Мұрағат: 26.09.2015


«Менің алғашқы ұстазым!»

Күні: , 1 157 рет оқылды

DMS_8456


Халықаралық мұғалімдер күніне орай  «Менің алғашқы ұстазым!» атты  республикалық акция  өткізілуде.


Қоғам назарын білім беру саласына аудару, педагог мәртебесін көтеру, азаматтарды  өз ұстаздарын  сыйлау мен қолдау  көрсетуге үндеу мақсатында ұйымдастырылған акцияға  мемлекеттік емес ұйымдар, ата-аналар және педагогикалық қауымдастық өкілдері, жергілікті атқарушы билік құрылымдары үлес қосуда. «Менің алғашқы ұстазым, мере-кеңізбен!», «Құттықтауымды қабыл алыңыз!», «Сыйлаймыз және жадымдасыз», «Ұстаздар, бар жақ-сылық сіздер үшін!» атты ұрандар-мен өтіп жатқан акция қыркүйек айының 21-інде басталып, 4-қазанға дейін жалғаспақ. Сонымен бірге  алғашқы ұстаздардың форумы, «Ұстазыңды құттықтауды ұмытпа!», «Алғашқы ұстазыңды құттықта!» «Ұстаз оқушылардың көзімен»,  «Менің алғашқы ұстазым!» тақырыптарында байқаулар, мектеп мұражайларының ашылуы, шығармалар, фотосуреттер, суреттер, мерекелік құттықтау хаттарын тарату да  ұйымдастырушылардың ұдайы назарында болмақ. Аймақтық, қалалық, аудандық білім саласының дамуына елеулі үлес қосқан ұстаздар марапатталып, мерекелік іс-шарада салтанатты түрде құттықтау, мадақтама, алғысхаттар, қаржылай сыйлық беру ұсынылады.

«Менің алғашқы ұстазым!» республикалық акциясы аясында  ең үздік бастауыш сынып мұғалімдерін марапаттау мақсатында алғашқы ұстаздар форумын өткізу жоспарланған.  Қыркүйек айының 21-30-ы аралығында өтетін аймақтық форумға республика мектептеріндегі үздік бастауыш сынып мұғалімдері, «Алтын белгі» иегерлерін дайындаған ұстаздар, халықаралық интеллектуалдық  байқаулар мен жарыстардың жеңімпаздары, ғылым, өнер, спорт, тағы басқа саладағы жетістікке жеткен мұғалімдер қатыса алады. Аймақтық форум бағдарламасында жергілікті атқару органдарының, үкіметтік емес ұйымдар, БАҚ өкілдерінің қатысуымен үздік педагогтарды марапаттау рәсімі мен шығармашылық ұжымдардың өнер көрсетуі  өткізіледі. Ғаламтор жүйесінде «Алғашқы ұстазыңды құттықта!» акциясы туралы беттер ашу ұсынылады.

Гүлжамал  ЖОЛДЫҒАЛИ,

«Орал  өңірі»

Суретті түсірген Медет ДОСЫМОВ


Ынтымаққа ұйытқы ұйым

Күні: , 855 рет оқылды

Still0925_00001


Кеше облыстық соғыс және еңбек ардагерлері кеңесінің төртінші пленумы болып өтті. Оған облыс әкімі Нұрлан Ноғаев қатысып, сөз сөйледі.


Пленумда ең алдымен ұйымдастыру мәселесі қаралды. Соған орай кезекті облыстық ардагерлер конференциясын 2016 жылы 24 ақпанда өткізу және Орал қалалық соғыс және еңбек ардагерлері ұйымы басқармасының төрағасы Кенжебай Нығметті облыстық ардагерлер президиумының мүшелігіне қабылдау жөнінде шешім қабылданды.

Сонан соң облыстық соғыс және еңбек ардагерлері ұйымы басқармасының төрағасы М. Мұхамбетов баяндама жасады. Оның айтуынша, облыстық ұйым ресми билік және қоғамдық ұйымдармен бірлесе отырып, талай істер тындырды және тындыра бермек. Әсіресе, жастарға отаншылдық тәрбие беруде жоспарлы істер жүзе-ге асырылып келеді. Соның ішінде Ақжайық аудандық ардагерлер ұйымының жұмысын ерекше атап көрсетуге болады. Мәселен, қазақтың тамаша ақыны Жұбан Молдағалиевтің туған жерінде және аудан орталығында оған ескерткіш орнатылған. Кеңес Одағының Батырлары Есен Орақбаев пен Михаил Абдоловтың да туған ауылында ескерткіші бар. Орал қаласы мен аудандарда, мектептер мен колледждерде жастардың соғыс және еңбек ардагерлерімен кездесулері өтеді. Олардың жастарға игі әсері болары сөзсіз. Орал қаласындағы әскери-техникалық мектеп директорының орынбасары Г. Мұқатаев басшылық ететін «Жас жауынгер» клубының жұмысы нәтижелі. Қазақ хандығының 550 жылдығы құрметіне арналған түрлі шараларға өзгелермен қатар ардагерлер де белсене қатысты. Дариян ауылдық округінде сол ауылдың соғыс және еңбек ардагерлері ұйымының төрағасы Х. Ерғалиевтің бастамасымен төрт соғыс ардагеріне ескерткіш ашылған. Келешекте төрт Социалистік Еңбек Еріне арналған ескерткіш ашылуы тиіс. Сондай-ақ «Қамтылмаған қария қалмасын!» іс-шарасы өту үстінде. Мұндағы мақсат – оралмандар мен кейбір ескерусіз қалған қарияларды есепке алып, оларға қамқорлық таныту. М. Мұхамбетов жұмыстағы жекелеген кемшіліктерді көрсете келіп, аға ұрпақ өкілдерін келешекте де белсенділік танытуға шақырды.

Жарыссөзге Жәнібек аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы  А. Уәлиев, Теректі ауданы Ақжайық  ауылдық бастауыш ардагерлер ұйымының төрағасы Т. Ашықов, Қазталов аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы У. Әбішев, «Жас Отан» жастар қанаты облыстық бөлімшесінің басшысы Н. Жолдасқалиев және басқалар қатысып, ой-пікірлерімен бөлісті.

– Ардақты ардагерлер, аға-апалар! Күн тәртібіндегі мәселе маңызды. Сіздер зейнетке шыққаннан кейін де еліміздің дамуы мен ұрпақ тәрбиесіне айтулы көп үлес қосып келесіздер. Бұл – сіздердің Отанның мүддесіне әрдайым адал екеніңізді көрсетеді. Әрине, қазір өскелең талапқа сай жас көп. Кейде оларға аға ұрпақтың көңілі толмайтыны рас. Ол заңды да. Өйткені жастарға талап қашанда жоғары болуы тиіс. Мына күрделі заманда бәріміз бірігіп, қазақстандық  қоғамның  ынтымағы  мен  еліміздің  дамуына  ұйытқы  болуымыз  шарт. Түрлі қауіп-қатерге де қарсы тұруымыз қажет. Өткенді ұмытпау керек, онсыз  келешек  жоқ. Сіздердің мол  тәжірибеңіз бен өмірлік үлгі-өнегеңіздің алдында бас иемін. Барлығыңызға амандық, саулық  тілеймін! – деді  облыс  басшысы  өз  сөзінде.

Пленум соңында марапаттау рәсімі өтіп, жиынға қатысушыларға деректі  бейнебаян  көрсетілді.

Серік   ИХСАНҒАЛИ      


Ерлік – өткенге айғақ, өзгеге айбар

Күні: , 822 рет оқылды

DSC_0847


1992 жылдан бастап тәжік-ауған шекарасында шиеленіскен күрделі ахуал қалыптасқаны тарихтан белгілі. Осынау сегіз жылға созылған әскери қақтығыстарға қатысқан ардагерлер Ұлы Жеңістің 70 жылдығына орай автошеру ұйымдастырды.


Көрші облыстың Шалқар, Алға аудандарынан басталып, Ақтөбе қаласы арқылы өткен автошеру Орал қаласына табан тіреді. Жеңіс алаңына гүл шоғын қойған соң, ардагерлер «Нұр Отан» партиясының ғимаратында жастармен кездесті.

«Ардагерлер одағы» (тәжік-ауған шекарасындағы жауынгерлік қимылдарға және әскери қақтығыстарға қатысушылардың) республикалық қоғамдық бірлестігінің төрағасы, доғарыстағы гвардия подполковнигі Мұрат Мұхаммеджанов қилы кезеңнен сыр шертіп, қазір әскери-патриоттық тәрбиені дамытуға зор көңіл бөлініп жатқанын айтты. Мәселен,  Маңғыстау, Атырау облыстарында «Қайсар» әскери-патриоттық клубының өңірлік лигалары барын мысалға алып, Орал қаласынан да ашуға ұсыныс жасады. Кейін дөңгелек үстел басында қоғамдық бірлестіктің облысымыздағы филиалына жетекшілік етуге старшина Мирлан Жұмашев бірауыздан сайланды. 1995 жылы 7 сәуірде Тәжікстанның Пшихавр шатқалында мождахеттермен болған ауыр ұрыста Қазақстанның Ішкі әскерінің құрама ротасы 17 жауынгерінен айырылды, 33 адам жарақат алады. Сонда қаза тапқан жерлесіміз сержант Радик Қаймулдиевті қаруластары құрметпен еске алысты. Тәжік-ауған шекарасында жанын шүберекке түйіп, қырағылық танытқандардың құрметіне Қызылорда, Астана, Шымкент, Атырау қалаларында ескерткіш ашылған. Қазір Ақтау қаласында осы мақсатта арнайы жер бөлінген. Онда ішкі әскер, шекарашы, десантшының қола мүсіндері тұғырға қатар қойылмақ. «Ардагерлер одағының» ұйытқы болуымен Тәжікстанның астанасы Душанбеде ашылған ескерткіш тақтаға 35 жауынгердің есімі жазылған. Подполковник Мұрат Мұхаммеджанов ҚР Білім және ғылым министрі Аслан Сәрінжіповпен кездескенін айтты. Ол кездесуде сәуірдің 7-сі мен мамырдың 9-ы аралығында «Ерлік айлығы» боп жариялануын, соның аясында оқу орындарында әскери-патриоттық шаралардың көптеп өткізілуін, яғни ҰОС, Ауған соғысына, тәжік-ауған шекарасындағы әскери қақтығысқа қатысушыларға, Чернобыль апатын жоюшыларға құрмет көрсетілуін ұсынған. 2013 жылы құрылған «Ардагерлер одағы» РҚБ мүшелігінде 8755 адам болса, біздің облыста 300-ге тарта ардагер бар. Жалпы, Мұрат Мұхаммеджанов мазасыз шекара бойында ТМД құрамындағы елдердің жүргізген бітімгершілік операцияларына қатысқан әскерлерімізге мемлекет тарапынан арнайы әлеуметтік жәрдемақы, жеңілдіктер қарастыру жөнінде жұмыстарды қолға алатындарын атап өтті.

Ерлік тағылымын үлгілеген ардагерлер жастармен кездесуінде қазақстандық патриотизмнің кең қанат жаюына үлес қосуды басты мақсат тұтқандарын айтып, елге тыныштық тіледі. Орал қаласынан аттанған автошерушілер Атырау облысынан өткен соң,  қыркүйек-тің 29-ы сапарын Ақтау қаласында аяқтайды.

Нұртай ТЕКЕБАЕВ


Елтаңбаның жаңа стандарты енеді

Күні: , 879 рет оқылды


Қазақстан Республикасының мемлекеттік Елтаңбасының жаңа стандарты 2016 жылдың 1 қаңтарынан бастап қолданыла бастайды. Осыған байланысты таяуда облыстық техникалық реттеу және метрология департаментінде облыс әкімі жанындағы мемлекеттік рәміздер жөніндегі комиссия түсінік жұмысын жүргізді.


Жиынды аталған департамент басшысы Салтанат Қамешева ашып, кәсіпорындарды метрологиялық қамтамасыз ету қызметі жайында баяндады. Одан кейін бөлім басшысы Жанақын Тығынбаев сөз алып, ұлттық стандартқа сәйкес келмейтін мемлекеттік Ту мен Елтаңбаларды ауыстыру және жою тәртібімен таныстырды. Елтаңбаның бұрынғы нұсқасы 2017 жылдың 1 шілдесіне дейін қолданылады. Сондықтан мекеме-ұйымдар жұмсалатын қаражат көлемін жоспарлауы қажет. Жаңа стандарт бойынша Елтаңбаның түсі өзгертілген. Бедеріндегі әрбір бөлшегінің атауы мен өлшемі нақтыланды. Біртекті бақылау тәртібі енгізілді.

Жиын барысында облыстық ішкі саясат басқармасының бөлім басшысы Гүлдана Аргенова мемлекеттік рәміздердің қолданылуында жіберілетін қателіктерге кеңірек тоқталды. Оның айтуынша, стандартқа сәйкес мемлекеттік Ту мен Елтаңба ауыстырылмаса, тікелей мекеме басшысының өзіне 200 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салынады. Егер белгіленген мерзімде орындамаса, жаза мөлшері екі еселенеді. Мемлекеттік рәміздерді жасауға тапсырыс бергенде жіберілетін қатынас қағазында стандарт талабы мұқият ескерілуі тиіс. Әйтпесе, бар кінәні тапсырыс қабылдаған кәсіпорындарға сілтей салудан нәтиже шықпайды. Елтаңба мәжіліс залындағы мінберлерде, ғимараттың кіреберісіндегі маңдайшада міндетті түрде орналасуы тиіс. Мемлекеттік Тудың сабы алтын түстес болуы керек. Жалпы, ғимарат сыртындағы мемлекеттік рәміздердің  күнқақты болып, түстердің оңып кетпеуі, кемкетік болмауы қадағаланып, ұдайы назарда ұсталуы қажет.

Кеңсе ішінде орналасатын, құжаттарда, мөрде таңбаланатын рәміз таңбалары да стандарт талабымен сәйкес келгені жөн.

Мәселен, арнайы қатынас қағаздарындағы Елтаңба бейнесінің нақты өлшемі бары және түрлі түсті болатыны ескеріле бермейді. Ал «әнұран» сөзі қолданыстан шығарылады. Оның орнына «Мемлекеттік Гимн» атауы нақты бекітілген. Жиында мемлекеттік рәмізге қатысты басқа да мәселелер талқыланды.

Нұртай ҒАППАР


«Тіл – тұтастық туы»

Күні: , 174 рет оқылды

DMS_8538


Сәрсенбі күні облыстық қазақ драма театрында Қазақстан Республикасындағы  тілдер күніне орай «Тіл – тұтастық туы» атты жалпыхалықтық фестиваль өтті. Облыстық тілдерді дамыту басқармасының ұйымдастыруымен өткен шара сонымен қатар Қазақстан халқы ассамблеясының 20 жылдығына арналды. Оған тіл жанашырлары мен облыстағы ұлттық-мәдени орталықтардың өкілдері қатысты. Жиында облыс әкімінің орынбасары Бақтияр Мәкен сөз сөйледі.


– Ана тіліміздің ахуалына Елбасымыз Н. Назарбаев қашан да көңіл бөліп, ұдайы қамқорлық жасап отырады. Тілсіз ел жоқ. «Мәңгілік ел» болсақ, Қазақстан үшін басты нышан – ана тіл. Ол сонымен бірге еліміздегі бізбен тағдырлас өзге ұлт өкілдеріне де ортақ. Өйткені ол – біздің рухани тұтастығымыздың қуатты құралы. Тіл мерекесі биыл Қазақ хандығының 550  және Қазақстан халқы Ассамблеясының 20 жылдығымен тұстас келіп тұр. Мұның өзі – жақсы көрініс. Демек, келешекте де осы жарасымды үрдіс жалғасын тауып, Отанымыздағы бірлік мен ынтымақ нығая берсін! – деді Бақтияр Мәкенұлы. Содан кейін ол бір топ ұлт жанашырларын облыс әкімінің алғысхатымен марапаттады. Жоғары құрметке ие болғандардың ішінде өңірімізге танымал ғалымдар Серікқали Шарабасов, Мұрат Сабыр, Тасқала ауданы әкімінің орынбасары Люция Жұбанышқалиева, әріптестеріміз «Орал өңірі» газетінің тілшісі Нұртас  Сафуллин мен бөлім меңгерушісі Нұрлыбек Рахманов, «Приуралье» газетінің  тілшісі Жанат Тоқтарова және басқалары бар.

Ресми бөлімнің соңы көркемөнерпаздар концертіне ұласты.  Сахнаға бірінші болып  фестиваль аясында өткен «Кел, балалар, оқылық!» облыстық байқауының жеңімпазы, №40 «Болашақ» бөбекжайының тәрбиеленушісі Азамат Нұрлыбек шықты. Ол жерлес ақын Жұбан Молдағалиевтің «Мен – қазақпын!» поэмасынан үзінді оқып берді. Танымал әншілер Зоя мен Наташа Маркиналар «Ақ Жайық – ару мекенім» әнін қазақ тілінде шырқады. Мемлекеттік тілде «Туған жер» әнімен шыққан беларус ұлттық-мәдени орталығының өкілі Анастасия Сафинаның өнеріне  қол соққандар аз болған жоқ.  Ал «Еднання» украин ұлттық-мәдени орталығынан келген «Берегиня» ансамблінің орындауындағы Шәмші ағаның «Арыс жағасында» әні өте әсерлі шықты. Өзінің ана тілінде «Қышқы шиә» әнін орындаған  Татарстанның еңбегі сіңген әртісі Эльмира Амированың өнеріне көрермендер разы болды. Фестивальда өңірдегі өзге де ұлттық-мәдени орталықтардың өкілдері өнер көрсетті.

Серік  ІЗБАСАРҰЛЫ

Суретті түсірген Медет ДОСЫМОВ


Құрбан айтпен құттықтады

Күні: , 850 рет оқылды

курбан айтпен кутт


24 қыркүйек — барша мұсылманның ең ұлық мерекесі  – Құрбан айт мейрамының алғашқы күні. Өңірімізде бұл мереке ең әуелі айт намазын оқумен басталды. Облысымыздағы мешіттерде айт намазы таңғы сағат 8.00-де оқылды. Орал қаласындағы орталық мешіттегі айт намазына облыс әкімі Нұрлан Ноғаев қатысты.


— Құрбан айт мерекесімен батысқазақстандықтарды құттықтаймын! Алла Тағала баршаның тілекдұғаларын, шалатын құрбандықтарын қабыл қылғай! Облысымыздың тұрғындары Елбасымыздың бейбітшілік, рухани келісім бағытында жүргізіп отырған саясатына толық қолдауын көрсетіп, республикамыздың әлеуметтік-экономикалық дамуына да өзіндік үлестерін қосуда. Лайымда, аспанымыз ашық, еліміз тыныш, көрер қызықтарымыз көп болып, айттан айтқа аман-есен жетуге жазсын, — деді Нұрлан Асқарұлы.

Облысымыздағы өкіл имам Рүстем Сұлтанов Құрбан айттың қадір-қасиеті, құрбан шалудың шарттары жөніндегі уағыз айтып, елімізге ырыс-береке, игілік тіледі.

Айт намазы оқылғаннан кейін облыс басшысы өз отбасының атынан құрбан шалды. Содан кейін мешіт ауласының артқы жағында құрбандыққа мал әкеліп сатып тұрғандармен дидарласты. Мәселен, Сейілхан Ақмамбетов Қаратөбенің Қалдығайты ауылынан келіп тұр. «Алтынай» шаруа қожалығында қызмет жасайды. Жыл сайын Құрбан айтқа қой әкеліп сатады. Бұл жолы 27 басты саттыққа шығарды. Бір-екі сағаттың ішінде оның он шақтысы өтіп кетті. Қойдың бағасы қолжетімді. 15-25 мың теңге аралығында. Саудаласқан жандарға одан да төмен бағаға беріп жатқан жәйі бар. Жыл өткен сайын құрбан шалатындардың қарасы көбейіп келе жатқандығының куәсі болып жүр. Биыл мал сатушылар саны едәуір көп. Мұнда елдің шетіндегі Бөкей ордасынан арнайы келген шаруашылықтар да аз емес. Солардың бірі — Бөрлі ауылдық округіндегі «Шафхат» шаруа қожалығы. Олар мұндай шараға алғаш қатысуда. Қожалық жетекшісі Жанболат Гамматов құрбан шалып жүрген азамат. Сол себепті шариғат талаптарына сай келетін ұсақ малдарды іріктеп әкелген, оларды құрбандық ретінде шалуға кедергі келтіретін кемшіліктер жоқ. Бұл жерден мал сатып алып жатқандар да жетерлік. Қала тұрғыны Еділбай Сатыбаев бағаның ондай қымбат еместігіне риза. Зеленов ауданының тұрғыны Тұрсын Хайдарованың айтуынша, құрбандық шалу тек мал бауыздаумен ғана шектелмейді. Онда адамның ішкі ниеті, шын пейілі, дінге бекемдігі, тақуалығы, басқаларға жанашырлығы таразыға түседі. Содан кейін облыс әкімі облыстық дін істері басқармасының басшысы Талғат Нығмет пен өкіл имам Рүстем Сұлтановқа мал сатып жатқан аумақтың санитарлық-гигиеналық тазалығына жете мән беруге тапсырма берді.

Сәкен ӘБІЛХАЛЫҚОВ,

“Орал өңірі”


Оралханға әжем де разы болған

Күні: , 803 рет оқылды

оралхан бокей


Бұдан 37 жыл бұрын, дәлірек айтқанда, 1978 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтының филология факультетінің студенттері өзіміздің Жайықтан шыққан жазушы Қайыр Бектұрғановпен кездесу өткізді.


Белгілі қаламгер шығармашылық қызметі туралы тартымды әңгімелеп, алдағы жазушылық жоспарымен таныстырды. Жазушының шығармашылығы хақында біздің тарапымыздан қойылған сұрақтар да аз болмады. Кездесу мәресіне жетер тұста оқырман-студенттің бірі жазушыға: «Қайыр аға Оралхан Бөкеевтің (ол кезде Бөкей емес) мақалалары мен очерктерін оқырмандардың авторына қарамай-ақ бірден сезе беруінің сыры неде?» — деген сауал қойды. Сонда жазушы сәл ойланып барып: — Мұның мәні қаламгердің шеберлігінде жатса керек,-деп жауап берді. Осы тұста жазушымен кездесуді ұйымдастырған қадірлі ұстазымыз, сол кездегі жас ғалым Серікқали Шарабасов та әңгімеге араласып: «Оралхан әлі жас қой. Ғұмыр болса, талай тұшымды туындыларды дүниеге әкеледі» -дегені есімізде қалды.  Бұл шақта әлі жиырмаға толмаған бізге аса танымал болып үлгерген жазушы О. Бөкейдің кем дегенде жетпіс жас ғұмыр кешіп, өмір шындығын өзіне тән жазушылық шеберлігімен суреттей беретініне сенімді едік. Жазушының басқа шығармаларын айтпағанда, сол 1978 жылы баспадан жарық көрген «Ән салады шағылдар» атты әңгімелер мен хикаяттар топтамасы өз алдына бөлек, жауһар дүние еді ғой! Жинаққа енген «Қар қызы», «Тортай мінер ақбоз ат», «Тоқадан қалған тұяқ», «Құм мінезі» сияқты туындылары төгіліп тұрған сөздің небір інжу-маржаны іспеттес болатын.

Аталмыш шығарманы қысқы семестр аяқталған соң Оралдағы кітап дүкенінен сатып алдым да, ауылға демалысқа қайтарда алып кеттім. Кітапты жолда пойыздың ішінде келе жатып оқып, Жәнібекке қалай жеткенімді байқамай қалыппын. Тамаша туындыдан алған әсерім ұшан-теңіз. Үйге жеткеннен кейін де таңғажайып тілі тамылжып тұрған Оралханның хикаяттары жадымнан шықпай қойды. Жазушының шығармашылығымен таныс біреулермен ой бөлісіп, пікірімді білдіргім-ақ келеді. Бірақ қапелімде кімді іздейсің, мұндайда ешкім табыла қоя ма?..

Содан ойыма мектепте оқып жүргенімде әжеме «Батырлар жырын» оқитыным орала кетті. Оған кешкісін бір қызық әңгімелер оқып беретінімді айттым. Әжем қарсы болмады. Сөйтіп, қысқы каникул бітіп, Оралға оқуға аттанғанша әжеме кітаптағы біраз хикаяттарды оқыдым. Әжеме, әсіресе, «Тоқадан қалған тұяқ» әңгімесі қатты ұнады. Ауылдағы жете таныс жайттар жазушының шеберлігімен ұш-тасып, қағаз бетіне түскесін, ол әңгімеге құмарта құлақ тосты. Тоқа мен оның баласының мал жататын орын таңертең таза болып шығуы үшін кеште сиырларды жайлар алдында ауланы айналдырып, бірнеше қайтара қуып әкеліп, қораға қамайтын қулықтарын сөзбен сурет салғандай қылып бейнелеген тұстарын оқығанымда, 78 жастағы әжем күлкіге кенеліп-ақ қалды. Өмір бойы тіршілік-тынысын малдың айналасында өткізген жанды осындай ұтымды да сәтті детальдар арқылы шынайы сендіріп, нандыра білу тек Оралхан секілді ойы оралымды суреткердің ғана қолынан келеді.

…Оралхан енді бірде кезекті кітабына «Ұйқым келмейді» деп ат қойды. Неге олай атады екен деп қалдық. Әлде дүниенің қулықсұмдық пен айлаға толып, өзгеріп бара жатқанын әлдеқалай болжап білді ме екен. Әлде ұлттық ұстанымнан айырыла бастағандардың дүбәра мінездерінен түбінде бір шикіліктің шығатынын ішкі әлемі сезді ме екен. Қалай десек те, жазушының сапырылысқан сан сұрақтың күрмеуі күрделі жауабын табуы қиынға түсіп, қиналғанын байқауға болады. Сөйтіп жүргенде өзі де мәңгілік ұйқыға кетті. Жетпіске келмек түгілі, елу жасқа да жете алмай өзі ойынан шығарып, шығармаларында жиі айтылатын «Тәңір қоймасына» аттанып кете барды. Оралхан тірі болса, мына өмірдің тұмшаланып, қалқаланып тұрған тұстарына қаймықпай қалам тартып, немкетті, немқұрайлыларды қалың  ұйқыларынан оятар ма еді. Кім білсін… Өзі айтқандай,  бәрі де баяғының садағасы.

Нұрымбек ЖАПАҚОВ,

Жәнібек ауданы


Халқы ардақ тұтқан ақын

Күні: , 845 рет оқылды

10 Бокейхан Ордасы 001


Тумасынан жалғыз Қайрат ағаның тағдыры оңай болмады. Ақын 1937 жылы 16 қыркүйекте Орда ауданындағы Жиекқұм ауылдық кеңесінің Бесқұдық деген жерінде туған. 1959 жылы Қазақ мемлекеттік университетінің филология факультетін бітірді. 1959-1992 жылдары «Жазушы» баспасында, Қазақ республикалық теледидарында жауапты қызметтер атқарды. 1993-2005 жылдары Қазақстан Республикасы Парламент Сенатының аударма редакциясында сектор меңгерушісі, кеңесші, 2005-2009 жылдары Президенттік Мәдениет орталығында шығатын «Мәдени мұра» журналында бас редактордың орынбасары болып еңбек етті.


Қ. Жұмағалиевтың 30-дан астам өлеңдер жинағы, аударма кітаптары жарық көрді. Ол – «Ақырғы матч», «Беймаза бақыт», «Дос құшағы» поэмаларының, «Құрақ көрпе», «Батырдың көз жасы», «Журналист» балладаларының, «Желсіз түнде жарық ай», «Мәңгі алау» атты бір актілі пьесалардың авторы. Көптеген шетел ақын-жазушыларының  шығармаларын ана тілімізде сөйлеткен. Қырғыз эпосы «Манасты» қазақ тіліне тәржімалауға қатысқан. Ақын өлеңдеріне қазақ композиторлары талай-талай әдемі әндер жазды. Е. Рахмадиевтің «Шабыт», «Алтын бесік», Ғ. Жұбанованың «Арысым», Е. Хасанғалиевтің «Келеміз бірге», «Біздің жар-жар тамаша», «Арайлы таңдар», Н. Тілендиевтің «Жайлаудағы жеңешем», Ә. Бейсеуовтің «Қоңыр күз», «Жадырай түсші, жанерке!», М. Омаровтың «Анашым», Д. Қажымовтың «Жарқын жаз, қайдасың?», «Махаббат», И. Нүсіпбаевтің «Алатау», «Мәншүк апа», Ж. Еңсеповтің «Наурыз» әндері және тағы да басқа туындылар қазақ музыкасының алтын қорына енді. Мәскеуде «Степная дорога», «Целомудрие» (Советский писатель), Алматыда «Раздолье», «Подарок малышам» атты кітаптары орыс тілінде жарық көрді. Шығармалары ТМД елдерінің тілдерінде, сондай-ақ ағылшын, француз, араб, неміс, қытай, хинди, испан, поляк, болгар тілдеріне аударылған. Қ. Жұмағалиев – «Молодая гвардия» журналының, «Қазақ әдебиеті» газетінің лауреаты. АҚШ-тың Әдебиет энциклопедиясына енген қазақ ақыны. Беларусь Республикасы Жоғарғы Кеңесінің, Қазақстан Республикасы Парламентінің Құрмет грамоталарымен, «Тың және тыңайған жерді игергені үшін», «Ерен еңбегі үшін» медальдарымен, КСРО және Қазақстан Жазушылар одағының грамоталарымен марапатталған.

Әлемдегі әрбір сызат ақын жүрегі арқылы өтеді дейді. Ақын көзге елеусіз қайсыбір көмескі құбылыстарды көре алатыны анық. Ол өмірден түйген көңіл сырын өлең-жырға қосты. Қайрат ағамен дәм-тұздас болып араластық. Ағаның мінезі жайдары еді. Жүзінен шуақ шашып, әрдайым күлімсіреп жүретін. Біз Орал қаласына барғанда, жиі салем бере барамыз. Кейін ағамен көрші отырдық. Соған ол қатты қуанатын. Мені тіптен еркелетіп «Гүлнаржан, ағаның үйі ақ жайлау демекші, келіп қонып кетіңдер, тіптен бізбен тұрыңдар», – деп бәйек болатын. Қайрат аға 70 жасқа толғанда арнайы Астанаға барып мерейтой кешіне қатыстық. Әуежайдан өзі қарсы алып, сондай риза болды. 75 жасын Орал қаласында атап өтті. Онда да Алматыдан келіп, қуанышына ортақтастық. Біз Оралға келген сапарымызда ағаның үйіне соқпай кетпейтінбіз. Келген бойда София апамның қолынан ас жеп, әңгіме-дүкен құратынбыз. Донеділ екеуміз бірге ән салатынбыз. Күй шертіп беретінбіз. Аға, әсіресе, күйлерді балаша қуанып елітіп тыңдайтын. Әрдайым «Біз үшеуміз тағдырласпыз», — деп отыратын. Кей кездері ауласында жемісжидегін суғарып жүретінін көретінбіз. Көршілерінен қарағанда, ол кісінің еккен ағаштары ерекше жайқалып тұратын. Сонда қайран аға жанына батқан дертін білдіртпейтін.

Ол  халқы ардақ тұтқан ақын болды. Ел арасында «Анасын сүйгеннің баласын сүй!» деген нақыл сөз бар. Бүкіл аналарға мәңгілік ескерткіш ретінде қалдырған «Анашым» әнінің мәтін авторы екенін исі қазақ  біледі. Ақын есімін ұлықтап, жақында «Қазақ поэзиясының Қайраты» атты кеш ұйымдастырдық. Ақынмен енді дидарласа алмаймыз, бірақ әр қазақтың жүрегінде өлмес рухы, асыл бейнесі қалғандығына сенеміз!

Гүлнар ДӘУКЕНОВА,

Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі,

әнші-композитор


БҚО, Орал қаласы, Мұхит көшесі, 57/1
zhaik_presscenter@mail.ru
oral_oniri@inbox.ru
support@oraloniri.kz

Орал өңірі" газетінің бас редакторы: 51-25-80
Бас редактордың орынбасарлары: 24-17-08, 54-18-08
Жауапты хатшы: 54-38-22
Тілшілер: 50-66-88, 51-50-34
Жарнама бөлімі: 51-51-09
Яндекс.Метрика