Мұрағат: 10.09.2015


Ардагерлерге жанашыр «Асар»

Күні: , 781 рет оқылды

IMG_8536


Республикалық  «Асар» акциясының аясында облыстық Қазақстан халқы ассамблеясы мен Әлеуметтік бастамалар және қоғамдық келісім мекемесінің ұйымдастыруымен қаламыздағы жалғызбасты соғыс ардагерлеріне көмек көрсетілуде.


Ұйымдастырушылар алғаш­қы­лардың бірі болып со­ғыс ардагері Татьяна Туминаның отбасына келді. Ол 1923 жылы Ресейде дүниеге келіп, фельд­шер-акушерлік мамандығын ал­ған. 1942 жылы алғы шепке фельд­шер ретінде майданға алынған. Соғыс жылдары Австрия жеріне дейін жеткен. Соғыстан кейін лей­тенант Те­рентий Пахомовичпен бас қосып, Орал қаласына тұ­рақтайды. Бүгін­де кеудесі орден-медальға толы 92 жастан асқан кейуананың ден­саулығы күтімді аса қажет етеді.

Сондай-ақ қала тұрғыны, мерейлі 90 жасқа аяқ басқан соғыс ардагері Михаил Карташовтың да денсаулығы қиын жағдайда. Ол 1943 жылы әскер қатарына алынып, 52-армияның 1322 танкіге қарсы жойғыш артиллериялық пол­кінде соғыс аяқталғанша әс­кери қызметін өткерген. Екі мәрте «Қызыл жұлдыз» орденінің иегері. Соғыстан аман-есен оралып, ел­де түрлі салада қызметтер атқар­ған.

Ардагерлердің хал-жағдайымен танысуға облыстық Қазақстан хал­қы ассамблеясы төрағасының орынбасары Ғ. Қапақов арнайы келді. Ардагерлердің денсаулықтарын сұрап, тілектеріне құлақ асты. Қажет болған жағдайда барынша көмек көрсетілетінін жеткізді. Кездесу соңында Ғайса Хамидол­лаұлы қос ардагерімізге бейбіт күнді жақындатқаны үшін облыс тұрғын­дары атынан алғысын білдіріп, ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің атынан жіберілген қан қысымын өлшейтін танометрлерді сыйға тартты. Сонымен қатар ардагерлердің сұраулары бойынша кір жуғыш машина мен төсек-орын жабдықтары, қажетті дәрі-дәрмектер де тарту етілді.

Ал ардагерлер өздерін ұмыт қалдырмай, қолұшын созып жүр­­ген барлық азаматтарға алғыста­рын білдіріп, елде тек ырыс-ынтымақ, береке-бірлік болуын тіледі.

Ләззат ШАҒАТАЙ


Аман бол, Арлан!

Күні: , 189 рет оқылды

Wolf howling at the moon


Әңгіме

Жалғыздық Жаратқан­ға ғана жарасатынын бұл да жақсы біледі. «У ішсең, руыңмен» һәм «Көппен көрген ұлы той» дегендей, бұның да бұқарадан яки үйірінен бөлінгі­сі келмеген. Бірақ бүгінгінің бөрісі де бұзылып болған. Әйтпесе бір сап, бір қаптан шыға тұрып, талға­жау қылуға ғана жарар өлімтік­-тің тамтығы үшін бірі-бірімен қы­рық­    пышақ болар ма еді. Демек, «Қасқыр да қас қылмайды жолдасына» деген қазақы қағиданың әбден күні өтіп, адыра қалғаны ғой. Бәлкім бұл да ақырзаманның бір белгісі шығар.


…Жас қаншықтың бұл алғаш­қы күшіктеуі еді. Үш-төрт күннен бері нәр сызбаған аштықтан ба, жоқ әлде соңғы жортуылда ізіне түсіп, иттерін қосып, соңы­нан әл­сін-әлсін тарс-тұрс мылтық атып, әбден зәрезап қылып, зәре­сін алған екі аяқтылардың қуғын-сүр­гіні жүйкесіне зілмауыр сал­мақ түсіргендіктен бе, әйтеуір, тұң­ғыш толғағы тым ауыр. Абырой бол­ғанда, аштық бір, толғақ екі қы­сып, бұратылып жатқанда арлан мұның алдына әкеліп, еліктің жас шы­бышының төшкесін тастай сал­ды. Қаншама өзі қиналып жатса да, көзінде өмірдің нұры біржола өшкен өлі жемтігіне ол аяныш­пен қарап үлгерді: «Тесік тамақ үшін жан-жануарға бірін-бірі аң­дытып қойған жаратылыс-ай…». Ізгі ойын одан әрі жалғастыруға оның әл-дәрмені жетпей, жаны шығып кеткен алдындағы жемтігіне ауыз салып, азу басты. Қан-сөлі әлі бойында жас еліктің еті керім дәмді екен. Аштық пен толғақ қатар қинап, шайнаңдап-малжаңдауға төзім-тағаты жетпеген қаншық қасқыр өзі сияқты еліктің жас аналығының жылы-жұмсақ жерінен бір-екі қарпып-қарпып асай жұтты да, одан әріге шамасы жетпей оң жамбастап жата кетті. Жарық дүниеге көрі­нер уақыты таянған құрсағындағы бөлтіріктерінің қимыл-қозғалысы сәт сайын күшейіп, мұның жанын көзіне көрсетіп барады. «Ана атану қандай азапты да ауыр еді…».

Бізге бүгін кейіпкер болар жал­­ғыз қасқыр сол жолы жас қан­шықтың жа­тыры арқылы жарық дүниеге жол тартқан төрт бөлті­ріктің бірі еді. Әрине, тұқым-тегі бөрі бол­ған­дықтан, ол қасқыр тірліктің қыр-сырына құйттайынан қанық­ты. Мұның ойынша, үйірде­гі ие­рархиялық құрылымға негіздел­ген темірдей тәртіптің де өзін-өзі ақтамайтын кезі баршылық. Бірде әке-арлан бұларға болар-болмас жемтік алып келді. Тура­сын айтқанда, тоқты деуге жарап қал­ған марқа қозының дал-дұлы шыққан өлексесі. Онсыз да титімдей нәпақаны бұлар төртеуі төрт жаққа тартқылап, итін шығарды. Айналып келгенде, үшеуі қарын шұ­рылын басып, жүрек жалға­ған­дай болғанымен, араларындағы жалғыз қарындастарына түк тимей, оның аштан өлер түрі бар. Осыны өз көзімен көріп тұрып, жа­ны шыдамаған бұл қазанбас һәм қомағай бауырының алдындағы жаңағы жемтіктің соңғы жұқана­сын қарындасына алып бермек ниетпен бас салды. Екеуі бірі-біріне дес бермей, біраз ырылдасты. Шамасы осы жағдай жортуылдан жөнді ештеңе ілікпей, жүйкесі жұ­қарып әрі діңкесі құрып, әбден шаршап келген арланның жынына тисе керек, ол «Пәленің бәрін бастаған сен!» дегендей бұған кө­зін алартып, тісін басты. Әуелкі­де бұл «Мен өлексенің жұрнағы­на өзім үшін емес, қарындасым үшін таластым ғой» деген оймен кө­семге қараған, ал арлан болса, «Табиғи сұрыпталудың қатал заңы бойынша қасқыр үйірінде өз жемін тек өзі табуға қаршадайы­нан қабілетті ғана тірі қалуы тиіс!» деген ұстанымын өктем қабағы­мен ұқтырды.

Өзі үшін жанашыр ағасына ар­ланның азуы батып, қаһарына іліккенін көрген қарындасы мұ­ның жарасын жаламақ ниетпен бұған жақындай бергенде, оны көкжал-көсемнің ызалы ырылы тежеді. Осы оқиғадан кейін мұның бі­­рінші кезекке тек өз құлқынын қоятын қасқыр үйірінен бірте-бірте көңілі қалып, іш жия бастады. Бірақ ірі жемтіктеріне ортақ шабуыл ұйымдастырғанда қажыр-қайратын іркіп қалған кезі жоқ. Мұның қимыл-қозғалысы қашанда алымды да шалымды. Жас бөрі­нің қатарынан мойны озықтығын, әрине, арлан да байқады. Бірақ күні ілгері көсемдіктен кімнің ай­ы­рылығысы бар дейсіз. Сол себепті ол мұның тең құрбысының алды екендігін көре тұра көр­мегенсіді. Ал бұл болса, бауырын бірте-бірте жазар жүйріктей жортуылға шыққан сайын түлеп, еті жыртылып, дене-тұрқы іріленгендігіне қоса, түгел тарамыстанып, шоқ­ты­ғы биіктеп, сіңірлері серіппедей ширығып қана қоймай, аң аулар, жем қағар әдіс-тәсілі де жетілген үстіне жетіле түсті.

…Бұл тоғыз айлығынан бастап реті келсе жалғыз шабатынды шығарды. Әрине, қабырғасы қат­паған, бұғанасы бекімеген жас бөріге әлгіндей жортуылдар оңайға түскен жоқ. Талай мәрте ажалдың аранынан әрең аман қалды. Бірақ осы жырынды тір­лік­тің бәрі түз тағысы ретіндегі мұ­ның тәжірибесін молайтып, жас батырдан хас батырға айналуы­на үлкен сеп болды. Әлгіндей жор­туылдардың бірінде ой мен қыр­дың сұр жендеттерін көбіне-көп бөрібасар, қасқыр алар апай­төс иттеріне иек артып аулайтын аңшыға тап болды.

Үшбу аңшының үш иті де иісшіл-ақ екен. Таң алдын­дағы олжалы жорықтан бұл тоғын басып, сырт көзден әб­ден таса жерде маужырап жатқан­ды, шамасы қатты шаршаса керек, қалғып кетіпті. Иттердің бір-біріне дем берер үр­ген даусы жақындай келіп үдей түскенде, орнынан ытырыла қаш­ты. Төбеттердің бұған ең таяп қал­ғаны бірінші болып мұ­ның соңынан түсті. Қалған екеуі де де­реу әлгінің соңынан ілесті. Ат үстіндегі екі аяқты иелері болса, бұларға айқай-қиқуымен қайрат беруге тырысып бағуда. Бірақ мінген аты шабан ба немесе біржола болдырған ба, жоқ әлде басқалай себебі бар ма, әйтеуір, әп дегеннен кейін қала берді. Бұл болса, алдыңғы төбетті әбден құйрық тістес шамаға келгенде жалма-жан жалт бұрылып, алмастай өткір тістерімен алқымынан алды да, бейшараның кеңірдегін қолқа-молқасымен бір демде суырып алды. Өзі бір күш-қуаты толыспа­ған, әйтеуір, иесінің айтағына бо­ла, алға түсіп шаба жөнелген алаң­­­ғасар, албырт бозөкпе болып шықты. Бұған қарсыласпақ түгілі, жөндеп қыңсылауға да шамасы келмей, төрт аяғы көктен келіп, серейді де қалды. Содан кейін келе жатқаны мына сұмдықты көріп айылын жиып, арынын басса, төбеттердің соңғысы керісінше, қарқынына қарқын қосты. Төрт аяқты қуғыншыны оған дем берер екі аяқты қожасынан біржола алыстатпақ ниетпен жас бөрі де аяқ алысын үдетті. «Маған да керегі осы еді!» дегендей, соңындағы қуғыншы онан сайын өршелене түсті. Түз тағысы көз қиығымен-ақ бағамдап үлгерді, мынаның алдыңғы екеуінен сойы бөлек. Біраз бұлталаққа салып, әбден ұзап, сырт көзден тасаланғаннан кейін баяулай түсіп, ізіне түскенді тосып алып, майдан ашты. Олар біріне-бірін таянғаннан-ақ ұмар-жұмар алыса кетті. Бірде тоқ, бірде аш түз тағысындай емес, ішкені алдында, ішпегені артында асырандың бабында екен. Оның үстіне жас шамасы да күш-қуаты кемел кезең болса керек, әйтеуір, үшбу төбетіңнің көкжалдың өзіне оңайлықпен алдырар түрі көрін­бейді. Екеуі көздерінен от шаша ырылдасып, тырнасып, тістесіп біраз жерге барды. Алайда асыранды төбетің Құдайдың құтты күні жортуылға шығып, бауырын жаза шауып, тыныс алысы үнемі жүйелі түздің тағысы емес қой, біраз аңдыса, арпалыса алысқан соң алқынып, ырсылдай бастады. Бұған да керегі осы еді, әлгінің тілі салақтап, тыныс алуы ауырлап, әл-дәрмені құрып, қалжы­рай бастағанын пайдаланып, жас бө­рің ақ азуын алқымға салып, кеу­десімен итере қарсыласын шал­қалата жығып, алдыңғы сол аяғымен иттің көкірегінен басып, ілгергі оң аяғының қайқы қы­лыш­тай қайқиған сояудай тырнақ­та­рымен төбеттің терісінің ең жұқа тұсы – шабына қадап, тайыншадай неменің аталық енін қанын саулата орып түсті. «Иттің иесі болса, бөрінің Тәңірі бар, ал бәлем!» Бәлкім бұл ауыр жарадан мынау итің әупірімдеп тірі қалар, бірақ еркек ретінде енді мұның шаруа­сы біржола бітті! Тап осы алыпсоқ апайтөс төбеттен енді ұрпақ өр­біп, тұқым көбеймейді. Демек, біз­дің бөріге қазіргі қасқыр атаулыға қоса, олардың алдағы үрім-бұтағы да алғыс айтуы тиіс! Бұл жас бөрі­нің алғашқы ерен ерлігі еді. Дегенмен қасқыр тірліктің өзі өне бойы ерліктен тұрмайды. Жырт­қыш екеш жыртқышқа да ара-тұра екі аяқ­тылардың жан түршігер­лік әрекеттерінен жан сауғалауға ту­ра келеді. Мәселенки, былтырғы қары қалың қаңтарда орман-ойдымнан өңештен әрі өтер ештеңе ілікпей бұл қырға шығып кеткен-ді. Сөйтіп, қырдағы шағын малды ауылдың негізгі лектің соңын ала суатқа саяқ келген екі-үш баспақ-торпағының біреуін жарып, жылы-жұмсаққа тұмсығын енді малып дәндей бастағанда мұның тікұшақпен аңға шыққан әумесерлердің назарына ілікпесі бар ма?! Әйтеуір, абырой болған­да олай қашып, бұлай жалтарып әуеден атылған бірде-бір оқты өзіне дарытпай бақты. Бәрібір әл­гі есерсоқтар қыр соңынан қалар болмады. Сонан бұл малды ауылға тартылған электр желісінің тура астымен қашуға көшті де, жаңағы аңшысымақтардың электр сымына маңайлай алмай дымы құры­ды. Шамасы, штурвалда отырғаны әлі өз-өзіне сенімсіз жас ұшқыш болса керек. Әйтеуір, маневрі мар­дымсыз. Сөйте тұра олар жөн­деріне кетер емес. Тікұшақ тас төбесінен тажалдай төне гүрілдеп қыр соңынан қалмай ерді де отырды. Бұл болса сымның астынан шықпай қашты. Шауып келе жатып айнала қарап қояды, бой тасалар дәнеңе жоқ, мидай жазық дала. Жағдай осылай жалғаса бер­се, мұның болдырып тынары шүбәсіз. Не істеген жөн? Кенет, түз тағысы оқыс шешімге бел буды. Келесі бағаннан сәл ұзай бере, дереу келген ізімен кері қайтты да, электр бағанының астыңғы тасбетон бөлігінің бойымен тіп-тік тұ­ра қалды. Төбесін бағанның ағаш бөлігі қалқалаған бөрі осылайша әп сәтте аңшылардың көз алдынан жоғалды. Бұған дейін «Бұл пәлені әбден болдырғасын оп-оңай атып аламыз» деген ойға түбегейлі табан тіреген тікұшақтағылар иек астындағы сәттілік үшін уытты ішімдіктен үсті-үстіне тартып та жіберген болатын. Енді келіп жазық далада құдды жер жұтқандай ая­қасты көзден ғайып болған қас­қырды таппай аң-таң.

Тікұшақ ұшарда орнынан тік көтеріле ұшып, ал қонарда әуеде қалқып тұрған қалпында жерге дік қона береді. Есесіне ол кілт бұрылуға ебедейсіз. Біраз жерді айнала бұрылып, электр желісінің бойымен ерсілі-қарсылы екі-үш қайтара ұшып өткенімен, тікұшақ­та­ғылар бағанның тасбетон тұғы­рын алдыңғы екі аяғын тік соза қарманып, артқы екі аяғына тік тұрып бой тасалаған мұны аңғара қоймады. Аңшылыққа арақ ара­лас­қаннан кейін қайдағы қырағы­­лық, оның үстіне бұл кезде қыстың қысқа күні де еңкейіп, ымырт үйіріліп, көз байлана бастаған-ды. Ақыры қанжығаларын қандау­дан біржола күдер үзген аңшысы­мақ­тар қаланы бетке алуға мәжбүр болды…

Әлгіндей жан алыс, жан беріс жорықтардың бі­рінде бұл өзіне серік тапты. Ол да өз үйірі көсе­мі­нің әміріне бас-көз жоқ бағынудан бас тартқан өзі сияқты өр кеуде көкшулан екен. Көп ұзамай бірі-біріне арқа сүйеп, атой салғанда екеуіне қарсы келер бұл маңда түз тағысы қалмады. Иә, бұла күш­тері тұла бойларын кернеген қос жас бөрі үстемдікте­рін бекітіп, бастапқыда төңірекке түгел майдан салды. Бертін келе ешкім қар­сы келмейтіндіктен, екі достың іші пыса бастады. Сон­дықтан да олар бұл маңды жәйіне қалдырып, қоныс аударуға ұйға­р­ды. Ұлан-ғайыр даланың жазығын да, орманды алабын да, өзен-көлін де һәм шөлін де армансыз кезіп, екеуі тоқтаусыз ұза-а-а-ақ жорт­ты. Жолай бұлар құланды да жайратты, бұланды да жайратты. Сөй­тіп, екеуінің бірі-біріне деген сенімі нығая түсті. Күндердің күнінде азу тісі балғадай екі бөрі қарағай-шыршалы орманды таулы өлкеге ілікті. Бұл өңірдің табиғаты екеуіне де ұнады. Мұндай мәуелі-миуалы жерде бөрі біткенге жем­тікке жарар тұяқтылар аз бол­мауы тиіс. Екеуі осы жерге табан тіреуге келіскендей болған. Енді қалғаны – төңірекпен танысу. Алғаш көрген хайуандары мысық­қа ұқсас, әйткенмен дене-тұрқы одан әлдеқайда ірі, қос құлағы­ның ұшында селтиген бірнеше тал қылшығы бар мақұлық болды. Екеуі әлгіге жақындай бергенде, Алтайдың сілеусіні өзінше пырс етіп, айбат шекті де, оң қап­талындағы қарағайдың біріне өр­мелей жөнелді. Сонан соң екеуі бір сарынды гүрілге құлақ түріп, солай қарай беттеген. Сөйтсе, әудемжердегі ұзын сайдың бойын қуалай тау өзені ағып жатыр екен. Мұнда су ішіп, шөлін басуға біраз хайуан келері анық. Демек, осы жерді иемденген жөн! Олар осы ойға келер-келместен құлақтары­на шақыр-шұқыр дыбыс жетті. Ен­сіз де тайыз өзенді лезде кешіп өтіп, қарсы қабаққа жарыса шығып көз тігіп еді, еңістегі цирктің аренасына ұқсас алаңқайда күйекке түсер күштіні анықтамақ ниетпен сүзісе күш сынасқан екі аталық бұғының тармақ-тармақ мүйіздері бірі-біріне ілініп қалып, екеуі енді соны ажырата алмай әуре екендігін аңғарды. Міне, саған «баспақ түгілі, бас қайғы!» Осы төңірекке табан тірердің алдында ғана бір маралды жәукемдеген бұлар аш емес-ті. Сол себепті бұғыларға шабуылдауға екеуі де құлық танытпай, керісінше олардың әуре-сарсаң тірліктерін қызықтай қарап қалыпты. Әйтеуір, бастарын кезекті бір сілкілескенде мүйіздері ажыратылып, төңірегіне көз тіккен бұғылар қабақта шоқиып отырған қос қандыауызды көре сала, екеуі екі жаққа шүу, қарақұйрық безе жөнелді.

Екі достың су ішпек ниетпен қан­дай аң-құс келетіндігін іздерін иіскеп айыру үшін өзен жағасына қайтып келгені сол еді, ту сырттарынан гүр еткен айлапат зор үн естілді. Екеуі бірдей жаңа ғана келген жақ­тарына жалт қараған. Қара­са, сұмдық-ай! Қарсы алдарында, әрі кетсе таяқ тастамдай жерде артқы екі аяғына тікесінен тік тұ­рып алып, басын ашулы шайқап, алдыңғы екі аяғын долылықпен оңды-солды ебедейсіз ербеңдетіп, Алтайдың алып қоңыр аюы тұр! «Батырға да жан керек» демекші, өмірі мұндай дәуді көрмеген біз­дің бөрінің де әуелкіде жон арқа­сы мұздап, құйқа-шекесі шымырлап қоя берді. Алайда жас та болса, талайды көрген тәжірибелі тарлан емес пе, есін тез жиды: «Мынаның қалайда табанын жалтырату керек! Бұл маң енді тек қана біздікі болуы тиіс!» Осындай табанды ойға берік бекінген көкжалдың, өкінішке орай, серігі аяқасты сыр берді. Бұрынғыдай екеуі бірі-бі­ріне арқа сүйеп, атой салудың орнына серігі «Осы жорықты сен бастап, мына сойқанға тап қылып, тығырыққа тіреген сен!» деген ызалы көзқараспен ол досына қа­рап ырылдап, айбат шеге қалғаны. Ал мұндайды күтпеген мұның түгі түгел көтерілді. Еш ойланып-толғанып жатпастан қиын сәтте, сын сағатта аяқасты сыр берген серігінің мойнынан тап беріп алды да, бір-екі сілкіп-сілкіп, аюға қарай атып жіберді. «Мен сені жүрегінің түгі қалың, табанының бүрі мы­ғым деп жүрсем, барып тұрған су жүрек сүмелек екенсің ғой өзің!» Абырой болғанда, аюдың дәл алдынан біраз қиыс түскен әлгі құйрығын бұтына қысқан қалпы қыңсылай жорғалап, зым-зия жо­ғалды. Аю болса, дене-тұрқы өзі­нен әлдеқайда ықшам бөріден әлгіндей дүлей күш, долы қайрат күтпесе керек. Сескеніп, тайсақтап қалды: «Сыртқы пошымы өзі­мен шамалас серігін тышқақ лақ құрлы көрмей атуына қарағанда мынауың бір өліспей, беріспейтін тажал ғой! Қой, аш құлақтан тыныш құлақ…» Ерік-жігерін үшбу үрей жеңген анау-мынау емес нән аю кері бұрылып, төрт тағандап томпаңдай жөнелді. Осылайша осы айналаның атаманы саналатын аюдың бүгін күтпеген жерден жолы болмай, тіпті аяқасты тағы­нан тайды. Әйтпесе, күйекке тү­су үшін бірін-бірі өлімші етіп мер­тіктіргенше сүзіп-түйгіштеуден тайынбайтын аталық бұғылардың жекпе-жегін «қай жеңілгенің ме­нікі» деп тасада тып-тыныш тамашалап жатыр еді бұл қорбаңбай.

Таулы орманның түйе палуаны – қоңыр аюды ықтырып, жолдан тайдырғанына масайраудың ор­нына, біздің бөрінің іші қан жылады. Жан дегендегі жалғыз сенімді серігі сыр берді, ол қоян жүрек қорқақты иттің етінен бетер жек көріп кетті бұл. Алдыңғы екі аяғын алға созып жіберіп, басын соған сұлқ қойып, кесе-көлденең керіліп, жандүниесі құлазып, іштей күңіреніп ұзақ жатты. Сенімі күйреген сәтте мына әлем-жәлем жәләп әлемнен адам баласы түгі­лі, түз тағысының өзі де түңіледі екен.

«Апырым-ай, адал достық, ай­нымас жолдастық дегеннің жер бетінен біржола жоғалғаны ма? Екеуінің күш-қайраты мен дос­ты­ғы нағыз сыналар сәт осы-дүр. Өйт­кені бұған дейін олардың ол­­жалағаны момын жануарлар ғана еді ғой. Ал аң аулар, жем із­дер аумақты бөлісіп, белгілеу бойынша бұл екеуі өз бауырлары – бө­рілермен ғана күш сынасты. Мүм­кін досы үшін оттан да, оқтан да тайынбас мәрттік сынды ұлық қадір-қасиет тек адамдардың арасында ғана қалған шығар? Жоға-а-а! Олардың арасында да қазір бас пайдасын ғана көздер бақай есеп пен бақалшы саудагерлік белең алып, пыш-пыш өсек пен пасық әрекет етек жайып тұр. Енді не істемек керек?..»

Рас, Алтайдың алып аюын ық­тырғаннан кейін енді бұл маң­да мұны мазалауға ешкімнің жүрегі дауаламасы анық. Алайда жалғыз­дық Жаратқанға ғана жарасқан! Кейде қасқыр бола тұра, өзінің адамзат қоғамына, жалпы адам санасына ғана тән адамгершілікті аңсап, әділдікті көксейтіндігіне қарап, бұл өзі туралы «Мен осы қаршадай бала кезінде қасқырлар ұрлап әкететін Мауглидің тікелей ұрпағы емес пе екенмін?» деген күдік-күмәнге берілетін. Енді сол ойынан өзі біржола жеріп, бір­жо­ла айнып жатқан түрі бар.

«Жоқ, мен көкке қарап ұлып, тек қана жеті қат көктегі Тәңірге ғана табынып, содан ғана мейірім-шуақ, содан ғана шапағат-шарафат күтетін нағыз Көкбөрінің тікелей ұрпағымын!» Аза бойы қаза болып, аруақ шақырып, рухты дүр сілкіндіріп, төңіректі түгел тітіркендіріп, ұзақ ұлыды: -Ау-у-у-у-у-у-у-у! Ау-у-у-у-у-у, ау-у-у-у-у-у-у!..

Қараңғылық қоюлана ақыры ол бір байламға, түпкілікті тоқтамға келді. Енді ол осы өңірден сыңа­рын тауып, ұрпақ өрбітіп, Көкбө­ріге тән қайтпас қайсарлық пен асыл­зада тектіліктің көкжиегін кеңейтуге біржола бел буды.

Ай, дегенмен әзірше жапанда жалғыз жортқан қайсар қасқыр-ау, сенің тағдырыңды түйіндер жалғыз оқ болса, ол сенің қақ маң­дайыңнан емес, қарақұсыңнан ти­ері шүбәсіз. Өйткені сенің жүре­гіңдегі маздаған шоқ пен көзіңдегі жайнаған отқа тірі пенденің қар­сы келуі мүмкін емес. Сол себепті де абай бол, арлан, сенің тағдыр-талайыңа нүкте қояр жалғыз оқ табылса, ол сенің қарсы алдыңнан емес, ту сыртыңнан атылары кә­міл. Иә, адамзат қоғамына, адам баласына адалдықты аңсау, әділ­дікті көксеуге қоса, сатқындық та тән. Сөйте тұра, артқа қарамақ түгілі, жан-жағына жалтақтау, сау­ға сұрап жарамсақтану саған жат екендігі Аллаға аян.

Әйтеуір, аман бол, Арлан! Сен барда ар ояу, намыс тірі, рух ас­қақ!

Бауыржан  ҒҰБАЙДУЛЛИН


Нар жүгін көтерген нәзіктік

Күні: , 92 рет оқылды

IMG_5306


Меңзипа. Бұл есімге қандай да бір анықта­уыш қосуды қажет деп таппадық. Себебі, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иесі, ҚР білім беру ісінің, әлеумет­тік еңбек саласының үздігі, І республикалық әйел­дер фору­мының делегаты, БҚО іскер әйелдер клубы­ның мүшесі, жиырма жылға жуық табан аудармастан Ақжайық ауданы әкімінің орынбаса­ры қызметін атқарып келе жатқан Меңзипа Жұма­тованы Орал өңірінде білмейтіндер кемде-кем деп  санадық.


Кіндік қаны Жалпақтал же­рінде тамса да, тағ­дыр Меңзипа Дүйсенбай­қы­зы­на саналы ғұмырын тап Жайық жағасында жалғастыруды жазып­ты. «Первомай» (қазіргі Қабыршақ­ты ауылдық округінің орталы­ғы) мектеп-интернатын 1974 жылы тә­мамдаған жауқазын қыз сол жы­лы-ақ еңбек жолын бастап кеткен екен. Оралдың пединститутында (ол кезде А. Пушкин атындағы) оқыған жылдарын қоса есепте­генде, Жұматованың еңбек жыл­намасы қырық жылдан асып жы­ғылады. Осынша уақыт абырой биігінде қалып, халқына адал қызмет ету – тек тәрбиелі, ата дәстүрден ажырамай өскен ұл-қыздардың ғана қолынан келсе керек! Меңзипа анасының аузынан шыққан әр лебізін ақыл деп, өмір жолында жолыққан жақсы жандардың аталы сөзін нақыл депқабылдап, өз ортасында өнеге­лі қыз атанып өсті. Бүгінгі биігіне жетуі – соның бір айғағы. «Мар­құм анам айтушы еді», «Ұстазым Байғабыл аға былай деуші еді», –дейтін мақалға бергісіз мәнді сөз­дерді басшылыққа ала сөйлейтін ол даналық әліппесін дәстүрден іздейтін елжанды басшылар сойынан.

Адамзатқа біткен қаскөй қа­сиет­тердің бірі – көреалмаушы­лық. Бүгінде, шүкір, Елбасымыз­дың сара саясатының арқасында халқымыздың қанына сіңген кә­сіп – мал шаруашылығы өркендеп келеді. Жаңа байларымыз кө­бе­-­йіп, өрісіміз малға толып жатыр. Жанына жалқаулық жағатын кейбір жерлестеріміз «байлар» жайлы ғайбат сөз айтса, Меңзипа арашаға түсе кетеді. «Анам марқұм айту­шы еді: «Көршің кілем алса – қуан, балам, бір шетіне өзің де отыра­­сың ғой»,  деп. Жігіттер, біреудің барын қызғанғанша, өзіміз де ел игілігін арттыруға атсалысайық», деп сабырға шақырып, ақылға жең­­­діреді. Бүгінде аяулы әжеге ай­налған құрбымыздың асыл қа­сиет­терін айтуға асығып, алға асып кетіппіз. Бағана балауса қыз «Первомайдағы» мектеп-интерна­тын түгесіп, пединституттың та­балдырығын аттап еді ғой…

Институтты да абыройлы аяқ­тап, Алғабас орта мектебіне кел­ген жас маман интернат тәрбие­шісі болып жұмысты бастап, 4 жыл­дан соң сол интернаттың мең­ге­рушісіне айналды. Апиқаш ана­сы­ның адал тәрбиесі Меңзипаны жүз­деген баланың анасына айналдырды. Сол жылдардың тәжіри­бе­сі кейін аудан әкімінің орынба­сары қызметінде талай қадеге ас­ты.

Өз ісін құлшыныспен адал ат­қарған интернат меңгерушісі 1986 жылы мектеп директорының оқу ісі жөніндегі орынбасарлығына жо­­ғарылады. Осы лауазымда ба­қандай 10 жыл жұмыс жасады. Бұл жылдар да жеміссіз өткен жоқ. Арманы алға сүйреген алғыр қыз тынымсыз еңбек етті. «Завуч» бол­­ған жылдары ұстаз Жұма­това­­ның іс-тәжірибесі Шымкентте өт­кен мұғалімдердің республика­лық педагогикалық оқуларында таратылғаны бар. Өткен заман да – өзіміздікі, ол – біздің ғұмы­ры­мыздың бөлшегі. Сондықтан оны өмірімізден сызып тастай алмай­мыз. Сол кездері Меңзипа Дүй­сен­байқызы мектеп партия ұйымы­ның хатшысы болып та қызмет атқарған. КСРО Білім министрлі­гі­нің мақтау грамотасы да ол кез­де кез келгенге берілмейтін. Ау­дан­дық кеңестің бірнеше сайлан­ған депутаты болған ауыл мұғалі­мі 1996 жылдың 14 наурызы күні Ақжайық ауданы әкімінің орынбасары қызметіне тағайындалды. Сол күннен бүгінге дейін осы бір абыройлы да ауыр жүкті жиырма жылға жуық арқалап келеді. Ол айтуға ғана оңай. Бүгінде облыс аудандары әкімдерінің жас орынбасарлары бір жұмысты бастарда, «Егер Меңзипа Дүйсенбайқы­зы болса, не істер еді?» деп ойлап алатын болса керек. Ақыл сұра­сып, хабарласып жатады екен. Ал  ақыл дегенің Мәкеңде «ағыл-тегіл». Тәжірибесі мен көмегін еш­кім­нен аямайды. Мұны жас бас­шы­лардың өздері-ақ айтады.

Меңзипаның осыншама дәре­жеге жетуіне сеп болып келе жат­­қан отағасы Қайырғали Батырге­рейұлы туралы айтпай кетсек –арымызға сын, ақиқаттан алшақ­тап кеткені­міз болмақ. М. Әуезов атын­дағы орта мек­тептің директоры Қайыр­ғалимен көңіл жарастырып бас қосқан Меңзипа – Әлібидей ұл мен Самалдай сабырлы қыздың анасы, бақытты ата мен әже. Көз қуанышы болып, немерелері өсіп келеді. Жан жарының жұмысы көп­тігінен жас кезде «обедсіз» қалмаса да, тәбетсіз тамақ ішкен кездерін жасырмайды. Бірақ Меңзипа Дүйсенбайқызының үй тірлігіндегі әйел-ана ретіндегі ор­ны, қонақжайлығы өз алдына үл­кен әңгіме желісі болар еді. Бау-шарбағы жаз бойы гүлдеп тұрады.

Ал ауданда ана мен бала ден­саулығы деңгейінің жақсаруы, бі­лім деңгейінің көтерілуі, мәдени өмірдің мәнді бола түсуі секілді көңіл марқайтар істердің бәрін­де Меңзипа Дүйсенбайқызы­ның үлесі айқын. Өнер жолындағы жас­тарға ілтипаты ерек­ше. «Дәурен­бек конкурста жүр екен, дауыс берейік, қолда­йық!», «Еркін Аста­наға кетіпті, жылы киімін алды ма екен?» деп айдаладағы «балаларын» ойлап жү­реді. Жанып тұрған жас ақын, жа­ңақалалық Асыл­бек жол апатына ұшырап, көз жұмғанда, өз ұлы­нан айырыл­ғандай, жанарын жаспен шылап  жүргенін  көрдік.

Көп балалы жанұядан шығып, көпшілік үшін қызмет етіп жүр­ген Меңзипа Дүйсенбайқызының өмір тәжірибесі мен кісілік қа­сиет­терін айта берсек, бір мақа­ланың көлемі көтермейді. Туған күні таяу қалған тұстасымыздың еңбегін елеп, Жайық жұртшы­лы­ғымен бірге құттықтап, жалғанның жарығына шығаратын сәт жетті деп ойладық та, осы дүниені жазып шықтық.

Алаулы жастығың мен жалаулы жылдарыңды бұқарамен бірге өткізіп, халқыңмен бірге қуанып, халқыңмен бірге қайғырып келе жатқан Сені де өлке тарихы өз жыл­намасына енгізеріне бек се­немін! Сондықтан ұл-қызыңның қы­зы­ғын көріп, нар өлкеңнің на­мыс туын биік ұстап, арамызда жүре бер. Соңыңнан ерген сіңлі­лерің көбейіп, берекелі істеріңді бағ­даршам тұтып, үлгіңді ұлағат тұта бергей. Риясыз көңілден тілегім бұл.

Сағынтай  БИСЕНҒАЛИЕВ,

Ақжайық  ауданы


Облыстық бюджет нақтыланды

Күні: , 785 рет оқылды

IMG_8557


Кеше облыстық мәслихаттың үлкен залында облыстық мәслихаттың кезектен тыс 27-сессиясы өтті. Оның жұмысына облыс әкімі Нұрлан Ноғаев қатысты.


Сессияда облыстық мәс­ли­хаттың 2014 жылғы 12 желтоқсандағы №21-2 «2015-2017 жылдарға арналған облыстық бюджет туралы» шеші­міне өзгерістер мен толықтыру­лар енгізу туралы мәселе қара­лып, оны халық қалаулылары ма­құлдады. Бұл мәселе бойынша  баяндама жасаған облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Би­бігүл Қонысбаеваның айтуынша, облыстық бюджетті нақтылау об­лыстық бюджеттің түсімдерінің болжамын түзетумен байланысты жүргізіліп отыр. 2015 жылға ар­налған облыстық бюджеттің жалпы шамасын 3 млрд. 526,5 млн. теңгеге ұлғайту ұсынылды. Оның ішінде кірістер бойынша 3 млрд. 207,5 млн. теңге, басқа түсімдер бойынша 8,8 млн. теңге және бо­сатылған қаражаттар бойынша 314 млн. теңге, сонымен қатар рес­публикалық бюджеттен ныса­на­лы трансферттердің азайтылуы­­на байланысты 3,7 млн. теңге шамасында.

Бюджетті ұлғайтуға бағыттал­ған қаржы-қаражат мынадай басым шы­ғындарға бағытталады: мәде­ниет және спорт саласына – 128,3 млн. теңге, білім саласына – 100,7 млн. тең­ге, денсаулық сақтау саласына –189,2 млн. теңге, жергілікті бюд­жеттер есебінен басталған жоба­лар­дың аяқталуына орай — 1024,6 млн. теңге, облыстық маңызы бар аутомобиль жолдары бойынша жөндеу жұмыстарын жалғастыру­ға – 200 млн. теңге, «Жұмыспен қам­ту жол картасы – 2020», «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарлама­ла­ры, тұрғын үй құрылысы бойынша республикалық бюджеттен бе­рілген нысаналы трансферттерді қоса қаржыландыруға – 1542,3 млн. тең­ге. Елбасының тапсырмала­ры­­на сәй­кес қаржы-қаражат басымдық сипаттағы әлеуметтік мәселелер­ге, басталған нысандардың аяқта­луы мен жалғастырылуына, республи­­ка­лық бюджеттен берілген нысаналы трансферттерді қоса қаржы­лан­дыруға бағытталған. Осындай өзгерістерге орай облыстық бюджет кірістер мен шығындар бо­йынша 114 млрд. 629,2 млн. тең­гені құрайды.

Депутаттар «Облыстық мәс­лихат­тың 2013 жылғы 28 нау­рыздағы №7-2 «Батыс Қазақстан облысы жер үсті көздеріндегі су ресурстарын пайдаланғаны үшін төлемақы ставкаларын бекіту ту­ралы», облыстық мәслихаттың 2014 жылғы 28 наурыздағы №16-7 «Батыс Қазақстан облысы әкім­дігі жанындағы жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету мә­селелері жөніндегі комиссия құ­рамы туралы» шешімдеріне өз­ге­рістер енгізді. Сондай-ақ сессияда облыс әкімдігі жанында­ғы жастар істері жөніндегі кеңес­тің және консультативтік-кеңес­ші ор­ганның құрамы туралы мәсе­ле­­лер қаралды.

Сессия күн тәртібінде қарал­ған мәселелер бойынша тиісті ше­шім қабылдады.

Гүлбаршын ӘЖІГЕРЕЕВА,

«Орал өңірі»

Суретті түсірген Темірболат ТОҚМАМБЕТОВ


«Шейх» деген атақ адамды мастандырады»

Күні: , 1 053 рет оқылды

М испаев


Мирас Испаев, сотталушы:

Соңғы жылдары дінге жаппай бет бұрған жастарымыздың адасып, теріс ағымға ілесіп жатқаны шындық. Солардың бірі — Мирас Испаев. ҚР Қылмыстық кодексінің 164-бабы, 2-бөлімі , яғни діни араздықты қоздыру бойынша 3 жыл 6 айға бас бостандығынан айырылып, бүгінде Орал қаласындағы РУ-170/2  еңбекпен түзеу мекемесінде жазасын өтеп жатқан Мирастың ағынан жарылып жазған хаты газетіміздің өткен сандарының бірінде жарияланған болатын. Хатты оқып отырып, көкейімізге сан сұрақтар оралды.  Сол себепті біз түрмеге кіріп, хат иесімен бетпе-бет кездесіп, сұхбаттастық. Мысырда білім алып, тәкфир идеологиясын ұстанған ол темір торға қамалмас бұрын соңына ерген жамағаты ортасында «шейх» атанған, беделді, ықпалды болған. Талай зілдей  темір есіктен өтіп, терезесі жоқ тас бөлмеге енген соң құқық қорғау органдары қызметкерлерінен бізді оңаша қалдыруды өтіндім. Адасқанын мойындап, Әбу-Ханафи мазхабына бет бұрған ол мені  жарқын жүзбен қарсы алды.


— Мирас, сіз діни радикализм­ді насихаттап, қоғамда бірнеше рет діни араздық тудырдыңыз. Нәтижесі мынау. Әңгімені әрі­ден бастасақ, адасуыңызға не себеп болды, дін жолына сізді біреу үгіттеп әкелді ме, қалай келдіңіз?

— Әдеттегі дінге қызығушылық. 2005 жылы тәкфирлер пайда бол­ған кезде Қазақстанның, соның ішінде 2007 жылы Батыс Қазақ­стан, Атырау облысының жастары Мысырға кетті. Олар онда 3-4 ай араб тілін оқып, әрі қарай Ауғанстанға жихадқа кетіп жатты. 2005 жылы мен де Мысырға кеттім. Онда «Марказ» деген араб тілін оқытатын орталықта оқы­дым. Мақсатым сол елге тұрғын ретінде тіркеліп алған соң Сауд Арабиясына барып, Медине қала­сындағы ислам университетінде оқу болды. Иорданиялық Әбу Мухаммад Макдеси деген тәкфирлік ағымды ұстанатын адам бар, оның «Религия Ибрахима» деген кітабы көптеген адамды адастырып, түрмеге түсуіне себеп болды. Ис­ламдағы ғалымдар бұл кітапты «оқымаңдар» дейді. Қазақстанда жихад жасап, адам өлтіруге болады дегендер — осы кітаптан үйрен­гендер. Менің бүгінде түрмеде отырған күйеу балам да кезінде осы кітапты оқып, дәріс алған.

— Ол кім?

— Орал қаласында жарылыс жасауды ұйымдастырмақшы болған Ернұр Ахатов. 9 жылға сотталды.

— Күйеу балаңыз «бізге қо­сыл» деген жоқ па?

— Мен жихадты әуелден жақта­ған жоқпын. Исламды айтпаған­ның өзінде өз халқыңа қарсы соғыс ашу дегенді мен түсінбеймін.

Мысырда жүргенде мені талай рет Ауғанстанға соғысқа шақыр­ды, қазақ жігіттері жаппай дүрлігіп, кетіп жатты. Маған да еш қиын­дықсыз кетіп қалуға жағдай болды. Бірақ бармадым. Әбу Мунзир Шәнкити деген адам «Қазақстан­да мемлекеттік құрылым нысандарын жарыңдар, адам өлтіріңдер» деп фәтуа берген. Адам өлтіріп, жарылыс жасауды жоспарлаған Оралдағы Ахатовтың тобы, Атырауда Лидің тобынан 50 адам түрмеге түсті. Жалпы, Әбу Мунзир Шәнкити деген өмірде жоқ адам, оны ешкім көрмеген, ғаламтор арқылы лекциясын ғана оқиды. Қазақстанның жаулары осындай есімді ойлап тауып, ел ішіне іріткі салып, адам санасын жаулау үшін пайдаланып отыр деп ойлаймын. Болған жағдайда да ол тіпті мұ­сылман емес шығар, бұл сыртқы жаулардың құйтырқы әрекеті болуы да мүмкін.

— Елге қайта оралдыңыз…

— 2007 жылы елге келдім, жа­мағатты мешіттен бұрыннан танимын, солармен араласа бастадым.

— Мысырға кеткенге дейін сол жамағаттың теріс бағытта жүргенін білдіңіз бе?

— Білдім. Мысырда жүргенде Оралдағы жігіттерге скайп арқы­лы шығып: «Такфир жасамаңдар, жихадқа бармаңдар» деп түсін­діріп, жолдарынан қайтарып жүр­дім. Бірақ елге келген соң 1-2 айдан соң соларға ілесіп кеттім.

— Олардың қателесіп жүрге­нін білдіңіз. Біле тұра, азғантай уақыттың ішінде олардың ық­па­лына қалай түстіңіз? Олар­дың адамның басын айналдырып әкететін қандай тәсілі бар?

— Бізге білім бер деп өтінді.

— Яғни сізге бағынатын, өзі­ңіз­дің біліміңізді көрсететін адам­­дар керек болды. Солай ма?

— Солай. Кез келген адам қай салада болмасын, білімі болса, бі­рінші басшы болып көрінгісі ке­ле­ді. Олар мені шейх деп қабыл­дады.

— Біліміңізді көрсеткіңіз кел­се, неге имамдармен бірге тәк­фирге қарсы жұмыс істеме­ді­ңіз?

— Себебі ол кезде бұл жердегі жамағаттың көбі тәкфир идеясын ұстанатын еді. Сондықтан мені тың­дамайтыны анық. 2007 жылы үйленіп, әйелімді алып, тәкфир­лік идеямен Мысырға оқуды жал­ғастыруға қайтып кеттім. «Намаз оқымаған кәпір» деп және «Ля иллаха илла Аллах» сөзіне байланысты ол жерде екі лекция жаздым.

— «Намаз оқымаған адам кә­пір» деп адамдарға зиян тигізген сәтіңіз болды ма?

— Жоқ, әншейін кәпір деп айттым, бірақ қандай ма бір әрекет­ке барған жоқпын. Тәкфир ағымын ұстанатын адамдар екіге бөлінеді. Мысалы, мен сияқты оқыған жігіттер «кәпір» дейді де, оның сойған етін жемейді, қыз алып, қыз бермейді, басқа да қарым-қатынасқа шек қояды. Ал екінші топ тәкфир сенімін қатты ұстанады және «намаз оқымаған адам кәпір, оның мал-мүлкін тартып алуға, басқа да әлімжеттік, зорлық, қорлық жасауға болады» деп есептейді. Ондайлардың көбі қазір түрмеде отыр.

— Анаңыздың пісірген тама­ғын жедіңіз бе?

— Анам етті халал сойылатын жерден алады. Сотталмас бұрын көлікпен айналыстым, ауылдарға шыққан кезде етті, берген тамақ­тың бәрін жеп жүрдім, бірақ ешкімге айтпадым. Сол кезде намаз оқымайтын адамның тамағын жедім десем, мені баяғыда күстәна­лап тастайтын еді.

— Қандай жаза береді?

— Әншейін сыртыңнан жаман сөз айтады. Мурджид деп атайды.

— Яғни «кәпірге» нендей болса да жамандықты істеуге бо­ла­ды, солай ма?

— Иә, сондай ойды ұстанатындар бар.

— Көп пе?

— Көп болды, бірақ көбі елден шығып, Сирияға соғысқа кетті. Олар: «бұл елде, кәпірлердің ортасында өмір сүруге болмайды. Айналаның бәрі харам, бізді қыс­паққа алады, намаз оқытпайды, шалқайып жүре алмаймыз» дейді. Ал кейбірі басқа облыстарға кетіп қалды, бір тобы түрмеде отыр.

— Сақалды, балағы шолақ­тар намаздарын мешітте оқып, шалқайып жүрген жоқ па?

— Солай ғой. Бірақ олардың ді­ни білімі жоқ және өткен жолы да хатымда айттым, олар қай жағынан да білімсіз, надан. Ғаламтор­дан оқып алып, Сирияға 1-2 қазақ кетеді де, елдегі жамағатына: «Мына жақта керемет, көлігіміз, үйіміз бар» деп қызықтырып, біреудің кө­лігінің жанында суретке түсіп жі­береді, бәрі соған алданып кетіп жатыр. Ең жаманы, жат елге, соғыс қайнап, қан төгіліп жатқан жерге әйелдері мен кішкентай балаларын әкетуде. Қазақ жігіттері оққа ұшып, ажал құшуда. Күйеуі өлген әйелді сол елдің азаматтарына 3-4-ші әйелдікке беріп жібереді. Мен қызғанамын, шынымды айт­сам, қазақ қыздарының жат елдікке күң болғанына жүрегім ауы­рады. Күйеуі өлген қазақ қыздары Сирияда қорлық көріп жүр.

— Жалпы, ол жақта әйелді қа­лай бағалайды?

— Көп әйелі бар адам ол қай ұлт болсын, бәріне бірдей қарамай­ды. Алалау болған жерде берекет болмайды. Сосын олардың менталитеті бөлек. Біз қазақ халқы қыз балаға, әйелге құрметпен қараймыз.

— Мысырда жүргеніңізде сол елдің қыздарына қызықтыңыз ба?

— Ойымнан дәл түстіңіз. Тіпті үйленгім келді. Олар қыздарын өздері ұсынды. Көп ойландым, ақыры «өзіміздің қазақ қызына жетпейтін сияқты» деп бас тарттым. Шынымды айтсам, қорықтым.

— Неге қорықтыңыз?

— Себебі сол елдің қыздарын алған достарым, яғни қазақ жігіттері болды. Өзіміздің ұлттық та­мақты, әсіресе, сүйікті асымыз — етті ұмытты олар. Та­мақ­тары дәмсіз, сосын әйелдері өте салақ. Қазақ жігіттерін аяймын, мен үйлеріне барғанда, күн сайын ренжісіп  жатады.  Берекет жоқ.

— Отбасыңыз бар ма?

— Екі балам, бір қызым бар. Қа­лада тұрамыз.

— Әйеліңіз қай жолда жүр? Арабтардың ұлттық киімін киіп, яғни қара жамылып, бетін жауып жүр ме? Бұрынғы «сестраларымен» бірге ме?

— Мен әйелімді ешкіммен араластырмаймын, қарындасыммен, сосын бір-екі әйелмен ғана араласады. Мен түрмеге түскеннен кейін ол қара киімді шешті, қазір өзіміздің қазақ қыздары сияқты түрлі-түсті киім киеді. Араластырмайтын себебім, түрмеде отырған бір жігіттен әйелі талақ сұрады, Сирияға кетпекші екен. Сондай әйелдердің ықпалына түсіп кетпесін деп араластырмаймын, се­бебі әйел әлсіз болады. Санасы әбден уланып қалса, қайтару қиын. Түр­меде отырған жігіттердің әйел­де­рі тыңдамай, Сирияға кетіп, бас­қа күйеуге шығып жатыр.

— Оларды Сирияға кім әкете­ді, жол шығынын кім төлейді?

— Жол шығынын берген, демеу­ші болған жігіттер көбі түрмеде отыр.

— Шетелден келетін ақша бар ма?

— Жоқ. Шетелден ақша келеді деген әңгіме өтірік. Кезінде өз көзіммен көргенім, Мысырда жүр­генімде көп баланы Ауғанстан­ға соғысқа шақырды. Ақша бермек түгілі, онда қа­руды өз ақшаңа сатып аласың. Біз­дің артымыздан ақша келетінін, жамағаттың кө­мектесетінін біледі де, қазақ жігіттерін тартады, сосын жайлап ақша сұрай бастайды.

— Мирас, сіз өзіңізді түбегей­лі түзелдім деп ойлайсыз ба? Өзіңізге сенімдісіз бе, әлде түр­меде отырған соң амалсыз, кү­ніңіз үшін айтып отырсыз ба?

— Мен түрмеден кесілген уақыт­ты өтеп шығамын, ерте шығар­сын деп жағынып отырғаным жоқ. Егер мен дұрыс жолға түспесем, редакцияға хат жазып, не сізге сұхбат бермес едім ғой. Оның үс­тіне ғалымдар намазды қай маз­һабпен оқысаң да, Алла тағала­ның алдында қабыл болатынын айта­­ды. Сондықтан Ханафи мазһабы­мен оқысаң да болады. Намазың қа­был болатын болған соң фитна болмас үшін осы мазһабты ұстанған дұрыс.

— Кешіріңіз, оқысаң да бола­ды дегенді қалай түсінеміз? Сонда сіз намазды Ханафи маз­һабымен оқисыз, бірақ жан-жүрегіңіз бұрынғы жолда ма? Дұрыс түсіндім бе?

— Жоқ, сіз дұрыс түсінбедіңіз ме­ні. Олар Суннамен оқиды. Дұрыс айтасыз, Мекке, Мәдинада, жалпы араб елдері Ханбали мазһа­бы­мен жүреді. Мен түзеліп, осы Әбу-Ханафи мазһабына оралдым. Енді бұрынғы жамағатымды осы жолға шақырып жатырмын. Мен олармен бірге емеспін. Бұрынғы бауырларыма «Адаспаңдар, Әбу-Ханафи мазһабымен жүріңдер» деп өзімнің қателігімді түсіндіргім келеді. Бұл ең дұрыс жол, ешкім сені мазаламайды, отбасыңмен тату, ағайынмен бірге боласың. Жән­натқа апаратын жол ғой. Бұ­рынғы жамағатым осыны түсін­сін деп жұмыстанып жатырмын, дұрысында мен олармен бірге емеспін.

— Бұрын артыңыздағы жама­ғат сізді тыңдады ма?

— Әрине, тыңдады. Қазір мен туралы жаман пікірде, мурджид болып кетті дейді. Намаз оқымай­тындарды мұсылман деп санаған адамды мурджид деп атайды. Түр­меден шыққан соң ешкіммен араласпаймын.

— Ешкіммен араласпаймын дегенді қалай түсінуге болады?

— Менің артымда қарайған жа­мағат болды ғой. Соларға бас­шы­лық жасауды қоямын. Намазда «Аминді» дауыстап айту баяғыдан келе жатқан тартыс. Бүгінде соны жайлап түсіндіріп жатырмыз. Кө­бі адасқанын түсініп, Әбу-Ханифа мазһабына көшіп жатыр. Бұл ең дұрыс жол, бірақ өкініштісі, намазға жаңа жығылып жатқан жастар мұны бидғат деп, дұрыс емес деп ойлайды.

— Мирас, аздап кері шегін­сек, 2007 жылы Египетке оқуды жалғастыруға кеттіңіз. Елге қай­туыңызға не себеп болды?

— 2009 жылы елге депортация­мен келдім. Оған сол кезде Си­рияға соғысқа кеткен Ақтөбе, Аты­рау облысының жігіттері себеп болды. Сириядағы арнайы қызмет өкілдерінен «Мені не үшін депортация істеп жатырсыңдар?» деп сұрадым. Сөйтсе, Қазақстаннан Сирияға соғысқа кетіп қалғандар­дың кесірінен сол елдегі адамдарды елге қайтарып жатыр екен. Солардың кесірінен мен оқуымды бітіре алмадым. Қатты ашуландым.

— Тәкфирлік идеологиямен жүрген кезде әке-шешеңізбен қарым-қатынасыңыз қандай болды? Оларды намаз оқыма­ғаны үшін кәпір дедіңіз бе?

— Солай ойласам да, әке-шешеммен ұрыс-керіс болған жоқ. Бірге тұрдым. Ағам 2013 жылы Дубайдан елге депортациямен келді. Есіңізде болса, Асылбек Шүкранов бастаған 12 адамды Қазақстан арнайы ұшақ жіберіп алдырды. Ағам әйелі және 5 қызымен келген соң мен бөлек шықтым.

— Ағаңыз Дубайда не істеп жүр?

— Біз онда жұмыс істедік қой, елге көліктің қосалқы бөлшектерін жіберіп тұрдық.

— Вакцинаға қалай қарайсыз?

— Ол Ресейден келіп жатқан пәле, мұсылмандар баласын екпеге бермейді деп жатады. Бірақ үгіттің бәрі Ресейден.

— Ол жақта медицина қалай?

— Әйелім жеңілденген соң 2 ми­нутқа жетпей дәрігерлер кіндігін кескен баланы менің қолыма әкеп ұстатты, шомылдырмаған тіпті. Сосын жарты сағаттан соң «үйлері­ңе барыңдар» деді. Көшеге шық­тық, әйелім тәлтіректеп жүре алмай келе жатты.

— Адамға мал сияқты қарай ма сонда?

— Иә. Олар солай істейді. Мен арзан босандырдым, қазір жеңіл­дендірудің өзі 500 доллар тұра­ды. Бір жігіттің баласы вакцина ал­мағандықтан ауырып, Оралға келіп, комада жатып, қайтыс бол­ды. Ол жақта бала ауырып қал­са, өте қиын, медицина дұрыс да­мы­маған әрі ақша көп керек. Онда біздің дәрігерлер сияқты басыңнан сипап, күтім жасамайды. Баланың өлген себебі дұрыс қарамағандықтан деп ойлаймын. Қазақстанда ауырып қалса, ауру­ханаға апарасың, сол жақсы.

— Әйеліңіз біреу ме? Талақ берген жоқсыз ба?

— Біреу. Менің отбасымда мә­селе жоқ. Шыны керек, кезінде соңымдағы жамағатымның неке­сін көп қидым, айырылысқанда да мені шақыратын, көбіне әйелдер талақ сұрайды.

— Себебі?

— Себебі оларды күйеулері са­­байды, сылтау көп. Келіндер ата-енемен сыйыспайды. Біздің ақы­­мақтар ашуланып, әйеліне бірден бір минуттың ішінде үш рет «талақ» деп айтып тастайды. Одан соң тұруға болмайды, ол бейшара әйел басқа біреуге тиеді. Талақтың шарттары бұзылып жатыр. 20 рет талақ етіп әлі күнге дейін бірге тұрғандар да көп. Есімдерін айт­пай-ақ қояйын, Оралда ондай адамдар жетерлік.

— Яғни мұны істеп жатқан­дар намаз оқып, басқаларды намаз оқымағаны үшін «кәпір» деп, «шын мұсылман біз» деп жүргендер ғой, солай ма?

— Солай.

— Қай мазһабты ұстанса да исламда отбасы құндылығы біреу емес пе? Олар Алланың берген шарттарын неге бұзады?

— Олар талақтың шарттарын жақсы біледі. Бәрі нәпсіге байланысты. Өз құлқындарын тыйып ұстай алмау, нәпсіге берілу басты себеп болып отыр. Мысалы, бір жігіт әйеліне талақ бермеген, бірақ әйелі басқа күйеуге шығып, некесін қиып жатыр. Құранда Алла тағала адам баласының әлсіз жаратылғанын айтқан, сондықтан күнәден тыйылу үшін шариғатты дұрыс ұстану керек. Тағы бір себебі, күйеуі екінші әйел алғысы келеді және әйелі рұқсат етпесе де үйленеді, сосын бұрынғы әйелі талақ сұрап, кетіп қалады. Екінші әйелін талақ етіп, бірінші әйелін қайтып алғандары да жетерлік. Жас әйелдің қызығын көреді де, талақ етіп қоя береді. Ал әйелді 5-6 баламен тастай алмайды. Қа­зақ әйелдері күйеуіне көп әйел алуға рұқсат бермейді.

— Өзіңіз екінші әйел алған жоқсыз ба?

— Аламын деп жүрдім, бірақ әйелім жылады. Балаларым бар, әйелімді қимадым.

— «Өлген адам Алласына асы­ғып жатыр» деп сіздің жама­ғат оны тездетіп көмеді. Тіпті алыстағы ағайынын, қарасына мал сойылғанын күтпей, қарсы болған әке-шешесін тыңдамай, тездетіп жаназасын шығарып, жерлеп тастайды. Мысалы, бір ауданның тұр­ғыны Аманның (есімі өзгертілді) жаназасы.

— Оның жаназасын мен шығар­дым. Шариғат бойынша тез жерлеу керек, мен аруладым.

— Ал зиратқа қарай марқұм­ды мойындарыңызға салып неге жүгірдіңіздер, зираттың есігінен кірмей, қоршап қойған сымның үстінен неге секірді­ңіздер?

— Мен жүгірген жоқпын. Жас балалар ғой істеп жүрген, олар надан, «асығыңдар» дегенді тікелей мағынада түсінеді.

— Қазақта адам өлсе, қарасы­на мал сойылады, шелпек пісі­ріледі, басқа да әдет-ғұрпымыз бар. Марқұм хайуан емес қой апарып көміп тастайтын. Мәң­гілікке кетіп бара жатқан ол бізбен бір қоғамда өмір сүр­ді, ортасы, ағайыны, достары қош­тасуы керек. Ең сорақысы, оның әйелін шелпектен де ауыз тигіздірмей, екі баласымен қо­са алып кеттіңіздер. Қазақтың келіні өлген күйеуінің соңын күтіп, шариғат бойынша 4 ай қара жамылып, үйінде отыруға тиісті емес пе?

— Бұл жалғыз менің емес, осы жолда жүрген жамағаттың қате­лігі. Қараға 100 шақты жамағат қатысты, ол жерде мені ешкім де тыңдамас еді. Құран суннамен жү­реміз дейтіндер қазақтың әдет-ғұрпын мойындамайды. Ата-ба­-ба, тарих, ұлттық құндылықтарды жоқ­қа шығарады. Ал оның әйелін бау­ырлары әкеткен шығар, мен әйел баласының қасына барып сөйлеспеймін ғой.

— Оны отырғызып жерледі деген сөз шықты.

— Ол жігіт 2007 жылы Мысырда менімен бірге оқыған еді. Мар­құмды көтеріп алып зиратқа қа­рай жүгіргені, басқа да айтып отырғаныңыздың бәрі рас. Бірақ отырғызып жерлеген жоқ, мен қарап тұрдым, жатқызып, құбылаға басын бұрдық, жандатпа етіп жерледік.

— Түрмеге түскен соң жама­ғатыңыз тамақ алып келді ме артыңыздан?

— Жоқ, ешкім келмеді.

— Сонда бірге жүрген намаз­хандарыңыз басыңызға іс түс­кенде тайқып кетті ме?

 (Мирас үндемей қалды).

— Түрмеден шыққан соң не істейсіз?

— Бұрын көлік саттым, ұялы те­лефон жөндедім. Шаруа қожа­лығымыз бар, әкем түрмеден дұ­рыс шықсаң, соны сыйлаймын деп отыр. Мал өсіргім келеді.

— Істеген ісіңізге өкінесіз бе?

— Әрине, өкінемін. Адасуыма өзім жүрген ортам, азын-шоғын оқығаным, басшы болуға деген құштарлық әсер етті. «Шейх» деген атақ адамды мастандырады. Басқаға қарағанда мықты білемін деп ойладым. Алла тағала сол үшін маған осындай жаза берді. Ешкіммен араласқым келмейді, бұрын әйел-балаға мән берген жоқ­пын. Әйелім: «Бірге қыдырмайсың, дү­кен аралауға бірге шықпайсың, көшеде қасымда жүрмейсің» деп ренжитін. Сол өткен жылдардың орнын толтырғым, отбасымның қасында болғым келеді. Түрмеден шыққан соң бұрынғы жамағатыма барынша түсіндірермін, бірақ теолог болғым келмейді. Балаларымды оқытамын, өзімнің қателігімді қайталамасын, адал еңбек етіп, халқыма пайда әкелгім келеді.

— Мирас, ағыңыздан жары­лып айтқан әңгімеңізге көп рақмет. Алла сізді осы жолдан тайдырмасын!

Сұхбатты жүргізген Ұлдай САРИЕВА,

  «Орал өңірі»


Жылы киім-кешек және «Орал өңірі»

Күні: , 759 рет оқылды

IMG_9466


«Мектепке жол» респуб­ликалық акциясы әлеуметтік қолдауға мұқтаж біраз отба­сының ұл-қызына қуаныш сыйлағаны даусыз.


Биыл өзім де осы шараға белсенді атсалысып, Орал қала­сындағы №28, 41 және 44 мек­теп­тің қолдау-кө­мекті қажетсінетін біраз оқу­­шысына киім-кешек пен оқу құралдары бо­йынша жәр­демдестім. «Қуантсаң, баланы қуант» дегендей,  балалардың біз ұсынған ба­зарлыққа қуанып, бал-бұл жанған жүзін көргенде, өзің де қанаттанып кетеді екенсің. Дегенмен, меніңше, табысы төмен және көп балалы отбасылардың ұл-қызына көмек жаңа оқу жылының қарсаңындағы бірер аптамен шектелмеуі керек. Өйткені алда күз­дің қара суығы мен қақаған қыс келе жатыр. Сол себепті мен енді жергілікті кәсіпкер­лер­ді әлеуметтік жанашырлықты қажетсі­не­тін жанұялардың перзенттеріне жылы киім-кешек жөнінен көмектесуге шақырамын. Бұған қоса біз кірісі мардымсыз әрі көп балалы отбасыларды рухани азық тұрғысынан да демеуіміз керек. Осы тұрғыдан келгенде өз басым ұрпақ тәрбиесін жіті назарда ұс­тап, осы бағытта көкейкесті мәселелерді ұдайы көтеріп жүрген «Орал өңірі» газеті­не 2016 жылға кемі 10 отбасын жаздырмақ ниеттемін.

Арман БИГАЛИЕВ,

Орал қаласы  


«Нарынның ол да бір ұлы…»

Күні: , 805 рет оқылды

Т.Махимов_1


Адамның жаратылысы қандай қызық! Жұмыр басты талай пендені мың рет көрсең де, тіпті жадыңда қалмайды. Ал парасаты биік, аузында айтар сөзі бар жанды бір көрсең де, есіңнен кетпейді. Сондай абзал азаматтың бірі Бөкей ордасы тарихи-мұражай кешенінің директоры болған Нарынның нар ұлы Темірболат Махимов болатын.


69 жасында жарық дүниемен қоштасқан жан, жер жәннаты – Орданың қасиетіне бала кезінен қанып өсті. 1962 жылы Орал пе­­д­инс­титутының физика-матема­ти­ка факультетін бітіргеннен соң, алғашқыда еңбек жолын сол кездегі біріктірілген екі ауданның орталығы – Жәнібек ауылынан бас­таса да, кейін өзінің Ордасына ауысып, облыстық санатория­­­лық мектеп-интернатта еңбек етті. Ара­да жылдар өткен соң оның дирек­торлығына дейін көтерілді. Соңынан Орда орта мектебінде ұстаз болып, балаларға ең дәл ғылым  жөнінде  дәріс  берді.

1978 жылы Орда аупартко­мын­дағылар тарихи-революциялық музейге директор тағайындау мә­селесін қарағанда аса қиналған жоқ. Таңдау бірден қатардағы ұс­­таз болса да, пайымы мол азамат Темірболат Махимовқа түсті. Сөйтіп, ол 29 жыл бойы (арасын­дағы Орда ауылының әкімі болған екі жылын есептемегенде) аталмыш шағын мұражайдың өңір, ел былай тұрсын, әлемге танылған ірі мәдениет орнына айналуына сүбелі үлесін қосты. Қоғамдық мә­­дениет орнының алғашқы дирек­торлары А. Тәжетдинов пен Ш. Си­рановтың үлгере алмаған не мүм­кіндігі болмаған жұмысты жа­ңа басшы бірден жігерлене ат­қарып, ел көзіне түсе бастады. Іргесі 1962 жылы қаланған мұражай санаулы жылдар ішінде адам танымастай өзгерді. Мұражай ұжымы Т. Ма­химовтың басшылығы және тікелей араласуымен оның ішіндегі экспозицияны талай рет қайта жасақтады. Әлі де сол үрдіс үзіл­ген емес. Экспонаттар саны өсті. Ал тәуелсіздік жылдарында оның қа­тары тың дерек-жәдігерлермен толықты. Халыққа, әсіресе, жас ұр­паққа ұлттық дәстүр мен тарихты насихаттау, Орданың тұ­нып тұрған тарихи жәдігерлікте­рі мен ескерткіштерін қалпына келтіру, олармен келушілерді таныстыруда тындырылған іс ұшан-теңіз. Әлі де тындырылып жатқа­ны және іске асырылатыны қанша­ма десеңізші?! Тәуелсіздік жылдарында мұражайдың экспозициялық аумағы ұлғайып, енді түп-түгел кешен ашуға мүмкіндік туды. Қазір оның құрамында үш мұражай, пантеон және басқа да тарихи аса құнды ғимараттар бар. Тікелей міндеті болмаса да, әлеуметтік бағыттағы іске де мұражай ұжымы мен оның басшысы айтарлықтай көңіл бөлген. Мәселен, халыққа ақылы қызмет көрсету жоспары үнемі асыра орындалып, тұрмысы төмен кейбір жерлесін жұмысқа тартып келеді.

Осындай ғаламат істерді атқара жүріп, Темірболат тек мұра­жай­мен шектеліп қалмай, қоғамдық бастама мен рухани жұмысқа да уақыт тауыпты. Көзі тірісінде түр­лі деңгейдегі газет-журнал беттерінде рухани тақырыпқа қалам тербеді. Өзіне ұнамды, көңіліне жақын тақырыптарға байланысты радиода сөйлеп, талай рет теледидарда да бой көрсеткен жан. Мамандығы математик демесең, ғылымның қай саласынан да хабардар марқұм кезінде Бөкей ордасындағы халыққа білім беру ісі жөнінде жазылған тарихи «Жәң­гір мектебі – білім бастауы» кітабының қос авторының бірі. «Батыс Қазақстан облысының энциклопедиясы» мен басқа да кие­лі Орда жайындағы сан кітаптың жазылуына белсене араласып, жа­­­риялануына да осы абзал жан айшықты қолтаңбасын қалдырған. Немесе Орда өңірінде бастау ал­ған «Нарын» экологиялық қозға­лы­сын алайық. Оның өмірге келуіне, қанатын кең жаюына Тема­қаң марқұм көп күш-жігерін жұмса­ған. Сонау жылдары ол сан алуан мінберлерде толқи сөз сөйлеп, Капустин Яр сынақ ай­лағы тулақ жасаған қайран Орда­ның табиғаты мен ахуалы хақын­да тебірене ой қозғады. Нәтиже­сінде елінің экологиялық, эконо­микалық жағдайының сәл болса да, жақсаруына септігін тигізді.

Аласа бойлы, ықшам денелі, қа­ғілез азаматтың барлық істе белсенді болуына қайсар рухы мен өршілдігінің қаншалықты қуат бер­геніне қазір де еріксіз таң­да­насың. Кезінде сол ауылда әй­гі­лі тұлғаларға арнап, кесене тұрғыз­ған маңғыстаулық азамат, мүсінші К. Демесінов: «Ордада Т. Махимовтай үш адам болса, елде бітпеген шаруа қалмас еді» деп бекер айтпаса керек. Өмірден кетсе де, соңына өшпестей із қалдырған Т. Махимовтың басты қуанышы да, мақтанышы да Бөкей ордасы тарихи-мұражай кешені қа­зір ашық аспан астындағы музей мен туристік орын. Қазір мұн­да жыл сайын мыңдаған адам келіп жүр. Келешекте олардың қата­рын шетелдік туристер толық­тыратын күн де алыс емес. Айт­пақшы, еліміздің бас қаласы – Ас­танадағы Қазақстанның барлық облыстарының аумағы көрсетіл­ген ұлттық паркте Хан ордасының өзінен 6 тарихи-мәдени ескерткіш тұр. Таяуда осы ауылда Қазақ хандығының 550 жылдығына ар­налған республикалық деңгей­дегі шараның белгілі бір бөлігінің аталмыш кешенде өтуі тегіннен-тегін емес.

Қазақтың ұлтжанды ұлы Өз­бекәлі Жәнібековті «Ең үлкен оқытушым» деген ардақты азамат көзі тірісінде құрмет пен марапаттан кенде болған емес. «Еңбегіне қарай өнбегі» деген осы. Бірақ соның ішіндегі ең құрметтісі, сү­белісі — «Қазақстан ИКОМЫ» Ха­лық­аралық музейлер кеңесі пре­зидиумының мүшесі болуы. Бірақ жаратылысынан қарапайым аза­мат атаққұмар болған жоқ, Өле-өлгенше, өзі айтулы еңбегін сі­ңір­ген мұражайдың келешегін ойлаумен кетті. Аңдыған ажал артынан қалмай, 2009 жылдың 18 желтоқсанында ел-жұрты ардақты ұлын қинала-қинала қара жердің қойнына берді. 2010 жылы 22 қаңтарда оның орнына ұлы Ғайса тарихи-мұражай кешенінің жаңа басшысы ретінде тағайындалды. «Ат тұяғын тай басар» деген осы.

Көзі тірісінде бақытты болған жайсаң аға жан жарымен төрт ұл, екі қыз өсірді. 7 немере-жиен­нің алғашқыларын көзі көріп кет­ті. Солардың бал қылығын өмі­рінің соңына дейін қызықтап, мәң­гілік­ке аттанды. Сөз соңында, мақала­мызды марқұмның жерлесі, сыйлас інісі Ғайсағалидың бір шумақ өлеңімен аяқтағанды жөн көрдік:

Музеймен өткен ғұмыры,

Биікте еді-ау тұғыры.

«Орда» деп тыным таппаған,

Нарынның ол да бір ұлы…

Серік  ИХСАНҒАЛИ,

«Орал өңірі»

Әке туралы толғаныс

Т. Махимовқа

Әрқашан ел деп соққан жүрегіңіз,

Қадірлі азаматтың бірі едіңіз.

75 жасқа, жан әке, жете алмадың,

Сұм ажал салғанына көнеміз біз.

Хан Ордаң бүгінде елге аян,

Ата-баба мұрасын сақтап қалған.

Еліне еңбек еткен тыным таппай,

Кұрметтен, сізді халық мақтайды алдан.

Достарың да сағына еске алады,

Дарабоз, биік шың деп асқаралы.

Дараланбай сен бірақ жүруші едің,

Адамдық бір өзіңнен басталады.

Ұрпағыңа ісіңмен үлгі болдың,

Өсіріп ұл-қызыңды мәпеледің.

Анамызды аялап әрқашанда,

Өнеге етіп, кісілігін айтып жүрдің.

Жиналып шаңыраққа қасиетті,

Қасында әкеміздің ақ ниетті.

Еркелеп, әзілдесіп, сырласушы ек,

Сағынып еске аламыз сол бір сәтті.

Өтеді талай күндер, талай жылдар.

Сақталып өзіңе айтар мұңлы сырлар.

Ұрпағың бір өзіңді мақтан етіп,

Жазылар сағынышты сыршыл жырлар.

Әке жоқ, бірақ оның аты өлмейді,

Елі үшін жиған-терген хаты өлмейді.

Өтсе де қанша жылдар, халық оны

Орданың нар ұлы деп қастерлейді.

 Перзенттері

Ермек ҚАЗИЕВ,

«Құрмет» ордені мен «Қазақстанның еңбек сіңірген мәдениет қызметкері» атағының иегері:

— Марқұм Темақаң елге сыйлы азамат еді. «Өнер» десе, ішкен асын жерге қоятын адам болды. Қай салада істесе де, тек ізденісімен танылды. Басқа қырын айтпағанда, асабалық өнеріне тіл жетпейді. Спорттан да аулақ емес. Жастарға білгенін айтып, бағыт сілтеді. Мұражайдың жаңаруына, жұмыс көлемінің ұлғаюына бірден-бір себепкер азамат – Темірболат ағамыз. Қуанатыным – бү­гінде әкесінің ардақты ісін ұлы Ғайса жалғастыруда.

Дәулеткерей ҚҰСАЙЫНОВ,

облыстық мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасының басшысы:

— Темірболат ағамен талай рет кездестік, жүздестік. Өте тамаша адам еді. Жәнібек ауданы мұражайының мемлекеттік мәртебе алуына да оның көп көмегі тиді. Тіпті жоғары жаққа ұсынба хат жазып берді. Бүгінде Ордаға жолым түссе, міндетті түрде мұражай кешеніне соғып шығамын. Күні кеше де бардым. Онда ағаның қалдырған қолтаңбасы сайрап тұр. «Жақсының аты өлмейді» деген осы.


«Кәсіптік одақ – қоғамдық қатынастардың катализаторы»

Күні: , 841 рет оқылды

Даупаев Марат (1)


«Қазақстандық салалық  білім  және  ғылым қызметкерлері  кәсіптік одағының  Батыс  Қазақстан облыстық  ұйымы»  қоғамдық  бірлестігінің  төрағасы Марат Даупаев:

Қазіргі кәсіподақ­тардың өзекті мәселелерінің бі­рі – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев айқындап берген «100нақты қадам» Ұлт жоспарынан жә­­не «Жалпыға ортақ еңбек қоға­мына қарай 20 қадам» атты тұ­­­жы­­рымдамалық бағдарла­масы­­­нан туын­дайтын міндет-мақ­сат­тар­ға сай кәсіп­одақ қызметін жаңа са­ты­ға көтеру, басты мән-мазмұн азаматтарымыздың өнімді ең­бегі­не негізделген жаңа идеология­ны қалыптастыру, әлеуметтік-эконо­микалық жаңғыру және әр­бір қа­зақ­стандықты қамқорлыққа алу.


Бүгінде заман талабына сай кә­­сіподақты жаңа деңгейге көтеруба­­­ғытында нақ­ты шаруалар жүр­гі­­зілуде. Биыл­ғы наурыз айында «Қа­зақстандық са­ла­лық білім жә­­не ғылым қыз­мет­­керлерінің кәсіп­­тік одағы» қоғам­дық бірлестігі­­нің орынбасары В. Бе­женаров­тың және бас маман Б. Алиевтіңқатысуымен біліктілік семинары өтті. Оған Батыс Қа­зақстан об­лыс­тық білім және ғылым қыз­мет­­кер­лері кәсіподақ ұйымы­ның түр­­­лі деңгейдегі бастауыш кәсіподақұйымдарының жетекші­лері, қала­лық  жұмыс беруші ме­кеме бас­шы­лары қатысты. Басқосуда кә­сіп­-­одақтың қаржылық ережеле­рі меніс-қағаздары бойынша нұс­қау­­лық­тар таныстырылып, ұжым­дық шарт­­тың жасалуы ту­ралы то­лық мағұл­маттар берілді. Мұн­дай әдіс­теме­лік көмектің кә­сіподақ ұйым­да­­рының жұмысы­ның белсен­­ділігі­нің  артуына  әсері  болары анық.

Елбасының жыл сайынғы ха­лыққа арнаған  Жолдауларында қоғамымыздың басты құндылығы – адамның өмір сүруіне жағдай туғызып, әл-ауқатын жақсартуға назар аударылады. Осы мақсатта жоспарлы шаралар қолға алын­ған. Солардың бірі биылғы 24-26 наурыз аралығында Ұлы Жеңіс­тің 70 жылдығына орай білім және ғылым қызметкерлері ара­сындағы спорттың 4 түрінен (волейбол, үстелді теннис, шахмат, дойбы) облыстық спартакиада ұйымдастырылды. Жарысқа кәсіп­одақ мүшелерінен құралған об­лы­сымыздың 12 ауданының командалары және облысымыздың 9 білім мекемелерінің командалары белсенділікпен қатысты.  Оданбасқа облыста өткізілетін қайы­рым­дылық шараларына да атса­лысуды борышымыз деп білеміз. Мысалға, биыл да әдеттегідей  балаларды қорғау күні қарсаңын­да облыстық балалар үйінде өткі­зілген мейірім шарасына қатыс­тық.

Биыл Астанада өткен Қазақстан  Республикасы Кәсіподақтар фе­дера­циясының XXIV cиезіне об­лыс­тық кәсіподақ ұйымының аты­нан делегат  ретінде қатысып, көп ой түйіп қайттым. Кәсіптік одақ­тар еңбек саласындағы қоғамдық қатынастардың катализаторы ре­тінде қызмет етуі тиіс. Осы бағыт­тағы және өзге де кәсіподақ ұйы­­мының алдындағы міндет-мис­сия­ны  орындауға қызмет ете бермекпіз.


«Мирландағы баға қалыпты» «Әділ баға» акциясына қатысушылар пікірі осындай

Күні: , 799 рет оқылды

IMG_5612


«Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы «Айқын тариф» партиялық жобасы аясында «Әділ бағалар» ак­циясын өткізді. Әлеуметтік маңыз­ды азық-түлік тауар­лардың бағасын қадағалау мақсатын­да өткізіл­ген шара­ға «Нұр Отан», «Бір­лік», «Ақжол», Жалпыұлттық социал-демократиялық, Қазақстан комму­нис­тік халық,  «Ауыл»,  «Патриоттар» пар­тия­ларының және БАҚ-тың өкілдері қатысты.


Шараға қатысушылар облыс орталығында­ғы тұтынушылар көп баратын «Мирлан» әмбебап база­рына бас сұғып, баға мониторин­­гін жүргізді. Алдымен, сүт пави­льонындағы бағалардың қа­лып­­ты, өзгермегені сырт көзге анық байқалды. Жергілікті «Береке» кә­сіпорнының ірімшігінің келісі 630 теңгеден, «Жастық» агрофирма­сы­ның «Алматы» сары майы келі­сі 350-ден сатылуда. Сатушылар сүт өнімдеріне, жұмыртқаға бағаның бұрынғы күйінде сақталғанын айт­ты. Шұжық өнімдері павильонын­да да жергілікті шұжық өнімдері­нің бағалары өзгермеген. Сатушы Нұрсұлу Жәлелқызының айтуынша, ет өңдеумен айналысатын кә­сіпорындар бағаны көтермеу жө­нінде меморандумға қол қойған­дықтан, бағаны өсірмей отыр.

Базардағы дүңгіршектерде 1-сорт­ты  нанның бағасы 45, 50 тең­геден тұрды. Рейдке қатысу­шылар  бір нанды таразыға тартып, оның сал­мағының 600 грамм, яғни талапқа сай екендігіне көз жеткізді. Кө­кө­ніс бағасы да өсе қоймаған. Тек па­вильонының ішіндегі әлеуметтік маңызы бар саналатын картоп, пияздың бағалары сыртта, сөре­лерде сатылып жатқаннан сәл-пәл жоғарылау екен. Мұны сатушы Жанна Сағынғалиева павиль­он­ның ішіндегі өнімдердің  ірік­тел­генімен әрі тек бөлшек сау­да­да сатылатындығымен байланыс­тырды. Базар аумағындағы күріш,1-сұрыпты  бидай ұнының, қарақұ­мықтың, макарон өнімдерінің ба­ғалары қалыпты болса, кей жерлерде қанттың бағасы жоғарылау екен. Расында, қант бағасы түрлі­ше, бірақ базарда қанттың келісін 160 теңгеден ұсынатын орын­дар баршылық. Ет павильонындағы  қой еті 750-ден , сиыр еті 800-900 теңгеден сатылуда.

– Базардағы баға тұтынушы ре­­тінде көңілімнен шығады. Баға­ның өскені байқалмайды. Өзім азық-түлікті «Алтын алма» базарынан аламын, онда баға мындағы­дан әлдеқайда төмендеу, – деді рейд­ке қатысушы «Бірлік» саясипартиясы облыстық филиалы төр­­ағасының орынбасары Мұхит Би­сенғалиев.

«Нұр Отан» партиясының об­лыстық филиалының бөлім мең­герушісі Нұрхат Жанбоздың ай­туынша, жүргізілген рейд қоры­тындысы базардағы бағалардың ҚР Экономика министрлігінің әлеу­меттік маңызы бар азық-түлік түр­леріне 3-тоқсанға белгілеген шек­ті  бағаларынан аспайды. «Баға­ның негізсіз өсірілгені байқалса, тиісті мемлекеттік құрылымдар­ға хабарланып, тиісті шаралары алынбақ. Сауда орындарындағы баға бақылауға алынған. Біздің пар­тияның бастамасын өзге партиялар да қолдады. Бұл шара біркүнмен шектелмейді», — деді Нұр­хат Жанбоз.

Орал қалалық әкімдігінде де ба­ғаны бақылау жұмыстары қол­ға алынған. Орал қаласы бойын­ша «Ел ырысы», «Заря Востока» (За­шағанда) базарларында және М. Ық­санов атындағы орталық кө-шеде демалыс күндері жәрмең­­келер өткізілуде. Оған 30-дан ас­там ауыл шаруашылығы тауар өн­ді­ру­шілері  қатысуда.

– Сауда орындарында қант­тыңбағасының өскені байқа­лып отыр.Бұл мәселеге қатысты бәсекелес­тікті қорғау құрылымдары тексе­ру жұмыстарын жүргізуде және оның қорытындысы айтылатын бо­лады. Қала бойынша қантты кө­терме бағамен жеткізуші болып«Шанс» ЖШС анықталған, серіктес­тіктің базасында қанттың көтер­ме бағасы 165 теңгеден. Әрине, баға барлық жерде бірдей емес. Қаланың бір түпкірінде  қанттың келісі 180-нен болуы мүмкін. Қым­бат болса, базарға арзан жерден алуға болады ғой, – деді Орал қа­лалық әкімдігінің кәсіпкерлік бө­лімінің басшысы Ерлан Бақтияр. Оның айтуынша, «Атаба» (3-орында), «Дина», «Дом еды», «Фреш» сықылды ірі сауда орындарында арзан азық-түлік ұсынатын сауда сөрелері жасақталған. Айтқандай, «Мирлан» базарының әкімшілігі де азық-түлік бағаларының өспей, халыққа қолжетімді болуы үшін бірқатар шаралар алған. Менеджер-статист Альфия Акчуринаның айтуынша, жұмыртқа, шұжық, ба­лық-ет қалбырлары, пакеттегі сүт,өлшеніп құйылатын шемекі май сияқты жергілікті  өнімдерді сату­шыларға орынақы 50-100 пайызға арзандатылып беріп отыр.

Қорыта айтсақ, рейдке қатысу­шылар «Мирландағы» бағаның қа­лыпты  екеніне  көз  жеткізді.

Гүлбаршын ӘЖІГЕРЕЕВА,

«Орал өңірі»


Алапат өрт ауыздықталды

Күні: , 787 рет оқылды

IMG_8034


Қыркүйектің 7-сі күні сағат 16.00 шамасында Ақжайық ауданының Жаңабұлақ ауылының тұсынан, тоғай беттен басталған өртті күшті жел (20 м/сек.) одан әрі өршіте түсіп, от бірден орман алабын жалмай жөнелді.


Солтүстікке қарай өршіп, аудан­ның Коловертное ауылы маңына дейін, Жа­йықтың қос жағалауына жа­йыл­ған, ұзындығы 20 шақырым­нан асқан «тілсіз жаумен» об­лыс­­тық, аудандық төтенше жағдай­лар қызметтері, тікұшақ, басқа дакүштері жұмылып, жантала­са кү­ресті. Облыс орталығы­нан тиіс­­ті байланыс жүйелері­мен және басқа жабдықтармен қоса, 3 «КамАЗ», су  соратын қуатты қон­дыр­ғы­лары бар 2 «ЗИЛ-131» шұ­ғыл жетті.  Чапаевтағы №24 өрт­­пен кү­рес бөлімінен 3 техни­ка, Чапаев орман және жан­уарлар дүниесін қорғау жөніндегі мемлекеттік мекемесінен және ауылдардан 15 техника, аудан әкімі аппараты, аудандық аурухана, «Жайықтехсервис» кәсіп­ор­ны, басқада еңбек ұжымда­рының өкілдері алапат өртті 8 қыр­күйек­тің кешіне дейін жалын­мен арпалысып жүріп ауыз­дық­тады. Өртті өшіруге барлы­ғы 200-ден астам адам қатысты.

Оқиға орнында облыс әкі­­мі Нұрлан Ноғаев, аудан әкі­мі Әділ Жоламанов болды. Өрт­тен келген шығын есеп­телуде.

Болат ҚОСЖАНҰЛЫ,

Ақжайық ауданы


БҚО, Орал қаласы, Мұхит көшесі, 57/1
zhaik_presscenter@mail.ru
oral_oniri@inbox.ru
support@oraloniri.kz

Орал өңірі" газетінің бас редакторы: 51-25-80
Бас редактордың орынбасарлары: 24-17-08, 54-18-08
Жауапты хатшы: 54-38-22
Тілшілер: 50-66-88, 51-50-34
Жарнама бөлімі: 51-51-09
Яндекс.Метрика