Мұрағат: 03.10.2015


Қазына қарттарға құрмет көрсетілді

Күні: , 101 рет оқылды

IMG_3594


Өткен бейсенбі күні облыстық  қазақ  драма театрында 1  қазан  – Халықаралық қариялар  күніне орай салтанатты шара өтті. Бұл күні бар өмірлерін ұрпағы мен еліміздің болашағына  арнаған  қадірменді қарияларды, соғыс  және  еңбек ардагерлерін облыс әкімі Нұрлан Ноғаев құттықтады.


– Ардақты аналар  мен  аталар, – деп құттықтау сөзін бастаған Нұрлан Асқарұлы қан майданда Отан қорғап, соғыстан соң құлдыраған экономиканы көтеруге аянбай еңбек еткен қарияларға деген кейінгі буын ұрпақтың ризашылығын жеткізді. – Еліміз  әлемдік  қауымдастықтағы бірегей елге айналып келеді, — деді Нұрлан  Асқарұлы. – Елбасы: «Тек қана өткенімен мақтанатын елдің болашағы бұлдыр болады. Әр буын өкілі, кейінгі ұрпақ ата буынның даңқына даңқ қосып, олардың игі істерін алға жалғастырса ғана елдің болашағы жарқын болады» деген еді. Соғыс кезіндегі буыны қатпаған жас балалар — бүгінгі ақ  жаулықты аналар мен  ақ  басты аталарымыз ыстық пен суыққа қарамастан  қажырлы еңбек етіп, Жеңісті жақындатуға үлес қосты, кейін ауыл шаруашылығын көтеруде ерен еңбек үлгісін жасады. Елбасы біздің болашағымызды айқындап берді, нақты стратегия қабылданды, яғни бағытымыз айқын, болашағымыз жарқын. Қариялардың өмірлері жақсарып, жандары тыныш болуы үшін мемлекет тарапынан көптеген қолдаулар көрсетіліп жатыр. Болашақта жалғасын таба да береді. «Қариясы бар үй — қазыналы, баталы үй» деген бар. Біз үлкеннің қоғамдағы орнын сонау ықылым заманнан-ақ белгілеп қойған елміз. Сіздердің орындарыңыз ылғи да төрде. Аспандарыңыз ашық болсын, ұрпақтарыңыздың қызығын молынан көруге жазсын. Елдің дамуына қосқан үлестеріңіз алдыңыздан шықсын.  Жаратқан сіздерге ұзақ ғұмыр берсін!

Бұдан соң театрға  жиналған  қарияларымызға  арнап өнер шеберлері концерт қойды. Концертке сондай-ақ зейнет жасындағы әжелер мен республикалық байқаудың  жүлдегері – «Ағалар  әуені» ансамблі де  қатысты.

Ұлдай  ҚАБОШҚЫЗЫ,

«Орал  өңірі»


Ұстазға арналған күй кеші

Күні: , 102 рет оқылды

IMG_3441


Сәрсенбі күні Орал қаласындағы «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалының ғимаратында Х халықаралық «Шабыт» фестивалінің бас жүлдегері, халықаралық, республикалық конкурстардың лауреаты, жерлесіміз Досым Мақсотовтың «Ұстазға» атты концерті өтті. Оған облыс әкімі Нұрлан Ноғаев қатысты.


Аталмыш кеште алдымен ҚР халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, «Парасат» орденінің иегері, композитор Қаршыға Ахмедияровтың өмірінен сыр шертетін бейнефильм көрсетілді. Домбыраның үні әуелеген кеш Досым Мақсотовтың «Ұстазға» күйін орындауымен басталды. Аталмыш күй негізінен Қаршыға Ахмедиярұлының ұстазы Құбыш Әшімұлына арнап жазылған шығарма. Туындыда күйші ұстазының ұлағат-ты тұлғасын күй тілімен ерекше суреттейді. – Жанға азық болатын тағы бір тамаша кешті өткізіп отырмыз. Орталарыңыз толсын! Күй құдіретін тамсана тыңдап тапжылмай отырған көрермен қауымның ыстық ықыласы ерекше. Ата-бабамыздың ежелден келе жатқан салт-дәстүрі мен мәдениеті кейінгі жас ұрпаққа киелі өнер арқылы жалғасып келеді. Соның ішінде күйдің орны ерекше. Басқа халықта жоқ, тек қазақ халқының ғана маңдайына біткен киелі күй өнерін біздер тамашалап отырмыз. Уақыттың шаңына көміліп қалған талай күйлерді Қаршыға ағамыз қатарға қосты. Ол кісінің шәкірттері ұстазының ізін жалғастырып, күй өнерін әрі қарай дамытып келеді. Бұл дегеніміз ұстазға деген шәкірттің ерекше құрметі деп білеміз, — деді кеш барысында сөз алған облыс әкімі Нұрлан Ноғаев. Шырайлы кештің ортасында Қаршыға ағамыздың көзі тірісінде бірге жүрген замандас досы Ғабдрахим Жаңбырбаев пен туған бауыры Алғи Ахмедияров сахнаға көтеріліп, өткен шақтан естеліктер айтты. Күй құдіретін құлағына сіңіріп өскен көрермен күйшілердің орындауына тәнті болып, қошеметін жаңбырша жаудырды.

1946 жылы Атырау облысының Махамбет ауданындағы Таңдай ауылында дүниеге келген Қаршыға Ахмедияровтың жүзден аса шығармасы бар. Концерттік бағдарламада «Алтын ұя», «Күй ұран», «Көктем сазы», «Нұрғиса», «Абай толғауы», «Елбасы» сияқты Қаршыға Ахмедияровтың шығармаларын күйші Досым Мақсотов нақышына келтіре орындады, ал көрермен ризашылығын білдіріп, қол соқты. Көрерменге лық толы  залда тек күйдің ғана әуені естіліп тұрды. Аталмыш кеште Дәулеткерей атындағы қазақ халық аспаптары оркестрі (дирижерлері Қырымгерей Қажымов және Еркін Нұрымбетов), Қазақстанның еңбек сіңірген мәдениет қызметкері, «Құрмет» орденінің иегері Ермек Қазиев, ҚР еңбек сіңірген  әртістері Жұмағаным Рахымова, Сәуле Таудаева, сондай-ақ Айбар Хайрханов, Фархат Оразов, Ерген Мұханбетов, Ербол Ғұбайдуллин сықылды әнші-домбырашылар өз өнерлерін ортаға салды. Кештің соңында облыс әкімінің атынан  Досым Мақсотовқа ықылас гүлі  табысталды.

Ермек  ҚАЗИЕВ, Қазақстанның  еңбек  сіңірген мәдениет  қызметкері,  күйші:

– Қаршығамен сонау 1972 жылы таныстым. Ол кісімен Алматы қаласында республикалық конкурста кездескенмін. Содан бері қанша жыл өтсе де, Қаршекең барда қарым-қатынасымыз үзілген емес. Күйді орындауда Қаршығаның сіңірген еңбегі зор. Келешек ұрпақты тәрбиелеуге үлкен еңбек еткенінің арқасында қазір қазақ жерінің барлық қаласында шәкірттері қызмет жасап жүр. Артына өшпестей із қалдырған Қаршығаның бейнесі халықтың жадында ұдайы сақталады  деп  есептеймін.

Досым  МАҚСОТОВ, күйші:

– Бүгінгі кеш аты аталып отырғандай, ұстазымыз Қаршыға ағамызды еске алуға арналып отыр. Өмірден өткеніне бес жыл өтсе де, ол кісінің үйретіп кеткенін әрі қарай шыңдап келеміз. Дина әжеміздің «Бұлбұл» күйін ұстазымнан үйреніп қалдым. Құрманғазы, Махамбеттің күйлерін кітапқа түсіріп, кейінгі ұрпаққа мұра етіп қалдырды. Қаршыға аға секілді ұстазымызды әрдайым құрмет тұтып, қайда жүрсек те, шығармаларын  орындап  жүреміз.

Алғи  АХМЕДИЯРОВ:

– Қаршығаны еске алып осындай керемет күй кешіне жиналып жатқан Ақ Жайық жұртшылығына және өнерге деген құрметін көрсетіп отырған облыс басшылығына ағайын-туманың атынан ризашылығымды білдіремін. Қазақ  өнері  шарықтай  берсін.

Темірболат ТОҚМАМБЕТОВ,

«Орал өңірі»


ПИК-тер қысқа әзір ме?

Күні: , 776 рет оқылды

пиктер


Міне, күздің қара суығы сезіле бастады. Осы шақта облыс орталығындағы көп қабатты үйлердің қысқы маусымға даярлығы күн тәртібінен түспейді. Жылма-жыл қайталанып келіп жататын бұл әлеуметтік түйткілдің ахуалы хақында хабардар болғымыз келіп, Орал қаласының дәл орталығындағы көп қабатты үйлерді қамтитын «Жұлдыз-Алға» ПИК-іне бас сұққан едік.


Оның төрайымы Галина Пархоменко ықыласпен қарсы алып, уақыт созбастан бірден іскерлік әңгімеге көшті.

— Біздің кооперативтің теңгерімінде 58 көп қабатты үй бар. Олардың басым көпшілігі – қалада 1959-63 жылдары бой көтерген үйлер. Сондықтан оларды қамту белгілі бір дәрежеде қиындық туғызып келеді. Соған қарамастан қысқы әзірлікті жоспарлы түрде жүйелі жүргізіп, тамыз айында-ақ, даярлық құжатын алдық. Біріншіден, жекелеген үйлерде жай және күрделі жөндеу өткерілді. Оның ішінде төрт үй бар. Екіншіден, 2012 жылдан бері мемлекеттік бағдарлама бойынша шатырды жаңарту сынды күрделі жөндеу жұмысы  биыл да жалғасын тапты. Мемлекет қаржы бөліп тұрса да, соған  ризалығын бермей отырған тұрғындар жеткілікті. Әрине, үйлер тым ескі, шатыры мүлдем тозғаны көп. Халықпен сөйлесу, түсіндіру жұмысын жүргізуден кенде емеспіз. Әзірге бұл істе нәтиже мардымсыз. Сондай-ақ 20-дан астам үйге жылу есептегіші орнатылды Сөз жоқ, жылу есептегіш тұтынушының шығынын дәл есептеп, нақты да әділ ақысын көрсетуі тиіс. Өкініштісі сол, әзірге жағдай басқаша. Алғашында аталмыш есептегішті орнатқанда тұтынушылар қуанып еді. Қазір көңілдері су сепкендей басылып қалды. Өйткені жылуға тиесілі ақыны бұрынғыдан да көп төлейді. Себебі бізге белгісіз. Жалпы, қазір үйлерге тартылған жылу жүйелерінің жұмысы қалыпты. Барлық үйлердің де жертөлесі құрғақ және жылы. Тұрғындардан шағым жоқ. Рас, маусым кезінде жылы орын іздеген кезбенің жұрттың мазасын алатын жағдайлары жоқ емес. Бірақ ол біздің құзырымызға жатпайды. Сөз соңында айтарым, қысқы маусымға толық даярмыз. Біздің нәтижелі ісімізде ұжымда көптен бері еңбек ететін дәнекерші Мирас Құлқаев пен слесарь Андрей Барановтың үлесі мол. Осындай ұйымшылдықтың көмегімен мамандарымыз күні кеше ғана жылыту жүйесінің жұмысқа даярлығын тексеріп (сынақ), оның қалыптылығына көз жеткізді. Енді 5 қазаннан бастап, қысым күшімен жылыту құбырларының даярлығын тағы да тексеруден өткіземіз. Егер төтенше жағдай болмаса, жылыту маусымына ұйымшылдықпен кірісеміз, — деді сөзін түйіндеген Галина Дмитриевна.

Айта кеткен жөн, аталмыш ПИК – көп жылдан бері ешқандай «төтенше жағдайсыз» жұмыс істеп келе жатқан ұжым.

Серік  ИХСАНҒАЛИ,

«Орал өңірі»

Лидия ВИНОГРАДОВА,

“Жұлдыз-Алға” ПИК-ке қарасты Қ. Аманжолов атындағы  көшесіндегі 123/2 көпқабатты үйінің басшысы:

— Пархоменконың пайымдауы орынды. Менің құзырымда 30 пәтер бар. Тұрғындарының басым көпшілігі — егде адамдар. Оларға тағар кінәм жоқ, өте тәртіпті. Жылыту маусымына даярлық жақсы. Бұл орайда ПИК-тің жұмысы ойдағыдай. Жылыту науқанының қалыпты өтеріне үміт артамын.

 *   *   *

Иван ИМАНКУЛОВ,

Зашаған кентіндегі, «Геолог» пәтер иелері кооперативінің жетекшісі:

— Біздің кооператив Зашаған кентіндегі  көп қабатты 15 тұрғын үйге санитарлық-техникалық қызмет көрсетеді. Жылдағы үрдіс бойынша жақында барлық үйлердің жертөлелерінде орналасқан жылыту жүйесінің таратқыштарын толық тексеруден өткізіп, ақау шыққан ашып-жапқыш крандарды ауыстырдық. Сонымен қатар әр пәтердің жылыту жүйесін жеке-жеке тексеруден өткіздік. Көп қабатты тұрғын үйлердің жылыту жүйесіне қыс мезгілінде 6 атмосфералық қысыммен ыстық су жүретін болса, алдын ала тексеру кезінде бұл көрсеткішті 7,5 атмосфераға дейін күшейтіп көрдік. Жоғары қысымға шыдамаған, ақауы бар құбырлар мен крандар ауыстырылды. Бір сөзбен айтқанда, жылыту науқанына толықтай дайынбыз. Өткен жылғы жылыту маусымында бізде  ешбір олқылық орын алған жоқ. Алдағы қыс мезгілін  төтенше жәйтсіз өткіземіз деп ойлаймын. Сонымен қатар кооператив жаз мезгілінде өз қарамағындағы үйлердің шатырларын, кіреберістерін, кәріз жүйесін жөндеу, зиянды жәндіктерге қарсы улау жұмыстарын уақтылы атқарды. Егер аяқ астынан ақау орын алған жағдайда күні-түні жұмыс жасайтын кезекші телефон бар. Пәтер иелері абоненттік кітапшаларында жазылған нөмірге қоңырау шалса болғаны. Күні бүгінге дейін атқарған жұмысымызға тұрғындар тарапынан арыз-шағым түскен емес. Алдағы уақытта да халық игілігі үшін қызмет атқаратын боламыз.

Владимир СОЛОДОВНИКОВ,

Зашаған кентінің тұрғыны:

— «Геолог» кооперативінің тұрғындарға көрсетіп отырған қызметіне көңіліміз толады. Жаз айларында үйлердің кіреберістеріне ағымдағы жөндеу жүргізді. Тозығы жеткен кәріз құбырларын ауыстырды. Аулалардың тазалығын да жақсы қадағалайды. Сантехник немесе электрик қажет болып қоңырау шалсақ, келіп қолұшын беруге дайын. Қыс мезгілінде пәтерлеріміз жылумен үздіксіз қамтылуда. Тұрғындар атынан кооператив жұмысшыларына алғыс айтамын.

Василий  ДОЦЕНКО,

Саратов көшесіндегі 24-үй, 26-пәтер тұрғыны:

— Осы Зашағанның байырғы тұрғынымын. Біздерге санитарлық-техникалық қызмет көрсетіп отырған кооперативке ризамын. Пәтерлердегі жылу, жарық, ауыз су, кәріз жүйесі қалтқысыз жұмыс жасап тұр. Үлкен адамдар тынығып, балалар ойнайтын аулаларымыз да таза. Тек бір айтатыным – кооперативке қызметі үшін төлемдерді тек зейнеткерлер ғана уақтылы төлейді екен. Ал қалған тұрғындар осы жағына келгенде, салғырттық  танытады. Ал  барлық қызметті уақтылы, сапалы атқарып отырған ұжым қызметкерлерінің жалақысын осы төлемдер құрайтыны анық. Сондықтан тұрғындарды көрсетілген қызметтер құнын уақтылы төлеуге шақырамын.

Дайындаған Нұрбек ОРАЗАЕВ,

«Орал өңірі»

Р.S. Орал қаласындағы Пәтер иелері кооперативтерінің тыныс-тіршілігі, әсіресе, алты ай қысқа дайындығы, сонымен қатар тұрғындармен қарым-қаты-насы алдағы уақытта да редакция назарында болмақ. Бұл бағыттағы жұмысымыздың жүйелі жүруіне қалалық оқырмандарымыз белсенділік танытады деген үміттеміз. Редакция алқасы


Үздіктерді түлеткен ұстаз

Күні: , 788 рет оқылды

IMG-20151002-WA0007


Нағима Ибрагимқызы Теректі ауданының Подстепный ауылындағы «Үміт» тілдер гимназиясында 2001 жылдан бастап қызмет атқарып келеді. Отыз жеті жылын ұстаздық кәсіпке арнаған  тәжірибелі маманның  шәкірттерінің  барлығы қандай білім додалары болса да,  үздік көрсеткіштерінен айнымаған. Тәжірибелі  мұғалім жуырда  білім беру саласындағы үздік еңбегі үшін Ыбырай Алтынсарин медалімен марапатталды.


– Бөкей ордасы ауданының Орда ауылында дүниеге келдім. Әкем малшы болды. Математика сабағына қызығушылығым бесінші сыныпта басталды. Физика, математика сабақтарынан қазір марқұм болған Сәуле Табылдықызы деген апай сабақ берді. Ол кісі өте байсалды, қарапайым жан болатын. Бала кезімнен Сәуле апайдай болсам екен деп армандайтынмын. Ол  болса «Қызым, сен зерек оқушысың. Барлық сабақтан жақсы оқисың. Қазір әр түрлі мамандықтар бар. Біз соғыс кезінде ауылдарда мұғалім жеткіліксіз болған соң осы салада білім алдық.  Сен мұғалім болғаннан гөрі жаңа ма-мандықтарды таңда. Мұғалімнің жұмысы көп» деді. Мен алған бетімнен қайтпай, «Сіздей ұстаз болғым келеді» – дедім. Сол арманымның жетегімен қазіргі БҚМУ-ға оқуға қабылданып, 1974 жылы математика  пәнінің  мұғалімі  мамандығын  алып шықтым. Маман атанып, туған жерім  Орда ауылына келдім. Диплом алған соң әкем екеуміз жұмыс сұрап, аудандық білім бөлімінің сол кездегі меңгерушісі Есенғали Ізғалиевке бардық. Ол  Мұратсай ауылында әдіскер мамандығына ғана бос орын қалғанын айтып еді, мен тек қана  мұғалім  боламын дедім. Ол кезде әдіскердің қандай қызмет атқа-ратынын білмейтін едім. Кейін Бөкей ордасының Бөрлі ауылына барып, еңбек жолымды бастадым, — дейді  Нағима апай жастық шағын еске алып.

Ұстаз жанұясымен бірге 2001 жылы Ордадан қалаға көшіп келеді. Сол жылдары алғаш ашылған «Үміт» тілдер гимназиясына қызметке орналасады. Бүгінде аталмыш білім ошағы ҰБТ қорытындысы бойынша жыл сайын үздік жетістіктерге қол жеткізуде. Нағима Ибрагимқызының  «Үміт» тілдер гимназиясындағы алғашқы  шәкірттері  де ҰБТ- да жақсы нәтижелерге қол жеткізді. Соның бірі Дәурен Доллин 2006 жылы ұлттық бірыңғай тестілеуде сол кездегі ең жоғары 120 балл  жинап, гимназия  мерейін  асырды.

Биылғы  жылы да ел бойынша ең жоғарғы көрсеткіш 125 балға ие болған Сымбат Самат та – біздің бүгінгі кейіпкеріміздің шәкірттерінің бірі. Нағима Ибрагимқызы 2013-2015 жылдар аралығында 48  шәкіртін алтын ұясынан ұшырса, оның 24-і «Алтын белгісін», 10-ы  «Үздік аттестатын»  ақтап, қалғаны үздік баға еншілеген екен.

– Бала жетінші сыныпқа келгенде таңбадан не есептеуден қателесетін болса, түсінбеген есебін ғана емес, жалпы тақырыпты түсіндіруге міндеттіміз. Мұғалім уақытпен санаспауы керек. Жоғары сыныпқа келгенде тест сұрақтарынан гөрі оқулықпен жұмыс жасаған дұрыс. Өйткені тестіде түсінбеген тақырыбы кездесуі мүмкін. Ал оқулық бойынша  оқушы жүйелі түрде ұғынады.  Біздің гимназияға  шәкірттер ауылдан көптеп келеді.  Қала баласын ауыл баласымен салыстырғанда, ауыл баласы ұяң, тұйықтау болады. Алғаш келгенде үйлерін сағынып, сабаққа зауқы  болмайды.  Сол сәттерде «үш» алдың деп бағасын қойып бергеннен гөрі мақтаулы білім ошағына келгендегі мақсатын ақылмен түсіндіріп, жанға жақын тартып,  демеп  жібереміз. Кейін айналасына қарап, ортасына бейімделіп кетеді, – дейді Нағима апай.

«Шәкірттерімнің аман-саулық сұрасып хабарласқанынан, олардың жақсы маман болып кеттім деген сөзінен артық марапат жоқ» дейтін ұстазға алдағы уақытта да жемісті  еңбек тілейміз.

Гүлсезім  БИЯШЕВА


Жаутаңкөздердің жанашыры

Күні: , 802 рет оқылды

IMG_3026


Ата-анасының қамқорлығын көрмеген, жан-жүрегінің жылуын сезбеген өрендерді өмір ерте есейткенін іштей сезесің. Алда одан да күрделі, қилы жолдар күтіп тұруы мүмкін екенін олар да біледі. Сондайда қанатынан демеп, еркін самғауы үшін екінші есіктің тұтқасын тауып, бағыт сілтеу қажет-ақ. Біздің кейіпкеріміздің балалар үйіне қатысты салада қызмет етіп келе жатқанына таяуда тұп-тура 30 жыл толыпты.


Өмірбай ағай Қызылорда облысының Арал ауданында дүниеге келген. Теңіз жағасында өскен оған толқынның кермек дәмі, сірә, біраз сырды ұғындырса керек. 1976 жылы Қазалы ауданы, Октябрь кеңшарындағы №88 қазақ орта мектебін бітіреді. 1977-79 жылдары Брест қаласында әскери міндетін өтейді. 1980-85 жылдары Орал қаласындағы Пушкин атындағы педагогикалық институттың жаратылыстану-география факультетінде оқиды. Оралдағы жоғары оқу орнын таңдауға Тайпақ ауданының Қарауылтөбе кеңшарында бас экономист боп еңбек еткен ағасы Кеңесбай Қалымбетовтың ақыл-кеңесі ықпал еткен көрінеді.

Студенттік шақта асыл жары Үмітті кездестіріп, 1-курста шаңырақ көтереді. Ерте көтерген шаңырақтың уығы берік болып, татутәтті отбасылық ғұмыр кешеді. Білім ордасынан диплом алып шыққаннан кейін, тұрмыстық жағдайы ескеріліп, облыстық комсомол комитетінің жолдамасымен С. Киров атындағы облыстық №1 жетім  балалар үйіне тәрбиеші боп жұмысқа кірісті. Ол кезде бір топтағы бала саны 50-ден асып жығылатын. Үш ауысым бойына олардың білім алып, мезгілімен тамақтануын, жатын орнына оралуын, тәртібін қадағалау жас маманға оңайға түспеді. 1987 жылы қала маңындағы Круглоозерный кентіндегі №8 балалар үйі жабылып, 250 тәрбиеленуші осында көшіп келді. Бұл жайт еңбек ету үрдісіне де елеулі қиындық әкелді. Дегенмен 1988 жылы, кеңестік кезеңде Ресейдің Ульяновск қаласындағы балалар үйінің әдістемесі кең таралып, тәрбие беру бағыты өзгерді. Яғни тәрбиеленушілерді туыстық жағынан ажыратпау, ағайындас, бір отбасының балаларын бір топқа жатқызу қолға алынды. Мұндай тәлімгерлік едәуір жеңілдік әкелді. Облысымыздың шалғайдағы Бөкей ордасы, Жәнібек және Бөрлі аудандарынан қамқорлықсыз қалған біраз жеткіншек келді. Бір отбасынан шыққан 8-9 жасөспірім №1 облыстық жетім балалар үйін паналайтын болды. 1996 жылдан бастап қаладағы балалар үйінің екеуі жабылып, «Жас дәурен» балалар кешені құрамына біріктіріледі. Өмірбай Қалымбетов кешен директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары болып бекітілді.

Жалпы балалар үйінде жетімдерге кәмелеттік жасқа толғанша қамқорлық жасалатын еді. Кейінгі тағдырына өздері жауапты болатын. 2001 жылдан бастап республика бойынша 18-23 жас аралығындағы жастарды қабылдайтын жасөспірімдер үйлері ашыла бастады. Негізгі мақсат – оқу орындарына түсуіне, отбасы құруына, баспана табуына жәрдемдесу, өмірінің жауапты кезеңінде әрі қарай жөн сілтеу, жол ашу. Біздің облысымыздағы  облыстық отбасылық үлгіде балалар ауылына қарасты «Шаңырақ» жасөспірімдер үйінің меңгерушісі боп Өмірбай Рыспайұлының қызмет етіп келе жатқанына, міне, 15 жылға жуықтады. Қазір мұнда 114 тәрбиеленуші тұрып жатыр. 52-сі – ер бала, 62-сі – нәзік жанды қауым өкілдері. 27-сі өмірлік сыңарын тапқан. 18-і түрлі оқу орнында білім алуда. Облыстық білім басқармасы мен қалалық әкімдіктің қолдауымен оларды тұрғын үймен қамту мәселесі оң шешімін табуда. Былтырғы оқу жылында 40 тәрбиеленуші тұрғын үйге қол жеткізіпті.

Қилы тағдыр иелерін тәрбиелеу де оңай емес. «Шаңырақ» жасөспірімдер үйі тәрбиеленушілерінің 80 пайызы толық жетім деуге болмайды, яғни олардың әке-шешелері ата-аналық құқығынан айырылған. Күрделі психологиялық ахуалды бастан кешіп келген жасөспірімдерді қадағалап, қамқорлап отыруға ердің ері шыдайтыны рас. Олар есейе келе тәуелсіз, еркін жүруге ұмтылады. Соның салдарынан ұсақ бұзақылық жасап немесе әр түрлі ауыр қылмыстарға баруы ықтимал. Темір торда қапас тауқыметін татып, өз ісіне өкініп, кейін сырын айтып, ағынан жарылып жататындар да бар. Жаутаңкөз жетімдерді жат діни ағымдар да тез тартып алады. Әрине, алдын ала үгіт-насихат жұмыстарын жүргізу, тәрбие беру, оң бағыт сілтеу үшін «Шаңырақ» жасөспірімдер үйінің ұжымы тынымсыз еңбек етуде. Өмірбай Қалымбетов бұл салада басшыдан бастап аула сыпырушыға дейін жетімдер жайын кеңірек түйсінетін жандар қызмет атқаруы тиістігін айтады.

«Шаңырақта» игі істер көп. Мәселен, жасөспірімдер үйінің тәрбиеленушісі Алена Турусова қаламыздағы Ж. Досмұхамедов атындағы педагогикалық колледжді тәмамдап, балабақшаға тәрбиеші болып орналасқан. Ал Денис Полуднев Алматы қаласындағы Қорғаныс министрлігі академиясын тәмамдап, Қарағанды қаласындағы әскери полкте қызмет етуде. Әсербек Ізбасов – Ресейдің Новоузенск (Шортанды) қаласындағы сержанттар дайындайтын кадет корпусының түлегі, бүгінде Орал қаласындағы 5517-әскери бөлімінде қызмет атқаруда. Роза Бершімбаева – Президенттік оркестр құрамында скрипкашы. «Шаңырақ» жасөспірімдер үйінде қанаты бекіп шыққан кейбір түлектер Астана қаласындағы №6 лицейде білімін жалғастырады екен.

Дегенмен назар аударатын мәселе – ата-ана қамқорлығынсыз қалғандардың мұңын мұңдап, жоғын жоқтап жүрген мекеме қызметкерлерінің еңбекақысы төмендеу. Оның қасында, әдетте, мектептерде сабақ беретін мұғалімдердің жағдайы бірнеше есе оңды. Екінші жағынан, жетім балалар үйінде отбасын құрмаған мамандар қызмет ету керек деген қағидат алға тартылады екен. Бала тәрбиесіне жан жүрегімен бойламаған қызметкер жетімдер жайын түсінуі де неғайбыл-ау.

«Шаңырақ» жасөспірімдер үйі – тағдырдың асау толқынынан жетімдерді арашалап отыратын алып кеме тәрізді. Ал Өмірбай Қалымбетов қалтқысыз қызмет етіп отырған кеме капитаны болса іспетті. Бүгінде ол зайыбы Үміт екеуі Арайлым, Айнұр атты қос қызын тәрбиелеп, жетілдіріп, олардан бес жиен сүйіп  отыр.

Өз перзенттеріңізге қоса, сіздің педагог ретінде жан жылуыңызды сезінген тағдыры қиын жеткіншектер де үмітіңізді ақтай берсін, Өмірбай аға!

Нұртай АЛТАЙҰЛЫ,

«Орал өңірі»

Надежда ЛЕБЕДЕВА,

облыстық білім басқармасының қамқорлық және қорғаншылық бойынша арнайы инклюзивті білім беру бөлімінің басшысы:

– Өмірбай Рыспайұлы – бар саналы өмірін жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларды тәрбиелеуге арнаған жан. Ол жасөспірімдер үйіндегі әр тәрбиеленушіге әрдайым қолдау көрсетіп, пәтер алуларына көмектесіп отырады. Атап айтсақ, пәтер алған тәр-биеленушілер саны қазіргі таңда 102-ге жетті. «Шаңырақ» жасөспірімдер үйіндегі кәмелеттік жастан асқан тәрбиеленушілер мекеме меңгерушісін құрметтеп, қатты сыйлайды. Әрқайсының болашағына алаңдайтын азамат олардың жұмысқа орналасуына да зор үлес қосуда. Меңгеруші 2002-2014 жылдар аралығында 336 тәрбиеленушінің жұмысқа қабылдануына ықпал етті. Олардың көпшілігі Атырау, Ақтау, Астана қалаларында еңбек етуде. Өмірбай Рыспайұлы – әріптестері арасында беделді, жауапкершілігі мол ұлағатты ұстаз, ұйымдастырушылық қабілеті жоғары басшы.


Жайнай бер, «Орда жұлдызы»!

Күні: , 917 рет оқылды

DMS_2420


Өткен сейсенбі, сәрсенбі күндері Бөкей ордасы ауданында аудандық «Орда жұлдызы» газетінің  85 жылдығы кеңінен аталып өтілді.


Осыған орай Хан ордасы мен Сайқын ауылдарында арнайы жиындар ұйымдастырылып, онда «Қазақстан» газеті туралы түсірілген деректі фильм көрсетілді. Облыста аудандық басылымдар арасында алғашқы болып «Орда жұлдызы» газетінің сайты таныстырылды. Газет жанашырлары мұндай бастаманы толығымен қолдап, өздерінің ұсыныс-пікірлерін де білдірді. Ерекше атап өтетін жайт, «Орда жұлдызының» мерейтойына облыстық және аудандық газеттердің басшылары түгел келіп, оның қуанышымен бөлісіп қана қоймай, Бөкей ордасы тарихимузейлік кешенімен, тұңғыштардың ізі сайрап жатқан өзге де қасиетті орындармен танысты. Аудандық мәдениет үйінде мәреге жеткен басты шарада Бөкей ордасы ауданының әкімі Нұрлан Рахымжанов тарихи өңірдің өткені мен бүгінін көрсетуде, Елбасы тапсырмаларына сәйкес атқарылып жатқан сан алуан істерді жария етуде аудандық «Орда жұлдызы» газетінің рөлі зор екендігін атап көрсетті.

«Жайық Пресс» ЖШС бас директоры Жантас Сафуллин Бөкей ордасы өңірінде газет ашу ісі Қазақстанда алғашқылардың қатарында қолға алынғандығын жеткізді. 1911 жылы Шәңгерей Бөкеев, Ғұмар Қараш, Бақытжан Қаратаев, Елеусін Бұйрин, Мұстафа Көкебаев, Сейтқали Меңдешев сынды ұлт зиялыларының қолдауымен Хан ордасында «Қазақстан» газеті жарық көрді. Бұл «Қазақстан» сөзінің тұңғыш ресми қолданылуы еді. Кейін, 1917 жылы Ғабдолғазиз Мұсағалиевтің редакторлық етуімен «Алаш» қозғалысының мақсат-мүддесіне қызмет еткен «Ұран» газеті алаш жұртына тарады. ХХ ғасыр басында Ғұмар Қараш «бір тілек, бір ниетке жиятұғын газет» деп, қазақты қалың ұйқыдан оянуға үндесе, қазіргі таңда да бұқаралық ақпарат құралдары ортақ мақсат жолында мемлекет саясатын насихаттап келеді. Соның ішінде Бөкей ордасы аудандық «Орда жұлдызы» газетінің орны ерекше. Оның тарихы 85 жылмен шектелмейді. Облыстық «Орал өңірі», «Приуралье» газеттері бастауын «Ұраннан» алса, 1920 жылдары Бөкей ордасында басқа да басылымдар жарық көрді. Сондықтан зерттеу жұмыстары алдағы уақытта жалғасады.

Белгілі журналист, республикалық «Егемен Қазақстан» газетінің меншікті тілшісі Темір Құсайын, Жаңақала ауданының әкімі Лавр Хайретдинов, аудандық газеттер редакторлары «Орда жұлдызының» 85 жылдығымен құттықтап, сый-сияпаттарын табыс етті.

Ғылыми-тәжірибелік конференцияда Бөкей ордасы тарихи-музейлік кешені директорының ғылыми жұмыстар жөніндегі орынбасары Назымгүл Оразгелдиева «Орда баспаханасының тарихы», аудандық мұрағат директоры Қуаныш Елемесов «Баспасөздегі ардагер тұлғалар», аудандық «Орда жұлдызы» газетінің бас редакторы Бауыржан Бисенов «Орда жұлдызы» газетіне 85 жыл» деген тақырыпта баяндама жасады. Зеленов аудандық «Ауыл тынысы» газетінің редакторы Нұржан Дүзбатыр Алматы қаласындағы мемлекеттік кітап палатасынан алынған «Жаңа жол» газетінің («Орда жұлдызы») 1939-1944 жылдардағы нөмірлерінің электронды нұсқасының көшірмесін бөкейордалық әріптестеріне тапсырды.

Газет құрметіне аудан өнерпаздары концерт қойып, шара шырайын аша түсті.

Жиында айтылғанындай, республиканың баспасөз саласына ерекше еңбек сіңірген Халел Есенбаев, Тәмәмдар Сафиев, Қуан Тастайбеков, Нығмет Қуанышәлиев сынды қазақ арыстарының қолтаңбасы қалған газет бастапқыда 1930 жылы 7 қыркүйекте «Жаңа жол» деген атпен шықты. Махамбеттей батырлар атойлап өткен қасиетті қазақ жерінің әскери полигонға берілуіне байланысты, Орда ауданының 1952 жылы таратылуына байланысты газеттің тыныс-тіршілігі де тоқтады. Тек аудан қайта құрылғаннан кейін 1973 жылдан бастап «Орда жұлдызы» деген атпен жарық көріп келеді. Бұл кезеңде Хамит Сүлейменов, Болат Наурызғалиев, Балмолда Тоқсанов, Уәлиолла Ғаббасов, Мақсот Молдағалиев, Тұрақбай Шәкенов сынды аға буын өкілдері маңдай терін сыпыра еңбек етті.

Ұрпақтар сабақтастығы бүгінгі таңда да жалғасын тауып, «Орда жұлдызы» заман көшінен қалмай, тың әдіс-тәсілдерді меңгеруде. Газет журналистері бүгінгі күннің көкейкесті мәселелерін қозғаумен бірге тарихи тақырыптарда да қалам сілтеп келеді. Әсіресе, 2012 жылы «Жайық Пресс» ЖШС-ына қайта қосылғаннан бері газеттің материалдық-техникалық базасы нығайып, ақпараттық қамту аясы кеңейіп, сапасы жақсара түсті. Биылғы Баспасөз қызметкерлерінің күні қарсаңында аудандық газет редакциясы «темір тұлпарға» қол жеткізсе, осынау мерейтой кезінде ноутбук, планшет, теледидар сынды бағалы сыйлықтарға ие болды.

«Орда жұлдызы» газетінің 85 жылдығына орай аймақтық күйшілер сайысы ұйымдастырылып, оған Бөкей ордасы, Жаңақала, Қазталов, Жәнібек аудандарының домбырашылары қатысып, бақ сынады. Байқау қорытындысында Қазталов ауданынан келген Ержан Құмарғалиев үздік шықса, жаңақалалық Болатбек Өтешқалиев екінші орынды еншіледі. Тағы бір жаңақалалық, жеті үміткердің ішіндегі жалғыз қыз Ханзада Бисенғалиева, жәнібектік Жақсылық Бисенғалиев, бөкейордалық Нұрлыбек Қазиев үшінші орынға көтерілсе, жергілікті домбырашы Ерік Рахимов ынталандыру сыйлығымен марапатталды. Газетке 1973-1981 және 1981-1987 жылдары редакторлық еткен бірі соғыс, бірі еңбек ардагері Хамит Сүлейменов (1921-1992) пен Балмолда Тоқсановтың (1926-2014) құрметіне редакцияның бұрынғы ғимаратына ескерткіш тақта орнатылды. Оның ашылу рәсіміне Б.Тоқсановтың ұрпақтары да қатысып, әкелерін ұмытпағаны үшін ризашылықтарын білдірді. Тойдан тараған жұртшылықтың көкейінде:

«Көктемің қайда қырмызы,

Жарқырап өскен ұл-қызы,

Нарынның мынау көгінде

Жайнай бер, «Орда жұлдызы»!», деген жыр жолдары сайрап бара жатты.

Ғайса БӘЙМЕН,

Бөкей ордасы ауданы


Еңбек күні тойланды

Күні: , 788 рет оқылды

IMG_3192


Сейсенбі күні облыстық қазақ драма театрында қыркүйектің соңғы жексенбісіне сәйкес келетін Еңбек күніне арналған мәдени шара өтті.


Шараға Орал қаласының әкімі Алтай Көлгінов қатысып, жиналған қауымды мерекемен құттықтады. Аталмыш мерекені мемлекет басшысы Н. Назарбаев Жалпыға ортақ еңбек қоғамын құру туралы идеяларының шеңберінде өнімді еңбекті ынталандырып, жастар арасында жұмысшы кәсіптерін насихаттау мен жұмысшы әулеттерінің көпжылдық дәстүрлерін нығайту мақсатында 2013 жылғы 22 қарашасында №698 Жарлығымен қыркүйек айының соңғы жексенбісін Еңбек күні ретінде бекіткен болатын. Еңбек күні облысымызда екінші рет аталып өтуде.

Мерекелік шараның алғашқы бөлімінде «Седов В. В» шаруа қожалығының бал аралары өнімдері, «Мируэрт» ШҚ-ның бау-бақша және саяжай өнімдері, жеке кәсіпкерлер Ж. Бақтығалиевтің сүт өнімдері, Т. Лұқпановтың аяқ киім тігу және өңдеу шеберханасының аяқ киімдері, Б. Иманғалиевтің темірден соғылған бұйымдары мен «ЖайкЕвроПласт» ЖК-ның шағындап жасалған пластикалық терезе, балкон, есіктері т.б кәсіп иелерінің өнімдері қойылған көрме ұйымдастырылса, келесі  бөлім мәдени шараларға ұласты.

– Құрметті қонақтар, қазіргі бәсекелестік заманда еңбекпен ғана нәтижеге қол жеткізетініміз белгілі. Егемен ел болып, тәуелсіздігімізді алғалы бері көптеген жетістікке қол жеткіздік. Бұл – арамызда отырған ардагерлердің, өскелең ұрпақтың еңбегі. Шаһарымызда тарихы бай көптеген зауыттар бар. Кеңес заманынан келе жатқан, соғыс кезінде көшірілген өнеркәсіп зауыттарында қызмет атқарып келе жатқан еңбек династиясы бар. Біз еңбектің ар-қасында ғана елімізді әлемдік аренаға көтере аламыз. Жуырда БҰҰ-ның 70 жылдығында бас қосқан әлемнің алып елдерінің басшыларымен бірге Елбасы Н. Назарбаев қазақстандықтардың атынан сөз сөйлеп, әлемдегі бейбітшілікті орнату бойынша ұсыныстарын білдірді. Еліміз – бірлікті, татулықты, бейбітшілікті мақсат тұтатын көпұлтты мемлекет. Көптеген мемлекеттер бізден үлгі алуда. Еңбектің арқасында ердің де, елдің де аты шығады. Қазақ-станымыздың туын көкке көтеруге барлығымыз бірдей атсалысайық, – деді шара барысында Алтай Сейдірұлы. Сондай-ақ шаһар басшысы теміржол саласында үздіксіз еңбек етіп, жанұялық еңбек өтілі 178 жылды құрайтын Молдашевтар, денсаулық саласында әулетінің еңбек өтіліне 154 жыл толған Истаевтар жанұясы, қызмет көрсету аймағындағы еңбегі үшін Зәкіровтер отбасы мен жанұясының бес мүшесі де Батыс Қазақстан машина жасау компаниясында қызмет атқаратын Долмановтар және құқық саласындағы сүбелі еңбегі үшін Атаниязовтар әулеті марапатталды.

Гүлсезім БИЯШЕВА,

«Орал өңірі»


Шетелдік компаниялар студенттерді қолдауға құлықты

Күні: , 789 рет оқылды

IMG_3559


Бейсенбі  күні Жәңгір  хан атындағы Батыс  Қазақстан  аграрлық-техникалық университетінде «Университет  және  шетелдік  компаниялар: әріптестік  және мүмкіндіктер, перспективалық даму» тақырыбында форум өтті.


Бұл шара Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «100 нақты қадам» ұлт жоспарын жүзеге асыру жолында  бәсекеге қабілетті мамандар даярлау үшін шетелдік компаниялармен әлеуметтік серіктестікті одан әрі дамытуға бағытталған. Бүгінгі таңда аталмыш оқу орны 23 шетелдік компаниямен әріптестік бағытында меморандумға қол қойған.  Соңғы жылдары «Каспиан Проджер», Қарашығанақ кеніші, «Жайықмұнай», «ҚазМұнайГаз», «Тенгизшевройл», «NCOC», «Маершк Оил» және «Орал Оил энд Газ» компаниялары әлеуметтік серіктестік аясында оқу орнымен бірлесіп, мамандар даярлауда  оң  ықпал  танытуда.

Форум жұмысына аталған компания өкілдерімен қатар, «Proger S.p.A» италияндық компаниясының атқарушы вице-президенті Микеланджело Торторелла мен «Каспиан Проджер Инжиниринг энд Кансалтинг» ЖШС бас директоры Криши Нино Гайтано қатысты.  Басқосуда сөз алған облыс әкімінің орынбасары Нариман Төреғалиев қатысушыларды облыс әкімі Нұрлан Ноғаевтың атынан құттықтап, форум  жұмысына  сәттілік  тіледі:

– Елбасы Н. Назарбаевтың бастамасымен дамыған отыз мемлекеттің қатарына кіру жолында Қазақстан Еуразиялық экономикалық одақ пен Дүниежүзілік сауда ұйымына мүше болды. Сондай-ақ  өз жоспарында жоғары маманданған кадрлар санын арттырудың маңыздылығын баса айтқан болатын. Қазақ даласының реформаторы және ағартушысы Жәңгір ханның есімін  алған бұл оқу орны жарты ғасыр бойы ғылыми білім берудің нағыз орталығына  айналып үлгерді. Кеңес кезеңінде де, тәуелсіздік алғаннан кейін де бәсекеге қабілетті оқытушылар мен  түлектерді даярлау үшін көп еңбектеніп келе жатыр. Сондықтан бұл оқу орнының түлектері батыс өңірінде ғана емес, республикамыздың басқа аймақтарында және әлемнің әр түкпірінде сұранысқа ие болып отырғандығын айтып өтуіміз қажет. Соңғы жылдары университетте шетелдік жұмыс берушілермен әлеуметтік әріптестікті нығайту жолындағы жұмыстар артып келе жатқандығы қуантады.  Соның арқасында ғалымдарымыз  өз жобаларымен халықаралық байқауларда бақ сынап, түрлі тағылымдамалардан өтіп, студенттер академиялық алмасу арқылы алыс-жақын мемлекеттерде білімдерін ұштауда. Білім саласындағы мұндай барыс-келістердің білікті маман даярлау ісіне игі әсерін тигізері сөзсіз. Бүгінде осы оқу орнының 248 студенті шетелдік компанияларда оқытудан өтсе, 12 студент Италиядағы өндіріс орындарынан тәжірибе алмасып қайтуы – соның дәлелі, – деп атап өтті Нариман Төреғалиұлы.

Одан әрі Микеланджело Торторелла өзі басқарып отырған италияндық «Проджер» компаниясының қызметін таныстырып, өз армандарының  қалай орындалғанын  студенттермен бөлісті.

– Мен сіздердің алдарыңызға келгеніме өте қуаныштымын. Осыдан көп жыл бұрын, қоршаған ортаға көзқарасым қалыптаса бастаған 9-10 жасымда  географиядан Каспий теңізінің аймағына ерекше қызығушылығым артты. Бұл теңіз туралы көп оқып, өзіме білім жинадым. Содан бастап мұнай мен газдың көп шоғырланған жеріне келіп, көзбен көру менің арманыма айналған болатын. 2002 жылы бұл арманым орындалды. Осы жылы мен қызмет еткен «Проджер» компаниясы Қазақстанды аралауды  бастады. Осылайша, компания елдің мәдениеті мен әлеуметтік аспектілерімен таныса отырып, Қазақстандай үлкен елде мұнай-газ саласында әр түрлі жобаларды жүзеге асыруды бастады, – деп айтып өтті. Алдағы уақытта тағы да бірнеше студентті компаниядан өндірістік тәжірибеден өтуге шақыратынын айтты.

Сондай-ақ  «Каспиан Проджер Инжиниринг энд Кансалтинг» ЖШС бас директоры Криши Нино Гайтано да өзі басшылық ететін компания жұмысына тоқталып өтті. Аталмыш оқу орнының студенті Мәлика Саудашева мен Нұрлыбек Аянов Италияда өткен оқу-тәжірибелері туралы ой-пікірлерін  ортаға салды.

Форум соңында қарар  қабылданып,  Микеланджело Торторелла  мен Криши Нино Гайтаноға оқу орнының құрметті профессоры атағы берілді.

Ләззат  ШАҒАТАЙ,

«Орал  өңірі»

Суреттерді түсірген Темірболат ТОҚМАМБЕТОВ


Композитордың ұстазына құрметі

Күні: , 814 рет оқылды

DSC_0097


Ұстазы мықтының ұстанымы мықты. Бұл қағиданың өміршеңдігін танымал композитор, Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері Әділбек Сүлейменов игі ісімен дәлелдеді. Ол Қазталов ауданындағы Бостандық ауылдық кеңесіне қарасты Қаракөл елді мекеніндегі бастауыш мектептің 2-сыныбында сабақ берген мұғалімін 1 қазан – Халықаралық қариялар күні және  Мұғалімдер мерекесі  қарсаңында арнайы барып құттықтады.


Теңдік Болатова – тыл және еңбек ардагері. Орал қаласында тұрады. 1932 жылы 28 қазанда Қазталов ауданының Қараоба ауылында дүниеге келген. Әкесі Асқар Болатов Кеңес үкіметін орнатуға үлес қосқан, Чапаевтың әскери жасағының қатарында болған. Ұлы Отан соғысы басталғанда балалық шағы тылдағы еңбекпен тұспа-тұс келген қаршадай қыз қолынан келген көмегін жасап, қозы, бұзау баққан. Қараобадағы жетісыныптық мектепті аяқтаған соң, 1946-49 жылдары Алматы қаласындағы Мәншүк Мәметова атындағы педучилищеде оқиды. Кейін Қазталов ауданының  Қараоба, Мирон ауылдарындағы білім ұяларында еңбек етеді. Ол кезде маман тапшы. Білім беру саласында 36 жыл қызмет атқарған ұстаз бастауыштан гөрі, орта және жоғары сыныптарда математика, биология, тарих пәндерінен бала оқытқан. Ардагер ана «Ұлы Жеңіске 60, 65, 70 жыл» мерекелік медальдарымен марапатталған. Теңдік апай отағасы Бисенғали Сақышұлы екеуі үш қыз, бір ұл тәрбиелеп өсірді. Бүгінде олардан жеті немере-жиен, сегіз шөбере сүйіп отыр.

Нәзипа Шөкеева атты сыныптасымен бірге кейуананың көңілін демеп, естелік айтып, жылы шыраймен әңгімелескен Әділбек Нәсекенұлы ұстазына сый-сияпат арнап, ұлттық ою-өрнекті камзол, ақ жібек орамал, жеке ән жинағы мен гүл тарту етті. «Арман жылдар» (сөзі Зәкария Сисенғали), «Әкем – әнім» (сөзі Орынбасар Сүттібаев), «Құрметтейміз, ұстазым» (сөзі Рашид Шақу) атты әндерін баянның сүйемелдеуімен шырқап берді. Теңдік Болатова шәкіртінің құрметіне алғыс айтып, ақ батасын берді. Сөз ретіне қарай айта  кетсек, Ә. Сүлейменовтің өзі – мұғалімнің баласы. Әділбек ағамыздың әкесі Нәсекен «Қазақ КСР-ның еңбек сіңірген мұғалімі» атағын иеленген, Қазталов ауданы Қаракөл ауылында оның құрметіне мұражай ашылған.

Нұртай АЛТАЙҰЛЫ


БҚО, Орал қаласы, Мұхит көшесі, 57/1
zhaik_presscenter@mail.ru
oral_oniri@inbox.ru
support@oraloniri.kz

Орал өңірі" газетінің бас редакторы: 51-25-80
Бас редактордың орынбасарлары: 24-17-08, 54-18-08
Жауапты хатшы: 54-38-22
Тілшілер: 50-66-88, 51-50-34
Жарнама бөлімі: 51-51-09
Яндекс.Метрика