Мұрағат: 08.09.2015


10 алтынның бесеуі Қазақстанда! Жарайсың, Данияр!

Күні: , 861 рет оқылды

1111


Таяуда Таиландтың астанасы Бангкокта бокстан Азия чемпионаты аяқталды. Осы дүбірлі додада Қазақстан ұлттық құрамасы тамаша табысқа қол жеткізді. Ел қор­жынына 5 алтын, 1 күміс және 1 қола медаль түсті. Біздің жігіттер командалық есепте бас бәйгені қанжығаға байлап, екінші орындағы өзбектерден қара үзіп кеттік.


Өзбек демекші, олар қай-қай жарыста да бокс­қа келгенде құрлық бо­йынша бұ­рыннан біздің басты қар­сыласымыз болатын. Кеңес өкіметі тұсында ала тақиялы аға­йындарға біраз есе жібердік.

Олар одақ чемпионатын­да жүл­дені бізден бұрын еншілеп үл­герді. Атап айтсақ, 67 келіге де­йінгі салмақта өнер көрсеткен Илья Давыдов 1944 жылы өткен чемпионатта қола медальдың ие­гері атанған. Артынша, 1946 жә­не 1947 жылдары да үшінші тұ­ғыр­дан көрінді. Көршілеріміздің бір басымдылық танытқан тұсы – 1974 жылы Кубаның астанасы Гаванада өткен бірінші әлем чемпионатында бізден бұрын алтын медальды иеленуі. РуфатРыскиев қарсыластарын шаң қап­тырып, өз салмағының үздігі атан­ды. Ал біздің тараптан қай­тарылған жауап 1978 жылы Юго­славияның астанасы Белградта ұйымдастырылған жаһандық са­йыста Валерий Рачковтың «ал­тыны»-тұғын. Рас, Серік Қонақ­баев, Серік Нұрқазов сынды са­йыпқырандарымыз кезінде бі­раз байрақты бәсекеден олжалы  оралғанымен, олар әлем тәжіне қол жеткізе алмады.

Қазақстан тәуелсіздігін алған­нан кейін жағдай түбегейлі өз­герді. Осы уақытқа дейінгі 17 әлем чемпионатының қоры­тын­дысы бойынша, біздің жігіттер 17 рет чемпион атанса, өзбек боксшылары  бар болғаны 5 мәрте биік тұғырдан көрінді. Толық атай кетсек, Қазақстаннан  Валерий Рачков, Игорь Ружников, Болат Жұ­маділов, Галиб Жафаров, Геннадий Головкин, Серік Сәпиев (2 мәрте), Ердос Жаңабергенов, Біржан Жақыпов, Мерей Ақшалов, Данияр Елеусінов және Жәнібек Әлімханұлы әлемдік бокс тарихына есімдерін алтын әріппен жазды. Олимпиадалық ойындар­дағы көш бастау тағы да біздің еншімізде. Бұл додадағы алғашқы алтын медальды 1996 жылы Атлантада Василий Жиров алып берді. 2000 жылы Сиднейде қос қандасымыз Бекзат Саттарханов пен Ермахан Ыбыраймов алтыннан алқа тақты. Ал Өзбекстаннан бұл жолы Махаммадкадыр Абдуллаев қана ерекшеленді. 2004 жылы Бақтияр Артаев, ал 2008 жылы Серік Сәпиев үздік болуымен қатар, Вэл Баркер кубогын да иемденіп, өзара бақталастық бәйгесінде өзбек ағайындарды шаң қаптырып кетті.

Таиланд төрінде осы жеңісті жол әрі қарай жалғасты. 52 ке­лі салмақта Олжас Сәттібаев фи­налда өзбекстандық Шахобид­дин Зоировты 3:0 есебімен же­ңіп, алтын медаль иегері атан­ды. Қазақстан ұлттық құрама­сы­ның капитаны, жерлесіміз Да­нияр Елеусінов 69 келіде филиппиндік Марсиал Феликсті 3:0 етіп айқын басымдықпен ұт­ты. 91 келіге дейінгі салмақта жұ­дырықтасқан Василий Левит өз­бекстандық Рустам Туляганов­тан айласын асырып, кезекті алтын медальды ел қоржынына салды. 81 келіге дейінгі салмақта өнер көрсеткен Әділбек Ниязымбетов жарақат алып қалған қарсыласы өзбекстандық Эльшод Расуловтың ақтық сынға шық­пауына байланысты жеңіс тұ­ғырына көтерілді. 91 келіден жоғары салмақтың финалдық кездесуінде Дычко қытайлық Янго Жибаоны 3:0 есебімен жең­ді. Бұларға қоса Зәкір Сафиуллин күміс, Қайрат Ерәлиев қола жүлдегер атанды.

Тоқтар КЕНЖЕҒАЛИЕВ,

«Орал өңірі»


Шаттық сыйлаған шаһар күні

Күні: , 836 рет оқылды

11986920_433817756816314_2677184642826995711_n


Күз айының алғашқы аптасы оралдықтар үшін жақсы жаңалықтармен басталды. Дәстүрге айналған Қала кү­ні мерекесі биыл да көпшіліктің көңілінде ерекше оқиға­лармен есте қалды.


Мерекеге  арналған велошеру

Велошеруден басталған мере­ке­ге облыс әкімі Нұрлан Ноғаев пен жер­лесіміз, атақты альпинист, Қа­зақстан құрамасының капитаны Мақсот Жұмаев қатысып, көш тіз­гінін бастады. Велошеруге қаты­су­шылар теннис орталығынан С. Дат­­ұлы, Ю. Гагарин көшесі және Еуразия, Достық даңғылдары ар­қылы Абай алаңына дейін жүріп өтті. Облыс басшысы Н. Ноғаев ве­лошеруден соң өз әсерімен бө­ліскен еді:

– Құрметті оралдықтар мен қа­ла қонақтары, баршаңызды Қала күні мерекесімен құттықтаймын! Елбасының спортпен айналыса­тын азаматтардың қатарын арттыру туралы тапсырмасы бар. Осы­ған орай жастарды спортқа баулуда  бұқаралық спорттық шаралардың жиі өтіп тұруы маңызды. Қата­­ры­мызда салауатты өмір салтын ұс­танатын азаматтардың көбейіп ке­ле жатқандығы бізді қуантады. Орал шаһары ТМД елдерінің ара­сындағы ең көрікті 11 қаланың  бі­рі екенін айтқым келеді. Қаламыз жасарып, көркейе берсін, — деді. Мұнан соң шеруде белсенділік та­нытқан азаматтарды арнайы жүл­-делермен марапаттады.  Айта­лық,«Велошеру ақсақалы» болып Қа­ратөбе ауданынан арнайы келген  65 жастағы Мұрат Әлжанов пен 59 жастағы Ардақ Қордабаева та­нылса, «Велошерудің ең жас қа­ты­сушысы» аталымына Арман Мәлі­ков ие болды. Айнұр Беркімбаева “Велошерудің нәзік жанды қаты­сушысы» атанса, Нұрғали Жол­дас­қалиев «Ерекше велосипе­ді үшін» марапатталды.  Сондай-ақ ҚР Кон­ституциясының 20 жылды­ғына орай Ақжайық ауданының Чапаев ауылынан Орал қаласына дейінгі 150 шақырымдық вело­марафонға қатысқан 13 жасар Сұл­­тан Нығметов те арнайы ма­рапат­қа ие болды. Аталған қала тұр­ғын­дарына қала әкімінің арнайы сыйлықтары  табыс етілді. Бұдан кейін:

– Мен туған жеріме келіп, сіз­дермен қауышқаныма өте қуа­ныш­­тымын. Велошеру – жас ерекшелігіне қарамайтын, отбасылық үлгідегі жақсы бастама. Спортпенайналысу алдымен өзіңе жақсы демалыс ұйымдастыруға мүмкін­дік береді. Біздің басты мақса­тымыз – велошеру арқылы сала­уатты өмір салтын насихаттап қа­на қоймай, үлкен спорттық жетіс­тіктерге жетуге болатындығын дә­лелдеу. Біздің болашақ чемпион­дарымыз осы велошеруге қаты­су­шылардың арасында деп үміт­тенеміз, – деді ҚР альпинис­тер құрамасының капитаны Мақ­сот Жұмаев оралдықтарға өз сә­лемін жолдай отырып.

Естеріңізге сала кетейік, биыл Шаған өзенінің оң жағалауында  велосипедшілер үшін арнайы веложолдың құрылысы басталған бо­латын. Жалпы ұзындығы ересектерге  2,400 метрді,  ал балалар үшін  400 метрді құрайтын нысан осы жылдың соңына дейін аяқтала­ды деп жоспарлануда. Велошеру одан әрі Абай алаңындағы Ден­саулық  фестивалімен  жалғасты.

Меморандумға қол  қойылды

Сол күні қала әкімі Алтай Көл­гінов шаһар күнін тойлауға арна­йы  келген қонақтарды қабыл­дап, құрмет көрсетті. Қала әкімді­гінің шағын мәжіліс залында Орал қаласы мен Түркия елінің Мани­са, сондай-ақ Орал мен Ресей Фе­дерациясының Орын­бор қалала­ры арасында өзара ынтымақ­тас­тық туралы мемо­­рандумға қол қойылды.

Орал қаласының әкімі Ал­тай Көлгінов ал­ды­мен Түрік елінен келген делега­цияға алғысын білді­ріп, туыс­қан екі елдің арасындағы сау­да-экономикалық және әлеу­мет­тік-мәдени саладағы достас­тық  нығая  түсетіндігін айтты.

– Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев түп-төр­кіні бір, аға­­йынды түркі халық­та­рын бір-бі­ріне жақындас­­тырудың қажетті­гі жөнінде үнемі айтып келеді. Осы бастамаға сәйкес Орал қала­сы мен Түркияның Маниса қала­ларының ынтымақ­та­суы таң­дау емес, керісінше қажеттілік. 2015 жылдың сәуір айында Қа­зақстан­ның Түркиядағы Елші­лі­гінің жә­не Маниса провинциясы басшы­лы­ғы­ның ұйымдастыруы­­мен «Ме­сір» фестивалі аясында «Қа­зақ­стан күндері» өтті. Осында Орал мен Маниса қалалары  бас­шыла­рының қалалар арасында бауыр­­лас байланыстарды орнату жөнін­дегі ниет хаттамасына қол қоюы бізді ерекше қуантқан еді, – деп атап өтті басқосуда Алтай Сей­дірұлы.

Бұдан кейін Маниса қаласының мәдениет және әлеуметтік істер басқармасының басшысы Нурсель Устамехмедоглы мен Орал қала­лық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Сайран Дүйсентегі Орал қаласы мен Маниса қаласы арасындағы мәдени саладағы ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.

– Орал қаласында болғаны­мыз­ға өте қуаныштымыз. Маниса қаласында сәуір айындағы кезде­судің нәтижесінде бүгін қабыл­данған ынтымақтастық меморан­думы енді екі қаланы әріптес әрі бауырмал қала ретінде танитын болады. Алда жоспарлы әрі бір ба­ғытта жасалатын көптеген жұ­мыстар күтіп тұр, — деді  меморан­думға қол қою сәтінде Нурсель Устамехмедоглу.

Меморандумда мәдени сала­да­ғы ынтымақтастық екі қаланың білім, ғылым және мәдениет са­лаларындағы барлық ақыл-ой жә­не шығармашылық әрекеттерді қам­ту туралы жазылған.

Одан әрі  қала әкімі Алтай Көл­гінов пен  Орынбор қаласының бас­шысы Юрий Мищеряков ынты­мақтастық туралы меморан­думға қол қойды.

– Біз жыл сайын бірлескен түр­­де Жайық өзені арқылы қазақстан­дық-ре­сейлік тарихи-мәдени, эко­ло­гия­лық экспедициясын өткізіп келеміз. Биылғы 19-шы экспедиция Қазақстан халқы Ассамблеясы жы­лы мен Жеңістің 70 жылдығына ар­налған еді. Бүгінгі Орынбор қа­ласымен жүргізілген меморан­дум аймақтық әріптестікті нығайтуға, нақты мәселелерді шешуге бағыт­талады. Соның ішінде мәдениет, денсаулық сақтау және білім беру салаларына көңіл бөлінетін болады. Біздің достық байланысы­мыз одан әрі нығайып, әрі пайдалы болатынына сенім білдіремін,- деді қала әкімі А. Көлгінов.

Ресми рәсім аяқталғаннан ке­йін әкімдіктің үлкен мәжіліс залында алыс-жақыннан жиналған қонақтарға арналып салтанатты жиын өтті. Мерекелік қабылдау­ды Алтай Сейдірұлы ашып, жинал­ған қауымды шаһар тойымен құт­тықтады.  Басқосуда ресейлік жә­не түркиялық меймандар, қала­ның құрметті азаматтары сөз сөй­леп, Оралдың арғы-бергі тарихы туралы сөз қозғады. Шаһардың одан  әрі жаңара түсуіне тілекте­рін білдіріп, мерекеге орай қонақ­кәде жасауды да естен шығар­мады.

«Сапалы өнім – 2015»

Мереке түстен кейін облыстық қазақ драма театрында «Сапа­лы өнім – 2015» азық-түлік өнді­ру­шілердің  ІХ қалалық  көрмесіне ұлас­ты. Дәстүрге айналған шара биыл шағын және орта бизнес өкілдері арасында оздырылды. Көр­меге 20-дан аса кәсіпорын өкіл­дері қатысып, өз өнімдерімен таныстырды. Мәселен, кондитер өнімдерін шығарумен айналысатын «Балзия» ЖШС, «Рахат» ЖШС, «Исаев Х.Х» ЖК, «Масеева Л.В.» ЖК, «Енсепова» ЖК, астық-ұн өнімде­рін дайындайтын «Ақ қайнар» нан өнімдері камбинаты» АҚ, «Белес-Агро» ЖШС, «Талецкий» ЖК, минералды су өнімдерін әзірлейтін «Фирма Родник» ЖШС, «Орал Ин­вестком» ЖШС, «Нұржанар» АҚ өнімдерін көпшілікке ұсынды. Со­­нымен қатар ет пен шұжық, сүт пен май өнімдерін шығаратын кә­сіпорындар да осы көрмеден табылды.

Қазіргі таңда отандық өнімдер­ді стандарттау және сертификат­тау, өндірістік мамандарды да­йындау өзекті мәселе күйінде тұр. Сондықтан көрменің басты мақ­саты облыстың әр түкпірі мен қала аумағындағы шағын және ор­та кәсіпкерлікке жан-жақты қол­дау көрсету.  Кәсіпорындар мен зауыттардың қызмет белсенділі­гін, отандық тауарлардың сапа­сын арттыру, тұрғындарды сапалы әрі тиімді өніммен қамтамасыз ету. Кәсіпкерлер өзара тәжірибе алма­сып, инвесторлар тартуға және басқа да іскерлік қатынасты ор­натуға мол мүмкіндік алады, — деп хабарлады қала әкімдігінің бас­пасөз қызметі.

Көрмені өңір басшысы Н. Но­ғаев ашып: «Қалада ұйымдасты­рыла­тын бұл көрменің біз үшін ма­ңызы зор. Өңірде өндірілетін өнім­дерге қолдау жасау біздің міндетіміз. Байқауға қатысатын үміт­керлерге қойылатын талап та жо­ғары. Кәсіптеріңіз өрлей бер­сін», – деп бизнес өкілдеріне сәттілік тіледі.

Байқау қорытындысы бойынша биылғы «Сапалы өнім – 2015» көр­месінің жеңімпазы болып нан өнімдерін шығаратын жеке кәсіп­кер «Талецкий Олег Валерьевич» танылды. Екінші орынға конди­терлік өнім өнідіретін «Балзия» ЖШС лайық деп танылса, үшінші орынға «Орал құс фабрикасы» ие болды.

Көрме одан әрі қала күніне арналған республикалық мүсін­шілер сипозиумының қорытын­ды­сы және  гүлдер фестивалімен жалғасын  тапты.

Ләззат  ШАҒАТАЙ,

«Орал өңірі»


«Алтын әйел» табылған жерде

Күні: , 805 рет оқылды

IMG_9500


Таяуда Вербовный разъезінің аумағында темір дәуіріне жататын қорғанның археологиялық қазылымы басталды. Осыған орай қазба жұмыста­рының басы-қасында жүрген облыстық тарих пен археология  орталығының ғылыми қызметкері, топ жетекшісі Яна Лұқпановамен тілдестік.


Яна Аманкелдіқызының ар­хеологияда 18 жыл жұ­мыс тәжірибесі бар. Ол Шығыс Қазақстандағы Берел нек­рополын, Сарайшық қалашығын, Қараоба, Тақсай, Төңкеріс, Лебедевка және басқа да қорғандар­ды қазу жұмысына қатысты. Яна­мен бірге мұнда орта ғасыр мама­ны Денис Марыксин, қола дәуі­рінің маманы Александр Крягинжәне басқа да орталықтың ғылы­ми қызметкерлері еңбек етіп жүр. Міне, біздің көз алдымызда жұ­мыс­шылар диаметрі елу метр жер қабатының бірінен соң бірінің топырағын шығаруда. Жұмыс үстін­­де археологтар “бровка” деп атай­тын ортасында метрлік ені бар жер үйіндісін сақтауда. Жұмыстың қы­зу жүріп жатқанына қарамастан, Яна Аманкелдіқызы біздің сұ­ра­­ғы­мыз­ға  жауап  беріп  үлгерді.

– Аталмыш қорған ауыл шаруа­шылығы мақсатындағы жерде тұр, сондықтан біз сақтықпен жұмыс жүргіземіз. Ауыр техниканың таба­ны баға жетпес көне ескерткіш­тер­ді құртып жіберуі мүмкін. Егер сіз бровкаға көңіл аударсаңыз, ол – тұтас  сәулет ғимараты. Оған 2500 жыл және ол көне көшпе-лілер – сарматтарға  тиесілі. Аталмыш қабір жарты ғасыр бойы са­лыныпты. Әрине, көнекөшпелілерде трактордеген атымен болғанжоқ. Топырақ тасылыпәке­ліп, жұқалап тө­гіл­­ген. Сіз­дің көріп тұрғаныңыз, мате­рик­ке дейін қазылған қорған, ма­те­рик дегеніміз – адамның ізі, яғ­­ни мәдени қабаты жоқ белдеу. Сон­дықтан біз стратеграфиялық құ­ры­лымды бақылау үшін бровки­лер қалдырамыз. Осы құрылым­ды біз жазып аламыз, суретке сала­мыз. Содан соң компьютерге са­лып, 3Д аумағымен қалпына келті­реміз. Кейін бровканы алып тас­тап, ортасын терең етіп қазуға кі­рісеміз. Мүмкін біз бұдан ештеңе таба да қоймаспыз. Себебі мұндай жерлеу орындары баяғы заманда-ақ сарматтардың өздерінің тара­пынан тонауға ұшыраған шығар. Ар­хеологияда ондай жағдайлар да кездеседі. Дегенмен ғылым үшін мұндағы деректер аса қажет.  Та­рихшылар одан көне көшпе­лі­лер­дің өздері сияқты Қара теңіз, Арал бойындағы, Ахеменидтер Ира­нындағы көшпелілермен байланысы хақында мәліметтер алатын шы­ғар. Біз әзірге жерлеу алаңқайы­на жеткеніміз жоқ. Бірақ керами­ка­ның жекелеген бөлшектері бұл қорғанның ерте тас ғасырына жататынын дәлелдейді. Бұл – біздің дәуірімізге дейінгі 6-4 ғасырлар. Керамикалық бұйым мен жерлеу дәстүрі соны дәлелдейді. Жылқы сүйектері де көп. Мәселен, оңтүс­тік жақты қазғанда жылқының тістері ұшырасса, солтүстік жағын­да аяқтары жатыр. Жерлеудің бұл әдісінің өзіндік мәні бар. Көшпе­­лілер жылқыны жоғары бағалап,оны күн сәулесіне теңесе керек. Сон­дықтан күннің жедел құда­йы­на арнап, олар жылқыны құрбан­дыққа шалған. Жалпы, сарматтар­дың өздері өте жауынгер, ержүрек халық болған. Оларда әскери демократия үстемдік етті. Көне көш­пе­лілер соғысқа үнемі басымдық бе­ріп отырған. Бұған археологтар ашқан дереккөздер дәлел, – дей­ді  тәжірибелі  археолог.

Бұл ауданда қорған биіктіктері­нің сан алуан тізбесі бар екен. Яна Лұқпанованың айтуынша, көшпе­лілер оларды әдейі қыраттарда көтеріп, жылма-жыл көшу маусы­мында бағдаршам ретінде пай­да­ланған. Биылғы археологиялық қаз­ба жұмысының алдында барлау, зерттеу, алдын ала қазып көру ісіне мән беріліпті. 2012 жылдың өзінде-ақ, осы ауданның Тақсай 1 кешені аумағында археологтар артефактысы көп жерлеу орнын тапты. Ең бастысы – мұнда алтын бұйымдары мен пышақ, қазан, қола айнасы, көшпелілердің парсылармен қақтығысын көрсеткен тарағы бар діндәр әйелдің сүйегі табылған. Алтын бұйымдарына бо­ла, әлгі әйелге “алтын” деген ат қойылып, жерлеу орнының өзі ай­рықша бағаланды. Янаның сөзін­ше, жаңағы заттар бір метрлік те­реңдікте жатқан, оның үстімен 60 жыл бойы трактор жүріпті. Егер құт­қару жұмысы болмаса, онда табылған тарихи мұра жойылып кетер еді. Яна бізге қазанға ұқсас көне қыш құмыраның сынықтарын көрсетті. Ғалымдар сараптама нә­тижесінде қазірдің өзінде онда сар­маттардың қандай тағам пісір­генін, қай азық-түлік түрін тамақ­та­нуға қолданғанын білді. Тарих­шы-археологтың айтуынша, Теректі ауданы көне тарихи мұраға аса бай. Оны зерттеу көптеген тари­хи деректердің мазмұнына айқын­­дық енгізіп, Отанымыздың, туған өңір­дің шежіресін жақсырақ білу­ге мүм­кіндік береді. Археология­лық қазбалар қыркүйек айының соңын­да  аяқталмақ.

Нұрзия СИСЕНБАЕВА,

Теректі ауданы


Ғалымдар бас қосты

Күні: , 767 рет оқылды

2


Өткен аптада Қадыр Мырза Әлі атындағы мәдениет және өнер орталығында Қазақ хандығының 550 жыл­­­дығына арналған ха­лық­ара­лық дөңгелек үстел отырысы өтті.


Шараны Орал қала­сы­ның әкімдігі мен «Ақ­жол» ғылым және бі­лім қоғамдық қоры ұйымдастыр­ды. Дөңгелек үстелге қала әкімі Алтай Көлгінов қатысты.

– Қазақ хандығының 550 жыл­дығына арналған бұл  конферен­ция – тарихи  маңызы зор шара. «Тарих – өткеннің сабағы, алда­ғы­ның кейінге өнегесі» деп Елбасы Н. Назарбаев айтқанындай, тарихты білмей болашаққа жоспар құру бекершілік. 1465 жылы батыр бабаларымыз Жәнібек пен Керей Қа­зақ хандығының негізін қалады. Осы сәттен бастап қазақ халқы саяси бастау алғандығы туралы тарихта қалды. Тәуелсіздікке қол жеткізу барысында түрлі қиын­дық­­тарды басынан өткерді. Осыдан V ғасыр жарым бұрын жүріп өт­кені тәуелсіздік пен дербестік жолындағы күрес жолы болды. Мемлекетімізді нығайтып, өр­кен­дету жолында үлкен жетістікке же­­тіп отырмыз. Елбасымыз НұрсұлтанӘбішұлы елімізді дамы­ған отызелдің қатарына кіргізу мақсатын­да бес институционалды рефор­­ма жариялады. Бұл – тә­уелсіз мемлекетімізді өркендету жо­лын­дағы маңызы бар құжат. Көне дәстүрі, бай тарихы бар еліміздің дамуы­на бірге атсалысайық, – деді Ал­тай  Сейдірұлы.

Дөңгелек үстел барысында  қа­зақ хандығының қалыптасуы, Еу­разия тарихындағы қазақ хан­ды­ғының орны мен рөлі және қа­зақ хандығының қалыптасуына  үлестерін қосқан тарихи тұлғалар ту­ралы   кеңінен әңгіме қозғалды.

Сондай-ақ конференцияда  Орыс география  қоғамының  вице-президенті, РҒА Орал бөлімшесі Дала институтының директоры, гео­гра­-фия ғылымдарының докторы, про­­фессор Александр Чибилев, РҒА Н.Н Миклухо-Маклай атындағы эт­нология және антропология инс­титутының жетекші ғылыми қыз­мет­кері, тарих ғылымдарының док­торы Эмма Зиливинская мен елі­міздің аймақтарынан келген жә­не жергілікті  тарихшылар баяндамаларын оқыды.

Шара барысында шаһар басшысы Алтай Сейдірұлы Ресейден келген Александр Александрович пен Эмма Давидовнаға  Қазақ хандығының 550 жылдығына ар­налған естелік монетасын табыс етті.

   Гүлсезім БИЯШЕВА


Латвиямен байланыс аясы кеңімек

Күні: , 85 рет оқылды

DMS_5029


Кеше облыс әкімі Нұрлан Ноғаев Латвиядан келген делегацияны қабылдады.


Мәртебелі меймандар өңір басшысына Қа­зақстанның, соныңішінде Батыс Қазақстан облысының экономикалық әлеуетінің жо­ғары екенін жеткізіп, мұндағы өнеркәсіп орындарымен серіктес болуға мүдделі екендіктерін айтты.

– Батысқазақстандықтармен арадағы байланысымыздың ая­сы жыл өткен сайын кеңіп келе­ді. Мәселен, Оралдағы «Кублей» ЖШС осыдан бірнеше жыл бұрын бізден балық өнімдерін өңдей­тін құрал-жабдық алған еді. Бүгінгі таңда екі жақ энергетика, кө­лік-логистикасы саласы бойын­ша бай­ланыстарын дамытуда. Біздің елде де, сіздің өңірде де машина жасау саласы қарқын алып ке­леді. Яғни бұл бағытта өзара тә­жі­рибе алмасқан жөн. Делега­­ция­­ сапарының мақсаты  осын­дай, – деді жергілікті БАҚ өкіл­деріне сұхбат берген делегация жетекшісі, Латвияның Экономика министрілігіне қарасты Даму агенттігінің өкілі Андрис Алкснис.

Латвиялықтар облысымыз­да ап­­таның соңына дейін болып, Қа­рашығанақ кенішімен және бас­қа да бір­қа­тар өндіріс ошақта­рымен  таныс­пақ.

Сәкен ӘБІЛХАЛЫҚОВ,

«Орал өңірі»


Жобаның бес грантын иеленді

Күні: , 805 рет оқылды

IMG_5585


«Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ-ның аймақтық филиалында «Жұлдыздарға қара» жоба­сының биылғы жеңімпазы атанған жерлестерімізге бес гранттық сертификат салтанатты түрде табыс етілді.


Жиынды ашқан «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ филиалы­ның аймақтық директоры Ербол Иденов «Даму» кәсіпкерлікті да­мыту қоры» мен «Құс жолы» кор­по­ративті қайырымдылық қо­рының ұйымдастыруымен және «Қаз­ком­мерцбанк» АҚ-ның қар­жылай қол­дауымен іске асырылып отырған «Жұлдыздарға қара» жобасының мүмкіндігі шектеулі жандардың бизнес-идеяларын жүзеге асыру­ға арналғанын атап көрсетті. Оның айтуынша, биылғы жылы грант­тық қаржыға ие болған кәсіп­кер­лердің  екеуі Орал қаласынан, үше­уі  – аудандардан.  Жоба бо­йынша өткен жылы бір, 2013 жы­лы 2 жобаға қайтарымсыз грант­тық қаржы бөлінген. «Қазком­мерц­банк» АҚ-ның облыстағы филиалы директорының орынбасары Нұрлан Жакиев алдағы жылы да жобаның жалғасатынын, жобаға тек өз ісін жаңадан бастаған мү­ге­дек-кәсіпкерлермен қатар кәсіп­керлікпен бұрыннан айналыса­тын мүмкіндігі шектеулі жандар да қатыса алатынын айтты. Сонымен қатар биыл кәсіпкерлер­дің өтініштері бойынша   жоба­ның бюд­жеті 150 мың теңгеден 300 мың теңгеге ұлғайтылған көрінеді.

«Биыл тамыз айында жоба­ның қорытындылары шығарылды.  Жо­ба бойынша еліміздің өңірлері­нен 134 кәсіпкерден тапсырыс тү­сіп, соның 50-і  ғана гранттық қар­­жыға ие болды. Батыс Қазақ­стан облысынан 8  мүгедек-кә­сіп­кер жо­баға қатысып, олар­дың бе­сеуі грантқа қол жеткізді», — де­ді «Құс жолы» корпоративті қайы­рымдылық қорының Оралдағы өкілі Марина Сластина.

Конкурстық комиссияның ше­шімімен 195 мың теңге көлемінде гранттық қаржыға ие болған Қазталов ауданындағы Қараөзен ауылының тұрғыны 3-топтағы мү­гедек Берік Құсайынов бұл қар­жыға тігін машинасын, тігісті әде­мілейтін машина, киім пішетін үс­тел, үтік, манекен сатып алуға жұм­саған. Бала кезінен 3-топтағы мүгедек оралдық Зарина Мусина 226 мың теңге көлемінде грант алды. Ол гранттық қаржыға Трекин ауылынан ашып жатқан азық-түлік дүкеніне қажетті тоңазыт­қыш витрина мен мұздатқыш камера алған. Грант алған Ақжа­йық ауданындағы Тайпақ ауылы­ның тұрғыны 3-топтағы мүгедек Ерлан Смадияровтың аяқ киім жөн­дейтін цехы бар, өзі сонда етікші болып жұмыс істейді. Енді ол жоба бойынша 100 мың теңге көлемінде грантқа қол жеткізді. «Ұлым Ерланның құлағы естімейді. Мына гранттық қаржыға тігін цехын ашу үшін іс машинасын, тігісті әдемілейтін арнайы маши­на алуға жұмсадық. Келінім мен өсіп келе жатқан қызым іс тігеді. Жасым 60-қа келсе де, соларға бас болып, көрпе жасайтын цех ашайын деп отырмын. «Даму» қо­рының ұжымына, банкке, қорға отбасымыз атынан алғыс айта­мыз», – деді Ерланның анасы Сағи­да Смадиярова.

Грантқа ие болған оралдық Ди­на Рахымбаеваның бала кезден құлағы естімейді, сөйлей алмай­ды. Солай болғанымен, оның ана­сы Динаны кішкентай кезінен қол­өнерге, іс тігуге баулыған.   «Алма­тыдағы сервис колледжін бітірген қызым ательеге жұмыс істеп, тәжірибе жинақтады. Енді, міне, ол өзімнің тігін цехым болса деген арманына қол жеткізу үшін мемлекеттің қолдау-көмегін алып отыр. 286 мың теңге шамасында­ғы гранттық қаржыға 3 тігін маши­насын, оверлок, киім үтіктейтін тақтай, манекендер сатып алу­ға жұмсады. Жобаны ұйымдасты­рушыларға мың алғыс айтамын», — деді Динаның анасы  Сәуле.

– 2011 жылдан бері көрпе жа­сап, іс тігумен айналысамын. Кә­сі­бімді әрі қарай дамыту үшін жо­баға қатысып, бақ сынадым. Жо­лым болып 300 мың  теңге көле­мінде грантқа ие болдым.   Бұл қаржыға өз қаражатымды қосып, 750 мың теңгеге жүн түтетін қон­дырғы сатып алып, орнаттым. От­басылық бизнес және бір ауылдасымды жұмысқа қабылдадым. Қырықтық кезінде ауыл-аймақ­та­­ғы тұрғындардан бір тоннаға де­йін сапалы қой жүнін сатып аламын. Содан жасалған көрпе-тө­се­ніштерге жәнібектіктерден және Ресейден, әсіресе, іргелес Волгоград облысынан да тапсырыс берушілер баршылық. Қазір жүн түтетін қондырғымның арқасында тұрғындарға жүннің келісін 250 теңгеден түтіп берудеміз, – деді Жәнібек ауданынан келген 3-топ­тағы мүгедек  Назым  Молдашева.

Гүлбаршын ӘЖІГЕРЕЕВА,

«Орал өңірі»


“Тұрғын үй қорын жаңғыртудан алдамыз”

Күні: , 783 рет оқылды

IMG_6509


Алдияр ХАЛЕЛОВ, Шыңғырлау ауданының әкімі:

— Алдияр Сансызбайұлы, өзі­ңіз тізгінін ұстаған ауданда мемлекеттік бағдарламалардың қайсысы сәтті жүзеге асуда?  

— Ауданда шағын және орта бизнесті дамытуды, оның ішінде өндіріс саласын кеңейтуді көз­де­ген нақты жоспар бар. Ағымдағы жылдың маусым айында аудан орталығында «Инвестиция тарту – экономиканың  даму жолы» атты облыстық семинар өткізіліп, он­да шағын және орта бизнестегі же­тістіктер көрсетілді, болашақта іс­ке асырылатын жобалар жұртшы­лық пен әлеуетті инвесторлар назарына ұсынылды.


Шілдеде облыс әкімінің орын­басары Игорь Стексовтың қаты­суы­мен және «Даму» кәсіпкерлік­ті дамыту» қорының қолдауымен Орал қаласында Шыңғырлау ау­данының кәсіпкерлеріне арнал­ған «Шыңғырлау күні» атты жиын ұйымдастырылды. Осы жиын барысында біз өз ауданымыздың мәселелерін егжей-тегжейлі тал­қылап, қаржылық институттардың өкілдерімен ақылдасып, өзімізге қажетті бағыттарды айқындадық.

Енді ауданымыздағы жұмыс­тарға тоқталар болсақ, «Бизнес­тің жол картасы – 2020» бағдар­ламасы аясында бір кәсіпкердің оқу орталығын салуға 7 млн. тең­ге, шаруасын кеңейтуге 5 млн. тең­ге, көбіктас, құмтас шығаратын це­хына қажетті 5 млн. теңге несие алуға берген құжаттары рәсімде­луде. Бұл бағдарлама бойынша тағы да 10 жобаның құжаттары жинақталуда.

Ауыл шаруашылығын қаржы­лай қолдау қоры арқылы «Жұ­мыспен қамтудың жол картасы – 2020» бағдарламасымен ауданы­мызға бөлінген 30 млн. теңгенің күні бүгін 9 млн. теңге несиесі алынды. Ауыл тұрғындарының көпшілігі мал шаруашылығын да­мытуға, наубайхана ашуға, авто­көлік жөндеуге, шаштараз ашуға, кафе жұмысын кеңейтуге ниетті.

Нақты бағдарламаларға кел­сек, «Кәсіпкер» бағдарламасы ар­қылы бір шаруа қожалығы алған 5,4 млн. теңге несиені дәнді да­қылдар тұқымын сатып алуға пайдаланды.

Ауыл шаруашылығы са­ласында  ағымдағы жылы «Бауырым» шаруа қожалы­ғы 150 бас қазақтың асыл тұқымды ақбас аналық ма­лын, «Бірлік» шаруа қожа­лығы 300 бас еділбай қо­йын және «Агрофирма Жа­рас» шаруа қожалығы 55 бас көшім тұқымды жылқы малын алып, асыл тұқым­ды мал басын өсіруші шаруа­шылықтар қатарына енуді жоспарлап отыр. Бұдан бас­қа «Мырзағара», «Бекманов» шаруа қожалықтары 9,8 млн. теңгеге 339 қой басын, «Муканов», «Бірлік» және «Бекманов» шаруа қожалықтары «Құлан» бағ­дарламасымен 34,8 млн. теңгеге 115 бас жылқы сатып алды. Ақ­бұлақ ауылдық округінің «Нұр­сұлтан» шаруа қожалығы «Құлан» бағдарламасы бойынша 9,1 млн. теңгеге 33 жылқы басын алуды жоспарлап, жұмыстануда.

«Агробизнес – 2020» бағдар­ла­масы аясында Ащысай ауылында «Бірлік» шаруа қожалығы жалпы көлемі 2 мың шаршы метр, 400 басқа есептелген ірі қара малын бордақылау алаңын осы жылдың аяғында іске қосуды жоспарлауда.

Күні бүгін қуат көздерін үнем­деу – жаһандық проблемалар­дың бірі. Осы мақсатта Ащысай ауылына қарасты «Ғайни» шаруа қожалығы жобалық құны 8 млн. 200 мың теңге тұратын, жел және күн энергиясынан қуат алатын электр стансасының құрылысын аяқтады. Ол бес мың құсқа арнал­ған құс өсіру фабрикасын электр қуатымен толық қамтамасыз етеді.

— Шыңғырлау – біздің облыс­тағы темір жолдың бойында орналасқан екі-үш ауданның бірі. Осы фактордың эконо­ми­калық-әлеуметтік тиімділігін қа­лай сезінудесіздер?

— Жалпы, Шыңғырлау – шағын  және орта бизнестің дамуына әлеуеті жоғары аудандардың бірі. Ауданнан төрт бағытқа: Ақсай, Ақтөбе қалаларына, көршілес Ре­сей Федерациясына, республи­калық маңызы бар Самара-Шымкент тас жолына шығуға болады. Әрине, осы бағытта темір жолдың маңызы зор. Темір жолдың кө­мегімен «Астана» сауда үйі Орал, Ақтөбе және Алматы қалаларынан төмен бағамен құрылыс мате­риалдарын жеткізіп, тұрғындарға қолжетімді бағамен ұсынып отыр. Бұдан басқа да игілікті тұстары мол.

Жеті мыңнан астам тұрғыны бар аудан орталығына ірі супер­маркеттің керегі анық еді. Осыны ескерген «Жұмалиева» жеке кә­сіп­керлігі «Теща» супермаркетін ашты. 23 адамды жұмыспен қам­тып отырған супермаркет «Қазақ­станда жасалған» акциясы аясында өз ауданымызда өндірілген ауыл шаруашылығы өнімдерін сө­релерге қойды. Ендігі кезекте «Орал» әлеуметтік-кәсіпкерлік кор­порациясы арқылы көкөніс қой­масын ашуды жоспарлаудамыз.

Аудан орталығында құрама жем шығаратын зауытты іске қосуды көздеп отырмыз. Ниет білдірген инвестор бар. Сәтін салса, аудан­ның шаруашылық құрылымдары өнімдерін зауытқа тапсырмақ. Шикізат өңделіп, өзіміздің облыстың орталығы, көршілес аудандар жә­не өзге облыстар құрама жеммен қамтылады.

Темір жолдың аудан аумағы­нан өтуі әлеуметтік тұрғыдан да тиімді. Өйткені шыңғырлаулық­-тар елордасы – Астанаға  1,5 тәу­лік­те, оңтүстік астанамыз – Ал­ма­тыға  2,5 тәулікте жете алады. Бұл да аса пайдалы фактор деп есептеймін.

— Алдияр Сансызбайұлы, сіз­дің аудан тұрғын үй қорын жа­ңартып-жаңғырту жөнінен кең­байтақ Қазақстан бойынша ал­дыңғы лектен көрініп отыр. Осы жетістіктеріңіздің жай-жапсары жөнінде кеңірек әңгімелеп бер­сеңіз?

— 2012 жылы көппәтерлі тұр­ғын үйлерді күрделі жөндеуге «Жаң­ғырту» бағдарламасы бойынша 108,7 млн. теңге бөлінді. Осы қа­ражатқа жөндеуге жарамды 20 екі қабатты тұрғын үй түгел сапалы жөнделді. Яғни үйлердің төбе жа­бындары жаңартылып, пластика­лық терезелер орнатылып, кіре­беріс жақтаулары қалпына келті­рілді. Су, электрмен қамту жүйе­лері жаңғыртылып, үйлердің сырт­қы келбеті адам танымастай өз­герді. Жұмысқа жүзге жуық адам тартылды. Соның 58-і – жергілікті  жұмыссыз азаматтар. Сондай-ақ «Жаңғырту» бағдарламасы арқылы жаңғыртылған екі қабатты тұрғын үйлердің тұрғын үй көмегіне зә­ру болып отырған тұрғындарына, 2014 жылы 83 отбасыға 4774,6 мың теңге, 2015 жылдың алты айына 50 отбасыға 1961 мың тең­ге көлемінде тұрғын үй көмегі көрсетілді.

Ауданда ауыз су әр шаңырақ­қа кіргізілгенін ескере отырып, 2015 жылы бөлінген 19,8 млн. теңге қаржыға екі қабатты тұрғын үйлерге кәріз жүйесі тартылуда.

Қаражат қайтарымы жаман емес. Бүгінгі күнге жиналуы тиіс  қар­жының 56 пайызы, яғни 10 млн. 600 мың теңгесі қайтарылды. Қай­тару бойынша облыста Орал қа­ласынан кейін екінші орындамыз. Түсінік жұмыстары ұдайы жүргі­зілуде. Үйлері күрделі жөндеуден өткен тұрғындар арасында кикіл­жің, наразылық жоқ.

— Шыңғырлау өңіріне келген жас мамандар біржола тұрақ­тап қалуы үшін сіздің ауданның халқы асарлатып үй салып беруді дәстүрге айналдырған екен. Осы жақсылықтарыңыз өзге аудан-ауылдарға жұғысты болуы үшін кеңірек әңгімелеп берсеңіз. Тағы қандай маман­дарға сұраныс бар?

— Қазіргі таңда ауданда жас ма­мандарды жергілікті жерде тұ­рақтандыру мақсатында «Дипломмен ауылға» бағдарламасы зор көмегін тигізуде. Атап айтсақ, өткен жылы 55 маманға 7,1 млн. теңге көтерме жәрдемақы төлен­се, 26 маманға тұрғын үй сатып алу үшін 67,4 млн. теңге көлемін­де бюджеттік  несие берілді.

2015 жылы көтерме жәрдем­ақыға 15,7 млн. теңге бөлінді. Ағымдағы жылдың алты айында көтерме жәрдемақы 3 маманға 0,4 млн. теңге көлемінде төленді. 2015 жылы тұрғын үй сатып алу үшін 50,5 млн. теңге бөлініп, қазір­гі таңда 17,8 млн. теңге көлемін­де 6 маманға бюджеттік кредит берілді. Жалпы аталған бағдарла­ма басталғалы 247 маманға 27 млн. 253 мың теңге көлемінде көтерме жәрдемақы төленсе, 115 маманға тұрғын үй сатып алуға 243 млн. 915 мың теңге көлемінде бюджеттік несие ұсынылды. Және де бұл бағдарламаға қоса Амангелді ауылында тұрғындардың көмегімен 2012-2015 жылдар аралығында асарлатып 2 тұрғын үй салынды. Осы игі істің арқасында мектептің 4 мұғалімі, оның ішінде 1 жас маман баспанамен қамтылды.

Осындай бастама Сегізсай ауылында жалғасып, тұрғындардың ұйымдастыруымен және асар әді­сімен жас мұғалімдерге ар­нал­ған 4 тұрғын үй пайдалануға бе­рілді. Айта кететіні, былтыр ғана құрылысы аяқталған 48 орындық Сегізсай негізгі мектебіне жас мамандар легі көптеп келіп еңбек етуде. 2013-2014 оқу жылында 4 жас маман жұмысқа орналасты.

— Сегізсай демекші, осыдан біразырақ жыл бұрын Сегізсай ауылының тұрғындары пат­ронаттық тәрбиеге алған балалар жаңа ортаға бейімделіп, ауылға бауыр басып кетті ме?

— Сегізсай ауылында 2010 жыл­дан бастап 15 отбасы Орал қала­сындағы балалар үйлерінен же­тім және ата-анасының қамқор­лығынсыз қалған 18 баланы пат­ронаттық тәрбиеге алып, тәр­бие­леп келеді. 2014 жылы да 4 отба­сы 5 баланы патронаттық тәрбие­ге алған болатын. Балалардың барлығы дерлік  ауылға, отбасыға тез бейімделіп, тіл табысып, бауыр басып  кетті.

Қазіргі кезде патронаттық тәр­биеге алынған балалардың алды мектеп бітіріп, мектептен кейінгі білім беру мекемелерінде өз бі­лімдерін жалғастыруда. Атап өтер болсақ, Эдуард Ерғалиев пен Еркебұлан Хангереев биыл Шың­ғырлау колледжінде  өткен оқу жылында екінші курсты тәмамда­ды. Аңсар Қазбек – Орал қала­сын­дағы мұнай, газ және салалық технологиялар колледжінің екінші курс студенті. Олар аудан ор­талығында, Орал қаласында оқы­ғандарымен, қысқы, жазғы демалыс кезінде үйлеріне қыдырып келеді. Патронаттық тәрбиедегі Аңсар Қазбектің баспана кезегі келіп, биыл үйінің кілтін алды. Осындай үлкен жауапты істі қол­ға алып, яғни ата-ананың қам­қор­лығынсыз қалған балаларды өз отбасына әкеліп, өз перзентте­ріндей бауырларына басып, тә­лім-тәрбие беріп отырған ауыл тұрғындары туралы әр уақытта мақтанышпен айтып жүремін.

— Алдияр Сансызбайұлы, ау­дан орталығының көркі мен тазалығы бүгіндері көрген көз­ді сүйсінтеді. Мұндай деңгейге жетудің жолы қандай, амалы қайсы?

— Аудан орталығы  ауданымыз­дың айнасы болғандықтан, аудан орталығының тазалығына, көркі­не үлкен көңіл бөлудеміз. Жұмыс жоспарға сәйкес жүріп жатыр.  Ағымдағы жылы ағаш отырғызу, абаттандыру мәселелеріне көп көңіл бөлінді. Мекемелер, жергілікті тұрғындардың көмегімен 2500 түптен астам көшет отыр­ғызылды. Көктем айларында Ақ­сай қаласынан шыршалар сатып алынып, Шыңғырлау ауылының үш саябағына егілді. Ағаштарды күтіп-қарауға жауапты мекемелер бекітілді.

Аудан орталығындағы тал-шы­бықтарға зақым келтірмеу үшін ірі қара мен қой-ешкі атаулыны далаға бағысқа шығару жұмысы қолға алынып, аудан орталығы­нан белгілі бір қашықтықта жайы­лым белгіленді.

Сонымен қатар жыл сайын көктемде санитарлық айлықтар жариялаймыз. Биыл да бұл үрдіс жалғасын тауып, 6 сә­уір-6 мамыр аралығында санитар­лық айлық өткізілді. Айлық барысында бар­лық елді мекендерден 300 тоннадан астам күл-қоқыс шығарылып, жаңадан 2660 түп тал-шыбық егілді.

Дайындаған Тоқтар ҒАБДІРЕШҰЛЫ,

“Орал өңірі”


Жәрмеңкеге жұрт ағылды

Күні: , 778 рет оқылды

DSC_1000


Қазір халықтың қысқа азығын қамдап, жаңа өнімнен қор жинайтын кезі. Осы кезде Оралдың көшелерінен арнайы ұйымдастырылған жәрмеңкелерде сауда қыза түспек. Жыл сайын дәстүрлі ұйымдастырылатын жәрмеңкеде зеленовтық шаруалар өз өнімдерін халыққа арзан бағамен ұсынуда.


Қала орталығындағы жәрмең­кеге өткен сенбіде зеленовтық 24 шаруашылық өз өнімдерін шығарды. Байқағанымыз, Янайкин, Көшім, Щапов, Макаров, Трекин, Мичурин, Дариян, Зеленый ауылдары алқабында егіліп, баптал­ған өнімге халықтың сұранысы өте жоғары. Жәрмеңкеде орам­жапырақ  60, қияр 40, қарбыз  20, қауын  45, қызанақ 60-70, картоп  50, асқабақ  50 теңгеден сатылу­да. Жергілікті өнімнің сапалы, сақтауға сенімді әрі дәмі тіл үйі­ретінін жақсы білетін қалалық­тардың жекелеген шаруаларға келіп, арнайы тапсырыс жасап жатқанын да құлағымыз шалып қалды.

– Көшімдік «Файнуллин» шаруа қожа­лығын іздеп келдім. Өткен жылы осы жі­гіттен алып, тұздап жапқан қияр-қыза­нақтарымызға қыстыгүні сұраныс өте жо­ғары болды. Бұл өнімнің жоғары сапасын көрсетеді әрі бағасы да бізге тиімді, – дейді  оралдық  Мария Борисова. Ал аудан орталығы мен Дариянда өткен жәрмеңке­ге шаруалар қой, жемшөп, үй құстары, бал, кондитер өнімдері мен кәуап та шығарды. Айта кетерлігі, ауылда бидай мен жем түрлеріне, қойға сұраныс өте жо­ғары болды.

– Жаңа піскен өнімді нарық­тық баға­дан әлдеқайда төмен бағамен ұсынуды кәсіпкерліктің әлеуметтік жауапкершілігі деп түсінетін зеленовтық шаруалар биыл да белсенділік танытуда. Қала орталығындағы М. Ықсанов көшесінде ұйымдастырылған жәр­меңкеде біздің шаруалар бақша, кондитерлік өнімдерін, шұжықтың түрлері мен бал ұсы­нуда. Жәрмеңкеде ауданымыз­дан 2 ЖШС, 2 жеке кәсіпкер және 35 шаруа қожалық өз өнімдерін сау­далауда, – дейді аудандық кә­сіпкерлік бөлімінің басшысы Бағдат Тоғжанов.

Ауыл шаруашылығы өнімде­рін молдап алып, қысқа қам жасап жатқан тұтынушыларға жәр­меңкенің қара күзге дейін жал­ғасатынын еске саламыз.

Нұржан ДҮЗБАТЫР,

Зеленов ауданы


Өмірің ұзақ болсын десең, қимылда!

Күні: , 75 рет оқылды

10458733_433817286816361_176381040449259195_n


Өткен сенбі күні Қала күніне орай  облыстық  қазақ  драма  театры алаңында «Денсаулық фестивалі – 2015» акциясы өтті. Салауатты өмір салтын насихаттаған шараға медицина қызметкерлері, спортшылар, жастар мен қала тұрғындары, жалпы саны 3 мың адам қатысты.


Жыл сайын өтетін шарада дә­рігерлер тілек білдірушілердің ар­териалдық қан қысымын, көз қы­сымын, бойы мен салмағын өл­шеп, медициналық кеңестер берді. Жастар қазақша күрес, дартс, қол күресі, көңілді стартқа қатысып, өз мүмкіндіктерін  сынады.

– Спортпен айналысу, ішімдік, темекі, есірткіден аулақ болу, дұ­рыс тамақтану, белсенді қи­мыл-қозғалыста болу – ұзақ өмір сү­ру­дің жолы. Денсаулық – таби­ғат­тың берген баға жетпес сыйы, оны сақ­тай білу – әр адамның мін­деті, өз жауапкершілігі. Салауатты өмір сал­тын ұстану үшін Үкі­мет қолдан келгенді істеп жатыр, спорт залдары салынуда, әр түрлі спорттық шаралар көптеп өтуде. Мен бүгінгі акцияны пайдала­нып, ата-аналардан балаларын жас ке­зінен бастап спортқа бейімдеуді, оларға әр адамның денсаулығы өзіне ғана байланысты екенін тү­сіндіруін  сұраймын. Ең болмаса, күн сайын ертемен жаттығу жасауды дағдыға айналдыру қажет. Өкінішке орай, жастар соңғы кезде компьютер алдында ұзақ отырады, бұл қан ай­налымы қызметіне, жалпы ден­саулыққа зор зиян. Ал керісінше, қимыл-қозғалыс – өмір, – дейді  Батыс Қазақстан облыстық салауатты өмір салтын қалыптас­ты­ру орталығының бөлім меңге­ру­шісі Альфия Нұрланбаева.

Шарада жастар флешмобқа қа­тысып, ән шырқап, би биледі.

Зағипа  ІЛИЯС


БҚО, Орал қаласы, Мұхит көшесі, 57/1
zhaik_presscenter@mail.ru
oral_oniri@inbox.ru
support@oraloniri.kz

Орал өңірі" газетінің бас редакторы: 51-25-80
Бас редактордың орынбасарлары: 24-17-08, 54-18-08
Жауапты хатшы: 54-38-22
Тілшілер: 50-66-88, 51-50-34
Жарнама бөлімі: 51-51-09
Яндекс.Метрика