Мұрағат: 11.08.2015


Судан қуат алатын станса

Күні: , 855 рет оқылды

DSC_0440


Жақында оралдық өнертапқыш, кәсіби инженер Хайролла Исмағұлов өзі ойлап тапқан шағын электр стансасы қондырғысының тұсаукесерін өткізді. Шағын стансасының қолданылуы оңай, бағасы да арзан болмақ.


Бұдан бұрын да қи оятын, жүн сұ­рып­тайтын автоматтан­ды­рыл­ған қондырғылар мен жыл­жымалы қалдықсыз қасапхана ой­лап тапқан өнертапқыш қа­ра­пайым электр стансасын шы­­ға­­руды сонау сексенінші жыл­дар­дан бастап жоспарлаған екен. Осы уақытқа дейінгі сыз­ған түр­­лі сызбалары әр түрлі жағ­дайлар­­­ға байланысты іске аспаған. Мі­не, бүгін сол арманы орында­лып, «Сәкен» атты су электр станса­сын іске қосты.

Үй жағдайында пайдаланы­латын стансаның құры­лы­сы қа­рапайым. Құрыл­ғы­ның қа­ғаз­дағы сызбасын құрас­тырып шы­ға­­руға екі ай уақыт кеткен. Қара­пайым көлік қоз­ғалт­қы­шы­ның жүйесі­мен жа­сал­ған станса бір сы­­йым­ды­лықтағы суды кері ай­на­­лыс­­қа келтіру арқылы қуат кө­зін береді. Қызмет ету мерзімі 24 мың сағатқа есептелген құрыл­­ғы­ның қуаттылығы 1-3 Квт. Яғни осы станса арқылы үй жағда­­йында үш жыл бойы теледидар, тоңазытқышты қуат көзіне қо­­­сып, үйді жарықтандыруға да бо­­ла­ды. Тағы бір ерекшелігі, қон­дыр­­ғы­­ны техникадан хабары бар әр адам еш қиындықсыз жөн­­­дей алады.

— Қазір электр желісі тартыл­маған ой мен қырдағы шаруалар күн мен желден қуат көзін алатын қон­дырғылар сатып алу­да. Оның бағасы қымбат бол­ған­дық­тан, бәріне бірдей қолжетімді емес. Көптен бері ойымда жүр­ген шағын су электр станса­сын құрастырып, іске қосып көр­дік. Нәтижесі ойымнан шық­ты. Бұл құрылғының шағын түрі, басқаша айтқанда жобасы деу­ге болады. Қажет етсе, дәл осы стансаның жобасымен ау­қым­ды түрін құрастырып, мол қуат көзін алуға мүмкіндік бар. Ал бүгінгі үй жағдайындағы шағын құрылғыны құрап шығаруға бар- жоғы 75 мың теңге қаржы жұм­салды. Егер болашақта тапсы­­­­рыс берушілер болса, қолжетім­­ді бағамен қондырғыны жасап беруге дайынбыз, — дейді Хай­рол­ла Исмағұлов.

Жаңа жоба Хайролла ағамыз басшылық ететін «Жайық-Каспий сараптама» орталығының Сере­бряков ауылы маңында орна­ласқан зертханасында құрасты­рылған.

Ендеше, көзімізбен көріп, қо­лымызбен ұстаған осынау қон­дырғы 2017 жылы елімізде өте­­тін «ЭКСПО» көрмесінен орын алып, халық кәдесіне жарасын дей­міз.

Нұрбек ОРАЗАЕВ,

«Орал өңірі»


Ашық аспан астындағы көрсетілім

Күні: , 96 рет оқылды

фото Рафхата Халелова (23)


12 тамыз — халықаралық жастар күні. Осы мереке қарсаңында облыстағы жастар ұйымдары өкілдері мен белсенділері қала тұрғындары үшін Қадыр Мырза Әлі атындағы өнер мен мәдениет орталығының амфитеатрында ашық аспан астындағы кинокөрсетілім ұйымдастырды.


Аталмыш шара туралы хабар әлеуметтік желілер арқылы көр­сетілімнен бір апта бұрын жұрт­қа жетіп үлгерді. Ғаламтордың «күшін» осыдан-ақ көруге болады: ашық аспан астындағы бірінші киносеансқа 1500-ден астам адам келді. Ішінде балалар да, ересектер де, немерелерін ерткен ата-әжелер де бар. Көрерменге қан­дай фильм ұсыныларын да ешкім білген жоқ. Бірақ бәрі де қараң­ғы­лық түсуін асыға күтті. Ал оған дейін бәрі де жеңімпаздар үшін құн­ды сыйлығы бар сөзжұмбақ ше­шуге және жарысқа қатысуға мүм­кін­дік алды. Осында өңірдің та­лантты жастары қатысқан кон­церт те өтті.

Жас белсенділер таза ауада тамашалау үшін отандық «Оралу» фильмін таңдапты. Фильм бірден үш экранда қатар көрсетіліп, көрерменге қолайлы жағдай жа­салды. Аталмыш кинолента қа­лай­ша жастардың өмірден өз ор­нын табуы және ақиқат жолында қалай адаспауы жөнінде әңгімелейді. Кинотуындыны жа­сауға режиссерлерді жігерлендірген Елбасымыз Н. Назарбаевтың өзі.

— Меніңше, бұл фильм тек жас­тарға бағытталған. Олар жер бетінде Отаныңнан артық ештеңе жоқтығын көріп және сезінуі тиіс. Расында да, қазір көп адам шетел­­ге кетуде. Мен осы фильмнің сон­дай жандар үшін ойландырар са­­бақ боларына сенемін, — деп атап өтті фильмнің бір көрермені Мер­­жан Әбілқас. Фильмді көр­ген­дер­дің көпшілігі ашық аспан ас­­тын­да­ғы алғашқы көрсетілімнің сәтті таң­дау екенін мақұлдай оты­рып, осын­дай шаралардың Орал қала­сын­да жиі болғанын қа­лай­тынын айт­ты.

Динара КЕНДІРБАЕВА


Кәсіптік білімді көтеру керек

Күні: , 820 рет оқылды

IMG_4974


Кеше Оралдағы А. Иманов атындағы жол-көлік колледжі базасында облыстағы техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдары педагог қызметкерлерінің дәстүрлі тамыз мәслихаты өтті. «Білім беру мазмұнын жаңарту: болашаққа бағдарлану» тақырыбында ұйымдастырылған жиынның пленарлық отырысына облыс әкімінің орынбасары Бақтияр Мәкен қатысып, сөз сөйледі.


Тамыз мәслихатының басты мақ­саты – Елбасының «Нұрлы жол – болашаққа бастар жол» атты Қа­зақстан хал­қына арнаған Жолда­уында, ҚР«Білім туралы» Заңында, ҚР білімберуді дамытудың 2011-20 жыл­дарға арналған мемле­кет­тік бағ­дарламасында айқын­дал­ған міндеттерді  жүзеге  асыру  болды.

– Тамыз кеңесі жыл сайын дәс­түрлі өтетін басқосу. Біз осы жер­де жаңа оқу жылында жас ұрпақ­қа білім мен тәрбие беретін ұс­таз­дар қауымын қандай сұрақтар, мә­­­се­лелер мазалайды, оларды ше­­шу жолдары қандай деген сауалдар­ға жауап іздеп, пікір алмасатынболамыз. Жалпы, білім сапасынжоғарылату Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың тікелей тапсырмасы екендігі сіздерге жақсы мәлім. Бәсекеге қа­білетті ұлт қалыптасуы үшін бі­лім­ді жастар керек. Білімді, білікті жастарды қалыптастыру үшін қол­дан келгеннің барлығы жасалуда. Басқа салалар секілді білім саласында да көптеген тың жаңалық­тар енгізілуде. Техникалық тұрғы­дан дуальды оқыту аса өзекті болып отыр. Яғни теориямен бір­ге практиканы қатар алып жүре­тін болсақ қана мықты маман да­йындай аламыз – деді Бақтияр Мәкенұлы.

Жалпы, облыстағы 38 техни­ка­лық және кәсіптік білім беру ұйым­дарында (27 мемлекеттік жә­не 11 мемлекеттік емес колледждерде) 22 мыңнан астам адам ма­мандықтар мен жұмысшы кәсіп­терін алуда.

2014-2015 оқу жылы 14 кол­леджге «эксперименталды алаң» мәртебесі беріліп, 15 мамандық бо­йынша 38 кәсіпорынмен дуаль­дық  оқыту  жүйесі  енгізілді.

2014 жылы облыстағы техни­калық және кәсіптік білім беру ұйымдарын бітірушілердің білімі мен біліктіліктерінің деңгейін тә­уелсіз бағалаумен 138 мамандық пен біліктілік бойынша 7014 адам қамтылып, теориялық тестілеу мен практикалық жұмыстарды орындау қорытындысымен 6577 адам немесе қатысушылардың 93,7%-ы сәйкестік  сертификаттарын  алды.

Мемлекет басшысы «Қазақ­стан­ды әлеуметтік жаңғырту: Жалпы­ға ортақ еңбек қоғамына қарай 20 қадам» атты мақаласында мүм­кіндігі шектеулі адамдарды әлеу­меттік пайдалы еңбекке бейім­деуге жағдай жасаудың маңызды­лы­ғын айрықша атап кеткен болатын. Орал ақпараттық технологиялар колледжі базасында мүм­кіндігі шектеулі жандар үшін «Техник-бағдарламашы», сонымен қа­тар Орал «Сервис» технологиялар колледжінде «Киімдер үлгісін құрастырушы», Сервис және жа­­ңа технологиялар колледжінде «Сән­­дік қолданбалы заттарды те­рі мен былғарыдан жасаушы», Ру­бежка колледжінде «Жеміс-кө­кө­­ніс өсіруші» мамандықтарына даярлау  жұмысы  жүргізілуде.

Биылғы ұзын-саны 200-ге жуық мамандар қатысқан техника­лық және кәсіптік білім беру ұйым­да­ры педагог қызметкерлерінің об­лыстық тамыз кеңесі бес секция­да өтіп, кеңес барысында 2014-15 оқу жылында атқарылған жұмыс­қа сараптама, талдау жасалды. Жаңа оқу жылына жоспар жасал­ды, арнайы ұсынбалар талқыла­нып, қабылданды. Жетістікке жеткен  ұстаздар  марапатталды.

Тоқтар ҒАБДІРЕШҰЛЫ,

«Орал  өңірі»

Суретті  түсірген Темірболат ТОҚМАМБЕТОВ


«Мен бір жұмбақ адаммын, оны да ойла»

Күні: , 923 рет оқылды

DMS_3632


Қазақтың ұлы ақыны Абай Құнанбаевтың 170 жыл­дығына орай ақын атындағы орталық алаңда «Мен бір жұмбақ адаммын, оны да ойла» атты поэтикалық  шара  өтті.


Орал қаласы әкімдігі мә­дениет және тілдерді дамыту бөлімі мен Жұ­-бан Молдағалиев атындағы об­лыс­тық кітапхана ұйымдастырған ша­ра ұлы ақын ескерткішінің алдына гүл шоқтарын қою рәсімімен  басталды.

– Бүгін қазақтың  ұлы ойшылы, кемеңгері Абай Құнанбаевтың туыл­ған күні, 170 жылдығын атап өтудеміз.  Осы орайда қаламызда «Абайтану» танымдық сағатта­ры, конференциялар, семинарлар өтуде.  Елбасымыз  Н. Назарбаев  «Абай­ды таныту арқылы біз Қазақстан­ды, қазақ халқын әлемге танытамыз» деген болатын. Абайдың қай шығармасы болса да  білімге, өнер­ге, адамгершілікке насихаттайды.  Ақынның мұрасы еліміздің руха­ни байлығы болып қала бермек, – деді жиында сөз алған қала әкі­мінің орынбасары Марс Сатыбалдиев.

– Облысымызға ат басын ті­реген  филолог-ғалым МекемтасМырзах­ме­тов адамның ішкі жә­не сыртқы дү­ниесін зерттейтін екі ғылым  бар деген болатын. Адам­ның ішкі жан дүниесін зерттей­тін ғылым­ды жантану, яғни жүрек­тану десек, Абайдың шығарма­ла­рында жүрек сөзі 69 рет әр түрлі ма­ғынада кездеседі. Қандай нәр­сені болсын жүрекпен ұғынып, жү­­рек­­тің қалауымен атқару керек. Кемел ақынның тілге тиек еткенарман-тілегін жас буынның орындайтынына сенемін, – деді М. Өте­місов атындағы БҚМУ-дың до­-цен­ті Серікқали Шарабасов өз ойын білдіріп.

Шараға қатысқан мектеп оқу­шылары ұлы ақынның шығарма­лары мен аудармаларынан үзінді оқып, өнерлерін ортаға салды.

   Гүлсезім БИЯШЕВА,

«Орал өңірі»


Жайыққа қалай саяхатшы тартамыз?

Күні: , 832 рет оқылды

5lk18KIzinBGB7DePnRfTxVx6X9AQi


Биылғы мамыр айында Ақордада Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалығымен өткен Үкіметтің кеңей­тілген отырысында Мемлекет басшысы ұсынған бес институционалдық реформаны жүзеге асыру бағытын­дағы «100 нақты қадамның» практикалық жайттары қарастырылған болатын. Аталған реформалардың әрқайсысы бойынша Мемлекет басшысы бірқатар нақты міндеттер белгіледі. Сол нақты тапсырмалардың қатарында «Туристік кластерлер құруда үздік тәжірибесі бар стратегиялық (зәкірлік) инвесторларды тарту» қадамы бар. Жақында осы тапсырманың өңірімізде іске асуы туралы облыстық балалар-жасөспірімдер туризмі және экология орталығының басшысы Виктор Фоминмен сұхбаттасқан болатынбыз.


– Елбасымыз белгілеп бер­ген «100 нақты қадамда» туризм саласына қатысты жүктелген мін­деттің облысымызда орындалуы туралы не айтар едіңіз?

– Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың «100 нақты қа­дам» жоспарында еліміздің одан әрі дамып-өсуіне, әрбір қазақстан­дықтың жақсы өмір сүруіне қа­жет­ті айқын бағыттар мен міндет­тер анық көрсетілген. Осы нақты жоспарды іске асыру жолында экономикалық тиімді және эко­ло­гиялық қауіпсіз ішкі туризм са­ласын дамытудың алар орны ерек­ше екендігі айтылды. Туризм са­ласының дамуы жолына, әсіресе, өскелең ұрпақты жұмылдыру басты мақсат болып отыр.

Жақында біздің өңірде бала­лар туризмін дамытудағы жасақтал­ған жоспар республикалық турис­тік-өлкетану бағытындағы білім беру мекемесі жетекшілерінің үй­лестіру кеңесінде мақұлданды. Сонымен қатар бұл жоспар еліміздің басқа өңірлеріне де қол-данысқа енгізілуге жолданды.

Соңғы жылдары облыста туристік қызметтің спорттық бағдарлау және шыңға өрмелеу түрі жақсы дамып келеді. Жақында аль­пинист жерлесіміз Мақсот Жұ­-маевтың жүлдесіне арналған шың­ға өрмелеу мен тау туризмі тех­никасының біріншілігі оздырыл­ды. Жарысқа қатысушы жасөспі­рім­дер жақсы нәтижелерге қол жеткізді. Мұндай сайыстарды ұйым­дастыру спорттық туризмнің да­муына септігін тигізуде. Балаларжасөспірімдер туризмі шеңбе­рін­де өткізілген барлық респуб­­ли­калық жарыстардың қорытын­дысы бойынша Батыс Қазақстан облысының құрама командасы тұ­рақты бірінші орында тұр. Бұл – біз үшін үлкен мақтаныш.

Өңіріміздегі балалар-жасөспі­рімдер туризмінің дамуына облыс әкімдігі, облыстық мәслихат, жергілікті атқарушы органдары, қоғам­дық-саяси ұйымдар барынша қолдау білдіруде. Оларға өз атымыздан шынайы алғысымызды білдіреміз.

Әрине, бұл салада да кемшін тұстар аз емес. Өңіріміздің кей жерлерінде бұл салаға баса мән берілсе, енді бір жерлерде көз­қарас кемшіндеу. Мысалы, Жаңа­қала, Теректі, Тасқала ауданда­рында балалар арасындағы туристік-өлкетану қызметі күні бү­гінге дейін дұрыс жолға қойыл­маған. Тіпті Орал қаласының өзі барлық жағдайлар бола тұра, соңғы жылдары облыстың рейтинг көрсеткіші бойынша жетінші орыннан көрініп отыр.

Осындай салғырттық адами мүм­кіншілікті дамыту деңгейінің төмендеуі, түлектердің бәсекеге қабілетсіздігіне, кәмелеттік жасқа толмағандар арасында құқық бұ­зушылықтың орын алуына өз әсе­рін тигізуде.

– Туризм саласын әрі қа­рай дамыту мақсатында нақты қандай жоспарлар мен ұсы­ныстар айтар едіңіз?

– Бұл салада ішкі туризмді да­мыту үшін міндетті түрде мемле­кеттік субсидияландыруды қам­тамасыз ету қажет. Туризм сала­сына ең болмағанда облыс жас­­тарының он пайызын жұ­мылдыру керек. Қазақстандағы әлемдік «ЭКСПО-2017» көрмесіне әзірле­ну мен өткізуге байланысты оқу­шылар  мен студенттердің «Туған жердің қөрікті жерлерінен Қа­зақстанның қасиетті орындарына дейін» туристік-экскурсиялық марафонын өткізуді ұсынамыз. Сонымен қатар облыс көлеміндегі барлық мектеп оқушылары мен колледж студенттерінің өңіріміз­дегі барлық мұражайларды тегін аралап шығаруларына жағдай жасау керек. Тек сонда ғана өскелең ұрпақ өз елінің, жерінің тарихын біліп, табиғатын тани алады.

Сонымен қатар өзіміздің ай­мақ­тық «Батыс қақпасы» немесе «Европа терезесі» мәдени-турис­тік кластерін құруға мүмкіндігіміз бар. Ол үшін Орал өңірінің табиғи жә­­не мәдени-тарихи ерекшелікте­рін ескере отырып, жаңа зама­науи туристік маршруттар жаса­ған дұ­рыс. Этнобәйтерек, Шалқар өзе­нінің рекреациялық мүмкінші­лік­терін белсенді қолданып, ашық аспан астында мұражай ашуды қолға алу керек. Қаламызды жа­-сыл желекке айналдыру үшін әр­бір тұрғын 10 тал отырғызса, бір жарым мың гектар жерге 6 млн. түп ағаш егілер еді. Соңғы жылда­ры аудан орталықтары мен қа­ла­­мызда бірталай игі істер атқары­луда. Жолдар жөнделіп, түрлі мә­дени-спорттық нысандар салы­нып, саябақтар ашылуда. Дәл осын­дай жұмыстар облыстың барлық елді мекенінде де шама-шарқын­ша жүргізілсе, туризм саласының дамуы үшін нұр үстіне нұр болар еді!

—  Әңгімеңізге рақмет.

Сұхбаттасқан Нұрбек ОРАЗАЕВ,

«Орал өңірі»


Теңге іліп, арқан тартты

Күні: , 91 рет оқылды

DMS_3460


Қазақ хандығының 550 жылдығы мен халықаралық жастар күніне орай  жексенбі күні Орал қалалық мәдениет және демалыс саябағында қазақтың ұлттық жаяу көкпар, теңге ілу, арқан тартыс, бес тас ойындарынан жарыс өтті.


Қалалық ішкі саясат бөлімі мен «Жас экономист» жастар қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен өт­­кен шараға балалар мен саябаққа келген демалушылар қатысып, бақта­рын сынады. Барлық ойын түрлері бо­йынша жарыс соңында жеңімпаздар анықталып, оларға дипломдар мен естелік сыйлықтар табыс етілді.

Темірболат ӘНУАРҰЛЫ

Суретті түсірген Медет Досымов


БҚО, Орал қаласы, Мұхит көшесі, 57/1
zhaik_presscenter@mail.ru
oral_oniri@inbox.ru
support@oraloniri.kz

Орал өңірі" газетінің бас редакторы: 51-25-80
Бас редактордың орынбасарлары: 24-17-08, 54-18-08
Жауапты хатшы: 54-38-22
Тілшілер: 50-66-88, 51-50-34
Жарнама бөлімі: 51-51-09
Яндекс.Метрика