Мұрағат: 13.08.2015


Жан саулығы малдан

Күні: , 806 рет оқылды

brucellez-diagnostika


Иә, жылда жаза-жаза жауыр болған мәселе, жауабы жаттанды сұрақ. Бірақ жазбасқа, мәселені қаузамасқа амалымыз жоқ. Өйткені күнкөрісін, тұрмыс тауқыметін мал шаруашылығына теліген аудан жұртшылығы үшін айықпай қойған бруцеллез ауруы жұтатар жұтпен бірдей болып отыр.


Сөзіміз дәлелді болсын,сәл шегініс жасап, ақи­қатты көрсетер санға жү­гінейік. Өткенді саралап айтсақ, бұл ауру Жаңақала ауданында мүлдем жойылып кетпепті. Жыл сайын болғанымен, бірақ саны шектеулі болыпты. Мысалы, 2008 жылы аудандағы қаны арқылы зерттелген ірі қара ма­лының 1,2 пайызы бруцеллез екені анық­талған. Бұл малы көп аудан үшін қалыпты жағдай дейік. Ал 2009 жылы 46230 бас сиыр қаны ар­қылы зерттеліп, оның 11,4 пайызы, 2010 жылы 32002 бас зерттеліп, оның 9,8 пайызы ауру деп табылған. Өте қынжыларлық көр­сеткіш. Тек осы екі жылда ау­ру деп табылған 8413 бас ірі қа­ра ауруды таратпау үшін еріксіз жойылды. Бар малы ауруға шы­ғып, қорасы қаңырап, құ­рығын ұстап  қалғандар  да  болды.

Сол жылы 2007 жылмен салыс­тырғанда аудандағы сиыр саны 6890 басқа кеміді. Бұл тек нақты жойылған мал саны. Ал оның қан­шасы аналық еді, одан алынар төлді қоссаңыз, кеміген мал саны еселене түседі.

Кемшілік болса, кінәлі ізделе­ді. Бұл екі жылда мал арасында бруцеллездің көп шығуы ИФА әді­сінен дедік.

2012 жылдан бастап бұрынғы­ша классикалық әдіспен зерттеу­ге көштік. Сол жылы зерттелген 38075 бас сиырдың 589 басы оң нәтиже берді. Бұл – 1,5 пайызы. «Ә, бәсе!» деп қуандық. 2013  жы­лы да осы көрсеткіш қайталанды. Көңіліміз орныға түсті. Орнығу­ды айтасыз, осы салаға жауапты мамандарымыз жайбарақаттыққа са­лына бастады десек те, артық емес. Өйткені бруцеллез көбейіп кеткеніне байланысты 2012 жы­лы аудан әкімінің келісімімен Жа­ңа­қала ауданы бойынша ауыл шар­­уашылығы малдарын бруцел­лез­ден сауықтырудың 2012-2016 жыл­дарға арналған кешенді жоспа­ры жасалып, ол аудандық мәс­ли­хаттың 2011 жылғы 17 қараша күнгі №33-2 шешімімен бекітіл­ген еді. Заңды күші бар, орында­луы тиіс құжат. Осы кешенді жос­пардағы шараларды түгел орын­дауға мамандар мән бермеді. Ауру ИФА-мен кетті деп ойлады. Жоқ, бруцеллез өздігінен кетпейтін ауру екен. 2014 жылы қаны арқылы зерттелген 45900 бас ірі қараның 1133 басы, яғни 2,5 па­йызы ауру болып шықты. Қой мен ешкіде ауру мөлшері 0,3 пайыз­ды, түйеде 2,2  пайызды құрады. Алаңдарлық жағдай. Аудан әкімі қайталап ықпалды шаралар белгіледі. Тиісті мамандардан қатаң жауапкершілік сұрап, тапсырманы толық орындамаған кейбірін қызметтен де босатты.

Қазақта «Иттің құйрығы тартып түзесең де қайта қалпына бара­ды» деген сөз бар. Басшы талап еткенде бас шұлғыған кейбір ма­мандар жұмыс орнына барғасын қайта немқұрайлылыққа салынды. Бұлай деуімізге себеп – аудан басшысы: «Ауру малдың жағы­на, сауырына «Б» таңбасын басың­дар. Табында жойылмаған ауру мал жүргенін ел көріп, көп болып ықпал етсін» — деп шегелеп тап­сырған еді. Жыл бойы қайталап сұраған аудан әкіміне «салынды, ауру мал түгел жойылды» деп келді. Расында солай болды ма? Жоқ.

Бүгінге дейін қаны арқылы зерт­телген 22901 (жоспар 53710 бас) бастың 646 басы немесе 2,8 па­йы­зы ауру болып отыр. Қой мен еш­кіде 0,3 пайыз, түйеде 1,6 пайыз.

«Ауру неге азаймайды?» деген сұраққа аудандық ветеринария бөлімінің басшысы М. Нұрғалиев:

– «Б» таңбасы түгел салынбаған. Арнайы көліктің болмауынан мал иесі ауру түлікті мал бәсі жоғары Атырау, Ақтауға тапсырдық дейді. Расында ауру мал жойылды ма, жоқ па, ешкім нақты білмейді. Мал қозғалысы қатаң қадағалан­баған… – деген жауабын берді. Бұл бұған дейінгі басшыларының ау­зынан да естіп жүрген әбден жат­танды, жауыр жауап. Тіпті сұра­ғы­нан кейін олардан бұрын өзіміз осы сөздерді судырататын жағ­дайға жеттік. Оны қадағалайтын, орындататын кім? Осы басшы­лар емес пе? Орындамаған маман­дар­дың біразы кетті. М. Нұрғалиев жаңа басшы, жаңаша талап қояр, қатаң қадағалар деп сенейік.

– Бүгінге дейін ауру малын ар­найы мал сою орнына тапсырмай, ветеринариялық талапты орын­­дамағаны үшін 10 адамға 25 айлық есептік көрсеткіш мөл­шерінде айып­­пұл салынды. Бұдан кейін орындамаса, 50 айлық есептік көр­сеткіш мөлшерінде айыппұл, одан кейін қылмыстық іс көтеріледі. Бұ­дан басқа 17 адамға нұсқама берілді, орындамаса, айыппұл салынады, – дейді М. Нұрғалиев.

Осы жауаптың өзінен-ақ әлі жойылмай отырған ауру малдар барын аңдадық. Кешенді жос­пар­дың бірінші талабы осы еді. Орындалуы әлі төмендеу. Екінші тала­бы – ауру мал тұрған қораны за­лалсыздандыру. Өткен жылы ау­ру мал тұрған 327 қораның 314-і залалсыздандырылған екен. Биыл 318 қораның 182-сі бұқыр­ланған. Қалған 136 қораның бұқырлануын қадағалау керек. Үшінші және не­гізгі талап – мал төлдейтін арна­йы орынның болуы және туатын малдың тек сонда төлдеуі. Өйт­кені ауру мал төлдегенде қа­ға­нағындағы 4,5-5 литр сұйықтықта миллиондаған ауру қоздырғышы болады. Мал далада төлде­се, оны жалаған басқа сау мал да, ит те ауру жұқтырады. Өкініш­ке орай, мүлдем орындалмай жүр­ген та­лаптардың  бірі  де  осы.

Айтқандай, ауру таратушының бірі – ит. Қынжыларлығы, бүгін­ге дейін әр үйдің малынан қан алынғанмен, иттерінен қан алын­баған. Мұны да ветеринариялық мамандар ескеруі керек. Тағы бір ескерілетін талап – мал қоз­ға­лысының қатаң қадағалануы. Оқ­шаулайтын арнайы орынның болуы, жаңа келген малдың 30 күн карантинде тұруы. Мұндағы мақ­сат келген малда ауру болса, осы мерзім ішінде анықталып, қалған мал ауру жұқтырудан сақтала­ды. Мұның бәрі кешенді жоспарда толық жазылған. Оның бар­лық та­лаптарын қайталап жазуды жөн көрмедік.

Енді мал ауруы қай округте көбірек орын алды, соған тоқтала кетейік. Биыл сиыр малынан ауру деп анықталған  646 бастың 210 басы (6,3 пайызы)  Пятимарда, 172 басы (3,4 пайызы) Қызылобада, 54 басы (3,7 пайызы) Жаңажолда болса, қой малынан Жаңажолда 34 бас (1,1 пайыз), Жаңақалада 71 бас (1,2 пайыз), Қызылобада 59 бас (0,2 пайыз). Ал түйе малынан Жаңақазанда 2 бас (3,3 па­йыз), Көпжасарда 3 бас (1,6 па­йыз), Қызылобада 1 бас (10 па­йыз) ауру болды. Өткен жылы 184 басы (4,2 пайызы) ауру болған Көпжасарда, 152 басы ауру шыққан Жаңақазанда биыл айтарлықтай азайған, Қызылоба, Пятимарда кө­бейе түскен. Демек, Көпжасар, Жа­ңақазан округінде жұмыс тәуір жүрген де, соңғы екі округ мамандары қорытынды шығармаған.

Осыған орай биыл ауданның үш округіндегі ауру көбірек шық­қан елді мекендерге жұқпалы ау­рудың ошақтарын жою мақса­тын­да шектеу іс-шаралары белгіленіп, сауықтыру жұмыстары жүр­гізілуде.

Ең өкініштісі – бруцеллез малдан малға жұғып қана қоймайды, малдан адамға жұғады. 2014 жы­лы ауданда  бір адам (Көпжасар­да) ауру жұқтырса, биылғы алты  ай ішінде екі адам (Жаңажол, Жа­ңақазан округтерінде) бруцел­лез жұқтырып отыр. Бұл да алаңда­тарлық жай.

Болары болды, енді не істей­міз? Ауруды қалай ауыздық­тай­мыз?

– Биыл ауру малға түгел «Б» таңбасы соғылды. Ауру мал арнайы көлікпен, қасына бір маман ілестіріп, арнайы сою пунктіне тап­сырылуда. Қоралар бұқырла­нып жатыр. Басқа да тиісті іс-шараларды атқарамыз. Келесі жылы ауру азаюы керек, — дейді ветеринария бөлімінің басшысы.

– Кейбір тұрғындар малы­нан қан алдырмайды. Тіпті вете­ри­на­риялық бекет қызметшілері сөй­теді. Малға сырға жетпейді. Сыр­ғасыз қан алынбайды, мал толық зерттелінбейді. Мал саны әлі нақ­ты емес. Демек, мал қозғалы­сы дұ­рыс есепке алынбайды. Ауру мал­дың тапсырылуы жайлау. Ауыл тазалығы төмендеп кетті. Тастанды төл кез келген жерде қалады. Оны жеген ит, жалаған мал ау­ру жұқтырады. Адам дәрігерлері бру­целлезден шектеу қойылған жерлерді білмейді, барып дәріс оқымайды. Шектеу қойылған Қы­зылоба орталығында әр 10 бас малдың біреуі ауру, Жаңақала, Боз­обада әр төрт бастың біреуі ау­ру. Мұндай жағдайда ел болып жұмыла жұмыстанбасақ, бруцел­лезден сауығу оңай емес, — дейді зейнеткер-ветдәрігер, «Респуб­ли­­ка­лық эпизоотияға қарсы отряд» РММ БҚ облыстық филиалы­ның ветеринариялық дәрігері Б. Дос­ма­ғамбетов.

Міне, екі бөлім басшысының сөзі – осы, екі түрлі пікір. Бұл кө­ңілге үміт те, күдік те ұялатады.

Қалай дегенде де ауру азай­май отыр. Не істеу керек?

– Бруцеллезден сауықтырудың кешенді жоспарын қатаң қадаға­лап, толық жүзеге асырғанда ғана бруцеллезден мал сауығады. Мен кезінде соны істеген адаммын, деген ветеринария ардагері С. Жұ­машев ағамыздың сөзінің жаны бар ма деп ойлаймын…

Өмірзақ АҚБАСОВ,

Жаңақала ауданы


“Үміттің” үміті 100% ақталды

Күні: , 1 195 рет оқылды

97-13.08.2015


Теректі  ауданы, Подстепный  ауылындағы «Үміт» тілдер гимназиясының 29 түлегі түгел білім грантының  иегері  атанды.


Талай түлекті өмір көгіне қанаттан­дырған білім ордасының басшысы Дариға Мұштанова мен сынып жетекшілері Ақтолқын Қисымова, Күләш Наурызға­лие­ва, сондай-ақ жалпы мектеп ұжымы шә­кірт­терін мақтан етуде. Биылғы Ұлттық бірыңғай тестілеу қорытындысы бойынша гимназияны тәмамдаған 29 оқушының 17-сі «Алтын белгісін», 6-уы үздік аттестатын ақтап шыққан еді. Орташа балл – 117,8, ең төменгі балы 107-ні құрады. Облыс бойынша ең жоғарғы көрсеткіш – 125 балды да «Үміттің» үкілеген үміті – Сымбат Самат қанжығаға байлаған еді. Нәтижесінде Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігі жасаған рейтинг бойынша «Үміт» тілдер гимназиясы ҰБТ-да орта­ша балы жоғары болған 100 мектептің арасынан суырылып шығып, көш бастады.

— Біздің жетістігіміз — ұстаздардың, ата-ана­лардың сондай-ақ оқушылардың қа­жыр­лы еңбегінің нәтижесі. Мектепке түскен кезде оқыған, ізденген оқушының еңбегі еш кетпейтінін ұғындырып, шалғай аудандардан білім іздеп келгендегі мақсаттарын түсіндіреміз. Сабақ уақытында өз алдына, сонымен қоса кешкі сағат 8.00-ден – 23.00-ге дейін ҰБТ-ға жүйелі дайындығын сы­нып жетекшілерімен кезектесіп тексере­міз. Оқу­шылардың сынаққа психологиялық дайындығын сараптаймыз. «Бұлақ көрсең, көзін аш» демекші, шәкірттеріміз қандай да бір жетістікке жетсе мадақтап, өз-өзіне сенімін оятамыз. Шын мәнісінде, мұғалімнің еңбегі көзбен көріп, сөзбен айтылатын емес, жүрекпен ұғынып жеткізетін жұмыс, — дейді гимназия директоры Дариға Мұштанова.

Гүлсезім БИЯШЕВА


Дарияндағы басқосу

Күні: , 798 рет оқылды

IMG_2637-с


Кеше  Дариян ауылын­дағы М. Шолохов  мұра­жайын­да  БҚО Қазақстан  халқы Ассамблеясының  ғылыми-сарапшылық  тобы­ның  көшпелі отырысы өтті.


Басқосудың негізгі мақ­са­ты ҚР Президенті Н. Ә. Назарбаевтың «Бес инс­титуционалды реформаларды іске асыру бойынша 100 қадам» Ұлт жоспарын халық арасында ке­ңінен  насихаттауға  бағытталған.

Аталған реформаны жүзеге асы­ру үшін Мемлекет басшысы­ның Жарлығымен отандық және ха­лық­аралық сарапшылардан тұра­тын, құрамында бес жұмыс то­бы бар жаңғырту жөнінде ұлттық ко­миссия құрылған болатын. Бұл ко­миссия енді Қазақстанның 2050 жы­лы дамыған 30 мемлекеттің қа­­тарына кіру және Қазақстанның Эко­­номикалық ынтымақтастық пен даму ұйымы елдерінің стан­дарт­­-тарын жүзеге асыру бойынша жұ­мыс  істейтін  болады.

Алғашқы болып сөз алған жиын­­-ға төрағалық етуші, Зеленов ауданы әкімінің орынбасары А. Дос­жанов «Елбасының «100 нақтықадам» Ұлт жоспары ендігі жер­деәлемдік бағдарламаға айнала­ды. Біз бұл жолдағы барлық қиын­дықтарды жақсы білеміз жә­не осы сынақтардан сүрінбей өтіп, эко­но­-миканың даму қарқы­нын бәсең­детпеу бағытында жұмыс­тануы­мыз қажет», – деп атап өтті.

БҚО Қазақстан халқы Ассам­блеясы төрағасының орынбасары, хатшылық меңгерушісі Ғ. Қапақов  100 қадамда жүктелген Елбасы­ның  нақты тапсырмаларын тар­қа­та айтып берді.

– 15 қадам мемлекеттік аппа­раттың кәсібилігін түбегейлі арт­тыруға бағытталған. 19 қадам – сот жүйесі мен құқық қорғау ор­гандарының жұмысын жаңғырту жөніндегі тиімді іс-қимыл болса, 50 қадам – жаңа жоғары тех­нологиялық экономикалық өсу және адами капиталды дамыту­ды ынталандыратын, тікелей қазақ­стан­дықтардың өмір сүру сапа­сын жақсартуға бағытталған нақ­ты шешімдер. 6 қадам – бұл қоғам бірлігінің, жалпы қазақстандық біртектілікті нығайтуды, «Мәңгілік ел» құндылықтары жүйесін дамытуды көздейтін салмақты шара­лар. Ал соңғы 10 қадам «Ашық Үкі­мет» жұмысының тетіктерін же­тілдіруді, мемлекеттік орган­дар­дың ашықтығы мен есептілігін, қо­ғамдық бақылауды күшейту мен азаматтардың атсалысуын ұл­ғай­туды қамтамасыз етеді, – деді Ғай­са Хамедуллаұлы.

Жоғарыда айтылған реформа­ны іске асырудың да бірнеше са­ты­лары айқындалған. Оның алғаш­қысы «Мәңгілік ел» патриоттық актісін әзірлеу, екіншіден, Қа­зақ­стан халқы Ассамблеясының «Үл­кен ел – үлкен отбасы» ауқымды жобасын іске асыру. Одан кейін азаматтық біртектілікті нығайту жөніндегі «Менің елім» ұлттық жобасын  дайындау, Жалпыға ортақ еңбек қоғамы идеясын ілгерілету, «Нұрлы  болашақ» жобасын іске асыру болып табылады.

Кездесуде одан әрі БҚО ҚХА-ның ғылыми-сарапшылық топ мү­­шелері М. Өтемісов атындағы мониторинг және әлеуметтік зерт­теу бөлімінің басшысы, филосо­фия ғылымының кандидаты П. Доб­ряев, БҚО ҚХА төрағасының орын­­басары, «Дос» қоғамдық қо­ры­ның төрайымы В. Шохина, М. Өте­місов атындағы ҚХА кафе­дра­сы­ның меңгерушісі, педагогика ғы­лымдарының докторы В. Салов­тар сөз сөйлеп,  пікірлерін ортаға салды.

Ләззат ШАҒАТАЙ,

«Орал өңірі»,

Зеленов  ауданы


Тарихи таным таразыланды

Күні: , 130 рет оқылды

DMS_4123


Қазақ хандығының 550 жылдығы, Ұлы Жеңістің 70 жылдығы, ҚР Конституциясының, Қазақстан халқы Ассамблеясының 20 жылдығына арналған «Қазақ мем­лекеттілігінің негізіне» атты тарихи-экологиялық экспедиция аяқталды.


Бұл жобаға «Ғылыми зерттеулерге жәрдем қоры» жеке қоры, «DANAkaz» жорналы, «Chem invest» ЖШС, «Регион холдинг» ЖШС, Мұ­рат Жәкібаевтың продюсерлік ор­талығы, «Ұлттық стандарт» серти­фикаттау орталығы, Жаңақала ау­данының әкімдігі қолдау таныт­ты. Жорыққа өлкетанушы, тарих магистрі Айболат Құрымбаев, тарих ғылымдарының кандидаты Мұрат Қалменов, «Қаратөбе өңірі» га­зе­тінің тілшісі Ертай Бимұханов, пе­дагог, өлкетанушы, жаңақалалық Руслан Билялов, бөкейорда­лық Асхат Қарабалин, көлік жүр­гізуші Абай  Иманғалиев  қатысты.

Орал қаласының маңындағы хан тоғайынан басталған экспе­­ди­ция Атырау облысын қиып өтіп, Ресейдің Астрахан, Волгоград об­лыстарында болды. Соңында Бө­­кей ордасы ауданына табан ті­ре­ді. Жоспар бойынша қос елдің ау­мағындағы тарихи-мәдени ма­ңы­зы зор нысандарды аралады. Жа­йық, Ақтөбе-Лайэти, Сарайшық, Сарай-Бату, Сарай-Берке секілді ортағасырлық қалалардың орнын көрді. Торғын қаласындағы Жәңгір хан тұрағында Кіші жүз хандары Есім, Жантөре, Бөкей хандығы­ның билеушілері Бөкей хан, Жәңгір хан қабірлерінің, Құрманғазы, Сейтек,Дәулеткерей, Мәмен, Тұяқ күй­ші­лердің қорымының басында болды.

– Бұл бастаманы алғаш Жа­ңа­қала ауданының әкімі Лавр Хайретдинов көтерген болатын. Оныңидеясын кейін толықтырып, жан­дандырдық, – дейді экспедиция жетекшісі Айболат Құрымбаев. – Он күнге созылған жорықта 3400 шақырым жерді басып өттік. Үл­кен Боғда, Кіші Боғда, Ұлаған таулары, Эльтон, Басқұншақ көлдері­нің ғажайып сыры таңғалдырды. Ал Ресейдің Волгоград облысын­дағы күйші Дина анамыз тұрған Диановка ауылына жерлестер­ден тұңғыш  барған  біз  екен.

Ал Мұрат Қалменов құнды та­рихи жәдігерлер көп кездес­кенін атап өтті. Экспедиция бары­сында қандастарымыз құрған қоғам­дық ұйымдардың ұйымдасты­руы­мен екі жақты кездесулер өткенкөрінеді. Алдағы уақытта қазақ­стан­дық-ресейлік тарихи-мәдени, ғылыми байланысты кеңейту, тә­жірибе алмасу бағытында осын­дай жобалар тұрақты ұйымдас­тырылып тұрмақ.

Нұртай ТЕКЕБАЕВ


Берекелі өңірде баянды тірлік бар

Күні: , 807 рет оқылды

жакупов


Зеленов — өңіріміздегі әлеуметтік-экономикалық дамуында жоғары көрсеткіші бар, демографиялық ахуалы жақсы аудан. Облыс орталығынан таяқ тастам жерде орналасқан ауданның барлық елді мекені сумен және газбен қамтылған. Аудан әкімі Кәрім Жақыповпен болған әңгімеміз зеленовтықтардың биылғы жартыжылдықты қорытындылау жайына арналды.


— Ағымдағы жылдың 1 шілдесін­дегі жағдай бойынша өнеркә­сіп өн­дірісінің көлемі 50 млрд. 725 млн. теңге болды. Ауданымыздың аума­ғында Чинарев кенішінің орналасуы тау-кен саласының дамуына өзіндік үлесін қосуда. Жалпы, аудан өнеркәсібінің 96,3 пайызы аталмыш саламен тығыз байланысты. Ал аудан экономикасының негізін ауыл шаруашылығы саласы құрайтыны белгілі. Биылғы жартыжылдықта бұл салада 3 млрд. 897 млн. 600 мың теңгенің өнімі өндірілді. Өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда өсім 14,7 пайызды құрады. Қазіргі уақытта ауданда 2824 шағын кә­сіпкерлік субъектісі тіркелген. Ол 2014 жылдың алты айымен са­лыс­тырғанда 22 пайызға көп. Шағын кәсіпкерлік аясында 4481 адам жұмысқа тартылды. Бұл да былтырғыдан 0,4 пайызға жоға­ры. Кәсіпкерлік субъектілерімен 2,6 млн. теңгенің өнімі өндірілді. Салыстырмалы кезеңнен 25,3 па­й­ызға артық. Ауданда 42 шағын цех болса, онда 284 адам жұмыс жасайды. Шағын цехтарда ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу көлемі 264,5 млн. теңгеге жетті.

Еңбек нарығына тоқталсам, эко­номиканың барлық саласында 261 жұмыс орны ашылды. Былтырғы жартыжылдықтан ол 1,2 пайызға жоғары. Жұмыссыздық деңгейі 0,9 пайыз, яғни өткен жылғы кө­лемде. Жалпы, жұмыссыз ретінде 285 адам тіркелсе, кедейшілік шегінде 433 жан өмір сүруде. Қар­жыландырудың барлық көзі бойынша мұқтаждарға 56,5 млн. теңгеге әлеуметтік көмек көрсе­тілсе, соның 4,1 млн. теңгесі атаулы әлеуметтік көмек. Жыл басынан бері 356 адам жұмысқа ор­наластырылды. 250 адам ақылы қоғамдық жұмыстарға тартылды, кәсіптік оқуға 130 жан жолданды. Аудандағы орташа еңбека­қы би­ылғы бірінші тоқсанда 1,8 пайыз­ға артып, 64,1 мың теңгені құрады.

Ауданның денсаулық сақтау жүйесі құрамына 12 дәрігерлік амбулатория, 4 ФАП, 39 медпункт пен 1 шипажай кіретін 2 аудан­дық ауруханадан тұрады. Өткен жылдың қаңтар-маусым айларымен салыстырғанда педикулезбен ауру 50,4, сифилиспен 55 пайызға төмендеді. Гепатит, қышыма аурулары тіркелген жоқ. ОРВИ ауруы 54,6, туберкулез 18,9 пайызға өсіп отыр. 2014 жылы ауданның емдеу мекемелеріне 100,8 млн. теңгенің құрал-жабдығы алынды.

Білім саласын айтсам, 1 шілдедегі жағдай бойынша 6543 оқу­шы жазғы демалыспен қамтылды. Ау­данда 2 стационарлық лагерь бар. Аудан орталығында орналас­қан 7 ауысыммен жұмыс істейтін «Дос­тық» лагерінің жұмысына 2,9 млн. теңге бөлініп, 280 бала толыққан­ды демалыспен қамтылды. Мұн­да жалпы құны 180 мың теңге бола­-тын қолдан жасалған бассейндер сатып алынды. Ал 8 ауысыммен жұмыс жасайтын Январцев ауылындағы «Жасұлан» лагеріне 3,6 млн. теңге қаралып, онда 380 оқушы демалды. Маусым айында көп балалы, әлеуметтік жағдайы төмен отбасылардан шыққан жә­не қамқорлыққа алынған, патро­наттық тәрбиедегі 128 баланың «Самал» лагерінде демалуы үшін 4,2 млн. теңге бөлінді. Аудандағы барлық 47 мектеп, 8 балабақша жаңа оқу жылына дайын.

Ауданда 36 мәдениет мекемесі бар. Биылғы жартыжылдықта он­­да бес мыңнан аса мәдени шара өт­ті. Зеленовтық көркемөнерпаздар республикамыздың және Ресей­дің көрші облыстарындағы әріп­тес­терімен тығыз байланыста. Түр­лі байқауларға, фестивальдар­ға қатысып жүр. Шығарма­шы­лық ұжымдарға сахналық киімдер тігу­ге, мәдениет үйлерінің материал­дық-техникалық базасын нығай­туға қомақты қаржы бөліну­де. Биыл «Жұмыспен қамту 2020 жол картасы» бағдарламасы аясында Переметный ауылындағы мә­дениет үйін жөндеуге республи­калық бюджеттен 128,3 млн. теңге қаржы қаралды. Қазіргі таңда бұл нысанның шатыры, жылу жүйесі жаңартылып, дербес қазандық ор­натылды. Енді Дариян, Рубежен, Шалғай ауылдарындағы клубтар­ға күрделі жөндеу жүргізу үшін жо­балық-сметалық құжаттама дайындалды.

Қоғамдық тәртіпке келсек, ал­ты ай ішінде ауданда 419 қыл­мыс тіркелді (былтыр – 384). Бүгінгі күнге дейін 95 қылмыс ашылмай отыр. Әкімшілік жауапкершілікке 2461 тұлға тартылып, төленетін әкімшілік айыппұл сомасы 10,5 млн. теңгені құрады.

— Кәрім Кәримоллаұлы, Зеленовты айтқанда, өсімдік ша­руа­шылығы ойға оралады. Ау­данда егін орағы, мал азығын дайындау, бақша өнімдерін жинау қалай жүруде?

— Ауа райы жағдайына байла­нысты егін орағы науқаны ой­дағыдай өтіп жатыр деп айта алмаймын. Көктем маусымы жақсы болып, диқандар қауымына үміт сыйлаған еді. Алайда артынан жауын-шашын мөлшерінің аз бо­луы себепті көптеген шаруа қиын жағдайда қалды. Жалпы, ау­дан бойынша егістік көлемі 212 мың гектарды құрады. Оның 30,6 мың гектары күздік, 114,9 мыңы жаздық, 19,9 мың гектары майлы, 17,6 мыңы мал азықтық дақылдар, 24,4 мыңы көп жылдық шөптер. Қалғаны картоп, көкөніс, бақша өнімдері. Қазір бұл дақылдарды жинау қарқынды жүруде. Күздік дақылдарды жинау 14 шілдеде басталды. Орылатын жер көлемі 21020 мың гектар болса, оның ішінде күздік бидай 17107 мың гектар, күздік қара бидай 3913 гектар. Бүгінгі таңда әр гектарынан 10,9 центнер өнімділікпен 16733 гектар күздік бидай, гектарынан 4,3 центнер шығыммен 3213 гектар күз­дік қара бидай орылды. Жаздық дақылдардың негізін жаздық бидай (90 мың га) мен арпа (22,5 мың га) құрайды, қалғаны тары, нұт, ақ жүгері (сорго), сұлының еншісінде. Қазір арпаның әр гектарынан 2,5 центнер шығыммен 2,7 мыңы, жаздық бидайдың гектарынан 5,7 центнер өнімділікпен 5,3 мың гектары жиналды.

Сондай-ақ 2070 гектар алқап­тағы картоп пен 1740 гектар жерге егілген көкөністі, 665 гектарға отырғызылған бақша өнімдерін жинау да жүріп жатыр. Күні бүгін ауылдық округтерде 40 гектардай картоп, 80,7 гектар көкөніс, 12,8 гектар бақша өнімдері жиналды.

Жоспар бойынша биыл зеле­новтықтар 93,1 мың тонна мал азығы дайындалуы керек. Қазіргі таңда 93,2 мың гектар жердің шөбі шабылып, 65,7 мың тонна (72,7%) мал азығы дайындалды. Науқан­ға 416 агрегат тартылған. Жалпы, аудан бойынша бір тонна шөптің бағасы 9 мың теңге көлемінде. Бір арба шөптің орташа бағасы 27 мың теңге шамасында.

— Ауданда жыл соңына дейін іске қосуды жоспарлап отырған қандай инвестициялық жобалар бар?

— Белес ауылдық округінде қуат­­тылығы 200 МВт болатын газ­тур­биналы электр стансасы құры­лы­сының 1-кезеңін жүзеге асыру жоспарымызда бар. Жобаның 1-ке­зеңінің құны 13 млрд. теңгеден астам. Онда 70 жұмыс орны ашыл­мақшы. Чеботарев ауылында сүт өңдейтін шағын зауыттың құрылысы аяқтала келді. Құны 50 млн. теңге тұратын бұл жоба жүзеге асса, 15 адам жұмысқа тұрады. Сонымен қатар аудан орталығындағы стадион, Гагарин көшесі абаттандырылмақшы. Макаров ауылына баратын жолға ағымдағы жөндеу жүргізілмекші және басқа да жұмыстар өз кезегімен жүзеге асатын болады.

— Әңгімеңізге рақмет, қызме­тіңізге табыс тілейміз!

Сұхбаттасқан

Мәди ЫҚЫЛАС


«Суицид азайып келеді»

Күні: , 825 рет оқылды

IMG_3733


Қасиет БАҚТЫҒАЛИҰЛЫ:

Қасиет Бақтығалиұлының Абай полиция бөлімінде әкімшілік полиция басқармасы басшысының орынбасары болып қызмет жасап жүргеніне үш жылдан асты. Кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі инспекторлардың жұмыс істеуін қадағалайтын оның қарауында 23 инспектор бар. Қаламыздағы 14 мектеп, 8 орта және жоғары оқу орны Абай полиция бөлімшесінің бақылауында.


— Инспекторлар сабақ кезінде күн сайын сағат 8-ге 15 минут қалғанда өздеріне белгіленген мектептен табылуға тиіс. Олар әр күн сайын оқушыларды мектеп басшыларымен бірге қарсылап алады. Әр ауылдың бір тентегі болатыны секілді, әр мектепте отбасы өнегесі төмен, мектепішілік есепте тұрған екі-үш оқушы бар. Инспекторлар оқу жылы басынан мектеп әкімшілігімен бірле­сіп жасалған жоспар бойынша жұ­мыс жасап, тәртібі босаңдау ба­­лаларды бақылауға алады. Екінші ауысымда да дәл солай. Сол екі ортада бөлімшеге келіп, есеп тапсырулары қажет. Олардың жұ­мысы оңай емес, — дейді Қасиет Бақтығалиұлы.

— Қазіргі жасөспірімдер сауат­­­­ты. Көпшілігі өз құқығын қорғай ала­­ды. Тәртіп бұзатын тентек балалар көбіне ата-анасы жұмыссыз, ішкілікке салынған отбасылардан шығады. Бірнеше жылғы жұмыс тәжірибемде байқағаным, әке-ше­шесі жұмыс жасайтын, тұрақты табысы бар отбасының балала­ры ұрлыққа немесе басқа да тәр­тіпсіздікке бармайды. Көбіне то­лық емес, жұмысы тұрақсыз от­басының балалары шатақтау болып келеді, — дейді өз жұмысы ту­ралы әңгімелеген ол.

Инспекторлар әр аптаның жұ­ма күні рейдке шығып, түнгі 23.00-ден кейін көшеде жүрген балаларды анықтайды. Түнде жүрген жасөспірімдерді Абай полиция бөліміне алып келіп, мекенжайын анықтап, ата-анасын шақыртады. Олардан қолхат алған соң ғана жасөспірім үйіне қайта алады. Әлгі жүгермек бір жыл бойы түн ішінде бірнеше рет ұсталатын бол­са, онда ата-ана айыппұл төлей­­­ді. Жасөспірімдер арасында түрлі оқыс оқиғалар болып тұрады. Со­ның ішінде ең көп тіркелген телефон ұрлығы екен. Жалпы мек­теп инспекторлары оқу жылының ба­­­сында «балаларыңызға қымбат телефон бермеңіздер» деп ескер­теді. Алайда көп жағдайда бұл ескер­туге ата-ана да, оқушы да құлақ аса бермейді. Соның нәти­жесінде қымбат телефондар жиі ұрланады. Дегенмен көп уақыт өтпей ұры ұсталып, телефон ие­леріне қайтарылып жатады. Соң­ғы үш жылда қандай да болсын қылмыс ізін суытпай ашылуда. Жаз кездерінде велосипедтің ұр­лануы белең алады. Бірақ жедел тергеу бөлімінің нақты іс-қимылының нәтижесінде ұры тез ұсталады. Оқушылар ұрлыққа қы­­­­­зығушылықтан барып жатады. Оқу­­шылар арасында арагідік бол­са да бопсалау орын алып тұ­ра­ды. Бірақ мектепте орын ал­ған бұл жәйттердің барлығы мек­теп инспекторының ұдайы бақы­ла­уында болады екен.

— Қазір полиция қызмет­кер­леріне жұмыс жасау үшін бар жағдай жасалған. Киім, автокөлік, техникалық жабдықтар жеткілік­ті. Бейне­бақылау камераларының да қосар үлесі зор. Алайда ол мек­тептердің көбінде орнатылмай жатыр. Сон­дықтан бейне­ка­ме­ра­лардың санын көбейтуге бас­шылық тарапынан ұсыныстар жасалуда, — дейді ол.

Әр мектеп инспекторының арнаулы дәптері бар. Сол дәптерге әр күнгі жасалған жұмыстар ті­зіліп жазылып, ол басшылықтың қолы қойылып бекітіледі. Полиция қызметкерлері оқушыларға профилактикалық іс-шараларды жиі өткізеді. Жедел тергеу бөлі­мі­нің құрамында бір тергеуші, же­дел уәкіл, кәмелетке толмаған­дар ісі жөніндегі инспектор, кри­ми­налист бар. Олар сағат 8-ден кеш­кі 8-ге дейін қызмет атқарады. Мектеп оқушыларынан құралған «Жас қырандар», «Жас полицей­лер» тобы да белсенді жұмыс жасайды.

— Соңғы үш жылда біздің бөлім бойынша бір суицид тіркелді. «7-сыныпта оқитын қыз бала тоғызыншы қабаттан секіріп кетті» дегенді естіп, жедел барып, ата-анасымен сөйлестік. Абырой болғанда, қыз аман, тек қолына ғана зақым келген. Қыз баланың өзі: «Басым айналып, құлап кеттім» дейді. Арғы жағы бізге беймәлім. Жалпы, көп жылғы тәжірибемнен ұққаным, жасөспірімдер арасында өз-өзіне қол жұмсау қараусыз қалған, ата-әжесіне тастап кет­кен немесе анасы вахтамен өзге қа­ла­ға кеткен жанұяларда кезде­се­­ді. Отбасы толық, ата-анасы жұ­мыс жасайтын жанұяларда мұн­дай қайғылы жағдай орын алмайды, — дейді полиция қызметкері.

Қасиет Бақтығалиұлы — отба­сындағы бес баланың бірі. Жұ­­ба­йы – мұғалім.

— Өсіріп отырған екі қы­зы – көзқуанышы. Қым-қуыт қар­­ба­лас жұмыс арасынан от­ба­­сыма, бауырларыма көңіл бөлуге тырысамын. Ең бастысы – жұмы­сым өзіме ұнайды, — дейді Қасиет Бақ­тығалиұлы.

 Гүлжамал ЖОЛДЫҒАЛИ,

«Орал өңірі»


Тұяқтың соңғы әні

Күні: , 1 076 рет оқылды

туякберди шамелов2


2012 жылы тамыз айында еңбек демалысымның бір бөлігін «Ақжайық» шипажайында өткіздім. Екінші қабаттағы екі кісілік бөлмеде жалғыз жатырмын. Артымнан зайыбым да келіп, демалуы тиіс. Бір-екі күннен соң фойеде Құрманғазы атындағы академиялық халық ұлт аспаптары оркестрінің көркемдік жетекшісі әрі бас домбырашысы, Қазақстанның халық әртісі, жерлесіміз Тұяқберді Шәміловпен ұшырасып қалдым. Қасында Сәуле жеңгей бар. Олар да осында демалуға келіпті. Шұрқыраса амандасып, құшақ айқастырып жатырмыз. Бөлмеміз де қатарлас болып шықты.


Қазақ қашан қонақ қарсыламай жүрген. Бөлмеге сыйлас, әлде таныстар келіп қалар деп қысқы со­ғымның піскен қазысын, басқа да аздаған жеңсік дәмдерді салып алатын әдетімізден жаңылмаған едік. Осы аралықта зайыбым Сара да келіп, сыйлы көршілерімізге шай беріп, дәм татқызудың сәті түсті. Тұяқ ағаның қант диабеті және басқа сырқаттары бар, арақ-шарап ішуге болмайды екен. Денсаулы­ғын дәрігерлік мамандығы бар жең­геміздің өзі қадағалайды. Жүйелі қабылдап тұратын дәрі-дәрмекте­рі бар.

Көңілшек, елгезек жан ғой. Сонда да коньяктан аздап ауыз тиді. Елпілдеп, сыйлағанымызға балаша қуанып, әңгімесін гулетіп, аңқылдап көңілді отырды. Жеңгей ағаның денсаулық жағдайын білгесін шығар, ішу жағына оң қабақ таныта қоймады. Қайран, Тәкең! Соның өзінде арсалаңдап, анда-санда маған кіріп-шығып жүргенде, ұсыныс жасасам, кейде «Жеңгең сезіп қоймас па екен? Әй, бәрібір сезеді» — деп алып, бірер рюмке коньякті сілтеп жіберетіні де бар.

Кешкілікте таза ауаға шығып қыдырыстаймыз. Көбіне Тәкең екеуміз бірыңғай, әйелдеріміз де жұптасып, кейде бәріміз топтасып жүріп, сыр шертісеміз. Тәкең өте әңгімешіл. Көп көрген, көп елді аралаған адам ғой. Әңгімелері тартымды. Негізінен ол айтушы да, мен тыңдаушы. Тарихты, шежірені де жақсы айтады. Өз әулетінің арғы-бергі тарихынан да көп сыр шертеді. Елге, туған жерге деген ерек­ше махаббаты, сағынышы білініп тұрады. Тіпті ата-бабасының ескі жұртында жатқан әлдебір көмбе туралы да бір қызықты сыр айтып, сәтін салса, ескі жұрттың орнына барып, соны іздегісі келетінін де әңгімелейтін.

Үш-төрт күн өткесін менің зайыбымның шаруалармен қалаға қайтуына тура келіп, бөлмеде тағы жалғыз қалдым. Арасында Тәкең соғып кетеді. Бірде домбырасын алып келді.

— Екеуміздің «Ақжайық» шипажайында демалған күндеріміз ізсіз қалмасын. Жаңадан бір ән сазы келді. Соған сен сөз жаз! — деді. Сосын домбырасын қоңырлата шер­тіп отырып, әлгі әуенді ыңылдап орындап берді. Ән көңілімді баурады.

— Әуені жақсы екен. Ішкі мағы­на­сы қандай? — дедім.

— Сағыныш әуені. Ауылдың сырты. Көктем, әлде күз. Құстар ұшып келеді.

Сенің арманың құс қанатында қалықтайды. Құс жолы қаншама елді басып, мұхитты асады. Сонда да қанаттылар  мекеніне, туған жерге қайтып оралады. Енді бірде сағынышпен шығарып саласың. Осы бір төңіректегі дүние, — дейді.

Бір шаруаның ызыңы құлағыма тисе, табан астында орындап тас­тағым келетін әдетім бар. Сол күні-ақ ән мәтінінің алғашқы шумақта­ры мен қайырмасының бастапқы нұсқасын жазып, Тәкеңе көрсеттім.

— Шамаға соғады екен. Буын-бунақтары да, мазмұны  әуенге ке­ліп тұр. Тек кейбір шумақтардағы қатаң дыбыстарды дауысты дыбыс­қа ауыстырған жөн, — деп пікір айтты.

Бірақ осы аралықта түрлі іс-ша­ралар кимелеп, ән мәтінін жазуды аяқтау жағы созылыңқырап кетті. Аяқ астынан ақын Закария Сисен­ғалиевтің авторлық кеші Оралда өтетіндігі жөнінде екеумізге де хабар келді. Оның үстіне соның алдында ғана санаторий әкімшілігі қолқа салып, демалушылармен кез­десуге келісім беріп қойып едім. Екі шара қатар келді де, мен Оралға бара алмайтын болдым. Тұяқ пен жеңгей екеуі барып қайтуға бел буды.

— Барғасын мені міндетті түрде сөйлетеді. Елдің азаматы ғой. Ақын десең ақын, әкім десең әкім. Закарияның осы екі қырын көрсетіп, қысқа да нұсқа әрі елді елең еткізетін ерекше бір тілек айтсам деймін, — деп менімен ақылдасты.

— Мен Закарияға арнаған «Ақындық пен әкімдік» деген өлеңімнен мына бір жолдарды айтып бердім:

«Әкім» дейді ақындар,

«Ақын» дейді әкімдер.

Кім десең де хақың бар,

Кім болсаң да жақын кел.

Әрі-сәрі күй кешкен,

Көңіл – алаң, тақым – нық.

Қалай ғана үйлескен

Ақындыққа әкімдік!

Тәкең елең ете түсті.

— Міне, менің іздегенім! Қай­та­лашы, — деді де, жалма-жан өзіме кері оқып берді. Сол жерде бірнеше қайталап, жаттап та алды. Сонымен, мен “Ақжайықта” қалдым да, Тәкең Оралға барып, Закарияның кешіне қатысып қайтты. Менің өлеңімді оқығанын, сөзі әсерлі шыққанын айтып келді. Кешікпей менің демалысым бітіп, қайтатын болдым. Әнді алдағы айлардың бірінде аяқтай­тын болып келістік. Тұяқ санаторийден кейін Алматыға баратынын, қыркүйек, қазан айларына қарай күйші Мәменнің кесенесінің ашылуына қайтып оралатынын айтып, сонда кездесерміз, әнді бір жүйе­ге түсірерміз деп уағдаластық.

Ұмытпасам, 2012 жылғы 15 қыр­күйек күні болар-ау, «Мәменнің ке­сенесінің ашылуына барамын» — деп қоңырау шалды. Бұл Тұяқтың менімен соңғы тілдесуі екен. Содан кейін іле-шала қатты ауырып,  ауруханаға түскенін, 2012 жылы 3 қазанда дүниеден өткенін бір білдік. Сөйтіп, оған құрылысы бітіп, ашылғалы тұрған күйші бабасы­ның кесенесі жанынан топырақ бұйырды. Мүрдесі  Орал – Жаңақала күре жолының ежелгі Бесқалмақ, қазіргі Пятимар елді мекенінің тұ­сындағы өзі осы істің басы-қасында жүріп, ашылуына себепші бол­ған күйші Мәмен мазарының қа­сына жерленіп, кейін осы жерде кесенесі тұрғызылды.

Қайран, Тұяқ! Күйлерін кие тұт­қан ұлы ұстазына ескерткіш орнатам деп  Алматы мен Ақ Жайықтың арасында шапқылап жүріп, бабасына ғана емес, өзіне де мәңгілік мекен қамдағандай болыпты-ау. 2012 жылы 11 қазанда Мәменнің кесенесі ресми ашылғанда, жанында Тұяқбердінің жас топырағы жаңғырып жатты.

Қазір Мәмен мен Тұяқтың ма­зарлары домбыраның қос құлағын­дай қалқиып қатар тұр. Қос күйші қазақтың киелі аспабының қос іше­гіндей үйлесім тауып, бірін-бірі то­лықтырып, бірін-бірі желеп-жебеп қатар жатыр. Өткен-кеткендер тұ­сына келгенде аялдап, дұға бағыш­тап кететін қасиетті орынға айнал­ған.

Биыл алпыс жасқа толуыма орай шығармашылық кешім өтетін болып, соның қарсаңында өзім жазған ән мәтіндерін түгендедім. Сол кезде Тұяқтың әлгі әніне жазған «Құс жолы» өлеңі көзіме оттай басылды. Дереу өзіммен соңғы жылдары шығармашылық байланыста жүр­ген талантты жас сазгер інілерімнің бірі Асқар Кенжеғалиевке қолқа салдым. Әннің әуенін, бар білгенімше ыңылдап айтып бердім. Әрине, дәл Тұяқ шығарғандай болмас та деймін. Әсіресе, қайырмасының әуенін ұмытыңқырап қалып, жобамен өз жадымнан да сәл үйлесім қосып, сазгер інімнің құлағына салдым. Мысалы:

Келші, құстарым,

Елші құстарым,

Жылы ұяға енші құштарым! – деген жолдардың сөзін де, әуенін де өзім қостым. Өйткені әннің қа­йырмасында осыған ұқсас саз бар сияқты еді. Ол жадымда қалмапты. «Ендігісін өзің келістір. Аманат ән ғой» — деп Асқарға тапсырдым. Ас­қар оны менің шығармашылық ке­шімнің қарсаңында нотаға түсіріп, «Орал сазы» аспапты ансамблінің репертуарына енгізді. Әнді 2015 жылғы 12 ақпан күні Оралдағы қа­зақ драма театрында өткен менің «Жүрек қылын шертеді…» атты шы­ғармашылық кешімде облыстық филармония әншілері Күләш Қуанышқалиева мен Дархан Құ­лыбаев тұңғыш рет орындады. Жұртшылық жылы қабылдады. Кештің ажарын ашқан әндердің бірі болды десті. Бүгінде жаңа ән облыстық филармония әншілері­нің репертуарынан берік орын алып, жиі орындала бастады.

Аманат ән

Құс  жолы

Әуені: Тұяқ ШӘМІЛОВТІКІ

Өлеңі: Аманкелді ШАХИНДІКІ

Нотаға түсірген: Асқар КЕНЖЕҒАЛИЕВ

Көктем, жаз, қараша күзді өткеріп,

Құс қайтып барады тізбектеліп.

Сызылып сырлы әуен қанатынан

Еседі қоңыр саз, мұңды естелік.

ҚАЙЫРМАС Ы:

Құстарым қайтадан оралар,

Құштарым ән болып таралар.

Ардақтым, аяулым, аңсарым,

Қараша, қоңыр қаз, тырналар!

Келші, құстарым,

Елші құстарым,

Жылы ұяға енші құштарым!

Нұрланып жүректі елжіреткен,

Самалын аңқытып келді көктем.

Келеді қиқулап құстар қайтып

Сағыныш саздарын мөлдіреткен.

Теңізді тербетіп, шайқаған,

Құстарым оралды қайтадан.

Аңсарым, ардақтым, аяулым,

Қондырды жүрекке байтақ ән!

Келші, құстарым,

Елші құстарым,

Жылы ұяға енші құштарым!

Ұғатын саржайлау, дала сырын,

Қырдағы ауылдың баласымын.

Құс жолы – бозамық аспандағы

Сөнбейтін нұрлы үміт жан асылым.

Аман бол! Арманым қанатты,

Жадырап жанымнан таң атты.

Аңсарым, ардақтым, аяулым,

Күтемін жолығар сағатты.

Келші, құстарым,

Елші құстарым,

Жылы ұяға енші құштарым!

Аманкелді ШАХИН,

ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі


Тәу етіп оралдық

Күні: , 851 рет оқылды

DSC_0149


Арғы атам Сафий (Сапи) Сүлейменов соғыста хабарсыз кеткен еді. Міне, Ұлы Жеңістің 70 жылдығы тұсында атамның жерленген жері анықталып, Сырым ауданы Жетікөл ауылындағы Сапиевтер отбасында зор қуаныш болып жатыр.


Сафий Сүлейменов 1910 жылы Жаңақала ауданының Ұмтыл ауы­лында дүниеге келген. Педа­гоги­калық училищені бітіріп, ал­ғаш­қы­лардың бірі болып мектеп ашу ісімен айналысады. Бірлік орта мектебін білім сапасы жағынан облыста алдыңғы орынға шығар­ғаны үшін 1939 жылы КСРО Жо­ғарғы Кеңесінің қаулысымен «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапат­талады. Сол жылы Жаңақа­ла ау­дандық кеңесінің депутаты бол­ған.

Атам 1940 жылы жарық көрген «Батыс Қазақстан облысының танымал адамдары» атты жинаққа енген. Осы жинаққа Мәскеуге аяқ­тай барып М. Калининнің қолы­нан марапат алған облыстың ең таңдаулы 39 адамы енгізілген. Атам соғыс басталғанда өзі сұра­нып, майданға аттанады. Ол алғаш­қы дайындық курстарынан өтіп, лейтенант шенін алып, взвод бас­қарады. Елінің есінде қалғаны – өте сауатты, елгезек жанның  майданнан үнемі өлеңмен хат жазға­ны. Солдат хаттарының бірінде «Аламыз жауды аламыз, Берлинге тура барамыз. Дұшпанның қанды қо­лы­нан, Тазарсын қала, дала­мыз» – деп жазыпты.

Атам туралы 2001 жылы «Орал өңірі» газетінде Мәжит Жаданов ағамыздың «Майдангердің хаты» атты мақаласы шықты. Мақалада атамның Сталинград шайқасында болып, Ростов облысы Усть-Донецк  ауданы  Раздор ауылы маңындағы шайқаста мерт болғаны туралы айтылады. Біз, ұрпақтары жерлен­ген жеріне барып, тағзым етуді ойлап жүретінбіз. Міне, Ұлы  Же­ңіс­тің 70 жылдығы қарсаңында Сапи атамның немересі, менің әкем Талғат Сапиев, шөбересі мен және Сырым аудандық «Сырым жастары» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Алмат Байболат үшеу­міз жолға шықтық. Сырым ауданы әкімдігі Раздор ауылы басшыларымен телефон арқылы хабарласып, жол шығынымызды көтеріп, ақ жол тілеп шығарып салды.

Бізді қарсылап алған ресейліктер қолдарынан келген көмекті аямады. Іздеу жұмысына әскери комиссариат қызметкерлері Ольга Пакищева, Михаил Мерзляков, Раздор этнографиялық мұражай- қорығының аға ғылыми қызметке­рі Светлана Виткалова атсалысты. Жергілікті архивтен, мұражай жазбаларынан ақпарат кездестірсек деген үмітіміз ақталып, атамның Раздор ауылындағы бауырластар зиратында жерленгені анықтал­ды. Соғысқа 1942 жылы 12 қаңтарда Жа­ңақала аудандық әскери комиссариатынан аттанған атам 1049-ат­қыштар полкі құрамында Сталинград шайқасына қатысыпты. Әскери шені “зам.политрук” бол­ған. 1943 жылы 14 қаңтарда Дон өзені бойындағы кескілескен ұрыста оққа ұшыпты.

Атамның басына тәу етіп, Құран бағыштадық. Сол кездегі сезімі­мізді тілмен айтып жеткізе алмаспыз. Атамның 1940 жылы дүние­ге келген ұлы Сәбит Сапиев өмір бойы әкесін іздеумен өтті, ол ту­ралы бір дерек естуге зар болған еді. Туған жердің бір шөкім топы­рағын алып барған едік. Соны атам­ның зиратының топырағына қостық, мойнымыздан ауыр жүк түскен­дей болды.

Раздор ауылының басшысы Роман Бабичевтің жеке қабыл­да­уында болдық. Тарихи орындар­ды, мектептерді аралап, атамыз­дың мәңгілік мекеніне айналған ауылдың тіршілігімен танысып қайттық. Әулетіміз үшін арман болған атамыздың жерленген же­рін тауып қайтуымызға көмек­тескен Сырым ауданының әкімі Абат Шыныбековке, «Сырым жас­тары» қоғамдық бірлестігінің төр­ағасы Алмат Байболатқа, Жаңа­қала аудандық қорғаныс істері бөлімінің басшысы, майор Арман Мағзомовқа Сапиевтер әулеті атынан алғыс айтып, амандық тілейміз.

Азамат СӘБИТОВ,

шөбересі,

Сырым ауданы


Жаңа тағайындау

Күні: , 934 рет оқылды

фото Халелова Рафхата (48)


Батыс Қазақстан облысының әкімі Нұрлан Ноғаевтың өкімімен облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы лауазымына Жанболат Ғайнешұлы Иманғалиев тағайындалды. 2015 жылғы 11 тамызда өңір басшысы басқарма ұжымына жаңа басшыны таныстырды.


– Мемлекеттік қызмет сатыла­рын­да ысылған Жанболат Ғай­­неш­ұлының бұған дейінгі еңбек жолында жинаған білім-білігі де, тәжірибесі де мол. Өзіне жүктел­ген міндетке жауапкершілікпен қа­рап, ұжыммен, өзге де сала басшыларымен бірлесе отырып, алда тұрған жұмыссыздықпен кү­рес, әлеуметтік қамсыздандыру, халықтың әл-ауқатын арттыру сынды күрделі мәселелердің оң шешімін таба алатынына сенім­дімін, – деді Нұрлан Асқарұлы.

Жанболат Ғайнешұлы Иманғалиев 1969 жылы 18 мамырда Ақжайық ауданы Ақ­төбе ауылдық кеңесінде дүниеге келген. Білімі жоғары. 1995 жылы Ақтөбе мемлекеттік медициналық институтын дәрігер-педиатр, 2009 жылы Еуразия академиясын экономика бакалавры мамандықтары бойынша  бітірген.

1995-1996 жылдары облыстық балалар ауруханасының дәрігер-педиатры болып қыз­мет  еткен.

1996-2004 жылдары – облыстық бала­лар ауруханасының дәрігер реаниматоло­гы. 2004-2007 жылдары Батыс Қазақстан облыстық денсаулық сақтау бас­қармасы «Облыстық балалар ауруханасы» МКҚК директорының орын­басары.

2007 жылы – Батыс Қазақстан облыстық денсаулық сақтау департа­менті емдеу-профилактикалық қызметті үйлестіру және лицензиялау бөлімінің  бас  маманы.

2007-2009 жылдары – Батыс Қазақстан облыстық денсаулық сақтау басқармасы бастығының орынбасары.

2009 жылдан ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлі­гі Медициналық және фармацевтикалық қызметті бақылау комитеті Батыс Қазақстан облысы  бойынша  департаментінің  директоры  қызме­тін  атқарды.

2015 жылдың 11 тамызынан Батыс Қазақстан облыстық жұмыспен қамтуды  үйлестіру  және  әлеуметтік бағдарламалар  басқармасының басшысы.


Құлпытастағы құпия сыр

Күні: , 1 070 рет оқылды

IMG_0187


Еліміздің егемендік алып, мемлекетіміздің тәуелсіздікке қол жеткізуі төл тарихымыздың ұлттық мүдде тұрғысынан жаңаша зерттелуіне соны серпіліс әкелгені баршамызға белгілі. Осы жылдар ішінде қазақ тарихын қайта таразылауда мемлекеттік деңгейде біраз іс-шара жүзеге асырылды. Түрлі бағдарламалар қабылданып, алыс-жақын шет елдердің мұрағаттарынан ұлт тарихына тікелей қатысы бар құнды жәдігерлер елге әкелінді. Ұлттық деңгейге көтерілген тұлғалар тарихын түгендеу бағытындағы тұлғатану саласында да айтарлықтай жұмыс атқарылды. Осы саланы толықтыруда елімізде түрлі этнографиялық экспедициялар ұйымдастырылып, ғылыми зерттеу ізденістері жүргізілді. Соның ішінде қазақ құлпытастары да тарихи-этнографиялық тұрғыдан зерттеу нысанына айналды.


Өйткені, қазақтың сайын дала төсіндегі құлпы­тас­тар халқымыздың небір құпиясы мен тұңғиық тарихын iшiне бүгіп жатыр. Көне қорымдағы ескі құлпытастар ата-баба қабірі­не қойылған тас белгі ғана емес, сырын ұғып, құпиясын аша білсек, ел мен жердің тасқа қашалып жазылған тарихы екендігіне куә боламыз. Яғни, құлпытастағы жазу мәтінін оқи алсаңыз, ол тарихтан сыр шертеді. Алайда, сол жазуды өзін сауатты санайтын кез-келген адам бүгінде оқи алмайды. Оның себебін өткен ғасырдағы ке­ңестік қызыл империяның қазақ әліпбиіне қатысты жүзеге асыр­ған солақай саясатынан іздеген жөн. Өйткені әліпбидің бірнеше мәрте өзгеріске ұшырауы кейінгі ұрпақтың өткенін оқи алмайтын дәрежеге жеткізді. Ал жазу әлем тарихының қай кезеңінде болсын жоғары өркениеттің бірден-бір белгісі болып табылады. Демек, сол заманнан бізге дейін жеткен құлпытастағы жазба ескерткіштер ата-бабаларымыздың да әлемдік өркениетке өзіндік төл­тума мәдениеті арқылы үлес қосқандығын көрсетеді. Зерттеу­шілер пікірінше, қазақ құлпытаста­рының түп-тамыры тым тереңде жатыр. Шындап келгенде, ол өз қайнар бастауын қола ғасырынан ба, жоқ әлде одан да кейінгі ке­зеңдерден алды ма, дөп басып айту қиын. Байырғы түрік жазба мұрасын зерттеген ғалым Ғ. Ай­да­ров: «Құлпытастар ерте заманда түркі тайпалары қолданған бал­балдардың өзгерген түрі. Балбалдарды ескерткіштер ретінде VI-VIII ғасырдағы түркі тайпалары да, оғыздар да, қарлұқтар да, қыпшақ-половцылар да кеңінен қолдан­ды. Орта Азияға мұсылман дінінің бірте-бірте еніп, кең өріс алуына байланысты жанды нәрселердің суреттерін бейнелеуге тыйым салынды. Сөйтіп, бұрынғы балбал­-дар орнына енді құлпытастар пай­да болды», — деп жазады. Жалпы тас қашау өнері оның ішінде тасқа жазу түсіріп, ескерткіш ретінде қалдыру Батыс Қазақстан аймағында орта ғасырлардан бе­­рі келе жатқан дәстүр екендігі ал­ға тартылуда. Ал араб гра­фика­сындағы эпиграфика, белгілі этнограф ғалым Серік Әжіғали­­дың анықтауынша, XVIII ғасырдың ортасы мен соңынан бастап кеңінен таралған. Бұл аталған өңірге ислам дәстүрінің біртіндеп енуімен байланысты болса керек. Дегенмен уақыты жағынан сол ғасырдың басына жататын эпиграфикалық қа­зақ құлпытастары да бар. Мәсе­лен, «Маңғыстау» атты ұжымдық монографияда Е. Өмірбаев Жем­нің төменгі ағысындағы Ақмешіт-Бекет қорымында 1723 жылмен белгіленген ескерткіштің бар еке­нін атап өтеді. Ал Батыс Қазақ­стан облысындағы құлпытас­тар ішінде 1751 жылы Дәуқара батыр басына қойылған құлпытасты мерзімі жағынан алғашқылар қатарында атауға болады.

Батыс Қазақстан облысы – монументальды эпиграфикалық ес­керт­кіштер көп таралған аймақ­тар­дың бірі. Дегенмен осы құл­пытастардың барлығы ғылыми тұрғыдан жүйеленіп, толық зерттелді дей алмаймыз. Осыған орай «Жайық Пресс» ЖШС-ның басшысы Жантас Набиоллаұлы мен «DANAkaz» журналының бас ре­дакторы Қазбек Құттымұратұлы­ның бастамасымен Батыс Қазақ­стан облысындағы құлпытастар кешенді түрде зерттелу үстінде. Тарихымызды танып білудегі бұл игілікті бастама «Нұр Отан» партиясы, облыстық әкімдік пен об­лыстық ішкі саясат басқармасы тарапынан қолдау табуда. Өткен жылы Батыс Қазақстан облыстық ішкі саясат басқармасының қол­дау­ымен жарық көрген «Құлпытас сырын ашайық» жинағына Батыс Қазақстан облысының Ақжайық, Қаратөбе, Сырым аудандарының аумағында орналасқан 50 құлпы­тас енгізілген еді. Онда құлпытас­тың жазу мәтіндері оқылып, қазақ тіліндегі мағынасы берілген. Оған қоса тұлғалық деңгейге көтеріл­ген құлпытас иелерінің тарихына қысқаша анықтама, түсінік келтіріліп, оқырман қауымның тұлға туралы белгілі бір дәрежеде мағ­лұмат алуына мүмкіндік туғызды. Әсіресе, өлке тарихында өзін­дік ізін қалдырып, XVIII-XIX ғасыр­лардың қоғамдық-саяси өмірде көз­ге түскен тұлғалар қатарын­да Дәуқара батыр, Бабатай би, Қой­сары батыр, Есім хан, Тайлақ батыр, Есенгелді тархан, Науша батыр, Сатыбалды, Сатай батыр, т.б. ерекше атауға болады. Байұлы бірлестігіне қарайтын Байбақты руының ұранына айналған Дәу­қа­ра батырдың тарихы осыған дейін ел жадында сақталған аңыз-әңгімелер арқылы танылып келсе, енді басына қойылған құлпытас­тағы жазудың алғаш рет оқылуы нәтижесінде батырдың 1751 жы­лы 64 жасында дүниеден озғаны анықталып отыр. Сол сияқты Есім хан 1797 жылы 53 жасында, Тайлақ батыр 1808 жылы 40(60) жасында, Есенгелді тархан 1834 жылы 93 жасында, Науша батыр 1849 жылы 81 жасында, Сатыбалды батыр 1857 жылы 88 жасында, Сатай батыр 1865 жылы 84 жасында фәниден озған. Аталған тұлғалар арасында Есім ханнан өзгесінің өмір сүру жасы мен қай­тыс болған уақытының төл тарихымызда тұңғыш рет анықталуы би, батырлар тарихына қосылған сүбелі үлес болатын. Оның үстіне күні бүгінге дейін облыстағы құл­­пытастардың жазу мәтінін тәп­­тіш­теп оқып, саралап берген зерт­теулердің жоқ екендігін ескерсек, бұл жинақтың өлке тарихының өткенін анықтап, айқындаудағы ма­ңызы айшықтала түседі. Қалай десек те, құлпытастардың құпия сырын ашқан бұл жинақ өзін­дік ерекшелігімен дараланады. Осы саланың зерттеуші маманы А. Омарова Батыс Қазақстан эпиграфикалық ескерткіштерінің сыртқы пішіні ғана алуан түрлі емес, жазу стилі, мәтін мазмұны, графикалық ерекшеліктерінің де алуан түрлілігін және құлпытас­тардағы жазу негізінен қазақ тілінде жазылғанымен, татар тілінің әсері де басым болғандығын атап өтеді.

Сонымен облыстағы қазақ құл­пытастарын зерттеудің қажет­тілігі неде? Тарихи тұрғыдан маңызы қаншалықты?

Біріншіден, облыстағы қазақ құл­пытастарын зерттеп, зерделеу өлке тарихын, соның ішінде тұлғалар тарихын түгендеп, толыға түсуіне зор септігін тигізеді. Себебі, аталған ескерткіштер жеке тұлғалар басына қойылатын белгі болғандықтан, оларда өлке тарихында өзіндік ізін қалдырған тұлғалардың тағдыр, тарихы тү­зілген.

Екіншіден, құлпытас баға жетпес шынайы дерек көзі. Өйткені ескерткіштер мәтіні қысқа да, мә­ліметтері соншалықты көп болма­ғанымен, деректік жағынан маңы­зы зор әрі нақты да анық дерек беруімен ерекшеленеді. Оның үс­тіне құлпытастағы жазу мәтіні түпнұсқалылығымен құнды. Яғни тасқа қашалған жазудың бүгінге еш өзгеріссіз сол қалпында жетуімен және басқа мәліметтерге қарағанда неғұрлым дәл түсінік беруімен маңызды.

Үшіншіден, кез келген құлпы­тас қазақтың төлқұжаты іспеттес. Онда марқұм болған тұлғаның қай рудан шыққанын анықтайтын ата-тегі туралы, лауазымы, қайтыс болған уақыты мен өмір сүрген жасы, ұрпақтары (баласы, немере­сі), ру таңбасы жөнінде мәлі­мет беріліп, тұлғаның өмірбаяндық ғұ­­мырнамасынан нақты хабардар етеді. Мәселен, заманында қоғам­дық-саяси қызметімен көзге түсіп, ел ісіне белсене араласып, сол ар­қылы аты-жөні мұрағаттық жазба құжаттарда молынан кездескенімен, нақты өмір сүрген жылдары беймәлім қаншама тұлғалар бар тарихымызда. Міне, осы ба­ғыт­та­ғы ақтаңдақтарды тиянақтап, то­лықтыруда құлпытастардың рө­лі өте зор.

Түйіндеп айтқанда, қазақ құл­пы­тастарын зерттеу төл тарихы­мыздағы тұғырлы тұлғалар тағ­ды­­рындағы түйткілдерді тарқатып, түгендеу үшін өте қажет. Облы­сымыздағы қорымдар мен зират­тардағы құлпытастар тарихын ке­лешекте кеңінен зерттеу ісі өл­кеміздің өткенін ғылыми негізде саралаудың жаңа көкжиегін ашуға жол салатыны анық. Олай болса, құлпытас мәтіндерін оқып, зерделеу бабаларымыздың бай да баға жетпес тарихи мұраларына деген ынта-ықыласты оятып қана қоймай, өлкеміздегі тұлғалар тарихын толықтыра түсері хақ.

Жәнібек АЛЛАЯРҰЛЫ,

тарих ғылымдарының кандидаты


БҚО, Орал қаласы, Мұхит көшесі, 57/1
zhaik_presscenter@mail.ru
oral_oniri@inbox.ru
support@oraloniri.kz

Орал өңірі" газетінің бас редакторы: 51-25-80
Бас редактордың орынбасарлары: 24-17-08, 54-18-08
Жауапты хатшы: 54-38-22
Тілшілер: 50-66-88, 51-50-34
Жарнама бөлімі: 51-51-09
Яндекс.Метрика