Мұрағат: 08.08.2015


Шаш үлгісінің шебері

Күні: , 834 рет оқылды

шаш


Тасқала өңірінде «Жұ­мыспен қамту 2020 жол картасы» бағдарламасы бойынша мемлекеттік қолдау-көмектің арқа­сында жеке кәсіпкерлер қатары өсіп келеді. Со­лар­дың бірі жеке кәсіпкер Тұрсын Сәрсенғалиеваның есімі ауылдастары арасында құрметпен аталады.


Тұрсын Бисенбайқызы 1987 жы­лы Тасқала ауданындағы Карл Маркс атындағы орта мектеп­ті бітіріп, аудандық ауыл шаруа­шы­лығы техникалық училищесінде шаштараз мамандығын игерді.

Білімін кеңейту мақсатында Орал қаласындағы №2 учили­щеде оқы­ған соң туған же­ріне ора­лды. 2003 жылы ау­дан­дық «Қазақтеле­ком» бөлімшесінің ғима­раты іші­­нен бөлмені жал­ға алып, еңбек жолын бастады. Сол жер­де ба­қан­дай 11 жыл жұ­мыс жасады. «Жұмыспен қамту 2020 жол картасы» бағдарлама­сының екінші ба­ғыты «Жеке кәсіп­керлік қызмет­ті қолдау» бойынша өткен жы­лы аудандық «Жұмыс­пен қамту ор­талығы» жанынан 1 млн. 100 мың теңге көлемінде несие алып, же­ке шаштараз сало­нын ашты. «Же­ке кәсібімді бастағалы бір жыл бол­ды. Әзірге несиені толықтай жабатын қар­жы шыққан емес. Алайда осы істі бас­тағаныма еш өкінбеймін. Керісінше, тұрақ­ты тұ­тынушыларым бар. Қызметім со­лардың көңілінен шы­­ғып жатса, қайта қуанбаймын ба?» – дейді кейіпкеріміз.

Ашылғанына көп уақыт бола қоймаған шаштаразға келуші­лер қатары күн санап көбеюде. Бұған себеп, алдымен, шаштараздардың нәтижелі жұмысы болса, екінші­ден, қаржы жағынан да тиімділігі. Мұнда шаш қиюдың тұрақты бағасы – 800 теңге. Сонымен қа­тар мерекелік кештерге, той-тома­лақтарға арнайы жаңа сәндегі шаш үлгілері де жасалады. «Маман ре­тінде бойжеткендерге ұзын шаш, жастары қырықтан асқан әйел­дерге үлгі бойынша қиылған шаш үйлеседі деп ойлаймын. Сондық­тан шаш қиюға келген қыздарға ақыл-кеңесімді беріп отырамын. Ерлердің де шашын қия­мын. Әсі­ресе,  жастардың көңілі­нен шығу үшін шаш қиюдың жаңа үлгісін ғаламтордан қарап үй­ренемін. Мұн­дай жағдайда маған 6-сыныпта оқитын үлкен ұлым Тұрар­дың көп көмегі тиіп жүр», – деп ағынан жарылды Тұрсын Би­сенбайқызы. Несиеге алған қар­жының шаштаразға қажет құрал­дарды алуға жұмсалғаны көрініп- ақ тұр. Шаш қиятын қайшының, автоматты кептіргіштің, тіпті шаш тарайтын тарақтың сапасы соны дәлелдейді. Шаштараз бір адамды жұмыспен қамтып отыр.

Тағы бір сөзінде Тұрсын жары Мұратқали Сәрсенғалиевтің кә­сіп­керлікті бастауға үлкен қолдау көрсеткен басты жанашыры еке­нін айтып өтті. Шаштараз келешекте сүйікті мамандығы бойын­ша оқуын жалғастырып, шаштаразды сән салонына айналдыр­мақ. Қажымай еңбек етіп, нендей нәтижеге болса да, күшімен жетуге тырысатын Тұрсын Бисен­байқызына алынбайтын асу жоқ екеніне сенім мол.

Әсемгүл БЕКЕШЕВА,

Ж. Досмұхамедов атындағы педагогикалық колледждің студенті,

Тасқала ауданы


Бөкей – тарихи тұлға

Күні: , 911 рет оқылды

бука-с


«Ана тілі» газетінде жариялан­ған (№20, 21-27.05.2015ж) «Мақаш әкім», «Ә. Сәрсенбаев» қоғам­дық қорының төрағасы, атыраулық Өмір­зақ Қажымғалиев деген аза­маттың «Бөкей хан таңдап қонған Нарын еді» атты мақаласы онсыз да ойымызды онға, санамызды санға бөліп мазалап жүрген мә­селе­лерді қозғауға түрткі болды.


Тарихтан белгілі және атал­мыш мақалада айтылғандай, Еділ мен Жа­йық арасындағы жалпақ жерді жайлаған құба қалмақтар 1771 жылы атақоныстары Жоңғария­ға үдере көшкен кезде, орыстар­дың оларды жібермеуге күш сал­ғаны да рас.

Ежелгі жаудың ел болмасын біл­ген Әбілқайыр ханның қос ұлы Нұралы мен Айшуақ қол бастап, Ералы мен Пірәлі қол астындағы әскерлерімен оларды Алтай асырып жібергені де шындық.

Қалмақ қашқан соң осынау иен дала бос қалып, ара-тұра Нұра­лы­ның қыстағына, Астрахан губерниясы татарларының қонысына айнала бастады.

Міне, осы сәтте тарих аренасы­на шыққан Әбілқайыр ханның не­мересі, Нұралы ханның бел бала­сы Бөкей осы ұлан-ғайыр мекен­ге қазақтарды қоныстандыру жө­нінде ойлана бастады.

Әйтсе де, бұл кезде елдің де, жердің де билігі Ресей импе­рия­сының құзырына көшіп болған-ды. Осы ел мен жердің қожасын да Ресей патшасы тағайындайтын күй­ге душар болған уақыт еді.

Осындай кым-қиғаш кезеңде ақыл­ды да парасатты Бөкей сұлтан Астрахан казак полкінің командирі Поповпен тамырластығын пай­даланып, Кавказ шебінің командирі, генерал-лейтенант К. Кнорринг­ке өзін Ресейдің қол астына қа­былдап, Жайық пен Еділдің ара­сын жайлауға рұқсат сұрап, хат жазды.

Сөйтіп, 1801 жылдың 11 ақпа­­ны­нан 11 наурызына дейінгі ара­лық­та жазылған үш құжат Нарын даласын, Қараөзен мен Сарыөзен аң­ғарларын, Каспийдің солтүстік жағалауын қазақ елінің игілігіне қаратуға жол ашты.

Осындай іс-қаракеттердің нә­ти­жесінде Павел патшаның жар­лы­ғымен бабаларымыз атамеке­ніне мәңгілікке табан тіреді.

Әрине, осынау құйқалы өңірді қазақтарға басыбайлы бергенде патшаның да сұрқия саясаты бол­ғаны белгілі. Ол өз алдына бөлек әңгіме.

Осындай ұлы мақсатқа же­ту жолында Бөкейдің ағайын­да­ры­нан көрмеген құқайы жоқ.

Іштерін қызғаныштың қызыл иті жалаған бауырлары Пірәлі хан мен екі жақты саясат ұстанған Қа­ратай сұлтандар Ресейдің ықпа­лы­мен түгін тартса, майы шыға­­тын құйқалы өңірді біржола ием­денуге бет бұрған Бөкейді үнемі тобықтан қағып, аяқтан шалумен болғаны тарихи құжаттармен рә­сімделген.

Түптеп келгенде, бұл Ресей им­периясының «бөліп ал да билей бер» саясатының салдары еді.

Осындай алыс-жұлыс, айтыс-тар­тыспен жүріп Бөкей қалмақ кеткеннен кейін арада отыз жыл өткенде, Петербургтің ресми рұқ­са­тымен Еділ мен Жайық ортасы­на қазақ жұртын мәңгілікке қо­ныстандырды.

Патша жарлығымен Бөкейге Са­рыөзеннен бастап Боғда тауына дейін, одан әрі Каспий теңізіне дейінгі жер берілді.

Міне, бүгінгі күні егеменді ел­де, тәуелсіз мемлекетте өсіп-өніп отырған жұрт сол Бөкейге еріп,  Жа­йықтан өткен ата-аналары­мыз­дың ұрпақтарымыз.

Олай болса, Бөкей — тарихи тұл­ға. «Өзге елдердің хандары жақ­сы болып, біздің хандар неліктен жаман болған?» – деп ақын Ғафу Қайырбеков айтқандай, кешегі Ке­ңестік қызыл саясат хандардың жақ­сысын да, жаманын да бір сы­пырғышпен сыпырып, қоқысқа лақ­тырып тастады. Оның ішінде Абылайдай ардағымыз да, Бөкей­дей бағыланымыз да кетті.

Егемен ел, Тәуелсіз мемлекет бол­дық. Ендеше, өз қолымыз өз ау­зымызға жетіп тұрғанда, асылдарымызды кір-қоқыстан тазартып, өз орындарына қоятын мез­гіл жетті.

Соңғы кездері жұртшылық ара­сында Жаңақала ауданы орта­лы­ғында бой көтерген еңселі ғима­рат – 600 орындық білім ордасына Бөкей ханның есімін беру жө­нін­дегі ұсыныс-пікірлер жиі айты­лып жүр. Кейде бір адамның қай­раткерлік қам-қаракеті тұтас бір та­рихтың бағдарын түзейтіні бел­гілі. Бөкей — осындай санаулы оғ­ландарымыздың бірі. «Егер Бөкей көшпесе, жүрер едік біз қайда. Шекараны өзге жұрт басқа жер­ден сызбай ма?» — деген ақын Ғай­сағали Сейтақтың өлең жолда­рында қаншама астарлы ой, сын­дарлы сыр жатыр  десеңші. Ендеше, Бөкей хан есімін беру жөнін­дегі айтылып жүрген ұсыныс-пі­кірлерді көп болып қолдап, Бөкей­дей қайраткерімізді көлеңкеден шығарып, ұлы тұлғасын ұрпақ­тан-ұрпаққа жеткізіп ұлықтайық, – демекпіз.

Закария СИСЕНҒАЛИ,

Жаңақала аудандық мәслихатының хатшысы,

аудандық қоғамдық келісім кеңесінің төрағасы


«Өңірде діни ахуал қалыпты»

Күні: , 1 104 рет оқылды

Т. Ныгметов


Талғат Нығметов,

БҚО дін істері басқармасының басшысы:

Елбасымыз «Нұрлы жол – болашаққа бастар жол» атты Жолдауында: «Жалпыұлттық идеяны өміршең ететін – Елдің бірлігі. Ауызбіршілік қашқан, алауыздық тасқан жерде ешқашан да жалпыұлттық идеялар жүзеге асқан емес. Қазақстанның шыққан шыңы мен бағындырған биіктерінің ең басты себебі – бірлік, берекесі», деп атап көрсеткен болатын. Сонымен қатар «100 нақты қадам» Ұлт жоспарын жүзеге асыру барысында дін саласы бойынша да нақтылы жол картасы дайындалатын болады. Мемлекет басшысы атап өткеніндей, жалпыазаматтық құндылықтар Мәңгілік ел құндылықтары болып табылады. Ел бірлігін сақтауда дін мәселесі маңызды рөл атқарады. Осы орайда БҚО дін істері басқармасының басшысы Талғат Нығметов өз ой-толғамымен газет тілшісімен былайша бөлісті.


— Талғат Рақымұлы, алдымен облыстағы діни ахуалға тоқтала кетсеңіз?

— Елбасымыз алға қойған мақ­­сат-міндеттерге сәйкес өңірімізде де нақты шаралар атқарылып ке­ле­ді. Облыс аумағында кон­фес­­сия­ара­лық келісімді қам­та­ма­­сыз ету, діни бірлестіктер­мен өз­ара әре­­кет жасау және аза­мат­тар­дың діни се­нім бос­тан­дығы құқықтарын, әр түрлі діни сенімдегі діни бірлестіктер арасындағы өзара түсініс­тік­ті, төзімділікті нығайту, олардың мемлекетпен өзара іс-қимылын қамтамасыз ету бағытында бас­қарманың кешенді жоспары не­гі­зінде ауқымды ақпараттық-тү­сін­діру жұмыстары жүргізілуде. Бұл жұмыстардың көрінісі ретінде об­­­лыс әкімдігі жанынан құрылған облыстық дін бірлестіктерінің клу­бын айтуымызға болады. Аталмыш клубқа өңіріміздегі барлық діни бірлестіктердің басшылары қатысып отыр. Діни бірлестіктер­дің тәжірибелі өкілдері басқар­ма­мен бірге діни радикализмге қарсы ақпараттық жұмысты бірлесе ат­қаруда. Бұл тегіне, тіліне, дініне қа­рамастан, Отанға төнген ради­кал­дық идеологияға қарсы бар­лық діни бірлестіктерді жұмыл­дыра білудің нәтижесі деп білеміз.

Қазіргі таңда облысымызда ді­ни мәселелер бойынша құ­рыл­ған 1 облыстық мобильді, 12 ау­дан­дық, 13 қалалық (басқар­ма­лар, кә­сіп­орындар жанынан) дең­гей­дегі, бар­лығы 26 ақпараттық-на­­си­хат­тық топ қызмет етуде. Олар­­дың құрамына білікті теолог­тар, ға­лым-дінтанушылар, дінбасы өкіл­­дері, ауыл ақсақалдары, арда­гер­­лер алқасының төрағалары, жас­­тар қоғамдық ұйымдарының көш­басшылары, ұлттық-мәде­ни ор­талықтар, қоғамдық ұйым­дар мен мемлекеттік орган қызмет­керлері кірді. Биыл ақпараттық-насихаттық топтар өткізген ша­ра­ларға 65 мыңнан астам адам қатысты. Облыстық қазақ драма театры жалған діни ағымның жете­гінде кеткен жас жігіттің қилы тағ­­дыры туралы «Жәннат» атты қойы­лымды сахналады. Облыс ау­дан­дарында түгел қойыл­ған спектакль тұрғындарға игі ық­палын ти­гізуде.

Тұрғындардың діни сауатын арттыру және радикалды идея­лар­ға қарсы түсіндіру жүргізу мақ­сатында ҚМДБ-ның БҚО бойын­­ша өкілдігінің ақпараттық-ағар­ту­­шы­лық www.oral-islam ғаламтор ресурсы құрылып, бүгінгі таң­да об­лыс аумағында өзінің тұрақты пайдаланушыларын тапты. Осы ресми сайтта көптеген пайдалы мате­риалдар орналастырылған жә­­не оның тұтынушыларының са­­ны бүгінде 610 945 адамға жетті. Сондай-ақ облыстық дін істері бас­қар­масының www.din-zko.gov.kz сайты жұмыс жасайды. Қала, аудан орталықтарындағы мешіт­терге бейнебақылау, монитор­лар қойылып, арнайы бағдар­ла­ма­лар арқылы бір-бірімен байла­ныс орнатылды. Теологтар «Скайп» бағ­дарламасы арқылы аудан­дар­дағы жамағаттарға онлайн дәрістер жүргізуде. Мешіт имамдарына жа­салған мұндай жағдайлардың нәтижесінде олардың қызметінің сапасы да жақсарып, тәртіп орнатылды деп айтуға болады.

Жалпы, жұртшылықты діни са­уаттандыру мен жалған діни ағым­дарға арбалғандарға көмек беруде теологтардың алар орны ерекше. Сондықтан біліктілігі жо­ғары теолог мамандар даяр­лау­дың маңызы зор. Оларға терең бі­лім берумен бірге психологиялық, моралдық, патриоттық тұрғыдан шыңдау ісін жолға қойған жөн. Қазіргі таңда кей мешіт имамдары білімінің төмендігі, діни экстремизмге қарсы жұмыстанатын мемлекеттік мекемелердегі теолог мамандардың жетіспеушілігі мен тұрақсыздығы нақты жұмыс­ты атқаруда кедергі келтіруде. Бүгін­де облыста теолог мамандар са­ны 8-ге жетті. Діни алауыздық пен радикализмнің жолына тосқауыл қойып, экстремизм мен лаңкестік көріністеріне жол бермеуде мемлекеттік құзырлы органдар, діни бірлестіктер, қоғамдық ұйымдар жұмыла қызмет жасауда.

Қазіргі таңда облыс аумағында  «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» ҚР Заңына сәйкес 9 конфессияны құрайтын 74 діни бірлестік қызмет етеді. Атап айт­­қанда, ислам дінінің суннит бағы­тын­да­ғы 43 мешіт (ҚМДБ-ның фи­лиал­дары), православиелік ба­ғыттағы 18 діни бірлестік, 11 про­тестанттық, 1 буддизм, 1 католик діни бірлестігі бар. 2013 жылы қай­та тіркеуден өтпеген діни бір­­лес­тіктер түгел таратылып, олар­­дың қызметіне жол беріл­меу­де. Бұл тұрғыда 2014 жылдан бастап 19 адамға әкімшілік хаттама толтырылып, әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Ал тіркелген діни ұйымдардың мемле­кеттік билік өкілдерімен өз­ара қатынастарының дәйекті жол­­­да­ры мен тетікте­рінің қалып­тас­қан­ды­ғын, конфессия­аралық қа­ты­нас­тар­дың қалыпты жолға қо­йыл­ған­ды­ғын атап өткен жөн. Нә­ти­же­сін­де адамдар арасында діни қақтығыстар мен араздықтар жоқ. Жүргізілген әлеуметтану сауалнамаларында респонденттердің 88,1 пайызы конфессияаралық қа­­ты­насты сәтті және тыныш деп ба­ғалаған. Мұны ақпараттық жұ­мыс­тың жемісі деп санауға болады.

Арнайы мекемелерде жазаға тартылған тұлғалармен теолог ма­мандардың кешенді, жеке тү­сінді­ру жұмыстарының нәтиже­сінде лаңкестік іс-әрекеттері үшін жазаға тартылған адамдардың басым бөлігі дәстүрлі діни бағытқа қайтарылды. Мысалы, Орал қала­сындағы түзету мекемелерінде 2014 жылы ислам бағытындағы 90 жамағаттың ішінде дәстүрлі емес дін жолын ұстанған 25 азамат болса, соңғы екі жылда соның 12-сі ханафи мазһабына оралды.

БҚО әкімінің шешімімен 2014 жылдың наурыз айында облыс­тық дін істері басқармасы жанынан «Дін мәселелерін зерттеу ор­та­лығы» коммуналдық мемле­кеттік мекемесі ашылды. Меке­менің бас­ты мақсаты – елдегі дін саласы­на қатысты мемлекеттік саясатты халық арасында насихаттау, бұ­қаралық ақпарат құралдары ар­қылы халықты деструктивтік діни ағымдардың ықпалынан сақтандыру, олардан зардап шеккендерге көмек көрсету, дін саласына қатысты әлеуметтік зерттеулер, ғылыми-талдау жұмыстарын ұйымдастыру. Орталыққа жергі­лікті бюджеттен 2014 жылға 78 млн. теңге бөлінді. Соның ішінде 52 млн. теңге діни сауаттылықты артты­руға арналған діни-та­ным­дық кітаптар мен аудио-бейне дискілер шығаруға жұмсалды. Нә­­­­тижесінде 114 түрлі 130 849 да­на баспа өнімдері, 8 түрлі 6 000 дана аудиодискілер облыс тұр­ғындарына таратылды.

Дін мәселелерін зерттеу орта­лығы биылғы алты айда өңірдегі діни ағымдардан жапа шеккен аза­маттарға көмек беру және теріс діни ағым жолындағы азаматтарды оңалту бағытында бірқатар жұмыстар атқарды. 286 дәстүрлі емес ағым өкілдерімен жекелей, 650-ге жуық теріс ағым өкілдері­­­мен бейресми орын­­дар­да жал­пы кездесу ұйымдастыры­лып, ол жемісін беруде. Жүздесу­лер­де Сирия, Ирак елдеріндегі діни фа­натизмнің жетегінде жүрген со­дырлардың іс-әрекеттері еш­қан­дай да жиһад емес екендігі тура­­­­лы, тікелей Құран және сүннет­пен жүруге қарапайым мұсылман­ның білімі жетпейтіні, сондықтан мазһаб ұстану керектігі, адам­дар­ды діни негізде бөліп, қоғамға жік салуға болмайтындығы жай­лы жүйелі әңгіме айтылуда. Ис­лам дінінің тек қана мейірімді­лік­ке шақыратыны, такфир иде­о­­-логиясының дұрыс еместігі, намаз оқымайтын мұсылманды кәпір деуге болмайтыны туралы хадистерден нақты дәлелдер келтірі­ліп, дәрістер оқылуда. Нәтижесінде санасы мықтап уланған 36 азамат дәстүрлі ханафи мазһабына қайтарылды. Облыста теріс ағым мүшелеріне ықпал ету мақсатында бірнеше жамағаттың басын біріктіретін «Аманат клубы» құ­рылды.

Қысқарта қайырғанда, облыс­та­ғы діни ахуал бірқалыпты. Өңір­де ұйымдастырылған іс-шаралар­дың барлығы Елбасымыздың са­рабдал саясаты негізінде дінара­лық татулықты орнықтыру, дін­дер ара­сында сыйластықты ны­ғай­ту, экс­тремистік көзқарастағы кей­бір ағымдарға қарсы тұру міндеті­нен туындап отыр.

— Өңірде тұрғындардың, әсі­р­есе, жастардың жат ағымдар­ға ілесіп кетпеуі бағытында не істелуде?

— Бұл жерде жастармен жұ­мыс­ты бірнеше бағытқа бөліп қа­рас­тырған жөн. Бірінші бағыт – мек­теп оқушылары. Осы орайда «Өр­леу» БАҰО» АҚ филиалы Батыс Қа­зақ­стан облыстық педагогикалық қызметкерлер біліктілігін артты­­ру институтымен ортақ меморандум жасалып, дінтанудан сабақ беретін мұғалімдер жыл сайын бірнеше қайтара оқытылуда. Бұл курстан өткен ұстаздар мектеп оқушыларына жыл сайын кезең-кезеңмен түсіндіру жұмыстарын жүргізеді. Конкурстар, акциялар, флеш-мобтар, пікірсайыстар ұйымдастырылып, те­ріс ағым­ның белгілері туралы ақ­па­раттар беріліп, бейнематериал­дар түсі­рі­ліп, ұсынылуда. Бұл жұмыс­тар әр мектептегі дінтанудан сабақ беретін ұстаздар арқылы ат­қа­рылуда.

Екінші бағыт – оқу орындары студенттерімен жұмыс. Бұл жас­тар қазіргі қоғамдағы маңызды буын болғандықтан, олармен жұ­мыс біршама жоғары деңгейде, жүйелі түрде ұйымдастырылып келеді. Олардың арасынан теріс діни идеологияның жетегіне ергендерді де байқауға болады. Бұл ретте басқарманың теолог ма­мандары тарапынан аталмыш діндар студенттер бақылауға алы­нып, діни дұрыс бағыт берілуде. Сонымен қатар 2014-2015 жылы 16 бейнеролик пен деректі фильмдер түсіріліп, әлеуметтік желілер арқылы ұсынылуда. Қыс­қа мерзімді бейнероликтерді жас­тар назарына беру бұдан былай да жалғаспақ.

Тағы бір бағыт – бақылаусыз орындардағы, теріс ағым жолын­­дағы жастармен жұмыс. Бұл ба­ғытта басқарманың дін мәселе­лерін зерттеу орталығы 2015 жы­лы 700-ге жуық діндар жастармен байланыс жасап, кездесулер ұйымдастырды. Соның ішінде 238 жаспен мақсатты оңалту жұмы­сы жүргізіліп, бірқатары дәстүрлі бағытқа қайтарылды.

Келесі бағыт – жұмыссыз жас­тар. Бұл ретте мешіт жамағатын­дағы және оған тұрақсыз баратын жастар, жалпы жұмыссыз жастарды жұмысқа тұрғызу ісі нақты қолға алынды. Бұл, бір жағынан, олардың әлеуметтік жағдайын оңтайлы шешуді көздесе, екіншіден, теріс ағымға түсудің алдын алу болып табылады.

Батыс Қазақстанның Ресей Фе­­де­рациясының бес бірдей облысымен шектесетіні жергілікті халықтың тілі мен діліне әсер етпей қалған жоқ. Сондықтан жал­ған діни ағымдардың жетегінде жүр­гендердің басым бөлігі орыс тілді жамағат болып табылады. Оларды ана тілімізге және ұлттық салт-дәстүрімізге тарту арқылы дұрыс діни бағытқа салуда аянбай жұмыстану қажет.

Қорыта айтқанда, «Нұрлы жол» бағдарламасы мен «100 нақты қадам» Ұлт жоспарына сәйкес ел бірлігін нығайта түсу мақсатында дін саласындағы жоспарлы жұ­мыстар алдағы уақытта да атқа­рыла бермек.

— Әңгімеңізге рақмет.

Сұхбаттасқан Ғайса БӘЙМЕН


Жасампаз әрі бейбіт мамандық иелері

Күні: , 877 рет оқылды

Колик строит


Тамыздың 7-сі күні облыстық қазақ драма театры ғима­ратында Құрылысшылар күніне арналған мерекелік салтанатты жиын өтіп, оған облыс әкімі Нұрлан Ноғаев арна­йы қатысты. Әлемдегі ең бейбіт әрі жасампаз мамандық иеле­рін өңір басшысы айтулы мейраммен шын жүректен құттықтады.


– Қадірлі сала ардагерлері, құрметті құрылысшылар, сіздер­ді кәсіби мерекелеріңізбен құттық­таймын! Құрылысшы мамандығы — әлемдегі ең бейбіт және ең жасампаз мамандықтардың біреге­йі. Құрылыс – қай елдің болмасын, экономикасына, дамуына үл­кен әсер ететін сала. Бұл салада жос­пар­ланған істердің барлығы біз­дің республикада, соның ішінде Батыс Қазақстан облысында жоғары деңгейде іске асып келе жатыр. Үйлерді жаңа технология бойынша салатын екі үй құрылы­сы комбинаты ашылды. Мемлекеттік-жеке әріптестік аясында апатты үйлердің алғашқы екеуін жою жұмысын қолға алдық. Шаһарда 35 апатты үй есепте тұр. Бұл шар­уа кезең-кезеңмен жалғасады. Одан бөлек, қалада, аудан-ауыл­дар­да жа­ңадан әлеуметтік нысандар, жол­дар салынуда, инфрақұ­рылым жасақталуда. Мұның сыртында күр­делі жөндеу секілді, басқа да қыруар шаруалар бар. Осы­ның барлығы Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың Қазақ­стан халқына арнаған Жолдауларында көрсетілген межелерге жетуге, Қазақстан халқының тұрмысын арт­тыруға, бес институционалдық реформаның аясында іске асырылатын «100 нақты қадамның» ішінде белгіленген тапсырмаларды жүзеге асыруға үлкен септі­гін тигізетіні сөзсіз. Атап айтсақ, «100 нақты қадамның» төртеуі құ­рылыс саласына қатысты. Соның ішінде дүниежүзілік стандарттар­ды алу жөнінде кодификация, стан­дарттарды біріздендіру, жаңа техника мен технологияны қол­дану, инвесторларды құрылыс са­­ласына тарту, біздің құрылыс­шы­лардың сыртқы нарыққа шығуы мәселелері кеңінен атап өтілген.  Осы жұмыстарды жүзеге асыр­ған­да біз алдағы уақыттарда да үлкен жетістіктерге жете беретін боламыз. Сіздер салған ғимараттар ха­лықтың сұранысына ие. Бала­бақ­шаларда бөбектер тәрбие алып, мектептерде шәкірттер білім алып, арнаулы орта және жоғары оқу орындарының жатақханаларында тұрып, мәдени, спорттық, тұр­мыс­тық кешендерді игіліктеріне жа­ратуда, – деді Нұрлан Асқарұлы.

Жалпы, Батыс Қазақстан облы­сына 2015 жылы «Қолжетімді баспана – 2020» бағдарламасының «Өңір­лерді дамыту» бағыты аясында Ұлттық қордан 4,5 млрд. теңге қаржы бөлінген. Күні бүгінге дейін жоспардағы 240 мың шаршы метр үйдің 98,8 мың шаршы метрі пайдалануға берілген.

Өңір басшысы салтанатты жиын барысында жанқиярлық еңбегі­мен және жеке бас үлгісімен ерек­шеленген озат құрылысшыларды марапаттады. «Қазақстанның құр­мет­ті құрылысшысы» төсбелгісін Нұрлан Асқарұлының қолынан 8 адам алды. Олар: «Уральскводстрой» АҚ-ның вице-президенті Владимир Бакалкин, «Құрылыста кешенді инжиниринг қызмет ат­қару» ЖШС-ның директоры Мұрат Бахишев, «Альтаир» ЖШС-ы ди­рек­торының орынбасары Виктор Дорошенко, «Жайыққұрылыс»

ЖШС-ның бас директоры Владимир Кардонский, «ГазПромПроект» ЖШС-ның бас инженері Зоя Комарова, «Кульман» ЖШС-ның дирек­торы Владимир Кульдяев, «Нұр­тем» ЖШС-ның директоры Те­мір­ғали Нұрмұхаев, «СКФ Отдел­строй» ЖШС-ның учаске басшысы Александр Стасюкевич.

Сондай-ақ «Тұрғын үй-ком­му­налдық шаруашылығының құр­мет­ті қызметкері» төсбелгісі «Батыс Қазақстан электр желілерін таратушы компаниясы» АҚ-ның Ақсай аудандық электр торабы­ның қалалық учаскесінің аға ше­бері Николай Балашовқа, «Батыс су арнасы» ЖШС-ы директоры­­ның өндіріс бойынша орынбаса­ры Михаил Гороховқа, «Жайықжылу­қуат» АҚ-ның өндірістік-техника­лық бөлімінің жетекші инжене­рі Бақытбай Дауқариевке, «Жайық­жылуқуат» АҚ-ның химиялық су та­зарту аппаратшысы Надежда Са­вицкаяға табыс етілді.

Облыс әкімінің алғысхатымен «Юнисерв» ЖШС-ның бас диспетчері Гүлбарам Айтқұлова, «Бо­лашақ-Т» ЖШС-ы үй құрылыс комбинаты арматура цехының опе­раторы Қуат Балғазиев, «СВ плюс» ЖШС-ның сылақшысы Мар­фуға Қалиева және тағы да басқа ұзын-саны 15 адам марапатталды.

Қала әкімі Алтай Көлгінов құ­рылыс саласында айрықша еңбек сіңірген бір топ азаматқа ҚР Ұлт­тық экономика министрінің, ҚР Инвестиция және даму министрі­нің Құрмет грамоталары мен ал­ғысхаттарын тапсырды.

Мерекелік шара соңы үлкен концерттік  бағдарламаға ұласты.

Тоқтар  ҒАБДІРЕШҰЛЫ,

«Орал  өңірі»

Суреттерді түсірген Медет ДОСУМОВ


Домбырамен қабаттаспаса екен…

Күні: , 119 рет оқылды

DSC_0391


Орал қаласындағы Сырым Датұлы ескерткіші жанында «Домбыра party», «Асық party», «Бауырсақ party» өтті. Онда жас  өнерпаздар бірінен соң бірі іліп алып, терме айтты, күй тартты.


Думанды тамашалаған көрер­мендер мақал-мәтел, жаңылтпаш айту, жұмбақ шешуден сынға түс­ті. Тігілген асықты атты. Таңдайы тақылдап, халық қазынасынан сөз майын тамызғандар қазақы дәс­түр­мен көйлек киген қыздардың қолындағы табақтан бауырсақ «ұтып», дәм татып  жатты.

– Бір ерекшелігі, биыл жинал­ғандардың қарасы былтырғыдан көп. Біз, алдымен, әлеуметтік желі арқылы насихаттадық. Кеудесінде ұлттық намысы бар, дәстүрге жанашыр жастар мұнда өз еркімен бас қосты. Міне, өзгеге үлгі боларлық өнегелі кеш өтіп жатыр. Ұйымдастырушы ретінде жастар белсенділігіне оң баға беремін. Ел болашағына «кірпіш тас боп қаланатындар» ұялы телефон, компьютер, теледидар алдында телміріп, уақытын текке өткізбей, осындай игілікті іске көбірек қа­тысса, мақсатымыздың жандан­ға­ны, – деді «Жастар қауымдасты­ғы» ЗТБ төрағасы Мерке Сатыбалдиев. Ол бұл шараны облыстық жастар саясаты мәселелері жө­ніндегі басқармасының қолдауы­мен ұйымдастырып жатқанын атап өтті.

Айта кетерлігі, жинақы да тартымды өткен party-думанмен қа­тар «Мәдени-ағарту бірлестігі» МКҚК ұйымдастыруымен «Шырқа, сырнай» шарасы да өтті және онда қатысқандардың шырқаған әуендері дыбыс зорайтқыш ар­қылы жаңғырып тұрды. Бұл – ұлттық өнерді насихаттаған жас­тар жобасының тұрғындар арасынан көрермен жинауына едәуір нұқсан келтіргенін жасыра алмаймыз. Мәселен, дәстүр дәнегі — күй әуезін тыңдағандар құлақ құрышын қандыра алмай кетті. Өрелі іс көздеген қос шараның қабаттаса өтпей, кезегімен қолға алынғаны жөн болатын.

Нұртай ҒАППАР


Ұшқышсыз ұшу аппараты сыналды

Күні: , 860 рет оқылды

DMS_0683


Тамыздың 6-сы күні Бортау ауылы маңында оралдық «Мир масел» ЖШС-ның ұйытқы болуымен ұшқышсыз ұшу аппараттарының (ҰҰА) мүмкіндігі сынақтан өткізілді.


ҰҰА күні бүгін әлемде кеңінен таралған, өмірдің кез келген саласында қолданылатын әмбебап құралдардың қатарына жатады. Олар, әсіресе, шекара күзетінде, қоғамдық тәртіпті сақтауда, лаң­кестікке қарсы іс-шараларда, тө­тенше жағдайларды анықтап, зардаптарын жоюда, табиғатқа экологиялық мониторинг жүр­гі­зуде, өнеркәсіп, көлік және энер­гетикалық инфрақұры­лым­дарды бақылауда, мұнайгаз кешенінде, ауыл шаруашылығы мә­селелерін шешуде таптырмас көмекші. Жи­налғандар сынақ барысында орал­дық ұшқышсыз ұшу аппараты­ның жоғары мүмкіндігін көре алды.

ҰҰА-ны Оралға әкелген «Мир масел» ЖШС-ның директоры Абай Рысқалиевтың айтуынша, бұл төрт аппарат РФ-ның Егорьевск қаласында жасалған және әзірге сынақтық нұсқа болып есептеле­ді. «ҰҰА-ның қолданылу аясы өте кең. Аппараттың сыртқы түрі кәдімгі ұшақтың кішірейтілген көшірмесі. Салмағы 2-ден 20 келіге дейін. Ірілеу аппаратқа бейне­камера, тепловизор, өзге де қа­жетті техниканы орнатуға бола­ды. Жалпы, ҰҰА мың шақырымға дейін тоқтаусыз ұшуға қабілетті. Аппарат пульт арқылы немесе арнайы бағдарлама арқылы ав­то­пилоттың көмегімен де ұшуға қа­білетті» — деді А. Рысқалиев.

Алдағы уақытта оралдық кә­сіпкер «Омега» зауыты базасын­да ҰҰА-ның жаппай өндірісін жол­ға қоюды жоспарлап отыр.

Тоқтар ҒАБДІРЕШҰЛЫ


БҚО, Орал қаласы, Мұхит көшесі, 57/1
zhaik_presscenter@mail.ru
oral_oniri@inbox.ru
support@oraloniri.kz

Орал өңірі" газетінің бас редакторы: 51-25-80
Бас редактордың орынбасарлары: 24-17-08, 54-18-08
Жауапты хатшы: 54-38-22
Тілшілер: 50-66-88, 51-50-34
Жарнама бөлімі: 51-51-09
Яндекс.Метрика