Мұрағат: 18.08.2015


Рухты аспандатқан күрес тойы

Күні: , 906 рет оқылды

DSC_0448


Тамыздың 13-14-і күндері Қаратөбе ауданында даңқты балуан Еңсеп Досқалиевтің жүлдесі үшін қазақ күресінен республикалық турнир өтті.


“Қазақта Еңсеп деген бар балуан…”

Өнердің отын үрлеген Қара­тө­­бе өлкесі тарихта ортан жілікті ор­тасынан бөліп, қарсы келгенін алып жы­ғатын балуандарымен де көп­ке таныс. Соның ішінде аты алыс­­қа кеткен республикамыз­дың тұң­ғыш абсолюттік чем­пио­ны Еңсеп Досқалиевтің есімі та­рих төрін­де алтын әріппен жазулы.

Белгілі өлкетанушы Қайыржан Хасанов «Түйе палуан» атты ең­бегінде «Еңсеп Досқалиев 1905 жылы Қаратөбе ауданының Егін­дікөл ауылында дүниеге келген. Бала кезінен күреске, ат бәйгесі­не қатысып, ұлттық спорт түр­ле­рі­мен шұғылданған. 1939 жылы Се­мей қаласында өткен респуб­ли­ка­ның біріншілігіне қатысып, орта салмақта бірінші орынға ие бо­лып, барлық салмақ дәрежесі бо­йын­ша қарсыластарын жеңіп, абсо­люттік чемпион атағына ие бол­ған. 1941 жылы Фрунзе қа­ла­сын­да­ғы одақтық жарысқа қаты­сып, Ресей, Украина, Беларусь жә­­не бас­қа республикалардың ба­л­уан­­дарымен белдесіп, намысты аяқ асты жасамай, чемпион­дық тұ­­­ғырға көтерілген. Ұлы Отан со­ғысы басталған соң Е. Досқа­лиев өз еркімен майданға атта­нып, 1944 жылы Украина жерінде ер­­­лікпен қаза тапты», — деп жазады.

Ұрпағы бабамыздың ой қорыған

Жарыс басталмас бұрын аудан әкімі Асхат Шахаров ел даңқын аспандатқан абсолюттік чем­пион Еңсеп Досқалиевтің рес­пуб­ли­ка­мыздың түкпір-түк­­пі­рінен кел­ген ұрпақтарын қа­был­дады.

— Еңсеп бабамыз — бар саналы ғұмырын халқына арнаған айтулы тұлға. Қазақ күресінің дамуына зор үлес қосып, ел абыройын арттырған бабамыздың есімі еш уақытта ұмытылмақ емес, — деді аудан басшысы.

Жылы шырайлы кездесу барысында оралдық Айдар Досқалиев, алматылық Света Досқалиева, та­­­раздық Дана Чапайқызы, аста­налық Найля Чапайқызы, қа­ра­төбелік Ерболат Райысов ау­дан басшылығына ризашылық сезімдерін жеткізді.

Одан соң мәртебелі меймандар аудандық тарихи-өлкетану мұ­­­ражайында болып, аталарының құрметіне орай жасақталған бұ­рышпен танысты. Естелік суретке түсіп, мұражай альбомына қолтаңба қалдырды.

Мереке  құрметіне ән дарыған

Турнирге қатысу үшін Қы­зыл­орда, Маңғыстау, Ақтөбе, Аты­рау, Шығыс Қазақстан облыста­ры­ның жә­не өз өңірімізден келген балуан­дарды қаратөбеліктер шекарадан ақ дәм ұсынып, қарсы алды.

Күрес тойына еліміздің түкпір-түкпірінен 100-ден астам балуан келді. Балуандардың құрметіне аудан көркемөнерпаздары кон­церттік бағдарлама ұсынып, ән мен күйдің тиегі ағытылды. Ме­ре­­келік концертте Сәнжан Бай­те­мі­ров «Байтақ елім — қа­за­ғым», Қа­рашаш Абай­­қызы «All by meselg», Жарқын мен Аяжан Бай­темі­ровтер «Қыз­ға­намын», Абай Ғаб­дуллин «Тек, алға!» ән­дерін орындап, барша ағайынға көтеріңкі көңіл күй сыйлады.

Кештің басты қонағы, Қаратөбе өңірінен түлеп ұшқан өнер жұл­дызы Асхат Үрпековтің орын­дауындағы «Ауылды аңсау», «Сен сұлу» әндері жазира даланың самал желімен тербеліп, көрермен жүрегіне ұялады. Концерт  Е. Ха­сан­ғалиевтің «Атамекен» әнімен аяқталып, шара соңы отшашуға ұласты.

Ертесіне турнирге қатысушы балуандар мен меймандар орта­лық саябақтағы Еңсеп Досқа­лиевке ар­налған ескерткіш-тақтаға гүл шоқ­­­тарын қойып, баба рухына тағзым етті.

Көп болды бұл додаға сай оғылан

Жарыстың жоғары деңгейде өтуіне ұйымдастырушылар бар кү­шін салып бақты. Турнир­дің ашы­лу салтанаты да көпші­­ліктің кө­ңі­лі­нен шықты. Театр­лан­ды­рыл­ған қойылымда батырлардың күш сынасуы мен белдесуі ша­ра ажарын аша түсті. Жарыс шы­мыл­дығының ашылу рәсімінде об­лыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Азамат Бекет, БҚО қазақ күресі фе­де­ра­циясының президенті Қай­мен Есендияров, «Қазақстан барысы» турнирінің 2012 жылғы күміс жүлдегері, қазақ күресінен үш дүркін Азия чемпионы, әлем чемпионы Шалқар Жоламанов, Еңсеп бабаның ұрпақтары құттықтау сөз сөйледі.

Бұл турнирге «Қазақстан барыстары» Айбек Нұғымаров пен Мұхит Тұрсынов (Шығыс Қазақстан облысы) арнайы қатысты. Аудан басшысы қос тарланға құрмет көрсетіп, қазақы қалыппен иық­тарына шапан жапты.

Боз кілемдегі күрес тартыссыз өткен бе?! Шаршы топқа шық­қандардың көбісінің «сен тұра тұр, мен атайын» екендіктері бірден байқалып-ақ тұрды. Сол себепті болса керек, боз кілемде жеңісті оңайлықпен бере салған балуанды көре алмадық. Балуандар бел­десуінің куәсі болған халық­тың қарасы бір сәтке толастамады.

Жарыстың финалдық кезеңде 55 келі салмақ дәрежесі бойынша сырымдық Ержан Шүкіров, 60 келі салмақта атыраулық Роман Майлашов, 66 келіде Атырау облысының намысын қорғаған Дархан Сауғабаев, 74 келі салмақта қызылордалық Ғалымжан Абдрах­манов,  82 келіде атыраулық Та­би­ғат Мағауияұлы, 90 келіде ақ­тө­белік Еламан Қойшыбаев, 100 келі салмақ дәрежесінде Қызылорда облысының тумасы Нұрым Сә­лімгереев, 100 келіден жоғары салмақта қызылордалық Марат Баймаханов жеңімпаз атанды.

Айбектің туды тағы айы оңынан…

Дүбірлі доданың ақтық сынын­­­да 22 балуан «түйе балуандыққа» бақ сынауға тілек білдірді. Фи­нал­дық бәсекеде Айбек Нұғымаров пен Мұхит Тұрсынов белдесуге шықты. Бозкілемде тәжірибелі балуандар бір-біріне дес бермей, біраз жүрді. Бұл қалай болады дегенше, қарсыласынан тәжірибесі озықтауы, жас шамасы да үлкен Айбек шалт қимылдап, басымдық танытты. Сөйтіп, Айбек жеңіске жетті. Осылайша турнир жүлдесі­не тігілген темір тұлпарды «Қазақ­стан барысы» турнирінің жеңім­пазы, шашасына шаң жұқтырмас шығысқазақстандық балуан Ай­бек Нұғымаров қанжығасына бай­лап, «түйе палуан» атанды.

Жүлделі ІІ орынды бар қазақ­қа танымал «Қазақстан барысы» турнирінің жеңімпазы, семейлік

Мұхит Тұрсынов, ал ІІІ орынды Арман Қалиев (Атырау облысы) еншіледі. Жеңімпаз бен жүл­де­гер­лерді аудан әкімі Асхат Шахаров құттықтап, марапаттады. Еңсеп Досқалиевтің немересі Айдар Дос­қалиев жарысқа қатысушы же­ке­леген балуандарға әр түрлі ата­лымдар бойынша сыйлықтар табыстады. Қайырып айтқанда, нақ осы күні баба рухын биікке кө­терген қазақ күресінің тағы бір белеске иек артқандығының куәсі болдық. Өміршең өнер өшпейді деген осы да.

Ертай БИМҰХАНОВ,

Қаратөбе ауданы

Суретті түсірген Тоты АСҚАРҚЫЗЫ

Шалқар ЖОЛАМАНОВ,

«Қазақстан барысы» турнирінің күміс жүлдегері:

— Бұл турнирге Қаратөбе ауданының әкімі Асхат Берлешұлы­­ның шақыруымен қонақ ретінде қатысып отырмын. Қаратөбе­­лік­­тер – өте қонақжай, пейілі кең халық екен. «Қаратөбеге барып, ән­ші­­мін деме» деген сөз осыдан қалса керек-ті. Қазақ күресі атадан ба­­лаға жалғасқан ұлттық спорт түрі екені белгілі.  Осындай турнир­­лер­­дің жиі өтуі – қазақ күресі дәрежесінің көтерілгендігінің белгісі.

Әділбек СЕРІКБАЕВ,

Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген жаттықтырушысы (Қызылорда облысы):

— Қасиетті Қаратөбе өңіріне келгенімізге қуаныштымын. Еңсеп ба­бамыздың есімі – көпке таныс. Оның үстіне аудан басқарып отыр­­ған азамат та – балуан ретінде аты шыққан ел мақтанышы. Турнир өткен дене шынықтыру-сауықтыру кешені керемет салынған ғи­ма­рат екен. Алла бұйыртса, талай жарыстарда кездесеміз деп ой­лай­мын. Біз­дің облыстан турнирге барлық салмақта 10 балуан қа­ты­сып, бақ сы­нады. Оның екеуі әлем чемпионы болса, қалғандары – спорт шебер­лері. Ұйымдастырушы тараптың балуандарды, меймандарды қарсы алуы көңілден шығады. Турнир жоғары дәрежеде өтті.

Ибат ЕРІШЕВ, турнирдің бас төрешісі:

— Төрешілер де әр белдесу сайын әділ шешім шығарып отырды. Қазақ күресінің бір ерекшелігі – белдесу кезінде төрешілер белден баса алмайды. Айтулы додаға екі бірдей «Қазақстан барысы» турнирінің жеңімпазы, әлем чемпиондарының, жиырмаға тарта халықаралық, республикалық дәрежедегі спорт шеберлерінің қатысуының өзі турнирдің бәсі биік екендігін көрсетеді.


Тағдырына разы жан

Күні: , 873 рет оқылды

митрохина алевтина 001


Жыл өткен сайын Ұлы Жеңісті жақындатқандардың қатары күрт азайып келеді. Сонда да олардың рухы әлі де мықты, келешекке сенімі нық. Солардың бірі – Орал қаласының байырғы тұрғыны, Ұлы Отан соғысының және медицина қызметінің ардагері Алевтина Тимофеевна Митрохина. Бұрынғы майдан медбикесі.


Алевтинаның қыз күніндегі тегі – Савченко. Ол көршілес Саратов облысының Қазақстанмен шекарасына таяу орналасқан Таловое ауылындағы қарапайым шар­уа­ның отбасында өсіп-өнді. 1941 жылдың 22 маусымында жау ел шетіне басып кіргенде, ол сол кез­дегі отаншылдық сезім құша­­­ғына бөленген өзге замандас­та­ры секілді бірден майданға ат­­та­нуды аңсады. Арада бір жыл өт­­кен соң, арманы жүзеге асты. 1942 жы­лы Озинкиден медбикелер даяр­лау курсын бітірген 17 жастағы Алевтина соғыстың ең сұрапыл тұсы – Сталинград қаласына түсті. Жарты жылға созылған, жан алып, жан беріскен шайқастан қа­лай аман шыққанына соғыс ар­да­ге­рі әлі күнге дейін таңданады.

— Сталинград жер бетіндегі та­мұқ еді. Жанталас күні-түні тын­­ған жоқ. Демалысты білген емес­піз. Тіпті ара-арасында бәріміз, бү­кіл медицина қызметкерлері қан тап­сырдық. Жаралылар болса күні-түні келіп жатты. Олардың жа­ра­сын да таңдық, отасының да ортасында жүрдік. Біраздан соң, бомбаның ұлуы мен снарядтың ысқырығына да үйренеді екен­сің. Жасыратыны жоқ, жас бол­ғандықтан, сол күндері өлімді де ойламаппын. Жанымдағы өзге де жас әріптестерім сондай күйде болды. Ойымыз да, мақсатымыз да біреу – жауынгерді ажал мен азаптан құтқару. Ең қиыны — көз алдыңда сарбаздың жан тапсыруы. Әсіресе, өрімдей жастар­дың. Бәрін бірдей құтқара алмадық, — деп күрсіне сөйлейді Алевтина Тимофеевна.

Үшінші Украин майданының құрамында болған бойжеткенді соғыс жолдары Харьков пен Одесса қалаларына, Молдавия мен Румынияға апарды. Соғысты Венгрияның астанасы Будапешт қаласында аяқтады. Алайда оны дереу үйге жібермей, Қара те­ңіз жағасындағы румынның бір курортты қаласына қалдырды. Осын­да госпитальда еңбек етті. Жас мейірбике соғыстың қымқуыт күндерінде қалай жан аямай жұ­мыс істесе, бейбіт кезеңде де сол дағдысынан айныған жоқ. Жаңа жұмыс орнында бұрынғы май­дангер тағдырдың еркімен ке­лешек жан жарын да кездес­тірді. Осында емделіп жатқан сі­бірлік жас сарбаз Лаврентий Митрохиннің көзі бірден көркем медбикеге түсті. Сөздері жарасып, ортақ шешімге келді. Тіпті госпитальда шағын той да жасап үлгерді.

Жас жұбайлар қызметтен боса­тылғасын, бірден Орал қаласына аттанды. Өйткені Алевтинаның ата-анасы осында көшіп келген-ді. Күйеу бала олармен танысқан соң, жарын ертіп, алыстағы Красноярск қаласынан бір шықты. Алайда тұрақтай алған жоқ. Көп ұза­май Жайық бойына кері оралды. Міне, жетпіс жыл бойы осы қа­лада өмір сүріп келеді. Жұбайлар мұнда отбасылық бақытын тап­ты. Майдандық неке өте берік бо­лып, екеуі үш қыз өсірді, бой жет­ке­сін тұрмысқа берді. Қазір жиендері мен жиеншарларының қызығын көріп отыр. Жан жары Лаврентий Алевтинамен бірге жарты ғасыр жұптасып өмір сүріп, 1995 жылы қайтыс болды. Майдан мүгедегі­нің соғыстан алған ауыр жарақаты қыр соңынан қалмай, ақыры ажал құшағына алып тынды. Алевтина бүгінде қыздары мен олардан өрбіген ұрпағының амандығын тілеп, ғұмыр кешуде.

Соғыстан кейінгі бейбіт жылдар – А. Митрохина үшін тек адал еңбек мен абыройлы құрметке толы кезең. Ең әуелі бұрынғы майдангер өмірін арнаған меди­ци­на саласындағы білімі мен бі­лік­ті­лігін арттырды. Батыс Қазақстан ме­дицина­лық училищесін бітірді. Со­дан соң осында жұмысқа қалып, зерт­ха­на­шы, кейін мейірбике ісі және хи­­рургия бойынша оқытушы болып көп жыл бойы еңбек етті. 1983 жылы зейнетке шыққанша талай меди­ци­на кадрын тәрбиелеп, жас­­­тар­дың білікті маман болып қалыпта­суына лайықты үлесін қосты. Оның бұрынғы шәкірттері абзал ұстазын күні бүгінге дейін құрмет тұтады, ара-арасында хабарласып тұрады. Майдангердің соғыс жылдарында алған екінші дәрежелі Отан соғысы ордені және өңірге тағар белгілерін бей­біт еңбекте «КСРО денсаулық сақтау ісінің үздігі» және «Қазақ­стан денсаулық сақтау ісінің үз­дігі» құрметті атағы мен өзге да ма­рапат толықтырды. Сондай-ақ ол – ең таңдаулы медицина қыз­мет­ке­ріне берілетін халықара­лық «Батыл­дық пен ізгілік» құрметті белгісінің иегері.

Бұрынғы майдангердің тағы бір мақтанышы бар. Ол – 1989 жы­­­­лы құрылған әскери-отаншылдық «Фронтовичка» клубы. Клуб құ­рыл­ғаннан бері оған А. Митрохина басшылық етіп келеді. Әуелде оның 69 мүшесі болыпты. Бәрі де – бұрынғы майдангер әйелдер. Құрылғаннан бергі 26 жыл ішін­де аталмыш клуб мүшелері талай кездесулер ұйымдастырып, сан алуан шараларда концерт қойды. Соғыс жылдарындағы әндерді жү­ректің қылын тербетіп айтқанда, талай көрерменнің көзіне еріксіз жас үйірілген. Клуб мүшелері сонымен қатар қазақ ұлтының батыр қызы, Кеңес Одағының Батыры Мәншүк Мәметованың да үй-мұражайын қамқорлыққа ал­ды. Үй-мұражайдың клубтың тұ­­рақты «штабына» айналуы да бе­­керден-бекер емес. Өйткені Мән­­шүк пен Алевтина Тимофеев­на­­ның, олардың құрбыларының тағ­ды­ры өте ұқсас – бәрінің де жастық ша­ғын соғыс өрті шарпыған. Айт­пақшы, клуб мүшелері сонау жылдары көрші орыс еліндегі Мәншүк Мәметова мен Әлия Молда­ғұ­лова қаза тапқан қасиетті то­пы­­рақ­қа барып, тәу етіп қайтты. Қазір сол батырлардың мәңгі­лік мекені – Невель қаласы мен Новосоколь­ни­ки елді мекенімен тұрақты бай­ла­ныс орнатылған.

Бұрынғы майдангердің ерекше адами қыры — ол сәл қолы боса­ған сәтінде ақ қағазға маржандай жыр жолдарын төгеді. Сірә, алғашқы балауса өлеңдерін сонау соғыс жылдарында жаза баста­ған сыңайлы. Кейін өмір бойы өлең­нің ауылынан ажыраған емес. Қазір де тым сиректеу болса, қағаз ши­майлап қоятыны бар.

— Бұл жалғанда бәрі де уақытша екен. Сол 69 адамнан бүгінде са­наулы жандар қалдық. Қалғаны қара жердің құшағында. Өте өкі­нішті, бірақ ажалға қарсы тұрар кім бар? Жеке басыма келсем, тағдырыма өте ризамын. Ең бастысы, қанды қырғыннан аман келдім. Жар және бала сүйдім, бү­гінде ұрпағымның бақытты өмі­рінің куәсімін. Отандастарыма ті­­лейтінім – біздің Қазақстан Елба­сы­мыз Н. Назарбаевтың саяси бас­шылығымен бейбіт өмір аясында шалқи берсін! Жастар қалыпты өмір сүріп, Отан игілігі үшін аянбай еңбек етіп, табыстан табысқа жетсін! Бұрынғы Кеңес Одағы хал­­қының Ұлы Жеңіске жетудегі қа­һармандығы мен жанқиярлық ең­бегі ешқашан ұмыт қалмасын жә­­не бұрмаланбасын! Менің арма­ным да, өмірлік мұратым да осы, — деп сө­­зін аяқтады Алевтина Митрохина.

Серік ИХСАНҒАЛИ,

«Орал өңірі»


Конституцияның 20 жылдығына арналды

Күні: , 826 рет оқылды

IMG_1458


Жексенбі күні «Заман» жас­тар қоғамдық бірлестігі ҚР Конс­ти­ту­циясының 20 жылдығына орай жас сарбаздар арасында волей­бол ойыны мен  жеңіл атлетика эста­фетасын ұйымдастырды.


«Конституцияға 20 жыл: Ұлттық ұлан Конституция мен құқықтық тәртіп күзетінде» акциясы аясында өткен шараға облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасы қолдау білдірді.

ҚР Ұлттық ұланы «Батыс» өңір­лік қолбасшылығының 5517-әс­­ке­­ри бөлімі сарбаздарының қа­­ты­­­суы­­мен өткен сайыста 1 ша­қы­рым­­­ға жүгіру бойынша жедел мақ­­сат­­та­ғы батальонның взвод ко­­­манди­рі, лейтенант Сейітхан Мық­­тыбаев жеңімпаз атанды. Сон­дай-ақ 3 және 5 шақырымға жүгі­ру бо­йын­ша сәйкесінше жедел мақ­сат­та­ғы батальонның 3-рота, 1-взвод, 1-бөлімшесінің қатардағы сарбаз атқышы Берік Зияденов жә­не ма­териалдық-техникалық қам­­та­ма­сыз ету ротасының автомобильдік взво­ды­ның қатардағы жүргізуші ма­ма­ны Мәди Айтмұхан топ жарды. Волейбол жарысы­нан «3-рота» командасы озып шық­ты. Жас сарбаз Таран Наурызбек «Үздік ойыншы», ал Мәдірбек Мәди «Үздік шабуылшы» аталымдарына ие бол­ды. Жастар саясаты мәселелері бас­қармасының бас маманы Ранида Әшенова барлық жүлдегерлерге диплом және ба­ғалы сыйлықтар табыстады.

Нұртас НАБИОЛЛАҰЛЫ,

«Орал өңірі»


«Ақ Жайықтан – толқынды Тобылға»

Күні: , 169 рет оқылды

IMG_5536


Тамыз айының 13-14-і күндері қарт Жайықтан аттанған Батыс Қазақстан облысының делегациясы толқынды Тобыл жағасындағы Қостанай өңіріне барып, жергілікті өнерсүйер зиялы қауыммен қауышты. Батыс Қазақстан облысының Қостанайдағы мәдениет және өнер күндерінің салтанатты ашылу рәсімі «Мирас» мәдениет сарайында өтті.


Алдымен қос облыс әкім­дерінің орынбасарлары Бақтияр Мәкен мен Мұ­рат Дәрібаев кездесу өткізіп, «Ақ Жайық. Ақ шағала. Ақұштап» деп аталатын шығармашылық кештің иесі, ақын, халықаралық «Алаш» сыйлығының иегері Ақұштап Бақ­тыгерееваның өмірі мен шығар­машылығынан сыр шертетін  көр­мемен танысты. Онда ақын апа­мыздың осы күнге дейін жа­рық көрген кітаптары койылып, ин­­новациялық жаңалық ретінде Ақ­ұштап Бақтыгереева шығар­маларының электрондық нұсқа­сы көрермендерге ұсынылды. Оқырмандарға түсінікті болуы үшін «Қайран, қарлығаштар-ай» кітабының макеті осы жерде кө­рі­ніс тапты. Артынша Жайық­тың «Ақ шағаласы» Ақұштап Бақты­герей­қызының шығармашы­лық кеші­нің шымылдығы ашылды, «Ақ­жайық» би ансамблі өнер көр­се­тіп, жас өнерпаздар ақын өлең­дерінен үзінді оқып, жиналған жұртшылықтың қошеметіне бө­­лен­ді. Жәй ғана музыканың сүйе­мелдеуімен оқылған өлеңдерден соң, шығармашылық кештің иесін қостанайлық көрермен қауым орнынан тұрып қарсы алды.

Қаройда ойламаған батар деп күн,

Жолында басы кеткен қатал кектің.

Елінен сәлем алып келіп тұр­мын

Рухы мәңгі өшпейтін Махам­беттің! – деп, тебірене сөйлеген ақын апамыз: «Армысыздар, аға­-й­ын! Ақ Жайық пен Тобылдың үні бір, ағысы бір. Сіздерге сонау шал­ғай­да жатқан Оралдың сәлемін алып келіп тұрмыз. Бүгін біз егеменді ел екендігімізді тағы бір мәрте көрсеттік. Тобылдың жаға­сында­ғы игі шараның шығарма­шы­лық кештен басталғанына дән ризамын. Қос өңірдің мәдениет қыз­­меткерлеріне алғысым шексіз. Екі өзен тоғысқандай сезімдеміз. Келешек ұрпағымызды Отанды сүюге және сөз қадірін түсінуге тәрбиелеуіміз керек. Қостанайлықтарды осынау мерекелі күндермен шын жүрегімнен құттықтаймын», — деп ризашылы­ғын білдірді.

Кешке жиналған жұртшылық­тың қарасы қалың болып, қоста­найлықтардың атынан облыс әкі­мінің орынбасары Мұрат Дәрібаев ақынды құттықтап, сөз сөйледі.

— Мемлекет басшысының тапсырмасына сәй­кес, бірыңғай мә­дени-ақпараттық орта құру мақ­сатында облыстардың өзара қа­рым-қатынастарын ны­ғайту қол­ға алынды. Осыған орай бүгін Батыс Қазақстан облысының Қос­танай облысындағы мәдениет күндері бастау алды. Құрметті Ақұштап Бақтыгерейқызы, Қос­танай өлкесіне келген шығарма­шылық сапарыңыз құтты бол­сын. Халқымыздың рухани дамуына, мәдени өркениетіне, әсіресе, ұлт­тық жан дүниемізге өз шығар­машылығыңызбен айтулы үлес қо­сып келесіз. Ақ ерке Жайықтан қанат қағып, бүгінде бүтін қазақ поэзиясы айдынының «Ақ ша­ғаласы» атандыңыз. Сіздің есіміңіз өлеңсүйер қауымға жақсы таныс. Ақын ұрпаққа рухани қорек беріп, адамгершілік пен шын­шылдықтың негізін қалайды. Хал­қыңызға айтар сөзіңіз таусылмасын, шабыттың шыңына шыға беріңіз. Отбасыңызға амандық, деніңізге саулық тілеймін, — дей келе Қостанай облысының әкімі Нұралы Сәдуақасовтың атынан ақын апамызға сыйлық табыс етті.

Думан Омаров, Асылай Көбжа­нова, Манас Кенжетаев, Әйге­рім Сағаденова, Базарханым Қажы­мо­ва сынды әртістер Ақұштап Бақтыгерееваның ана тақыры­бын­дағы өлеңдерін нақы­шына келтіре оқыды. Оралдық ақын Мұнайдар Балмолданың сөзіне жазылған «Ақұштабы Алаштың» атты әнін «Батыс STAR» триосы орындап, кештің шымылдығын жапты. Жиналған көрермен қауым өнерпаздарға гүл шоқтарын қай­та-қайта ұсынып жатқанынан шы­ғармашылық кештің әсерлі өткенін байқадық.

*     *     *

Жайықтан барған мәдениет қызметкерлерінен бөлек Батыс Қазақстан облысы Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелері де шараға қатысқан болатын. Ғайса Қапақов бастаған топ Қостанай облысындағы әріптестерімен кез­десіп, олардың бүгінгі күні атқа­рып жатқан жұмыстарымен танысты. Сонымен қатар облыстық мұражайлар мен бірнеше ұлт өкілдері бас қосатын «Достық» үйіне де ат басын тіреді.

*     *     *

Үлкен концерттік бағдарлама басталмас бұрын Қостанай облы­сының әкімі Нұралы Сәдуақасов арнайы келіп, алыстағы Жайық­тан ат арытып әкелінген тарихи құнды жәдігерлерді көрді. Батыс­қазақстандық суретшілердің жә­не қолөнер шеберлерінің туынды­­­ларымен қатар археоло­гиялық зерттеу кезінде Жайық қалашы­ғынан табылған көне жә­дігер­лерді тамашалады. Осы көр­меге қойылған экспонаттардың ішінде ерекше көз тартатыны «Алтын ханшайым» еді. Қостанай өңірінің басшысына құнды жә­дігердің табылу тарихы туралы облыстық өлкетану музейінің экскурсоводы Вероника Нажмеденова түсіндіріп берді. Сондай-ақ «Назерке» және «Ақжайық» ха­лық биі ансамбльдері «Жайықтың тол­қындары» хореографиялық композициясын қостанайлық көрер­мендерге тарту етті.

— Армысыздар, аса қадірменді қонақтар және қостанайлықтар! Өнер — мәдениеттің айнасы. Елдің ең басты байлығы, асыл мұ­ра­сы. Мәдени іс-шаралардың біз­дің өңірімізде өткізілуі өңірі­міз­дің ерекшеліктері мен рухани құндылықтарын кеңінен танысты­руға зор мүмкіндік беріп отыр. Қос өңірдің өзара ықпалдасуы елдігімізді нығайтып, экономика­лық қуаттылығымызды арттырып, мәдени өркендеуіне жол ашып береді деп сенеміз. Халықтың рухани байлығын дамытып жүрген батысқазақстандық мәдениет майталмандары мен өнерпаздарына қасиетті Тобыл жеріне қош келдіңіздер дейміз. Бүгінгі өнер мерекесімен баршаңызды құттық­тай отырып, еңбектеріңізге шығар­машылық табыс, шалқар шабыт тілеймін, — деді Қостанай облысы әкімінің орынбасары Мұрат Дәрібаев. Одан кейін мінберге Батыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Бақтияр Мәкен кө­терілді.

— Ардақты Қостанай қаласының тұрғындары мен барша қонақ­тар!  Өнер мен мәдениет арқылы біз халықтың достығын және елдің өнерге сүйіспеншілігін одан әрі арттыра­мыз. Елбасының тапсырмасына сәйкес бүгінгі өтіп жатқан игі­лікті шара қос өңірдің бір-бірімен тәжірибе алмасып, өзара ық­палдаса дамуына үлкен септігін тигізеді. Батыс Қазақстан об­лы­сының әкімі Нұрлан Асқарұлы Ноғаев сіздерге сәлем жолдап, баршаңызға алғысын жеткізуімді тапсырды. Түске дейін болған ша­рада, Ақ Жайықтың Ақ шағаласы атан­ған ақын Ақұштап Бақтыге­реева апамыздың шығармашы­лық кешіне куә болдыңыздар. Өскелең ұр­паққа өнеге болатындай із қал­дырсақ, ұлағатты бола­ры сөз­сіз. Қостанай өңірі асты­ғын ғана мақтаныш тұтпай, өнермайталмандарымен де елге жақ­сы таныс. Ағартушы Ыбырай Алтынса­рин, үлкен ғалымдар Шоқан Уә­лиха­нов, Ахмет Байтұрсынов сияқты ғұламаларымыздың кейін­гі ұрпаққа қалдырып кеткен мұ­ралары бәріміз үшін зор мақта­ныш. Сол мұраларды жоғалт­пай, өскелең ұрпаққа жеткізу — біздің борышымыз. Қостанай жұртшы­лығына ал­ғыс айта отырып, ден­деріңізге саулық отбасыларыңыз­­ға аман­дық тілейміз. Бүгінгі кеші­міз құт­ты болсын, — деп жылы лебізін білдірген Батыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Бақ­тияр Мә­кен Қостанай облысы әкімдігіне естелік сыйлық табыс етті.

Әншілер Жаскелең Ғайсағалиев пен Майра Хайдарова «Күн сәуле­лі Қостанайым» әнін нақышына келтіре орындап, жиналған жұрт­­шылықтың қошеметіне бөленді. Дастан Есентеміров, Ақмарал Ахметова, Күләш Қуанышқалиева, Дә­рия Бақытова, Қанатқали Қо­жа­­қов сықылды белгілі әншілер кон­церттік бағдарламаның шырайын кіргізді. Дәулеткерей атын­дағы қазақ халық аспаптары ор­кестрі және Ба­тыс Қазақстан об­лысы әкімі жанындағы эстрада­лық-симфония­лық оркестрі (ди­ри­жерлері Е. Нұрымбетов пен А. Шевелев) «Бал­бырауын», «Ма­хам­беттің поэмасы», «Кармен» шығармаларын орындап берді.

Концерттік бағдарлама соңын­да ақын Қадыр Мырза Әлінің сө­зіне жазылып, Ескендір Хасанға­лиевтің әніне арқау болған бүкіл қазақ даласы қосыла шырқайтын «Атамекен» әнін барлық өнер­паздар үлкен тебіреніспен орындап жатқанда, залға лық толы көрермен қауым орнынан тұрып, қошеметін білдірді. Қостанай облысы әкімі Нұралы Сәдуақасов­тың атынан өнерпаздарға ықылас гүлі тарту етілді.

*     *     *

Келесі күні І. Омаров атындағы қазақ драма театрында Шыңғыс Айтматовтың «Жәмилә» повесін Батыс Қазақстан облыстық қазақ драма театрының әртістері сахналады. Көрермендер залы лық толды. Қойылым ерекше. Ұлы Отан соғысы жыл­дарындағы ауыл адамдары­ның тұрмыс-тіршілігін арқау еткен прозалық туынды драмалық спектакльге айналып шыға келген. Режиссер Мұқанға­ли Томановтың жұмыстануымен сұрапыл жылдары әйел затының бастан кешкен қиындығы Жәмилә арқылы қойылым өз мақсатына жеткендей. Жәмилә — өмірдегі талай ке­ліншектің жиынтық образы. Қаршадай қызды алып қашады. Төрт айдан соң күйеуі соғысқа кетеді. Қара шаңырақта жас келін Жәмилә, бала Сейіт және енесі қала береді. Жәмилә рөлін Әйгерім Сағаденова сомдады. Бала Сейіттің рөлінде Асылжан Жакин. Соғыстың салған зардабы осы аталған кейіпкерлердің жан толқыныстары арқылы беріледі. Мұндағы әр кейіпкердің сөзі жүректің нәзік қылын шертеді, әр көрініс ой салады. Сондықтан да болар, кейбір көрермендер көздеріне жас алып отырды. Спектакль Жәмиләнің соғыстан мүгедек болып оралған Даниярға қосылуымен аяқталады. Екеуінің арасындағы сезім өз алдына бө­лек әңгіме. Осындай әсермен театр залының жарығы іске қосылып, қостанайлық көрермендер тар­қасты.

Темірболат ТОҚМАМБЕТОВ,

Орал – Қостанай — Орал

Ақылбек Шаяхметов,

ақын, Ахмет Байтұрсынов атындағы Қостанай мемлекеттік университетінің профессоры:

— Тобыл жағасында Батыс Қа­зақстан облысының мәдениет күндеріне орай барлығы сән-салтанаты­мен басталып жатыр. Игілікті шара Ақұштап апа­­мыз­дың поэзия кешімен басталғаны біз­дің көңілі­мізге жақсы әсер ұя­латады. Қазақтың ақын қызда­­рының ішінде Ақұштап апамыз да біз үшін бір төбе. Ана мен қыз балаға арналған өлеңдері ха­лықтың жа­дында. Ақынның өлеңдері қазақ даласының мықты ком­позитор­ларының әндеріне арқау болып жүр. Жайықтың арнасы ортаймасын.

Гүлвира Құдайқұлова,

Қостанай облысы Қазақстан халқы ассамблеясының  хатшысы:

— Батысқазақстандық делега­ция­ны қуанышпен қарсы алдық. Өңірімізде биыл Ассамблеяның 20 жылдығына орай көптеген шаралар өткізілуде. Ха­лықтар ара­сындағы достықтың маңызы зор. Қос­танай облысында 100-ден астам ұлт өкілдері тұрады. Барлығы да бейбітшілік пен келісімді қол­дап, тәуелсіз Қазақ елінің дамуына өз үлестерін қосып келеді.

Дәулеткерей Құсайынов,

БҚО мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасының басшысы:

— Мұхит пен Ғарифолланың ән­дерін, күй ата­сы Құрманғазының, дәулескер домбырашылар Дәу­лет­керейдің, Мәменнің, Сейтектің, Динаның күйле­рін әкеліп тыңдату – өнер адамдары үшін әрқашан үлкен мәртебе. Өздеріңіз байқап тұр­­ғандай, біздің сапарымыз үш кезеңнен тұрады. Алғашқы кезеңі Батыс Қазақстан облысының тарихы­мен таныстыру. Осы орайда тек соңғы он жылдықта 6 мың көне жәдігер табылған, соның ішінде шоқтығы биігі – «Алтын ханшайым». Бұдан басқа 200-ден астам экспонаттар көрмеге қойыл­ды. Осындай құнды жәдігерлерімізді қостанайлықтар үлкен ықылас­пен көріп, тамашалады. Сондай-ақ Ақ Жайықтың «Ақ шағаласы» атанған ақын апамыз Ақұштап Бақтыгерееваның шығармашылық кеші, мерекелік кон­церт «Жәмилә» драмасы көпшілік көңілінен шықты.

Айғаным Жайлаубаева,

Қостанай қаласының  тұрғыны:

— Елбасымыз аман болсын. Оралдың өнерпаз­дары келіп концерт қояды дегенді естіп, тама­шалауға келдік. Мәде­ниет қыз­меткерлерінің ұйымдастыруымен болған кеш өте ұнады. Қайда жүрсе де, батысқазақ­стан­дық өнерпаздардың жолдары болып, сапарлары сәтті болсын.

Лариса Сераус,

Қостанай облыстық мәдениет басқармасының басшысы:

— Біріншіден, әріптестерімізді қарсылап жатқа­ны­мызға біздер өте қуаныштымыз. Қостанайлық­­тар — қонақжай және кеңпейілді халық. Көрер­мендеріміз батысқа­зақстандық өнерпаздар­дың өнерлеріне тән­ті болып, қошеметтерін аяған жоқ. Қос өңір­дің мәдени жағынан тәжірибе алмасуы қуантар­лық жағдай деп есептеймін. Бізге әкелген көрме, концерт, шығармашылық кеш және театрлық қойылым жұртшылыққа ерек­ше әсер қалдырды. Қос­танай өңірі де — таланттарға бай өлке. Қазақ­стан қалаларынан бас­қа Ресейдің Орынбор және Челябі өңірлері­мен ара­ласамыз. Батысқазақстандық мәдениет саласының қыз­меткерле­ріне ризашылығымыз шексіз.


Қамкөңіл балаларға қамқорлық

Күні: , 829 рет оқылды

DSC_0069


Өткен аптаның соңында қаламыздағы «Такси СИТИ» компаниясы облыстық балалар үйінің тәрбиеленушілерін Шалқар көліне демалуға апарды. Өткен жылы аталмыш компания демеу­шілік жасап, 20 бүлдіршінді көл басына апарса, биыл дәстүрге айналған сапарға 25 бала аттанды.


Балалар жайғасқан «Такси СИТИ» ком­паниясының сегіз бірдей жайлы көліктерін полиция патрулі бастап жүрді. Көл басына барған балалар бірден суға шомылуға кірісті. Бұдан соң арнайы шатырларда әзір­ленген дастарқан басына жиналып, түстік ішті. Компанияның шақыртуы­мен арнайы  келген аниматорлардың өнерін тамаша­лап, қызықты ойындар ойнады. Жағажайда футбол, волейбол сайыстары да ұйымдас­тырылды. Суға шомылып, күнге қыздырын­ған балалардың қуанышында шек болма­­ды. Балаларға кешкі астан соң кәуап пісі­ріліп, қарбыз-қауын берілді. Күн ұясына ба­та сапқа тұрған балаларды демеуші бол­ған компанияның құрыл­тайшысы Марат Қайырғалиев бастал­­ғалы тұрған жаңа оқу жылымен құт­тықтап, оқу құралдары салын­ған қал­ташалар тарту етті. Балалар үйінің тәрбиеленушілері мәрттік жасап, та­маша демалыс күнін сыйлаған ағала­рына өз алғыстарын айтты.

Нұрбек ОРАЗАЕВ,

«Орал өңірі»

Райса НАУРЫЗОВА,

облыстық балалар үйінің директоры:

— Күні бүгін балалар үйінде 3-18 жас аралығындағы сексенге жуық бала тәрбиеленуде. Қаламыздағы кәсіпкерлердің демеушілігі арқасында балалардың демалыс уақыты көңілді өтуде. Бір оқушымыз Италияға барып демалып келді. Сонымен қатар  балалар еліміздің Өскемен, Көкшетау, Астана сияқты әсем қалаларын көрді. Оның сыртында қаладағы демалыс орындарына күн сайын апарып тұрамыз. Бүгін дәстүрлі түрде демеушілік жасап, балаларды Шалқар көліне апарып келген «Такси СИТИ» компаниясына алғыс айтамыз.

Марат ҚАЙЫРҒАЛИЕВ,

«Такси СИТИ» компаниясының құрылтайшысы:

— Біздің компания қайырымдылық шараларын ұйымдас­тыруға әрқашан дайын. Бүгінгі Шалқар көліне сапарымызды жыл сайынғы дәстүрге айналдырмақ ойымыз бар. Сонымен қатар тек жаз айларында ғана емес, басқа мезгілде де балаларға қызықты демалыс ұйымдастыруды жоспарлаудамыз. Өткен жылғы сапарға тек біздің компания демеушілік жасаған болса, биыл төрт бірдей кәсіпкер өз көмектерін берді. Сонымен қатар «Орал» ӘКК қызметкерлері де көмек қолдарын созды. Осы шараны ұйымдастыруға атсалысқан «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалына, қалалық әкімдікке зор алғыс айтамыз. Алдағы уақытта да қамкөңіл жандарға көмек қолымызды созуға дайынбыз.

Маша МОКШАНОВА,

облыстық балалар үйінің тәрбиеленушісі:

— Биылғы  демалыс мен үшін ерекше есте қалады. Мен оқу озатымын. Қоғамдық жұмыстарға да белсенді араласамын. Би үйірмесіне қатысамын. Өткен айда мені Италия еліне демалысқа жіберді. Сексен орындық демалыс лагеріне біздің елден қырыққа жуық бала барды. Италия маған қатты ұнады. Қаланың әсем орындарын араладық. Теңізге түстік. Алған әсерімді айтып жеткізу қиын. Бүгін, міне, өз өңіріміздегі Шалқар көліне демалуға келдік. Бұл күнді де жақсы өткіздік. Балалар үйінің тәрбиеленушілері атынан осындай тамаша қуаныш сыйлаған жандарға, компания басшысы Марат ағаға айтар алғысымыз шексіз.


БҚО, Орал қаласы, Мұхит көшесі, 57/1
zhaik_presscenter@mail.ru
oral_oniri@inbox.ru
support@oraloniri.kz

Орал өңірі" газетінің бас редакторы: 51-25-80
Бас редактордың орынбасарлары: 24-17-08, 54-18-08
Жауапты хатшы: 54-38-22
Тілшілер: 50-66-88, 51-50-34
Жарнама бөлімі: 51-51-09
Яндекс.Метрика