Мұрағат: 15.09.2015


Кәсіпкер құқығының қорғалуы – бизнестің даму кепілі

Күні: , 809 рет оқылды


Өткен аптаның соңында облыстық кәсіпкерлік палата­сында кәсіпкерлердің құқығын қорғау кеңесінің кеңей­тіл­ген отырысы өтті. Мемлекеттік құрылым, қоғамдық ұйым, бизнес өкілдері басқосқан жиынға облыс әкімінің орынбасары Игорь Стексов қатысты.


Шараны ашқан атал­мышкеңестің төрағасы Хай­дар Қапановтың ай­туынша, бұл орган тұрақты түрдекәсіпкерлер құқықтарының тапталмауына жете мән береді. Құқық қорғау органдармен бірлесіп ат­қарылып жатқан жұ­мыстар нәти­жесіз емес. Орын алған заңбұзу­шылықтар, олардың ауыздықта­луы мұндай жиында кеңінен сөз болады. Сондай-ақ биз­нестегі са­лалық және жеке мәселелер де көпшілік  талқысына  салынады.

– Мен бұл жиынға бүгін алғаш рет қатысып отырмын. Алдағы уа­қытта жиі қатысуға тырысамын.Сөз жоқ, мұндай кеңес бүгінгі таң­да өте қажет. Яғни қазіргі эко­номикалық жағдайда кәсіпкер­лер мемлекеттің, қоғамның қол­дау­ларын сезінулері керек. Мемлекеттік құрылымдардың, тексеруші органдардың бизнеске заңсыз ара­­ласуының жолы кесілуі шарт. Себебі кәсіпкер құқығының қор­ғалуы – бизнес дамуының кепілі, – деді өз кезегінде сөз алған Игорь Стексов.

Содан кейін Орал қаласының прокуроры Айдын Рашидов об­лыс­тық кәсіпкерлік палатасымен арадағы байланыс, бизнес өкіл­де­рін қолдау бағытында атқарылып жатқан шаралар, бюрократиялық кедергілерді жою турасында қолға алынған жұмыстар жөнінде баяндады.  «Биыл облыстық кәсіпкер­лік палатасынан келіп түскен хат не­гізінде қалалық прокуратурамен«ҚазТрансГаз» АҚ филиалы бұй­ры­ғының күші жойылды. Яғни монополист компания келісімшарт негізінде кәсіпкерлік субъектілері­не тұтынбаған өнімге алдын ала жүз пайыз төлем жүргізу жөнінде міндеттеме қойған. Мұндай мы­сал көп. Бұл бағытта жұмыс ал­да­ғы уақытта да жалғасын табады, — деді Айдын Рашидұлы. — Осы жиынды пайдаланып, бір ұсыныс айтайын деген едім. «Нұр Отан» партиясының тәжірибесін пайдаланып, кәсіпкерлер үшін қоғамдық қабылдау ұйымдастырған жөн секілді. Белгіленген күні мемлекеттік орган өкілдері осы жерде кәсіпкерлерді қабылдаса, қаншама уақыт үнемделер еді. Әрі шенеунік өз кабинетінде еместігін, қасында қоғамдық ұйым өкілдерінің бақылап отырғанын сезініп, алдына келген жанмен терезесі теңжағдайда сөйлеседі. Бұл кәсіпкерлер палатасы үшін де тиімді болары сөзсіз».

Ал кәсіпкерлік палатасының бөлім басшысы Валентина Гаршина биылғы жартыжылдық ішіндешағын және орта бизнес субъек-тілерінің заңсыз әкімшілік жауапкершілікке  тартылуына тоқталды. Оның сөзіне қарағанда, осы уақыт аралығында кәсіпкерлердің арызы негізінде Орал қалалық мамандандырылған әкімшілік сотымен әкімшілік өндіріп алу туралы 39 қаулы күшін жойды. Оның 37-сі Орал қалалық мемлекеттік кіріс басқармасына тиесілі. Қалғаны БҚО бойынша көліктік бақылау инспекциясының еншісінде. «ҚР «Жеке кәсіпкерлік туралы» Заңы-ның 42-бабы 1-тармағына сәйкес, мемлекеттік органдар мен ондағы лауазымды тұлғалар мемлекеттік бақылау мен қадағалауды жүзеге асырғанда өз міндеттемелерін дұрыс орындамаса, ҚР заңнамасы бойынша жауапқа тартылады, – деді Валентина Гаршина. — Бі­рақ біздің кәсіпкерлер өздеріне қо­сымша проблема туғызудан қор­қып, заңның бұл бабын тіптен қолданбайды. Біз алдағы уақытта осы бағытта да жұмыстануымыз керек».

Сәкен ӘБІЛХАЛЫҚОВ,

«Орал өңірі»


Ең үздік супермаркет

Күні: , 811 рет оқылды

IMG_5532


Бейсенбі күні облыстық кәсіпкерлер палатасында «Қазақстанда жасалған» жалпы респуб­­ликалық акция аясында «Қала­ның ең үздік супермаркеті» бай­қауы қорытындыла­нып, жеңімпаз анықталды.


Отандық тауар өндіру­шілерді қолдау мақса­тында Орал қаласының кәсіпкерлік  бөлімімен бірлесіп, облыстық кәсіпкерлер палатасы өткізген байқауға  21 супермаркет пен сауда үйлері қатысуға ниет білдірген. Олардың ішінде «Анвар», «Атаба», «Дина», «Дом еды», «Лидер», «Рамстор» және «Шолоховский» сауда үйлері бар.

Байқау үш кезеңге бөлініп,  сау­да үйлері сөрелеріндегі жер­гілікті тауар өндірушілердің өнімтүрлерін, олардың көлемі менөтім­ділігін арттыру бағытында жұ­мыстанды. Ай сайын мониторингжұмыста­рын жүргізу үшін облыс­тық тұтынушылардың құқығынқорғау департаменті, кіріс депар­та­мен­ті, қалалық кәсіпкерлік бө­лі­мі, «Шағын бизнес орталығы»,«Ақ жол», «Тату» және «Азамат­тықаль­янс» ЗТБ ассоциациясы сынды қоғам­дық ұйымдардан ко­миссия құ­рыл­ған.

Байқаудың алғашқы айында сау­да үйлерінің сөрелерінде жергі­лік­ті тауар өндірушілер өнімде­рі­нің 158 түрі болған болса, соңғы ке­зеңінде ассортимент саны 178-ге жеткен. Яғни 3 айдың ішін­де супермаркеттердегі жергілікті өнім­дер 12,7%-ға өскен. Ал осы ара­лықта супермаркеттермен бірле­се жұмыс жасайтын жергілікті та­уар өндірушілердің саны 36-дан 53-ке, яғни 47,2 пайызға дейін артқан. Үш айдың қорытындысы бо­йынша «Атаба», «Дина», «Дом еды» сауда үйлері үштікке еніп, «Қаланың ең үздік супермаркеті» кубогін «атабалықтар»  жеңіп ал­ды.

– Алғаш рет өткізілген байқау тауар өндірушілер үшін ғана емес, супермаркеттер үшін де пайдалы болды. Супермаркет өкілдері болашақтағы сауда аясын кеңей­ту мақсатында жергілікті өн­ді­ру­шілермен әріптестік қарым-қа­ты­нас орнатып үлгерді. Байқау ая­сында қаламыздағы сауда орын­дарында Қаратөбеден шығары­ла­тын «Дем» ауыз суы супермаркеттер желісі арқылы алғашқы рет сатылымға шықты. Алдағы уа­қытта бұл шараны тағы да ұйым­дастыруды жоспарлап отырмыз, – дейді БҚО кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Нұрлан Қайыршин.

Басқосу соңында белсенділік танытқан барлық қатысушы арна­йы алғысхаттармен  марапатталды.

Ләззат ШАҒАТАЙ,

«Орал өңірі»


Батыстың да байрақты үлесі бар

Күні: , 818 рет оқылды

DMS_2433


Тамыздың 25-26-сы күндері Бөкей ордасы ауданында Қазақ хандығының 550 жылдығына байланысты оздырылған іс-шаралар аясында «Тарих қойнауынан қазіргі заманға дейін» атты  халықаралық конференция өткені мәлім. Оған Орал, Алматы, Ақтөбе және Ресей Федерациясының Мәскеу, Уфа, Орынбор, Астрахан, Самара қалаларындағы жетекші ғылыми орталықтар мен жергілікті оқу орындарынан келген ғалымдар қатысты. Конференция екі бөлімнен тұрды. Тамыздың 26-сында пленарлық мәжіліс Хан ордасы ауылында өтсе, жалғасы тамыздың 27-сінде Жәңгір хан атындағы БҚАТУ-да ұйымдастырылды.


Конференцияда Орта Азия мен Қазақстанның ор­та­ғасырлық тарихына қа­тысты мәселелер талқыланды. РФ ҒА Шығыстану институтының жетекші ғылыми қызметкері, профессор А. Қадырбаев (Мәскеу) «Азияның қақпасы мен кілті: 1732-1752 ж.ж. Қазақ-Ресей қа­рым-қа­тынасындағы Әбілқайыр мен Ба­рақ хандардың рөлі» тақыры­бында жасаған баяндамасын­да Қазақ хандығының құрылу кезе­ңін­дегі Ресей және қытайлық Цин империяларының ықпалы жайын кеңінен тарқатты. Қазақ мәдени ғылыми-зерттеу институтының же­­текші ғылыми қызметкері, көп­теген оқу құралы мен моно­гра­фиялардың авторы И. Ерофеева(Алматы) тарихи деректерді майдан қыл суырған­дай қып талдайотырып, Алаша хан нақты тари­хи тұлға екеніне тұңғыш тиянақ­­ты дәлелдер келтірді. ХХ ғасыр басында қазақ мемлекеті­нің АлашОрда аталуы кездейсоқ­тық бол­маса керек. РФ РҒА Уфалық ғы­лыми орталығы тарих, тілдер жә­не әдебиет институтының жетек­ші ғылыми қызметкері, тарих ғы­лымдарының докторы, профес­сор  Б. Азынабаев «1704-1711 ж.ж.көтерілістен соң Баш­құрт ханды­ғын билеген қазақта­ғы Шыңғыс ұр­пақтары туралы» баяндама­­сын­да қазақ және баш­құрт ха­лықта­ры этногенезінің да­муын салыс­тыра талдап, тың мә­ліметтер келтірді.

Конференцияда ҚР «Әділет» та­рихи-ағартушылық қоғамы­ныңбас­қарма мүшесі  Ш. Аманжолова­ның Жәңгір ханның фотосуреттеріне қатысты мәлімдемелері ай­рықша назар аударды. Астраханда табылған, әйелі Фатимамен бірге түскен деп есептелініп келген суреттің ханға, әсіресе,  өл­кетанушылар тарапынан жаңсақ телініп келгені дәлелденді. Еділ бойында фото ісі пайда болғанға дейінгі кескіндерге де сену қиын.

Жиынға қатысқандар осы тұжы­рымға тоқталды.

Ал Астрахан мемлекеттік уни­верситетінің шығыс тілдері бө­лі­мінің доценті, тарих ғылымдары­ның кандидаты В. Викторин «Кіші жүз бен Бөкей ордасы қазақта­рының «туыстық» құрамында­ғы қазақстандық-ресейлік этника­ара­лық байланыстар: «қондырлар» – «ноғай-қазақтар» тақырыбын ар­қау еткен баяндамада екі ға­сырбойы туыстық тектердің өзгеріс­ке ұшырау үдерісі туралы мәлімет­терді қамтып өтті.

Ш. Уәлиханов атындағы тарихжәне этнология институты жа­ңатарих бөлімінің жетекшісі Г. Ксен­­жик (Алматы) Қазақ хандығы кар­тографикасына қатысты сызба­лар мен кестелердің  дә­йек­тілігі­не назар аударса, Самара мем­лекеттік университеті ғылыми-зерт­­теу лабораториясының же­тек­ші ғылыми қызметкері, тарихғылымдарының кандидаты  Н. Ли­фанов 2011 жылдан бастап ұзақ­қа созылған қазақстан­дық-ресей­лік экспедицияның архео­логия­­лық қазба материалда­рымен таныстырды. Оның ХVІІІ-ХІХ ғасыр­ларда өмір сүрген Шыңғыс ханәулетінен шыққан билеуші­лер­дің Орынбор облысында жерленгені туралы келтірген мәліметтері айрықша қызығушылық тудырды. Ас­трахан мемлекеттік универси­те­тінің аспиранты Р. Ешмұхамбе­тов «Бөкей ордасындағы әскеритоптың қалыптасуы, дамуы, рөлі»жайында жинақтаған мағлұмат­тар­ды ортаға салды.

Ақтөбе  мемлекеттік универси­тетінің профессоры, тарих ғылым­дарының докторы Р. Бекназаров Венгрия-Ресей-Қазақстан ғалымда­рының бірлесе зерттеу жүргізіп, хан ұрпақтарының ДНК сараптамасы­мен салыстыру арқылы 99,355 па­йыз дәлдікпен Әбілқайыр ханның зираты нақтыланғанын жария етті. Қазан айында Ақтөбе облысында кесене  ашылмақ.

БҚО тарих және археология орталығының директоры, «Ақжол» ғылым және білім қоғамдық қо­рының президенті М. Сыдықов «Қа­зақ хандығының құры­луы ба­рысында Батыс Қазақстан өңірі­нің рөлі» тақырыбында жасаған баяндамасында кіші жүздің қазақ мемлекетінің негізіне біртұтас  кі­ріккенін  атап  өтті.

Екінші пленарлық мәжіліс Батыс Қазақстан аграрлық-техника­лық университетінде өтті. Оған жоғарыда аталған ғалымдармен бірге философия ғылымдарының докторы, профессор Т. Рыс­қа­лиев қатысты. Конфе­ренция жұ­­мысына тарих ғы­лымдарының докторы,  профессор М. Сы­дықов жетекшілік  жасады.

Конференцияда Қазақ ханды­ғы­ның 550 жылдығына қатысты ұлттық мүдде тұрғысынан зерттеу, әлемдік тарих кеңістігімен бір­тұтас алып қарау маңызды екені айтылды. Көшпелі өрке­ниеттің, ортағасырлық қалалар­дың беймәлім сырлары баршы­лық. Жайық өзені бойында Кі­ші жүз құрамындағы алуан эт­никалық тектіліктің бірыңғай қалыптасуы ерекше назар ау­даруға тұрар­лық.

Ғылыми жиында 1465 жылы шаңырақ көтерген Қазақ ханды­ғының еуразия кеңістігінде шие­леніскен этносаяси және тари­хи салдарларға қарамастан, ел­дік іргесін бекем сақтап қалған­дығы туралы ортақ пікірлер тұжырымдалды. ХVІІІ-ХІХ ғасырлар­да Ресей бодандығында Бөкей хандығы саяси тәуелсіздігін дер­бес сақтауға тырысты. Әрине, бұл қадамның келер ұрпақ үшін та­рихи маңызы зор болғаны ай­қын.

Конференция қорытын­дысын­да  бірнеше  қарар  дайындалды.

Нұртай  ТЕКЕБАЕВ,

«Орал  өңірі»

Қазақ  хандығының  550  жылдығына  арналған  «Тарих  қойнауынан  қазіргі  заманға  дейін»  атты  халықаралық  ғылыми-тәжірибелік  конференциясының   ҚАРАРЫ

Қазақ хандығының 550 жыл­ды­ғына арналған «Тарих қойна­уы­нан қазіргі заманға дейін» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциясының баяндамаларын тыңдай келе,  қатысушылар берілген мәселенің уақтылы тал­қылануы мен өзектілігін атап өтті.

Қазақстан әлемдік қоғаммен қа­былданған, егеменді және тәуел­сіз мемлекет ретінде тарихтың жа­ңа кезеңіне қадам басуда. Еліміз­дің мемлекеттілігін ғасырлар бо­йы қалыптасқан қазақ елінің дәс­тү­рі мен мәдениеті құрайды. Сол себепті Қазақ елінің мәселеле­рін шешуде, мемлекеттілігіміздің бастауына, ортағасырлық, жаңа және жаңашыл тарихына, заманауи Қазақстанның даму үрдісіне  көңіл аудару қажет.

Конференция қатысушылары жасалған баяндамалар барысында, Қазақ хандығының 1465 жылы еуразия кеңістігіндегі шиеленіс­кен этносаяси және тарихи үде­рістерге қарамастан, мақсатты жә­не нысаналы бағытта құрылған бірден-бір ел екендігі туралы ортақ пікірде болды. Қазақ елінің тарих сахнасынан орын алғаны Ұлы даланың жаңа кезең бастауы болды. Қазақ хандары көршілес елдермен қатаң соғыс жағдайын­да мемлекеттің тарихи маңызды мәселелерін шеше білген:

– Жаңа мемлекет құрып, орта­лық­тандырылған басқару негізін­де барлық қазақтардың басын қосу;

– Сыртқы жаулармен күрес ба­рысында халық пен мемлекет мүддесін қорғау, қазақтар мекен еткен шекараны берік ұстану,  бі­рыңғай мемлекет аумағын бекіту;

– Бүкіл халықтың мүддесін қор­ғайтын билік, басқару және сот жүйесін құру;

– XVI-XVII ғасырлардағы өзбек және жоңғар хандықтарымен ұзақ уақытқа созылған соғыста қазақ елінің байырғы мүдделерін қор­ғап қалу.

Кіші жүз бас қосқан Қазақ хан-дығының батыс аумағы бірың­ғай мемлекетті қалыптастыруда ма­ңыз­ды және құрамдас бөлігіне айналды. Аймақта сол кезеңдегі ұлы тарихи оқиғалар орын алды.

XV-XVI ғасырларда Қасым хан батыс өңірлердің толықтай Қазақ хандығының құрамына еніп, Са­райшықты еліміздің астанасы болуын қамтамасыз еткен, Ноғай ордасымен қақтығыстарын өткіз­ді. Осы XVII ғасырдан бастап Орыс елімен өзара қарым-қатынас үр­дістері басталды.

Қатысушылар конференция­ның Бөкей ордасының астанасы, қа­зақ елі үшін тарихи маңызды да мәнді болған Хан ордасын­да өтіп жатқандығына назар ау­дарды. Осылай біз XІX ғасырда­ғы отарлық тәуелділік кезеңінде­гі қазақ мемлекеттілігінің тарихи дәс­түрлерін сақтап қалған ата-бабаларымызға деген құрметіміз­ді білдірудеміз.

1917 жылы біріккен Алаш пар­тиясының, XX ғасырдың басын­да Оралдағы халықтық-демокра­тиялық қозғалысы құрылды. Алашордасының және оның Батыс бөлімінің құрылуы отандық тарихбеттеріндегі ең жарқын оқиға­-лар­дың бірі. Ол қазақ қоғамы­ның азаматтық кемелденгендігін, XX ғасырдың басында шиеленіскен әлеуметтік қарсылықтарға қа­рамастан, болашақ дамуы үшін маңызды мәселелерді қоя білген, қазақ саяси элитасы күш-қуаты­ның  өскендігін  білдіреді.

Сол жылдары Бөкей ордасында алғашқы Кеңестер өте баста­ды. КСРО құрамында болған ҚАКСР, одан әрі Қазақ КСР-дегі қазақ елі шекаралық тұрақтылықты сақтап, қоғам мен экономиканың зама­науи құрылымын жасақтап, Ұлы Отан соғысында жеңіске жетіп, көп­теген интеллектуалдық салада алға жылжыды.

Қазақстанның заманауи да­мукезеңі – қысқа уақыт аралығында Орталық Азия елдерінің көш­бас­шыларымен танылып, әлемнің 50дамыған мемлекеттерінің қата­ры­на қосылғандығы, егеменді жә­­не тәуелсіз мемлекеттің тарихта­ғы нық қадамы. Мемлекеттің даму стратегиясы жалпы әлемде орын алған нысаналы үдерістермен жә­не қазақ қоғамының құрамында белсенді жүріп жатқан өзгеріс­тер­мен анықталады. Бұл жылдар­дағы жетістіктер мен табыста­ры­мыз, қазақ елінің сенімі мен қол­дауына ие болған Ұлт көш­бас­шы­­сы, Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың есімімен байланысты.

Қазақ хандығының 550 жыл­дығы осы маңызды оқиғаларға, олардың тарихи мәнділігіне қай­та назар аудартты. Берілген мә­се­лелерге тарихшы, археолог, этнограф, өзге іргелес ғылыми бағыттар бойынша ізін қуушылардың бірнеше ұрпақтарының зерттеулері негізінде бет бұруға мүмкіндік туды.

Баяндамаларды және ұсыныл­ған материалдар мен мақалалар­ды талқылай келе, қатысушылар елі­міздің мемлекеттік және саяси өзіндік орнын табуы негізінде  Қа­зақ хандығының құрылғандығы туралы ортақ пікірге келді. Алтын Орда ыдырағаннан кейін түр­лі этнос өкілдерінің арасында орын алған шиеленістер кезінде хан­дықтың өзіндік беріктігі мемлекеттілікті  ұстап  қалды.

Қазақ хандығының және бүкіл қазақ мемлекетінің даму тарихын зерделеу ғалымдардың, қазақ та­­рихшыларының шетелдік әріп­тес­термен белсенді қарым-қаты­нас орнатуын қажет етеді. Бұл ор­та­ғасырдағы еуразия кеңістігінде болған тарихи үдерістерге жаңа, заманауи көзқараспен қарауға мүм­­кіндік беріп, қызықты нәтиже­лерге жетелейді. Жасалған қоры­тындыларға сәйкес қатысушылар тарапынан келесі ҚАРАР жасалды:

Қазақ хандығының құрылуын ұлттық тарихтың негізін салушы тарихи оқиға ретінде анықтап, зерттеу жұмыстарын қайта жандандыра отырып, берілген мәселелер бойынша шетел мамандарын тарту;

  1. ҚР Білім және ғылым министр­лігіне бүкіл Қазақстан аймақ­та­рын қамти отырып, бірыңғай зерттеу бағдарламасын жасақ­тау­ға, еліміздің ғылыми зерттеу институттары мен ұйымдарына, жо­ғарғы оқу орындары тарих кафедраларының зерттеу бағдар­­ла­маларына сәйкес өзгер­ту­­лер мен толықтыру енгізуге ұсы­ныс білдіру.
  2. Отандық тарихтың дамуын қолдаушы мамандар мен ға­лым­дардың бірігуімен қоғамдық ұйым негізінде Қазақ тарихи қоғамын құру;
  3. Батыс Қазақстан облысы тарихи және археологиялық зерт­теу орталығына аймақтың та­рихи шарттарын біріктіріп, көр­шілес Ресей Федерациясы об­лыс­тарынан ғалымдарды тар­ту. Осы мақсатта тек қазақ елі­нің ғана емес, сонымен қатар бүкіл еуразия кеңістігінің тарихын зерт­теуде, Қазақстан мен өзге мемлекеттің жетекші ғалымда­рынан құралған, кешенді біріккен экспедициялар және ғылыми топтар ұйымдастыру.

2015 жылғы 26 тамыздағы конференция қатысушыларымен қабылданды

Хан ордасы ауылы,

Бөкей ордасы ауданы


Көпірде қызу жұмыс

Күні: , 799 рет оқылды

IMG_9476


Биыл облысымызда жол жөндеу жұмысы қарқынды жүруде. Соның ішінде салынғалы  жөндеу көрмеген қос көпір де жаңғыртылып, жаңаруда. Оның бірі  Подстепный ауылына қарай баратын жолдағы Жайық өзенінен өтетін көпір болса, екіншісі – Деркөл ауылын қаламен жалғастырып жатқан көпір.


Облыс орталығын қала іргесіндегі ауылдарменбайланыстырып жатқан көпірлердің  алғашқысы бүгінде жөн­деуден өтіп болды. Ал Шаған өзені арқылы Деркөл ауылына апаратын көпірде жұмыс қызу жүруде. Мұндағы жұмыстың жүру барысын бақылауды мақсат еткен облыс әкімі Нұрлан Ноғаев кеше түс әлетінде құрылыс басында бол­ды. Өңір басшысы қала әкі­мі Алтай Көлгіновпен бірге жол жөн­деушілермен жүздесіп,  атқары­лып жатқан жұмыстармен танысты. Осыжұмыстың басы-қасында жүр­­ген «Уральскводстрой» АҚ учаске бастығы Зәйдолла Берқалиев­тің сөзінше, Шаған өзені арқылы Деркөл ауылына апаратын көпір­ді жөндеу жұмысы 15 тамыздан басталған. Жөндеу жұмысы бары­сында бұрыннан жатқан ескі асфальт жабыны алынып, қазіргі таң­да оның орнына жаңа бетон құйы­луда. Жұмысшылар бұған дейін тіреулерге орнатылған төсемдер­ді (балкаларды) орнынан көте­­­ріп, 160 төсемнің үстіндегі жабындар­­­ды (прокладка) ауыс­тырыпты және көпірдің қорша­уын жа­ңарт­қан. Ұзындығы 185 метр болатын кө­пірді жөндеу жұмысын «Уральск­­водстрой» АҚ-ның жұ­мысшыла­ры  жүргізуде.

– Құрылыс жұмысына, негізі­нен отандық өнімдерді пайдалану­да­мыз. Елімізде өндірілмейтін құ­рылыс материалдарын Ресейгетап­сырыс жасап алдырамыз. Қа­жетті құрылыс материал­дары жеткілікті, қазіргі уақытта жұмыс іркіліссіз жүруде. Жұмыс­шылар (75 адам) мен техниканың барлығы да өзімізден. Көпірдің өзен тұсынжөндеу кезінде асты су болған­дықтан, азын-шоғын қиын­дықтар болды, бірақ жұмыс барысында бұл мәселе толық шешілді. Қазіргі таңда жоба бойынша атқары­луы тиіс жұмыстың, шамамен 60 пайызы орындалды. Осы қар­қыннан таймасақ, енді бір ай­да көпірді жөндеу жұмысын аяқ­тай­тын шығармыз, – дейді жұмыс ба­рысын баяндаған Зәйдолла Қис­метұлы.

Көпірді жөндеу жұмысымен мұ­қият танысқан Нұрлан Асқарұлы мұндағы жұмыстың қарқынына риза болды.

– Бұл көпірдің маңызы жөнінде айтып жатудың өзі артық. Деркөл ауы­лын қаламен байланыстыра­тын көпір әбден ескірген, оны жөн­деуді қолға алатын уақыт бая­ғы­да жетті. Міне, биыл «ҚПО б.в.» компаниясы осы жұмысқа қара­жат бөліп, сол қаржыға көпірлер жөнделуде. Жөндеу жұмысы қазір екінші кезеңде тұр. Бұдан соң үшінші кезеңге өтіп, одан әрі изоляциялау жұмысына жалғасады. Бұл көпірді жөндеу жұмысы жоспар бойынша қарашада аяқталуы тиіс, бірақ жұмыстың қазіргі қар­қынына қарап, мерзімінен ертерек бітетін шығар деп болжам жасауға болады, – деген өңір басшысы құрылысшылардың бүгінгі қимылына ризашылығын білдір­ді.

Айша ӨТЕБӘЛІ,

«Орал өңірі»


Бөрі тие бастады

Күні: , 117 рет оқылды

5_reference


Соңғы уақытта мал баққан шаруа адамдары тағы бір қиындыққа тап болды. Ол – биыл күз басталмай жатып, қасқырлардың малға шабуының жиілеуі.


Бірік ауылдық округіне қарас­ты Саралжын елді мекенінде 30-ға жуық қой-ешкі, бұзау-баспақ, құ­лынға бөрі ауыз салды. Қараоба ауылы бойынша да 4 шаруа қожа­лығының малына қасқыр тиген.

Бұл – дабыл қағарлық жағдай. Ертең күздің сұр бұлт, тұманды күн­дерінде өрістегі малды жіті қа­да­ғалау қиындай түседі. Сол кезде «жаман ауыздарға» жағдай туаты­ны түсінікті. Сондықтан аң­шылар қоғамы осы жағдайға ертерек қам­даныс жасап, бір шарасын алмаса, шаруа адамдарына қолайсыздық туары сөзсіз.

Гүлфия  АХМЕТОВА,

Қазталов  ауданы


Жаңақалада мемориал ашылмақ

Күні: , 100 рет оқылды

IMG_1371


«Бітер істің басына, жақсы келер қасына» деген жаңақалалықтар тағы бір игі іске білек сыбана бел шеше кірісті. Қашанда талантты тұлғаларын төріне шығарып, төбесіне көтерген туған жері төл таланттарына арналған Даңқ мемориалын ашпақ. Тамыз айының аяғында құрылысы басталған еңселі ескерткіштің құрылысы аяқталуға таяу.


— Бұл — кәсіпкерлеріміз қолда­ған әкімдіктің ұсынысы. Сосын жобаны «Өңірлерді дамыту» бағ­дарламасы аясында қаржылан­дыра алдық, құны 5 млн. 396 мың теңгені құрады. Мердігер – «АБК Порднес» ЖШС құрылыс компа­ниясы. Аға-апаларының үлгілі ісі жас ұрпақ­қа үлгі-өнеге болсын, халыққа рух берсін деген ниет­пен мемориал құрылысын бас­тадық. Текті топырақтан түлеп ұшып, елдің, ер­дің атын шыға­рып, туған жеріне, Отанының дамуы­на қалтқысыз үлес қосып жүр­ген перзенттері­міз қаншама?! Ауданымыздан шық­қан атақты жан­дардың, оның ішін­де әр салада қызмет атқарып, бі­лімімен, өнері­мен, тағы басқа қыр­лары­мен көз­ге түскен жерлесте­рімізді еске салып,  есімін тарихта қалдыра­тын еңселі ескерткіштер қажет. Міне, осындай мақсатта бой көтеріп жатқан еңселі орын бола­шақта жастардың рухани де­ма­лыс орнына айналатынына сене­мін, – деді Жаңақала ауыл­дық округінің әкімі Елжас Жұпма­ғам­бетұлы.

Аудан орталығында бой көте­ріп келе жатқан Даңқ мемориалы М.-С. Бабажанов көшесінің бойын­дағы «Жастар» саябағында орна­ласқан. Мұнда жастар сейіл құрып қана қоймай, аудан тарихымен танысып, алдыңғы толқынның елге сіңірген еңбегін көріп өседі. Онда гүлзар, субұрқақ, орындықтар ор­наласады. Алыстан көз тартатын көрнекті мемориалдың қабыр­ға­сы бетоннан құйылған. Қос қа­нат­тың ортасындағы көкке шаншыл­ған стелла, одан бөлек  қалам – бұл Жаңақала ақындардың меке­ні екендігінің символы болса, қа­сиетті домбыра-күйшілер мекені екенін білдіреді. Мемориалдың құрмет тақтасында жоғарыда ай­тып кеткенімдей, ауданнан шық­қан Социалистік Еңбек Ерлері, ге­нералдар, аудан мен облыста, республикада басшылық қызмет атқарған қайраткерлер және өнер, спорт шеберлерінің есімдері көрініс табатын болады. Ағаш көшеттері отырғызылып, абаттандырылған мемориал кешені алдағы күндерде салтанатты түрде ашылмақ.

Надежда ЕСЕТОВА,

Жаңақала ауданы


Сағитжанның қол паромы

Күні: , 805 рет оқылды

IMG_3041


Ақжайық  ауданы бойынша Жайықта 8 паром жұмыс жасайды. Соның бірі сол жағалаудағы Кеңсуат ауылының тұрғыны, жеке кәсіпкер Сағитжан Кенжеғалиевтың иелігінде. Тамызда іске кіріскен оның су көлігі осы қысқа уақытта ауданнан тыс жерлерге де танылып үлгерді.


Өйткені басқа кейбір пароммен өзеннің сол жағалауына өт­кен соң тоғайдың ойқыл-шойқыл жолымен жүруге тура келеді. Ал енді Жайықтың сол жағалауында­ғы Көнеккеткен ауылы тұсынан оң жағалаудағы Мойылды ауылы аралығында жүретін, екі жеңіл аутокөлік сиятын Сағитжанның қол паромы жұртты сол қолай­сыздықтан құтқарды. Сондай-ақ аудан орталығы Чапаев және бас­қа таяу ауылдар мен Көнеккеткен арасын едәуір жақындата түсті. Яғни  жұрт жолды кем дегенде 7-10 шақырымға қысқартты.

Болат  ҚОСЖАНҰЛЫ,

Ақжайық  ауданы


«Ақжайық» – «ЦСКА» Есеп 8-1 !!!

Күні: , 952 рет оқылды

8 футбол


Бірінші лига командалары арасында футболдан Қазақстан чемпионатының кезекті турында Оралдың «Ақжайығы» Алматының ЦСКА командасын қабылдап, 8:1 есебімен жеңіске жетті.


Бұл – «Ақжайықтың» би­ыл­­ғы маусымдағы ең ірі ұтысы. Сонымен қатар бі­­рінші лигада әзірге бір команда­ның қақпасына бұлайша сегіз доп түсіп көрген емес.

Жалпы, ойын оралдықтар үшін сәтсіз басталды. Алдымен 19-ми­нутта қонақтардан Никита Утро­бин алыстан қақпаны дәл көздеп, есеп ашты. Көп ұзамай «Ақжайықтың» мергені Олег Хромцов бұрыш­та­мадан берілген допты аяғымен қақпаға сүңгіте салды. Содан кейін команданың тағы бір сұрмергені, словениялық легионер Марушко Матиц есепті 2:1-ге жеткізді.

Екінші таймда алаң иелері қо­нақтарға мүлдем дес бермеді. Ал­дымен Айдар Жақсыбеков көзге түссе, бұдан соң Олег Хромцов осы кездесудегі екінші, биылғы маусымдағы он бірінші добын соқты. Ойынның екінші кезеңінде алаңға шыққан «Ақжайықтың» фут­болшылары да тың леп әкелді. Әсі­ресе, Иван Антипов оң қанаттан әдемі өтіп, екі рет дәл пас берді. Айып добын соққан сәтте орал­дықтардың қорғаушысы, болга­риялық легионер Янко Валканов әбжілдік танытса, И. Антиповтың пасынан кейін Николай Забродин алтыншы голды баспен кіргізді. Антон Шурыгин айып алаңынан кері серпілген допты шірене тар­тып, қақпаның бұрышын дәл көз­деді. Матч соңында «Ақжайық­тың» ойыншысын шалып құлат­қа­ны үшін қонақтардың қақпасына 11 метрлік айып добы белгіленді. Оны команданың мерген ойын­шы­ларының бірі Алексей Мальцев сәтті орындап, ойын нүктесін қой­ды. Талғат Байсофынов шәкірт­те­рінің есепті бұдан да ұлғайтындай мүмкіндіктері болды, дегенмен осының өзі жетіп жатыр еді.

Сонымен, «Ақжайық» биылғы маусымда қарсыластар қақпасы­на салған гол санын 48-ге жеткі­зіп, 38 ұпаймен бірінші орынға көте­рілді. Өз алаңында «Байқоңырды» 2:1 есебімен ұтқан Өскеменнің «Востогының» есебінде де 38 ұпай бар. Ал осы турға дейін көш бастап келе жатқан Теміртаудың «Болаты» өз алаңында Шымкенттің «Қыранымен» 1:1 есебімен тең ой­нап, екі ұпай жоғалтты. Бірақ оның қоржынында 36 ұпай болғанымен, «Ақжайық» пен «Востоктан» бір ойыны кем, демек, қуып жетуге мүмкіндігі бар. 19 қыркүйекте «Ақ­жайық» сырт алаңда «Байқо­ңыр­мен» жасыл алаңға шықса, премьерлига жолдамасынан әлі үмітін үзе қоймаған Петропавлдың «Қызыл­жары» өз алаңында «Востокты», ЦСКА Алматыда «Болатты» қабыл­дайды. Төртінші орындағы «Каспий» Ақтауда оңтүстікқазақстан­дық «Мақтааралмен» кездеседі.

Еске сала кетейік, «Ақжайық» ЦСКА командасын бірінші айна­лымда сырт алаңда да 4:0 есебімен тізе бүктірген болатын. Сөй­тіп батысқазақстандықтар алма­ты­лықтардың қақпасына екі ойында 12 доп енгізді.

Ғайса БӘЙМЕН,

Орал қаласы

Суретті түсірген Е. Литвякова


«Асыл сөзді іздесең, Абайды оқы, ерінбе!»

Күні: , 931 рет оқылды

IMG_2219


Өңір тұрғындарын қауіп-қатерден сақтандырып, олардың төтенше жағдайлардан аман-есен жүруіне ықпал етіп келе жатқан облыстық төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері мәдени өмірде де белсенділік көрсетуде.


Олар жақында қазақтың ұлы ойшылы,  ақын Абай Құнанбаев­тың туғанына 170 жыл толуына байланысты «Асыл сөзді іздесең, Абайды оқы, ерінбе!» атты әдеби шара ұйымдастырды.

Бұған жедел құтқару отряды­ның, Өрт сөндіру және авария­лық-құтқару жұмыстары қызметі­нің, облыстық төтенше жағдай­лар департаментінің және «Өрт сөндіруші» АҚ филиалының командасы қатысты.

Шараны аталмыш департамент басшысының орынбасары, өртке  қарсы қызмет полковнигі Жар­қын Фазылов ашып, ақын шығар­маларының маңызына тоқталды. Абайдың артында қалдырған мол мұрасының бүгінде барша қазақ­тың асыл қазынасына айналға­нын жеткізген ол байқау қатысу­шыларына толағай табыс тілеп, сайыс шартын түсіндірді.

Бұдан соң сайысқа қатысушы­лар «Өлең – сөздің патшасы», «Абайдың қара сөздері», «Абай жолы» романынан театрлан­ды­рылған көріністер және данагөй ақынның сырлы әуендерін орындаудан сайысқа түсті.

Сайысқа қатысушылар  алғаш­қы бөлімде ақынның лирикалық өлеңдерін нақышына келтіре орындаса, «Абайдың қара сөзде­рі» бөлімінде төтеншеліктер ұлы ойшылдың пәлсәпаға толы қара сөздерін оқып, оның мән-мағы­насын түсіндіруден жарысты. Бұл ретте техникалық қызмет және құлақтандыру бөлімшесінің бас ма­маны Нұршат Әбдірахманов­тың Абайдың 42-сөзін қарапа­йым тілде түсіндіргені жиналғандар­дың назарын аударды. Ол қазақ философының бұдан көп уақыт бұрын айтып кеткен «Жұмыссыз­дық  жаманшылыққа ұрындыра­ды» деген сөзінің өзектілігі қазір­гі заманда да жойылмағанын нақ­ты мысал келтіре отырып жеткізді. Сайыстың үшінші бөлімінде департамент бөлімшелерінің қыз­меткерлері «Абай жолы» романы бойынша театрландырылған көрі­ністер көрсетті. Абай және өзге де бейнелерді шебер бере білген қатысушыларға көрермендер дән риза болды.  Келесі кезекте олар ұлы ақынның сырлы сезімге толы лирикалық әндерін орындаудан жарысып, кештің сән-салтанатын одан сайын арттырды.

Төтеншеліктер ұйымдастырған бұл мәдени шараға М. Өтемісов атындағы БҚМУ университетінің профессоры Серікқали Шарабасов баста­ған қазылар алқасы жоғары баға берді. Алқа шешімі бойынша аталмыш сайыста бірінші орынды «Өрт сөндіруші» АҚ Батыс Қазақ­стан филиалының қызметкерлері  жеңіп алса, екінші орынды өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметінің маманда­ры иеленді. Ал үшінші орын об­лыстық төтенше жағдайлар департаменті қызметкерлеріне бұ­йырды.

Айша ӨТЕБӘЛІ,

«Орал өңірі»


БҚО, Орал қаласы, Мұхит көшесі, 57/1
zhaik_presscenter@mail.ru
oral_oniri@inbox.ru
support@oraloniri.kz

Орал өңірі" газетінің бас редакторы: 51-25-80
Бас редактордың орынбасарлары: 24-17-08, 54-18-08
Жауапты хатшы: 54-38-22
Тілшілер: 50-66-88, 51-50-34
Жарнама бөлімі: 51-51-09
Яндекс.Метрика