Мұрағат: 25.08.2015


Мықтылар анықталды

Күні: , 142 рет оқылды

DMS_6267


Орал қаласындағы П. Атоян атындағы стадионда өрт сөндіру және құтқарушылар спорты бойынша Ішкі істер министрлігінің ТЖД комитетінің ХХII жазғы біріншілігі өткізілді.


Үш күнге созылған жарыс 100 метрлік кедергілерден өту, мұнараның төртінші сатысына шабуылдау, жүз метрлік эстафе­та және өрт сөндіру кезінде жо­лақты жаю сықылды төрт сатыдан тұрды. Күнделікті атқарып жүр­ген жұмыстарын әрі қарай пысық­тау мақсатында оздырылып отыр­ған жарысқа еліміздің барлық өңі­рінен 19 команда қатысты. Олар­дың ішінде 12 әйелдер команда­сы, сонымен қатар Солтүстік Қа­зақстан, Павлодар, Алматы, Ақ­мо­ла, Ақтөбе, Астана, Атырау, Қос­танай, Қарағанды, Жамбыл және Көкшетау техникалық институты мен Тараз техникалық институ­тының қатысушылары бар.

— Мұндай жарыстардың өткізі­луі біз үшін өте маңызды. Тө­тен­ше жағдайлар комитетінің қыз­меткерлері қай өңірде болса да, қиындық туа қалған жағдайда алдыңғы саптан көрінуге тиісті. Сондықтан әрқашан дайындық жоғары болуы керек. Өткізіліп  отырған біріншілікте өрт сөндіру және құт­қа­ру бойынша спорт түрлері­нен моральдық және физикалық талаптарды мүдірмей орындау­ларыңызға сенім білді­­реміз. Ат­қарып жатырған жұмыс­тарыңыз­ға жоғары жетістік тілейміз, — деді жарыстың ашылу салтанатында Орал қаласының әкімі Алтай Көлгінов.

— 2001 жылдан бері Қазақ­стан­ның ұлттық құрама командасы әлем біріншілігіне қатысып, өз бақтарын сынап жүр. Орал қа­ла­сында өтіп жатырған жарыс іріктеу кезеңі болып есептеледі. Соңында екі команда іріктеліп, осы өңірде оқу-жаттығудан өтеді. Кейін Ресейдің Санкт-Петербург қаласында оздырылатын ХI Әлем біріншілігіне қатысады. Жарыс­тың бір ерекшелігі бұрын тек ерлер арасында өткізілетін еді, енді бұған әйелдерді де қосып отырмыз. Сайыстарды өткізу ере­жесі халықаралық конференция­да қаралып, жыл сайын күрде­леніп келеді. Жергілікті ұйымдас­тырушыларға алғысымыз шексіз, — дейді өрт сөндірушілер мен құт­қа­рушылар спорттық федера­циясының атқарушы директоры Дәу­рен Данаев.

ҚР ұлттық құрамасының са­­пын­дағы Батыс Қазақстан облысы төтенше жағдайлар департа­мен­тінің қызметкерлері бірнеше мәрте Әлем чемпионаттарында жоғары нәтижелерге және жүл­делі орындарға ие болып жүр. Жарыстың қорытындысы бойынша жалпы командалық бірінші орынды «Өрт сөндіруші» АҚ, екінші орынды Ақмола облысы, ал үшінші орынға Батыс Қазақстан командасы ие болды. Әйелдер арасында Оңтүстік Қазақстан об­лысының командасы суырылып алға шықса, екінші және үшінші орындарды Астана қаласы мен Алматы облысының командалары өзара бөлісті. Ерлер арасында жалпыкомандалық есепте Батыс Қазақстан облысының командасы жеңіс тұғырынан  көрінді. Екінші, үшінші орындарды Ақмола облысы мен «Өрт-сөндіруші» АҚ командалары жеңіп алды.

Темірболат ТОҚМАМБЕТОВ


Теңге еркін айналымда

Күні: , 1 054 рет оқылды


Кеңес  АБСАТИРОВ, облыстық  кәсіпкерлер  палатасының  директоры:

– Бұдан бірнеше ай бұрын жергілікті шұжық және ет өнімде­рін өндірушілер өңір нары­ғын­дағы арзан ресейлік өнім­дер­­мен бәсекелесудің қиынды­ғына налыған-тұғын. Өйткені саты­­­лым­­ның күрт төмендегені олар­­ға пайдасыз. Әсіресе, шілде айын­да рубльдің бағамы күрт түскен­де, бұл жағдай анық бай­қалды. Қазіргі уақыттағы екі валютаның қарым-қатынасы жағдайында батыс­қазақстандық тауар өндіру­ші­лер өнімдерінің бағасы ресейліктермен теңесті деуге болады. Осының өзі тұтынушыларға жә­не ұсақ ритейлерге ресейлік та­уарларды сатып әкелу үшін жол­ға шығудың тиімсізді­гін көрсете­ді. Сондықтан жергілікті өн­діріс­шілердің өнімдері сұранысқа ие болмақ.


Әрине, тұтынушыларды ең алдымен баға мәселесі қызықты­ра­ды. Иә, алдымен сырттан әке­лінетін тұтынушылық тауарлар­дың бағасы көтерілуі ықтимал. Ондай жағдай бола қалғанда сұ­раныстың құлдырайтыны анық. Сұраныс азайса, жергілікті са­ту­шылар амал жоқтықтан тауар­лар­дың бағасын төмендетуге мәж­бүр болады. Сонымен қатар жергілікті тауарларға сұраныс ұлға­йып, жергілікті бизнес пен Қазақстанның ұлттық экономикасы нығаяды. Жалпы, қорыта айтсам, қарапайым тұрғындарға теңге ба­­ғамының еркін айналымға жіберілуіне  алаңдайтын  негіз  жоқ.

Раушан  Ғабдуалиева, экономика  ғылымдарының  докторы, профессор:

– Мұнай бағасының құлдыра­уы, ресейлік рубль бағамының екі есеге төмендеуі, өткен аптадағы қытайлық юаньның 4 пайызға құн­сыздануы Кореядан бастап Вьет­намға дейінгі дамушы елдердің валюта бағамының төмендеуіне ық­палын тигізді.  Қазақстан экс­пор­тының 20 пайызы Қытайға ке­теді десек, юаньның девальвация­сы қазақстандық экспортерлер­дің пайдасын күрт азайтып жі­берді. Осындай мәселелердің бар­лығы Үкіметтің теңгені еркін ай­налымға жіберуіне қатысты нақты шешім шығаруға итермеледі.

Қазіргі жағдайда еліміздегі әлеуметтік-экономикалық тұрақ­ты­лық­ты сақтау, ІЖӨ өсімін және инвестициялық, несиелік белсен­ділікті төмендетпеу, жұмыссыз­дық­ты көбейтпеу, халықтың әл-ауқатын төмендетуге жол бермеу бағытында жұмыстар жасалуда. Әлем­­дік экономикадағы жағым­сыз өзгерістер жағдайында еліміз­дің экономикасында да өзгеріс­тер орын алуда. Мысалға, экспорт­тық түсімдер азайып, төлем балансы бұзылуда, мұнай және металл бағасының төмендеуіне байла­ныс­ты мемлекеттік бюджетке түсетін кірістер азаюда. Осындай жағдай­да тұрғындардың аз қамтылған то­­бына жергілікті бюджеттерден бе­рілетін атаулы-әлеуметтік және тұрғын үй көмегінің деңгейлерін өсіру арқылы қолдау көрсету шаралары алынуы керек. Қазір бұл бағыттағы жұмыстар қолға  алынуда.

Әрине, бәрін сол бұрынғы қал­пында қалдырып, ағынмен біргағуға болар  еді. Бірақ ондай жағ­дайда өндірістік орындар тоқы­рап, жұмыс орындары қысқарар еді. Сондықтан теңгенің еркін ай­на­лымға жіберілуі дер кезінде қа­былданған дұрыс шешім деп есептейміз.

Ескендір  ЕЛЕМЕСОВ, «Әлем»  шаруа  қожалығының басшысы  (Жәнібек  ауданы):

– Үкімет қабылдаған шараларды қолдаймын және оларды қалыптасқан жағдайда қажетті әрі өте уақтылы деп санаймын. Әлем­нің көптеген елінде кері эко­номикалық үдерістердің болып жатқанын көріп отырмыз, олар Қазақстанға да әсерін тигізеді. Үкімет қабылдаған шаралар отандық бизнесті қолдауда дұрыс және уақтылы болып табылады. Баға айырмашылығы­нан бірнеше айдан бері қазақ­стан­дық кәсіпорындарға өндіріс көлемін төмендетуге тура келіп отыр, ал 5-6 мың жұмыс орындары қысқарту қаупінде тұрды. Бі­рақ қабылданған алдын алу ша­ралары бұл кері әсерлерді жұм­­сартуға жағдай жасайды. Отан­дық өнімнің импорттық өнімнен еш кем емес екенін және рубль­дің теңгеге шаққандағы бағамы жоғары болған кезде бәсекелес­тікте ешқандай мәселе туында­мақ емес. Яғни тең нарықтық жағ­дайда Қазақстанның агро­өнер­кәсіп кешені шетелдік өнімдерге бәсекелес бола алатынына се­німім мол.

Руслан  САПАРҒАЛИЕВ, облыстық  кәсіпкерлік  және  индустриалды-инновациялық даму  басқармасы  басшысының  орынбасары:

– Ағымдағы жылдың 20 тамызынан бастап еліміздің ұлттық валютасы – теңге еркін ай­налымға жіберілді. Бұл – әлем елдерінің дағдарыс жағдайында Қазақстан экономикасын қалып­ты деңгейінде сақтап қалудың бір­ден бір жолы.  Сондай-ақ осы қадамның оң әсері де баршы­лық. Бұдан өз өнімдерін сыртқы нарыққа шығаратын кәсіпорын­дардың ұтатындығы да сөзсіз. Жалпы, 2014 жылдан бері экспорт көлемінің төмендеуі, Ресей рублінің құлдырауына байланысты кейбір кәсіпорындардың экс­порттауды тоқтатқандығы бай­қалады. Осыған байланысты экспорттаушы кәсіпорындар бұл жағ­дайды оң қабылдады.

Теңге бағамын еркін айна­лым­­ға жіберу кәсіпорындардың бә­секеге қабілеттілігін арттыруға да өз септі­-гін тигізбек. Бүгінгі күн­ге дейін та­уар бағасының айыр­машылығына байланысты ресейлік өнімдер отан­дық өнімдерді іш­кі нарықтан ығыс­тыра бастады. Теңгенің еркін айна­лы­мы отан­дық тауарлардың баға­сы Ресейден импортталатын та­уарлардың бағасымен теңдесуі­не әсер етіп, отандық өнімдерге сұ­раныс арта түседі. Осымен бірге жа­ңа ақ­ша-валюталық саясат қа­зақ­стандық тауар өндіруші­лерді өз өнімдері­нің сапасын арт­ты­ру­ға  ынталандырады.

Ақсерік  ӘЙТІМОВ, ҚазИИТУ  ғылыми-білім  кешенінің  құрылтайшысы:

– Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев­тың қатысуымен Ақордада өткен экономикалық саясаттың алдағы шаралары жөніндегі кеңесті, сол кеңесте қатысушылардың сөйле­ген сөздерін тыңдап, теңгені ер­кін айналымға шығару туралы ше­шімнің қаншалықты маңызды еке­ніне көзім жетті. Уақтылы, заманағымына орай қабылданған бұлшешім еліміздегі тауар өндіруші­лердің тығырықтан шығуларына мол мүмкіндік тудыруы тиіс. Бұл дегеніміз – сол кәсіпорындарда жұ­мыс жасайтын мыңдаған жұмыс­шы еш қысқарусыз өз қызметте­рін  жалғастыра  алады  деген  сөз.

Көршілес Ресей Федерация­сы­ның  ақшасы құнсызданғанда шекаралас жатқан, тіпті көптеген жер­лестеріміздің автокөлік, үй жи­һаздарын, тіпті күнделікті тұты­на­тын тауарларды алып келуге ағылғанын көзімізбен көрдік. Со­ның салдарынан отандық өндіру­шілер өз өнімдерін арзан баға­мен сатуға, кей жағдайда өткізе де алмай қалды. Осы қиындықтарға төтеп беру үшін ұлттық валютаны еркін ай­налымға жіберу уа­қыт талабы болды. Елбасы Үкімет тарапынан бизнес өкілдерімен қарапайым ха­лыққа қолдау болатынын да айтты. Сондықтан ел болашағы үшін қабылданған шешімді дұрыс түсініп, қиындыққа қарсы тұрып, келер күнге сеніммен қарайық жерлестер!

Хайролла  ИСМАҒҰЛОВ, «Жайық  Каспий  сараптама» орталығының  директоры:

– Елбасы мен Ұлттық банктің теңгені еркін айналымға шыға­ру туралы қабылдаған шешімін қуаттаймын. Соңғы уақытта отан­дық тауар өндірушілер нарық­та­ғы шетелдік бәсекелестердің қы­сымын анық сезінді. Бұған көр­­шілес елдердегі валюта құны­ның төмендеуі, елімізге арзан ба­ғамен шетел тауарларының кір­гізілуі басты себеп болды. Со­ның салдарынан елде өндіріл­­ген өнімнің бағасы шетелдің та­уарымен салыстырғанда қымбат болып шыға келді. Ал тауарды арзан бағамен сату жұмсалған шы­ғынды ақтамауға әкеліп соғары сөзсіз. Бұл қабылданған шешім бі­рінші кезекте еліміздегі тауар өндірушілерге ішкі нарықтағы өз орындарын ойып алуға септі­гін тигізеді. Сол арқылы елдегі бизнесті одан әрі дамытып, өнді­­ріс орындарындағы жұмыс орнын сақтап қалуға зор мүмкіндік тумақ. Сондықтан ұлттық валютамызды еркін айналымға жібе­ру уақтылы қабылданған ше­шім  деп  есептеймін.

Сержан  АШЫҒАЛИЕВ,  кәсіпкер  (Қаратөбе ауданы):

– Қазір ауылдағы ағайын қо­ғамдағы жаңа өзгерістерге бейімделді. Әркім өзінше тырбанып, ақ­ша тауып, отбасын асырауда. Мем­лекеттің кәсіпкерлікті дамыту ба­ғытындағы бағдарламасына қа­ты­сып, өз ісімізді бастап, кәсіпкер атандым. Теңгенің еркін айналым­ға жіберілуін өз тарапымнан қол­дай­мын. Себебі кәсіпкерлермен кездесу кезінде Мемлекет басшысы бірқатар елдердің экономикасы құлдырағанын, оның ішінде біздің әріптестеріміз Ресей мен Қытайдағы жағдайдың біршама күр­делі сипатқа ие болғанын атап көрсетті. Сонымен бірге Қазақстан экспорты бірінші жартыжылдық­тың өзінде 70 пайызға кеміді. Бұл айналып келгенде, отандық кәсіп­орындардың бәсекеге қабі­лет­­ті­лігін төмендетті. Жұмыс орында­­ры қысқарды. Әсіресе, отан­дық  кәсіпорындардың Ресейге экспорты  төмендеді.

Біз бұған дейін «DЕМ» суын 0,5, 1, 1,5 литрлік шөлмекте шығарып келсек, енді 19 литр көлемінде өн­діруді қолға алып жатырмыз. Со­ған орай қазіргі уақытта аудан­дағы, облыстағы мекеме-кәсіп­орын­дармен бұл бағытта тиісті келіссөздер жүргізудеміз. Өніміміз облыс тұрғындарына танылып, оған жерлестеріміз оң бағаларын беруде. Енді көрші облыс, Ресейге шығару жоспарымызда тұр. Сөй­тіп, еліміздің экспорттық әлеуеті­нің артуына өз үлесімді қоссам деймін.


Мемқызмет басты назарда болмақ

Күні: , 146 рет оқылды

DMS_7719


Жақында облыстық ішкі саясат басқармасының ғимаратында облыс әкімі аппараты басшысының орынбасары Арман Жалмағамбетовтің басшылығымен мемлекеттік қызметті жетілдіру мәселесіне арналған жиын өтті. Оған облыстық басқармалардың басшылары мен олардың орынбасарлары, жауапты қызметкерлер қатысты. Жиналғандар алдында ҚР мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі облыстық департаменті басшысының орынбасары-тәртіптік кеңестің төрағасы Нұрлан Сүйінбаев баяндама жасап, сұрақтарға жауап берді.


Нұрлан Болатұлының айтуынша, Елбасымыз Н. Назарбаевтың наурыз айында ұсынған бес инс­титуттық реформасынан туын­­дайтын мақсаттардың бірі болса да, бірегейі – кәсіби қазіргі за­манғы мемлекет құру. Ол үшін өзекті мәселе – кадрлар даярлау мен олардың кәсіби біліктілігін, сапасын арттыру күн тәртібінен түскен емес. Баяндамашы мемлекеттік кадрларды іріктеудің екі әдісі: шығыстық-қытайлық жә­­не батыстық-ағылшындық ба­­­ғыт­­тары туралы кеңінен әңгі­ме­­ле­­­ді. Оның үш сатысы бар екен. Біріншісі — агенттікте тесттен өту, екіншісі — мемлекеттік қызметке үміткермен агенттікте әңгімелесу, ең соңында белгілі бір мемлекеттік қызметке ұсынылған адаммен сол жіберілген орнында жүздесу сынағы. Әрине, бұл тек төменгі мемлекеттік лауазымдарға қатысты жәйт. Сынақ мерзімі үш айдан бастап, жарты жылға дейін созылуы мүмкін. Мұны мемлекеттік органдардың өзі шешеді. Кейде сынақ мерзімін қолданбай-ақ, мемлекеттік қызметке үміт­кердің іске қарым-қабілеті ай­­қын­­далса, бірден жұмысқа алы­­нуы да ықтимал. Мемлекеттік қыз­­мет­­тің мансаптық моделі де бел­­гі­­ле­­ну­­де. Әсіресе, ротация әдісіне қатысты. Яғни кадр­ларды біртіндеп өсіру, олар үшін тұрғын үй қорын жасақтау қажет. Бұдан басқа жеке және азаматтық сектордан іске қабілетті жандарды мемлекеттік қызметке тарту. Үшін­шіден, келісімшарт әдісі бо­­йынша шетелдік менеджерді де жұмысқа шақыруға болады. Бұ­рын мемлекеттік қызметтегі ко­мандалық әдіс айыпталып, оған тыйым салынған еді. Бұдан былай басқа жерге, басқа жұмысқа ауыс­қан жоғары лауазым иесіне өзімен бірге көмекшісін, баспа­сөз хатшысын және басқасын алып кетуге рұқсат етіледі. Келешекте мемлекеттік қызметкер­­ге жалпыға бірдей жалақы төлеу әдісін әркімнің еңбектегі үлесі, біліктілігі және басқасына байланысты қаржыландырумен ауыстыру көзделіп отыр. Жалақының мөлшері белгілі бір уақыт сайын қайта қаралып, реттеліп оты­рылады. Мемлекеттік жұмыстың нә­­тижесіне байланысты оны жүйе­лі ба­ғалау және бонустар төлеу де ескерілмек. Бұл әдіс бүгінде АҚШ, Жапония сияқты әлемнің алдыңғы қатарлы елде­рінде және халықаралық ұйым­­­­дарда кеңі­нен енгізілген. Мемлекеттік ап­паратты кәсі­би­лен­ді­ру мақсатында үш жыл­да бір рет әр мемлекеттік қыз­мет­кер біліктілігін жетілдіру курсынан өтуі тиіс. Алдағы жылдары бар­лық өңірдегі мемлекеттік қыз­меткерлерді қайта даярлау және біліктілігін арттыру оқу орындарын Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының бөлімшелеріне айналдыру жос­­парланған. Сонымен қатар мемлекеттік қызметкердің жаңа эти­­калық кодексі қабылданбақ. Мемлекеттік органдардағы қыз­меткердің этикасы жөніндегі арнайы маман, өкілетті лауазым иесі тағайындалады. «Мем­лекеттік қызмет туралы» жаңа заң қабылданып, оның негізгі қағидаттары құқық қорғау ор­ган­дарына да таралады. Келесі жылы мемлекеттік қызмет­керлерді кешенді аттестациялау жүргізіледі. Онда ең әуелі жоғары лауазымды тұлғалар, со­ңынан өзгелері сынақтан өтіп, әр­кімнің кәсіптік даярлығы, мүм­кіндігі және басқасы сарапта­лып, айқындалмақ.

Серпін САЯҚ


«Әулет» кемпингі ашылды

Күні: , 855 рет оқылды

DSC_0153


Орал-Атырау күрежолының бойында «Әулет» кемпингі ашылды. Бұл нысан облысқа танымал кәсіпкерлер ерлі-зайыпты Асқар Қабанов пен Мақуза Мусақызының адал еңбегінің бір қырын танытады.


Кемпингтің ашылу салтанатына ҚР Парламент Мәжілісінің депутаты Шавхат Өтемісов, облыс әкімі­нің орынбасары Нариман Төре­ға­лиев, аудан әкімі Әділ Жол­ама­нов, Бөкей ордасы ауданының әкімі Нұрлан Рахымжанов қатысты.

Олар осындай ірі құрылыстар­ды жүргізіп, оны халықтың игі­лі­гіне ұсыну азаматтардың туған жер­ге деген сүйіспеншілігінің, қам­­қорлығының сөзсіз айғағы екенін айтып, нысан иелеріне ақ тілектерін арнады. Кемпингтің ашылу лентасын қию құрметі ҚР Парламент Мәжілісінің депутаты Шавхат Өтемісов мен Асқардың туған ағасы, Жаңабұлақ ауылдық округінің ардагерлер кеңесінің төрағасы Өтеғали Дабысқали­ұлына берілді.

Чапаев ауылдық округіндегі кешен 4 ғимараттан тұрады. Мұнда 50 адамға арналған асхана, 20 орындық мейманхана, сауна және құрылыстық темір-бетон сататын алаң бар. Болашақта халыққа қызмет көрсету орындарын ашу көзделуде.

Тілес ЖАЗЫҚБАЙ,

Ақжайық ауданы

Суретті түсірген Нұрбек ИХСАН


Айбары асқақ Ата Заң

Күні: , 922 рет оқылды

1аправпраспор


Жуырда облыстық ішкі саясат басқармасында «Конституцияға 20 жыл: Тәуелсіздіктің тірегі – Ата Заң» атты дөңгелек үстел өтті. «Заман» қоғамдық бірлестігі ұйымдастырған шараға мемлекеттік орган, үкіметтік емес ұйым өкілдері қатысты.


Жиынды ашқан облыстық іш­кі саясат басқармасының бөлім басшысы Жамал Ихсанова еліміз­дің әлеуметтік-экономикалық да­муында, қоғамдағы береке-бір­лік­тің қалыптасуында Консти­ту­ция­мыз үлкен рөл атқарып ке­ле жат­қа­нын атап өтті. Ата Заң — саяси тұ­рақ­тылық пен қоғамдық ке­лі­сім­нің кепілі.

— Ұлы даланы мекендеген ба­ба­ларымыздың да өз дала заңда­­ры, өзіндік Конституциясы болға­ны анық. Мәселен, «Қасым хан­ның қасқа жолы», «Есім ханның ескі жо­лы», Тәуке ханның «Жеті жар­ғысы» секілді заң жүйелері қазіргі Конституциямыздың ертеректе қаланған іргетасы іспеттес. Ал ХХ ғасыр басында ұлттық тәуелсіз­дік­ті ту етіп ұстаған Алаш қайрат­кер­лері дербес Конституция әзір­легені де тарихтан белгілі. Одан кейін де республикамызда бірнеше Конституциялар өмірге келді. Соның алғашқысы 1926 жылы 18 ақпанда Қазақ АССР Орталық атқару комитетімен дайындал­ған Конституция еді. Бірақ оны РСФСР Орталық атқару комитеті бекітпегеннен кейін ол күшіне енген жоқ. Ал 1937 жылдың 26 наурызында Жалпықазақ кеңестерінің X төтенше съезі қабылдап, бекіткен Конституцияның қырық жылдық ғұмыры болды. Осы құжаттың орнын «кемелденген социализм» аталған заманның 1978 жылдың 20 сәуірде қабылданған Конституциясы басты. Міне, осы құжат ел тәуелсіздігінің алғашқы жылдарында жазылып, 1993 жылғы 28 қаңтарда қолданысқа енген Қазақстанның төл Ата Заңына дейін өмір сүрді. Елдің егеменді­гін танытатын  тұңғыш Конституция мемлекетіміздің тәуелсіздігін ең жоғарғы заң тұрғысында саяси-құқықтық сипатта алғаш бекіткен құжат еді. Алайда уақыт өте келе, заман ағымы мен сұранысына қарай, Бас заңымыздың кейбір тұстары нарықтық қоғамдағы өз­герістерге сәйкес болмай шық­­қаны байқалды. Сондықтан да ара­­да екі жыл өткенде 1995 жы­лы қа­зір­гі Конституция қабылдан­ды, — деді өз баяндамасында облыс­тық әді­лет департаментінің бөлім басшы­сы Нұркен Қамбетов.

Ал «Заман» қоғамдық бір­лес­тігінің төрағасы Асхат Өкше­­баевтың айтуынша, Конс­ти­ту­­цияны басшылыққа алған қа­зақ­­стан­дықтар тәуелсіздікті ны­ғай­­ту жо­лын­да ғасырлық мәні бар ау­қым­­ды істерді атқарды. Тағдыр то­ғыс­­тыр­ған, тарих табыстырған елі­міз­­де­гі түрлі ұлт өкілдері Ата Заң қа­ғи­­дат­тары төңірегіне топтасты. Со­ның нәтижесінде Қазақстан ай­бы­ны асқақ, әлеуеті зор елге ай­нал­ды.

Мәди ЫҚЫЛАС


Күркетауық етінен қауіп бар

Күні: , 76 рет оқылды


Таяуда БҚО бас мемлекеттік санитариялық  дәрігері  қол қой­ған  қаулыға  сәйкес  об­лысы­мыз­­дың  аумағында  «Курников СҚК»  ЖШҚ  өндірген «Хуторской»  тартылған  әрі мұзда­тыл­ған  күркетауық  еті саттық­тан  алынды.


Облыстық тұтынушылардың құ­қықтарын қорғау департаментінен түскен мәліметке қарағанда, оған аталмыш құс еті өнімінің қауіпсіздігіне мониторинг жүргі­зу барысында сынамаларда патогенді микрофлора (сальмонелла) мен микроорганизмдердің шектен тыс артуы себепші болған. Сондай-ақ өнімнің таңбалануын­да сәйкессіздіктер анықталды. Со­ған орай бұл өнімдер «Алтын алма» базарынан, «Атаба» супер­маркетінен, «Алтын» дүке­нінен саттықтан алынды.

Өз тілшіміз


Шекарашылардың кәсіби мерекесі

Күні: , 137 рет оқылды

DMS_8738


Сенбі күні Жастар мәдениет үйінде шекарашылар күні салтанатты жағдайда аталып өтті.


Шарада сөз алған облыс әкімінің бірінші орынбасары Арман Өтеғұлов шекарашыларды кәсіби мерекесімен құттықтап, қызметтеріне сәттілік тіледі.

– Республикамыздың шекара қызметі түрлі сынақтар мен қиын кезеңдерден өтіп, бүгінгі күні тә­уелсіз Қазақстанның тұтастығы мен ұлттық қауіпсіздігінің кепілі бо­лып отыр. Отанымыздың ұлан-ға­йыр шекарасын күзету – жауапты да абы­ройлы іс. Кезінде Қаз дауысты Қазыбек би «Біз қазақ деген мал баққан елміз. Ешкімге соқтықпай жай жатқан елміз. Елімізден құт береке қашпасын деп, жеріміздің шетін жау баспасын деп найзаға үкі таққан елміз» деген болатын. Ата-бабаларымыздың  арманы тәуел­сіз ел болу екенін жақсы білеміз. Бү­гін­де егемендігімізді алып,  мем­ле­кетіміздің  шекарасын бекіттік. Ел­басымыз Н. Назарбаевтың сараб­дал саясатының арқасында Қа­зақ­станда 130-дан астам ұлт пен ұлыс тату-тәтті  өмір сүріп келе­ді. Ел тыныштығын күзетуде шека­ра­шылардың қосқан үлесі зор. Ар мен намысты ту қылып, Отан үшін күш-жігерлерін салу барша ше­карашылардың  азаматтық парызы, – деді Арман Кәрімұлы.  Мұнан кейін бірқатар сала маман­дарына сал­танатты түрде мара­пат табысталды. ҚР ҰҚК шекара қыз­меті 2029-әскери бөлімі­нің сар­­­дарлары Б. Зейнолданов, Е. Иб­раев,Р. Жолдыбаев, К. Аюпов, Н. Су­кпу­сунов, А. Тәтім­бе­тов ҚР Ұлт­тық қа­уіп­сіздік комитеті төрағасының бұйрығы­мен бекі­тілген II дәреже­лі «Ұлттық қа­уіпсіздік қалқаны» төс­белгісімен, майор М. Қареке­нов, капитан Р. Әне­сов, прапор­щик О. Хамзи­на т.б шекара қыз­меткерлері III дәрежелі «Ұлттық қауіпсіздік қал­қаны» төсбелгісі­мен марапатталды.

Салтанатты шара шекарашы сар­­баздарға арналған ақ тілектер легімен жалғасып, концерттік бағ­дарламаға ұласты.

Гүлсезім БИЯШЕВА,

«Орал өңірі»

Суретті түсірген Медет ДОСЫМОВ


Базарда бағалар қалыпты

Күні: , 133 рет оқылды

IMG_2893


Өткен сенбіде облыс әкімі Нұрлан Ноғаев Орал қаласын­дағы орталық «Мирлан» базарында болып, азық-түлік бағасымен танысты және тамыз айының басынан бері жұмыс істеп жатқан «Мектеп жәрмеңкесіне» барды. Сондай-ақ ақша айырбастау орындарында болып,  теңгенің еркін «жүзуіне» байланысты кәсіпкерлер тарапынан абыржушылықтың  бар-жоғын білуге тырысты. Сауда орын­дарын аралап, базар директорымен сөйлескен  Нұрлан Асқарұлы  базардағы ахуалдың қалыпты, бағаның көтерілмегенін атап өтті.


– Дағдарысқа қарсы штаб бұдан  бұрын құрылған және баға мониторингі, әділетсіз бәсекелестікке жол бермеу қашанда осы штабтың басты назарында. Оның құрамын­да мемлекеттік қызметкерлер де, қоғамдық ұйымдардың өкілдері де бар. Біз күн сайын баға мониторингісін жүргіздік, жүргізіп келеміз, жүргізе береміз де, сөйтіп, баға ахуалын бақылауда ұстаймыз. Кеше теңгенің «жүзу» курсы белгіленгенде, біз мониторинг негізін­де тауарларға бағаның өспегені туралы айта аламыз. Нарық болға­сын өзгерістер бар, бірақ еліміз бен өңірімізде өндірілетін тауар­дың бағасын өсіруге негіз жоқ. Оларға ештеңе де ықпал етпеуі тиіс. Ал шетелдік тауарға келсек, өзгеріс болуы ықтимал, бірақ қа­зір олар бұған дейінгі  құнымен сатылуда. Біз мұны қадағалап отырамыз. Сонымен қатар барлық ақша ауыстыру орнында кез келген валюта жеткілікті, саудада тауар да бар. Сондықтан біз осының бәрін реттеп, бағаның күрт өсуіне жол бермеуіміз керек. Сатып алушылармен сөйлескенде, төтенше жағ­дайдың байқалмайтынын айтқым келеді. Тағы да айтамын, әбі­гер­ге түсудің, азық-түлікті қап­шық­тап алу­дың қажеті жоқ, — деді облыс әкі­мі Н. Ноғаев.

– Базардағы ахуал қалыпты, ешқандай абыржу байқалмайды. Тұтынушы сұранысы бұрынғы дең­-гейде. Тауар өткізуде өзгеріс жоқ,сатушылар қалыпты ісінде. Ба­зар­дан арбалап азық-түлік тасыған­­дар­ды байқаған емеспіз. Бұрын­ғыша қалай сатып алды, солай сатып алуда. Жалдау бойынша да ба­ға бұрынғыша, солай қала бередіде. Кәсіпкерлердің сауда алаңда­­рына байланысты барлық сұра­ғына жауап бердік, жауап береміз де, — дейді  «Мирлан» базарының директоры Тагира Журавлева.

Наталья ГОРОХОВА

Cуретті  түсірген автор


Автошеру аттанды

Күні: , 762 рет оқылды

DMS_9983


Қазақ хандығының 550 жылдығына орай «Жайық қаласынан Хан ордасына дейін» атты автошеру дүйсенбі күні Орал шаһарынан жолға шықты.


550 шақырым жолды жү­ріп өтіп, бірқатар тарихи орын­дар­ға ат басын тіреуді көз­де­­ген автошерудің аттану рә­­сі­­мі 24 тамыз күні таңғы са­ғат 8-де Қадыр Мырза Әлі атын­­­да­­ғы өнер орталығы алдын­да сал­­­­та­­­нат­­­ты жиынмен бас­­тал­­­ды. Өл­­­­ке­­­­та­­­ну­­­шы Жайсаң Ақбай ақ­­са­­­қал­­­дың батасымен қоз­ғал­­­ған көлік керуені Орал ша­һа­­ры­­ның басты көшелерімен жү­ріп өтті. Әбілқайыр хан, Сырым Датұлы, Еуразия, Достық даң­ғыл­да­ры­ның бойымен шерулетіп, Жа­­һан­ша Досмұхамедұлы, Махамбет Өтемісұлы атындағы оқу ор­да­­ларының алдынан өтіп, Хан то­ға­йына аялдады. Бөкей мен Жәңгір хан ретінде ақ киізге көтерілген бұл тарихи орында мазмұнды шара өтті. Автошеруге қатысушыларға Орал қаласы­ның әкімі Алтай Көлгінов сәт сапар тіледі. Тарих ғылымдары­ның кандидаты Жәнібек Ис­мур­зин Хан тоғайының тарихы­мыз­дағы орнына тоқта­лып, бола­шақта бұл мекен­ді жастарға тәлім-тәрбие берер мәдени орынға айналдыру қажеттігін айтты. Мұнан кейін көлік керуені Жәңгір хан көшесі арқылы Жа­йық қаласының орнына ат басын бұрды. Одан әрі Зеленов, Ақжайық, Жаңақала аудандары ар­қы­лы Хан ордасына жол тартпақ.

Автошеру құрамында тарихшы ғалымдар, өлкетанушылар, әнші, жыршылар, журналистер мен блогерлер, фототілшілер бар. Олар жолшыбай елді мекендерде халықпен кездесулер, акциялар өткізбек.

Өз тілшіміз


«Бітер істің басына, жақсы келер қасына»

Күні: , 782 рет оқылды

Даукара ьовнррпыовлда


«Орал өңірі» газетінің 30 шілде, 2015 жылғы №91 санында «Ұлы бабаларымыз ұмытылмауы тиіс» атты мақала жарияланды. Онда заманында елге қорған болған Дәуқара, Науша батырлардың күтімсіз қалған зираттары туралы жазылды. Қазақ хандығының 550 жылдық мерейтойы қарсаңында осы мәселеге көңіл бөліп, батырлар жерленген жерге оларға халықтың, тарихтың өзі берген бағасына лайықты етіп белгі орнату мәселесі қозғалған еді.


Жуырда жоғарыда айтылған шар­уаны үйлестіру бағытында құ­рылған «Науша батыр» қайы­рымдылық қорының ұйым­дас­ты­руымен Қаратөбе ауданы, Егін­дікөл ауылдық округі, Жігерлен елді мекеніндегі Дәуқара батыр қо­­рымының маңында қазақы дәс­түрмен ас берілді. Асқа дені батыр ұрпақтары болып жүз қаралы кісі жиылды. Аз ғана уақыттың ішінде аталмыш қордың мұрындық болуымен батыр жерленген көне қорым аймағы қоршалып, зират басына тас төселіп, мрамордан белгі орнатылған.

Көпшілікке арналған шара барысында ауыл ақсақалдары, ортақ іске қолдау танытқан елжанды кәсіпкерлер ұлттық рух, елдік намыс, ауызбіршілік бағытында тағылымды әңгіме өрбітті.

Ата-бабаларымыз басынан өт­­­керген жаугершілік заманнан «Бай­бақты – елдің қалқаны» деген сөз қалған. Өйткені ел шетіне жау тигенде халыққа қорған болар ба­тырлар Байбақты руынан көп шыққан. Дәуқара – күллі Байбақты руының ұранына айналған ірі ба­тыр. Оның ұрпақ жадында сақ­тал­ған ұранға шығуы туралы хикаяны аталмыш аста облыстық мәслихаттың депутаты, ұлтжанды азамат Аманжол Зейнуллин баяндап берді.

— Бұланты соғысында Тама Есет батырдың жасы ұлғайған шағы болса керек. Қолбасшылық жасап төбе басында шайқасты бақыла­ған кезде ат үстінде бір қалғып, бір оянып тұрады екен. Сол соғыста менің алтыншы атам Сейтім­бет жүздікті басқарады. Сейтімбет­тің інісі Сейітқұл елубасы екен. Сейітқұл шайқас алдындағы жекпе-жекке шығады. Жекпе-жекте қарсыласын жеңіп, жүздігіне қарай жете бергенде өзі де сылқ етіп аттан құлайды. Қалмақтың ұшына у жағылған найзасы жамбасын сызып өткен екен. Екі жақтың әскері бір-біріне лап қойып, қиян-кескі ұрыс басталып кетеді. Түске таман қазақтың туын жау қоршайды. Сейтімбет әскерін қалың жауға сыналап салып, туға қарай тіке ұмтылады. Әйткенмен бұлар жеткенше ту құлайды. Бірақ тудың құлаған тұсын бетке алып, алға оза береді. Ақыры жетіп, жатқан туды Дәуқара батыр іліп, жоғары көтереді. Осы аралықта тудың жығылғанын көрген қазақ қолы шет жағынан селдіреп шегіне бас­таған екен. Тудың қайта желбіре­генін көргенде қазақтардың рухы көтеріліп, тың күшпен қайырылып келіп соғып, жауды ықтырып жібереді. Күн батуға жақындағанда қалмақ қашыпты. Қазақтар жеңе­ді. Ұрыстан кейін қолбасшыдан ту­ды көтерген жігіт пен сол жүз­дік­тің жүзбасын шақырып шабарман жетеді. Қолбасшы Есеттің алдына келгенде руларын сұрайды. «Руы­мыз Байбақты. Мен жүзбасы Сей­тім­­­­­­бет, туды көтерген жігіт — Дәу­қа­ра» дейді. Сонда Есет қазақтың бас­қа да руларының қолбасшы­ла­ры, батыр-билері жиылған халайық­қа қарап: «Бұдан былай Байбақ­­ты руының ұраны Дәуқара болса қарсылық жоқ па?» дейді. Небір игі-жақсылар Есеттің ұсынысын бірауыздан құптайды. Сөйтіп, Дәу­қара есімі барша Байбақтыға ұран бо­лады, — дейді Аманжол Зейнуллин.

Нұртас НАБИОЛЛАҰЛЫ,

«Орал өңірі»


БҚО, Орал қаласы, Мұхит көшесі, 57/1
zhaik_presscenter@mail.ru
oral_oniri@inbox.ru
support@oraloniri.kz

Орал өңірі" газетінің бас редакторы: 51-25-80
Бас редактордың орынбасарлары: 24-17-08, 54-18-08
Жауапты хатшы: 54-38-22
Тілшілер: 50-66-88, 51-50-34
Жарнама бөлімі: 51-51-09
Яндекс.Метрика