Мұрағат: 05.09.2015


Бензин бағасы босатылғанымен бақылауда болады

Күні: , 815 рет оқылды

DMS_4209


Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында мәлім болғанындай, Үкімет Аи-92/93 маркалы бензиннің бағасын мемлекеттік реттеуден бас  тартты. Осы мәселеге орай облыс әкімдігінің үлкен залында арнайы брифинг өтіп, оған облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Мұрат Бәйменов, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Наурызбай Қарағойшин, БҚО табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау департаментінің бөлім басшысы Оралбек Құлмұрзин қатысты.


— Бұған дейін литрі 108 теңге­ден сатылып келген Аи-92/93 бен­зинінің бағасын енді мемлекет реттемейді. Облысымызда жүз­ден астам жанар-жағармай құю беке­ті бар. Бүгіннен бастап сол бекет­тер аталмыш маркалы бензинді нарықтағы қалыптасқан баға бойынша тұтынушыларға ұсы­на­ды. Аи-80 бензині мен дизель оты­нының бағалары мемлекетпен реттеліп отырады, — деді облыстық энергетика және тұр­ғын үй-ком­муналдық шаруашылығы басқар­масы басшысының орынбасары Мұрат Бәйменов. Оның айтуынша, жанар-жағармайдың кейбір түрлеріне бағаны мемлекеттік реттеуден босату қысқы жылыту мау­сымына әлеуметтік нысандарды дайындауға өзінің «салқы­нын» тигізбейді. Өйткені бюджеттік әлеуметтік нысандардың басым көпшілігі табиғи газбен, көмірмен, мазутпен, дизель отынымен жылытылады. Ал олардың бағасы бұрынғы күйінде сақталады.

— Өңірімізде жанар-жағармай­дың қоры жеткілікті. Қолымызда­ғы мәліметтер бойынша, 300 мың тоннадан астам Аи-92 бензині бар. Одан басқа ҚР Энергетика министрлігі облысқа қыркүйек айына 4470 тонна Аи-92 бензинін бөл­ді. Сондықтан қазіргі облыстағы бензин қоры тұрғындардың бензинге деген сұранысын толық қа­нағат­тандырады, — деді М. Бәй­менов.

Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орын­­басары Наурызбай Қарағойшин­нің айтуынша, өңірдегі ауыл ша­руашылығы саласы жанар-жағар­маймен толықтай қамтамасыз етіл­ген. «Көктемгі-жазғы далалық жұмыстарға 12 мың тонна сұйық отын бөлініп, ол шаруаларға литрі 81 теңгеден босатылды. Енді күзгі жиын-терімге және мал азығын дайындау жұмыстарына қосымша 14 мың тонна жанар-жағармай бөлінді. Оның да бағасы еш өз­ге­ріссіз, 81 теңгеден. Облыстың ауыл шаруашылығы саласы бой­ын­ша, әсіресе, дизель отыны арзанда­тылған бағамен, яғни 81 теңгемен сатылып келді және жыл аяғына дейін осы бағамен босатылады. Күні бүгін 14 мың тонна жанар-жағармайдың 1,5 мың тоннасы шаруа қожалықтарына жеткізілді. Сондықтан ауыл шаруашылығын­да жанар-жағармайдан тапшылық жоқ, — деді Н. Қарағойшин.

БҚО табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау департаментінің бөлім басшысы Оралбек Құлмұрзиннің айтуынша, Аи-92/93 маркалы бензинінің бағасы еркіне жіберілгенмен ба­қылауда болады.

– Облыс нарығында мұнай өнім­дері саласындағы басымдыққа ие тізілімге енген субъектілердің тарапынан бәсекелестік туралы заң талаптары сақталмайтын болса, оларға қатысты әкімшілік шаралар алынады. Бастысы, бағаны негізсіз өсіруге, бағалық ымыраға баруға жол берілмейді. Жанар-жағармай сатушы субъектілер ба­ғаны негізсіз көтерген жағ­дайда Әкімшілік құқықбұзушылық ко­дек­сінің 159-бабына сәйкес, әкімшілік жауапкершілікке тартылады. Соның ішінде шағын және орта кәсіпкерлік субъектілеріне монополиялық кірістің 3 пайызы шамасында, ірі кәсіпкерлік субъек­тілеріне монополиялық кірістің 5 пайызы мөлшерінде айыппұл салынады және монополиялық кірістері толықтай тәркіленетін болады, — деді О. Құлмұрзин.

Гүлбаршын ӘЖІГЕРЕЕВА,

«Орал өңірі»


“Межелі мерзімде аяқтаймыз”

Күні: , 810 рет оқылды

DMS_3655


Бейсенбі күні облыс әкімі  Нұрлан Ноғаев қаланың За­шаған кенті аума­ғындағы жаңадан салы­нып жатқан тұрғын үйлер­дің құрылы­сымен та­ны­сып, шаһар­дың комму­налдық нысандарын қайта жаң­ғырту жұмысының қарқы­нын тексерді.


Нұрлан Асқарұлы алды­мен Орал – Атырау, Орал– Саратов күрежол­да­рының аралығында орналасқан үл­кен құрылыс аумағында болды. Мұндағы көп қабатты зәулім үй­лердің құрылысын жергілікті «Ал­тим», «СКФ Отделстрой», «СВ-плюс» жауапкершілігі шектеулі серіктес­тіктері жүргізуде. Өңір басшысы­мен әңгіме барысында мердігер компания жетекшілері нысандар­дың пайдалануға берілетін уақы­ты, құ­рылыста кездесетін кейбір қиындықтар турасында өз ойла­рын ортаға салды. «СКФ Отделстрой» ЖШС-ның директоры Ва­­лен­­­тина Михноның айтуынша, ком­пания 72 пәтерлік тұрғын үй­ді ағым­дағы жылдың 25-інші қа­ра­шасына дейін тапсыруды жоспар­лауда. «Тұрғынүйқұрылысжинақ­банкі» АҚ-ы салымшыларына арналған үйдің құны 527 млн. теңге құрайды. Негізі жұмыс өткен жы­лы басталғанымен, жекелеген ин­же­нерлік желілерді ауыстыру, қар­жы­­ландырудағы жартыжылдық үзі­­ліске байланысты кестеден ке­ші­гу орын алған. Дегенмен  Вален­ти­на Михно қазіргі уақытта барлықтүйткілді мәселелер ше­шілген­ді­гін, құрылыс қарқыны арт­қанды­ғын баяндады. Күні бүгін үйдің 80 пайызы дайын.

Одан әрі өңір басшысы «Ал­тим» компаниясы салып жатқан жалпы аумағы 5500 шаршы метр, құны 623 млн. теңге құрайтын 90 пәтерлік үйдің құрылысына зер сал­ды. Аталмыш нысандағы жұ­мыстар да былтыр қолға алын­ға­нымен, қаржы жетіспеушілігіне орай сәл тежеліп, қаржы түскен­нен кейін қайта қызған.

– Біз республикалық бюджет­тен 4 транш алдық. Енді тағы жергілікті бюджеттен бөлінетін 75 млн. теңгені күтудеміз. Кестеден қал­ған жоқпыз, қайта біршама алға шықтық. Үй құрылысымен бірге жақын арада үйдің маңайын жай­ландыруға кірісеміз. Қарашаның 25-іне қарай құрылысты толық аяқ­таймыз деген ойымыз бар, – деді «Алтим» ЖШС-ның жетекшісі Геннадий Стародубцев. Құрылыс қарқынына оң баға бере келе облыс әкімі құрылыс қалдықтарын үйдің айналасына көмбей, тиісті талаптарға сай арнайы орындар­ға шығару мәселесін айрықша қа­дағалауда ұстауды тапсырды.

Осы аумақта үй салып жатқан тағы бір мердігер компания – «СВ — плюс» ЖШС-ның директоры Сә­бит Өтебалиев Нұрлан Асқарұлы­на орын алған қиындықтар тура­лы баяндады. Атап айтқанда, бел­гіленген мерзімде үйді аяқтау үшін асығыстыққа жол берілген. Соның кесірінен көп қабатты үйдің бі­рін­ші қабатын қайтадан салуға мәж­бүрлік пайда болған. Нысанды 2016 жылдың сәуір айында тапсыру көзделуде. «Биыл ғима­рат­тың қабырғасын қалап, төбесін жаба­мыз да, қыста төменгі қа­бат­тарға жылу беріп, ішкі әрлеу-әк­теу жұмысын бастаймыз. Қаржы­ландыру кестеге сәйкес жүргізі­­лу­де, құрылыс материалдары жеткілікті, сапа талапқа сай келеді» — деді С. Өтебәлиев.

Мердігер компания жетекші­сі­нің сөзін мұқият тыңдағаннан ке­йін өңір басшысы оған ескерту жасады.

– Сізді тәжірибелі басшы, білік­ті маман ретінде білеміз. «СВ-плюсте» осындай қиындықтар болды дегенді естігенде, шынымды айт­сам, сене алмадым. Әуелі салып, сосын оны қайта бұзып, қайта са­лып бір жұмысты екі рет істеудің не қажеті бар еді? Келешекте мұн­дай жағдай қайталанбауы тиіс,  – деді Нұрлан Ноғаев.

Аталмыш үйдің құрылысында әзірге іркіліс жоқ болса, Заша­ған кентіндегі «СВ-плюс» ЖШС салуы тиіс тағы екі үйдің құрылысы қар­жы жетіспеушілігінен мүлдем тоқ­тап тұр. Бұлар: жастарға арнал­ған 90 пәтерлік бес қабатты үй­дің және «Тұрғынүйқұрылысжи­нақ­­банкі» АҚ-ы ипотекалық бағ­дарламасы арқылы салынуы тиіс 144 пәтерлік үйдің құрылыстары. «Егер қажетті 204 млн. теңге қа­ра­жат бөлінетін болса, біз 90 пәтер­лік үйдің құрылысын екі айда то­лық бітіріп, пайдалануға бере аламыз», – деді С. Өтебәлиев.

Осы сапар барысында қала әкі­мі Алтай Көлгінов шаһарда салынып жатқан көп қабатты тұрғын үйлердегі пәтерлердің 50 пайызы баспана кезегінде тұрғандарға, ал қалған 50 пайызы «Тұрғынүйқұ­ры­лысжинақбанкі» АҚ-ы салымшы­­­ларына берілетіндігін мәлім­деді. Оның айтуынша, үй алуға ке­зекте тұрған 1926 адамнан өті­ніш түс­кен, бұл бір орынға 12 адамнан келеді деген сөз.

Коммуналдық саладағы қайта жаңғыртылып және жаңадан салынып жатқан нысандарды ара­лау барысында өңір басшысы ең күр­делі тұстарға көңіл бөлді, құры­лыста қандай ма бір кедергі-қиын­дықтардың бар-жоғын сұрады.

Нұрлан Асқарұлы қаладан ша­йынды суды шығаратын жаңа кол­лектордың екінші бөлігінің құры­лысын қарады. Шаған өзені маңы­нан басталып, арнайы тазарту қон­дырғысына дейін созылған құ­быр­дың жалпы ұзындығы 10 ша­қырым. «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында жасалған жобаның құны 1 млрд. 600 млн. теңге. Жұмыс шіл­де айының аяғында басталған. Бі­тіру мерзімі келісімшарт бо­­йын­ша 2015 жылғы желтоқсанның со­ңы деп көрсетілгенімен, мердігер компания – «Альтаир» ЖШС-ның жетекшісі Сергей Потиченко құрылысты бір ай бұрын, яғни қа­­раша айында аяқтау мүмкіндігі бар екендігін алға тартты.

– Күні бүгін жұмыс 55 пайызға орындалды. 6,5 шақырым құбыр дәнекерленді, соның 4,2 шақы­ры­мы төселді. 8,5 шақырым құ­быр ны­­­санның басында әзір. Қыс­қа­­­сын айтқанда, бір шақырымға жуық құбырды жеткізуіміз қажет. Қар­жы­­­ландыруда еш кедергі жоқ,  – деді С. Потиченко.

Нұрлан Ноғаев коллектордың ескі жүйесін қандай мақсатта пайдалану көзделіп отырғандығын сұ­рады. Сауалға жауап бере келе «Ба­тыс су арнасы» ЖШС-ның басшысы А. Саққазов ескі коллектор қо­сымша нұсқа (резерв) ретінде ұсталатындығын хабарлады.

Өңір басшысы С. Датов көшесі бойындағы №8 жылу магистралына да тексеріспен барды. Мұнда ес­кі құбырлар жаңасымен алмас­тырылуда. «Жайықжылуқуат» АҚ-ның бас директоры Нұрлыбек Ке­реев биылғы жылы «Нұрлы жол»бағдарламасы шеңберінде бастал­ған жаңа коллектор құрылы­сы­нанбөлек, қаланы жылумен қамту­дың4 нысаны қайта жаңғыртыла­тын­дығын баяндады. Олар: 4-жы­лу ма­гистралы, 6-жылу магистралы, 8-жылу магистралы және Сарай­шық көшесіндегі жылу магистралы. Жал­пы ұзындығы 3,6 шақырым. Жо­баға республикалық бюджет­тен 600 млн. теңге бөлінген. «Сарай­шық көшесіндегі жұмыс аяқтал­ды. Қалған нысандардағы жұмыс­тар ағымдағы жылдың 15-20-ын­шы қыркүйегіне дейін, яғни ма­гис­­тральдарды қысқы маусымға әзір­леу үшін жасалатын қысым ар­­қылы сынақтар басталғанша то­лық бітеді», – деді Н. Кереев.

– Біз құбырларын алмастырып жатқан 8-жылу магистралының ұзындығы бір шақырымға жуық. Қа­зіргі таңда жұмыстың 60 пайы­зы орындалды. Қаржы көзі, қажет­ті материалдар бар, жұмыс кестеге сай жүруде. Қыркүйек айының ортасына таман барлығын біті­ріп, қысым арқылы сынақтан өткі­зе­міз, – деді мердігер компания – «Тараз Сәулет» ЖШС-ның коммер­циялық директоры Ерлан Аткиев.

Облыс әкімі қаладағы 220 жылу желісінің тозығы жету пайызы қан­шалықты екендігін сұрады. «Жы­лу желілерінің тозығы жету дең­гейі 53 пайыз. Алайда бұрын жа­салған және қазір жасалып жат­қан жұмыстардың арқасында то­зу деңгейін 50 пайызға дейін тө­-мен­детеміз. Осы бағытпен екі-үш жылда шаһардағы жылу желіле­рін 100 пайыз жаңартуға бола­ды», – деді «Жайықжылуқуат» АҚ-ның бас директоры Нұрлыбек Кереев.

Құрылысы жүріп жатқан нысан­дарды аралаған сапарын аяқтай келе өңір басшысы жалпы жұмыс­тың қарқыны мен сапасына оң баға берді.

– Құрылыс, тұрғын үй-комму­нал­дық сала басқармаларында­ғы әріптестеріммен бірге салынып жат­қан нысандарға жасаған сапа­рым барысында жұмыс дең­гейі бір­келкі жоғары екендігіне көзі­міз жетті. Өз міндетімізге алған жо­­балар кестеге сай жүзеге асырылуда. Әрине, бұл бағыттағы жұ­мыс күрделі. Дегенмен орын ал­­ған жекелеген түйткілді тұстар менқиындықтар, соның ішінде қар­жыландыру мәселелері шешілуде. Мамандар бі­лікті, мердігер ком­паниялардың басшылары тә­жі­ри­белі азаматтар. Олар алда­рында тұрған міндетті орындау жолда­рын жақсы біледі. Сол се­бепті  қол­ға алынған барлық құ­ры­лысты біз межелі мерзімінде аяқтаймыз де­ген сенімдемін, – де­ді  Нұрлан  Ноғаев.

Наталья  ГОРОХОВА,

«Приуралье»,

Тоқтар  КЕНЖЕҒАЛИЕВ,

«Орал  өңірі»


Қала аруы анықталды

Күні: , 866 рет оқылды

3апврвер


Бейсенбі күні «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалының залында «Орал қаласы аруы – 2015» байқауы өтті. Байқау қорытындысы бойынша 18 жасар Вероника Залата  қаламыздың ең әдемі аруы атанды.


Ажарлы да ақылды қыз­дарды сұрыптауға ар­нал­ған бұл байқауды Жұлдыз Құспанова жетекшілік ететін белгілі «Star Models Studio» атты  сән агенттігі ұйымдастырды.  Қала күніне орай өткізілген арулар сайысына Орал қаласының әкімдігі қолдау жасады. Биылғы арулар сайысына барлығы 12 бойжеткен қатысты. Олар: Қаламқас Файзолла, Эльвира Кисанова, Айжан Тұманова, Айнұр Тимурова, Әлфия Қуанышалиева, Венера Сү­лейменова, Сәулеш Бисемалиева, Индира Ертаева, Марина Солдатова, Алмагүл Байболова, Іңкәр Ис­мағұлова және Вероника Залата.

Сайыс барысында қыздар кө­рермендерге өздерін қысқаша та­ныстырып, Қазақсан халқы Ассам­блеясының 20 жылдығына орай елімізді мекендейтін түрлі ұлттың ұлттық киімдерін киіп көрсетті. Олар сондай-ақ жиналғандарға «Мария ханым» сән үйі даярлаған сәнді киім үлгілерін  таныстырды. Сымбатты қыздар киген киімдер бірінен бірі өтіп, көздің жауын алды. Бұл ретте әр ұлттың киім ерекшелігін айқын көрсете білген салон дизайнерлері мен ті­гінші­лерінің шеберлігін айрық­ша атап өтсек, артық болмайды. Қыздар­дың үстіндегі ерекше үлгіде тігілген көйлектер сән агенттігінің бұл байқауға үлкен дайындықпен келгенін аңғартып тұрды. Сән үйінің қызметкерлері бұл жолы тек салтанатты кештерге ғана емес, со­ны­мен қатар күнделікті өмірде кие­­тін қарапайым киімдердің неше түрлі нұсқасын көрермендер на­зарына ұсынды.

Сайыс кезінде көрермендер та­рапынан қыздарға неше түрлі сұ­рақтар қойылып, бұған арулар ша­ма-шарқынша жауап қайтарды. Бұ­дан соң шығармашылық сайыста бақ сынасқан қыздар мың бұрала билеп, өздерін көрермендерге та­ғы бір қырынан танытты. Әсіресе, топ қыздың орындауындағы «Тан­го» биі көпшіліктің көңілінен шық­ты.

Кеш соңында «Star Models Studio» сән агенттігінің директоры Жұлдыз Құспанова бастаған қазылар алқа­сы аруларға түрлі аталымдар бе­ріп, қаланың ең әдемі бойжеткендерін анықтады.

Қазылар алқасының шеші­мі бойынша Вероника Залата «Кө­рермендер көзайымы» аталымы­на лайықты деп танылды. Және дәл осы бойжеткен Орал қаласы­ның 2015 жылғы аруы атанды. Қа­ланың су жаңа аруына сұлулық тәжін былтырғы арулар байқауы­ның жеңімпазы Роза Сахипова табыс етті.

Қаланың бас аруынан кейінгі сұлулар қатарында ажары мен ақылы Вероникадан еш кем түс­пейтін қазақтың әдемі бойжеткендері Қаламқас Файзолла мен Сәулеш Бисемалиеваның есімде­рі аталды. Қаланың жаңа арула­ры биыл желтоқсан айында өтетін «Қазақстан аруына» қатысып, тағы бақ сынамақ.

«Модельдер аруы» аталымын Эльвира Кисанова жеңіп алса, Ма­рина Солдатова «Фотомодель аруы» атанды. Ал қазақтың сүйкім­ді қызы  Іңкәр Исмағұловаға «Грация аруы» аталымы бұйырды.

Арулар сайысының жеңімпаз­дары мен жүлдегерлеріне Орал қаласының әкімдігі тарапынан бағалы сыйлықтар табыс етілді.

Айша ӨТЕБӘЛІ,

«Орал өңірі»


«Орал – жастар көзімен»

Күні: , 112 рет оқылды

IMG_7548


Кеше облыстық жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталығы Қала күні мерекесіне орай «Орал – жастар көзімен» атты жас суретшілер сайысын ұйымдастырды.


Шара А. Островский атында­ғы орыс драма театрының алдында, ашық аспан астында өтті. Сайысқа көшеде серуендеп жүрген қаланың жас тұрғындары қатысты. Суреттер салынып біткенше өнерпаз жастар өнерлерін ортаға салды. Ұйымдастырушылар мен көрермендер бірлесіп сапалы, жақсы салынған үш суретті анықтады. Олардың ішінен үздік шыққаны Орал қаласының әкімдігіне, ал екінші және үшінші орындарға ие болған жұмыстар қаладағы әлеуметтік нысандарға сыйға тартылды. Жеңімпаздарға орталық атынан бағалы сыйлықтар табысталды.

Өз тілшіміз


Бағырлайда ашылған асхана

Күні: , 826 рет оқылды

IMG_9178-асхана


Ақжайық ауданында тағы бір қоғамдық тамақтандыру орны ашылды. Ол Орал – Атырау тасжолының бойында, Бағырлай өзені үстінен салынған көпірге таяу орналасқан.


Асханаға 7 адам жұмысқа тартылып, бір мезгілде  60 адамға қызмет көрсе­теді. Жолаушыларға тәуліктің қай мезгілінде болсын қызмет көрсе­туге әзір. Мұнда тағам мен сусын­ның  түрі  мол.

– Біз барынша мәдениетті әрі сапалы қызмет көрсетуге тырыса­мыз. Асханаға қажетті ет пен кө­көністің қажетті түрін өзімізге жа­қын Алмалы, Ақжол ауылдық ок­ругінің шаруа қожалықтарынан аламыз, – дейді асхананың бас аспазы Нэлли Ломаева.

Соны үлгімен салынған та­мақ­тану орнының іші ерекше жайнап тұр. Тоңазытқыш, үстел-орын­дық­тар, жарқыраған ыдыс-аяқ, та­мақ үлестіретін орын, электр қыз­дыр­ғыштар, желдеткіштер т.б. қа­жет­ті­нің бәрі алынған. Тіпті көлік жүр­гізушілердің де тынығуына  қолай­лы жағдай жасалған. Күре жолдың бойындағы бұл асхана халық­тың көңілінен  шығары сөзсіз.

Тілектес САҒЫН,

Ақжайық  ауданы


«Лесная сказка» ашылды

Күні: , 802 рет оқылды

бобекжэай


Қала күні мерекесі қар­саңында шаһары­мызда­ғы күрделі жөндеуден өткен «Лесная сказка» бөбек­жайы салтанатты түрде ашылды. Шараға қала әкімі Алтай Көлгінов арнайы қатысты.


1961 жылы құрылған атал­­мыш бөбекжайдың ескі ғимара­тына күрделі жөндеу жұмыстары үстіміздегі жылдың 8 мамырында басталған. Ол үшін мемлекет­тік бюджеттен 103 миллион тең­геқаражат бөлінген. Екі қабатты бө­бекжай ғимараты 100 тәрбие­ле­нушіге есептелген. Олардың жар­ты­сына қазақ, жартысына орыс ті­лінде тәрбие беріледі. Бөбек­жай­да тілдерді үйрету орталығы,  өзін-өзі тану кабинеті бар. Салтанатты шарада бүлдіршіндер өнеркөрсетті. Шаһар әкімі Алтай Көл­гінов ата аналар мен балғын бө­бек­терді құттықтап, мемлекет тарапынан атқарылған игі шара елболашағы үшін екенін айтып, жөн­деуді сапалы әрі уақтылы аяқ­та­ған «Алатау Альдан Агро» ЖШС-ға алғыс білдірді.

– Бүгін күрделі жөндеуден өт­кен апатты жағдайдағы балабақ­ша­ны қайта аштық. Өзде­ріңіз куә болып тұрғандай, ғима­рат тұтастай жаңа кейіпке енген. Жөндеу жұ­мыстарына қажетті қа­­ражат «Жұ­мыспен қамту – 2020 жол картасы» бағдарламасы арқы­лы бө­лінді. Ғимаратты жаңарту кезінде 50 адам жұмыспен қамтыл­ды. Олар­дың 28-і еңбек биржасынан алынды. Бүгінде қаламызда 50 мем­лекеттік балабақша бар. Оның 11-і мемлекеттік бағдарлама бойын­ша соңғы бес жылда тұрғы­зылған. Бұдан бөлек 10 жеке бала­бақша жұмыс жасайды. Елбасы­ның бала­бақша салуға жеке инвес­торлар­ды тарту туралы тапсырма­сы бар­шаңызға мәлім. Біз бұл бағыт­тағы жұмыстарды сәтті жүзеге асырып келеміз. Жақында қаламызда жеке инвестордың қаражатына салынған 260 орындық балабақша пайдалануға берілмек. Бүгінде қа­ламызда 15 мыңға жуық бүл­дір­шін балабақшаға баруға кезегін күтіп тұр. Бір айта кетерлігі, бұл көрсеткіш жылдан-жылға азайып келеді. Мұны әлі де болса жеке инвесторлардың бизнесін дамы­ту­ға жақсы мүмкіндік деп қарауға болады. Осы бағыттағы жұмыстар жалғасын таба береді. Өйткені алда 16 балабақшаға кезең-кезе­ңімен жүзеге асырылатын күрде­лі жөндеу жұмыстары жоспарлан­ған, – деді қала әкімі Алтай Көл­гінов журналистерге берген сұх­батында.

Нұртас НАБИОЛЛАҰЛЫ,

«Орал өңірі»


Достық үйінің құрылысы аяқталуға таяу

Күні: , 817 рет оқылды

23парввы


Сәрсенбі күні облыс әкімдігінің үлкен залында облыстық  Қазақстан халқы ассамблея кеңесінің отырысы өтті.


Облыстық ассамблея ке­ңесі төрағасының орын­басары Ғайса Қапақов­тың төрағалығымен өткен басқо­суға  аталмыш кеңес мүшелері,  эт­номәдени бірлестік өкілдері қа­тысты. Кеңесте күн тәртібіндегі ассамблея үйінің құрылыс қарқы­ны, Қазақстан халқы Ассамблея кафедрасының атқарған жұмысы және М. Гавриловтың ескерткішін көшіру мәселесі қаралды.

– Ассамблея үйін  1 желтоқсанға дейін бітіру жоспарланып отыр.Жергілікті бюджеттен  902 млн. қар­­­жы бөлінді. «Отделстрой» ЖШС-ның мердігерлігімен салынып жа­тырған ғимарат тәмамдала келді. Ассамблея үйінің бірінші қаба­тын­да көрме залы, хореография­лық зал, хол жабдықталса, екінші қабатта конференция залы, 13 эт­номәдени бірлестіктің кабинеттері орналасады, – деді облыстық құрылыс басқармасы басшысы­ныңміндетін атқарушы Арман Өксік­баев.

Облыстық ассамблея кеңесі ше­­шімі бойынша А. Өксікбаевтың пі­кірі назарға алынып, сала маман­да­ры­на этномәдени бірлес­тіктер­­дің ұсынысымен этномәдени бір­­лес­­­тіктердің әр бөлмесін безен­діру нобайын бекітуді 20 қараша­ға де­йін аяқтау тапсырылды.

Кеңестегі келесі мәселені тал­қылауға ұсынған  Қазақстан халқы Ассамблеясы кафедрасының мең­герушісі В. Салов Ассамблея ая­сында жастар мен студенттер ара­сында өткен шараларды, байқау­ларды баяндады. Осы орайда об­лыстық Ассамблея мүшелері та­ра­пынан  аталмыш кафедра мең­герушісіне студенттерді төзімді­лік­ке тәрбиелеу туралы ұсыным дайындап, «100 нақты қадам» аясында шаралар жүзеге асыруға тапсырмалар берілді. Сондай-ақ шарада әскери-техникалық мек­теп басшысы Қ. Мұқатаевтың өті­ні­ші бойынша Миша Гаврилов­тың ескерткішін бір кезде өзі оқы­ған  әскери-техникалық мекте­біне кө­шіру мәселесі қаралды. Тал­қы­лау нәтижесінде  аталмыш кеңес мү­шелерінің  ұйғарымымен М. Гав­ри­лов ескерткішін әскери-техни­ка­лық мектепке көшіру туралы ше­шім  қабылданды.

Шара соңында ҚР Президенті Н. Назарбаевтың Жарлығымен бекітілген «Қазақстан халқы Ас­сам­блеясына 20 жыл» төсбел­гісі­мен облыстық ішкі саясат басқар­масының басшысы Айгүл Есекенова мен облыстық ассамблея мүшесі Абдулкарим Мұсаев марапатталды.

   Гүлсезім БИЯШЕВА,

«Орал өңірі»

Суретті түсірген Темірболат ТОҚМАМБЕТОВ


БҚО, Орал қаласы, Мұхит көшесі, 57/1
zhaik_presscenter@mail.ru
oral_oniri@inbox.ru
support@oraloniri.kz

Орал өңірі" газетінің бас редакторы: 51-25-80
Бас редактордың орынбасарлары: 24-17-08, 54-18-08
Жауапты хатшы: 54-38-22
Тілшілер: 50-66-88, 51-50-34
Жарнама бөлімі: 51-51-09
Яндекс.Метрика