Мұрағат: Октябрь, 2015


Мәңгілікке ҚАДАМ БАСҚАНДАР…

Күні: , 841 рет оқылды

IMG_6367


Қазақстанда жасақталған 100-ші және 101-ұлттық атқыштар бригадасы Ұлы Отан соғысының ең бір ауыр жылдарында неміс басқыншыларына күйрете соққы бергені белгілі. Қазақстандық сарбаздардың өшпес ерлігі талай шығармаға арқау болды. Со-лардың бірі – самаралық тарихшы-ұстаз Зоя Зербіқызы Асимова құрастырған «Шагнувшие в вечность» атты деректі кітап. Ке-ше облыс әкімінің бірінші орынбасары Арман Өтеғұлов осы кітаптың тұсаукесеріне арнайы келген РФ Тверь облысы Оленино ауданының делегациясын және Ақтөбе, Ақтау, Қызылорда қалаларынан ат арытып жеткен бригада жауынгерлерінің ұрпақтарын арнайы қабылдады.


— Құрметті қонақтар, қан майданда бүгінгі біздің бейбіт өміріміз үшін құрбан болған боздақтардың есімдерін тірілтіп, ортамызға оралтудағы сіздердің сіңірген еңбектеріңіз өте зор. Шақыруымызды қабыл алып, жердің шалғайлығына қарамастан келгендеріңізге үлкен рақмет. Біз «Орел» әскери-іздестіру отрядының жетекшісі, өкінішке орай, қазір марқұм боп кеткен Дмитрий Александрович Жукты жақсы білеміз. Жалпы, Ұлы Отан соғысындағы ата-бабаларымыздың ерлігін білу қазіргі жас ұрпақтың бойында отансүйгіштік сезімін қалыптастыруға, елін-жерін қастерлеуге үлкен септігін тигізетіндігі анық. Алматы мен Ақтөбеде жасақталған қос бригаданың тарихы көп жылдар бойы құпия сақталып келді. Тек 2007 жылдан бастап қана мұрағатқа кіруге, тарихымыздың ақтаңдақ беттерін қайта қалпына келтіруге мүмкіндік алдық, — деді Арман Кәрімұлы.

Келесі кезекте сөз алған Оленино ауданының басшысы Олег Дубов Тверь мен Ржев  өңірін қасық қандары қалғанша қор-ғап, опат болған қазақстандық жауынгерлердің рухына жергілікті халық әрдайым бас иетіндігін атап өтті. «Біз қазақтың батыр ұландарының ерлігін ешқашан ұмытпаймыз. Олар мәңгілік мекен тапқан аудан аумағындағы 35 бауырластар зираты үнемі қам-қорлығымызда. Ржев қаласының №5 орта мектебіне Қазақстанда жасақталған 100-ші және 101-ұлттық атқыштар бригадасы-ның есімі берілді. 2010 жылы арнайы музей ашылды», — деді О. Дубов.

Қабылдау соңында Арман Өтеғұлов Оленино ауданы әкімдігінің басшысы Олег Дубовқа ескерткіш сыйлық табыс етіп, кездесуге қатысушылар естелік суретке түсті. Сондай-ақ қонақтар боздақтардың рухына арнап Мәңгілік алау мемориалына гүл шоғын қойды.

* * *

Бұдан соң Ғ. Құрманғалиев атындағы облыстық филармонияның концерт залында  «Шагнувшие в вечность» кітабының тұсаукесері өтті. Басқосуда Батыс Қазақстан облысы Қазақстан халқы ассамблеясы төрағасының орынбасары-хатшылық меңге-рушісі Ғайса Қапақов сөз сөйледі.

— Биыл еліміз төрт  айтулы датаны кең көлемде атап өтуде.

Олар: Қазақ хандығының 550 жылдығы, Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 70 жылдығы, Қазақстан халқы Ассамблеясының 20 жылдығы және ел Конституциясының 20 жылдығы. Тарихшы-ұстаз Зоя Зербіқызы Асимова құрастырған «Шагнувшие в вечность» атты кітап Ұлы Отан соғысында қаза болған қазақ сарбаздарының есімдерін, ерлігін тарихымызға алтын әріптермен жазуға бағытталған үлкен еңбек деп бағалаймыз. Кітап Қазақстанда жасақталған 100-ші және 101-ұлттық атқыштар бригадасына арналып отыр. 1942 жылдың желтоқсан айынан 1943 жылдың ақпан айының аралығында жасалған «Марс» операциясы – Ұлы Отан соғысы жылдарындағы 39 операцияның iшiндегi ең сәтсiз аяқталған шайқас. Дәл осы абыройсыз «Марс» операциясында қазақтың талай боздағы қырылды. Жалпы, бұл операцияда бiздiң жақтан 855 мың адам опат болды, хабарсыз кеттi, тұтқындалды. Ал бұл қанды шайқаста қазақтың ұлттық 100-шi және 101-атқыштар бригадасы жауынгерлерiнiң 80 пайыздан астамы қырғынға ұшырады. Жалпы, қазақтың Алматыдан шыққан 100-атқыштар бригадасы өз туымен 1 жыл 14 күн, Ақтөбеден шыққан 101-ұлттық атқыштар бригадасы 1 жыл 8 ай, яғни Орта Азияда жасақталған барлық ұлттық бригадалардан ең көп уақыт алғы шепте немiс-фашист басқыншыларымен шайқасты. Бұл деректер Кеңес одағы тұсында аса құпия сақталып, тек 2007 жылы ғана Ресей Федерациясы құпия құжаттарды жарыққа шығарды, – деді Ғайса Қапақов. Ғайса Хамидоллаұлы сол жерде аталмыш кітаптың алғашқы даналарын Оленино ауданы әкімдігінің басшысы Олег Дубовқа сыйға тартты.

Үш мыңнан астам қазақстандық боздақтың сүйегі жатқан Оленино ауданы ең ауыр, ең қайғылы ұрыстарды бастан кешірді деп атап өтті Олег Дубов. Осынау тарихтың ақтаңдақ беттерін қалпына келтіруге қосқан зор үлесі үшін кітап авторы Зоя Асимоваға Оленино ауданының құрметті азаматы атағы берілгендігін жария еткен Олег Дубов жинақты құрастыру жұмысы-ның басы-қасында болған оралдық ұстаз, Зоя Зербіқызының сіңлісі Майра Құрмашеваға да «Оленино ауданы алдындағы еңбегі үшін» төсбелгісін салтанатты жағдайда табыс етті.

Тоқтар ҒАБДІРЕШҰЛЫ,

«Орал өңірі»

Майра ҚҰРМАШЕВА,

кітаптың деректі бөлігін құрастырушы ұстаз:

— Кітаптың алғашқы беттері 2007 жылдан жазыла бастады. Самарада тұратын апамыз, тарихшы-ұстаз Зоя Зербіқызы әкеміздің жалғыз інісі, 1922 жылы туған Қажым Құрмашевті іздестіреді. Іздестіру барысында «Орел» әскери-іздестіру отряды-ның жетекшісі Дмитрий Жуктың көмегімен оның Олейнино  ауданындағы бауырластар зиратына жерленгендігін анықтайды. Бұдан кейін өзге де батысқазақстандық сарбаздардың тағдырын білуге бел шеше кірістік. Нәтижесі көз алдарыңызда. Біз осынау үлкен жұмысты атқаруға айрықша көмегін тигізген облыс әкімі Нұрлан Ноғаевқа, әкімдіктің аппарат басшысы Марат Тоқжановқа, ел ағасы Асқар Хамитовқа, облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Айгүл Есекеноваға  ризашылығымызды білдіреміз.

Сергей ОСИПОВ,

«Орел» әскери-іздестіру отрядының жетекшісі (РФ):

— Әрине, уақыт өз дегенін істейді. Жылдар жылжыған сайын сарбаздардың мүрдесін табу қиындай береді. Соған қарамастан биыл біз ақтөбелік із кесушілермен бірлесіп, 42 жауынгердің сүйегін таптық. Солардың біреуінің жауынгерлік медальоны сақталған. Медальонды оқып, сарбаздың туысқандарын табудың да сәті түсті. Қаза болған боздақ Удмуртиядан екен. Оның туыстары амандық болса, алдағы жылы 9 мамырда Олениноға келмекші. Жалпы, қазақстандық 3 мыңнан аса сарбаздың есімдерін анықтадық. Бұл жұмыс ең соңғы жауынгер анықталып, жер қойнына берілгенше жалғаса береді.


“Кәсіпкерлер қатары КӨБЕЮДЕ”

Күні: , 956 рет оқылды

IMG_5081


Сырым ауданының әкімі Абат ШЫНЫБЕКОВ:

Сырым елінің тарихы – қазақ елінің тарихымен астасып жатқаны ақиқат. Тарихи тұлғалар мен ақындарды, өнер әлемінде  өзіндік ізі бар азаматтарды жерлестері  орынды мақтан тұтады. Біз осынау тарихы терең өлкенің бүгінгі тыныс-тіршілігін білу үшін аудан әкімі Абат Шыныбековпен сұхбаттасқан едік.


— Абат Абайұлы, Сырым ауданының дамуындағы басым бағыт – ауыл шаруашылығы саласының қандай жетістіктері бар?

– Ауыл шаруашылығы саласында мал шаруашылығын дамытуға басымдық беріліп отыр. Ауданда төрт түліктің айрықша өсімі байқалады. Биылғы жылдың тоғыз айында ірі қара 40 944 басқа, қой-ешкі 97 850 басқа, жылқы 12 826 басқа жетіп отыр. Атакәсіпті дамытуға бағытталған «Агробизнес — 2020», «Сыбаға», «Құлан», «Алтын асық», «Жұмыспен қамтудың жол картасы — 2020» мемлекеттік бағдарламалары арқылы аудан шаруашылықтары мал басын көбейтіп, асылдандыру жұмысы қарқын алды.

Ағымдағы жылы «Сыбаға» бағдарламасы бойынша 11 шаруашылық құрылымы 105 млн. теңге көлемінде несие алып, 520 бас аналық және 24 бас асыл тұқымды аталық мал сатып алды. «Құлан» бағдарламасы аясында 8 шаруашылық 193 млн. теңге несие алып, 600 бас аналық, 67 бас аталық жылқы малын сатып алды. Қой шаруашылығын дамы-туға арналған «Алтын асық» бағдарламасы шеңберінде аудан бойынша 3 шаруашылық 17,3 млн. теңге несие алып, 638 бас аналық, 23 бас аталық қой сатып алып, жұмыстануда.

«Агробизнес — 2020» бағдарламасы аясында етті мал шаруашылығына басымдық берілген. Мысалы, 2013 жылы ауданда мүйізді ірі қара малын өсірумен тек бір шаруашылық айналысса, бүгінде малды асылдандыруға 5 шаруа қожалығы қатысып, шет елден асыл тұқымды мал әкелді. Мәселен, «Мансұр Жаһан» ШҚ 40 бас асыл тұқымды қашар өсіруде. Сонымен қатар «Қарақұдық» ШҚ шетелден 95 бас асыл тұқымды қашарды өз қаражатына сатып алса, «Жібек жолы» ШҚ шетелден 399 бас асыл тұқымды қашар әкелді. «Талап» ШҚ-ның иелігінде қазіргі таңда 578 бас ірі қара малы бар, соның 392 -cі – асыл тұқымды аналық. «Амир» шаруа қожалығы отандық 297 бас асыл тұқымды аналық қашарларын алып келді, жыл соңына дейін қосымша 300 бас асыл тұқымды қашар сатып алмақ. Осы тіркелген асыл тұқымды мал басына мемлекет тарапынан 16 млн. 920 мың теңге демеуқаржы төленді.

Күні бүгін аудан бойынша 13 ауылдық тұтыну кооперативі құрылып, оларға 27 млн. теңге көлемінде демеуқаржы төленді. Кооперативтер жеке қосалқы шаруашылықтардың 1499 бас малын біріктіріп отыр. Сондай-ақ 125 мың тонна мал азығы дайындалып, жоспар 124 пайызға орындалды. Сондықтан қыстан қысылмай шығамыз деген үміт бар.

— Шағын кәсіпкерлік экономиканың тынысын одан әрі кеңейте түсетіні белгілі. Осы орайда қандай ауыз толтырып айтатын жетістіктеріңіз бар?

— Аудан бойынша 933 кәсіпкерлік нысаны тіркеліп, онда 2201 адам жұмыс жасайды. Кәсіпкерлік субъектілерінен биылғы жартыжылдықта 60,7 млн. теңге салық түсіп, 2925,6 млн. теңгенің тауары өндіріліп, қызметі көрсетілді. Мемлекеттік бағдарламалардың көмегімен жергілікті кәсіпкерлер өнім өндіру, сервистік қызмет көрсету салаларын көбірек игеруде. Қазіргі таңда ауданда пластикалық есік-терезе, құдық сақиналары мен тас, өрнектас шығару өндірісі, автосервис, наубайхана, жарнама цехтары, көр-пе-көпшік, ер-тұрман жасаумен шұғылданатын жеке кәсіпкерлер қатары көбеюде. Ауданда 8 тойхана, 7 мейрамхана және 11 дәмхана халыққа қызмет көрсетеді. Елді мекендерде де заман талабына сай жабдықталған тойханалар мен дәмханалар ашылуда. Болашақта қызмет көрсету саласының ауқымын кеңейтіп, сапасын арттырып, жолаушыларға қызмет көрсететін әмбебап кешен ашуды жоспарлап отырмыз.

– Сырым өңіріне келген жас мамандар тұрақтап қалуы үшін қандай қамқорлық көрсетілуде?

– Елбасымыз айтқандай, «Ел болашағы – жастар». Сондықтан жастарды ауылға тұрақтандырудың маңызы жоғары. Оларды ауданға тұрақтандыру мақсатында «Дипломмен ауылға» бағдарламасына жіті көңіл бөлінуде. Биыл білім саласына 13 маман, мәдениет саласына 1 маман, денсаулық сақтау саласына 1 жас маман келді. 28 жас маман көтермеақымен қамтылды. 16 жас маманымыз тұрғын үй сатып алу үшін бюджеттік несие алды. Сондай-ақ биыл ауданға арнайы теолог маман келіп, еңбек етуде.

– Абат Абайұлы, сіздің ауданда «көгілдір отынмен» қамту жұмысы сәтті жүзеге асырылып жатқаны аян. Осы бағыттағы жұмысқа тоқталып кетсеңіз.

— Аудандағы 38 елді мекеннің 12-сі «көгілдір отынмен» толық қамтылған. Биыл 10 елді мекенге газ құбыры тартылуда. Нақтырақ тоқталсам, ауданымызда 2010 жылдан басталған газдандыру жұмысы нәтижесінде Жымпиты, Өлеңті, Алғабас, Талдыбұлақ, Қазақстан, Тасқұдық ауылдарының тұрғындары газбен қамтылған болатын. 2014 жылы тағы да алты елді мекен: Қособа, Жырақұдық, 1 май, Қосарал, Жетікөл, Шағырлой ауылдары газға қосылды. Бұл – аудан тұрғындарының 62 пайызы. Қазіргі таңда Көгеріс – Тамды – Қоңыр – Қарақұдық – Бұлдырты – Көздіғара және Аралтөбе – Бұлан – Жамбыл – Қызылағаш елді мекендері бағыттарында ұзындығы 189 шақырымды құрайтын газ құбыры желісін тарту жұмысы жалғасуда. Мұның сыртында, Тоғанас, Аң-қаты, Қарағанды, Құспанкөл, Жаңаөңір, Сасықкөл елді мекендерін газдандыруға жобалық-сметалық құжаттама жасақталды.

– Жол салу мен жөндеу – дамудың маңызды саласы. Бұл бағыттағы атқарылған істер мен жоба-жоспарлар қандай?

– Тоғыз жолдың торабында орналасқан Сырым ауданы үшін жолдың маңыздылығы айтпаса да түсінікті. Елбасы өзінің «Нұрлы жол – болашаққа бастар жол» атты Жолдауында аймақтардың бір-бірімен тығыз қарым-қатынаста болуына жолдың алар айрықша орнын атап кеткен болатын. Біздің аудан аумағында облыстық маңызы бар 428 шақырым аутожол бар. Биыл тұрғындардың көптен бергі сұранысымен аудан орталығындағы 3 көшенің жолын жөндеуге облыстық бюджеттен 102 млн. теңге бөлініп, 4,5 шақырым жолдың жөндеу жұмыстары басталды. Мұның сыртында Самара – Шымкент тас жолынан Бұлдыр-ты ауылына дейінгі 12 шақырым жолды жөндеуге 384 млн. теңге бөлініп, құрылыс жұмыстарын «Проектжол» ЖШС жүргізуде.

Облыстық маңызы бар Жымпиты-Қаратөбе тас жолының 55 шақырымына орташа жөндеу жұмыстары басталып, биыл «Юнисерв» ЖШС 1 млрд. теңгеге 21 шақырым жолды жөндеді. Аудандық маңызы бар жолдарды күтіп-ұстауға 35 млн. теңге қарастырылды.

– Абат Абайұлы, тұрғындарды ауыз сумен қамту мәселесі қалай шешімін табуда?

– Өткен жылы ауданымызда халықты сапалы ауыз сумен қамту жұмыстары қарқынды жүргізілді. Атап айтқанда, мемлекеттік «Ақбұлақ» бағдарламасы аясында Жымпиты, Өлеңті, Талдыбұлақ ауылдарының ауыз су құбырлары желісі толығымен жаңғыртылып, тұрғын үйлердің аулаларына дейін су құбырлары тартылды. Жымпиты ауылының ауыз сумен қамту жүйесін қайта жаңғырту жұмыстары нәтижесінде 103 шақырым су құбыры тартылып, 1442 үйдің ауласына су кірді. Бұрынғы 3 ұңғымаға қосымша жаңадан 2 су көтеру ұңғымасы салынды.

Биылғы жылдың маусым-шілде айларында Жымпиты ауылында ауыз су тапшылығы мәселесінің болғаны рас. Оған байланысты жергілікті атқарушы құрылым тарапынан тұрғындарға жан-жақты түсінік берілді және аталған мәселені одан әрі шешу мақсатында жоғарыда айтқанымдай, қосымша жаңадан 2 су көтеру ұңғымасын іске қосып, 630 метр электр желісі және су құбыры желісі тартылды. Қазіргі уақытта жағдай бірқалыпты, тұрғындарға тәулігіне 630-650 тонна ауыз су кестеге сәйкес берілуде. Сонымен қатар Алғабас, Қарағанды ауылдарын сапалы ауыз сумен қамту мақсатында қосымша су ұңғымалары қазылып, құбырлар тартылуда.

Сұхбаттасқан Тоқтар ҒАБДІРЕШҰЛЫ,

«Орал өңірі»


Маңдайы терлемегеннің ҚАЗАНЫ ҚАЙНАМАЙДЫ

Күні: , 817 рет оқылды

DSC_0003


Бұл өмірде нәпақасын адал еңбектен тауып жүрген еңбекқор жандардың ісі елеуге тұрарлық. Қараөзен ауылының тұрғыны Ару Стамғазиева- сондай жандардың бірі.


Ол «Тігіншіні инесі асырайды» дегендей, көптен бері тігіншілікпен айналысып келеді. Бүгінде құрақ көрпе, қыз жасауы дегендей, тағы да басқа бұйымдарды үйден тігіп, ауыл-аймақтағы жұрттың алғысын алуда. Жақында Алматы қаласынан жүн түту станогын сатып алып, қой жүнін пайдаға асырып жатқанын өз көзімізбен көріп қайттық.

— Станок күніне 70-80 келі жүн түтеді. Ал жүннің келісін 20 теңгеден сатып аламын. Өз кәсібім — нәсібім. Түтілген жүнді жуып-шайып, тазартамыз. Көрпелерді тұтынушыларға 4 мың теңгеден сатудамын, — деді бізбен әңгімесінде Ару апамыз.

Бүгінде қой жүнін өңдеу — басты проблеманың бірі. Жүнді өртеп жіберетін немесе сай-салаға тастай салудан арылатын кез әлдеқашан жетті. Осыған көз жеткізген Қазталов және Қараөзен ауылындағы кәсіпкерлердің жүн түтетін станоктар сатып алып, жұмыстанып жатқаны қуантады.

Тұрарбек ҚАЙЫРҒАЛИҰЛЫ,

Қараөзен ауылы


«INNOVA – 2015» ИННОВАЦИЯЛЫҚ ЖОБАЛАР БАЙҚАУЫ

Күні: , 824 рет оқылды

DSC_0090


«Технопарк «Алгоритм» ЖШС және БҚО білім басқармасы бірлесе отырып, студенттер мен оқушылар арасында «INNOVA – 2015» инновациялық жобалар конкурсын өткізді. Байқаудың мақсаты – адам өмірін жақсарту жолында инновациялық және жаңа ұсыныстар енгізіп, дамытуға ынталы дарынды жастарды анықтап, оларға қолдау көрсету болды.


— Өңір жастарының білім-ғылымға, инновациялық жобалардың дамуына өз үлестерін қосуға талпынғаны көңіл қуантады. Бү-гінгі жоғары оқу орнының студенттері мен мектеп оқушылары арасындағы байқауға сан алуан тың жобалар ұсынылып отыр. Осы дарынды жастарымызды болашақта да еліміздің өсіп-өркендеуіне өз үлестерін қосып, жоғары мамандандырылған салалар қызметкерлері қатарынан көреміз деп сенемін, — деді байқаудың ашылу салтанатына қатысқан облыс әкімінің орынбасары Игорь Стексов.

Байқауға қатысқан талантты жастар арнайы құрылған комиссия алдында өз жобаларын қорғады. Оқушылар арасындағы байқауда Н. Назарбаев зияткерлік мектебінің оқушылары Талғат Молдаш пен Мерхан Мерғалиевтың жобасы І орынды иеленсе, облыстық балалар техникалық шығармашылығы орталығынан Расул Сүлейменов пен Әнуар Жасұлан екінші, үшінші орындарды бөлісті. Студенттер арасында Жәңгір хан атындағы БҚАТУ-дың дарынды жастары Айнара Нұрболатова – І, Мөлдір Ізғалиева – ІІ, Әлия Талғатова ІІІ орынды иеленді.

Жеңімпаз жастарға байқау демеушісі “Burger CLUB” мейрамханалар жүйесі атынан ақшалай сыйлықтар, дипломдар мен сертификаттар табыс етілді.

Нұрбек ОРАЗАЕВ,

«Орал өңірі»

Әлия ТАЛҒАТОВА,

БҚАТУ-дың ІІІ курс студенті:

— Елбасымыз әр Жолдауында қоршаған ортаға зиянын тигізбейтін тың технологияларды енгізу керектігін жиі атап көрсетуде. Бұл байқауға ауыл шаруашылығы қалдығы болып саналатын фосфогипсті өңдеу арқылы пайдаға жарату жобасын әкелдік. Яғни қоршаған ортаға өз зиянын келтіретін фосфогипс

қалдығын қарапайым өңдеу арқылы өсімдікке құнар беретін тыңайтқышқа айналдыру және құрылыс саласына арналған, бағасы арзан материал алу жобасын қорғадық. Жүлделі орындар қатарынан табылғанымызға қуаныштымын. Болашақта да тың жобалар табу жолында жұмыла қызмет істейтін боламыз.

Тайыр МЫРЗАҒАЛИЕВ,

Н. Назарбаев зияткерлік мектебінің 9-сынып оқушысы:

— Бүгінгі байқауда өзімнің «әмбебап» роботымды таныстырдым.  Бұл роботты кез келген салада, ауыл шаруашылығы, геология салаларында, тіпті ғарыш зерттеу саласында да пайдалануға болады. Роботтың тағы бір ерекшелігі, заттарды түсі арқылы ажырата алады. Мысалы, мен оған тек көк түсті шарларды жина деген тапсырма берсем, ол көп шардың ішінен тек көк түсті таңдап жинап шыға алады. Сонымен қатар робот кез келген кедергілерден еш қиындықсыз өтеді. Талантты жастардың тың жобаларын бағалайтын осындай байқаулардың ұйымдастырылғанына қуаныштымын.


«Пульс города» газетіне – 25 жыл

Күні: , 800 рет оқылды

IMG_6318


Сәрсенбі күні Орал қаласы әкімдігінің үлкен мәжіліс залында қалалық «Пульс города» газетінің 25 жылдығына арналған салтанатты шара өтті. Газет ұжымын құттықтауға облыс әкімінің орынбасары Бақтияр Мәкен мен қала әкімі Алтай Көлгінов арнайы келді.


— Бүгін «Пульс города» газетінің 25 жылдық мерейтойына арналған жиында бас қосып отырмыз. Осы атаулы күнмен газет ұжымы мен оқырмандарын құттықтаймын. 25 жыл аз уақыт емес. Түрлі қиын кезеңдерді бастан кешірсе де, газеттің өркендеуіне бір кісідей атсалысқан шығармашылық ұжымның әр қызметкерінің үлесі бар. Сіздер шаһар жұртшылығын тек қаланың ғана емес, өңір жаңалықтарынан хабардар етіп келесіздер. Еңбектеріңізге табыс тілеймін, оқырмандарыңыз көп бол-сын, — деген тілегін жеткізді Бақтияр Мәкенұлы.

Одан әрі сөз алған Алтай Сейдірұлы ақпараттық кеңістікте қала басылымының да өзіндік орны бар екенін жеткізді.

– Қазіргі ақпараттық технологиялар заманында қаламызда болып жатқан өзгерістерді уақтылы әрі толыққанды оқырманға жеткізу – үлкен еңбек. Сол еңбекті осынша жыл атқарып келген «Пульс города» газетінің ұжымы түрлі мәселелерді көтеріп, өңірдегі маңызды жаңалықтарды халыққа жеткізіп келеді. Соның ішінде ардагерлердің, аға буын өкілдерінің бұл салаға қосқан үлесі зор. Сүйікті қаламызда жақсы жаңалықтар көбейіп, басылымның ғұмыры ұзақ болсын, — деп қала басшысы ұжым ардагерлерін, белді қызметкерлерін алғысхаттармен марапаттады.

Салтанатты шара барысында ҚР Парламент Мәжілісінің депутаты Елена Тарасенконың құттықтау жеделхаты оқылды. Облыстық Қазақстан халқы ассамблеясы төрағасының орынбасары, хатшылық меңгерушісі Ғайса Қапақов, Ресейдің Орал қаласындағы вице-консулы Юрий Пономарев, «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы төрағасының орынбасары Гүлназ Құлжанова, қалалық мәслихат депутаттары атынан Ляна Тұрсынова және өзге де меймандар газет ұжымына ізгі тілектерін жеткізді.

Жиын соңында аталмыш газеттің бас редакторы Сәуле Зағидуллина қуаныштарына ортақтасып келген барша қонақтарға өз алғысын білдірді. Мерекелік шараның соңы концертпен жалғасты.

 Ләззат ШАҒАТАЙ


Жайық жағасындағы ЕҢБЕК ТОЙЫ

Күні: , 820 рет оқылды

DSC_0156


Ақжайық ауданының орталығы – Чапаевтың іргесінде, жасыл желегі қалың Жайық өзенінің жағасында, халық «Чистин» атап кеткен алапта ауыл шаруашылығы күні өтті.


Аудан мал шаруашылығын дамытуға, бау-бақша өнімдерін өсіруге қолайлы өңір болып саналады. Сол себепті шаруа қожалықтарының иелері, тұрғындар мал басын көбейтуге және оның сапасын жақсартуға мүдделілік танытуда. «Агробизнес – 2020» бағдарламасы бойынша ауданда жүйелі жұмыстар атқарылып, бүгінде ел игілігіне қызмет етуді мақсат тұтқан кәсіпкерлердің қатары көбеюде. Шара барысында ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің атына көптеген жылы лебіз арналды. Жиналған жұртшылықты мерекемен құттықтаған аудан әкімі Әділ Жоламанов өсімдік шаруашылығын жаңа технологияларды пайдалану арқылы көтеру, мал шаруашылығына қажетті жемшөп базасын құру, төрт түлікті асылдандыру бағытында қолға алыну керек іс-шараларға тоқталды. Содан кейін өз еңбектерімен ауданның ауыл шаруашылығы саласының дамуына сүбелі үлес қосып жүргендерді аудан әкімінің және облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының алғысхаттарымен марапаттап, бағалы сыйлықтар табыс етті. Олардың қатарында «Мұқадес» шаруа қожалығының шопаны Серік Әленов (Ақсуат), «Төлеш» шаруа қожалығының механизаторы Ерік Бабағұмар (Құрайлысай), «Дархан» шаруа қожалығының бригадирі Ақылбек Сәрсенов (Жаңабұлақ), сондай-ақ шаруа қожалықтарының жетекшілері Аманжол Ақжігітов (Есенсай), Салтанат Масалимов (Алмалы), Қайырбек Сәлімов (Ба-зартөбе), Асылбек Оразғалиев (Мерген) бар.

Көптен бері ауданда асыл тұқымды мал көрмесі ұйымдастырылмай кетіп еді. Осы жолы қайта оралған тамашалаушылар аз болған жоқ. Көрмеге Алғабас ауылдық округінен «Сәбит» шаруа қожалығы, Бударин ауылдық округінен «Аманер» шаруа қожалығы, Мерген ауылдық округінен «Дөңгелек» шаруа қожалығы өздерінің бағымындағы қазақтың асыл тұқымды ақбас бұқасы мен сиырын әкелген еді. Мәселен, «сәбиттік» асыл тұқымды аталық бұқа Сұңқардың салмағы 840 келі тартса, Сырғалы атты сиыр 740 келі болды. Жасырары жоқ, бізде көптеген мал өсіретін шаруалар мен тұрғындар әлі де мұндай жануарларға қол жеткізе алмай отыр. Осы ауыл шаруашылығы мерекесіне арнайы келген Қазақтың асыл тұқымды ақбас сиыры республикалық палатасының БҚО бойынша өкілі Мақсот Балқыбаевтың айтуынша, асыл тұқымды мал 8 айлық кезінде 240 келі болуы қажет. Егер осы уақыт ішінде бұл салмаққа жетпесе, оның күтімі кем болғандығы және одан болашақта мықты тұқым шығады деп күт-пеу керек. Қоңдану, салмақ жамау уақытында құнарлы азық-түлікке жарымаған малдың тұқымдық қасиеті кемиді.

Аталмыш шараға алыстан ат артып келген қонақтар, ел ағалары, ақсақалдар, ақжаулықты аналар үшін киіз үйлерде кең дастарқан жайылып, қошемет көрсетілді.

Мереке дала қызықтарына ұласты. 22 шақырым аламан бәйгеге 11 ат шапты. Онда мергендік атбегілер Амангелді Мырза-ғалиев пен Нұрсұлу Ортаеваның мерейлері үстем болды. Амангелдінің сәйгүлігі межеге бірінші жетсе, Нұрсұлудың жүйрігі екінші келді. Ал ІІІ орынды чапаевтық Нұрсұлтан Құспанов еншіледі. 15 шақырымдық екінші бәйгеде базаршоландық атбегі Құбайдолла Биғазиевтың қылқұйрығы мәрені бірінші қиса, ІІ орын тағы да мергендік Нұрсұлу Ортаеваның, ІІІ орын алғабастық Ерболат Құрманғалиевтың жүйріктеріне бұйыр-ды. Оларға ақшалай сыйлықтар тапсырылды. Осы жерде мына жәйтті айта кету керек. Екі бәйгеде де алғашқы айналымнан-ақ өзі саусақпен санағандай он шақты аттың үш-төртеуі ғана суырылып шықты. «Суырылып шықты» деуіміздің өзі де артықтау. Аттың тынысы тарылардай аптап та жоқ. Жайлы қоңыр салқын. Тұғырлы тұяқ мықты ілігетін шабыс жолы, енді тақтайдай тегіс. 4-5 айналымнан соң бәйге жолында 1-2 ат қалды. Демек, атбегілер тарапынан сәйгүліктерді таң асырып жарату болмағаны-ау. Құлағын қайшылап, жер тарпып тұрған тұлпарларды іздегенімізбен, бұл бәйгеден оларды көре алмадық. Мұны алдағы уақытта ұйымдастырылатын осындай аламан бәйгелерге сабақ болсын деп айтып жатырмыз. Аудан бойынша бүгінде 20 980 жылқы бағылуда. Солардың ішінен Тарлан, Керқұла, Тайбурыл, Құлагерлер шықпауы мүмкін емес.

Спорттық ойындар да көпшіліктің делебесін қоздырды. Қазақ күресінен 20 шақты үміткерлердің ішінен Орал қаласынан келген Еділ Үсенов І орынды еншіледі. Ал екінші орынды Еркебұлан Беляков (Чапаев), үшінші орынды Ерлан Халықов (Орал қаласы) алып, қазақ күресінің әдіс-тәсілін шебер игергендіктерін дәлелдеді. Қыздар арасында өткен стритбол ойынында І орынды ақжолдық, ІІ орынды чапаевтық қыздар еншілесе, ерлер арасында көнеккеткендіктер топ жарды, ІІ орынды Чапаев №1 орта мектебі, ІІІ орынды ақжолдық команда алды. Барлық жеңімпаздар естелік сыйлықтарға ие болды.

Соңғы кезде осындай шырайлы шарада қой көтеру де дәстүрге еніп келеді. Мұның да өзіндік тәсілімен, кең тынысты талап етер жөн-жосығы жоқ емес. Өткен Құрбан айтта ептілігімен танылып, бәрінен озық шыққан будариндік Рүстем Күнтуғанов мұнда да ту қойды 72 рет көтеріп, жеңіс тұғырына көтерілді.

Ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесінде қой, сиыр, жылқы еттері молынан сатылды. Мәселен, Мерген, Ақсуаттағы шаруа қожалықтарынан жылқы етін келісі 850 теңгеден, Жамбыл, Алғабас, Базаршолан, Чапаев шаруа қожалықтары сиыр, қой еттерін 750 теңгеден ұсынды. Құрт-сүзбе, қымыз-шұбат, май-қаймақ, айрансүт, тары-талқан сатқандар да аз болмады. Жылда да көкөніс өсіруден, оларды жәрмеңкеге шығарудан қалыс қалмайтын алмалылық әкелі-балалы Александр мен Андрей Самарцевтар («Луч» шаруа қожалығы) 2 тонна пияз және қызылша, асқабақ т.б. өнімдерін өткізді.

Мерекелік шара ауданның көркемөнерпаздары мен жергілікті ұлттық этномәдени орталықтар дайындаған концертпен тәмамдалды.

Тілес ЖАЗЫҚБАЙ,

Ақжайық ауданы

Суретті түсірген Нұрбек ИХСАН


Бағдарламаның екінші бағыты КІМДЕРГЕ ТИІМДІ?

Күні: , 797 рет оқылды


Баршаңызға белгілі, тұрғындарды жұмыспен қамтуға жәрдемдесу және оларға мемлекеттік қолдау көрсету  мақсатында ҚР Үкіметі 2015 жылдың 31 наурызындағы №162  қаулысымен «Жұмыспен қамту 2020 жол картасы» бағдарламасын бекітті.


Бағдарлама мынандай үш бағыт бойынша жүзеге асырылуы тиіс:

1-бағыт – «Инфрақұрылымды және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты дамыту арқылы жұмыспен қамтуды қамтамасыз ету»;

2-бағыт – «Кәсіпкерлік бастаманы ынталандыру және тірек ауылдарды кешенді дамыту»;

3-бағыт – «Жұмыс берушінің нақты сұранысын есепке ала отырып, оқыту мен жұмысқа орналасуға және қоныс аударуға жәрдемдесу».

Осылардың ішінде бағдарламаның екінші бағыты жеке ісін ұйымдастыру немесе кеңейту арқылы кәсіпкерлікті ынталандыруды және экономикалық белсенділікті арттыруды, тірек ауылдық елді мекендерді кешенді дамытуды көздейді. Кәсіпкерлік бастаманы ынталандыру қалалық әкімшілікке қарасты Деркөл аумағы мен Зашаған, Круглоозерный және Желаев кенттік округтерінде жүзеге асырылады. Аталмыш бағдарлама бойынша тұрғындарға  жеке iсiн ұйымдастыру немесе кеңейту үшін 6% жылдық сыйақы мөлшерлемесімен 5 жылға 3 млн. теңгеден аспайтын несие беріледі. Және негiзгi борышты өтеу бойынша 18 айдан аспайтын мерзімге жеңiлдiк кезең ұсынылады. Бұл қаражатқа тұтынушылық мақсатқа, бұрынғы қарызды өтеуге және жылжымайтын тұрғын үй сатып алуға, сондай-ақ сауда саласындағы қызметті жүзеге асыруға болмайды. Сондай-ақ 500 мың теңгеге дейінгі мөлшердегі  шағын кредит 5% жылдық сыйақы мөлшерлемесімен үш жылдан аспайтын мерзімге беріледі. Бұл реттегі негiзгi борышты өтеу бойынша жеңiлдiк кезеңі алты айдан аспайды. Бір айта кететін жәйт, жеке кәсібін ашу үшін жоғарыдағы мөлшерде несие алған адам несиелік қарызын мерзімінен бұрын өтеген жағдайда,  ол адамның жеке ісін одан әрі кеңейту үшін 5 млн. теңгеге дейін шағын несие алуға құқығы бар.

Бағдарламаға қатысушы үміткерлер шағын несие алу үшін халықты жұмыспен қамту орталығына мынадай құжаттарды тапсырып, өтініш беруі керек:

1) жеке басты куәландыратын құжаттың көшiрмелері;

2) тұрақты тұрғылықты жері бойынша тiркелгенiн растайтын құжаттың көшiрмелерi;

3) жеке iсiн ұйымдастыру немесе кеңейту бойынша бизнес-ұсыныс;

4) жеке iсiн кеңейтудi жоспарлайтын адамдар төлем қабiлетiн растайтын құжаттарды қосымша ұсынады. Мұндай құжаттарға азаматтардың екiншi деңгейдегi банктерден алған несиесін кем дегенде 3 ай бұрын жапқаны және дәл сол уақытта басқа банктерге берешегі жоқ екендігін растайтын анықтама қағаз жатады. Анықтамада міндетті түрде банк басшыларының қолы мен мөрі болуы керек.

Жоғарыда айтып кеттік, шағын несие азаматтарға тек жеке ісін ұйымдастыру үшін беріледі. Атап айтқанда, несие құс шаруашылығын дамытуға, ұсақ мал өсіруге, халықтық қолөнерді дамытуға және тағы басқа да өзін-өзі тез ақтайтын қызметтерді ашу ісіне беріледі. Бағдарламаның екінші бағытына қатысу құқығы, негізінен  әйелдерге,  жұмыс істеуге денсаулық жағдайы бойынша қарсы көрсетілімдері жоқ мүгедектерге, зейнеткерлік жасына жеткенге дейін елу жастан асқан адамдарға, сондай-ақ жиырма тоғыз жасқа дейінгі жастағы жастарға беріледі.

Халықты жұмыспен қамту орталықтары бағдарламаға қатысушыларды кәсіпкерлік негіздеріне оқытады. Кәсіпкерліктің пайдасымен қоса, өзіндік қиындығы бар екенін ұмытпауымыз керек. Сондықтан жеке кәсібін жаңадан ашып жатқандар кәсіпкерліктің алғашқы негіздеріне міндетті түрде оқып-үйренгендері дұрыс.

Өйткені  кәсіпкерліктен мүлдем хабары жоқ адамның жұмысын жүргізу барысында үлкен қиыншылықтарға тап болуы мүмкін. Мысалы, кәсіпкерлік ісі бойынша құжат жүргізудің өзіндік қиындығы бар. Жеке кәсіппен бұрыннан айналысып жүргендерге кәсіпкерлік негіздеріне оқымай-ақ шағын несиеге тапсырыс беруге болады. Сондай-ақ бұдан үш жыл бұрын кәсіпкерлік негіздеріне оқытудан өткен адамдардың да мұндай оқудан өтпей-ақ шағын несие алуына болады.

Бір ескеретін жәйт, жұмыспен қамту орталығы бағдарлама қатысушыларынан бағдарлама шеңберінде берілген шағын несиенің мақсатты пайдаланылуын растайтын ақпаратты, деректерді сұратуға құқылы.

Осыған орай бағдарламаға қатысушылар мына төмендегі талаптарды орындауы тиіс:

Кәсіпкерлікті дамыту үшін микрокредит алғандар екі айға дейінгі мерзімде салық заңнамасына сәйкес салық органдарында тіркеуден өтуі тиіс.

Үш айға дейінгі мерзімде бағдарлама шеңберінде алынған шағын несиенің мақсатты пайдаланылуын растайтын құжаттардың көшірмесін тапсыруы керек.

Бизнес-жоспарының негізінде міндеттенген қосымша жұмыс орындарын үш айға дейінгі мерзімде ашуы тиіс.

Ал енді осы бағдарлама бойынша қалада атқарылған жұмыстарға тоқтала кетейін. Биыл шағын несие алуға ниет білдірген 200 адамға кеңес беру жұмыстары жүргізіліп,  бағдарламаны жүзеге асыру мәселелерi жөнiндегi қалалық комиссия отырысында 25 үміткердің жобасы мақұлданды. Атап айтқанда, 24 адам 65 млн. 706  мың теңге көлеміндегі несиелік қаражатқа қол жеткізді. Сондай-ақ  кайтарымдық  қаражат есебінен бір адамға автохимия өндірісін ұйымдастыру үшін 3 млн. теңге көлемінде несие берілді.

Жұмыспен қамту орталығының қызметкерлері алдағы уақытта да  жұмыспен қамту бағытындағы мемлекеттік бағдарламалардың жүзеге асырылуы үшін жүйелі жұмыс жасамақ.

А. ҚАБАШЕВ,

Орал қалалық  жұмыспен қамту орталығының директоры


50 оқушы ауруханаға түсті

Күні: , 800 рет оқылды

DMS_9273


Кеше дарынды балаларға арналған Сәкен Сейфуллин атындағы №11 облыстық қазақ мектеп-интернат кешеніндегі интернат тәрбиеленушілері белгісіз сырқатпен облыстық жұқпалы аурулар ауруханасына түсті.


Осыған байланысты облыс әкімдігінің  мәжіліс залында облыстық білім басқармасындағы балалар құқығын қорғау бөлімінің басшысы Хажарбибі Ескендірова, тұтынушылардың құқығын қорғау департаменті басшысының орынбасары Сергей Щербина және облыстық денсаулық сақтау басқармасының бөлім басшысы Сара Еспанова өңір журналистеріне мәлімдеме жасады.

30 қазан күні таңғы сағат 6.00 шамасында Сәкен Сейфуллин атындағы №11 мектеп-интернат кешенінің медициналық қызметкері интернатта тәрбиеленуші балалардың денсаулығына байланысты “Жедел жәрдем” шақырған. Қазіргі уақыттағы анықтау жұмыстарына қарағанда оқушылардың науқастану себебі ішек жұқпасымен байланысты деген болжам жасалған. Бірақ нақты диагноз қойылмаған. Бүгінде аталмыш департамент қызметкерлері облыстық денсаулық сақтау басқармасының мамандарымен бірлесіп, аурудың нақты себебін анықтау үстінде. Мектепинтернат кешенінде медициналық-профилактикалық шаралар қолға алынған. Аталмыш мектептегі 953 оқушының 221-і білім ұясына интернаттан қатынайды екен.

Аурудың жұғу жолдарын іздестіргенде, интернат тәрбиеленушілерінің кешкі тамақ мәзірінде  бұқтырылған ет және ет сорпасы болғаны мәлім. Аталмыш ауру белгілері мектеп оқушыларының интернатта тәрбиеленетін бөлігінен ғана анықталған. Сондықтан интернаттағы 221 оқушыдан, тамақ пісірушілерден және олармен қарым-қатынас жасаушы барлық мұғалімдерден денсаулығына байланысты сараптама алынған. Бүгінгі таңда 50 оқушы облыстық жұқпалы аурулар ауруханасында.

Олар аталмыш ауруханаға әлсіздік пен жоғары температураларына байланысты жатқызылған. Қазіргі уақытта олардың жағдайлары бірқалыпты. Интернаттағы өзге балалар да дәрігерлердің бақылауында. Алдағы демалыс күндерін ескеріп, интернаттағы балалар денсаулығын қадағалауға арнайы дәрігер мамандар бөлінген. 50 оқушыдан бөлек денсаулығына шағым жасаушылар тіркелмеген.

 Нұртас НАБИОЛЛАҰЛЫ,

«Орал өңірі»


«Жанды жүрек»

Күні: , 84 рет оқылды

IMG_7001


Қайырымдылық айлығы аясында «Жанды жүрек» атты шара өтті.

Шараның негізгі мақсаты — «Кедергісіз болашақ» жобасы негізінде саңыраулар күнін атап өту болды.


ҚР Президенті Н. Ә. Назарбаев өз Жолдауында «Мүмкіндігі шектеулі адамдар үшін Қазақстан еш кедергісіз аймақ болуы тиіс» деген болатын. Қамқорлық пен қолдауға мұқтаж болған, көңілдерін шер, қабақтарын мұң басқан, әр адамнан қайырымдылық, алақандарынан жылулық сезімін күтетін жандардың мерекесі «Қазақ саңыраулар қоғамы» клубында дәстүрлі түрде жыл сайын аталып өтеді.

Аталмыш шара түске дейін «Қазақ саңыраулар қоғамы» клубы мүшелерінің арасындағы спорттық эстафеталық ойындардан басталып, «Жанды жүрек» атты салтанатты мерекелік концертпен жалғасын тапты.

Концертте клуб өнерпаздарымен қатар облыстық нашар көретін және нашар еститін балаларға арналған арнайы мектеп-интернат кешенінің өнерлі балалары да ән айтып, би билеп келген қонақтарды өз өнерлерімен тәнті қылды. Концерт барысында мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған лотерея ойнатылып, ұтыс иелеріне бағалы сыйлықтар табыс етілді.

Сонымен қатар қоғам өміріне белсене араласып, сан түрлі салада үздік нәтижелерге қол жеткізген мүмкіндіктері шектеулі жандарды ынталандырып, қол жеткізген жетістіктері үшін алғысхаттар табысталды.

Шара екі тілдегі «Саңыраулар» гимнімен қорытыланды.

Ербол АҚБАСОВ,

қалалық «Қазақ саңыраулар қоғамы» клубының директоры


«Кәуап пісіруді ғана ҰСЫНА АЛАДЫ…»

Күні: , 115 рет оқылды

пустобаева (1)


Нина ПУСТОБАЕВА,

БҚО «Ақ Жайық» туризм қауымдастығының президенті:

— Туризм қауымдастығы немен айналысуда? Қандай ірі жобалар іске асуда?

— Қауымдастық 2013 жылдан жұмыс жасап келеді. Мақсатымыз — ішкі туризмді дамыту. Елбасының «100 нақты қадам» Ұлт жоспарында туризм кластерін дамыту, салаға инвесторлар тарту жайында нақты айтылды. Бұл саланың болашағы зор деп сенеміз. Себебі елімізде бұған қажеттінің бәрі бар.


«Орал» ӘКК Шалқар жағалауында жобаларды бастады. Демалушыларға қызмет көрсету үшін құрылыстар салуға инфрақұры-лым бар. Бұрыннан Шалқардың айналасының дамытылмай қалуы Орал қаласының аумағында демалыс үйлері, санаторийлер болғандықтан деп ойлаймын. Шалқарда суға шомылу кезеңі – маусым айынан бастап тамыздың ортасына дейін. Ал көбінесе ірі демалыс орнын салу үшін жыл бойы адамдар баратын аймақтар таңдалады. Сондай-ақ экологтар ондағы табиғатты, әсіресе, Шалқардың байлығы — құстар мен балықты қорғау үшін барын салды.

— Ішкі туризмді дамытуға не кедергі?

— Бұл саланы дамытқысы келетін кәсіпкерлер өте аз. Бастаса да бұл бизнесті үйіріп әкете алмай жатады. Бірнеше туристік базалар іске кірісті. Бірақ демалатын орындары таза емес, көбі күтімсіз. Яғни жақсы инвестиция салмайды. “Пайда болмайды, ақшамыз желге ұшады” деп қорқады. Үкіметтен қолдау бар. Бұл — тәуекелді қажет ететін сала. Бәрі де пайда тапқысы келеді, бірақ тәуекелге бара бермейді. Биліктен көмек күтеді.

Энтузиасттар керек. Сондай басшысы бар туризм нысандарының ғана ісі алға басады дер едім.

— Облысымызда қанша туризм нысаны бар? Туристер жайлы нақты деректер бар ма?

— Шамамен 80 шақты туризм нысаны, 30 шақты туристік фирма бар. Жыл сайын 10-15 мың адам туристік фирмалар арқылы шетелге шығады. Ең сұраныстағы елдер – Түркия, БАӘ, Мысыр. Визасыз барылатын елдерге демалушылар көп. Ресейдің көршілес облыстарындағы санаторийлерге баратындар баршылық. Ішкі туризмге мәлімет жинау қиындау. Елімізден Сарыағаш пен Бурабайға сұраныс жоғары.

— Туристердің дені қай бағытпен келеді?

— Бізге көбінесе іскерлік туризммен ат басын бұрады. Сондай-ақ қонаққа келгендерден де туризм саласына аз да болса пайда түсуде. Келгендерді өлкеміздің аса бай тарихы мен табиғаты таңғалдырады. Ал мұны еліміздің немесе әлемдік деңгейде насихаттап жатқанымыз шамалы. Жалпы, арнайы туристер өте аз. Мұның бір себебі инфрақұрылыммен байланысты. Ал қиын жолдарымызға қарамай келіп қалған адамдарды туризм нысандарының қызықтыратындай жобалары жоқ. Адамдар тек жағажайда жатып, күнге қыздырыну үшін келмейді ғой. Демалысты естен кетпестей қылатын ерекше жобалар болса, туристер көптеп келер еді.

— Шетелдіктердің өлкемізге қызығушылығы қалай?

— Өз тәжірибемнен айтсам, Германиядан келген немістер автобуспен аралап өтті. Экскурсия ұйымдастырдық. Қытайдан келген үш-төрт топ болды. Жапониядан іскерлік сапармен келгендерге Орал қаласын аралаттық. Америкадан 2 турист келді. Олар жылы жаққа бағыт алған құстар-ды бақылады. Сондай-ақ өлкеміздегі өзен-көл, су тоғандарында балық аулау үшін арнайы келетін шетелдіктер бар. Олар да туристік фирмаларға хабарласып жатады. Аңшылық шаруашылықтарының өз тұрақты келушілері бар. Бөкей ордасына арнайы келетіндер кездеседі.

— Туристерді, салаға инвесторларды немен қызықтыруға болар еді?

— Туристі қызықтырарлықтай өлкеміздің бренді әлі қалыптаспады. Мен ауылдық туризмді дамытқым келді. Мәселен, Коловертный ауылында орман, жидектер, саңырауқұлақтар, суында балық көп. Табиғи сүт өнімдерін сатса да жұмыссыз ауыл тұрғындары қызмет көрсетуге дайын. Қазір құрып бара жатқан бұл ауылда көне ғимараттар бар, яғни тарихы да қызықты. Туристке әңгімелейтін, көрсететін дүниелер баршылық. Ондағы ауыл тіршілігі қалалықтар үшін таңсық болар еді. Алайда жобам құпталмай қалды.

Ал инвесторлар тартуға болатын жер – Шалқар көлі деп ойлаймын. Алайда өркениеттен қалыспайтын жоғары деңгейде сервистік қызмет көрсету қажет. Шалқардың маңайындағы Сантас пен Сасай таулары қыста шаңғы тебушілер үшін де таптырмас орын болар еді. Өлкенің балық аулау туризмі келешегіне сенемін. Аң аулау үшін арнайы шаруашылықтарға баратындар да көп. Алайда қарумен байланысты болғасын бұл саланың түрлі қиындықтары бар. Бұрын кішігірім кеме, ұшақтар қызмет көрсететін. Оларға халықтың сұранысы өте жоғары болды. Біздің көз қызықтырар табиғатымызда атпен серуендеу де жаман болмас еді. Туристерге ұялмай көрсететін тарихи орындар көп. Алаш орда, Бөкей ордасы тарихына қатысты арнайы туристік маршруттар қажет-ақ. Оралдың өзінде тамаша музейлер, керемет сақталған тарихи ғимараттар баршылық.

— Саланы дамытудың тетігі неде деп санайсыз?

— Біздің туризмге жарнама жетіспейді. Туристердің көбісі бірінен бірі естіп қана келетіндер. Мысалы, ғаламтордан қарасаңыз, ірі кемпингтердің санаулысы мен санаторийлер жайлы ғана ақпарат таба аласыз, басқа туризм нысандарына тіпті қалай бару керектігін де таба алмайсыз. Шетелдіктер түгіл батысқазақстандықтардың өзі жол таба алмай жатады. Жұрттың бәрі демалғысы келеді. Әрі жайлы демалғанды қалайды. Ал біздің табиғат аясындағы туризм нысандарымызда — дәретхана далада, пеш сыртта жағылады. Түнеуге ұсынатын үйшіктері пионерлер заманынан дұрыс жөндеу көрмеген. Заманауи құрылғылар жоқ. Кәуап пісіруге мангал мен ағаш қана ұсына алады. Қоғам ондай кезеңнен баяғыда өткен, ондай қызметтер бүгін орынсыз. Жағажайларда моторлы қайықтар тұрады. Сағатына емес, минутына қаржы сұрайды, оны қарапайым туристің қалтасы көтере ме? Белсенді демалыс түрлерін дамыту қажет-ақ. Ал мұны дамытуға қаржы салмаса болмайды. Біздің инвесторлар туризмге құйылар қаржының қайтарына сенімсіз, бірден мол пайда көргісі келеді. Баса айтып кету керек, туристі қызықтырарлықтай өлкеміздің бренді әлі қалыптасқан жоқ. Туризмнің жаңа бағыттары іске қосылуы тиіс. Емдік, жағажай, спорттық, экологиялық, экскурсиялық, балалармен отбасылық туризмді дамытуға қажетті нәрсенің бәрі бар. Жоғарыда айтқанымдай, тек энтузиасттар керек.

Сұхбаттасқан Нұрлыбек РАХМАНОВ,

«Орал өңірі»


БҚО, Орал қаласы, Мұхит көшесі, 57/1
zhaik_presscenter@mail.ru
oral_oniri@inbox.ru
support@oraloniri.kz

Орал өңірі" газетінің бас редакторы: 51-25-80
Бас редактордың орынбасарлары: 24-17-08, 54-18-08
Жауапты хатшы: 54-38-22
Тілшілер: 50-66-88, 51-50-34
Жарнама бөлімі: 51-51-09
Яндекс.Метрика