Мұрағат: 22.09.2015


Қызылшаға қарсы егу басталды

Күні: , 837 рет оқылды

istock_000011025226large-ca8dffcc934df66d30c44d5d1209449b3d4faabe-s40-c85


ҚР  Денсаулық  сақтау  және  әлеуметтік  даму  министрлігінің  Салауатты өмір  салтын  қалыптастыру  мәселелері  жөніндегі  ұлттық  орталығы хабарлайды


Қызылша – вирусты, аса қауіпті жұқпалы ауру және бұл аурудың асқыну салдары өте күрделі. Бұл аурудан әлемде нәрестелер көп шетінейді. Қызылшаның асқынуы пневмония және тыныс алу жолдарының қауіпті инфекциялары, қабынуы (энцефалит), іштің өтуі және ағзаның сусыздануы, соқырлық, құлақ жұқпалары секілді ауруларға әкеп соғады.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметі бойынша 2000-2013 жылдар аралығында иммундау (қызылшаға қарсы егу) бойынша жеделдетілген шаралар дүниежүзінде  балалардың қызылшадан болатын өлім-жітімінің деңгейін 75%-ға төмендеткен. Мысалы, 2000 жылы 544 200 өлім болса,  2013 жылы 145 700-ге азайған.  2013 жылы әлемде балалардың 84%-ға жуығы бір жыл ішінде қызылшаға қарсы вакцинаның бір реттік дозасын алған. Егуден өтпеген адам жас мөлшеріне қарамастан кез келген уақытта қызылшаны жұқтырып алуы мүмкін және басқа адамдарға, мысалы, қызылшаға қарсы екпе жасалмаған бір жасқа дейінгі балаларға жұқтыруы мүмкін.

Қызылшаға қарсы вакцина 50 жыл бойы қолданылып келеді. Елге жеткізіліп жатқан вакциналар ДДСҰ/ЮНИСЕФ-тың халықаралық сапа стандартына сай және қолдану үшін қауіпсіз әрі тиімді болып табылады. Қазақстанда вакциналау тегін жүргізіледі.

ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінің мәліметі бойынша Қазақстанда жыл сайын жұқпалы ауруларға қарсы 5 миллионға жуық адамға, соның ішінде 1,3 миллион балаға екпе жасалады. Балаларды қызылшаға қарсы тұрақты егуді Қазақстанда жаппай иммунизациялау науқанымен үйлестіре жүргізу қызылшаның салдарынан болатын ауру-сырқат пен өлім-жітімді азайтуға бағытталған қоғамдық денсаулық сақтау саласының басты стратегиялары болып табылады.  Соңғы жылдары кейбір топтардың тоқмейілсіп, аурудың вакцинаның арқасында жойылып отырғанын есепке алмай, егуден бас тартып отырғаны жасырын емес.

ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрінің бұйрығы бойынша  Қазақстанда инфекциялық аурулардың алдын алу мақсатында үстіміздегі  жылдың 1 қазанынан бастап республика аумағында қызылшаға қарсы қосымша иммундау жүргізілетін болады. Еліміздің барлық 16 өңірінде 15-19 жастағы жасөспірімдер мен жастар вакцина алады. Осы жастағы 1,2 миллион адамның кемінде 80%-ын қамту жоспарлануда. Қазақстандағы  қызылша ауруының 50%-дан астамы дәл осы жас тобында кездескендіктен, аталған топ осал әрі қызылшаны жұқтыруға сезімтал ретінде  анықталған.


Қасапшыларға құлаққағыс!

Күні: , 986 рет оқылды

мешит2


Құрбан айт мерекесіне орай ҚМДБ-ның БҚО бойынша өкіл имамы Руслан Сұлтановтың бастамасымен  қасапшыларға арналған отырыс өтті.


Басқосуда облыс имамы Руслан Тыныштықұлы сөз алып, Құрбан айт мерекесімен құттықтады. Одан кейін Орал қалалық мешітінің найб имамы, “Халал” өнімдерін стандарттау бөлімінің БҚО бойынша өкілі Наурыз Убаев “Малды шариғат жолымен сою үкімі” жайында дәріс оқыды. Рухани тазалықпен қатар тән тазалығын, деннің саулығын қамтыған Ислам шариғаты әрбір мұсылманның өмірлік ұстанымы болуы тиіс. «Ауру астан» деген халқымыздың екі ауыз ұлағатты сөзі заманауи медицинамен нақтылануда және шариғатымыздың асқа қоятын талаптары заманауи медицинамен құпталып жатыр. Бұл да шариғат ережелерін бекем ұстануымызға тағы бір негізгі себеп болып табылады.

Алла Тағала айтады: «Сендерге: өлексе, аққан қан, доңыз еті және Алладан басқаның атымен бауыздалған мал харам қылынды. Және буынып, ұрылып, құлап, сүзіліп өлген малдар және жыртқыш жеген мал харам…». Бұлардың бәрін жеуге болмайды, «…бірақ (жаны шықпай) бауыздалғандардан басқа» («Мәида» сүресі, 3-аят);

«Ей, иман келтіргендер! Сендерге рызық етіп берген адал (астарынан) жеңдер және егер Аллаға ғана құлшылық ететін болсаңдар, (өздеріңе берілген адал асқа) шүкірлік етіңдер» («Бақара» сүресі, 172-аят).

Бірінші шарт: Мал соятын адамның ақыл-есі дұрыс болу керек.

Екінші шарт: Малды (бәсең немесе орта дауыспен) «Бисмиллә» деп сою керек және «Аллаһу Акбар» деп қосса абзал болады. Алла Тағала былай деген: «Біз әрбір үммет үшін өздеріне берген малдардан, Алланың ғана атын атап, құрбан шалуды бекіттік. Өйткені Тәңірлерің бір-ақ Тәңір. Сондықтан Соған бой ұсыныңдар» («әл-Хаж» сүресі, 34-аят).

«Анғам» сүресінің 145-аятында Алла Тағала: «Алладан басқаның атымен бауыздалған мал арам», – деп ескертеді.

«Бисмиллә» деп айтқанына біраз уақыт өтіп кетсе (пышақ қайрайтын болса), қайтадан айтады. Бірнеше малды бірінен соң бірін соятын кісі әрбірі үшін бөлек-бөлек «бисмиллә» айтуы керек болады. Бір малды екі кісі соятын болса, екеуі де «бисмиллә» айтуы  керек. Егер оны айтуды біреуі ұмытса, зияны болмайды. Әдейілеп айтпайтын болса харам, — деді ол. Сондай-ақ мал союдың негізгі қағидаларымен таныстырды.

Мал  союдың  тәртібі

—  Мал сойылатын жердің таза болуына көңіл бөлу;

—  Тізе бойындай қылып шұңқыр қазылады (қанын ағызуға);

—  Сойылатын жерге малды ұрмай-соқпай апару;

—  Малдың көздері (матамен)  байланады;

—  Құбылаға қаратылып, сол жағымен жатқызылады;

—  Екі алдыңғы аяғы мен бір артқы аяғы қоса байланады;

—  Пышақты малға көрсетпей  қайрап келу;

— «Бисмиллаһи Аллаһу Акбар» деп айту;

—  Малдың мойнында өңеш, кеңірдек және екі жағында екі тамырын бір мезетте кесу керек;

— Малдың қаны толық ағып болғанша және жаны шыққанша күтіледі;

— Мал сойылғаннан кейін сол маңайдың тазалығына да көңіл бөлу шарт. Малдың қан-жынын ашық-шашық далаға қалдырмай, көміп тастаған жөн.

Шара соңында облыс имамы қасапшыларға келген жамағатпен сыпайы сөйлесіп,  жылы жүзді болуға шақырды.

Нұрлан САМАТҰЛЫ,

ҚМДБ-ның БҚО бойынша  баспасөз хатшысы


Біртуар тұлғаның мүсіні

Күні: , 877 рет оқылды

фото Рафхата Халелова (175)


Ұзақ жыл елімізді басқарған мемлекет қайраткері, xалқына қалтқысыз қызмет еткен саясаткер Дінмұxамед Қонаевтың мүсіні Орал қаласында ашылды. Салтанатты жиынға айтулы тұлғаның көзін көрген қариялар, зиялы қауым өкілдері, студенттер мен қала тұрғындары қатысты.


Ескерткішті ашу құрметіне еңбек ардагері, Орал қаласының құрметті азаматы Жайсаң Ақбай мен облыстық Д. Қонаев қоғамдық қорының төрағасы Нұрлан Ізтілеуов ие болды.

Мүсіннің алдына гүл шоқтары қойылып, жастар арнау өлеңдер оқыды, қариялар қайраткер туралы естеліктер айтты.

Дінмұхамед Ахметұлы басшылық еткен жылдары республикамыздың өнеркәсібі мен ауыл шаруашылығы, мәдениеті мен ғылымы қарышты дамып, аграрлы елден аграрлық-индустриялық елге айналып, мәдениеті мен әдебиеті, білімі мен ғылымы шарықтап өскен болатын. Соғыс және еңбек ардагері Иван Гапич Д. Қонаевтың еліміздің соғыстан кейінгі аяқтан тұруы үшін өлшеусіз еңбек еткеніне, өте ірі өндіріс орындарының салынуына ұйытқы болып, елдің экономикалық қуатын, халықтың тұрмысын арттырғанына тоқталды. Сондай-ақ екі рет қабылдауында болғандағы Дінмұхамед Ахметұлының айтқан әңгімесі мен берген тапсырмаларын ілтипатпен еске алды.

Д. Қонаевқа тоталитарлық жүйеде Сталин, Хрущев, Брежнев, Андропов, Черненко, Горбачев сияқты басшылармен жұмыс істеуіне тура келсе де, 1955 жылдан 1985 жылға дейін республика өнеркәсіп өндірісінің көлемі 8,9 есе, ауыл шаруашылығы 6,2 есе, құрылыс 8 есе өскен. Республиканың игерілмей жатқан аймақтарында мыңдаған елді мекендер, 47 жаңа қала пайда болды.  Қазақстанның ғылыми күш-қуатының қалыптасуына ерекше көңіл бөлді. Халқымыздың саны 1955 жылдан бері екі есеге артып, 1987 жылы 16 миллион, 244 мыңға жеткен.

Еңбек ардагері, өлкетанушы Жайсаң Ақбай Дінмұхамед Қонаевтың елдің мәдениетіне қосқан үлесін әңгімеледі. Кеңес одағы көлемінде еліміздің мәдениет саласына қатысты көптеген мәселелері айтулы саясаткердің беделі арқылы шешілгенін жасырмады.

Дінмұхамед Ахметұлының тікелей қолдауы арқасында өнерпаздарымыз шетелдерге шығып, қазақ ұлтының өнерін әлем  танығанын  айтты.

– Елімізде Дінмұхамед Қонаевтың есімін мәңгі есте қалдыру бағытында біраз жұмыстар атқарылып келеді. Дінмұхамед Қонаев атындағы қор бірегей тұлға туралы бірнеше естелік кітаптар, фильм шығарды. Оқу орындарында Д. Қонаев жайлы айтылады, есімі оқулықтарда бар. Сондықтан қайраткердің есімін бүгінгі жастар да жақсы біледі. Орал қаласындағы 6-шағынаудан мемлекет қайраткерінің есімімен аталды. Өзім 1972 жылы қабылдауында болғанмын, облысымызға келген кездерінде де көрдік. Елінің біртуар азаматы Дінмұхамед Ахметұлының адамгершілігі, қарапайымдылығы, жан-жақты білімділігі көзін көрген жандардың жадында қалғаны сөзсіз. Ол мінез-құлқының, ақылының, зиялылығының арқасында көзі тірісінде елдің сүйіспеншілігіне бөленді, – дейді облыстық Қонаев қоғамдық қорының төрағасы, еңбек ардагері Нұрлан Ізтілеуов.

Әбілқайыр хан даңғылы бойындағы саябаққа орнатылған мүсіннің авторлары – Юрий және Дмитрий  Баймұқашевтар.

Нұрлыбек  НҰРЛАНҰЛЫ,

«Орал  өңірі»

Суреттерді түсірген  Рафхат ХАЛЕЛОВ


Исатай батыр ескерткіші ашылды

Күні: , 908 рет оқылды

Исатай батыр ескерткіші сурет2


Қасиетті жұма күні Орал-Ақтөбе күре жолының бойында, қос облыстың шектесетін жерінде 1836-1838 жылдардағы ұлт-азаттық көтерілісінің басшысы Исатай Тайманұлының (1791-1838) ескерткіші ашылды.


Оның ашылу рәсіміне ақтөбеліктермен бірге Батыс Қазақстан облысының делегациясы да қатысты. Ақын, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығы және «Құрмет» орденінің иегері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ақұштап Бақтыгерееваның атап өткеніндей, Ұлы Дала төрінде атойлап өткен, ел намысын қорғауда жанын да, қанын да аямаған батырлар аз емес. Соның бірі – Исатай. Қиыл қырғынында қаза тапқан есіл ердің жерленген орны жөнінде екіұдай пікірлер айтылып келді. Жергілікті тұрғындардың көрсетуіне сүйенген ғалымдардың бір тобы батыр ұлы Оспанмен бірге Қобда ауданы аумағындағы Шейітсайдан мәңгілік мекенін тапқан десе, екіншілері Шолақмолдада екендігіне дәлелдер келтіреді. Қалай болғанда да, Исатай батырдың осы маңда жатқаны анық. Сондықтан Шейітсайда батыр кесенесінің көтерілуін заңдылық деп қабылдау керек. Енді, міне, әуелден елі аралас, малы қоралас қос облыстың шекарасында батыр ескерткіші ашылып отыр. Қазақ халқының қасиетсіз жері жоқ, соның бір көрінісі осы.

«Астана төрінде өткен Қазақ хандығының 550 жылдығында Елбасымыз «Басқаның патшасының бәрі жақсы, Неліктен біздің хандар жаман болған?» деген ақын Ғафу Қайырбековтің сөзін келтірді. Бұл шын мәнінде еліміз егемендік алғанға дейін кәріміз де, жасымыз да ұзақ уақыт бойы қойып жүрген сұрағымыз еді. Біздің ханымыз да, батыр-билеріміз де кейінгі ұрпақтарынан әділ бағасын ала алмай келді. Бұған жеке адамдар емес, тұтастай идеология ықпал етіп, сол арыстардың есімін жадымыздан өшіруге тырысты. Біз осыны бастан кешірдік. Исатай мен Махамбет кеңес дәуірінде белгілі бір бағасын алғанымен, ол да сол идеология шеңберінде қалған еді.  Елі үшін ерен еңбек етіп, азаттық үшін жанын қиғандарды тәуелсіздігіміздің арқасында ғана біле бастадық. «Билемесе бір кемел, не болады өңшең нөл» деп Абайдың айтқанындай, ел ішінде кемелі де, бастамашылары да болады. Басшыны қолдау халықтың қолында. «Халық қаласа, хан түйесін сояды» деген, халық қалаған істі бастамашылардың қолдауымен осылай сәтімен бітіре берейік», деді белгілі ақтөбелік ғалым, философия ғылымдарының докторы, профессор Алтай Тайжанов.

Салтанатта сондай-ақ Қобда ауданының әкімі Асқар Жүсіпәлиев, Исатайдың ұлы Жақияның шөбересі Ғазез Шамақов, «Исатай» қоғамдық қорының төрағасы Еркін Құрманбек, батысқазақстандық өлкетанушы Жайсаң Ақбай өз қуаныш, ұсыныс-пікірлерімен бөлісті.

Батыр ескерткішін тұрғызған ақтөбелік мүсінші Аяпберген Карпековтің айтуынша, бұл іс «Қазавтожол» Ақтөбе облыстық басқармасының Бағлан Баймағамбетов, Әкімжан Өтемұратов сынды басшыларының қолдауымен жүзеге асты. Екі жарым айда біткен композицияның биіктігі 4 метр, онда батыр бейнесіне қоса қалқан-қылыш, сол қилы кезеңді көрсететін белгілер көрініс тапқан. Оған батыр кесенесінен қалған тастар пайдаланылды. Бұдан бұрын аталған ұлтжанды азаматтардың көмегімен Орал-Ақтөбе жолы бойында Исатай батырдың бейітіне жолаушыларды бағыттайтын жол көрсеткіші де қойылған болатын.

Ескерткіштің ашылу рәсіміне қатысқан, құрамында профессор, ғалымдар, студенттер, ақын-жазушылар бар М. Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің «Бабалар тарихына тағзым» атты экспедициясы оған қоса Исатай Тайманұлының кесенесіне арнайы барып, тағзым етіп қайтты. Университеттің ғылыми жұмыстар және халықаралық байланыстар жөніндегі проректоры, педагогика ғылымдарының докторы Ғизатолла Имашевтің сөзіне қарағанда, оқу орнында 2013 жылы құрылған «Махамбет» ғылыми-зерттеу орталығы (директоры – педагогика ғылымдарының докторы, профессор Абат Қыдыршаев) содан бері Исатай мен Махамбеттің есімін ардақтап, ерлігін насихаттау бағытында бабалар жүрген жерлермен осындай жорықтар ұйымдастырып, жаңа деректер жинақтаумен айналысып келеді. Мұндай игілікті іс алдағы уақытта да  жалғасын  таба бермек.

Ғайса БӘЙМЕН

Суретті түсірген автор


«ЭКСПО – 2017-нің» ауыл-аймаққа әсері

Күні: , 882 рет оқылды

Коликаспвакп


Жаңа техника һәм жаңа технология атаулының бүкіләлемдік жәрмеңкесі «ЭКСПО – 2017» көрмесін қазіргідей дағдарыс кезінде өткізу Қазақстан үшін қаншалықты қажет?» деген пікір ел ішінде әлі де болса айтылып қалады. Жалпы, жаңалықты әп дегенде тосырқай қабылдау біздің қазаққа әуелден жат болмаса керек. Әйтпесе Әбубәкір Кердері бабамыз қазақ арасына шай енді келіп, шай ішу енді дендей бастағанда «Самаурын тағы шықты бұрамалы, Жігітке шапан киген ұнамады» деп шайға қатысты жаңалыққа әуелкіде жатырқай қарар ма еді. Ал енді бүгіндері шайға әбден бауыр басқанымыз соншалық, әзілді-шынды «Шай – қазақтың моторы» деуге әуеспіз.


Жаңа ғана «ЭКСПО» халықаралық көрмесі техника-технология саласындағы  соны жаңалықтарды айдай әлемге яки алты құрлыққа жария етудің, таратудың басты амалы екендігін сөзіміздің басында бірауыз айтып өттік. Оның үстіне Астанада өтетін «ЭКСПО – 2017» көрмесінің негізгі бағыты «жасыл экономикалық» сипатта. Егер қазіргі кезде адамның техника мен өндіріске тым үйірлігінен, яғни адамзаттың табиғатқа тигізетін техногендік кесірінен жыл сайын ауаға 20 миллион тонна көмірқышқыл газы тарайтындығын ескерсек, «жасыл экономикаға» көшу күн тәртібінде өткір тұрған ең өзекті мәселенің бірі екендігіне еріксіз мойынсұна түсесіз.

Шынымды айтайын, әріптестерім, яғни журналистер (әрине, ішінде өзім де бармын) «ЭКСПО – 2017» көрмесін күн ілгері қаншама жалаулатып жарнамалағанымен, қазақ даласына жасыл экономиканың алғашқы белгілері тап тез қылаң бере қояр деп өз басым күтпеген едім.

…Әлқисса, 2013 жылдың маусым айы болатын. Кезекті баспасөзге жазылу науқанына орай аудан-ауылдарды аралап, жергілікті оқырмандармен жүздесіп әрі алдағы уақытта газетке шығатын материалдарға негіз болар фактілер жинап жүргенбіз. Үшбу сапар барысында жергілікті жол бастаушылардың ұйғарымымен Қаратөбе ауданының аумағындағы мал өсіруге маманданған «Думан»  шаруа қожалығына да ат басын бұрдық. Бұл қожалықтың қазіргі жайлап отырғаны Жусандыой ауылдық округіне қарасты Ұмтыл қыстағы болып шықты. Кеңес өкіметі кезінде бұл маңды малшылар мекендеп, ал жазда пішеншілер еңбек дүбіріне бөлеген екен. Сол кездері мұнда электр желісі тартылып, іңір қараңғысынан бастап, электр жарығы «алты айшылық» жерден менмұндалап тұрған. Алайда күні кешегі қоғамдық формация мен меншіктік қатынастар да күрт өзгерген өтпелі кезең, өліара шақта электр сымы да, электр бағандары да қолды болған көрінеді. Біз барған кезде «Думан» шаруа қожалығының басшы-қосшысы үй-жайына қоса, қора-қопсысын да күн батареялары мен жел диірмен арқылы жарқыратып отыр екен. Имандай шыным, осыдан аттай екі жылдан аса уақыт бұрын Батыс Қазақстан облысының орталығы Орал қаласынан 200 шақырым, ал Қаратөбе ауданының орталығынан 35 шақырым қашық айдаладағы қыстақта баламалы қуат көзін пайдаланушыларды көремін деп тап сол жолы ойламаған едім.

— «ЕХРО – 2017» көрмесі арқылы біз қазір қолданып отырған баламалы қуат көздерінен әлдеқайда күшті қондырғыларға қол жеткізеріміз шүбәсіз, — деген еді сол жолы «Думан» шаруа қожалығының қызметкерлерінің бірі Ерсайын Құбашев.

Жаңақала ауданындағы асыл тұқымды ірі қара өсіруге бағыт ұстанған «Мұса» шаруа қожалығы осы жазда орынборлық кәсіпкердің көмегімен 1 жел генераторы мен 6 күн тақтайшасын (батареясын) орнатып, күнделікті тұрмыс пен шаруашылыққа қажетті электр қуатын аталмыш қондырғылардан алып отыр. «Мұса» ШҚ-ның басшысы Тілеген Мусиннің мәліметіне қарағанда, ол орнатқан «Маглев» жүйесіндегі жел генераторы сағатына 100 ватт қуат өндірсе, күн батареясының әрқайсысы тәулігіне ең кемі 1,5 киловат электр қуатын беретін көрінеді. Сонда аталмыш 6 күн тақтайшасы тәулігіне кемі 9 киловатт, тіпті қажет жағдайда 10-12 киловатқа дейін қуат өндіруге шамасы жетеді екен.  Ал электр қуатының тәулігіне бір үйге орта есеппен қажет мөлшері 3-5 киловатт. Ретті жерінде айта кетелік, «Мұса» шаруа қожалығы аудан орталығынан 25 шақырым, ал облыс орталығынан 300 шақырымдай жырақ қоныстанған.

Облыс орталығынан 250 шақырым қашық Шыңғырлау ауданындағы «Ғайни» шаруа қожалығының тұрмыс пен шаруашылық мүддесі үшін күн мен желдің қуатын тұтынып отырғандығын  биылғы маусым айында өзім арнайы  барып көрдім. Аталмыш шаруа қожалығының жетекшісі Жасқайрат Айсиевтің күн мен желдің қуатына қатысты іске қосқан құрал-жабдығы будан, яки гибридті қондырғы. Олай дейтін себебіміз, Ақтөбедегі «Basis Group КZ» ЖШС «Ғайни» шаруашылығына орнатқан жел генераторы және 10 күн тақтайшасының жалпы қуаты – 10 киловатт. «Basis Group КZ» ЖШС-ның басшысы  Естай Ибрагимовтың мәліметіне қарағанда, үшбу қондырғылар 5 киловатты күннен, 2 киловатты желден алып, түптеп келгенде, айнымалы токты тұрақты токқа айналдыратын инвертор электр қуатын 10 киловатт жеткізетін көрінеді.  «Ғайни» ШҚ игілігін көріп отырған электр қуатын өндіретін кешен Германиядан жеткізілген. Бұл қондырғы-кешеннің әр құрамдас бөлігінің өз алдына дербес сертификаты бар болып шықты. Тілге тиек, сөзге өзек болып отырған будан қондырғының бүкіл жұмыс жүйесі аутоматтандырылған. Сол себепті қосымша адам күшін, жұмыс қолын қажетсінбейді. Әрі өзі онша кірпияз емес көрінеді, егер қадірін біліп, күтіп ұстаса, немістердің тура осы кешені 15-20 жыл «жасайтын» көрінеді. Аты айтып тұрғандай, жел генераторының «жаны»  – жел, ал күн батареялары бұлтты күндері де электр қуатын өндіруге қабілетті. Рас, бұлыңғыр күндері күн тақтайшаларының өндірістік «қарым-қабілеті» 20 пайызға бәсеңдегенімен, электр қуатын өндіру үздіксіз жалғаса береді. Міне, осылайша «Ғайни» шаруа қожалығында әдейі белгіленген орындағы 20 аккумуляторға шоғырланған электр қуаты үй-жайға қоса, қора-қопсыға жарық беруге, тұрмыстық техника атаулыны емін-еркін тұтынуға, төрт түлікті суару үшін құдықтан су тартуға, тіпті құс фермасын да жарықпен жарылқауға жарап тұр.

Әрине, біздің облыс орталығының өзіне қоса, Орал қаласының маңындағы елді мекендер де «жасыл экономикаға» негізделген инновациялық ілгерілеудің көріністері баршылық. Бірақ менің бұл жолғы мақсатым, адам ой-қиялының ұшқырлығы жасампаз жобалар ретінде салтанат құратын «ЭКСПО – 2017» халықаралық көрмесінің кең байтақ қазақ да-ласының алыс аудан, шалғай ауылдарына дейін қазірдің өзінде шуағы түсіп, шапағаты тие бастағандығын нақты мысалдармен айшықтау еді. Олай болса, жаңа технология атаулы мен жасампаз жобалаудың жақсылығы жаппай жұғысты болғай, әлеумет!

Бауыржан ФАЙЗОЛЛАҰЛЫ,

«Орал өңірі»


«Отан отбасынан басталады»

Күні: , 912 рет оқылды

1 вапваива


Жуырда «Жас Отан» ЖҚ БҚО филиалының ұйымдастыруымен Халықаралық  отбасылар мерекесіне орай «Нұр Отан» партиясы ғимаратында «Бақытты отбасы» жобасы аясында облысымыздағы  үлгілі  отбасылармен кездесу өтті.  А. Қыдыршаевтың отбасы және Астана қаласында өткен «Мерейлі  отбасы» ұлттық  конкурсының жүлдегері Кенжебаевтармен кездесуге  БҚМУ  және  БҚАТУ-дың студенттері қатысты.


Кездесуді «Нұр Отан» партиясының БҚО филиалы төрағасының орынбасары Гүлнәз Мағжанқызы сөз сөйлеп ашты.

– Отбасы – қазақтың басты құндылығы саналады. Әке-шешеден жақсы тәрбие алған бала өз отбасын да сәтті құратыны белгілі. Бірақ,  өкінішке орай, соңғы жылдары отау құрған жастардың үшеуінің біреуі ажырасып кетіп жатыр. Бұған жастардың отбасын құруға дайын еместігі себеп болуда. Сондықтан облыстағы мақтаулы отбасылармен кездесіп, олардың тәжірибесімен бөлісудің  жастарға пайдасы зор, — деді ол.

Академик Абат Қыдыршаев  – облысқа жақсы танымал. БҚМУ-дың филология факультетінің деканы. Жұбайы Диамара Қабденқызы да – өмірін ғылымға арнап келе жатқан жан. БҚАТУ-дың агрономия факультетінің деканы, ғылым кандидаты. Сөз алған Абат Сатыбайұлы жиналған жастарды отбасы мүшелерімен таныстырды. Қызы Дана да магистратураны бітірген агроном, ұлы Орал  – Н. Назарбаев зияткерлік мектебінің мұғалімі. «Орал сабақты таза ағылшын тілінде береді. Бүгінде Н. Назарбаев университетінің магистранты» деп мақтаныш етеді әкесі. Ал кенже ұлы Мақсат 8-сыныпта оқиды. Күйеу баласы банк қызметкері, келіні мұғалім. Екі немересі бар.

Ал Астана қаласында өткен «Мерейлі отбасы» ұлттық  конкурсына еліміз бойынша барлық  турды есептегенде 2285 отбасы қатысқан. Облыс бойынша 105 отбасыдан  үздік  шыққан  26 отбасы арасында бас жүлдені алған  Кенжебаевтар республикада  облыстың намысын көкке көтеріп оралды.

Отағасы Жасқайрат пен отанасы Баян дүниеге 7 перзент әкелген. Астанаға  ұл-қыздары, күйеубала-келіні, немерелерімен, жалпы 20 адам барды. Бір ерекшелігі – отбасы шетінен өнерпаз. Кенже  ұлы Темірлан саз колледжінде оқиды, күйші. Жасынан жанына өнерді, қара  домбыраны серік еткен Жасқайрат бүгінде Сырым ауданының Жетікөл ауылы мәдениет үйінде көркемдік жетекші болып қызмет істейді. Бес немере, екі  жиені бар отағасы жастарға көп балалы отбасындағы тәрбиенің өзіндік ерекшелігі болатынын, балалардың өзара тату, бір-біріне қамқор, ата-анаға мейірімді болып өсетінін айтты.

Екі отбасы да жастардың сұрақтарына жауап беріп, отбасындағы бақыттың сыры – татулықта, бірлік  пен  өзара түсінушілікте  екендігін  айтты.

«Ең бастысы — еңбек, – деді Абат Сатыбайұлы. — Сосын  адамгершілік қасиет, осы екеуі болса,  отбасында бақыт болады» Ал жан жары Диамара: «Бала ата-анадан үлгі алу керек. Отбасында қазақтың салт-дәстүрін сақтаймыз. Үлкенді сыйлап үйренген бала жаман болмайды»  — дейді.

«Сыйластық  сәлемнен басталады» деген Кенжебаевтардың отанасы Баян 4 перзентінің Орал қаласында бір-бір шаңырақ болып отырғанын, үлкен әулет сағынысқанда,  осы қалада  төрт шаңырақта кезектеп  кездесіп, арқа-жарқа болатындарын айтады.

Кездесуде бақытты отбасылар өздерінің өмірлік тәжірибелерімен бөлісіп, жастарға өмірлік  жар таңдауда  адаспау қажеттілігін  алға тартты. «Себебі отбасындағы бақыт, балалардың шат күлкісі мен жетістігі, болашағы ата-ананың тәрбиесіне байланысты. «Отан отбасынан басталады» деген бар. Мемлекеттің соңғы жылдары отбасына ерекше көңіл бөлуі, осыған орай әр түрлі байқаулардың  өтуі  жанұя жарастығын сақтауға  әсер етіп, үлгілі отбасылар көбейе  берсін» –  десті  олар.

Ұлдай  ҚАБОШҚЫЗЫ,

«Орал өңірі»

Cуретті түсірген Темірболат ТОҚМАМБЕТОВ


«Үздік жас отбасы – 2015»

Күні: , 1 014 рет оқылды

Тасқалалық Белгиндер отбасы-69


Өткен  аптада  облыстық қазақ драма театрында «Үздік жас отбасы – 2015»  облыстық  байқауы өтті. Оған тоғыз жас отбасы қатысып, бақтарын сынады.


Батыс Қазақстан облыстық мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасының қолдауымен өткізілген аталмыш шараның басты мақсаты – еліміздің ең басты құндылығы отбасының мемлекет қорғауында екендігін дәріптеу. Жас отбасылардың арасында жанұялық құндылықты насихаттау мен оның міндеттері туралы кеңінен түсінік беру. Ұлттық киімдердің үлгісін көрсету және өз-өздерін таныстыру секілді байқау төрт кезеңнен құралған.

– Биыл екінші рет өткізіліп отырған шараға аудандардан келген жас отбасылар  қатысып, бақтарын сынады. Қазылар алқасының арасында былтырғы «Үздік жас отбасы» байқауының жеңімпаздары бар. Ұйымдастырып отырған шарамызға көрермен бағасын береді ғой деген ниеттеміз. Ең бастысы, қоғамымызда өнегелі ұл-қыз тәрбиелейтін жарасымды жұптар көбейе берсе екен, – дейді облыстық халық шығармашылығы орталығының директоры Медхат Қамбетов.

Облыстық халық шығармашылығы мекемесінің ұйымдастыруымен өткен «Үздік жас отбасы» байқауының биылғы бас жүлдесі мен Бурабай шипажайына 7 күндік  жолдаманы тасқалалық  Белгиндер (суретте) иеленді. Бас жүлде иесі Нұрсейіт Тасқала ауданындағы жастар ресурстық орталығының, зайыбы Ботакөз Бақтығалиева аудандық мәдениет үйінің қызметкері. Шаңырақ көтергендеріне алты жылдан асқан Белгиндер отбасында бір қыз, екі ұл тәрбиеленуде. Ақжайықтың Нұрғалиевтер отбасы бірінші орынды жеңіп алса, екінші орынды бөкейордалық Өтәлиевтер жанұясы мен сырымдық Үмітовтер жанұясы өзара бөлісті. Бөрлілік Мамышев, жәнібектік Қалнияров және теректілік Қалиевтер отбасы үшінші орыннан көрінді. Жеңімпаз-жүлдегерлер дипломдармен және бағалы сыйлықтармен  марапатталды.

Темірболат  ТОҚМАМБЕТОВ


Полицейлердің жанұялық жарысы

Күні: , 826 рет оқылды

IMG_4608


Отбасы күніне орай сәрсенбі күні «Динамо» спорт базасында БҚО ішкі істер департаменті және «Динамо» дене шынықтыру қоғамының ұйымдастыруымен құқық қорғау қызметкерлері отбасылары арасында «Әкем, анам және мен – біз тату жанұямыз» атты дәстүрлі спорттық-бұқаралық  шара өтті.


Аталмыш шараға БҚО ішкі істер департаменті, қылмыстық атқару жүйесі департаменті, төтенше жағдайлар департаменті, мемлекеттік күзет қызметі басқармасынан 7 отбасы қатысып, сынға түсті. Сайыста әкелер қол күрестірді, аналар нығыздалған допты қашыққа лақтырды, балалар балық аулады. Жалпы, отбасылар арасында арқан тарту және пневматикалық қарудан ату сайысы өтті. Қазақтың күмбірлеген әсем күйімен арқан тарту ойыны басталды. Мұнда Құрмановтар отбасы (БҚО ІІД ӘПБ ЖП ПБ) жеңіске жетті.

Арқан тартудан жалпыкомандалық есепте 3-орынды Жаңбыршиевтер отбасының «Айкөркем» тобы (БҚО ІІД), 2-орынды Кеңесовтар отбасының «Сұңқар» тобы (БҚО ҚАЖД) иеленді. Ал жүлделі 1-орын  Құрмановтар отбасының «Кердері» (БҚО ІІД) тобына бұйырды.

Сайыс соңында жарысқа қатысушыларға  ұйымдастырушылар тарапынан дипломдар және отбасына қажетті естелік сыйлықтар табыс етілді. Ең жас қатысушы балақайлар мен белсенді бүлдіршіндер де назардан тыс қалмады. Қатысушылар дастарқан басына жиналып, қазақтың сары самаурынынан ыстық шай ішіп, естелік  суретке түсіп, жақсы көңіл күймен тарасты.

Асылай  ҒҰБАШЕВА,

БҚО  ІІД  баспасөз  қызметі


Мәдениет күндері өтті

Күні: , 100 рет оқылды

Копия Изображение 039


Жұма күні облыстық жастар шығармашылығы орталығында «Татар мәдениеті күні»  атты мерекелік шара өтті.


Татар халқының  салт-дәстүрі мен әдебиетінен, мәдениетінен сыр шертетін көрме көрерменге   жақсы әсер қалдырды.  Шараға арнайы келген облыс әкімінің орынбасары Бақтияр Мәкен татар халқын мерекемен құттықтады:

– Биылғы Қазақстан халқы ассамблеясы жылы аясында  өңірімізде де, елімізде де  көптеген шаралар өткізілуде. Бір шаңырақта бас қосқан сан  ұлт өкілдерінің  салт-дәстүрі, мәдениеті, тарихымен таныстыруы өскелең ұрпақ үшін  қажет дүние. Мен татар халқын облыс әкімі Нұрлан Асқарұлының атынан және өз атымнан бүгінгі мерекемен құттықтап, дендеріңізге саулық, отбасыларыңызға амандық тілеймін. Әр отбасында бірлік пен тұтастық болған жағдайда ғана біз мәңгілік елге айналамыз, – деді ол.

Кеште татар халқының тарихы туралы мәлімет берілді. Әрі қарай мерекелік кеш концерттік бағдарламаға ұласты.

Гүлжамал КЕНЖЕҒАЛИЕВА

* * *

Өткен жексенбіде Орал қаласындағы жастар шығармашылығы орталығында этномәдени орталықтарының қатысуымен еврей этномәдени бірлестігінің күніне арналған «Еврей мәдениеті күні» мерекелік іс-шарасы өтті. Оған облыс әкімінің орынбасары Бақтияр Мәкен қатысты.

Қазақстан халқы Ассамблеясы жылы аясында еврей ұлтының мәдениеті мен салт дәстүрі және шығармашылық жұмыстарымен таныстыру шараның басты мақсаты болып табылды.

– Сіздерді бүгінгі мерекелеріңізбен құттықтаймын! Этномәдени бірлестіктердің арасында еврей ұлтының да орны ерекше. Қандай іс-шаралар болмасын, өз үлестеріңізді қосып, белсенді араласып келесіздер. Бірлік пен татулықты қолға алып, әрдайым амандықта жүздесуге жазсын. Мереке құтты болсын, – деді облыс әкімінің орынбасары Бақтияр Мәкенұлы.

Еврей этномәдени бірлестігі өздерінің «Рош-а-шана» атауымен жаңа жылды қарсылады. Мерекелік кеш кітап көрмесімен басталды. Онда еврей ұлтынан шыққан жазушылардың кітаптары қойылған. Концерттік бағдарламада әртүрлі тілде әндер шырқалып, шара қыза түсті. Еврейлердің ұлттық тағамдары қойылған дастарқаннан жиналған қауым дәм татты.

Темірболат  ӘНУАРҰЛЫ

Cуреттерді түсірген  Рафхат ХАЛЕЛОВ, Оксана КАТКОВА


БҚО, Орал қаласы, Мұхит көшесі, 57/1
zhaik_presscenter@mail.ru
oral_oniri@inbox.ru
support@oraloniri.kz

Орал өңірі" газетінің бас редакторы: 51-25-80
Бас редактордың орынбасарлары: 24-17-08, 54-18-08
Жауапты хатшы: 54-38-22
Тілшілер: 50-66-88, 51-50-34
Жарнама бөлімі: 51-51-09
Яндекс.Метрика