Мұрағат: 03.09.2015


Рухты көтеріп, елсүйерлікті жаныған үш күн

Күні: , 924 рет оқылды

DMS_0209


Қазақ мемлекеттілігінің, тарихымыздың, рухымыздың тойы – Қазақ хандығының 550 жылдық мерейтойы даламызды дүбірлете аталып өтілуде. Қазағымыз ел болып тойлайтын ұлы мерекенің Бөкей ордасындағы Хан ордасы ауылында басталуында үлкен мән жатыр.


Бұл тойдың халықтық сипатқа ие болуы үшін оның көрермені болу жеткіліксіз, қоғамның әр мүшесі белсенді қатысушысы болуы шарт. Бөкей ордасындағы тойдың алдында «Жайық Пресс» ЖШС мен «DANA.kaz» журналы мерекенің құрметіне автошеру ұйымдастыру туралы бастама көтеруін БҚО  әкімдігі,  «Нұр  Отан»  партиясының  облыстық  филиалы  және  жекелеген  азаматтар  қызу  қолдауы – мейрамның сән-салтанатын одан сайын күшейткен іс-шара болды.

Қазақ хандығының 550 жылдығының құрметіне Орал қаласынан шамамен 550 шақырым жерде орна­ласқан Хан ордасына автошеру жасау жобасы, мақсат-шарттары, жүретін жолы ұйымдастырушы­лар тарапынан мұқият ойласты­рылған соң әлеуметтік желілер ар­қылы көпшілік назарына ұсыныл­ды. Мақсаты — Қазақ хандығының 550 жылдық тойында Жайық пен Еділдің арасында Қазақ елінің көк туын желбіретіп, байтақ даланы дүбірлетіп салтанатпен жүріп өтіп осынау ұлы тойға үлес қосу еді. Ал шарты – қатысуға ықыласты адамдардың сапар шығынын өз­дері көтеруі және көліктің жол талғамайтын биік болуы. Көліктің мұндай түрі, бір жағынан, керуеннің көрер көзге көріктілігін көздесе, екінші жағынан, сапардың басым бөлігі жолсызбен, құмды өлкемен өтетіндігі ескерілді. Нәтижесінде аталмыш талапқа жауап беретін 9 автокөлікпен отыздан астам адам сапарға шықты. Автошеру қатысушыларын тарихшылар, өл­кетанушы­лар, журналистер, блогерлер, кә­сіпкерлер сияқты түрлі әлеумет­тік топ пен кәсіп иелері құрады. Ав­тошеруді жергілікті билік, «Нұр Отан» партиясы да қолдады.

Қадыр  Мырза Әлі  атындағы  мә­дениет  және  өнер  орталығы­нан  тізгін  қаққан  автошерушілерге  танымал  өлкетанушы  Жайсаң  Ақ­бай  ақсақал  ақ  батасын  берді.

Көлік керуені Әбіл­қайыр хан, Сырым Датұлы, Жәң­гір хан, Еу­разия, Достық даң­ғыл­дарымен, Махамбет ақын, Жаһан­ша Досмұ­хамедов атындағы оқу орындары­ның алдымен жүріп өтіп, Хан тоғайына арнайы атбасын тіреді.   Бұл  жерге  әдейілеп  келген  Орал  қаласының  әкімі  Алтай  Көлгінов  автошеруге  қатысушыларды  Қа­зақ  хандығының  550 жылдығы­мен  құттықтап,  сапарларына  ақ жол тіледі.

— Орал – талай тарихқа куә бол­ған өте көне қала. Хан тоғайы – 1812 жылы Бөкейдің, 1824 жылы Жәңгірдің ұлықтауы, хан көтерілу салтанаты өткен жер. Бұл атамекенді еділ қалмақтарынан қорға­ған Әбілқайыр ханның «Жайық кеуіп қалғанша, тіпті ақырзаман келгенше қазақ бұл жерін тастап ешқайда кетпейді» деген сөзі бар. Сол сөзді мирас еткен ұрпағы Бөкейдің тарихымыздағы орны ерекше. 1797 жылғы Есім ханның өлімінен кейін хан сайлануға кіші жүз руларының толық қолдауына ие болған Бөкейді Патша үкіметі хан сайлаған жоқ. 1805 жылғы Ай­шуақтың орнына Жантөрені хан сайлау кезінде де Бөкей халық қол­дауына ие болды. 1801 жылы Ішкі ордаға бет бұрып, Бөкей ордасының негізін салды. Ішкі орда – Қазақ хандығының соңғы мұрагері саналатын мемлекеттік құрылым. Тап осы Хан тоғайындағы Кіші жүздің игі жақсылары жиналып, Бөкей ақ киізге көтеріліп хан сайланған ресми жиында патша үкіметі империялық саясаты­ның күшін көрсету үшін 12 дүркін зең­бірек атқан. Жәңгірдің тап осы жердегі хан көтерілуіне де 420-дай сұлтан, би, старшын қатысып, үлкен жиын өткен. Осындай тарихи орынды ұрпаққа насихаттау үшін ескерткіш белгі орнату қа­жет. Орыстың ақын-жазушыларының ХІХ ғасырда Оралмен жүріп өткен жерлерінде ескерткіштер бар да, хандарымыз ұлықталған, ел билеген тұлғаларымыздың табаны тиген жерінде еш белгі болмауы өкінішті. Бұл мәселе биылғы Қа­зақ хандығының 550 жылдығында ескерусіз қалмауы тиіс. Сондай-ақ осы жылы Бөкейдің дүниеден өткеніне 200 жыл, алдағы жылы Бөкей ордасының құрылғанына 215 жыл толмақ, — деді Хан то­ға­йында тарих ғылымдарының кан­дидаты Жәнібек Исмурзин.

Кезінде отаршыл империяның зеңбірегі жаңғырықтырған Хан тоғайында жыр-терме, домбыра үнін әуелеткен, патриоттық ән­дер­­мен дүрілдеткен автошеру Жайық қалашығына соқты. Одан кейін Зеленов ауданының Щапов ауылына ат басын тіреді. Автошеруді ауыл халқы салтанатпен шашу шашып қарсы алды. Аудан әкімі Кәрім Жақыпов бастаманың маңыздылығына тоқталып, шараны келешек ұрпақ үшін маңызды екендігіне тоқталды. Жиналған ха­лықты құттықтаған «Жайық Пресс» ЖШС-ның бас директоры Жантас Сафуллин ауданда қазақтың белгілі батыр-билерінің қорымдары көптеп жатқанын, бұл ежелгі бабалар мекені екенін дәлелдейтінін айта келіп, мектеп оқушыларына хандарымыздың суреттері бейнеленген дәптерлерді сыйға тарт­ты. Зеленов аудандық мәслиха­ты­ның депутаты, «Ауыл тынысы» аудандық газетінің редакторы Нұржан Дүзбатыр осындағы жер-су аттарын қазақыландыру сынды ономастикалық мәселелердің маңыздылығына тоқталды.

— Қазақтың жоғын жоқтап, 1918 жылы өздерінің мемлекетін құр­ған Алаш қайраткерлері еді. Батыс Алашорда жетекшісі Жаһанша Досмұхамедұлы студент кезінде-ақ қазақ хандығы жөнінде зерттеу еңбектерін жазған. Бір еңбегі Мәскеу қаласының мұрағатынан табылды. «Несколько слов о обыч­ном праве и народном суде» деген еңбегін үш газетке басқан. Сонда «Қазақ халқы мемлекет болып қалыптасты. Оның негіз­гі заңы болды. Тәуке ханның «Жеті жарғысы» дала конституциясы деу­ге лайық» деп көрсетті. Қазақ мемлекеттілігінің мерекесі құтты болсын! Тарихымызды екшейтін ұрпағымыз аман болсын, — деді тарихшы ғалым Дәметкен Сүлей­ме­нова.

Жұбан елі Ақжайық ау­данына аялдаған авто­шерушілерді бұл жер­дің тұрғындары да ыстық ықы­­­ласпен күтіп алды. Аудан орталы­ғы Чапаев ауылының басты көшелерімен ұрандата жүрген авто­керуенді көруге Жұбан ақын ала­ңына еңбектеген сәбиден, ең­­кейген қарияға дейін жиналды. Аудан әкімі Әділ Жоламанов шара ұйымдастырушыларына ри­зашылығын білдіріп, ақ жол тіледі. Кейін автошеруге қатысушы, тарихшы Жаңабек Жақсығалиев сөз алып, «Үнді көсемі Джавахарлал Нерудың қызына жазған хаты бар. Онда «Егер біз тарихымызды біле бастасақ, көтеріле бастайтын едік. Сондықтан отаршылдар біздің тарихымызды жаздырмау­ға тырысты. Отар болған елдің тарихын қашан да отарлаушылар жазады» деген. Біз де бірнеше ғасыр бодандықта, езгіде болған елміз. Біз ұлттық тарихи сананы жаңғыртуымыз қажет», — деді. Та­рихшының терең әңгімесіне халық ұзақ қошемет көрсетті. Жергілікті өнерпаздардың кон­цертін тамашалап, «Мен – қазақпын, мың өліп, мың тірілген» деп кеңестік кезең­­­де жас қазаққа ой салған Жұбан ақын ескерткішіне гүл шоқтарын қойған керуен Жаңақала ауданын бетке алды.

Күй астанасы Қамыс-Самар елінде автошеру Мәмен Мұратұлы мен Тұяқберді Шәмелов күйшілердің кесенелеріне арнайы аялдап, рухтарына Құ­ран бағыштады. Жаңақалалықтар да көк Туды желбіреткен көлік керуе­нін шашумен қарсы алды. Аудан орталығының басты көшелерімен шерулетіп, «Тастөбе» шайқасы мен саяси қуғын-сүргін құрбандарына қойылған ескерткіштерге тәу еткен автошеру орталық алаңда елмен жүздесті. Аудан әкімі Лавр Хайретденов ұлы мерекені ұлық­тау мақсатында жолға шыққан жандарға аудан халқы атынан ақ жол тіледі. Алаңдағы жиында әйгілі композитор Ілия Жақанов: «Сонау Арқада тусам да түбімнің Кіші жүз екенін білген соң, 1981 жылы Мұрат ақынның «Еділді келіп алғаны — Етекке қолды салғаны, Жайықты келіп алғаны – Жа­ғаға қолды салғаны» деп бастала­тын жырынан оқып, әсерленіп, өмірімде көрмеген атаме­кен Еділ-Жайық жайлы ән шығарған­мын. Ұрпақ біз көрген соғыс жылдарының қиындығын көрме­сін. Елдің еңсесін, рухын көтеретін осындай шерулер Қазақстанның барлық аймағында болса ғой.

Хан ордасы ауылына жет­кен керуен алдымен Жәңгір ханның, дәулес­кер күйші Дәулеткерей Шығайұлы­ның, көрнекті өлкетанушы ғалым Мұхамед-Салық Бабажановтың ке­сенелеріне барып, рухтарына Құран бағыштады. Кейін автошерушілер Хан сарайының алдына жиналған халықпен жүздесті. Ау­дан әкімі «Қош келдің» айтқан соң шеру ұйымдастырушысы Жантас Сафуллин Орынбор қаласынан табылған 1811 жылғы кіші жүз старшындары мен жүзбасылары қол қойған құнды құжат көшірмесін мұражайға тарту етті.

— 20 ғасырдың басында Ғұмар Қараш бабамыз «Әр істе қазақ исінің аңқығанын түбінде кө­зімізбен көреміз бе?» деген еді. Міне, біз сол бабаларымыздың аңсаған арманына жетіп отырмыз. Ендігі уақытта осыны көздің қарашығындай сақтап, оны бо­лашақ ұрпаққа аманаттауымыз керек. Осы жерге 550 шақырым жол жүріп келген автошерушілер атынан Қазақ хандығының 550 жылдығымен бөкейорладықтар­ды, жиналған жұртшылықты құт­тықтаймын!

Елбасымыз Ұлытауда Қазақ хандығының 550 жылдығын жоғары деңгейде атап өту турасында бастама көтерген кезде барлық исі қазақтың қуанғаны айқын. Бұл мерейтойдың республика көлемінде Бөкей ордасынан басталуы – бұл тарихи әділеттілік. Елбасының тағы бір көрегенділігі. Еділ мен Жайықтың арасы – қазақтың алтын бесігі. Осы жерді билеген хандар, оларға қолдау білдірген қараша халық бұл мекенді сақтап қалды. Соның арқасында емен-жарқын өмір сүрудеміз. Біздің бәріміздің мойнымызда аманат бар. Аманатқа қиянат жасауға болмайды. Ол аманат – ата-бабамыздың алтын бесігі, қазақ жері. Оны келер ұрпаққа табыстау қасиетті парызымыз, мерейлі міндетіміз, — деп әріден толғаған «Жайық Пресс» ЖШС-ның бас директоры Жантас Сафуллиннің сөзінде де терең мағына жатты.

Одан кейін Хан ордасы ауылын ұрандата ара­лаған автошеру ат басын 1917-1918 жылдары шыққан «Ұран» газетінің баспаханасы болған үй­ге бұрды. Ол жерде «Дана.kaz» тарихи танымдық журналының бас редакторы Қазбек Қабжанов жиналғандарды баспасөз және «Ұран» газетінің тарихымен таныстырды. Одан соң хан тоғайына барған автошерушілер өлкетану­шы Жайсаң Ақбайдың Бөкей ордасы, Жәңгір хан туралы тарихи әңгімесін тыңдады.

Автошеру қатысушылары Ор­дадағы мереке қызықтарынан құр қалмай, республикалық ақындар айтысын, кешкісін өңіріміздің бар­лық аудандарынан келген өнер­паздар концертін, мерекелік отшашуды тамашалады. Келесі күні айтулы мерекеге орай құрылған ақшаңқан киіз үйден бой көтер­ген ауылды аралап, қазақ күресі, теңге алу, қыз қуу, аламан бәйге сынды дала қызықтары мен қазақ тарихы туралы театрландырылған қойылымды көрді. Автошеру құ­ра­мындағы тарихшы ғалымдар Хан ордасы ауылында ҚР Премьер-министрінің орынбасары Берді­-б­ек Сапарбаев, облыс әкімі Нұрлан Ноғаевтың қатысуымен өткен «Тарих қойнауынан қазіргі заманға дейін» атты халықаралық ғылы­ми-тәжірибелік конференцияға қа­тысты.

Ордадағы дүбірлі думаннан соң айтулы мерекені ұлықтауды жалғастырған автошеру Жәнібек ауданы аумағымен өтіп, Қазталов ауданына аялдады. Керуенді Те­реңкөл ауылы маңынан қазталов­­тық өрендер қарсы алды. Әдетте­гідей аудан орталығының басты көшелерімен ұрандата жүріп, «Дос­тық» саябағына тоқтады. Ыс­тық ықыласпен қарсы алған қаз­таловтық ағайын атынан аудан әкі­мі Нұрлан Бекқайыр ризашылығын білдіріп, кездесу Жайсаң Ақбай, Жантас Набиоллаұлы мен Жаңа­бек Жақсығалиевтардың қазақтың терең тарихынан сыр шертер әңгімелеріне ұласты.

Автошерудің соңғы аялдамасы болған Жалпақтал елді мекенін­де азаттықтың ақ таңын аң­сап, астыртын да белсенді әрекет еткен «Қазақ халқын қорғау­шылар одағы» ұйымына (жетек­шісі Ғұбай­долла Әнесов) қойылған ескерт­кіш алдында тарихшы Жаңабек Жақсығалиев бұл ұйымның мән-маңызы жайлы әңгіме қозғай отырып, азаттық жолында өздерін құрбандыққа шалған жалынды жастардың ісін әлі де кеңірек на­сихаттау, құрмет көрсету, олар лайық тиісті дәрежеге көтеру керектігі жайлы тілек-ұсынысымен бөлісті.

*    *     *

Автошеру өз мақсатына жетті десек болады. Басты мақсаты сәтті орындалды – автошеру жүріп өткен жерлердің халқы жақсы әсер алды. Рухтанды. Алаңдарда­ғы кездесулерге мыңдаған тұрғын атсалысып, тарихымыздың тойын шын мәніндегі халықтық мерекеге айналдырды. Әсіресе, жас буынның есінде ұзақ сақталары сөзсіз. Өйткені халықпен кезде­сулерде тарихшыларымыз, өлке­танушы­ларымыз елдікті тарих­пен терең байланыстыра мағыналы әңгімелер айтты. Көптеген ұсы­ныстар да биліктің назарына ілік­ті. Мәселен, алғашқы аялдама – Хан тоғайында тарих ғылымдарының кандидаты Жәнібек Исмурзиннің «бір емес қос ханды ұлықтау рәсімі өткен бұл жерде бір ескерткіш белгі тұруы керек» деген пікірі.

Экспедиция мүшелері Хан ордасы ауылындағы 1917-1918 жылдары шыққан “Ұран” газетінің баспаxанасы болған үйге ат басын бұрды. Бұл — кезінде Ғұмар Қараш, Ғабдолғазиз Мұсағалиев, Нұғман Манаев, Ғали Бегалиев, Ғабит Сарыбаев сынды азаматтар еңбек еткен қастерлі мекен. Ұлылардың алақандарының табы қалған есік тұтқалары, табандары тиген еден қаз қалпында сақтау­лы, өзгертілмеген. Қазіргі үй иесі -1917 жылы баспахана қызметкері болған Абдолла Денгизбаевтың немересі Рафаэль Денгизбаев. Үй­дің сыртындағы тақтайшада «Бұл үйде 1919 жылы тұңғыш қазақ совет баспаханасы орналасқан» деп жазылып тұр. Автошеру мүшелері бұл қателікті түзеп, өз күштерімен жаңа тақтайша орнататын болып шешім қабылдады.

Автошеру жүріп өткен жолын­дағы кездесулер мен отырыстар терме-күй төккен Фархад Оразов сынды талантты жандардың арқасында тіпті құлпырды. Автошеру құрамындағы тілшілер мен блогерлер жолшыбай сапар жайлы сайттарға, әлеуметтік желілерге шұғыл ақпарат жіберіп отырды. Сол арқылы Қазақ хандығының тойын батысқазақстандықтар қа­лай атап өтіп жатқанын айдай әлем­ге паш етті. Автошеруші азаматтар үш күн бойы қолдарынан көк Туымызды тастамады. Полиция қызметкерлері Оралдың ішінен бастап үш күн бойы керуенді бастап жүрді. Сол барлық ұлтжанды азаматтарға алғыс айтамыз.

Мемлекетшіл азаматтардың бір жерде бас қосып, жүздесуіне мүм­кіндік сыйлаған автошеруде бұрын бірін-бірі біліңкіремеген жандарды 3 күн бірге жүргізіп, ортақ іс­­ке бір кісідей жұмылдырған – тек қана Отанға деген құрмет. Рух көтерер сөздері мен әндерін дыбыс ұлғайтқышпен әуелете төккен автошеру өткен кезде үйлерінен жүгіріп шығып, көлікпен қабаттаса жүгірген балдырғандардың жана­рындағы қуанышты көрдік. Сол кішкене жүректерге от беріп, олардан келешекте мықты елсү­йер азаматтар шығып жатса – бұл шерудің сапарға текке шықпағаны. Автошеруге қол бұлғаған халық арасындағы қариялардан — байсал­дылықты, елдің бүгінгі күйіне шү­кіршілікті, жастардан сенімді көрдік. Желбіреген көк Туды көр­гендегі күлімсіреген қуанышты қазақтың жүзінен — аттандамай-ақ елді іштей шексіз сүйетін елшілдігін сезіндік. Уайымсыз тыныш елді көріп, тәубе дедік. Рух көтерілді. Иә, шынымен де бұл той — қазақ рухының тойы.

Нұрлыбек РАХМАНОВ,

«Орал өңірі»


Әкем «Халықтың құлымын» дейтін…

Күні: , 809 рет оқылды

4844


Ұлы Жеңістің 70 жылдығына орай соғыс ардагерлері мен тыл еңбеккерлерін мерекелік медальмен марапаттау жиындары өтіп жатты.  Орал қаласындағы Салтанат сарайында өткен осындай шарада халық арасында патриоттыққа, бірлікке үндейтін әндерін әуелетіп жүрген көп балалы, көп ұлтты «Ару аналар» хорының жетекшісі Клара Саржанова да мерекелік марапатқа ие болды.


-Бір кездері әкеммен жұ­мыстас болған, оны жақсы білетін үлкен­дерді көргенде әкеме деген мәң­гілік сағынышым бойымды билейді. «Әкең өлсе де, әкеңнің көзін көргендер өлмесін» деген, оларға «Сіздердің аман жүргендеріңізге қуаныштымын», — деп толқи сөйлеп, көзіме ыстық жас тығылды. Жы­лы сөз айтатын, «Қызым» деп басымыздан сипайтын аға ұрпақтың қатары сиреп барады. Мына жал­ғанда көрген жақсылығымның барлығы үшін Аллаға, содан соң әкеме қарыздармын, — дейді Клара Бақтығалиқызы.

Оның бала­лық шағы соғыспен тұспа-тұс келді. Әкесі Бақтығали Уәлиев сол кезде Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесі­нің бірінші шақы­рылымының де­путаты болды. Де­путаттық мандат­ты 18 жыл бойы алып жүрді. Об­лыстың төрт бір­дей (Жаңақала, Жымпиты, Шың­ғырлау, Фурманов) аудандарында ауатком тө­рағасы, төрағаның орынбасары қызметтерін атқарды. Соғыс жылдарында тылдағы тірлікті ұйымдас­тырудағы, майдан­ды қажет азық-түлікпен, бұйым­дармен қам­тудағы оның еңбегі елдің есінде қалды. Қазақ ССР Жо­ғарғы Кеңесінің 1945 жылғы маусым айындағы жарлығы бойынша Бақтығали Уәлиев неміс басқын­шыларынан босаған аудандарға мал айдап апарудағы үкімет тап­­сырмасын орындағаны үшін Қа­зақ ССР Жоғарғы Кеңесінің грамотасымен марапатталды. «1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан со­ғы­сындағы ерен еңбегі үшін» меда­лін де кеудесіне тағуы өлшеусіз еңбегінің айғағы болғандай.

— Әкем лауазымды қызметтер­дің құлағын ұстаса да, қарапайым өмір салтынан айныған емес. Үй­дегілерден де тәртіпті талап ететін. Бала болып, еркелікке салынып, «Бір қаламыңызды беріңіз, сізде көп қой» десем, «Айналайын, мен халықтың құлымын. Мен саған әдемі қаламымды берсем, оны класыңа апарып, балалардың кө­зін қызықтырып, олардың көңіл күйін бұзасың. Оларда мұндай қалам жоқ қой, әкеңнің қызметі­мен мақтанба, сыпайы, кішіпейіл бол. Сенің өзге балалардан еш артықшылығың жоқ» дейтін. Кейін бой түзей бастағанымда мойныма моншақ, алқа тақсам, әкем: «Қызым жылтыраққа үйір болма. Бұл — тоғышарлықтың белгісі. Сенің өзіңнің Құдай берген көр­кің бар, сонымен әдемісің» дейтін. Содан ба, әйтеуір, саусағыма басы артық сақина, мойныма алтыннан алқа тағып көрген емеспін, — деп өткенді сағынышпен еске алады Клара Бақтығалиқызы.

Адамның болмысы, мінез-құл­қы от басы ошақ қасындағы тәр­биемен қалыптасады. Анасы Қа­диша тамақты дәмді пісіретін. Аудандарда тұрған кездерінде ауыл-аймаққа ат арытып келген мәртебелі меймандар Уәлиевтер­дің үйіне түсетін. Сол кездері Қа­зақстанды басқарған Дінмұхам­мед Қонаевтан бастап одан былайғы үкіметтің басындағы лауазымды тұлғалар берекелі қара шаңырақ­қа бас сұғып, дәм ауыз тиетін. Ана­сы отағасының қасы мен қабағына қарайтын, үйге келген кез келген кісіге дәмді асын беріп, батиқасын алатын. Клара апай өзінің текті, көргенді жердің қызы екенін әр кез жадынан шығарған емес. Оның азан шақырып қойған есімі Гүла­ра болатын. Құжаттарға Клара бо­лып қате түсірілген көрінеді. Әке­сі марқұм «Клара деген немістің саяси қайраткер қызының есімі, жаман болмассың» дегені айнымай келді. Бақтығали Уәлиев 1938 жылы Орал облыстық комсомол комитетінің І хатшысы болды. Ол кезде 2 жастағы қызы Клара 25 жылдан кейін әкесінің ізімен Орал облыстық комсомол комитетінің хатшысы болды. Республика көлемінде әпкесі мен інісі, ағасы мен інісі хатшы болған жағдайлар сирек болса да кездеседі. Ал әкесі мен қызы комсомол комитетінің хатшысы болған де­ректі кездес­тірген емеспіз.

Клара Саржанованың зейнеткерлікке шыққанына ширек ғасыр болса да, қартайдым, зейнеткермін деп үйінде жанын бағып жатып алуды білмепті. Қашан да қоғамдық жұмыстардың бел ортасында жүреді. «Ару ана» көп балалы, көп ұлтты қоғамдық бірлестігін құрды. Одан кейін осы атаумен хор ұжымын құрып, Орал маңындағы кенттерде, жоғары және орта оқу орындарында, мек­тептерде ұлттық нақыштағы әндерді әуелетіп жүр. Апамыз Шәм­шінің әндерін сүйіп айтады. 1959 жылы Алматыда комсомол комитеттері І хатшыларының Пле­нумына барғанында, хатшылар арасында ұйымдастырыл­ған Шәм­ші әндерінің байқауында бірінші орын алғаны әлі есінде. Шәм­ші­нің өзінің қолынан марапат қағаз алып, бірге түскен суреті бүгінде қымбат жәдігерге айналды.

– Хордағы замандастарыма қал­таларыңа ақ жаулық салып жү­рің­дер. Бізді жұрт пәленше-түгенше деп білмейді, қазақтың кемпірлері деп қабылдайды. Сондықтан өзіміздің тазалығы­мызды, ұлттық мәдениетімізді лайықты насихаттауымыз керек деп жиі айтып қоямын. Хор ұжымы мүшелеріне ұлттық нақыштағы киімдерді тіктіруге Орал қаласының әкімі, қазіргі ҚР Парламенті Мәжілісі­нің депутаты Самиғолла Оразов қол­дау көрсетсе, кәсіпкер, ақ жүрек азамат Вениамин Мұқатаев 1 мил­лион 750 мың теңге қаржыны қал­тасынан шығарып, бар шығын­ды көтеріп алды. Мұндай азаматтары бар қазақтың өнері мәңгі жасайды, — дейді Клара Бақтығали­қызы ағынан жарылып.

Ол Алматы зооветеринарлық институтын бітіргеннен кейін Фурманов аудандық мемлекеттік асыл тұқымды мал өсіретін стансаға зоотехник болып орналасты. Станса еділбай қойын өсіретін. «Хру­щевтің кадры болдым. Көргені мол әкем «Менің оқуым жоқ, мен шықпаған биіктерге сенің шығуың керек. Жұмысты ауылдан баста, халықпен аралас» деп көзі қимаса да, ауылға жіберді», — дейді ол. Сонда қоғамдық жұмыстарға етене араласып, 1959 жылы құрылған халық театрына қатысты. Ауыл сахнасындағы концерттерде тамылжыта ән салатын. Сол кездегі аудандық партия комитетінің І хатшысы Құрманбек Байсықовтың, Қазимовтың ағалық қамқорлығын көп көрді. Коммунистік партия қатарына өтті. Аудандық комсомол комитетінің бірінші хатшысы болып сайланды. Қазақы орта орыс тілді апамызға ана тілінде жетік сөйлеуді үйретті. Қара­пайым ауылдың тірлігінен, ауыл адамдарынан кішіліктің, адамгер­шіліктің, қарапайымды­лықтың сы­рын ұқты. Бірақ еш уақытта әке­сінің атын малданып, арзан бедел жинауға ұмтылмады.

Саяси сауатты, орыс, қазақ тіл­деріне жетік пысық қыз Мәскеуге бюроға шақырылып, БЛКЖО-ның Орталық комитеті жанындағы жо­ғары комсомол мектебінде оқы­ды. Содан кейін Мәскеуге Орта­лық комитетке қызметке қалды­­рылды. «1961 жылы ғарыш­қа ұш­қан тұңғыш космонавт Ю. Гагаринге гүл беру құрметіне ие болдым. Сондағы фотосурет отбасылық мұрағатымда әлі сақтаулы», — дейді апай. Кейін Клара апа Орал облыстық комсомол комитетінің бірінші хатшысы болып сайланады. Сол қызметінде жүріп еліміз­дің тұңғыш Президенті Нұрсұл­тан Назарбаевпен танысқаны күні ке­шегідей жадында жаңғырып тұр. — Облыстық комсомол комитетінен БЛКЖО-ның ХІҮ сиезіне Мәскеуге бардық. «Москва» деген қонақүйге орналастық. Бізге қарсы есікте қарағандылық де­легацияның мүшелері орналасты. Бірде Нұрсұлтан Әбішұлы: «Сіз бірінші хатшы екенсіз ғой», — деп өзі келіп танысты. Өзі Теміртау қалалық комсомол комитетіне жаңадан хатшы болған беті екен. Ол сиезде жұмысшылар атынан сөйледі. Оның тамаша сөзіне жиналғандар айрандай ұйыды. Содан делегаттарға Мәскеудің көрікті жерлерін аралатты. Ондайда жол бойына комсомолдың өлеңдерін, қазақ және орыс тілдеріндегі әндерді шырқайтынбыз. Нұрсұлтан Әбішұлы «Весна на Заречной улице» деген өлеңді жақ­сы айтатын. Әлі күнге таңға­латыным, оның жадының берік­тігі. Елбасы Оралға іссапармен келген сайын көптің арасынан мені көре қалса, кішілік танытып амандасып жатады, — дейді Елбасының кішіпейілдігі мен парасаттылығы­на сүйсінетін Клара Саржанова.

Бүгінгінің биігінен өткенге көз тігіп, ойланып отырса, Мәскеуде, ылғи қалада жүріп қалған қызға шопандар ауылына келін болу оңайға түспеген. Алматыда аспирантураны бітірген соң Ақтөбенің Байғанин ауданының тумасы Да­был Саржанов деген жігіттің тө­ресіне тұрмысқа шықты. Өмір жолында кездескен қиындықтар­дан Құдай қосқан қосағымен қол ұстасып аман-есен өтті. Содан шығар, «Әкем саясатқа, жұбайым Дәкең қазақылыққа, шыдамды­лыққа тәрбиеледі», — деп оты­ратыны. Клара Бақтығалиқызы ұзақ жылдар бойы Оралдағы КПСС Орталық комите­ті партия мектебінің филиалын басқарды. Ол жабылғаннан соң облыстық партия комитетінің партия кеңес кадрларын даярлау бөліміне бас­шылық етті.

Бүгінде Клара Бақтығалиқызы — ақ жаулықты әже. Екі ұлдан 5 не­мере, қызынан екі жиен сүйіп отыр. Бауырына басып өсірген үлкен немересі Данияр АҚШ-та Флорида штатында электроника саласына оқуда. Жүрген жерінде қазақтың тәлім-тәрбиесін насихаттап, халық әндерін шырқап жүрген қазақтың Кларасы елдің ілтипатына бөлене бергей дейміз.

Гүлнар ШӘҢГЕРЕЙ


Шырайлы шаралар күтіп тұр

Күні: , 908 рет оқылды

DMS_3288


«Қазақстан-Орал» телеарнасында өткен брифингте Орал қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Сайран Дүйсентегі мен қалалық ішкі саясат бөлімінің басшысы Бақытжан Нарымбетов «Қала  күні»  мерекесіне  орай  өтетін іс-шаралармен  таныстырды.


Қыркүйектің 3-і күні «Нұр Отан» партиясының за­лында «Орал аруы — 2015» байқауы ұйымдастырылады. Оған іріктеуден өткен он үміткер қа­тыспақ. Ал «Сити-центр», «Орал» сауда, ойын-сауық орталықтарын­да балаларға арналған «Оралым, асыл қалам!» атты мерекелік шара өтеді деп жоспарлануда.

Қыркүйектің төртіне белгілен­ген шаралар күрделі жөндеу жүргізілген «Лесная сказка» бала­бақшасы ғимаратының ашылу салтанатымен басталады. Одан кейін «Арман» дене шынықтыру кеше­нінде волейболдан қала әкімінің жүлдесі үшін «Достық-Дружба» турнирі оздырылады. Жарысқа Астана, Атырау, Шымкент қала­ларынан, Ресейдің Соль-Илецк, Новокуйбышев қалаларынан командалар қатысады.

Сол күні Қадыр Мырза Әлі атындағы мәдениет және өнер орталығында Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған дөңгелек үстел өтпек. Онда Атырау, Ақ­тө­бе, Ресейдің Мәскеу, Орынбор қалаларынан шақырылған ғалым­дар бас қосады. Ғылыми талқы­лаулар Бөкей ордасы ауданында болған халықаралық конференциямен сабақтасады. Маусым айы­ның аяғында көне Сарайшықтан басталып қазіргі Орынбор қала­-сы аралығындағы тарихи-мәдени маңызы зор нысандарды межелеген «Астанадан Астанаға дейін» атты ғылыми-туристік экспедиция барысында жинақталған мә­­лімет­тер ортаға салынады. Дөңгелек үстелге облыстық тарих және археология орталығының директоры, тарих ғылымдарының докторы, профессор Мұрат Сыдықов төрағалық етеді.

Сондай-ақ қала маңындағы Круглоозерный кентінде, Желаев, Деркөл ауылдарында Ақжайық, Зеленов, Теректі аудандарының өнерпаздары концерт ұсынады.

Кешкісін қала орталығындағы Абай алаңында мерекелік шоу қо­йылады. Қайрат Баекенов жетекшілік ететін «Формат» тобы кештің сәнін кіргізбек. Жаңа 3d маппинг бағытында ұсынылатын көрсеті­лім көрермендерге ерекше әсер сыйлары анық.

Қыркүйектің бесінде жаңа спорттық алаңның ашылу салтанаты өтеді. Кейін сапында мыңға тарта ерікті бар велошеру бес шақырымдық маршрутты аралайды. Қалаішілік жорыққа «Қазақ­стан барысы» республикалық тур­нирінің екі дүркін жеңімпазы Бейбіт Ыстыбаев пен жерлесіміз, ҚР альпинистері құрамасының жетекшісі Мақсот Жұмаев келеді деп күтілуде.

Облыс орталығына Түркияның Маниса және Ресейдің Орынбор қалаларынан делегациялар келе­ді. Орал қаласының әкімі бауырлас қалалардың басшылық өкіл­дерімен меморандумға қол қояды. Одан әрмен қала әкімдігінде салтанатты қабылдау өтеді.

Қазақ драма театрында «Сапалы өнім» көрмесі ұйымдастырылады. Оған отызға тарта азық-түлік өн­діруші қатысады. Сондай-ақ «Қала күніне» арналған республикалық мүсіншілер симпозиумы қорытын­дыланады. Қала әкімдігі ғимараты алаңында сәндік-қолданбалы өнер жұмыстарының көрмесі көптің назарына ұсынылады. Дина Нұрпейі­сова атындағы көшеде «Оралым – менің арман қалам» атты гүлдер фестивалі оздырылады. Көрмені 47 мектептің және 50 шақты мектепке дейінгі білім беру ұйымдары жасақтайды.

Қалалық мәдениет және демалыс саябағында Орал және Атырау қалаларының спортшылары «Күш-қайрат экстримі» бойынша сынға түседі.

Қадыр Мырза Әлі атындағы мә­дениет және өнер орталығының амфитеатрында Сырым ауданының делегациясы өнерлерін паш ете­-ді. П. Атоян атындағы стадионда кө­рер­мендер тетатрландырылған концертті тамашалайды. Онда ха­лықтың сүйікті тобы «Музарт» әншілері көпшіліктің құлақ құ­ры­шын қандырмақ. Салтанатты ме­реке әдемі отшашумен аяқталады.

– Мерекелік бағдарламаны жа­саған кезде тұрғындар тарапынан болған көптеген ұсыныстар қамтылды. Бұл мейрамды бір кісідей, ерекше мәнермен өткізуге атсалысуға шақырамын. Ортақ іске қомақты қаражат салған демеушілерімізге, кәсіпкерлерімізге алғысымыз мол, – деді қалалық ішкі саясат бөлімінің басшысы Бақытжан Нарымбетов.

Нұртай ТЕКЕБАЕВ

Рината МОЛДАҒАЗИЕВА, облыстық радионың редакторы:

– Мерекелік шараларға ар­налған билетті қайдан алуға болады?

– Қыркүйектің үшінен бастап П. Атоян атындағы стадионда және «Жастар» мәдениет үйінде билеттер тегін беріледі. Барлық ша­раны тамашалау тегін. Кө­-рермендер өте көп жиналатын болғандықтан, тұр­-ғындар қауіпсіздігі мен біркелкі тәртіптің сақталуы үшін билеттер ұйымдас­ты­рылып отыр.

Марина ГОРБУХ, «ТДК» телеарнасының тілшісі:

– Қала күніне ұйымдасты­рылған шараларға қанша қа­ражат тартылды?

– Бұл мақсатқа 7 млн. теңге жұмсалды. Көп бөлігі мерекелік безендірілімге, дыбыс және жарықтанды­ру құрылғыларын алуға, концертке, театрланды­рыл­ған көрініске қатысатын өнерпаздар мен әртістерді жаңа киіммен қамтамасыз етуге жұмсалып отыр.


Жаңа шағынауданда – жаңа мектеп

Күні: , 955 рет оқылды

IMG_7058


Орал қаласындағы білім беру нысандарының саны тағы 1-ге артты. Қаланың жыл сайын аумағы кеңіп, тұрғындар саны артып келе жатқан Зашаған кентінде №47 мектеп оқушыларға есігін айқара ашты. Мем­бағдарламалармен зәулім үйлер көптеп салынып, мектебі тарлық ете баста­ған шағынауданның тұрғындары су жаңа мектептің ашылу салтанатына ағыл­ды. Тұрғындардың қуа­нышына ортақтасуға өңір басшысы Нұрлан Ноғаев та арнайы барды.


Құрылысына 1,3 млрд. теңге жұмсалған мектеп – 1200 орын­дық. 60 ка­бинеті бар. Оның 58-і инте­рактивті тақтамен жабдық­тал­ған.Алпыс балаға арналған оқу залы бар кітапхананы, барлық құ­рал­дармен жабдықталған 3 ше­бер­хана мен спорт залын, 400 орын­дық мәжіліс залы мен 400 орын­дық асхананы, көрме залын облыс басшысы мен тілшілер ара­лап көрді.

Мектеп табалдырығын алғаш ат­таған бүлдіршіндерді, оқушы­лар мен мұғалімдерді, шараға жи­нал­ған жұртшылықты Білім күні­мен құттықтаған Н. Ноғаев:

– Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев бір сөзінде «Бала тәр­биелеу – болашаққа жасалған инвестиция» деген болатын. Елбасы білім үрдісін жеке бақылауына алып, бұл салаға барлық жағдай­ды жасап отыр. Біздің облыста да біршама игі істер атқарылуда. Атап айтсақ, биыл 5 жаңа мектеп іске қосылғалы тұр. Соның бірі – осы білім ордасы. Бұл мектеп оқу үрдісіне қажет заманауи құрал­дардың барлығымен қамтылған. Сәулетті жаңа ғимарат жас ұрпақ­тың білім мен тәрбие алуына ың­ғайлы болары сөзсіз. Құрылысты жүргізген «Альтаир» компания­сы­ның бас директоры Сергей Поти­чен­ко­ға өз ризашылығымды біл­ді­ремін. Құрметті ата-аналар, бала­пан­дарыңызға артқан үміттеріңіз ақ­талсын. Жаңа мектеп елдің игілі­гіне жарасын, – деді. Әкімнің атынан білім ошағына 28 орындық смарт  кабинет  сыйға  тартылды.

Мердігер компанияның директоры Сергей Потиченко символ­дық кілтті мектеп директоры Күн­зада Мусинаға салтанатты түрде табыстады.

Су жаңа мектептің табалды­ры­ғынан аттаған бірінші сыныптың 200 оқушысына Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтан сыйлық – «Менің Отаным – Қазақстан» кітабы табысталды. Кітапта «Қымбат­ты жас дос! Сен жаңа белеске қа­дам бастың – мектепке келдің, оқу­шы болдың! Бұл сен үшін үл­кен мереке. Ал мерекеде сыйлық беріледі. Бұл кітап – менің саған жасаған сыйлығым! Мектепте сені қызықты жаңалықтар мен ғажа­йып оқиғалар күтіп тұр. Қазақстан – біздің Отанымыз. Өз Отаныңның тарихы мен мәдениетін, ана ті­ліңді білуің керек. Бұған алғашқы ұстазың мен оқулықтарың, осы кі­табың көмектеседі. Қазақстанның болашағы жарқын. Елімізде тату­лық, береке болады. Бұған дос­тарыңмен бірге сен де өз үлесіңді қосасың. Білім әлеміне саяхатың сәтті болсын! Нұрсұлтан Назарбаев» делінген.

2015-2016 оқу жылында облыс­та 93 мыңдай оқушы мектеп қа­бырғасында білім алмақ. Оның 11 мыңы – мектеп  табалдырығын биыл  аттағандар.

Нұрлыбек РАХМАНОВ,

«Орал өңірі»


«Ислам – үрейдің діні емес!»

Күні: , 941 рет оқылды

94506500


Балғабек  МЫРЗАЕВ:

Бүгінгі қоғамда ислам дінін шамадан тыс қатыгездікпен байланыстырып, адамдардың бойына қорқыныш, үрей сезімін ұялату белең алуда. Исламды шектен шығып қаралаушылар «исламофобия» ұғымын орынды-орынсыз тықпалап, оны соқыр түсінікке негізделген дін ретінде көрсеткісі келеді. Осы ретте ислам дінінің шынайы құндылықтары төңірегінде теология ғылымының докторы Балғабек МЫРЗАЕВПЕН әңгімелескен едік.


– Балғабек Әбдіқайымұлы, ислам дінінің асыл құнды­лық­тарды дәріптейтінін әлем ха­лық­тары жақсы біледі. Десек те, соңғы жылдары орын алып жатқан мұсылман елдерінде­гі қарулы қақтығыстар мен түрлі террорлық әрекеттердің аста­рын ислам дінінен іздеу үй­реншікті  жағдайға айналды. Бұл кім­нің қателігінен болып отыр?  Мұ­сылмандарға қарсы теріс көз­қарас қалыптастырып отырған­дардың шынайы көксегені не?

– Бұл, біріншіден, ислам дінінің шынайы құндылықтарын дұрыс түсіне алмаған мұсылмандар­дың қателігінен дегім келеді. Екінші­ден, ислам мен мұсылмандарға деген жеккөрушілік және мұсыл­мандық мәдениетті прогрессив­ті емес, “тоқырауда қалған, фун­даменталистік және басқа мәде­ниеттерге қауіп төндіретін мә­де­ниет” деп мұсылмандарға қарсы жаулық көзқарас қалыптасып отырған әлемдегі астыртын күш­тердің ықпалынан деп түсінуіміз керек.

Таразының бір жағында ислам елдеріндегі «Араб көктемі», Ирак­тағы сунниттер мен шиит­тердің би­лікке таласып, бірін-бірі қырып-жоюы, Кувейт-Ирак текетіресі, Пә­кістан мен Ауғанстандағы үздік­сіз терактілер, Сириядағы төңке­ріс, Ливиядағы жағдай, Мысыр­да­ғы «Жасыл кітап» авторына жа­салған озбырлық, Сауд Арабия­сы Корольдігі мен Ие­меннің ара­­сындағы саяси шиеленіс, «аль-Кай­да» және басқа да лаңкестік ұйымдардың әр жерде жойқын жарылыстар ұйымдастыруы, Ау­ған­­стандағы Талибан, өзін-өзі құр­бандыққа шалатын жанкешті­лер мен «Халифат құру» мақсатын көз­деген, жаппай жихадқа ша­қыр­ған содырлар өздерін мұсылман ретінде көрсетіп, исламға деген үрейдің көрігін үрлеп отыр. Яғ­ни білімі таяз мұсылмандар ис­лам тарихында болмаған жағымсыз әре­кеттерімен исламофобияға қыз­­мет етіп жатыр. Ислам дінінің негізінде экстремистік, оның ішін­де діни танымдарды жамылатынлаңкестік құрылымдармен ешқан­дай байланысы жоқ. Лаңкестік­тің салдарынан ең бірінші ислам мем­лекеттерінің азаматтары зар­дап шегіп отырғандарын бүкіл әлем көріп отыр. Мұхаммед пай­ғамбардың хадистерінде былайделінеді: «Дін – зорлық-зомбы­лықтан бас тарту. Ешқандай мұ­сылман баласы зорлық-зом­бы­лық­ты қолдауға тиісті емес». Та­ра­зының екінші жағында, христиан әлемінде 2001жылдың 11 қыр­кү­йегіндегі АҚШ-тағы терак­тіден ке­йін исламофобияның күрт өсуітұр. Сонымен қатар мұ­сылман­дар­дың христиандық дамыған мем­лекеттерге, оның ішінде Еуропағажүйесіз миграциясы да исламо­фобияның өршуіне себеп болды. Еуропалықтар мұсылмандарды жал­қаулар мен жатыпішерлер, бі­лім алуға ынтасыз, өркениеттің көшінен қалып кеткен сауатсыз­дар деп айыпта­ға­ны­мен, негізгі үрейлері мешіттердің көбеюі, жұма және айт намазда­рында мұ­сылмандардың мешітке сыймай,көшелерге шығуы, оның қасында шіркеулердің қа­ңы­­рап бос тұруыекенін жоққа шы­ғаруға болмай­ды. Құранды өр­тегісі келген пасторТерри Джонс, Рим папасы Бене­дикт XVI 2006 жылғы Регенсбуркқаласында исламға қатысты айт­қан сыни сөз­дері, Франциядағы «хид­жаб» киюге тыйым салу,Швей­­царияда мешіт мұнараларынсалуға тыйым салу, Франция­да­ғы, Даниядағы Ис­лам пайғамба­рының каррикатурасын жарна­малауы, Норвегия­дағы Брейвик­тің жасаған терактісі исламофо­бияның  шоғын  қоздатты.

– Өзіңіз айтқандай, қоғам­­ның радикалдануы, экстремис­тік көріністер мен терроризм сияқты жаһандық проблема­лар­мен бетпе-бет келген уақыт­та тығырықтан шығу үшін елі­-­міз  не  істеуі  керек?

– Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев Астанада өткен Ислам Ынты­мақ­тастығы Ұйымына мүше мемлекеттер Сыртқы істер министрлері кеңесінің 38-сессиясындағы сөйлеген сөзінде: «Ислам қоғам­дас­тығына бейбітшілік, жаңғыру, ғылыми-техникалық даму және өр­кендеу ауадай қажет. Ислам өр­кениетінің қайта өрлеуіне қызмет етіп, жаңа идеялардың алға жыл­жуына қабілет танытатын интел­лектуалдық элитаны тәрбиелеу біздің міндетіміз болуы тиіс. Орта ғасырларда ислам әлемге математика, химия, астрономия, медицина, сәулеткерлік, философия мен поэзия салаларында ұлы жа­ңалықтар мен ашылуларды сый­лады. Бағдад, Кордова, Толедо, Александрия секілді қалалар бү­кіл әлемнің интеллектуалдық ор­­талықтары болып табылды. Оларғалымдар, әдебиетшілер мен кі­тап шығарушылардың ірі қауым­дас­тығын өздерінде шоғырлан­-ды­ра білді. Қайта өрлеу зама­ны­ның қарсаңында христиандық Еу­ропа шығыс киімдерін киді жә­не мұсылмандардың филосо­фия­лық шығармаларын оқуды дәстүр­ге айналдырды. Араб цифрла­ры мен есептеу жүйесінің пайда болуы математикада, алгебра­да, геометрияда танымдық төңке­ріс­ке әкелді. Осының негізінде Еуро­паның мұнан кейінгі гүлденуіне қызмет еткен оқытушылық жүйе­сі қалыптасып, сәулеткерлік пен сау­да дамыды. Міне, осындай қуат­ты тарихи іргетасқа сүйене жәнебірлесе отырып біз ислам өрке­ниетінің интеллектуалдық рө­лінқайта жаңғыртуға міндеттіміз. Мұ­сылман әлемінің интеллектуал­дық ұлылығы мен жасампаздық күш-қуаты неліктен жоғалған­ды­ғын зерттеп, түсінуіміз қажет. Ис­лам елдері бай табиғи, адами, қаржылық ресурстарға ие бола оты­рып, неліктен әлемдік даму деңгейінде жоғарғы орындарға ие бола алмады? Неліктен ислам университеттері әлемдік жоғары білім жүйесінде өздерін көрсете алмай отыр? Соңғы жиырма жыл­да мұсылман елдерінде жараты­лыстану және техникалық ғылым­дар саласында әлемдік деңгей­дегі жаңалық ашулардың болмау сыры неде?» деп сауал тастаған болатын.

Оған жауап ретінде бүгінгі мұ­сылман уммасы исламның саяси зорлық-зомбылықпен, экстремизм­мен және лаңкестікпен ешқандай байланысы жоқ екендігін үзіл­ді-кесілді мәлімдеп, саяси идео­ло­гия ретінде діни фундамента­лизм­ге қарсы тұруды үйренуі қажет.

Екіншіден, өткен мыңжыл­дық­тың орта ғасырларындағы ислам ғылымы мен мәдениетінің өр­кен­деп, дамуына қайта қол жеткізуге міндеттіміз.

Үшіншіден, мұсылман әлемі жә­не Батыс әлемі арасындағы ашық және әділетті үнқатысуды ба­рын­ша  жандандыру  керек.

Сұхбаттасқан Гүлмира ШАРХАНҚЫЗЫ,

дінтанушы

Азаматтар мен ұйымдардан діни салаға қатысты барлық мәселелер бойынша ақпарат қабылдауға, сондай-ақ деструктивті қызметтен зар­дап шеккендерге кеңесшілік және психологиялық көмек көрсетуге арналған сенім телефондары: 8 (7112) 26-75-88, 24-44-11. «Қауырт желі» — «114»


Алаш зиялылары хақында

Күні: , 997 рет оқылды

weBuu9-QEJc


Қазақ халқының Ресейдің отарлық саясатына қарсы үздіксіз жүргізген ұлт-азаттық күресінің құрамдас бөлігінің бірі – Алаш қозға­лысы. Қозғалыс қоғамдық құбылыс ретінде және өзі­нің ішкі сипаты мен мазмұнының күрделілігіне байланысты Отан тарихы ғылымындағы аса өзекті мәселенің қатарында.


Алаш қозғалысының та­ри­хы мен еліміздің бү­гінгі тарихи шындығы ара­сында өзара байланыс пен са­бақтастық бар. Сабақтастықтың өзегі – ұлттық мемлекеттілік. Қа­зақ­стан Республикасындағы ұлттық мемлекеттілікті нығайту ба­ғы­тындағы бүгінгі атқарылып жат­қан істер өте маңызды. Қазіргі тарихи кезеңде бұл бағытты жүзе­ге асыру үшін тарих тағылымы­нан сабақ алып, ұлттық мемлекетті қайта қалпына келтіру жолындағы Алаш қайраткерлерінің қызме­тін терең зерделеп, жетекші ойларын басшылыққа алуға тиіспіз. 2015 жы­лы бірнеше Алаш қайраткері­нің мерейтойы атап өтілмек. Со­ның бірі – Әлібеков Ғұбайдолла. Ғұбайдолла (Ғабдолла) Әлібеков 1870 жылы, Жымпиты уезінде (қа­зіргі Сырым ауданы) Қарасу болы­­сында молдадан хат танып, Орал қаласындағы училищеде оқы­­ған.Орынбор қаласындағы мұға­­лім­дер даярлайтын семинарияда бі­лім алып, ауылда мұғалім болған. Кейін Орал уездік полиция бас­қар­масында тілмаш, сонан соң Ойыл және Соналы болыстары­ның басқарушысы қызметін ат­қар­ды. 1917 жылы Ақпан төңкері­сі тұсында Халел және Жаһан­ша Досмұхамедовтермен бірге Орал облыстық қазақ сиезін өткізуге ат­салысты. Облыстық қазақ коми­тетінің төрағасы болды. Орал қа­ласында өткен облыс қазақта­ры­ның бірінші сиезінде Орал об­лыстық қазақ комитеті – Жайық өзені­нің сол жағалауын қоныс­тан­ған қазақ ауылдарын басқару мақсатында құрылды. Ғұбайдол­ла осы құрылған қазақ комитеті­нің төрағалығына сайланды. Комитет мүшелері Ж. Досмұхамедов, Ы. Тоқберлиев, Х. Тасымов, Т. Сар­бупиев, Е. Мұқанов, Д. Сәрсен­баев, Ғ. Әлібеков, Д. Күсіпқалиев, Б. Жанқадамов, Р. Қаржаубаев. Д. Жұлдызов, Х. Досмұхамедов, Ы. Топаев, Е. Әбенов, К. Жаленов, Ғ. Есенғұлов, С. Қаратілеуов, Б. Жұмағалиев, С. Омаров және Б. Тілепин.  Орал комитеті бі­рін­ші облыстық қазақ сиезінің Жа­йық­тың сыртқы бөлігіндегі бұрын­­ғы төрешіл басқару жүйе­сінха­лықтық басқару жүйесіне ауыс­­тыру жөніндегі шешімінен туын­даған барлық қаулы-қарарды жү­зеге асырумен шұғылданды. Орал қаласындағы, уездегі қазақ қар­жы­сына салынған жылжымайтын дүние-мүлікті есепке алып, қазақ пайдасына қызмет еткізу, елден ерікті жылу жинау, оқу орында­рын ашу, жәрмеңкелер өткізу, азықтүлікпен қамтамасыз ету, басқа қоғамдық ұйым-мекемелермен бай­­ланыс жасау ісімен айналыс­ты. Ғ. Әлібеков сиезді кіріспе сөз­бен ашып, оның төрағасын, екі орын­басарын және үш хатшысын сайлау жөнінде ұсыныс жасаған. Съез төрағалығына Жаһан­ша Дос­мұхамедов сайланды. Ғұбайдолла Бүкіл ресейлік мұсылмандар сие­зіне делегат болып, осы сиезде сайланды. Орынбор қаласында өт­кен 21-28 шілдедегі бірінші жал­пы қазақ сиезіне Ғұбайдолла Орал облысы мен Маңғыстау уе­зі атынан Құрылтай жиналысы де­путаттығына үміткер ретінде бе­кітілді. 1917 жылғы 5-13 желтоқсанда Орынбор қаласында өткен екінші жалпы қазақ сиезіне де делегат ретінде қатысты. Осы сиез­де Жаһанша Досмұхамедовтың  Алашорда автономиясын жеделжариялау туралы ұсынысын жақтап дауыс берді. Осы сиезде бүкіл Қазақтық құрылтай сиезінде республика үкіметінің құрамына сайланды. Ғ Әлібеков Батыс Алаш­орда үкіметінің мүшесі, 1918-1920жылдары Батыс Алашорда қыз­ме­тіне айрықша еңбек сіңірді. 1920 жылдың 24 қыркүйегінен бастап, ол Қазақ АКСР-і әділет халық комиссары, кейін бас прокурордың қызметіне тағайындалды. Ғұбай­долла сот тергеу ісін жетілді­ру, қылмысқа қарсы күрес шарала­рының жаңа бағдарын қалыптас­тыру мәселелеріне жете көңіл бөл­­ді. Сондай-ақ алғашқы құқықтық құжаттардың жобаларын әзірлеу­ге басшылық жасап, заң үлгіле­рін түзеу барысында жергілікті халықтың әдет-ғұрпы, тарихи та­ным-түсінігі ескерілуін талап ет­ті. 1921 жылы наурыз айында ден­саулығының нашарлауына байла­нысты туған еліне оралды. 1922-1923 жылдары Орал облысы Жым­­питы уезі атқару комитетінің тө­р­ағасы қызметін атқарып жүрген шағында қайтыс болды. Биыл оның 145 жылдық мерейтойы аталып өтілуі тиіс. Алаштың арма­ны тәуелсіз мемлекет құру болатын, осы жолда қызмет еткен Алаш қай­раткерлерін ұрпақ білуі қажет.

Алаш қозғалысында бел­сен­ді­лігімен ел көзіне түскен қоғам қай­рат­ке­рінің бірі – Ғұбайдолла Бердиев 1885 жылы Орал облысы, Гурьев уезінің Қарашығанақ ауылында туған. Әкесі Есқали оқыға­ны бол­маса да, тоқығаны мол кісі екен. Атасы Мүсірәлі – Есбол өңірін­де болыс болған белді қайраткер, көп нәрсені көңіліне тоқы­ған бі­лікті адам. Мүсірәлінің үлкен ұлы Досжан Бердиев Орынбордағы Неплюев кадет корпу­сы­ның ал­ты класын бітірген, Гурьев уезі бастығының тілмашы, әрі қа­зақ істері жөніндегі көмекшісі бол­ды. Ғұбайдолланың елшілдік әлеу­мет­шілдік бағыт ұстануына сол ата­сының ел арасындағы беделі де ықпал еткен. Ғұбайдолла Есбол ауылындағы «Қызыл үй» аталатын екі сыныпты орыс-қазақ мек­тебін бітірген, онан соң Гурьев­тегі Романов училищесіне тү­сіп, оны аяқтайды. Сөйтіп жас кезінен орыс тілін жетік меңгерген ол Орал реалды әскери училище­сі­не түсіп, оқуын жалғастырды, он­да Б. Бисенов, И. Қашқынбаев, Ғ. Есен­ғұлов, Н. Ипмағамбетов, Ш. Күсіп­қа­лиев, Ғ. Арықовтармен бірге оқи­­ды. Кейіннен Қазан қаласын­да­ғы малдәрігерлік институтына оқуға түсті. Оқып жүрген кезін­де жасырын социал-демократтар пар­­тиясының мұсылмандар «тобына» қатысты. Сол ұйымға қатыса жүріп, қоғамда, әлеуметтік тарихижағдайларды терең түсінді. Оның бұл демократтық көзқарасы мен ұлтшылдық бағыты патша үкі­ме­тінің назарынан тыс қалмайды. Ақы­­ры Қазандағы студенттер қоз­ғалысына қатысқаны үшін қуғын­ға ұшырайды. Орал қаласына келген соң «Қазақ конституциялық-демократиялық» партиясын құ­ру­­ға кірісіп, партияның бағдарла­масын даярлау жұмысына қатыс­ты. 1905 жылы желтоқсанда Орал қаласында бес облыс өкілдері­нің қатысуымен өткен басқосуда осы саяси ұйымның орталық ко­митетінің құрамына Б. Қаратаев, И. Тоқберлиев, Х. Досмұхамедов, М. Мұ­қановтармен бірге енді. «Фикер» газетінің 1905 жылы 25 жел­тоқ­сандағы №5 «Қазақ консти­ту­циялық-демократиялық» партия­сы­ның бағдарламасын жариялау­ға қатысып, онда көрсетілген­­дей, Ресейде монархиялық билікті шек­теген пұрсаты конституциясы­мен тұжырылған жаңа тәртіп орнату­ды жақтады. «Фикер» газетінің 1906 жылы біріктірілген №5-6–де «кадет партиясына қосылушы қазақтардың бастапқы жиылысы» деген мақала жариялап, оныңмаңызын қазақ халқына түсінді­руге атсалысты. Мемлекеттік ду­маның сайлау мәселелері жөнін­дегі патша үкіметінің саясатын ха­­лыққа түсіндіруге тырысты. 1911-1913 жылдары Шәңгерей Бө­­кеев, Бақытжан Қаратаев, Ғұ­мар Қараш ұйытқысы болған «Қа­зақ­стан» газетін шығарушының бірі –Ғұбайдолла Бердиев. Ол 1917 жы­лы бірінші жалпы қазақ съезіне Орал облысынан Бүкілресейлік құрылтай жиналысына депутат­тық­қа үміткер болып ұсынылды. Сол жылы уақытша үкіметтің Гурьев уезіндегі комиссары болып тағайындалды. 1918-1919 жылда­ры Гурьев уезінің  Қарабау болыс­тық жер басқармасын басқарды. 1919 жылы күзде туған ауылына оралып, 1921 жылы көктемде ауы­рып қайтыс болды. Артында екі қыз, бір ұлы қалған.

Алаш зиялыларының басты мұраты – Қазақ халқының ұлттық төл тумалығын сақтау, сонымен бірге оның тарихи мұрасын қалпына келтіріп, ұлттық санасын шыңдауға күш салды.

Дәметкен СҮЛЕЙМЕНОВА,

Ж. Досмұхамедов атындағы «Қайраткер» қоғамдық  қорының президенті, тарих ғылымдарының кандидаты, алаштанушы


Бір ауданда бір күнде – 3 мектеп!

Күні: , 827 рет оқылды

IMG_3950-с


Жалаулатып сүйінші сұрайтындай-ақ қуанышты хабар. Бір ауданда, бір оқу жылы қарсаңында үш бірдей жаңа мектеп ғимаратының құрылысы  аяқталып, пайдалануға берілуі сирек болатын игілікті іс емес пе?


Оны Ата Заңымыздың 20 жыл­дық мерекесіне лайықты тарту десек те болады. «Еліміздің жарқын болашағы білімді жастардың қо­лында» деген ел Президенті ұрпақ тәрбиесін, оларға білім беру ісін бірінші кезекке қойып келеді.

Әлемді әбігерге салған қаржы дағдарысына қарамастан шалғай­дағы бір ауданда бір жылда пай­далануға беріліп, мыңдаған оқушы­лар мен олардың ата-анасын қуа­нышқа бөлеген бұл құрылыстар үкімет қамқорлығының  жарқын кө­рінісі еді.

Бұл күні алдымен аудан орта­лы­ғындағы мектеп-гимназия ашылды.

Жобалық құны 1148472 мың тең­ге болатын бұл құрылысты «Тасқа­ла Транс Газ» ЖШС жүргізді. 600 орындық мектеп пен 100 төсектік  жатақхана республикалық бюджет қаржысы есебінен салынды.

Сыртқы сәулеті көз тартар еңсе­лі ғимараттың ішкі құрылысы, жаб­дықталуы, безендірілуі де заман та­лабына сай, оқушыға барлық жағ­дай жасалыпты.

— Облыс бойынша бес мектеп ғимаратының құрылысы аяқталып, пайдалануға беріліп отыр. Оның үшеуі сіздің ауданда. Бұл сіздер үшін үлкен  мерей.  Үкіметтің осы қам­қорлығына орай аудандағы білім сапасы жақсара түседі, ел көсеге­сін көгертер болашақ қайраткер­лер осы мектептен де шығады деген сенімдеміз. Батыс Қазақстан облысы әкімінің  қуаныштарыңыз­ды бөліскен құттықтауын қабыл алыңыздар, — деді мектептің ашылуына арнайы келіп, құттықтау сөз сөйлеген облыс әкімінің орынба­сары Б. Мәкен.

Бүгінгі күнді асыға күткендердің бірі – жуалыойлықтар еді. Өткен жылы бұл ауылда да жобалық құ­ны 252 миллион теңге болатын 108 орындық мектеп құрылысы басталып еді. Құрылысты «Алаш ҚК» ЖШС жүргізді. Құм қойнауындағы ауылда екі қабатты құрылыс  алыс­тан менмұндалап, Үкіметтің бала­ларға деген қамқорлығын айтпай-ақ ұқтырып тұр.

Бұл білім ошағының да қуа­ны­шын  облыс  әкімінің  орынбасары Бақтияр  Мәкен бөлісіп, құттықтау  сөз  сөйледі.

Үшінші ашылатын мектеп Жаңа­жол ауылдық округінің Сарыкөл ауылында болатын. Сарыкөлдің Ке­ңестік кезеңдегі атауы Факеево. Күй атасы Құрманғазы мен өнер, өлке зерттеушісі Н. Савичевтің  кездескен жері.

Бұл ауылдағы негізгі мектеп ғи­мараты да апатты жағдайға келіп,  тұрғындардың тілегі облыс басшысынан қолдау тауып, өткен жылы жаңа мектептің ірге­тасы бастап қаланған еді. Жоба­лық құны 242 млн. теңге болатын мұндағы мектеп те 108 орындық. Құрылысты «Bema servuces» ЖШС жүргізіп, келісіл­ген мерзімде сапалы салып бітірді.

— Дәл осындай мектеп салынып, сарыкөлдіктердің балалары қала­дағыдай бар жағдайы бар қос қа­батты мектепте оқиды деп кім ой­лаған. Бұл – тәуелсіздігіміздің жемісі. Ел тілегін ескеріп, қолдау жасаған аудан, облыс басшылары­на халық атынан алғыс айтамын, — деді облыс әкімінің орынбасары Б. Мә­кеннен кейін тебірене сөй­леген округтегі қоғамдық келісім кеңесінің төраға­сы С. Қайырбеков.

Мектеппен бірге осы мезетте қос ескерткіш ашылды. Ол көп ұлт­­ты Қазақстандағы ұлттар досты­ғын бейнелегендей әсер беретін күй атасы Құрманғазы мен оның өнеріне тәнтілік танытып, берген бағасымен әлемге танытқан Н.Сави­чевтің тас мүсіндері еді.

Ескерткіштердің ашылуында өл­кетанушы Ж. Ақбай тарихтан сыр толғаса, дәулескер күйші Е. Қазиев Құрманғазының «Қамыс Самар» кү­йін қуаныш үстіндегі сарыкөл­діктерге тарту етті.

Мұнда да мектеп ашып, елдің қуанышын бөліскелі келген  қонақ­тар осы шараға арналып өткізіліп жатқан қазақша күрес жарысын ашып, балғын палуандарға сәттілік тілеп, аттанды.

Бүгінгі көл-көсір қуаныш мұны­мен  біткен жоқ. Ынтымағы ұйы­ған Мұқыр ауылы да көршілеріне  өнеге болатындай іс атқарып, өз ауылдары тарихын баян етер мұ­ра­жай жасақтап, ашылуына осы қонақтарды тосып отыр еді.

Бүгінгі үш мектептің ашылу қуа­нышын мұқырлықтардың жарасым­ды тірлігі, тату бірлігі еселей түс­кендей болды.

Өмірзақ  АҚБАСОВ,

Жаңақала ауданы

Арай БАЛИЕВА, ата-ана:

— Осы ашылып жатқан гимназияда екі бірдей қызым сынақтан сүрінбей өтіп, оқығалы жатыр. Көп балалы отбасымыз. Қыздарым жатақханасына  қабылданды.

Ауданымызға осындай үлкен білім ордасын ашқан  Елбасына ризамыз. Осы оқу орнына қабылданған оқушылар ата-ана мен ұстаздар сенімін ақтап, егемен еліміздің білімді азамат-азаматша­лары болсын деген тілегімді білдіремін.

Ақжүніс Құрманғалиева, Абай атындағы ЖОББМ-ның 7-сынып оқушысы:

— Бүгін біздің Сарыкөл ауылында үлкен той. Жаңа 108 орынды мектеп ғимараты ашылып, төбеміз көкке жетуде. Бұған дейін құлағалы тұрған мектепте оқып келдік. Жаңа мектебіміз заманауи талаптар­ға сай құрал-саймандармен жабдықталған. Ол біз үшін үлкен қуа­ныш. Бүгіннен бастап оқуға деген құмарым одан сайын артуда.


Су жаңа білім ордасы

Күні: , 825 рет оқылды

7авпрреа


Білім күнін Теректі ауданы Юбилейный ауылындағы бүлдіршіндер зор қуанышпен, ерекше  көңіл күймен қарсы алды.


Олай деуге себеп – апаттық  жағ­дайда тұрған ауылдағы мек­теп­тің орнын су жаңа, барлық зама­науи құрылғылармен жаб­дық­талған білім ордасы басты. 108 оқушыға ар­нап жаб­дық­тал­ған мектептің ашылу салтанаты­на  облыс әкімінің бірінші орынбасары Арман Өте­ғұ­лов пен Те­ректі ауда­ны әкімі Жеңіс Серік­қалиев қатысты.

— Бұл мектепті салу арқылы Те­ректі ау­данында апаттық жағ­дайдағы білім ошақ­тары мәсе­лесі түгелдей жабылды. Оқушы­ларымыз енді іші де, сырты да келіскен, жарық әрі кең, бір сөзбен айтқанда, бар­лық жағдай жасалған мектепте білім ала­тын болады. Әрине, бүгін Юбилей­ный ауы­лында үлкен той. Ата-аналар, ұстаздар мен оқушылардың қуанышын бөліскелі келге­сін, осындай мерекемен баршаңыз­ды құт­тықтағым келеді. Жаңа мек­тепке қадам бас­қан оқушылар енді еліміздің өсіп-өр­кен­деуі жо­лында сапалы білім алып, аян­бай еңбек­тенеді деп сенеміз. Бұл мектеп­тен барлық қазақстан­дық­тар мақтан тұтар, елдің үкіле­ген үмітіне айналар азаматтар мен азамат­шалар түлеп ұшады деп ойлаймын. Сәт са­пар, айнала­йын­дар, — деді об­лыс әкімінің орынбасары Арман Кәрімұлы.

Құттықтау сөзден соң облыс әкімінің бірінші орынбасары А. Өтеғұлов 1-сынып оқушыла­ры­на арналған ҚР Президенті Н. Ә. Назарбаевтың атынан «Менің Отаным – Қазақстан» кітабын балғындарға ұсы­нумен қатар, об­­лыс әкімі Н. Ноғаевтың аты­нан жаңа мектептің ашылу салтана­ты­на ар­налған сыйлығын да табыстады.

Мектептің құрылысын жүргіз­ген «Марасант» ЖШС-ның президенті Аманжол Ко­ниев мектеп ұжымына сәттілік тілеп, сим­во­ли­калық кілтті мектеп директоры­на ұсын­ды.

Сыңғырлаған күміс қоңырау­дың даусынан соң облыс әкімі­нің бірінші орынбасары Арман Өтеғұлов пен ардагер ұстаз София Молжасова салтанатты түр­де мектептің лентасын қиды.

Әділет ОРЫНБАСАРОВ,

Теректі ауданы

София МОЛЖАСОВА, ардагер ұстаз, Юбилейный ауылының тұрғыны:

— Мен Юбилейный ауылындағы Госплемстанция жалпы орта білім беретін мектебінде 40 жылдан астам уақыт қызмет атқардым. Бастапқы кезде орындықтар саны және оқулықтар саны жетіспей көп қиналдық. Оқушыларымыз тік тұрып білім алған кездер де кездесті. Қыс мезгілінде мүлдем қиын болатын. Оқушылардың саны жыл сайын артып келеді. Бұл күн ата-аналар мен оқушылардың, ұстаздар мен ауыл тұрғындарының естерінде сақталды деп ойлаймын. Себебі ауылымызға ең қажетті, болашақтарымызды тәрбиелер білім ошағы өз есігін айқара ашты. Ақ түйенің қарны жарылды деген, міне, осы! Ауылдың қазыналы қарттары атынан облысымыз мен ауданымыздың тізгінін ұстаған азаматтарға алғыс айтамыз!


Қанатқақты жоба екі мектепте өткізіледі

Күні: , 780 рет оқылды

Айгул Мынбаева


Айгүл МЫҢБАЕВА, облыстық білім басқармасының басшысы

Ел Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанды одан әрі дамыту бағытында «100 нақты қадамды» белгілеп бергені мәлім. Соның ішінде елдегі білім беру саласына да ерекше көңіл бөлінген.


Елбасы белгілеген 100 нақты қадамның 76-қадамында «ЭЫДҰ елдері стандарттарының негізін­де адам капиталының сапасын кө­теру, 12 жылдық білім беруді ке­зең-кезеңімен енгізу, функциялық сауаттылықты дамыту үшін мек­тептегі оқыту стандарттарын жа­ңарту. Жоғары сыныптарда жан­басылық қаржыландыруды енгізу, табысты мектептерді ынталандыру жүйесін құру» делінген.

Білім беру жүйесі 12 жылдық  оқыту моделіне көшуіне байланысты,  «Жаңартылған білім беру мазмұнын пилоттық енгізу тура­лы» Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2014 жыл­ғы 6 қарашадағы №455 бұй­рығымен 2015-2016 оқу жылында бастауыш білімнің Мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандарты мен оқу бағдарламасын апробациядан өткізетін республика бойынша 30 мектеп белгіленді.

Облыстық білім басқармасы­ның 2015 жылғы 4 тамыздағы №508 бұйрығы негізінде, Орал қаласының М. Ықсанов атындағы  №36 жалпы орта білім беретін мектебі және Теректі ауданының Шаған жалпы орта білім беретін мектебі 2015-2016 оқу жылынан бастап жаңа білім беру стандар­тының оқу жоспарлары мен бағ­дарламалары бойынша оқыты­ла­ды.

2015-2016 оқу жылында атал­ған экспериментті жүргізетін бі­лім беру ұйымдарында 1-сынып­қа барлығы 146 оқушы, оның ішін­де 131 оқушы қазақ сыныптарына, 15 оқушы орыс сыныбына қа­былданды.

Ағымдағы жылғы қаңтар-нау­рыз айларында «Мемлекеттік жал­пыға міндетті білім беру стандар­тын және орта білім беру мазмұ­нын ішінара жаңарту, 12 жылдық білім беру моделінің оқу бағдар­ламаларымен  жұмыс жасау» жә­не «Критериалды бағалау бойын­ша басшылық»  тақырыбында Ас­тана қаласында өткен республи­калық семинарларға 17 педагог қатысты.

Сонымен қатар маусым-тамыз айларында 58 қызметкер, оның ішінде облыстық әдістемелік кабинет және аудандық (қалалық) білім бөлімдерінің әдіскерлері, мектеп басшылары мен мұғалімдері Астана қаласындағы «Назарбаев зият­керлік мектептері» дербес білім беру ұйымдарының педагогика­лық шеберлік орталығы базасында педагог кадрлардың біліктілі­гін арттыру курсынан өтті.


Еділден елге оралды ерлік рухы

Күні: , 858 рет оқылды

DSC_0175


Биыл  даңқты Сталинград түбіндегі шайқасқа 72 жыл толды. Аз уақыт емес. Еділ  бойындағы 200 тәулік бойы толассыз жүргізілген бұл шайқас неміс-фашист әскерлерін талқандаудың басы болып, екінші дүниежүзілік соғыс та­рихында түбегейлі бетбұрыс жасады. Оңтүстіктегі қиян-кескі ұрыста жау ұзын-ырғасы 1,5 миллион солдаты мен офицерінен айырылды.


Еділ бойындағы ұрысқа 320 біріктірілген, 250 же­ке полк (барлығы 1,5 млн. адам) қатыстырылса, оның бес ат­қыштар, бір кавалериялық дивизиясы Қазақстанда жасақталды. Таратып айтар болсақ, Сталин­град түбіндегі алғашқы соққыны қа­былдаған 29-атқыштар дивизия­сы Ақмола қаласында жасақтал­са, 27 мен 292-атқыштар диви­зиясы Қызылорда мен Ақтөбеде, 21-дивизия Жамбылда жасақта­лып, ал 156-атқыштар дивизия­сы 1943 жылдың басында Петро­павлдан Сталинград қорғанысы­на жеткізілді. Сталинград шайқа­сына барлығы 90 мыңға жуық қазақстандықтар қатысып, ер­лік­тің тамаша үлгісін көрсеткен. 1941 жылғы желтоқсанда, 1942 жыл­ғы қаңтар айларында Алматы қаласында жасақталған 38-ат­қыштар дивизиясының офицерлер құрамы негізінен Алматы мен Фрунзе қалаларындағы әскери училищелердің түлектерінен то­лықтырылды. Дивизияның құра­­мы да Қазақстанда тұратын әске­ри міндеттегілерден қалыптас­ты. Олар Алматы, Жамбыл, Талды­қор­ған облыстарынан келген тепсе темір үзетін  жас жігіттер еді. Осы­лардың көбі Сталинградты қор­ғау жолында  қаза тапты.

1941 жылы желтоқсанда Ал­матыда  жасақталған   38-атқыш­тар дивизиясының ер рухы мен на­мысының символикасы іспеттес Жауынгерлік  қызыл туының кө­шірмесін Волгоград қаласындағы «Сталинград шайқасы»  мемо­риал­дық музейінен  Қазақ еліне табыс­тау тарихи рәсімі өтті. Осынау шежірелі сәттің сабақтаса жүзеге асуына ұйытқы болған  «Генерал­дар кеңесі» республикалық қоғам­дық бірлестігі екендігін ерекше атап өтпекпіз. Аталмыш қоғамдық бірлестік жауынгерлік Тудың кө­шірмесін Алматы қаласындағы  Ор­талық мұражайға  алдыру үшін  тер төкті. Еңбектері еш кетпеді. Осынау аманатты көрші мемлекет­тен елімізге әкелу үшін төменде­гідей құрамда делегация жасақ­талды.

Бұлар яғни «Генералдар кеңе­сі» республикалық қоғамдық бірлестігі төрағасының орынбасары, доғарыстағы генерал-майор Руслан Исламұлы Тынбаев, «Генералдар кеңесі» республикалық қо­ғамдық бірлестігінің мүшелері  ге­нерал-майор Махамбет Мұста­фа, ауған соғысының ардагерлері генерал-майор Марат Марденов, полковник Жұмажан Ерғалимов, полковник Мәлік Қалиев және «Генералдар кеңесі» республика­лық қоғамдық бірлестігі төраға­сы­ның көмекшісі Талғат Кана­лиев, аудандық мәслихат хатшысы Та­хир Кадимов, осы жолдардың авторы сынды азаматтар болатын.

Қазақ елінен ат сабылтып, жан тебіренісімен барған қонақтар­ды Волгоград қаласындағы «Қазақ­стан мұрасы» қорының төрағасы Айболат Ахметов пен «Әскери қарсыбарлау ардагерлері» аймақ­тық қоғамдық ұйымы төрағасы­ның кеңесшісі Артем Александрович Артеменко қарсы алып, жол бастады. Қандас бауырларын құ­шақ жая қарсы алған Айболат Ахметов қаланың көрнекті жерлері мен тарихи маңызы бар кешендерін аралатты.

Сапар барысында  қуанышты да тебіреністі сәтке куә болдық. Ау­ған соғысының ардагері,  доғарыс­тағы полковник Мәлік Қалиев жет­піс жылдан астам хабарсыз кетті деп келген атасы Жұпарбай Шаяновтың Волгоград облысы, Городищенский ауданы, Кузмичи селосындағы бауырластар зи­ра­тына жерленгенін біліп, аталмыш жерге барып, баба басына тәу етіп, елден алып келген бір уыс топырағын атасының мәңгілікке мекендеген жеріне салды.

Сапардың келесі күні даңқты Мамай Қорғаны мемориалдық кешенінде жалғасын тапты. Біздер­ді «Сталинград шайқасы» мемлекеттік тарихи-мемориалдық мұ­ра­жай қорық директорының орынбасары Николай Мусиенко, генерал-лейтенант, майдангер, Вол­го­град облыстық Ұлы Отан соғы­сы, Қарулы Күштер және  құқық қор­ғау органдарының ардагерлер кеңесінің төрағасы Александр Маклаков, ҰОС ардагерлері жә­не делегация құрамында барған қазақстандықтардың Ауған елінде Отан алдындағы борыштарын бірге өтеген бір топ қарулас жол­дастары қарсы алды.

Көптен күткен сәт те туды. Сал­та­натты жиын қос мемлекеттің Ән­ұранының орындалуымен ашыл­ды. Делегацияны бастап барған  Руслан Тынбаев аталары­мыздың қаны мен тері сіңген Жауынгер­лік қызыл тудың көшірмесін елі­міздің төріне апарып ұлықтау нә­­тижесінде жеткіншектер бойын­да Отанды сүюдің үлгісін дәріп­теу, үлкенге құрмет, кішіге ізет таныту, өткен тарихты ұмытпау, ерлер есімін мәңгі жаңғырту ба­ғытындағы игілікті істің  жүзеге асы­рылуына ұйытқы болып отыр­ғандықтарын тілге тиек етті.

Құрметті қарауыл ротасы  жа­уын­герлерінің  қошеметімен доға­рыстағы полковник, Михаил Те­рещенко доғарыстағы генералмайор Руслан Тынбаевқа 73-гвар­диялық атқыштар дивизиясының   Жауынгерлік қызыл туының кө­­шір­месін табыс етті. Жүрегіміз шы­мырлап, көзімізге жас толды. Бабалар ерлігіне деген мақтаныш көкіректі кернеді.

Одан соң делегация мүшелері құрметті қонақтарға арналған му­зейдің естелік кітабына тілекте­рін жазып, Мәңгілік алауға тағзым етіп,  екі мәрте Кеңес Одағы­ның Батыры, маршал Василий Ива­­нович Чуйковтың, Кеңес Ода­ғы­ның Батыры, ұшқыш жерлесіміз Нүркен Әбдіровтың, Сталинград шайқасында ерлікпен қаза тапқан 62-армия жауынгерлері жерленген  ескерткіш тақталарға тәу етіп, гүлдестелерін қойды.

Алдағы уақытта жастарды әс­кери-патриоттық рухта тәрбие­леуде осы Жауынгерлік қызыл тудың алар орны ерекше екені даусыз. Тек түсінер ұрпақ, қолдар ағайын болсын.  Лайым, солай бол­ғай!

Ахмедияр  БАТЫРХАНОВ, Жәнібек  ауданы


БҚО, Орал қаласы, Мұхит көшесі, 57/1
zhaik_presscenter@mail.ru
oral_oniri@inbox.ru
support@oraloniri.kz

Орал өңірі" газетінің бас редакторы: 51-25-80
Бас редактордың орынбасарлары: 24-17-08, 54-18-08
Жауапты хатшы: 54-38-22
Тілшілер: 50-66-88, 51-50-34
Жарнама бөлімі: 51-51-09
Яндекс.Метрика