Мұрағат: 20.08.2015


Тарихтың жаңа беті ашылғалы тұр

Күні: , 243 рет оқылды

кулп


Газеттің өткен сандарында Теректі ауданына қарасты Қызылжар елді мекенінің қасындағы «Хан зиратынан» Әбілқайыр ханның немересі, Айшуақ ханның баласы Жантөре ханның құлпытасы табылғаны туралы жазған болатынбыз.


Төл тарихымызға жаңа дерек қосылуы мүмкін деген болжам шындыққа айналып, ашылған жаңалық ғалымдардың қызығушылығын тудырды. Аталған құлпытастарды зерттеуге арнайы Л. Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінің кафедра меңгерушісі, тарих ғылымдарының докторы Әшірбек Мүмінов пен ҚР Білім және ғылым министрлігіне қарасты Р. Сүлейменов атындағы Шығыстану институтының ғылыми қызметкері Бағдат Дүйсенов келді.

Зерттеушілер тобының құрамында оралдық журналист Қазбек Құттымұратұлы, тарих магистрі, РФ өлкетанушылар одағының мүшесі Айболат Құрымбаев, Жаңақала ауданының имамы Мұратбек Жахатов та болды. Осы топқа Шағатай ауылындағы Ы. Алтынсарин атындағы ЖОББМ тарихи өлкетану үйірмесінің мүшелері де қосылды. Сөйтіп, бірнеше күн таң атқаннан күн батқанға дейін тынбай жұмыс істедік.

Бұл жерде Жантөре хан ғана емес, қорымда тұрған араб жазулы 138 құлпытастың өлшемі, түрі, пішіні, таңбалары, жазулары, бір-бірінен арақашықтығы қағазға түсірілді. Таңбалы тастардың схема-картасын жасаумен айналыстық. Зерттеулер нәтижесінде Жантөре ханның жанына ұрпақтары жерленгені, сонымен қатар басқа да батырлар мен билердің жерленгені анықталды. Бұрынғы кездері ауыл-аймақты басқарған старшындар да бар болып шықты. Кейбір тастың төрт қырына да жазу жазылған және ол жазу тек өлген кісінің аты-жөні мен туған-қайтқан жылы ғана емес, атқарған қызметі мен істеген ісінен хабар береді. Кейбір құлпытаста Құран сүрелерінен үзінді жазылған.

Менің ойымша, ең есте қалғаны – бұл зерттеулерге оқушылардың қатысуы болды. «Тарихын білмеген елдің болашағы болмайды» дейді дана халқымыз. Ендеше, өткенді зерттеуге оқушылардың қызығушылықпен қатысуы көңілге үміт ұялатады.

Әсіресе, Еркеғали Орынбаев деген оқушының зеректігін келген қонақтар да атап кетті. Оқушы ғалымдармен бірге бір күн жүріп, арабша цифрларды танып, құлпытастың жылын оқуды үйреніп алды. Екінші күні құлпытастың датасын өз бетімен оқып, айтып отыратын жағдайға жетті. Азат Мұратқалиев, Ерасыл Шағатай, Марғұлан Уахитов сияқты оқушылар да құлпытастардың өлшемін алуға, арақашықтығын анықтауға, нөмірлеуге белсенді көмектесті. Ғалым ағаларынан естіген әңгімелері, бірлесіп істеген әрекеті балалардың есінде ұзақ сақталып, кейбіреуіне мамандық таңдауға түрткі болар деп үміттенеміз.

Берік КАЮПОВ,

Теректі ауданы

Ы.  Алтынсарин  атындағы  ЖОББМ тарихи-өлкетану мұражайының меңгерушісі, БЖТжЭО-ның  қосымша білім беру педагогы

(Сурет автордікі)


Еңбек ардагерін қабылдады

Күні: , 779 рет оқылды

IMG_5845


Кеше облыс әкімі Н. Ноғаев еңбек ардагері Мүсір Айтасовты 80 жасқа толуына орай арнайы қабылдады.


Мүсір Иманқұлұлы Ақжайық ауданының Мерген ауылында дүниеге келген. Балалық шағы соғыс жылдарына тұспа-тұс болған ол жетікластық білім алып, Орал қаласындағы ауыл шаруашылығы техникумына оқуға қабылданады. Оқуды тәмамдап, өңіріміздегі бірнеше ауданда кеңшар директорлығы қызметін атқарады.  Өмірінің отыз жылдан астам уақытын ауыл шаруашылығы саласына  арнаған.  М. Айтасов  табанды еңбегінің арқасында бірнеше орден-медальдармен марапатталған. Еңбек Қызыл Ту, «Халықтар достығы» орденімен қатар, облысымызда жалғыз өзі «Кеңес Одағының еңбек сіңірген ауыл шаруашылығы қызметкері» атағын иеленген.

– Адам баласы дүниеге келгеннен кейін еңбек етуі парыз.  Менің ұзақ жылғы еңбегімді елеп, облыс әкімінің қабылдағанына алғысымды айтамын. Кездесу барысында  қызмет атқарған әр жылдардағы жетістіктерім мен қиыншылықтарым туралы ой бөлістік. Ауыл шаруашылығы, мал шаруашылығы және егін шаруашылығы саласындағы менің көрген-білген тәжірибелерім туралы әңгіме қозғалды, – деді кездесуден соң еңбек  ардагері  Мүсір  Иманқұлұлы.

Ләззат ШАҒАТАЙ

Суретті түсірген Темірболат ТОҚМАМБЕТОВ


Құрмет көрсетті

Күні: , 791 рет оқылды

IMG_5796


Кеше облыс әкімі Нұрлан Ноғаев Ұлы Отан соғысының және медицина қызметінің ардагері Алевтина Митрохинаны 90 жасқа толуына байланысты қабылдады.  Ардагерді жылы шыраймен қабылдаған Нұрлан Асқарұлы мерейтой иесіне гүл шоғын табыс етіп,  емен-жарқын әңгімелесті.


Орал қаласының байырғы тұрғыны Алевтина Тимофеевна – Сарытау облысының тумасы. 1942 жылы мейірбике ретінде әскер қатарына аттанып, соғыстың аяғына дейін  кәсіптік міндетін жанқиярлықпен атқарды. Соғыстан  соңғы жылдары Орал медучилищесін бітіріп, кейін сонда қалып, зертханашы, соңынан мейірбике ісі мен хирургия пәнінен сабақ берді. Майдандық марапатты бейбіт өмірдегі өңірге тағар белгілер толықтырды. Зейнетке шыққаннан кейін де белсенді қоғамдық қызметтен қол үзген жоқ. Көп жыл бойы «Фронтовичка» әскери-отаншылдық клубын басқарып, жастар арасындағы жұмыста белсенділігімен танылды. Қазір үш қызынан көрген ұрпағының  қызығына  бөленуде.

– Өңір басшысының зор ілтипат көрсетіп, қабылдағанына ризамын. Біздің әңгімеміз соғыс пен бейбітшілік, өмір тақырыбында өрбіді. Жас ұрпақтың әскери-отаншылдық тәрбиесі де назарымыздан тыс қалған жоқ. Ендігі айтарым, қашанда еліміздің аспаны ашық болсын! Жастар салауатты өмір салтын ұстанып, туған жерін сүйсін, оны аяласын! Бәріңе де бақыт пен қуаныш, еңбекте табыс тілеймін! – деді кездесуден соң  журналистерге берген сұхбатында  Алевтина  Митрохина.

Серік  ІЗБАСАРҰЛЫ

Суретті түсірген Темірболат ТОҚМАМБЕТОВ

*    *    *

Кеше Ғарифолла Құрманғалиев атындағы облыстық филармонияның үлкен залында ҰОС ардагері, «Фронтовичка» клубының төрайымы Алевтина Митрохинаның 90 жасқа толу мерейтойына арналған мәдени-көпшілік шара өтті.

Оған облыс әкімінің орынбасары Бақтияр Мәкен, ҰОС ардагерлері, 5517-әскери бөлімінің сарбаздары, сондай-ақ түрлі мекеме қызметкерлері қатысты.

– Ардақты Алевтина Тимофеевна, сізді бүгінгі мерейтойыңызбен шын жүректен құттықтаймын! Сізге мықты денсаулық, бақыт тілей отырып, ең бастысы, ұрпақ үшін сіңірген зор еңбегіңіз еш уақытта ұмытылмасын дегім келеді. Ұлы Отан соғысында көптеген нәзікжандылар елін жаудан аянбай қорғады. Олардың арасында Алевтина Митрохинаның орны ерекше. Аға ұрпақ өкілдері әкелген Ұлы Жеңіс біздің жүрегімізде мәңгі сақталмақ, – деді облыс әкімінің орынбасары Бақтияр Мәкен құттықтау сөзінде.

Кешке арнайы қатысқан ҚР Парламент мәжілісінің депутаты Елена Тарасенко мерейтой иесін құттықтап, сый-сыяпат жасады. Ол өз құттықтауы барысында мемлекеттік хатшы, Президент жанындағы Әйелдер ісі және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі Ұлттық комиссия төрайымы Гүлшара Әбдіқалықованың мерейтой иесіне деген ыстық ықыласын жеткізді.

Шара барысында ҰОС ардагері Алевтина Митрохина және қаламыздағы Мәншүк Мәметова атындағы мемориалдық музейдің директоры Светлана Бектенованың қала әкімі Алтай Көлгіновтың идеясы бойынша жазған «Женщины победы» атты кітабының тұсаукесер рәсімі жасалды. Салтанатты рәсімде қала әкімі Алтай Көлгінов мерейтой иесіне жылы лебізін арнады. Алевтина Митрохинаның замандастары да құттықтау тілектерін жеткізді. Кеш барысы соғыс тақырыбына арналған концерттік нөмірлермен өрбіді.

Нұртас НАБИОЛЛАҰЛЫ,

«Орал  өңірі»


«100 нақты қадам» – ЕЛ ДАМУЫНЫҢ АЙҚЫН НЕГІЗІ

Күні: , 848 рет оқылды

Айтимов 29.12 2014


Ақсерік ӘЙТІМОВ,

«ҚазИИТУ» ғылыми-білім кешенінің құрылтайшысы, ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас  жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің БҚО бойынша департаменті  жанындағы қоғамдық кеңес төрағасы Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың бес институттық реформасын іске асыруға бағытталған 100 нақты қадамы – елімізді алға жетелейтін, реформалық өзгерістерді өрістетуге арналған Ұлт жоспары.


Ұлт жоспарының кіріспесінде: «100 нақты қадам» – бұл жаһандық және ішкі сын-қатерлерге жауап және сонымен бір мезгілде, жаңа тарихи жағдайларда ұлттың дамыған мемлекеттердің отыздығына кіруі жөніндегі жоспары» екені атап көрсетілген.

Жаһандану үдерісі бір жағынан экономикалық сын-қатерлерге ұшыратпай қоймауына байланысты оның алдын алуға, болдырмауға ұмтылумен бірге жан-жақты дамуды жеделдету өмір талабы екендігі анық. Осы орайда «Кәсіби мемлекеттік аппарат құру», «Заңның үстемдігін қамтамасыз ету», «Индустрияландыру және экономикалық өсім», «Есеп беретін мемлекетті қалыптастыру» деп аталатын бөлімдерден тұратын ресми құжаттың өн бойында мемлекет дамуының алдағы уақыттағы 100 нақты қадамы айқындалған.

Ұлт жоспары Қазақстан мемлекеттілігін нығайтуға, жолдан адаспауға, күрделі кезеңнен сенімді өтуге жағдай туғызатын беріктік қорын жасап беретін болады. Жоспардың негізгі мақсаты «аурулардың сыртқы белгілерін» сылап-сипап қою емес, оларды «жүйелі емдеу» болып табылатын қоғам мен мемлекетті түбегейлі қайта өзгертуге негіз қалайды» делінген.

Жоспардың 9-қадамында: «Мемлекеттік қызметкерлерді тұрақты түрде оқыту жүйесін заңды түрде бекіту – үш жылда бір рет олардың кәсіби шеберлігін арттыру» делінген. Осы орайда «ҚазИИТУ» ғылыми-білім кешенінің жанынан жақында ашылып, болашақ мемлекеттік қызметкерлердің білімін жетілдіруді бастаған «Мемлекеттік қызмет және жұмысқа орналастыру институтын» айта аламын. Ашылған институттың материал-дық базасы, оқу жоспары, болашақ мемлекеттік қызметкерлердің біліктіліктерін арттыруға, білім беруге сәйкес келеді. Сонымен бірге сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бойынша қызме-тін түсіндіретін әдістемелік ұсыныстар, дөңгелек үстелдер, конференциялар, дәрістер, семинарлар, тре-нингтік оқытудың жаңа нысандары мен әдістерін пайдалану арқылы бағдарламаның жүзеге асуына болашақ мемлекеттік қызметкерлерді дайындауда зор нәтиже берері сөзсіз.

Ұлт Көшбасшысының 100 нақты қадамы «Кәсіби мемлекеттік аппарат құру» бөлімінде белгілеген мемлекеттік қызметкерлердің міндеттері мен оларға қатысты нақты мәселелер еліміздегі мемлекеттік қызмет саласын жаңа деңгейге көтерері сөзсіз.

Бұл орайда Батыс Қазақстан облысы бойынша департаменті жанындағы қоғамдық кеңес аз уақыттың ішінде, жергілікті атқарушы органдардың мемлекеттік қызмет көрсету сапасына талдау қорытындысы, қоғамдық кеңестің 2015 жылдың 1 жартыжылдығына арналған іс-шаралар жоспарына ұсыныстар беру және оны бекіту, бұқаралық ақпарат құралдарымен әріптестік жұмыс атқару, «Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің 2015 жылғы 10 сәуірдегі №2-3-17/2715 тапсырмасы бойынша жүргізілген жоспардан тыс тексерулердің нәтижесі туралы және жоспардан тыс тексерулер бойынша анықталған кемшіліктер бойынша түсінік беру, департамент пен үкіметтік емес ұйымдармен сыбайлас жемқорлыққа қарсы бірлескен іс-қимыл жоспарына қол қою рәсімдері өткізіліп, тыңдалды.

Осы тұрғыда ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің БҚ облысы бойынша департаменті жанындағы жеке тұлғалармен, коммерциялық емес ұйымдармен мемлекеттік қызмет көрсету мәселелері бойынша өзара іс-қимыл және ынтымақтастық жөнінде қоғамдық кеңесте өз жұмысын нақтылай түсетін болады.

Осының бәрі ел экономикасының одан әрі өсуіне, халықтың әл-ауқатын арттыруға, әлемнің неғұрлым дамыған бәсекеге қабілетті отыз елінің қатарына кіруге негізделген маңызды басты бағыт деп есептеймін.


Дауыс жетелеген әйел

Күні: , 1 398 рет оқылды

3KGSr40LxRM


Әдеттегі жұмыс күні. Кабинетке толықтау, ақсары әйел кіріп келді. «Ұлдай сіз бе?» деп сұрады.


— Сізге бір шаруамен келіп едім, тыңдасаңыз, қызық енді…» Өзі аңқылдап тұр. «Есімім Әлия» — деді. Адамдарды алаламайтын, арамдығы жоқ, ауылдың ақжүрек адамы. Қуанып кеттім, олармен сөйлесудің өзі бір дүние емес пе?! Сонымен жазып жатқан мақала жайына қалды, диктофонды қосып, құлағымды түрдім.

— Мен өмірімде жердегі өмірден басқа жерде өмір бар, аруақ дегенге, адам өлсе де оның жаны өлмейді дегенге сенген емеспін. Бірақ соңғы жылдары бір түсініксіз жағдайға тап келдім. Бір дауыс мені үнемі бақылап, жол сілтеп, болашақта не болатынын айтып тұратын болды. Бұған сену де қиын, бірақ басымнан кешкенімді бір ауыз өтіріксіз сізге баяндап беруге келдім, — деді ол.

Оған үйдің қабырғасынан адам сұлбасы шығып, электр лампасының төңірегінен әртүрлі бейнелер көрініп, бір дауыс сөйлейді екен. Оған әу дегенде менің де сенуім қиын болды. «Е, адасып жүргендердің бірі болды ғой» деп көңіл күйім түсіп, немқұрайлы тыңдай бастап едім. Кенет, арт жағымда бірдеңенің тұрғанын сездім… ол менің ден қойып тыңдағанымды қалайтын сияқты… Қарсы алдымда отырған Әлия да орнынан ұшып кетердей болып: «Әне, әне, сіздің артыңызда тұр, ол маған ылғи жарық болып көрінеді» деп айқайлап жіберді. «Жын-шайтан оттан жаралған ғой, жарық болып көрінетін солар шығар, шайтанның арбауына түскен әйел емес пе?» деген ой қылаң етті. «Жынды да одан бұрын түтіні жоқ оттан жаратқанбыз» «Қыжыр» сүресі, 27-аят. Оған жарық болып көрінген нәрсе маған басқаша білініп, қысқасы жұмбақ дүние біздің жанымызда отырды… Әлсін- әлсін «тыңдап отырмын» дегендей, әңгіменің ауанына қарай көңіл күйін білдіріп отырды…

Серғали  атаның рухы  ма?

Таңқаларлығы, оны «Дауыс» деп атайықшы, яғни Дауыс Әлияға «Мен сенің нағашы атаң Серғалимын. Жаңақала ауданының Көпжасар ауылында тұрдым, сүйегім сол құмда жатыр. Емші, сынықшы болдым, Қазан қаласында медресе бітірдім, араб тілін жақсы білдім. Жаңақаланың құмында аштықтан әлсіреп, 1930 жылы бес уақыт намазымды оқып жатып, өлдім. Құраным мен өлеңдерімді өзіммен бірге көмдірдім. Оралда Ұлдай деген қыз бар, газетте істейді, өзі тылсым дүние туралы көптен ізденіп, кілтін таба алмай жүр, сені сол түсінеді, соған барып, бәрін айт. Жердегі өмір жалған, адамның бәрі ақшаға алданып жүр, өлгеннен кейін өмір бар, оған мына қыз сенеді. Біз тіріміз» депті. Елең ете түстім. «Мен туралы тағы не айтады?» деп сұрадым. «Ол қызды көп ешкім түсінбейді, бірақ айтқанының бәрі шындық» депті. Көп нәрсені дәлелдей алмай жүрген маған бұл сөз майдай жағып кетті, бірақ мәселеге салқынқандылықпен келмесек болмайды. Бұл жерде мен емес, дін мамандары мен ғалымдар ойланатын түсініксіз нәрселердің бары анық.

«Шешең  қызың  болып оралды»

— Жолдасым бар, екі ұлымнан кейін 15 жылдан соң қыз тудым. Қызым 1,5 жасқа толғанда бір құбылыс басталды, — деп бастады Әлия әңгімесін. — Содан кейін қызым аяқ астынан қалшылдап қалатын болды. «Алла өзі берді, алса, өзі біледі» деген бір сабырлылық пайда болды. Тіпті түнді айтпағанда, тал түсте трансқа кетіп қалатын болдым. Бір күні түнде терезеден түтін болып адамдар кірді, ар жағында, сыртта ертедегі балықшының плащын киген ер адамдар жүрді. Бір әйел: «Мен сенің анаңның анасымын» — деді. Қорқып кеттім, жолдасымды оятайын десем, қолым жетпейді, селкілдеп жатырмын. «Әй, қызым шаршаған екенсің, мына қызды туып, ауруханада жатқанда да, артыңнан адам бармады ғой» — деп мені айналып жүрді де, қолындағы таяғымен түртіп қалды. Сол-ақ екен, селкілдегенім басылды. «Қызыңды нағашыңа апар» — деді. Сол кезде ойыма өлең жолдары келді. «Он бес жылда үйде бесік тербелді, қабырғасы тар үйімнің кеңіді. Жарқырады шамдарым да төрдегі…» деп кете берді. Артынша «Қызыңды нағашыңа апар деймін, жолыңа сәтті сапар деймін» деген өлең естілді. «Қайдағы нағашыға апарамын, ол өліп қалды ғой» деп ойладым. Нағашымның келіні, яғни нағашымның баласының кемпірі бар еді, қызды орап алып, ертесіне соған бардым. Қызым жазылды, бірақ ол да өзінен-өзі сөйлей бастады. Екінші бөлменің есігін ашып: «Нағашы ата мен нағашы әже ұшақпен ұшып келді, мына жақта отыр» деп қуып жүрді. «Айран ішесіңдер ме, сүт ішесіңдер ме?» деп сұрап, есікті жауып тастайды. «Басы ауыратын қыз туған жоқпын ба?» деп те күмәндана бастадым… «Шешең қызың болып қайтып келді. Оның рухы қызыңа қонды» — деді Дауыс.

Жан  адамнан  адамға ауысады  ма?

Адам жаны адамға, не итке, мысыққа қонады деген пікір бар. Меніңше, бұл қателесу. Адамның бұрын не жануар, не өсімдік болып өмір сүргені туралы бірде-бір мысал жоқ. Өлген адамның рухының басқа денелерге ауысуын реинкарнация деп атайды. Бұл түсініктің әуелде Африкада пайда болғаны айтылады. Египеттен Үндістанға, одан Грецияға жеткен, бұл түсінікті яхудилер қабылдаған. Реинкарнацияны арабтар «танасух», француздар «метемпсихоз» деп атаған. Реинкарнация түсінігі бойынша рух денеге кіріп өмір сүреді, ал ол дене пайдаға аспай қалғанда басқасына ауысып, одан әрі сапарлап жүре береді-мыс…

Ал исламда әр адам өз тағдырымен өмір сүреді, өз амалымен өліп, өз амалымен қайта тіріледі. Адам о дүниеге барғанда, амал дәптері арқылы Алланың алдында өз ісіне ғана жауап бергендіктен, реинкарнацияны ислам теріске шығарады. Әр дененің өзіне тән жеке рухы бар десек, бұны мойындау Алланы мойындау емес пе? Бірақ оккультизмге келетін болсақ, өз басым дүниеде бізге жұмбақ, ғылыми тұрғыдан зерттеп, нақты бір шешім шығаруға көнбейтін ғажайыптар барына сенемін. Бізбен қатар өмір сүріп жатқан әлемдер, тосын, жұмбақ құбылыстар мен тылсым күштер… Мысалы, Әлияны тыңдауға, ол туралы жазуға мені көндіргендей болып, артымда тұрған қандай күш? Олар бізге айтқанын істетіп жатыр. Ол не, кім, ұрпағын желеп-жебеп жүрген Аруақ па, әлде біздің көзімізге көрінбейтін, қатар өмір сүріп жатқан жындар ма, ол жағы бізге белгісіз. Ғайып әлем тек қана Аллаға аян. Жердің асты мен үстінің, өлі мен тірінің бір-ақ қожасы бар. Ол — Алла.

«Ол  менің  бірге  көмілген өлеңдерім»

— Бір күні Дауыстан менің ойыма келетін өлеңдер қайдан, кімдікі деп сұрадым, — деп жалғастырды Әлия әңгімесін. «Менімен бірге көмілген өлеңдерім» — деді ол. Болса болар, «Жамандығың ұрпағыңа көрінер, кейінгілер мүмкін оны сезінер, отқа көмір салсаң, лаулап жанады.Тойымсызды топырақ қана жабады» немесе «Қорғарсыңдар қазақтардың өз жерін, инабатты сұлулардың көздерін» деген тым қарапайым сол өлеңдерді Ғайсағали ақынға әкеліп көрсетіп едім, ол кісі «жарамайды» деп қайтарып берді. Кеңседен шыққанымда: «Өлеңдерім басылымға жатпады, тыңдайтұғын дұрыс адам таппадым, аяқсыз, екі қолсыз қалғандаймын, демім бітіп, жүрегім талғандаймын» деген дауыс естілді. Қорқып кеттім.

Сынық  салғызды

Бір күні таңда әйнектің сынған дауысын естідім. Дауыс: «Қызым, жарыққа қара» — деді. Жарықты жағып, лампасына қарасам, ауада алқа ілініп тұр. «Бұл не?» десем, «бұғана» дейді. «Қызым әзірлен, дәретіңді ал да, орамалыңды тарт, күн шыққан соң бір кісі келеді» — деді. Танертең әкімшілікте істейтін бір жігіт кіріп келе жатыр. Күйеуіме: «Көлігіңді тұтат, мені ауруханаға апар» — дейді. Мен оған: «Бұғанаң шыққан, кел, мен саламын» — дедім. Ол: «Жоқ, емші қарады, тамырың ұшынған дейді» деп маңына жуытар емес. «Жоқ сынып кеткен, кел, мен саламын» десем, көнбейді. Бір кезде: «Қызым, үндеме, мен казір көлікті тұтатпай тастаймын» деген дауыс естідім. Көлік тұтанбайды, екеуі сыпыртып боқтап жүр. Мен жігітке: «Маған бір дауыс «сен сал» деп айтып тұр дедім. Ол: «Апа, сіз пәлен жыл мұғалімсіз, аяқ астынан не болды сізге, бастан ауырып кеткен жоқсыз ба?» деп сұрады. Сосын көніп, кеште келетін болып кетіп қалды. Кешке қарай Дауыс: «Қызым дәрет ал, басыңа ақ орамал тарт» — деді. Айтқанын орындап, әзірленіп отырсам, күйеуім: «Сен бастан ауырып кеттің ғой. Қазір «Жедел жәрдем» шақырайын, жүйке аурулары ауруханасына апарып салмаса болмас» — деді. Кеште жігіт келді, қолымды біреу ұстап тұрған сияқты, сипадым. Жігіт: «Апа, салған жоқсың ғой, әлі ауырып тұр» — дейді. «Білмеймін, салмаған сияқтымын» — деймін. Дауыс: «Ертең келсін» — деді. «Ертең қалай саламын?» деп қатты уа-йымдап отыр едім. Бір кезде шамның жарығында екі шал тербеліп, үлбіреп тұр. Бірі қоңыр, бірі көк малақай киген. Балаларым мен күйеуіме «қараңдар» десем, оларға көрінбейді. Маған сенбей, әйдә ұрысамыз бәріміз. Бір кезде лампаға көк қарлығаш келіп қонды. Қолы бар екен, қолын көтерді де түсірді, сосын жоғалып кетті. «Нені көрсетіп кетті» деп аң-таңмын. Дауыс: «Келген кісінің қолын жоғары көтер де, түсіріп жібер, сонда сынығы түседі» — деді. Ертеңіне әйелін ертіп жігіт келді. Көйлегін шешіп, айтқанын істеп едім, ол: «Ура, орнына түсіп кетті!» — деп айқайлап жіберді. 1000 теңге беріп кеткен еді, ертесіне мектептен келе жатсам, көшеде әлгі жігітке бір әйел: «Оңбаған, менің 1000 теңгемді қайтар» деп айқайлап жатыр екен. Дауыс: «Кешегі берген ақшасын қайтар, біреуден қарыз алып, қайтармай жүрген адамнан неге ақша аласың?!» — деді. Қайтарып бердім…

«Жер  бетін  Алла  тағала білдіртпей  тазартады»

— Маған арқа қонайын деп жатыр деп «Ата жолына» бардым. Әйелдер аталар болып сөйлеп, бата береді, шырақ жағып, гөй-гөйлеп ұзақ бірдеңелерді айтады екен. Әлгі дауыс: «Қызым, ата жолы дұрыс жол емес, үйіңе қайт!» — деді. Қоя қойдым.

Суға қарасам, ішінен айналып жатқан көз көремін. Түнде жұлдыздар бір жерге жиналып билегендей болады. Бұлттың ішінен қарт көрінеді. «Ойбай, мынау шайтан ба, көзіме көрінген?» — деп шошимын. Бірақ шайтан дейін десем, маған жаман әрекет жасатпай тұр. «Балаларыңа айт, өлген соң жұмаққа кіру үшін таза өмір сүрсін. Ертеде қайтыс болған емші, әулие адамдардың мәйіті төңкеріліп, тіріліп жатыр. Жер бетін Алла тағала білдіртпей тазартады» — деді.

Қыдыр түнінде көршінің үйіне барсам, Қыдыр ата келеді деп дастарқан әзірлеп қойыпты. «Жарымсыңдар ма, дастарқанды неге жайып қойдыңдар? Кім ішіп- жейді бұл тамақты?» деп кетіп қалдым. Түнде бөлмемде найзағай ойнағандай бірдеңе жарқ ете түсті. Бір кезде терезеден мұрындары имиген құстар кірді және бірде-ңе жарқылдаған сайын қанатын жайып, қабырғаға соғылады. Дауыс: «Сен неге Алланың Қыдыр түніне тіл тигізесің?» — дейді. Бір кезде қабырғадан адамдар кірді, ішінде беті аппақ, періште сияқты бір әп-әдемі әйел бар… Ертесіне қалаға әдейі келіп, мешітке бардым. Осының бәрін имамға айтсам, «Қарындасым, адаспаңыз, бұндай қасиет тек қана Мұхаммед Пайғамбарға тән, бұндай құбылыстар одан бері жан баласына көрінген жоқ» — деді. Сосын Құран оқыттым, имам оқи бастаған кезде тағы да трансқа түсіп кеттім, қабырғадан әрі қарай кең дала ашылып кетті, ескі пинжак киген бір қарт кетіп барады…

(Жалғасы бар)

Ұлдай  САРИЕВА,

«Орал өңірі»


Қолдау неге бірдей емес?..

Күні: , 824 рет оқылды

view-1000


Сейсенбі күні облыстық ерікті мүгедектер қоғамдық бірлестігінде мүгедек жандар арасында жүргізілген сауалнаманы талқылау мақсатында дөңгелек үстел өтті. Дөңгелек үстелге қоғамдық ұйым мүшелерімен құзыретті орган қызметкерлері қатысты.


Облыстық ерікті мүгедектер қоғамдық бірлестігінің мәліметінше, өңірімізде 24 700 мүгедек жан тіркелсе, оның 11 020-сы Орал шаһарында тұрады екен. Солардың 16 мыңға жуығы — еңбек жасындағы жандар. Күні бүгін он мыңға жуық еңбекке жарамды мүгедек жандардың 4600-і ғана жұмыспен қамтылып отыр. Бұлардың қатарынан уақытша еңбекке тартылғандар мен өзін-өзі еңбекпен қамтығандар санатына жататындарды алып тастағанда бұл көрсеткіштің мүлдем төмендейтіні белгілі.

Ағымдағы жыл басында Алматы облысында өткен мүгедектер қоғамдық ұйымдарының басқосуында еліміздегі қамкөңіл жандарға жасалып жатқан қамқорлықтың қаншалықты қолжетімді екенін анықтау мақсатында сауалнама жүргізу мақұлданған. Алматыдағы «Намыс» қоғамдық бірлестігі еліміздің барлық өңір-лерінің ұсыныстарын ескеріп, мүгедек жандардың мұң-мұқтажын анықтау, ұсыныс-пікірлерін білу мақсатында ортақ сауалнама ұсынған.

Облысымызда үстіміздегі жылдың наурыз-маусым айлары аралығында таңдамалы түрде Орал қаласы және Ақжайық, Сырым аудандарында ұйымдастырылған сауалнамаға барлығы 181 мүгедек жан қатысқан. 37 сұрақты қамтитын сауалнамаға қатысқан мүгедектер арасында жұмыспен қамтылғаны 73, жұмыссызы 69 адам, 24 оқушы, 15 өзге санаттағылар болған.

— Бүгінгі таңда мемлекетіміз тарапынан көрсетіліп отырған көптеген қолдаулар мен көмектерді әр мүгедек жан сезінгісі келетіні сөзсіз. Олар да қоғамның белсенді мүшесі ретінде оқып білім алып, жұмыс жасап, өздеріне лайықты тұрмыс кешкісі келеді. Алайда мүгедек жандарға арналған қолдаулар өңіріміздің барлық жерлерінде бірдей емес. Бүгінгі жүргізілген сауалнаманың басты мақсаты сол кемшіліктерді анықтап, шешілу жолдарын қарастыру болып отыр. Сауалнама қорытындысына қарасақ, медицина, сауықтыру, жұмыспен қамту, әлеуметтік жағдайлар турасында көп пікірлер айтылған. Бір ғана жұмыспен қамту саласын алып қарасақ, облысымыздың әр аудандарында әр түрлі көрсеткіштерді байқауға болады. Мысалға, Ақжайық ауданында 48 мүгедекке жеңілдетілген несие беріліп, шағын және орта бизнеспен шұғылдануда. Ал шалғай аудандар саналатын Бөкей ордасы, Жәнібек аудандарында бұл мәселе ақсап тұр. Сонымен қатар оқу орындарын бітірген мүмкіндігі шектеулі жандарды жұмыспен қамтуда да олқы тұстар жетерлік. Оларды мекеме-кәсіпорындар «Жастар тәжірибесі» бағдарламасы бойынша уақытша жұмысқа алғанымен, тұрақты жұмыспен қамтудан бас тартады. Ауылдардағы ақылы қоғамдық жұмыспен қамтуда да осындай жағдай. Айналып келгенде, осы адамдардың бәрі жұмыспен қам-тылған мүгедек жандар есебіне кіргізіледі. Ал белгілі уақыт өткен соң олар қайта жұмыссыз қалады. Міне, біздің мақсатымыз – жоғарыда айтылған жәйттарды сауалнама арқылы анықтап, облыс басшылығы мен құзыретті органдарға ұсыныстар жасау, — дейді облыстық ерікті мүгедектер қоғамдық бірлестігінің төрағасы Жұмажан Қожжанов.

Дөңгелек үстелге қатысушылар жүргізілген сауалнама қорытындысын жеке-жеке талқыға салды. Сонымен қатар қоғамдық көліктер, мекеме-кәсіпорын, емханалар, әуежай мен вокзалдарда мүгедек жандардың еркін жүріп тұруына әлі де болса, жағдайлар жасалса деген ұсыныстарын айтты.

Нұрбек ОРАЗАЕВ,

«Орал өңірі»


Сирия мен Ирактағы «жиһад» емес

Күні: , 842 рет оқылды


Сирия мен Ирактағы содырлардың жасап жүргендері «жиһад» емес. Олар мұсылмандармен соғысуда. Оның ішінде бейбіт халықтың қанын төгуде. Олардың көксегені «мұсылманның қанын төгу» деп атасақ, дұрыс болады.


«Жиһад» сөзі – араб тіліндегі [жахд] «тырысу, күш салу, талпыну, ынталану» деген түбір етістіктен шығады. «Жиһад» ұғымының аясы өте ауқымды. Бүгінгі таңда деструктивті ағымдар мен жат пиғылды саяси топтар «жиһадты» қару алып соғысу деп біржақты түсіндіріп жүр. Бұндай түсінік жиһадтың мағынасын шектейді. Ал «Жиһад» сөзінің дұрыс мағынасы белгілі бір асыл мақсатқа жету үшін, яки бір игі істі істеу үшін ең қымбат саналатын уақытыңды, дәулетіңді, бар қажыр-қайратың мен ынта-жігеріңді жұмсау, сол үшін тырысу, күресу деген мағыналарды білдіреді.

Менің пайымдауымша, Алла Тағаланы дұрыс танып, білім алып белгілі бір салада маманданып, өз мамандығын жетік меңгеруге бар қажыр-қайратын жұмсап, сол арқылы адамзатқа, өз Отанына, еліне, халқына пайдасын тигізу, өркендеуіне үлес қосу да нағыз жиһадқа жатады.

«Жиһад жасаймыз» деп Сирия мен Иракқа аттанған жастар не үшін, кім үшін соғысып, кімнің қанын не үшін төгіп жүр?

Сирия мен Иракқа аттанған жастар “Ат-такфир уаль-хиджра”, яғни «Тәкпіршілер» жамағатының өкілдері. Олар адамдарды сенім мен күпірлік (таухид пен ширк), бірқұдайлық пен серік қосу (иман мен ширк) мәселесінде адастырып, кәпірге шығаруда. «Таза Ислам», «таза Таухид» деген сөздерді бетперде еткен жамағат өкілдері жастарға жарқын болашақты уәде етіп, бүлікке бастайды.

Әбу Бәкра есімді сахаба (Алла оған разы болсын) былай дейді: «Пайғамбарымыздың (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Егер екі мұсылман қолдарына қару алып соғысатын болса, өлтіргені де, өлгені де тозаққа түседі», – дегенін естідім. Мен: «Уа, Алланың елшісі! Өлтіргеннің тозаққа түсуі түсінікті. Ал өліп қалған байғұс не үшін тозаққа?» – деп сұрадым. Ол: «Өйткені ол (өлген адам) өз бауырын өлтіруге қатты тырысқаны үшін (тозаққа түседі)» деп жауап берді». Әйгілі сахаба Ибн Аббас қасақана кісі өлтіруші тозақта мәңгі қалады деген пікір білдірген. Қасиетті Құранда бір адамды өлтіру бүкіл адамзатты өлтірумен бірдей деген аят та бар.

Содырлардың шығарған сорақы шешімдерінің бірі – «жиһаду ан-никах» жыныстық жиһад немесе «әз-зауажу әл-мунакаха» уақытша некелесу деп аталады. Некенің бұл түрі шариғатқа қайшы келеді. Бейбіт халықты қойдай қырып, қан төгіп, бас кесуді қасиетті жиһад санайтын Сирия мен Ирак жеріндегі лаңкестік топтардың содырларына тәнін ұсынып, біраз күн немесе бірнеше сағат «әйел» болуды бүгінгі шейхсымақтар қыз баланың жыныстық жиһады деп атап жүр.

Ғалымдардың пікірінше, «әз-зауажу әл-мунакаха» деген терминді алғашқы болып радикалды Ислам ағымының жақтаушысы Мұхаммед әл-Арифи шығарып, сунниттік бағыттағы мұсылман қыздардың өз еріктерімен Сирияға барып, сол жақта Башар әл-Асадтың режиміне қарсы соғысып жатқан әскерлердің жыныстық құмарларын қандыруға шақырған. «Бұл барып тұрған зинақорлық» деген ғалымдарға Арифи «Ниса» сүресінің 24-аятын дәлел ретінде көрсетеді. Ол аятта былай делінген: «Сендер олардан алған ләззаттарың, көрген қызықтарың үшін оларға тиісті мәһірлерін (сыйақыларын) беріңдер».

Бұл аятты «тұрақты ақ некелі әйелден алынған ләззат үшін мәһір ақысын төлеңдер» деп түсінген мақұл. Себебі әйгілі тәпсірші Ибн Аббас та, Хасан Басри де, Мужаһид те, өзге де көптеген тәпсіршілер бұл аятты осылай түсіндірген. Міне, бұл шектен шыққандар мұсылмандықтан да, адамшылықтан да ауытқығандығы даусыз.

Кейінірек Мұхаммед әл-Арифи бұндай радикалды пікірді айтпағаны жөнінде мәлімдесе де, өкінішке орай, ол содырлардың арасына тез тарқап, бүлікшілдіктің белең алуына себеп болды.

Шынайы мұсылман адам еш уақытта лаңкес болмайды. Құран Кәрімде «Кімде-кім шаң тозаңындай жақсылық жасаса, соның (сауабын алады), кімде-кім шаң тозаңындай жамандық жасаса, соның жазасын тартады» («Зилзал» сүресі, 7-8-аяттар), – деп, пенденің әрбір ісі үшін Ахиретте жауап беретіндігін білдірген.

Мұсылман жамағатының назарын Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) мына бір хадисіне аударсақ. Алла Елшісі (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Денеде бір ет бөлшегі бар, егер ол жақсы, түзу болса бүкіл дене жақсы болады. Ал егер ол бұзылса бүкіл дене бұзылады. Біліп қойыңдар ол – жүрек» деген болатын. Пайғамбарымыздың (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бұл сөзінен кейін мұсылманның жүрегін дұрыстау жолы үлкен жиһад болмағанда не болады? Мұсылман кісі ойлау арқылы бұл ақиқатқа жеткеннен кейін оны орындауға тырысып, Ислам әдебіне сай әрі шарттарына қатты көңіл бөлуі тиіс. Өз бойында түрлі кемшілік бола тұра, басқаларды жақсылыққа шақырып, жамандықтан тыйған адам тура жол көрсеткендігі үшін сауап алғанымен, өзі жақсылықтан мақрұм қалып, жамандықтан жиренбегені үшін күнәлі болады. Өйткені «жақсылықты кешіктіру, жамандыққа аяқ басу» деген сөз.

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы еліміздің Бас мүфтиі Ержан қажы Малғажыұлының бастамасымен «Тәкпіршілерге» қатысты арнайы пәтуа шығарған болатын. Сол пәтуада «тәкпір – дінге енген жаңалық» екені туралы үкім берілді. Бұл пәтуа бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланды. Сенімде шектен шыққан тәкпіршілердің іс-әрекеті мұсылмандыққа мүлдем жат. Діни басқарма Сириядағы соғысқа не үшін барғанын білмейтін, мақсаты айқын емес жастарды мұндай фитнаға (бүлінушілікке) қатыспауға шақырады.

Ершат ОҢҒАРОВ,

исламтанушы, теолог, PhD доктор, ҚМДБ Ғұламалар кеңесінің хатшысы

Азаматтар мен ұйымдардан діни салаға қатысты барлық мәселелер бойынша ақпарат қабылдауға, сондай-ақ деструктивті қызметтен зардап шеккендерге кеңесшілік және психологиялық көмек көрсетуге арналған сенім телефондары: 8 (7112) 26-75-88, 24-44-11. «Қауырт желі» — «114»


Кәсібін ұлғайтқан кәсіпкер

Күні: , 806 рет оқылды

DSC_0003


Ауданымызда  шағын кәсіпкерлік саласы жақсы дамып келеді. Кәсіпкерлеріміз халыққа көрсетер қызмет аясын ұлғайтумен белсенді  шұғылдануда.


Солардың бірі «Жиенбай» ЖШС-ның басшысы Ахметқали Қарағойшин өз жұмысын жандандырып келеді. Жақында кәсіпкердің жұмыс орнына барып, барлығын көзімізбен көріп қайттық.

Ол бұрынғы автоколона аумағындағы ғимараттарды талан-таражға түсірмей, іске асырып, наубайхана ашқан еді. Барлық қажетті құрал-жабдықтармен жабдықталған наубайханадағы жұмыс тоқтаусыз жүруде.  Бір мезетте 350 нан пісіруге қауқарлы. Қызара бөртіп піскен бөлке нан ауылымыздың, ауылдық округтердің дүкендеріне таратылып отырады.

Кәсіпкер биылғы көктемде  көлік жуу бекетін де ашқан болатын. Мұнда ауа райының қолайсыз күндері тәулігіне 10-нан аса көлік келеді. Бағасы баршаға қолжетімді. Болашақта автосервис ашу ойында бар екен.

Кәсіпкердің тағы бір қолға алған ісі — қамыстан үй жасау. Тапсырыстар да жаман емес. Әсіресе, жақын маңдағы ауылдық округтерден тапсырыс жиі түсетін көрінеді.

— Тапсырыс берушілер өлшемін берсе болғаны, қалғанын өзіміз жасаймыз. Дайын болған үйді өзіміз апарып береміз. Бағасы қолжетімді. Үйдің көлеміне қарай қаражатын аламыз, — дейді  Ахметқали Жиенбайұлы. Сонымен қатар ол келешекте көлік жөндеу, ет өңдеу цехтарын ашатынын айтып, өзінің жоспарларымен бөлісті.

Тұрарбек ҚАЙЫРҒАЛИҰЛЫ,

Жалпақтал ауылы,

Қазталов ауданы


Ұлы тойға арналған автошеру

Күні: , 814 рет оқылды

Казак хандыгына2


Қазақ хандығының 550 жылдығына орай өткізілетін республикалық шаралардың бірі 25-26 тамыз күндері облысымыздың Бөкей ордасы ауданы Хан ордасы ауылында өтпек.


Дүбірлі тойдың бағдарламасында республикалық ақындар айтысы, ғылыми конференция, театрландырылған көрініс, мерекелік гала-концерт, дала қызықтары, ұлттық ойындар, жәрмеңке бар.

Осынау мереке қарсаңында “Жайық қаласынан Хан ордасына дейін” атты автошеру Орал шаһарынан жолға шықпақ. Автошерудің мақсаты — Қазақ хандығының 550 жылдық тойында Жайық пен Еділдің арасында  Қазақ елінің көк туын желбіретіп, байтақ даланы дүбірлетіп, салтанатпен жүріп өтіп осынау ұлы тойға үлес қосу.

Автошеруге шығатын топ құрамында тарихшы ғалымдар, өлкетанушылар, әнші, жыршылар, журналистер мен блогерлер, фототілшілер бар.

550 шақырым жолды жүріп өтіп, бірқатар тарихи орындарға ат басын тірейтін автошеру Оралдың іргесіндегі кезінде Бөкей мен Жәңгір бабаларымыз хан ретінде ақ киізге көтерілген Хан тоғайына, ортағасырлық Жайық қаласының орнына аялдайды. Одан кейін Ақжайық ауданының орталығы Чапаев, Жаңақала ауданының орталығы Жаңақала кенттері арқылы Хан ордасына ат басын тіремек. Жолшыбай елді мекендерде халықпен кездесулер, акциялар өткізу жоспарда бар. Экспедиция қайтар бағытында Қазталов, Жалпақтал ауылдарының халқымен жүздеспек.

Автошеруге қатысушылар 24 тамыз күні таңғы сағат 8-де Қадыр Мырза Әлі атындағы өнер орталығы алдында жиналады. Сол жердегі салтанатты жиыннан соң автошеру Оралдың іргесіндегі Хан тоғайына соқпақ. Автошерудің Хан тоғайына дейінгі қала ішімен жүретін жолына қала тұрғындары да қосылса болады. Бағыты: Әбілқайыр хан даңғылы-Сырым Датұлы көшесі-Гагарин көшесі арқылы Еуразия даңғылы-Достық даңғылы. Ұлы даланы дүбірге толтыратын ұлы тойға сіз де үлес қосыңыз, оқырман!


Жанғали әлемі

Күні: , 889 рет оқылды

Набиуллин


(Ақынның  қайтыс  болғанына  қырық  күн  болды)

Тірілер өлген адамның көзін жабады,

Өлілер тірі адамның көзін ашады.

Халық мақалы


Әрине, бұл әлем жұрт армандайтындай аса көркем де болмауы мүмкін. Өйткені мен білетін Жанғали Набиуллин кәдімгі біз сияқты өмір сүрген жоқ. Мен мектепте оқып жүргенде  Бақыт (Жақсығалиева), Ұзақ бай (Рахметуллин) секілді талант ұшқыны бар жастар «Жанғали ақын айтты», «әдемі кеңес берді», «сөзі қорғасындай, құйып-құйып тастайды» деген қып-қызыл романтикаға толы түсініксіз  сөздер  айтатын.

Өмір талқысы қиын ғой. Мен аяқ астынан Жаңақала «қызыл мектебін», Мәстексай деген жердің «ақ мектебіне» алмастырдым. Шет жер (ауыл арасы 30-40 шақырым болғасын ба, әлде достарымды сағындым ба, бірден есейіп, тіпті адам танығысыз өзгеріп кеттім. Тәртібім түзелді, білімге құштарлығым артты, спорт жеңістерін үдеттім, қысқасы, «толық адамға» (Абай таразысы) ұқсағым келді. Әдебиеттен дәріс беретін Сағит Қуанов, ер балалар тәрбиешісі Бақыт Мұқанғалиева дұрыс бағыт, жақсы есею жолын нұсқады. Мен әуелі өлең, кейін қара сөз жаза бастадым. Ағам (Нариман Ша-рабасов) жылқышы еді, содан көрген-білгенімді әдеби өңдеп «Ақбоз ат» деген хикая жаздым. «Орал өңірі» журналшысы Жанғали Набиуллин «жарамды», бірақ оқырманды үйіретін эпизод тап» – деп нығырлады. Кейін атышулы «Төребай» моласына «саяхаттан» соң, осы есімді әңгіме жаздым. Жәкең тағы да «жақсы әңгіме жазыпсың» деген соң қатты үміттеніп, ерекше бір сілкініп, Оралдағы әйгілі А. С. Пушкин атындағы педагогика институтына бет алдым.

Орал шаһарындағы әдеби ортаның жаны да, қаны да Жанғали ақын болатын. Оқта-текте орыс драма театрына баратынбыз. Тілі қиын, әсіресе, театрға лайық киім жоқ.

Бір жарқ-жұрқ еткен сұлулар мен сірескен костюмді ерлерді көргенде, өзіңді тұлпарға қосақтаған салпы-құлақ есектей сезініп, түңіліп кетеді екенсіз. Ондайда «Жанғали үйірмесіне» барамыз. Сұрақ белгісіндей Тихон (Әліпқалиев), абстракционист-футурист Айтқали (Нәріков), әсіре байыпты Қайыржан (Хасанов), жанрын таппаған Ұзақбай (Рахметуллин), әсі-ре әпенді Мұқадес (Есламғалиев) әдебиет жауқазындары Алпысбай, Шолпандар  орта  толтыратын.

Біз институтта тым тәуір әдеби білім алдық. Ал «Жанғали үйірмесі» мамандық таңдаудың таразы мекемесі секілді еді. Жәкең орыс әдебиеті мен мәдениетін мейлінше терең білді. Бірақ әлдебіреулерше білгенін құлпыртып, өзге дүние болмағандай айтуды өте жек көретін. «Әнебір білгіш айтты», «мына көреген нұсқады» дей берсең, өзің не бі-тіресің? Кітапханадан ал да, қадал!» – деп  ұрсатын. Расында да, сол кездегі Расул Ғамзатов, Шыңғыс Айтматов, Василий Шукшин, Виктор Астафьев эстетикалық феномендерімен Жәкең «Оқулары»  арқылы  таныстық.

Жәкең өлең табиғаты, құрылымы, буын-ырғақ мәселелерін терең талдай алатын. Оған ол кезде небәрі 10, 20, 50 тиынға сатылатын әлем жауһар әдебиетінің шағын қалта-кітапшалары көмекке келетін. Соны әрбір үйірме сайын жаңартып, «Қадырда ана ұлы, мына ұлы сілемі бар» деп нұсқап отыратын. Ол кезде біз тек Жәкең үйінде бар 200 кітаптан тұратын «Әлем әдебиеті кітапханасын» тамашалар едік. Облыстық, қала кітапханаларынан ол кітаптарды айлап кезекке тұрып, күтер едіңіз…

Жәкең әр күйлі жүрді. Бірде жұмысты, бірде еркін. Бірде бір газет, мәдениет саласындағы басшыларға ренжіген емес. Көңілді уағында: «Әй, сол сұмпайылар менің бас жағымда емес, аяқ жағымда жатса, жақсы болар еді?!» деп  сұрлана, қасқырша езу тартатын.

Жанұялық жылдар да Жанғали ақынға сұлу ғұмыр сыйлай қоймады. Сөйте тұрса да, жалғызды (әжесінің аманаты) Нұрланды аузына тістеп өсірді. Жаман жерге отырғызбады, жаман жолдасқа жақындатпады. Қазақы қауымда, жақсы дос-жарандар арасына сүйрелеп, ақыры жеткізді. Өзі айтатын: «Өлеңнен кейінгі қымбаттым – Нұрлан ғой. Түзу жолға түсіп, жақсы тұлпарға мініп кетсе, арман не?!» —  деп көзі жасаурап, танауы делдиіп, темекісін бұрқырата түсер еді, жарықтық!

Жәкең туралы көп жазған жоқпын (өйткені талдауға ауыр), бірекі дүниені сұраныс арқылы жүзеге асырдым. Ақын тірісінде өте риза болды. Ал менің бітіргенім – сансыз кездесулер, ол туралы курстық-диплом жұмыстарын жаздыру. Шәкірттеріме (олар республиканың әр қиырынан ғой) Ақ Жайықта Жан-ғали Набиуллин деген ақын бар. Өлеңі Махамбет тақылеттес, ерекше  ақын, дарынды шайыр деп насихаттаңдар  деген  ой  тастау  ғана.

Жәкеңнің достары аз болды. Ал прозашы, көркем жігіт Қайыр Бектұрғанов, дүлдүл ақын Қадыр Мырзалиевпен достығын өз алдына бөлек әңгімелеп, біртұтас көркем шығарма жазуға лайық тақырып деп білемін. Оны қаламгер інісі Ғайсағали Сейтақ әдемі игере алады деген зор үмітіміз бар.

Қайран Жәкең! Енді ғана танимыз ба деп жүргенде: «Жалт етті де, жоқ болды» (З. Қабдолов). Алдыңыз – нұр, мекеніңіз – жұмақ, иманыңыз серік болғай  деуден  басқа  не  шара?!

Жанғалиды пір тұтатын жаңақалалық інісі

Серікқали ШАРАБАСОВ

Қадырша жоқтау

(Ж. Набиуллин рухына)

«Осы жұрт

Жанғалиды  білді  ме екен»,

Білмесе,

білгісі  кеп  жүрді  ме екен?

Болмаса, «жалғыз жортқан мынау кім» деп,

Сыртынан саусақ безеп, күлді ме екен?

«Осы жұрт Жанғалиды таныды ма»

Жалғанның  жыры  ұқсаған жарығына?

Болмаса, «үкіметті  жазбайды»  деп,

Нансоғар  найсаптары «налыды» ма?

«Осы жұрт Жанғалиды  оқыды  ма?

Өлеңнен ойына өрмек тоқыды ма?

Болмаса, домаланса «дүние-бақ»

Жабылып соны ғана шоқыды ма?

Өлеңсіз  өткізбеген жай  күндерін,

Өлімін  Құлагердің қайғым  дедім.

Сен қайттің,

Жайықтағы  жалпақ  жұртым,

Жүз  пайыз  жыладың  ба? Әй,  білмедім?!

P.S. Өлген  соң  мақтайды, иә,  өлмес  елі,

Жырлары  Жанғалидың төрге  өтеді.

Таныды  тірісінде тарлан  Қадыр,

Жарықтық  Жанғалиға сол  жетеді!

Сағынтай БИСЕНҒАЛИЕВ,

Жұбан елі-Ақжайық ауданы


БҚО, Орал қаласы, Мұхит көшесі, 57/1
zhaik_presscenter@mail.ru
oral_oniri@inbox.ru
support@oraloniri.kz

Орал өңірі" газетінің бас редакторы: 51-25-80
Бас редактордың орынбасарлары: 24-17-08, 54-18-08
Жауапты хатшы: 54-38-22
Тілшілер: 50-66-88, 51-50-34
Жарнама бөлімі: 51-51-09
Яндекс.Метрика