық өнімді өндіруді қолдауға 50 млн. теңгеге дейін, технологияларды коммерцияландыруға 30 млн. теңгеге дейін, өнеркәсіптік зерттеулерге 30 млн. теңгеге дейін, шетелдерде және аймақтық патенттік ұйымдарда патенттеу 6 млн. 250 мың теңгеге дейін мөлшерде грант алатын болады. Жұмыс істеп жатқан кәсіпорындар басқарушы және өндірістік технологияларды ендіруге 15 млн. теңгеге дейін, шетелде инженерлік-техникалық персоналдың біліктілігін жоғарылатуға 2 млн. теңгеге дейін, жоғары білікті шетел мамандарын тартуға 9 млн. теңгеге дейін, консалтингтік, жобалық және инжинирингтік ұйымдарды тартуға 35 млн. теңгеге дейін, технологияларды сатып алуға 150 млн. теңгеге дейін шамада грант алуына жол ашық. Бағдарлама ҚР Инвестициялар және даму министрлігімен жүзеге асырылуда, бағдарлама операторы «ТДҰА» АҚ болып табылады.

— Биыл елімізде ҚР Инвестициялар және даму министрлігінің қолдауымен Ұлттық инновациялар байқауы басталды. Оған мектеп оқушыларынан бастап ірі кәсіпорындарға дейін қатыса алады. Байқауға «Оқушылар арасындағы үздік инновациялық жоба», «Үздік жас ғалым», «Жылдың үздік рационализаторлық шешімі», «Кәсіпорында рационализаторлықты қолдаудың үздік жүйесі», «Инновация тақырыбындағы үздік журналистік материал» аталымдары бойынша қатысуға болады. Әр аталым бойынша анықталған жеңімпаздарға ақшалай жүлдеге қоса Ұлыбританияға танысу сапары қарастырылған. Мысалға, журналистер «BBC», «Financial Times», «The Guardian», «Daily Mail» және өзге де БАҚ-тың жұмыстарымен танысу мүмкіндігі ұсынылады. Бұған Қазақстандағы British Council (Британ кеңесі-білім мен мәдениет байланыстарына жол ашатын жетекші халықаралық ұйым) қолдау көрсетпек. Байқауға қатысу үшін өтінімдерді қабылдау 2015 жылғы 25 қазанға дейін жүзеге асырылады, — деді Ұлдай Жаркенова.

Гүлбаршын ӘЖІГЕРЕЕВА,

«Орал өңірі»


Министр оқыған мектептің мерейтойы

Күні: , 1 063 рет оқылды

IMG_37251111


Жақында Орал қаласының қақ ортасынан орын тепкен №19 орта мектептің ұжымы білім ошағының 45 жылдық мерейтойын атап өтті. Ұстаздардың кәсіби мерекесімен тұспа-тұс келген салтанатты шараға ардагер ұстаздар, ата-аналар мен оқушылар және мектеп мұғалімдері қатысты.


1970 жылы ашылған мектеп 1997 жылға дейін тек орыс тілінде шәкірттерге білім берді. 1997 жылы мектепте қазақ сыныптары ашылып, аралас мектеп болып қайта құрылды. 2009 жылы таза қазақ тілінде білім беретін мектепке айналған білім ошағында қазіргі күнде 1036 қаракөз білім алуда. Әнмен, бимен өрілген әдемі кеште ардагер ұстаздар естелік айтып, ана тілінде білім алып жатқан бақытты ұрпаққа сәттілік тіледі. Мектептің қабырғасы қаланған күннен алғашқы директоры болып бекітіліп, 35 жыл табан аудармастан қызмет атқарған Николай Капрановтың қызы Наталья Капранова тебірене сөз сөйлеп, әкесінің еңбегін ұмытпаған ұстаздарға шығармашылық табыс тілеп, ризашылығын білдірді. Мектеп директоры Алтын Жұмағалиева «Мектебіме — 45 жыл» атты айлық аясында «45 игі істің» бір ай бұрын басталып кеткенін тілге тиек етті:

— Мектебіміздің 45 жылдығы аясында көптеген шаралар өтті. Бір айдан бері мұғалімдер, оқушылар, ата-аналар бірігіп, әр түрлі жобалар өткізуде. Отбасы құндылықтарын насихаттау мақсатында көптеген сайыстар ұйымдастырдық. Сонымен бірге оқушы мен мұғалім бірігіп өнер көрсеткен «Екі жұлдыз» жобасы көпшілік көңілінен шықты. 45 жыл-дың ішінде біздің мерейлі мектебіміздің қабырғасынан талай шәкірттер тәлім-тәрбие алып, мыңдаған мұғалімдер қызмет жасады. Түлектердің бәрі жер-жерде ел үшін қызмет етуде. Солардың бірі — ҚР Инвестициялар және даму министрі Әсет Исекешов 1988 жылы мектепті күміс медальмен бітірген екен. Осындай танымал тұлғаларды біз шәкірттерімізге үлгі етіп, жиі айтамыз. Шараға ардагер ұстаздарды арнайы шақырдық. Олардың еңбек жолын дәріптеп, құрмет көрсету арқылы біз кейінгі буынға ұрпақтар сабақтастығын ұғындырамыз, — деді мектеп директоры Алтын Ғинятқызы.

Күні бүгін білім ошағында 123 педагог еңбек етуде. Оның 72 пайызы – жоғары және бірінші санаттағы мұғалімдер. Соңғы үш жылдан бері мектеп жаңа форматта электронды жүйе бойынша жұмыс жасайды. Мектеп оқушыларының жыл басталғалы жеткен жетістіктері де аз емес. 2014-15 жылдары 405 оқушы қалалық, 120 оқушы облыстық, 35 оқушы республикалық түрлі байқаулар мен интеллектуалды сайыстардың жеңімпаздары атанған. Биылғы ҰБТ-ның қорытындысы түлектер 88,9 балл жинап, мектеп қала бойынша үздік ондықтың қатарына кірген.

Салтанатты шарада жеке кәсіпкер Арман Бегалиев 10 оқушыға жылы киім-кешек тарту етті. «Қазақта «Бірлік болмай, тірлік болмас» деген қанатты сөз бар. Сондықтан біз бүгін мерейлі мереке, Қайырымдылық айлығы аясында жеткіншектерді қуантуды ұйғардық», — дейді балалаларға ылғи көмек қолын созып жүретін кәсіпкер.

Шарада өнерімен, білімімен көзге түскен шәкірттер мен ұстаздар да ұйымдастырушылар назарынан тыс қалған жоқ. Оқушылардың берген дауысы бойынша «мейірімді,» «талапшыл», жаңашыл», «әдемі» ұстаз атанған мұғалімдер сахна төрінен табылды.

Сонымен қатар 1997 жылы алғаш қазақ сыныптары ашыла бастағанда өз жұмыстарын бастап, әрі бүгіндері мектептің маңдайалды мұғалімдеріне айналған Алтын Жұмағалиева, Гүлбану Темірханова, Лаура Сариева, Айгүл Қуанышкереева, Сәтжан Өмірзақов, Ардақ Беркінғалиева, Ақжонас Рысқалиева, Алмагүл Мұрадымова, Әлия Жиенғалиева сый-құрметке ие болды.

Жеке кәсіпкер Арман Бегалиевтің өнерлі отбасы әннен шашу шашса, мектептегі Гүлден Жәрдемғалиқызы дайындайтын «Гүлдер» би тобы би билеп, мерейтойлық шараның шырайын кіргізді. Мұғалімдердің мерейін асырып, оқушының жүзіне күлкі үйірген әдемі кештің соңы ардагер ұстаздарға сый-құрмет көрсетуге ұласты.

Гүлжамал ЖОЛДЫҒАЛИ,

«Орал өңірі»


Тарихы терең елдің салтанаты

Күні: , 853 рет оқылды

Тараз 4


Қазақ хандығының 550 жылдық  мерейтойы  аясында ҚР  Президенті Нұрсұлтан  Назарбаев таяуда  тарихи Тараз шаһарында  болып  қайтты. Осы  сапар  барысында  Елбасы Тараздағы Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған монументті ашу рәсіміне қатысты. Қазақстан Президенті рәсім аясында монумент тұғырына гүл қойып, құттықтау сөз сөйледі. Мемлекет басшысы барша халықты Қазақ хандығының 550 жылдығымен құттықтап, Астанадан басталып, Таразда жалғасын тапқан мерекелік шаралардың маңыздылығын атап өтті.


«Өткен тарихымызды зерттеп, мәлімет жинау үшін тәуелсіздік жылдарында әлемнің түкпір-түкпіріне экспедициялар ұйымдастырылды. Біздің тарихымыз бастауын сақ, ғұн, түркілерден алып, Керей мен Жәнібек хандардың Шу алабына көшіп, Қазақ хандығының туын көтеруімен жалғасады. Біз бұл мерекені тарихымыздың терең екендігін бүкіл әлемге таныту үшін, өскелең ұрпаққа жеткізу үшін өткізіп отырмыз», – деді Елбасы.

— Мерекеге орай Тараз қаласының да  келбеті жаңарды. Бұған Қазақстанның барлық облысы атсалысты, сол үшін оларға алғыс білдіреміз. Осының бәрі – ұрпақтың ата-бабалар аманатына адалдығының, Ұлы Дала тарихына тағзымының нышаны. 17 елден келген қонақтарға алғыс айтамын, – деді Мемлекет басшысы.

Монументті ашу рәсіміне 5000-ға жуық адам қатысты. Ескерткіш стелласының биіктігі 28 метрді құрайды, оның тұғырында биіктігі 4,2 метр болатын Керей мен Жәнібек хандардың мүсіндері орнатылған.

Сондай-ақ Таразға жұмыс сапары барысында Елбасы «Әулие ата» халықаралық әуежайының жолаушыларға арналған жаңа терминалында болды. Нысанды аралау барысында Мемлекет басшысына жаңа терминал таныстырылып, әуежайды қайта жөндеу, арнаулы жаңа техникалар алу бағытында атқарылған жұмыстар жөнінде баяндалды.

Одан кейін Елбасы «Арайстроймаркет-2003» ЖШС-ның алюминий радиатор шығаратын зауытына келді. Зауытты аралап көріп, алюминий радиатор шығару жөніндегі инвестициялық жобаның жүзеге асырылу барысымен танысты. Сондай-ақ Қазақстан Президентіне облыстың Индустрияландыру картасының іске асырылуы туралы да баяндалды. Нұрсұлтан Назарбаев зауыттың еңбек ұжымымен әңгімелесіп, олар өндіретін өнімге сұраныс бар екенін айтты.

Сапар барысында Қазақстан Президенті «Көне Тараз» музейінің экспозицияларын аралап көрді, сондай-ақ шығармашылық және ғылыми зиялы қауым өкілдерімен, Жамбыл облысы тұрғындарымен, қонақтарымен кездесу өткізді. Археологиялық саябаққа барып, археологиялық қазба жұ-мыстарының нәтижелерімен танысты. Ғылыми-зерттеу жұмыстарының мақсаты «І-ХІХ ғасырлардағы ежелгі Тараз» ескерткішінің аумағын «Көне Тараз» тарихи-мәдени археологиялық саябағына айналдыру болып саналады.

Бас жүлде екі ақынға бұйырды

Осыдан бірер күн бұрын Қазақ хандығының 550 жылдығына орай ұйымдастырылған «Мәңгілік ел» халықаралық ақындар айтысы өз мәресіне жетті. Екі күнге созылған сөз сайысында Қазақ хандығының терең тарихы, хандар мен батыр-билердің ел үшін жасаған ерліктері, бүгінде қоғамды толғандырып отырған мәселелер өлең-жыр болып өрілді.

Сөйтіп, бұл аламан айтыстың алғашқы күнінде-ақ бас жүлде Алматы облысының айтыскері Болатбек Оразбаев пен павлодарлық Аспанбек Шұғатаевқа бұйыратынын елдің іші сезді. Өйткені сайыстың алғашқы күні қазылар алқасы тарапынан ең жоғары баға алған екі жас перінің сөз саптасына халық, шынында, қатты риза болды. Содан болар, Болатбек те, Аспанбек те сайыстың екінші күні сахнаға көтерілген жоқ. Жамбыл облысының әкімі Кәрім Көкірекбаев бас жүлдені бөліскен бұл екі жас ақынның әрқайсысына 2,5 миллион теңгенің сертификатын салтанатты түрде тапсырды. Ал екінші орынға табан тіреген астаналық Иранғайып Күзенбаевқа 2 миллион теңге бұйырды. Үшінші орын алған Айбек Қалиев (Қостанай) пен Мейірбек Сұлтанханның (Астана) әрқайсысына 650 мың теңге берілді. Бұдан бөлек 8 айтыскер ынталандыру сыйлықтарына ие болды.

Төл күресіміз төрге шықты

Қазақ хандығының 550 жылдығы шеңберінде Тараздағы «Тараз Арена» спорт кешенінде қазақ күресінен ІІІ халықаралық «Еуразия барысы» турнирі өтті. Сегіз мемлекеттің балуандары сынға түскен дүбірлі додада Қазақстан құрамасы топ жарып, жарыстың екі дүркін жеңімпазы атанды. Біздің жігіттер финалда Өзбекстан құрамасынан 5:2 есебімен басым түсті.

Ал бірінші айналымда Польшамен кездескен Қазақстан құрамасы 5:2 есебімен жеңіске жетті. Қазақстандық баһадүрлерден Марат Нигматоллаев (55 кг), Бағдәулет Сәбитов (66 кг), Мақсат Мәзібаев (82 кг), Нұрым Сәлімгереев және Бейбіт Ыстыбаев қарсыластарынан айласын асырса, Ринат Махмұтов (74 кг) пен Бекзат Ахметбеков (90 кг) жеңіліске ұшырады.

Екінші жартылай финалдық жұпты құраған Қазақстан мен Ресей құрамалары арасындағы айқас біздің пайдамызға 6:1 есебімен аяқталды. Бұл кездесуде командамыз екінші құраммен шықты. Бапкерлердің ұйғарымымен Ресейге қарсы Айдос Сейпілұлы (55 кг), Ғалымжан Абдрахманов (66 кг), Айдос Ғалымов (74 кг), Сұңғат Закариев (82 кг), Асыл Бәрменов (90 кг), Мұхит Тұрсынов (100 кг) және Айбек Нұғымаров (+100 кг) белдесті.

Үшінші орынға таласта Грузия Ресейді 6:1 есебімен тізе бүктіріп, қатарынан екінші рет қола «Тайқазанды» иемденді.

Финалда Қазақстан жартылай финалдағы құраммен сынға түсті. Нәтижесінде балуандарымыз Өзбекстан құрамасын 5:2 есебімен тізе бүктіріп, турнирдің екі дүркін жеңімпазы атанды.

Биылғы турнирдің жалпы жүлде қоры 18,8 млн. теңгені құрады. Атап айтқанда, 1-орынға 9,4 млн., 2-орынға 5,640 млн.және 3-орынға 3,760 млн. теңге тағайындалды. Тағы бір ескерте кететін жайт, сегіз сағатқа созылған сайысты отандық «Қазақстан» ұлттық телеарнасы мен Ресейдің «Боец» телеарнасы тікелей эфирде көрсетті. Сондай-ақ күллі түркі әлеміне тарайтын Түркияның «TRT Avaz» телеарнасы да апайтөс балуандардың айқасын тікелей көрсетіп, түбі бір туыс халықтардың назарын Қазақстанға аударды.

Республикалық басылымдар  негізінде дайындаған

Тоқтар КЕНЖЕҒАЛИЕВ

Өкпесі жоқ қазақтың енді саған!

Сен қазақша сөйледің, ер Нұрекем,

Тәуекелге байлап бір белді бекем.

Қазақ бірге шалқиды сен шалқысаң,

Қазақ бірге жүдейді сен жүдесең!

Сен қазақша сөйледің, алтын Ағам,

Ақ маңдайың күнге ұқсап жарқыраған.

Бересіңді әлемнен алам дедің,

Бермесіңді ақылмен тартып алам.

Сен қазақша сөйледің шын көсіліп,

Сайрап кетті өзіңмен бірге осы жұрт.

Ана тілдің жетпесек қадіріне,

Қазақ болып қайтеміз күн кешіріп!

Тайпалдың-ау топ жарып, Тарланбозым,

Жалпағынан басып бір жалғанды өзің!

Аршып бердің әлемнің алдында сен,

Ана тілдің құм басып қалған көзін!

Домбыраңның құлағын еппен бұрап,

Сыңғырындай сөйледің сексен бұлақ.

Бір елеңдеп шынымен қалды-ау талай,

Өзге тілге үйреніп кеткен құлақ!

Жан Нұрекем, жүрегі от, көзі нұрлы,

Дүниеге естірттің өз үніңді.

Қазақ Елін Жер шары нақ таныды,

Қазақ Елін бес құрлық тез ұғынды.

Бірде сараң уақыт, бірде шүлен,

Адастырды бабамның жүлгесінен.

Қазақ тілі алды орнын сен арқылы,

Дүниенің ең биік мінбесінен!

Алсын халық бұл күнді жылда есіне,

Тіксін тұлпар бәйгенің жүлдесіне!

Қазақ тілін шегелеп кеттің мәңгі,

Дүниенің ең үстем мінбесіне!

Өсектердің өшті үні жел құсаған,

Дендеп келген айықтық шер-құсадан!

Бір кінәсі осы еді артып жүрген,

Өкпесі жоқ қазақтың енді саған!

 Ауыт МҰҚИБЕК

Сен аман бол, Қазақстан!

Көтеріп көкжиектен делегейін,

Келесің ақ бауырлы кемедейін.

Мен болмасам болмайын

Қазақстан!

Сен аман бол,

Сен үшін мен өлейін.

Сенсіз өмір болады қалай маған,

Шаңдақпын шартарапқа жел айдаған.

Қаңғырып жүрер едім қай бұрышта,

Қазақстан бермесе арай маған.

Амансың ғой…

Барсың ғой…

Орныңдасың.

Орныңды таппай Құдай қор қылмасын.

Көп көрдік көңіл мұңын,

Елдің жасын,

Жақсылыққа бастағай жолдың басын.

Тоқсан жолдың торабы

Алаңдарсың,

Қараулықтан қаш аулақ

Қараң қалсын.

Құлың болмай сол кезде қыңқылдасам,

Құдай менің жанымды табанда алсын.

Құлайын Қызылқұмда қызыл нардай,

Ізіңнен жатайыншы жүзімді алмай.

Саулығыңды тілейін жаратқаннан,

Қурап, жанып кетсем де түгім қалмай.

Алаңдама,

Артыңа қарамашы.

Қайда қалмас жігіттің қара басы.

Түк емес, шырылдаса шығар жаным,

Бір жаным,

Бар қазақтың садағасы.

Естідің таудың мұңын, көлдің зарын,

Ұмытпа жердің жайын, елдің қамын.

Ақылдылар азғанда сұм болады,

Сұмдарды көш басына қондырмағын.

Тілгілеп туырлықты кеспеу үшін,

Арқауыңды қылышпен шешпеу үшін.

Өмір сүрсем сүрермін,

Дұшпанға айбат,

Өлсем де мен өлейін,

Тек сен үшін.

Ақ сарайың тартатын көз алыстан,

Ақ сәулесі әлемге тарап ұшқан.

Мен болмасам болмаспын,

Сен аман бол,

Жаһандағы жалғызым Қазақстан!

Қази ДАНАБАЕВ


Қатерлі ісікке шалдыққандардың 90 ПАЙЫЗЫ – ТЕМЕКІ ТАРТАТЫНДАР

Күні: , 945 рет оқылды

Man smoking cigarette


Темекі қорек бола ма?

Темекі түтіні – улы зәһар. Жер шарында 1,2 миллиард, Қазақстанда 5 миллионға жуық адам темекі тартады екен. Елімізде күніне 70 адам темекінің кесірінен көз жұматын көрінеді. Қалтаны қағып отыратын «қасиеті» тағы бар. 40 жыл шылым шеккен кісі 3 миллион теңгеге жуық қаржысын жоғалтады. Темекі тартатын барлық қазақстандық бір жылдың ішінде 400 миллион долларды тек темекі сатып алуға жұмсайды екен.


Әлемнің экологиялық жайы мәз емес екені бесенеден белгілі. Зауыт мұржаларын былай қояйық. Темекіден ауаға жылына 720 мың тонна күкірт қышқылы, 384 мың тонна аммиак, 180 мың тонна никотин, 660 мың тонна темекі майы, 550 мың тоннадай иісті газ таралады. Темекі тартатын темекі түтіні автокөліктікінен 4 есе зиянды, бір текше миллиметрінды тек 3 млн. ыстың бөлшегі болады екен.

Шылымды тұтатқанда температура 600-ден 900 градусқа дейін көтеріліп, 5 мыңға жуық улы зат бөлінеді. Құрамындағы ең көбі – никотин алкоиды. Никотинмен шыбын-шіркейді, ауыл шаруашылығында құрт-құмырсқаны улайды, 5-6 тамшысын итке берсе, сеспей қатырады. Енді бір улы зат – толуолды сырдың қалыңдығын азайту үшін бояуларға қосады. Фенол дезинфекция үшін қолданылады. Ацетон тырнақ бояуын кетіреді. Формальдегид – өлген адамның мүрдесін сақтайтын бальзам. Күшәланың кесірінен шылымқордың еріндері күйіп, аузынан жағымсыз иіс шығады. Бензин мен қорғасынның қандай мақсатта пайдаланылатыны белгілі. Бір сөзбен айтқанда, Менделеев кестесіндегі химиялық элементтердің біразын бір тал темекі түтінімен жұта салуға болады. Күніне 20 тал темекі тартылса, адам тәні 200 мәрте рентгенге түскендей күй кешеді, бір қорап шылымнан өкпеге 800 грам шайыр жиналады.

Ми қызметінің бұзылуы, шизофрения, құлақтың қабынуы, тістің түсуі, ауыз қуысының, өңештің, өкпенің қатерлі ісігі, жүрек аурулары, тамырдың қатаюы (атеросклероз), қан қысымы, қол-аяқ қан тамырларының бітелуі, шіруі, терідегі дақтар, арқа және бел ауруы секілді тағы басқа сан мың түрлі дерттің себебі де шылымнан.

Көк түтінді серік еткен жандар бұл әдеттен тыйылуға ниет еткенмен, бірден ерік-жігерлері жетпей жатады. Орал қаласында шылымқұмарлықтан арылғысы келетіндер салауатты өмір салтын қалыптастыру мәселелерінің облыстық орталығына жолығады. Әлеуметтік педагог Венера Мерғалиева мекеме жанынан құрылған «Жалын жастар» денсаулық орталығында 20 студент қызмет ететінін айтты. Еріктілер құра-мында оқушылар да бар. Орталық қаладағы 47 мектеппен байланыс жасайды. Салауатты өмір салтын насихаттаушылар білім ордаларында денсаулықтың қас жауы – темекі, арақ, есірткіден аулақ болуға үгіттейді, тренингтер, жаттығулар өткізеді. Арнайы жасақталған түрлі әдістемелік, көрнекі оқу құралдары да жеткілікті.

Ұрпақ  қамын ойласаңыз…

Елімізде 12-17 жас аралығындағы жасөспірімдердің бестен бір бөлігі темекі шегуге әуес. Отбасында 2 адам темекі тартса, үйдегі балалардың денсаулығына 83,8 пайыз зияны тиеді.

– Біздің мекемеге көбіне орта жастағы тұрғындар жолығып жатады. Егде болған соң, темекіден бас тартуы қиын тиетінін байқаймыз. Олармен жекелей сөйлесетін психологтарымыз бар. Арнайы мамандар дәрігерлік кеңес береді. Бұл бағытта дөңгелек үстел, семинарлар ұйымдастырып тұрамыз, – дейді салауатты өмір салтын қалыптастыру мәселелері облыстық орталығының дәрігері Дания Искакова.

Оның айтуынша, темекінің құрамындағы никотин адамды тәуелді қылып, өзіне тез бейімдейді. Жүрек, қан тамырлары ауруларына шалдығушылардың 25 пайызы, демікпеге душар болғандардың 75 пайызы, қатерлі ісікке шалдыққандардың 90 пайызы темекі тартатындар екен.

Ұрпақ қамын ойлайтындар бұл зәһардан аулақ жүрері анық. Он жылдан артық темекі тартқан ерлердің тірі сперматозоидтары 64 пайызға азаяды. Бұл – белсіздікке соқтырады деген сөз. Ал шылым шегетін әйелдің омырауы, жатыры қатерлі ісікке шалдығады. Жүкті болса, ерте босанады немесе түсік тастайды. Босанған күнде сәбидің өлі туылуы мүмкін. Темекі құрамындағы полоний элементі баланың мутациялық ауытқушылықпен немесе салмағы мен ой-өресі 15 пайыз кем күйінде дүниеге келуіне әсер етеді.

Салауатты өмір салтын қалыптастыру мәселелері облыстық орталығының психологы Зәуреш Кәрімова көбіне ер адамдардың ақыл-кеңес сұрай келетіндерін айтады. Жас құрамы әр қилы. Зейнеткерлер де бар. Биыл орталыққа 67 адам келген. Он бірі ерікті түрде темекіден бас тартыпты. Жолыққандардың 3-4 пайызы – әйелдер. Аракідік жас қыздар да кездеседі. Дегенмен Зәуреш Алтынбекқызы қаладағы оқу орындарында студент қыздардың жасырын темекі тартып тұратынын жиі көретінін жеткізді. Кейде барып, ескертіп те кетеді екен. Өкініштісі, олардың арасында қаракөздер де баршылық. «Біздің мекемеде тегін кеңес берілетінінен көбі хабарсыз. Білсе де, әсіресе, жастар қысылып-қымтырылады. Кейде өтінішін ескеріп, жолыққандардың аты-жөнін құжатқа түсірмейміз», – дейді психолог. Орталыққа келген тұрғындардың денсаулық ахуалы қиын болса, №3 қалалық емханаға жолдама алады. Жүйелі түрде емделуіне жағдай жасалады.

Қыз – болашақ ана. Бір рет темекі тартқанның зияны жетіп жатады. Тәрбие ата-анадан үлгі алудан басталатыны белгілі. Қала берді, теледидардағы шетелдік киноларда әдемі әртістер екі саусаққа шылым қыстырып, мәнерлеп көк түтінді будақтатып отырады. Қалай «қызықпассың»! Одан қалды, күнделікті орта бар. «Темекі тартқанда қасында тұрсаң, түтіннің 80 пайызын жұтасың. Одан да шексеңші». Бір таныстың берген «кеңесінің» сықпыты осы. Енді біреуінің айтуынша, тереңірек ойланып, мәселені шешуге, уайымыңды тарқатуға таптырмайтын жайлылық сыйлайды екен. Колледжде оқитын бір бойжеткеннің айтқаны бар. Үзіліс жақындағанда құрбыларына «Қыздар, кітап оқиық» деп астарлайтын көрінеді. Кейін қалтарыста шылым шегіп мәз. «Қырық үйден тыйым салған» қазекеңнің салты су түбіне кеткендей. Шылым өзіне елтіп әкететін анашаның туысы екенін ұғынатын уақыт жеткен жоқ па?!

«Мүлдем   төзбеу»   қағидаты ықпалды ма?

Қазір заң қатайды. Белгіленбеген қоғамдық орындарда темекі тартылса, әкімшілік құқықбұзушылық кодексінің 441-бабы бойынша 3 айлық есептік көрсеткіш (1 АЕК – 1982 теңге) көлемінде айыппұл салынады. Қайталанса, бұл мөлшер екі еселенеді. Тіпті 15 тәулікке әкімшілік қамаққа алынады. Жыл басынан тамыз айына дейін облыстық ішкі істер департаментінде бұл бап бойынша 4624 хаттама толтырылған. 23 млн. 571 мың 996 теңге көлемінде салынған айыппұлдың бүгінде 19 пайызы, яғни 4 млн. 532 мың 824 теңгесі ғана өндіріліпті. Мемлекеттік мекемеде, оқу орындарында темекі шегіп, айыппұлға тартылғандар көп. Әсіресе, студенттер уақтылы төлемей жүріп алады. Содан әкімшілік істер сотқа жолданып жатады. Дегенмен мұндай шаралардың қоғамға ықпалы маңызды. Шылымның бағасы да шарықтап келеді. Алайда сатып алатындардың азаймайтын түрі бар. Қаптама сыртында түрлі медициналық ескертулер салынған. Күніне бір қорап темекі тартатын адам медициналық ескертуді жылына 7 мың мәрте көреді екен. Одан «ұшынып» жатқан ешкім жоқ. Темекі шегушілердің 80 пайызы бұл әдетінен бас тартқысы келеді, тек мамандар көмегіне зәру.

Ислам дінінде тәнге күтіммен қарау аманат саналады. Темекі тартуға қатаң тыйым салынады. Әрине, саналы адам қатерін ұғынып, ерте бас тартары анық. Аждаһаның уы – ұрпағыңның соры. Осыны ойлайық, ағайын.

Нұртай ТЕКЕБАЕВ,

«Орал өңірі»


Жылу тарифі өсті, бірақ тұрғындар үшін бұрынғы күйінде қалды

Күні: , 815 рет оқылды

219d7b5cdcf5a791370799f5a48c1022_XL


Табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау комитетінің облыстық департаменті «Жайықжылуқуат» АҚ-ның жылумен қамту қызметіне жаңа тариф бекітті.


Еліміздегі «Табиғи монополиялар және реттелетін нарықтар туралы» заңның негізінде және стратегиялық тауар саналатын газдың бағасының өсуімен байланысты төтенше реттеу шаралары ретінде ұсынылған тапсырыс бойынша аталмыш департамент  жылумен қамту қызметінің тарифін қайта қарады.

Жылумен қамту тарифінің шекті бағасы 2012 жылы бекітілген болатын. Ол кезде тауарлық газдың бағасы 1000 текше метріне (ҚҚС-сыз) 10380,21 теңге болды. Содан бергі үш жыл уақыт ішінде газдың бағасы әлденеше мәрте өсті және бүгінде 1000 текше метріне (ҚҚС-сыз) 14827,95 теңге. Газ бағасы 42,8 пайызға өскенмен, жылумен қамту бағасының өсімі 10 пайызды құраған.

Осындай жағдайларды елеп-екшеген аталмыш департамент жылу қызметі тарифін тек бюджеттік мекеме-ұйымдарға өсіріп, тұрғындарға және өзге де тұтынушыларға бұрынғы күйінде қалдыруды дұрыс деп тапты.

Осылайша аталмыш департаменттің бұйрығы бойынша биылғы жылдың 10 қазанынан бастап жылумен қамту тарифі тек мемлекеттік мекеме-ұйымдарға, бюджеттік кәсіпорындарға өсіріліп, 1 Гкал үшін (ҚҚС-сыз) 9009,92 теңге деп белгіленді. Ал тұрғындар үшін тариф бұрынғыша 3109,22 теңге, өзге тұтынушыларға 3346,07 теңге (ҚҚС-сыз). Сонымен қатар суды ысыту үшін төлем өзгеріссіз қалды, яғни 1 текше метр үшін 164,79 теңге, бір адам үшін (есептеуіш құралдарынсыз, ҚҚС-сыз) 601, 48 теңге.

ҚР  Ұлттық  экономика  министрлігінің Табиғи  монополияларды  реттеу  және бәсекелестікті  қорғау  комитетінің БҚО  бойынша  департаменті


Соңғы ойын ғана қалды

Күні: , 795 рет оқылды

Акжайык Восток2


Футболдан бірінші лига командалары арасында Қазақстан чемпионатында Оралдың «Ақжайығы» бұрынғысынша көш бастап келеді.


Өткен турда батысқазақстандықтар Өскеменде жергілікті «Востокпен» кездесіп, 1:0 есебімен жеңіске жетті. Бірінші айналымда оралдықтар дәл осындай есеппен өз алаңында есе жіберген болатын. Бұл жолы 58-минутта «Ақжайықтың» шабуылшысы Олег Хромцов мергендік танытып, биылғы маусымда соққан доп санын 13-ке жеткізді. Батысқазақстандықтар қақпасын Атырау футболының түлегі Нұрболат Қалменовтің қорғағанын айта кетейік. Сөйтіп Талғат Байсофыновтың шәкірттері сырт алаңдағы соңғы екі ойында өздерінің тікелей қарсыластарынан басым түсіп, турнир кестесіндегі жағдайын біршама жақсартты. Енді оралдықтар 1 қараша күні өз алаңында Теміртаудың «Болатын» жеңсе, премьер-лигаға жолдама алады. «Болат» бұл турда Семейдің «Спартагын» 2:1 есебімен ұтса, Петропавлдың «Қызылжары» сырт алаңда «Екібастұзды» 1:0 есебімен тізе бүктірді. Өз алаңында «Қыраннан» ұтылған Ақтаудың «Каспийі» семейліктер секілді премьер-лига жолдамасынан үміткерлер қатарынан шықты. Енді негізгі бәсеке «Ақжайық», «Болат», «Қызылжар» және «Восток» командалары арасында өрбиді.

Чемпионаттан шығып қалған Қаратаудың «Лашынымен» өтпейтін ойынды есептегенде, ұпай санын 50-ге жеткізген «Ақжайық» алдағы екі турға қатыспайды. Дегенмен олар үшін маңызды матчтар жоқ емес. Мысалы, 17 қазан күні «Қызылжар» Петропавлда «Мақтааралды» қабылдаса, 24 қазанда Теміртауда өтетін «Болат» — «Восток» кездесуі біраз мәселенің басын ашып тастауы мүмкін. Ал 1 қараша күні Оралдағы бас жүлде үшін «шайқастан» бөлек «Қызылжар» — «Каспий», «Восток» — «Екібастұз» ойындары өтеді.

Ғайса БӘЙМЕН


«Ақжайықтың» Астраханға сапары

Күні: , 170 рет оқылды

акжайык би


Қазанның 1-3-і күндері Ресейдің Астрахан облысы мәдениет және туризм министрлігінің қолдауымен Володар ауданы Алтынжар ауылында күй алыбы Құрманғазы Сағырбайұлы атындағы аймақтық мәдениет орталығының 10 жылдық мерейтойы өтті.


Оған облысымыздан халықтық «Ақжайық» би ансамблі (жетекшісі Ә. Дәулетова), Атырау, Ақтау қалаларынан, Татарстан, Дағыстан, Қалмақ республикаларынан өнер ұжымдары мен әншілер қатысты. Мәдени шара Құрманғазы Сағырбайұлы  кешенін тамашалаудан басталды. Кешен ауылдан 800 метр қашықта орналасқан. Ғимараттың төменгі  қабатында қонақүй, музей, көркемөнерпаздар ұжымдарына арналған шағын орталық бар. Мәдени кеште дарынды тұлға шығармашылығынан күй төгілді. Ән шырқалды, би биленді. Шара екі елдің арасындағы достық қарым-қатынастың нығая түсуіне ықпал еткені анық. Құрманғазы Сағырбайұлы атындағы аймақтық мәдени  орталық – қазақстандықтар үшін маңызы зор кешен. Алтынжар ауылы тұрғындары ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа осы орталық құрылысын қолдап, қаражат бөлгізгені үшін алғыстарын білдірді.

Ару НАҒИМОВА,

облыстық халық шығармашылығы орталығы ұйымдастыру бөлімінің әдіскері


БҚО, Орал қаласы, Мұхит көшесі, 57/1
zhaik_presscenter@mail.ru
oral_oniri@inbox.ru
support@oraloniri.kz

Орал өңірі" газетінің бас редакторы: 51-25-80
Бас редактордың орынбасарлары: 24-17-08, 54-18-08
Жауапты хатшы: 54-38-22
Тілшілер: 50-66-88, 51-50-34
Жарнама бөлімі: 51-51-09
Яндекс.Метрика