Мұрағат: 27.08.2015


Биылғы аптап адымды аштырмады

Күні: , 859 рет оқылды

егин5


Көктемнің жылы қабақ танытқанына қарап, көпшілік  биылғы егінге үлкен үміт артқан еді. Өкінішке орай, бұл сенім ақталмады. Жердегі ылғалдың аздығынан, ала жаздай жауын-шашынның  болмауы салдарынан егіннің біраз бөлігі күйіп кетті. Астықты өңір саналатын аудандардың өзі  қуаңшылықтан зардап шегуде.


Мал азықтық дақылдарға басымдық  берілмек

Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасынан алынған мәлімет­ке қарағанда, биыл өңірімізде 274,8 мың гектар жерге дәнді да­қылдар егілген. 24 тамыздағы жағ­дай бойынша соның 107,2 мың гек­тары есептен шығарылды. Бұл өт­кен жылғы көрсеткіштен бес есе көп! Мәселен, егінді ауданның бі­рі саналатын Теректіде егіннің жет­піс пайызға жуығы күйіп кетті. Тасқала, Бөрлі, Сырым, Шыңғыр­лау аудандарындағы және Орал қаласы аумағындағы егістіктер де осындай күйде. Салыстырмалы түр­­­де айтқанда, тек Зеленовта жағ­­дай шүкірлеу. Онда 145,5 мың гектар алқаптың 16,6 пайызы ғана жа­рамсыз. «Бұл да үлкен шығын, – дейді Зеленов аудандық ауыл шар­уашылығы бөлімі басшысының міндетін атқарушы Серік Ищанов. – Күзде алқаптарға жөнді жауын тиген жоқ. Қыста қар көп секілді көрінгенімен, ылғалы төмен болды. Көктем жауынды болып, диқан қауымына үміт сыйлап еді. Бірақ маусым айында алқаптарға жөнді жаңбыр тамған емес. Күн қатты ысыды. Көлеңкенің өзінде ауа температурасы 40 градустан асып жығылды. Көктемгі дала жұ­мыстары кезінде жаңа технологияны мүмкіндігінше қолданған шар­уашылықтардың өздері қиын жағдайда қалды. Ауданда тек үштөрт шаруашылықта егін орағы ой­дағыдай жүруде. Жыл өткен са­йын қуаңшылық зардабы ұлға­йыпкеле жатыр. Сол себепті мал азық­тық дақылдарды егуге басым­дық берілуде. Биылғы қуаңшы­лық­тан кейін ауданда егін егумен айналысатындардың біразы мал шаруашылығына қарай бағытта­лады деп ойлаймын».

Аман қалған «Авангард»

Зеленов ауданында, тіпті облысымызда егін орағы қызып тұрған шаруашылықтың бірі – «Авангард» ЖШС. Серіктестік директоры Владимир Белугиннің айтуынша, егін былтырғы жылдардағыдай емес.  Шығым төмендеу. Аз да болса саз. Жалпы, егін шығымына көптеген фактор әсер еткен. Жылдағы дәс­түрге сай қыста жүргізілген қар тоқтау жұмыстарына және күзгі-көктемгі жаңбырларға байланыс­ты ылғал қоры болды. Сондай-ақ жер жырту, тыңайтқыш себу, тұ­қымдық бидайды дайындау, дәрі­леу жұмыстарына мән берілді. Ек­пін түсіріп айта кетер жайт, күн қат­ты ысыған маусым айының со­ңында серіктестіктің 12 егіс ал­қа­бының бесеуіне жаңбыр тиген. Мі­не, соның нәтижесінде 10 мың гек­­тар алқапқа егілген жазғы бидай қазір әр гектарынан орта есеппен 7-8 центнерден өнім беруде. 800 гектар жерден 1 мың тонна күз­дік бидай жиналды. Арпадан гектарына 4-5 центнерден өнім алын­­ды. Мұның бәрі шаруашы­лық­тың қарыздарын толығымен жа­уып, аз-маз пайда табуға мүм­кіндік береді.

Сақтандырған сазға отырмайды

Бүгінде тасқалалық және бөр­лілік диқандар егін орағын аяқ­тады. Бөрлі ауданында 28,8 мың гектар алқапқа егілген астықтың 12,2 мың гектары күйіп кетті. Мұн­да майлы дақылдардың жағдайы да мәз емес. Аудан бойынша 11,8 мың гектарға егілген аталмыш да­­қылдардың жартысына жуығы есеп­­тен шығарылды. Әсіресе, арыш,қыша толығымен қурап кетті. Ал 5 мың гектар жерге себілген мақса­рының 2,9 мың гектары күйген. 6 мың гектар алқапты алып жат­қан күнбағыстың үштен бірі есептен шығарылды.

Егіні күйген диқандар бүгінде өзара сақтандыру қоғамдарын жа­ғалап жүр. Егер егіні сақтан­ды­рыл­са, арнайы құрылған комиссия егіннің шын мәнінде күйгенін рас­тап, акт толтыруы керек. Содан кейін оларға мемлекет тарапынан өтемақы төленеді.

– ҚР «Сақтандыру қызметі тура­лы» Заңына сәйкес, өсімдік шар­уа­шылығымен айналысатын агро­құ­рылымдар еккен егіндерін сақ­-тандыруға міндетті. Тәуекелді ай­­маққа жататын өңіріміз үшін оныңмаңыздылығы зор. Өкінішке орай,еліміздегі ірі сақтандыру компаниялары батысқазақстандық ди­қандарды сақтандыруға мүдделі емес. Мәселен, «Казинстрах» АҚ-ның облысымызда жұмыс істеуге лицензиясы бар. Бірақ өңірімізде төрт-бес жылдан бері егін жөн­ді шықпауына байланысты олар бізбен емес, Солтүстік Қазақстан облысымен жұмыс істегенді жөн көреді. Сол себепті облысымызда­ғы диқандар өзара сақтандыру қоғамдары арқылы егіндерін сақ­тандырып отыр. Заң бойыншаесеп­тен шығарылған егіннің елупайызын мемлекет төлеп, қалға­нын сақтандыру қоғамдары өтеуікерек. Қазір өңіріміздегі егін шар­уа­шылықтарының елу пайызы осы қоғамдармен жұмыс істеуде, – дейді облыстық ауыл шаруашылы­ғы басқармасының бөлім басшы­сы  Кеңес  Қайдашев.

Облысымызда «Сырым-Бірлік», «Теректі-Гарант», «Сақтанушы», «Елек», «ОВС-СФК» сынды өзара сақ­тандыру қоғамдары жұмыс іс­теуде. «Біз жұмысымызды 2010 жы­лы бастадық, – дейді Шыңғырлау ауданында орналасқан «Елек» ӨК»ӨСҚ-ның басқарма төрағасы Ман­сур Өтебаев. – Ол кезде осы бағыт­та жұмыс жасау жеңілдеу болды. Себебі ол жылдары аудандағы егіс­тік алқабы 20 мың гектардан ас­а­тын. Егін салатын шаруашалық­тар да көп еді. Қазір аудан бойын­ша егіс алқабы 6 мың гектардың шамасында. Жөнді өнім алмаған соң бұл бағыттағы агроқұрылым­дар аза­йып келеді. Одан бөлек соң­ғы кезде ҚР «Сақтандыру қыз­меті туралы» Заңына енгізілген то­лықтырулар мен өзгерістерге байланысты біз­дің мүшелеріміздің са­ны 250-ден кем болмауы ке­рек. Егер оған толмаса, мемлекеттік оператор болып табылатын «ҚазАгроМаркетинг» АҚ бізбен ке­лі­сімшарт жасамайды. Сөздің шы­ны керек, аудан түгілі, облысы­мызда егін егумен айналысатыншаруашылықтардың са­ны оғанже­те ме, жетпей ме?! Қуаң­шы­лық жағдайында мұндай шаруа­шы­лықтардың қатары жыл өт­кен сайын сирей беретіні белгілі. Сол себепті заңның бұл бабы біздің облысымызға үйлеспей­ді. Енді нақты жағдайды айтсам, биыл біз Теректі ауданындағы «Ақ­суат», Шыңғырлаудағы «Жарас» және «Жа­ңа жер» шаруа қожалық­тарын сақтандырдық. Әзірге бұл шар­уа­шылықтардан егіннің күйіп кет­кендігі  жөнінде  арыз  түскен  жоқ».

Үмітін  үзбеген элеваторлар

Бұрындары дәл осындай уа­қытта «Дәнге толып қызыл қыр­ман, қырман басы қызыл думан» деп аудан-ауылдағы қырмандар­да жұмыс қызып жататын. Бүгінде соның бәрі көзден бұлбұл ұш­қандай. Облысымызда 10 элева­тор болса, соның сегізінің лицензиясы бар. Ақсай қаласы мен Те­ректі ауданының Пойма ауылын­дағы элеваторлар қожайында­ры­ның ауысуына байланысты жұ­мыс­тары тоқтап тұр. 20 тамызда­ғы жағдай бойынша элеваторлар­ға 18,8 мың тонна дән түскен. Бұл өткен жылмен салыстырғанда он есеге жуық төмен. Оған астық тү­сімінің аздығы әсерін тигізгені белгілі.

Ресми  мәліметке қарағанда, би­дай түсімі төмен екен деп бола­ша­ғынан күдер үзіп отырған эле­ваторлар жоқ. Әрқайсысы мате­риалдық-техникалық базасын әл­дерінше жаңартуда. Әсіресе, оларзаман талабына сай зертха­­на­лыққұрал-жабдықтар алған. Соңғы жыл­дары дәндегі белок, ақ­уыз мөл­­ше­рін автоматты түрде анықтай­тын құрылғылар іске қосылды. Нақ­­тылап айтқанда, олар дәннің сапалық құрамы автоматты түр­де жедел әрі дәл анықталып отырады.

Мақаламызды облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының бас­шысы Марат Оңғарбековтың сөзімен қорытындылағымыз келіп отыр. «Биылғы егін шығымына қа­рап, өңірімізге қажет астық мөл­шерін жинаймыз деп айту қиын, — деді ол. – Десек те біз өз тара­пымыздан жұмыстанып, жерлес­тердің бұл бағытта ахуалын оңал­ту үшін қолдан келген  шараның  бәрін  жасаймыз».

Сәкен МҰРАТҰЛЫ,

«Орал  өңірі»


Қала тазалығын қадағалауға Рейдтің реңі осындай

Күні: , 1 072 рет оқылды

DSC_0450


Әсем Жайықтың жағасында жа­сыл желекке малынған Орал қала­сының көркі көз сүйсінерлік. Елі­міздегі ең таза қала ретінде өзіндік мәртебесі де зор. Дегенмен оқ­тай түзу кең көшелерге қарап, сырттай тон піше салуға болмайды. Эко­логиялық-санитарлық талап тұр­­ғысынан мәселелер баршы­лық.


Мәселен, Ж. Досмұхамедов пен Мұхит атындағы көшелердің қиы­лы­сындағы көпқабатты тұр­ғын үйлерге ортақ ауланың жайы мәз емес. Мұнда қойылған екі қо­қыс жәшігінен асып-төгілген қал­дық айналаға шашылып жатыр. Тұрғындар тиісті мекемелерге құ­лаққағыс қылғанымен, мәселенің шешілмегенін айтты. Қол созым жерде орталық «Мирлан» базары орналасқан. Онда сауда орындары көптеп шоғырланғаны белгілі. Қоқыс жәшігіне сол аумақтағы кейбір кафе, дүкендерден, басқа көшелерден де қоқыс қалдықта­рын әкеліп төгеді екен. Аулада қалдық (картон, газет, полиэтилен, әйнек ыдыс) қабылдайтын нысан ашылған. Одан қоқыс «Алтын алма» көтерме-сауда орталығына тасылады. Қоқыстың ішінен қо­раптарды іріктеп, сонда тапсырып, тиын-тебен тауып жүрген азаматты сұхбатқа тартып едік, тартынып жауап бермеді. Гигиеналық тұрғыда тазалық сақтамайтыны да байқалып тұрды. Қоқыстың айналасы балалардың ойын алаңына айналған.

Қала маңындағы Деркөл кен­тінің тұрғындар «Екінші кезең» деп атап кеткен ықшамауданын­да Қонысбай Өмірханов есімді азаматтың баспана көтеріп, тұрып жатқанына екі жылдан асыпты. Ол мұнда қоқыс жәшіктерінің әлі қойылмағанын айтады. Бірқыд­ы­­­ру осы тақылеттес сұрақтарды арқалап, Орал қаласының тұрғын үй, коммуналдық шаруашылық, жолаушы көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің бас маманы Роман Жұмиевке жолықтық.

– Бұл жайттан хабардармыз. Біздің бөлімге Ж. Досмұхамедов көшесі, 77-үйдің тұрғыны Ғаббасо­вадан шағым түсті, – деді ол. – Қоқыс жәшіктері тұрғын үйден 25 метр қашықтықта орналасуы, үш қапталынан қоршалуы тиіс. Ал осы талапқа сәйкес жасау үшін кей тұрғынжай бойынша қиындықтар туындайды. С. Есқалиев көшесі, 120/1 мекенжайы бойынша да осындай мәселелер бар. Ал Дер­көл кентінің іші жаңбырлы күн­дері көлік жүруіне қолайсыз болғандықтан, ауылға кіреберіске ғана қоқыс жәшіктері қойыл­ған. Біздің бөлім қалалық тұтыну­шылардың құқықтарын қорғау бас­қармасы, қалалық ішкі істер басқармасы, «Орал Таза Сервис» ЖШС қызметкерлерімен бірігіп, әр бейсенбіде рейд ұйымдасты­рады. Қала ішіндегі санитарлық та­лаптың сақталуын қадағалайды.

Роман Жұмиев бұдан әрі нақты қандай шаралар қабылданғаны жөнінде ақпарат бермеді. Бөлім­ге түскен тұрғындардың арызы бойынша атқарылған жұмыс жайына да кеңінен тоқталмады. Оның айтуынша, рейдке учаскелік полиция үнемі қатыспайтын көрінеді. Рейдке шыққан комиссия акт қорытындысын қалалық кәсіпкерлік бөліміне жіберетінін айтқанда, көкейде бір сауал қылаң берді. Бірақ қалалық кәсіпкерлік бөлімі басшысының орынбасары Ерлан Бақтияр мұндай мәселемен айналыспайтынын кесіп айтты.

– Қалада әлдебір нысан, ғима­рат құрылысы қолға алынғанда жобалау жұмыстары кезінде қоқыс жәшіктерінің санитарлық талапқа сәйкес орналасуына көз жеткізіп, келісім береміз. Жалпы, контей­­нер тазалығы, тұрғындар жауапкершілігіне қатысты шара алу – мекеме құзырына кірмейді. Ал көк­тем­де санитарлық-экология­лық ай­лық ұйымдастырылғанда рейд­ке қатыстық. Рейдке қатыс­қан­ның өзінде негізінен түсіндіру­мен шектелеміз, – дейді қалалық тұ­тынушылардың құқықтарын қор­­ғау басқармасының бөлім басшысы Меңтай Сұлташева.

Жұмыс барысы жүйелі бақылауда

Қала тазалығына елеулі үлес қосып жүрген «Орал Таза Сервис» ЖШС-ына да бардық. Келісімшарт және абонент бөлімінің бастығы Қуат Ерсайынов серіктестіктің 2012 жылдың қазан айынан бері сапалы қызмет етіп отырғанына cендірді. Құрамында 150 жұмыс­шысы мен 46 техникасы бар мемлекеттік кәсіпорын қала іші мен Круглоозерный, Желаев, Мичурин, Серебряков, Деркөл ауылдары аумағының, шаһардағы 35 мың түрлі мекеме-ұйымның санитар­лық тазалығын қамтамасыз етеді. Оның қатарында облыс және қала әкімдіктері, М. Өтемісұлы атын­дағы БҚМУ, Жәңгір хан атында­ғы БҚАТУ, «Қазпошта» АҚ, «Қазстрой­сервис» АҚ-ның облыстық фи­лиалдары, «Дина» сауда үйі сияқ­-ты ірі нысандар бар.

Күніне үш мың қоқыс жәшігі (700-і еуростандартқа сәйкес) тазартылады. Яғни 2700 текше метр қатты тұрмыстық қалдық тасымалданады. Барлық техниканың белгіленген бағыт бойынша уақтылы жүруі GPS-құрылғысы арқылы қа­дағаланады екен. Кәсіпорын қыз­меткерлері, көлік жүргізушілері күн сайын медициналық тексерістен өтеді.

– Ж. Досмұхамедов көшесі, 77-үйдің санитарлық жайымен таныспыз. Біздің кәсіпорын қызмет­керлері сол жердегі және Құр­ман­ғазы көшесі, 163, Гагарин кө­шесі, 97 мекенжайлары бойынша қоқыс жәшігін күніне екі мәр­те тазалайды. Қосымша контейнер бөлу қалалық тұрғын үй, ком­муналдық шаруашылық, жолау-­ шы көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің құзырында, ал қалдықты тасымалдау жиілігін көбейтуге техникаға бөлінетін жанармай жетпей тұр. Рейдке тұрақты қатысамыз, – деді біздің сауалымызға Қуат Ерсайынов.

Тұрғындар мәдениеті қандай?

Алмазов көшесі, 58а мекенжайында орналасқан жатақханаға ат басын тіредік. Кірберіс табал­дырық тұсында қолдорбаға (пакет) салынған пластик ыдыстар, шөлмектер, тамақ қалдықтары үй­і­ліп жатыр. Екінші қабатқа көте­рілгенде саты бойынан осындай көрініс тағы кездесті. Әлібек есімді тұрғын бұл қалдықтың екі-үш күн бойы жатқанын растады.

– Бұл – тұрғындардың кінәсы, – деді осы мекенжайдағы ПИК-тің қызметкері Светлана Сорокина. – Бұл жөнінде қалалық тұты­нушылардың құқықтарын қорғау басқармасының қызметкерлеріне жолықтық. Мұндай мәселе олар­дың құзырына кірмейтінін айтты. Учаскелік полиция қызметкерлері бәріне айыппұл салса, тыйылар еді. Дұрысы – бейне бақылау камераларын қою деген ойдамын. Бұрын Нұрболат есімді азамат тазалайтын еді. Ақысын бермеген соң, ол бұл жұмыспен айналыспайтын болды.

Светлана Сорокина басқа подъ­ездердің таза ұсталатынын айтып, көршілес Х. Чурин көшесін­дегі 119 тұрғын үйге бастап барды. Мұнда қалалық ІІБ №5 полиция учаскесі орналасыпты. «Бақылау­да бол­ған соң, мына жатақхана­дағы сани­тарлық тазалық қалып­ты. Пәтерді жалға алатындар жиі қоныс ауыстырады, соңынан тұр­мыстық қал­дықтарды ретсіз шашып кетеді», — деді ол. Жалпы, бұл ПИК 35 тұрғын үйді қамтиды.

Жұпар ЖҰМАҚАЕВА, тұрғын:

– Қала орталығында тұрамын. Көше бойына 4 қоқыс жәшігі ор­наласқан. Оның бос тұрғанын көрсе де, кейбіреулер тұрмыстық қалдықтарды жанына төге салады. Бұлардың қатарында қымбат көлігімен келіп, жөн-жосықсыз қоқыс лақтыра салатындар да бар. Кейін тазалық қызметкерлері артық әуре-сарсаңға түсіп жатады. Бұны қадағалауға еріктілерді тартса немесе бейнебақылау орнатылса, әдепке қайшы әрекет жасағандар тиісті жазасын алар еді. Ал учаскелік полиция қызмет­керлерінің жұмысы өте қауырт екенін түсінемін.

Нұрлыбек РАХМАНОВ, блогер:

– Орал қаласының «Қазақ ауылы» аталып кеткен «Арман», «Көктем», «Кең дала» шағынау­дандарының басты даңғылы Бру­силовский көшесінің бойында қоқыс жәшіктері самсап тұр. Әрине, бұл ЖПК-ның (Жол пайдалану кәсіпорны) қоқыс жинайтын көліктеріне даңғылмен тіке жүріп өтуге ыңғайлы шығар, бірақ тұрғындарға қолайсыз. Негізі да­мыған 50 елдің қатарындағы, мәде­ниетті саналатын елде қоқыс жәшігі тасалау көшелерде, үйлер­дің артқы жағында тұрса керек-ті. Ол жәшіктердегі тұрмыстық қалдықтар иістеніп, қағаздар, пакеттер желмен аяқ астына ұшып жатады. Бұл басты көше болған­дықтан, онымен осы шағынаудан­ға қатынайтын жалғыз маршрут жүреді. Әр аялдаманы осы қоқыс жәшіктеріне тақап орналастырды. Ойлап қараңыз, аялдаманың көлеңкесін паналағыңыз келеді, ол қоқыс жәшігінің ық жағына тақай салынған, тыныстау мүмкін емес… Әлеуметтік желіде суретін шығарып сынадық. Нәтижесінде дәл сол аялдама қоқыс жәшігінің қасынан алынып тасталды. Бірақ халыққа ыңғайлы басқа орынға орналастырылмады, сол күйі жоқ қылды. «Сақал сұраймын деп мү­йі­зінен айырылыпты» деген осы шығар. Осындай қарапайым нәр­селерді міндетті түрде сынап-мі­немей, басынан-ақ ойласты­руға жауапты мекемелердегі маман­дар­дың ақыл-парасаты, эстетика­лық талғамы жетпей ме?

Тазалық сақтауға темірдей тәртіп керек

Орал қалалық ішкі істер бас­қармасының басшысы, полиция полковнигі Манарбек Ғабдуллин қалалық учаске полиция қызмет­керлеріне жүктелетін міндет кө­­лемі ұлғайғанын атап өтті. ҚР Әкім­шілік құқықбұзушылық ко­дек­сінің 434-бабына сәйкес тұр­ғын үй-жайларды, ортақ пайдалану орындарын, саябақтарды, скверлердi ластаған, оның iшiнде белгiленбеген орындарға ком­му­налдық қалдықтарды тастағандар­ға он айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салынады не он тәулiкке дейiнгi мерзiмге әкiмшiлiк қамаққа алынады. Әкім­шілік жаза қолданылғаннан кейін бір жыл ішінде бұл іс-әрекет қайталанса, он бес тәулікке дейін қамаққа алынады немесе жиырма айлық есептiк көрсеткiш мөл­шерiнде айыппұл салынады.

Жыл басынан 334 ұсақ құқық­бұзушылық тіркелген. Тазалық тәр­тібін бұзу бойынша 792 хаттама толтырылып, 726 адамға айыппұл салынған. Одан 126 млн. 704 мың теңге қаражат өндіріліп, 24 адам қамауға алынған.

– Тұрғындар қоқыс жәшіктері толған уақытта жанына қояр бол­са, түсіністікпен қараймыз. Егер айналасына бей-берекет шашып кетер болса, тұрғындар шағымына орай тиісті шара қабылдаймыз. Есте тұтар жайт, әрбір учаскелік полиция қызметкерінің кеудесінде бейнежазу құрылғысы бар. Сонымен қатар қызмет көліктерінің бейнетіркегіші де түсіреді. Көше­дегі камералар арқылы да тиісті орынға жеткізбей қолындағы затын лақтыра салатындарды ұстап, мойындатамыз. Сондай-ақ қаланы аралап, тәулік бойы жүретін авто жедел басқару орталығының кө­лігінде бейнетаспаға жазатын құ­рылғылар орналасқан. Қалалық әкімдікпен бірлесіп ВK әлеуметтік желісін арнайы ашқанбыз, – деді Манарбек Ғабдуллин.

Шетелдің шырайы бөлек

Кейбір дамыған елдерде қоқыс тасымалдау мәселесі жақсы рет­телген. Бұл туралы танымал жур­­налист Гүлмәрия Барманбекова қызғылықты мәліметтер келтіре-­ді. «Мәселен, әлемдегі ең таза 12 қаланың қатарына енетін Нор­вегияның астанасы Ослода қоқыс жәшіктері жоқ. Арнайы құбырлар арқылы үйден сорып шығарыл­ған қоқыс қалалық канализация­ға жалғасып, қоқыс өңдейтін зау­ыт­тан бір-ақ шығады. Сол 12 қала­­ның қатарындағы Лондонда дәп осындай канализациялық жүйе іске қосылмағанымен, аса мұқият­тылықпен ұйымдастырыл­ған жұ­мыстың арқасында кіршіксіз тазалық қамтамасыз етілген. Бұған британдықтардың бұлжымас тәр­тібін қосыңыз. Англия тұрғындары тұрмыстық қалдықтар­ды төртке бөліп тастайды. Қағаздар, тағам қалдықтары мен пластиктер жә­не шыны бұйымдар. Пластик құ­тылардың қақпақтарын ашып, иістеніп кетпесін деп, ішін бір шайқап барып тастайды. Шыны құтыларды үш (ағы, көгі және қоңыры) контейнерге бөледі. Пай­даланған батареялар мен электр лампаларын қоқысқа тастау деген ұғым жоқ. Ол қаланың бір шетіндегі арнайы контейнерге жеткізіле­ді. Ескірген бұйымдар міндетті түрде қоқыс өңдейтін зауытқа апарылады. Итімен саябақта қы­дырып жүрген адам қолына кішкентай қалағы мен полиэтилен қапшығын қоса ала жүреді. Шыға берісте иттің «қоқысына» арнал­ған контейнер бар. Бұлжымайтын заң осындай. Және бұл заң бә­ріне ұнайды. Халық тазалықты қалайды. Қаламағандар айыппұл төлесін! Сондай діл! Екі ай Англияда болған уақыттың ішінде бірде-бір адамның, тіпті автобус билетін көшеге тастағанын байқамадым. Адам сапырылы­сып жататын стансалардың өзінде тәр­тіп қатал сақталған. Темекі шегетіндер сырттағы арнайы орында қатарласа тізіліп тұрғанын көресіз.

Брайтон университетінің студенттері 90 пайызы тұрмыстық және құрылыс қалдықтарынан тұ­ратын үй тұрғызыпты. Әзірге тә­жірибе ретінде тұрғызылған үйде адамдар өмір сүріп жатқан жоқ. Әр бұрышқа қойылған датчиктер арқылы «қоқыс-үйдің» адам ағзасына әсері зерттелуде. Алайда үй бос тұрған жоқ. Мұнда түрлі көрмелер мен тұсаукесерлер, эко­логиялық семинарлар өткізіле­ді», — деп жазады ол.

Қытайда көшеде түкіргенге 1000 юаньға дейін айыппұл са­лынса, Сингапурде асфальт жолдарды сусабынмен жуады екен.

Нұртай ТЕКЕБАЕВ,

«Орал өңірі»

2017 жылы Астана шаһарында ЭКСПО көрмесі өтеді. Көрменің басты тақырыбы ретінде жасыл технология, экологиялық тазалық мәселесі шығарылуы – жағдайдың өзектілігін көрсетіп тұр. «Сырт көз – сыншы». Біздің өңірге аяқ басып жатқан, келетін де меймандар аз емес. Орал қаласының барлық көшесінің айнадай жарқырап жатуына кей тұрғындардың этикалық түсінігінің төмендігі де әсер етіп жатады. Бірақ санитарлық тазалыққа жауапты құрылымдарды жұмысы үйлесімді атқарылса, біраз мәселе шешілер еді деген ойдамын. Қалада тұрмыстық қалдықтарды өңдейтін бірде-бір нысанның жоқтығы да алаңдатады.


Жерлес журналистің жаңа жинағы

Күні: , 121 рет оқылды

Обложка 080815


Ұзақ  жылдар бұқаралық ақпарат құралдарында еңбек еткен қаламгер, ақын, аудармашы, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қызметкері, кезінде облыстық «Орал өңірі» газетінде қатардағы тілшіден бастап, осы басылымның бас редакторына дейінгі қызметтерді абыройлы атқарған ардагер журналист, бүгінде Алматы қаласында тұрып жатқан жерлесіміз  Ғарифолла Көшеновтің «Қоян жылы» деп аталатын жаңа кітабы жарық көрді.


Әріптес ағамыздың Алматыда­ғы «Интеллсервис» баспа үйінен басылып шыққан, көлемі 30 бас­­па табақ бұл жинағына шығарма­шылық жолының алғашқы жылдарында жазған өлеңдері, эссе­ле­рі мен естеліктері, түрлі тақырып­тарды өзек еткен көркем хикаяттары топтастырылған. «Көп бол­ды Құм Нарынға бармағалы», «Біз өт­кен өмір мектебі», «Жеті­байдағы жүздесу» эсселеріне автордың туған жерге деген іңкәрлі сағы­нышы негіз болса, «Қоян жылы» атты көлемді эссесі соғыстан ке­йінгі тауқыметті жылдарға тап келген оның өзінің және өзі секілді әкелерін соғыс жалмаған жетімек ұрпақтың базарсыз балалық шағының суреттерін бейнелейді. Сондай-ақ «Біз осылай бастаған­быз» эссесінде автор өзі қатарлы әріптестерімен бірге жүріп өткен қиын да қызғылықты журналистік жолдың бастаулары баяндалады.

Жинаққа сонымен бірге автор­дың әр жылдары өзімен қызмет­тес болған замандас, дос-жолдас­тары жайлы естеліктері, өмірдің әрқилы сәттерін суреттейтін көр­кем хикаяттары мен әңгімелері, әр түрлі басылымдарда жариялан­ған мақалалары және ол туралы шәкірттерінің ыстық лебіздері енгізілген.

Өткен сенбі күні Алматыдағы сән-салтанаты келіскен мейрам­ха­налардың бірінде аталмыш жинақтың тұсаукесер рәсімі өтті. Оған Алматыда тұрып жатқан жер­лестеріміз, еңбек ардагерлері, мем­лекет-әдебиет-мәдениет қай­раткерлері, журналистика май­талмандары қатысты. Бөкейлік ең­бек ардагері Тауасих Мырзаға­лиев, дипломатиялық қызметтің ардагері Әсен Беспаева, Қазақстан­ның Құрметті журналистері Ғазиз­бек Тәшімбаев, Мұрат Мәмбетов, Ақжайық өңірінің ауыл шаруа­шы­лығында еңбек еткен Баян Жұ­машев, Баймұрат Бисенов және басқа да қонақтар жерлес журна­листің жаңа жинағына жылы ле­біздерін білдірді.

Аса сапалы қағазға кестеленіп, көркем безендірілген талыстай жинақ қолымызға тиген бойда қызыға парақтадық.

“Ғареке, баспаханада “пісіріп-тү­сіруі” бар, Оралға ұшақпен “ұшуы” бар, біраз қаражатқа түскен шы­ғар…” дедік ағамызға астарлап” (ағамыз кітабын Оралға ұшақпен қос теңдеп жіберген еді).

Балаларымыз бен немереміздің тартуы ғой. Кітапты қастерлейтін, мені білетін ағаларыңа, өзің құ­са­ған шәкірт інілеріме менің атым­нан сыйла! Ж. Молдағалиев атын­дағы облыстық кітапханаға, аудан­дық газеттердің редакцияларына жеткізіп жатсаң, құба-құп! Көңіл­дің төрінде әрдайым жататын “Орал өңірінің” кітапханасына да бір данасын “байладым”, — деді автор. Біз аманатқа қиянат жасамау­ға тырыстық.

Е.  ҚЫСТАУБАЕВ


«Бір минут үнсіздік» акциясы өтеді

Күні: , 822 рет оқылды

13fe0223a88d46749da9189e8b43e017++


Ағымдағы жылы Ядролық сынақтарға қарсы іс-қимыл­дың халықаралық күні әлем­де алтыншы рет аталып өті­­ле­ді. Сонымен қатар 10 қыр­­күйек күні БҰҰ Бас хатшысы Пан Ги Мунның және БҰҰ-ға мүше мемлекеттердің өкіл­де­рінің қатысуымен БҰҰ Бас ассамблеясының арнайы сессиясы да осы күнге арналады.


Бұл шарада Қазақстан­­ның қарусыздану және тарат­пау саласындағы баста­масы ұсынылады. Аталған шара­­ға «АТОМ» жобасы және оның құр­метті елшісі Кәрібек Күйіков қа­­тысады. Бұл туралы ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте ҚР СІМ Халықаралық ақпарат ко­митетінің төрағасы Роман Василенко  мәлім етті.

Оның атап өтуінше, Ядролық сынақтарға қарсы іс-қимылдың халықаралық күні 29 тамызда «АТОМ» жобасы бастамасымен жер­гілікті уақыт бойынша сағат 11-ден 5 минут өткенде бүкіл әлем­де ядролық сынақ құрбандарын еске алуға арналған «бір минут үнсіздік»  акциясы өтеді.

Мәди ЫҚЫЛАС


Хан ордасындағы мерейтой

Күні: , 1 041 рет оқылды

DSC_0300


Тамыздың 25-і күні Бөкей ордасы  ауданы  Хан  ордасы ауылында Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған шаралар  «Тарихы терең  Қазақ  елі» атты  республикалық  ақындар айтысымен бастау алды.


Ұзақты  күнге созылған жыр  додасында қазылар алқасының шешімі бо­йынша Бөкей ордасы ауданынан қатысып, осы айтыста жарқырай көрінген Жансая Мусина бас жүлдені (1,5 млн. теңге) жеңіп ал­ды. Араға он жыл салып, додаға қайта қосылған, Қазталов ауда­ны Жалпақтал топырағынан түлеп ұшқан, қазір Астана қаласында тұратын Жібек Болтанова бірінші жүлдеге (1 млн. теңге) лайық деп табылды. Арқалық қаласынан келген арқалы ақын Айбек Қалиев пен астаналық Әсем Ережеқы­зы екінші, қызылордалық Мұхтар Ниязов  пен  Жәнібек  ауданынан шыққан Мұрадым Мирланов үшін­ші орынды иеленді. Қатысқан барлық ақындарға ынталандыру сыйлықтары табыс етілді. Сонымен қатар батысқазақстандық се­гіз ақынға облыс әкімінің стипендиясы тапсырылды.

Айтыстың жабылу рәсімінде облыс әкімінің орынбасары Бақ­тияр Мәкеннің атап өткеніндей, Қазақ хандығының 550 жылды­ғы­на арналған шаралар еліміздің батысы мен шығысында, оңтүс­тігі мен солтүстігінде ұйымдасты­рылып, ел еңсесін көтере түсуде.

Қазылар алқасының төрағасы, аты алты алашқа мәлім өнер тар­ланы Асанәлі Әшімовтің айтуын­ша, Хан ордасындағы айтыс көп­шілік көңілінен шықты. Ақындар елдің көкейінде жүрген келелі мәселелерді қозғай білді. Соның ішінде хандарымыз бен батырла­рымызды, басқа да ұлы тұлғала­рымызды қастерлеп, есімдерін мәңгі есте қалдыру, елдің бүтіндігі мен тыныштығын сақтап, шекарасын нықтау, Жәңгір іргесін қала­ған, облыс орталығынан 550 ша­қырым қашықтықта жатқан Хан ордасына тақтай тегіс жол салу сынды өзекті жайттар сөз болды.

Айтысты жүргізген Жүрсін Ер­манның хабарлағанындай, Қазақ хандығының 550 жылдығына ар­налған сөз сайысы мұнымен бітпейді. Осы айтыста жақсы көрін­ген батысқазақстандық Бауыржан Ширмединұлы мен атыраулық Шалқарбай Ізбасаров 20-21 қыр­күйекте Алматыда, 1-2 қазанда Ақтөбеде өтетін республикалық додаларға жолдама алды.

* * *

Хан ордасы ауылындағы Қа­зақ хандығының 55O жылдық мерейтойына арналған шара­лардың екінші күні ерекше басталды. Бұл күні қасиетті Бө­кей топырағына ҚР Премьер-министрінің орынбасары Бердібек Сапарбаев арнайы келді. Вице-премьерді өңір басшысы Нұрлан Ноғаев бастап жүрді.

Бердібек Сапарбаев бастаған делегация әуелі ауыл іргесіндегі Жәңгір ханның, дәулескер күйші Дәулеткерей Шығайұлының, көр­некті өлкетанушы ғалым Мұха­мед-Салық Бабажановтың кесе­нелеріне тәу етіп, әйгілі тұлғалар­дың рухына Құран бағыштады. Содан кейін Қазақстан мен Ресейдің белді тарихшылары бас қосқан «Тарих қойнауынан қазіргі заман­ға дейін» атты халықаралық ғы­лы­ми-тәжірибелік конференция­ның жұмысына қатысты. Бердібек Мәшбекұлы Қазақ хандығының 55O жылдық мерейтойы Елбасы­мыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назар­баевтың тікелей бастамасымен және тапсырмасымен жүзеге асырылып отырғандығын қадап айтты.

— Құрметті Нұрлан Асқарұлы, конференцияға қатысушылар! Еш­бір халық тарихсыз болмайды. Жүздеген ұлттар мен ұлыс­тар сияқты Қазақ елінің де өзіне тән төл тарихы бар. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев өзінің Ұлытау төрінде берген сұхбатында терең тарихымыз ғұндардан басталып, Алтын Ордада орныққандығын, одан әрі Қазақ хандығымен ұласқан­ды­ғын, тәуел­сіздік негізі сол кез­де қаланғандығын айрықша айт­қан болатын. Ру-тайпалар кезінде қазақтың өзінің тегін сақтап қалуы үшін хандарымыздың, ба­тырларымыздың жасаған ерлігін, ерен еңбегін бәріміз тарихтан жақсы білеміз. Олардың қатарын­дағы Жәнібек, Керей, Есім, Қа­сым, Тәуке, Абылай, Әбілқайыр, Бөкей, Жәңгір секілді көрнекті ел билеушілердің мұраты – елді, жер­ді болашақ ұрпаққа, яғни  бү­гінгі бізге көздің қарашығындай аман жеткізу болды. Соның ар­қа­сында қазақ халқы тарих қойна­уына жұтылып кеткен жоқ, сақта­лып қалды. Ел тарихында Батыс Қазақстандағы Бөкей ордасының орны бөлек. 19-ғасырда қазақтың соңғы хандарының бірі Бөкей құрған, одан Жәңгір жалғастыр­ған хандық мемлекеттіліктің, эко­номиканың, өнер, білім, мәде­ни­ет­тің дамуына үлкен үлес қосты. Қазақстандағы тұңғыш мектеп, қа­зынашылық мекемесі, дәріхана және тағы да басқа көптеген халыққа қажетті нысандар осы жерде салынып, жұмыс істеді. Бөкейліктің киелі жер екендігін біз де жақсы білеміз. Бабаларымыз Исатай мен Махамбет, Сы­рым батырлар, күй атасы Құрман­ғазы, күй анасы Дина, қазақ мемлекетін құруда көрнекті роль ой­наған қазақ әйелдері арасынан шыққан алғашқы коммунист Ал­ма Оразбаева, қоғам қайраткері Сейітқали Меңдешев секілді та­нымал тұлғалар осы өңірде туып, өсті, артына ұмытылмас із қал­дырды. Олай болуы заңды. Әри­не, қазақтың қай жері де аңызға, әпсанаға бай. Осыны ескере отырып, Мемлекет басшысы Қазақ хандығының 55O жылдығын өткі­зу үшін арнайы комиссия құрды. Жыл басынан бері комиссия мү­шелері барлық елді мекендерде түрлі шаралар ұйымдастырып жа­тыр. Біздің негізгі мақсатымыз – Қазақ мемлекеті тарихының те­реңде жатқандығын тек қана өз ішімізде ғана емес, дүние жүзіне кеңінен насихаттау. Тағы бір ма­ңызды мәселе – Қазақстан тек қазақтың ғана емес, осы жер­де тұратын жүздеген ұлттар мен ұлыстардың да Отаны. Олай бол­са, біздің байлығымыз – елдің бірлігі, халықтың тұтастығы, дос­тық пен ынтымақ. Сол себепті ме­рейлі датаға қатысты шаралар Ас­тана мен Алматының аясымен шектелмей, әр елді мекенде өтсін, оған сол ауылдарда тұратын түр­лі ұлттардың өкілдері қатыссын деген ұйғарымға келдік. Күні кеше Түркістан, Ұлытау, Сығанақ, Қы­зылжар өңірлерінде ғылыми конференциялар болды. Енді, міне, Бөкей ордасына табан тіреп, үл­кен халықаралық басқосудың куә­гері болып отырмыз. Осында ұйым­дастырылған мерейтойға елге та­нымал, халыққа құрметті Асанәлі Әшімов бастаған бір топ ағала­рымыз бен апаларымыз келді. Біз Қазақ хандығының қабырға­лы тойын өзге шетелдерде де өткізуге ниеттіміз. Қазіргі таңда дүние жүзінің отыз мемлекетінде елшіліктердің көмегімен Қазақ хандығына байланысты іс-шаралар өтті. Жалпы, мерейтойдың негізгі бөлігі 11 қыркүйек күні Ас­танада басталады. Сол күні түркі тілдес елдердің саммиті болады, оған сол мемлекеттердің басшы­лары қатысады. Одан кейінгі шара 9-1O қазанда Тараз қаласында оздырылады. Ол – Жәнібек пен Ке­рей алғаш ту тігіп, Қазақ хандығы­ның уығын қадаған жер. Мен осы мінберді пайдаланып, облыс әкімі Нұрлан Асқарұлы бастаған бар­лық батысқазақстандық азамат­тарға үлкен алғысымды білдіре­мін. Біз бұл тойды жоғары дәре­жеде өткізуіміз керек. Сонда Ел­басымыз айтқан «Мәңгілік ел» идеясына қарай нақты қадам ба­самыз, – деді Б. Сапарбаев.

Одан әрі сөз кезегін өңір бас­шысы Нұрлан Ноғаев алып, алқа­лы жиынға қатысушыларды киелі Бөкей ордасына келулерімен құт­тықтады. «Бай тарихы бар, табиға­ты шұрайлы, адамдары қонақ­жай, кеңпейіл өңірге қош келді­ңіздер! Бердібек Мәшбекұлы, өзі­ңіз атап өткендей, Мемлекет бас­шысының тапсырмасымен қолға алынған Қазақ хандығының 55O жылдық мерейтойы бізде де кеңі­нен аталып жатыр. Кеше ақындар айтысы болды. Бүгін халықара­лық ғалымдар конференциясы өтуде. Басқа да шаралар жоспар­ланған. Мұның барлығы елімізде тұратын халықтың тарихының ұлтына, дініне, нәсіліне қарамас­тан біртұтас екендігін түсіндіру үшін жасалуда. «Өткені жоқтың, болашағы жоқ» дейді дана хал­қымыз. Сондықтан тарихты, ел үшін еңіреп өткен хандарымыз бен батырларымызды білу – біз­дің парызымыз. Конференция ая­сында ғалымдар біз әлі де білмейтін, тың деректерді көпшілікке ұсынады деп сенім білдіремін», — деді Н. Ноғаев.

Конференцияның пленарлық мәжілісінде РФ ҒА Шығыстану институтының жетекші ғылыми қызметкері, тарих ғылымдары­ның докторы, қандасымыз Александр Қадырбаев, Қазақ мәдени ғылыми-зерттеу институтының же­текші ғылыми қызметкері, тарих ғылымдарының кандидаты Ирина Ерофеева, Башқұрт мемлекеттік университетінің оқытушысы, тарих ғылымдарының докторы Болат Азынабаев, Астрахан мемлекеттік университетінің оқытушысы, та­рих ғылымдарының кандидаты Виктор Викторин, ҚР «Әділет» тарихи-ағартушылық қоғамының басқарма мүшесі Шолпан Аман­жо­лова, Самара мемлекеттік уни­верситетінің аға ғылыми қызмет­кері, тарих ғылымдарының кандидаты Николай Лифанов, Ақтө­бе мемлекеттік университетінің оқы­тушысы, тарих ғылымдары­ның докторы Рахым Бекназаров және басқа да белді ғалымдар баянда­ма жасады.

Конференция қатысушылары­на сәтті жұмыс тілеген соң Үкімет басшысының орынбасары Берді­бек Сапарбаев Бөкей ордасы ме­мориалдық мұражай-кешенінде болып, тарихи жәдігерлермен танысты. Қазақ хандығының 55O жылдығына арналған мерекелік театрландырылған бағдарламаны тамашалады. Мерейтойлық шара­лар дала қызықтарымен қорытын­дыланды. Мұнда қыр басына ал­тыбақан қойылып, балуандар белдесіп, ат бәйгесі оздырылды. Бір сөзбен айтқанда, халық әрі демалып, әрі зор рухани азық алып, тойдан көңілді тарқады.

Тоқтар  КЕНЖЕҒАЛИЕВ,

«Орал  өңірі»,

Бөкей ордасы ауданы


Дауыс жетелеген әйел

Күні: , 852 рет оқылды

3KGSr40LxRM-С


Мақаланың жалғасы дайындалып жатқанда кейіпкеріміз телефон соқты. Ол жұмысын тастап, сынықшылыққа бет бұрып, қалаға көшіп келіпті. Соңғы жаңалықтарды естуге құштар болып, айтқан мекенжайына бардым. Уақытша тұруға жарайтын томпиған үй сатып алыпты. «Жері жетеді, Алла қосса, келесі жазда үлкен үй салып аламыз» — деді есікті ашып, қарсылап жатып. Жаңа көшіп келген екен, екеулеп шай әзірлеп, әңгімеге кірістік. Бірақ ол әңгіме алдағы санымыздың үлесінде. Ал бүгін басы газетіміздің №100 санында (20 тамыз) жарияланған әңгіменің жалғасын береміз.


– Атам Серғалидың руы Қара­құнан тана. Атамның екі ұл, бір қызы болыпты. Мен сол қыздан туған немере жиенімін. Басында шашы жоқ, сақалы бар атам маған көрінгенде ылғи да қолына Құран ұстап жүреді. Атам мен әжемнің самаурынмен шай ішіп отырға­нын көремін, үстерінде баяғының киімдері, аяқтарында ескі мәсі… Кейде олар желбіреп, ауада ілініп тұрады. Алдағы күндерге не болатынын айтады, бірақ дәл қай күн екенін айтпайды. Бір күні «Біреу­дің баласын біреу асырайтын за­ман туды» — деді. Сенесіз бе? Сұ­ра­ғы­ма жауап береді, қиналғанда, тіп­ті кез келген уақытта қасымнан та­бы­лады. Соған қарағанда оның Сер­ғали атамның аруағы екеніне сендім, — дейді әңгімесін жалғас­тыр­ған Әлия. — Бір күні Дауыс: «Қа­ла­дағы түйе жетектеп бара жат­қан шалды көрдің бе? Мен сон­дай болдым, соған ұқсаймын» — деді. Кейінірек қалаға келгенімде, Еуразия даңғылы бойындағы мүсіннің қасына келіп, қарадым. Бұрын «мү­сін ғой» деп мән бермейміз ғой, сол жерде қазақтың қарттары, ата-балалар туралы ойландым. Ең қызығы, кездейсоқтық деп ойламаймын, сол жерде бір әйел отыр екен. Таныстық. Әйел: «Саусағым шығып кеткен, гипсін алып тастады дәрігер, бірақ ауырады, түспеген сияқты» — деді. Құлағыма «Қызым, ұста саусағынан!» деген дауыс келді. Сипап едім, саусағы тырс етті. Ол: «Апа, саусағым орнына түсті» деп қуанып кетті. Сұрағасын ауылымды айттым, есімімді айтайын деп жатыр едім, Дауыс: «Айтпа!» деген соң, тілімді тістей қойдым. Екеумізді мүсін қасына кездестірген Серғали атамның аруағы еке­ніне дауым жоқ.

Бірде күйеуім «Сенің атаң…» деп біршама сөз айтып, тіл тигізді. Артынша жол апатына түсіп, қолын сындырып алды. Аяп кетіп, қолын сипайын деп ұстап едім, «Өзіңе тіл тигізген адамға қолыңды был­ға­ма!» – деді. Күйеуімнің Аруаққа тіл тигізгені үшін апатқа ұшыра­ға­нын  білдім.

Телефоннан сөйлеген  кім?

Бір жұма бойы түнде телефон шырылдағандай болды, ұйқылы-ояумын ба, білмеймін, тұтқаны аламын. Біреу « і-і-і» деп жылағандай болады да: «қайның, қайның» деп тұтқаны тастап жібереді. Жетінші күні күйеуімнің інісі қайтыс болғаны туралы хабар келді…

Бір күні жұмыста жоспар жа­сап отыр едім. Дауыс: «Қызым көр­ші бөлмеде есепші отыр, соған бар, ол темір сандықты ашады, оның ішіндегі қағазда саған 14 сағат­қа еңбекақы жазулы тұр, бірақ сен­­де 18 сағат болу керек. Бірақ ұрысып, шатақ шығарма, өздері түзей­ді қателікті» — деді. Бардым. Кіре са­ла, «Маған қанша сағат со­ғыл­­ған?» — деп сұрадым есепші­ден. Айт­са, айт­қандай есепші те­мір сейф­ті ашып, бір қағазды алып қара­­ды да: «Саған 14 сағат жаз­у­­лы» — деді. Мен оған 18 сағат болу ке­ректігін айттым. Әрі-бері қа­­ра­ған соң есеп­­ші: «Сенікі дұрыс болды, 18 сағат екен» – деп ақшам­ды қайта есептеді.

Жолға шықсам, «Қазір осындай көлік келеді, соған мін» — деп айтады. Бір күні қалаға барайын деп шықтым. Газ кеңсесінің қасынан өте бергенімде, ауадан бір ер адамның суретін көрдім. «Бұл кім тағы?» – деп ойладым. Жолда көлік күтіп тұрмын. Бір кезде қасыма жеңіл көлік келіп тоқта­ды. Қарасам, жаңа ғана көрген әлгі суреттегі кісі…

Жеген  апельсинімді  қайтартты

– Бір күні танысымның үйіне бардым. Балалар толып отыр, ту­ған күн дей ме, шай ішіп жатыр екен. Маған кесілген апельсин ұсы­­нып: «Алыңыз, ауыз тиіңіз» –деді. Қолдарын қайтармай, үш ті­лігін жеп алдым. Кеште жұмыс­тан үйге келе жатырмын. Қалтам­да 200 теңге ақша бар. Дүкеннің тұсына келгенде Дауыс: «Әй, қы­зым, аштан өлдің бе, балалардың тамағынан неге жейсің, енді ана қалтаңдағы 200 теңгеге апельсин ал да, көшеде жүрген балаларға үлестіріп бер» – деді. 200 теңгеге 3 апельсин келді, сатып алып, ба­лаларға таратып бердім. Олар аң- таң…

Біреуден  ақша  алдырмайтын болды

– Бір күні біреуге карта аштым. Бірдеңелерді айтып жатырмын, дәл келе ме, жоқ па, қайдан біле­йін? Ол риза болып 200 теңге ақ­ша берді. Екінші күні қалтамда сол 200 теңге бар, вафли жегім келіп, дүкенге келдім. Дүкеннің қасын­да кешегі маған карта аштырған әйел шұлық сатып отыр екен. Аяғым жүрмей тұрып қалдым. Не құдірет екенін білмеймін, не әрі не бері жүре алмаймын. Бір кезде Дауыс: « Кешегі карта ашып мына әйелден алған 200 теңгені қайтар, шұлық сатып ал» — деді. Вафли жегім келіп барады… бірақ амал жоқ, 200 теңгеге бір шұлық алып, үйге қайттым.

Бір күні түнде электр лампасына қарап жаттым. Айналасында 3х4 фотолар толып тұрды. Бір шалдың суреті түсті алдыма. «Мынау қайдағы шал?» дегенше, жоғалып кетті. Ертесіне бір емшіге барып отырсам, түнде көзіме көрінген шал балдақпен кіріп ке­ле жатыр… қорқып кеттім. Әлгі қарт маған: «Бері қарашы, таңғы са­ғат 5-те сені түсімде көрдім» — дей­ді. Емші маған: «Сен ашылып отырсың, кісі емдейсің. Мына кісіні сен емде» — деді. Мен емдей алмайтынымды айтып қарсыласып едім, емші бастырмалатып, ұрсып тастады. Қартқа: «Ертең сағат 11-де келіңіз» — деп мекенжайымды бер­­дім. Қарт келді. «Қалай емдеймін?» деп сасып отырмын. Дауыс: «Арқасынан сипа!» — деді. Өтіріктен ана жер, мына жерін уқалаймын, ара-тұра Дауыстан «енді не істеймін?» деп сұрап қоямын. «3 күн бойы кел деп айт» — деді. Қарт ертесіне қаладағы бүкіл туысқанын ертіп келіпті, өздері 20 шақты адам. Қысқасы, 3 күнде 20 мың теңге ақша түсті. Шетінен тамаққа ақша алдық. Артынша ауылдың бір адамымен бауырым ілінісіп қа­лып, ол материалдық шығын та­лап етті және қанша дейсіз ғой. Тура 20 мың теңге. Серғали атам­ның аруағы маған ақша алдырт­­пайтын болды.

Бір апайдың қолы сынып келді. Қарап жатыр едім, «Қызым, қор­ланып қалған сүйекті неге ұстап тұрсың?» деген дауыс шықты. Апай сынығын басқа адамға қаратып, сосын тапатып, уқалатқан екен. Содан екі күн сипадым. Дауыс: «Үшінші күні келмеймін деп айт, төртінші күні кел!» деді. Айтқан күні келсем апай: «Мен сізге сенбей үшінші күні ауруханаға барып, рентгенге түстім. Сынық орнына түскен» деген қорытынды берді, сізге рахмет» деп отыр.

«Мен  сенің  қасыңдамын»

– Бір күні 20 жыл көрмеген анамның ағасының, яғни наға­шымның қызы телефон шалды. Басқа қалада тұратын. Ол маған: «Сен маған тыныштық бермейтін болдың ғой. Сені «Жаңақалаға әкел» деп атамыз түсімізге ене береді. 1-2 күнде барамыз, әзір отыр» деді. Келді, көптен көрме­ген туыстарым бай екен, астарында қымбат көлік. Нағашым өзі бірге келіпті. Демалыс күні еді, жолға шығып кеттік. Жолда «не болды?» деп мән-жайды сұрадым. Сөйт­сем, Серғали атам олардың тү­сіне еніп, «Ана қызды маған алып келіңдер. Өзі келе алмайды, жағ­дайы жоқ» деген. Бұлар мән бермей жүре берген, бір күні көлігі апатқа ұшырайды, кәсібі ақсай бастайды, содан соң ғана ойлан­ған туыстарым алыс қаладан ата-ба­басының туған жеріне ат ізін салып  отырғаны  екен.

Жаңақалаға жете бере алдымыздан  бір түйе шығып, жол бермей тұрып алды… Нағашымның болжамы бойынша зиратты іздедік. Құм басқан ескі қорым осы болар деген долбармен біраз жер­ді шарладық, Бірақ таба алма­дық. Шаршап, демалып отыр едік: «Қызым, көп адамның сүйегінің үс­тінен басып өттіңдер. Мені таба алмай отырсың ба? Мен сенің қа­сыңдамын. Байығанда басыма бел­гі қойыңдар деп едім, қоймады ғой олар…» деген дауыс естілді. Құранымызды оқып, кері жолға шықтық. Бірер күн өткен соң та­ғы көрінді. Оянып кетсем, аяқ жа­ғымда ала пинжак киген сары қарт отыр…

Бірде әке-шешемнің зиратына бардым. Әкеме топырақ сала­йын десем тастай жерден тырнап топырақ ала алмадым. Анама то­пырақ былқ етіп оп-оңай алынды.

«Қызым, көрдің бе, сен анаңды саңырау деп менсінбейтін едің, ал әкеңді жақсы көрдің. Анаң жі­бектей, жақсы адам еді. Әкең ке­рісінше, нашар кісі болды, анаң­ның көзіне шөп салды… Оның жа­мандығының зардабын балала­ры тартуда. Адамға жасаған жа­ман­дық адамның өзіне, одан қалса ұр­пағына келеді, – деді Дауыс» – деп әңгімесін  аяқтады  кейіпкерім.

Ол әңгіме үстінде «Әне, әне, жа­рық жанды. Мына жерде, ана жер­де тұр» — деп жан-жағына алаң­­дап отырды. Менің де Дауыс­қа сұрақ қойғым келді. Бірақ асықпайын деп ойладым…

(Жалғасы бар)

«Кейде  олар  желбіреп,  ауада  ілініп  тұрады. Алдағы  күндерге  не  болатынын айтады, бірақ  дәл  қай  күн  екенін  айтпайды. Бір күні «Біреу­дің баласын  біреу  асырайтын  за­ман туды» – деді. Сенесіз бе? Сұ­ра­ғы­ма  жауап  береді,  қиналғанда,  тіп­ті кез келген уақытта қасымнан та­бы­лады. Соған қарағанда  оның  Сер­ғали  атамның  аруағы  екеніне сендім»…

Ұлдай  САРИЕВА,

«Орал өңірі»


Ұлт жоспары жер қатынастарын тиімді жүйеге бағыттайды

Күні: , 864 рет оқылды

зем_2


Басқармада «Жер қатынастары саласындағы Мемлекет басшысының бес институционалдық реформаларын іске асыру бойынша 100 нақты қадам – Ұлттық жоспарын іске асыру» тақырыбындағы кеңес өткізілді. Ауыл шар­уашылығы жерлерін тиімді пайдалану мақсатымен оларды нарықтық айна­лымға енгізу, Жер кодек­сіне және басқа да заң актілеріне өзгерістер ен­гізу (Ұлт жос­па­ры­ның 35-қадамы), сондай-ақ жер учаскесінің нысана­лы мақсатын өзгерту ресімдерін жеңілдету, ауыл шаруа­шылығы жерлерін пайдалануға тұрақты түрде мониторинг жүргізу, барлық пайдаланылмай жатқан жерді алдағы уақытта жекешелендіру үшін мемлекеттік қорға беру (Ұлт жоспарының 36-қадамы) мәселелері талқыланды.


Елбасы Н. Ә. Назарбаев ағым­да­ғы жылғы 5 мамырда Үкіметтің кеңейтіл­ген отырысында жердің әр метрі тиімді пайдаланылуы тиіс және мемлекет осыған үнемі мониторинг жасауды бір жүйеге түсіруі қажеттігін ерекше атап өткен болатын. Сонымен қатар Елбасы жер қатынастарын ескір­ген формада­ғы тиімсіз жүйеде жүр­гі­зу — жер­дің өндірістік маңызды әлеуетін тежеп отырғанын ше­ге­леп айтты. Себе­бі жер Қа­зақ­­станның негізгі бай­лығы, халық­тың өмір сүру ахуа­лының басты көзі болып са­налады.

Бүгінгі таңда, жердің тиімсіз пай­­­­далануы салдарынан топырақ құнарлылығының төмендеп бара жатқандығы ауқымды мәселеге ай­налуда. Оған басты себептер – ауыл­шаруашылығы дақылдарын себу технологиясынан ауытқу, зиян­ды арамшөптерді жоюға бағыт­­тал­ған күрес шараларын өт­кі­зу­де ба­қы­лаудың төмендеп ке­туі, то­пы­рақ­қа минералдық ты­ңайт­­қыш­­тар енгізбеу, жаңа танап ауы­су жүйелерін енгізумен қатар тұ­қым сапасын жақсартуға көңіл бөл­меу, дәнді дақылдардың сұрып алмасуына мән беру мәселеле­рі аса өзекті. Сондықтан жерге көзқарасты өзгертіп, жұмыстар­ды ғылыми тұрғыда жүргізіп отыр­ған жағдайда тиісті нәтижеге қол жеткізуге болатындығына бүгінгі таңда көзіміз жетіп отыр.

Екінші жағынан алғанда, жер ре­сурстары саласында жүйе­лі жә­­не жоғарғы технология­ны қол­данумен қатар жер-шаруа­шылық орналастыру жобаларын енгізген жағдайда ауыл шаруашылығы құрылымдарының иелігіндегі ал­қап­тарды пайдаланудың тиім­ді ұйым­дас­тыру мәселелері толық­­тай шешіледі. Оның ішінде то­пы­­рақ эрозиясына ұшы­рауға қар­сы қор­ғау шараларын жасақтау, егістікте жаңа танап ауысу жү­йелерін қолдану, жайылым, ша­бындық, бос жатқан жерді пайда­лану, өндірістік инфрақұры­лым­­дар­ды тиімді орналастыру элементтері (далалық стандарт, складқоймалар, т.б.) шараларын жүргі­зу болып саналады. Сондықтан жерді тиімді пайдалану және олар­ды қорғау мәселелерін дұрыс жол­­­ға қойып ұйымдастырған жағ­дайда ел экономикасы өркендей­ді, сондай-ақ ауыл тұрғындары­ның әл-аухаты жақсарады.

Бүгін жер мәселесі – тек облысымызда емес, республика кө­лемінде өзекті. Оның ішінде жер пайдаланушыға берілген жердің пайдаланылмауы және игерілме­уі салдарынан, оларды мемлекет меншігіне қайтару бірден-бір өзек­ті  екендігі  белгілі.

Батыс Қазақстан облысының ау­мағы – 15133,9 мың га құрайды, жер қорының басым бөлігін, яғни 13911,2 мың га (91,9%) ауыл шар­уа­шылығы алқаптар алып жатыр, оның ішінде табиғи жайы­лым­­дар­дың  үлесі  мол.

Жер теңгеріміне сәйкес 2014 жылғы 1 қарашадағы жағдай бо­йын­ша облыста – 4533 шаруа жә­­не фермерлік шаруашылық­тар бар, 156 мемлекеттік емес, 60мем­ле­кеттік ауыл шаруашылығыұйымдары тіркелген. Мемлекет­тік емес шаруашылық формала­ры­ның ие­лі­гіне 98,6%  ауыл шар­уа­шы­лығы мақсатындағы жерлер бе­кітіліп  берілген.

Мемлекет басшысының хатта­малық тапсырмасына сәйкес бар­лық жерлерде ауыл­ шар­уа­шылы­ғы мақсатындағы жерлерді түген­деу жұмыстары жүргізілгені бел­гі­лі. Осы жұмыстардың қорытын­дысы көрсеткендей, жердің мен­шік иелері мен жер пайда­лану­шылар­дың барлығы бірдей же­рін мақ­сатында пайдаланбай отыр­­ға­ны анықталды. Мысалға аласақ, кейбір азаматтар жермен жұмыс жасауға құштар болғанмен жер учаскесін ала алмай кезекте тұрып келген, олар сұрап отырған жерлер бос жатқанмен, бас­қа жер пай­даланушының иелігінде мақ­сатты түр­де  пайдаланылмай  жатыр.

Облыс бойынша 2011 жылы рес­­пуб­ликалық бюджет есебінен ауыл­­ шаруашылығы мақсатын­да­ғы жер­лерге жүргізілген реви­зия­ның және 2012-2014 жылдары ауыл­ шар­­уа­шылығы алқаптарды түген­деу жұ­­мыс­тарының қоры­тын­ды нә­ти­жесі­мен 677,9 мың га пайда­ланылмай жатқан  жерлер  анық­­талып отыр.

Бүгін осы анықталған жерлер­дің 449,7 мың га мемлекет менші­гіне қай­тарылды, бұл анық­талған жерлер­дің  66,3%  па­йызын құ­рай­ды.

Жер қатынастары саласында­ғы уә­кілетті органдар тарапынан ат­қа­рылған жұмыстар нәтижесін­де мем­­лекет меншігіне қайтарыл­ған жер­лер­дің 259 мың га (58,6%) ауыл шаруа­шылығы айналымға енгізілді.

Сонымен қатар жергілікті ат­қа­рушы органдар тарапынан жүр­гі­­зі­ліп отырған жұмыстар нәти­же­сінде 146 мың га (21,5%) жерде жер пай­даланушылар алқаптарын өз мақса­тында пайдалануға кіріс­кен, сондай-ақ жергілікті атқару­шы органдар көлемі 1,7 мың га (0,25%) жер учас­келерін мемлекетменшігіне қай­­тарып алу жөнін­­дегі жұмыстарды жүргізіп жатыр. Ал 80,5 мың га (11,9 %) жер учаскелері бойынша ма­те­риалдар әкім­шілік шара қол­да­­ну үшін об­лыстық жердің пайдала­ны­луы мен қорғалуын бақылау бас­қар­ма­­сы­­­на жолданған.

Жоғарыда аталған жұмыс­тар­мен қатар жергілікті атқа­ру­шы органдар 2012 жылдан бастап осы кезеңге дейін жерді пайдаланбай жатқан не­месе жерді Қазақстан Республи­касы жер заң­намасын бұза отырып пайда­ла­нуды болдырмау ба­ғы­тындағы жұ­­­мыстарды жүр­гі­зіп келеді. Мем­­лекет басшы­сы­­ның Ұлт­тық жос­­пары­ның 35 және 36 қадамдарын іс­ке асыру ­шеңберінде ауыл шар­уа­шы­лығы жерлерін тиімді пайда­ла­ну мақ­­саты­мен оларды нарық­тық айна­­лым­ға енгізу, сондай-ақ жер учас­кесі­нің нысаналы мақса­тын өзгерту ресімдерін жеңіл­де­ту; ауыл шаруашылығы жерлерін пай­далануға тұрақты түрде мониторинг жүргізу; барлық пайдаланылмай жатқан жерді алдағы уақытта жекешелендіру үшін мемлекеттік қорға  берілуі  болжанады.

Мемлекет басшысының 2015 жылғы 5 мамырдағы тапсырмасын орындау мақсатында Қазақ­стан Рес­публикасының Үкіметі «Қа­зақстан Республикасының Жер кодексіне өзгерістер мен то­лық­тырулар енгізу туралы» Қа­зақ­стан Республикасы­ның Заң жобасын Қазақстан Республи­касы Парламенті Мәжілісінің қа­ра­уы­на енгізеді.

Бұл заң жобасын қабылдау­­дың жағымды әлеуметтік-эко­но­ми­ка­лық салдары ауыл шар­­уа­шы­лы­ғы өнді­рісінің мақсаты үшін бе­рілген жер учаскелерін ұтым­ды және нысаналы пай­далану үшін оң нәтижеге қол жет­кізген кезде, аграрлық сек­тор­ды одан әрі халықты қосымша жұмыспен қамтамасыз етумен дамыту, жер учаскелерін жеке меншікке алу үшін ынталандыру жағдайларын жасау, ауыл шаруашылығы өнді­рі­сіне қосымша инвестицияларды тарту, ауыл шаруашылы­ғы мақса­тындағы жерлерді жеке меншік­ке сатудан бюджеттің кі­ріс бөліміне қосымша қаражат­тың түсуін-де  көрінеді.

Көрсетілген түзетулер Қазақ­стан Республикасының Жер ко­дексіне тиісті өзгерістер мен то­лық­тырулар енгізуді қажет ете­ді. Аталған заң жобасы мүд­делі мемлекеттік органдармен ке­лі­сі­ліп, Қазақстан Республикасы Пар­­ламенті Мәжілісінің қарауы­­на енгізіледі.

100 нақты қадам Ұлттық жос­парын іске асыру шеңберінде нақ­ты міндеттерді шешу мәселе­сі жер қатынастары саласын тиім­ді реттеуге мүмкіндік беретін­дігі­не сеніміміз мол.

Ә. МҰХАНБЕТЖАНОВА,

облыстық  жер  қатынастары  басқармасының  басшысы


Әр дәстүрімізді “харамға” баласақ, неміз қалады?

Күні: , 863 рет оқылды


Сәлемдесу – кеше  немесе бүгіннің ғана дәстүрі емес, ол адамзатқа ортақ қасиет. Сәлемдесудің мәні, ең алдымен, бетпе-бет кездескен адамдардың бір-бірінің кейіп-кескінін тану, болмысын байқау және тілек арқылы өзінің ниетін білдіру. Сондай-ақ бір-бірінің аман-саулығын сұрасу, Жаратушыға шүкіршілік ету, ниеттерінің ақ екенін білдіру. Мұсылман баласының бір-біріне сәлем беруі – сүннет, қабыл алуы – уәжіп. Себебі Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Бір мұсылманның сәлемін алу – уәжіп. Бір мұсылманның кездескен мұсылманға сәлем беруі – оның мойнындағы ақысы», – деген (имам Мүслім).


Жалпы, мұсылман баласы ке­зіккенде «әссәләму алейкум» (Сіз­­дерге Алла Тағаланың бейбітшілігі болсын) деп сәлемдесу арқылы бір-бірінің амандығы мен есендігін, достық һәм бірлігін тілескен. Ардақты Елші (с.ғ.с.) «Сіздер сүйсінетін, оны істеген кезде қуанатын бір нәрсені айтайын ба?» «Өз араларыңда сәлемді жайыңдар, яғни сәлемдесіңдер!» деген болатын. (Шарафуддин ад-Димяти. әл-Матжару ар-рабиху фи сауаби әл амал ас салих. Бейрут. 1990. 36-б.)

Сәлемдесу – әдептіліктің  белгісі. Әр нәрсенің өзіндік әдебі болған секілді қазақтың ұлттық дәстүрінде де сәлемдесудің өзіне тән әдебі бар. Жасы кіші үлкенмен, көлікте­­гі жаяу жүргіншімен, жүріп бара жатқан отырғанмен, аз адам көп адаммен сәлемдескен. Келіндер ата-енесімен, қайын ағаларымен немесе үлкен кісілермен тізесін сәл бүгіп, басын иіп, ибалық сә­­лем жасап, ишаратпен амандасқан. Мұның өзі қазақтың ең тамаша рухани қасиеті болып табылады. Жасы кішінің үлкенге бірінші болып сәлем беруі – үлкенге сый-құрметі, көліктегінің жаяу­­ға сәлем беруі – көліктегінің такәппарлануға жол бермей оны қарапайымдылық, сыпайылыққа тәр­биелеуі, жүріп келе жатқан­­ның отырғанға сәлем беруі – бөл­­ме­­ге кіріп келген адамның мінде­­­тін­­дей болуы, келіннің сәлем бе­руі–ата-енесіне ізеттілік көрсетуі деп түсіндіріледі.

Келіндер ата-енесіне, үлкен­дер­ге басын иіп, ибалық сәлем салады демекші, осы тақырып қозғала қалса, кейбір жастарымыз ғаламтор беттерінде иіліп сәлем салу, намаздағы рүкүғқа ұқсайды деп, сәлем салуды ширкке теңеп, шулап кетеді. Егер әрбір иілуді рүкүғқа теңер болсақ, тік тұрып сәлем беру де намаздағы қиямға ұқсағаны ма? Онда әр қимылымыз ширк пе? Кез келген нәрсенің өзіндік өлшемі бар емес пе? Осы кезге дейін қазақ «келіннің сәле­мін ширк» екенін білмей келген бе әл­­де кейінгі кезде ширк бола қалды ма? Халқымыздың әрбір салт-дәс­­тү­­рін «ширкке» яки «харамға» ба­­лай­­тын болсақ, неміз қалады? Ша­­­ри­­­ғатта «келіннің сәлем салуы ширк» деген нақты үкім де жоқ емес пе? Келіннің үлкендерге сәлем са­луы қазақтың көнеден жалғасып ке­ле жатқан әдет-ғұрпы емес пе?

Ұлы Жаратушы иеміз адам ба­­ла­­­сын ең кемел әрі көркем бей­­не­­де жарата отырып, оны сан­­сыз нығметтерге бөлеген. Бұ­­ған қоса сол нығметтердің қаді­­рін тү­­сін­дірсін, адамның әрі бүкіл болмыс атаулының жаратылыс мақсаты мен сырларын ұғындырсын деп әр қауымға  өз елшілерін жібе­ріп отырған. Осы орайда пайғам­бар­лар – адамзатқа әр нәрсенің өзіндік мән-мағынасы мен міндеті бар екенін ұқтыратын тәлімі мол ұстаздар. Бізді қоршап тұрған жаратылыстарды танып-біліп, Ұлы құдіретке бас июге шақырушы ар­дақты асыл тұлғалар да осы пай­ғамбарлар. Пайғамбарларға иман – Ислам дініндегі иман негіз­дерінің бірі. Ал оларға келген ақи­қат ортақ. Құранда Меккеде түскен 111 аяттан тұратын Жүсіп пай­ғамбармен қатысты оқиға баян­далады. Онда «Жүсіп ата-ана­сын құрметтеп өзінің тағына отырғызды. Ата-анасынан бастап барлық бауырлары оған тағзым етіп, бас иді. Сонда Жүсіп әкесіне: «Әкей! Бұрын бала күнімде көрген түсімнің жоруы, міне, осы. Раббым сол түсімді расқа шығарды»  деген аят бар («Жүсіп» сүресі, 100-аят).

Тәпсірші ғалымдар аяттағы Жү­сіптің ата-анасымен бауыр­ла­ры­ның тағзым етіп, бас июін (сәжде етуін) екі тұрғыда жорамалдайды.

Бірінші жорамал бойынша Жү­­­сіпке құрмет сәлемі ретінде тағ­зым етілген. Бұл Жүсіп сүресінің «Әкешім! Мен түсімде аспандағы он бір жұлдыздың және күн мен айдың маған тағзым жасап, сәж­де етіп тұрғанын көрдім»  деген 4-аятын растайды дейді.

Екінші жорамал бойынша Жү­сіпке қауышқаны үшін Аллаға шү­­кір ету мақсатында сәжде жа­­салған. Аяттағы «олардың маған тағзым жасап, сәжде етіп тұрға­­нын көрдім» деген аятты «олардың мен үшін тағзым жасап, сәжде етіп тұрғанын көрдім» деп те ауда­ру­­ға болады. Сонда бұл екінші ойды құптайды дейді.

Жүсіп (а.с.) те бұл әмірдің Алладан екенін біліп, шүкір еткен. Бауырларының жасаған әре­ке­ті мен жасаған қастандығына үнде­меген. Демек, мұндағы сәжде (тағ­зым) «құлшылық сәждесі» емес екені аян болып тұр.

Ендеше, шариғатта ерекше са­­­н­а­­латын сәлем беруді неге ширк­­­ке балаймыз? Сәлемдесудің түп­кі мақсаты адамдардың және жанұяның тату-тәтті, бақытты өмір сүруіне негізделген емес пе?!

Жастарымыздың өзге елдің салтына ергенін, яки асыл дініміздің бұрмаланып, халық арасында бү­­лік шығуын көздегендер осы се­­­кіл­­ді мәселелерді күн тәртібіне қо­­йып, қоғамда қарама-қайшылықтар­­­­дың болғанын қалайды.

«Әр елдің салты басқа, иттері қара қасқа» демекші, әр ел өз дәстүрін еліне дәріптегені жөн. Онсыз да халқымыздың алтын қа­зынасы саналатын ата-дәс­тү­рі­мізді, салт-санамызды жас­тар­дың жадына сіңіре алмай жатқанда әр нәрсені ширк деп жұртты мазаламасын.

Сөз соңы келіннің сәлем салуын ширкке теңей бермей, Жаратушы Жаббар Иенің сәлем есімімен сәлем беруші сәлем алушының есіне сәлемді салғаны үшін бір дәреже артық сауапқа ие болатынын ұмытпай, бір-бірімізді көргенде, сәлем беріп жүрейік, ағайын.

Қалмахан ЕРЖАН,

дінтану ғылымдарының докторы, «Нұр-Мүбарак» Мысыр ислам мәдениеті

университеті Дінтану кафедрасының меңгерушісі

Азаматтар мен ұйымдардан діни салаға қатысты барлық мәселелер бойынша ақпарат қабылдауға, сондай-ақ деструктивті қызметтен зар­дап шеккендерге кеңесшілік және психологиялық көмек көрсетуге арналған сенім телефондары: 8 (7112) 26-75-88, 24-44-11. «Қауырт желі» — «114»


Ата Заңды қастерлеу – басты парыз

Күні: , 135 рет оқылды

ЛОГО 20 жыл конст


Тәуелсіздік алған кез келген мемлекет өзініңКонс­­­титуциясын қабыл­­дай­­ды. Себебі ол – елдің еге­­мен­­дігін білдіретін, өз ал­ды­­на басқару жүйесі ба­­рын көрсететін маңызды құ­жат.


Бабаларымыз ауыз әде­биетіне көп мән берген. Сөйтіп, әдет-ғұрып заңдарын ауыз әдебиеті арқылы таратып, атадан-балаға мұра етіп қалдырып отырған. «Қасым хан­ның қасқа жолы», «Есім ханның ескі жолы», «Тәукенің жеті жарғы­­­сы» осы сөзімізге дәлел болған­дай. Бұл әдет-ғұрып заңдары да қазіргі Ата Заңымыздай бабаларымыз үшін мемлекет басқару­да  маңызды мән атқарған.

1991 жылы кеңес үкіметінің құрсауынан шығып, өз алдымыз­ға ел болғаннан кейін, біздің ел­­дігімізді танытатын, тәуелсіз ел екенімізді әлем жұртының ал­дын­да паш ететін Конституция бізге ауадай қажет болды. 1993 жылы  тұңғыш Конституциямыз қа­­былданды. Ол халқымыздың жарқын болашаққа сенімін арт­тыру, мемлекет­тік билікті басқа­рудың барлық жүйе­­сін нығайту, экономикалық ре­фор­маны жүр­гізе отырып, елді сол кездегідағ­дарыстан шығару, жас мем­ле­кеттің сыртқы саясатын қа­­лып­тастыру, ішкі саяси тұрақ­ты­лық­­ты қамтамасыз ету үшін ма­ңыз­ды еді. Алайда жоғарыда қам­тыл­ған мақсаттарды шешіп бере­тін бап­тар әуелгі тұңғыш Конс­титуцияның жобасында барынша қамтылма­ды. Дейтұрғанмен уақыт өте келе заман ағымы мен сұранысына қа­рай, бас заңы­мыз­дың кейбір тұстары нарықтық қоғамдағы өзгерістерге сәйкес бол­май шыққаны байқалды. Сон­да да 1993 жылғы Конституция­мыз құқықтық және демокра­тия­­лық қоғам қалыптастыруға ал­ғаш­қы қадам жасалған тарихи құ­жат болды. Сондықтан да ара­да екі жыл өткенде 1995 жылы қа­зір­гі Конституция қабылданды.

Ата Заңымыз қоғамдағы та­ту­лық пен саяси тұрақтылық кепі­ліне айналды. Конституциямыз­да үш билік көзі көзделсе, со­ның бірі сотқа берілді, бұл – еліміз­де­гі адамның құқығын қорғауда сот төрелігіне берілген үлкен жа­уап­кершілік және сенім артқан халықтың  алдындағы  парызы.

Сот билігі Қазақстан Респуб­ли­касының атынан жүзеге асы­рылады және судья сот тө­ре­лі­гін іске асыру кезінде тә­уелсіз жә­не Конституция мен Заңға ға­­на бағынады. Бұл Конс­ти­ту­ция­мыз­дың заман талабына сай еке­­­нін, дамыған елдің Ата Заң­дары­мен қатар тұрғанын көр­се­теді. Тә­уелсіздігіміздің ны­ша­ны болып табылатын Консти­ту­ция­ны қас­терлеу – қазақ­стан­дық­тар­­дың бас­ты  парызы.

Мереке ШҮКІРОВ,

Жаңақала аудандық сотының судьясы


Дағдарыс сабырмен еңсеріледі

Күні: , 846 рет оқылды

DSC_0032-c


Сейсенбі күні облысымызға ҚР Премьер-министрінің орынбасары Бердібек Сапарбаев жұмыс сапарымен келді. Келген бойда облыс әкімдігінде өңіріміздің кәсіпкер­лерімен, жұртшылық өкілдерімен кездесті. Жиыннан кейін қала­мыздағы сауда орындарын аралап көрді.


Жиынды ашқан облыс әкімі Нұрлан Ноғаев Ақ Жайық өңірінің халахуалымен танысып кету үшін уа­қыт тауып келген Вице-Премьерге батысқазақстандықтар атынанри­зашылығын білдірген соң, өңі­­ріміздің әлеуметтік-экономи­ка­­лық дамуы жөнінде баяндады. «Облысымызда экономикалық, әлеумет­тік, саяси жағдай тұрақты, – деді Нұрлан Асқарұлы. – Оған Елбасы­мыздың бастамасымен жүзеге асып жатқан мемлекеттік бағдар­ламалар үлкен септігін тигізуде. Ша­ғын және орта кәсіпкерлік өкіл­­дері мен батысқазақстандық­тар бұл бағдарламаларға белсенді қатысуда. Жергілікті атқарушы билік өзіне алған міндеттемеле­рін орындап, қазынадан бөлінген қаржыны игеруінің нәтижесінде оң жетістіктерге жетудеміз. Өң­деу өнеркәсібінен басқа барлық са­лада оң көрсеткіштер бар. Дағ­дарысқа қарсы дер кезінде қа­былданған шараларға сәйкес жыл соңына дейін бұл бағыттағы өз мін­деттемелерімізді толығымен орындаймыз деп ойлаймын.

Білім күні жақындап келе жатыр. Соған байланысты білім сала­сына да тоқталып өтейін. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес біз үш ауысымды оқу жүйе­сі мен апатты мектептер мәсе­ле­лерін толығымен шештік. Берді­бек Мәшбекұлы, мектептерді уақ­тылы оқулықпен қамту мәселесін алғаш рет сіз көтерген едіңіз. Қа­зір ол өз шешімін табуда. Бұрында­ры оқу жылы басында жетіспеген оқулықтар қаңтар-ақпан айларында келіп жататын еді. Биыл біз жа­ңа оқу жылына қажет оқулықтар­­ды жүз пайыз алдық. Қазір кітап­тар мектептерге жеткізіліп, барлық оқушының оқулықпен қамты­­луы ұйымдастырылуда.

ҚР Үкіметі мен Ұлттық банктің шешімімен теңге еркін айналымға жіберілді. Соған орай облыста же­дел штаб құрылды. Оның құра­мы­­на жергілікті атқарушы билік, қо­ғамдық ұйым өкілдері, мәслихат депутаттары кіреді. Ақпарат құ­ралдары арқылы бұл бағытта тү­сінік жұмыстары жүргізілуде. Же­дел желі ұйымдастырылды. Ірі сау­да орындарындағы, базарлар­да­ғы бағаға тұрақты түрде монито­ринг жасалып, рейдтер өткізіліптұ­рады. Облыс, аудан, ауылдық ок­руг орталықтарында ауыл шар­уа­шы­лығы тауар өндірушілерінің жәр­меңкесі ұйымдастырылуда. Мек­­тепке қажет заттар, кеңсе та­уар­лары, дәрі-дәрмек, жанар-жа­ғар­май бағаларына да мониторинг жүр­гізіледі. Ұлттық банк филиалы­­нан алынған мәліметке қара­­ған­да, қазір облыста теңге, доллар, еу­ро сынды валюталар­дың қол­ма-қол ақшасының жетіспеушілі­гі орын алып жатқан жоқ, жағдай тұрақты».

Кездесуде  кәсіпкерлер сөз ал­ды. Бірінші болып мінберге «Стекло сервис» ЖШС-ның директоры Аркадий Рубцов көтеріліп, кәсіп­орынның ахуалын баяндап, биыл­ғы жеті ай бойынша көрсеткіш­тер былтырғы деңгейде тұрғанын жеткізді. Теңгенің еркін айналымы нәтижесінде кәсіпорынның рен­та­бельділігі артатынына үміт бар. Өндірілген өнімнің 40 пайыздайы Ресейге шығарылады. Қызмет­кер­лерді қысқарту жүргізілген емес. Жалақы бойынша берешек жоқ. Қазір серіктестік өнімдерін Ас­та­нада, еліміздің өзге де өңір­ле­рін­де жаңадан салынып жатқан ны­сандарға пайдалану бойынша жұ­мыстар жүргізілуде.

Өңіріміздегі өңдеу өнеркәсібі саласы өкілдерінің атынан сөй­ле­ген «Жайық ет» серіктестігінің басшысы Темір Ескендіров тең­ге­нің еркін айналымға жіберілуін қол­дайтынын және бұл шара уақ­тылы жүргізілгенін жеткізді.  «Бізден бұрын Ресей мен Қытай үкі­меттері тауар өндірушілерін қол­дау мақсатында өздерінің валю­та­ларын еркін айналымға жіберді, – деді ол. – Соның нәтижесін­де Қазақстан нарығын аталмыш елдердің арзан өнімдері жаула­ды. Отандық тауарлар олармен тең бә­секеге түсе алған жоқ. Енді бұл теңсіздік жойылады. Жергілікті өн­­діріс орындарының жұмысы жан­­данбақшы. Осы шараның нәти­же­­­сінде нарығымызда отандық өнім­дердің  бәсі  артары  сөзсіз».

«Белес-Агро» серіктестігінің ди­ректоры Мұрат Жәкібаев Ресей­мен арадағы тауар айналым 70 па­йызды құрайтынын жеткізді. Ре­сейлік рубльдің теңгеге шаққан­да­ғы бағамы қазір 4 теңгені құ­ра­уы кәсіпкерлер үшін оңтайлы еке­нін мәлімдеді. Бұрынғы төмен ба­ға жергілікті өнім өндірушілерге ке­рі әсер еткені белгілі. Соған орай кәсіпкерлер теңгенің еркін ай­на­лымға жіберілуін біраздан бері күтіп жүрді. Енді, міне, ол мемлекет тарапынан қолдау тапты. Егер жағдай бұрынғыдай қала берсе, елі­міз импортқа тәуелді болып қалар еді.

Өз кезегінде сөз алған «Мир­лан» және «Ақжол» базарлары­ныңдиректорлары Тагира Журав­лева мен Әліби Аманкелдіұлы базар­лардағы жағдай тұрақты, кә­сіп­кер­лер арасында да, тұтын­у­шы­лар тарапынан да дүрлігушілік жоқ еке­нін айтты. Бағалардың күрт көте­рілуі дерегі болған емес. Базар­да отандық тауарлардың көп­теп сатылуы үшін тиісті шаралар алынуда. Соның бірі – жалдау құ­нын төмендету, тіпті жергілікті өнім­ді сататындар үшін кейбір орын­дар тегін ұсынылмақшы.

– Менің сапарымның мақсаты – облыста атқарылып жатқан жұ­мыс­тарды өз көзіммен көру, орын алып жатқан мәселелер болса, оның шешілуіне Үкімет тарапынан көмектесу. Елдің әлеуметтік-экономикалық жағдайынан хабар­дар­сыздар. Бастысы, мемлекеті­мізде тыныштық, ауызбіршілік бар. Дағдарысқа қарамастан ел эконо­микасында өсім байқалады. Өт­кен жеті айдың қорытындысы бо­йын­ша республикамыздың эконо­микасында 1,7 пайыз өсімге қол жеткізілді. Мемлекет халықтың ал­дындағы әлеуметтік міндеттемелерін дер кезінде орындап отыр, орындай да береді. Иә, дағдарыс бізге салқынын тигізуде. Себебі біз әлемнің көптеген елімен, соның ішінде көрші мемлекеттермен эко­номикалық байланыстамыз. Біз­дің өнімдерді олар алады, ол ел­дердің тауарларын біз тұ­ты­на­мыз. Сондықтан Мемлекет басшысы Үкімет пен Ұлттық банкпен келісе отырып, теңгені еркін ай­налымға жіберу туралы шешім қабылдады. Бұл еліміздің қазір­гі және ертеңгі экономикалық дамуына әсер ететін шешім болға­ны анық. Экономика дамымаса, ха­лықтың тұрмысы жақсармайды. Еліміз тәуелсіздік алған жылдар­дан бері талай дағдарысты бастан өткердік. Оның бәрінен қиналмай шықтық. Бұдан да аман-есен шы­ғамыз. Ол үшін ауызбірлік, ынты­мақ керек. Экономикалық дағ­да­рыс ұзаққа созылған жағдайда да елі­міздің байлығы, Ұлттық қор­да­ғы қаржы еліміздің қиыншы­лық­қа ұшырамауына жетеді деп ой­лай­мын. Батыс Қазақстан облы­сын­да да еліміздің өзге өңірле­рін­дегідей жағдай тұрақты еке­нін көрдім. Үкіметтің бас инспекторы да екі күн бойы облыстағы жағдайды қадағалаған болатын. Ол да бәрі қалыпты екенін баян­дады. Мемлекеттің саясатына тү­сі­ніс­тікпен қараған батысқазақстан­­­­дықтарға ризашылығымды білді­ре­мін, – деді Бердібек Сапарбаев.

Жиыннан соң Үкімет басшы­сы­ның орынбасары аға буын өкіл­де­рімен жүздесті. Соғыс және еңбек ардагерлері теңгенің еркін айналымына жіберілуін қолдайтынын, бұл бағытта жұртшылық арасын­да түсінік жұмыстарын жүргізуге атсалысып жатқандарын жеткізді.

Одан әрі Вице-Премьер Б. Сапарбаев «Мечта» сауда үйінде ор­наласқан «Атаба» супермаркетін­де және «Дина» гипермар­кетін­де болды. Ондағы жергілікті та­уар өндірушілердің өнімдерімен, олардың бағаларымен танысты. Сауда орындары тарапы­нан олар­ға көрсетіліп жатқан қолдау­лар турасында сұрап білді. «Атаба» су­пермаркеті қызметкерлері зейнет­кер­лерге арналған жеңілдік­тер ту­ралы әңгімелеп берді. Сондай-ақ валюта айырбастау пункт­те­рінде­гі  жағдаймен  де танысты.

*   *   *

Кеше ҚР Премьер-министрі­нің орынбасары  Б. Сапарбаев бас­та­ған комиссия мүшелері Бөрлі ау­даны Березов ауылында болып, ауыл тұрғындарымен кездесу өт­кізді. Кездесуге  облыс әкімі Нұр­лан Ноғаев, құзыретті орган басшылары қатысты.

– Өткен жыл соңындағы кездесуімізде сіздер балалардың улы газ әсерінен құлаулары себепті ауыл тұрғындарын қауіпсіз аймақ­қа көшіруді сұраған болатынсыз­дар. Республикада арнайы құрыл­ған комиссияның шешімімен Бе­резов және Бестау ауылы тұрғын­дары толығымен көшірілетін болды. Көшіру жұмыстары екі кезең­де жүргізілетін болады. Бірінші ке­зең осы жылдың соңына де­йін 127 отбасы, алдағы жылдың соңына дейін қалған 469 отбасы толық қо­ныс аударады. Сөйтіп, 2017 жыл­дың басында екі ауылдың 2138 тұрғыны толық жаңа жерден жаңа баспанамен қамтылмақ.  Олар Ақ­сай қаласынан және Бөрлі, Аралтал ауылдарынан салынған жаңа үйлерге көшірілмек. Бүгінгі келген басты себебіміз өздеріңізбен кездесіп, осы шешімін тапқан түйт­кілді өз аузымыздан естірту. Улыгаздан зардап шеккен балалар­ды сауықтыру жұмысы жалғаса­тын болады. Ал белгіленген стан­­дарттарға сай келмей, мұржа­сы­нан улы газ шығатын мектептің жылу қазандығы қауіпсіз орын­ға көшіріледі, – деді Премьер-министрдің орынбасары.

Ауыл тұрғындары атынан сөз алғандар Үкімет басшыларына, об­лыс әкімдігі мен жергілікті билік өкілдеріне алғыстарын білдірді.

Қоныс аударуға байланысты ауыл тұрғындарының сауалдары­на об­лыс әкімі Нұрлан Ноғаев жер­гілік­ті жерде арнайы құрылған комис­сияға жолығу керектігін айтты.

Сәкен  МҰРАТҰЛЫ,

Нұрбек ОРАЗАЕВ,

«Орал өңірі»


БҚО, Орал қаласы, Мұхит көшесі, 57/1
zhaik_presscenter@mail.ru
oral_oniri@inbox.ru
support@oraloniri.kz

Орал өңірі" газетінің бас редакторы: 51-25-80
Бас редактордың орынбасарлары: 24-17-08, 54-18-08
Жауапты хатшы: 54-38-22
Тілшілер: 50-66-88, 51-50-34
Жарнама бөлімі: 51-51-09
Яндекс.Метрика