Мұрағат: 01.10.2015


«Ғылымнан басқа салада өзімді елестете алмаймын»

Күні: , 858 рет оқылды

rektor_sergaliev


Жәңгір хан атындағы БҚАТУ-дың ректоры, биология ғылымдарының кандидаты, профессор Нұрлан СЕРҒАЛИЕВ:

Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университеті жарты ғасыр ішінде тарихын өнегелі бастамалармен, өміршең істермен жасай білді. Соның нәтижесінде университет, іргелі ғылым ордасына айналды. Аталмыш ЖОО өңіріміздің әлеуметтік-экономикалық, рухани-мәдени дамуына да айрықша үлесін қосып келеді. Университет ректоры Нұрлан Серғалиевпен болған әңгімеміз білім ордасының бүгінгі тыныс-тіршілігі, жаңа оқу жылындағы өзгерістер жөнінде өрбіді.


— Нұрлан Хабиболлаұлы, «Бес институционалды реформаларды іске асыру бойынша 100 нақты қадам» Ұлт жоспарына сәйкес университетте қандай шаралар қолға алынды?

— 2015 жылдың 5 мамыр күні өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында Президент кезек күттірмейтін күрмеуі көп күрделі мәселелерді түбегейлі шешуді тапсыра отырып, осы орайда 5 институционалды реформаны жүзеге асыру жөніндегі 100 нақты қадамын жариялады, іске асыру тетігін айқындады. Ұлт көшбасшысы бағдарламада ғылым мен білімді дамытуға баса назар аударған. Бұл ретте техникалық білімді дамытуға ерекше ден қойылмақ. Бес институттық реформаның 100 нақты қадамының 63, 77, 78, 79 қадамдарында осы мәселелерге айрықша мән берілген.

Оқу орнымыз сыбайлас жемқорлық көріністеріне қарсы тұра алатын, санасы таза мамандарды дайындауға жете мән береді. Осыған сәйкес университетіміз ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің БҚО бойынша департаментімен сыбайлас жемқорлыққа қарсы бірлесіп әрекет ету жөніндегі өзара ынтымақтастық жоспарына қол қойды. ҚР Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру саласында жемқорлыққа қарсы тұру үшін үйлестіру кеңесінің ұсынысы бойынша университет жанынан «Таза сессия» акциясын ұйымдастыру, өткізу мақсатында штаб құрылып, университет ректорының бұйрығымен комиссия құрамы бекітілді. VK әлеуметтік желісінде «БҚАТУ — ТАЗА СЕССИЯ — ЗКАТУ» vk.com/wkausession онлайн және www.wkau.kz сайтында барлық сұрақ бойынша ұсыныстар мен талап-тілектер қалдыратын университет ректорының онлайн парақшалары ашылды. «Мәңгілік ел» патриоттық актісі жобасын әзір-леу бойынша университетімізде қазақстандықтардың біртектілігін нығайту және азаматтық қоғамның бүтіндігін қалыптастыру мақсатында Қазақстан халқы Ассамблеясының «Үлкен ел — үлкен отбасы» жобасын кең көлемді әзірлеу және жүзеге асыру бойынша университет жанынан «Достық» клубы өз жұмысын бастады.

— Сіздің университеттің еліміздегі аграрлық-техникалық ЖОО-лар арасындағы рейтингтік көрсеткіші қандай?

— Ағымдағы жылы университетіміз Білім беру сапасын қамсыздандырудағы тәуелсіз қазақстандық агенттігі ұйымдастырған ұлттық рейтингке қатысты. Оған еліміздегі үздік жоғары оқу орындары тартылған еді. Ұсынылған рейтинг көпөлшемді рейтинг болып табылады. Өйткені ондағы академиялық-статистикалық көрсеткіштер профессорлық-оқытушылық құрамының қызметін, студенттер құрамы және олардың оқуларын, ЖОО-ның ғылыми және инновациялық қызметін, халықаралық ынтымақтастық нәтижелерін, сонымен қатар ғаламтордағы ақпараттардың ұсынылу сапасын қамтиды.

Ранжирлеуге университетіміздің 16 бакалавриат және 13 магистратура бағдарламалары қатысты. Салыстыру қорытындысы бойынша университет 10-орынға табан тіреді. Ал Аккредиттеу және рейтинг бойынша тәуелсіз агенттігі республикалық «Егемен Қазақстан» газетіне (2.06.2015ж.) жариялаған қорытындысында университет 14-орынға ие болды, яғни былтырғы жылмен салыстырғанда нәтижеміз 8 сатыға көтерілді.

— Биыл университет ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің құзырына өткені белгілі. Жаңа жүйе университет ұжымы мен студенттер қауымы үшін не бермек?

— Университетіміздің ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі қарамағына өтуі білім интеграциясы, ғылым мен өндіріс үшін ғылыми әлеуетті және ведомстволық ұйымдардың материалдық-техникалық базасын тиімді пайдалануға нақты мүмкіндік туғызады.

Ғылыми-педагогикалық кадрларды магистратурада, докторантурада дайындау мен ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізуде АШМ-ның ғылыми-зерттеу ұйымдарымен арадағы интеграцияның тиімді механизмі қалыптасады.

Агроөнеркәсіптік кешен мәселелері бойынша республикалық мақсатты, қолданбалы және инновациялық ғылыми-техника-лық бағдарламаларды дайындау мен жүзеге асыруға университет ұжымы мен студенттер қауымының қатысу мүмкіндігі артады.

— Бәрекелді, енді жаңа оқу жылындағы жаңалықтарға тоқталсақ, университетте қанша студент, профессорлық-оқытушылық құрам бар? Студенттердің жатақханамен қамтылуы қалай, оларға өзге де қандай әлеуметтік жағдайлар жасалуда?

— Бүгін білім ордасында 4511 студент, 304 магистрант және 10 докторант білім алуда. Профессорлық-оқытушылық құрамның жалпы саны 359 адам, оның 293-і штатта. Штаттағы оқытушылардың ішінен 143-нің ғылыми дәрежесі бар, атап айтсақ 25 ғылым докторы, 117 ғылым кан-дидаты, 2 PhD докторы. Біз ғылыми-педагогикалық магистратура, PhD докторантура бағдарламалары бойынша және Қазақстанның басқа ЖОО-лардағы докторантура арқылы кадрларды дайындаймыз. Биылғы оқу жылында өзіміздің ғылыми кеңестің ұйғарымымен университет есебінен 10-нан астам жас оқытушыны шетелдегі докторантурада оқыту туралы шешім қабылданды. Олардың барлығына оқу ақысымен қатар, шәкіртақы да төленеді.

2015-2016 оқу жылында білім ордасындағы студенттер санын мемлекеттік білім гранттарының 554 иегері мен ақылы оқу негізіне қабылданған 578 білім алушы толықтырды. Жалпы күндізгі оқу бөлімінің І курс студенттерінің саны – 1132.

Университет аймағында 2180 орындық жалпы қолданыстағы бір студенттік үй және үш студенттік жатақхана жұмыс жасайды. Студенттік үй/жатақханалар университетіміздің аумағында, яғни қолайлы жерде орналасқан. Тұру бағасы да қолжетімді. Мұнда 1-курс студенттері, «Мәңгілік ел жастары — индустрияға», «Серпін – 2050» әлеуметтік жобаларының 324 грант иегері мен өңіріміздің аудандары және өзге облыстардан келген 317 білім алушы орналасты. Жатақханамен қамтамасыз ету 100 пайыздық көрсеткішке ие. Жатақханаларда тұратын студенттердің тізімі университетіміздің «Заңғар» газетіне жарияланады.

ҚР Үкіметінің 2012 жылғы 12 наурызындағы №320 «Әлеуметтік көмек көрсетілетін азаматтарға әлеуметтік көмектің мөлшерін, көздерін, түрлерін және оны беру қағидаларын бекіту туралы» қаулысына сәйкес 19 жетім, 16 ата-анасының қамқорлығынсыз қалған студент, 3 балалар үйінің тәрбиеленушілеріне жәрдемақы тағайындалса, мүгедектік топтағы 21 студентке жатақханада тегін тұру мүмкіндігі қарастырылды. Сонымен қатар ақылы негізде оқитын жетім балалар және ата-ана-сының қамқорлығынсыз қалған, әлеуметтік аз қамтылған жанұядан шыққан 9 студентке 2014-2015 оқу жылының оқу ақыларын төлеуде 50% көлемінде жеңілдік берілді.

— Нұрлан Хабиболлаұлы, жоғарыда айтып өткен «Серпін» бағдарламасына кеңірек тоқталсаңыз…

— Елімізде өткен жылдан бастап «Мәңгілік ел жастары – индустрияға», «Серпін – 2050» әлеуметтік жобалары іске асырылуда. Биылғы оқу жылында аталмыш бағдарламалар бойынша еліміздің 5 облысынан, атап айтқанда Алматы, Оңтүстік Қазақстан, Жамбыл, Қызылорда және Маңғыстау облыстарынан 350-ге тарта талапкер білім гранттарының иегері атанып, университетімізге келді.

Жалпы алғанда, республикамыздың әр өңірі қазақ үшін атамекен болып саналады. Көшпенді ата-бабамыз ұлтарақтай жерді емес, ұлан-ғайыр сахараны еркін жайлаған. Елбасымыздың қазақ жастарына бір жерде отыра бермеу керектігін айтып жүргені содан. Қазақта «бір атаның балаларындай» деген керемет сөз бар. Мен еліміздің әр түкпірінен келген жастарды бір шаңырақ астында бір атаның балаларындай білім алып, бір-біріне бауыр боп, туысқан боп кетсе екен деймін. Себебі біздің қанымыз да, жанымыз да мақсатымыз бен болашағымыз да – бір. Отан – ортақ! Өңірлерге бөлінбей, қазақстандықтың барлығы бір-біріне тілеулес болғаны жөн.

— Университет түлектерінің жұмыспен қамтылуы қай деңгейде?

— Түлектерді жұмысқа орналастыруға ықпал ету ректорат қызметінің басым бағыты болып табылады. Дәстүрлі түрде «Бос жұмыс орындар жәрмеңкесі» және «Нұр Отан» партиясының БҚО филиалымен бірлесіп жұмыс берушілер форумы өткізіліп отырады. Соның нәтижесінде түлектеріміз жұмыспен қамтылуда. Мәселен, биылғы түлектердің 75 пайызы жұмысқа орналасты. Ауылдық жерлерге 180 түлек жұмысқа жіберілсе, соның 15–і «Дипломмен ауылға» бағдарламасы бойынша өмірден өз орнын тапты.

— Университет ғалымдарының ғылымға енгізіп жатқан жаңалықтары аз емес екені белгілі. Бұл бағыттағы жұмыс-тарыңыз бен алдағы жоспарларыңыз туралы да айта отырсаңыз…

— Университет шетелдік және қазақстандық зерттеу орталықтары, ғалымдарымен бірлесіп ғылыми зерттеулердің жүйесін қалыптастырды. 2007 жылы университет базасында инженерлік бейіндегі биотехнология зертханасы құрылып, ол бүгінде нәтижелі жұмыс жасауда. Табиғатты пайдалану және инжиниринг саласы бойынша ғылыми-зерттеу институттары жұмыстанып жатыр. Ғылыми орталықтардың, зертханалардың құрылуы еліміздің ғылыми-технологиялық дамуының басым бағыты бойынша алдыңғы қатарлы зерттеулерді жүргі-зуге, оған университеттің жетекші ғалымдарын тартуға мүмкіндік берді. Университеттегі ғылыми зерттеу жұмыстары аясының кеңеюі Үдемелі индустриалды-инновациялық даму бағдарламасының жүзеге асырылуымен тығыз байланысты. Университетте дүниежүзілік зерттеу институттарының стандарттарына сәйкес келетін ғылыми қызметті ұйымдастыру мен басқарудың заманауи жүйесі қалыптасуда.

2012-2014 жылдар аралығында университет ғалымдары «Парасат» ұлттық ғылыми-технологиялық холдингімен бірлесіп тұйық жүйемен суды қамтамасыз ету жағдайында бекіре қара уылдырығын және етін өндіретін ғылыми-технологиялық өнеркәсіптік аквамәдениет кешенін құру жобасын іске асырды. Индустриалды аквамәдениет бойынша 4 патент алынды. Бекіре балықтарының тағамдық уылдырығын балықты өлтірмей және байырғы әдіспен алу технологиясы дайындалып, өндіріске енгізілді.

Киіктердің Орал популяциясын  өсіру мен көбейту бойынша тәлімбақ (питомник) елімізде алғаш болып университетімізде құрылғанын да мақтанышпен айтқым келеді. Қолда өсіру жағдайында киіктен төл алынды. Киіктердің экологиялық-биологиялық ерекшеліктері зерттеліп, азықтандыру технологиясы қалыптастырылды. Тәлімбақ негізінде биоалуантүрлілікті сақтау орталығын құру жоспарлануда.

Мал шаруашылығы селекциясы бойынша 8 патент алынды. Олар қазақтың ақ басты тұқымды ірі қарасының және ақжайық етті-жүнді қойының зауыттық түрлерімен байланысты. 7000 басқа жуық ақжайық етті-жүнді қойының жоғары өнімді отары құрылды.

400-ден астам үлгіден тұратын күздік және жаздық тритикаленің жинағы жасалды және генетикалық алуандығы жоғары тритикаленің 70 будандық популяциялары будандық тәлімбағы ұйымдастырылды. Мал азығын өндіруді дамыту тұжырымдамасы, мал азықтық дақылдарын өсіру технологиясы қалыптастырылды. Облысымыздың табиғи мал жайылымдары мен шабындықтарының жағдайы зерттелуде.

Ғылыми-инженерлік саладағы жетістіктеріміз де аз емес. Мәселен, кератиндік шикізаттан отандық кеуектүзуші және оның негізінде кеуекбетон жасақталды. Тұрғын үйлер мен ғимараттарды және автомобиль жолдарын салуға арналган жеңіл әрі берік, жасанды қиыршақ тас алу технологиясы қалыптастырылды. Өңіріміздегі кремнийлі және сазды шикізаттарды өңдеу арқылы жылусақтағыш материал — кеуекшыны алу технологиясы жасалды. Бұның бәрі ғалымдарыздың жетістіктерінің тек бір бөлігі ғана. Ал университеттің инновациялық портфелінде көптеген ғылыми-техникалық жоба бар. Атап айтар болсам, жуырда ғана университетімізге ақжолтай сүйінші хабар кеп жетті. Ресей фундаменталды зерттеулер қоры ұйымдастырған ғылыми жобалар сайысында машина жасау факультетінің оқытушысы, жас ғалым Бақытжан Сәлімовтың «Жоғары жылдамдықты планетарлы диірменді механоактивациялық графитпен майлау, графенді құрылым түзілу арқылы пайдалану сипаттамасын арттыру тәсілдері» атты ғылыми еңбегі үздік деп танылып, ғылым саласындағы озық жобаларды іске асырумен айналысатын бәсі биік ғылым орталығының грантына ие болды.

Қорыта айтқанда, қазір университетте жалпы мөлшері 177,6 млн. теңгені құрайтын 50 ғылыми жоба іске асуда. Сонымен қатар ғылыми зерттеулерді университетішілік қорландыру жүйесі жүргізілуде. Бүгінде соған сәйкес 11,7 млн. теңгенің 4 ғылыми жобасы қолға алынды. Бұл бағытта облыс әкімдігі ЖОО-ға қажет қолдауларды көрсетуде. Соның нәтижесінде инновациялық мәнге ие болып жатқан жобаларымыз облыс экономикасының дамуына оң ықпалын тигізуде.

— Нұрлан Хабиболлаұлы соңғы сұрағымызды өзіңізге арнағымыз келіп отыр. Ғылым жолына түсуге сізді кімдер жетеледі? Адам баласына тән қандай қасиеттерді ерекше бағалайсыз?

— Арман-қиял бала кезден талай белестерге жетелейтіні анық. «Дәрігер боламын, сардар (офицер) боламын, мұғалім боламын» деген тәтті қиялдар бізді есейтті. Солар қанатымызды қатайтып, ертеңге деген үмітімізді үкіледі. Бақытты балалық шақтың балғын кезеңі Зеленов ауданының Белоглинка ауылында өтті. Ата-анам – бар саналы ғұмырын ұстаздық қызметке арнаған жандар. Ғылым-білімге деген қызығушылығымды оятып, алға жетелеген де сол жандар. Ата-анамның үмітін ақтасам деген жүрек түкпіріндегі бозбалалық тілек мені адастырмады.

1989 жылы Орал ауыл шаруашылығы техникумын тәмамдадым. 1994 жылы К. Тимирязев атындағы Мәскеу ауыл шаруашылығы академиясын агрономия мамандығы бойынша үздік бітірдім. Одан кейін Бүкілресейлік тыңайтқыштар және агротопырақтану ғылыми-зерттеу институтының аспирантурасында білім алдым. Кандидаттық диссертациямды қорғап, биология ғылымдарының кандидаты ғылыми дәрежесін алдым. Аталған ғылыми орталықта ғылыми қызметкер болып қызмет еттім.

1998 жылдан бастап БҚАТУ-да қызмет атқарып келемін. Алғашында аға оқытушы, кейін «Агробизнес және экология» факультеті деканының орынбасары, Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің инженерлік-технологиялық институты директорының орынбасары, ғылыми жұмыстары және халықаралық байланыс жөніндегі бөлім жетекшісі, кафедра меңгерушісі, кейін факультет деканы болдым. Артынан инкубациялық орталықтың директоры, ғылыми зерттеу институтының директоры, университеттің ғылыми жұмыстар және халықаралық ынтымақтастық жөніндегі проректоры лауазымына тағайындалдым. Бүгінде университет ректоры қызметін атқарудамын.

Білім мен ғылым саласындағы азды-көпті еңбегім үшін «ҚР білім беру ісінің құрметті қызметкері» (2009 ж.), «ҚР-ның ғылымын дамытуға сіңірген еңбегі үшін» (2010 ж.) төсбелгілерімен марапатталдым. Отбасымда мектеп жасындағы Дінмұхамед атты ұлым, Мәлика атты қызым бар, зайыбым – дәрігер.

Ал адамға тән мінез-құлықтап алдымен шынайылықты ұнатамын. Бір орында тұру маған тән емес, әрқашан ілгері жылжығанды қалаймын. Өзіңе де, өзгеге де адал болу турасындағы қағиданы басшылыққа аламын, өзгелердің бойындағы осы қасиетті жоғары бағалаймын. Ғылым жолын таңдағаныма еш өкініп көрген емеспін. Себебі басқа салада өзімді елестете алмаймын. Бос уақытым бола қалса, кітап оқығанды ұнатамын. Бұл менің – жалғыз ғана хоббиім!

Сұхбаттасқан Сәкен МҰРАТҰЛЫ,

“Орал өңірі”


Елбасы АҚШ президенті Барак Обамамен кездесті

Күні: , 757 рет оқылды

db703a224c6eb3f9aa84a0568ea1c1df-slider


Кездесу барысында мемлекеттер басшылары сауда-экономика, инвестиция және отын-энергетика салаларындағы ынтымақтастықты нығайту жолдарын талқылады.


Сонымен қатар Қазақстан мен АҚШ көшбасшылары күн тәртібіндегі халықаралық өзекті мәселелер жөнінде пікір алмасты. Нұрсұлтан Назарбаев пен Барак Обама Қазақстан мен Американың серіктестігі өңірдің дамуын, тұрақтылығын және қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін  маңызды екенін атап өтті. Жақын болашақта Қазақстанға АҚШ Мемлекеттік хатшысы Д. Керридің келуі жоспарлануда.– Барак Обамамен барлық жеті жыл бойында өткен диалог жемісті болды. АҚШ біздің республикамыздың ДСҰ-ға кіруіне атсалысты, барлық бастамаларымызды әрдайым қолдап келеді. Қазақстанда 500-ге жуық америкалық компания жұмыс істейді, АҚШ-тың тікелей инвестицияларының көлемі 30 миллиард доллардың шамасында. Мен біздің еліміз өз талпыныстары мен экономикалық бағдарламалары АҚШ тарапынан қолдау табады деп сенетінін атап өттім, – деді Нұрсұлтан Әбішұлы.

«Ақ орда» сайтынан


Құран кітабын сыйлады

Күні: , 793 рет оқылды

IMG_4855


Саратов губерниясы Новоузенск (Шортанды) қаласының 180 жылдық мерекелік тойында Қазталов ауданының әкімі Нұрлан Бекқайыр  осындағы мешітке Құран кітабын сыйлады.


Оған жергілікті тұрғындар қатты риза болды. Новоузенск қаласы мешітінің имамы Жамалиддин Давлатов аудан басшысына алғыс айтып, мешіттің ашылуына  қандасымыз Нариман Шалабаевтың көп еңбек сіңіргенін атап өтті. — Мешіт жамағаты үшін Нариман хазіреттің беделі зор болды. Қазір ол кісіні еске алу құрметіне түрлі шаралар дәстүрлі түрде ұйымдастырылып отырады. Атап айтсақ, жазғы демалыс кезінде балаларға арналған сауықтыру лагерьлері, ислам негіздерін үйрететін курстар, ауыл имамдарына арналған курстар жүргізіледі. Нариман Нұрашұлы арман еткен Құран оқудан тұңғыш облыстық сайыс осы мешітте өтті. Алдағы уақытта қазақ тілін оқыту курстарын ашуды жоспарлап отырмыз, — деді Жамалиддин хазірет.

Мөлдір ӘНУАРБЕКҚЫЗЫ,

Қазталов ауданы


Үздік заңгерлер марапатталды

Күні: , 803 рет оқылды

IMG_3348


Елбасының  2011 жылғы 20 қазандағы  Жарлығымен 30  қыркүйек  – Әділет органдары қызметкерлері күні болып бекітілді. Осыған орай сәрсенбіде, яғни кеше облыстық әділет департаментінің  қызметкерлері төл мерекелерін атап өтті.


Салтанатты шараға облыс әкімінің орынбасары Бақтияр Мәкен қатысып, департамент қызметкерлерін мейрамдарымен құттықтады.

– Заңгерлік – ежелден  күрделі де жауапты мамандықтардың бірі. Елімізде әділет саласының қызметкерлері Қазақстан Республикасы Конституциясының талаптары мен Елбасы саясатының жүзеге асуына үлкен үлес қосуда. Баршамызға белгілі, заң қызметінің аясы жылдан-жылға кеңейіп келеді. Сіздер сол жаңарып, жаңғырған жүйені халыққа жеткізіп әрі түсіндіріп, мемлекеттің және сол мемлекетті құраушы халықтың құқығын қорғау бағытында ауқымды шаруа атқарып келесіздер. Қоғамның дамуы мен мемлекеттің нығаюына орасан зор еңбек сіңіріп жүрген әділет органдары қызметкерлерін бүгін қалай мадақтасақ та жарасады. Сіздерді облыс басшылығы атынан бүгінгі төл мерекелеріңізбен құттықтап, баршаңызға жемісті еңбек пен отбасылық бақыт тілеймін, — деген Бақтияр Мәкен облыс әкімі Нұрлан Ноғаевтың атынан департаменттің бір топ қызметкеріне алғысхат табыс етті. Олардың қатарында облыстық әділет департаментінің басшысы Әсия Мұхитова, оның орынбасары Светлана Батырханова, Орал қалалық әділет басқармасының басшысы Естай Рашқалиев, атқарушылық өндірісті қамтамасыз ету басқармасының басшысы Абзал Қожахметов, нормативтік-құқықтық актілерді тіркеу бөлімінің басшысы Мұрат Садықов және осы бөлімнің бас маманы Ақбота Фазылова,  заңды тұлғаларды тіркеу бойынша қызметін ұйымдастыру бөлімінің басшысы Нұркен Хамбетов, атқарушылық өндірісті есепке алу және бақылау бөлімінің басшысы Жұлдыз Зинедденова бар.

Бұдан соң азаматтардың құқықтарын қорғау ісіне сүбелі үлес қосқан әділет органдарының бір топ қызметкері ҚР Конституциясының 20 жылдығы құрметіне «Қазақстан Конституциясына 20 жыл» мерекелік медалімен марапатталды. Мұндай марапатқа жылжымайтын мүлікке құқықтарды тіркеу қызметін ұйымдастыру бөлімінің бас маманы Әлия Қарекесова, азаматтық хал актілерін тіркеу және апостиль қоюды әдістемелік қамтамасыз ету және бақылау бөлімінің басшысы Гүлжамал Лұқпан, Шыңғырлау аумақтық бөлімінің басшысы, аға сот орындаушысы Гүлзада Телемгенова және Бөрлі аудандық әділет басқармасының бас маманы Асқар Әбдірахманов ие болды. Сондай-ақ Қазақстан Республикасы Әділет министрінің грамоталарымен персоналды басқару және ішкі қауіпсіздікті қамтамасыз ету бөлімінің басшысы Дина Мұстафина мен Бөрлі ауданы әділет басқармасының басшысы Берік Асылбеков марапатталды. Бұдан басқа аталмыш саланың тағы бірқатар қызметкерлеріне облыстық әділет департаменті басшысының алғысхаттары мен мақтау грамоталары табыс етілді.

Марапаттау рәсімінен соң департамент қызметкерлерінің тыныс-тіршілігін баяндайтын бейнебаян көрсетіліп, облыстық әділет департаментіне мемлекеттік қызметке қабылданған қызметкерлер ант қабылдады. Мереке-лік шара концерттік бағдарламамен түйінделді.

Айша ӨТЕБӘЛІ,

«Орал өңірі»

Суретті түсірген Темірболат ТОҚМАМБЕТОВ


Өндірістік жарақат: кім қаншалықты кінәлі?

Күні: , 808 рет оқылды


Сейсенбіде облыстық прокуратурада кеңейтілген алқа мәжілісі өтті. Бұған аталмыш мекеме  қызметкерлері  мен    облыстық еңбек инспекциясы бойынша басқарма өкілдері қатысты.


Мәжілісті облыс прокурорының міндетін атқарушы Хамидолла Дәуешев жүргізіп, жиында еңбек қауіпсіздігі ережелерін бұзу жағдаяттары бойынша қылмыстық істерді тексеру жағдайы талқыланатынын мәлімдеді.

Аталмыш тақырыпта баяндама жасаған облыстық прокуратураның қылмыстық істердің сотқа дейінгі сатысының заңдылығын қадағалау басқармасының басшысы Абзал Гилим өндірістік жарақаттың жыл өткен сайын көбейіп келе жатқанын айтты. Оның сөзінше, өткен жылдың осы мерзімімен салыстырғанда биыл өндірісте зардап шегушілердің саны 4 пайызға артыпты. Нақты сандарды сөйлетер болсақ, ағымдағы жылдың 8 айында өңірімізде 69 жазатайым оқиға орын алып, соның нәтижесінде 76 адам зардап шеккен. Солардың ішінде кәсіпорындарда 18 (13) адам қаза болып,  58 (60) адам түрлі дәрежеде зақымданған. Статисткалық мәліметтер бойынша өндірістегі өлім мен жарақат алу оқиғаларының 80 пайызы жеке меншік нысандарына тиесілі.

— Адам өлімімен аяқталған жазатайым оқиғалардың негізгі себептерін тексерген кезде, олардың көбі өндірістік жұмыстың дұрыс ұйымдастырылмағандығынан, жұмысшылардың еңбек қауіпсіздігін білмейтіндігінен, сондай-ақ жұмысшылардың абайсыздығынан  болатынын көріп жүрміз, — деді осы тақырыпта баяндама жасаған Абзал Гилим. – Жасыратыны жоқ, өндірістік жарақат алу жағдаяты азаймай отыр. Мысалға айтар болсақ, соңғы 5 жылда өндірістік жарақат алу фактілері бойынша қылмыстардың саны 3 есеге өсті, ал 2015 жылдың 8 айындағы көрсеткіштер өткен жылдың 12 айының көрсеткіштерінен асып түсті. Полиция органдарымен ҚР ҚК-ның 156-бабында көзделген еңбекті қорғау қағидаларын бұзу фактілері бойынша 75 сотқа дейінгі тергеу-тексеру жұмыстары жүргізілсе, соның ішінде 70 пайыздан астамы қылмыс құрамының болмауына байланысты тоқтатылған. Бәрімізге белгілі, өндірістік жарақаттарға байланысты арнайы тексеру жұмыстары БҚО бойынша мемлекеттік еңбек инспекторының төрағалығымен, жұмыс беруші және зардап шегуші өкілінің қатысуымен жүргізіледі. Заң бойынша еңбек инспекторы өндірістік жарақат жағдайын тексеру кезінде еңбек заңдылығының сақталуын басты назарда ұстауы тиіс. Өкінішке орай, еңбек инспекторлары көп жағдайда тексеру жұмысын сапасыз жүргізеді. Соның кесірінен жұмыс беруші мен жұмысшының қаншалықты кінәлі екендігі дұрыс анықталмай жатады. Мысалға айтар болсақ, 1 сәуір күні Достық даңғылында салынып жатқан көп қабатты үйдің 6–қабатынан құлаған Шаяхметов дейтін құрылысшы алған жарақат нәтижесінде сол жерде жан тапсырды. Осы оқиғаға байланысты қылмыстық істің материалдарымен танысу барысында құрылыс жұмысын жүргізу кезінде Шаяхметовке сақтық белдігі берілмегендігі анықталды. Құрылыс жұмысының мердігері жеке кәсіпкер Ю. Ткалун кірпіш қалауға ешқандай біліктілігі (разряды) жоқ, дәрігерлік бақылаудан өтпеген, құрылыс жұмыстарына оқытылмаған жалдамалы жұмысшыларды пайдаланған. Өндірістік жарақат жағдайын тексерген мемлекеттік еңбек инспекторы Тілегенов арнайы тексеру актісінде жоғарыдағы жағдайларды есепке алмай, жауапкершіліктің 50 пайызын зардап шегушіге, 30 пайызын жалдамалы жұмысшылардың бригадирі Кенжеғалиевке артып, жұмыс беруші «Ткалун» ЖК тек 20 пайызға ғана кінәлі қылып шығарған. Мемлекеттік еңбек инспекторының осындай қорытындысының нәтижесінде Абай ішкі істер бөліміне қарасты тергеу бөлімі аталған оқиғада қылмыстық құрам жоқ деп танып, бұл істі заңсыз тоқтатты. Өкініштісі сол, адам өлімі орын алса да, осы оқиғаға байланысты ешкім ең болмаса әкімшілік жазаға тартылған жоқ. Бұдан басқа тағы да сол меминспектор Тілегенов жұмыс кезінде қайтыс болған Кортунов дейтін слесарь жігітке қатысты істі қарағанда, оның өлімін денсаулығының кенеттен нашарлауымен байланыстырған. Меминспектор бұл жерде дәрігерлік комиссиядан өтпеген адамды жұмысқа алған жұмыс берушінің кінәсін есепке алмаған. Нәтижесінде жеке кәсіпкер Пустобаев кінәсіз деп танылып, әкімшілік жауапкершілікке  тартылмады. Мемлекеттік инспекторлар тексеру барысында жұмыс берушілерден жұмысшымен арада жасалуы тиіс міндетті сақтандыру келісімшартын талап етуі керек еді. Өндірістік жарақат алған жұмысшылар үшін мұндай келісімшарттардың маңызы зор екендігі айтпаса да түсінікті емес пе? Сондай-ақ еңбек инспекторлары жұмыс берушілерді орын алған бақытсыздық жағдайларын хабарламағаны үшін жауапқа тартуы тиіс болатын. Оның үстіне меминспекторлар тексеру жұмысын уақытынан едәуір кешіктіріп жүргізген, — деген Абзал Гилим осы айтылған жағдайлардың бәрі айналып келгенде өндірістік жарақат жағдайына дұрыс баға беруге кедергі келтіретінін айтты. Баяндамашы бұдан әрі еңбек инспекторларының өндірістік жарақатты тексеру ісін талапқа сай жүргізбейтіндерін айтып, бұған «тірі» мысалдар келтірді.  Тексеру ісінің осылай сапасыз жүргізілуі сот шешімдерінің дұрыс шықпауына әкеп соғатынын жеткізген Абзал Гилимұлы облыстық ІІД басшылығына өндірістік жарақатпен байланысты істі тексеретін мамандандырылған  арнайы топ құру жөнінде ұсыныс жасады. Осы бағыттағы жұмысты қатаң қадағалау керектігін жеткізген ол БҚО еңбек инспекциясы басқармасына өндірістік жарақаттың алдын алу жұмысын жандандыру және кәсіпорындарда орын алған бақытсыздық жағдайларды сапалы тексеру керектігін қадап айтты.

Жиынды қорытындылаған Хамидолла Дәуешев облыстық еңбек инспекциясы бойынша басқарма басшылығына жоғарыда айтылған ұсыныстарды қабылдап, бұл бағыттағы жұмысты ширатуға тапсырма берді.

Айша  ӨТЕБӘЛІ,

«Орал  өңірі»


Ауылды көркейтетін игілікті бағдарламаға ел риза

Күні: , 860 рет оқылды

DSC_0089


Тәуелсіздіктің елең-алаңында қаржы жетіспеушілігі және басқа да себеп-салдардан ауылдар қиын жағдайға душар болғаны белгілі. Ел экономикасы оңалғаннан кейін оларды көркейтуге жете мән беріле бастады. Сөйтіп, мемлекеттің жүйелі қамқорлығының арқасында ауылдардың түтіні түзу шығып, елді мекендер көркеюде.


Ресми мәлімет бойынша республикамыздағы ауылдық елді мекендер білім беру және денсаулық сақтау нысандарымен толықтай қамтылған. Электр жарығы бармаған, телефон желісі тартылмаған ауыл жоқтың қасы. Өңірімізге келсек, тек Бөрлі ауданының Сатайкөл мен Бөкей ордасындағы Қарасай елді мекендерінде жарық жоқ, 7 елді мекенге телефон желісі тартылмаған. Сонымен қатар мектепке дейінгі мекемелердің, мәдениет және спорт нысандарының тапшылығы байқалады. Ауыз сумен, көгілдір отынмен қамту, жол мәселесі де жоқ емес. Бірақ олар біртіндеп оң шешімін тауып келеді. Мәселен, облысымыз апатты жағдайда тұрған және үш ауысыммен оқитын білім беру нысандары бойынша мәселені толығымен шешті. Халықтың сумен қамтылуы 86,8%-ға жетті, соның ішінде ауыл тұрғындарын қамту 80%-ға жуық. Облыс тұрғындарының табиғи газбен қамтылуы 91,7%-ды құрайды, оның ішінде ауыл тұрғындары – 83,6%.

Ауылда  143  жоба  жүзеге  асырылуда

– Ауылдардың әлеуметтік-экономикалық дамуы бүгінде «Өңірлерді дамыту – 2020» бағдарламасы шеңберінде іске асырылуда. Бағдарламаны жүзеге асырудың іс-шаралар жоспарына сәйкес жылма-жыл ауылдық елді мекендер дамуының мониторингі жүргізілді. Былтырғы мониторинг қорытындысына сәйкес, облысымыздағы 56 ауылдық елді мекеннің даму әлеуеті жоғары, 353-і даму әлеуеті орташа, қалғаны төмен деп белгіленді. Ауылдық елді мекендерге инвестициялар тарту, экономикалық қызметті, әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылымды одан әрі дамытуды көздейтін облыстық мәслихаттың 2014 жылғы 12 желтоқсанындағы №21-5 шешімімен «Батыс Қазақстан облысының шекара маңындағы аудандарын дамытудың 2014-2020 жылдарға арналған іс-шаралар жоспары», №21-6 шешімімен «Батыс Қазақстан облысының аудан орталықтары мен тіректі ауылдық елді мекендерін дамытудың 2014-2018 жылдарға арналған жеке кешенді жоспарларын және ауылдық округтердің орталықтарын дамыту бойынша 2014-2018 жылдарға арналған облыстық іс-шаралар жоспары» бекітілді. Бүгін ауылдарды дамыту осы кешенді жоспарлар бойынша әрі мемлекеттік және салалық бағдарламалардың іс-шараларын жүзеге асыру аясында жүргізілуде. «Өңірлерді дамыту – 2020» бағдарламасының жергілікті өзін-өзі басқаруды қаржылық қолдау бағыты бойынша биыл ауылдарда 143 жобаны іске асыру үшін жергілікті бюджеттен 351,5 млн. теңге бөлінді. 1 қыркүйектегі жағдай бойынша бұл қаржының 172,2 млн. теңгесі (76,2%) игерілді.

Жергілікті өзін-өзі басқаруды қаржылық қолдау бес бағытта жүзеге асуда. Біріншісі – сумен және газбен жабдықтау нысандарына күрделі және ағымдағы жөндеу жүргізу. Екіншісі – көшелерді жарықтандыру мен көгалдандыру, балалардың ойын алаңдарын орнату, иесіз қалған нысандарды бұзу, қатты тұрмыстық қалдықтары, мал молаларын талапқа сай қауіпсіздендіру. Үшіншісі – ауылішілік жолдарды және көпірлерді күрделі, орташа және ағымдағы жөндеу. Төртіншісі – су қоймаларын тазарту, иесіз қалған сутехникалық құрылыстарын қалпына келтіру. Бесіншісі – елді мекендерді абаттандыру жөніндегі іс-шаралар. Қазір осы жұмыстар Зеленов, Шыңғырлау аудандарында жақсы жүруде, — дейді облыстық экономика және бюджетті жоспарлау басқармасының бөлім басшысы  Райса  Еркеғалиева.

Иә, шыңғырлаулықтар өткен сегіз ай ішінде аталмыш бағдарлама шеңберінде бөлінген 13,9 млн. теңгенің 12,7 млн. теңгесін игерген. Аудан орталығында балалар алаңының құрылысы мен Лубендегі күл-қоқыс шығару жұмыстарының аздаған бөлігі ғана қалыпты. Ел қазынасынан бөлініп отырған қаржыны ауыл тұрғындары көшелерді жарықтандыру, тұрмыстық қалдықтарды шығару, балалар ойын алаңдарын салуға бағыттап отыр. Соның нәтижесінде бұрын қараңғы көшелерде орын алатын бұзақылық, қылмыс атаулысы азайған, ауылдар тазарып, жаңа кейіпке енуде, жүздері бал-бұл жанған бөбектер асыр салып ойнап, ауылды шаттыққа бөлеуде.

Березовқа  бөлінген  қаржы қайта  жоспарланды

Енді Бөрлі ауданында балалар алаңымен бірге спорттық алаңдар да көбеймек. Қазір бес ауылдық округте олардың құрылысы жүруде. Сонымен қатар алдағы жылдары Ақсай қаласы, Бөрлі, Кеңтүбек ауылдарында балабақшалар бой көтермек. Қазір бұл бөбекжайлардың жобалық-сметалық құжаттамасы (ЖСҚ) дайындалуда. Аталмыш жобалардың жүзеге асуына Березов ауылының көшірілуі мүмкіндік беріп отыр. Яғни бұрын хабарлағанымыздай, «Өңірлерді дамыту» бағдарламасы аясында биыл аталмыш ауылдық округте біраз жобалар қолға алынуы тиіс болатын. Ауыл көшірілетін болғаннан соң жоспар өзгерді. «Бағдарлама аясында Березов ауылына 35 млн. теңге бөлінген еді, — дейді Бөрлі аудандық экономика және қаржы бөлімінің басшысы Гүлнәр Шамғонова. – Бұл қаражаттың төрт пайызы жыл басында жаңадан салынады деп жоспарланған ауылдық округ әкімдігі ғимаратының жобалық-сметалық құжаттамасын (ЖСҚ) дайындауға жұмсалды. Биыл ауыл тұрғындарының бәрі бірдей көшпейді ғой. Сол себепті 3 млн. теңге санитарлық тазалық шаралары мен абаттандыру жұмыстарына бағытталды. Ал қалған қаржы кері қайтарылып, аудандық мәслихаттың шешімімен қайта бөлінді. Қаржының бір бөлігі березовтықтар үшін Ақсайдың «Қарашығанақ-1» шағынауданынан тағы бір көпқабатты үй салу үшін ЖСҚ  дайындалуға  жұмсалды».

Ақжайық ауданында да бағдарлама аясында жоспарланған жұмыстар аяқталуға таяу. Биыл мұнда кітапханалар жөнделіп, жаяу жүргіншілер жолдары төселуде. Ал Алғабас ауылының тұрғындары ауыл аумағындағы тоғандарды тазалауға мән беріп отыр. Ауылдық округ әкімі Ерболат Есбосыновтың айтуынша, «Өңірлерді дамыту» бағдарламасы шеңберінде бөлінген 5 млн. теңгеге Тегісжол және Жаңажол елді мекендеріндегі тоғандар тазартылып, тереңдетілді. Соның нәтижесінде осыдан қырық жыл бұрын қазылған су алабы қайта түлеген. Енді Киров-Шежін каналынан келетін және жаңбыр, қар суларының молырақ жиналуына мүмкіндік туды. «Соңғы кезде округте мал басы артып келеді, ал су қоры азаюда. Сол себепті осы мәселе күн тәртібінде тұрған еді, — дейді Ерболат Есбосынов. — Оралдық «Мейірім» ШК осы бағытта жұмыс істеді. Бірақ эксковатор-драгвайн тоғандарымызды толық тазалай алған жоқ. Бұл бағытта толыққанды жұмыс жүргізу үшін көп қаражат керек екен. Дегенмен де барға шүкір. Қалған үш елді мекендердегі тоғандарды да тазалап, тереңдету жоспарда бар. Жалпы алғанда, ауылдарды дамытып, көркейту бағытындағы осындай игілікті бағдарламаларға  ел  риза».

 Сәкен МҰРАТҰЛЫ,

«Орал өңірі»


Қазақтың тойы қалай өтіп жүр?

Күні: , 1 054 рет оқылды

SSy92dO9xvc


«Той десе, қу бас домалайды» деген өткеннен қалған үзік сөз бар. «Жаугершілік заманда жанынан безіп, ерлік көрсететін өрге айналған, әр сөзі жырға айналған Ақтамберді жыраудың өзі: «Өзім бір бөлек жайласам, Жігіттен нөкер сайласам, Ойпаң жерге он отау, Қырлау жерге қырық шатыр, Қонағымды жайғасам, Пышақтан малым кетпесе, Қазаным оттан түспесе, Ауылдан топыр үзілмей, Ошақтың оты өшпесе, Қан жемесе барағым, Май жемесе қонағым, Он кісіге татыса, Бір кісіден табағым», – деп дәулет нұсқасы қолына бітсе, жомарттықтың жолын көрсетер мерейі шалқыр күнді аңсайды, ақжарма пейілін көрсетеді. Дәл осы дәмегөй пікір, дархандық бүгінгі күнге қолы ашық қазекеңнің санасында сарқылған жоқ, салтына сіңген күйінде әлі жүр. Қандай қуаныш, мерейі  болса да, әркім қал-қадірінше дүрілдетіп өткізген соң, тойдың сән-салтанаты, қызық-шыжығы кейін тілге тиек етіледі. Осыны ойлап, намысқа тырысатын, абыройын алыстан бажайлап бағатын қандастарымыз барын салады.


Тоқсаныншы жылдары қабырғасына қар қатқанда да халық той дегенде тосылмады, бүгінгідей шаңырағынан түтіні түзу шығып, тұрмысы шүкірленгенде де шет қалып жатқаны жоқ. Әрине, қалталысынан бастап, қатардағысына керегі қаражат. Депозитінде өсіп жатқан ырзығы бары некен-саяқ. Алыстан ат шалдырып келер-ақ, бірақ бір қылқұйрықтың құнына тең салар қаржысы жоқ ағайын жайын айтпай болжайсың. Арғы жағы түсінікті, несие  (кредит) деген айдаладағы «батпан құйрыққа» байланасың, сосын барып, сорланасың. Қысылмай да алатыны бар, ол жайы бөлек әңгіме. Әрине, көк ақшаның жарымын дастарқанда қылтиып тұратын көкмойынның құны жұтады. Алкогольдің бағасы Альпі тауындай аспандаса да, жұрттың қарап жатқаны шамалы. Әйтеуір, көңілге медеу болары, осыдан бес-алты жыл бұрын «Жастар ішпейді, бұрынғыдай емес» деген пікір қалыптаса бастады қоғамда. Әлі де сондай ұғым бар. Ұрпағың одан алыстаса, ұпайың кемімейді, еселене түсері анық. Тойдың ұйымдастырылуы, кемелдігі асабаға тікелей байланысты. Әрине, олар тойда қауым болып жүрмейді, жеке-дара жүреді, жұп болып та келеді. Олардың мықтылары барына, нарына дауымыз жоқ. Бірақ осы асаба іздеуде «Өзіміздің парық жайы қалай?» деген ой мазалайды. Қазіргі уақытта қуаныш иелері «қызығын қызықтай, шыжығын шыжықтай» өткізетін «тізгіншілерді» сыртқы бітім-болмысына қарап таңдайды-ау осы. Жұрттың ішек-сілесі қатып, екі езуі құлағынан кетпей, жайнап отырса болды деген ой басым. Қош, жазғы науқанда қолдан-қолға тимейтін оларға таңдау жасап отыруға мүмкіндік жоқ делік. Ағайын асабаның жас ерекшелігі үлкен рөл атқаратынын білсе керек-ті. «Шаршы топта сөз бастаудан қиынды көрмедім» деген Бұқар жыраудың біліктілігін қазекем бес саусақтай таниды. Кесімді, өтімді сөзі бар, ойлысы бар, сойлысы бар, кеңдігі бар, кемелдігі бар, ащысы бар, тұщысы бар, нәрлісі бар, зәрлісі бар, шымбайға бататыны бар, таңдайға жағатыны бар, күлдіретіні бар, түңілдіретіні бар, лақпасы бар, қақпасы бар, не керек, сөз саптаудың түр-түрі ағылып тұр. Ал зерек болсаң, елден ерек болсаң,  таңдап көр, сұрыптап көр қас-қағым уақытта. Ертеде қазақтардың ру-ру болып қауымдасуында иерархиялық мән жатыр. Қайғы болса да, қуаныш болса да, халық міндетті түрде асарлататын. Бірдің қуанышы – мыңның қуанышы. Кемдігін, жарлылығын білдірмеген. Ақсақалдық жүйеде аузы дуалы ел үлкені алдында жауапкершілік – үлкен сын. Сондықтан қуаныш тізгінін көрінгенге ұстата бермеген. Ақпа жыршы, төкпе ақындар ағылып жатқан заманда тойбастарың бар, жаршың бар, қосшың бар, сөйлеген сөзіңде, қаузаған ойыңда мықты жарасым болуы тиіс, дүйім ел аузына қарауы тиіс. Сондықтан сөз сойылына отызды орталаған, қырықты қырқалағандар ие болса керек. Әрине, алғыр да пысық, өресі биік жастарға орын берілмесін деген сөз  емес бұл. Өкініштісі, қазір ауылдарда таңдайынан бал, тілінен мән сорғалайтын қорғасын сапты қоңы барлар сирек. Ертеректе бес жасар баланың өзі тілін тақылдатқанда, көптің өзі сөзден жаңылған. Бала Жамбыл ақынның өзі бұған нақты мысал. Бертін, жазу мәдениетіне көшкелі жадтың өшкені байқалады. Қазір бес шумақтың басын қосып өлең өре алмаймыз немесе ән айта алмаймыз. Ел нені білуі тиіс? Асаба таңдадың ба, өресіне қара. «Дауылпаз деген бір құс бар, үні жер жарады, барсам бақандай екеннің» кебін киіп қалып жүрмеңіз. Мәселен, үйлену тойын алсақ, қызық-шыжығы бір бөлек. Бірақ ортаға күйеу баланың билеп шығуына әмір беріп, кейін «әбес» қылығын жерлеп тастайтындары бар. Одан не ұтты? Келінге сәлем салдыру да қып-қызыл бизнес. Әйтпесе, қайын інілерге, сыныптастарына, құрбыларына, жезделеріне сәлем беру дәстүрін бұрын естіп пе едіңіз? Ұзатылуда келінді ортаға шығарып, «Жарыңды неге теңер едің?» секілді арзыма сұрақ қойып, «жаным-күнімдетіп» қойғанда қандай мән бар? Екі беті нарттай жанған қыз байғұс  кібіртіктемегенде қайтсін.

Елдің көңілін көтерем деп, ессіз ойынға сеп болатындар кездеседі. Біреудің Құдай қосқан некелі жарын басқа біреумен шығарып, онымен билетіп, сорақысы, оны құшақтап көтеріп алуы я орнында «қатып қалуы» тиіс. Жап-жас жігіттердің жасы анасымен тең әйелдердің «қыпша белінен» көтере алмай жататынын көріп не түйеріңді білмей аң-таң боласың. Суырыпсалма өлең айтам деп, бір жас асаба «қарабауыр жылан секілді екенсіз» деп салды бір бәйбішенің киім-киісін. Ата сақалы аузына түскен ақсақалға «әй-әй» деп дауыс көтере, өктем сөйлегендерді көріп, естіп, біліп жүрміз. Асабаның тілдерінде жаргон сөздер, бейпіл, қыстырма сөздер легі толассыз ағылып жатады. Кейбірінің қалжыңдары қап түбінде қалғандай әсерсіз. Кей асабалардың өз ауылында бірнеше тойда жүріп, өзінің ата-тегін, болмысын таныстырып, ырғалып тұрып алатыны да болады. Кейбіреулері «Мені тыңдамадыңдар, не болып кетті сіздерге?!» деп жұртқа айқайлап, көптің бетін өзіне әрең қаратып алатындарын да көріп жүрміз. Ел біледі, парықты айырады. Тілінен май таматын нағыз ділмәрлар салтанатты жүргізгенде жұрты ұйып тыңдайды, тырп етпейді, ешқайда кетпейді. Қадірің, бағаң өзіңнен. «Аңдамай сөйлеген ауырмай өледі». Сондай-ақ тілек айтар тұста бір қауым өре түрегеліп, әупірім сөз шиырын он қайталап барып бітіреді. Ой жұтаңдығын осыдан көріп жүрміз. Әйтпесе бабадан қалған телегей-теңіз мұраның інжу-маржаны мол ғой. Таңдап ал да, сайра.

Қош, орнын тауып ой айта білетін, сүлейін тауып сөзге ұйыта білетін, әдептің шегінен аспайтын, дәстүрдің жөн-жосығын жілігін шағып, талдап тастайтын, сөзін қайырып қайталаудан аулақ болатын, сценарийі құбылып жайнап тұратын, мәдени білігі зор, танымы көл асабаларға бұл сынның қатысы жоқ.

Асаба – бесаспап маман. Бүгінде ол – әртіс. Ол – шешен. Ол – әнші. Ол – ақын. Бірнеше нұсқалы өнерді алып жүре ала ма? Бірін қажетіне жаратып, қалғанын кәсіби мамандарға берсе қайтеді. Байқаймыз, домбыраның үні беташарда, тойбастарда бір дүрілдеп көрініп қалады да, қалған тұстан иісін іздеп таба алмайсыз. Бір-екі дәстүрлі ән өрілсе, күй шертілсе, нұқсан келер ме? Дәстүріңе желек беретін де, көрік беретін де, жандандыратын да, тамсандыратын да, негізі, домбыра. Сондықтан қуанышымыз азаймасын. Бас бұйданы кім ұстаса, мерейің сол ыңғаймен өрістейді.

Нұртай  АЛТАЙҰЛЫ,

«Орал өңірі»

Асылбек  ХАРЕСОВ, асаба:

– Қазір халық көпсөзділікті онша ұната бермейді. Нақтысын айтып, көңілашар нөмірлерге кезек бересің. Есті сөз айтсаң, шүкір, әлеумет сөздің қадірін біледі, әп-сәтте демеп әкетеді. Көршілес Ресейдің Самара облыстарындағы қандастарымыздың ауылында болдық. Қазақы ән-күй, домбыра десе ынты-шынтысымен тыңдайды. Амандассаң да, жақсы тілек айтсаң да, ақсақалдар қолын жайып, «әумин» десіп отырғаны. Жалпы, қазақы ортаға салтымыздың оралып жатқанына куәміз. Мәселен, ұзатылу тойында сыңсу орындалып жүр. Торт кесіп беру, әкесінің қызының қолынан ұстап күйеу баласына апарып беру сынды шеттен енген әдеттер де орындалады. Той иесінің қалауымен болып жатады бәрі. Тағы бір «әттең-айы», бата беретін қарияларды таба алмай қаламыз. Кейде қуаныш, тілек иелері рөмкемен үстелден үстелді аралап, тойдың ретін, сәнін бұзып алады. Ауылдағы қуанышты басқару қаладағыдан еркін. Оларға ұнайтын қарапайым тұрмыстан қазақы қалжыңды тез таба аламыз. Тойда айтыс элементтерін ұйымдастырып жүрміз. Әйтсе де жерлес ақындар тойбастар, беташарда жаттанды мәтіндерді қолданады. Ізденіс керек секілді. Одан да сол тойдың ауанына лайық, қуаныш иелері жөнінде дерек беретін тапқыр жыр болғаны өтімдірек қой. Зиялы ортада өтетін салтанатқа арзан қалжыңдарды қолданбаймыз. Арақ-шарапсыз өтетін той  көбейіп келеді.


«Жақсы мұғалім болу үшін, ең алдымен, балаларды жақсы көру керек»

Күні: , 976 рет оқылды

IMG_3251


Ақмарал  САТҚАНҚЫЗЫ, Орал  қаласындағы №42  мектептің  бастауыш сынып  мұғалімі:

Редакцияға бір топ ата-анадан «Біздің балаларымыздың алғашқы ұстазы туралы мақала жазсаңыздар, ол сондай керемет мұғалім!» деген өтініш түсті. Біз бір емес, бірнеше ата-ананың ұсынысын қабылдап, жақсыны көрмекке асықтық.


Бүгінгі кейіпкеріміз Ақмарал Сатқанқызы – Бөкей  ордасы ауданының тумасы. 1984 жылы сол кездегі педагогикалық училище, қазіргі Ж. Досмұхамедов атындағы педагогикалық колледжді тәмамдағаннан бері бастауыш сыныпқа  сабақ беріп келеді. Өзінің мамандығын жанындай жақсы көретін Ақмарал апай қаламыздағы №42 орта мектепте қызмет жасайды. Әр баланы өз баласындай бауырына басатын кейіпкерімізді тек шәкірттері ғана емес, ата-аналары да ерекше құрметтейді екен. Кезек-кезек телефон шалып, балаларының алғашқы ұстазының жақсы қасиеттерін тізбектеген ата-аналар сөзінен аңғарғанымыз ол кісілер Ақмарал Сатқанқызының шыншылдығын, еңбекқорлығын жоғары бағалайды.  Алдын ала уағдаласқан келісім бойынша редакцияға дәлме-дәл уақытында келген Ақмарал апай  таңдаған мамандығы, сүйікті шәкірттері туралы ақтарыла әңгіме айтты. – Алғашқы еңбек жолымды өз ауылымда бастадым.  Содан бері үздіксіз қызмет жасап келемін. 2001 жылы жанұя жағдайымен қалаға көшіп келіп, №41 орта мектепке  қызметке орналастым. 2013 оқу жылының аяғына дейін сол білім ошағында қызмет жасадым. Осы жылдар ішінде бірінші сыныптан төртінші сыныпқа дейін үш сыныпты шығарып салдым. Білімнің іргетасы бастауышта қаланады, сондықтан бірінші сыныпта мен балаларымды жіті қадағалап, өзім де олардың қасынан ұзамауға тырысамын. Меніңше, жақсы мұғалім болу үшін, ең  алдымен, балаларды жақсы көру керек, — дейді ол. Ақмарал Сатқанқызы ең алдымен балалардың қай пәнге қызығушылығы бар екенін анықтап алады. Содан соң әр баланы өз ынтасы мен қарым-қабілеті бойынша әрі қарай дамытуға тырысады. Ол өз сабағында сыни тұрғыдан ойлау, саралап оқыту, дамыта оқыту әдістерін жиі қолданады. Осы кезге дейін жүздеген шәкіртті қияға ұшырған ұстаз әр оқушысын сағынышпен еске алады. Әсіресе, алғашқы еңбек жолын бастаған жылдары партаға отырғысы келмей, сабағының шат-шәлекейін шығарған қиқар бала да көңіл қалтарысында қалып қойған екен.   – Бастауышта ең қиыны – бірінші сынып. Өйткені әр баланы зерттеп, бір жолға салып, қалыптастырып алу оңай шаруа емес. Әсіресе,  партаға отырмай, астына кіріп кетіп, бағынғысы келмеген шәкіртімнің қылығы әлі күнге дейін көз алдымда. Өзі ылғи ер балалардың ортасында өскен ұл  еді. Сол баланы қалай тәртіпке саламын деп, көп ойланғаным есімде. Ол кезде тәжірибем де аз. Анасымен сөйлессем: «Қарағым, ұрып алсаң да, өзің біл!» дейді. Содан бір күні сабақ біткен соң, әлгі балаға «Қал» дедім. Оқушылар тарап кетті. Екеуміз сыныпта отырмыз. Мен оған «Басқа балалардың сабақ оқығысы келеді. Ал сен бізге кедергі келтіріп жүрсің.

Сондықтан бүгін екеуміз мектепке қонамыз» дедім. Қас қарая бастады. Ол кезде қазіргідей ұялы телефон жоқ. Жым-жырт ты-ныштық. Бір кезде әлгі бала: «Апай, қарным ашты, үйге барайыншы. Енді тентек болмаймын» деді көзі жасаурап. Мен қатқыл дауыспен: «Сөзіңде тұрасың ба, уәде бересің бе?» дедім. Ол басын изеді. Сөйтіп, екеуміз үйге қайттық. Ол сөзінде тұрып, тентек болған жоқ.  Жақында бір тойда сол баламның тартқан күйін тыңдап, керемет әсерге бөлендім, – дейді шәкірті туралы  әңгімелеген ұстаз. Ақмарал апай сөмкесінен қалың папканы шығарып, парақтай бастады. Бұл папканы ата-аналар комитеті алғашқы ұстазына естелікке сыйлапты. Әр бетінде  оқушыларының жетістігі, суреттерімен қоса, нақпа-нақ жазылыпты. Әр шәкіртінің суретін аялай сипап, әңгімелеген ұстаз сөзінен оларға деген сағыныш байқалады. Шынында да, тыңдап отырсам, шәкіртінің бір осалы жоқ. Тоғыз шәкірті Назарбаев зияткерлік, мектебінде, біреуі  Қазақ-түрік лицейінде, екеуі №35 мектеп-гимназиясында білім әлеміне саяхатын жалғастыруда екен. Біз Ақмарал Сатқанқызынан «Қағазбасты емессіз бе, жалақыңызға көңіліңіз тола ма?» деп сұрадық.  Сәл жымиып, терең күрсініп алған кейіпкеріміз сөзін әрі қарай сабақтады:  – Бұрын қағаз толтыру, есеп беру көп болатын. Сол кезде қағаз бен есеп беруге кеткен уақытымды балаларға арнасам ғой деп ойлаушы едім. Қазір есеп беру біздің білім ошағында жолға қойылды. Қағаз толтыру да азайды. Сондықтан баламен жұмыс жасауға уақыт жеткілікті. Ал жалақы… біз негізі қанағатшыл  халықпыз ғой.  Шүкір. Ең бастысы, ел тыныш болса екен, — деді ол. Ақмарал апай жақсы сынып, жақсы мектеп қалыптастыруда  атааналар қауымының да әсері бар екенін айтты. Мысалы, 4-ші шағынауданында орналасқан №41 орта мектепте әлеуметтік жағдайы төмен, толық емес отбасының балалары сирек кездеседі. Біздің кейіпкеріміз ата-аналарымен тығыз байланыс жасайды.  Жұмыс барысында олардың талап-тілегін тыңдап алып, өзінің талабын қояды.  Содан да болар, көшеден көргенде ата-аналар бұрылып келіп, қал-жағдайын сұрап жатады. Сондай сәтте марқайып, көңілі өсіп қалатынын да жасырмайды.   Мектеп қабырғасында қызықты сәттер көп болады. Кейде 45 минут сабақтың соңы дәл үйдегідей, бала қамы болып кететіні де бар. – Бірде Думан деген оқушым сабаққа кешігіп келді. Үсті-басы малмандай су. Мен сабақты бұзғым келмей «Отыра ғой» дедім. Орнына отырған соң, маған аянышты көзбен қайта-қайта жәутеңдеп қарайды. Өзі сондай сүйкімді бала еді.  Бір кезде қолын көтеріп: «Апай, менің аяқ киімім тесік еді, содан су кіріп кетті. Батареяға жайсам бола ма?» деді. Содан аяқ киімін шешіп, құрғатып, пешке жайып, әбігер болғанымыз бар.  Кейде сабақ үстінде мұғалім рөлінен мама рөліне де оп-оңай ауысып кетуге тура келеді, — дейді ата-ана алғысына бөленген ұстаз.  Ақмарал апай мектептен үйге асықпайды. Жұмысын тиянақты бітіргенше, тыным таппайды.  Мұғалім психолог болуы керек деп есептейтін ол тек оқушыға ғана емес, ата-анаға да қатаң талап қоя біледі. Бірінші сыныптағы алғашқы жиналыста-ақ ата-аналарға білім ошағында өздерін салмақты ұстап, бейпіл сөз айтпауын, дұрыс киініп келуін талап етеді.  Әр сабағын қызықты, баланың есінде қалатындай етіп өткізу үшін барын салады.  Ұстаз Хамза Есенжанов атындағы балалар-жасөспірімдер кітапханасы, мектеп кітапханасымен тығыз байланыс жасайды.  Оқушыларын ерінбей-жалықпай, байқауларға, білім сайыстарына қатыстырады. – Негізі қала балаларында бос уақыт деген ұғым жоқ.  Олардың     әр сағаты, әр минуты есептеулі. Қазір мектептен тыс қосымша білім беру орталықтары,  түрлі үйірмелер өте көп. Осы бастан уақытпен санасып өскен бала есейген соң да уақыттың қадірін біледі, — дейді ұстаз. Ақмарал апай отағасы екеуі үш ұл тәрбиелеп жеткізді. Үлкен екі ұлы қызмет жасаса, кенже ұлы Астанадағы Н. Гумилев атындағы  Еуразия ұлттық  университетіне биыл  түскен екен.  Әйел адам бәріне үлгеруі тиіс деп есептейтін кейіпкеріміз  жанұясынан да  жан шуағын аяған емес. Бірақ кейде өз перзенттерінен гөрі мектептегі ұл-қыздарын көбірек ойлаңқырап кететінін де жасырмай айтып қалды. – №41 орта мектепке гимназия мәртебесі берілгендіктен, бастауыш сыныптар жайлап, жабылып жатыр. Сондықтан  қызмет орнымды  ауыстыруға мәжбүр болдым. Қазіргі мектебім де өзіме ұнайды. Жұмыс жасаймын деп жанып тұрған мұғалімге, бар жағдай жасалған, – дейді ол.

Гүлжамал ЖОЛДЫҒАЛИ,

«Орал өңірі»


Балықшылардың назарына!

Күні: , 806 рет оқылды

sochi2


Балық аулау –  көпшіліктің ермегі, тіпті кейбір кісінің кәсібі. Балық аулау ісі шыдамдылықты, сақтықты және физикалық дайындықты да қажет ететінін ұмытпауымыз қажет. Әккі балықшылар балыққа жылдың қай мезгілі болса да шыға береді.


Төтенше жағдайдың алдын алу мақсатында, әсіресе, қайықта отырып балық аулаған кезде сақ болу қажеттігін ескертеміз. Қайықта балық аулаудағы қауіпсіздік шарасы — ұқыптылық және тиянақтылық. Тіпті жүзу білмейтін адамдардың қайыққа отырмағаны да жөн.

Балыққа шығар алдында қайықты, ескекті мұқият тексеріп алыңыз. Егер үрлемелі қайық болса, клапандарын қарап шығыңыз. Мұз жүру кезінде балыққа барғанда қайыққа отырмағанның өзінде  құтқару кеудешесін өзіңізбен алып шығыңыз. Кеудешенің бағасы қымбат болғанымен, сіздің өміріңізге араша болуы мүмкін. Ол болмаған жағдайда аузы тығыз жабылған бос 5-6 пластикалық ыдысты қолдануға болады.

Балыққа жалғыз бармаңыз, өзіңізге серік ала шығыңыз. Қауіпсіз балық аулау келесі қарапайым ережелерді сақтағанда жүзеге асады. Сіз балыққа шығарда жақын адамыңызға нақты қай жерге баратыныңызды айтуды ұмытпаңыз.

Балыққа шығар алдында ауа райы болжамын анықтап алыңыз. Себебі судың көтерілуіне ауа райының өзгерісі себеп болады.

Әрдайым ұялы телефоныңызды бірге алып жүріңіз. Егер зардап шеккен адамды кездестірген болсаңыз, дереу хабарлап, қажетіне қарай көмекке шақырыңыз. Қосымша көмек келгенше өзіңіз қолыңызда бар жабдықпен алғашқы көмек көрсетіңіз.

Қайыққа отырғанда құрал-жабдықтарыңызды реттеп салыңыз. Үрмелі қайыққа отырғанда аяқ астыңызға еш нәрсе қоймаңыз. Сонымен қатар:

— қайыққа артық жүк салмаңыз;

— қатты жел немесе толқын болғанда қайықтың бір жағын ұстап отырмаңыз;

— ағысқа жақын бармаңыз;

— катердің немесе үлкен су көлігінің алдынан шығуға болмайды;

— егер моторлы қайық болса, үлкен су көлігін айналып өтіңіз, себебі зәкір шынжырын іліп алуыңыз мүмкін.

Балықты тұрып ауласаңыз, қайықтың ортасына сақтықпен тұрыңыз, үрмелі қайықтың үстінде тік бойлай тұрып балық аулауға мүлде болмайды.

Зәкірді көтерген кезде қайықтың орындығына шығып тұрмаңыз.

Егер қайық аударылған жағдай болса, оның үстіне шығуға әуре болмаңыз, дұрысы қайықты жармаса ұстап, жағалауға бағыттап жүзу қажет.

Егер қатты жауын-шашынға тап болсаңыз, мүмкіндік болса, жағаға шыққаныңыз дұрыс. Ал жағалау алыс болса, үстіңізге плащ немесе пленкамен жамылып ықтаңыз.

Ең қауіпті жағдай: балық аулау кезінде алкагольдік ішімдік ішу, түнгі уақытта балыққа шығу. Тағы да ЕСКЕРТЕМІЗ, біздің ең негізгі құндылығымыз – адам  және адам өмірі. Сізді әрдайым үйде жанұяңыз күтіп отырады.

Марс ОТАРОВ,

БҚО ТЖД ТЖ алдын алу бөлімінің басшысы


Хан ордасында тұңғыш баспахана үйіне ескерткіш тақта орнатылды

Күні: , 132 рет оқылды

20150929193722


Бөкей ордасы ауданы Хан ордасы ауылында Қазақстандағы тұңғыш баспахана үйіне ескерткіш тақта орнатылды.


Оның ашылу рәсімінде аудан әкімі Нұрлан Рахымжановтың атап өткеніндей, Хан ордасы — еліміздегі тарихи мекендердің бірі. 1826 жылы іргесін Жәңгір хан қалаған Ордада тұңғыш мектеп, қазынашылық үйі, қару-жарақ палатасы, аурухана және басқа ғимараттар ашылып, ел игілігіне айналды. Соның бірі — баспахана. Ордада 1911 жылы ұлт зиялыларының қолдауымен «Қазақстан» газеті шықса, 1917 жылы Алаш қайраткерлерінің үніне айналған «Ұран» басылымы жарық көрді.

«Жайық Пресс» ЖШС бас директоры Жантас Сафуллин кеңестік саясатқа сәйкес Хан ордасындағы баспахана 1918 жылы ашылды деп көпке дейін бұрмаланып келгендігін жеткізді. Әрі ол Қазақстандағы тұңғыш кеңестік баспахана деп аталды. Тіпті соны айғақтайтын тақтайша әлі тұр. Шын мәнісінде ол кеңес өкіметі орнамастан бұрын да жұмыс жасап тұрған. Оған дәлел — аты алты Алашқа мәлім ағартушы, сегіз тіл білген ғұлама Ғабдолғазиз Мұсағалиевтің редакторлық етуімен 1917-1918 жылдары «Ұран» газетінің шығуы. Мұның кеңес дәуірінде аталмауының сыры оның «Алаш» қозғалысының үні болғандығында. Аталған басылымның толық емес сандары тек соңғы кезде ғана табылып, соның нәтижесінде жеке кітап болып шығарылды. Енді бүгін тарихи ғимаратта ескерткіш тақтаның орнатылуы Қазақ хандығының 550 жылдығына қосылған үлес болып табылады.

Хан ордасы ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Сисен Байзонов өлкенің тарихын ұмытпай, жарқын істерді жас ұрпақтың жадында қалдыру үшін осындай өрелі шаралардың қажет екендігіне тоқталды.

“Қазақстан” газеті туралы деректі фильмнің және «Орда жұлдызы» газеті сайтының таныстырылымы болды.

Ғалым АЯН


БҚО, Орал қаласы, Мұхит көшесі, 57/1
zhaik_presscenter@mail.ru
oral_oniri@inbox.ru
support@oraloniri.kz

Орал өңірі" газетінің бас редакторы: 51-25-80
Бас редактордың орынбасарлары: 24-17-08, 54-18-08
Жауапты хатшы: 54-38-22
Тілшілер: 50-66-88, 51-50-34
Жарнама бөлімі: 51-51-09
Яндекс.Метрика