Мұрағат: 10.10.2015


«Өрелі өнер, өнегелі өмір»

Күні: , 838 рет оқылды

фото Рафхата Халелова (152)


Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері Мақсот Омарғалиевтің 70 жасқа толуына орай облыстық қазақ драма театрында «Өрелі өнер, өнегелі өмір» атты кеш өтті.


Кеш Әбіш Кекілбаевтың сөзі мен Арман Дүйсеновтің әуеніне жазылған «Арман дейтін арғымақ» театрландырылған хореографиялық композициясымен ашылды.

Әнді өңірдің танымал әншісі Жаңылсын Хасанова тамаша орындап шықты.Қазақстан халқы БҚО ассамблеясы төрағасының орынбасары, атқарушы хатшылық басшысы Ғайса Қапақов Мақсот Константинұлын мерейтойымен шын жүректен құттықтап, оған облыс әкімі Н. Ноғаевтың атынан алғысхат пен Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған мерекелік өңірге тағар белгіні салтанатты түрде табыс етті. Облыстық мәслихаттың хатшысы М. Құлшар да мерейтой иесін құттықтап, сый-сияпатын ұсынды. Айтулы ақын, Жайықтың ақ шағаласы Ақұштап Бақтыгереева Мақсот Омарғалиевке жүрекжарды лебізін білдіріп, оған «Жайық өңірі өнерінің қара нары» деген жоғары баға берді. Облыстық мәдениет, мұрағаттар және құжаттамалар басқармасы басшысының орынбасары Ә. Жоламанов пен аталмыш сала қызметкерлері кәсіподағының төрағасы А. Батырханов құттықтау сөз сөйлеп, мерейтой иесіне «Еңбек ардагері» өңірге тағар белгісін тапсырды. Сондай-ақ басқа ұжымдар мен аудандардан да марапат аз болған жоқ.

Кеш бойына М. Омарғалиевтің өнердегі әріптестері Қ. Қожақов, М. Әмірханов, Ж. Ғайсағалиев, С. Рахымжанов, С. Таудаева, Ж. Хасанова және өзге де өнерпаздар әуелете ән шырқап, көрермендерге көтеріңкі көңіл күй сыйлады. Өнер майталманы М. Омарғалиев кеш соңында жиналған қауымға алғыс айтып, өзіне зор құрмет көрсеткені үшін ризалығын білдірді.

Серік ИХСАНҒАЛИ


Көпірдің қызығын көретін күн таяу

Күні: , 133 рет оқылды

IMG_9445


Биыл жыл басында ұйымдастырылған баспасөз мәслихатында қала әкімінің орынбасары Ғалым Орынғалиев қала аумағындағы көшелерді жөндеуге  барлығы 3,5 млрд. теңге бөлінгенін мәлімдеген болатын. Сол жолы ол қала аумағындағы қос көпірдің де жөнделетінін айтып еді.


«Балапанды күзде санайды» дегендей, биыл жөндеуден өтуі тиіс қос көпірдің жайын білгіміз келіп, жақында Орал қалалық ТҮКШЖКжАЖ бөлімі басшысының орынбасары Бекжан Тоғжановпен хабарластық.

Оның мәлімдеуінше, жол құрылысы биыл қарқынды жүрген. Бүгінгі таңда ағымдағы жылға жоспарланған жұмыстың, шама-мен 90 пайызы жүзеге асырылыпты. Осы бағыттағы қалған жұмыс жыл соңына дейін толық аяқталады деп күтілуде.

— Ал көпірлерге келсек, биыл қала маңындағы Подстепный және Деркөл ауылдарын облыс орталығымен жалғап тұрған қос көпір жаңғыртылғанынан жұртшылық  хабардар. Оның бірі — Жайық өзені арқылы Подстепный ауылына қарай өтетін көпір. Аталған көпірдің жалпы жағдайы жақсы болғандықтан, бұл жолы көпірдің тек деформациялық жіктері мен асфальтты-бетонды жабыны ғана жаңғыртылды. Сондай-ақ осы жұмыстармен бір мезгілде көпірден бастап Подстепный ауылына қарай бағытталған жолға асфальт төселді. Бұл жұмыс тұрғындар үшін біраз уақыт ыңғайсыз жағдай туғызғанымен, аз уақыттың ішінде көпіріміз жаңғырып қалды.

Бұл көпірді «АлматыИнжСтрой» АҚ Орал филиалы жөндеді. Ал енді бұған қанша қаражат жұмсалды деген сұраққа келетін болсақ, Сырым Датов көшесі бойындағы жолды орташа жөндеу жұмысына ҚПО б.в. компаниясы 583 млн. теңге бөлді. Жайық өзені арқылы өтетін көпірді жөндеу жұмысына жұмсалатын қаражат осы ақшаның ішіне кіреді. Бүгінде аталмыш көпірді жөндеу жұмысы толық аяқталып, жұмысшы және мемлекеттік комиссиядан өтті. Қазіргі таңда бұл көпірдегі автобустардың маршруты тұрақталды.

Сондай-ақ Деркөл ауылына апаратын көпір де жақында іске қосылады деп күтілуде. Осы жұмыстың басы-қасында жүрген «Уральскводстрой» АҚ өкілдерінің мәлімдеуінше, бұл көпірге жүргізіліп жатқан жөндеу жұмысы, бұйырса осы қазан айында аяқталмақ. Тамыз айының орта тұсында басталған жөндеу жұмысы негізінен, сметалық жоба бойынша 4 айда аяқталуы тиіс еді. Бұл, шамамен, қараша айының аяғы. Бірақ жігіттердің біліктілігі мен ширақ қимылдарының  арқасында бұл жұмыс мерзімінен бұрын бітейін деп тұр. Жөндеу жұмысы барысында бұрыннан жатқан ескі асфальт жабыны алынып, оның орнына жаңа бе-тон құйылды. Жұмысшылар көпір балкаларын көтеріп, олардың астындағы төсеме материалын ауыстырды. Және көпірдің қоршауы мен жарықтандыру шамдары жаңартылды. Күні кеше ғана көпір үстіне асфальт жабын салынды. Енді тек көпірмен жапсарлас жердің асфальтты бетонды жабынын орналастыру жұмысы қалды. Бұйырса, бұл  жұмыстың да бітуі таяу. Көпір жөн-деу жұмысына негізінен, жергілікті құрылыс материалдары пайдаланылды. Ұзындығы 185 метр болатын көпірді жөндеу жұмысын «Уральскводстрой» АҚ-ның жұмысшылары жүргізуде ҚПО б.в. компаниясы «Омега» ықшамауданынан басталып, Селекционный ауылына дейін апаратын 5 шақырым жолды жөндеуге 780 млн. теңге қаржы бөлді. Ал  Шаған өзені арқылы Деркөл ауылына апаратын көпірді жөндеуге қосымша 189 млн. теңге жұмсалды, — деген Бекжан Тоғжанов осындай ауқымды жұмыстардың нәтижесінде өңіріміздегі жолдардың сапасы жыл өткен сайын жақсарып келе жатқанын айтты.

Айша  ӨТЕБӘЛІ,

«Орал  өңірі»


«Пайдасы жоқ ПИК-ті асырай береміз бе?..»

Күні: , 808 рет оқылды

жасланга (1)


Қазан айы ортасында көп қабатты үйлерге жылу берілмек. Жылу маусымына ол үйлердің дайындығы әрқалай. Бірі дайындықты өткен жылыту маусымы аяқталысымен сәуір айында бастап кетсе, бірі әлі жөнді жұмыс жүргізбеген. Кейбір үйлердің тұрғындары ПИК-терге сенім артса, кейбірі өз күштеріне ғана есеп жасайды. Өйтпеске амалдары да жоқ.


Олай деп отырған себебіміз Орал қаласындағы Л. Толстой көшесінің бойындағы №24 үй тұрғындары ПИК-ке ай сайын ақша жинап бергенімен, он шақты жылдан бері үйге еш жөндеу жүргізілмеген. Бүгінде бес қабатты үйдің жертөлесі нәжіске тола бастаған.

— Мысалы, біздің пәтер екі бөлмелі, ПИК-ке ай сайын 1 мың теңге төлеймін. Осы үйдегі 40 пәтер ПИК-ке жылына шамамен жарты миллион теңгедей қаржы жинайды екенбіз. Ал 60-жылдар ішінде салынған бұл үйге ПИК тарапынан қашан жөндеу жасалғаны есімізде жоқ. Соңғы кезде тұрғындар жиналып өз қаржымызға жөндеу жүргізе бастадық. Мысалы, шатырды біртіндеп жамап-жасқап келе қазір екі пәтердің төбесі ғана қалды. Бұрын пәтерге келіп тұрған суда қысым болмайтын, биыл жертөледегі ыстық және салқын су құбырларын толықтай жаңалап шықтық. Ал ПИК жаңарту жұмыстарына кеткен қаржымызды ай сайынғы төлемімізден шегеруге де келіспей отыр. Сонда бізге еш пайдасы жоқ ПИК қызметкерлерін асырап жүре береміз бе? — дейді №24 үй тұрғындары атынан Татьяна Мирошкина.

Көршілерін біріктіріп, жаңалау жұмыстарының басында жүрген Татьяна Мирошкина «Евразия» ПИК төрағасы Н. Сұлтанғалиевке жазған өтініштерінің көшірмесін көрсетті. «Жертөледегі канализация құбырына жөндеу жүргізуіңізді сұраймыз. Құбырлар жарамсыз болғандықтан, жертөлеге тізеден келетін деңгейде нәжіс жиналды. Иістен төменгі қабаттарда тұру мүмкін емес. Мәселе шешілмесе, тұрғындардың жиналыс қорытындысы бойынша санэпидемстанция мен сотқа жүгінуге мәжбүр боламыз» делінген қыркүйек айында жазған бір өтініштерінде.

— Жертөлеге біраз уақыттан бері нәжіс жиналуда. Өмір сүруге қолайсыздығы өз алдына, онсыз да жөндеу көрмеген үйдің ір-гетасы үгітіле ме деп уайымдаймыз, — дейді осы үйдің тұрғыны С. Сабырғалиева.

Біз ПИК төрағасын іздеп жұмыс орнына бірнеше рет бардық. Соңғысында ұялы телефонына қоңырау шалып, ПИК-тің жұмыс барысымен танысып, қыс мезгіліне әзірліктерін білгіміз келетінін жеткіздік. Төраға «Ешқандай ақпарат бере алмаймын» деп тұтқаны қоя салды да бірден телефонын өшіріп тастады. Осындай «әдепті» төраға басқарған бұл ПИК-тің қызметінен осы маңдағы көп қабатты үйлердің біразы ажыраған. Сірә, жұмыстары мардымсыз болса керек. Ал №24 үй тұрғындары әлі үмітте-рін үзбеген сыңайлы.

— Биыл онсыз да су жүйесін өзіміз жаңартып шықтық. Енді канализацияны жаңалауға тұрғындар ақша жинамасы анық. Көбісі қайта-қайта қаржы жинауға қарсы, шамалары келмейді. «ПИК-ке не үшін ай сайын ақша төлейміз?» деп отыр. ПИК-ке сенеміз деп үйіміз құлап қалмаса, жарар еді, — деді №24 үй тұрғыны А. Мирошкин. Жарты жыл бойы астына су сіңген ескі үйдің іргетасы ажырап, қабырғасы қақырап кетуі де әбден мүмкін. Астына су кетпей-ақ, жанынан көлік көп жүргесін үйдің қабырғасы жарылуы оралдықтар үшін таңсық емес.

Нәжіске бата бастаған бұл үйде өмір сүру түгілі, сыртынан өткенде мүңкіген иіс қолқаны қабады. Халықтың өмір сүру қалпы мен денсаулығына тікелей қатысты мұндай мәселені ушықтырмай, уақтылы шара алынғаны жөн деп жауапты мекемелерге құлаққағыс қылғымыз келеді…

Өйткені үйі нәжіске батқан, өзі кездесу түгілі сөйлесуден зыр-зыр қашқан ПИК төрағасынан әзір қайыр болатын  түрі жоқ сияқты!

Нұрлыбек РАХМАНОВ,

«Орал өңірі»


Кәсіпкерліктің тынысын кеңейткен

Күні: , 804 рет оқылды

Изображение 235 карэн даниелян


«Даму» кәсіпкерлікті қолдау қоры» АҚ-ның аймақтағы филиалы ұйымдастырған пресс-тур барысында «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасының қолдау-көмегімен даму жолына түскен бірқатар нысандардың тыныс-тірлігімен таныстық.


Орал қаласындағы Карэн Даниелян басшылық жасайтын «Двин-строй» ЖШС 2011 жылы құрылды. Серіктестік ұжымы жаяу жүргіншілер жолына төселетін тақтатас, жиектас түрлері өндірісін жолға қойған. Тапсырыстар түсіп жатса, өз өнімдерін жайлы етіп төсеп те береді. Мұндағы өнім түрлеріне сапа сәйкестігі жөнінде сертификаттар да бар. Кәсіпорынның өнімдері негізінен өңірдің сұранысын қамтуға бағытталған.

— «Бизнестің жол картасы — 2020» бағдарламасы бойынша «Даму» қоры арқылы жеңілдетілген несие алып, оған жеке өндірістік база сатып алдық. Кәсіпкерлікпен  айналысқаныма 10 шақты жыл болды. Асылы, өзімнің өндірістік орным болмайынша дамып, өркендей алмайтынымды жон арқаммен сезіндім. Биыл қосымша құрал-жабдық алып,  орнатудамыз. Жаңа жабдықтар ырысымызды молайтып, өнім өндіру көлемін 2 есеге өсіреді деп күтудеміз, — деді кәсіпкер К. Даниелян.

Қазір кәсіпорында 15 адам жұмыс істейді. Жаңа жабдықтардың іске қосылуымен тұрақты жұмысқа тағы 5-6 адамды қабылдау жоспарланған. Сонымен қатар өндіріс ошағы өзінің аккредиттелген зертханасын ашу қамында.

«Олимп» тәуелсіз клиникалық-диагностикалық зертханалар жүйесі еліміздің зертханалық диагностика саласындағы қызмет нарығында 2007 жылдан бері жұмыс істейді. Өңіріміздегі оның филиалы өткен жылғы ақпан айында ашылды. Бүгінде филиалда 41 адам еңбек етеді.

«Олимп» КДЗ жүйесінің Батыс Қазақстан филиалының директоры Маралбек Камиевтің айтуынша, аталмыш зертханада медициналық сараптаудың түрлері бойынша зертханалық қызмет көрсетіледі. Әлемдік өндірісшілерден алынған кәсіби зертханалық құрал-жабдық, диагностика саласына инновациялық технологиялардың енгізілуі, жоғары білікті қызметкерлер және сапаны халықаралық бақылау, міне, осының барлығы зертхана қызметінің әлемдік стандарттарға сай екенін көрсетеді.

Филиал зертханаларында биоматериалды алу, зертханалық зерттеу жұмыстары жүргізіледі. Клиника жанында УЗИ, ЭКГ кабинеттері жұмыс істейді. Филиал басшысы М. Камиевке Даму» қорының қолдауымен «Бизнестің жол картасы — 2020» бағдарламасы шеңберінде қаржылай емес көмек көрсетілді. Ол биылғы жылғы сәуір айында «Топ-менеджментті оқыту» жобасы бойынша Назарбаев университетіндегі оқу курсында оқыды.

– Үш күндік семинарда ақпараттық жағынан «қаруланып» қайттық. Тыңдаушылар кәсіпкерлікті дамытудың шетелдік бағдар-ламаларымен танысты. Істі басқару, жоспарлау, тәуекелділікті бағалау әдістері мен дағдарыстан шығудың жолдары жайында мол мағлұмат жинап қайттым. Әлемдік экономика қиындықтарға тап болған тұста мүндай білімнің қажеттілігі түсінікті, — деді Маралбек Табылдыұлы.

Теректі ауданындағы Федоров ауылындағы «Умбетьяров Ильдар Ильясович» жеке кәсіпкерлігі газблок кірпішті бұдан 3,5 жыл бұрын өндіре бастады. Зауыттың айына 450 текше метр өнім өндіреді. Кәсіпкерлік «Даму» қорының қолдауымен құрал-жабдық алуға жұмсалған несиенің пайызын субсидиялады.

— Басында цехта 12 адам жұмыс істейтін, бүгінде 5-6 адам ғана қалды. Қазір экономикалық жағдайларға байланысты өнімге сұраныс азайды. Сондықтан айына 30 текше метр газблок кірпіштерін шығарудамыз. Құрылысшылар газблокты іргелес Самарадан, Ақтөбе қалаларынан алуда. Алайда самаралық газблоктың текше метрінің бағасы 18 мың теңгеден, біздің өніміміз — 15 мың теңге. Оған қоса өткен өнімді Федоровтан 100 шақырым жерге дейін тегін тасымалдап береміз. Өнім өндіруге жергілікті құмды пайдаланамыз, өзге шикізат Ресейден тасымалданады. Көбінесе тапсырыстар жекелерден түседі, — деді өндіріс бастығы Валерий Румянцев.

Кәсіпорындағылар газблокты кірпіштерге тапсырыс түсе қоймағанмен, сұранысқа ие бетонды сақиналарды молынан өндіруде. Одан басқа кәсіпкерлік жылыжай шаруашылығымен де айналысады. Онда 3 адам қияр өсіреді. Өнім негізінен Федоровқа және Оралға, Ақсай қалаларына өткізіледі.

— Мұндай кәсіпті мемлекет қолдап отыр. Биыл 840 мың теңге субсидия алдым. Әрине, үлкен көмек, өйткені бір маусымда жылыжайды газбен жылытуға 1 миллион теңгеге дейін ақша жұмсаймыз, — деді И.  Умбетьяров.

Гүлбаршын ӘЖІГЕРЕЕВА,

«Орал өңірі»


Салық заңнамасында өзгерістер көп

Күні: , 863 рет оқылды

SAM_3836 киристер брифинг


Биыл жеке кәсіпкерлік субъектілерін жабудың оңайлатылған тәртібі қолданысқа енгізілді. Алайда өңіріміздегі бірде-бір кәсіпкер мұндай мүмкіндікті пайдаланбады. Бұл туралы және алдағы уақытта Салық кодексіне енгізілетін өзгерістер жөнінде БҚО бойынша мемлекеттік кірістер департаментінің мәжіліс залында өткен брифингте кеңінен сөз болды.


Департаменттің аудит басқармасының басшысы Асылбек Қалменовтың айтуынша, салықтық тексерістерге қатысты салық заңнамасына өзгерістер енгізілген. Өткен аптада ҚР Парламенті депутаттары бірінші оқылымда салық салу және кедендік әкімшіліктендіру мәселелері бойынша кейбір заң актілеріне түзетулер енгізуді мақұлдады. Ондағы мақсат — салықтық және кедендік әкімшіліктендіруді жетілдіруді салық және кедендік жүйенің кіріктіру жолымен жақсарту. Жобада әдеттегі жоспарлы салықтық тексерістер іріктеп тексерумен ауыстырылған. Бұрын кәсіпкерлер кәсіпорынды ашу оңай, жабу қиын деп шағымданатын. Енді биылдан бастап қо-сымша құн салығын төлейтін заңды тұлға және жеке кәсіпкерлерге шағын кәсіпкерлік нысандарын жабу тәртібі жеңілдетілді.

– Бұл өзгерістер бес жыл ішіндегі кірістері 60 мың АЕК-тен (118 млн. теңгеден) аспайтын шағын кәсіпкерлік субъектілеріне тікелей қатысты. Олар заңды тұлға ретінде салықтар бойынша аудиторлық қорытындылардың нәтижесі-не сүйене отырып кәсіпорындарын жаба алады. Ол үшін кәсіпкер алдымен, аудиторлық компаниялармен келісімшарт жасауы тиіс. Мұндай жағдайда кәсіпкерлер айыппұл төлеуден босатылады, — деді Асылбек Қалменов.

Мамандардың айтуынша, кәсіпкер өзінің тұрғылықты жері бойынша салық құрылымына қызметін тоқтату жөніндегі салықтық өтінімін, қызметтердің жекелеген түрлері болатын болса, соларды тіркеу есебінен шығару жөніндегі өтінімін, жабылуға орай салықтық есебін, аудиторлық ұйымның жасаған салықтар бойынша аудиторлық қорытындысын, қосымша құн салығы бойынша тіркеу есебіне тұру жөніндегі куәлігін, ҚҚС бойынша тіркеу есебінен шығару жөніндегі салықтық өтінімін, са-лық кодексінде тәртіп бойынша бақылау-кассасы машинасын есептен шығару жөнінде салықтық өтінімін тапсырады. Салық құрылымдары жаңағы құжаттар түскен 10 жұмыс күні ішінде камералдық бақылау жұмысын іске асырады. Кәсіпкер жұмысында салыққа қатысты кеткен кемшіліктер болатын болса, онда оған бірден айыппұл салынбайды, қайта оларды жою жөнінде ескерту қағазы беріледі.

Департамент мамандары биыл бұл өзгерістердің қолданысқа енгізілгеніне қарамастан, өңіріміздегі бірде-бір кәсіпкер кәсіпорынды жабудың оңайлатылған тәртібін пайдаланбағанын айтты.

Жанама салықтарды әкімшіліктендіру басқармасының бас маманы Дина Қажығалиеваның айтуынша, заң жобасы бойынша 2017 жылдан бастап қосымша құн салығын төлеуші есебіне қою үшін тауар айналымы көлемі 30 мың айлық есептік көрсеткіштен 3234 айлық есептік көрсеткішке (59,4 млн. теңгеден 6,4 млн. теңгеге дейін) төмендетіледі. Сонымен қатар ерікті түрде қосымша құн салығын төлеуші есебіне тұру тәртібі жойылады.

— Ендігісін патент бойынша арнайы салықтық режимді қолданатын кәсіпкерден өзге жеке кәсіпкерлер қосымша құн салығын төлейтін болады. Бұл меже еліміздің кәсіпкерлерінің салықтық сауаттылығын арттыруға көмектеседі. Ерікті түрде ҚҚС-ты төлеуші есебіне қоюды жою адал салық төлеушілерді қорғау және экономикалық қылмыстың өсімін тоқтату мақсатында іске асырылуда, — деді Д. Қажығалиева. Оның айтуынша, жыл басынан бері 261 салық төлеуші ҚҚС бойынша тіркеу есебіне ерікті түрде тұрған.

ҚҚС-тың, бөлшек сауда және тамақтану кәсіпорындарына бір рет салынатын салықтың орнына сатуға салынатын (налог с продаж) салықтың енгізілуі көлеңкелі экономиканың деңгейін төмендетуге, заңсыз тауар тасымалын жоюға және есеп айырысудың ашықтығына жол ашады.

Заң жобасына енгізілуі мүмкін жаңалықтардың бірі — 2016 жылдан бастап жеке кәсіпкер ретінде тіркелу үшін ешқандай алым төленбейді. Бұл шағын бизнесті дамытуға серпін беру үшін жасалып отыр. Сондай-ақ жаңа жылдан бастап салық төлеуде жеңілдікке ие санаттардың қатарына мүгедектердің қоғамдық бірлестіктері енгізіледі. Салық кодексінің 134-бабының 1-тармағына сәйкес ондай қоғамдық бірлестіктердің қоз-ғалтқышының көлемі 3000 шаршы сантиметрден аспайтын бір жеңіл аутокөлігіне және бір аутобусына салық салынбайды. Мұның өзі «Қазақ соқырлар қоғамы» қоғамдық бірлестігіне тікелей қатысы бар.

2017 жылдан бастап жеке тұлғаларға мүлік және жер салығын төлеу мерзімі өзгертіледі. Қазіргі уақытта мемкірістер құрылымдарымен салықты есептеу 1 тамызға дейін жүргізіліп, салық төлемдерін төлеу мерзімі биылғы 1 қазанға дейін деп белгіленген. Ал 2017 жылдың 1 қаңтарынан бастап салықты есептеу есепті мерзімдегі жылдың 1 маусымына дейін жүргізіліп, салықты төлеу мерзімі 1 қыркүйекке дейін қысқарады. Мемлекеттік қызметтер басқармасының басшысы Ербол Найзабековтың айтуынша, 2017 жылдың 1 қаңтарынан бастап жеке тұлғалар көппәтерлік үйдің жеріне салынатын жер салығынан босатылады. Яғни көппәтерлік үйлердің тұрғындары жер салығын төлемейтін болады. Сондай-ақ 2017 жылдың 1 қаңтарынан бастап мүлік салығы бойынша жеңілдіктерге ие санаттар қатарынан мерзімдік қызметтегі әскери қызметшілер алынып тасталды. Өйткені Қарулы күштер қатарындағы әскери қызметті өтеу мерзімі 1 жылға дейін қысқарды. Тағы бір ұнамды жаңалық 2017 жылдан бастап қай топтағы екеніне қарамастан барлық топтағы мүгедекті салықтан босату қарастырылуда.

— Кейбір салық төлеушілер жаңа нысан құрылысын салып, онда өз қызметтерін іске асыра бастағанмен, оны әділет құрылымдарында тіркемейді әрі салық төлеуден жалтарады. 2016 жылдың 1 қаңтарынан бастап заңды және жеке тұлғалардың мүлікке жеке меншіктік құқықтың мемлекеттік тіркелімі болмаса да, пайдаланып отырған нысандарына мүлік салығы салынады, — деді Ербол Найзабеков.

2016 жылдың 1 қаңтарынан бастап шағын және орта бизнес саласындағы арнайы салық режимін қолданатын салық төлеу-шілер жеке табыс салығын төлейді әрі оған қоса салықтық есептілікті тапсырады. Қазіргі уақытта табыс салығын есептеу төлем төлеушінің оңайлатылған декларациясында ғана көрсетіледі. Міне, осындай түзетулермен қоса салық төлеушілердің бұл санатында есептелетін міндетті зейнетақы жарналарын төлеу мерзіміне өзгерістер енгізілген.

Биылдан бастап шаруа қожалықтарына салық салуда өзгерістер енгізілгені белгілі. Жыл басынан бері шаруа, фермерлік шаруашылықтарға арнайы салық режимін қолдану үшін тиісті шарттар қарастырылған. Мысалға, біздің өңірдегі шаруалардың арнайы салық режимін пайдалануы үшін олардың қарамағындағы ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер көлемі 3500 гектардан аспауы тиіс. 2016 жылдан бастап ауыл шаруашылығы, аквамәдени өнімдерін (балық шаруашылығы) өндіретін шаруа қожалықтарына арнайы салықтық режимін қолдану ұсынылады. Арнайы салықтық режим бойынша корпоративтік, жеке табыс, қосымша құн, әлеуметтік, мүлік, көлік салықтарының шамасын 70 пайызға төмендету қарастырылған. Қазірдің өзінде заңды тұлғалар – ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері кейбір салық түрлері бойынша 70 пайыздық жеңілдіктерге ие және оны пайдаланып та жүр. Сондықтан шаруаларға берілетін салықтық жеңілдіктер заңды тұлғалармен нарықтық жағдайда тізе теңестіріп, жұмыс істеуге жол ашады.

Гүлбаршын ӘЖІГЕРЕЕВА,

«Орал өңірі»


Патриоттар форумы не үшін қажет?

Күні: , 238 054 рет оқылды

IMG_3872


Осы аптада Астана қаласында патриоттар форумы өтті. «Мәңгілік ел – болашағы біртұтас ел» тақырыбында өткен форумда мемлекетіміздің барлық өңірінен келген 2 мыңдай делегат бас қосты. Сол делегаттардың қатарында болғандықтан, форумнан түйген ойларымды тізбектейін.


Бұл форум әлеуметтік желілерде біраз талқыға ұшырады. 2007 жылдан бері жыл сайын елдің әр өңірінде өткізіліп келе жатқан форумды кейбірі білмейтін болып шықты. Сол себептен оңды-солды сынаушылар болды.

Жұртшылықтың форумды білмеуіне мынадай себептер бар. Біріншіден, көбі газет оқымайды. Оқыса да, кейбір газеттер форумды тарқатып, арғы мақсатын жеткізіп жазбайды. Қысқаша ақпарат беріп, форумға қатысушылар арасынан халық күнде көретін белгілі бір тұлғаның суретін сала қояды. Сондықтан әдеттегі көп жиынның бірі ретінде тасада қалады.

Екіншіден, телеарналар да «форум өтті, онда мынадай мемлекеттік тұлғалар сөйледі» дегеннен әрі аспай жатады. Ал форумның аты айтып тұрғандай, онда негізінен елдің нағыз патриоттары – қарапайым еңбек адамдары сөз алып, мінбеге шығады. Ал олардың телеарналардың назарынан тыс қалатын себебі – олар күнде БАҚ назарындағы адамдар емес, тілшілер оларды танымай жатады.

Мәселен, осы форумда әр өңірден патриоттығын іспен дәлелдеген тұлғалардың арнайы шақырылғаны қуантты. Ерекше оталар жасайтын жас дәрігерлер, оқушыларына аз ғана уақытта халықаралық жарыстарға шығаратын білім бере білген жас ұстаз, үрімбұтағымен шахталарда тер төккен шахтерлер жанұясының отағасы, бейбіт күнде ерлік жасап, адамдардың оттан, судан өмірін арашалап қалған жандар, мұқтаж адамдарға көмек қолын аямаған жомарт кәсіпкерлер, ұжымындағы этнос өкілдеріне қазақ тілін үйретіп, тілге құрметті талап ететін басшылар, отандық өнім өндірушілер, яғни елжандылықты сөзбен емес, іспен дәлелдеген жандар бас қосты. Әрине, бәрі мінбеге шыға алмасы анық, «Қазақстан» орталық концерт залы осындай рухы биік жандарға толы болды десек, артық айтқандық емес.

Форумның маңызын Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысушыларға арнайы хат жолдауынан байқауға болады. Хатты Президент Әкiмшiлiгi басшысының орынбасары Бағлан Майлыбаев оқып бердi. «Бүгiнгi форум ерекше. Бұл халқымыздың бiрлiгi мен келiсiмiнiң бiрегей дәстүрiн, туған жерiмiз – Ұлы Дала елiне деген ерекше сүйiспеншiлiктi паш етеді. Форум қазақстандықтарды «Мәңгiлiк ел» идеясының айналасына ұйыстыруға және қоғамның тұрақтылығы мен бiрлiгiн нығайтуға қызмет ететiнiне сенемiн» – делiнген Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың құттықтау хатында.

Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары Ералы Тоғжанов биыл елімізде атқарылған халқымыздың рухын көтеріп, тарихи санамызды сауықтыруда мәні зор айтулы шараларға тоқталды. Қоғам және мемлекет қайраткері, Мәжіліс депутаты Қуаныш Сұлтанов «Мәңгілік ел» идеясының еліміз үшін зор маңызы бар екенін сөз ете келіп, Елбасының әлемнің ең жоғарғы, ең мәртебелі төрі мен мінбері Біріккен ұлттар ұйымының 70-ші мерейтойлық сессиясында қазақ тілінде сөйлеген сөзімен ұлт абыройын асқақтатқанына тоқталды.

«Бiздiң жерiмiзден – Байқоңыр ғарыш айлағынан адам баласы ең алғаш ғарышқа ұшты. Қазақстанды бүгінде бүкiл әлем таниды. Бұл — өз елiмiздi мақтан тұтудың тамаша үлгiсi. Бүгiнде Қазақстан көп табыстарға қол жеткiздi. Біз мемлекетімізді одан әрі дамыта беру үшін әрқайсымыз өз iсiмiздің үздiгі болуымыз керек. Мiне, осы – нағыз патриоттық iс. Мен жастарды елiмiздiң патриоты болуға, өзiнiң нақты iстерiмен Отанымыздың көркеюiне үлес қосуға шақырамын. Қазақ елi мәңгiлiк жасасын!», – деген ғарышкер Айдын Айымбетовке жиналғандардың ілтипаты ерекше болды. Мәжіліс депутаты Бақытбек Смағұл жастарды патриоттық рухта тәрбиелеудің маңыздылығына баса тоқталып, жалынды жырын оқып берді. Аяулы аналарымыз бен балбөбектеріміздің күміс күлкісі мен тыныш ұйқысын қорғау парыз екенін айтқан соғыс көрген азаматтың сөздері жастарға ой салды. «Милосердие» қайырымдылық қорының директоры Аружан Саин қоғамымызда қайырымды жандар көбейіп келе жатқанын, «Балаларға өмір сыйла!» шарасына белсене қатысқан азаматтардың арқасында соңғы 10 жыл ішінде 1300-ден астам баланың өмірі жалғасқанын атап көрсетті.

«Халық Қаһарманы» Азамат Жұмаділов: «Мен ешқашан батыр атануды ойлаған емеспін. Сол қатерлі түнде азаматтық міндетімді ғана атқардым. Менің орнымда кім болса да дәл солай істер еді.

Жауапты сәтте қатерге ойланбай бас тігу – елім деген әрбір азаматтың борышы! Сол оқиғаны Елбасы теледидардан көріп, маған «Халық Қаһарманы» атағын берді. Осыдан түйгенім: Қазақстанда жасалған әрбір игі іс Елбасының назарында. Ұлым дейтін елі мен Елбасы барда, елім дейтін ұлдар бар. Патриотизм – ел үшін жасалған нақты істерден тұрады» – деді.

Қарағандылық кенші Қанат Мұстафин: «Біздің отбасымыз – кеншілік кәсіп атадан балаға мирас болған шахтерлер әулеті. Мен «Қазақстан» атты көмір шахтасында жұмыс істеймін. Менің әкемнің аты – Қазақстан. Мен өзімнің әкемнің ғана емес, сүйікті Қазақстанымыздың перзенті екенімді мақтан етемін. Елімізде елі үшін аянбай тер төгетін талай-талай асыл азаматтардың бар екенін мақтан етемін. Отанымыздың өркендеуі үшін тер төгу – біздің парызымыз. Еңбек адамына ең керегі – осы! Мәңгілік ел дегеніміз де – осы!», – деді.

Актер Нұрлан Әлімжанов «Бүгінгі таңда кино өнері – ең басты тәрбие құралдарының бірі. Елбасының қолдауымен бүгінде қазақ киносы бұрын-соңды болмаған қарқынмен дамуда. «Қазақфильм» киностудиясы түбегейлі жаңғыртылып, заманауи техникалармен жарақталды. Қазір киногерлеріміз жылына 100 фильмге дейін шығара алады. Әңгіме – санда емес, сапада. Енді біздің алдымыздағы жауапты міндет – Мәңгілік елдің құндылықтарын ұлықтайтын сапалы туындылар жасау. Халықтың патриоттық рухын көтеріп, Отанымызды сүюге, ел үшін еңбек етуге үндеу! Біз оны жан-жүрегімізбен сезінеміз», – деді.

Ал Тараз мемлекеттік педагогикалық институтының ректоры Дария Қожамжарова: «Елімізде 2 миллион 600 мың оқушы бар. Тек биылдың өзінде 340 мың бүлдіршін мектеп табалдырығын аттады. Бұл – Тәуелсіздік тарихындағы рекордтық көрсеткіш» дей келіп, әр ұстаз өз ісіне жауапты қарап, ұрпақ тәрбиелеудегі ата-баба алдындағы борышын сезінсе ғана нағыз патриоттарды тәрбиелейтінін айтты.

«Қайрат» футбол клубының шабуылшысы, команда капитаны Бауыржан Исламхан: «Барлығыңыз да футболдың Қазақстан халқын қалай біріктіретінінен хабардарсыздар. Біздің сәтті турнирлерімізде алаңда бола тұрып, мен өз халқымның, Ұлы Дала елі халқының рухын бүкіл жан-дүниеммен сезінемін. Әлеуметтанушыларға қазақстандық бірегейлікті дәл осы спорттық жарыстарда өлшеуді ұсынамын, ол міндетті түрде 100 пайыз дәлдікті көрсетеді», – деді.

Форумда ақын Маралтай Ыбыраев, «Болашақ» бағдарламасы түлектері қауымдастығының мүшесі Қаныш Төлеушин, мұнай-газ саласының өкілі Фердинат Мамонов, «MIMIORIKI» компаниясының директоры Инна Апенко, Қазақстан аспазшылары қауымдастығының президенті Елена Мащинская, қазақ тілін үйретудің жаңа тәсілінің авторлары Семен Махов, Евгений Шворнев, Сергей Закора, химия пәнінің мұғалімі, көптеген шәкірттері халықаралық олимпиадалардың жеңімпазы атанған Алмас Ордабаев, режиссер Ахат Ибраев, жас әскерилер Ербол Базаров, Алтын Байтемірова және Алмат Қайырбеков сынды азаматтар елжандылық хақында өздерінің ойлы тұжырымдарын, жалынды сөздерін арнады.

Әсіресе, қатерлі ісік ауруларын зерттеулерге 2 млн. АҚШ долларын бөлген қазақстандық бағдарламашы Асхат Мырзабаевтың сөздерінен зал сілтідей тынды. Ауыр дертке ұшырағандарға көмектесуді бала кезінен өмірлік мақсаты еткен ол университеттің үшінші курсында АҚШ-тың Сан-Франциско қаласына «Тwitter» компаниясына тәжірибелік жұмысқа орналасуға мүмкіндік алған. Онда ол керемет білімді жігіттермен танысып, олардан түрлі жобалар жасауды үйренген. Кейін Асхаттың жобасын әлемдегі ең ірі компаниялардың бірі «Microsoft» сатып алады. Ірі қаржы компанияларының тәжірибесін алған бағдарламашы: «Менің жасым қазір жиырма бесте. АҚШ-та қызмет еткен кезімде мен жұмыстан тәжірибе алып қана қоймай, бір маңызды нәрсені ұқтым: ұлы нәрсені өмірге әкелу үшін ауқымды ойлау керек, өзіңе терең сұрақтар қоюың керек екен. Өмірдің мәні не? Қандай із қалдыра аламын? Адамзатқа не беремін? Өзіме ол сауалдардың жауабын таптым. Мен ғылымның дамуын қолдағым келеді. Сол үшін де мен қатерлі ісік пен онкологияны зерттеуге 2 млн. доллар бөлуді шешкен едім», – деді. Бұл форум жас буынның осындай нақты іспен айналысқандардың сөзін өз аузынан естуімен құнды. Кездесуден талай жас үйіне өмірге көзқарасы өзгеріп, еліне деген махаббаты еселеніп оралғаны сөзсіз.

Бұл форумның бұрынғы бастауынан ерекшелігі – ән-күй, бимен уақыт оздырған жоқ. Екі сағат бойы мағыналы сөз ғана, үлгілі іс қана әңгіме етілді. Форум барысында еліміздің өркендеуіне бар мүмкіндігінше үлес қосып жүргендер — еңбеккерлерімізге, батырларымызға құрмет көрсетілді.

Патриоттық міндетті түрде бірден ауқымды істер тындырып тастау емес. Мінбеден сөйлеушілердің түйіні осы. Шын патриоттық әрбір елшіл адамның кішкентай ісінен құралатын, еңбегі арқылы дәлелденетін құндылық. Елін шексіз сүйетін әр қазақтың сөзі мен ісі, күнделікті атқарып жүрген жұмысы еліне, халқының игілігіне бағытталса, елжандылық деген осы.

Әр отбасы бала тәрбиесіне жүрдім-бардым қарамай, сапалы қазақ өсірсе – міне, ұлтқа сүйіспеншіліктің бастауы. Әр күн сайын мұғалім алдындағы бүлдіршінге ілім бере алса, заңгер мұқтаждың құқын қорғай алса, дәрігер алдына келген науқастың өмірін сақтап қала алса, ғалымдар елге пайдалы зерттеумен айналысса, жолшы жолын дұрыс салса, жүргізуші жолаушыны үйіне аман жеткізуді мұрат етсе, құрылысшы әр кірпішті сапалы қаласа – міне, елжандылық, тұтас елдің қайнаған тіршілігіне титімдей үлес бола білу деген осы. Осындай өз ісіне адал қарапайым адамның әр күні ерлік, біле білгенге.

Нұрлыбек РАХМАНОВ,

«Орал өңірі»,

Орал-Астана-Орал


Ойға ой қосқан Оралдағы жиын

Күні: , 813 рет оқылды

DMS_3900


Қалай қабырғалы Қазақ мемлекетін қалыптастырамыз? Қайтіп мақсаты биік, мұраты асқақ Мәңгілік елге айналамыз? Оған жету үшін ұлт зиялыларының қосар үлесі қандай болуы тиіс? Міне, осындай ордалы сауалдарға жауап іздеген «Парыз» пікірталас клубы оралдық зиялы қауым өкілдерін қазанның 8-і күні келелі кездесуге шақырды. Салтанат сарайында, дөңгелек үстел басында өткен басқосуға жергілікті танымал тұлғаларға қоса, белгілі саясаткер, қоғам қайраткері, «Парыз» пікірталас клубы жетекшісінің орынбасары Дос Көшім, философ, публицист Әбдірашит Бәкірұлы, Қазақстан Жазушылар одағы Батыс Қазақстан облыстық филиалының төрайымы, ақын Ақұштап Бақтыгереева қатысты.


Басқосуда сөз алған Дос Көшім жаңа пікірталас клубын ашуға қандай қажеттілік түрткі болғандығын баяндады. «Қыркүйектің 13-і күні Алматы қаласында «Парыз» атты пікірталас клубын аштық. Оның ашылуына сол өңірдегі  қайраткер азаматтар  түгелге дерлік қатысты. Мұндағы негізгі мақсат – ұлт зиялыларын елдің саяси-идеологиялық өміріне кеңінен араластыру.

Шынын айту керек, біз соңғы уақыттары мәдени, рухани өмірде белсендіміз. Онда да тамсану басым, талдау аз. Ал саясатқа араласпаймыз, қашқақтай береміз. Бұл дұрыс емес. Себебі жекелеген адамдар қанша сынап-мінесе де, зиялының аты зиялы. Сондықтан осындай клуб құрып, облыстарды аралап, зиялы қауыммен пікірлесуді қолға алдық. Басқосулар мақсаты – «Мәңгілік ел» идеясы, «Қазақстан – 2050» стратегиясы, «100 нақты қадамнан» тұратын Ұлт жоспарына қатысты жергілікті интеллигенцияның пікірін білу, ұсыныстарын тыңдау. Сіздер айтқан ұсыныс-пікірлерді біз билікке жеткізетін көпір боламыз. Оған қоса, менің пайымдауымша, қазір Қазақстанда жаңа даму кезеңі басталып жатыр. Елбасы Ұлы дала еліне, Мәңгілік елге айналайық, елімізде тұратын барша ұлт-ұлыстар қазақ ұлтының төңірегіне ұйыссын деген сөздерін бекерден бекер айтқан жоқ. Өйткені кім қалай десе де, Қазақстан – қазақтың мемлекеті. Дейтұрғанмен ел-жер біздікі екен деп өзгелерді кемітуге де жол берілмейді. Осы жылдың мамыр айында Батыс Қазақстан облысына келген сапарымда жергілікті ассамблея өткізген шараға куә болғаным бар. Орыстар, украиндар, шешендер Сырым батырдың басына барып, гүл шоқтарын қойды. Одан кейін Жымпитыдағы Батыс Алашорданың мұражайына барып жалынды сөз сөйледі. Бұдан шығатын түйін – Қазақстан тарихы тек қазақтың ғана емес, олардың да ортақ тарихына айналып келеді деген сөз. Енді қарама-қарсы мысал. Бүгінгі біздегі орыс мектептерінің оқушылары Желтоқсан оқиғасын, оның құрбандарын жақсы біледі, жұмыла еске алады деуге келмейді. Көбіне қазақтардың ғана құрметін көріп жүрміз. Солар ғана гүл шоғын қояды, Құран бағыштайды, сонымен болды. Тағы бір айтатын жайт – Қазақ хандығының 550 жылдығын тек қазақ халқы тойлап жатқан жоқ, ол жалпы мемлекеттің мерекесі. Міне, осындай мәселелерде ұлт зиялылары өзінің  ақыл-кеңесін алға тартып, орынды уәжін айтуы тиіс. Сонда ғана қоғамда тұрақтылық пен қазақстандықтардың ынтымағы нығая түспек», — деді Д. Көшім.

Әріптесінің сөзін жалғаған публицист Әбдірашит Бәкірұлы бүгінгі Қазақстан жағдайында «аққу, шаян және шортан» секілді жан-жаққа тартпай, оппозициядамын деп өрекпімей, келісіп пішкен тонның қонымды болатындығын тілге тиек етті. «Біз, біріншіден, бірігу деген мәселені дұрыс түсініп алуымыз керек. Бірігу — бір ұлтты бір ұлтқа зорлап қосу емес, қайта ұлттарды ортақ құндылықтар мен мүдделер төңірегіне топтастырып, белгілі бір ұқсастыққа қол жеткізу. Өкінішке орай, тәуелсіз ел атанған жылдар ішінде оған әлі жете қойғанымыз жоқ. Оған жету үшін әлі қыруар жұмыс атқару қажет», — деді Ә. Бәкірұлы.

Ақын Ақұштап Бақтыгереева бұл қоғамның бір дерті – идеологияны мықтап ақсатып, әлсіретіп алғанымыз деген ойын жеткізді. «Экономика, нарық деп жүгіріп жүргенде, біз елдің санасын тәрбиелейтін, ақыл-ойға бастайтын, сауатты сөйлеп, жаза білетін идеологтарды тәрбиелеуді тарс ұмыттық. Артынан әр жерден әркім бірдеңе айтқан болды. Бірақ ұлттық интеллигенцияның басы бірікпеді. Ал ұлттың өзге ұлттарды сыйлата білуі өзіне байланысты», — деді ақын.

М. Өтемісов атындағы БҚМУдың оқытушысы Олег Юров елімізде мұндай пікірталас клубының құрылуын қоғамды демократияландыруға бағытталған маңызды қадам деп бағалады. «Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевты кезекті рет Қазақстан Республикасының Президенті лауазымына сайлай келе, біз, оның ұсынған ішкі-сыртқы саясаты мен бағыт-бағдарын толығымен қабылдап, қолдайтындығымызды білдірдік. Сондықтан қазіргі зиялылар арасындағы пікір алауыздығын тоқтатып, барлық күш-жігерімізді ортақ Отанымыздың гүлденуі жолында жұмсауымыз қажет. Ол жалпыға бірдей құндылық, мүдде тұрғысында біріккен мықты мемлекет құруға кепіл болады. Республиканы мекендеген көптеген ұлт-ұлыстардың өзара тығыз ықпалдастық байланысын қалыптастыру арқылы ғана азаматтық қоғамның берік негізі қаланады», — деді О. Юров.

Ақын Ғайсағали Сейтақ: «Қазақ мемлекеттілігінің қайнар көзі – қазақ тілінде, күні бүгін билік басында отырған атқамінерлерден бастап қарапайым қызметкерлерге дейін 100 пайыз қазақ тілін білгенде ғана ел тұғыры бекиді», — деп пікір білдірді. «Қазіргі өкімет басында отырғандардың көбі мемлекеттік тілде сөйлеудің жөні осы екен деп тілдің «төбесін ойып», «көзін шығарып» келеді. Бұған мүлде жол бермеу керек. Содан кейін басынан реформа арылмаған білім саласын алайық. Мектептерде математика, биология секілді негізгі пәндерді ағылшынша оқытамыз дейміз. Ал мұның салдарына үңілген жан бар ма?! Мектептердің барлығы тек дарынды балаларға арналған білім ошақтары емес қой. Ертең үш бұтағы үш жаққа біткен ағаш секілді балаларымыз дүбәра болып қалмай ма?! Менің ойымша, осы мәселені қайта қарастыру керек», — деді ол.

Алқалы жиында сонымен қатар танымал ақын Айсұлу Қадырбаева, ардагер-журналист Тихон Әліпқали, ғалымдар Абат Қыдыршаев, Жаңабек Жақсығалиев, Владимир Салов, Қайнар Қапанов, облыстық қоғамдық-саяси «Орал өңірі» газетінің бас редакторы Бауыржан Ғұбайдуллин және де біраз жергілікті зиялы қауым өкілдері өз ой-пікірлерін ортаға салды.

Тоқтар КЕНЖЕҒАЛИЕВ,

«Орал өңірі»

Суретті түсірген Медет ДОСЫМОВ


Сұйытылған газдан тапшылық болмайды

Күні: , 769 рет оқылды


Бейсенбіде өңірімізде қат бола бастаған сұйытылған газ мәселесі оң шешілді. Орал қаласындағы «Тәуекел» ЖШС-ның халыққа қызмет көрсету орталығы ауданындағы сұйытылған газбен жұмыс істейтін көліктерге арналған стансасында талонмен сатылып жатқан газ еркін саттыққа шығарылды.


Станса қызметкерлері отынның түс әлпетінен бері еркін сатыла бастағанын, көліктердің үсті-үстіне келіп жатқанын баяндады. Шаһарда №6 маршруттық «ГАЗель» көлігінің жүргізушісі Альберт бір аптадан бері отынның тапшылығынан қиналғанын сөзге тиек етті. Ал Қайрат есімді жеңіл көлік жүргізушісі кеше Зашағандағы жанар-жағармай стансасында 6 сағат кезекте тұрғанын, бүгін газдың еркін саттыққа шығарылғанын естіп қуанып жеткенін айтты.  Станса маңы түрлі көліктерге толы, ұзыннан шұбақ кезек.

Станса басына келген облыстық энергетика және тұрғын үйкоммуналдық шаруашылығы басқармасының басшысы Бауыржан Талдықбаев журналистерге газға қатысты жағдайдың түзелгенін жеткізді. — Сұйытылған газ тапшылығы түйткілі бүгінде шешілді. Ақтөбе қаласындағы «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» АҚ-ның өндіретін газы бірінші кезекте біздің өңірге бағытталған және сұйытылған газ тиелген жүк вагондары облыс аумағына жақындап қалды. Бірақ бұған қарамастан облыстағы көліктерге газ құятын стансалардағы талондармен және келісімшарттық міндеттемелер бойынша босатылатын газ қорын еркін саттыққа шығару жөнінде келісілген болатын, — деді Бауыржан Талдықбаев.

Оның айтуынша, қазанның 7сінде Ақтөбеден 128 тонна сұйық газ тиеген 4 вагон жолға шыққан. Екі вагондағы 64 тонна отын «Алау» ЖШС-ға, қалған екі вагондағысы «Тәуекел» ЖШС-ға арналған. Жалпы қазан айында Ақтөбеден 550 тонна, 20 қазаннан кейін Атырау облысынан 250 тонна газ жеткізілмек. «Облыстың айына 800 тонна сұйытылған газ пайдаланатынын ескерсек, ендігі жерде отын тапшылығы мәселесі туындамайды», — деп сендірді Б. Талдықбаев. Сұйытылған газ литрі 39 теңгеден сатылуда. Баға алдағы уақытта да  өзгеріссіз қалады.

Басқарма басшысының айтуынша, отынның уақытша жетіспеушілігі облысты сұйытылған газбен қамтамасыз ететін «Жайықмұнай» компаниясының қондырғысының жұмысын уақытша тоқтауына, «Интергаз Орталық Азия» АҚ-ның магистральдық газ құбырындағы жөндеу жұмыстарының жүргізілуіне байланысты орын алған. Құбырды жөндеу жұмыстары үкіметтік деңгейде бақылауға алынған.

Гүлбаршын ӘЖІГЕРЕЕВА,

«Орал өңірі»


Мәдениет үйі жарқырап тұр

Күні: , 804 рет оқылды

_DSC0038


Зеленов ауданы орталығында айналасына адамдық нұрын шашып, елге салт-сананың, әдет-ғұрыптың мәнерлі өрнегін паш ететін, ұлағат жолын нұсқайтын өнердің киелі шаңырағы жарқырай жаңарып, мүлдем өзге кейіпке енді.


Бірегей кешеннің күрделі жөнделуіне республикалық бюджеттен 230 млн. теңге қаражат бөлінген. Іргетасы осыдан қырық жыл бұрын қаланған ғимараттың жарынан басқасы толықтай ауыстырылып, жаңартылған.

Мәдениет пен өнердің киелі шаңырағында 380 орынға шақталған концерт залынан бөлек жас жұбайларға арналған неке қию залы, спорт залы, әдістемелік бөлмелер мен өрендерді өнерге баулитын түрлі үйірме кабинеттері жасақталған. Сондай-ақ 58 мыңнан астам кітап қоры бар аудандық кітапхана да осы ғимаратта орналасқан. Мәңгілік парасаттың киелі мекені саналатын орталық оқырман залы, абономент бөлімі, жинақтау бөлімі мен 17 мыңнан астам қоры бар орталық балалар кітапханасын қамтиды.

Мәдениет үйінің ашылу салтанатына жиылған аудан тұрғындары ғимараттың заман талабына сай жаңғырғанын көріп, қуанысып қалды. Жаңаны көрмекке жиылған жұртшылыққа Ұлы Жеңістің 70 жылдығына орай шығарылған «Жеңіспен оралған жерлестер» кітабының таныстырылымы ұйымдастырылды. Аудан әкімінің қолдауымен жарық көрген кітапта майданнан жеңіспен оралып, еселі еңбегімен елдің өркендеуіне зор үлес қосқан жерлес жауынгерлер туралы баяндалған.

Халықтың қуанышына ортақтаса келген аудан әкімі Кәрім Жақыпов, сондай-ақ аудандық мәслихат хатшысы Рамазан Исмағұлов мәдениет үйінің қайта ашылуымен құттықтап, осындағы ұжымға толайым табыс, шығармашылық ізденістер мен жеңістер тіледі.

Салтанатты шара елдік пен бірлікті дәріптеген аудан көркемөнерпаздарының концертіне ұласты.

Нұржан ДҮЗБАТЫР,

Зеленов ауданы


Қоғам қайраткерін қабылдады

Күні: , 760 рет оқылды


Батыс Қазақстан облысына қазанның 8-і күні іссапармен келген белгілі саясаткер, қоғам қайраткері, «Парыз» пікірталас клубы жетекшісінің орынбасары Дос Көшімді өңір басшысы Нұрлан Ноғаев қабылдады.


Күні бүгін қазақстандық бірегейлікті нығайту мақсатында шығармашылық, ғылыми, саяси интеллигенцияның интеллектуалдық әлеуетін молынан пайдаланудың мәні зор. Облыс әкімінің қабылдауынан кейін саясаткер өзінің Оралға келу мақсатын қысқаша әңгімелеп берді.

— Қазақтың ұлт зиялыларымен кездесу, оларды саяси-идеологиялық мәселелерге тарту – ҚР Мәдениет және спорт министрлігі қолға алған жобалардың бірі. Жасыратыны жоқ, зиялылар мәдени-рухани қырынан көп танылады да, саяси сұрақтарда шабандап, қашқақтап жүреді. Дегенмен қанша ренжісек те, көңіліміз толмаса да, зиялының аты зиялы. Халық оны тыңдайды. Сондықтан олардың ақылын, тәжірибесін, білім-білігін пайдалануымыз керек. Біз осы жолы әр облыста түрлі бағыттарда жұмыс істедік. Мысалы, Петропавлда ұлттық біртектілік мәселесін талқыласақ, Қызылордада ұлт мәселесі әңгіме мәйегіне айналды. Ал Оралда ұлт зиялыларының Қазақстандағы тұрақтылық пен келісімді сақтау жайына баса мән беріп отырмыз, – деді Дос Көшім.

Тоқтар ҒАБДІРЕШҰЛЫ


БҚО, Орал қаласы, Мұхит көшесі, 57/1
zhaik_presscenter@mail.ru
oral_oniri@inbox.ru
support@oraloniri.kz

Орал өңірі" газетінің бас редакторы: 51-25-80
Бас редактордың орынбасарлары: 24-17-08, 54-18-08
Жауапты хатшы: 54-38-22
Тілшілер: 50-66-88, 51-50-34
Жарнама бөлімі: 51-51-09
Яндекс.Метрика