Мұрағат: 12.09.2015


Сенғалидың ағасы

Күні: , 827 рет оқылды

IMG_0249


Қаратөбе ауданы Сулыкөл ауылдық округінің орталығы Қалдығайты ауылындағы Байғабылдар зиратындағы құлпытас. Қорымдағы құлпытастың көбі 1950-1960 жылдары цементтен құйылып, кириллицамен жазылған. Осы зиратта 1916 жылғы «Соналы көтерілісін» ұйымдастырушы Сенғали Дәуешұлы жерленген. Қорымда араб жазулы құлпытастар да кездеседі. Солардың бірі  жоғарыда айтылған Сенғали Дәуешұлының ағасы екен.


Мәтін:

(Құлпытастың жоғарғы бөлігінде тігінен екі қатар жолға араб тілінде дұға жазылған. Төменгі бөлігіндегі негізгі мәтін оңнан сол­ға төмен қарай көлбеу қашалған. Шығыңқы-бедерлі жазу).

Алаша руғы Аталық тайфасы

Байғабыл бөлімінің Дәулетқали Дәуес­ұғлы

офат 37 йашында 3 жәді. Тас қойды Хайдар

1912-нші йылда.

Түсінігі: Алаша руы, Аталық тайпасы, Бай­ғабыл бөліміне қарайтын Дәулетқали Дә­уес­ұлы 37 жасында жәді (қазіргіше жел­­тоқ­сан) айының 3-інде дүниеден өткен. 1912 жы­лы  Хайдар  құлпытас  орнатқан.

Оқыған Қазбек ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫ

Суретке түсірген Нұржан ҚАЙЫРЖАНҰЛЫ


«11500-ге жуық шәкірт мектеп табалдырығын аттады»

Күні: , 836 рет оқылды

кокушы


Жаңа оқу жылы қарсаңында оқу орындарын әзірлеудің әбден қызатыны белгілі. Сондай қарбаласты күндерде облыстық білім басқарма басшысы Айгүл Мыңбаевамен жаңа оқу жылына дайындықтың жай-жапсары туралы кең отырып сұхбаттасудың сәті түспеді. Сондықтан сауалдарымызды хатпен жолдауға мәжбүр болдық. Білім басқармасынан алған жауабымыз төмендегідей болды.


Айгүл Әділгерейқызы­­ның мәлімдеуінше, жа­ңа оқу жылы қарсаңында 5 бі­лім беру нысанына республика­лық бюджеттен 293,1 млн. теңге және жергілікті бюджет есебінен 184,5 млн. теңге бөлініп, күр­делі жөндеу жұмыстары аяқ­талған. Жергілікті бюджеттен 5 арнаулы орта білім беру нысанына 330,2 млн. теңгеге күрде­лі жөндеу жұмыстары жүргізіл­ген. Ал республикалық бюджет қаражаты есебінен Орал қала­сы Зашаған кентіндегі 1200 орын­дық, Жаңақала ауданының Жа­ңа­қала ауылындағы 100 орындық интернатымен 600 орын­дық мектептердің құрылысы аяқ­та­лып, жаңа оқу жылына есігін айқа­ра ашты. Мектептері апатты жағ­дай­да тұрған Жаңақала ауданы­ның Сарыкөл, Жуалыой, Те­ректі ауданының Юбелейный ауыл­да­рының әрқайсысы 108 шә­кіртті қабылдаған су жаңа мектепте­рі жұмысына кірісті. Сондай-ақ мем­лекет басшысының мектеп оқушыларының сабаққа қаты­суын толық қамтамасыз ету туралытапсырмасын орындау мақса­тын­­да жалпыға бірдей бі­лім бе­ру айлығы мен «Мектепке жол» акциясы аясында облыс мек­теп­теріндегі әлеуметтік жағынан қор­­ғалмаған отбасының 10377 балаларына 59 млн. 147 мың тең­геге, соның ішінде бюджеттен тыс қаражат есебінен 7334 бала­ға 32 млн. 13 мың тең­геге қар­жылай және мате­риалдық кө­мек көрсетілген. Қа­зір жалпы орта білім беретін мектептер 2015-2016 оқу жы­лын­да және күзгі-қысқы мезгілдерде үздік­­сіз жұмыс істеуді қамтамасыз ету мақсатындағы даярлық жұмыс­тарымен айналысуда. Барлық 644 білім беру мекемелерінің 620-сы дайын­дық төлқұжатын алған.

– Бүгінгі таңда ауылдық елді мекендердің  білім беру саласына 250 маман қабылданды. Жас мамандар Бөрлі, Жәнібек, Қазталов, Шыңғырлау аудандарына көптеп сұранады. Жас мамандарға үй алу үшін жеңілдікпен несие және кө­терме төлемақы төленеді. Об­­лыс көлемінде үш ауысымда оқы­татын мектептер жоқ. Өткен оқу жылында мектептері жоқ 93 елді мекенде тұратын мектеп жасын­дағы 3033 оқушының барлығы түгелдей 58 мектепке күнделікті тасымалданған. Мектепке та­сы­мал­дау 66 аутокөлік­пен жүзеге асы­рылса, оның 63-і мектеп ауто­көліктері, – дейді об­лыстық білім басқармасының басшысы Айгүл Мыңбаева.

Ресми жолданған сол сұрақ­та­рымыздың ішінде Ақжайық ау­даны Шабдаржап ауылындағы ор­та мектептің жәйі туралы да сауа­л­ымыз бар еді. Оқырманға түсі­нікті болу үшін айта кетсек, газетіміздің 2014 жылғы 27 мамыр №58 нөмірінде Есенжол Қыс­тау­баевтың «Едені «ойбайлап», төбе­сінен тамшы аққан…» атты материалы жарық көрген еді. Онда­ғы «Шабдаржап деп атайтын бұл ауыл бұрын «Краснояр» совхо­зының №2 Харькин бөлімшесі  атал­ған. Бү­гінде сол өзінің тарихи аты болса керек, Шабдаржа­пын қайта иеленіп, қазақтың бір іргелі ауылы болып түтіні түзу ұшып ғұмыр кешіп жатыр» деген жолдармен басталған мақала тө­мендегідей жолдармен өрілген еді.

…«Мектеп тар, бара-бара ба­ла сыймайды, қыста суық, жазда қайнап кетеді», – деп еңіре­генде ата-аналар мен ұстаздар­дың етегі жасқа толады. Бірақ аспанға ұшасың ба?.. Жоғарыда айтқан 231 баласы мен мұғалі­мі бар, қызметкерлері бар 62 адам осы мектептен табылады.  Бөл­мелердің, дәліздің едендері әбден тозған. Кейбір бөл­ме­лерге линолеум төселсе де, астындағы тозы­ғы жетіп үлбіреген тақтай­лар шеге, желім ұстамай­тындықтан, оны жәй жаба сал­ған, шеттері жалбырап жатыр. Асығып келе жатқан бала түгілі, ересектер сүрініп, тоңқалаң асып жатса, мұнда оған күлмейді, үй­ренген. Оқушылар бөлме жетпе­гендіктен, ұзына бой дәліздерге шешінеді. Жарға жағалай ұзын тақтай қағылған, одан шегелер шошаяды. «Шабдаржапский гар­д­ероб», то есть киім ілгіш да­йын! Баланың аты бала. Сабақ біткенде таласа-тармаса, күр­телері мен пальтоларына жар­масқанда оларының жағалары мен ілгіштерін анау шошайған шегелер «алып» қалып жатады.  Парта тақта, шкаф, үстел де­гендеріңіздің «туған» жылдары белгісіз. Олардан  қазір оқып жат­қан балалардың әке-шешелері тү­гілі, ата-әжелері де оқып шықты   десек, еш қателігі жоқ. Едендер­дің кейбір тұстары аяқ бассаң, «ойбайлап» бөлмені, дәлізді басына көтереді. Кейбір жиһаздарды мұғалімдердің бейнетқор қолда­ры сырлап-қырнап дегендей жа­сартқысы келгені байқалады. Бі­рақ «қысылғаннан қыз болып» тұр­ған олардың «жасын» жасартып, ғұмырын «ұзарту» қиындап бара жатқан сияқты. Бірнеше бөл­­менің төбесі майысып кеткендіктен тіреумен тұр. Әрі тар, әрі қараңғы, өзі әбден діңкелеп тұр­ған Харькин ЖОББМ-ның өмірі жаңбыр жауған күндері тіптен «көңілденіп» сала береді. Өйт­кені Харькинге бір жауған жаңбыр оның мектебіне екі жауады. Екі жауа­тын себебі – мектептің «ит жыл­ғы» шатырлары тозған, жа­рылған, тесілген. Ондай күндері сабақ үзіліп, балалардың құдайы «берсе», мұғалімдер төбеден ақ­қан тамшымен «айқасып» ақ тер, көк тер болады. Шелек, шылапшын даңғырлап, ер-азаматтар сыртқа су тасып, қыз келіншектер еденді құрғатып, қорғаныс­қа көшеді. Ұстаздар қауымы тек  қана осы Харькин мектебіне то­сын тиетін  табиғаттың  «зар­даптарын жоюға» бір кісідей жұ­мылады… Арасында жоғары клас­тың естияр оқушылары да кө­мектесіп жатады, әрине», – деп жазылған еді.

Аталмыш сұраққа Айгүл Әділ­герейқызы Ақжайық ауда­нының Шабдаржап ауылындағы мектеп құрылысының жобалау-сметалық құжатын дайындау үшін білім бас­қармасы 2014 жылдың 2 жел­тоқсанында облыстық құрылыс басқармасына хат жолдағанын жет­кізді.

Соған қарағанда шабдаржап­тық шәкірттер мен ұстаздарға бі­раз  күтуге  тура  келетін  сияқ­ты.

Гүлсезім  БИЯШЕВА,

«Орал өңірі»


«Алдымда асқар тау боп сен тұрасың…»

Күні: , 918 рет оқылды

Кенжеғали 2


Сонау жылдары бір жерлесіміз Қызылорда өңірінен келін алмақ болып, бір топ тумасымен құда түсуге ба­рыпты. Ең әуелі  қалың­дық жағы жылы ықыласпен қарсы алып, бірден бата сұ­раған екен. Өкінішке орай, бата білмейтін азамат кү­міл­жіп қалыпты. Сонда Сыр өңіріндегі бауырлар: «Бата білмейтін қандай қазақсыз?!» – деп сұрақ қойған екен. Нәтижесінде құдалық әйтеуір өтсе де, салқын көңіл ауаны сезіліп тұрыпты.


Бата білгеннің не қиын­дығы бар?! Өйткені ол – ұлтымыздың ата салты ғой. Өзім көп бата бі­ле­мін. Әрі бі­рін біріне шатастырмай айтамын. Оны ешкім ешқа­шан маған «Үй­рен, жаттап ал!» деп айтқан емес. Алты баланың әкесі болғасын, тү­бінде аса қажет еке­нін түсініп, жа­сым келгенде жат­тауға кіріс­тім. Ойымның дұрыс­тығына арада көп жыл өткен соң, көзім жетті, – дей­ді бүгінде Орал қаласының тұр­ғыны Кенжеғали Қанатбаев.

Иә, ол – үш ұл, үш қыздың әкесі. Қазір ұрпағы өркен жа­йып, тоғыз немере, сегіз жиен, екі шө­бере, алты жиеншардың сүйік­ті атасына айналған. Қазақтың кө­не ырымы бойынша, шөбересінің қолынан су да ішіпті. Бүгінде кем­пірі Зеріппен бірге қолда барын қанағат тұтып, ұл-қызы мен ұр­па­ғының саулығына, ел-жұрт­тың амандығына шүкіршілік етіп отыр. Тек қол қусырып отыра берген емес, еңселі жер үйіндегі бау-бақшаның күтімі де ардақты ақ­са­қалдың мойнында. Сондықтан бұл еңбекқор жанның ауласынан бас­қасы былай тұрсын, шөптің талын да көрмейсіңіз. Қалған уақытын­­да кітап, газет-журнал оқиды. Ша­­қырған жерден де қалмайды. Ба­тасын береді, салиқалы ойымен бөліседі. Әлімсақтан темекі тарт­паған аға баяғыдан бері спиртті ішімдікке де немқұрайлы. Бір сөз­бен айтқанда, салауатты өмір салтын ұстанған адам. Ұл-қызы да, ұр­пағы да ондай жат дағдыдан ада сыңайлы.

Кенжеғалидың әкесі Қанатбай да көзі тірісінде қазаққа өткен ға­сырда дендеп кірген жат қылық­тан бойын аулақ ұстап, баласын да соған жақындатпаса керек. Соның нәтижесінде 1959 жылы 94 жасында өмірден озыпты. Кете-кеткен­ше, бие ұстап, дастарқанынан қы­мыз кетпепті. Көп жыл бойы бүгін­гі Атырау облысының Қарабау ай­ма­ғын жайлаған Қаратоқай Бе­ріш­терді сонау өткен ғасырдың 20-30 жылдары Кеңес өкіметі Тайпақ өңіріне көшірді. Өйткені азамат соғысы, сонан кейінгі аштықтан сол жердің халқы қырылып, тірісі бас сауғалап, жан-жаққа босып кет­кен. Міне, сол жерге жаңа келгендер жан мен мал толтырды. Қанатбай орташа шаруа болса да, оған өкімет аса шұқшия қоймаған. Себебі ол ұжымшарға мүшелік­ке ықыласпен кіріп, аянбай еңбек ет­кен соң, сірә, ресми билікке ұна­ған сияқты. Әрі ұжымшар соғыс­тан бұрынғы және кейінгі жылдары үкі­метке жүйелі түрде азық-түлік тапсырып, басқа да жүктемелерді ойдағыдай атқарған. Тағдырдың ырқымен Қанатбай ақсақал ғұмы­рында үш кемпір алыпты. Құмар­лықтан емес, бәрі де бірінен соң бірі өмірден кеткендіктен. Кіндіктес бауырларын есептемегенде, үш кемпірдің бірінен тараған, қа­зір көзі тірісі – Ақкенже мен Кен­жеғали. Кенжақаң әкесінің шал­ғы­­мен шөп шапқанда, ержеткен ұлда­рынан көш ілгері озып оты­ратындығын, яғни қара күші мол, қайраттылығын құрметпен еске алады. Айтпақшы, қай заман болса да, ол бес намазын қаза етпе­ген, үнемі ораза да ұстапты. Әй­теуір, жаңа қоғамның қырағы көз сақшыларының көзіне де ілінбеп­ті. Кенжеғалидың өзі сексеннің сеңгіріне келсе де, ардақты әкенің абзал өнегесі ақсақалдың көзі­нен  де, көңілінен де бір кетпейді.

1936 жылы бұрынғы Тайпақ ау­данының Өлеңті өңірінде өмірге келген ол жиырма жасында мектеп бітірді. Екі жыл Қиыр Шығыс­та  әскерде болып, азаматтық бо­рышын өтеді. Мамандығы болма­ғасын Алматыда оқып, киномеханик кәсібін алып шықты. Кино­ның дәуірі жүріп тұрған шақта Тайпақ ауданының мәдениет бө­лімінде мамандығы бойынша ең­бек етті. Бірақ іштей жоғары білім алуға ұмтылды. Ең әуелі арнау­лы орта білім алып, бастауыш сыныпта сабақ берді. Соңынан Орал пединститутын бітіріп, педагогика және психология маманды­ғын алып шықты. Арада жылдар өт­кен соң жоғары сыныптарға қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен сабақ берді.

1959 жылы жас фельдшер Зе­ріппен көңіл жарастырып, шаңы­рақ көтерді.  Абзал, Ерлан, Исаға­ли есімді ұлдары мен Линара, Лунара, Аягөз есімді қыздары өмір­ге келді. Бәрінің де бүгінде өз отбасы бар. Немере-жиен, шөбере-жиеншар да көңіл қуантады. Бәрі де Кенжеғали қария мен Зеріп кей­уананың отбасына жиі келіп, ата-әжелерін көріп тұруды жаны қа­лайды. Ата-әжесі де оларға аса риза. – Осының бәрі де үй-ішіндегі татулық пен сыйластыққа бай­ланысты. 56 жыл жұбайлық өмі­рі­мізде ыдыс-аяқ сылдырламай қал­ған емес. Алайда ешқашан бір-бірімізге өшігіп көргеніміз жоқ. Барынша бір-бірімізді түсінуге ты­рыстық. Отбасылық бақытым да сол, кемпірім Зейнептің қашанда кешірімі басым. Көп ашуланбайды. Өзімнің де қайтымым шап­шаң. Сондықтан шығар, қайтадан тез тіл табысып кетеміз. Міне, тіпті соңғы отыз жылда мүлдем ренжіспеген де сыңайлымыз, – дейді жымиып Кенжеғали қария. Осындай бірлігі мол, бейбіт шаңырақ­та өскен бала қашанда бақытты.

– Отбасында тек бір-екі баламен шектелу дұрыс емес. Жұбайым екеуміз алты бала өсірдік. Еш бей­неті болған жоқ. Ұл-қыздарым өс­кесін, бірін-бірі бақты. Біз ауылда тұрғасын шығар, жұмыс та істе­дік, бала-шағаға да уақыт таптық.  Енді сол отбасылық еңбегіміз­дің қызығын көріп отырмыз. Балаға да, немереге де, онан кейінгі ұр­па­ғы­мызға да дән ризамыз, – дейді  абзал ақсақал.

1996 жылы зейнетке шыққан Қа­натбаевтар отбасы алғашқыда Ақжайық ауылына, ал 2004 жылы Орал қаласына қоныс аударған. Кенжеғали ағаның тағы бір таби­ғи қасиеті – жазуға үйір. Оған бұ­рын­ғы мұғалімдік мамандығының де септігі көп. Кезінде аудандық, облыстық газеттерге талай рет мақала жазған. Көп жылғы өмір тәжірибесін екшеп, қолжазбасын жүйелеп тергеп-тексеріп, «Шежіре – өмір өткелі» атты кітабын да шығарды. «Қасиет» демекші, оның  екі-үш немересі математикаға аса бейім. Сондықтан олар дәл ғылым бойынша ма­мандықты меңгеріп, мерей биігінен көрініп жүр. Оны да  атасы  орын­ды  мақтан  етеді.

– Адам қуанышқа да, өмірге де тоя ма?! Алла бұйыртса, келесі жы­лы сексенге толсам деймін. Ме­ніңше, адамның денсаулығының басым бөлігі өзінің қолында ғой. Бау-бақшаны айтпағанда, ара-арасында жаяу жүргенді жаным сүйе­ді. Әсіресе, қыс күндерінде. Әри­не, қар күреу де денсаулыққа өте пай­далы. Немере-жиенге де соны айтамын. Ал жүйкеге жағымсыз әсер ететін телесериалды ұнат­пай­мын. Теледидардан қарай­ты­ным – тек жаңалықтар. Сосын ана тілімізде берілетін концерт­терді қараймын. Ең бастысы – өзім мен отбасым аман, ел тыныш, со­ған қуаныш­ты­мын. Лайым, келешекте де Ота­нымыз аман болсын! – деді сөз соңында асқар таудай әке,  ардақ­ты ата  Кенжеғали  қария.

Серік   ИХСАНҒАЛИ,

«Орал  өңірі»


Қазақ хандығының 550 жылдық салтанаты

Күні: , 900 рет оқылды

da52f3eba36529744d8b01118cec048d


Кеше Елордадағы Тәуелсіздік сарайында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен Қазақ хандығының 550 жылдық мерейтойына арналған салтанатты жиын өтті. Шараға Әзірбайжан Президенті Ильхам Әлиев, Қырғыз Президенті Алмазбек Атамбаев, Түркия  Парламентінің төрағасы Исмет Йылмаз  бастаған көптеген мәртебелі меймандар қатысты. Салтанатты жиында ҚР Президенті Н. Ә. Назарбаев сөз сөйледі.


Құрметті  ханымдар  мен  мырзалар!

Мәртебелі  меймандар!

Қазақ хандығының 550 жылдығына жи­налған барша қауымды бүгінгі торқалы  тоймен шын жүректен құттықтаймын!

Бүкіл әлемді дағдарыс жайлап, дамыған елдердің өздері үлкен экономикалық күй­зе­ліске ұшыраған мынау алмағайып заманда алыс-жақын ағайынның басын қосып, Қазақ хандығының 550 жылдық ұлан-асыр тойын өткізудің өзінің ерекше себептері бар. Бү­гінгі той, ең алдымен, батыр бабаларымыз­дың биік рухына тағзым ету және тағдыр­дың сан алуан қиындықтарынан сүрінбей өткен ата тарихынан тағылым алу үшін өт­кізіліп отыр.

Кеңес одағы заманында Қазақстан мектептерінде оқушылар «КСРО тарихы» атты ортақ оқулықтан білім алды. Сондықтан жас ұрпақ ата тарихынан мүлде алшақтап қалды. Оның үстіне, Қазақ хандығының шаңырағын көтеріп, айбынын асырған ұлы хандарымыз бен даңқты батырларымыз­дың есімдері біртіндеп ел жадынан өшіріле бастады. Өз ішімізден шыққан оларды жамандағыштар құрметке бөленді. Елімізде ханның не батырдың ескерткіші тұр­мақ, олардың атында білім мен мәдениет нысандары, керек десеңіз, жалғыз-жарым көше де болған жоқ. Қазақ хандарының аты атала қалған жағдайда оларға үстем тап өкілі ретінде келеңсіз баға беріліп, қисынсыз айып тағылды. Бұл туралы ақын Ғафу Қайырбеков кезінде: «Басқаның пат­шасының бәрі жақсы. Неліктен біздің хандар жаман болған?» деп ашына жазған болатын. Ұлт жадының тамырына балта ша­буға арналған осындай сұрқай саясаттың небәрі ширек ғасыр бұрын орын алғанына сенудің өзі қиын. Бірақ кеңес заманының ащы шындығы дәл осындай болатын.

Тәуелсіздік қазақ халқының өшкенін жандырып, өлгенін тірілтті. Алматы мен Астанада, облыс орталықтары мен ірі ел­ді мекендерде Керей мен Жәнібек, Абы­лай мен Әбілқайыр сияқты әйгілі хандарымыз­дың, Қабанбай, Бөгенбай, Наурызбай ба­тырлардың еңселі ескерткіштері бой көтеріп, олардың есімдері елді мекендерге, жоғары оқу орындары мен мектептерге берілді. Бабалардың ерлік пен күреске толы өнеге­лі өмір жолдары жайлы том-том ғылыми еңбектер мен әдеби шығармалар жазылды. Тәуелсіздікпен бірге оралып, ұрпағы­на ұлан-ғайыр қоныс қалдырған батыр бабаларымыздың биік рухы қазақтардың, әсіресе, жаңа буынның арасында аса зор патриоттық өрлеу туғызып, ұлт тарихына деген мақтаныш сезімін ұялатты.

Қазақ Жұбан ақын айтқандай, «мың өліп, мың  тірілген» халық.  Бірлігі жарасқанда даң­қы асып, билікке таласқанда, берекесі қаш­қан. Баршаға белгілі, байырғы бабала­рымыз бөрілі байрақ ұстап, Байкалдан Балқанға дейінгі алқапты еркін жайлаған. Көгімізде желбіреген алтын күн астында қыраны қалықтаған туымыз – мемлекет­ті­гіміздің үзіл­мей жалғасып жатқандығының айғағы.

Қазақ хандығы бұдан бес жарым ғасыр бұрын ғана шаңырақ көтерсе де, Еуразияның ұлы даласында ор­наған арғы дәуірдегі сақ, ғұн, үй­сін мемлекеттерінің, бергі заман­дағы Ұлы түрік қағандығы, Дешті Қыпшақ пен Алтын Орда мем­ле­кеттерінің заңды мұрагері болды. Арғы дәуірлерге бармай-ақ, таза түркілік заманымызға зер са­лар болсақ, әйгілі Рим импе­рия­сы құлап, Еуропадағы осы күн­гі мемлекеттердің нобайы да әлі қалыптаса қоймаған, ал Қытайда үш патшалық пен алуан әулет өз­ара қырқысып жатқан VI ғасырда – 552 жылы Алтайда Ұлы түрік қа­ғанаты атты қуатты, күшті мемлекет дүниеге келді. Ол небәрі жар­ты ғасыр ішінде Алтай мен Кавказ арасындағы алып далада жекедара билік жүргізді. Дәуірлеп тұр­ған кезінде Византия мен Иран­нан, Қытайдың екі патшалығы­нан алым алған ер түріктің берекесі кетіп, өз ішінде билікке талас бас­тағанда, әуелі батыс және шығыс болып ажырап, кейін оғыз, қар­лұқ, қыпшақ болып бөлініп, жауларына жем болды.

Сегізінші ғасырда тасқа қа­шал­ған Күлтегін жазуында: «Алдау менарбауға арандаған түрік халқы бірлігінен айырылды. Табғаштарға қайсар ұлдары құл, көрікті қыз­дары күң болды», – деп жазылған. Қай заманда болмасын, барлық жеңістеріміздің бастауы береке-бірлік екенін жас ұрпақ ешқа­шан ұмытпай, өткеннен сабақ алуы үшін Күлтегін жазуының көшірмесін жа­сатып, Л. Гумилев атындағы Еу­разия университетінің атриумы­на қойғыздым.

Бүгінгі тәуелсіз түркі мемле­кеттері – Түркия, Қазақстан, Өзбек­стан, Әзірбайжан, Түрікменстан мен Қырғызстан және дүниенің әр түкпіріне тарыдай шашылған жалпы саны 200 миллионнан аса­тын 30-дан астам түркітілдес ұлт­тар мен ұлыстардың ұлы бабасы ер түрік аталарымыз болатын. «Түрік» сөзінің бір мағынасын әй­гілі түрколог академик А. Н. Коно­нов «берік», яғни «бірігу», «бірлік» сөзінен шығарады.  Ендеше, түр­кі халықтары жаратылысында әрдайым бірге, береке-бірлікте болу үшін жаратылған. Бабаларымыз да бізге осыны мирас еткен.

Бірлік – біздің барлық жеңісте­рі­міздің алтын қайнары, ел қор­ғағанда күш-қуат берер асқақ ай­бары. Осыны әрдайым жадымыз­­да ұстауымыз керек. Жаһандану за­манында тағдыр талайымен бө­лініп кеткен, тілі, ділі, діні мен тегі бір түрік халықтары ХХІ ғасырда ынтымақ жарастыруы қажет. Сөй­тіп, саясатта, экономикада, ғылым мен технологияда өзара ық­пал­дастық пен байланыстарды кү­шейте беруіміз керек. Ата тарих бізді  осыған  шақырады.

Бүгінгі той – ең алдымен, Қа­зақ хандығының 550 жылдық то­йы. Атақты Мұхаммед Хайдар Ду­латидің деректері бойынша, 1465 жылы Қозыбасы тауының етегінде тарихи оқиға болды. Бұл – біздің елдігіміздің тамыры тереңде жат­қанын танытатын аса маңызды та­рихи дерек. Керей мен Жәнібек хандар Әбілқайыр ұлысынан бө­лініп, Шу мен Таластың арасында Қазақ хандығының шаңырағын кө­­­терді. Алты Алаш анттасып, айы­рылмасқа сөз байласып, Ұлытау­ға таңбаларын қашап жазды. Осылайша, тарих сахнасына Қазақ де­ген халық шығып, ұлан-ғайыр өл­ке Қазақ жері деп атала бастады. Одан соң қасқа жолды Қасым хан хандықтың іргесін бекітіп, кере­гесін керді. Хақназар хан шека­расын Еділдің бойына дейін ке­ңейтсе, Тәуекел хан Түркістан өл­кесін түгелдей Қазақ хандығына қаратты. Еңсегей бойлы ер Есім ел­дің іргесін бекіту жолындағы күресте қолбасшылығымен таны­мал болды. Салқам Жәңгір хан Ор­бұлақ түбіндегі шайқаста жоң­ғарларға ойсырата соққы берсе, Әз Тәуке «Жеті Жарғыны» енгізді.

Қазақ хандығы кезеңі – ат жалында күн кешкен алаш жұрты­ның қаһармандық дәуірі. Ел билеген хандардың өмірі майдан шебінде өтті. Қазақтың алғашқы он төрт ханының жетеуі жорық жолында қаза тапты.    Осынау ұлы бабалардың биік рухына барлық ұрпақ айрықша құрметпен бас иіп, ризашылығын білдіреді.  Олардың ұлтқа сіңірген ұшан-теңіз еңбегі әрдайым ел есінде сақталады. Қа­зақтардың талай буыны қой үсті­не бозторғай жұмыртқалаған ма­мыражай заман орнатқан хан ре­тінде қадірлейтін Әз Тәуке билік­тен кеткен соң халқымыздың бе­реке-бірлігі әлсіреп, жүзге және руға  бөлінушілік  белең  алды.

Орталық Азиядағы аса қуатты әскери мемлекет саналатын Қазақ хандығының осы осалдығын оң­тайлы пайдаланған жоңғарлар тұт­қиылдан соғыс ашып, ел тарихы­на «Ақтабан шұбырынды, Алқа­көл сұлама» деген атпен енген тра­гедияға ұшыратты. Дәл осы тұста тарих сахнасына қол бастаған Қа­банбай, Бөгенбай, Наурызбай, Ма­лайсары сияқты батырлар, сөз бас­таған Төле, Қазыбек, Әйтекедей дуалы ауыз билер, ел бастаған Абылай, Әбілқайырдай хандар шық­ты. Бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, береке-бірлігі асқан қазақ қолы 1730 жылы Аңы­рақай түбінде жоңғарларға күй­ре­те соқ­қы беріп, атақонысын жау­дан біржолата  азат  етті.

Қаз дауысты Қазыбек би:

«Біз қазақ деген мал баққан елміз,

Ешкімге соқтықпай жай жатқан елміз,

Елімізден құт-береке  қашпасын деп,

Жеріміздің шетін жау баспасын деп,

Найзаға үкі таққан елміз.

Ешбір дұшпан басынбаған елміз,

Басымыздан сөз  асырмаған елміз.

Достықты сақтай білген елміз,

Дәм-тұзды ақтай білген елміз», – деген  екен.

Бірліктің қадірін біліп, білекке білек қосқанда атамекенді жау­дан азат етті. Алайда ағайынның араздығы, ынтымақтың аздығынан көп ұзамай хандық жойылды. Данышпан Абай айтқандай, «Бас-ба­сына би болған өңкей қиқым»  елдің сиқын кетірді. Сол кезде бү­кіл дүние жүзін жайлаған, «бөліп ал да, билей бер» атты отаршыл­дыққа негізделген сұрқия саясат Қазақ елін біржолата Ресей пат­ша­лығының отарына айналдырды. Бұдан кейінгі Қазан төңкерісінен, Азамат соғысынан, халқымыз­дың тең жартысын жалмаған отыз екін­­ші жылғы ашаршылықтан ер-азаматқа да, елге де сын болған Ұлы Отан соғысынан қазақ қан­шама қансырап шықса да, азаттық аңсаған өршіл рухы мен ұлттық келбетін жоғалтқан емес.

Ел арасында айтылатын тәмсіл бар. Абылай хан: «Үш арманым бар еді. Біріншісі, елімді бейбіт өмірге жеткізсем деп едім, қан көп төгілді. Екіншісі, халқым қала, кент сала алмады. Үшіншісі, елдің басын біріктіре алмадым», – де­ген екен. Абылайдың асыл ар­мандары тәуелсіздік тұсында тү­гелдей орындалды. Қазақстан­ның қай түкпіріне барсақ та, қала­ла­рымыз бен ауылдарымыз жарқы­рап, жайнап тұр. Даламыз жай­қал­ған егінге толып, еліміз жасыл баққа айналды. Алтын күн шуағын шашқан көк байрағымыздың ас­тын­да қазақ қана емес, 130 ұлт­тың өкілдері береке-бірлікпен та­ту-тәтті өмір сүруде. Мен бұдан бұрынырақ «Қазақ тарихында біз ұялатын ештеңе жоқ» деген едім. Бүгін сол сөзімнің жалғасы ретінде: «Бізге бабалар тұлпарлары­ның тұяғымен жазылған ата тари­хы­ның әр парағы ерекше қымбат. Қазақтардың бүгінгі және бола­шақ буыны оны әрдайым орын­ды мақтан ететін болады» дегім келеді.

Тек өткен тарихымен ғана мақ­танатын елдің болашағы бұлың­ғыр. Әр буын өкілдері ата-баба даң­қына даңқ қосып, абыройын арттырып, бүкіл дүние жүзі алдын­да беделін биіктете білген ел­дің ғана болашағы жарқын, мерейі үстем болады. Осы тұрғыдан кел­генде тәуелсіз Қазақстанның бүгінгі буыны бабалар аманатына адалдық танытып, еліміздің абы­рой-беделін бұрын-соңды бол­ма­ған биікке көтерді деп айта аламыз.

Ең алдымен, бабаларымыз егемен еліміз тәуелсіздік алғанда еншімізде ұлан-байтақ жер қалды. Бірақ әлемдегі тоғызыншы терри­тория саналатын қазақ даласы ешбір халықаралық құжатпен рә­сім­делмей, ашық-шашық жатқан еді. Біз осы бір аса күрделі әрі шетін мәселені сәтімен шешіп, Ре­сей мен Қытай бастаған барлық көршілерімізбен арадағы жалпы ұзындығы 14 мың шақырымнан асатын шекарамызды халықара­лық құжаттармен рәсімдеп, бола­шақ ұрпақтың алаңсыз болуы үшін біржолата әрі мәңгілікке ше­ген­дедік.

Екіншіден, бізге мұраға қалған атақонысымыз жылдар бойы хал­қымызға қасірет әкелген ажалпо­лигондары  мен жаппай қырыпжоюға арналған ядролық оқтұм­сықтарға толы болды. Біз соның бәрінен елімізді де, жерімізді де азат етіп, әлемдік ядролық қару­сыздану көшін бастадық. Ақыл мен парасаттың кез келген қарудан қуат­тырақ болатынын дәлелдеп, жаһандық қауіпсіздікке зор үле­сімізді қостық.

Үшіншіден, екі жарым ғасыр патшалық Ресей мен 70 жылдан астам Кеңес одағы құрамында бол­ғанда қазақ халқы өз жерінде отырып-ақ азшылыққа, ал Қа­зақстан өз еркінен тыс 130 ұлт пен ұлыстың мекеніне айналды. Әлем тарихына көз тігер болсақ, соғыс атаулы не жер дауы, не ұлт артық­шылығы, не дін үстемдігі үшін болатынын байқау қиын емес. Біз елі­мізді мекендеген сан алуан ұлт пен ұлыс, дін өкілдерін көк ту­дың астына жиып, ел тынышты­ғын, береке-бірлігін сақтадық. Бі­рік­кен Ұлттар Ұйымы әлемдегі талай мемлекетке үлгі-өнеге ретін­де ұсынған Қазақстан халқы Ассам­блеясын құрып, бес рет қатарынан Әлемдік және дәстүрлі дін­­дер көшбасшыларының съезде­­рін зор табыспен өткіздік. Ба­ба­ларымыз мирас еткен «Кең бол­саң – кем  болмайсың» деген қа­ғиданы басшылыққа ала отырып, әлі талай биіктерге жетеріміз анық.

Төртіншіден, біз іргемізді бе­кітіп, бірлігімізді бекемдеген соң әлем­дегі ең дамыған елдердің тәжірибесін зерттеп, дамудың өзі­міз жасаған жаңа моделі – «Қазақ­стандық жолды» ұсындық. Даму­дың ең жарқын болашағын ай­қындаған «Қазақстан – 2050» стра­тегиясын түздік. Дәл осы құжат­тың негізінде алға қойған мақсат­тарымызды рет-ретімен жүзеге асы­рып, қуатты да табысты мемлекет орнаттық. Соның нәтиже­сін­де экономикамыз аз ғана жылда ешқашан, ешкімде болмаған қарқынмен алға басты. 2014 жылы еліміздің Жалпы ішкі өнімі 1993 жылғы көрсеткіштен 19 есеге кө­бейді. Ол жан басына шаққанда 696 доллардан 13 мың долларға, яғни 18 есеге артты. 1993-2013 жыл­­дар аралығында 200 мил­лиард доллардан астам тікелей шетел инвестициясын тарттық. Елдің әл-ауқатын барынша жақсартып, өр­кениетті елдердің деңгейіне жеткіздік.

Бесіншіден, бабалар мирас еткен жеріміз қаншалықты кең болса да, бізде ұлы мұхитқа шығатын жол болған емес. Темір жол атау­лы Қазақстанның байлығын тасу үшін тек солтүстікке қарай салынды. Тәуелсіздік жылдары біз жал­пы ұзындығы 2500 шақырымдық темір жол салып, еліміздің бар­лық облыстарын бір-бірімен жал­ғастырдық. Нәтижесінде Қазақ­стан­ның болат жолдары Қытай ар­қылы Тынық мұхитқа, түрікмен жері, Парсы шығанағы арқылы Үнді мұхитына, Ресей арқылы Ба­тыс Еуропаға, одан әрі Атлант мұ­хитына жететін болды. Бұған қо­сымша «Батыс Қытай – Батыс Еуропа» еуразиялық автомагистралы да пайдалануға берілді. Ал, «Нұр­лы жол» бағдарламасымен еліміз­де жаңа 7 мың километрден астам автокөлік жолы салынып, бар­лық өңірлермен байланыс екі есеге жақын болады. ХХІ ғасырдың на­ғыз  Жібек  жолы  деп осыны айтуымыз керек.

Алтыншыдан, қазақты өзге ұлт­тан даралайтын – оның тілі менмәдениеті, руханияты. Еліміз еге­мендігін алғаннан кейін  жағдай­дың қиындығына қарамастан тағ­дырдың жазуымен дүниенің төртбұрышына тарыдай шашылып кет­кен миллионнан астам қандаста­ры­мызды атамекенге қайтарып алып келдік. Бабалар тарихына қа­тысты дүние жүзінің архивте­рінде шаң басқан тарихи құжат­­тар­ды алдырып, том-том кітаптар мен оқулықтар шығарып, ата тарихтың ақиқатын түгендедік. Тә­уелсіздік жылдарында 1300-ге жуық мектеп, 1250-ге жуық ден­саулық сақтау нысанын, тағы 4 мың­нан астам балабақша салдық. Халықтың орташа өмір ұзақтығы 72 жасқа жетті.

Азаттықтың алғашқы жылдарында «Болашақ» бағдарламасын әзірлеп, он мыңнан астам талантты жастарымызды шет елдердің ең беделді университеттерінде оқыт­тық. Қазір «Болашақ» түлек­те­рі басқару ісіне араласып, өзде­рі ел болашағына қызмет істеу­де. Кемелімізге келген соң еліміз­дегі барша орта білім ошақта­рына үлгі болсын деп,  республика­мыз­дың әрбір өңірінде дүние жүзін­дегі ең биік талаптарға сай «Зият­керлік мектептерді» аштық. Ал  күл­­лі жоғарғы білім ордалары биыл алғашқы түлектерін ұшы­рып, әлемдік деңгейде танылып үл­герген «Назарбаев университетіне» қарап бой түзейді.

«Мәдени мұра» бағдарламасы бойынша ата-бабамыздың асыл мұ­­расын жинақтаған соң әлемдегі ең жаңашыл өнер ордалары саналатын Бейбітшілік пен келісім сарайы, Орталық концерт залы, Астана опера және балет театры, Ұлттық музей ғимараттарын салып, ұлт мәдениетінің әлемдік өр­­кениет биігінде дамуы үшін бар­лық жағдайды жасадық. Мұндай мәдениет ошақтары еліміздің әр өңірінде бой көтерді.

Жас ұрпақтың жаны сұлу, дені сау болуымен қатар күш-қайраты мол болуы үшін зәулім спорт сарайларын тұрғызып, қысқы Азиа­да ойындарын зор табыспен өт­кіздік. Лондон олимпиадасында ұлы жеңіске ие болдық, отандық спортшылар жарқын жетістіктерімен ел мерейін өсірді.

Жетіншіден, іргесі берік үй­дің шаңырағы шайқалмайды. Жақын­да ғана біз Ата Заңымыздың 20 жылдығын атап өттік. Біздің Конституциямыз ұлттық заңнама жү­йесіне берік іргетас болып қалан­ды. Заң шығарушы, атқарушы би­­лік пен тәуелсіз сот жүйесінің негізін құрды. Қазақстан Парламен­ті ең жоғары өкілетті орган ре­тінде өз міндетін абыройымен ат­қаруда.

Сегізіншіден, бабалар даңқына мақтанумен шектелмей, үздіксіз алға жылжыған ел ғана озады. Осы­дан ширек ғасыр бұрын ғана әлем картасында болмаған Қазақ­стан дүние жүзінің 56 елінің басын қосатын Еуропа қауіпсіздік пенынтымақтастық ұйымына, 57 мем­лекетті біріктіретін Ислам ынты­мақтастық ұйымына абыроймен төрағалық етіп, ұлтымыздың рухын көтеріп, жұртымыздың ең­сесін биіктеттік. Қазақстан алып құрлықтағы ең түйінді мәселе­лер­ді шешетін 30-ға жуық мемлекет­тің басын қосып, Азиядағы өзара ық­палдастық және сенім шаралары кеңесін құрып, оны әлемдегі беделді ұйымдардың қатарына қос­ты. Әлемдегі ең ықпалды халық­аралық ұйымдардың біріне ай­налған Шанхай Ынтымақтастығы Ұйымын құрудың басты баста­ма­шыларының бірі болып, бірнеше рет биік деңгейдегі саммит өткіздік.

Біздің бабаларымыз – ғұндар да, түріктер де, қыпшақтар да өт­кен замандарда Еуразиядай алып материктің басты интеграторы болған. Олар Ұлы даладағы алуан тайпалардың басын талай мәрте қосып, берекесі қашқан кезде санрет жауларына жем болған. Біз де 20 жылдан астам уақыт бойы Еуразиялық Одақ құру туралы бас­таманы табандылықпен ілгері жыл­жытып, оны бүгінде бес мем­лекеттің басын қосатын пост­кеңес­тік елдер ішіндегі ең үлкенэкономикалық ұйымға айналдыр­дық.

Тоғызыншыдан, Астананың тө­рін­де тұрып, бүгінде бар қазақ­тың ортақ мақтанышына айнал­ған елордамыз туралы айтпау мүм­кін емес. Астанамыз – жа­һан­ға танылған жұртымыздың жар­қы­раған жақұты, Азаттығымыз­дың алтын қыраны! Елорданы салу тә­уелсіз Қазақстанның өте күрделі мақсат қойып, оны табандылық­пен орындай алатынын күллі әлем­­ге айқын дәлелдеп берді. Бас қа­ламыз қазақтың абыройын асырып, мерейін тасытты. Досты сү­йіндіріп, дұшпанның мысын басатын еңселі елордаға айналды. Астанамен бірге қалың қазақтың да даңқы артты. Еліміздің әр өңі­ріндегі басқа қалалар мен елді-мекендер де Елордаға қарап бой түзеп, жарқырай бастады. Бүгінгі торқалы тойымыз өтіп жатқан Тә­уелсіздік сарайы және Спорт ке­шені де осындай еңселі ғи­ма­рат­тардың бірі болмақ.

Оныншыдан, бәсекеге қа­білетті елу елдің қата­рынан берік орын алып, әлемдегі үздік отыздықтың қата­рына кіруді басты стратегия­лық мақсат етіп қойдық. Алда Астанада әлемдегі ғылым мен тех­никаның, өнеркәсіптің, жаңа­лық атаулының жетістіктерін насихат­тайтын ЕХРО-2017 көрмесін өт­кізу міндеті тұр. Қазір адамзат қоғамы жаңа индустриялық революцияның қарсаңында тұр. Оған Қазақстанның экономикасы мен өнеркәсібі дайын болуы үшін біз «Үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасын» әзір­леп, жүзеге асырудамыз. Дү-ниежүзілік сауда ұйымына кірдік. Баршаға бірдей кәсіби, осы за­ман­­ғы мемлекетіміз одан әрі та­­бысты болуы үшін бес институ­ционалдық реформа жүргізуді қол­­ға алдық. Тиісті мемлекеттік органдар оны рет-ретімен жүзе­ге асыруға кірісіп те кетті. Бұл реформа бізді жаңа биіктерге бастайды.

«Егемен болмай ел болмас» дегендей, біз азаттық жылдарын­да шын мәнінде ұлы жолдан өт­тік. Тәуелсіздік кезеңі – біз үшін ғасырлар жүгін арқалаған ғала­мат кезең. Кезінде Керей мен Жә­ні­бекке ілесіп шыққан халықтың ұзын саны 200 мың шамасында екен. Бүгінгі күні сол қазақтың қатары жер жүзінде 15 миллионнан асып жығылды. Ал егер қазақ өткен ғасырдың ашаршылығы­на ұшырамаса, өткен соғыста қы­рылмаса қанша болар еді?

Қазақтың өз ішіндегі береке-бір­лігі күшті болуы керек. Даныш­пан Абайдың: «Біріңді, қазақ, бірің дос, Көрмесең істің бәрі бос», – деген өсиетін әрдайым естен шығармайық, ардақты ағайын. Алда қандай сын-қатерлер күтіп тұрса да, бірлігіміздің арқасында біздің болашағымыз бүгінгіден де жар­қын деп кәміл сеніммен айта аламын.

Бәріміздің киелі атамекеніміз бар, ол – қазақтың Ұлы Даласы. Сол далада бабалардың ізгі ама­натын орындау жолында біз құр­ған қасиетті Отанымыз бар. Ол – Тәуелсіз Қазақстан. Тәуелсіздік – біздің маңдайға басқан бағымыз, мәңгі сақтауға тиіс аманатымыз. Қа­­сиетті Отанымызда қандай қиын­дықты да қайыспай қарсы алуға лайық өршіл рухты, азат ойлы, жасампаз халық бар. Ол – ержүрек қазақ халқы. Сол қаһарман ха­лықтың алға қойған ізгі мұраты бар. Ол – Ұлы Дала төсінде өзі құрған мемлекетті Мәңгілік Ел жасау. Ендеше, әрқашан еліміз аман, бауырымыз бүтін болсын. Сіздер мен біздер құрған Тәуел­сіз Қа­зақстанымыз Мәңгілік Елге айналсын! Ұлы мақсаттарға жету жолында бізге батыр бабалардың  аруағы  жар  болсын!

Қымбатты қазақстандықтар!

2 мың жылдан астам тарихы бар ежелгі Таразда бір айдан ке­йін Қазақ хандығының 550 жыл­дығына арналған монумент сал­танатты түрде ашылатын бола­ды. Біз өзіміздің қасиетті жеріміз­дің тарихы бірнеше мыңдаған жылдарға кететінін есте сақтай отырып, өз бабаларымыздың ес­теліктері мен істеріне тиісті ба­ға береміз. Ол Еуразияның өткен жә­не қазіргі өркениетінің өсіп-өркендеуінде өзінің айрықша ою-өрнегімен шебер өрілген. Хро­нос­тың көзге көрінбейтін арқауы біз­ді Қытайдың мыңжылдық тари­хы­мен және қазіргі кезімен, Таяу жә­не Орта Шығыс, Азия құрлы­ғының басқа да бөліктерінің өтке­німен және бүгінімен байланыстыра­ды. Тілдік және мәдени байланыстар мириадасы арқылы біз өз бауырларымызбен – бүгінде Мұзды мұ­хит жағалауларынан Жерорта те­ңізіне дейінгі жерді мекендейтін түркі халықтарымен байланысамыз. Ұлы Түркі Елі – ол біздің ор­тақ бабаларымыз бен батырла­рымыз, ортақ рухани байлықта­­ры­мыз бар ортақ арғы Отаны­мыз. Ол біздің бірлескен ұлы мұ­рамыз.

Біздің Ресей халықтарымен, бі­рінші кезекте, орыс халқымен жүз­деген жылдарға созылатын бір­лес­кен тарихи жолымыз бар. Тә­уелсіздік жылдары ішінде біз Еу­ропалық одақ, Америка, Ислам әле­мі елдерімен тарихымыздың бірлескен парақтарына ие бол­дық. Олар жаңа заман уақыты­ның көптеген халықаралық оқи­ға­ла­ры, оның ішінде, біздің елімізде бол­ған оқиғалар туралы баяндайды. Қазақстан әрқашан да өз көршілерімен арадағы достықты және сенімді көздің қарашығын­дай сақтап, одан әрі дамыта бе­ре­ді, әлемнің бүкіл елдерімен ізгі­лікті қарым-қатынастар орната­ды.

ХХІ ғасырда да біздің жаһан­дық дамуға қосар үлесіміздің тек қана арта беретініне және әлем­нің оны лайықты бағалайтынына сенімім мол. Біздің жеріміздің жү­ріп өткен және алда тұрған тари­хи жолын ой елегінен өткізе отырып, бізге Қазақстанның жаһан­дық қоғамдастықта танымал­ды­ғы мен мәшһүрлігін кеңейе түсе­тіндей етудің маңызы зор. Әлемде қандай да бір халықтың өз мем­ле­кетінің ресми атауымен бірге ай­рықша бейформальді ұғымды пайдаланатын мысалдары көп. Біз­дің қасиетті жерімізді ежелден Ұлы Дала, ал біздерді – Ұлы Дала ұрпағы деп атады. Оны сонау ерте замандардан бері туған жерге деген халықтық махаббат­ты домбыраның, қобыз бен же­ті­геннің жүректі арбайтын әуені­не айналдыра отырып ақындар жырға қосты.

Біз бабаларымызда ешқашан бол­маған адам айтқысыз жаңа мүмкіндіктер мен перспектива­лар бар жаңа Қазақстанды құруда­мыз. Біздің көптеген мыңжылдық тарихы бар жеріміз көз алдымыз­да өзгеруде. Қазіргі заманғы Қа­зақстанның әр ауылы мен қала­сында болып жатқан өзгерістер­ге көк аспан куә. Дала көгіндегі Күн біздің ізгі істерімізге нұрын шашуда. Аспан мен Күн – біздің Туымыздың түсі.

ХХІ ғасырда далалық Еуразия­ның құшақ жетпес кеңістігі қай­та­дан түлеп, өркендеуде. Біз өз Та­рихымыздың жаңа Шамшыра­ғын жақтық. Сондықтан да бүгін­де және әр кезде де біздің Қазақ­стан – ол Ұлы Дала Елі! Ол – тү­леген Ұлы Дала Елі. Біздің сүйікті Отанымыздың халықтық аты да дәл осы. Ол біздің Отанымыз­дың өткенін де, қазіргісін де, болаша­ғын да бейнелейді. Онда қазақ­стан­дық мінез бен оның негізгі сипаттары көрініс тапқан. Олар – біздің жан-дүниеміздің ашықты­ғы мен кеңдігі, біздің жүректе­рі­міздің жылуы, қонақжайлылық пен бейбітсүйгіштік, кемеңгер­лік пен ойшылдық, еңбексүйгіштік пен іскерлік. Ол – сүйікті жеріміз­дің осы уақытқа дейін болмаған өркендеуіне қол жеткізудегі өзі­міздің күшіміз бен мүмкіндікте­рі­мізге деген сенім. Мен біздің жа­ңа Қазақстанның осындай бей­не­сінің әрбір қазақстандықтың ой-санасы мен жан-дүниесінен орын табатынына, бүкіл әлемде мо­йын­далатынына  сенімдімін.

Тағы да қайталап айтайын, біз­дің қасиетті жерімізді ықылым за­мандардан Ұлы Дала деп, ал бабаларымызды Ұлы Даланың ұрпақ­тары деп атаған. Біз – солардың жалғасымыз, Ұлы Даланың мұра­гер­леріміз. Осынау кең байтақ Ұлы Даланың көгінде халқымыздың бақ жұлдызы болып Жаңа Қа­зақ­стан дүниеге келді. Біздің Қазақ­станымыз – ұлы істердің ұйытқы­сы болған Ұлы Дала Елі! Бұл – біздің тағдырымыз! Бұл – біздің таңдауымыз! Мәңгілік Елімізде бей­бітшілік пен береке болсын! Халқымыз  аман  болсын!

(«Ақ орда» сайтынан)

Асанәлі  ӘШІМОВ,

актер,  Қазақстанның  халық  әртісі:

– Бүгін – ұлтымыз үшін үлкен мереке. Қазақ хан­дығының 550 жылдық мерейтойын атап өтудеміз. Тойдың да тойы бар. Бірақ бұл біздің ел болып, ең­семізді көтеріп, кеудемізді керіп, өзге жұртпен те­реземіздің теңескенін айғақтайтын айтулы мейрам. Бұл, әсіресе, біз секілді шығармашылық адамдарына айрықша әсер етеді. Елді ертеңге ілгері қадам басты­ру үшін біздің шабытпен жұмыс істеуімізге көмек­те­седі. Бүгін Қазақ мемлекетінің іргетасын қала­ған хандары­мызды, батырларымызды еске алдық,  солар­дың аруағы­на сы­йындық. Осындай ұлы күні ұлтымызға да Алла тағала  ұлылықты сауап етсін.

Амангелді   АЙТАЛЫ,

қоғам  қайраткері,  ғалым  (Ақтөбе):

– Кеңес одағы тұсында қазақ халқы жетім бала секілді әркімнің айтқанымен жүріп, әркімнің айда­ғанына көніп, сорлы хал кешкені барлығыңызға белгілі. Бізді арғы-бергі тарихы жоқ, ата-тегі беймәлім бір халық ретінде қарастырып келді. Тәуелсіздік алған­- нан кейін ғана біз өзімізді өзіміз танып жатырмыз. Жалпы, ұлттың өзін өзі тануы өте күрделі процесс. Қандай хан, батыр болса да, оның жақсы және осал тұ­сы болады. Осыны тарихи тұрғыдан салқын ақыл­мен, пайым-парасатпен танып  білу, түсіну – басты мақсатымыз. Бірікпей, бытыраңқы жүрген кезімізден сабақ алып, ұлт  ретінде  бірлігіміз­дің  бекемдене  түсуіне  мұндай  мереке  аса  қажет-ақ.

Надежда  ЛУШНИКОВА,

айтыс  ақыны, ҚР  еңбек  сіңірген  мәдениет  қызметкері:

– Хандарды, батыры мен ақынын тірілтіп, өшкенді жандырып, қазақтың мемлекеті болғандығын жеті дүниеге паш еткен ұлан-ғайыр мереке бұл! Бұл той­ға келген де арманда, келмеген де арманда. Бүгінгі біздің Елбасымыз Қазақстанды өте қиын кезеңдер­- ден аман алып шығып, баба аманатына адалдығын та­нытты. Оған да бас иеміз. Ынтымақ-бірлікке, ұла­­ғат­ты тірлікке  шақырған  көшелі  тойларымыз  көп  болсын.

Жайсаң  АҚБАЙ,

белгілі  өлкетанушы (Орал):

– Бұл – ұлтымызға үлкен рух беретін, мән-маңызы жағынан теңдессіз  оқиға. Біздің ұлттығымыздың, елдігіміздің, халық ретінде қалыптасуымыздың дә­лелі. Қазақтың тамыры тереңде. Сол тарихын терең­ге тартқан қазақтың бүгін таңда мәңгілік елге бет бұруына да сол өткен күндердің қосқан үлесі мол. Біз осы айтулы мейрамға Ақ Жайық өңірінің, Жа­йық жұртының ыстық сәлемін алып келдік. Ұрпағына осындай ұлан-байтақ жер қалдырған, бетегелі бел қал­дырған  ата-бабаларымыздың  аруағына  тебірене  тұрып  бас  иеміз.

Дайындаған Тоқтар ҒАБДІРЕШҰЛЫ,

«Орал өңірі»


Кешкі мектепте мәселе көп…

Күні: , 892 рет оқылды

IMG_8644


Облыс әкімдігінің шағын мәжіліс залында кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі облыстық комиссияның отырысы өтті.


Кеңеске облыс әкімінің орынбасары Бақтияр Мәкен төрағалық етті.

— Кәмелетке толмағандардың іс­­тері жөніндегі комиссия оты­рысы­ның күн тәртібінде үш мәселе тұр. Біріншісі  жасөспірімдердің, соның ішінде девиантты мінез-құлықты кәмелетке толмағандардың және әлеуметтік қауіпті және қиын өмір­лік жағдайдағы отбасында тұрып жатқан, ішкі істер органдарында есепте тұрған балалардың жазғы демалысын және еңбегін ұйым­дас­тыру мәселесі болса, екіншісі – жас­өспірімдердің  бос уақытын тиімді пайдалану үшін спорт мектептерін­де үйірмелер құру және мектеп оқушыларының оқуға дайындығы, — деді Бақтияр Мәкен.

— Жаз мезгіліндегі мектеп оқу­шы­ларының бос уақытын ұйымдасты­ру мақсатындағы лагерьлерге 76 мың оқушы қатысты. Оған жалпы нобайы 310,4 млн. теңге бөлінді.

Облыс бойынша 19 стационар­лық лагерь жұмыс жасап, оларда 7 мыңнан астам оқушы демал­ды. Мектеп жанындағы тамақтануы ұйымдастырылған 352 лагерь мен  тамақтануы ұйымдастырылмаған 195 бағдарлы алаңдарда 54 мың­нан астам, 27 шатырлы лагерьде 4 мыңнан астам оқушы демалыс­пен қамтылды.

Сондай-ақ жетім және ата-ана­сы­ның қамқорлығынсыз қалған, табысы аз  және көп балалы отба­сы­ның балалары, сонымен қатар даму мүмкіндігі шектеулі оқушы­лар мен девиантты мінез-құлықты балалар­ды жазғы демалыспен қам­ту да назардан түскен емес. Да­му мүмкіндігі шектеулі оқушылар және мүгедек-балалар үшін облыс­тық «Дарын» қосымша білім беру ор­та­лығы және Ақжайық, Жәнібек жә­не Қаратөбе аудандарының ау­дан­дық лагерьлерінің базасында ауысымдар ұйымдастырылды.

Сонымен қатар шілде айының бірінші жартысында әлеуметтік кө­мекті қажет ететін және оқуда, шы­ғармашылықта, спортта жетіс­тіктер­ге жеткен 40 оқушы, яғни аз қам­тылған отбасынан 20 оқушы және жетім, ата-анасының қамқор­лы­ғын­­сыз қалған 20 бала Италия­дағы Чезенатико лагерінде демалды.

Оқушыларға шығармашы­лық­пен айналысу үшін 161 үйірме мен 17 аула клубтары ұйымдастырыл­ды. Оларда жалпылама айтқан­да, бес мыңға жуық оқушы шығарма­шылықпен айналысты. Ал экскурсиялар және экспедицияларға 7 мыңнан астам оқушы қатысса, оқу­шылардың еңбекпен қамтылуын ұйымдастыру үшін 70 өндірістік бригада, 386 көгалдандыру мен абаттандыру бригадалары, 2 мек­теп орманшылығы, 3 еңбек және демалыс лагерьлері ұйымдасты­рылды. Мұнда 24 мыңнан астам оқушы еңбекпен қамтылды.

Мектепішілік бақылауда есепте тұрған және қолайсыз отбасы оқу­шылардың 100%-ы жазғы демалыс­пен қамтылды, — деді облыстық бі­лім басқармасының бөлім басшы­сы Луара Батырғалиева.

Сондай-ақ кеңесте облыстық де­не шынықтыру және спорт бас­қар­масының басшысы Азамат Бе­кет мектеп оқушыларының, соның ішінде ата-анасының  қамқорлығын­сыз қалған және девиантты мінез-құ­лықты балалардың спорттық үйір­мелермен қамтылуы туралы мәлі­метін былайша жеткізді.

— Облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы салауатты өмір салтын қалыптастыру мақса­тында ауқымды шараларды жүзеге асырып келеді. Жастардың бойы­на Отанға, елге деген сүйіспенші­лігін оятуда спорттың алар орны ерекше. Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы халқымыздың орташа өмір сүру жасын 80-ге дейін ұзар­ту үшін өз денсаулықтары үшін жа­уапкершілік жүктеп, барша қа­зақ­стандықтарға жаппай спортпен шұғылдануға үн­деу жариялаған еді. Қазіргі уақытта облысымызда салауатты өмір салтын насихаттап, спортпен жүйелі шұ­ғылданатын 15549 адам бар. Олар бекітілген кестеге сай оқу-жаттығу жұмысы­на қатысып, еліміздің өр­кендеуіне үлес қосуда. Облысымыз­да 50-ден астам спорт түрлері дамытылуда. Ал облыс аумағында 24 балалар мен жасөспірімдердің спорт үйір­мелері, ұйымдары бар. Осы орай­да ата-анасының қамқорлығынсыз қалған не девиантты мі­нез-құлық­ты балалар тізімге алы­нып, тұрғы­лықты мекенжайы бо­йын­ша спорт­тық үйірмелерге тартылды, – деді Азамат Бекет.

Кәмелетке толмаған жасөс­пі­­рім­дерге қатысты заңнама бойынша мектеп жасындағы балалар түн­гі уақытта үйден тыс көңіл көтеру орындарында болса, ата-аналары жауапқа тартылады. Сондай-ақ қыл­мыстық саясатты ізгілендіру мақ­сатында ұрлық, тонау, бопса­лау әре­кетін жасағаны үшін қыл­мыстық жа­уапкершілік жасы 14-тен 16 жасқа ауыстырылған болатын.

Сондай-ақ комиссия отырысы барысында кешкі мектептер мә­селесі қозғалды.

— Кешкі мектептерде оқитын 15-18 жас аралығындағы жасөс­пірімдердің дені девиантты мінез-құлықты. Аталмыш мектептерде санитарлық-эпидемиологиялық жағ­­дай да, өрт қауіпсіздік ереже­лері де сақталмаған. Айта кетсек, қалалық №3 емхана маңында ор­наласқан кешкі мектеп меди­ци­налық мекемеге тіркелмеген. Бұл кешкі мектептің оқушылары жүйе­лі түрде медициналық тексерістен өтпейді. Сондай-ақ прокуратура­лық тексеріс барысында жасөспі­рім қыздардың дені жүкті екені анықталды, — деді прокуратура өкі­лі Алмагүл Исмағұлова. Бұл тол­ғаулы мәселе төңірегінде облыс әкімінің орынбасары Бақтияр Мә­кен Орал қаласының әкімінің орын­басары Марс Сатыбалдиевке комиссия құрып, шешімін табуды тапсырды.

Гүлсезім БИЯШЕВА,

«Орал өңірі»


Жауапкершілікті күшейтіп, жұмысты ширату керек

Күні: , 823 рет оқылды

DSC_0166


Ақжайық ауданының орталығы – Чапаевта Батыс Қазақстан облысы бойынша ана мен сәбидің және қан айналымы жүйелері дертінен адамдардың өлімін төмендету үшін шұғыл шараларды алу жөніндегі өңірлік штабтың көшпелі отырысы өтті.


Облыс әкімінің орынбасары, штаб төрағасы Бақ­тияр Мәкен жүргізген отырысқа облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы, штаб төрағасының орын­басары Қа­мидолла Ирменов, Ақжайық, Қаз­талов, Бөкей ордасы, Жаңақала, Жәнібек аудандарының әкімдері Әділ Жоламанов, Нұрлан Бекқа­йы­ров, Нұрлан Рахымжанов, Лавр Хайретдинов және Мұрат Мұқаев, облыстық, аудандық тиісті сала басшылары, Ақжайық ауданы ауыл­дық округ­терінің әкімдері, ауыл­дық дәрі­герлік амбулатория мең­герушіле­рі қатысты.

Басқосуда 2015 жылдың жеті айында әлеуметтік елеулі аурулар бойынша ведомствоаралық өзара іс-қимыл шаралары туралы облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары НұржамалЖұмағұлова, БҚО аудандары деңгейінде бала жә­не нәресте өлім-жітімі жөніндегі индикаторларға қол жеткізудің ба­рысы туралы аталған басқарма­ның бас маманы Клара Бекматова, Жәнібек аудандық орталық ауруханасы үлгісінде ауылдық жерде мамандарды бекіту бойынша тә­жірибе алмасу туралы Жәнібек ауданының әкімі Мұрат Мұқаев баяндама жасады.

Алдыңғы екі баяндама бойынша саладағы істің сан қыры айтылды. Жоспарланған іс-шараларды жүзеге асырудың нәтижесінде соңғы 10 жылда өмір сүрудің ұзақтығын 4 жылға ұлғайту көр­сеткішіне қол жеткізіліп, өлім-жі­тімнің жалпы коэффиценті 15%-ға төмендеген. Өлім-жітім көрсеткі­ші аумақтардың әлеуметтік, демогра­фиялық және медициналық әл-ауқатының негізгі индикаторла­рына жатады. Соңғы 5 жыл ішінде «Саламатты Қазақстан» мемлекет­тік бағдарламасын іске асыру шең­берінде медсанитарлық алғашқы көмекті дамытуға басымдық бе­рілген денсаулық сақтаудың Бі­р­ыңғай ұлттық жүйесі енгізілуде. Осыған орай кешенді жанбасылық норматив, амбулаторлық-емха­на­лық көмекті қаржыландыру арт­тырылуда.

Медициналық көмек көрсету сапасын жақсарту мақсатында об­лыстық денсаулық сақтау бас­қар­масы медициналық ұйымдарды кадрлармен қамтамасыз ету  үшін еліміздің медициналық жоғары оқу орындарымен меморандум жа­сады. Аудан әкімдерімен бірлесіп жүргізілген жұмыстың арқа­сында ауылды дәрігерлермен қам­тамасыз ету ұлғайған.

Жылдың 7 айының қорытын­дысына қарасақ, облыс бойынша жалпы өлім-жітімді, нәресте мен бала өлім-жітімін, қан айналым жүйесі ауруларынан, онкология­лық аурулардан болатын өлім-жі­тімді, жазатайым жағдайлар мен суицидті азайту бойынша ведом­ствоаралық жұмыстың жеткіліксіздігі байқалады. Айталық, өлімнің 17%-ы тыныс ағзалары кеселдерінен, 14%-ы ас қорыту ағзалары кеселдерінен, 12%-ы онкологиялық дерттерден, 9,2%-ы жарақаттану мен уланудан.

Еңбекке жарамды жандардың өлімі Бөкей ордасы, Жаңақала, Қазталов және Ақжайық ауданында жоғары болып отыр.

Тұрғындардың ауру-сырқаудың алғашқы белгілері жайында тү­сі­нігі жоққа тән, қан айналымы жүйесінің нышандары туралы білмейтіндер жетіп жатыр.

Бүгінгі таңда 2016 жылға дейінгі онкологиялық қызметті дамыту бағдарламасы жүзеге асырылуда, асқазан, бауыр мен қуық асты безінің, тік ішектің, сүт бездері, жатыр мойны обырын ер­те анықтау бойынша скринингтік бағдарламалар жүзеге асырылуда. Облыс бойынша онкоскринингке тексерілуге жатқандардың барлығы – 95310, қамтылғаны – 81800, обырдың 78 жағдайы анық­талды. Сауықтыру және паллиативтік көмек бөлімшелері ашыл­ды, 7 айда 564 науқас көмек алды.

Ақжайық ауданы әкімінің орын­басары Меңзипа Жұматова сала­дағы игі өзгерістерді тілге тиек етті. Ауданда саламатты өмір салты кабинеті және дәрігерлік амбулаторияда 9 денсаулық мектебі жұ­мыс атқарады. 2013 жылдан «Теме­кіге қарсы орталық», «Артериялық гипертензия», «Қант диабеті», «Демікпе», «Жас аналар», «Отбасын жоспарлау», «Қауіп-қатер фактор­ларымен күрес», «Қариялар мектебі», «Дені сау бала» кабинеттері, «Босануға даярлау мектебі» жұ­мыстануда.

Жаңақала ауданының әкімі Лавр Хайретдинов «Саламатты  Қа­зақстан» мемлекеттік бағдар­ла­ма­сына сәйкес азаматтардың ден­сау­лығын нығайту және ел­дің әлеу­меттік-демографиялық даму­ын қам­тамасыз ету мақсатын­дағы істерді саралады.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Қ. Ирменов сала бойынша жыл сайын бюджет қаржысынан халықтың денсаулығын көтеру бағытында елеулі қамқорлықпен қатар, көрер көзге кемшіліктердің де аз емесін баяндады. Ерте диагностикалық байқаулар жүргізу, сырқаттар­ды І, ІІ сатыда анықтау, бруцеллез, туберкулез сырқаттарымен күрес тиісті деңгейде болу керек. Жыл сайын өзіне-өзі қол салу жиі кездесіп отыр. Мұның ішінде мектеп оқушылары да бар. Осы жайға ауылда болсын, қалада болсын, алдын алу пәрменді жүргізілмей келеді.

Көшпелі отырысты облыс әкімі­нің орынбасары, штаб төрағасы Бақтияр Мәкен қорытындылады.

– Біз бүгінгі қаралып отырған мәселелер ең өзекті екенін бі­ле­міз. Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев өзінің жыл сайынғы Жолдауларында, «100 нақты қадам» Ұлт жоспарында бұл бағытта әр кез өткір пікірлерін білдіріп келеді. Ең бірінші кезекте балалардың, жасөспірімдердің, ұрпақты болу жасындағы әйелдердің және ег­де жастағы адамдардың денсау­лығын нығайту қажет. 7 айдың қо­рытындысы ведомствоаралық жұ­мыстың жеткіліксіздігін көрсетті. Демек, жауапкершілік күшейтілуі тиіс, – деді ол.

Б. Мәкен Ақжайық ауданы әкі­мінің орынбасары Меңзипа Жұ­ма­товаға көп жылғы жемісті қыз­меті үшін облыстық денсау­лық сақ­тау басқармасының алғыс­хатын табыс етті.

Тілес ЖАЗЫҚБАЙ,

Ақжайық ауданы

Суретті түсірген Таңатар СӘРСЕНҒАЛИ


БҚО, Орал қаласы, Мұхит көшесі, 57/1
zhaik_presscenter@mail.ru
oral_oniri@inbox.ru
support@oraloniri.kz

Орал өңірі" газетінің бас редакторы: 51-25-80
Бас редактордың орынбасарлары: 24-17-08, 54-18-08
Жауапты хатшы: 54-38-22
Тілшілер: 50-66-88, 51-50-34
Жарнама бөлімі: 51-51-09
Яндекс.Метрика