Мұрағат: 24.09.2015


«Ұлы Дала елі» – Ақ Жайық өңірінде

Күні: , 1 037 рет оқылды

казак хандыгы


Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған «Ұлы Дала елі» атты республикалық тарихи-мәдени экспедициясы Батыс Қазақстан облысында болды.


Құрамында белгілі тарихшылар, ғалымдар бар экспедиция барысында Атырау мен Батыс Қазақстан облысының делегациялары Ақжайық ауданында кездесіп, ел тарихына қатысты өзекті мәселелер жөнінде пікір алысты. Базаршолан ауылы маңындағы қорымда болып, 1795-1797 жылдары Кіші жүздің ханы болған Есім хан Нұралыұлының басына орнатылған ескерткіш тақтаның ашылу рәсіміне қатысты. Сонымен қатар экспедиция аудандағы Алаша Байбарақ батыр, Үкі билердің басына да барып, тағзым етті.

Тарих ғылымдарының кандидаты Жәнібек Аллаярұлының зерттеуіне қарағанда, 1790 жылғы 11 тамызда Нұралы хан өмірден өткен соң, қараша айында Байұлы, Әлімұлы руының кейбір старшын, билерінің бастамасымен мыңға жуық қазақ қатысқан кеңес өтіп, Нұралының үлкен ұлы Есімді ақ киізге көтеріп, хан сайлаған. Бірақ патша үкіметі Кіші жүздің біраз беделді би, старшындарының қолдауына ие болған Есім сұлтанды емес, керісінше хандық басқаруды одан әрі әлсірете түсу үшін, отарлау саясатына жасы ұлғайған Ералыны тиімді санап, хан сайлайды. Алайда Ералы хандық тақта ұзақ отыра алмай, 1794 жылы 10 маусымда фәниден озды. Осыдан соң Кіші жүздің хан тағына Есім сұлтан көтерілді. Есім әкесі Нұралының көзі тірісінде Кіші жүздегі Байұлы руларын басқаруға тартылып, саяси өмірге жастайынан араласқан еді. «Төресіз ел болмас, төбесіз бел болмас» дегендей, Есіммен бірге Байұлы руларына оның бауырлары мен балалары да билік жүргізді. Ел ішіндегі шиеленіс 1797 жылы 27 наурыздағы Есім ханның өліміне әкелді. Бұл қанды оқиға ханның Жайық бойындағы Красноярск бекінісі маңындағы Уақ руының ауылында болған сәтінде жүзеге асқан. Жалпы, Есім хан өліміне, сол тұстағы ішкі саяси жағдайдың ушығуына алып келген «бөліп ал да, билей бер» қағидасы арқылы түрлі құйтұрқы әдіс-амалмен қазақ даласында жоспарлы түрде жүзеге асырылып жатқан патша үкіметінің отарлау саясаты еді. Мұны 1775-1780 жылдары ІІ Екатерина патшаның Орынбор генерал-губернаторына жазған мына құпия жарлығы толық айқындай түседі: «1) Қырғыз-қазақ халқының бір ру басшыларын екінші ру басшыларыменен араз етіп, бірі менен бірін қас етіп, бірінің етін бірі жеуге себеп болыңыз. 2) Сұлтандардың бірі менен бірін араз қылып, бірі менен бірін иттей тартыстырып, бірінің етін бірі жеуге себеп болардай іс қылыңыз. 3) Қырғыз-қазақтың басшы адамдарын сұлтандарымен араз қылып, сұлтандарын өз қол астындағы ақсақал адамдарымен араз қылыңыз. Арасына от түскен уақытта жанып кетердей көкір-сөкір даярлай беріңіз. Осылайша арасына от тұтатып береке-бірлігін алсақ, өзара азып, тозғандығынан қазақ-қырғыз жұрты бөтен патшалық қол астына көшіп кетерге дәрмені болмас. Өз-өздері қырық пышақ болып, қырылысып, жеңілген жағы жеңген жағынан өш алар үшін, күш алар үшін Россия патшалығына жақындар уа патшалыққа қорғалар. Сол уақытта Россия үкіметі араларына төре болып, төрелеп, ретіне қарай я анасына, я мынау жағын қуаттап тұру керек. Түрлі амалменен сұлтандарының күшін кетірсек, өзімізден озып, ешқайда кете алмас.

Келетін, кететін жері өзіміз болып, тілегенімізше қақпалап жортармыз». Қаратай сұлтан ағасы Есім ханның Сырым батыр жақтастары қолынан өлім құшу себебін «Павел патшаға ант беріп, өзінің ынтамен қызмет көрсетуге ұмтылуы, қазақтар ұстап алып кеткен орыс тұтқындарын босату туралы шекаралық істер экспедициясының талабын қатесіз орындауға тырысуы үшін» деп түсіндірген. Бегәлі, Қаратай, Бөкей сұлтандар мен Байұлы руының 18 старшыны 10 сәуірде Орынбор шекаралық істер экспедициясынан Есім ханды өлтірушілерді жазаға тартуды сұраған. Өтініш соңына Байбақты старшындарымен бірге Базарбай Шахмурзин де мөрін басқан. Кейінгі уақытта ғана Ақжайық ауданының Базаршолан ауылдық округіне қарасты Ескіесім елді мекеніндегі зираттан Есім Нұралыұлының құлпытасы табылып, ханның 1797 жылы 53 жасында опат болып, тасты баласы Қайыпқали сұлтанның қойғандығы анықталды.

*   *   *

Ұлы Дала елі» атты республикалық тарихи-мәдени экспедициясының мүшелері Теректі өңіріне, Шағатай ауылдық округіне қарасты Қызылжар ауылына ат басын тіреді. Қазақстан халқы БҚО ассамблеясы төрағасының орынбасары Ғ. Қапақов, Батыс Қазақстан облыстық тарих және археология орталығының директоры М. Сыдықов, «Вайнах» шешен-ингуш мәдени орталығының төрағасы Д. Саратов, белгілі тарихшы Ж. Жақсығалиев, журналист М. Балмолда құрамына енген делегацияны аудан әкімінің орынбасары А. Тоқжанов  ауылға енер тұста күтіп алып, қазақы  дәстүрмен  ақ  ұсынды. Одан соң экспедиция мүшелері Қызылжар ауылынан табылған, ел ішінде «Хан бейіті» аталып кеткен қорымға жол тартты. Естеріңізде болса, бұл қорымнан  1805-1809 жылдар аралығында Кіші жүздің ханы болған Әбілқайыр ханның немересі, Айшуақ ханның баласы Жантөре ханның  бейіті табылған еді. Сонымен қатар Әшірбек Муминов және Қазбек Құттымұратұлы секілді азаматтар бұл қорымда Кіші жүздің табын, алаша, байбақты, кердері руларының старшын-билері, батырлары мен әулие-ахундары жерленген деген тоқтамға келген еді. Жиналғандар қорымға орнатылған ескерткіш тақтаның ашылу рәсіміне қатысты. Тақтаны ашу құрметі Қазақстан халқы БҚО ассамблеясы төрағасының орынбасары Ғайса Қапақов пен Қызылжар ауылының қадірлі қариясы Салахиев Хамит ақсақалға берілді. Келесі кезекте сөз тізгінін тарихшы Ж. Жақсығалиев алды.

– «Біздің тарихымызда ұялатындай ештеңе жоқ» деген Елбасымыз Ұлытау төрінде биылғы жылды Қазақ хандығының 550 жылдығы етіп белгілеген кезде исі қазақ шаттанып, бір серпіліп қалғаны рас. Тарихымызды тану жолында қаншама құлпытастар зерттелді. Қазір біз басында тұрған Жантөре хан өте бұлғақты кезеңде өмір сүрген. 49 жасында Нұралы ханның ұлы Қаратайдың қолынан қаза тапқан. Тәуелсіздік жылдары Жантөре хан турасында да, Қаратай жөнінде де ғалымдар том-том монографиялар жазып, олар жарық көрді. Жантөренің өнерге де жақын болғаны тарихтан белгілі. «Шалқыма» күйі – осы Жантөренің туындысы, – деді Ж. Жақсығалиев.

Шағатай ауылындағы Ы. Алтынсарин атындағы орта мектепке бас сұққан экспедиция мүшелерін оқушылар күмбірлеген күймен күтіп алды. Қонақтарға украин қызы Мұқағали Мақатаевтың жырларын оқып берсе, мектеп жанынан ашылған мұражай жәдігерлері қонақтарды таңғалдырды.

Маңғыстау облысынан Атырауға, Атыраудан Ақжайыққа, Ақжайық ауданынан Теректі ауданына жеткен күнделік-кітапты Қазақстан халқы БҚО ассамблеясы төрағасының орынбасары Ғ. Қапақов Теректі ауданы әкімінің орынбасары А. Серғазыұлына табыстады.

*   *   *

Экспедиция  мүшелерін сол күні Орал қаласындағы этномәдени бірлестік өкілдері мен жастар ән-жырмен қарсы алды. Экспедиция бұдан соң  Хан тоғайына  аялдады.

Хан тоғайында әуелі Бөкей, кейін Жәңгірді хан көтеру рәсімі өткені мәлім. Осыған орай Оралдан шығар жол бойында ескерткіш тақталар орнатылды. Қаладағы жүздесуде Қазақстан халқы БҚО ассамблеясы төрағасының орынбасары, хатшылық меңгерушісі Ғайса Қапақов, БҚО тарих және археология орталығының директоры, тарих ғылымдарының докторы, профессор Мұрат Сыдықов, тарих ғылымдарының кандидаты Жаңабек Жақсығалиев өз ой-толғамдарын жастарға жеткізді. Кездесу барысында Теректі ауданы әкімінің орынбасары Алтай Тоғжанов Ақжайық ауданынан қабылдап алған «Ұлы Дала елі» кітабын қала әкімінің орынбасары Марс Сатыбалдиевке салтанатты түрде табыстады.

*   *   *

Мұнан кейін республикалық тарихи-мәдени экспедиция Сырым ауданында болды.

Ауданның ел бастаған көсем, сөз бастаған шешен, қол бастаған батыр Сырым Датұлының есімімен аталуы тегін емес. Әр тасы мен төбесіне дейін өткен ғасырлардан сыр шертетін бұл өңірді батысқазақстандықтар Сырым елі деп атап кеткен. Сондықтан экспедицияны сырымдықтардың Сырым шыққан төбе тұсында салтанатпен қарсы алуы жарасып тұрды. Сырым батыр құрметіне жол бойында орнатылған ескерт-кіш белгі алдында тарихи әңгіме тиегі ағытылып, онда Қазақ хандығының 550 жылдығына екпін берілді. Содан кейін аудан орталығы Жымпиты ауылында «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалы ғимаратының мәжіліс залында үкіметтік емес ұйымдармен кездесу болып, онда экспедиция мүшелері Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған шаралардың мән-маңызы жөнінде өз ойларымен бөлісті. Сырым аудандық жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталығының басшысы Досжан Тайшиев осы өңірде жастар бастамасымен қолға алынған тарихи-танымдық «Менің кіші Отаным» атты экспедицияның біраз жерге ат басын тіреп, құнды деректер жинағанын айтса, тарихшы-мұғалім Серік Зиятов өлкенің өткеніне байланысты өз ұсыныс-пікірлерін жеткізді.

Экспедиция Сырым ауданында болған кезде Алаш қайраткерлерінің іздері сайрап жатқан тарихи орындармен танысып қана қоймай, Ж. Досмұхамедов атындағы орта мектеп оқушыларымен жүздесті. Мұнда М. Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің аға оқытушысы, тарих ғылымдарының кандидаты Жаңабек Жақсығалиев ұлы дала төсін дүбірлетіп өткен батырлар мен хандар, Алаш қайраткерлері жөнінде тебірене сөз қозғаса, Қазақстан халқы БҚО ассамблеясы төрағасының орынбасары Ғайса Қапақов Сырым өңірі бірегей тұлғалар мен тарихи ескерткіштерге бай екенін, сондықтан оларды барша елге таныта білу керектігін атап өтті. Жиын аудандық балалар мен жасөспірімдер шығармашылығы орталығы қойған шағын  концертпен  аяқталды.

*   *   *

Экспедиция  Ақ Жайықтағы сапарының соңында Шыңғырлау ауданына ат басын тіреді.

Қазақстан халқы БҚО ассамблеясы төрағасының орынбасары Ғайса Қапақов бастаған делегация Алмаз селолық округіне қарасты Сегізсай ауылында болып, әйгілі Аққұм тарихи орнын аралады.

Сегізсай елді мекенінде жергілікті халықтың қатынасуымен практикалық конференция өткізіліп, тарихи-мәдени тақырыпта өзекті мәселелер талқыланды. Жиынды аудан әкімдігінің аппарат басшысы Ержан Тұрмағамбетов жүргізіп отырды.

Тарихшы-ғалымдар құнды пікірлер айтып, көпшілікпен ой бөлісті.

Аудандық мәдениет үйінің өнерпаздары  шағын  концерт  қойды.

Маңғыстаудан бастау алған экспедиция Ақтөбе облысына аттанды.

Ғайса БӘЙМЕН,

Әділет ОРЫНБАСАРОВ,

Адақ ШОТПАНОВ


Хиджаб дауының астарында не жатыр?

Күні: , 1 326 рет оқылды

999апвяппув


«Біз — мұсылманбыз. Бірақ исламда түрлі ағымдар бар. Және сендер, “жасотандықтар”, осы ағымдарға кірген жастарды жаман нәрселерден тежеуге тиіссіңдер. Оларды тәрбиелеулерің керек. Біз өзімізді мұсылманбыз дегенде халықты орта ғасырға қарай тартпауымыз керек. Бізге әр адамның пікірі маңызды. Бірақ біздің қыздарымыз бен әйелдер киіп жүрген араб киімі біздің жол емес. Қазақ көшпенді халық болған, біздің ертеден келе жатқан өз жолымыз бар».  ҚР Президенті Н. Назарбаев (“Нұр Отан” партиясы “Жас Отан” жастар қанатының 2-съезі. Астана, 16 қараша 2012 жыл)

Оралда хиджаб дауы тарқамай тұр. Қаланың «Жұлдыз» ықшамауданында орналасқан №37 мектепте оқитын оқушылардың ата-аналары «Қыздарымызға хиджаб кидірмей жатыр» деп арыздануда. Бұл туралы аталмыш мектеп директоры Тамара Мұрадымова (суретте) баяндайды.


— Ашылғанына 3 жыл болған мектебімізде 1033 оқушы оқиды. Соның 29-ы – ата-анасы діни бағыттағы балалар, оның 15-і – қыз бала. Бүгінде қыздарымыз хиджаб киіп жүр, олардың алды – 1-4-сынып оқушылары. 2014 жылы қараша айында облыстық білім басқармасы, қалалық білім бөлімі басшыларынан хат келді. Онда ҚР Бас прокуратурасының ҚР-ның «Білім туралы» заңының 47-бабының 15-1-тармағына сәйкес «Білім алушылар білім беру ұйымдарында белгіленген киім үлгісін сақтауға міндетті» және «Ешбір азаматтың өз діни нанымын негізге ала отырып, Конституцияда және Қазақстан Республикасының заңдарында қарастырылған міндеттерін орындаудан бас тартуға құқығы жоқ» («Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» заңның 3-бабының 7-тармағы) деген хатын басшылыққа алған. Осыларды сараптай келе жылдың аяғында ата-аналарды шақырып, сөйлесе бастадық. Оларға мемлекеттік мекеме екенімізді, әділет басқармасында бекітілген мектеп жарғысы барын, Конституцияға, білім заңына бағынатынымызды, зайырлы мемлекетте бар балаға құқық бірдей екенін айттық. «Алдағы оқу жылында қыздарымыз орамалдарын шешіп, ақ бантиктарын тағып келсін» дедік. Биылғы 20 тамыз күні «Қызымызға хиджаб кигіземіз» деген хаты бар бір топ ата-ана мектепке келді. Мен оларға: «Қала-лық білім бөлімімен ақылдасайын, бір апта уақыт беріңіз» дедім. Ал олар мен сұраған мерзімді күтпей, үш күннен соң «Қыздарымызды сабаққа орамалмен жібермей жатыр» деп тәуелсіз делінетін газетке барған және қалалық прокуратураға шағымданған. 28  тамыз күні прокуратурада кездесу болды. Кездесуге келгендердің дені біздің мектеп оқушыларының ата-анасы емес, көбін танымадым. Олар балалары біздің мектепте оқитын ата-аналарды қолдау үшін келгендер деп түсіндік. Оларға орамалды кимешек түрінде емес, қыз баланың басының артына қарай сәнді етіп тартуды ұсындық. Бұл негізі қыз баланың психологиясы бұзылмасын деген ниетіміз еді. Олар маған: «Сіз сонда қызымызды мектепке кіргізбейін деп тұрсыз ба?» деп сұрақ қойды. Ондай ойымның мүлде жоқтығын, тек қана мектеп директоры ретінде қыздардың хиджабын шешіп, мектеп киімімен, ақ фартугі мен бантигін тағуын сұрайтынымды айттым. Алайда ата-аналар бұған келіспеді. Олар «Қойыңызшы, мектеп жарғысын» деп сөзімді тыңдағысы келмейді. Бәрі – сақалды, шалбарының балағы кесілген азаматтар. Прокурорға «Бірінші күні сізге 6 кісі келдік, бүгін 20 адам келіп отырмыз, келесіде мешіттегі жамағатымыздың бәрін әкелеміз», — деді Мержан есімді оларды қорғап жүрген қорғаушы (бұрын ішкі істер бөлімінде жұмыс жасап, шығып кеткен азамат екен). Біз қазақ дәстүрін өзіміз қазақ болғандықтан құрметтейміз. Жалпы, бұл ата-аналардың кейбірі озбырлық көрсетуге дайын тұратыны шындық. Мектеп ашылған жылы бір оқушымның ылғи қара киім киген анасы орынбасарым Гүлжан Бисенғалиеваға: «Бүкіл мектепке орамал тартқызамыз» деп қоқанлоқы танытқан болатын. Ата-аналардың бәрі – екпеден бас тартқандар. «Егер балаға екпе жасасаңыз, сотқа беремін» дейді олар. Біздің түсінігімізше, дінде зорлық жоқ. Бәрі ортақ тіл табысумен, ортақ келісумен, түсіністікпен шешілуі керек. Әр кез қоғаммен санасу керек деп білемін.

Директордың айтуынша, бұл дауға қашан, қалай нүкте қойылары белгісіз. Прокуратура бір айдың ішінде жауабын беруге уәде ет-кен. Ал облыстық Дін мәселелерін зерттеу орталығы бұл мәселеге араласып, түсіндіру жұмыстарын жүргізіп жатқанын алға тартады.

Хиджабтың өңін кимешек деп айналдырған

Ата-аналар «Исламда қыз бала орамалсыз жүруге болмайды» дейді. Және олар хиджабты кимешек сөзіне ауыстырып қолдануда. Арабтың ұлттық киімін емес, қазақтың кимешегін кигізуді сұрадық деп, кимешекті пайдаланып, арғы ойлары хиджабқа қол жеткізу екені айдан анық көрініп тұр. Қазақта кимешекті балиғатқа толмаған 5-6 жастағы қыз бала емес, тұрмысқа шыққан кексе әйелдер, аналар киген. Ал исламда бүлдіршін қыздарға балиғатқа толғанша орамал тарту парыз емесі белгілі. Бұл ата-аналар мектеп ұсынған орамалды артынан сәндеп тартудан неге бас тартып отыр? — Олар неге БҚО дін істері басқармасы мен Дін мәселелерін зерттеу орталығына бармай, бірден прокуратураға барған? Бұл мәселелерді өткен 2014 жылы  Дін мәселелерін зерттеу орталығы ортақ келісіммен, түсіністікпен шешкен жоқ па? — дейді мектеп басшысы.

Шынында да, дауға оппозициялық басылымды араластыру, яғни шу шығару, мұсылманды мұсылманға айдап салуда елдің тыныштығын бұзу саясаты бұғып жатқан жоқ па? Жалпы, еліміз бойынша араб елдеріне барып азын-шоғын дін үйренген жастар олардың мәдениетін қоса әкеліп, оны дінге балауда. Мәселе хиджабта емес, мәселе қыз баланың психологиясы бұзылмасын деген адамгершілік ниетпен кейбір мектеп басшылығы тарапынан ұсынылған жарғыдан тыс орамалды артқа байлауды, мектеп формасын тізеден төмен түсіріп киюді қабылдамай, кимешек деп хиджабтың үлгісін ұсыну және сол көзқарастан айнымай, фанатистік көзқарас танытуы бұлардың бүгінгі қоғамнан именбеуге жасап отырған алғашқы қадамдары сияқты. Хиджабқа қол жеткізген соң арабтың нихабын (көзін ғана көрсеткен қара киім) одан әрі пәрәнжасын киеміз демесіне кім кепіл? Ата-бабаларымыз сонау заманнан бастап қыздарды тыйып ұстаған, қазақтың ұлттық киімі әу бастан-ақ тік жаға, ұзын етек, ұзын жең емес пе? Мемлекет те әурет жерлерді жабуға қарсылық білдіріп отырған жоқ, қыздардың ашық-шашық жүрмеуін мектептің өзі қатаң қадағалап отыр. Хиджаб дауын көтерушілер неге зайырлы ортаға бейімделіп, бүгінгі заманға, қазақтың салт-дәстүріне сай киіну туралы ұсынысқа келіспейді? Міне, бұл бүгінгі қазақ қоғамындағы кез келген қарапайым адамнан бастап, мемлекетке дейін ойланатын аса күрделі мәселе. Түйіні шешілмей тұрған бұл даулы мәселе туралы қоғамдағы пікір екіұдай. Кейбір адамдар орамал тартуды қолдайтынын айтса да, «Намаз оқысам да, балиғатқа толмай немереме орамал тартқызбас едім» дейді. Себебі олардың ойынша, 6-7 жастағы бүлдіршін сәбиге хиджаб өте қолайсыздық әкеледі және өзін өзгелерден бөлектеу арқылы томаға-тұйықтыққа бейімделіп, еріксіз психологиялық үлкен жүк арқалауға мәжбүр болады. Бұл – бір. Екіншіден, қазақ балиғатқа толған қызына ұлттық нақышымызды араластырып, ата-бабамыздың киім үлгісін бүгінгі заманға, жасына қарай лайықтап қиіндіруі шарт. Жалпы, арабтың киім үлгісін күшпен қоғамға әкелу – ұлттық құндылықтарымызды аяқасты ету. «Хиджаб, шын мәнінде де, арабтың киімі. Оның мұсылмандар киіміне ешқандай қатысы жоқ. Жалпы, мұсылманның киімі деудің өзі дұрыс емес» деген еді Дін істері агенттігінің бұрынғы төрағасы Қайрат Лама Шәріп.

Ұлдай САРИЕВА,

«Орал өңірі»

Ержан МАЛҒАЖЫҰЛЫ, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы: 

— Біздің жастарымыз еліктегіш. Кейбір балалар Пәкістанның киімін киіп жүреді. Кейбірі арабтың, үндінің киімін киіп жүр. Оны өздерінше «сүннет» деп түсіндіріп бағады. Исламда тамақ пен киімнің түріне сүннет жоқ. Басқа ұлттың киімін киіп жүргендер – исламды дұрыс түсінбейтіндер. Исламда ұятты жерін жабу деген бар. Бірақ қазақтың киімін киіп-ақ әуретіңді жаба аласың ғой. Бұрынғы заманда ата-әжелеріміздің киімдері қандай әдемі болған. Тіпті ол заманның киім-кешегі адамның жасын, дәреже-деңгейін де айқындаған.

Ғалым ШОЙКИН, ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Дін істері комитетінің төрағасы:

– Жаңа оқу жылының басталуымен бірге білім беру мекемелерінде оқушылардың діни орамал тағу мәселесінің қайта орын алатыны белгілі. Мұндай жағдайдың Қазақстандағы білім берудің зайырлы ұстанымдарына сәйкес келмейтіні анық. Оқушылар діни шектеуден, тыйымдардан, шарттылықтардан тыс жан-жақты білім алуға ашық болулары тиіс. Осыған орай Дін істері комитеті алдағы оқу жылының басынан бастап діни орамал тағу мәселесіне қатысты келеңсіз оқиғалардың алдын алу мақсатында, оқушылардың ата-аналарымен түсіндіру жұмыстарын жүргізудің қажеттілігін назарларыңызға салады.  (2015 жылы, 28 тамыз күні Алматы, Астана қалаларының әкімдеріне және барлық облыстарға оқу орындарында орамал тарту мәселесіне қатысты жіберген ресми хатынан).

Алтынбек ҰТЫСХАНҰЛЫ,

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы жастар және жалпы істер бөлімінің басшысы:

— Қасиетті Құранның аяттарында киімнің түсі мен үлгісі нақты айтылмаған. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы қыздар мен әйелдерге қара түсті киім кимей, қазақ халқының салт-дәстүрі, әдет-ғұрпын сақтай отырып киінуді ұсынады. Мектеп табалдырығын жаңа ғана аттаған қыздарға діни орамал тартуды біз дұрыс емес деп санаймыз. Балиғатқа толмаған қыз балаға діни орамал тартуды міндеттеу шариғаттың заңына қайшы. Қазақстан мұсылмандары өздері өмір сүріп отырған қоғамнан бөлініп өмір сүрмеуге, Құранда көрсетілгендей, заңды сақтап, оған сыйласымдықпен қарауға міндетті.

Кеңшілік ТЫШҚАН, исламтанушы, философия ғылымдарының кандидаты:

— Бізді кей ата-аналардың мектепте хиджаб киюге тыйым салынуына байланысты қыздарын оқуға бермей отырғаны алаңдатады. Олар қыз бала 6-9 жаста балиғатқа толады, сол себепті денелерін тұмшалап ұстау керек деп санайды. Бұл жаста балалар тұлға ретінде қалыптасып, дүниетанымы дамып үлгермейді. Ата-аналар бұл жерде ұлттың ділін, этникалық ерекшеліктерін, салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпын есепке алмай отыр. Әр мұсылман үшін білімге ұмтылу – парыз. Себебі білім Аллахтың құдіреті мен мейірімін түсініп, пайымдау үшін міндетті түрде қажет.


Жарнамаларды филологтар тексермек

Күні: , 916 рет оқылды

IMG_3443


Газетіміздің тілшісі облыстық тілдерді дамыту басқармасы және облыстық «Қазақ тілі қоғамы» қоғамдық бірлестігімен бірігіп, Орал қаласының қоғамдық орындарындағы ҚР “Тіл туралы” заңы талаптарының орындалуына бақылау жүргізді.


Қоғамдық орындардағы жарнамаларда қате өріп жүр. Орфографикалық тұрғыдан алғанда, тек қазақша емес, орысша да ақсап тұр. Кейбірі жарнаманы орысша ғана орната салған. Көп жерде қазақша нұсқа тек заң талап еткесін ғана, қалай болса, солай жазылатынына көзіміз жетті. Сауатсыз аудармалардан тілімізде жоқ небір «жаңа сөздерді» кездестіруге болады. — 2010 жылдан бері осындай акциялар ұйымдастырып, жарнамалардағы тіл мәселесін біртіндеп реттеп келеміз. Нарықтық экономикаға сәйкес шаруашылық нысандары күн санап көбеюде. Сондықтан осы жеке құрылымдардағы жарнама мәселесі өзекті. Орал қаласы әкімдігі және қоғамдық бірлестіктермен бірлесіп «Тілге көзқарас – елге көзқарас» деген атаумен жарнамаларды реттеу айлығын ұйымдастырдық. Нәтиже бар. Биылғы ақпан айында өздеріңізбен бірге ірі нысандарды аралап, қателерге ескерту бердік. Сәуір айында тағы бір тексеріп, түзетілгенін көрдік. Кәсіпкерлерді тексеруге құқығымыз жоқ. Сондықтан қоғамдық ұйымдар және БАҚ-ты тарта отырып,  осы мәселені біртіндеп түзетудеміз, — дейді облыстық тілдерді дамыту басқармасының бас маманы Гүлнәр Әлжанова.

IMG_3447

Осындай шаралар арқылы қателіктерді ескертуден кейін көптеген нысан иелері тілдерді дамыту басқармасына хабарласып, қателерді түзегенін хабарлаған. Қалалық жұмыспен қамту орталығы, «Нұрбанк» сияқты мекемелер бір күн ішінде қателерінен құтылғанын мамандар қуана айтты. Қыркүйек айында Әбілқайыр хан даңғылы мен С. Датұлы, М. Ықсанов көшелеріндегі бірталай мекемелердің қателері анықталған. Хаттар жолданып, бұл жұмыстар нәтиже берген.

Бұл жолы Достық даңғылы, Ж. Молдағалиев, Сарайшық көшелеріндегі біраз сауда нысандары мен мекемелерді араладық. Бұрынғы осындай рейдтерде мемлекеттік тіл туралы заңды белінен басқандарға көбінесе ауызша ескерту жасалатын. Бұл жолы облыстық «Қазақ тілі қоғамы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Алтынбек Абдулманов арнайы хат әзірлеп алып шықты. Негізгі мәтіні дайын тұрған хатқа тек тілдің қандай орфографиялық, грамматикалық нормалары және «Тіл туралы» заңның қай бабы бұзылғандығын жазып, жауапты адамның аты-жөнін қосып, сол бойда қолына табыстап отырдық. Бұрын осындай шаралар барысында қатені көзіне шұқып көрсетсең де, мойындамайтын, бет бақтырмай дауласатын нысан иелері арнайы хат толтырылғасын үнсіз келісумен болды. Хатта көрсетілген қателіктерді түзету сұралып, екі апта ішінде жауап беру талап етілді. Сондай-ақ филолог мамандар жарнаманы қате жазушыларға әдістемелік көмек көрсетуге дайын екендіктерін де жеткізді.

IMG_3446

«Тіл туралы» заңнан, оның талаптарынан хабарсыз кәсіпкерлер де кездесті. Гүлнәр Әлжано-ва тілдерді дамыту басқармасына аяқтай  келіп, «Жаңа нысан ашпақшы едім, атын қалай қойсақ дұрыс?» деп ақылдасатын ұлтжанды жас кәсіпкерлердің барын айтты. Бизнес нысандары атауының дұрыс жазылуынан бастап, жарнамасына дейін мамандарға тексертіп алатын жауапкершілігі зор азаматтардың бары қуантты. — Қыркүйек айы қатемен күрес айы десек те болады. Себебі осы айда жыл сайын түрлі акциялар ұйымдастырып келеміз. Бұған тілдерді дамыту басқармасы қолдау беруде. Акциялар барысында көз жеткізгеніміз, көбінесе “Тіл туралы” заңның 4, 21-баптары бұзылады. Бизнес құрылымдары жарнамасын орыс тілінде ғана жазады. Бұрын тек сауаттылық жағына мән беріп келсек, енді жарнаманың жалпы тіліне назар аударудамыз. Бүгінде үлкен баннерлер ғана архитектура бөлімдерінде тексертілгенімен, кішігірім жарнамаларды әркім сауаты жеткенше жазып, өзінің қалауымен іліп жатыр. Осыны реттейтін тетік керек. Қоғамдық орындардағы мәтіндер бір құрылымнан өтсе, мұндай ала-құлалық болмас еді. Адамдар да тәртіпке келіп, жауапкершілікті сезінер еді. Сондықтан арнайы бір жүйе жасалуын қалаймыз, — дейді облыстық «Қазақ тілі қоғамы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы, филология ғылымдарының кандидаты Алтынбек Абдулманов. Мұндай қоғамдық тексерістер керек. Қате бірден түзетіледі. Алайда бұл түзетілген жарнама үнемі тұрмайды, уақыт өте келе оны жаңасымен ауыстырғанда бәрібір қате жібереді. Күн сайын көбею үстіндегі бизнес құрылымының бәрін бірдей аралап шығу да мүмкін емес. Айта-айта, жаза-жаза қоғамымызды әбден мезі қылған тіл мәселесі бұл бағытпен жуық арада түзеле қоймас деп түңіле бастап едік, облыстық тілдерді дамыту басқармасының бас маманы Гүлнәр Әлжанова мәселеге қатысты мынадай жаңалық айтып үміттендіріп қойды. Гүлнәр Жәрдемқызының айтуынша, алдағы жылдан бастап жарнама мәтіндері Орал қалалық тілдерді дамыту және мәдениет бөлімі арқылы сараптамадан өтеді. Иә, әзірше бұдан басқа жарнаманы реттеудің тетігі көрінбей тұр. Барлық жарнама тіл мамандарының қадағалауымен ғана көшеге ілінетін болса, ана тіліміз аяққа тапталмайды деп сенеміз.

Нұрлыбек РАХМАНОВ,

«Орал өңірі»


Орманшыларда жаңа көлік

Күні: , 823 рет оқылды

DMS_8375


Орман шаруашылығы саласы бойынша өңірімізде 8 мемлекеттік мекеме, 400-ден астам адам жұмыс жасайды.  Жақында орман шаруашылығының қызметкерлері  төл мерекелерін атап өтпек. Осыған орай облыс әкімінің бірінші орынбасары Арман Өтеғұлов сәрсенбі күні сала мамандарын мейрамдарымен құттықтады.


– Орман шаруашылығының дамуы халық үшін аса маңызды. Орман – табиғат байлығы, оны күтіп-баптау, халық қазынасы ретінде келешек ұрпаққа табыстау – сіз бен біздің міндетіміз. Қазіргі таңда өңірімізде 215 мың гектардың үстінде орман алқабы болса, соның 102 мың гектары орманмен көмкерілген. Оны күтіп-баптауда, қорғауда, молайтуда орман қызметкерлерінің еңбегі зор.

Ормандағы өрт қауіпсіздігі, жалпы осы саланы дамыту жөніндегі мәселелер облыс әкімдігінде, жергілікті әкімдік,  мәслихат жиындарында, комиссия отырыстарында жиі көтеріліп келеді. Облыс әкімі Нұрлан Ноғаевтың қолдауымен аталмыш сала жұмысын дамыту үшін қажетті техникалар бөлінді. Бүгін сіздерді төл мерекелеріңізбен құттықтап, сол көліктердің кілтін тапсырмақпыз. Жаңа техника сіздердің жұмыстарыңызды жақсартып, табиғат байлығын қорғап, оны молайтуға қызмет етеді деп сенемін, – деді  Арман Кәрімұлы өзінің құттықтау сөзінде. Бұдан соң облыс әкімінің бірінші орынбасары өңіріміздегі орман және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі мемлекеттік мекемелерге су жаңа техникалардың кілтін салтанатты түрде табыс етті. Олардың қатарында Орал, Ақжайық, Бөрлі, Тайпақ, Орда, Чапаев, Шыңғырлау, Январцев орман және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі мемлекеттік мекемелері бар. Аталған мекемелерге «УАЗ фермер» автокөліктері мен жолаушы тасымалына арналған машина, «МТЗ-80» тракторлары, суаруға арналған «Водолей» тіркемесі және  вакуумды  машина берілді.  Жиын барысында сөйлеген сала ардагері Меңдіхан Ахметов, Бөрлі орман және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі мемлекеттік мекемесінің директоры Қайрат Ермекбаев және облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Амангелді Дәулетжанов әріптестеріне жемісті жұмыс тілеп, облыс әкім-дігіне  алғыстарын  айтты.

 Айша ӨТЕБӘЛІ,

«Орал өңірі»

Суреттерді  түсірген  Медет  ДОСЫМОВ


Тоқсанның төрінде

Күні: , 828 рет оқылды

DMS_8042


Облыс әкімі Н. Ноғаев Ұлы Отан соғысының ардагері, екі мәрте Отан соғысы және «Қызыл  жұлдыз» ордендерінің иегері, Орал қаласының құрметті азаматы, Қазақ КСР-ның құрметті құрылысшысы Хамза Сафинды 90 жасқа толуына орай қабылдады.  Облыс әкімі мерейтой иесін шын жүректен құттықтап, гүл шоғы мен  алғысхат  табыс  етті.


Орал қаласының байырғы тұрғыны Х. Сафин 1942 жылы майданға алынып, орыс және беларус жерін, Балтық бойы елдерін жаудан азат етуге қатысты.  Соғысты неміс жерінде аяқтап, еліне аман оралды. Қалған өмірінің басым бөлігін өңірдегі құрылыс саласына арнаған. Зейнетке шыққаннан соң, көп жыл бойы облыстық мү-гедектер ерікті қоғамын басқарды.

– Облыс әкімімен әңгіме негізінде өңірдегі құрылыс жайында өрбіді. Сондай-ақ бүгінгі өмір жайы да назардан тыс қалған жоқ. Нұрлан Асқарұлының маған арнайы уақыт бөліп, ықылас білдіргеніне дән ризамын. Мені бүгінгі өміріміз ерекше қуантады. Бұрынғы құрылысшы ретінде айтарым, жыл сайын қалалар, соның ішінде байырғы Орал да көркейіп келеді. Әсіресе, Астананың бүгінгі сәулетінің өзі неге тұрады?! Ал оның басты сәулетшісі Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев қой.

Осылай Отанымыз көркейіп, елімізде бейбітшілік баянды болсын! – деді журналистерге берген сұхбатында Хамза  Әбдірахманұлы.

Серік  ІЗБАСАРҰЛЫ,

«Орал өңірі»

Суретті түсірген Медет ДОСЫМОВ


«Биліктің қос тармағы ынтымақты жұмыс істеуде»

Күні: , 826 рет оқылды

Ректор фото ЗКГУ


М. Өтемісов  атындағы БҚМУ-дың  ректоры, педагогика ғылымдарының  докторы,  профессор Асхат  ИМАНҒАЛИЕВ:

— Асхат Сәлімұлы, Қазақстан Республикасының Президенті Н. Ә. Назарбаевтың Қазақстан халқына арнаған «Нұрлы жол – болашаққа бастар жол» Жолдауында әлеуметтік инфрақұрылымдарды дамытуға айрықша назар аударылды. «Бірінші кезекте, бұл – апатты мектептер мен үш ауысымда оқыту проблемаларын шешу. Бұл – біздің Сайлауалды тұғырнамамыздың негізгі индика-торларының бірі» деп атап өтті Елбасы. Күні бүгін облыста үш ауысымда оқыту проблемасы шешілді. Мектептерде педагог кадрлардың жетіспеушілігі орын алуда. Бұл мәселе қалай шешілмек?


— Университетімізде Елбасымыздың Қазақстан халқына арнаған «Нұрлы жол – болашаққа бастар жол» Жолдауын насихаттауға арналған бірқатар шаралар өтті және бұл бағыттағы жұмыс әлі де жалғасуда. Сіз айтып отырған апатты мектептер мен үш ауысымда оқыту проблемасын шешу үшін үш жылдық бюджетте қарастырылған қаржы бұл проблеманы 2017 жылға дейін шешуге жетпейтінін ескере келе, Үкімет қосымша 70 миллиард теңге қаржы бөлуге шешім қабылдаған болатын. Бір қуантарлығы, біздің облыста бұл қиындық түбегейлі жойылды.

Балабақшаның жетіспеушілігі Елбасының айрықша алаңдаушылығын туғызып, мектепке дейінгі мекемелерде орын тапшылығын қысқарту үшін 3 жыл бойы қосымша 20 миллиард теңге бағыттауды тапсырды. Облыстық мәслихаттың депутаты ретінде бұл маған да жиі қойылатын сұрақтар. Өйткені біздің округ бойынша балабақша жетіспей тұр. Өткен жылдың маусым айында №6 «Шолпан» балабақшасы күрделі жөнделді. Енді Елбасының нақты тапсырмасынан кейін біздің шағын ауданда да жаңа балабақшалар салу мәселесі көтеріледі деген ойдамын.

Мамандар дайындау, түлектерді жұмысқа орналастыру мәселесіне келетін болсақ, бұл – біздің білім беру саласындағы орындайтын басты міндетіміз. Бұл бағытта алдымен аймақтың еңбек нарығы зерттеледі. Сонымен қатар жыл сайын көршілес Атырау және Маңғыстау облыстарына қандай мамандардың қажеттілігін анықтау мақсатында сол өңірлердің жұмыс берушілерімен сауалнама жүргізіледі. Нақты айтатын болсақ, соңғы бес жыл ішіндегі зерттеу мәліметтері бойынша мамандықтардың ішінде аймақтағы ең үлкен сұранысқа ие ол «Білім» бағыты. Екінші орында «Техникалық ғылымдар мен технологиялар» бағыты. Одан кейін «Қызмет көрсету», «Өнер», «Әлеуметтік ғылымдар мен бизнес» бағыттары сұранысқа ие. Аздау талап етілетін мамандықтар: «Гуманитарлық ғылымдар», «Жаратылыстану ғылымдары» және «Құқық» бағыттары. Түлектеріміздің «Дипломмен ауылға» жобасына қатысуы жақсы. Уәкілетті мекемелер берген кәсіби кадрлардың бос орындары жайлы ақпарат университет сайтының арнайы tylek.wksu.kz. бетінде орналастырылады. Соның нәтижесінде педагогикалық және өнертану бағытындағы оқу бітірген жас түлектердің 50 пайызға жуығы ауылдық жерлерге жіберіліп отыр. Соңғы бес жылда университеттің 400-ден астам түлегі «Дипломмен ауылға» жобасы аясында ауылдарға жол тартты. Университет Батыс Қазақстан облысының барлық аудандары және Орал қаласы әкімдіктерімен ынтымақтастық жөнінде меморандумдарға қол қойды. Жалпы, БҚМУ-дың 21 педагогикалық мамандығының түлектері, орта есеппен алғанда, аймақтың еңбек нарығын педагог кадрлармен 91 пайызға қамтамасыз етуде. Сонымен қатар биылғы оқу жылында «Мәңгілік ел жастары – индустрияға» мемлекеттік бағдарламасы бойынша арнайы бөлінген білім гранттарын иеленген Маңғыстау, Қызылорда, Алматы, Оңтүстік Қазақстан, Жамбыл облысының 190 студенті біздің оқу орнын таңдап отыр. Бұл бағдарлама қазақстандық жастардың кең көлемде білім алып, тәуелсіз еліміз үшін аса маңызды индустрияландыру бағдарламасына қатысуына жол ашады. Сондай-ақ екі жылдан кейін университетіміз тек өз өңірімізді ғана емес, Қызылорда, Оңтүстік Қазақстан, Жамбыл және Маңғыстау облыстарын да педагог кадрлармен қамтамасыз етеді деген ойдамын. — Елбасы Жолдауында тоқталған маңызды шаралар – Қазақ хандығының 550 жылдығы, Қазақстан Конституциясының және Қазақстан халқы ассамблеясының 20 жылдығы, Ұлы Жеңістің 70 жылдығы секілді ауқымды шараларға университет ұжымы қаншалықты үлес қосуда? Қандай шаралар өткізіп үлгердіңіздер?

— Қоғамда «Қазақ елінің ұлттық идеясы қандай болуы керек?» деген жиі талқыға түсетін сауалға Елбасы өзінің Жолдауында нақты жауап берді. Бұл — болашаққа бағдар беретін, ұлы мақсаттарға жетелейтін жалпыұлттық идея – Мәңгілік ел идеясы. Баршамыз осы ұлы мақсат жолында жұмыла жұмыстануға тиіспіз.

Университетімізде бұл бағыттар бойынша бірқатар шаралар өтті және әлі де оқу жылы аяғына дейін жоспарлаған шараларымыз бар. Атап өтер болсақ, Ұлы Отан соғысының ардагері, тарихшы-ғалым, ұстаз Қ. Сүйіншалиевтың 90 жылдық мерейтойына орай «Ұлы Отан соғысы: тарихы, тәжірибесі және жаңаша пайымдау» атты республикалық ғылыми-тәжірибиелік конференция ұйымдастырдық. Мамыр айында Қазақстан Республикасы тарихы кафедрасының ұйымдастыруымен Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған «Қазақ хандығының тарихы: құрылуы, қалыптасуы және дамуы» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция жоғары деңгейде өтті. Конференция барысында Қазақ тарихындағы елеулі саяси оқиғалар мен хан-сұлтандар, батырлардың ерлік тұлғасы, мемлекеттіліктің қалыптасуындағы, ұлт пен ұрпақ болашағы жолындағы саяси-қоғамдық қайраткерлердің қарымды қызметтері жаңа зерттеулер мен зерделі тұжырымдар негізінде зерделенді. Құқықтық пәндер кафедрасының ұйымдастыруымен 2015 жылдың 15 маусымында Қазақстан Республикасы Конституциясының 20 жылдығына арналған «Қазақстан Республикасы Конституциясының қалыптасу кезеңдері мен құқықтық мәртебесі» атты аймақтық ғылыми-тәжірибелік конференция оздырылды. Онда «Қазақстан Республикасы Конституциясы құқық жүйесінің феномені ретіндегі рөлі», «Тәуелсіз Қазақ-станның тұрақты дамуындағы конституцияның маңызы» сынды тақырыптар қамтылып, елдегі құқықтық жүйе жан-жақты қарастырылды.

2015 жылдың 20 тамызында Қазақстан халқы ассамблеясының 20 жылдығына арналған «ҚХА-ға 20 жыл – жаңа кезең. Біртектілік және бірлік» атты дөңгелек үстел өтті. Дөңгелек үстелге қатысушылар Қазақстан халқы ассамблеясының маңызын, халықтар достығы мен қоғамдағы татулықты сақтаудағы рөлін атап көрсетті. — Асхат Сәлімұлы, сіз басқаратын университетте Қазақстан халқы ассамблеясы кафедрасы ашылғанын білеміз. Жаңа кафедраны ашудағы мақсат не? Ақ Жайық өңіріндегі бетке ұстар жоғары оқу орнында қазір қанша ұлттың өкілдері оқып, білім алуда? Олардың мемлекеттік тілді меңгеру деңгейі қандай?

— Елдің тұтастығы татулығы мен тыныштығы — ең басты құндылығымыз. Сондықтан университетімізде Қазақстан халқы ассамблеясы кафедрасын ашуды жөн деп таптық. Кафедраның міндет-миссиясы – университетте, этносаясат саласында оқутәрбие және ғылыми-зерттеу үрдістерін әдіснамалық және әдістемелік қамтамасыз ету. Сонымен қатар әлеуметтiк-экономикалық, саяси және мәдени үрдістердің контексінде этносаяси зерттеулердің кешендi тәсiлін қолдану. Кафедра жұмысына 2 ғылым докторы, 13 ғылым кандидаты және университеттің 9 магистрі мен аға оқытушылары белсенді атсалысып келеді. Аталған кафедра өз мақсаттарын жүзеге асыруда көптеген шаралардың өтуіне ұйытқы болды. Атап айтсақ, олардың ара-сында «Еуразиялық кеңістіктегі Қазақстан мен Ресей шектес мемлекеттер халықтары: диалог және ынтамақтастық» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция, «Қазақстан Еуразиялық интеграциялық жобада» атты дөңгелек үстел, Н. Ә. Назарбаевтың Ұлт жоспары – бес институционалдық реформасында көрсетілген 100 нақты қадамды орындау бойынша дөңгелек үстел, «Тарихтан тағылым – өткенге тағзым» халықаралық форумы және т.б. бар. «Еуразиялық экономикалық интеграция», «Қазақстан халқы ассамблеясына 20 жыл» тақырыптары бойынша куратор сабақтарын өткізу үшін әдістемелік нұсқаулық дайындалды. Қазақстан халқы достастығының фестивалі, этномәдени бірлестіктер жетекшілерімен кездесулер өткізілді. Университетте білім алып жатқан өзге ұлт өкілдеріне келетін болсақ, бүгінгі таңда оннан астам ұлт өкілдері оқиды. Өзге ұлт өкілдеріне қазақ тілін меңгертуге бағытталған курстар жүргізілуде. Білім ордасы жанындағы «Достық» студенттік клубы 2006 жылдың 1 қыркүйегінде Қазақстан халықтарының студенттік кіші ассамблеясы болып құрылды. Оның негізгі мақсаты — жастар арасында қоғамдық тұрақтылықты нығайту, мемлекеттік тіл мен қазақ халқының мәдениетін, азаматтық және рухани-мәдени бірлігін күшейту, Қазақстан халықтарының негізінде Қазақстан этностарының арасындағы рухани бірлік пен достықты сақтау. Сонымен қатар облыстық «Қазақстан-Орал» телеарнасы әзірлеген «Менің елім – Қазақстан!» бағдарламасында «Достық» студенттік клубы дайындаған бейне-роликтің көрсетілуі олардың қоғамдық шараларға белсене қатысуларының бір көрінісі деп білемін. — Отандық туризм, соның ішінде тарихи сипаттағы туризм қоғамдық санада, әсіресе, жастардың арасында қа-зақстандық патриотизмді нығайтары анық. Сол себепті осы бағыттағы жоба-жоспарларыңызбен бөліссеңіз.

— Ол сөзсіз солай. Мұндай игі бастамалар бізде де аз емес. Соның бір айқын айғағы – университет қабырғасында ашылған «Махамбет» ғылыми-зерттеу орталығы. 2013 жылы құрылған орталық аз ғана уақыт ішінде жүйелі, кешенді жұмыс атқарды. «Бабалар тарихына тағзым» атты экспедиция ұйымдастырды. Экспедицияның мақсаты – туған өлке тарихын зерделеуге кешенді тұрғыда ден қою, ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізу, студент жастарды ата-баба тарихын терең білуге баулу еді. 2013 жылы М. Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университеті, «Махамбет» ғылыми-зерттеу орталығы және «Жайық Пресс» ЖШС бірлесіп ұйымдастырған экспедиция Атырау облысы Индер ауданындағы Махамбет баба кесенесіне арнайы барды. Одан әрі шежіре, сырға толы тарихи өлкелер – Жаңақала және Бөкей ордасы аудандарында жұмысын жалғастырды. Сапар барысында тарихи, әдеби, мәдени, этнографиялық және т.б. сипаттағы мол деректер жинақталды. Таяуда ғана экспедиция Исатай батыр жерленген жерден оралды. Ол батырдың жорық жолдары, соңғы шайқасқан жері туралы ақиқат, Исатай Тайманұлы мен Жәңгір ханның арасындағы қақтығыс салдары, көтеріліске қатысқан өзге де сарбаздар тағдыры турасында тың деректер жинақтауды алдына мақсат етті. Бұл бағыттағы жұмыстар әрі қарай да жалғаса бермек.

— Өзіңіз басқаратын білім ордасы оқыту сапасын көтеру үшін шетелдік университеттермен тығыз қарым-қатынас орнатуда. Осы халықаралық әріптестік байланыстардың бүгіні мен ертеңі туралы әңгімелеп берсеңіз.

— Біздің университет күні бүгін таяу және алыс шетелдің сексеннен астам жоғары оқу орнымен келісімшарт жасады. Соның ішінде Германияның Гутенберг атындағы университетімен, Пассау университетімен, Польшаның Быдгощ қаласындағы халықаралық туризм және мәдениет институтымен, АҚШ-тың Миссисипи университетімен, Лондон менеджмент академиясымен, Ресей халықтар достығы университетімен, Астрахан мемлекеттік университетімен, Орынбор мемлекеттік университетімен, Саратов мемлекеттік университетімен, Самара мемлекеттік университетімен, Қалмақ мемлекеттік университетімен, Жаңасібір мемлекеттік университетімен, М. Акмулла атындағы Башқұрт мемлекеттік педагогикалық университетімен тығыз байланыс орнаттық.  Қосдипломдық бағдарлама бойынша шетелдік жоғары оқу орындарымен жасалған келісімнің негізінде БҚМУ-дың «шет тілі» мамандығының студенттері аталған оқу орындарында білім алуда. Сонымен қатар шетелдерде маман дайындауға да үлкен көңіл бөлінуде. Мысалы, биыл университетіміздің оқытушылары «Болашақ» бағдарламасы шеңберінде Түркия елінде және Мәскеуде ғылыми тағылымдамадан өтуде. Одан бөлек жүзге жуық шетелдік студент біздің университетке келді. Дені Германия, АҚШ, Қытай және Ресейден. Енді біздің алдымызда ғылымның жаңа даму бағыттарын анықтау, ғылымды коммерцияландыру және ғылымға универ-ситеттің өз қаржысын бөлуі ережелерін іс жүзіне асыру, шетелдік әріптестерімізбен бірлескен ғылыми-зерттеу консорциумдарын құру, зерттеулерге шетелдік ғалымдарды тарту, «Болашақ» бағдарламасы бо-йынша шетелдік жоғары оқу орындарымен, ғылыми-зерттеу институттарымен, зертханаларымен тәжірибе алмасу, жаңа талапқа сәйкес ғылыми дәрежесі бар мамандарды дайындау мәселелері тұр. Ағымдағы оқу жылынан бастап университетіміз шетелдегі серіктес жоғары оқу орындарымен жасалған келісімшартқа сәй-кес бірлескен оқу бағдарламаларын жасап, жүзеге асыруда. TOSCA 2, Mevlana, ТEMPUS, SES, Global UGRAD, MUSKIE, IREX, DAAD, MIS секілді халықаралық жобаларға қатысып, шетелдік серіктес жоғары оқу орындарымен нәтижелі жұмыс жүргізілуде. Университеттің ғылым алдындағы үлкен міндеттерінің бірі — ғылым мен өндірістің өзара байланысы және өндірістің ғылым-ды қаржыландыруы болып табылады. Бір сөзбен айтқанда, мемлекеттік оқу орнының кәсіпорындармен байланысы – күн тәр-тібіндегі өзекті мәселе. Бұл арада біз профессор Дина Кенжебекқызының қажырлы жұмысымен мақтанамыз. Ол 2012-2013 жылдары Қарашығанақ Петролеум Оперейтинг б.в. компаниясымен байланыс орнатып, оқу орнына 60 млн. теңге қаражат әкелді. Жоба сәтті аяқталды, оның қорытындысы өндіріске енгізілді. Аталған жоба 2014 жылы «Бұрғылау карбонатты шламды, мұнай негізді қоңыр ерітіндіні кәдеге жаратудың әдістерін баламалы дамыту саласында ғылыми зерттеу жүргізу бойынша қызмет көрсету» тақырыбындағы үшінші ғылыми-инновациялық жобамен жалғасып, Қарашығанақ Петролеум Оперейтинг б.в. компаниясынан тағы да қолдау тапты. Зерттеу нәтижесі бұрғыланған карбонатты шламды термомеханикалық өңдеуден соң Қарашығанақ газконденсатты кен орнында қолдануға болатынын және IV, V класты жол-климаттық зонасында белсенді минералды ұнтақ ретінде асфальтбетон қосындысында қолдануға болатынын көрсетті. Сынақ үшін осы материал Бөрлі ауданы Ақсай – Приуральный автокөлік жолының 1,3 шақырымының жиегіне, Зеленов ауданы Үлкен Шаған елді мекені тұсындағы күрежол бойымен 800 метрлік орман алабын өрттен қорғайтын минералданған жол қатары ретінде төселінді.

Жалпы, халықаралық салада әріптестік орнатқан барлық шетелдік жоғары оқу орындарымен байланыстарымыз өте жоғары деңгейде деп сеніммен айта аламын.

— Қазіргі таңда жоғары оқу орындарын аккредиттеу мәселесі маңызды болып отыр. Бұл турасында не айтар едіңіз?

— Университет 2010 жылы институционалды аккредиттеуден өтсе, 2012 жылдан бастап бірқатар оқу бағдарламалары халықаралық аккредиттеуден сәтті өтіп келеді. Елбасының халыққа арнаған Жолдауында білім беру ұйымдарындағы білім сапасын тәуелсіз агенттіктер сараптайтын болады делінген. Бүгінде біздің оқу орнымен ресейлік АККОРК және еуропалық ACQUIN аккредиттеу орталықтары тығыз байланыста жұмыс жүргізіп отыр. М. Өтемісов атындағы БҚМУ Қазақстан Республикасы жоғары оқу орындары аккредиттеу мен рейтингі тәуелсіз агенттігінің мәліметі бойынша 55 жетекші жоғары оқу орнының арасына 9-орынды иеленді. 9 мамандық бағыты мен деңгейлік рейтингісі бойынша 1, 2, 3 орындарға ие болды. Бұл да үлкен көрсеткіш деп есептейміз. Осыны ескере келе мектеп бітірушілер мамандық таңдауда жоғары оқу орындарының рейтингісіне мән берсе екен деймін. Сонымен қатар болашақта жоғары оқу орындарына мемлекеттік грант тағайындау кезінде министрлік аккредиттелген жоғары оқу орындарына мемлекеттік грантты көптеп бөлсе деген тілегім бар. — Асхат Сәлімұлы сіздің облыстық мәслихаттың депутаты екеніңізді білеміз. Осы орайда халық қалаулысы ретінде сайлаушылардың мүддесі үшін қандай қадамдар жасаудасыз? — Қай жерде де түйткіл бірдей. Ол кедейшілік және жұмыссыздықты жоюға атсалысу. Кей азаматтар баспана, тіпті ақша да сұрайды. Рас, кейде депутаттық қабылдау кезінде қызықты сауалдарға да тап боласың. Халықтан келген әр сауалға жауап беріп, оны шешудің жолдарын табуға тырысасың. Жекелеген мәселелердің шешілу мерзімі ұзарып кететін де жағдайдар болып тұрады. Ондайда өзіміз де қиналамыз. Жұмысы бірден шешіліп, алғысын айтып жатқандар да баршылық. Тікелей өзіме тоқталсам, «Мектепке жол» акциясы аясында өз округімдегі әлеуметтік қолдауды қажетсінетін отбасылардың ұл-қыздарына оқуға қажетті құрал-жабдықтар мен киім-кешекті алып беруге атсалысып жүрмін. Спорт залдары жоқ мектеп оқушыларына универ-ситеттің спорт сарайын, спорт секциялары өтетін залдарды тегін беріп, қолдау көрсетудеміз. Ардагерлерімізді де үнемі назардан тыс қалдырмай, әлеуметтік жағынан көмектесу парызымыз. Осындайда игілікті іс жасап, көптің алғысын алу адамды сөзсіз қанаттандырады. Жалпы, қоғамдық жұмыс бабында байқағаным, биліктің қос бұтағы — облыстық әкімдік пен облыстық мәслихат арасында қазір іскерлік және өзара ынтымақ ахуалы қалыптасқан. Бұл жұмыстың нәтижелі жүруіне бірден-бір септігін тигізіп отыр.

Сұхбаттасқан Тоқтар КЕНЖЕҒАЛИЕВ,

«Орал өңірі»


Су мәселесі шешілуде

Күні: , 839 рет оқылды

DSC_0150


Жәнібек ауданында мал шаруашылығын дамыту бағытында ілкімді істер атқарылуда. Шұрайлы жайылым және судың мол көзі болған жерде малдың жай-күйі жақсаратыны айтпаса да түсінікті.


Соған орай Жақсыбай ауылдық округінде жаңа бір жоба қолға алынды. Яғни Волгоград облысының Краснославодск қаласынан келген «Александр Кузин» жеке кәсіпкерлігі аталмыш округке қарасты Ақадыр елді мекеніндегі Паник тоғанының іргесінен құдық қазу жұмысын бастады. Соның нәтижесінде 48 метр тереңдіктен тұщы су шықты. Айта кетейік, ресейліктер жер қазу жұмысының әрбір метріне 2500 рубль алады. Аудандық жер қатынастары және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Роберт Биғалиев мұндай іс аудан әкімдігінің қолдауымен ағымдағы жылы Күйгенкөл ауылында өз нәтижесін беріп, шаруа қожалықтарында 15 жер құдық қазылғанын айтты. — Қылышын сүйреп қыс келгенде Паник тоғанына мұз қатып әрі суы тартылып, елді мекен тұрғындары үшін су мәселесі өзекті болатын. Енді, міне, бұл мәселе өз шешімін табуда. Бұйырса, ендігі жерде ауыз судан тапшылық болмайды. Округ аумағынан алдағы уақытта тағы да екі-үш құдық қаздырмақ ойымыз бар, — деді Жақсыбай ауылдық округінің әкімі Алмат Қаратаев.

Ахмедияр БАТЫРХАНОВ,

Жәнібек ауданы


Хандық құрметіне атты шеру

Күні: , 845 рет оқылды

DSC_0156


Өткен жексенбіде Қазақ хандығының 550 жылдығына және Қазақстан халқы Ассамблеясының 20 жылдығы құрметіне «Арба» қоғамдық бірлестігі Орал қаласынан Зеленов ауданы Көшім ауылдық округіне дейін аттылы шеру ұйымдастырды.


Тірек қозғалысының қызметі бұзылған мүгедек азаматтарды қолдау мақсатында құрылған  бірлестіктің 18 мүшесі өздерінің денсаулық жағдайларына қарамастан, мерейлі мерекеге осылайша азаматтық үлес қосты. Туған жердің тұтастығы үшін ат үстінде жортып өткен батырларымыз бен билеріміздің, хан, сұлтандарымыздың құрметіне қыл құйрықты тізгіндеген жасын жігерлі жандар сүттей ұйып, бірлігі жарасқан еліміздегі халықтар достығын дәріптеп түрлі ұлыстың ұлттық нақышты киімін киіпті. Сән-салтанаты келісіп, Жайықты жағалай жылжыған салт аттылар шеруін Үлкен Шаған ауылы тұсынан аудан басшылары ақпен қарсы алды. Ерекше бастамаға қошемет еткен көшімдіктер мәдениет үйінің алдында тосты. Шерушілерге аудан әкімінің орынбасары Асылұлан Досжанов қош келдің айтып, бастамаларының маңыздылығына тоқталды.

– Мерейлі шаралар тоғысқан жылдың әсерлі сәттері бүгін тамаша шарамен толығуда. Елдің мерейін өз жағдайларынан ана-ғұрлым жоғары қоя алған бірлестік мүшелері бүгін қоғамға ой салар іс атқарды. Осынау игі істің бастауында тұрған қоғамдық бірлестік төрайымы Гүлмира Асқарқызына аудан халқының алғысы шексіз. Қамкөңіл жандарға қолдау танытып, маңызды ұсынысыңызбен үнемі елдің назарында жүре бергейсіз, — деп тілек білдірді.

– Қошеметтеріңізге шексіз ризамын, қадірлі жерлестер! — деп бастады сөзін қоғамдық бірлестік төрайымы Гүлмира Батпақұлова. — Біздің әр бастамамызға қолдау танытып жүретін өңір басшысы мен атқамінер азаматтардың бәріне бірлестік мүшелері атынан алғыс білдіремін. Ел ішінде қай заманда да тағдыр тауқыметімен мүмкіндігі шектелген жандар болған. Халықтың ыстық ықыласы оларды ешқашан жалғызсыратқан емес, қазір де солай. Біз ештеңеге мұқтаж емеспіз. Елбасының өзі ерекше ілтипат танытып, мүгедек жандарға ұдайы қамқорлық көрсетілуін, олардың қоғамнан тыс қалмауын жіті назарға алып келеді.

Біздің Батыс өңір қазақ тарихында өзіндік орны бар оқиғалар мекені, оған мына іргеден аққан Ақ Жайық куә. Еділ мен Жайықты тел еміп өскен елдің бүгінгі ұрпағы өткен бабаларының рухын асқақтатып игі істер атқаруда. Кешегі Нарын құмында, Хан ордасында дүркіреп өткен той соның айқын көрінісі. Қазақ мемлекеттілігінің бастауында тұрған хандықтың тұңғыш тойына біз де үн қосуды ойладық. Сондай-ақ бұл шеруімізді елімізде салтанат құрған берекелі бірлігімізге, халықтар достығына арнаймыз, — деп тілек білдірді. Сөз соңында бастамаларына қолдау білдірген мемлекеттік органдар мен іс басындағы азаматтарға бірлестік атынан алғысхат табыс етті. Шарада сөз алған БҚО Азаматтық альянсының президенті Әлия Өтемісқызы, облыстық ұлттық спорт орталығының директоры Дастан Қадерұлы, ауыл азаматы Сағидолла Ғұмарұлы игі іске мұрындық болған бірлестік мүшелеріне зор ризашылықтарын білдірді.

Көшімдік Гүлмира Бекболатқызы жетекшілік ететін «Нұр-ай» би ұжымының тамаша өнерімен көмкерілген шара Қазақ хандығының 550 жылдығына арналып Үлкен Шаған мектебінде ұйымдастырылған тарихи көрмеде түйінделді.

Нұржан  ДҮЗБАТЫР,

Зеленов  ауданы


Кәрі құрлық үрей үстінде

Күні: , 851 рет оқылды

1h3-672x370


Бұдан 55 жыл бұрын француздың ұлтжанды азаматы, әлемге танымал қайраткер Шарль де Голль былай депті: «Қазіргісін білмеймін, ал 2050 жылы Парижде тек қана арабтар өмір сүреді». Әрине, оның бұл көрегендік пайымдауының құпиясы бізге жұмбақ. Бірақ соңғы екі-үш айдағы оқиғалар көрнекті саяси қайраткердің болжамын дәлелдейтін сыңайлы.


Иә, қазір кәрі құрлық – Еуропа  үрей үстінде. Оған себеп – баяғыда  басталып, қазір ешкім тоқтата алмайтындай қарқын алған шетелдік мигранттың қалың нөпірі. Бүгінде оны бәсеңдету былай тұрсын, бір жүйеге түсіру де мүмкін болмай отыр.

Жалпы, бұл саяси-әлеуметтік үдерім үшін Еуропаның өзі кінәлі. Аталмыш қайғылы да қатқыл көріністің бастауы сонау өткен ғасырдың ортасында қаланған. Екінші дүниежүзілік соғыс аяқталғаннан бастап, Франция мен Англия, сонан соң Германия елдеріндегі ең ауыр, ең лас жұмысты атқару үшін бұрынғы отарларынан кісі шақыруды ұйғарды. Біріншіден, соғыстан әлсіреген жоғарыдағы елдерде жұмыс қолы қат болса, екіншіден, ақысы аз жұмысты не ағылшын, не француз, не немістің істегісі келген жоқ. Ал арабтар мен зәңгілер, азиялықтар шақыруды қуана-қуана қабылдады. Өйткені елінде адам өсімі қашанда жоғары, сондықтан жұмыссыздық ешқашан күн тәртібінен түскен жоқ. Түспейді де. Соғыс кезінде отар түгілі, жерінің қомақты бөлігінен айырылған неміс билігі түркі ұлтының ең еркіні әрі соғыс кезінде Германияға тілеулес түрікті шақырды. Сөйтіп, 1946-1954 жылдары Еуропаға келіп, мигранттардың алғашқы топтары орнықты. Бүгінде олардың төртінші ұрпағы кәрі құрлықта өмір сүріп жатыр. Әрине, еуропалықтар келген «қонақтарды» (немістің «гастарбайтер» сөзі «қонақ-жұмысшы» деген мағынаны білдіреді) өркениетіне бейімдеп, мүмкіндігінше христиан жасауға да тырысты. Алайда олар бөтен ортаның өзіне қажетті дағдыларын қабылдаса да, ұлттық және діни болмысынан айнымады. Нәтижесінде Еуропада жүздеген мешіттер салынып, мұсылман қауымы қалыптасып, белсенді іс-әрекетке кірісті. Соның нәтижесінде ағылшын, неміс, француз және басқасы ислам дінін қабылдап, Аллаһтың мүміндерінің қатарын толықтыра бастады. Қазір басқа ұлт өкілдерін есептемегенде, Францияда 5 миллион араб және Германияда 2 миллион түрік бар. Сонымен бірге Еуропада оңшыл ұйымдар да күшейіп, нацизм дендей түсті. Мұның өзі Еуропа тұрғындарының белгілі бір бөлігінің ескі және жаңа «жерлестеріне» қарсы болмай қоймайтын іс-әрекетінің көрінісі.

Екіншіден, АҚШ, Израиль мен Батыстың Англия, Франция және Италия сияқты елдерінің (бір жақсысы, неміс, міне, 70 жыл болды, ислам әлеміне қарсы қандай ма болсын соғысқа үзілді-кесілді қарсы) айтағымен 2011-2013 жылдары қолдан ұйымдастырылған «араб көктемінің» кесірінен жалпы саны 300 миллионнан астам араб ауыр зардап шекті. Азамат соғысының кесірінен күні кешегі бейбіт ел Ливия мен Аш-Шамның (Сирия) тас-талқаны шықты. Біреуінің басшысы Муамар Каддафи жауыздықпен өлтіріліп, Мысырдың бұрынғы президенті Хосни Мүбәрак түрмеден бір шықты. Аш-Шамның көшбасшысы Башар Асадтың тағдыры қыл үстінде. АҚШ пен Батыс арабтың ежелгі ертегісінде айтылатынындай, Левант пен Ирак ислам мемлекеті (ИГИЛ) сынды «жынды» тар құмырадан шығарып жіберіп, енді сонымен алысып әлек. Аталмыш содыр күш қазір Ирак пен Сирияның қомақты бөлігін басып алып, тек Таяу Шығыс қана емес, Қап тауы мен Орталық Азия (соның ішінде Отанымыз да бар) қауіп төндіруде. Әрине, Еуропаға да қатерлі. Ал босқындардың алдыңғы легі сол қанды соғыстың ылаңды салдары.

Бүгінде сарапшылардың пайымдауынша, кәрі құрлыққа 500 мыңдай адам табан тірепті. Кейбір сарапшылар бұл көрсеткішке де күмәнмен қарайды. Олардың айтуынша, босқындардың дәл санын анықтау қиын. Оның үстіне жыл аяғына дейін олардың саны миллионға жетуі, тіпті одан асуы да мүмкін. Қанды қырғыннан қашып, тыныш жерді іздеген араб және зәңгі босқындарының күрделі ахуалы кәрі құрлық елдерін екіге жарды. Әсіресе, Венгрияның билігі оларға үзілді-кесілді қарсы. Тіпті көршісі Сербиямен шекараға биіктігі 2,5-3 метр сым қоршау құрып, қорғанып та көрді. Одан ештеңе шықпағасын, босқындарды бір жерге жинап, қатаң шаралар қолданды. Нәтижесінде жекелеген адамдар, әсіресе, балалар қайғылы қазаға ұшырады. Жұқпалы дерттердің пайда болу және кеңінен таралу қаупі туындады. Мұның өзі Германия, Аустрия, Франция және Испания тарапынан қатты сын мен айыптауға ұшырады. Неміс елінің үкімет басшысы Ангела Меркель босқындарға қатысты Женева заңдылықтарын және БҰҰ-ның белгілі қарарларын қатаң сақтауды талап етті. Нәтижесінде венгр жеріндегі ондаған мың босқын арнаулы пойызбен неміс еліне жеткізілген. Алайда ресми Будапешт алған бағытынан таяр емес. Өйткені оны Чехия, Словакия, Польша сияқты славян елдері қызу қолдап отыр. Жақында Еуроодақ әзірге 120 мың босқынды орналастыру жөніндегі ортақ ұйғарымға келді.Алайда жоғарыдағы елдер өздерінің қарсы ұстанымымен қалды. Ал Ресейдің Еуроодақтағы өкілі В. Чижов босқындар мәселесін шешуде Еуроодақпен ынтымаққа әзір екенін мәлімдеді.

Бірақ жағдайды мақсатына шебер пайдаланған Еуропадағы оңшыл күштер мен нацистердің айдарларынан жел есуде. Егер Прага мен Братислава, Варшаваның көшелеріне мыңдаған адамдар шығып, «Босқындар жойылсын!», «Исламға жол жоқ!» деп ұрандатса, немістің жаңа нацистері бұрынғы және бүгінгі мигранттар орналасқан, орналасып жатқан, орналасуы тиіс үйлер мен ғимараттарға шабуыл жасап, ахуалды одан әрі қиындата түсті. Ал француз оңшылдарының көсемі Мари Ле Пэн: «Бұл жағдай Пуатьенің жаңа көшірмесі» деп мәлімдеген (Француз қаласы Пуатьенің түбінде біздің дәуіріміздің 732 жылы 10 қазандағы шайқаста сол елдің басшысы Карл Мартелл әскерімен араб қолбасшысы  Абдурахман басқарған қалың қолды әрең тойтарып, кері ысырып тастаған-ды). Сонымен босқындар нөпірі өмірі бақуатты құрлық үшін несімен қатерлі? Біріншіден, күн сайын бала-шағасын жетектеп ағылып жатқан бейтаныс адамдар қоныс тепкен елдерінде жұмыссыздық мәселесін күрт күрделендіріп жіберді. Яғни онсыз да экономикалық дағдарыс діңкелеткен Еуропаның еңбек нарығында жүздеген мың «артық  үміткер» пайда болды. Екіншіден, келгендерге жатар орын, азық-түлік тауып берумен қатар, оларға жәрдемақы төлеу де кез келген бюджет үшін артық салмақ. Үшіншіден, босқындар тасқыны барлық елде дерлік ұлтаралық, дінаралық, тіпті өркениетаралық қақтығыстарға негіз болуы ықтимал. Төртіншіден, қазірдің өзінде босқынның атын жамылып, лаңкестік топтардың өкілдерінің келіп жатқаны анықталуда. Оның қатері де ұшан-теңіз.

Жыл аяғына дейін босқындардың басым көпшілігін немістер (Германия мен Аустрия),  Франция, Англия қабылдауы мүмкін. Тіпті қазірдің өзінде неміс тектес тағы бір шағын ел – Дания  мың босқынды қабылдауға даяр. Босқындардың жолындағы көпір іспеттес Италия мен Грекия да белгілі бір мөлшерде үй-күйсіз қалған міскіндерді бауырына баспақ ниетте. Осындай әрекетке Испания мен Португалияның да баруы ықтимал. Ал қалған елдердің АҚШ, БҰҰ және Еуроодақ басшылығының қысымымен босқындарды қабылдауға мәжбүр болары сөзсіз. Отанынан еріксіз кетіп, бас сауғалаған жандардың (олардың басым көпшілігі ливиялық, мысырлық және шамдық арабтар) жаңа елге орналасуы мен бұл дүбірдің қашан толастауы немесе толас  таппауы келешектің еншісінде. Соңғы дерек. Еліміздің сыртқы істер министрлігінің ресми мәлімдемесіне қарағанда, қазір Қазақстанда 18 шамдық босқын бар. Олар арабқа тұрмысқа шыққан қазақ қыздарының жұбайлары мен бала-шағасы. Соғыстан қашып, тыныштықты аңсағандардың қатарын болашақта кім және қаншасы толтыратынына не толтырмасына ешкім де кепілдік бере алмайды…

Серік ИХСАНҒАЛИ,

«Орал өңірі»

Автордан: мақала жазуда тарихи мәліметтер мен Ресейдің «НТВ», «Россия», «РенТВ» арналарынан алынған деректер пайдаланылды


Құрбан айттың қадірі мен қасиеті туралы

Күні: , 845 рет оқылды

ержан кажы малгажыулы

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы Ержан қажы МАЛҒАЖЫҰЛЫ

Құрбан  шалу қайдан  шыққан?

«Құрбан» – араб сөзі. Мағынасы «жақындау» дегенді білдіреді. Демек, бұл лайықты ізгі істер жасау арқылы Жаратқанға жақындау деген сөз. Ал құрбан шалудың шариғаттағы анықтамасы – «Құдайға құлшылық ниеті мен ереже-шарттарын ескере отырып, мал шалу».

Араб тілінде айтта сойылатын құрбандық мал «ұдхия» деп, ал айттың өзі «ъидул-адха» деп аталады. Ал түркі халықтарында «құрбан шалу», «құрбан айты» сөздері қолданылады.

Құран-Кәрімде Адам атаның ұлдары Абыл мен Қабылдың дауы Құдай Тағалаға құрбандық шалу арқылы шешілгендігі айтылады. Сонымен бірге Ибраһим пайғамбар иләһи аянмен ұлы Исмаилды Құдай жолында құрбандыққа шалмақшы болғандығы баяндалған. Сонда Жаратқанның әмірімен өткір пышақ өтпей қалды. Құрбандыққа шалу үшін көктен қошқар түсірілді. Сынағынан сүрінбей өткен сүйікті құлын Алла солай сыйлаған. Бұл жайында Саффат сүресінде: «Сонда Біз оған: «О, Ибраһим! Көрген түсіңді растадың», – дедік. Расында, бұл үлкен сынақ еді. Біз оған ұлы құрбандық бердік. Ізгілерге сондай сый береміз», – делінген.

Құрбан  шалудың  үкімі

Ал адамзаттың асылы, иләһи елшілердің соңы болған Мұхаммед пайғамбардың (Алланың оған салауаты мен сәлемі болсын) шариғатында құрбан шалу қажылықтағы бір рәсім әрі қажылықтан тысқары мұсылмандар үшін уәжіп құлшылық болып бекітілді. Ғұламалар құрбан шалудың һижраның екінші жылы бекігендігін айтады. Хақ Тағала Кәусар сүресінде: «Раббың үшін намаз оқы және құрбан шал» деп бұйырған. Сондай-ақ Пайғамбар (Алланың оған салауаты мен сәлемі болсын) сахабалары бұл ғибадаттың мәнін сұрағанда: «Құрбан шалу – Ибраһим (а.с.) бабаларыңның салып кеткен жолы. Құрбандыққа шалған малдарыңның әрбір тал қылшығы үшін сауап аласыңдар», – деп жауап берген. Осындай айғақ-дәлелдерді алға тартқан ұлы имам Әбу Ханифа құрбан айтта мал шалу шамасы жеткендерге уәжіп деген пәтуа берген.

Негізінде, парыз бен сүннеттің ортасындағы міндетті іс уәжіп үкіміне ие. Мүмкіндігі бола тұра сараңдықтан не салғырттықтан құрбандық шалмаған мұсылман күнәлі саналады. Өйткені Пайғамбар (Алланың оған салауаты мен сәлемі болсын): «Шамасы жете тұра құрбан шалмаған жан намаз оқитын орнымызға жақындаушы болмасын!» – деп қатаң ескерткен.

Асылында, Алла Тағала шалынған малдың қанына да, етіне де мұқтаж емес. Керісінше, пенделер Оның рақымына мұқтаж. Сол үшін шынайы ықылас-ниетпен мал шалып, Рахманның разылығына ұмтылмақ керек. Бұл жайында Хаж сүресінде былай баяндалған: «Құрбандыққа шалынған малдың еті де, қаны да Алла Тағалаға жетпейді. Бірақ Оған сендердің тақуалықтарың ғана жетеді».

Құрбан шалу Алла Тағаланың берген сансыз нығмет-несібелеріне әрі жылдан-жылға аман-есен жеткенге шүкіршілік ретінде һәм жыл бойы жіберген күнә-қателіктерді жуу үшін орындалатын ғибадат. Сондай-ақ мұсылман шалған малының етінен бала-шағасына, ағайын-туысына, көршілеріне таратады, кедейлердің де аузы қызылға тиеді. Сол арқылы қоғамдағы береке-бірлік, ынтымақ, жанашырлық, ағайындық, татулық арта түседі.

Құрбан  шалу кімдерге  уәжіп?

Балиғат жасына толған, ақыл-есі түзу, зекет беретін мал-мүлік мөлшеріне ие, жолаушы емес әрбір мұсылманға құрбан шалу – уәжіп. Зекет беретін мөлшер – 85 грамм алтынға яки соның құнына тең келетін қаражат. Құрбан шалу уәжіп болуы үшін осы мөлшердегі қаражаттың бір жыл бойы қолда болуы шарт емес. Құрбан айты қарсаңында болса да жеткілікті. Ал осы мөлшердегі қаржысы болмаса да басқалармен бірігіп, ірі қара шалса, не жеке өзі қой шалса, құрбандығы қабыл.

Қандай  мал  шалынады?

Құрбандыққа бір жасар қой-ешкі, екі жасар сиыр, бес жасар түйе шалынады. Сойылатын мал арық, ақсақ, соқыр, құлақсыз шұнақ, мүйізі сынған болмауы керек.

Әр түрлі кемшіліктерден ада, толыққанды түлік болуы тиіс. Құдай жолында ең жақсы малды шалмай разылыққа жетем деу – әбестік. Әли Имран сүресінде Жаратқан Ие былай деп ескертеді: «Өздерің жақсы көргенді Алла жолына жұмсамайынша, игілікке жетпейсіңдер».

Әнес сахаба (р.а.) Алла Елшісінің (Алланың оған салауаты мен сәлемі болсын) құрбандыққа мүйізді, ақ ала екі қошқарды тәкбір айтып, өз қолымен шалғандығы туралы жеткізген. Қой-ешкі бір адамның атынан шалынады. Ірі қара малды жеті кісі бірігіп шалуға болады. Шамасы жеткен адам өз атынан бірнеше мал шалса да болады. Құрбандық малды басын құбылаға қаратып, «Бисмилла, Аллаһуәкбар!» деп бауыздайды. Құрбандықты айттың үш күні шалуға болады.

Құрбан айтта шалынған малдың етін жақын-жуықтарына, мұқтаж жандарға таратады. Бір-бірінің үйіне бас сұғып, айттайды. Көптен көрмеген туыстарымен қауышады, науқастардың, мұқтаж жандардың хал-жағдайын сұрайды. Дүниеден өткен кісілерге Құран бағыштап, жарылқау тілейді. Осының барлығы мұсылманша мерекелеу мәдениетінің ерекшелігін білдіреді.

Құдайға шүкір, дін жанашыры Елбасымыздың тікелей Жарлығымен Құрбан айты Қазақстанда ресми тойланатын мейрамдардың қатарына енгізіліп, айттың алғашқы күні демалыс болып жарияланды. Мұсылмандардың ең ұлық мерекесі Құрбан айт баршамызға мүбәрак болсын! Қасиетті мереке Алаш жұртына құт-береке, игілік әкелсін! Жаратқан Иеміз елімізге тыныштық, басымызға амандық, дінімізге  беріктік  берсін!  Әмин!

Азаматтар мен ұйымдардан діни салаға қатысты барлық мәселелер бойынша ақпарат қабылдауға, сондай-ақ деструктивті қызметтен зардап шеккендерге кеңесшілік және психологиялық көмек көрсетуге арналған сенім телефондары: 8 (7112) 26-75-88, 24-46-46. «Қауырт желі» — «114»


БҚО, Орал қаласы, Мұхит көшесі, 57/1
zhaik_presscenter@mail.ru
oral_oniri@inbox.ru
support@oraloniri.kz

Орал өңірі" газетінің бас редакторы: 51-25-80
Бас редактордың орынбасарлары: 24-17-08, 54-18-08
Жауапты хатшы: 54-38-22
Тілшілер: 50-66-88, 51-50-34
Жарнама бөлімі: 51-51-09
Яндекс.Метрика