Мұрағат: 08.10.2015


Қазан қандай болмақ?

Күні: , 884 рет оқылды

осень оврврв


Міне, қазан айының алғашқы күндері де өтіп жатыр. Бұл айда ел-жұрт шаруасының  етек-жеңін жиып әлек. Мәселен, ауылдағылар  шөбін  тасып,  отынын түсіріп, ал қалалықтар саяжайын жинастырып  дегендей. Бұған қоса қалалықтар 15 қазанды, яғни жылыту маусымының басталуын асыға күтеді. Сонымен осы айдың ауа райы қандай болады?  Облыстық  гидрометеорология орталығынан алынған  деректі оқырман  назарына  ұсынамыз.


Осы айдағы ауаның орташа температурасы 6-9 градус шамасында жылы. Бұл жылдағыдан 1-2 градусқа жоғары көрсеткіш. Алғашқы онкүндікте ауа түнде 6-11 градус жылы, кей жерде 1 градус жылы, -5 градус суық, күндіз 15-20 градустан, кей жерде 7-12 градус жылыға дейін ауытқиды. Екінші онкүндіктің алғашқы жартысында ауа температурасы түнде 0 — +5 градус, кей жерде -5 — +10-ға дейін, кей жерде 24 градусқа дейін жоғарылайды. Онкүндіктің екінші жартысында түнде -3- +2., кей жерде -8, күндіз 5-10, кейде 15 градус жылы. Үшінші онкүндіктің басында ауа түнде 2-7 жылы, кейде -3-8, күндіз 10-15 градусқа дейін жылиды. Онкүндіктің соңында түнде 2-7 градус жылы, кейде 3-8 градус аяз, күндіз 12-17 градус жылы. Жауынның айлық мөлшері қалыптағыдан аз. Бірінші онкүндіктің соңында, екінші онкүндіктің басында және ортасында кей жерде өткінші жаңбыр жауып, солтүстік-батыстан соққан жел 15-20 метр секундқа күшеюі ықтимал. Үшінші онкүндіктің со-ңында батыстан соққан желдің екпіні 15-20 метр-секундқа жетуі мүмкін. Айдың ортасында және соңында кей жерде тұман түседі.


Екі жыл дауға айналған су мәселесі бір аптада шешілді

Күні: , 866 рет оқылды

IMG_5631


Теректі ауданындағы Покатиловка ауылы қағаз жүзінде «Ақбұлақ» бағдарламасы бойынша бұдан екі жыл бұрын ауыз суға қарық болған-ды. Алайда іс жүзінде бірде суы бар, бірде суы түк тамбайтын құны 131 млн. 800 мың теңге болатын жаңа құбырға телміруден шаршаған ауыл адамдары облыстық газет редакциясына қоңырау шалып, ауылға келіп, мән-жайға қанығуды сұрады.


Шақырған соң «көлде отырып, шөлдегеннің» кейпін кешкен ауылға ат басын бұрдық. «Бақсақ, бақа екен» демекші, тілшілер келерден екі күн бұрын суы жоқ үйлерге су беріле бастапты. Тұрғындардың айтуынша, мердігер «ПМК-117» ЖШС 2013 жылы мамыр айында Покатиловка ауылына су құбырын тартуды бастап, сол жылдың желтоқсан айында пайдалануға тапсырған. Бір қызығы, мердігер су есептегіш құралдарын орнатпай, тұрғындардың қолына ұстата салған. Ауылдағылардың бірі есептегішті үйдің ішіне қойса, екіншілері  сырттағы шахталық құдыққа өздері орнатқан. Су құбыры нысанын «Батыс су арнасы» кәсіпорны өз теңгеріміне алған соң, пломба салып бекітуі тиіс деген әңгіме айтылған. Бірақ содан бергі 2 жылдың жүзі болса да, ештеңе өзгермеген. Рас, сход жиынында тұрғындар мердігердің өкіліне құрылыс жұмыстары барысында ойқы-шойқысы шыққан көше жолдарын тегістемей, ретке келтірмей кеткендерін айтып, өкпе-реніш білдірген екен. Бұған мердігер компанияның өкілі алдағы жазда жөндейтіндерін айтып, ант-су ішкенмен, «Баяғы жартас сол жартас» күйінде, көше жолдарының жөнделер түрі көрінбейді. — Көршіміздің екеуміздің үйіміздің алдындағы «ойлы-қырлы» жерлерге көліктер батады да жатады. Жауапкершілік деген болу керек қой», — дейді зейнеткер Райса Белова. Зейнеткер есептегіштердің пайдаланылмай отырғанына қынжылады.

Покатиловка ауылының орналасқан жері ойлы-қырлы, тіпті ауылдың дәл іргесінде Тереңсай аталатын сайдың өзі бұл жердің рельефінен хабар беріп тұрғандай. Тұрғындардың айтуынша, ауылдың еңіс бөлігіндегілер құбырдағы суды ала жаздай емін-еркін пайдаланған, ал дөңес бөлігіндегілер, Достық көшесінің бір бөлек тұрғындары (шамамен 14 үй) және Гагарин көшесіндегілер тоқалдан туғандай-ақ суға жарымай қойған.  Бұрын кеңестік заманда миллионер колхоз болған бұл ауылда 3 мың адамды ауыз сумен қамтыған су жүйесі, бақандай 7 су ұңғымасы болған. Тұрғындар мердігер компанияның жаңа су ұңғымасын қазбай, сол ескі су көзін пайдаланғандарын, сорғылардың қуатының жетімсіздігінен су мұнарасына су жиналмайтынын жарыса айтады. Ауылды ауыз сумен бір мезетте қамту мүмкін болмағандықтан, су жіберуші оператор Андрей Кривошеев бір күні ауылдың бір бөлігіне, екінші күні тек екінші бөлігіне су жіберетін «әдіске» көшіп, амалдаған. Сөйтіп екі жыл бойы қағаз жүзінде судың қызығын көріп отыр деген ауыл тұрғындары іс жүзінде крандарынан судың қашан тамшылайтынын жәутеңдеп күтумен келген.

— Бізге есептегіш құралын іске қосып, пломбасын қойып беріңдер деп айта-айта шаршадық. Ала жаздай тұрғындар бау-бақшаларын суарады. Қартымыз екеуміз ескі құдықтан алып суарамыз әрі 10 тауығымнан басқа тігерге тұяғым жоқ. Мысалға, қарсы беттегі үйде 100 шақты уақ жандық, 10 ірі қара су жүйесінен келетін сумен суарылады. Олар да айына 200 теңге төлейді, ал суды тамшылатып жинап алып отырған біздер де 200 теңге төлейміз. Осы дұрыс па? Енді шілде айында су жіберуге пайдаланылатын электр қуаты үшін төлемді 250 теңге қылып өсірді. Неге есептегіштерді іске қосып, пломбасын салмасқа? – деді ашына сөйлеген ауыл тұрғыны Райса Белова. Онымен көршілес тұратын Вячеслав Беловтың, Николай Величконың отбасылары да судан көрген «машақатын» айтып тауыса алмады. Тұрғындардың алаңдауын түсінуге болар. Өйткені мердігер компанияның өз жұмысына беретін кепілдік мерзімі алдағы желтоқсан айында аяқталмақ. Содан кейін жаз шыға ескі су көзінен су тартылып, шықпай қалса не болмақ?

2013 жылдың тамыз айына  дейін осы округте әкім болған Ерғали Бекетовтың айтуынша, су құбырын тарту жұмыстарында олқылықтар жіберілгені анық. Соның ішінде жер актісін рәсімдеу құжаттары жасалмаған, су мұнарасының айналасын топырақпен жауып, тегістеу назардан тыс қалған.

— Ескі су құбырының ұзындығы 11 шақырымтұғын, қазіргі жаңасы 22 шақырымды құрайды. Дәл қазіргі таңда ауылдағыларға су берілуде. Құжаттарымызды дайындап, су құбырын тарту жұмыстарында кеткен кемшіліктерді мердігер түзетті. Соның ішінде екі су сорғысының бірін әлдеқайда қуаты күштісімен ауыстырып, жаңаладық. Су мұнарасының біреуі зауыттық ақаудың кесірінен құлап қалып, мердігер оны көтерді. «Батыс су арнасы» ЖШС-ның иелігіне беруге  дайынбыз, — деді Покатиловка ауылдық округінің әкімі Айжан Нұртазина.

Тұрғындардан су үшін ақы ай сайын өсе бермек пе? – деп сұрадық әкімдіктегі мамандардан. Округ әкімдігі жанындағы қоғамдық келісім кеңесінің төрайымы Тамара Демьянованың айтуынша, суға төлем су нысаны теңгерімге алынбағандықтан, сумен қамту жұмыстары жұмсалатын электр қуатының шығындарын жабу үшін жиналады. Покатиловкадағы 1017 адамның 700-і төлемді уақтылы төлейді, 300 адам төлемейді. Өйткені олар тіркеуде болғанмен, Атырау, Орал, Ақсай қалаларында жұмыста. Сондықтан жаз айларында қалың көпшілік бау-бақша суаратындықтан, электр қуатына шығын тамыз айына 88 мың 790 теңгені құраған. Қыста су аз жұмсалатындықтан, электр қуатына төлем де төмендейді, ондайда басы артық қаржы қорға жи-налмақ.

Покатиловка ауылындағы су құбырын қайта құру жұмыстарының тапсырыс берушісі болып табылатын Теректі аудандық құрылыс бөлімінің басшысы Айбар Шөкеев нысан құрылысы пайдалануға тапсырылғанда, бұл қызметте болмағанын, қазіргі уақытта құжаттардың ретке келтірілгенін, жер актісінің, техпаспорттың әділет органдарында тіркелгенін, нысанның «Батыс су арнасының» теңгеріміне берілуге дайын екенін мәлімдеді. Ал «Батыс су арнасының» басшысы Асылбек Саққазов жаңадан салынған су құбырының жобаға сәйкеспейтін бірнеше кемшіліктері анықтал-ғанын, сорғы стансасындағы №2 ұңғыманы қазу жұмысы жобаға  сәйкес жүргізілмегенін, яғни бұрынғы ұңғыманы пайдаланған және сорғының  қуаттылығы су мұнарасын сумен толтыруға дәрменсіздігін алға тартты. Осындай себептерге байланысты «Батыс су арнасы» тапсырыс беруші мен мердігердің тарапынан кеткен кемшіліктер жөнделмейінше, Покатиловка ауылындағы су құбырын өз теңгеріміне ала алмаймыз дегенді айтты.

Суға жарымаған покатиловкалықтармен кездесуден кейін бас мердігер «ПМК-117» ЖШС-ның басшысы Ольга Поповамен кездесуге асықтық. Мән-жайды айтып едік, кездескісі келмей, бірден шоршып түсті. «Компания нысанды уақытында пайдалануға тапсырды. Мемлекеттік комиссия өте жақсы бағаға қабылдап алды. Сіз айтқандай, құрылыс жұмыстарынан кейін ешқандай олқылықтар анықталған жоқ. Әкімнің мердігер кеткен қателіктерді түзетті дегені түсініксіз. Есептегіш құралдарды тұрғындардың өздерінің сұраулары бойынша қолдарына бердік. Олардың өздері қондырғыны дұрыс пайдаланбай отыр», — деді Ольга Попова.

Мердігердің сөзінің де жаны бар, шынында да, тапсырыс беруші пәленбай миллион тұратын әлеуметтік маңызы бар нысанды пайдалануға қабылдаған кезде қайда қараған?

Мәселенің мәнісін аудан басшысы Жеңіс Серікқалиевтен сұрап едік, ол дәл осы мәселеге қатысты облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасында жиналыс өтетінін айтып, содан кейін хабарласатынын жеткізді. Аудан басшысы уәдесінде тұрып, жақсы жаңалығымен былай деп бөлісті:

— «Батыс су арнасы» ЖШС-ның басшысы А. Саққазов, жауапты тұлғалар, ауыл әкімі бар бәріміз Покатиловка ауылында кездестік. «Батыс су арнасы» мекемесі тарапынан қойылған талаптардың барлығы шешілді. Кәсіпорын су құбырын теңгерімге алуға дайын. Су құбыры жобасындағы сәйкеспеушіліктер авторлық қадаға-лау орындарымен, жобалаушылармен келісілді. Су ұңғымалары (бірі ескі, екіншісі жаңа) жобаға сай келеді. Әр ұңғыма секундына 2,2 литр су беруі тиіс болса, қазір ескі ұңғыма секундына 4, жаңасы 2,7 литрден су босатуда. Жазда тұрғындарға су есепсіз жұмсаудың кесірінен жетпеген. Есептегіш құралдар үйге орнатылатын болды. Су бағасы тариф бойынша текше метріне 650-700 теңге, өзге ауылдардың тұрғындары судың текше метріне 40 теңгеден төлейді. Өйткені шығынды мемлекеттен бөлінетін демеуқаржымен (субсидиямен) жабады. Покатиловканың су құбыры мемтізілімде болғанмен, республикалық бюджеттен демеуқаржы бөлінбеген. Сондықтан покатиловкалықтар су ақысын әзірге тариф бойынша төлейді, содан кейін «Батыс су арнасы» құбырды теңгерімге алғаннан кейін шамамен алты айдан соң демеуқаржы есебінен су ақысын шегеретін болады.

Ауыл тұрғындарының түйткілді мәселесінің шешімін тапқаны жақсы-ау. Бірақ осы мәселені ел-жұртты шулатып, екі жыл бойына созбай әбжілдікпен шешуге болмас па еді дейсің…

Гүлбаршын  ӘЖІГЕРЕЕВА,

«Орал  өңірі»


Тәкфір жамағаты. Олар кімдер?

Күні: , 884 рет оқылды


Мақсат РАМАНҚҰЛОВ, БҚО дін істері басқармасының теолог маманы

Соңғы жылдары әлем халықтары арасында жаппай дінге бетбұрушылық байқалады. Әсіресе, ислам діні кең етек жаюда. Бұл үрдіс жалпы мұсылмандарға қуаныш сыйлағанымен, екінші жағынан, мөлдірдей таза ислам дінін өз мақсатына пайдаланғысы келген кейбір топтар әлемге исламның қасиетті ұғымдарын терроризммен байланыстырып, дінді құбыжық етіп көрсетуде. Бүгінде халықаралық басқосуларда міндетті түрде исламмен байланысты ұйымдар сөз болады. Әрине, кез келген мемлекет әлемде тұрақтылық, тыныштық болғанына мүдделі. Сондықтан да «Әлемде болып жатқан діни қақтығыстардан, террорлық әрекеттер мен жарылыстардан біздің мемлекет аман» деп, араласпай, қол қусырып отыра алмаймыз.


Қазақстан әлемде болып жатқан қақтығыстардың бейбіт жолмен шешілуі үшін бірқатар шаралар атқаруда. Алайда соңғы кезде Қазақстанда халықаралық, террористік деп танылған ұйымдарды жақтаушылар, тіпті со-лардың идеологиясын ел ішінде жасырын таратушылар бар екендігі өкінішті. Аталмыш ұйымдар мен діни топтардың саяси мақсаттары жиһад, оның шариғаттағы негізгі мағынасы жайлы елімізге белгілі исламтанушы, дінтанушы, саясаттанушы ғалымдар тарапынан талай айтылып та, жазылып та жүр. Біз бұл мақалада жат идеологияны қолдаушы топтар туралы талқыламақпыз. Олар кәдімгі қазақтың баласы немесе қазақстандық азамат. Олармен сөйлесіп, оңалту бағытында бетпе-бет жұмыстанатын негізінен имамдар мен теолог мамандар. Жалпы халық уаһабит, сәләфит, тәкфір немесе т.б. еліміздегі ислам дінінің атын жамылған топтарға қорқынышпен қарауы мүмкін. Өз басым теолог маман ретінде жат ағымда жүрген және осы бағыттағы сотталған азаматтармен кездесіп жүрмін. Олардың 99 пайызы – мүлдем діни сауатсыздар. Талас тудыратын 5-6 сұрақтың төңірегінде ғана оқып немесе тыңдап алған олар дінге біржақты қарайды, яғни өздерімен санас-қан адамдікі ғана дұрыс, ал келіспеген адамды адасқан деп ойлайды. Өзім сөйлескен көптеген адамның ешқайсысы бір мәселені дәлел-дәйектерімен дұрыстап айтып бере алмады. Олардың ішінде беті бері қарап, бұрынғы идеологиясын өзгертіп, дәстүрлі бағытқа ауысқандар да болды. Олар «Біздікі ғана дұрыс, басқалар адасқан, олардың дәлелі жоқ деп, біреудің үгіттеуімен ғана жүрген екенбіз ғой» деп өкініш білдіруде.

Осы топтардың ішінде намаз оқымағанды «кәпір» деп айыптайтын тәкфір жамағаты ел ішінде қауіп төндіруде. Бұл – Уаһаби жамағатының ең радикалды көзқарасын ұстанатын тобы. Олар 5-6 сұрақтың төңірегінде адамдарды айыптап, өз ойларын жүзеге асырғысы келеді. Тәкфірлердің ұстанымы бойынша намаз оқымаған адам – кәпір. Мұсылман мен кәпірдің арасын бөлуші тек намаз деп ойлайды және осы тұрғыда Пайғамбар (с.а.с) хадистерін біржақты түсініп, дәлелдейді. Сіз: «Мені кәпір дей берсін. Бірақ мен Жаратушыға сенетінімді өзім білемін ғой» деп айтуыңыз мүмкін. Бірақ бұл жердегі мәселе сіз ойлағаннан күрделі. Тәкфір ағымын ұстанатындар адамды күпірлікпен айыптаумен шектеліп қана қоймайды. Күпірлікке шығару арқылы олар әлгі адамның мал-мүлкі, жаны өздері үшін халал дейді. Бұл –  намаз оқымаған адамды тонауға, өлтіруге, зорлауға болады деген сөз. Бұл – сөзсіз адасушылық. Әлемге әділдікті әкелген исламның ұстанымы мүлдем басқа. Исламда өзін мұсылман санап, Аллаға, Пайғамбарға сеніп «Ла илаһә илла Аллаһ, Мухаммаду расулуллаһ» деп айтатын адамды кәпір деуге болмайды. Себебі бізге жол көрсетуші  Пайғамбарымыз (с.а.с.): «Кімде-кім біреуді кәпір, немесе Алланың жауы деп айтып, шындығында, олай болмай шықса, айтқан сөздері өзіне айналып оралады» (Бухари, Муслим) деп, өзге адамды кәпір деп айтпауды қатаң ескерткен.

Ислам ғұламалары: «Күпірліктің шариғаттағы мағынасы дінде айқын дәлелдермен белгілі болған нәрсені жоққа шығарып, оны мойындамау» деген. Имам Науауй: «Ақиқат жолын ұстанушылар құбылаға бет бұрғандардың (өзін мұсылман санағандардың) ешбірін жасаған күнәсі немесе нәпсінің қалауына ергені үшін күпірлікке шығармайды» деп айтқан (Шарху Сахих Муслим, 1-том, 150-бет).

Имам Тахауй: «Адам дінге кіргізген нәрсені қайтадан жоққа шығармайынша кәпір болмайды» деп айтқан. Пайғамбарымыз (с.а.у) «Лә иләһа илла Аллаһ сөзін айтып өлген адам міндетті түрде жәннатқа кіреді» (Бухари, Муслим) деп айтқан. Бұл хадисте Пайғамбарымыз «Ла илаһа илла Аллаһ» деген адамды мұсылман санап тұр. Айтылған мәтіндерге көз жүгіртер болсақ, иман мен күпірлік жүректе орын алады, ал жүректегі нәрсені тек Аллаһ қана біледі, сол себепті адамдардың жүрегіндегіні білмей, оларды кәпір деп айту дұрыс емес.

Екіншіден, ислам дінінде жазықсыз адам өлтіру және өзге адамдардың мал-мүлкін тартып алу харам болып табылады. Ислам – мейірімділік діні. Сондықтан Пайғамбар мұсылмандарға да, мұсылман еместерге де мейірімді болған. Құранда Аллаһ Тағала: «Кімде-кім кісі өлтірмеген немесе жер бетінде бұзақылық жасамаған біреуді өлтірсе, бүкіл адамзатты өлтірген сияқты болады, сондай-ақ кім бір адамды тірілтсе (өлімнен құтқарса), барлық адамзатты тірілткен сияқты болады» (Майда 32) деп айтқан. Бұл аяттың тәпсірінде Ибн Аббас (р.а): «Аллаһ жазықсыз бір адамды өлтіру бүкіл адам баласын өлтіргенмен тең, ал кімде-кім Аллаһтан қорқып, жазықсыз адамды өлтіруден бас тартса, бүкіл адамзат баласын аман алып қалғанмен тең» деп айтқан. Ислам дінінде адам өлтіруді айтпағанда, тіпті адамға аз болса да, зиян келтірудің өзі күнә болып есептеледі. Пайғамбарымыз:  «Шынайы иман келтірген мұсылман — өзге адамдарға зиян келтірмеген адам» деп,  басқа адамның жанына, малына, арына зиян келтіруге қатаң тыйым салған. Сондықтан осындай пікірде жүрген адамдардан сақ болғанымыз жөн. Ол үшін, әрине, діни сауатымызды арттыру қажет. Сондай-ақ дәстүрлі емес бағытта жүрген адамдармен күресті тек белгілі адамдарға, мысалы дінтанушылар мен имамдарға немесе құқық қорғау органдарына  ғана жүктеп қоймай, жалпы ел болып күресу қажет.

Азаматтар мен ұйымдардан діни салаға қатысты барлық мәселелер бойынша ақпарат қабылдауға, сондай-ақ деструктивті қызметтен зардап шеккендерге кеңесшілік және психологиялық көмек көрсетуге арналған сенім телефондары: 8 (7112) 26-75-88, 24-46-46. «Қауырт желі» — «114»


«Күншуақ» бүлдіршіндерді жатырқамайды немесе Айнұрдың жеке балабақшасы туралы үзік сыр

Күні: , 895 рет оқылды

IMG_9766


Бүгінгі таңда қалада 64 мектепке дейінгі ұйым болса, оның 50-і мемлекеттік балабақша, 9-ы жеке балабақша және 4 жеке шағын орталық болса, 1 балабақша, мектеп кешені бар.


Орал қалалық білім беру бөлімінің басшысы Жансұлу Төремұратованың мәлімдеуінше, қала бойынша 12163 балдырған балабақшамен қамтылса, 15050 бүлдіршін мемлекеттік балабақшадан орын бұйырмай, кезек күтуге мәжбүр. Балабақшаға кезегі келмеген бүлдіршіндердің ата-аналары мектепке дейінгі білім беретін құзырлы мекеменің табалдырығын тоздырып, кейін жеке балабақшаға беріп жатады. Жеке балабақшалар қаланың орталығында, Зашаған кентінде және «Ескі әуежай» ауданында көп шоғырланған. Алайда жеке меншік балабақшалардың бағасы жұрттың бәріне бірдей қолжетімді емес.

Елбасы Н. Назарбаев «Қазіргі кезде ортақ іске бизнестің де атсалысатын уақыты жетті. Егер балабақша ашатын болса, бұл олар үшін – тың табыс түрі, ал билік үшін — өзекті мәселенің шешімін табудың ұтымды жолы. Мұндай әлеуметтік қамқорлық танытуға ниет білдірген жеке меншікке билік тарапынан барлық көмек-тер беріледі» деген болатын. Өзектілігі күн санап артып келе жатқан мектепке дейінгі білім және тәрбие беру мәселесін шешуде жас кәсіпкер Айнұр Сұлтанова да өз үлесін қосып, «Ескі әуежай» шағынауданынан бағасы қолжетімді «Күншуақ» балабақшасын ашып, жас ата-аналардың ықыласына бөленуде. «Күншуақ» балабақшасы биылғы жылдың маусым айында ашылған. Бүгінде 30 балдырған тәрбиеленуде. Екі бала күтуші, үш тәрбиеші, бір аспаз бен әдіскер қызмет етеді. Балабақшада бүлдіршіндер үш мезгіл ыстық тамақпен және екінді тамағымен қамтамасыз етілулі. Балабақшаның ғимараты, ма-териалдық-техникалық әлеуеті барлық талаптарға сай жабдықталып, санитарлық-эпидемиологиялық тексе-рістен өткен. Ғимарат ішінде екі топқа арналған жатын бөлме, ойын алаңы, тамақ ішетін орын мен киім-кешек ілетін бөлме және асхана жабдықталған.

Әрине, балабақшаның бала тәрбиесіне тигізер пайдасы зор. Олар сурет салып, ойын ойнап, өлең айтып, ойды, тілді дамытатын жаттығулар жасап, мәдениетті, әдебиетті үйренеді. Бүлдіршінге тамақтанар алдында қолын жуып, ас қайтаруды, киімін өздігінен киіп-шешуді үйрету сияқты қарапайым дағдылардың өзі қатал аналарға да оңай болмасы анық. Ұсақ-түйек болса да, мұны балабақшаға барған бала тез қабылдап үлгереді. Алғаш достық пен бауырмалдықты, тіл табысуды, өзін-өзі қорғауды осы ортадан үйренетіні белгілі. «Күншуақ» балабақшасына барғанымызда, бір жас жарымдағы бүлдіршіндерді қасықты өздері ұстап, өздері тамақ ішіп отырғанын көргенімізде, ішіміз жылып сала бергенін жасырмаймыз.

— Жеке балабақша ашуды осы жылдың мамыр айында ойландым. Өйткені менің екі перзентім бар. Жолдасым – мемлекеттік қызметкер. Кенже ұлым екі жасқа толып кетсе де, мемлекеттік балабақшадағы кезегі әлі келмей тұр еді. Бала күтушісін жалдайын десең, бейтаныс адамның қасына сәбиіңді тастауға жүрексінесің. Өйткені күн сайын теледидардан бала күтушісі туралы неше түрлі оқиғаларды көрсетуде. Екінші жағынан, қаржы тапшылығына байланысты жұмысқа шыққым келді. Кейін мен секілді қанша ата-ана әуре-сарсаңға түсіп жүргенін ойлап, балабақша ашуды жөн санадым. Балабақшаның балаларымен бірге перзенттерім де ер жетіп, бизнесім де өркендейтінін ойладым. Тиісті құжаттарды алып, құзырлы орын-дардың рұқсатына қол жеткізгесін қарапайым халыққа бағасы қолжетімді болсын деген ниетпен айына 15 мың теңгеге балабақшаға бала қабылдайтынымды жазып, аялдамаға жарнамалар ілдім. Балабақшада бірнеше маман жұмыс жасайды. Анасының өзі келіп, перзентін қадағалап кетуіне мүмкіндігі болады. Басында балабақша ашу соншалықты қиын болар деп ойламадым. Тезірек қызу тірлікке кірісіп кеткім келді. Алайда бірінші ғимарат табу мәселесі оңайға түскен жоқ. Қаладан бір айдай уақыт жалдамалы коттедждер іздедім. Олардың бағасы өте қымбат және бөбектер үшін күрделі жөндеуді қажет ететін болды. Кейін ұмтылысымды байқаған ата-анам қолдау білдіріп, баспанасын берді. Алғашында балабақша ішін жабдықтауға, қыз-меткерлерге жалақы төлеуде біраз қиналып, несие алдым, — дейді Айнұр.

Қаржылық қажеттіліктер жас келіншекті рухани әлсіретсе де, жасыта алмады. Ғимараттың ішіндегі электрлік желілерге қатысты жұмыстарға жұбайымен бірге жора-жолдастарына өтініш айтып, түн жарымына дейін бөгеліп, балабақшаны жарқыратуда біраз еңбектенген. Бүлдіршіндерге арналған үстел-орындықтардың бала жасына сай реттелетін түрін Ресейдің Самара қаласынан тапсырыспен алдырған. Алғашында бала санын арттыру үшін кейіпкеріміз аяқтай жүріп, аялдамаларға жарнамалар ілген. Ал бүгінде ата-аналар, балабақшадан орын сұрап күн құрғатпай хабарласып тұрады. Яғни қалада бұл мәселе әлі өткір күйінде тұр деген сөз. — Отыз жасқа келіп қандай жетістікке жеттім деп кейде өз-өзімнен есеп аламын. Отызға келсе де, отау құрмай жүрген жандарға қарағанда тұрмыс құрып, екі перзент сүйгеніме шүкіршілік етемін. Болашақта қарапайым халыққа көмегім тиетіндей балабақшаны өркендетіп, олармен бірге перзенттерімді де көбейтіп, көп балалы ана атанғым келеді, — дейді қалалық «Күншуақ» балабақшасының меңгерушісі Айнұр Сұлтанова.

Гүлсезім БИЯШЕВА,

«Орал өңірі»

Данияр ҚҰРАТАЕВ:

— Қызым бір жас он айлығынан бастап осы балабақшаға келді. Ғимараттың іші баланың ойын алаңына арналғандай. Тәрбиешілері де кішіпейіл, ақжарқын жандар. Алғаш келгенде қызым сөйлемейтін еді. Қазір тілі едәуір жаттығып қалған.

Нұргүл ҚАМБАРҚЫЗЫ:

— Ұлымның мемлекеттік балабақшадағы кезегі келмеген соң осы балабақшаға бір жас жеті айынан бастап алып келдім. Ана болған соң жеке балабақшаға беремін дегенде біраз уайымдап едім. Ұлымның бірінші келген күннен-ақ жаңа ортаға үйреніп кеткенін көріп, қорқынышым біржола сейілді.


Ардагерге ілтипат

Күні: , 831 рет оқылды

IMG_4302


КСРО-ға еңбек сіңірген ауыл шаруашылығы қызметкері Жаңақала ауданының құрметті азаматы Мүсір Иманқұлұлы Айтасов жақында жұбайы Балғаным Кәкімовамен Жаңақалаға келді. Биылғы қой жылында сексеннің сеңгіріне көтеріліп, көк тіреген бәйтеректей тамырын тереңге тартқан азамат өнегелі өмір өткелдерін саралау үшін  бір кездері өзі қызмет еткен ауыл-аймаққа ат басын тірепті.


Осыған орай Пятимар, Бірлік және Жаңақала ауылының мәдениет үйінде өткен кездесуге Мүсір Иманқұлұлымен өмірде, қызмет бабында үзеңгілес жолдас болған замандастары, ауыл тұрғындары, кейінгі буын өкілдері көп жиналды. Алдымен кездесуге жиналғандар мәдениет үйлері фойесінде «Білікті ұйымдастырушы» атты кітап көрмесімен танысып, дәстүрлер бөлмесінде «Әжелер» ансамблінің әсем әнін тыңдап, келіндердің қолынан ақ дәм татты.

Салтанатты шараны тебіреністі сөздермен айшықтап ашқан жүргізуші мерейтой иесінің өнегелі өмір жолы мен еңбектегі айтулы жетістіктеріне қысқаша тоқталып өтті. Ақжайық ауданының Мерген ауылында дүниеге келген ол жеті кластық білім алғаннан кейін Орал қаласындағы ауыл шаруашылығы техникумына оқуға түседі. Жастайынан іскерлігімен, ұйымдастыру қабілетімен көзге түскен ол бар-жоғы 28 жасында Бірлік асыл тұқымды кеңшарына директор болып тағайындалған. Кейін Пятимар кеңшарына директорлыққа келеді.

Кездесу кешінде «Бірлік» асыл тұқымды мал зауыты, Пятимар ауылдық округі аппараты, әріптестері  атынан шығып құттықтап  жүрекжарды тілектерін арнаған Қ. Ешімов, О. Рахимов, «Айдархан» ЖШС директоры С. Қайырбеков, еңбек ардагерлері Ғ. Кәрменов, Т. Мерғалиев, Қ. Әбілов ардагер ақсақалға жылы лебіздерін білдірді. Абыз ағаларына мадақ хат тапсырып, арқасына шапан жауып, ат мінгізіп жатты. Көпшілік атынан сөз сұрап, жүрекжарды тілектерін білдіргендер де болды.

Сыр-сұхбат түрінде өткен кездесуде кейінгі буын өкілдері көкейіндегі сұрақтарын жолдап, мектеп ұландары мерейтой иесін салтанатты түрде «Жас ұландар» қатарына қабылдады. Аудандық мәдениет үйі жанындағы Тұяқберді Шәмелов атындағы ұлт аспаптар ансамблі әнмен сүйемелдесе, жас ақын Данияр Нысанғалиев жүрекжарды өлеңін арнады.

Ал қалың көпшілік алдында сөз алған мерейтой иесі аудан азаматтарының шақыртуымен мерейлі жасының қуанышын, алдымен жаңақалалық жерлестерімен бөлісуге асыққанын айтып өтті. Ғұмырының 60 жылын үздіксіз елі үшін еселі еңбек етуге жұмсаған мерейтой иесі өнегелі өмір өткелдерін оймен шолып, қысқаша әңгімелей келе ауданда атқарылған игі істерге ризашылығын білдірді.

— Егер осы жасыма келгендегі өткен ғұмырымды саралап, халық алдында есеп беретін болсам, онда менің арым таза деп айта аламын. Осындай көңілімнің көкжиегін кеңейткен кемел шағымда сіздермен аман-есен қауышқаныма қуаныштымын, — деді сөз соңында.

Келелі кездесу соңында сөз алған аудан басшысы Л. Хайретдинов «Еселі еңбегіңіз ел жадында жаңғыра бергей, ұзақ та бақытты  ғұмыр кешіңіз» дей келе, арнайы тапсырыспен жасалған «Асыл ер» атты естелік сыйлығын табыстады.

Сонымен қатар Мүсір Иманқұлұлы Айтасовтың  80  жылдық мерейтойына арналған ересектер арасында волейболдан аудандық турнир өтті.

Надежда  ЕСЕТОВА,

Жаңақала  ауданы


Жауһар жырдың жампозы

Күні: , 815 рет оқылды

01_2 жубанов


1980 жылы күзде Жұбан Молдағалиевтың 60 жасқа толуы Ақ Жайық өңірінде кеңінен аталып өтті.

Ақын туған өлкесін емін-еркін аралап, жұртшылықпен, оқырмандармен кездесіп, дидарласып, жерлестерінің ыстық ықыласына, шексіз құрметіне бөленді.


… Бас тіреген жердің аты «Мыңшұқыр» — Азынабай Тайпақтың бір шеті. Бұл — Жұбанның дүниеге келген жері. Қасиетті мекен, жайлау төрі — Сары Даланың бір пұшпағы.

Келгенім жоқ дүниеге кемді-күн мен,

Күн болмаса алар ем емді кімнен!

Хауа анадай көңілшек түзден тудым,

Сүйем оның қиялдай кеңдігін мен.

Жарқын, жалпақ, жайбасар керіктігін,

Табиғатым десем де еріктімін.

Сүйем оның самал таң, салқын кешін,

Сырға өзімдей түнінің беріктігін.

… Көліктен түсе, еңселі бойын тік ұстап, жанарымен айналаны шолып, құшағын айқара ашып, Жұбан: «Ой, далам, ой-хой, қызығым! Туған жер, атамекенім, қабыл ал перзентіңнің сәлемін!» — деп назданып, қолымен нұсқап:

— Мынау жатқан Мыңшұқыр» — бұл нүкте мен үшін өте ыстық. Осы жер еді ораған, құндақтап мені жөргекке; осында алғаш қарағам таңырқап жұмбақ жер, көкке. Осында, нәрі мол жерде, өркенім өсті, от алдым. Бейқам күн, албырт балалық шақ, еңбегіміз де, ермегіміз де бұзау бағып, қой қосақтап, дорбаның тарысын таласып жеп, бақшаның қорғанын бұзып, қарбыз-қауынына тойып, ішіміз тырсиып, көгалды жастанып, жусанның иісіне құмарымыз қанып жататынбыз. Осы Жалпақта, жапанда жанымен, малымен шаруа қуған қазақ тарыдай шашылып, данасынбай, дарасынбай болатын әрқашанда жаймашуақ. Не көп біздің далада, жатаған боз жусан көп, оның кермек масаң иісі танауыңды жарып, маужыра жасайтын. Өлеңті, Жыланды, Азынабай Тайпақ өңірі табиғи тазалықтың айқын таңбасы еді. Жанамалап жатқан айдын көлдер мен қара суларда қаз-үйрек, аққу аспан астын әнге бөлеп жататын. Жазықтықта қылт етіп, қырдың қызыл түлкісі, басын тұқыртып, тізіліп жортып бара жатқан киіктері. Көкте кішкентай көкторғай, бөдене шілден бастап, үлкендігі қозы-лақтан кем емес дуадақ, аспанды қиғаштап ұшатын тырналар тізбегі көздің құртын жейтін…

Жұбанның әсерлі қоңыр даусы даланы жаңғыртып, төңірегіндегілерді қиялға тоғытып, әңгіме жалғасын тапты.

*   *   *

Жұбан жарқ еткен жаңа ХХ ғасырдың 20-шы жылы қазан айының 5 жұлдызында дүниеге келді. Ақынның өз сөзімен айтқанда, бұл жыл – «қаралы, қырсық жыл еді». «Аз ауыл болып, жақын туыс болып. Надандар жазған заңның» зардабын шеккен ел еді.

Жұбан өзінің бұл өмірге келгенін: «Жалғасып дүниенің ащы үнімен, Туыппын атышулы аш жылы мен» — деп шегелеп айтады. Бала анадан туғанда екі түрлі мінезбен туады. Біреуі – ішсем, жесем, ұйықтасам деп. Бұнда болашақ жоқ. Енді екіншісі – білсем екен, көргеніне үңіліп қызығып, көзі көргеннің бәрін сұрап білуге тырысушылығы. Жұбан балаға осы екіншісінің мінезі қонды.

Әкесі 3 баланы (2 қыз, 1 ұл) жары Зеріпке аманат қылып, дүниеден ерте кетті. Әкесі әлі ес білмеген баласының құлағына сыбырлап: «Өлді деп мені мұңайма, тамырына ұқсап еменнің мәңгілік боламын, жапырағым сенсің, көгеріп, өмірде адал боп, үлесіңді мол алып, шындықты айтып із қалдыр. Анаң Зеріпті қорғап жүр құзғын-қарғадан», — деп өсиет қалдырды. Ауыл болып, жақын туыс болып, әкесіз қалған балаларды, олардың әке орнына әке міндетін арқалаған Зеріпті қамқорлыққа алды. Алмағайып заманның Зікір қамын, әңгір таяғынан басын қорғай алмай түңілгенде, ет-бауыр жақындары жүрек жылуымен жетімектерге көлеңке түсірмей жадыратты. Қайран, сол кездің қарттары, абыздары, ардақтылары мен асылдары! Жұбанды, оның бауырларын жоқшылық пен тұрмыс зардабынан арашалады. Молдағали мен Зеріптің тұңғышы, ер бала «бесік жасында» дүние салды да, одан кейін 2 қыз бала көрінді, ал ең кенжесі Жұбан болды. Тұңғыштан айырылып, ер баланы аңсаған ата-ана дүниеге келген кенжесіне «Жұбан» деп есім беріп, жұбаныш тіледі Алладан.

*   *   *

Сайқұдықта Жұбан Алтынсары деген жақынының үйінде жатып оқыды. Кейіннен бұл үйден өзіне тікелей жақын Құбаштың үйіне ауысты. Жұбанның алаңсыз оқуына жағдай жасап, әлпештеген Құбаштың бәйбішесі Бадишаның орны бір бөлек. Бастауыш мектептен кейін әрі қарай Жұбан оқуын Қырыққұдық ауыл советіне қарасты К. Маркс атындағы мектепте жалғастырды. Ауылдасы Хамидолла Опиев Жұбан туралы естелігінде: «Мен осы мектептің бастауыш класында оқып жүргенде Жұбан Молдағалиев, оған тетелес Бисен Жұмағалиев жоғары кластарда оқыды. Олардың оқу озаты болғандығы өз алдына, сонымен қатар өз қатарындағылардан беделі мен ықпалы артық көрінетін. Біздер оларға еліктеп, сабақтан үзіліске шыққанда олардың қасына барғыштайтынбыз. Жұбан мектеп қабырға газеті беттерінде өлең жазып жүрді. Мектептегі қоғамдық жұмыстарға араласып, сабақты үздік оқып, ерекше көзге түсетін, спорт ойындарынан «Қашпа доп», «Шүлдік» т. б. допты дәл соғып, алысқа жеткізіп, шүлдікті көздеп атып дәл тигізуде, алдына ешкімді салмайтын.

… Бірінде мектеп ауласында жүгіріп бара жатқанымда: «Хамидолла, тоқта!» — деген дауысты естіп, тоқтай қалсам, алдымда Жұбан тұр. Ол: «Неге сен өзіңнен үлкенге сәлем бермейсің, оның қалай?» — деп тәртіпке шақырып, өзінен жасы үлкенді сыйлау сәлем беруден басталатынын түсіндірді. Сол кездің өзінде Жұбанның көсемдік, лидерлік қасиеттері көзге түсетін».

Жұбанның руласы, үш атадан қосылатын Құлдың Еламан бөлімінен Смағұл Аманжанов: «Осы баламнан түбі бірдеңе шығады», — деп үлкен үміт күткен әкесі дүниеден озып, анасы Зеріптің қасында Жұбан, апалары Қалиса, Шекер қалды. Бірде олардың жер үйі өртеніп, отқа шарпылған Қалиса балауса шағында өмірден озды. Қы-рыққұдықтағы жетіжылдық мектепте оқыған Жұбанның шаруаға ептілігі мен ойлылығы тұстастарына өнеге еді. Ол ерте есейіп, анасы Зеріпке күнкөрісте барынша қолғабыс жасады. Мектептің қабырға газетінде Жұбан қаламынан шыққан өлеңдер шумағын тамашалап оқитындар қатары артып, көбейіп отырды. Апасы Қалиса екеуі қосылып Біржан мен Сара айтысын жатқа білетін, тыңдаушылар қайта-қайта қол соғып, айтысты қыздыра түсетін. Жұбан қолына домбыра ұстап, «Қызыл қайың», «Қыз Ақжелең» күйлерін орындағанда, бұл түбі асқақ күйші болар деп ойлайтынбыз» — деп еске алады. 30-шы жылдары (ХХ ғ.) — мектеп жұмысы әлі тұрақты, жүйелі қалыптасып үлгермеген шақ. Класс деп аталғанмен, онда 1-кластан бастап, 5-6 класқа дейінгілер, тіпті жас айырмашылықтарына қарамастан шәкірттер бір топта оқитын. Мұғалімдер жетіспейді, қыс кезінде отынның жоқтығынан оқу процесі үзіліп, жазда жалғасатын.

Сондай бір кезеңде Жұбан оқуын 6-класс деңгейінде Жымпитыда жалғастырды. Жымпиты орта мектебі Жайықтың шығыс бетіндегі материалдық базасы, маман мұғалімдерден жабдықталуы жағынан жақсы деңгейде болды. Аталмыш оқу орны Жұбанның білім өрісінің кеңеюіне едәуір әсер етті де, оның жетіжылдық оқудан кейін орта дәрежелі мамандық алу үшін үлкен септігін тигізді. 1937 жылы Жұбан жетіжылдық мектепті тәмамдады…

Жайсаң АҚБАЙ


Жәрмеңке неге жабылды?

Күні: , 846 рет оқылды

ярмарка ловорврра


Биыл жыл басында облыстық әкімдік бірнеше басқармамен бірігіп, «Ел ырысы» базарында отандық өнімдерге арналған азық-түлік жәрмеңкесін ұйымдастырған болатын.  Халықты арзан әрі сапалы жергілікті азық-түлік өнімдерімен қамтамасыз етуге бағытталған бұл шара жоспар бойынша жыл бойына жалғасуы тиіс еді.


Есіктегі қара құлып немесе жұртшылықтың наразылығы

Арзан тағамға толы жәрмеңке алғашында «Ел ырысы» базарында әр сенбі сайын өткізіліп тұрды. Уақыт өте келе, аталмыш жәрмеңкенің жұмысы сиреп, қазіргі кезде мүлдем жұмыс істемейтін болыпты. Бұған «Ел ырысы» базарына барғанда көз жеткіздік. Біз барғанда қыста қызу сауда жүрген орынның «базары тарқап», есігіне қара құлып ілініпті. Базар ауласында және сыртында көкөніс сатып тұрған азын-шоғын саудагерлер болғанымен, сатып алушылардың қарасы онша көп емес. Сол күні азық-түлік жәрмеңкесіне арналған орынжайға іргелес тұрған балық сататын жерде де сауда болмады. Біз барғанда 4-5 адам сазанның бір келісін 400 теңгеден, көксеркенің келісін 1000 теңгеден саттыққа шығарып тұрғанымен, сатып алушыларды байқамадық. Аталмыш базардың көркін сол күні қой сатушылар қыздырды. Құрбан айтқа байланысты Сырымнан, Тайпақтан, Қазталов пен Жаңақаладан, Жалпақталдан келген жігіттер қойларын 14-20 мың теңгенің арасында сатса, қой союға арналған арнайы орында қасапшылар әр бас қойды 2000 теңгеге сойып беріп тұрды. Базардың түкпір-түкпірін түгел сүзіп шыққанымызбен, қасапшылардан басқа саудасы жүріп, қарқ болып жатқан ешкімді көре алмадық. Аталмыш базар ауласында бір-екі кісі картоп пен пиязды 55-65 теңгеден, алманы 250 теңгеден сатса, базар алдында тұрғандар қарбызды 50, ал қауынды 150 теңгеден босатып тұрды. «Жыл бойы ұйымдастырылады» деген қолжетімді азық-түлік жәрмеңкесін көре алмаған соң біз «Ел ырысы» базарының әкімшілігіне бардық.

Қабылдау бөлмесінде отырған әйел базар басшылығының сенбі күні жұмыс істемейтінін айтып, өзіне қойылған сұрақтарға жауап беруден бас тартты. Сыртқа шығып, сауда жасап жатқан адамдардан азық-түлік өнімдерінің жәрмеңкесі жөнінде сұрағанымызда, олар бірауыздан қыстағы шараның да кезекті көзбояушылық екенін, облыс әкімдігінің қадағалауы сиреген соң жергілікті кәсіпкерлердің де ізі суығанын айтты. Атыжөнін көрсетпеуді өтінген азаматтардың айтуынша, отандық өнімдерді қолдау мақсатындағы жәрмеңкенің «жоғалғанына» көп болған. Жергілікті билік тарапынан бақылау азайған соң кәсіпкерлер өз өнімдерін арзан бағамен сатуды қолай көрмей, жәрмеңкеге келмей қойыпты.

Бәрінде бір баға

Бұдан соң біз М. Ықсанов атындағы көше бойында өтіп жатқан азық-түлік жәрмеңкесіне келдік. Сенбі күні болғанымен, бұл жерде де сатып алушылар аз болды. Жәрмеңкеге жергілікті шаруа қожалықтары өз өнімдерін алып шыққанымен, олардың бағасы орталық базардағымен қарайлас екен. Мысалы, Зеленов ауданынан келген «Куприн», «Погодаев» шаруа қожалықтары және макаровтық кәсіпкерлер өздері өсірген картоп пен пияздың келісін 50-60 теңге аралығында, капуста, қызылша, сәбіз, қызанақтың келісін 60-70 теңгеден, ал қиярды 100 теңгеден сатса, Теректі ауданының Федоров ауылынан келген «Ким А.П» шаруа қожалығы қарбыз-қауынды 30-100 теңгеден саттыққа шығарды. Ал Тайпақтың тәтті қарбыздары базар соңына дейін 35 теңгеден түспей қойды. «Лилия» жеке кәсіпкерлігі келушілерді дәмді тоқаштармен қамтамасыз етсе, Зеленов ауданының ара өсірушілері дәмі тіл үйірер табиғи балдың неше түрін шығарды. Саудагерлер арасында орталық базарда күнделікті тұратындар да кездесті, олар өз өнімдерін тұтынушыларға сол «Мирлан» базарындағыдай бағамен ұсынды. Қысқасы, бұл жердегі жәрмеңкеде де анау айтқандай арзаншылық байқалмады. Сенбі күнгі жәрмеңкеге қалалықтардың онша ықылас танытпауының негізгі себебі де осы болса керек.

Ақпан айында ашылған жәрмеңкенің жалғасын таппағанын жоғарыда айтып кеттік. Ықсанов көшесі бойындағы базардың да арзан болып тұрғаны шамалы. Жәрмеңкелердің жалпы жағдайын барлағанда түйгеніміз, Үкімет тарапынан қаншама жағдай жасалғанымен, кәсіпкерлер тек қана өз мүддесін ойлаудан тыйылар емес. Олар үшін тегін орынға тұрып, өнімдерін төмен бағаға сатқаннан гөрі, жұрт қатарлы орын ақысын төлеп, бағасын сырттан әкелінетін өнім қақымен бірдей етіп сатқан әлдеқайда пайдалы болып тұр. Ал тұтынушылардың жолында кездескенін сатып алғаннан басқа амалы жоқ. Өйткені бәрінде бір баға.

Жаңа  жәрмеңке  ашылмақ

Жаңа жұмыс аптасы басталғанда, өткен қыстағы қолжетімді жәрмеңке жайын білу мақсатында азық-түлік өнімдерінің жәрмеңкесін ұйымдастырушылардың бірі – «Орал» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» ҰК» АҚ қызметкерлерімен хабарластық. Түс қайта редакциямызға жоғалған жәрмеңкенің «қайда кеткенін» баяндамақ ниетпен «Орал» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» ҰК» АҚ активтерді басқару департаментінің директоры Андрей Локтев пен «Ел ырысы» базарының директоры Нұрлан Наурызбаев келді. Олардың айтуынша, отандық өнімдер жәрмеңкесі мамыр айының аяғына дейін өткізілген. Одан кейін аталмыш жәрмеңкеге келушілер саны күрт азайып, жергілікті өнім өндірушілердің саудалары жүрмей қалыпты. Осыған байланысты олар бұл жерге келуді доғарған.

— «Ел ырысы» базары негізінен, ет өнімдерін сатуға арналған. Бұл жерде мал соятын арнайы орын мен ет өнімдерін тексеретін зертхана және ет сататын орын бар. Күнде таңертең сапасы тексерілген ет өнімдерін саудагерлер көтерме бағамен осы жерден сатып алып, одан әрі оларды үстеме баға қосып, тұтынушыларға ұсынады. Сондықтан халық бұл жерді «ет базары» деп атап кеткен және жұрттың бәрі арзан етті осы «Ел ырысынан» сатып алуға үйренген. Жоғарыдағы азық-түлік жәрмеңкесі тарап кеткеннен кейін біз аталмыш павильонды бакалея өнімдерін сататын орынға айналдыруды көздеп отырмыз. Ондағы мақсатымыз — ет базарының ауқымын кеңейтіп, тұтынушыларды әрі арзан, әрі сапалы тамақ өнімдерімен қамтамасыз ету. Қазіргі таңда бұл жердің инфрақұрылымын жетілдіру жұмысы жүріп жатыр. Яғни павильон секцияларға бөлініп, сатушылардың тауарлары тұратын орын да қарастырылуда. Бұйырса, жөндеу жұмысы қазан айында аяқталып, бұл орын бакалея өнімдерін сататындарға тегін берілмек. Жұртшылық бұл жерден астық өнімдері мен күріш, тары және ет консервілерін, күнбағыс пен сары майды, сондай-ақ қалбырдағы жеміс-жидекті арзан бағамен сатып алатын болады. Осы жерде айта кететін бір нәрсе, сауда орны тегін болғанымен, әр сатушы өзі пайдаланған электр қуаты үшін ақы төлейді. Осы мақсатта әр орынға арнайы электр қуатын есептегіш құрал орнатылған. Сондай-ақ бұрын сатушылар тауарларын жұмыс аяғында өздерімен бірге алып кетуге мәжбүр болса, енді жаңа па-вильонда жұмыс істеуге келгендер тауарларын арнайы орындарда қалдырып кете алады. Бұл жерде сатушылардың өнімдерін сақтауға барлық жағдай жасалатын болады, — дейді бізбен әңгімесінде Андрей Локтев.

Оның сөзін жалғастырған Нұрлан Әнесұлы павильон құрылысын жетілдіру үшін «Ел ырысы» базарының қаражаты пайдаланылғанын айтты. Оның сөзінше, бұдан басқа базар ауласында 3 мың шаршы метрлік және бір сауда алаңы ұйымдастырылмақ. Бұл жерде өнім өндірушілер көкөніс өнімдерін көліктерімен әкеліп сата беруіне болады. Сатушылар бұл жерде де орынды тегін пайдаланады. — Осының бәрін біз азық-түлік бағасын қолжетімді ету үшін ұйымдастырып отырмыз. Кәсіпкерлер азық-түлік бағасының қымбаттығын ылғи да жалдау ақысының жоғарылығымен байланыстырады. Міне, енді «Ел ырысы» базарында тегін сауда орындары беріледі. Қазан айынан бастап біздің ұсынған орындарымызға келсін де, жергілікті өнім өндірушілер немесе саудагерлер азық-түлікті арзан бағамен сатсын, ешкім олардың қолын қақпайды, — дейді Нұрлан Әнесұлы жаңа сауда орнының тиімділігін көпшілікке жеткізуге асығып.

Өзге елдің өнімдері «жаулап» жүрмесін

Осы жерде біз азаматтардан «Жаңа сауда орындарында тек жергілікті өнімдер ғана сатыла ма? Сонда алыс-жақын шетелдерден келетін өнімдерді сатуға рұқсат бермейсіздер ме?» деп сұрадық. Олар бұған «Бұл жерде, негізінен жергілікті өнімдер сатылады деп жоспарлап отырмыз. Бірақ азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында арзан да сапалы болса, өзге елден келген өнімдерді де сатуға рұқсат беретін шығармыз», — деп жауап берді. Мейлі ғой, тек жаңадан ашылатын жәрмеңкені қала дүкендеріндегідей түгелге жуық отандық емес өнімдер жаулап алып жүрмесін…

Қысқасы, жалғасын таппаған азық-түлік жәрмеңкесі қазан айынан бастап жаңа нұсқада жұмыс жасамақ. Олай болса, ел ырысын молайтуға асыққан «Ел ырысы» базарының бұл бастамасы тағы да аяқсыз қалмасын деп тілейік.

Айша ӨТЕБӘЛІ,

«Орал өңірі»


Біз білмейтін түнгі Орал

Күні: , 2 018 рет оқылды

DSC03403


Республика аумағында 21-23 қыркүйек күндері аралығында адамдарды сату, жұмысқа тарту, тасымалдау, жасыру, саудаға салу және жезөкшелікпен айналысуды анықтау мақсатында «Стоп — трафик» жедел-алдын алу іс-шарасы өтті. Акция аясында Батыс Қазақстан облысында біршама құқықбұзушылық анықталды.


Батыс Қазақстан облыстық ішкі істер департаменті ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасы Жаңақала ауданында адам саудалау фактісін анықтады. Жеке шаруа қожалығының иесі – 60 жастағы азамат бір адамды жыл бойы ақысын төлемей қара жұмысқа жеккен. Бүгінде оның үстінен қылмыстық іс қозғалды. Сондай-ақ полиция Орал қаласындағы жасырын жыныстық қызмет көрсететін орындарды анықтап, жезөкшеліктің жолын кесу, есепке қою мақсатында ойын-сауық орындарына, сауна, хауыздар мен қонақүйлерге рейд жүргізді. Нәтижесінде ақылы жыныстық қызмет көрсететін адамдар шоғыр-ланған Шолохов көшесі бойындағы айналма жол, «Депо», «Каприз», «Шипагер» сауналарында 2 жеңгетай қолға түсті. Жезөкшелікпен айналысатын 17 қыз ұсталды. Олардың 9-ы Орал қаласынан, біреуі Шымкент, біреуі Атырау, қалғандары Зеленов, Тасқала, Бөрлі, Жаңақала, Қазталов аудандарынан.

— БҚО ІІД ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасы еңбек және жыныстық қатынастың құрбаны болған тұлғалар туралы уақтылы ақпарат алмасу мақсатында денсаулық сақтау және білім беру мекемелерімен бірлесе жұмыстанудамыз, — дейді Батыс Қазақстан облыстық ІІД ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының аса маңызды істер жөніндегі жедел уәкілі, полиция подполковнигі Владимир Мартынов. — Ақылы жыныстық қызмет көрсетіп жүрген қыздар ресми жұмыс істемейді. Жастары 19-35 жас аралығында. Алды – бұл жолда 6-7 жыл жүргендер. Екі жеңгетай тергеуде, дәлелденсе, істері сотқа жолданады. Жалпы есепте тұрған 12 жеңгетайдың 8-ін сот 1-2 жылға бас бостандығынан шектеуге үкім шығарды.

Подполковниктің айтуынша, 1998 жылдары жезөкшелікпен өзге ұлттың қыздары көп айналысқан. Ел ішін-дегі көші-қонға, ауыл халқының қалаға жаппай қоныстануына байланысты бүгінде Оралдағы жезөкшелердің дені – қазақ қыздары. Азын-шоғын студенттер де бар. Қызмет ақысы әркімде әр түрлі. Бір сағатқа 7-10 мың теңге. Соңғы кезде сауна күзетшісі «жеңгетайдың» қызметін атқарады. Ол телефон шалып, қыздарды шақырып ала-ды. Қыз тапқан табысынан күзетші мен әкімшіге 1,5-2 мың теңге «шотр» береді.

196  жезөкше  есепте  тұр

Бүгінде БҚО ІІД-да 12 жеңгетай, 196 жезөкше есепте тұр. Бұл – бір күнде 196 түнгі көбелек нәпақасын төсектен табу үшін көшеге шығады деген сөз. Биыл кәмелетке толмағандарды жыныстық қызметке тартудың бір фактісі орын алған. 16 жастағы орыс ұлтының өкілі Г. өткен жылдың желтоқсан айында мектепті тастап, үйінен қашып кеткен. Іздеу жарияланған қыз арада 7 ай өткенде жынойнақтан табылыпты. Жасөспірімнің осындай жолға түсуіне отбасындағы тәрбиенің нашарлығы, ата-анасының ішімдікке әуестігі, үнемі ұрыс-керіс әсер еткен. Біз «Стоп — трафик» жедел-алдын алу іс-шарасының ізін суытпай тұрып, Оралдың көпке белгісіз түнгі тірлігін тағы бір көруге бекіндік.

«Каприз» жынойнағындағы сұхбат

Біздің өтінішіміз бойынша БҚО ІІД ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының басшысы, полиция полковнигі Еркін Іңкәровтің рұқсатымен, департаменттің баспасөз орталығының басшысы Гүлжан Қанатова-ның көмегімен 5 адамнан тұратын рейд ұйымдастырылды. Басқарманың аса маңызды істер жөніндегі жедел уәкілі, полиция капитаны Әмір Ағелеуов бастаған 4 жігіт және осы жолдардың авторы қараңғы түсе «атқа» міндік. Сағат түнгі 22.00 шамасы. Әдетте «Бір тексеруден соң біразға дейін бізді ешкім мазаламайды» деп жағасын қайтадан жайлауға жіберіп, аттың басын босатып, үйреншікті кәсібімен қайта табысқан «түнгі көбелектерді» аулау қиын болмады. Шолохов көшесінің бойын сүзіп келеміз. Әншейінде қыздарды тиеп алып, тоят іздеп, түнгі жорыққа шыққандарды күтіп, тізіліп тұратын таксилер көзге түспеді. «Уақыт әлі ерте, олар түнгі сағат 12.00-ден соң шығады», — деді капитан. Қалаға жалғас жатқан Мичурин кентінде орналасқан «Каприз» саунасына бет алдық. Алдында тұрған көліктің ішінде төрт қыз отыр екен. «Суретке түсірмеймін, есімдеріңді айтпаймын» деген соң ғана сұхбат беруге келісті.

— Алты жылдан бері осы жолдамын, — дейді Ресейде туып-өскен 30 жастағы қазақ қызы. Айтуынша, күйеуінен ажырасқан соң құжаттары дұрыс болмай, туған жеріне қайта алмаған. 16 жасында тұрмысқа шыққан, мамандық алып үлгермеген. «Жұмыс жоқ, 13 жаста қызым бар, 3 жылдан бері 50 мың теңгеге пәтер жалдап тұрамын», — дейді ол.

Алғашқы сұрағым: «Ақша табудың басқа жолын таппадың ба?» болды.

— Басқа жұмыстың жалақысы аз, 30-40 мың теңге үшін бір ай жұмыс істеуім керек пе? — деп өзіме қарсы сұрақ қойды.

— Күніне қанша адамды қабылдайсың?

— 3-4 адам. Такси бізді жұмысымыз біткенше, яғни таңға дейін күтіп тұрады.

— Таксистке қанша төлейсіңдер?

— 5 мың теңге. — Клиенттер қандай санаттағы адамдар, үйленгендер бар ма?

— Ақшасы барлар келеді, 50 жастан асқан ересек адамдар да, жастар да бар. Көбі 30-40 жастың арасы. Ал үйленген, үйленбегені бізге керек емес.

— Ұлты қандай?

— Көбі орыс пен қазақ. Кейде шетелдіктер де болады, британдық, американдық, үндістер дегендей…

— Жасың отызда екен. Енді қанша жыл жүресің?

— Бір жылдан соң бұл тірлікті доғарамын. Жетерліктей ақша жинадым, Ресейге кетемін. Табысыма ризамын. Осы жерде әңгімеге басқа қыздар араласты.

— Бәріміздің жырымыз бір. Жұмыс істейік десек, мамандығымыз жоқ, менің ата-анам, күйеуім ерте қайтыс болған. 3-сыныпта оқитын ұлым бар, — дейді Зеленов ауданының тумасы, 1989 жылғы орыс қызы. Оның Оралдағы сауналарды шарлап жүргеніне 3 жыл болыпты.

— Осы өмірің өзіңе ұнай ма?

— Әрине, жоқ. Клиенттер әр түрлі болады, ішінде жындылары да бар, шашыңнан сүйреп, «Бесінші қабаттан лақтырып жіберемін» деп зәреңді ұшырады.

— Олар арақ ішіп келе ме?

— Әрине, бәрі – арақ ішетіндер. Арақ ішпеген, дені дұрыс еркек бізге келе ме? Егер дөрекі болса, боқтап-балағаттап тұрса, келіспейміз.

— Менің жасым 23-те. Атырауданмын. Мына жұмысқа келгеніме 3 ай болды, — дейді аққұба сұлу қыз.

— Өзіңдей қазақ қыздары арын сатып, тәнін саудаламай-ақ 30-40 мың жалақыға жұмыс істеп жүр. Ақша жетпесе, сол қыздар сияқты қосымша жұмыс істеп, мысалы, кафеде даяшы болып не ыдыс жумайсың ба? Бұл жолға неге түстің?

— Даяшыға бір күнге 1-2 мың теңге береді. Ал ауылда алқапта істесең, күніне 500 теңге аласың. Бір компанияда жұмыс істедім, 65 мың теңге жалақым түкке жетпеді. Пәтерақы 50 мың теңге, баланы киіндіріп, ішіндіру керек. Күйеуіммен ажырасып кеткенмін, көмектеспейді. Қаңтарда күйеуге шығамын.

— Ол сенің ақшаға сатылып жүргеніңді біліп қойса, не істейсің? Клиенттеріңнің бірі оны не сені тануы мүмкін ғой.

— Жігітім басқа облыста тұрады. Біз жалпы таныс адамдар кездесіп қалса, тығылып қаламыз…

«Байлар басқа жерлерде көңіл көтереді»

Біз сөйлесіп тұрғанда, көлік жанында тұрған полицейлерді танып қалды ма, саунаға ат басын тіреген жеңіл көліктер тоқтамай жатып, кілт бұрылып кері кетіп жатты. Байқағанымыз, қыздардың бұл тірлікке әбден еттері үйреніп кетіпті. «Табыстарыңнан саунадағы әкімші мен күзетшіге бересіңдер ме?» деген сұрағыма бәрі бір дауыстан «Ж-о-қ! Біз саунаның шақыруымен емес, осылай көшеде тұрып, клиентпен тікелей жұмыс істейміз» деп шулап қоя берді. Жалпы, олардың жүзінен не сөзінен өз істеріне ұялу, бөгде адамнан қысылу еш білінбейді. Олар бар кінәні қоғамға, жалақының аздығына, әлеуметтік жағдайдың қиындығына артады. Тәнін саудаға салып, харам ақша тапқан кәсіптерін ақтап алуға, адамдардың аяушылығын тудыруға тырысады. Олар әр түн сайын балаларын күтушіге тастап кетеді екен. Балалар күндіз мектепте, ал түнде аналары далада. Онсыз да әкелері жоқ бұл балалар еш тәрбие көрмей өсіп жатыр деген сөз емес пе? Қыздардың сөздерінен, өздерінен әлдеқайда қымбат тұратын әріптестеріне деген қызғаныш -байқалады. Олардың айтуынша, танымал адамдар «Каприз» саунасына келмейді. Шетелдіктер, байлар мен танымал адамдар басқа жерлерде көңіл көтереді. Оларға «қымбат көбелектер» жоғары дәрежеде қызмет көрсетеді екен. «Ондағы әріптестеріміздің «ставкасы» бізден екі есе жоғары», — дейді олар бір дауыстан. Сұхбат соңында олар өздерін күтіп тұрған таксиге барып отырды. Айтуларынша, түнгі сағат 12.00-де басталған сайран таңғы сағат 4-5-те бітеді.

Бұдан соң біз «Депо» аялдамасында орналасқан саунаға келдік. Мұнда да сол көрініс, сауна алдында 5-6 көлік қаздай тізіліп тұр. Әмір Ағелеуов бас-таған полиция қызметкерлері оларды тексере бастады. Көліктен амалсыз түскен қыздарды (суретте) суретке түсіріп алдық.

Харам ақша

Біз бір таксидің жүргізушісін сөзге тарттық.

— Кімдерді тасып жүргеніңізді білетін шығарсыз.

— Жоқ, білмеймін. Маған ақшасын төлесе болды, не шаруам бар (беті бүлк етпей өтірікті айта салды)?

— Сіз тапқан ақшаңыздың харам екенін білесіз бе? Бұл қыздар тәнін сатып тапқан ақшадан сізге береді. Ал сіз ол ақшаға отбасыңызды, сүйген жарыңызды, күнәсіз сәбилеріңізді тамақтандырып, киіндіріп отырсыз. Періште балаларыңызға обал емес пе? Құранда халал тамақ ішіп, халал киіну туралы айтылғанын білесіз бе?

— Оны білмейді екенмін, — деп сөзден қашқан жүргізуші көлігіне зып етіп кіріп кетті. Менің бұл сөзім оған әсер етсе, қуанар едім. Бірақ, әй, қайдам?!

Бұдан әрі түнгі көбелектер жиналатын біраз жерді сырттай шолып, кері қайттық. Көзім жеткені — мың жерден тексеру жүргізсең де, олар сүйікті кәсібіне қайта оралып жатыр. Үш күн бойы жүргізілген «Стоп — трафик» шарасында Оралдың күдікті деген жерлерін түгел тексерген құқық қорғау қызметкерлері қолға түскен 17 қызды қайта жібере салды. Амалсыз, әрине. Себебі елімізде тәнін сатып, кәсіпке айналдырған адамдарды жазалайтын заң жоқ.

Ұлдай САРИЕВА,

«Орал өңірі»

Владимир МАРТЫНОВ,

Батыс Қазақстан облыстық ІІД ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының аса маңызды істер жөніндегі жедел уәкілі, полиция подполковнигі:

— БҚО ІІД Ресей Федерациясының шекаралас облыстарының, соның ішінде Орынбор, Саратов, Волгоград, Астрахан облыстарының құқық қорғау органдарымен өзара іс-қимыл жасау жоспарына сәйкес адамдарды жұмысқа тарту, тасымалдау, жасыру және саудаға салуға қарсы күресті жандандыруда. БҚО ІІД басшылығы тарапынан РФ шекаралас облыстарының ІІО басшыларымен адам саудасына қарсы күресу жөнінде қызметтік кездесулер ұйымдастырылды. БҚО аумағында «Адам саудасынан сақтаныңыз!» аймақтық жобасын іске асырудағы Көші-қон бойынша халықаралық ұйыммен серіктес болған «Әйелдерді қолдау аймақтық орталығы» қоғамдық бірлестігі тіркелген. Әлеуметтік тапсырыс шеңберінде БҚО ішкі саясат басқармасы тарапынан «Адам саудасының алдын алу және жолын кесу» жобасы бойынша түсіндірме жұмыстары жүргізілді. Жезөкшелікпен айналысатын тұлғалар мен адам саудасының құрбаны болған адамдарды анықтау мақсатында профилактикалық әңгімелесулер жүргізу кезінде қоғамдық құрылымның өкілдері қатыстырылды. Осы жұмыс барысында «Адам саудасынан сақтан!», «Коммерциялық секс туралы не білуіңіз қажет?», «Жұмыс іздейсіз бе?» тақырыптарындағы бу-клеттер үлестірілді. Жезөкшелікпен және жеңгетайлықпен айналысатындарды есепке қойып, олармен ұдайы жұмыс жүргізіп отырамыз. Бүгінгі таңда есепте тұрған 12 жеңгетай және 196 жезөкше бойынша жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын табатын болады.


Қызылша жұқпасына вакциналау басталды

Күні: , 815 рет оқылды

img-20150519114954-123


Елімізде денсаулық сақтауды дамытудың 2011-2015 жылдарға арналған «Саламатты Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы аясында туберкулез, В вирусты гепатиті, дифтерия, көкжөтел, сіреспе, қызылша, қызамық, эпидпаротит сияқты жұқпалы ауруларға қарсы вакциналау жүргізуге жыл сайын қаржы бөлініп отыр.


Бұлардың қатарына биыл пневмококк жұқпасына қарсы егу енгізілді. Соңғы жылдары облыста көкжөтел орын алды, ал туберкулез ауруы төмендеді. Алайда қызылша жұқпасы өршіп отыр. Осыған орай ақпан айында еліміз бойынша 15-19 жас аралығында-ғы 32288 адам вакциналанды. Енді, міне, қазан айында қызылшаға қарсы қосымша екпе жасау басталды. Біздің облыс бойынша соңғы сегіз айда қызылшамен ауырудың 84 оқиғасы тіркелген. Оның 73 пайызын қала халқы құрап отыр. Облыста 15-19 жас аралығындағы 4311 жас екпе алуға тиісті болса, күні бүгін мектептер мен арнаулы және жоғары оқу орындарында вакциналау басталып кетті. 5-інші қазан күнгі мәлімет бойынша 3620 тұлға вакцина алған.

— Жоспарланған жастардың 84 пайызы екпе алды. Біреуінде де кері әсер білінген жоқ. Осы аптаның аяғына дейін вакциналау сәтті аяқталады деп күтудеміз, — дейді БҚО денсаулық сақтау басқармасының бас маманы, балалар дәрігері Айнаш Ғұбайдуллина.

Қызылша туралы не білесіз?

Қызылша – қауіпті, жұқпалы, жіті респираторлық вирус. Бұл аурудың алдын алудың жалғыз жолы — екпе жасату. Қызылша ауа-тамшы арқылы таралады. Белгілері: қалтырау, интоксикация, бөртпе, коньюнктивтер және жоғары тыныс алу жолдарының зақымдануы.

Вакцина жасауға қарсы көрсетілімдер: иммунтапшылығы, қатерлі ісік, лейкомия, ауыр анемия және қан аурулары, бүйрек қызметінің ауыр бұзылуында, кортикостероидтар және иммунды басқыш өзге де препараттарды, сәулелік терапияны қабылдап жүргендерге, декомпенсация сатысындағы жүрек дертімен ауыратындарға, тауық жұмыртқасының ақуызына, неомицинге және вакцинаны өндіруде пайдаланылатын өзге де антибиотиктерге анафилактиялық реакциясы бар адамдарға, жүкті әйелдерге және соңғы 3 айда иммуноглобулинді немесе қан препараттарын қабылдағандарға вакцина алуға болмайды.

ЕКПЕ  АЛҒАНДАР  НЕ  ДЕЙДІ?

Алтынбике ШАФХАТҚЫЗЫ, 51 жаста, қала тұрғыны:

— Менің төрт балам бар. Үлкендері кәмелетке толып кетті. Қызым 15 жаста, мектепте оқиды. Өткен дүйсенбі күні сол қызым қызылшаға қарсы екпе алды. Екпе алған соң медициналық пунктте жарты сағат күтіп отырдық. Қызымның дене қызуы көтерілген жоқ, екпе ешқандай асқынусыз болды. Соңғы кезде ата-аналар арасында балаларын екпе жасатуға бермеу кездесіп отыр. Бұл қате түсінік деп ойлаймын. Дамып, өсіп-өркендеп келе жатқан мемлекетімізге дені сау ұрпақ қажет. Дүние жүзінде неше түрлі жұқпалы аурулар бар, тіпті тұмаудың неше түрі әлем халықтарына зардабын тигізіп, арты өлімге әкеліп жатқанын теледидардан көзіміз көріп отыр. Әрине, әр ата-ана перзентінің болашағына, өміріне алаңдайды. Бірақ пікір адасушылығы сол баласының өміріне қауіп төндіруі мүмкін ғой. Ата-аналар осы жағын ойланса екен деймін. «Сақтансаң, сақтармын» деген ғой, біз кәмелетке толып, мамандық алып, жеке шаңырақ болып кеткенше перзенттеріміздің өміріне жауаптымыз. Қымбатты ата-аналар, көзіміздің ағы мен қарасындай етіп өсіріп отырған балаларымыз аман болсын, елімізге тыныштық тілеймін. Салауатты өмір сүруге шақырамын, ұл-қыздарымызға болашақ ана, әке деп қарауымыз керек. Олар бір әулеттің ұрпағын жалғастырушысы. Сондықтан да олардың дені сау болса, қазақтың дені сау болар, иншалла!

Тоқтар КЕНЖЕҒАЛИЕВ, «Орал өңірі» газетінің бөлім редакторы:

— Орал қаласындағы №19 мектептің 10-шы сыныбында оқитын қызым Жанерке жақында қызылшаға қарсы екпе алды. Шүкір, вакцинаның ешқандай теріс әсерін байқамадық. Жалпы, ауруға қарсы қорғаныш қабілетін қалыптастыратын мұндай екпе бұрынғы Кеңес одағы тұсында барлық адамға жасалатын. Соның арқасында жаппай адам шығынына әкелген оқиғалар орын алған жоқ. Сондықтан ел ішіндегі алыпқашпа әңгімелерге ермей, барша ата-ананы ұл-қызына екпе жасатуға шақырамын. Бұл, түптеп келгенде, адамның денсаулығы үшін қажетті шара. Әмина ИХСАНОВА, №37 мектептің 9-сынып оқушысы: —  Біздің сыныпта 24 оқушы бар. Соның ішінде 15 жасқа толған екі оқушы осы аптада қызылшаға қарсы екпе алдық. Дәрігерлер дене қызуымды тексеріп, медициналық талдауларды қарап, әбден жан-жақты тексерген соң екпе жасады. Екпеден жұрттың неге қорқатынын білмедім. Әншейіндегі екпелерден еш айырмашылығы жоқ. Жарты сағат дәрігердің жанында болдым, ешқандай кері әсер байқамадым. Енді 4 күннен соң және 11-ші күні дәрігерге барамын. Әркімнің денсаулығы өз қолында. «Басты байлық — денсаулық» деген, сыныптастарыма, достарыма мықты денсаулық тілеймін.

Зәуреш БИЖАНОВА, №3 емхана дәрігері:

— Менің үш балам мемлекет тарапынан белгіленген барлық жоспарлы вакциналарды алды. Екпеден соң біреуі де ауырған жоқ. Өткен ақпан айында 9-сыныпта оқитын ұлым қызылшаға қарсы егілді. Қызылша ауруы асқынса отит, лорингит, пневмония, менингит сияқты қауіпті ауруларға жалғасып кетеді. Сондықтан екпеден қорқудың қажеті жоқ. Мен ана әрі дәрігер ретінде вакцинаның пайдалы екенін айтқым келеді. Балаларымның алды кәмелетке толып кетті, кішкентай кездерінде де, бүгінде де жұқпалы ауруларға шалдыққан жоқ. Бұл вакцинаның арқасы деп ойлаймын.


800 тонна сұйытылған газ жеткізілмек

Күні: , 787 рет оқылды

2 брифинг 4852548


Соңғы күндері өңірімізде сұйытылған газдың жетіспеушілігі анық байқалуда. Қазіргі уақытта газбен жүретін көліктерге арналған стансалардың біреуінде ғана газ отыны тек талонмен ғана босатылуда.


Осыған орай кеше облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасының басшысы Бауыржан Талдықбаев БАҚ өкілдерімен баспасөз мәслихатын өткізді.

— Облыста ай сайын 800 тонна сұйытылған газ пайдаланылады. Жаз мезгілінде газ отынын тұтыну мөлшері 1000 тоннаға дейін жетті. Өкінішке орай, бүгінгі таңда облыста газ отыны жетіспей жатыр. Өйткені біздің облысты сұйытылған газбен қамтамасыз етіп тұрған Шынар кенішіндегі «Жайықмұнай» компаниясындағы қондырғы өз жұмысын уақытша тоқтатты. Бұл жағдай «Интергаз Орталық Азия» АҚ-ның магистральды газ құбырларында жөндеу жұмысының жүргізіліп жатқанымен байланысты болып отыр. Газ отынының жеткіліксіздігіне байланысты туындап отырған түйткілді мәселелерді реттеу мақсатында таяуда ҚР Энергетика министрі Владимир Школьник сұйытылған газды батыс өңірлеріне қайта бөлу жөніндегі бұйрыққа қол қойды. Келісімшарт бойынша біздің облысқа Ақтөбе облысынан 550 тонна және Атырау облысынан 250 тонна, барлығын қосқанда, 800 тонна көгілдір отын жеткізілетін болды. Осыған орай облыс әкімі Нұрлан Ноғаев Ақтөбе қаласына барып, аталмыш облыстың әкімі Бердібек Сапарбаевпен кездесті.

Кездесу барысында облысқа бөлінген 800 тонна сұйытылған газды жеткізу жайы, логистика мәселелері талқыланды. Қазіргі таңда өңірімізді көгілдір отынмен қамтамасыз етіп отырған «Алау» және «Тәуекел» ЖШС-ның өкілдері Ақтөбе қаласында. Олар облысқа тиесілі сұйытылған газды қабылдап алу жөнінде келісімшарт жасасуда, — деген Бауыржан Жанпейісұлы бұл мәселенің таяу арада шешілетінін хабарлады.

Оның сөзінше, беріліп отырған сұйытылған газ қазан айының аяғына дейін жетеді. Бұл ретте мотор жанармайы түріндегі сұйытылған газдың бөлшек саудадағы бағасы өзгермейді, бұрынғыша ҚҚС-ты қосқанда 1 литрі 39 теңге болып қала береді. «Интергаз Орталық Азия» АҚ-ның магистральды газ құбырларындағы жөндеу жұмысы аяқталған соң сұйытылған газ мәселесі қайтадан қалпына келмек.

 Айша ӨТЕБӘЛІ,

«Орал өңірі»


БҚО, Орал қаласы, Мұхит көшесі, 57/1
zhaik_presscenter@mail.ru
oral_oniri@inbox.ru
support@oraloniri.kz

Орал өңірі" газетінің бас редакторы: 51-25-80
Бас редактордың орынбасарлары: 24-17-08, 54-18-08
Жауапты хатшы: 54-38-22
Тілшілер: 50-66-88, 51-50-34
Жарнама бөлімі: 51-51-09
Яндекс.Метрика