Мұрағат: 19.09.2015


«Қаза тапқан қаруластарымның алдында қарыздармын»

Күні: , 901 рет оқылды

Колик 1 сафин


Хамза Сафин:

Кез келген соғыс оған қатысушының бойында жан әрі тән жарасын қалдырады. Орал қаласының құрметті азаматы, тоқсанның төріне келген Хамза ағамызда оның екеуі де бар. Бір қолын немістің пышақ-найзасы тіліп өтсе, екіншісінде жанынан жарылған жау гранатасының тым ұсақ жарықшақтары қалған. Әрине, ешқашан жадынан кетпейтін жан жарасы өз алдына…


Майдан даласында қан­шама қарулас достарым мәңгілікке қал­ды десеңізші?! Олар қаһармандық ажа­лымен бүгінгі ұрпақтың жар­қын өмірін қорғап қалды. Басқа­сымен бірге сол боздақтардың ал­дында мен де қарыздармын. Олардың кез келгені де бүгінгі мен сияқты тоқсанға толып, жарқын  ғұмыр кешер еді. Өкініштісі сол, оларға басқа тағдыр бұйырыпты. Соғыстан аман келсем де, тап қа­зір майдангер дос-жолдастардың бүгінде арамызда болмауы жа­нымды сыздатады. Амал не, бәрі­міз де мәңгілік емеспіз. Мен үшін барлық аяулы жанның жатқан же­рі жарық болсын!  Бәрінің  де өш­пес рухына өле-өлгенше тағзым ете­мін!, – дейді бүгінде ардагер ағамыз Хамза Әбдірахманұлы Сафин.

Кезінде осы әулеттен шыққан үш адам да Ұлы Отан соғысына қа­тысып, елді  жаудан  қорғапты.  Әкесі  Әбдірахман, өзі және інісі Абдолла. Қанқұйлы соғыстың әр тұ­сында болған үшеуі де елге аман оралған. Кезінде азамат соғысы­на да қатысқан әкесі баяғыда-ақ, о дүниелік болса, інісі екеуі дін аман. Ұрпағының қызығына кенеліп отыр.

Сафиндер – Орал қаласының  ба­йырғы  тұрғындары. Жайық өңірі­не сонау  ғасырларда  келіп, қазақ­қа бауыр басқан татар ұлтының ұрпағы. Бірақ  бала кезінен бар­лық ұлтпен бірге тату-тәтті өмір сүріп, мидай араласты. Сондықтан 1941 жылы соғыс басталып, ал­ғашқының бірі ретінде әкесі май­дан­ға алынғанда, қазақ көршісі Қай­рош Мәмбетовтың он алты жас­та­ғы  Хамзаны  бірге  алып  жүріп,  тері зауытына жұмысқа орналастыруы тегіннен-тегін емес. Қай за­манда да жақсы көрші алыстағы ағайыннан артық. Сол ағаның есі­мін арада сан жыл өтсе де, соғыс ардагері ешқашан жадынан шы­ғарған жоқ.

– Ол менің алғашқы еңбек мек­тебім. Зауытта жүргенде, қала­лық комсомол комитетінің қолқа­ла­уы­мен әскерге аттандым. Баш­құрт­тың  Стерлитамак  қаласынан бір шықтық.  Мұнда күтіп алған, кілең сайдың тасындай сардарлар айлар бойы әскери іске машықтан­ды­рып, ерінбей-жалықпай үйрет­ті. Сол әскери ұстаздардың жетік үй­ретуінің нәтижесінде жақсы сар­баз болып, майданға аттандық, – дейді Хамза Әбдірахманұлы бүгін­де. Жасынан қағілез де епті азамат сол жерден де майданға өзі сұраныпты. Майдан жолдары сар­базды біресе орыс жеріне, біресе Украинаға, біресе Балтық бойынаапарды. Оның ерекше есінде қал­ғаны – Балтық бойындағы жауданКур­ляндия «қазандығы» мен Шы­-ғыс Пруссияны тазарту жолында­ғы қанқұйлы шайқастар. – Әлі жа­дымда, 1945 жылдың қарсаңы. Жауорналасқан шеппен арамыз ша­ма­мен 50-100 метр. Байқаймын, дұш­пан аса көңілді. Сірә,  Жаңа жылды той­лап жатқан сыңайлы. Тіпті ерін гармонының да сазы естіледі. Біз­ге таң қылар етер-етпестен, ша­буылға шығуға бұйрық берілді. Бел­гіленген мерзімде қаруымды қолға ұстап, жауынгер жолдастар­мен бірге алға жүгірдім.  Кенет  ой­ламаған жерден жау шебінің тұ­сында алпамсадай неміс алдымнан шыға келді. Аузынан арақ иісімүңкиді. Қолында найза-қанжары (штык) бар.  Жағаласа кеттік. Ең­ге­зердей жаумен алысу қандай қиын! Мені өлтіргісі келіп, кеңірдегіме  жабысып, қолымды  тілгілеп тас­та­ды. Әйтеуір, жанталаса жүріп, атып өлтірдім. Кейін сардарым ренжиді: «Неге «тіл» етіп, ұстама­дың?!» деп.  Қайдағы «тіл»?! Әрең құтылып, аман қалдым ғой. Көпке дейін өзіме-өзім келе алмай жүр­дім, – дейді ол күлімсіреп. 1945 жыл­дың 29 сәуірінде үшінші жә­не соңғы рет жараланған Х. Са­финЖеңісті неміс жерінде әскери гос­питальда қарсы алды. Кейін әс­ке­ри бұйрық бойынша уа­қыт­ша  қал­дырылған ол 1946 жы­лы ақпанда туған қаласы – Оралға аман жетті.

Өңіріне бірінші дәрежелі «ҰлыОтан соғысы», Қызыл Жұлдыз ор­дендері мен бірнеше медальды жар­қыратып таққан майдангерді  қай­тадан  жұмысқа шақырды. Бей­біт өмірге қуана-қуана кіріскен ол біраздан соң, жұмысын қомсына бас­тады. Өйткені өзі жүріп өткен қанды майдан жолдарынан қира­ған қалалар мен ауыл­дар­дың үйін­ді­лерін көргенде: «Осы­лардың бә­рін қалпына келтіретін, тіпті әдемі етіп, қайта салатын құрылысшы болар ма, еді, шіркін?!» деген ой­ға берілетін. Болмысынан бейбіт жан­ның бұл арманы көп ұзамай жүзеге асты. Арада жылдар өткен соң, сүйікті мамандығы бойынша арнаулы орта білім алған Хамзапрорабтан бастап, облыстық құ­ры­­лыс басқармасының трест бас­тығы, облатком төрағасының құ­рылыс жөніндегі көмекшісі лауа­зымына дейін көтерілді. Өмір жо­­лының 42 жылын құрылысқа ар­нады. Тіпті өзін-өзі аямағандық­тан, жүрек талмасына да шалдық­ты. Кейін емделіп, қайта қалпына келді. «Еңбегіне қарай өн­бегі», оның майдандағы марапа­тын 1967 жылы «ҚССР-ының құр­метті құрылысшысы» атағы, «Парасат» ордені және басқа да сыйсияпат то­лық­тырды. Соның ішіндегі тоғыз өңірге тағар марапа­ты – тәуелсіз Қазақстанның құр­ме­ті. Оның қал­дырған қолтаң­басыоблыс орталы­ғын­дағы теміржолвок­­залы, автовокзал, әуежай жә­не басқа да бүгінде халық кеңі­нен пайдаланатын қоғамдық орындар­да сайрап жатыр. – Құрылыс саласында жүргенде об­лыстың қай аумағы болсын, бар­маған жерім жоқ. Жұмыс бабы­мен біраз елдіме­кенді аралап, талай тамашаадамдармен кездес­тім, қызмет­тесболдым. Солардың ішінен ауданжә­не шаруа­шы­лық басқарған Ж. Иса­таев, А. Байболатов, Т. Жұ­мақаев, Г. Войнов, К. Меңдәлиев және басқалары­ның есімдерінқұрметпен атағым келеді. Тамашаазаматтар, абзал жандардың ма­ған үйреткені өте көп. Сондықтан оларға да қарыз­дармын. Өзім­нің азды-көпті еңбе­гімде сол жан­дардың да қомақ­ты үлесі бар, –дейді Хамза Әбдірах­манұлы ағы­нан жарылып.

1991 жылы зейнетке шыққан абзал аға қол қусырып отырмай, 16 жыл бойы мүгедектердің об­лыстық ерікті қоғамын басқарды. Сөйтіп, мүмкіндігі шектеулі талай жанның қиындығын барынша же­­ңілдетіп, қолұшын берді, ең құ­ры­ған­да ақыл-кеңесімен бөлісті. Қа­зір де сол қоғамдық ұйыммен жү­йелі  хабарласып  тұрады.

– Соғыстан 76 мың майдан­гер жерлесіміз ел­ге аман ора­лыпты. Міне, арада 70 жыл өткен соң, со­лардың тек екі жүздейі қа­лып­ты. Әлі де біртіндеп өмір­ден ке­тіп жатыр. Бұрын соғыс қатал «жен­дет» болса,  енді  оның орнын  уа­қыт  басты. Айтарым, мен бақыт­ты­мын. Жас кезімнен аш­тық­ты да,жоқтықты да көрдім. Қан­ды қыр­ғыннан да аман келдім. Бүгінгідейтыныш та дәулеті мол заман­ды кө­ру үш ұйықтасам, түсі­ме де кір­мепті. Тағдырыма өте ризамын, — дейді майдангер.

Майдангер  отбасында  да  ба­қытты. Осыдан 14 жыл бұрын өмір­ден озған Зиха есімді зайыбымен бір ұл, екі қыз өсірді. Жалғыз ұлы Нұр – құрылысшы-инженер, қыз­да­ры Эльмира – дәрігер, Әсия – Орал қа­ласындағы Гагарин атын­дағы ки­нотеатрдың директоры. Олардан 8 немере-жиен, 9 шөбе­ре-жиеншар сүйіп отыр. Ардагер, әсіресе,  Мәскеудің әскери академиясын үздік бітірген жиені, аға лейтенант Артурды ерекше мақ­тан етеді.

– Бес уақыт намаз оқып, ораза ұстамасам да, қай дінге де, соның ішінде исламға ниетім түзу. Біз – өз дәуіріміздің адамымыз, сондықтан ешкім айыптай да қоймас. Бірақ ислами діни жоралғылардан бас тартпаймын, құрметпен қарай­­мын. Мәселе иманыңның дұрыс­ты­ғын­да,  ниетіңнің тазалығында  ғой. Өмір бойы адал еңбек еттім, Отан қорғаудағы парызымды мүлтіксіз орындадым. Міне, осыған қашан­да қуанамын және мақтан тұта­мын, – деді сөз соңында Ұлы Отан соғысы және еңбек ардагері Хам­за  Әбдірахман­­ұлы Сафин.

Серік  ИХСАНҒАЛИ,

«Орал өңірі»


Жедел ақпарат – заман талабы

Күні: , 856 рет оқылды

IMG_968-+6


Бейсенбі күні «Жайық Пресс» медиахолдингінің құрамындағы облыстық және аудандық газеттердің сайттары таныстырылды. «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалының ғимаратында өткен таныстырылымға қала мен аудан әкімдерінің орынбасарлары, қалалық және аудандық ішкі саясат бөлімдерінің басшылары және БАҚ өкілдері қатысты.


Жиында облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Айгүл Есекенова елімізде, соның ішінде өңірде Елбасымыздың «Нұрлы жол» бағдарламасына, «100 нақты қадам» Ұлт жоспарына байланысты көптеген жұмыстар атқарылып жатқанын, басқа да мемлекеттік бағдарламалардың орындалу барысын баяндады. Маңызды ақпараттарды қалың бұқараға жедел жеткізуде сайттардың маңызы зор екеніне тоқталды.

«Жайық Пресс» медиахолдингінің бас директоры Жантас Сафуллин мемлекеттік құрылымдарды ақпарат орталығымен тығыз жұмыс жасауға шақырып, халыққа ресми ақпаратты шұғыл жеткізу – бүгінгі күннің талабы екенін айтты. Газет пен оның электронды нұсқасының қатар жұмыс істеуі газет жазылымына әсер етпейтінін, қайта оқырманмен байланыс нығая түсетінін, бұл үрдістен әлемдік БАҚ-тың өтіп жатқанын әңгімеледі. Қазіргі уақытта сайттармен қатар әлеуметтік желілердің де халық арасында кең қолданысқа ие екендігін, онда да аталмыш медиахолдингтің парақшалары белсенді ақпарат тарататынын айтпай кетпеске  болмайды.

Шарада медиахолдингтің zhaikpress.kz, oral_oniri.kz сайттарымен «Орал өңірі» газетінің бөлім редакторы Нұрлыбек Рахманов, priru.kz сайтымен «Приуралье» газетінің тілшісі Галина Самойлова таныстырды.

Бүгінде «Жайық Пресс» медиахолдингінің www.zhaikpress.kz сайты облыс жұртшылығы мен республика халқын өңір тынысымен, соңғы жаңалықтармен ұдайы хабардар етіп отыр. Республикалық басылымдар мен телеарналар облысқа қатысты ресми мәліметтерді осы өңірдің басты ақпарат таратушысы zhaikpress.kz сайтынан алып, сілтеме жасап келтіруде. Бұл сайт жақында жаңартылып, енді облыстық «Орал өңірі», «Приуралье» газеттерінің және 12 аудандық газеттің дербес сайттары топтастырылды. Мұнда өңір-лік, сондай-ақ Орал қаласы мен әр аудандағы ақпараттар дер кезінде жарияланып отырылады. Енді оқырмандар аймақтың фото және бейне жаңалықтарын да басқа сайттардан іздеп отырмайды, бір жерден табады. Сондай-ақ жаңартылған сайттарда оқырманның өз ақпаратын жолдауына да мүмкіндігі бар. Жарнама, бос жұмыс орындарына конкурс, түрлі байқауларды да осы жерден таба алады. Аймақта қалаға қоса он екі ауданды бірдей қамтитын мұндай сайттың баламасы әзірге жоқ.

Облыстық «Орал өңірі» газетінің www.oraloniri.kz сайты zhaikpress.kz сайты сияқты заманауи электронды баспасөз құралына қажетті соңғы өзгерістермен қамтылып, жаңартылды. Оқырманға барынша қолайлы қылып жасалды. Газетке шыққан барлық мақалалар тақырыптарға жіктеліп тұр. Бұл оқыр-манның қызығушылығына қарай өзіне керекті мәліметті тез табуы үшін жасалған. Газеттің жаңа санын, соңғы жаңалықтарды оңай тауып алуға болады. Газеттің мұрағаты, электронды нұсқалары, фотомұрағаты да оқырманға қолайлы болуына лайықталған. Сайттың ұлттық нақыш, ою бедерлерімен безендірілуі де оқырманның ойынан шығары сөзсіз. Бүгінде аталмыш газет сайтындағы материалдармен күніне 3 мыңға дейін оқырман танысса, уақтылы жаңартылып отыратын әлеуметтік желілердегі парақшаларында бес мыңнан аса жазылушысы бар. Жуырда жоғарыда аталған облыстық, аудандық сайттардың ұялы телефондарға арналған қосымшасы іске қосылмақ.

Өз тілшіміз


«Поэзияның заңғар жыршысы»

Күні: , 938 рет оқылды

фото8


Арқалы ақын Жұбан Молдағалиевтің туғанына 95 жыл толуына орай  Жұбан  Молдағалиев  атындағы  облыстық  әмбебап-ғылыми кітапханада «Поэзияның заңғар жыршысы» атты online жүйесінде әдеби кеш өтті.


Шара Жұбан ақынның кітаптары мен қолданған бұйымдары қойылған көрменің ашылуымен басталды. Ақын шығармашылығын насихаттауға арналған кеште аталмыш кітапхана мен С. Бәйішов атындағы Ақтөбе облыстық әмбебап ғылыми кітапханасы online жүйесінде мәлімет алмасып, студенттер ақынның «Әлия», «Ана туралы жыр», «Мен қазақпын», «Еділ мен Жайық», «Батырлар туралы баллада», «Қазақ тілі» өлеңдерін оқыды. Әдеби кеш барысында Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ақын  Айтқали Нәріков сөз алып, ақынның поэзиясынан, азаматтық бейнесінен мысалдар келтіріп, ұлттық рух әлсіреген кеңестік  кезеңде «Мен – қазақпын!» деп жар салған Жұбан ақынның өр мінезі туралы жастарға тұшымды ой айтты. Ал көршілес Ақтөбе облысынан арнайы келген Мейірхан Ақдәулетұлы мен Гүлімай Әбішқызы сықылды белгілі ақындар қатысып, жаңа технологияның арқасында Жұбан ақынның өршіл өлеңдері насихатталып жатқанына ризашылығын білдіріп, бірлескен шараның сәтті өтуіне тілек білдірді. Сондай-ақ ақынның шығармашылығындағы батыл қадамдар туралы ойларын жеткізді.

Гүлсезім  БИЯШЕВА


Бәйгеге қатыс, бақ сына!

Күні: , 795 рет оқылды


«Болашақ» корпоративтік қоры Орал қалалық әкімдігінің ішкі саясат бөлімінің әлеуметтік тапсырысы бойынша әлеуметтік маңызы бар ең үздік жобаға бәйге жариялады.


Бәйге азаматтардың  әлеуметтік белсенділігін арттыруды, қоғамдағы көкейтесті мәселелерді шешудің инновациялық шешімдері мен технологияларын іздеп табу мақсатында ұйымдастырылған. Қордың облыстық филиалы директоры Салтанат Түменбаеваның айтуынша, бәйгеге жекелеген азаматтармен қатар қоғамдық бірлестіктер, кәсіптік одақтар, мемлекеттік, мәдениет, білім беру ұйым-мекемелері, бизнес құрылымдары қатыса алады. Конкурсқа қатысу барысында қатысушыларға семинар-тренинг өткізіліп, одан кейін олар комиссия алдында өз жобаларын қорғайды.

Бәйгеге ұсынылатын жоба PowerPoint форматында дайындалып, жобаның атауы, мақсат-міндеттері, жаңашылдығы, ерекшелігі, әлеуметтік маңызы көрсетілуі тиіс.

Бәйгеге қатысу үшін өтінішті толтырып, оған жобаның 5 данасын жалғау керек. Өтініштерді қабылдау БҚО жастар ресурстар орталығында, Достық даңғылы, 188 мекенжайында, 18 қыркүйектен 19 қазан аралығында жүргізіледі. 23 қазанға дейін жобаларды комиссия қарайды. Үздік шыққан 10 жоба көрмеге қойылып, жеңімпаздар дипломдар мен сыйлықтарға ие болады.

Гүлнар  ШӘҢГЕРЕЙ


Шейітсайға аттанды

Күні: , 833 рет оқылды

IMG_9827


Кеше М. Өтемісұлы атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университеті жанындағы «Махамбет» ғылыми-зерттеу орталығының ұйымдастыруымен «Бабалар тарихына тағзым» атты экспедиция Ақтөбе облысы Қобда ауданына қарасты Шейітсай деген жердегі Исатай батырдың бейітіне аттанды. Экспедиция құрамында танымал ақындар Ақұштап Бақтыгереева, Ғайсағали Сейтақ, тарих ғылымдарының кандидаты Жаңабек Жақсығалиев, «Жайық Пресс» ЖШС-ның бас директоры Жантас Сафуллин, тарихшы ғалымдар мен студенттер бар.


Сапар алдында филология ғылымдарының кандидаты, профессор Серікқали Шарабасов, университеттің ғылыми жұмыстар және халықаралық байланыстар жөніндегі проректоры Ғизатолла Имашев сөз сөйлеп, бұл сапардың тарихи тұлға жөнінде кеңірек мағлұмат алуға, студент-жастардың зердесін тереңдетуге септігі тиетінін айтты. Филология факультетінің IV курс студенті Айнұр Дауылова мен тарих және экономика факультетінің ІV курс студенті, «Ақиқат» пікірталас ұйымының мүшесі Ернар Абзалов жастар үшін экспедицияның рухани-тағылымдық мәні зор екенін атап өтті.

«Махамбет» ғылыми-зерттеу орталығының директоры,  педагогика ғылымының докторы, профессор Абат Қыдыршаевтың айтуынша, Ақтөбе облысының біздің өңірмен шектесетін тұсында Исатай батырға арналған ескерткіш-белгінің ашылуына орай  ас беріліп, Құран бағышталады. Экспедиция мүшелері сол шараларға қатыспақ.

1836-1838 жылдардағы Исатай мен Махамбет бастаған көтеріліс тарих сахнасында кеңінен танымал. Шейітсайда көтерілісшілер Геке отряды мен Баймағамбет сұлтан жасағына қарсы Ақбұлақ шайқасы өтті. Қанды айқаста жаудың күші басым түсті. Жүрегі намыс шоғына күйген Исатай батыр шегінбестен жаяу ұрыс салып, ерлікпен қаза тапты. Ел ішінде Шейітсайда батырдың жерленген-жерленбегені  туралы пікір қайшылығы әлі баршылық. Бұл жорамалды одан әрмен дәйектей түсу өте маңызды.

Экспедиция мүшелері тарихи жерді аралап, көтеріліске қатысқан қазақ сарбаздары туралы кеңірек мәлімет жинамақ.

Нұртай ТЕКЕБАЕВ,

«Орал өңірі»

Суретті түсірген Темірболат ТОҚМАМБЕТОВ


Елбасына баяндады

Күні: , 800 рет оқылды

d7d4cc4212942a380c8702bb5efa5b7e


Елбасы  Нұрсұлтан  Назарбаев Атырау  облысына сапары барысында  Ақтөбе,  Атырау,  Батыс  Қазақстан және  Маңғыстау  облыстары  әкімдерінің  қатысуымен  кеңес  өткізді.


Кеңесте  алдымен  Инвестициялар  және  даму  министрі  Әсет  Исекешов  сөз  алып,  еліміздің  батыс  аймағындағы  төрт  облыста  іске  асырылып  жатқан жаңа  жобалар  туралы  баяндады. Өз  кезегінде  Батыс Қазақстан  облысының  әкімі Нұрлан  Ноғаев Мемлекет басшысына  өңірдегі  мемлекеттік бағдарламалардың  жүзеге  асырылу  барысы  туралы баяндады.  Сондай-ақ  өңдеу  өнеркәсібін,  ауыл шаруашылығын  және  шекаралас  өңірлер  арасындағы  сауданы  дамыту  мәселелері де  талқыланды.

«Егемен Қазақстан»  газетінен және akorda.kz сайтынан


«Нұр Отан» өңірдегі жұмысты күшейтеді

Күні: , 811 рет оқылды

A26J5368RE


Партияның соңғы бюросында Мемлекет басшысы Н. Ә. Назарбаев қазіргі уақытта жетекші саяси күш ретінде «Нұр Отанның» алдында тұрған маңызды міндеттерді нақтылап айтты.


Партияға қазақстандықтарды Бес институттық реформаны және «100 нақты қадам» жоспарын жүзеге асыруға жұмылдыруды, «Нұрлы жол» бағдарламасының орындалуына бақылау орнатуды тапсырды. Қоғамда бірлікті бекемдеп, өңірлермен жұмысты күшейтуге жекелей тоқталды.

Елбасы жүктеген міндеттерді жүзеге асыру мақсатында партия жұмысын жетілдіруге белсене кіріскен партия Төрағасының бірінші орынбасары Асқар Мырзахметов жұмыс сапарымен өткен аптада Оңтүстік Қазақстан, Жамбыл, Алматы, Шығыс Қазақстан, Атырау, Маңғыстау, Ақтөбе облыстарында, Алматы мен Семей қалаларында болды. Аймақтағы партия қызметімен жан-жақты танысты. Партияның жергілікті құрылымдары тарапынан айтылған көптеген ұсыныстарға құлақ түріп, түйінді мәселелерді шешу жөнінде ашық пікір алмасқан Асқар Мырзахметов саяси ұйымның барлық құрылымы алдағы уақытта күш салуға тиісті мақ-сат-міндеттерге егжей-тегжейлі тоқталды.

Алдағы уақытта бас партияның халықтың игілігі жолындағы іс-қимылдары келесі бағыттарда өрбімек.

Бірінші. Мемлекеттік бағдарламалардың орындалуына, мемлекет қаржысының тиімді жұмса-луына партиялық бақылау мен бағалаудың тұрақты жүйесін қалып-тастыру. Себебі партияның Сайлауалды тұғырнамасы осы бағдарла-малармен тікелей байланысты.

Екінші. Қоғамдық қабылдау-лардағы арыз-шағымдарды екінші жағынан да талдау. Яғни қайталанып отырған немесе созылып, шешілмей келе жатқан шағымның себебін, қандай орган жұмысына байланысты түскенін, қай жерде, қандай лауазым иесі шешпегенін анықтап, шара қолдану.

Үшінші. Бастауыш партия ұйымдарының жұмысын жандандырып, жүйелеу, Орталық аппарат пен өңірлер арасында тығыз байланыс орнату. Ол үшін барлық аймақтық филиалдарға нақты индикаторлар белгіленіп, күн тәртібіндегі міндеттер межеленіп, жұмыс нәтижесі бағаланатын болады. Сонымен қатар жергілікті жердегі партияның құрылымдарында қойылып отырған міндеттерді өз дәрежесінде орындау үшін тиісті жағдай жасалады. Сол арқылы партияның негізгі күші саналатын 6 мыңға жуық бастауыш партия ұйымдарының жұмысын үйлестіру қажет. Айталық, жиналатын партиялық жарғының белгілі бір мөлшерін өңірлердің өздеріне қалдыру. Материалдық қолдаумен бірге моральдық ынталандыру да қолға алынбақ. Жергілікті жердегі партия белсенділерін депутаттыққа, партиялық және мемлекеттік қызметке кеңінен тарту қажет.

Төртінші. «Жас Отанның» жұмысын практикалық тұрғыдан жүргізуге, яғни нақты іске көшу.

Бұл үшін жастар саясаты саласындағы барлық бағдарламаларға талдау жүргізіліп, олардың тиімділігі бағаланып, Жастар қанаты оларды жүзеге асыруға белсене атсалысуға тиіс. Сонымен бірге бағдарламалардан бөлек, жалпы жастар тәрбиесі, рухани құндылықтар, салт-дәстүр сабақтастығына ерекше назар аударылып, нақты жұмыстар атқарылуы керек.

Бесінші. Партияның Парламенттегі мүмкіндігін барынша кеңінен пайдалану. Яғни партия фракциялары арқылы халықтың, өндірістегі, ауыл шаруашылығындағы, басқа да салалардағы көкейкесті мәселелерді шешетін заңнамалық құжаттардың дер кезінде қабылдануына ықпал ету. Парламенттік фракциямен жергілікті мәслихаттардағы нұротандық депутаттармен жүйелі, тұрақты байланыс орнату. Аудандық, облыстық мәслихаттардағы партия құрылымдарының жұмысында да нақты индикаторлар белгіленіп, бағалау жүйесін енгізу. Партияның атынан мәслихат депутаттығына үміткерлерді анықтаудың ережесін бекіту.

Алтыншы. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы идеология мен жұмыс барлық деңгейдегі, оның ішінде жергілікті жердегі партиялық құрылымдар тартыла отырып, күшейту. Партия жанындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі қоғамдық кеңестер аудандық деңгейде де ұйымдастырылып, ережесін бекіту. Сонымен қатар «Нұр Отан» партиясының өңірлердегі анықталып отырған өзекті мәселелердің ай сайын Үкіметте өтетін арнайы кездесуде қаралып отыруы бойынша тиісті келісімнің жасалғаны айтылды. Мақсат – туындаған мәселелердің уақыт күттірмей тезірек оң шешілуіне ықпал ету.

Бұған қоса, партия қызметінің негізгі бағыттары бойынша облыстық, қалалық филиал басшыларымен, яғни әкімдермен нақты жұмыс жоспары түзілмек, ай сайын филиалдар жұмысының нәтижесі анықталып отырмақ. Тағы бір мәселе, алдағы уақытта партияның бірыңғай жаңа медиа саясаты түзіледі. Ол Елбасы саясатымен мемлекет тарапынан халықтың игілігі жолында атқарылып жатқан ілкімді іс-шараларды жұртшылыққа кеңінен насихаттау, партияның қоғамның бірлігін бекемдеудегі қызметін жүйелі жолға қою бағытында өрбімек. БАҚ-та, оның ішінде партияның «Нұр Медиа» холдингіне қарасты басылымдар мен телеарнада өңірлердегі нақты жұмыстарды көрсететін арнайы айдарлар ашылмақ.

Орталық аппараттың шығындары ықшамдалып, қажеттілігі шамалы есептердің, іс-қағаздардың саны қысқартылып, өңірлерге бекітілген инспекторлардың міндетті түрде ай сайын облыстарға шығып тұруы жөнінде де шешімдердің қабылданып жатқандығы жеткізілді.

Партия Төрағасы бірінші орынбасары Оңтүстік Қазақстанға сапарында облыс басшысы Бейбіт Атамқұловты Оңтүстік Қазақстан облыстық филиалының төрағалығына сайлау конференциясына қатысты, алдағы міндеттердің орындалуына  тілектестігін  білдірді.

Алматы қалалық филиалдың кезектен тыс конференциясында Асқар Мырзахметов филиалдың бұрынғы төрағасы Ахметжан Есімовтің партияға халықтың сенімін арттыру жолындағы еңбегіне алғыс айтып, жиын барысында сайланған жаңа төраға – Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбектің  жұмысына  табыс  тіледі.

Жұмыс сапары барысында барлық өңірде Саяси кеңес мүшелері, партия фракциясының мүшелері, бастауыш партия өкілдері, партия белсенділері, «Жас Отан» өкілдері қатысқан жергілікті партия активінде өңірлік құрылымдар жұмысындағы қордаланған мәселелер кеңінен талқыланды. Осыған орай филиал басшылары, бастауыш партия өкілдері, өңір тұрғындары өз ұсыныстарын айтты.

Мәселен, Оңтүстік Қазақстанда партияластар тарапынан аудандық, қалалық филиалдарда кадр мәселесі бойынша бірқатар өзгерістер енгізу мәселесі көтерілді. Бүгінде жергілікті өңірдегі филиалдарда құрамында мүшелер саны 5 мың болса да, 50 мың болса да, штатта тек 3 қызметкерден бар. Орталық аппарат тарапынан жыл басында партия мүшелерінің санына қарай штаттық кестені көбейту туралы бұйрық шығарылғанымен, ол бүгінгі күнге дейін жүзеге аспай отыр. Осыған байланысты штаттық кестені бекіту барысында аудан, облыс халқының саны ескерілсе деді, партия белсенділері.

Ал Жамбыл облысында болған жиында бастауыш партия ұйымдары төрағаларының жұмысын ынталандыру мәселесі көтерілді. Бастауыш партия ұйымдары төрағаларының негізгі қызметі бар болғандықтан, партия ұйымының іс-қағаздарын жүргізуге көбіне уақыты да бола бермейді. Сондықтан партиялық жұмыстың басты бағыттарын қамтитын «Бастауыш партия ұйымының электрондық кітапшасы» әзірленсе деген өтініш айтылды. Сонымен қатар бастауыш ұйымдарды жеке жұмыс орнымен, яғни материалдық-техникалық базамен қамтамасыз ету де аса өзекті екені белгілі болды.

Алматы облысында партияластар тарапынан көтерілген мәселенің бірі – жастар мәселесі болды. «Жас Отан» жастар қанаты бөлімшелерінің төрағалары қоғамдық негізде қызмет атқаруда. Осы ретте бұл жұмысты одан әрі жандандыру мақсатында аудандық, қалалық бөлімшелерге бір штаттық бірліктен бөлінсе деген ұсыныс тасталды. Сонымен қатар жастарды жұмыспен қамту, кәсіпкерлікке баулу бойынша да шешімін таппай тұрған жайттар айтылды.

Шығыс өңірде, әсіресе, шағын және орта бизнес өкілдері кәсіпкерлікті реттейтін заңнамалық құжаттарға тездетіп өзгертулер енгізу бойынша партия тарапынан көмек күтетінін жеткізді.

Бүгінгі күні, әсіресе, шығыс өңірдің кәсіпкерлерін ойлантып отырғаны – көрші елдермен алыс-беріске қатысты кедергілер.

«Қазақстан шағын бизнес өкілдері мен Ресей кәсіпкерлері үшін талап бірдей емес. Мысалы, Ресейде ауыл шаруашылығы өнімдері 5 жылда бір рет сертификатталады, ал Қазақстанда жыл сайын сертификатталады. Әрине, бұның барлығы ақылы. Бұған қоса, шағын бизнеске салықтық жүктеме тым көп» – дейді ШҚО кәсіпкерлер палатасының директоры Игорь Шацкий.

Атырау облысында «Сенім» бастауыш партия ұйымының төрайымы Бақытгүл Хаменова электрондық қоғамдық қабылдау базасы регламентіне өзгерістер немесе толықтырулар енгізу қажет екеніне тоқталды. «База талаптары бойынша азаматтар өтініштерінің орындалуы туралы мәлімет 1 айдың ішінде жолдануы қажет. Алайда кей жағдайда мәселелерінің өзектілігіне қарай оларды заң шеңберінде шешуге кемінде 2-3 ай жұмсалады. Ал бұл кезде электронды база мәліметтерді қабылдамайды» – дейді ол.

Сонымен қатар Маңғыстау, Ақтөбе облыстарында жергілікті партияластар тарапынан депутаттық фракциялар жұмысын жандандыру, облыстық филиалда мәслихаттардағы депутаттық фракциялардың жұмысын үйлестіру механизмдерін енгізу мәселелері көтерілді.

Сайлауалды тұғырнаманы іске асыру бойынша жылына бір рет Парламент депутаттарының қатысуымен облыстық, қалалық, аудандық мәслихаттардағы «Нұр Отан» фракцияларының бірлескен отырысын өткізу, депутаттар қызметіне рейтингтік бағалауды енгізу ұсынылды.

Сондай-ақ партияның бір-бірін қайталайтын «Бақытты балалық», «Бақытты отбасы» сияқты жобаларын біріктіру, біртұтас, мақсаты айқын, ең бастысы, іске асыру жолдары анық жобаларды қолданысқа енгізу жайы да айтылды.

«Апта сайын өтетін жиын мен басқосудың саны емес, сапасы маңызды. Қоғамдық қабылдауға үміт артып, көмек сұрап келген әр адамның арызы қараусыз қалмай, кедергі мен қиындықтың түп-төркіні анықталуы қажет. Бір сөзбен айтқанда, күнделікті, нақты жұмыс жүйесіне ауысуымыз – Елбасының да, бүгінгі күннің де талабы».

«Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары өңірлерге сапарын түйіндеген жиында осылай деді.

Асқар Мырзахметов жергілікті партияластар тарапынан айтылған ұсыныс-пікірлерге байланысты партия нақты шешімдер қабылдайтынын атап өтті. Қыркүйек айының аяғына дейін бұл шешімдер қабылданып, өңірлердің штатына, қаржыландыруға, ұйымдастыру, материалдық-техникалық базасы және тағы басқа да мәселелерге байланысты өзгерістер енгізілмек.

(“Айқын” газетінен,  №169, 11 қыркүйек  2015 жыл)


Елдің үрейін ұшыру ма, әлде ерігу ме?

Күні: , 1 121 рет оқылды

large_0dfb


Соңғы жылдары еліміз бойынша халық көп жиналатын жерлерге «бомба қойылды» деген жалған хабар беру жиіледі. Яғни мекеменің жұмыс ырғағына нұқсан келтіріп, жалпы қоғамға елеулі шығын әкелетін жалған терроризм қаупі туралы жалған хабарлама жасау орын алып, тұрғындар арасында үрей тудырып, адамдардың тыныштығы бұзылуда. Құқық қорғау құрылымдары ғимараттан адамдарды басқа жерге көшіріп, қоғамдық көліктің қозғалысын шектеп, жоқ бомбаны іздеуге мәжбүр. Бұл бағытта облыстағы ахуал қандай деген сұрақпен  Батыс Қазақстан облыстық прокуратурасының экстремизмге және терроризмге қарсы күрестің заңдылығын қадағалау бөлімінің аға прокуроры  Алмас Таспиховқа (суретте) жолыққан едік.


Алмас Таспиков— Терроризм актісі туралы жалған хабар фактілеріне жасалған сараптамаға үңілсек, облыс бойынша 2013 жылы 1 қылмыс болса, 2014 жылы 4 факті тіркелді.

Бұл аталмыш қылмыстың аз да болса, өсіп отырғанын көрсетеді, — дейді Алмас Таспихов. — Яғни 2 жылда терроризм актісі туралы жалған хабарлама жасаудың 5 фактісі тіркелді. Оқиға орнына барған шұғыл қызметтің барлық шығыны кінәлі адамның мойнына салынды. 2013 жылдың 30 қараша күні, 22.45 сағатта 1971 жылы туылған В. Кисиков мас күйінде өзі тұратын Зеленов ауданы Калинин ауылындағы Фрунзе көшесіндегі үйінде отырып, Зеленов аудандық ішкі істер бөліміне телефон шалып, аудандық ауруханаға бомба қойылғаны туралы хабарлаған. Зеленов аудандық сотының шешімімен В. Кисиков 3 жылға бас бостандығынан айырылды. Мемлекетке келген 214 023 теңге шығын В. Кисиковтан өндірілді.

Прокурордың айтуынша, «бомба қойылғаны» туралы хабар берушілер оқиғаның соңы неге апарып соғарын ойламаудың салдарынан жауапқа тартылып, жазаларын алуда.

Дүрбелеңге  салған психолог

Мысалы, 2014 жылдың 24 шілдесі күні, 10.30 сағатта Тасқала аудандық ішкі істер бөліміне аудандық ауруханада белгісіз қорап табылғаны туралы хабар түскен. Қылмыстық іс қозғалған. Дегенмен тексере келе, ҚР Қылмыстық кодексінің 37-бабы, 2-тармағы 1-бөліміне сәйкес әрекетте қылмыс құрамының болмауына байланысты iс тоқтатылған. Оқиға былай болыпты. Аурухана психологы Х. Сапақова сол күні таңертең емделуші А. Абдрахмановадан тіркеу кабинеті жанына қолдан жасалған жарылғыш затты елестететін тұлып (муляж) қоюды өтінген.

Оны көрген аурухана қызметкері Э. Жаманғарина аурухана директорының орынбасары Н. Дүйсекешеваға хабарлаған. Бұл хабарды Н. Дүйсекешева аурухана директоры Г. Кенжешеваға жеткізеді, ал директор аудандық ішкі істер бөліміне телефон шалып, адамдарды көшіру шараларын қолға алған. Ал Ж. Сапақова болса, бұл әрекетін оқу-жаттығу мақсатында, әріптестерінің психологиялық жағдайы мен әрекеттерін байқап, зерттеу мақсатында істегенін айтады. Х. Сапақовадан келтірілген 45000 теңге  материалдық шығын өндіріліп алынды.

Орал қаласы аумағында жасалған тағы да екі қылмыс бойынша «террористер» анықталып, қамауға алынды. 14.12.2014 жылы 15.25 сағат шамасында М. Жанәділов есімді азамат терроризм актісі туралы қасақана жалған хабарлама жасау мақсатында, өзінің ұялы телефонынан  көлік бекетінің кезекші диспетчер нөміріне телефон шалып, «бекет ғимаратын жарамын» деп қорқытады. Орал қалалық сотының үкімімен оның қылмысы дәлелденіп, ҚР ҚК 242-бабымен 3 жыл бас бостандығынан айырылды. Залал мөлшері 32 744 теңге өндірілді.

Осыған ұқсас тағы бір оқиғада 26.06.2014 жылы оралдық В. Володин мас күйінде «112» нөміріне телефон шалған. Ол Шаған жағалауы көшесіндегі бір үйде үш ер адамның электресептегішті алып, жарылғыш зат қойып жатқанын хабарлайды. В. Володиннің де қылмысы дәлелденіп, 3 жылға сотталды. Келтірілген 17 664 теңге көлеміндегі шығын толықтай өндірілді.

«Мастықпен  білмей  қалдым…»

Біз мақала дайындау мақсатында Орал қаласындағы РУ-170/2  еңбекпен түзеу мекемесінде болғанымызда, жалған терроризм фактісі бойынша да сотталушылармен кездескен едік. Соның бірі — Нұрсұлтан Қабыл. Бөкей ордасы ауданының қарамаға «қойдан  жуас» деуге болатын баласы бір емес, екі бірдей қылмысқа барыпты.

2014 жылдың 9 қыркүйегі күні шамамен сағат 12.49-да Орал қалалық ішкі істер бөліміне Достық даңғылы, 195-үйде орналасқан «Билаин» ұялы байланыс ғимаратына жарылғыш зат қойылғаны туралы хабар түскен. ҚР Қылмыстық кодексінің 242-бабы, 2-бөлімі бойынша қылмыстық іс қозғалып, кінәлі Нұрсұлтан Қабыл есімді азамат ұсталған. Келтірілген 74 012 теңге шығын әлі өндірілген жоқ. Себебі Н. Қабыл түрмеде отыр.

— Ол күні мас болып, ішіп отыр едім. Ұялы телефонымның бірлігі бітіп қалды. «Билаин» орталығы маған қайта-қайта: «Сіздің бірлігіңіз бітті, тарифпен кіріңіз» деп хабарлама сала береді. Сол мүмкіндікті пайдаланып: «Билаин кеңсесіне бомба қойылды, қазір жарылады» деп телефон шалдым. Екінші күні мені ұстап әкетті, — дейді Нұрсұлтан.

Оған «Сен осылай істе» деп ешкім айтпаған және бұл жалған хабарды жасағанда қасында жан баласы болмапты. Бас бостандығын шектеу жазасын алған Нұрсұлтан  соттан шыққан күннің ертеңіне темір торға қайта түскен.

— Екінші күні адам тонап, түрмеге қайта түстім, — дейді ол. Оның шығатынын отбасы білмей қалады, сондықтан қалтасында көк тиын болмапты. Көшеде әрі жүреді, бері жүреді, қарны ашады, күн кешкіре бастайды. Ауылға кетпек түгілі, қаладағы танысының үйіне жететін тиыны жоқ Нұрсұлтан көшеде келе жатқан кішкентай баланың телефонын тартып алады.

Ойы – сатып, ақшалап, ауылға жету. «Осы қылмысым үшін 2 жылға сотталдым» – дейді ол. «Адам тонағанша, қоғамдық көлік кондукторынан баратын жеріңе дейін ақысыз мінгізуді неге сұрамадың?» деген сұрағыма ол: «Ұялдым» деп жауап берді. «Ал құрттай баланы тонап, телефонын тартып алуға ұялмадың ба? Неге?» деген сұрағым жауапсыз қалды. Орал қалалық соты оны 2 жылға бас бостандығынан айырды. «Бірінші сотталғаным — арақтың кесірі, енді түрмеден шыққан соң арақты аузыма алмаймын» – дейді ол.

— Жалған терроризм фактілерінің орын алуына әр түрлі жағдайлар себеп болуда. Біреулер отбасына  не сүйген адамына деген ашумен, біреулер ұшаққа, пойызға  кешігіп, оны тоқтата  тұру үшін, ал жасөспірімдер қызық көргендіктен осындай қылмысқа барады, — дейді Алмас Таспихов. Бүгінде прокуратураның бастамасымен жергілікті атқарушы органдар, аудан жастарын деструктивтік дін ағымдарына тартудың жағымсыз салдары туралы ақпараттандыру және жалған терроризмнің алдын алу мақсатында акциялар өткізуде. Акция аясында үкіметтік емес ұйым мүшелері аудан прокуратурасының сенім телефондары көрсетілген жаднама және үлестіру материалдарын таратты.

«Жұмыс  жеткіліксіз»

Прокурордың айтуынша, халық арасында жалған терроризм туралы профилактикалық түсіндіру жұмыстарының ұйымдастырылуы жеткіліксіз. Орал қаласы және аудандар прокурорларының мәліметі бойынша жергілікті орындаушы және уәкілетті органдармен бұл бағытта бастамашы және дербес жұмыстар жүргізілмейді. Түсіндіру жұмыстары көбінесе прокурорлардың ықпалымен Теректі, Тасқала, Зеленов, Бөрлі және Шыңғырлау аудандарында жүргізілген. Соның ішінде Зеленов аудандық прокурорының жұмысына оң баға беруге болады. Шыңғырлау, Қаратөбе, Тасқала, Теректі, Қазталов аудандары прокурорлары мектеп және колледж оқушыларымен кездесіп, жалған терроризмнің қоғамға әкелер залалы мен қаупі туралы әңгіме өткізген. Басқа аудан прокурорларының осы бағыттағы жұмыстары әлі де жақсартуды талап ететін көрінеді.

— ҚР Қылмыстық кодексінде терроризм актісі туралы жалған хабарлама жасаған адамға бас бостандығынан айыру және айыппұл салудың балама шараларын жою арқылы құқықтық жауапкершілік қатайды. Бұрын бас бостандығынан шектеу, айыппұл төлеу жазасы болған. Бүгінде мұндай қылмысқа барған адам міндетті түрде бас бостандығынан айырылады және сонымен қатар шығынды да төлейді. Жалған терроризм халықты үрейлендіріп, дүрбелең туғызатыны себепті қоғамға қауіпті. Сондықтан халықтың арасында түсінік жұмыстарын жүргізу, оқу орындарында тәрбие сағаттарын өткізу арқылы жалған хабар берген адамның жазасыз қалмайтыны туралы тұрғындарға ақпарат беріп, жұмыстанудамыз, — дейді Алмас Таспихов.

Ұлдай САРИЕВА,

«Орал өңірі»


БҚО, Орал қаласы, Мұхит көшесі, 57/1
zhaik_presscenter@mail.ru
oral_oniri@inbox.ru
support@oraloniri.kz

Орал өңірі" газетінің бас редакторы: 51-25-80
Бас редактордың орынбасарлары: 24-17-08, 54-18-08
Жауапты хатшы: 54-38-22
Тілшілер: 50-66-88, 51-50-34
Жарнама бөлімі: 51-51-09
Яндекс.Метрика