Мұрағат: 22.08.2015


«Жаспын деме, сан ғасыр тарихым бар»

Күні: , 138 рет оқылды

20150820_151158


Бейсенбі күні қаламыздағы «City Center» ойын-сауық сауда кешенінің алдында облыстық жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталығы «Жаспын деме, сан ғасыр тарихым бар» деген атаумен акция ұйымдастырды.


Шара барысында еріктілер қа­ла тұрғындарын Қазақ хандығы­ның 550 жылдығымен құттықтап, автокөліктерге арналған жапсырмаларды тегін таратты.

— Бүгінгі шара біріншіден, жас ұрпақтың бойына ұлттық, отан­шылдық сезім ұялату, екіншіден, тарихты, ата-бабаларымыздың біз үшін жасаған ерлігі мен еңбегін ұмытпайық деген мақсатта қолға алынды. Барлығы 150 дана жапсырма даярланды. Онда Керей мен Жәнібек, Әбілқайыр, Абылай, Кенесары және Жәңгір ханның бейнесі басылған, — дейді облыстық жастармен жұмыс жөніндегі ре­сурстық орталығының кеңесшісі Талғат Тойшыбаев.

Нұртас НАБИОЛЛАҰЛЫ,

«Орал өңірі»

Тағдырбек ТҰРАЛИЕВ,

Жаңаөзен қаласының тұрғыны:

— Біз Орал қаласына сапарлап келген едік. Көпшілік жерде жастардың отаншылдық, елдік бағытта ұйымдастырып отырған шарасына куә болып, қуанып тұрмыз. Мұндай шаралар өткенімізді ұмытпауымыз үшін қажет. Ұлы той — Қазақ хандығының 550 жылдығын тойлауға баршамыз бір кісідей атсалысайық! Қазақтың бірлігі нығайсын!


Теректіге айтыс келді

Күні: , 823 рет оқылды

DSC_0182


Теректі ауданы орталығы Федоров ауылында Қазақ хандығының 550 жылдығына орай ұйымдастырылған «Тарихқа тағзым» атты облыстық ақындар айтысы мәреге жетті.


Теректі Марабайдай атақты жырау, Әбубәкір Кердерідей ар­қа­лы ақын мекен еткен, одан бе­ріде «Ақ Жайық» трилогиясы­ның авторы, Мемлекеттік сыйлық­тың лауреаты Хамза Есенжанов, Ақ Жайықтың ақ шағаласы атанған Ақұштап Бақтыгереева сынды біртуар таланттар түлеп ұшқан текті топырақ болғанымен, отар­лаушылық, кеңес дәуіріндегі орыс тілі үстемдік еткен біржақты саясат салдарынан қазақтың төл өнері — айтысқа көңіл бөлінбей келді. Әсіресе, Федоров ауылында айтыс тұңғыш рет өтіп отыр деп айтуға болады.

Бұл жолы өнер додасына облыс аудандарынан барлығы он ақын келіп, бақтарын сынады. Олардың бірқатары 25 тамызда Бөкей ордасы ауданы Хан ордасы ауылында өтетін «Тарихы терең Қазақ елі» атты республикалық ақындар айтысына қатысады. Сондықтан бұл сөз қағысын соның алдындағы тер алу десе де болады.

Денін жастар құраған айтыс­тың бірінші айналымы қызу өтті. Алғашқы жұпта сахнаға шық­қан теректілік Эльдар Ихса­нов пен жаңақалалық Орынбек Мең­ді­құ­лов бір-бірін әзіл қарма­ғы­мен іліп-қағып отырды. «…Жыртқыш­­­тардың азуын қағамын деп, Ал­­ды­­ңа шығып қалды аңшы ба­лаң» деген Орынбекке Эльдар: «Боз­ой­лық балықшының бала­сы едім, Байқамасаң, айырмен шан­шып алам», деп жауап қа­йыр­ды. Орынбек те қарап қалған жоқ. «Сен айырмен жақын­дап кел­ге­ніңше, Мен алыстан мыл­тық­пен атып алам», деп қағытты. Айтыс соңында әндетіп жіберген Орынбекке Эльдар: «Айтысты аңшы болып бастағанмен, Аяғын әнші болып аяқтайтын», деп орынды уәж айтты. Алғашқы айналымда, әсіресе, сырымдық Бауыржан Ширмединұлы мен бөкейордалық Талғат Мықи әдемі айтыс жасады. Жалпы, ақындар тарихы тереңге кеткен Теректіде аудандық мұражай ашу, Федоров ауылы атауын өзгерту, кейбір кенже қалған елді мекендерге көңіл бөлу, аузы дуалы ақсақалдардың азайып кеткені сынды көкейкесті мәселелерді көтере білді. Оған қоса жеке басқа тиісу, ұсақ-түйекті тілге тиек ету, тіпті бұрынғы айтыстарда айтылғандарды қайталаушылық та болмай қалған жоқ. Сондай-ақ ақындар әуенге дұрыс көңіл бөлуі керек. Әндетіп отыру да онша жарасымды емес. Әсіресе, айтыстың финалдық бөлігінде ақындардың екпіні басылып қалғандай болды. Бұл олардың шеберлік және дайындық деңгейінің әлі де жоғары еместігін көрсетеді.

Жыр додасына Қазақстан Жазушылар одағының мүшелері, ақын-жазушылар Ғайсағали Сей­­тақ, Бауыржан Ғұбайдуллин, Бауыржан Халиолла, сондай-ақ ке­зінде өздері де айтыста оза шапқан Шолпан Қыдырниязова, Дариға Мұштановалар төрелік етті. Олардың бірауыздан атап өт­кеніндей, Сырым аудандық «Сырым елі» газетінің тілшісі Ба­уыржан Ширмединұлы бас­қа­ларға қарағанда, осы айтыста барынша ашыла білді. Батысқа тән мақаммен өрелі өлең өрген Бауыржан бас бәйгені (100 мың теңге) жеңіп алса, Эльдар Ихсанов бірінші, Талғат Мықи  екінші орынды иеленді. Теректі сайысындағы жаңа есім деп Ақжайық ауданынан түлеп ұшқан, қазір Арқалық қаласында білім, атышулы айтыскер Айбек Қалиевтен тәлім алып жүрген Бекболат Қаленовті айту­ға болады. Оған үшінші жүлде табыс етілді. Жәнібектік Мұра­дым Мирланов пен ақжайықтық Айна­­бек Бисенғалиев ынталан­дыру сыйлықтарымен марапатталса, қал­­­ған ақындар да құр қалған жоқ.

Аудан әкімі Жеңіс Серікқа­лиевтің айтуынша, мұндай айтыс енді Теректіде дәстүрлі сипат алатын болады.

Ғалым Аян,

Теректі ауданы


Әйелдерге әрдайым қолдау қажет

Күні: , 830 рет оқылды

2апвариват


Бейсенбі күні облыс әкімі жанындағы әйелдер ісі және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссияның отырысы өтті. Жиынға облыс әкімінің орынбасары Бақтияр Мәкен төрағалық етті.


Басқосуда “БҚО Азамат­тық альянсы» қауымдас­тығының президенті Ә. Сә­­­лиева облыстағы экономика са­ла­сындағы әйелдердің үлесі мен әйелдер кәсіпкерлігін дамыту, олар­­дың еңбек нарығындағы бә­секеге қабілеттілігін арттыру ту­ралы  сөз  қозғады.

– Қазақстанда орта және шағын бизнесте ерлерге қарағанда әйел­дердің үлесі басым. Кәсіпкерліктің көлемі аз болған сайын, әйел­дер­дің саны арта түсетіні анық. Нәзік жандылар көбіне денсаулық сақ­тау, жеке білім беру, тұрмыстық және тамақтану бойынша қыз­мет көрсету салаларында жұмыс жа­са­­ғанды ұнатады. Ал соңғы кездері өндірістік салада  кәсіпкерлікпен айналысатын азаматшалар саны  ар­тып келеді.  Әлемдік тенденция­да соңғы онжылдықта әйелдердің жаппай бизнеске  шығуын тыныш революция деп  те атап  жатыр.

Шын мәнінде бүгінгі күні қа­зақ­­стандықтардың таңдау мүмкін­-діктері көп: жалдамалы жұмыс не­месе өзіне жұмыс жасау. Әйел­дер көбіне екіншісін таңдайды. Об­лыс­­та орта және шағын бизнестің 50 пайызын әйелдер құраса, «Ақ­жол» қауымдастығының мәліметі бойынша, құрамындағы облыста­ғы 300 кәсіпкердің 80%-ы әйел­дер екен. Олардың мұндай қадам­ға ба­руына 90-жылдардағы ел­де­гі оқи­ғалар әсер еткені сөзсіз, –деді  Әлия  Өтемісқызы.

Одан әрі Орал қалалық әйел­дерге арналған әлеуметтік оңалту және бейімдеу орталығы­ның ди­ректоры Ганди Шәмкелова  қо­ғам­да әлі де болса әйелдер­ге көр­се­тілетін қысымның азаймай отыр­ғандығын тілге тиек етті. Оның ай­туынша, екі жылдан астам уақыт  жұмыс жасап келе жатқан орта­лық күні бүгінге дейін 500-ге жуық адамға көмек көрсеткен. Ор­­та­лықты уақытша пана­лаған­дар  165-ке жетсе, оның 63-і – әйел, 102-сі – балалар. 2015 жылдың же­ті айында 80 әйел­ге психология­лық, құқықтық кеңестер беріліп, өз от­басында зорлық-зомбылық­тың құр­баны болған 19 әйел балаларымен орталықты паналаған. Бүгінгі күні 3 әйел балаларымен  бірге орталықта  пана етуде. Әри­не, дағдарыс орталығының көме­гіне жүгінетін әйелдердің көбісі тұрмысы төмен, әлеуметтік жа­ғы­нан аз қамтылған жанұя өкілдері екен.

– Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, әлемде нәзік жандар­дың 20-дан 50 пайызға дейіні өз отбасында зорлық-зомбылықпен бет­пе-бет келсе, жылына орта есеп­пен еліміздегі 500 әйел өз шаңы­рағында зорлық-зомбы­лық құр­­ба­ны болады. Атал­ған дерек бо­йын­ша көбіне мұндай жағ­дайға  40 жасқа дейінгі әйелдер ұшы­­­рай­тынын көрсетіп отыр. Сон­­дық­тан Елбасының «Қазақ­стан – 2050»Стра­тегиясы: қалыптасқан мем­лекеттің жаңа саяси бағыты»  Жол­дауында:  «Біз ананы қорғап-қол­дауымыз керек. Мені отбасын­да әйелдер мен балаларға тұр­­мыс­тық зорлық-зомбылық көрсе­-ту жайттарының көбеюі алаңда­та­ды. Бірден айтайын, ондай зорлық-зомбылықтың жолы қатаң түр­де кесілуі керек» – деп нықтап айт­қан болатын. Елбасы бұл мәселені тектен-текке қозғап отырған жоқ, — деді дағдарыс орталығының директоры Ганди Ізтұрғанқызы.

Бұдан кейін облыстық  ІІД әкім­шілік полиция басқармасының бас­­шысы М. Жәрдемовтің тұрмыс­­тағы зорлық-зомбылықтың ал­дын алу жөніндегі, «Әлем және әйел» қоғамдық бірлестігінің төр­аға­сы Л. Садықованың аудандарда көш­басшы әйелдердің мекте­бін құру туралы ұсыныстары тың­дал­ды.

Жиын соңында облыс әкімінің орынбасары Б. Мәкен жоғарыда аталған мәселелердің оң шешім табатынына сенім білдірді.

– Қай са­­лада болмасын, әйел­дерге қолдау көрсету – мемлекет­тің маңыз­­ды тапсырмаларының бірі. Біз әйелдерге көмек көрсете отырып, елдегі жұмыссыздық са­ны­ның азайып, балаларға қамқорлық көрсету, отбасылық құндылық­тарды сақ­тау секілді  өзге де қо­ғамдағы әлеу­меттік мәселелер­дің шеші­мін та­буға жол ашамыз, – деп қорытындылады  Бақтияр  Мә­кенұлы.

Ләззат  ШАҒАТАЙ,

«Орал өңірі»

Суретті  түсірген Темірболат ТОҚМАМБЕТОВ


Жолдағы апатты азайтуға жұмылайық

Күні: , 771 рет оқылды

DMS_7637


Сәрсенбіде облыс әкімінің орынбасары Бақтияр Мәкеннің төрағалығымен өңірдегі жол-көлік оқиғалары жағдайы және оны ведом­ствоаралық әрекеттестік шеңберінде төмендету мәселесін саралаған кеңес өтті.


Басқосуды ашқан облыс әкімінің орынбасары Бақ­тияр Мәкеннің айтуынша,  биылғы 7 айдың қорытындысы бойынша өңірдегі жол-көлік оқи­ғаларының көрсеткіші республи­калық  көрсеткіштен асып кеткен.– Жолдардағы апаттарды азайтуға күш салуымыз керек. Жол-көлікоқи­­ғаларының алдын алу үшінбар­лық қажетті шараны жүргізуі­міз қажет.  Тұрғындар арасында тү­сінік жұмыстарын кеңірек жүргі­зіп, теледидардан роликтер көр­се­тіп, баннерлер ілуіміз керек. Ал­да қыс мезгілі келе жатыр, апатты жағдайлар көбеюі мүмкін. Қан­дайжағдайда болмасын қайғылы оқи­ға­ларды азайтуға күш салғаны­мыз жөн, – деді Бақтияр Мәкен.

Облыстық ішкі істер департа­менті басшысының орынбасары, полиция полковнигі Талғат Ахаев­тың айтуынша, қолға алынған ша­раларға қарамастан жол қозғалы­сы қауіпсіздігі жағдайы күрделі күй­де қалып отыр. Бұл мәселе жол-көлік оқиғаларының алдын алу және  жол-көлік оқиғаларынан жа­рақаттану мен өлім-жітімді тө­мендету бағытындағы нақты шараларды алуға барлық мемлекеттік құрылымның жіті жұмылуын қа­жет етеді. Тек биылғы 7 айдың ішінде облыс аумағындағы жолдарда 249 жол-көлік оқиғасы (2014 жылғы сәйкес мерзімде бұл көр­сеткіш 176, яғни 41,5 пайызға өс­кен) тіркеліп, 39 адам қаза тапқан (2014 жылы 39 адам), 343 адам жарақат алған (2014 жылғы сәйкес мер­зімде 219 адам).  Есепті мерзім ішінде Орал қаласында жол-кө­лік оқиғасының 61 пайызы орын ал­са, Ақжайық, Бөрлі, Қазталов, Зеленов, Теректі аудандарында да апатты жағдайлар аз емес.

Жол-көлік оқиғаларының өсуіжол­дардағы көлік санының артуы­мен де тікелей баланысты. Мысал­ға, 2010 жылы облыс аумағында 133061 бірлік аутокөлік тіркелген болса, бүгінде олардың саны 196 860-қа жетіп, яғни 47,9 пайызға артқан. Ресей рублі бағамының төмендеуіне орай Ресейден әке­лі­не­тін аутокөліктер са­ны өсті. Текбиыл­ғы 7 айдың ішін­де 13,8 мыңкөлік әкелінген. Ке­дендік одақ жағ­­дайында облыс ар­қы­лы өте­тін аутокөлік транзиті ағы­ны күртөсіп отыр.  Әкімшілік по­­лициясы­ның қызметкерлері жол қозғалы­сы қауіпсіздігін қамта­масыз етумақсатында биылғы 7 ай­дың ішін­де 51040 әкімшілік құқықбұзу­шы­лық  анықтаған.

Жиын барысында жол-көлік оқи­­ғаларының өсуінің және апатты оқиғалардағы балалардың өлі­мі мен жарқаттануының себепте­рі, жолды күтіп ұстау және жолқоз­ғалысын ұйымдастыру құралда­­рының жай-күйі сараланды. Жол­­дардың бойын қосымша жарық­тандыру, күре жолдарды тегістеу және өзге де жолдардағы апаттар­ды азайтуға бағытталған өзекті мә­селелер сөз болды. Облыстық ден­саулық сақтау басқармасының басшысы Қамидолла Ирменов апат­ты жағдайларда зардап шек­кендерге алғашқы көмек көрсету­дің маңыздылығына назар аударт­ты. Аталмыш басқарма басшысы­ның орынбасары Мәншүк Аймұр­зиева жол-көлік оқиғасында зар­дап шеккендер қатарының, әсіре­се, балалар санының артып отыр­ғанына, сондай-ақ оларға меди­ци­налық көмек көлемінің өсуіне алаңдаушылық білдірді.

Басқосуды қорытындылаған об­лыс әкімінің орынбасары БақтиярМәкен жолдағы апатты жағдай­­лар­ды азайту және ондай келең­сіз­діктердің алдын алу жұмыста­рына тек мемлекеттік құрылым­дар ғана емес, қоғам болып жұ­­мы­лудың маңыздылығын атап көр­сетті. Сондай-ақ ол сала басшыларына жол-көлік оқиғаларын азайту жә­не олардың алдын алуға қатысты тиісті  тапсырмалар  берді.

Гүлбаршын ӘЖІГЕРЕЕВА,

«Орал өңірі»

Суретті түсірген Медет ДОСУМОВ


Әлеуметтік қорғауға әлеует жетеді

Күні: , 85 рет оқылды

20150821_130221


Кеше “Қазақстан-Орал” телеарнасында доллардың теңгеге шаққандағы бағамының күрт өсуіне байланысты әлеуметтік сала мамандарының қатысуымен брифинг өтті.


Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағ­дарламалар басқармасының бас­шысы Жанболат Иманғалиев, зей­нетақы төлеу жөніндегі мемлекеттік орталығы облыстық филиа­лы директорының орынбаса­ры Райхан Ибраева, қалалық жұ­мыс­пен қамту және әлеуметтік бағ­дар­ламалар бөлімінің басшысы Айгүл Төкешова өз салалары бо­йынша атқарылып жатқан жоспарлы жұмыстардың барысы туралы баяндап берді. Сондай-ақ олар теңге бағамының өзгеруінің әлеуметтік салаға қаншалықты әсер ететініне тоқталды. Бұл орайда зейнетақы төлеу жөніндегі мемлекеттік орталығы облыстық филиалы директорының орынбасары Райхан Мұратқызы теңге бағамының өзгеруі әлеуметтік тө­лем жұмыстарын жүргізуге кедер­гі болмайтындығын ескертті.

— Бүгінгі таңда тұрғындарды әлеуметтік қорғау бағытындағы облысымыздың мүмкіншілігі жеткілікті. Басқарманың бұған дейінгі жоспарлы жұмысы да кедергісіз жалғаса бермек. Мемлекет басшысының өзі дағдарыстық ке­зең әлеуметтік сала жұмысына әсер етпейтінін мәлімдеді, — деді облыстық жұмыспен қамтуды үй­-лестіру және әлеуметтік бағдар­ламалар басқармасының басшы­­сы Жанболат Ғайнешұлы.

Нұртас НАБИОЛЛАҰЛЫ,

«Орал өңірі»


Абыржымайық, ағайын!

Күні: , 862 рет оқылды

DSC_0075


Тамыздың 20-сы күні «Қазақстан-Орал» телеарнасында өткен арнайы брифингте елдегі жаңа қаржы-несие саясатының ерекшеліктеріне қатысты сала мамандары кәсіби түсінік берді. Брифингке  ҚР «Ұлттық банкі» БҚОФ директоры Ғалия Сатыбалдина, БҚО кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасының басшысы Аслан Жақыпов, БҚО аймақтық кәсіпкерлер палатасының директоры Кеңес Абсатиров, табиғи монополияларды реттеу департаментінің басшысы Валихан Разов қатысты.


Облыстың бас банкирінің айтуынша, мұндай қадам әбден ой­ластырылған және бүгінгі әлем­дегі экономикалық қиын ахуалды ескеріп жасалған. «Елбасының тапсырмасына сәйкес, Қазақстанда инфляциялық таргеттеуге негізделген және ұлттық валютаның айырбас бағамын еркіндікке жіберуді қарастыратын жаңа ақша-несие саясаты енгізілді. Әуелі ва­люта бағамының еркін дәлізі жү­зеге асырылды. Бірақ сыртқы на­рықтағы шикізат бағасының тө­мендеуі жалғаса бергендіктен, Үкімет пен Ұлттық банк  2015 жыл­дың 20 тамызынан бастап теңге­нің еркін бағамына көшуге шешім қабылдап отыр. Осы сәттен бастап теңгенің айырбас бағамы на­рықтық сұраныс негізінде және іргелі ішкі және сыртқы макроэк­о­номикалық факторларды ескере отырып қалыптасады. Жалпы,  Үкімет басшысы Кәрім Мәсімов айтып өткендей, инфляциялық таргеттеу режіміне негізделген жаңа ақша-несие саясатын жү­зеге асыру экономикалық саясаттың стратегиялық міндеттерін — отан­дық экономиканың ұзақ мерзімді тұрақты өсіміне қол жеткізуге, инфляцияның төмен деңгейін сақ­тауға, жұмыспен қамту деңгейін арттыруға және ел халқының әл-ауқатын жақсартуға жәрдемдесе­тін болады. Ұлттық банк теңгенің айырбас бағамы деңгейін қалып­тастыруға араласпайды. Алайда елдің қаржылық жүйесінің тұ­рақ­сыздану қаупі туындаған жағдай­да валюталық интервенция жүргі­зу арқылы ішкі валюта нарығына қатысу мүмкіндігін өзіне қалды­ра­ды», — деді Ғ. Сатыбалдина.

Роман КОПНЯЕВ,

«ТДК-42» телеарнасының редакторы:

— ҚР Ұлттық банк төрағасы Қайрат Келімбетов валюта ба­ғамын асығыс әрі негізсіз өсі­ріп жіберген ақша айырбастау нүктелеріне шара қолданы­ла­тындығын мәлімдеді. Ол қан­дай шара болуы мүмкін?

Ғалия САТЫБАЛДИНА:

— Жағдай Ұлттық банктің мони­торингтік бақылауында. Облыста 123 ақша айырбастау пункті бар. Олардың 79-ы банктерде орна­ласқан, 43-і – жеке меншік нүктелер. Әрине, шектен шығып, өрескел бағам белгілеген қаржы ұйымда­ры заң аясында жауапкершілікке тартылады. Соның ішінде жұмыс істеуге құқық беретін лицензиялар кері қайтарып алынуы ғажап емес.

Жаннат НҰҒМАНОВА,

«Мой город» апталығының бас редакторы:

— Теңгенің еркін бағамына қандай да бір болжам жасауға бола ма? Себебі бір күннің ішінде бағам бірнеше рет өзгеріп жатыр. Екінші сұрағым — жергілікті нақты өндіріспен айналысатын кәсіпкерлер теңгенің еркін бағамға жіберілуі бізге тиімді, өнімдерімізді жақсы ба­ғаға сатуға жол ашылады деген пікірде. Солай ма?

Ғалия САТЫБАЛДИНА:

— Қадап айтатын нәрсе – бұл девальвация емес. Бұл жаңа қаржы-несие саясатына көшу. Сондықтан алдағы бірер апта ішінде қандай ма бір нақты болжам айту мүмкін емес. Барлығын нарықтағы сұра­ныс пен ұсыныс анықтайды. Яғни нақты бағам түзілуі үшін қаржы нарығының «ойыншылары» өз позицияларын анықтағанша жағдай осылай өрбиді. Бұған қарап ха­лық арасында қолдан дүрбелең туғы­зудың, «Енді не істеймін?» деп са­рыуайымға салынудың мүлде қа­жеті жоқ. Шамамен он шақты күн­нің ішінде ахуал қалыпқа түседі.

Республика тұрғындары салы­мының 33 пайызы доллармен. Ал Батыс Қазақстан облысында ха­лықтың 41 пайызы долларды қо­лай көреді. 2015 жылдың жеті ай ішінде бізде несиенің 91 пайызы теңгемен, тек 9 пайызы ғана доллармен берілген. Бұл қорқыныш­ты емес.

Тағы бір айтқым келгені – бұл тек Қазақстанның басындағы қи­ын­дық емес. Іргедегі Ресейді айт­пағанда, алпауыт ел – Қытайдың басында да мұндай қиындық бар. Қытайлықтар экономикалық қы­сымға шыдай алмай, өздерінің ұлттық валютасы — юаньның дол­ларға шаққандағы бағамын еркі­не қоя берді. Қаржыгер ретінде талдап отырсам, ағымдағы жыл­дың тек соңғы алты айы ішінде батысқазақстандықтар 10 млрд. Ресей рублін сатып алыпты. Біздің теңгемен 1 рубльдің құны 3 теңге деп есептесек, сонда 30 млрд. тең­ге көршілердің экономикасын да­мытуға жұмсалған! Бұл – тек бір об­лыстан кеткен ақша. Ал доллар­ға сұраныс соншалықты көп емес.

Кеңес АБСАТИРОВ:

— Біздің кондитер, шұжық өнім­дерін шығаратын кәсіпкерлер Ре­сей рублінің құлдырауына байла­нысты өндіріс көлемінің азайған­ды­ғын айтып жүрді. Қазіргі бағам олар үшін шынымен де тиімді. Өйткені өнімдерінің бағасы Ресейдегіден арзан болмайды, бәсекеге түсе алады. Жергілікті алыпсатарлар да бұрынғыдай арзан тауар үшін Ресейге жүгірмей, отандық өнімге қарай бет бұрады. Күні бү­гін дүкендерде баға негізсіз өсетін болса, ол белгілі бір уақыттан ке­йін бәрібір сұраныс пен ұсыныс­қа байланысты бірқалыпқа келеді. Абыржымайық, ағайын.

Аслан ЖАҚЫПОВ:

— Біздің басқарма мамандары өнім өндірушілерге, тасымалдау­шыларға телефон шалып, жағдай­ды тұрақты бақылауда ұстауда. Мә­селен, «КазАрмаПром» АҚ бізге осы бағам тиімді, Ресейден үлкен сомаға келісімшарт алдық деп отыр. «Стеклосервис» ЖШС да бұрын Ресей нарығында болған позицияларын қайтарып алудан үмітті. Желаев астық өнімдері комбинаты, «Кроун Батыс», «Агропродукт» ЖШС әзірге асығыс қадам жасамай, әліптің артын бағуда. Жалпы, болжам бойынша біздің нарықта отандық өнім кө­бейіп, ресейлік өнімдер азаюы мүмкін.

Айгүл ЛОГАШКИНА,

«Қазақстан-Орал» телеарнасының редакторы:

— Азық-түлік бағасының негізсіз өсуіне жол бермеу үшін қандай шаралар алынады? Об­лыстағы тұрақтандыру қорының жағдайы қалай? Әлеуметтік нан қымбаттап кетпей ме?

Аслан ЖАҚЫПОВ:

— Азық-түлік қоры бойынша об­лыстық ауыл шаруашылығы бас­қармасының басшысымен сөйлес­тім. Облыста көкөніс, бау-бақша өнім­дерінің қоры жеткілікті. Баға­ның негізсіз өсуін болдырмауға қатысты шаралар біздің жұмыс тә­жірибемізде бұрыннан бар. Жедел штаб құрылды. Бағаға қатысты ке­леңсіздік байқаған кез келген адам штабтағы арнайы телефонға қоңырау шала алады.

Брифингті жүргізген облыс әкі­мі баспасөз қызметінің бас мама­ны Қайрат Әбуов облыс әкімі Нұрлан Ноғаевтың төрағалығымен арнайы штаб құрылғандығын хабарлады. Штаб облыстағы азық-түлік бағасы­ның негізсіз өсірілмеуін қатаң ба­қылауда ұстайтын болады және халық арасында үгіт-насихат жұ­мысын кеңінен жүргізбек.

Тоқтар ҒАБДІРЕШҰЛЫ,

«Орал өңірі»

Қайыржан Идиятов,

«Ақжол» демократиялық партиясы БҚО филиалы төрағасының орынбасары:

— Ұлттық валютаны еркін айналымға жіберу Үкімет тарапынан уақтылы, заман талабына сай қабылданған шешім деп есептеймін. Қазіргі уақытқа дейін еліміздің кәсіпкерлері өз тауарларын экспортқа шығаруда көп қиындық көргені мәлім. Осы жауапты қадамның арқасында еліміздегі өнеркәсіп саласы ілгері жылжып, кәсіпкерлер өз өнімдерін ойлаған бағаға өткізе алуға мүмкіндік туды. Сонымен қатар өндіріс орындарындағы жұмыс орындары да сақталып қалмақ. Тек бір ескерер жағдай — кәсіпкерлеріміз өз пайдаларын ғана ойлап, бағаны шектен тыс шарықтатып, халыққа қиындық тудырмаулары керек. Бұл жолмен бізбен көршілес орналасқан елдер де өтті. Бүгінде олар жарқын болашаққа ұмтылып отыр. Әр өңірдегі саясатты шынайы түсінетін кез келген адам қарапайым халыққа елдегі жағдайды дұрыс түсіндіріп, сабырлыққа шақыру керек деп есептеймін. Себебі бұл – ел  экономикасының өркендеуі үшін, халықтың тұрмыс-тіршілігін жақсарту үшін жасалған әрекет.

Анатолий БОРОВСКИЙ,

БҚО Ауған соғысы мүгедектері мен ардагерлері бірлестігі төрағасының орынбасары:

— Елбасымыздың Ақордада республикамыз­дың белді кәсіпкер­­ле­рімен болған кездесуін көріп, тең­генің еркін айналымға шығу жа­йын түсінгендей болдым. Иә, соң­ғы жылдары әлем­дік экономика­лық ахуал едәуір төмендеді. Дү­ниежү­зіндегі дағдарыс барлық ел­дің қаржы нарығына ке­рі әсер етуде. Бұл қиындық Қазақ­станды да айналып өткен жоқ. Әсіресе, кәсіпкерлік саланың салы суға кетіп, отандық кәсіпорындар шығынға бата бастады. Елбасының айтуынша, биыл елімізден шығатын экспорт 73%-ға төмендеген. Ал бюджетке 264 миллиард теңге кіріс түспей қалған. «Сондықтан теңгені еркін айырбас бағамына көшіру – тығырықтан шығудың тиімді жо­лы, уақыт талабы», – деді Президент. Иә, мұндай қадам уақыт тала­бына сәйкес жасалып отыр. Қиындық адамды шымыр қылатыны белгілі. Ел экономикасындағы бұл ауыртпалық та республикамыз­ды шыңдай түсеріне сенім мол.


«Отандық тауар өндірушілерге мықты қолдау»

Күні: , 787 рет оқылды


ҚР  Ұлттық  банкі  Батыс  Қазақстан  филиалының  директоры  Ғалия  Сатыбалдина:

– Қазақстан жаңа экономика­лық саясатқа көшті. Мемлекет басшысы теңгенің еркін айналымда­ғы бағамын енгізу және инфляция­лық таргеттеуге өту ең дұрыс қа­дам екенін айтты.


Расында, Қазақ­стан — әлемдік қоғамдастықтың бір бөлшегі, сондықтан бірыңғай эко­номикалық кеңістіктен бөлініп, өз алдына томаға-тұйық тірлік ете алмайды. Мысалға, Қытай өз валютасына девальвация жасады. Ресей рубльді өткен жылы еркін айналымға жіберді. Бізде жағдай тұрақты болып келді. Ресейде өт­кен тоқсанда инфляция деңгейі 17 пайыз болса, біздің елімізде 4 пайыз болды. Инфляция дәлізі 6,8 пайыз болып белгіленсе, бүгінде соған жақындадық. Ол көрсеткіш жыл аяғына дейін сақталады деп отырмыз.

Теңге бағамының еркін айна­лым­ға жіберілуінен шошудың жөні жоқ. Алдымен теңге бағамының еркін айналымға жіберілуін ақша­ның құнсыздануымен шатыстырмау керек. Теңге құнсызданған жоқ, тек еркін айналымға шыға­рылды. Иә, теңгенің бағамы әлі тұрақталған жоқ. Өйткені бұдан былай валютаның бағамын Ұлттық банк емес, нарықтың өзі реттейді. Бұл тек біздің Қазақстанға ғана тән үрдіс емес, дамыған елдердің барлығы осы жолдан өткен. Тең­генің бағамын сұраныс пен ұсы­ныс қана өзгертіп отырмақ. Мы­салға, кейбір клиенттерге теңгені айырбастау қажет, екіншілеріне керісінше дегендей, сонда теңге­ге сұраныс көп болса, оның ба­ғамы өседі. Сұраныс болмай, ұсы­ныс көбірек болса, онда теңгенің бағамы түсе береді. Бүгін қазақ­стандық биржада теңгенің дол­ларға шаққандағы бағамы 253, өңір­дегі екінші деңгейдегі банктер оны 240-тан сатып жатыр. Ал кеше биржадағы теңгенің бағамы 255 болды. Теңгеге сұраныстың азаюына байланысты бағамы тө­мендеуде, ол әрі кеткенде бір жұ­маның ішінде тұрақталады. Ана­да Ресейдің рублі түскенде облыс­та­ғы банктер қаңтар-шілде айлары­ның ішінде 10 млрд. 731 млн.-нан астам рубльді сатып жіберді. Сон­да 30 млрд. теңгеміз тікелей Ре­сейге кетті. Көршілес елдің кәсіп­керлерінің тауарлары мен азық-түлігінің өтімділігі артты. Бұлай жалғаса берсе, отандық экономи­ка, өндіріс тығырыққа тірелуі ға­жап емес. Сондықтан жаңа эконо­микалық саясатқа көшу отандық өндірісшілерге мықты қолдау болады деп білемін.

Тұрғындарға күнделікті тұты­на­тын азық-түліктің бағасы өседі-ау деп  қорқудың реті жоқ. Ішіп-жеп отырған тамақ түрлерінің барлы­ғы сырттан әкелінбейді ғой. Ет, нан өзіміздікі, баға бақылауда. Ре­сейден әкелінетін тамақ түрле­рінің бағасы өсіп жатса, оны алмай, жергілікті өнімді алуға бола­ды емес пе? Табысымыз доллармен емес, теңгемен беріледі дегендей. Енді депозиттегі жинақтарға келсек, Мемлекет басшысы Ұлттық банкке жеке тұлғалардың мерзім­ді депозиттеріне төлем тетігін ен­гізуді тапсырды. Яғни айырбас ба­ғамының өзгеруіне байланысты ха­лық салымдарының шығындарын төмендету мақсатында биылғы жылдың 18 тамызына дейінгі тең­гемен ашылған жеке тұлғалардың мерзімді депозиттеріне (есепшот­тағы 1 миллион теңгеге дейін қар­жыға) төлем тетігі енгізілмек. Сон­дықтан депозиттерге салынған теңгеңізді долларға, рубльге айыр­бастаймын деп асығыс шешім қа­былдамаңыз.


Ақордадағы кеңес

Күні: , 856 рет оқылды

nazar


Тамыздың 20-сы күні Ақордада Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев экономикалық саясаттың алдағы шаралары жөнінде кеңес өткізді. Кездесуге елдің ірі экспорттаушылары, «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы мен Қазақстанның іскер топтарының өкілдері қатысты, деп хабарлады Ақорданың баспасөз қызметінен.


Мемлекет басшысы қатысушыларға арнаған сөзінде әлемдік экономи­кадағы күрделі ахуалға назар аударды.

— Дағдарыс барлық бағытта — шикізаттық тауарлар, валюта және қаржы нарықтары бағытында дендеп барады, дамушы және дамыған елдерді де қамтыды. Бұл «дауылдан» ешкім сырт қалмады. Дүниежүзілік банк пен Халықаралық валюта қоры әлемдік экономика өсімі жөніндегі болжамдарын тағы да 2,8 және 3,5 пайызға төмендетті. Мұнайдың әлемдік бағасы құлдырай түсуде. Ол былтырғы маусымдағы 115 долларлық шекті мөлшерден 48,5 долларға дейін төмендеді. 2011 жылы басталған металл құнының құлдырауы да байқалып отыр, баға индексі 45,5 пайызға төмендеді. Тек биылдың өзінде мыстың бір тоннасының бағасы 6300 доллардан 5100 долларға дейін құлдырады, — деді Қазақстан Президенті.

Нұрсұлтан Назарбаев мұнай мен металл бағасының төмендігі кемінде 5 жыл бойы сақталуы ықтималдығын атап өтіп, біздің негізгі сауда серіктестеріміз Қытай мен Ресей тарапынан отандық экспорттық өнімдерге деген сұраныс күрт төмендегенін де айтты.

— Бұл үрдіс те қысқа мерзімді емес. Ресей экономикасының құлдырауы 2 есе күшейе түсті. Қытай экспортының көлемі 8,3 пайыз­ға қысқарды, — деді ол.

Мемлекет басшысы 2014 жылдан бастап Америка доллары барлық әлемдік ва­лю­таларға қатысты нығайып келе жат­қаны­на назар аударды.

— Соңғы жылдың өзінде еуро долларға қатысты 26 пайызға, жапон иенасы  22 па­­й­ыз­ға, Австралия доллары 27 пайызға, Канада доллары 23 пайызға, Норвегия кроны 35 пайызға, Малайзия рингиті 30 пайызға, Чили песосы 18 пайызға, Бразилия реалы 55 пайызға арзандады. Біздің Еуразиялық одақтағы серіктестеріміз де өз валюталарын құнсыздандырды: Ресей рублі 2 есеге жуық, Беларусь рублі 56 пайызға, армян драмы 17 пайызға түсті. Осылайша Еуро­одақты қоса алғанда, елдердің басым көп­шілігі, ши­кізат экспорттаушы елдер, сондай-ақ Қазақ­станның сауда серіктестері өз валюталарын құнсыздандыру шарасын жүр­гізді, — деді Қазақстан Президенті.

Нұрсұлтан Назарбаев Ұлттық банктің ба­ғалауы бойынша, Қазақстан экспорты бірінші жартыжылдықта 73 пайызға азайғанын атап өтті.

— Біз қазірдің өзінде кәсіпорын­дарымыз­дың бәсеке қабілетінің төмендеп, табыста­рының азайғанын көріп отырмыз. Бұл жағ­дай кәсіпорындарда жұмыспен қамтыл­ған еңбеккерлерге әсер етуде. «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының ақ­паратына сәйкес, көптеген кәсіпорынның Ресейге экспорты төмендеп кеткен. Бұған қоса, олардың Қазақстан нарығындағы өнімдерін ресейлік өндірушілер тықсыра бастады, — деді Мемлекет басшысы.

Қазақстан Президенті Кентау трансформатор зауытын мысалға келтірді, оның Ресейге экспорттайтын өнімдері 47 пайыз­ға қысқарған. Кәсіпорын 50 жұмысшыны жұ­мыстан босатқан, ал мемлекетке 30 миллион теңгенің салығы төленбеген. Алматы ашытқы зауыты өндіріс көлемін 50 пайызға азайтқан, ал кәсіпорынның шы­ғыны 30 миллион теңгеге жеткен. Алматы желдеткіш зауыты өндірісін 47 пайызға төмендетіп, жұмысшылардың 20 пайызын қысқартқан.

– Бұл – Қазақстан бойынша өте көп мысалдардың бір парасы ғана. Осының нәтижесінде жұмыспен қамту, еңбекақы төлеу жайы нашар­лауда. 2015 жылы бюджетке түс­пей қалатын табыс 264 миллиард теңге көлемінде бағаланып отыр. Сондықтан біз әлеуметтік са­ла­дан басқа шығыстардың кө­бін қысқартуға мәжбүрміз, — деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Мемлекет басшысы қалыптас­қан жағдайда ел алдында іс-қи­мыл­дың үш нұсқасының бірін таң­дау міндеті тұрғанын айтты.

— Біріншісі — ештеңе істемей, тең­ге бағамын ұстап тұру және жағ­дайдың жақсарғанын күту. Алайда мұндай саясаттың өтемі өндірісті қысқарту, жұмыс орындарынан ­ай­рылу және алтын-валюта қорын түгесу болады. Екінші нұсқа — тең­ге бағамын біртіндеп әлсірету. Сыртқы нарықтардағы ахуал на­шар әрі белгісіз болып тұрғанда мұндай жол да алтын-валюта қо­рын көп шығындайды. Сондықтан мүмкіндіктердің бәрін есептей келе, мейлінше дұрысы теңгенің еркін айырбас бағамын енгізу жә­не инфляциялық таргеттеуге көшу болмақ.

– Бүгінгі таңда бізде бұдан басқа балама жоқ. Біз барлық бағдарла­маларымызды басқаша жоспарла­ғанымызды білесіздер. Алайда дағ­дарыс әрқашан өз түзетуін енгізеді. Дегенмен, біз жағдайдың бұлайша өрбуіне де дайындалдық. Индустриялық-инновациялық бағ­дарлама және өңдеуші өнеркәсіп­ті кеңейту, Ұлттық қор құру — осы­ның бәрі күрделі ахуалға күні бұ­рын жасалған дайындық, — деді Мемлекет басшысы.

Қазақстан Президенті Үкімет пен Ұлттық банктің шешімі экс­порттаушылардың, «Атамекен» ұлт­тық кәсіпкерлер палатасының, елі­міздегі шағын және орта бизнес­тің өтініші бойынша қабылданға­нын атап өтті.

— Бәсекеге қабілеттілікті қалпы­на келтіру арқылы біз шамамен миллионға жуық адам жұмыс іс­тейтін кәсіпорындардағы жұмыс орындарын сақтай аламыз. Отба­сылық коэффициентін ескерсек, бұл 3,5 миллион қазақстандыққа әсерін тигізеді. Кәсіпорындарда­ғы жағдайдың жақсаруы жұмыс­шыларыңыздың еңбекақы деңгейі­не де әсер етуі тиіс. Келешекте ахуал жақсарады деп күтеміз, бұл дағдарысты еңсеруге, экономика өсімін әрі қарай қамтамасыз етіп, рецессияны болдырмауға мүмкіндік береді, — деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Мемлекет басшысы тек айырбас бағамы есебінен экономиканың бәсекеге қабілеттілігін қалпына келтіру  мүмкін еместігін айтты.

— Бұл уақытша қолдау. Одан кейін құрылымдық экономикалық реформаларды жандандыру бағы­тындағы жүйелі шаралар мен ша­ғын және орта бизнесті қолдау жө­ніндегі кешенді шешімдер керек. Сондықтан Үкімет пен Ұлттық банк менің тапсырмам бойынша қазір осындай құжаттар жиынтығын әзірлеп жатыр. Салыстырмалы бә­секелік артықшылықтары бар не­гізгі салаларға көрсетілетін қол­дау басымдық алуға тиіс, — деді Қа­зақ­стан Президенті.

Нұрсұлтан Назарбаев индус­триялық-инновациялық саясат­тың жаңа жағдайларға бейімделуі ти­істігін атап өтті.

— Еңбек өнімділігінің өсіміне, жеке бизнестің қатысу үлесін ұл­ғайтуға негізделген сервистік-ин­дустриялық модельге көшу керек. Мемлекет қолдау шараларын бә­секеге қабілетті компанияларға ғана көрсетуге тиіс, — деді Мемлекет басшысы.

Қазақстан Президенті құрылым­дық экономикалық реформалар­ды жандандыру бағытындағы жүйелі шаралардың қабылдана­тынына назар аударды.

— Еңбек нарығы жұмыс жүргізу­дің жаңа жағдайларына бейімде­ліп, елеулі еңбек ресурстарының ауысуына дайын болуға тиіс, — де­ді Нұрсұлтан Назарбаев.

Мемлекет басшысы Үкіметке азаматтық қызметкерлерге еңбек­ақы төлеудің жаңа үлгісін енгізуді, әкімшілік мемлекеттік қызметші­лердің жалақысын және мүгедек­терге жәрдемақыны, шәкіртақыны көбейтуді қоса қамтитын әлеу­меттік бастамаларды іске асыру шарасын қазіргі жағдайды ескере отырып, 2017 жылдан 2016 жылға ауыстыруды ұсынды.

Сондай-ақ Нұрсұлтан Назарбаев Ұлттық банкке халықтың айырбас бағамының өзгеруінен шеккен шы­ғынын азайту мақсатымен жеке тұлғалардың 2015 жылғы 18 та­мыз­дағы жағдайға сәйкес теңгемен ашылған және есепшоттарында 1 миллион теңгеге дейінгі қалдық сомасы бар шұғыл депозиттері үшін өтемақы төлеу тетігін енгізу­ді тапсырды.

— Азаматтарға олар салымдарын арнаулы есепшоттарға қайта ре­сімдеп, оны банктерде бір жыл бойы сақтаған жағдайда өтемақы ретінде айырбас айырмасы тө­ле­нетін болады. Бұл шара 1 миллион 700 мың адамды немесе барлық салымшының 86 пайызын қолдау­ға көмегін тигізеді, — деді Мемле­кет басшысы.

Қазақстан Президенті Үкіметке «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» салымшыларына қатысты тетікті де ойластыруды тапсырды.

Соңында Мемлекет басшысы әлеуметтік көңіл күйдің нашар­лауына жол бермеу үшін қиындық­тарға қарамастан барлық қажет­ті шаралардың қабылданатынын атап өтті.

Кеңес барысында «Самұрық-Қазына» ӘАҚ» АҚ басқармасының төрағасы Ө. Шүкеев, «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы бас­қармасының төрағасы А. Мырзах­метов, сондай-ақ Қазақстанның ірі кәсіпорындарының басшылары сөз сөйледі. Олар Мемлекет басшысына отандық компаниялардың бәсекеге қабілеттілігінің артуына оң ықпал ететін қолдау шаралары қабылданғаны үшін алғыс білдір­ді. Кәсіпорындар басшылары өзде­рі­нің жұмыс орындарын сақтау, әлеу­меттік міндеттемелерін орындау, өндіретін өнімдерінің көлемін ұл­ғайту жөніндегі ниеттерін жеткізді.

Қазақпарат


Есімі мәңгі өшпейді

Күні: , 105 рет оқылды

DSC_0048


Өткен бейсенбіде көрнекті ақын, КСРО және Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі  Жанғали Набиуллиннің фәниден өткеніне қырық күн болуына орай оның тұрған үйіне ескерткіш тақта орнатылды.


Жаңақала ауданы азаматта­ры­ның ұйымдастыруымен орнатыл­ған ескерткіш тақтаның ашылу салтанатына марқұмның тума-ту­ыстары, өнерде үзеңгілес жүр­ген әріптестері қатысты. Ескерт­кіш тақта жанында сөз алған Жа­ңақа­ла ауданының әкімі Лавр Хайретдинов, ардагер журналист Тихон Әліпқалиев, өңірге танымал ақындар Айтқали Нәріков, Зә­кәрия Сисенғали, өмірлік жары Ағиба апай марқұмның өмірі мен өнері турасында естеліктер айтты. Ақжайықтық ақын Сағынтай Бисенғалиев шайыр ағаға арнаған өлеңін  оқыды.

— Жанғали – тіршіліктің кейбір материалдық ләззатына мойын бұрмай, шығармашылықпен ғана шұғылданып, өмірден өткен ақын. Ол өз өмірінің мәнін өлең жазу, халыққа рухани сөздер бағыттау деп түсінді. Өмірден өткен жерлес ақын ағаларына құрмет көрсетіп, ескерткіш тақта орнатуға ұйытқы болған жаңақалалық ағайынға ал­­ғыс айтамын, — деді ардагер жур­налист Тихон Әліпқалиев.

Нұрбек  ОРАЗАЕВ,

«Орал  өңірі»


БҚО, Орал қаласы, Мұхит көшесі, 57/1
zhaik_presscenter@mail.ru
oral_oniri@inbox.ru
support@oraloniri.kz

Орал өңірі" газетінің бас редакторы: 51-25-80
Бас редактордың орынбасарлары: 24-17-08, 54-18-08
Жауапты хатшы: 54-38-22
Тілшілер: 50-66-88, 51-50-34
Жарнама бөлімі: 51-51-09
Яндекс.Метрика