Мұрағат: 17.09.2015


Балаңыз қандай мультфильм көреді?

Күні: , 872 рет оқылды

115-17.09.2015


Қоғамдық көлікке мініп, бөбектері «Суперменді», «Өрмекші адамды», «Машаны» сүйіп көретін аналардың әңгімесіне куә болдым.


— Осы күні үш жасар ұлымнан теледидардың пультін тығып тас­тайтын болдым. «Суперменмін» деп сабақ оқып отырған ағасы­ның басынан оқтаумен ұрып, ісі­ріп қойды, — деп бастаған бірінің әңгімесін екіншісі іліп әкетті:

— Біздің баланы  да сол, «Тәйт, болмайды!» деумен отырғызамын.  Үстелдің үстіне де, терезенің ал­дына да шығып алады. Кеше «өр­мекші адаммын» деп терезенің ал­дына шығып, секіріп еді. Ашық тұрған терезенің маса кіргізбей­тін торын итеріп қалып, тор сырт­қа құлап кетті. Баламның аяғынан әрең ұстап үлгердім, — деп еді, оған үшінші келіншек әңгімеге қо­сылды:

— Мен қызымды таңертең бала­бақшаға «Маша мен аю» мульт­фильмімен оятамын. Мульт­фильм­нің дауысы естілгенде, «Машамын» деп ұйқыдан көзін аша са­лып жүгіреді. Бірақ ұйықтарда қос­пауға тырысамын.

Шын мәнісінде, балабақшадан келген  бүлдіршіндердің көбі бос уақытын теледидарға телміріп, мультфильм қараумен өткізетінін жас аналар жоққа шығара алмас. Кейде өзіміз де екі-үш жасқа келген баламыздың тыныш отыруы үшін де теледидарды, ғаламторды әдейі қосып беріп, өз шаруамыз­ды жасай беретініміз де жасы­рын емес. Психологтардың пікіріне сү­йенсек, балалар мен жасөспірім­дер – телеаудиторияның ең белсенді көрушілері. Әрбір бала ша­-мамен өз уақытының 30 пайызын экранның алдында өткізеді екен. Ол орта есеппен алғанда мектепке барғанша 5 мың сағат, мектеп бітіргенше 19 мың сағат теледи­дар алдында отырады деген сөз. Сондай-ақ отбасылардың көбі ин­терактивті сандық телевизияға қосылған. Ал мұнда телеарналар саны жетіп артылады. Олардың қатарында балаларға арналған «Nickelodeon», «Cartoon network», «2х2», «Fox kids», «TiJi», «Boomerang», «Карусель», «Disney канал», «Mul­timania», «Детский мир», «Балапан» арналары бар. Көріп тұрғаны­ңыз­дай, бұлардың ішінде тек біреуі ғана отандық, қалғаны шетелдік телеарналалар. Еліміздегі бала­ларға арналған тұңғыш телеарна — «Балапан»  2010 жылдың 28 қыр­күйегінде құрылған болатын. Кабельдік желіде ғана эфирге шы­ғады. Сағат 07.30-дан – 21.30-ға дейінгі аралықта қазақ тілінде хабар тарататын телеарнаның мақ­саты келешек ұрпақтың тамыры­на рухани нәр беріп, бүлдір­шін­дердің бойына білім мен ғылым­ның жетістіктерін сіңіруге үлес қо­сып келеді. «Балапан» телеар­на­сының тележосығына көз салсақ, баланың ой жүйесінің дамуына ықпал ететін «Ол кім? Бұл не?», «Жүзден жүйрік», «Білгіштер» се­кілді бағдарламалар бар. Ал мульт­топтамаларға тоқталсақ, «Алға, Диего», «Тайо», «Гон», «Құтқарушы күшіктер», «Лупдиду», «Айдаһар мінген шабандоздар», «Венди»,  «Саяхатшы Дара», «Еріншектер елі» деп жалғаса береді. Бір өкініштісі, барлығы қазақшаға аударылған шетелдік өнер туындылары.

Мультфильм құрастыру кино жасаумен тең. Осы орайда қазақ мультипликация өнерінің алғаш  тұсаукесер мультфильмі аталып,  ертегі негізінде түсірілген Әмен Қайдаровтың «Қарлығаштың құй­рығы неге айыр?» туындысы ойға оралады. Ол тұсауы кесілген сәт­тен шетелдерге ұсынылып, 48 ел­дің экранынан көрсетілген бола­тын. Сондай-ақ  көрермен­дерге жол тартқан «Сақ» киностудиясының «Момын мен Қарақшы», «Алдар көсе», «Қошқар мен теке» атты ани­ма­циялық фильмдері өзіндік мәнмазмұны­мен ерекшеленеді. Ұлт­тық дүние­лерімізді мүмкіндігін­ше қамтуға тырысқан туындының тілі жатық, баланың ойлау қабіле­тіне сай. Алай­да мұндай дүниелер саусақпен са­нарлық.

Бұл мәселені жазбастан бұрын бірқатар шетелдік туындыларды тамашалаған едім. Алғашқылар­дың бірі – «Наруто» анимациялық фильмі. Режиссер фильмді барын­ша әсерлі етуге тырысқан. Қызыл­ды-жасылды эпизодтармен қам­тылған. Бірімен-бірі атысып-шабысып, қан-жоса болып жатқан «құбыжықтар». Мұнан кейін бала­лардың сүйікті туындысына ай­налған «Спанч Бобқа» көз тіктім. «Спанч Бобты» ойлап тапқан теңіз биологы, мұғалім Стивен Хиллен­берг. Мультсериалдың басты ке­йіпкері Спанч Боб ысқыш (губка). Мультфильм сюжетінің мән-мағы­насына, айтар ойына түсіне ал­мадым. Өйткені бір сәттік күлкіні ғана байқадым. Тіпті кейіпкерле­рінің кескін-келбеті де түсініксіз­деу көрінді. Балалардың орнынан тапжылмай көруіне арналған мульт­топтаманың бірі 2008 жылы жа­рық көрген америкалық режис­сер  Марк Осборнның «Кунг-фу Пандасы». Орман жануарлары­ның барлығын жеңе­тін панда ебедейсіз, ақкөңіл, кунг-фу өнерін же­те меңгерген жан­уар. Өте қы­зық­ты мульттоптама. Алайда жанжануарлардың орын­ды-орынсыз айқай-шуы баланың жүйке жүйе­сіне әсер ететіні анық.

Қазіргі көгілдір экранның күш­ті  насихат құралына айналғанын ескерер болсақ, бүлдіршініміздің жүйке жүйесіне зиянын тигізетін әдеттерден аулақ болғанымыз  жөн шығар. Бұған балдырған­дар­дың ата-аналары, сіздер не дей­сіздер?..

Гүлсезім БИЯШЕВА,

«Орал өңірі»


Торға өзі томп етті

Күні: , 204 рет оқылды

торға түскен ұры


Жуырда түн ішінде дүкен тонамақ болған ұрылар торға өздері түсті. Екі жас жігіт қаланың Циолковский көше­сінде орналасқан «Анеля» дүкенін тонамақ болыпты. Терезенің әйнегін сындырып, темір тор арқылы ішке кірмек болған ұрының біреуі темір торға кептеліп, не әрі, не бері шыға алмай пұшайман болып қалған.


Дәл сол сәтте дүкен жанынан өтіп бара жатқан полиция қызметкерле­рі терезеге кептеліп  қалған ер адамды байқайды. Полицияны көр­ген екінші ұры алды-артына қара­май зытқан. Ал торға кептеліп қал­ғанын құрсаудан шығарып алу үшін полиция БҚО төтенше жағ­дайлар департаменті жедел құт­қа­ру жасағын шақыруға мәжбүр болды. Құтқару бөлімшесі  ұры­­ның денсаулығына зиян келтірмей, «Hol­matro» гидравликалық құрал­дың көмегімен босатып алды. Сөй­тіп құтқарушылар тәлкекке ұшы­­раған   ұрыны полицияның қолы­на тапсырды.

Зағипа ІЛИЯС


«Демографиялық ахуал шүкір, табиғи өсім бар»

Күні: , 864 рет оқылды

SONY DSC


Мұрат МҰҚАЕВ, Жәнібек ауданының әкімі

— Мұрат Рахметұлы, Жәні­бек – Ресеймен шекаралас аудан. Елдің шетіндегі ауданның де­­могра­фиялық ахуалы нешік? Жыл санап ішкі көші-қон есебінен, айталық, урбанизацияның кесірінен ел-жұртыңыз, әсі­ресе, тура шекара түбіндегі ауыл­дардың халқы азайып жатқан жоқ па?


— Жәнібек ауданы Ресей Феде­рациясының 2 облысымен, дә­лі­­рек айтқанда, Волгоград, Саратов облыстарының аудан-ауылда­­ры­мен шекаралас. Соның ішінде аталған облыстардың Палласовка, Питерка аудандарына қа­расты селолық округтері бізге тиіп тұр. Мәселен, Палласовка ауданының Вишневка селосы Жә­нібек ауданының орталығынан 3-4 шақырым жерде орналасқан. Сол сияқты Талов, Жақсыбай, Қамысты ауылдық округтеріне де осы қос облыстың Нива, Петропавловск, Кайсацк селолары қол созым жерде, екі араның қа­шықтығы бар болғаны 7-10 ша­қырымды құрайды. Ауданның де­мографиялық ахуалы, шүкір, жаман емес. Ағымдағы жылдың ал­ты айында аудан тұрғындарының саны 17226 адамды құраса, соның ішінде аудан орталығын 8106 адам мекендейді. Ал ауылдық округтерде барлығы 9120 адам тұрады. Биылғы алғашқы жарты жылдың есебі бойынша ауданда 116 адам дүниеге келсе, 58 адам қайтыс болған. Яғни табиғи өсім 58 адамды құрады.

— Сіз тізгінін ұстаған аудан – облыстың ең шалғай аймақ­тарының бірі. Бұл жайт қажет­ті мамандармен қамтылу мәселе­сіне көлеңкесін түсіретіні мәлім. Қандай мамандарға зәрусіз­дер? Ал Жәнібекке ат басын бұрған мамандарға қандай қо­лайлы жағдай жасалуда?

— Жыл сайын педагогикалық, медициналық және мәдени оқу орындарын бітірген мамандар ауданға келмейді емес, келеді. Биылдың өзінде ауданымызға жо­ғары білімді 4 дәрігер, меди­ци­налық колледжді аяқтаған 3 медбике, 2 фельдшер келіп, қызметке кірісті. Сол сияқты биыл аудан мектептері 40-қа жуық жоғары және арнаулы орта оқу орындарын бі­тірген жас мұғалімдермен толық­ты. Алайда аудан мектептерінде математика, орыс тілі пәндерінің мұғалімдері жетіспесе, аудандық орталық ауруханада лор және көз дәрігері жетіспейді. Соңғы жылдары өз тарапымыздан ауданға қа­жетті мамандарды тартуды, олар­ға қолайлы тұрмыстық жағдай жасауды қолға алудамыз. Биыл ауданға келген 4 жас дәрігердің бәрін де тұрғын үймен қамтыдық. Жалпы, жыл сайын келіп жатқан жоғары білімді дәрігерлердің ішін­де тұрғын үймен қамтылмай қал­ғаны жоқ. Мемлекеттік-жеке меншік әріптестік аясында ауда­нымыздағы «Символ» ЖШС құры­лысшыларының күшімен Жәнібек ауылында бір пәтерлі 10 тұрғын үйдің құрылысы аяқталып, бұл тұрғын үйлерге «Дипломмен ауыл­ға» бағдарламасы бойынша әр түрлі салада қызмет істейтін жас мамандар қоныстанды.

— Күні кеше басталған жаңа оқу жылына қандай даярлық­пен келдіңіздер?

— Биылғы оқу жылы ойдағыдай басталды. Бүгінгі таңда аудандық білім беру бөліміне қарасты 10 жалпы, 2 негізгі орта білім беретін, 4 шағын құрамдағы бастауыш мектеп, 3 қосымша білім беру мекемесі, 9 балабақша жұмыс істейді. Үстіміздегі жылы «ҚПО б.в.» компаниясының инвестициясы есебінен Жәнібек ауылында 290 орындық жаңа балабақшаның құрылысы аяқталып, пайдалануға берілді. Сол арқылы мектепке дейінгі мекемелерге тапшылық негізінен жойылды. 2014-2015 оқу жылын аудан бойынша 2577 оқу­шы аяқтады. Соның ішінде 165 оқу­шы мектепті аяқтап, оның 141-і Ұлт­тық бірыңғай тестілеуге қатыс­ты. ҰБТ қорытындысы бойынша жалпы орташа балл – 81,39. Сон­дай-ақ қосымша біліммен 628 оқушы қамтылған болса, балабақ­ша­ларда 629 бүлдіршін тәрбие­ленуде. «Балапан» бағдарламасы бойынша 3-6 жас аралығындағы балалар мектепке дейінгі мекеме атаулымен толықтай қамтылды.

— Мұрат Рахметұлы, биыл Жәнібекте жеке тұрғын үй салу қарқын алған көрінеді. Бұл тек аудан орталығына ғана тән құ­былыс па, әлде өзге елді мекен­дерге де тән жақсылық па? Жалпы сіздің ауыл-аймақта қандай мемлекеттік бағдарламалар сәт­ті жүзеге асуда?

— Жәнібек ауылының солтүстік бағытында 157 тұрғын үй салуға жер бөлініп, жасақталған жоба­лық-сметалық құжаттамасына сай «Символ» ЖШС осы үйлерге қажет­ті инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымын жасақтау жұ­мыстарын аяқтауда. Жергілікті кә­сіпкер жұмыстарды толық өзінің қаржысына атқарып шықты. Қазір аудандық жер комиссиясымен телімдерді бөліп бере бастадық. Жер телімдерін алған азаматтар 2 жылдың ішінде өздерінің үйлерін салып бітірулері шарт. Сондай-ақ тұрғын үй тапшылығын шешу мақсатында жергілікті бюджет есебінен 8 үш пәтерлі және 40 екі пәтерлі тұрғын үйлердің жобалық-сметалық құжаттамасы жасақталды. Қаржы бөлінген жағ­дайда осы жобаларды жүзеге асыру бойынша тиісті жұмыстар жүргізіледі.

«Қолжетімді тұрғын үй» бағ­дарламасы бойынша былтыр 1 пәтерлі 10 үй, 8 пәтерлі 1 үй пайдалануға берілген болса, 2013 жылы 15, 2014 жылы 22 жеке тұрғын үй салынды. Биыл да үй салуға ынта білдірушілер көп. Сонымен қатар ауылдық округтер­де де жеке үй құрылысы қарқын алуда.

Ауданымызда «Агробизнес – 2020», «Сыбаға», «Құлан», «Алтын асық», «Жұмыспен қамту – 2020» мемлекеттік бағдарламалары сәт­ті жүзеге асуда. Тек биылғы жыл­дың өзінде 142 шаруа қожалығы 8 мың бас аналық мал мен 304 асыл тұқымды бұқаларды сатып алды. 5 шаруа қожалығы 71 бас асыл тұқымды қошқарлар сатып алып, қой малын асылдан­дырумен жұмыстанып жатса, 3 шаруа қожалығы 35 млн. теңгеге құжаттарын рәсімдеуде. Бір қо­жа­лық «Қазагроқаржы» қаржы­лай қолдау қоры арқылы 3500,0 мың теңгеге 100 бас қазақтың ақ бас қашарларын алды. Бүгінгі таңда «Жұмыспен қамту – 2020» жол кар­тасы бағдарламасының екінші бағыты бойынша ауданға бөлін­ген 35 миллион теңге несиені 12 адам алады деп жоспарланған болса, күні бүгінге мал шаруашылығын дамыту мақсатында 2 адамға барлығы 6 миллион теңге мөлше­рінде несие берілді.

Облыс аудандары арасында тұңғыш болып «Хантүскен» атты ауылдық тұтыну кооперативін (СПК) құрып, жеке қосалқы ша­руа­шылықпен айналысушы елді мекендердегі тұлғаларды біріктіріп, мемлекеттік бағдарлама аясында тұқымдық түрлендіруге қатыстырдық. Бұл облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының үлкен қызығушылығын тудырып, өзге аудандарға озық тәжірибе ретінде таратылуда.

«Өңірлерді дамыту – 2020» бағ­дарламасы бойынша Ақоба және Борсы ауылдарында спорт алаң­дары салынады.

— Жол мәселесі жөнінде не айтар едіңіз?

— Жол қиындығын жәнібектік­тер жақсы біледі. Жәнібектен Орал­­ға жетудегі жол азабын біздің ау­дан тұрғындары көрудей-ақ көріп жүр. Әсіресе, көктем мен күзгі жол­дың лайсаң, балшық болуы жолау­шыларды да, жүргізушілерді де әуре-сарсаңға салады. Соңғы жылдары Жәнібек-Қазталов респуб­ли­калық маңызы бар жолының 20 шақырымы күрделі жөндеуден өткізілуде. Бұл жұмысты Оралдағы «РСУ-1» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жүргізуде. Жоспарға сәйкес биыл 3,8 шақырым жол бөлігін күрделі жөндеуге 500 миллион теңге қаржы бөлінген. Ал 20 шақырым жолды толық жөндеу үшін 2,7 миллиард теңге кетеді. Қазіргі кезде біз 2016 жылы осы жолға қаржының жеткілікті бөліну мәселесін шешуді мақсат тұтып отырмыз. Сонымен қатар аудан­дық маңызы бар 271 шақырым автомобиль жолдарына ағымда­ғы жөндеу жұмыстарын жүргізу­ге және күтіп ұстауға аудандық бюджеттен қаржы бөлінді. Бұл іс­ті аудан орталығындағы «Қанат» ЖШС жолшылары атқаруда. Былтыр Жәнібек-Талов автожолының қатты сыр берген тұстарын жөн­­деу жұмыстарын бастаған едік. Бүгіндері бұл жұмыстар аяқтала келді. Сол сияқты аудан орталы­ғындағы бірқатар көшелер­дің жолдарын қырып, тегістеу жұмыс­та­ры да жүргізілді. Сондай-ақ ауыл ішіндегі және шетіндегі ау­тожолдардың аласа тұстарын биіктету де қолға алынды.

— Мысық тілеулі, теріс пиғыл­ды жат діни ағымдардан амансыздар ма?

— Елбасының 2013 жылғы 24 қыркүйектегі №648 Жарлығымен бекітілген «Қазақстан Республика­сында діни экстремизм мен терроризмге қарсы іс-қимыл жөніндегі 2013-2017 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы» ау­қы­­мында аудан әкімдігі жанынан діни бірлестіктермен байланыс жөніндегі кеңес, аудан әкім­дігі жанындағы терроризмге қарсы күрес комиссиясы, аудандық ақ­параттық-насихат топтары құры­лып, жұмыс істеуде. Аудандық ақпараттық-насихат топ мүшеле­рінің аудан тұрғындары және оқу­­шылармен кездесу кестесі бекітіліп, аудандық мекеме-кә­сі­порын басшылары ауылдық округтерге шығып, ел ішінде түсінік жұмыстарын жүргізуде. Биыл ау­данға бір теолог-маман жұмысқа орналасып, тұрғындармен кезде­сіп, дәстүрлі дінді насихаттауға бағытталған жұмыстар жүргізуде.

Аудан халқына ақпараттық тү­сіндіру жұмыстарын жүргізу мақ­сатында Батыс Қазақстан облысы дін істері басқармасынан 3 мың­нан астам дана діни мазмұндағы кітаптар алынып, аудандық ақпа­рат­тық-насихат тобының мүшеле­ріне, мешіт имамдары арқылы жамағат арасында таратылды.

Жалпы Жәнібек ауданы бойынша діни ахуал қалыпты, алдағы уақытта да бұл жұмыстар өз жалғасын табатын болады.

— Мұрат Рахметұлы, жергі­лікті салық түсімін арттыра алдыңыздар ма?

— Биылғы 1 шілдеге дейін ау­дандық бюджетке 1 249 199,3 мың теңге көлемінде салықтар мен басқа да төлемдер түскен болса, өз кірістеріміз бойынша түсім кө­ле­мі 253875,0 мың теңгені құрады. Республикалық бюджетке 17183,0 мың теңге көлемінде түсім жиналып, жоспар 126,2 пайыз, ал жергілікті бюджетке жиналған түсімнің көлемі 158326,0 мың теңгені құрап, жоспар 134,3 пайыз орындалды.

— Күн өткен сайын мал қораға қамалып, қолға қарайтын күн де таяп келеді. Жем-шөп қорын мығымдай алдыңыздар ма?

— Биыл ауданда табиғат жағ­дайына байланысты шөп шығымы нашар. Әсіресе, Күйгенкөл, Ұзын­көл, Ақоба ауылдарында шөп шығымы төмен. Сондықтан бар мүмкіндікті пайдаланып, мал азы­ғын жеткілікті дайындап алуға күш салынуда. Аудан бойынша 83 мың тонна мал азығын дайындау жоспарланса, соның соңғы мәлімет бойынша 78,300 тоннасы дайындалып, қыстақ басына, жеке тұрғындардың ауласына тасылып, үйілді. Қанша дегенмен, біздің ауданда көршілес басқа аудандармен салыстырғанда шөптің шы­ғымы айтарлықтай төмен емес. Былтырдан қалған 8,300 тонна шөп бар. Осылардың бәрін қос­қанда, жалпы, мал азығы жетеді деп отырмыз. Оның үстіне жем-шөп дайындау жұмыстары әлі де жалғасуда.

Сұхбаттасқан Бауыржан ФАЙЗОЛЛАҰЛЫ,

«Орал өңірі»


Ең бастысы – борышкер аз

Күні: , 833 рет оқылды

Лаборатория


Міне, күздің де алғашқы айының күндері өтіп жатыр. Алдағы қыс маусымына даярлықты аяқтау кезеңі күшіне енді. Біз облыс орталығындағы «Батыс су арнасы» ЖШС ұжымының келер маусымға  дайындығын білу мақсатымен аталмыш  кәсіпорынға  барған  едік.


-Біздің кәсіпорынның теңгерімінде түрлі диа­метрлі, жалпы ұзын­ды­ғы 428,4 шақырым су құбыры мен 362,3 шақырым кәріз желісі бар. Бүгінде желі мен құбырдың тозуы 60 пайыздан асып отыр. Кә­сіп­орынның С. Датұлы көшесінде­гі әкімшілік ғимараты, өнеркәсіп ба­засымен қатар, Орал қаласының түрлі ауданында, Зашаған және Деркөл кенттерінде орналасқан жеке тұрған 80-нен астам үй ғи­мараты (кәріз сорғы стансалары, су құбырының сорғы стансалары т.б.) тіркелген. Алдағы қыс маусымына нысандарды дайындау, соның ішінде Орал жер асты суы орнындағы 29 ұңғыманы, 430 шақырым су құбырының желі­сін, 160 километр кәріз желісін жуу-тазалау жоспары дайындалды. Сонымен бірге жалпы құны 278649 мың теңге тұратын 3 су құбы­рының сорғы стансасында және 2 кәріз сорғы стансасында­ғы технологиялық жабдықтар мен сорғы агрегаттарын жөндеу, бұ­дан басқа 6 шақырым су құбы­рының желісі мен 2,3 шақырым кәріз желісін күрделі жөндеу көз­дел­ген. Жөндеу жұмысы кәсі­п­орынның қаражаты есебінен жүргізілуде. Қазір жалпы құны 230421 мың теңге тұратын 430 шақырым су құбыры желісі мен 160 шақырым кәріз желісі тазартылып, 5 шақырым су құбыры және 1,8 шақырым кәріз желісі ауыстырылды. 3 су құбыры сорғы стансасы, 2 кәріздік сорғы стансасы, 6 қазандық жөнделді. Сөй­тіп, алдағы маусымға даярлық 83 пайызға орындалды.

Биыл Елбасымыз Н. Назарбаев­тың «Нұрлы жол – болашаққа бастар жол» Жолдауы бойынша, жалпы құны 1657256 млн. теңгені құрайтын, ұзындығы 9,92 шақы­рым Орал қаласы аумағындағы Шаған өзені алқабы айырғыш ка­мерадан кә­різ­дік тазалау құрыл­ғыларына дейін кәріз коллекто­рының 2-құ­быр желісін қайта құ­ру жобасы іске асырылу үстінде. Аталған бағ­дарламаға орай келе­сі жобалар іске асырылмақ. Бірін­шісі, жалпы құны 181,3 млн. тең­ге ұзындығы 1,845 километр Орал қаласында­ғы Кердері көшесінде Сарайшық көшесінен бастап, Короленко көшесіне дейін су құбы­рын қай­та құру. Екіншіден, жалпы құны 214899 млн. теңге тұра­тын, ұзын­дығы 1,749 шақырым Орал қала­сындағы С. Датов көше­сінен 2-база жол өткеліне дейін Гагарин көшесінің су құбырын жаңалау керек. Ең соңында құны 128 919 млн. теңгені құрайтын, облыс орталығындағы Исатай батыр-Черняховский көшелеріндегі құю стансасын қайта жасақтап, сол жерден Матросов көшесі бойын­дағы кәріз коллекторына дейін Исатай батыр көшесі бойындағы өзі ағатын кәріз коллекторының құрылысын аяқтау қажет. Осы жо­баларды жүзеге асыру жиырма жыл бойына өтеуі 0,02 пайыз жеңілдетіліп берілетін бюджеттік несиелік қаржы есебінен жүр­гізілуі тиіс. Оның өзі біз үшін аса қолайлы да тиімді, — дейді атал­мыш кәсіпорынның директоры Асылбек Саққазов.

Кәсіпорын басшысы жыл өт­кен сайын қала мен оның маңын­дағы елді мекендерде халықты тұщы сумен қамтитын шүмектер­дің (колонка) азайып келе жат­қанын әңгімеледі. Мұның өзі бі­ріншіден, халықтың тұрмыс дең­гейінің жақсарғанын, екіншіден, адамдардың бақуатты өмірге ұмтылуының артуын дәлелдейді. Бір ғана мысал, тек 2013 жылы 3355 жеке үйге салқын су жүйесі тартылған. Жыл сайын кәсіпорын жеке тұрғын үй қожайындарына 3500-ден астам техникалық шарт дайындап, ұсынып жүр.

Аталмыш ұжымдағы тағы бір қуантарлық жәйт – мұнда бережақ қарыз жоққа жуық.

— Бізге көрсетілген қызмет үшін қарапайым тұтынушының төлемі бүгінде 97-98 пайызды құрай­ды. Бюджеттік мекемелердің қайта­рымы 100 пайыз. Жеке меншік нысан иелеріне өкпеміз жоқ. Олар ай сайын тұтынған өнімнің 95-96 пайызын өтеп отырады. Әрине, тиесілі ақысын аз өтейтін немесе мүлдем төлемейтіндер де бар. Мәселен, жыл басынан бері сотқа 12,4 млн. теңге бережаққа байланысты 775 талап-арыз ұсынылып, бұрын танылған 666 іс бойынша 8,2 млн. теңге өндіріп алдық. Бұдан басқа өткен қарызының жалпы құны 2,2 млн. теңгеге жеткендіктен, барлығы 57 пәтерді ор­талықтандырылған кәріз жүйе­сінен айыруға тура келді. Мұндай жағдаяттарға бола, тек жазалау­мен шектелмейміз. Сөз жоқ, түсінік жұмысы да назардан тыс қалған емес, — дейді Асылбек Ғұмарұлы.

Қазір ұжымда 1014 адам еңбек етіп жүр. Солардың ішінен слесарь-машинист Ақылбек Оразәлиев, машинист Салауат Жақсыға­лиев, машинист-оператор Сырым Ізма­ғамбетов, слесарь-бригадир Ген­надий Ушаков, Ғалиарыстан Си­сенғалиев, бақылаушы Гүлжамал Арыстанованың есімдерін ерекше атаған жөн. Өйткені олар адал еңбегі және ұқыпты қызметімен кәсіпорынның ортақ ісіне лайық­ты үлесін қосуда.

Серік ИХСАНҒАЛИ,

«Орал өңірі»


Қазақы тегімізді қайырып алу қиын боп тұр…

Күні: , 895 рет оқылды

pho11


Газетіміздің өткен жылғы нөмірлерінің бірінде жарияланған «Тегімізді түзетуге кедергі жоқ» атты мақалаға қатысты оқырмандарымыз әлі күнге дейін хабарласып, өз пікірлерін білдіруде.


Солардың бірі – Тайпақ ауда­нының тұрғыны Қален Иманбаев. Сексеннің сеңгіріне келіп қалған қарт шөбересінің туу туралы куәлігіне өз есімін енгізе алмағанын айтып налыды.

«Есімімді шөберелеріме бере алмай жүрмін …»

— Менің бұл хатты жазуыма «Орал өңірі» газетінің №76 (10 шілде, 2014 жыл) нөмірінде шыққан «Тегімізді түзетуге кедергі жоқ» деген мақала себепші болды. Осы мақалаға орай мен басымнан өт­кен бір оқиға жөнінде баяндайын деп едім. Мүмкін, бұл оқиға біреулерге сабақ болар.

pho11-сОсыдан 5-6 жыл бұрын шөбе­релі болып, отбасымның шешімімен сәбидің тегіне өз есімімді беретін болдым. Сөйтіп, нәрестенің туу туралы куәлігін алар кезде немерем Руслан аудандық АХАТ бөлімінен берілгелі жатқан құжатқа қызының есімін Аяулым, ал тегін Қален деп, яғни ме­нің есімімді, үлкен атасының атын жазуды сұрады. Бірақ, өкінішке орай, ондағылар бұған келіспепті. Өйткені менің есімім немерем Русланның құжатында жоқ екен. Руслан дүниеге келгенде оның құ­жатына «Руслан Мәлікұлы Иманбаев» деп жазылыпты. «Аяу­лым Қален» болып жазылу үшін оның әкесі Русланның құжатында ме­нің есімім болуы керек екен, мысалы, Руслан Мәлікұлы Қален де­ген сияқты. АХАТ қызметкерле­рі­нің мұнысына ренжіген немерем «Бәріміз сол кісінің ұрпағы екені­міз рас қой, неге мен қызымның тегіне өз атамның атын бере ал­маймын?» деп ашуланып, ол жер­ге өзімді жіберді. Аталған мекемеге бүкіл құжатымды арқалап барғаныммен, ондағылар бұдан бұрын немереме айтқандарын ма­ған да қайталап, шығарып салды. Сөйтіп, мен көзімнің тірісінде АХАТ бөліміне өзім аяқтай барып, Аяулымның шын мәнісінде менің ұрпағым екенін құжаттай да, былай да айтып, дәлелдеп тұрғанда, өз шөбереме есімімді бере алмадым. Менің бір түсінбейтінім, шөбереме тегі ретінде есімімді берер кезде АХАТ бөліміндегілер неге біздің қолымыздағы құжаттарды есепке алмайды? Оның үстіне мен оларға аяқтай барып, өзімнің Аяулымның үлкен атасы екенімді айтып, оны дәлелдейтін құжаттарымды көрсетіп тұрған жоқпын ба?

Сөйтіп жүргенде сәбиге жәр­де­мақы төлейтін уақыт жақындап қалды да, АХАТ-тағылардың айт­қандарын орындауға тура келді. Нәтижесінде шөберемнің құжаты «Аяулым Русланқызы Мәлік» болып жазылды. Одан кейін де шө­­берелерім дүниеге келді. Олар да құжаттарын осы текпен алды. Бүгінгі таңда қолданыста жүр­ген құжат даярлаудың қатып қалған заңының кесірінен немере, шөберелеріне өз есімдерін бере алмай жүрген мен секілді аталар көп. Бұл жағдай, әрине, біздер сияқты қарияларды қат­ты қынжылтады. Аталарының есімін тегі етіп алу да ұрпақтар сабақтастығының бір белгісі емес пе? Мен де кезінде заңгер болып істеген адаммын. Бұл өмірде қатып қалған ештеңе жоқ. Бұрын ыңғайына, тиімділігіне қарай қол­данылып жүрген заңдарға толық­тырулар мен өзгерістер енгізі­ле­тін. Қазіргі уақытта олай етуге болмай ма, неге құжат даярлау заңы қайта қаралмайды?, — депті Қален қарт редакцияға жазған хатында.

Қарияның хатына жауап беру үшін біз сол бойда облыстық әді­лет департаментінің АХАТ және апостиль қою қызметін ұйымдасты­ру бөлімінің басшысы Гүлжамал Лұқпанға хабарластық. Маманның мәлімдеуінше, тууды мемлекеттік тіркеу кезінде баланың тегі ата-аналарының тегімен айқындалады. ҚР «Неке (ерлі-зайыптылық және отбасы туралы») кодексінің 194-бабына сәйкес ата-ананың тілегі бойынша баласының тегі ұлттық дәстүрді ескере отырып, баланың әкесіне немесе атасына беріледі. Қален қарияның ауылындағы АХАТ қызметкері құжаттау бөлімінде жұмыс жасап отырып, осы заң­ды неге ескермеген? Қален қарт басқа құжаттары арқылы өзінің Аяулымның туған атасы екенін өзі «тірілей» келіп, дәлелдеп отырған жоқ па? Адамның өзінен артық қандай дәлел немесе куә керек?

Бәрібір орысша жазылды…

 Қален қарттың реніші орын­ды. Тегін жаңғыртуда талайлардың тауы шағылып жүргені рас. Солар­дың бірі – осы жолдардың авторы, яғни мен. Былтыр тегін қазақшалай алмай жүрген бір танысымның әңгімесі мұрындық болып, осы мәселені көтеріп, мақала жазған болатынмын. Сол жолы тиісті орындардың қызмет­керлеріне жолыққанымда, олар маған Елбасының 1996 жылдың 2 сәуірінде жариялаған «Ұлты қазақ азаматтардың тегі мен әкесінің атын жазуға байланысты мәселелерді бекіту тәртібі туралы» Жарлығы негізінде құ­жаттарды қазақшалауда кедергі жоқ екенін айтқан болатын. Және қазақшаланған құжаттардың ке­й­ін кедергілерге тап болмайтынын айтып сендірген еді. Осыған орай мен де өз құжатымды толықтай өзгертіп алуға талап қылдым. Бі­рақ құжат ауыстыру мәселесі мен ойлағандай оңай болмай шықты. Әкемнің есіміндегі бір-екі әріптің дұрыс жазылмағанына және бұ­рынғы туу туралы куәлігімде әке­м­нің аты көрсетілмегеніне байланысты менің жаңа құжат алуым ұзаққа созылды. Ұлттық дәстүрге сәйкес құжат жасау үшін АХАТ бөлімінің қызметкерлері туу ту­ралы куәлігімді екі рет және бас­қа да құжаттарымды қайта-қайта жинақтады. Нәтижесінде он шақты ай жүріп, жаңа құжатқа қолымды әрең жеткіздім. Бірақ тегімнің ұлттық дәстүрге сәйкес өзгертілді деген тек аты ғана боп шықты. Құжатымда әкемнің аты бәрібір орыс грамматикасына лайықта­лып жазылды. Өйткені қазіргі әрекет етіп тұрған заңға сәйкес АХАТ бөлімінің қызметкерлері адам тегінің дұрыс жазылмағанын қанша жерден біліп тұрса да, оны қазақы грамматикаға лайықтап жазуға, яғни бір әріпті де өзгерту­ге құқықтары жоқ екен…

Дүбәрә тегіңіз намысқа тимей ме?..

Кеңес дәуірінде қазақтарды орыстандыруды ең алдымен құ­жаттардан бастаған болуы керек. Өйткені қай адамның құжатын алып қарасаңыз да, орысша тол­тырылған. Нанбасаңыз, қасы­­ңыз­да тұрған кез келген адам­ның құжатын қарап көріңіз. Мыса­лы, Жайлыбаева-Джайлюбаева, Ора­қ­ұлы-Аракұлы, Қы­дыр­қожаева-Кдркуджаева, Елеусінұлы-Илеу­синович деген сияқты. Байқаса­ңыздар, бұл жерде ешкімнің де атасы өз атымен аталып тұрған жоқ. Құжаттағы ата-бабалар есі­мінің өзгеше дыбысталуы кейінгі ұрпақтарының оларды мүлдем ұмытуына әкеп соқпай ма? Осындай қате жазбаларды өзгерту үшін құжат иелері мен секілді ұзақ уақыт жүруі керек, оған екінің бірінің шыдамы жетпейді. Осы жөнінде әңгіме болып жатқанда, АХАТ бөлімінің бір қызметкері Ресейде дүниеге келген бір қазақтың құжатындағы Телекабель деген фамилияны көріп, таңғалғанын айтты. Сөйтсе, ол кісінің нағыз қа­зақы Тілекқабыл есімді атасының аты орыстандырудың кесірінен Телекабель болып шыға келген. Кейін Қазақстанға көшіп келгеннен кейін олар көздері ашылып, аталары­ның атының сондай күл­кілі жағ­дайға дейін бұрмаланға­нына намыс­танып, аталмыш тегін құжаттан мүлдем алып тастапты. Телекабель деген тегінің орнына өз әкелерінің атын тегі етіп алып, басқа құжат жасатып алыпты.

Құжаттағы аты-жөніңді ауыстыру деген өте күрделі жұмыс, мен мұны өз басымнан өткерген соң айтып отырмын. Мұндай жағдай жалғыз менің басымда ғана емес, халықтың басым көпшілігі осы бір қатып қалған ескі заңнан зардап шегіп жүр. Бұлай дейтінім, өзім тегімді ауыстырып жүрген кезде АХАТ бөліміне келушілердің көбісі осы мәселемен жүрді. Мысалы, АХАТ бөліміне кезекте отырғанда бір ерлі-зайыпты қыздарының «Тюлегенова» дейтін фамилиясын «Төлегенова» деп өзгерту­ге келгендерін айтқан болатын. Алайда олар құжаттау бөліміне кіріп шыққан соң, алғашқы ойларынан айнып қалды. Неге десеңіз, қыздарының тегін ауыстыру үшін оның әкесінің, ауылдағы атасының құжаттарын қозғау керек екен. «Оның бәріне жүретін уақыт жоқ» деген әлгі ерлі-зайыпты бәріне қолдарын бір-ақ сілтеп, кетіп қалды. Оларға қарағанда, Ария есімді жас келіншектің жүйкесі мықты екен. Құжатын дұрыстап жүргенін жеткізген ол тегінде кеткен бір қатені түзеу үшін осынша­ма ұзақ уақыт жүргеніне қынжылып, ҚР Азаматтарын құжаттан­дыру туралы заңды жаңа заман­ға лайықтап, қайта жасақтаудың уақыты баяғыда жеткенін айтты. Құжатымды ауыстыру жұмысы­мен жүргенде АХАТ бөлімінің қызметкерлеріне «Әкемнің атын қазақшалауға хақым жоқ па?» деп айқайлап жатқан адамдарды өз көзіммен көріп, еліміздің құжаттау жөніндегі заңына талай адамның өкпе-реніш артып жатқанын өз құлағыммен естідім. Тек заң аясында ғана жұмыс істеп отырған АХАТ бөлімінің қызметкерлері­не, әрине, өкпе жоқ. Бірақ ел азаматтарының халықтың талап-үдесінен шықпайтын, әлдеқашан ескіріп кеткен құжаттау жөнінде­гі заңға деген өкпелері қара қазандай. Тіпті қазіргі әрекет етіп тұрған заңды Елбасының 1996 жылдың 2 сәуірінде шығарған «Ұлты қазақ азаматтардың тегі мен әкесінің атын жазуға байланысты мәселелерді бекіту тәртібі туралы» Жарлығының жүзеге асы­рылуына кедергі келтіріп тұр десек те болады. Өйткені ол заң бұ­рынғы құжаттың түпнұсқасындағы орысша жазылған тегімізді қазақы грамматикамен түзетуге рұқсат етпей тұр…

Осыған орай қалың көпшілік еліміздегі жергілікті ұлт өкілдері­нің тегін қазақшалалап алуына, яғни Кеңес дәуірінде сол кездегі саясаттың кесірінен бұрмаланып кеткен қазақы тегін қайырып алуына мүмкіндік берілсе дейді. Сосын жоғарыда келтірілген мысалдағы Қален қарт секілді аталардың есі­мін немерелері мен шөберелеріне тегі ретінде емін-еркін бере ала­тындай мүмкіндік жасалса. Қыс­қасы, құжаттандыру жөніндегі заң­ға өзгерістер мен толықтырулар енгізіліп, осы жөнінде арнайы бап жазылса, жоғарыда көтерілген мә­селелердің шешімі өзі-өзінен та­былар еді. Бұған қоса, АХАТ бөлімінде жұмыс істейтін қызмет­кер­лерден мемлекеттік тілді, оның ішінде қазақ тілі грамматикасын шебер меңгеруі талап етілсе, құба құп болар еді.

Түсінген адамға тегімізді тү­зеу – бесігімізді түзеумен пара-пар. Сондықтан құжатымызды түзеу ісі де мемлекет саясатының маңызды бөлігі болуы тиіс.

Айша ӨТЕБӘЛІ,

«Орал өңірі»


Ұшқыр ақынның өргелең өрістері

Күні: , 906 рет оқылды

Кайрат жумагалиев


Барша ана атаулыға арнап «Анасы бар адамдар ешқашан қартаймайды» деп  жырдан ескерткіш тұрғызған жерлес ақын Қайрат Жұмағалиевтің 16 қыркүйек туған күні. Ақынның өз тілімізде жарияланған өлең-жырларымен қоса Мәскеу қаласында  «Степная дорога», «Целомудрие», Алматыда «Раздолье», «Подарок малышам» атты кітаптары орыс тілінде жарық көрген еді. Шығармалары ТМД елдерінің, сондай-ақ ағылшын, француз, араб, неміс, қытай, хинди, испан, поляк, болгар тілдеріне аударылды. Он беске толар-толмас шағында атамекенінен жер аударылған бала Қайрат ақын болып қалыптасып, кейінгі ұрпаққа кеңес берер ақсақал жасына келгенде,  Ақ Жайығына оралып, «Жарық дүние» атты соңғы кітабын жариялаған еді. Әлем әдебиетінің жауһарларын ана тілімізде сөйлетіп, жалпы отызға тарта кітап, 150-ге тарта ән мәтінін жазған ақын  2013 жылы 76 жасында өмірден озды.


Біздің өлең орманымызда бәйтеректерге қарап бой түзеген нелер әсем шынарлар  барын сүйінішпен атап келеміз. Кейінгі кезеңдерде жұртшылыққа танылған бір топ ақындардың қатарында өз әуенімен, өз жырының гүлімен ерекше көрінген ақындардың бірі – Қайрат Жұмағалиев. Қазір орта буынды өкшелеген, он-он бес өлең кітаптың авторы болған бұл ақынның тұңғыш жыр лебіздері де, кейінгі ұшқыр да әсем әуендері де маған әбден таныс. Сонау алпысыншы жылдардың басында бұрын есімі мағлұм емес жас Қайраттың газет бетінен алғашқы өлеңін оқығанда мен ерек­ше  толқыған едім. Жас Қайраттың көктемі — көптеген кәрі-жас ақындар жырлаған, мамажай, сылбыр көктемге ұқсамайды, құзар шыңды жарып, суық қыстың жүрегінен қайнап шыққан өктем көктем болып бейнеленген. Ұшқыр екпін, тапқыр теңеулер бар, өршілдік  сезіліп тұратын.  Қайраттың бір өзгешелігі, кейбір ақындардай «өз Қарашоқым, өз Сарыадырым» деп ауыл айнала ақтамайды. Қайрат туған өлкеміздің шар тарабын, әр көрінісін сүйсіне жырлайды. Қайратқа «Қарағанды түні» де, «Жетісу таңы» да, Атырау да, Алатау да, Сарыарқа да, Жайық та бірдей сүйікті, бірдей ыстық сезіммен сипатталады.

Қалижан  БЕКХОЖИН,

ҚР Мемлекеттік сыйлығының иегері, ақын

*  *  *

Қайрат Жұмағалиев – атақсыз, сыйлықсыз-ақ халықтың жүрегіне әлдеқашан жол тауып алған қабырғалы қаламгер. «Анасы бар адамдар ешқашан қартаймайды» деген бір ауыз өлеңі әнге айналып, әр қазақтың ауылында шырқалған сәтте-ақ ол ха­лық жазушысына айналып жүре берген. Оның том-том өлең, дастандары, қалыңды­ғы кереқарыс аудармалары – осы халықтық абыройдың сыртындағы тындырған шаруалары. Балалар әдебиетіне қосқан үлесін де қомсынбайтын күйге жеткізген еңбекторысы осы Қайрекең еді.

Жүрсін ЕРМАН,

ақын

*  *  *

Қара  өлеңнің  қанатты  Қаршығасы

Бір басына дарын да, бақ та қонған,

Балалығын жүректе сақтаған жан.

Анасына ән-жырдан мүсін құйып,

Қасиетті ақ сүтін ақтай алған.

Қадыры бар,  қазақтың Қайраты бар,

Мықты болсаң, Қайратты сайратып ал.

Қара өлеңнің қанатты Қаршығасы,

Ақ Жайықта тумаса қайда туар?!

Анасы деп бастаған айтар әнді,

Туған жерге енді ақын қайта оралды.

Атажұрттан алпыс жыл ажыраған,

Алпыс жылдық сағыныш қайта оралды.

Ұлықбек  ЕСДӘУЛЕТ,

ҚР Мемлекеттік сыйлығының иегері,  ақын

Абзал аналар

Задында,

Мейірбан ғой ана біткен,

Әр таңды қарсы алатын жаңа үмітпен.

Анажан,

Әжім басқан ақ жүзіңе,

Қараймын қайта-қайта қадалып мен.

Һәмәнда қастерледің бұл өмірді,

Жылытты арман оты жүрегіңді.

Қасарып қату тағдыр қабақ түйсе,

Сен оның бұлтын кейін түре білдің!

Сен барда көңілімнен жоғалмақ түн,

Сен барда өмір шамын жаға алмақпын.

Өзіңдей аналар ғой мәңгілікке,

Ұзартқан ғұмыр жасын адамзаттың.

Өз-өзіңнен жасқанып…

Жастық шақта, сірә, нені аңғардық,

Жүруші едік әрнені бір арман ғып.

 Жылдар әрең жылжитындай көрініп,

«Уақыт неге өтпейді?» деп таңғалдық.

Білім қудық.

Көп іздендік.

Көп білдік.

Жастыққа тән аңғалдық һәм өткірлік.

Қарсы алғанда

Жаңа келген жылды да

«Келмей қайда кетуші еді?!» деп күлдік.

Жастық дәурен көрген түстей жоғалды,

Сағынышпен еске алмасақ обал-ды.

Бір ғажабы —

Жер ортадан асқанда

Уақыт енді зырлай-тұғын боп алды.

Мосқал тарттық.

Арагідік жиналып,

Төрде отырып сөз сөйлейміз диланып.

«Жылдар қалай заулайды?!» деп таңғалып,

Бурыл бастар отырамыз қиналып.

Жаңа жылда кетер думан басталып.

Ал сен болсаң, өз-өзіңнен жасқанып:

«Осы жылым — соңғы жылым болмасын!»

Дейсің іштей…

Жанарыңды жас қарып…

Жайығым -Жерұйығым

Ақ Жайығым, толықсыған, толысқан,

Шағанменен, Деркөлменен тоғысқан.

Жер үстінің Жұмағы да өзіңсің,

Мен айналдым сендей құтты қоныстан.

Мың бұралып Атырауға оралған,

Тіршіліктің нәрі болып таралған,

Туған жердің жаннатысың, Ақ Жайық,

Бұдан артық саған теңеу таба алман.

Сенде ғана өрге жүзер қайығым,

Шаттығым — сен,

Сенсің менің уайымым.

Жер үстінің Пейіші де өзіңсің,

Басылмасын арының, Ақ Жайығым!

Толқыныңның үнін тыңдар ел ұйып,

Өр басымды тұрмын саған мен иіп.

Қазағыммен мәңгі бірге жасай бер

Ақ Жайық деп аталатын жерұйық!

Аңсау

Баса алмай жүрген бойдағы асау аптықты,

Студенттерге қайғы-мұң,

Нала жат, тіпті.

Қиналса-дағы қабақ шытпайды ешқайсы,

Қаласа олар

Жасайды қолдан шаттықты.

Жыл он екі айда

Сауықсыз өткен жоқ кеші.

(Аңсайсың оны басыңнан бір кез өткесін!)

Кек сақтауды олар білмейді:

Әрі кеткенде

Болуы мүмкін өзара назы, өкпесі.

Достармен жастық бағында бірге нұр кешкен,

Шығара алмайсың осынау жарқын күнді естен:

Өтеді  бес  жыл  бес  күндей  болмай  жалт  етіп

Кете барасың қадірін сен де білместен.

Келеді кейін ересек жылдар сен күткен,

Ағыны баяу

Арнасы туыс кеңдікпен.

Аңсайсың сонда студент кезді.

Ойлайсың тез өтті ме деп

Қадірін білмегендіктен.


Батырдың ерлігі – ұрпаққа ұлағат

Күні: , 839 рет оқылды

жаксыгулов садык


Кеңес Одағының Батыры, Тасқала ауданының құрметті азаматы Садық  Жақсығұловты бала кезімізден білетінбіз. Ал батыр ағамен сонау 1976 жылы таныстым. Әкемнің айтуымен барып амандастым. Әскерден келгенімді, енді оқуға кететінімді айттым. Ол сөзімді қостап, «Оқу керек, елге қызмет ету керек» — деді.


Сол кезде ағаның жолдастары, таныстары баласын Сәкең марқұмға сәлем беруге жіберетін еді. Кейін өзім де қызмет іс­теп жүргенімде араласып тұрдым. Батыр ағаның өзінен үлкенді де, кішіні де сыйлап, сөзін тыңдап алып, содан кейін ғана ойын, ақылын айтатыны көз алдымнан кетпейді.

Батыр ағамыз соғыстағы ең жоғарғы атаққа ие болған жерлес­тердің ең жасы болатын. 18 жасқа толмай тұрып, майданға аттанып, 19-дан асқан шағында Кеңес Одағының Батыры атанды. 1942 жылдың 17 тамызында әскер қа­тарына шақырылып, Орынбор қа­ласы маңындағы кіші сардарлар даярлайтын курсты бітіріп, кіші сержант шенінде миномет рас­четының командирі атағын алып шықты. Кейін Сталинград, Курск, Орел, Белгород қалалары үшін ұрыстарға қатысып, жас болса да, батырлығымен көзге түсті. Са­дық Шәкелұлы қаруластарымен бірге Днепр өзенінен ұрыспен өтіп, оң жағалаудан жер алып, оны қор­ғап және кеңейтуге қосқан ерлігі үшін, 1944 жылдың 22 ақпанында Кеңес Одағының Батыры атағы­на ие болды. Соғыс аяқталғаннан кейін білімін жетілдіріп, Тасқала ауданында шаруашылық, партия, кеңес құрылымдарында басшы­лық қызметін атқарды.

Халық сыйлаған құрметті батырды ұмытпайтын ұрпағы бар, олар аталарын мақтаныш етеді. Ел үшін еңбек етіп, Отан үшін қан кешкен аталарды еске алу кейінгі ұрпақтың борышы екендігін ұмытпайық!

Ерталап ЕСЕНӘЛИЕВ,

облыстық мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының судьясы


«Себепсіз талақ – жауапкершіліктен жалтару құралы»

Күні: , 878 рет оқылды


Мұхитдин  ИСАҰЛЫ:

Мемлекет үлкен отбасы болса, әр отбасы – шағын мемлекет. Соңғы кездері отбасы құндылықтарына қатысты мәселелер көбейіп кетті. Мәселен, статистикалық деректерге сүйенсек, 2010 жылы 41 мың, 2011 жылы 44 мың, 2012 жылы 48 500 отбасының шаңырағы шайқалған. Бұл дерек күн санап көбеюде. Ал 2013 жылдың қаңтар-наурыз айларындағы дерек рекордтық көрсеткішке жеткен. АХАТ органдарында аталмыш үш айдың ішінде 11 613 ажырасу тіркелген екен. Өйткені дәл мұндай жағдай бұрын-соңды болмаған. Жалпы, отбасының асыл құндылықтары, ажырасу, талақ, неке, отбасы бірлігі туралы теология ғылымдарының докторы, «Нұр-Мүбәрак» университетінің профессоры Мұхитдин ПӘТТЕЕВПЕН әңгімелескен едік.


– Мұхитдин Исаұлы, исламда неке қаншалықты маңызды және біз осы тұрғыдан келгенде нені ұмыттық деп ойлайсыз?

– Исламда отбасы иманнан ке­йінгі негізгі құндылыққа жатады. Нені ұмыттық дейтін болсақ, әуелі отбасы мен құндылығын, оның қасиетін ұмыттық. Отбасындағы ер­лі-зайыптылар бір-бірінің қа­дір қасиетін ұмытты. Бала тууды ұмыт­тық, бала тусақ көбейтуді ұмыт­тық. Көбейтсек, бала тәрбиесін ұмыт­тық. Бала тәрбиесін ұмытпа­дық, бі­рақ тәрбиені ұмытпай нақ бала­ның өзін ұмыттық. Тәрбие бала үшін емес, бала тәрбие үшін болды. Шаңырақ құруды ұмыттық, ша­ңырақ құрсақ үй болуды ұмыт­тық. Зәулім-зәулім тойханалар са­луды, онда той жасауды ұмытпа­дық. Сол тойханаларда сөз беруді де ұмытпадық. Бірақ, шыға бере екі жастың бақытын ұмыттық. Бі­ріміз ене, біріміз шеше болып жас­тарды ажырастырмауды ұмыт­тық. Той құдалар үшін жасалатын болды, болашақ балалар үшін емес. Құдалар ұмытылмады, жас отбасы ұмытылды. Бәрі де атақ, даңқ үшінге айналды. Құдалық кө­бейіп сөзіміз жасанды болды, сыйластық көпірік болды. Бұрын екі жас отбасы ұрысса, екі жағы қарсы жақты жақтайтын. Ал бұл күнде әркім өз баласын жақтай­тын болды. Енесі қызын көшіріп алып кетпесе, ұят болатын болды. Қысқасы, су суға толды, құм құмға толды. Кешегі атам қазақтың жо­лы басқа, біздің жол басқа бол­ды. Екі көз жасқа, көкірек шерге толды. Қасірет басқа қонды. Елге де міне, күз келді, ойланатын қа­заққа кез келді.

– Осы талақ, ажырасу індеті бізге қалай келді? Сұрап отыр­ған себебім, біз бұрын мұн­дай­ды естімеген едік…

– Бұл – шетелден келген індет. Жаһандану да соның бірі. Әсіре­се, қоғамда жастар сол жаққа көп еліктейді. Олардың ғылымына елік­тесе бір сәрі. Бірақ олай болмай тұр. Сол жастар туралы қоғамда сауал тастай қалсаң ата-аналар мұ­ғалімді, ал мұғалімдер ата-аналарды кінәлай жөнеледі. Соның салдарынан қазіргі таңда мектеп жастары арасында суицид, өз-өзі­не қол жұмсау белең алып тұр. Тіпті ТМД бойынша көш бастап тұр. Ал мұндай індет батыстың індеті. Ислам әлемінде мұндай өте сирек кездеседі. Алайда біз қа­зақтар кешегі әл-Фарабидің, бергісі әулие Бекет ата, батыр, өжет Махамбеттердің ұрпағы едік қой. Олар қазір ғайыптан қайта тірілсе,мына біздерді ұрпағымыз дер мееді?! Әрі елімізде біздің рухы­мыз­ға жат діни секталар да сол індет­тердің бірі. Екінші, бір індет шы­ғыс­тан келіп, күннен күнге белең алуда. Ол, әрине, халықты Исламдінінен бездірмек болған ради­кал­дық діни ағымдар. Олардың басым көпшілігі жастар. Олардың басқасын былай қойғанда «уақыт­ша неке» дегендерінің өзі үлкен жарылыс қой. Бүгінде солардан әкесіз сәбилер дүниеге келуде.Ертең сол сәбилер ересек бол­ған­да, сауалдарына кім жауап береді? Олар сол надандардың сауатсыздықтарынан туындаған жа­рылыстардың құрбандары.

– Жалпы, исламда талақ қай уақытта беріледі?

– Шарасыз қалған жағдайда, отбасын құруға тіптен мүмкіншілігі болмаған жағдайда беріледі. Пай­ғамбарымыздың (с.ғ.с.) хадисте­рін­де: «Алла тағалаға адалдың ең сүйкімсізі – талақ», «Ләззат алу мақ­сатымен ғана жиі-жиі әйел ауыс­тырған еркектерге, жиі-жиі кү­йеуауыстырған әйелдерге Алла ла­ғы­нет етсін», «Маңызды бір себеп­сіз ерінен ажыраспақ болған әйел­ге жәннат иісі харам», «Кімде-кім бір әйелді күйеуіне айдап салған – бізден емес» деп айтылады. Яғ­ни уақытша некелері қандай харам болса, ләззат үшін әйел­дерін та­лақ  ету  де  сондай  харам.

– Бізде талақты жиі қолда­на­тындар кімдер? Олардың ді­ни са­уаты бар ма?

– Әрине, ең басында сәләфи-тәкпір, тәблиғ жамағаттарында жиі кездеседі. Одан бөлек «азамат­-тық неке» деген ойнастық та бар. Бұл да бейнамаз жастар арасын­да, әсіресе, студенттер арасында көп кездеседі. Олар «азаматтық неке» деп некенің атын жамылып, бірнеше ай ата-аналарына айт­пай бірге тұрады да, кейіннен ажырасқан болып екіге жарылып кете барады. Бұдан, әрине, кө­біне өмірге мұта некесі секілді шата сә­билер дүниеге келіп жатады. Сәләфи-тәкпір болсын, мейлі, аза­маттық некеде болсын, осыдан туған әкесіз сәбилер өскенде психологиясы бұзылады. Өсе келе қо­ғамға ыза-кекпен қарамасына кім кепіл?! Ал мұндай жандарды қа­ра ниетті ұйымдар да өз мақсат­та­рына жақсы пайдалана алады. Иә, мұндай талақ пен некенің арты осындай індетке жетелейді. Менен ел ішінен сұралатын ең көп са­­уалдардың бірі – талақ мәсе­лесі. Екі күннің бірінде телефон шалып, не болмаса интернет ар­қылы сауал қойып, осы ажырасуды сұрап жатады. Сарапқа салып қарасам, көбіне әйелдер жағы кү­йеулерінен қысым көріп жатады. Мысалы, бір сәләфи-тәкпір төрт баласымен әйелін талақ қылып, далаға тастаған. Не болмаса бұл тек жамағаттар арасында емес, бей­намаздар арасында да көп кездеседі. Бес баласын анасымен далаға тастап, өзі бай бір әйел­мен отбасын құрып кетті, енді мен не істеймін не болмаса «мен жа­рымжан болып қалған соң, кү­йе­уім шиттей бала-шағасын тастап хабарсыз кетті, сот арқылы алимент те ала алмай жүрмін» дегендер қаншама?! Осылардың бәрі санаға шөңге, жүрекке найза болып қадала береді. Естіген сайын қартайып кетесің. Түсінбеген еркектерге «сен әйел болып шиттей төрт қызыңмен біреудің «квартирасында» ақысын төлей алмай, жа­рымжан болып бір ай өмір сү­ріп көрші қиялыңда» деймін. Ал исламда талақ ең соңында ғана, оның үстіне бүкіл бала-шаға ер­дің мойнында болады. Ешқашан са­дақадай алимент төлеп қашып кете алмайды. Сол себепті шиттей бала-шағаны тастап, анасын талақ етіп кету оларды тірідей жерге көмгенмен тең. Иә, қарғыс атқан біреуді көргіңіз келсе, әйелін орын­сыз талақ етіп, тірі жетімінен қаш­қан ер атын жамылған ездер.

– Әңгімеңізге рақмет!

Әңгімелескен Гүлмира ШАРХАНҚЫЗЫ

Азаматтар мен ұйымдардан діни салаға қатысты барлық мәселелер бойынша ақпарат қабылдауға, сондай-ақ деструктивті қызметтен зар­дап шеккендерге кеңесшілік және психологиялық көмек көрсетуге арналған сенім телефондары: 8 (7112) 26-75-88, 24-46-46. «Қауырт желі» — «114»


Баға қай жерде арзан?

Күні: , 1 099 рет оқылды

IMG_3351


Тұтынушылардың көпшілігі азық-түліктің ең арзан жері базар деп ойлайды. Алайда соңғы кездері тауар өндірушіден өнімді тікелей алатын, сондықтан тауарды өндірушінің бағасымен саудалайтын ірі сауда нысандары көбейді. Мәселен, облыс орталығындағы ірі сауда нысандарында арнайы әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдеріне бөлінген бұрыштар жасақталды. Онда тауарлар нарықтағыдан арзан бағамен қойылған. Газетіміздің тілшісі сондай орындарды көзімен көріп, мән-жайды біліп қайтты.


Біздің бірінші болып бас сұққанымыз Орал қала­сындағы жалғыз гипермаркет «Дина» болды. «Динаның» әкімгерінің айтуынша, мұнда тәу­лігіне шамамен 3 мыңдай тұтыну­шы сауда жасайды екен.

Аралап сөрелеріне көз жүгірт­тік. Мұнда сапалы саналатын «Олейна» өсімдік майының 3 лит­рі 757 теңге,  жарманың келісі 62 теңге, тарының келісі 80 теңге, жү­герінің келісі 84 теңге, күріштің келісі 170 теңгеден тұр. Жергілікті «Мартин» сауда белгісімен саттық­қа шығатын ұнның 50 келілік қап­тағы 1-сұрып түрі 3500 теңгеден. Яғни ұнның келісі 70 теңгеден. «Корона» макарондарының келісі 130 теңгеден сөреге қойылған.

— Біз бағаны тұтынушыға неғұр­лым қолжетімді қылуға тырысамыз. Әсіресе, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдерін. Мысалы, бір адамға 5 литрлік құтыдағы өсімдік майының біреуін ғана са­тып алуға шектеу қойдық. Бұл шек­теуді алыпсатарлар біздің сөре­ден арзан бағамен тауарды молынан алып кетпеуі үшін қойдық. Себебі біз өндірушіден тікелей алатын болғандықтан бізде арзан. Яғни бұл бағалар көтерме сауда­мен айналысатындарға емес, қара­пайым тұтынушыларға арналған. Кей тауарларға өндіруші есебінен емес, өз есебімізден жеңілдетіл­ген бағалар белгіледік. Мұның бә­рі жергілікті тұрғындарды қолдау үшін жасалған, — деді аталмыш ги­пермаркеттің маркетинг бөлімінің жетекшісі Николай Королев. Оның айтуынша, бұрынғы бағамен алын­ған қанттары біткенше келісі 154 теңгеден болған. Бұл қала бойынша ең арзан сауда орны болып келді. Қазір қантты Оралдан жет­кізуде екен, бағасы 184 теңгеден.

Жалпы, валюта бағамының өз­геруіне байланысты көп жерде та­уар бағасы өзгерді. Сол себепті тұрғындар ұзақ сақталатын өнімдерді көптеп ала бас­та­ған. Мәселен, қант пен өсім­дік майына 30 пайыздай сұ­раныс артқан.

Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдеріне арнайы сө­релер арнаған сауда нысанының бірі – «Атаба» дүкендер желісі. Мұндай арнайы сөреде қант­тың келісі 200 теңгеден, жер­гілікті «Белес» сауда белгісі­мен шығатын өсімдік майы­ның литрі 239 теңгеден, 1-сұ­­рыпты «Мартин» ұнының ке­лісі 85 теңгеден, макаронның келісі 136 теңгеден, тұздың келісі 26 теңгеден қойылған. Сондай-ақ қалбырдағы өнімдер, шай да ар­зандатылған бағамен қойылған.

— Бұл бұрыш бірнеше ай бұрын ашылды. Жергілікті өнімдерге ба­сымдылық береміз. Өндіруші­лер­дің өзі тікелей жеткізіп береді. Бұ­рыш өз тұтынушыларын қалып­тастырып үлгерді. Әсіресе, зейнет­керлер көптеп келеді. Тұтыну­шы­лар бағаға қатысты наразылық танытып көрген жоқ. Бағаны нарық­тан сәл төмен ұстауға тырысамыз, — дейді Құрманғазы көшесіндегі «Атаба» супермаркетінің әкімгері Екатерина Бушмелёва.

Енді орталық базардағы халық­қа сұранысы ең жоғары өнімдер­дің бағасына тоқталсақ. Қанттың бүгінгі бағасы келісіне 190 теңге. Күріштің келісі 200 теңге, макарон 130-дан, өсімдік майының литрі 260 теңгеден, ал ұн 115 теңгеден.

— Бүгінде көшедегі сауда нысанынан көз сүрінеді. Қайсысын  таңдаймын десеңіз де, өз еркі­ңіз­де. Біз отбасымызбен ашық базар­лар мен бағасы құбылмалы кішкентай дүкендерден гөрі сау­даға лайықталған маркеттерді таң­дай­мыз. Себебі мұндай орындарда әр тауар өз орнында, әрі түр-түрімен реттеулі тұрады. Яғни тұтынушыға қолайлы. Ең бастысы, бағаны да алыпсатарлар сияқты шарықта­тып жібермейді. Ал халыққа ең қажетті азық-түліктерге арнайы орындар әзірлеп, бағасын қада­ғалап ұстағанын қуана құптай­мыз, — дейді тұтынушы Қаламсия Сапиева.

Нұрлыбек НҰРЛАНҰЛЫ,

«Орал өңірі»


Облыста діни ахуал тұрақты

Күні: , 867 рет оқылды

DMS_брифинг Курбан айт (2)


Қыркүйектің 15-і күні «Қазақстан-Орал» телеар­насында БАҚ өкілдеріне ар­налған  брифинг өтіп, оған облыстық дін істе­рі басқар­масының басшысы Тал­ғат Нығмет, Қазақстан мұсыл­мандары діни басқар­масының облыстағы өкіл имамы Руслан Сұлтанов, облыстық прокуратураның экстремизм және терро­ризмге қарсы күрестің заңдылығын қадағалау бөлімінің басшысы Алмас Оңаев қатысты.


Алдымен сөз алған Талғат  Рақымұлы өңірдегі ах­уалдың тұрақты екен­дігін баса айтты. «Арнайы жүргі­зіл­ген сауалнама барысында рес­понденттердің 78,8 пайызы бізде­гі конфессияаралық жағдайды сәт­ті, тыныш деп бағалап отыр. Батыс Қазақстан облысының әкімі Н. Но­ғаевтың 2014 жылғы 4 наурыз­дағы №20 қаулысына сәйкес, бас­қарма жанынан діни мәселелер­ді зерттеу орталығы құрылған бо­латын. 2015 жылы дін істері бас­қар­масы 32 млн. теңге қаржыны игеруді жоспарлады. Жалпы са­ны 26 ақпараттық-насихат тобы құры­­лып, олардың көмегімен 50 мың­нан аса адамды қамтыған 863 іс-шара өткізілді. Теріс ағымдардың ықпалына түскен азаматтарды ту­ра жолға бағыттаған кешенді жұ­мыстың нәтижесінде террористік баппен сотталған азаматтардың басым бөлімі Ханафи мәзһабына бет бұрды. Жыл басынан бері облыс аумағына алыс-жақын шет ел­дерден 7 миссионер келіп, бізде тіркелген еді. Египеттен келген біреуі күні бүгін өз еліне қайтып оралды», – деді ол.

Басқарма басшысы сондай-ақ об­лыстық қазақ театрының кү­ші­мен әзірленген «Жәннат» қойы­лы­мы облыс орталығында және 12 ауданда көрсетілгендігін, алдағы жақын күндері бұл спектакль та­ғы да кең көлемде көрсетілетін­дігін, БАҚ арасында «Руха­ният»бай­қауы ұйымдастырылып, же­ңімпаз-жүл­дегерлері марапаттал­ғандығын, қыркүйектің 21-інен «Дін­тану» пәнін жүргізетін мектеп мұғалімдерін екі апталық оқы­ту басталатындығын тілге тиек етті. «9-сынып шәкірттеріне қазірге де­йін факультатив ретінде ғана бе­ріліп келген «Дінтану» пәні 2016 жылдан бастап негізгі пәндердің қатарына қосылады. Бұл жас ұр­пақтың жат діни ағымдардың жетегінде кетпеуіне үлкен пайдасын тигізеді», – деді Т. Нығмет.

Облыстық прокуратураның экс­тремизм және терроризмге қар­сы күрестің заңдылығын қадаға­лау бөлімінің басшысы Алмас Оңаев­тың айтуынша, жыл басынан бері қылмыстық қудалау құрылым­да­ры 53  кісіге қатысты 10 қыл­мыс­тық іс қозғаған. «Күні бүгін біз ин­тернет жүйесі, әлеуметтік желі­лер­де діни алауыздыққа, ұлтара­лық, нәсілдік дүрдараздыққа ша­қырған тұлғаларды жауапкерші­­лік­ке тартудамыз. Қыркүйектің 23-і күні Орал қаласындағы С. Датұлы ескерткіші жанында жастар­дың қатысуымен терроризмге қарсы үлкен шара өтеді. Соған барша жұртшылықты шақырамыз», – деді А. Оңаев.

Облыстың өкіл имамы Руслан Тыныштықұлы соңғы жылдары өңір­дегі дін саласы мамандары­ның білім-білігі артқандығын ай­рықша атап өтті. «Бұған Орал ме­д­ресесінің қосып отырған үлесі зор. Медресені былтыр бітірген ба­тысқазақстандық 9 жігіттің бі­ре­уі жоғары діни оқу ордасына оқуға түсті. Қалғандары шалғай ауылдардағы жабық тұрған мешіттерді ашып, халықты исламның ақ жолына үндеп жатыр.  Аллаға шү­кір, биыл Қазақстан мұсылманда­ры діни басқармасынан бөлінген квотаға сәйкес, біздің облыстан 15 бала Нұр Мүбәрәк университетінде білім алуда. Астана мед­ресесіне 7 баламыз түсті. Олар аман-есен бітіріп, елге адал қыз­мет етеді деген үміттеміз», — деді Р.  Сұлтанов.

Өкіл имам сондай-ақ барша жұрт­шылықты жақындап қалған ұлық мейрам – Құрбан  айтпен құттықтады. «Жалпы дініміздегі мей­­рамдардың барлығы мұсыл­ман қауымын ғана емес, сонымен бірге адамзаттың дүйім жұртын татулық пен бірлікке, сыйластық пен ауызбірлікке, кешірімге шақы­рады. Олай болса, Құрбан айт мерекесі де адамдардың бір-біріне ізгі ниеттер тілеп, бір-бірінің кө­ңіл күйін көтеріп, ренжітіп алған кездері болса, кешірім жасасатын күн. Құрбан шалудың уақыты Құр­бан айттың бірінші күні айт намазынан кейін басталып, айттың үшінші күні ақшамға аз уақыт қал­ғанға дейін жалғасады. Биыл Құр­бан айт 24 қыркүйектен баста­лып, үш күнге созылады. Қаладан біз мал соятын төрт орын белгіледік. Олар: облыстық мешіт­тің ауласы, қалалық мешіттің ауласы, қызыл мешіттің ауласы және «Ел ырысы» базары. Осы жерлерде дін өкілдері міндетті түрде болады. Біз барша қайырымды азамат­тарды осы сауапты шараға атсалысып, жоқ-жітікті жандарға кө­мектесуге шақырамыз», — деді өкіл имам.

Анэль ҚАЙНЕДЕНОВА,

«Мой город» апталығының  тілшісі:

– Облыстан биыл қажылыққа қанша адам аттанды?

Руслан СҰЛТАНОВ, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының облыстағы өкіл имамы:

– Биыл квота бойынша бізден 20-дан аса адам сапарға шық­­ты. Қажылықтан келгеннен кейін бұл сан нақтыланады. Себебі өзге өңір­лерден де батысқазақстан­дық­тар қажылыққа баруы мүмкін.

Тоқтар ҒАБДІРЕШҰЛЫ,

«Орал өңірі»

Суретті түсірген Медет ДОСЫМОВ


БҚО, Орал қаласы, Мұхит көшесі, 57/1
zhaik_presscenter@mail.ru
oral_oniri@inbox.ru
support@oraloniri.kz

Орал өңірі" газетінің бас редакторы: 51-25-80
Бас редактордың орынбасарлары: 24-17-08, 54-18-08
Жауапты хатшы: 54-38-22
Тілшілер: 50-66-88, 51-50-34
Жарнама бөлімі: 51-51-09
Яндекс.Метрика