Мұрағат: 06.08.2015


Жетістік бар, алдағы жұмыс одан да ауқымды

Күні: , 854 рет оқылды

IMG_3707


Кеше Орал қалалық мәслихатының кезекті 36-сессиясы өтіп, онда қа­ла әкімі Алтай Көлгі­нов ағым­дағы жылдың алғаш­қы жартыжыл­дығын­да шаһарда атқарылған шар­уа жайлы есеп бере келе, күні бүгін қолға алын­ған және болашақта жаса­латын жұмыстарға кеңі­нен тоқталды. Сессия жұмысына ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Елена Тарасенко қатысып отырды.


Алтай Сей­дірұлы­ның баян­дауынша, жыл­дың ал­ғашқы алты айыішінде қала бюджеті 25 млрд.678,7 млн. теңге құраған. Орал қа­ласында өнер­кәсіп өнімдері өнді­рісі 46,8 млрд. теңге­ге жет­кен. Соның ішінде өңдеу өнер­кәсі­бін­де 7,8 пайыз­ға өсім бар. Әсі­ре­се, жиһаз өн­дірісі 31,8 пайызға, құрылыс материалдарын шығару 27,7 пайыз­ға, резеңке жә­не пласт­масса бұйымдарын өндіру 22,4 па­йызға артқан. Негізгі капиталға салын­ған инвестиция 21 млрд.тең­геге жетіп, күні бүгін респуб­ликалық бюд­жет қара­жа­ты есебі­нен тұр­ғын үй құрылысы, инженерлік-ком­му­никациялық инфра­құрылым жасақтау, жылу, су­мен қамту және кәріз жүйесін жаңғыр­ту  жұмысы  жүргізілуде.

– Өткен жылдың соңында ел Үкіметі Орал қаласының жаңадан жасалған бас даму жоспарын бе­кітті. Жоспарға сәйкес, шаһарда 4 детальды жобалау аумағы (ПДП) қарастырылды. Олар: Зашаған кенті; С. Датов – Қызылжар  көшеле­рі және Әбілқайыр хан даңғылы – Московская көшесі аралығында­ғы тұрғын үйлер орналасқан ық­шамаудандар; Зашаған кентінің Рыб­цех ауылы маңындағы тұр­ғын­дар тұратын аумақ; қаланың солтүстік-шығыс бөлігіндегі Самал көшесі  бойындағы  аумақ.

Бүгін таңда алғашқы екеуінде жұмыс қызу жүруде. Салтанат сарайы, теннис корты, Қа­дыр Мыр­за Әлі атындағы мәде­ниет және өнер орталығы пай­далануға берілді. Жаңа алаңның,жастар мен оқу­шылар сарайы­ның, жеке инвес­торлар есебінеқос бірдей көпқабатты тұрғынүй­лердің құ­ры­лы­сы жүргізілуде. Сонымен қа­тар көпбейінді ауру­хананың құрылысы аяқталу қар­саңында. Келе­шек­те облыстық кі­тапхана, об­лыстық соттың ғима­рат­тарын са­лу жоспарда бар. За­шаған кенті аума­ғын­да емхана, ба­лабақша, дене шы­нықтыру-са­уық­тыру кешені са­­лын­ды. 1200 шә­кірт­ке арналған мек­­тептің  құрылы­сы  биыл  бітеді.

Индустрияландыру картасы ая­сында қалада 2010 жылдан бері жалпы құны 10 млрд. 929 млн. теңге болатын 22 жоба іске асырылып, бұл жаңадан 966 жұмыс орнын ашуға мүмкіндік берді. Осы 22 жобадан мемлекеттік бюд­жетке салық түрінде 5,2 млрд. тең­ге, соның ішінде жергілікті бюджетке 1,5 млрд. теңге түсім түсті.

«Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы шеңберінде аймақ­тық үйлестіру кеңесі 19,8 млрд. теңгенің 155 жобасын мақұлдап, нәтижесінде 1079 жаңа жұмыс ор­ны пайда болды. Биылғы жыл басынан бері 1,2 млрд. теңгенің 26 жобасы қолдау тауып отыр, – деді Алтай  Көлгінов.

Тұрғын үй құрылысына кеңірек тоқталар болсақ, шаһарда есеп­ті мерзім ішінде «Өңірлерді да­мыту» бағдарламасы арқылы кө­лемі 30 мың шаршы метрге жуық үй салынды. Оған республикалық бюджеттен 2,9 млрд. теңге жұм­сал­ды. Астана күні мерекесі қар­саңында 486 отбасына жаңа пә­­тер­лердің кілттері салтанатты жағ­дайда табыс етілді. Сондай-ақ апат­­ты үйлердің мәселесін шешу үшінмемлекеттік-жеке әріптестік пи­­лот­­­тық жобасы аясында екі көп­қабатты (90 және 144 пәтерлік) тұр­ғын үйдің құры­лы­сы басталды. Бұл үйлер­ді сол бұрынғы орындарын­да, яғни Деповская көше­сі бойында «Болашақ — Т» және «СВ плюс» ЖШС-ның құрылысшыла­­ры салыпжатыр. Оған қоса үйлер­ге инженерлік желілерді тартуға қажетті және үйлердің маңын абаттандыруды көздеген жобалық-смета­лық құжаттама жасақталуда.

Күні бүгін қала тұрғындарын жол­дардың жай-күйі айрықша тол­ғандырып отырғаны жасырын емес. Осы орайда қолға алынған жұмыстарға жеке-жеке тоқталған Алтай Сейдірұлы ел-жұртты уақыт­ша орын алған қиындықтарға тү­сіністікпен қарауға шақырды.

– Алматы көшесі бойымен жү­ретін жолдың Әйтиев көше­сінен Жымпиты көшесіне дейінгі бө­лі­гінің күрделі жөндеуі және Еура­зия даңғылының Мұхит көше­сі­нен Чагано-Набережная көшесіне дейінгі бөлігін күрделі жөндеу то­лық аяқталды. Биыл мына кө­ше­лердің жолдары жөнделуде: Ес­қалиев көшесі бойымен: Ықсанов көшесінен Пугачев көшесіне де­йінгі аралықта (2,5 шақырым) жә­не Байтұрсынов көшесі бойымен: Жақыпов көшесінен Айтқұлов кө­шесіне дейінгі аралықта (1,5 ша­қырым) қалпына келтіру жұмысы; Некрасов және Лермонтов көше­­лерінің Құрманғазыдан Досмұ­ха­медов көшелеріне дейінгі бөлі­гіне (1,6 шақырым), Қазталов және Шубин көшелерінің Чкаловтан Жым­­питы көшелеріне дейінгі ара­лығына (1,1 шақырым) Чкалов жә­­не Шоссейная көшелерінің Ружейниковтан Желаев ауылына дейін­гі бөлігіне күрделі жөндеу жаса­луда.

Оның сыртында ҚПО б.в. ком­паниясының әлеуметтік инвести­циясы есебінен төмендегі көше­лерге жөндеу жүргізілуде: Са­рай­шық көшесі бойымен: Даумовтан Петровскийге дейінгі аралық (2,5 шақырым), Есенжанов көшесінен Деркөл өткеліне дейінгі аталмыш ауылға апаратынжолдың бө­лігі (5,2 ша­қырым), Сырым Датовкө­ше­сі бойы: Га­гарин көше­сімен қиылыс­қан тұстан бас­тап қаланыңшекарасына дейінгі ара­лық (7,8 шақырым), Ықсанов кө­ше­сі бо­йы­мен: Чагано-Набереж­ныйдан Ру­бежинге дейінгі ара­лық (2,7 ша­қы­рым), Достық даң­ғы­лы бойымен: Мәметовадан Пу­га­чевкөшесіне дейінгі аралық (3,4 ша­қырым). Достық даңғылы бойынша жөндеу жұ­мысы жақын күн­дері басталады.  Жалпы, 2015 жы­лы ұзындығы 25 шақырым құрай­тын 15 көшенің жолын жөндеу жос­парланып, оған 3,6 млрд. тең­ге қаржы игеру көз­делуде – деді Алтай  Көлгінов.

Шаһарды абаттандыру бағы­тын­да мамыр айында жөндеу зауыты ауданында сквер ашылып, екі субұрқақ орнатылды. Скверге Чернобыль атом электр стансасы апаты зардабын жоюшыларға арналған ескерткіш орнатылды. Же­ңіс алаңында Ауған соғысы ардагерлеріне арналған аллея бой көтерді. Қалалық мәдени-дема­лыс саябағындағы Шаған өзенінің оң жағалауын жайландыру жұмы­сыжалғасуда. Құрылыс біткенде оң жағалауда арнайы велосипед жо­лағы пайда болады. Сонымен қа­тар Еуразия даңғылы бойындағы бұрынғы көше шамдары сымсыз, үнемді жүйеге ауыстырылды.

Қала әкімінің айтуынша, Оралда 31 сауда базары ресми тіркелген, соның 10-ы ірі базар, 13-і орташа және 8-і – ұсақ базар. Есепті мерзім ішінде шаһардың орталық бөлігінде орналасқан «Мирлан», «Тұлпар», «Қайнар», «Орталық киім-кешек», «Алмазов», «Жигули», «Ақ жол», «Қалау» базарларының иелерімен сауда орындарын жай­ландыру, саудагерлерге қолайлы климат тудыру, базарлар аума­ғын­­да заманға сай сауда орталық­тарын салу жөнінде кездесулер өткізілген. Нәтижесінде қазір 6 ба­зар әкімшілігі ескі, жабайы тә­сілден арылып, жаңа базар құры­лысына кіріскен. Ағымдағы есеп бойынша қала базарларында сау­да жасайтын жеке кәсіпкерлер­дің саны 9 мыңнан асып жығы­лады.  1 шілдедегі дерекке сүйен­сек, Оралда 2165 адам (тұрақты жұмысқа орналасқаны 947) жұ­мысқа орналастырылыпты. 923 азамат жұмыссыз ретінде есепте тұр. Жұмыссыздық деңгейі 0,7 пайыз. Жыл басынан бері 5 жұ­мыспен қамту жәрмеңкесі өткізі­ліп, оған 143 жұмыс беруші қа­тысқан.

Қалада күні бүгін 86 мектепке дейінгі мекеме жұмыс істеп тұр. Оның 50-і мемлекеттік, 25-і мек­теп жанындағы шағын орталықтар, бі­реуі мектеп-балабақша, 8-і жеке шағын орталық және 2-еуі жеке балабақша. Осы мектепке дейінгі 10 жеке мекемеде 396 бүлдіршін тәрбиеленуде.

Ал жалпы қаладағы мектепке дейінгі мекемелер 12642 бөбекті қамқорлауда. 4097 бала мектепалды даярлықпен қамтылған. Қазір­гі таңда 15 727 бөбек балабақша кезегінде тұр. Ағымдағы жылдың қыркүйек айында Зашаған кентін­де жеке инвестициялар есебінен 250 орындық балабақша ашыл­мақшы. Ол күрделі мәселені шешуге аз да болса үлесін қосатыны белгілі.

Баяндама біткеннен кейін қала әкімі Алтай Көлгінов мәслихат де­­путаттарының бірқатар сауалдарына жауап берді. Депутаттар әкім­нің есебін қанағаттанарлық деп бағалады. Сондай-ақ сессия­да қалалық бірқатар бөлімдердің алты ай ішінде атқарған жұмы­сы туралы хабарлама тыңдалып,Орал қалалық мәслихатының жекелеген шешімдеріне өзгерістер енгізілді.

Тоқтар ҒАБДІРЕШҰЛЫ,

«Орал өңірі»

Суреттерді  түсірген Темірболат ТОҚМАМБЕТОВ


Қазақтың иісі аңқыған дәптерлер

Күні: , 832 рет оқылды

DSC_0343


Кеше «Жайық Пресс» ЖШС-ның мәжіліс залында қазақ хандығының 550 жылдығына  орай, хандардың суреті бейнеленіп, арнайы шығарылған жаңа дәптерлердің таныстырылымы өтті.


— Дәптер – тек оқу құралы емес, сонымен қатар тәрбие құралы да болу қажет. Осы ұстаныммен бұдан  бұрын да  Сырым, Райымбек, Исатай, Махамбет, Абай, Ғұмар, Жаһанша, Құрманғазы, Дина, Мұ­хит секілді танымал тұлғаларымыз бейнеленген дәптерлер шығарып едік. Міне, осы бастамамызды жалғастырып, биыл­ғы оқу жылына арнап мұқабасына Керей мен Жәнібек, Әбілқайыр, Абылай хандарымыздың суреті салынып,  соңғы бетіне қысқаша өмірбаяны жазылған дәптерлер шығаруды қолға алдық. Әзір­ге әрқайсысы 36 бетпен, 500 данадан жарық көрді. Бір дәптердің бағасы – 70 теңге. Қазіргі күнде Ресейден әке­лінген сыртқы мұқабасына жартылай жалаңаш қыздардың суреті бейнеленген, баланың психологиясына кері әсер ететін дәптерлер көптеп сатылуда. Сондықтан қоғамдағы орын алып жатқан өзекті мәселені көзбен көріп жүргеннен кейін осы жобаны қолға алдық. Біздің мақсатымыз — кәсіпкерлерге бағыт беру, жол көрсету. Отандық тауарды жарнамалаумен қатар қазақ хандарын насихаттау, ұрпағымыздың санасына ұлттық рухты сіңіру, — деді «Жайық Пресс» ЖШС-ның бас директоры Жантас Сафуллин өз сө­зінде.

Жас ұрпақтың санасына ұлттық құн­дылықтарымызды насихаттауды мақсат еткен жаңа дәптерлер алғашқы күннен-ақ әлеуметтік желідегі жұртшылықтың қы­зығушылығын тудыруда. Жаңа дәп­тер­лердің суретін графикаға келтіріп, өң­деген белгілі суретші Бекжан Жұмабаев, дизайнері — Арман Дауылбаев. Өмірбаян деректерін танымал ақын Ғайсағали Сейтақ  тарих ғылымдарының докторы, профессор Мұқтар Әбілсейітпен ақыл­дасып, қайта жазып шыққан. Жантас Нәбиоллаұлының айтуынша, мектеп оқу­шысының тек кітап-дәптерлері ғана емес, қалам, сызғыш, сөмкелерінен де қа­зақтың иісі аңқып тұрған жөн. Алдағы уа­қытта бұл  игілікті іс жалғасын таба бермек.

Гүлжамал КЕНЖЕҒАЛИЕВА,

«Орал өңірі»

P.S. Дәптер сатып алуға ниет білдірушілер Орал қаласы, Мұхит көшесі, 57/1-үйде орналасқан “Жайық Пресс” ЖШС-ға келуіне немесе 24-11-55 телефонына хабарласуына болады.


Би-Аға Бектұрғановтар әулетінің ең үлкені еді

Күні: , 915 рет оқылды

collectionw9fcbZ


Ұлы Отан соғысына 19 жасында алынып, Ленинград қаласының блокадасының ауыртпалығын басынан өткізген Бисен Жұмағалиұлының өмір жолын оқырмандарға баяндауды жөн көріп отырмын.


Би-Аға біздің әулеттің ең үлкені болатын.

Беріштің Қаратоқай Аққұлы бө­­лімінен тараған ұрпақтар Қазақ­стан аумағының түкпір-түкпірінде тұрып жатыр. Әкем Бектұрғанов Құрақ (1909-1985), анам Жона Кө­шенқызы (1909-1985) Бисен көкем­ді ерекше жақсы көретін. Бисен аға да, Кәрім ағам да әкемді үнемі «папа» деп құрметтейтін. Анам көкемді өз атымен атамай, өле-өлгенше «Шырақ» деумен кетті. Біздерге үнемі көкелеріңдей бо­лыңдар дейтін.

Төрт жылдық соғыстан 1946 жылдың ақпан айында елге орал­ған әкем Берлинді азат еткенде алған алтын сағатты сақтап, Би-­Ағаға өз қолымен табыс етті. Со­ғыстан капитан шенінде орал­ған көкем, ауыл сыртында өзін қарсы алған туыстарының көзінше, гим­настеркасының қалта­сы­нан қып-қызыл орамал шығарып, Маржан апамның басына тартты. Апам кө­кемнің сол сыйлығын кілең мақ­танышпен есіне алып отыратын. Би-Ағаның анасы Күнсүйген ше­шем соғыс жылдары колхоз тө­райымы, кейіннен ауылдық совет­ті басқарды. 1948 жылы Москва­дағы партия съезіне қатысты.

Би-Ағаның әкесі Жұмағали атам (1896-1943) өз еркіменен соғысқа кетіп, Псков қаласын азат етуде қаза тапты. Жұмағали атам арқа­лы адам болатын. Соғысқа атта­нарда тума-туысқандарына садақа жасап: «Халқымызда еркек тоқты садақа дейді, мен-ақ садақа болайын, Алла тағаладан тілейтінім, соғыстан Құрақ пен Бисен аман есен оралса екен, ал мен бұл со­ғыстан елге оралмаймын, бақұл болыңдар, Күнсүйген, бала-шаға, кемпір-шалдар саған аманат» — деп қоштасты.

1944 жылы бұл соғысқа Би-Аға­ның інілері Кәрім Жұмағалиұлы, Жамалхан Құрақұлы алынды. Би-Аға соғыстан оралысымен, еңбек­ке араласып, әуелі «Екпінді құ­ры­лыс» газетінің редакторының орынбасары, көп кешікпей редакторы болып тағайындалды. Бо­лашақ жеңгеміз Нағима Дәулеш­қызы (1925-2010) 1948 жылы Алма­тыдаға заң институтын бітіріп, Тайпақ ауданында судья болып жұмыс жасады. Көп кешікпей олар жанұя құрып, 1949 жылы Нұрлан, кейіннен егіз қыздары Лилиян, Баяндар дүниеге келді.

Нағима жеңгеміз өте мәдениет­ті, ақыл-иесі жан еді. Біздер аға­й­ын­ды Бектұрғановтар – Қайыр, Амангелді, Аманғалилар – Алматы қаласында оқып, 1955-1962 ж. ж. демалыстарымызды ауылда жә­не Бисен көкеміздің саяжайында өткізетінбіз. Бірде жеңгеммен, балалармен үй жанындағы алаңға шығып, балаларды қыдырттық. Ай­наламызда жеміс-жидек, алма ағаштарының өнімдері самсап тұр. Кісі қызықтырады. Бірақ бұларға тиіспей, жеңгеме: — Көршілеріңнің Шәпет Қоспановтың, Госконтроль төрағасы Олексеенконың, КГБ тө­рағасы Шалтақбаевтардың үйле­рінің терезелері бері қарап тұр екен. Мына жер маған ұнамайды дегеніме, — Түсініп тұрмын, кәзір көкеңнің шоферы базардан ке­ректің бәрін әкеледі – деді. Көп кешікпей ол да келді. Екі шеремен жеміс-жидектің түр-түрін т.б. заттар әкелді.

Жеңгеме: — Осының бәрі аулада самсап тұр ғой – дегеніме,

— Олар саяжайды баптайтын, суаратын, күзететін адамдардікі. Күзге қарай өздерінен ауысқанда­рын біздерге әкеледі. Қайда асы­ғамыз – деді.

Жеңгем Нағимадан бірде:

— Немере ағаң Ғ. Әбухановты обком бюросында алғашқыда пе­динституттың проректорлы­ғы­на өткізбегені несі – дегеніме,

— Бюро барысында Ш. Қоспа­нов Әбухановқа: «Сен ғылым канди­датысың. Бірақ әкең шонжар бай болыпты,» – деп сұрақты төтесінен қойыпты. Ағам өтірік айтуға жа­ны қас адам болғандықтан, – Әкем осы өңірге белгілі «конокрад» еді – деп жауап беріпті.

Сол жолы ағам бюродан өт­пе­генмен, ғалымдардың тапшылы­ғынан да болар, кейіннен сол жұмысқа тағайындалды.

— Ал жеңеше, сенің ата-баба­ла­рың қандай адамдар еді? дегеніме,

— Аманжан, бұл мен үшін өте ауыр сұрақ. Әкемнің байлығы Әбу­хановтардан әлдеқайда қо­мақ­ты болған. Атамды, әкемді, ағаларымды әйелдерімен қосып, 1929 жылы алып кетіп, жоқ қы­лып жіберді. Мен сол кезде төрт жаста едім. Мені Палласовка қа­ласындағы балалар үйіне тапсырыпты. Біз Жәнібек ауданында болатынбыз», – деп жауап берді. Кішкене отырғаннан кейін:

— Сол кезде әке-шешемді са­ғынып, көп жылағаннан ба, кәзір жылайын десем де көзімнен жас шықпайды – деді. Мен өз сұ­рағыммен жеңгемді қинағаныма өкіндім.

Бисен көкеміз еліне барынша адал қызмет етті. Би-Ағаның ең­бе­гі ескеріліп, Москваға жоғары партия мектебіне жіберілді. Фурманов ауданы партия комитетінің бірінші хатшысы болып, кейіннен обкомға алынып, ұзақ жыл Батыс Қазақстан облыстық партия комитетінің хатшысы болды. Ғылым кандидаттығын қорғады.

1971 жылы Көкшетау облыстық партия комитетіне хатшылыққа жіберілді. Сол жұмысында ұзақ жыл жасап, зейнеткерлікке шықса да, облыс басшылары Би-Ағаны түрлі-түрлі мекемелерге басшы­лық­қа жіберіп отырды. Көкшетау облысының құрметті азаматы ата­ғына ие болды.

Жылда елге келіп, біздің әке-шешемізге сәлем бере келгенде, бірде жеңгем:

— Ағеке, ініңізге айтыңызшы, ел­­ге қайтсын, сүйегіміздің өз жері­мізде қалғаны дұрыс қой, маған көнбей жүр, — деді. Олар елге тек 1998 жылы ғана оралды. Көкем­нің бәрімізден артық көретін інісі Бектұрғанов Қайыр Құрақұлының Алматыдан пединститутты қызыл дипломмен бітіргеніне қуанып, іні­сінің ғылым жолына түсуіне тілек білдіруіне қарамастан, інісі еңбек жолын ауыл мұғалімі болудан бастады. Қайыр ағам аға-жеңгесі­нің үйінде жатып, 9-10 кластарды қаладағы №11 мектеп-интернатта оқып, мектепті алтын медальмен бітірген еді. 1963 жылы Орал қаласында ауыл шаруашылығы институты ашылғанда көкем Чапаев­та мектепте оқу ісінің меңге­рушісі жұмысын атқарып жүрген інісін, келіні Надяны қалаға жұ­мысқа алдырып, көп кешікпей институтқа жұмысқа орналастырды, үй бергізді. Сол кездің өзінде көкем Қайырдың ғылым жолына түсуінен үміткер еді. Қайыр осы институтта 40 жылдай оқытушы болып, зейнеткерлікке шықты.

Атам Бектұрған балаларының, немерелерінің білім алуына көп көңіл бөлген кісі.

Көкенің әкесі Жұмағалидың ту­ған ағасы Ғабдолла 19 жыл Иранда, Түркияда үзбей оқып, сол кездегі ең жоғарғы діни атақ «ахон» деген атақты иемденген. Елде ол кісіні тек молда демей, «Ахон Ғабдолла» деп атаған. Ол кісі елге 40 жасында оралған. Бұл атамыз елде мешіт тұрғызып, балаларға жатақхана, асхана салғызып, мектеп ашқан. Егер көкем ғылым жолына түскенде не болар еді деген ойға қаламын. Ойы жүйрік, білімді адам болатын.

Би-Аға, Нағима жеңгем төріміз­дің көркі, әулетіміздің мақтаны­шы еді.

Өмір өтті осылай…

Інісі Амангелді ҚҰРАҚОВ,

Қазақстан Журналистер одағының мүшесі


Ақынды генерал да жақтаған

Күні: , 951 рет оқылды


Мұрағаттық деректер. Олардың әншейінде елене бермейтін ға­жайып қасиеті бар. Тылсым тіршіліктің сан алуан хабаршы­сын­­дай, көңілге тоқ сезімдер ұялата­­ты­­ны өз алдына, әсіресе, араға жылдар, тіпті ғасырлар салып оқы­­­­ған тұста, өткен өмірдің кейбір қас-қағым сәттерін қайта көз ал­­ды­­ңа нақ бедерлі де құнды де­­рек­­тер­­ді алдыңа жайып салады. Ал кей­­де өзің білмейтін, бірақ та сен біл­мекке ынтызар жандарға ке­зік­­кен­дей күй кешесіз. Қысқа да са­раң жол­дар кейде көп дү­ние­ден  хабар береді, аяқ астынан кенен ке­ніш­тің ұлылығын ұс­та­та­ды. Бұл жа­ғы­нан алғанда мұрағат бір сыр сан­дық, асыл мұра еке­ні­не сеніміңіз беки түседі.


Бұл орайда қазақтың алғашқы ағартушы-демократтары Ш. Уәли­ханов, Ы. Алтынсарин, А. Құнан­­баев­тардың ел алдындағы еңбек­тері, демократиялық ой-пікірлері жайлы құнды деректердің баршасы мұрағат қазынасынан ертелі-кеш табылып жатыр. Бұл мә­се­ленің Абай шығармашылығы, өмі­рін зерттеп, жинақтауға да ерек­ше қатысы бар.

«Абайдың өмірбаянын зерттеп, толықтырып жазу жұмысы жетер өрісіне жетіп, аяқталған жоқ. Ерекше көңіл бөліп, кейінгі зерт­теушілердің есіне, әсіресе, салып өтер бір жай, ақын жөнінде орыс тілінде сақталған деректер тура­лы. Анығында, Абайдың өмірбая­нын оқыған кісінің бәріне мәлім нәрсе, оның патша ұлығымен, қызметшілерімен кеңселерде аса көп рет кездесулері туралы бола­ды. Крестьян начальнигі, ояз на­чальнигі жандарал, округ соты, Омбыдағы корпус (генерал-губернаторлар) кеңселері барлығының мұрағаттарында Абай жөнінде әлі де бірталай жаңалықтар табуға болатын тәрізді» деп кезінде дұ­рыс жол сілтеген Мұхтар Әуезов еді.

Соның бірі де, бірегейі де Абайдың бұл дүниеден өтерінен бірер жыл бұрын ақын ауылына Семей ояз бастығының өзі бастап келген қарулы топ қоршап тұрып, үйін және оның өне бойын сұқта­на тінтуі болып табылады. Тобық­ты елі ішінде аңыз ретінде таралып кеткен осы бір оғаш оқиғаны бір топ Абай замандастарының естелігі ретінде баспа бетінде 1940 жылы тұңғыш рет шығарушы абайтану ілімінің негізін салушы, заманымыздың заңғар жазушысы Мұхтар Омарханұлы Әуезов болатын.

Абай өмірбаяны М. Әуезов тарапынан төрт рет түбегейлі жазылып, әр нұсқа өз кезегінде көпте­ген тың деректермен толықтыры­лып, көмескі мағлұматтардан ба­­рын­ша арылып отырған. Бұл нұс­­қалар­дың ішінде Абай өмір­бая­ны­ның 1940 жылғы екінші нұсқасы­ның алар орны ерекше. Абай өмір­баяны­ның осы екінші нұсқасын қайта толықтырып, соны дерек­тер­мен жетілдіру мен «Абай» ро­­ма­нының алғашқы кітабын қо­сарла­на қатар қағазға түсіру М. Әуе­зов үшін тіпті де кездейсоқ емес еді.

Мәнді мағлұматтарды мол қам­тыған ақынның 1940 жылы латын әрпімен жарық көрген екі томдық шығармаларының екінші томында «Абай жайында Мадияр, Қатпа, Әрхам, тағы басқалардың айтқан әңгімелері» деген М. Әуезовтің жаз­басы басылған екен. Міне, осы жазбаның бір жерінде ұлы ақын патшалық билікке қарсы басқа жақтағылармен жазбаша байла­нысы бар саяси сенімсіз адам емес пе екен деген күдікпен 1902 жы­лы ақын үйі тінтіліп, Абай аты­на жазылған бөгде бір адамның хаты іздестірілгені қысқаша белгі бе­ріп қалады. Тінтілген үйінен және ақынның бойынан табылмаған сол бір хатты ақыры әйелі Еркежан өз қалтасынан шығарып, оязға берген екен. Алайда естелікте хат­тың нақты мазмұны немесе одан туындаған зардаптар жайында ешқандай әңгіме болмайды.

Әрине, естеліктің аты естелік. Оның артық, кем соғып жатар тұстары бола береді. Міне, бұл олқылық 1950 жылы Қазақ ССР орталық мемлекеттік мұрағат қыз­меткері В. Киреев тапқан дәйекті деректермен біршама толықты (Қазақ ССР Орталық Мемлекеттік архив, Қор – 15, тізбе – 2, іс – 339). Мұрағаттық деректер негізінде ұлы ақынның басынан өткен сол тосын ауыртпашылық туралы танымы мен нанымы мол алғашқы мақала жарық көрді (Альманах «Казахстан», 1950, №12).

Мұрағат қоймасында сақталған көлемі 300 беттік осы істің ішінде­гі құжаттар мазмұнына қараған­­да, 19-ғасырдың бас кезінде қазақ өлкесін уысында шыңдап ұстау үшін оны басқару жүйесіндегі патша үкіметі жаңа тәртіптерді батыл енгізе түскен. Оның бір ұшығы дін мекемелері мен мектептерді де қамтыған. Сол кездегі Ақмо­ла, Қызылжар, Көкшетау, Кереку өңір­лерінде мешіттер жабылып, мол­да­лардың мұсылман дінінің за­ңы – шариғат жолымен қызмет ат­қа­руына тыйым салына баста­ған. Мұндай әрекеттер кезінде ел ішінде едәуір дүмпу туғызып, сонау Омбы мен Петербургке дейін арыз-шағымдар көбейген.

Ішкі істер министрлігінен бас­тап, дала губернаторы, ояз, крес­тьянский начальник сияқты алуан шенді патша ұлықтары ел ішін­де мұндай үнге өте-мөте үрке қа­раған. Қарсы пікір айтушыларды қуғындап, жедел қатаң жазалап отырған.

Мұрағаттық деректерге сүйен­сек, ұлы ақын үйіне тінту, шын­дығында, 1903 жылы көк­темде жүргізілген. Ақын өмірінен хабарлары мол Тобықты елінің қа­­­рия­лары М. Әуезовке айтқан әң­­гі­­­­ме­лерінде тек бір жылға ға­на жа­­ңы­­лысқан. Осы бір ақын өмі­рін­дегі қапалы да оқшау оқиға 1903 жылы 8 сәуірде Ақмола облысы әскери губернаторының Семей облыстық губернаторына берген төмендегідей жеделхатымен басталады.

«Қосшығұловтан пошта қол­ха­ты табылды. Ол 1902 жылы 6 мау­сымда Батовскідегі Садуақас Шор­мановқа, Зайсандағы Кеншинов­ке, 1903 жылы 7 наурызда Семей­де­гі Құнанбаевқа хат жолдапты. Тінту жүргізу керек.

Романов,

Бас штабтың Ақмола облысындағы әскери генерал-губернаторы, генерал-майор.

Әр тарапқа хат жазып, полицияны дүрліктіріп жүрген Қосшығұлов де­­ген кім? Абайға жазған хат бар ма? Бар болса, айтары не? Бұл дүрлігістің аяғы немен тынды?

Рас, мұрағат қойнауында бір ғасырдан астам жатқан осынау құжаттардың мазмұны айналасында кейінгі елу жыл бойында анда-санда болса да Абай өмірін зерттеушілер, кейбір тарихшылар сөз қозғап жүрді.

Әлбетте, абайтану ғылымының, Абай дәуірін, оның өмірі мен шығармашылық өнерін зерттеуде ерекше орын алар бұл деректерді ақынның туғанына жүз жетпіс жыл толу қарсаңында қалың оқырманға тағы бір рет ұсынуды жөн көрдік.

Мұрағат деректеріне бақсақ, қазақ жұртының тіршілігі мен тағдырына қатысы бар қысталаң шақта ел ағасы деп санап Семейдегі Абайға пошта арқылы хат жол­даушы – Көкшетау мешіті жа­нын­­дағы интернат мұғалімі Шәй­мер­ден Қосшығұлов екен. Сөйтіп, патша тыңшыларының қыл­бұ­рау­лы құрығы Ақмола облысы Көк­ше­тау уезіне қарасты Көкшетау ме­ші­ті­нің молдасы Ш. Қосшығұловтың мойнына түскен.

Полиция Көкшетау мешіті жа­нындағы интернаттан, оның шә­кірттері  қолынан гектографқа ба­сыл­ған, арабша жазылған жүз­ден астам кітапшалар тауып ал­ған. Осын­дай тінту барысында Қос­шы­ғұ­лов­тың қалтасынан Се­мей гу­­бер­ния­сында тұратын Абай аты­­на жолданған хаттың тү­бір­ші­гі шық­қан. Полиция осы іс тө­ңі­ре­гін­де қатты дүрлігіп, аталған хаттың ішінде үкіметке қарсы әлдебір оғаш пиғылдар бар ма деген кү­дікпен оның мазмұнын білмек үшін жанталаса әрекетке көшеді. Осыған байланысты Көкшетау ме­шітінің бас молдасы Наурызбай Таласов пен оның көмекшісі  Қос­шығұлов абақтыға жабылып, үс­терінен қылмыстық іс қозғалған. Ұлы ақын есімінің полиция тізімі­не ілініп, тінтуге душар болғаны осы Қосшығұловтың ісіне байла­ныс­ты.

Көкшетау молдасы Н. Таласов пен мешіт жанындағы интернат ұстазы Ш. Қосшығұлов және бас­қа би, молдалар патшалық Ресей­дің отаршылдық озбыр саяса­ты­на қарсы сол кезде қазақ қауы­мы ортасында қылаң бере баста­ған азатшыл, демократияшыл үнді тұ­тас қазақ өлкесін қамтитын дер­бес діни ұйым құрып, оны мүфти­ге бағындыру дейтін әрекетке бағыттаған. Осы қимыл-әрекеттің ықпалын, пәрменділігін арттыру үшін Абай Құнанбаев сияқты жалпақ қазақ жұртына құрметті елдің адамдарына да иек артқы­сы келген.

Патша әкімдері сонау Петербургтен бермен тартып Абай ауылына дейін қыруар тыңшылық жүйесін жедел құрып, ақыры же­­деқабыл 1903 жылы сәуірде Се­мей уезінің басқаруымен келген жасауылды топ ақын ауылын қоршап алып, Абайдың өзінен, балаларының бәрінен жауап алынады. Семей уезі бастығының Абай (Ибрагим) Құнанбаев үйінде жазған масқара хаттамасының қа­зақшаға аударылған нұсқасы тө­мендегідей:

«1903 жылғы сәуірдің 25 жұл­дызы. Мен, Семей уезінің бастығы Навроцкий, Семей облысы әске­ри губернаторының 1903 жылғы 18 сәуірдегі №111 тапсырмасын орындап, Шыңғыс болысының қазағы Ибрагим Құнанбаевтың ауылына келдім және губернатор мырзаның жоғарыдағы тапсырмасына сәйкес Құнанбаевтың қыстауы мен үйлерін мұқият тінттім және Құнанбаевтың сол сәтте үйінде болған балалары Мағауия мен Тұрағұлдан табылған хат-ха­барларды тұтқындадым және оларды Шыңғыс облысының болысы Рыздықбай Құдайбердин мен уезд басқармасының іс жүргізу­шісі Оспанов секілді куәлердің кө­зінше арнаулы қорапқа салып, Семей уезі басқармасы мен Шыңғыс облысының мөрлерімен қаттап бекіттім және қорапты ішіндегі хат-хабарларымен әскери гене­рал-губернатор мырзаға тапсы­руға қаулы еттім.

Ибрагим Құнанбаевты тінту кезінде менің оған қойған «Көк­шетаудан әлдеқандай хат алған жоқпыз ба?» деген сұрағыма Құ­нанбаев былай деп жауап берді: «Биылғы қыста, осыдан екі ай бұ­рын Көкшетаудан белгісіз біреуден тапсырысты хат алғаным бар. Жа­уап хатыңызды Заит Башировтың атына жазарсыз депті. Белгісіз адам хатында Семей облысының құр­мет­ті қазағы есебінде Құнан­баев­тан өкімет орындарының алдына қазақтардың мұсылман діни жиналысын құру туралы мәселе көтеруіне жәрдем етуін сұрайды».

Сол хатты маған беруін талап еткенімде Құнанбаев оны бұдан екі күн бұрын өзінің ұлы Тұрағұл­ға  бергенін айтты. Осы арада тұр­ған ұлына әкең берген хат қайда деп сұрақ қойғанымда, бұл хатты ол Шыңғыс облысының болысы Рыздықбайға табыстағанын айт­ты. Тінтіп қарағанда бұл хат соң­ғысының бешпет қалтасынан табылды.

Бұл хат тінту кезінде Құнан­баевтан алынған барлық хат-ха­барларға қосылып, бір қорапқа қатталды. Ибрагим Құнанбаевтың ұлы Тұрағұл Ибрагимовтан жауап алғанымда, ол әкесінен алған хатты жуырда Шыңғыс болыснайына өзге бір мақсатпен емес, оған шылым орауға бергенін, өйткені оның әкесі де, өзі де бұл хатқа пәлен­дей мән бермегенін айтты. Ибра­гим Құнанбаевта Көкшетаудан кел­ген хаттың сырт қабы сақтал­ма­ған. Жоғарыда айтылғандарды осы ак­тіге жазып қоюға қаулы еттім. Қа­тысушыларға бұған қол қою ұсы­нылды. Бұл акт қатысушылар­ға оқылып берілді және тінту ке­зін­де Құнанбаевтан алынған хабар­лар олардың көзінше қатталып бекі­тілді.

Семей уезінің бастығы

Навроцкий,

Ибрагим Құнанбаев,

Мағауия Ибрагимов,

Тұрағұл Ибрагимов,

Болыс Рыздықбай Құдайбердин»

(бәрінің қолдары қойылған).

Ал, Көкшетаудан келген хат мазмұны төмендегідей:

«Ассалаумағалейкум, жоғары мәртебелі, аса құрметті, жұрт ар­дақтайтын Ибрагим мырза!

Сізге Ақмола облысының барша уезінің қадірмен адамдары­ның атынан өкілдік алып жазып отырмын. Мұндағы қазақ халқы­ның мұқтаждық хал-жағдаяты 15 мамырдан әрмен қарай мағлұм болмақшы, өйткені жиналған малды сатуға тура келеді.

Халық қамқоршысы ретінде Сізден еш хабар-ошар ала алма­дық. Ал сізден әлдеқайда шалғай­да жатқандар хабар беріп тұр. Жетісу облысында болатын кеңесті күтудеміз әмбе тері-терсек сатылатын Семей жәрмеңкесінің өте­тін мерзімін күтіп жүрген жайымыз бар. Мерзімі әлі бұрынғыдай. Жәрмеңкеден қазаққа келер пайда да шамалы, бұл жағын жұрт­тың бәрінен бұрын өзіңіз жақсы білсеңіз керек-ті.

Баяғы дәурен өтті де, өлетін заман жетті де. Барлық жай-жапсарды айтып ақылдасуға болар еді, амал не, қазақтың мүддесін, шағын ойласуға кедергі жасап тұр ғой. Хатты мына жайға: Көкшетау қаласы, қазақ мектебі, Абдулла Зиядуға тисін деп әдепкі жолмен жіберсеңіз аламыз. Хат жазушы мына мен пақыр, әлі де көп дүние жазар едім, әзірше үндеместен осымен тәмам етемін.

1903 жыл, 6 наурыз».

Мұрағаттық істің 145-пара­ғын­дағы хаттың сол кезде губернатор тілмашы орыс тіліне аударған нұсқасын қазақшалағандағы маз­мұны осындай.

Хаттың араб әрпімен жазылған түпнұсқасы Қазақстан мұрағат мекемелерінің ешбірінен әзірше табылған жоқ. Табылуға тиіс деген үміт әлі де бар.

Осы бір мұрағаттық істі байыппен қараған кісіге Көкшетаудағы белгісіз адамнан Абай атына екі хат келгені байқалады. Бірінші – жоғарыдағы, 25 сәуірде уезд бас­­­тығы тінту жүргізіп, Рыздықбай бо­лыс­тың қалтасынан тауып алын­ған хат. Бұл кезде полиция тұт­­­қын­даған Қосшығұловтан табыл­­ған түбіршек бойынша дерегі мә­­лім болған 7 наурызда Көкше­тау­­дан жіберілген екінші хат Абай­дың қолына әлі тимеген, Арқат пош­та-телеграф кеңсесінде «тұты­лып» жатқан. Бұл екінші хатты ке­йін, бір айдан соң, 29 мамырда Абай­ға Семей оязының өзі ілесе келіп, ақынға екеуі көзбе-көз қарап тұрғанда табыс етілген. Ақын оны сол жерде оқып шыққан соң, хатты қорабымен ояздың қолына ұстатқан.

Тағы бір ерекше атап өтерлік жай, мұрағаттық құжаттарының ішінде осы екі хаттың түпнұсқа­ла­ры сақталмаған. Тегі, олар та­былған соң заттық айғақ ретінде үстінен қылмыстық іс қозғалған Ш. Қос­шығұловқа арналған дер­бес іс-қағаздар құрамына қосыл­ған болар дейміз.

Мұрағаттық құжаттарға зер са­ла қарасақ, қазақ жұртының сол кездегі саяси-әлеуметтік ахуалы, же­ке адамдардың қоғамдағы орны мен құқықтары, патша әкімдері­нің айла-әрекеттері жайлы алуан түрлі пікір түйіндеуге болады. Бұл деректердің өте-мөте құндылы­ғы, Абайдың өз заманындағы қо­ғамдық рөлі тек байтақ қазақ өлкесінің алуан түкпіріне атақ-даңқы жеткен ел ағасы есебіндегі беделі жайында куәгер деп бағалауға болады.

Патша үкіметінің әкімшілік ор­­гандарының іс қағаздарына топ­­­тасқан осынау шоғыр құжат­тардың ішінде, біздіңше, өте-мөте екі құжаттың мазмұны алабөтен қымбат, берер мағлұматы бағалы екені даусыз.

Біріншісі – Семей облысы әс­кери губернаторының 1903 жы­лы 23 қыркүйекте Абай (Ибра­гим) Құнанбаев жайлы сонау Пе­тер­бургтегі Ішкі істер министр­лігінің департаментіне жолдаған мінездемесі. Түпнұсқа орыс тілінде жа­зылғандықтан, оны қаз-қалпында ұсынуды жөн көрдік.

«Киргиз Чингизской волости Ибрагим Кунанбаев имеет от роду 60 лет, женат на трех женах, от которых имеет 20 человек детей. Обладает сравнительно большим состоянием (около 1000 лошадей и 2000 баранов).

Кунанбаев весьма развитый и умный. Он служил два трехлетия бием, три трехлетия управителем Чингизской волости, а затем по назначению от правительства прослужил три года управителем Мукурской волости. Служба Кунанбаева отличалась разумным управлением, исполнительностью, энергией, преданностью пра­ви­тельству и отсутствием фанатизма.

Одним из сыновей Кунанбаева по окончании курса Михайлов­ского артиллерийского училища был произведен в офицеры и, будучи на службе, умер в Туркестанском округе. Ныне замужняя дочь его пишет и читает по-русски. Грамоте ее учил отец.  Кунанбаев  весьма интересуется литературой, выписывает книги, журналы и газеты.

В прежнее время он пользовался громадным влиянием среди иногородского  населения степи, но в настоящее время влияние его далеко не то. Он постарел, не принимает на себя руководства в партиях, хотя главари их часто обращаются к нему за советом.

В разговорах и суждениях своих с лицами  Кунанбаев обнару­живает полное понимание государственных интересов и пра­вильные взгляды на культурную миссию нашего отечества в наших азиат­ских владе­ниях. Он с негодованием осуждает попытки мусульман — фа­на­тиков противодействовать правитель­ству в его стремлениях. Искрен­ность высказываемого убеждения, полагаю, достаточно доказывается его поведением.

Эти данные указывают, что Кунанбаев в политическом отношений не внушает никаких опа­сений и должен бы причислен к числу лиц вполне благонадеж­ных.

Галкин,

военный губернатор Семипалатинской области,  генерал-майор. «Исх.№ 203.23 сентября 1903 г.»

Міне, патша әкімдері ұлы Абай туралы күдікті мағлұмат жинай­мыз деп, ақыры оған осындай мінез­деме жазуға мәжбүр болған. Ке­зінде Абай басын әжептәуір шыр­ғалаңға салған осынау оғаш оқиға барысында пайда болған бұл құ­жаттардың тарих үшін, ғылым үшін берер тағымы аз болмаса керек. Ел ішінде сол кездегі азатшыл ой­дың дәрмені мен сарыны жайында, әсіресе, Абайдың байтақ қа­зақ  даласында ел ағасы ақылшы есебіндегі алар орны мен беделі жайында тұжырым түйіндетуге тетік болар қасиеті мол.

Осы құжаттардың ішіндегі екін­ші бағалы мұра Семей уезі бас­тығының сол 1903 жылы 25 сәуір­де Абай үйінде жазылған қаулы­сы дер едік. Бұл құжатта біздер үшін де, болашақ үшін де қасиеті жо­ғары бағаланатын және айрық­ша сипатты – онда атақ-даңқы, асыл мұрасы асқақтай көтерілген заң­ғар Абайдың, дана Абайдың «Ибр. Кунанбаев» деп орысша жазған өз қолтаңбасының сақталғанын­да. Бұл қолтаңба «..Барыңды сал­­саң да, балаңа орыстың ғылы­мын үйрет» деп өсиет айтқан Абай­дың, Пушкин, Лермонтов, Крылов шығармаларын сүйіп оқып қана қоймай, оларды ең алғаш қазақшаға аударып, қазақ сахарасына таратқан Абайдың, өз кезінде орыс тілінде шығып тұрған көп­теген газет-журналдарды жаздыртып алып оқыған Абайдың өз басының орысша сауаты, орыс­ша әріптерді әліптеу мәнері жайын­да бұлтартпас дәлел болатын та­рихи-ғылыми баға жетпес айшық­ты айғақ десек, артық айтқандық болмайды.

Ал жоғарыда түпнұсқасы то­лық келтірілген әскери губернатор кеңсесінің ресми мінездемесі Абайдың тіршілік кәсібі, ел ішіндегі алар орны, өмірге көз­қарасы, отбасы жағдайы, ба­лаларының тәрбиесі мен сауаты жайлы мәнді мағлұматтар береді. Мұрағатта сақталған осы және басқа нақты құжаттарды ақынның шығармаларымен қабыстыра қа­раған кезде «соқтықпалы, соқ­­пақсыз жерде өскен», «мыңмен жал­­ғыз алысқан», «Қазағым, қалың елім, қайран жұртым» деп толған­ған азамат ақынның шыр-шырға­ла­ңы, қабат-қабат өрелі өмірінің өзекті соқталары сүленіп шыға келеді.

Бұл құжаттардан Абайдың әр нәрсенің ұшығына жетпей, жарым шешім қабылдамайтын сақ әрі сабырлы, мінезі қиын-қыстау, тар жерде де сырбаз мінез танытып, оңды, ұтымды жол таба білетін, сергек те тапқыр, ақылды, қалың қауым, қоршаған орта, лауазымды шен-шекпенді адамдар арасында да, ағайын-туыс айналасы мен балаларының алдында да риясыз беделді, айбынды қияпаты қапысыз көрініс береді. Абайдың өз кіндігінен туған бала­лары Мағауия мен Тұрағұл сөздері мен әрекеттері де, «әке көрген оқ жонар» демекші, оңтайлы, көңіл­ге қонымды, сасқалақ, ұшқалақ емес, үрейшіл ынжықтықтан ада, ел қадірлеген әкеге лайық тәлім-тәрбие көрген абзал азаматтар нышанын аңғартады.

Ал қазақ елі ортасында сол кездегі абыройы асқар, беделі биік Абайды біліп, оған хат жазып жүрген Шәймерден Қосшығұлов кім?

Әзірше табылған мұрағаттық деректерге қарағанда, Шәймер­ден Қосшығұлов 1877 жылы Ақ­мола облысының Көкшетау уезіне қа­расты Қотыркөл болысында дү­ниеге келген. Ол жасынан мұ­сыл­­мандық құқық негіздерін үй­ре­нуге бой алдырып, оның қайы­рымдылық, имандылық және са­­­­­уап­шылдық  қағидаларын халық ара­сында кеңінен насихаттауға ат­са­лысып, зорлық-зомбылық  әре­кеттерге қарсы үн қатып отырған. Сол мақсатпен ол Қазан, сондай-ақ Ресейдің басқа қалаларынан өз қаражатына 100-ге тарта Құран кітабын сатып алып, оны халық арасына тегін таратқан. Сондай кітаптардың бірін алу үстінде кішкене Жақып деген:

Ассалаумағалейкум

ақын молдам,

Дініне исламның

жақын молдам.

Алдырдың жүздей кітап,

дін ашуға,

Жарайды осы ісіңіз, мақұл молдам, — деп, қолма-қол алғыс айтқан екен.

Сондай-ақ Ш. Қосшығұлов ел арасына баспа өнімдерін көбірек тарату мақсатымен өзге шет жақтан кітап, не газет шығаратын қорғасын әріптерін де әкеле береді. Міне, осы әрекетімен қоса Абайға жазған хатында үкіметке қарсылық әрекет бар деген негізде ол 5 жылға Үркіт аймағына сот үкімімен жер аударылады. Алайда Шәймерден Қосшығұлов Рома­новтар әулетінің патшалық етуіне 300 жыл толуына байланысты алғашқы кешіріміне орай елі­не оралады.

Бірер сөз Ш. Қосшығұловтың туған әкесі жайында. Соңғы жылдары қазақ мерзімді баспасөз беттерінде Абай әкесі Құнанбай­дың қажыға баруы жөнінде бір­ша­ма мақалалардың жарияланға­ны аян. Міне, солардың бірінде (Р. Отар­баев. «Меккедегі төрт үй». «Парасат» журналы, 1992 жыл, №1). Құнанбаймен Мекке жаққа сапарлас болғандардың ішінде Қосшығұл Шопанұлы дегеннің де аты-жөні кездеседі. Бақсақ, бұл Шәймерденнің әкесі екен. Өйтке­ні ол сол кездегі Ақмола ай­мағын мекендейтін Атығай елі­нен Мек­кеге барып қайтқанға саяды.

Халық арасында Ш. Қосшы­ғұ­ловтың беделі биік болғанға ұқ­сайды. Міне, сондықтан да оны жерлестері халықтың ұлттық намысын қорғай білетін азаматы ретінде танып, Ресейдің Бірінші Мемлекеттік Думасына мүше етіп те сайлаған. Бұл туралы «Туркестанские ведомости» газеті 1906 жылғы 91-санында былай деп жаз­ған екен:

«Омск. Членом Государственной Думы от Акмолинской области избран социал-демократ Ишерский (врач-киргиз), от Семипалатинской области – Букейха­нов, от Акмолинской области – Косчигулов».

Қосшығұлов туралы тағы бі­раз дәйекті деректі 1906 жылы Мәс­кеуде М. Бойович дегеннің құ­растыруымен шыққан «Мемле­кеттік Дума мүшелері. Суреттері мен өмірбаяндары» атты (орыс тілін­де) кітаптан да кездестіруге бола­ды. Ол тарихи айғақ мынадай:

«Қосшығұлов Шәймерден – қа­зақ. Көкшетау молдасы. Білімді Бұқардан алған. Қазақ арасындағы халық сотына түбегейлі қарсы. Шариғатты жақтаушы. Мүшелікке сайланғаннан кейін оның орыс тілін білмейтіндігі белгілі болып, онысы «Мемлекеттік Дума сайлау ережесінің» 55-бабына сәй­кес кел­мегендіктен, облыстық сай­лау комиссиясы бұл сайлау қоры­тын­дысын жаратпай тастаған. Ол Ақ­мола облысы қазақтарының ара­сынан сайланған».

Әрине, Шәймерден молда жө­ніндегі бұл мәлімет Петерборға жалпы сайлау қорытындысы тұ­сында жетсе керек. Сол себепті де тиісті дауыс алған мүшелер қатарында тізімге енген. Ал бірақ оның 1906 жылы сәуірде бастал­ған 1 Дума жұмысына қатыспаға­ны рас. Сондықтан да оның су­ре­ті Бірінші Думаға қатысты кітап­тар­ға да енбеген.

Шәймерден Қосшығұлов 1907 жылы Петерборда тұңғыш рет қазақ тіліндегі «Серке» атты газетті шығаруды ұйымдастыру­шы­­лардың бірі болып табылады.  Ш. Қосшығұлов та 1932 жылы ашаршылық зардабына ұшы­рап, Омбы қаласына қоныс ау­дарған, сол жақта аштан қайтыс болған.

Түбегейлі іздеушісі келіссе, рес­­публикамыздың мұрағатынан да, Мәскеу мен Петербургтің, Омбы мен Ташкенттің мұрағат қа­зы­наларынан әлі де талай-талай Абай туралы дәйекті деректер табылуы мүмкін. Бұған соңғы кез­де Ресейдің орталық мұрағаттары­­­нан табылып жүрген Абайдың Се­нат­қа хаты («Қазақ әдебиеті», 1981, 24 сәуір), сондай-ақ 1876-1878 жылдардағы орыс-түрік со­ғы­сы кезінде ақынның жазған ашық хаты («Қазақ әдебиеті», 1963, 16 шілде) куә болса керек.

Абай шығармашылығын талдау, халыққа таныту, тарату жөнінде бүгінде қыруар іс тындырылып жатқанын мойындай тұрсақ та, ақын өмірін ғылыми тұрғыдан, мұрағаттық деректер негізінде зерттеуді жетілдіре, жалғастыра беру әрқашанда күн тәртібінен түспейтін борыш деп ұғуымыз ләзім.

Ғабит  ЗҰЛХАРОВ,

бұрынғы мұрағат қызметкері,

Қазақстан  Журналистер одағының мүшесі,

Аягөз қаласы,

Шығыс  Қазақстан  облысы


Ақ неке – Алланың адамзатқа берген сыйы

Күні: , 858 рет оқылды

svadebnij-goroskop-2012-chast-1-1_2


Адам баласы үшін отбасын құру өмірдегі ең қуанышты сәттерінің бірі болса керек. Себебі отбасылық өмір — екі дүниелік бақыт.


Құранда: «Уа, адамдар! Шүбәсіз, сендерді бір ер мен бір әйелден жараттық. Сондай-ақ сендерді бір-біріңмен танысып, табысуларың (һәм біріңе-бірің қамқоршы дос болып, өзара жәрдемдесіп, тату-тәтті өмір сүрулерің әрі жер бетін көркейтулерің) үшін сан алуан ұлыстар мен руларға бөлдік. Біле білсеңдер, Алланың алдындағы ең ардақтыларың – ең тақуаларың (яғни Аллаға тағзым етуде, иман келтіруде әрі мойынсұнуда ең алда болғандарың)!» [«Хужурат» сүресі, 13-аят] деу арқылы адамзат шежіресінің сонау Адам атадан бері жалғасып келе жатқанын көрсетеді.

Аятта айтылғанындай, ер мен әйел затынан адамзат ұрпағы өзара неке қидырып, отбасын құру арқылы тіршіліктерін жасап келеді.

Сондай-ақ ер мен әйел ақ некелерін қидырған сәттен бастап өздеріне үлкен жауапкершілік жүктеледі. Ардақты Елші (с.ғ.с) некені өзінің сүннеті ретінде орнатып: «Некелескендеріңде оны жан-жаққа жариялаңдар» деген хадисі жай ғана келісімді меңземейді, қайта одан да жоғары жауапкершілікті нұсқайды.

Ақ некесін қидырған жастар бір-біріне сүйеу һәм қамқор бол­ған жағдайда босағалары берік, іргетасы мығым болмақ. Өзара тү­сіністікпен, шынайы сеніммен, тө­­­зімділік қағидаларын бекем ұс­­­танған берекелі шаңырақтың өз­гелерге нағыз үлгі болары сөзсіз.

Ақ неке арқылы шаңырағы нық құрылған отбасы – Алланың адамзатқа берген сыйы, мейірімі. Оны сақтап қалу мүмкіндігі адамзатқа берілген. Себебі бұл мүмкіндік адам баласын екі дү­ниеде де бақытқа жеткізеді.

Алайда кейбір жастарымыз осы мүмкіндікке жеңіл-желпі қарап, өзі­нің және қоғам алдындағы жауапкершілігін сезбей жатады. Аталмыш ақ некеге жеңіл қараған екі жас, жақындарының рұқсатынсыз өзара некелесе салады. Мұндай жастардың арасында көп ұзамай өзара түсінбеушілік, әлеуметтік жетіспеушілік, жарының көзіне шөп салу, ішімдік, нашақорлық секілді жаман әдеттер орын алса, діни қағидаларды өз еркінше түсінген яки ниеті бұзық ерлердің жауапкершіліктен жалтару мақ­сатында «талақ» сөзін емін-еркін үш рет айтып, қаншама қаракөз қарындастарымыздың көз жасына қарамай тастап кету оқиғалары орын алуда.

Қандай себеп болмасын ша­ңырақты сақтап қалу — үлкен ба­­тырлық. Ал талақ (ажырасу) – Жаратқан Жаппар Иенің адал ет­кен істерінің ішіндегі ең жа­ғым­сызы. Ардақты Елші (с.ғ.с.): «Алла тағалаға адал еткен істің ішіндегі ең жағымсызы – ажырасу» [Әбу Дәуіт, Талақ, 3] – деп жөн-жосықсыз ажырасудың дұрыс емес екенін тілге тиек еткен.

Сондай-ақ некеге немқұ­рай­лықпен қарап, онымен қал­жың­дасуға да болмайды. Себебі «үш нәрседе ойнауға болмайды: неке, талақ және құлдықтан азат ету» [Мұхаммед ибн Исмаил ас-Санға­ни. Субулус сәләм шарх Булуғ әл-марам. Бейрут. 1088 б.],- делінген.

Асыл дініміз ақ некенің жанұя бақыты үшін қашан да баянды болғанын қалайды.

Отбасы – бір Отан һәм қо­ғам­ның іргетасы. Отбасында ын­ты­мақ, түсіністік мықты болса, сон­шалықты қоғам да мықты болары сөзсіз.

Сондықтан да асыл дініміз от­басына аса көңіл бөлген. Некені екі жұптың қасиетті одағына теңеген. Беріктік һәм сенімділік бастауы ретінде қараған. Әрбір отбасында сезім мен сенім, сый­ластық пен шынайылық орын алса, елдің қуанышы мен бақыты берік болмақ.

Қалмахан ЕРЖАН,

теология ғылымдарының докторы, «Нұр-Мүбарак» Египет ислам мәдениеті университеті Дінтану кафедрасының меңгерушісі

Азаматтар мен ұйымдардан діни салаға қатысты барлық мәселелер бойынша ақпарат қабылдауға, сондай-ақ деструктивті қызметтен зар­дап шеккендерге кеңесшілік және психологиялық көмек көрсетуге арналған сенім телефондары:

8 (7112) 26-75-88, 24-44-11.

«Қауырт желі» — «114»


Ат тұяғын тай басар

Күні: , 843 рет оқылды

DSC_0087


Бүгінде сексеннің сеңгіріне шығып отырған сары шалдың есімі өткен ғасырдың 60-90-жылдарында өңірімізге етене таныс болатын. Сол кездердегі кез келгеннің маңдайына бұйыра берілмейтін Ленин, Октябрь Революциясы, “Еңбек даңқы” ордендері мен жиырмаға жуық медальді ол ақ адал еңбегінің арқасында төсіне тақты.


Бөкей ордасындағы 88-түйе зауытына қарасты Әжен қыстағында дүниеге келген Жұмалының Ғазизі еңбекке бала жастан араласыпты. Қыр қазағы-шаруаның баласы болған соң, түйеге жаз — арба, қыс шана жегіп, жанға азық, малға жемшөп тасыған. Балалық шағы соғыстан кейінгі қиын-қыстау жылдармен тұспа-тұс келгендіктен, мектеп есігін ашу да оның пешенесіне жазылмаса керек.

— Заман қиын болды ғой. Бастауыш мектепте 2 ай оқуға ғана шамам жетті. 1954 жылы Фурманов аудандық әске­ри коммиссариатына шақыртты. Өзім секілді отыз шақты жігітті сауат ашу курсынан өткізіп, әскерге аттандырды. Краснояр өлкесінде үш жыл сарбаз болдым. Әскерде жүргенімде, жиен ағам біздің үй ішін Пятимардың Қара­құдығынан Талдыапанның Никонорына көшіріп әкеліпті. Міне, осы жерге тұрақтағанымызға 60 жыл болыпты, — дейді Ғазиз аға өткен күндерін еске ала отырып.

Жүріс-тұрысы ширақ шалдың жады да мықты екен, өмір өткелдерінен не­бір сырларын шертеді-ай кеп.

— Әскерден келген соң бір жылдай аға шопанның көмекшісі болдым. Анам ауылдың бір қызына көз салып қойған екен. Көп кешікпей сол қызға үйлендім. Жаз шыға бөлімше меңгерушісіне жу­ырда отау  құрғанымды, енді өз алдыма отар алғым келетіндігін айтқанмын. Тас соғып,  қашар тұрғызуға көмектес, сонан соң көре жатармыз деді. Төрт жігіт бас-аяғы 18 күнде тас соғып, мал қорасын тұрғыздық. Көп ұзамай, 1200 бас тоқтыны жеке бағымыма алдым. Сол күннен бастап, аға шопан атансам керек, — деп күлімдеп қояды Ғазекең.

1960 жылдың көктемі. «Талдыапан» совхозының аға шопаны Ғазиз Жұма­лиев бағымындағы 600 бас тұсақтың әр жүзінен 112-ден қозы алып, «айды аспанға бір шығарды». Тұсақ малдан мұндай көрсеткішке қол жеткізу сол кезеңде өте сирек кездесетін. Дәл сол тышқан жылынан бастап Ғазиз шопан­ның бағы жанғандай. 1960-65 жылдар аралығындағы бесжылдықта ол әр жүз саулықтан 138 қозы алып, тағы бір ре­кордтық нәтиже жасаған. Социалистік Еңбек Ері, жұлдыздық аға шопан Са­ғындық Ерешовпен социалистік жа­рыс­қа түскені, еңбек озаты ретінде Алма­тыдан орден тағып, қалы кілеммен оралғаны да сол кездер болатұғын.

Оның кейінгі жылдардағы еңбегі де жемісті болып, зейнеткерлікке шық­қан­ға дейін сол биік белестерді ба­ғынды­ра білді.

Өзі айтқандай, «анасы көз салған қыз», Сағын жеңгей екеуі өмірге 5 ұл, 5 қыз әкеліп өсірген. Бүгінде ұл-қыз­дарының бәрі де бір-бір шаңырақ. Не­-мере-шөберелері де өсіп-жетілуде. Әт­тең, орталарында Сағын әжелері ғана жетіспейді. Ақсақалдың зайыбы 2005 жы­лы дүние салыпты.

«Ат тұяғын тай басар» дегендейін, Ғазиз ағаның еңбек жолын бүгінде ұл­дары жалғастырған. Ғабды, Орал, Ахмет есімді ағайынды үш жігіт «Еламан» шаруа қожалығының шаруасын шал­қытып отырған жайы бар. Олар да сол баяғы әкесінің қара орны – Тамон қыс­тағында. Бағымдарында 800 қой, 130 ірі қара, 110 жылқы бар. Мемлекеттік бағдар­ламалардың арқасында мал тұқымын асылдандыруға ден қойған. Ауыл-айма­ғындағы аз қамтылған отбасылар мен мұқтаж жандарға, тіпті мәдени-көпші­лік шараларға да ұдайы қолұшын со­зып, демеушілік көрсетуде. Міне, әке көрген деген осындай болса керек.

Қарапайым еңбегімен ел құрметіне бөленген сексеннің сеңгіріндегі Ғазиз ақсақал ұрпағымен бақытты.

Сәндібек  ЖОМАРТҰЛЫ,

Талдыапан  ауылдық  округі,

Қазталов  ауданы


“Қауіпті” дәптерлер

Күні: , 1 178 рет оқылды

WP_20150805_004


Оқу жылы  жақындап келеді. Қаламыздың  сауда орындарында оқу құралдарының сан  алуан түрі саттыққа шықты. Қайсысын алам дейсіз, таңдау еркіңізде. Бірақ  дәптерден төнетін қауіптің бар екенін  бұрын естімеген шығарсыз. Балаңызға қандай дәптер ұнайтынын білесіз бе?


Қазіргі қазақ баласы мектепке әдемі күнделіктер мен дәптерлер емес, сырты әлем-жәлем  нәрсе ұстап барады. Сәнге айналған оқу құрал­дарының мұқабасындағы  жартылай жалаңаш шетелдік  жұлдыз­дар, адам қаңқасы мен бас сүй­ек­тері, хеллоуиннің сұлбасы, вампирлер, біркөзді қуыршақтар, құ­быжықтар, қаталдыққа үйір ететін мультфильм кейіпкерлері  оқушы психикасының бұзылуына әкеп соғатынын көпшілік біле бермей­ді. Оқушылардың назарын өздері­не аудару мақсатында кеңсе тауа­рын өндірушілер жылдан-жылға қауіпті іске бет бұрып барады. Ертеректе дәптер сырты қайырым­ды қонжықтар, әдемі қуыршақтар, гүлдермен көркемделсе, қазір автомат пен пистолет ұстаған қантөгуші “батырлар” басты орында тұр. Өйткені қалтаның қамы жоғары тұрған кезде, баланың бо­лашағы алаңдатпайтыны айдан анық.

Әлем елдерінің психологтары заманауи дәптерлердің денсау­лыққа зиянын айтып, дабыл қа­ғуда. Мамандар дәптердiң тек оқу құ­ралы ғана емес, тәрбие көзi екенiн айтады. Қарапайым дәп­тердің оқу­шыға кері әсері  жөнінде  қала­мыз­дағы №45 ЖББОМ психологы Ай­нагүл Хабиева былай дейді:

— Қауіпті суреттері бар дәп­тер­лерді күнде қолдану оқушының ойын, қиялын басқа жаққа бұрып, оның есте сақтау қабілетін төмен­детуге, сабақ үлгерімінің нашарларуына, ақыл-ойдың жетілмеуі­­не бірден-бір себепші. Тіпті суи­цидке де итермелеуі мүмкін.  Ал мұқабадағы ашық-шашық киінген қыздардың бейнесі, бет-әлпетін­дегі макияждар жоғары сынып оқу­шыларының жыныстық сезім­дерінің ерте жетіліп,  ерте есеюіне итермелейді.  Дәптер сыртындағы суреттерге қарап, қоршаған ор­таға мән бермей, оқушылардың өз-өздерімен сөйлесуі белең алып барады. Соңғы кездері мектеп оқушыларының жиі депрессияға, агрессияға, ашушаңдыққа, төзім­сіздікке бой алдыруына осындай көзге көрінбейтін “психология­лық шабуылдар” әсер етіп жатыр. Бұған ең алдымен мектеп емес, ата-ана жауапты.

Ғалымдардың зерттеуi бойынша, дәптер сыртындағы адамның, аңның, көлiктiң, ғимараттың суретi көз жанарына керi әсер етедi екен. Керiсiнше, табиғаттың көрiнiсi бол­са, назарын аударған жан ер­кiн демалып, көзi сергиді. Әдемі әрі ашық түсті дәптерлер көңіл күйді жақсы көтеріп, баланың сабаққа ынтасын оятады.  Бірақ  әлгіндей тауарларға сұраныс жоғары кезде, мұндай дәптерлерді сіздің балаңыздың таңдай қоюы екіталай.

Қаламыздың бірнеше жерінде мектеп оқушыларына арналған жәрмеңке өтуде. Орталық базар аумағындағы жәрмеңкеден Айнұр Диярова есімді сатушы қыздан мән-жәйді сұрағанымызда: — Біз­дегі тауардың барлығы Алматы­дан әкелінген, Қытайдың өнімдері. Бағасы жағынан барлық ата-ана­ларға қолжетімді әрі арзан. Оқу­шылар суреті көп, бояуы қанық дәптерлерді көп таңдайды. Өкі­нішке орай, еліміздің Көк туы, Елтаңба, Астананың көрікті жер­лері, Бәйтерек бейнеленген дәп­терлер өтпей, сөреде көп тұрып қалады. Сол себепті тұтынушы­лар­дың сұранысын қанағаттандыру үшін Қытай тауарларын көбірек әкелуге тырысамыз, — дейді.

Бұл сөзді Оралдағы ірі сауда орындарының бірі “Дина” гипер­маркетінің маркетологы да мақұл­дады.

— Кеңсе тауарларының 90 пайызы Ресейден әкелініп жатыр. Ги­пермаркетте оқушылар үшін  “Sil­verhov” компаниясы демеушілік көрсетіп, тамыз айының соңына дейін барлық кеңсе тауарларына 25 пайыздық жеңілдіктер жүруде. “Қауіпті” дәптерлер сатылымда мүлде жоқ деп айта алмаймын. Алайда арнайы заң бойынша шектеу қойылмағандықтан, мұндай өнімдерді сату біздің имиджімізге ешқандай нұқсан келтірмейді. Егер көпшіліктен ұсыныстар түсіп жатса, ұлттық нақышта бейнеленген тауарларды көбірек  алуға тырысамыз, — дейді маркетолог Николай Королев.

Неге шектеу қойылмайды?

Дүкен аралап жүріп, анасына өзі қалайтын нәрселерді алғызып жатқан кішкене “жігітке” көзім түсті. Өзін  Жамиғолла Нұрханмын деп таныстырған оның  пысық екенін байқап, сөзге тарттым.

— Мен ауылдан қалаға қыдырып келдім. Енді бірінші сыныпқа барамын. Анам маған дүкеннен  сөмке мен оқу құралдарын әперемін деді. Маған мультфильмнің кейіпкерлері бейнеленген оқу құралдары ұнайды. Соның ішінде “МакКуин”, “Человек паук”, “Шрек”, “Ку Фу панда”, “Охотники на монстровтың” суреттері бар дәптерлерді алғым келеді. Суреті жоқ дәптер алғым келмейді, ол қызық емес — деген жауабының өзі  мені ойлантып тастады.

Расында, қазақы менталитетке жат, оқушы этикасы мен тәрбиесіне сай келмейтін дүние бізге сырттан кіріп, санамызды білдірмей улап  жатыр. Олардың қатарында Ресей мен Қытай өнімдері  көш бастап тұр. Бішкектен шыққан дәптер-күнделіктер де қалысар емес.  Осы орайда  баланың болашағын құртатын “қауіпті” дәптерлерді мектепте ұстауға неге тыйым салмайды деген  сауал туындайды. Орал қалалық білім беру бөлімі­нен төмендегідей жауап алдық:

— Орал қалалық білім беру бө­лімінде осы уақытқа дейін бірде-бір ата-ана, не мұғалім тарапынан  осы тақырыпқа байланысты мәселе туындаған емес. Зайырлы қоғамда өмір сүргендіктен, әр адам өзіндік таңдау  құқығына ие.  Егер шектен шыққан әрекеттер орын алса, білім беру бөлімі өз тарапынан ескертулер жасап, істің мән-жайын анықтауға қашан да әзір, — деді мектепке дейінгі қосымша білім беру және тәрбие жұмысының сектор меңгерушісі Мәншүк Қараева.

Өзге елдің дәптері қандай?

Материал дайындау барысын­да өзге елдердің дәптерлері қан­дай екенін білмекке ғаламтордан іздеп көрген едік.

Америкада орта мектепте дәптер деген түсiнiк атымен жоқ. Әр сабақтың электронды  жұмыс дәптерi (Workbook) бөлек болады, үйге берiлетiн тапсырмалар сол уоркбукта орындалады. Жоғары сыныптың оқушылары шығарма жазу үшiн ғана дәптер пайдаланады. Оларда негiзгi оқулыққа қосымша есебiнде тестке дайындалатын жеке кiтап — тестбуктар болады. Уоркбуктар сыртында мультфильм, ертегi кейiпкерлерi аса жарқын кейiпте бейнеленген. Алба-жұлба киiнген әншiлердiң, қатал фильмдерде қару кезенген қорқынышты кейiпкерлердiң суретi мүлдем жоқ. Ал Украинада сырттан дәптерлер әкелінбейді. Тек Харьков пен Львов қалала­рынан шығатын дәптерлер ғана сатылады. Төменгi сынып дәптер­лерiнiң сыртында табиғат көрiнiсi, жануарлар болса, 3-4-сынып оқу­шылары үшiн көбейту кестесi  бе­рiледi. Ең бастысы, бәрi де украин тiлiнде. Дәптерлердiң соңғы бе­тiнде мiндеттi түрде украин әлiп­биi болады.

Түркия  мемлекетi  — өз тарихы­на өте сергек қарайтын елдердің бірі. Оны дәптер сыртынан да байқау аса қиын емес. Ел өмiрiн­дегi iрi және әсерлi, халықтың  рухын көтеретiн оқиғаларды дәп­тер сыртына фото, шарж, штрих түрiнде бейнелеп отырады. Бір таңғалатынымыз, іргеміздегі Ресей мектептерiнде бастауыш сыныптарда суретсiз дәптерлер қолданылады. Орта және жоғар­ы сыныптардың оқушылары ұс­тайтын дәптерлерде ғана табиғат пен жануарлар көрінісі басым. Ресей оқушыларының дәптерле­рi­нен жартылай жалаңаш әйел­дер мен ер адамдардың бейнесiн мүлде көрмейсiң. Студенттерде де дәл осындай жағдай. Кеңсе тауарлары сатылатын дүкендердегi өнiмдерден ешқандай көзге ерсi көрiнетiн суреттердi таппайсың. Тек дәптер емес, жалпы кез келген кеңсе тауарында ерсi сурет бейнеленбейтін көрінеді. Тек  бізде ғана басқанiкiнiң бәрi болғаны ма?

Тығырықтан шығар жол

Соңғы кездері кеңсе тауарларын, соның ішінде дәптерлер мен күнделіктерді өз елімізде шығару жолға қойылып келеді. Солардың бірегейі – облысымыздағы “Жайық Пресс” ЖШС. Ұрпақ тәрбиесіне үлкен жауапкершілікпен қарай­тын серіктестік  мұқабасында тарихи тұлғалар мен батырлардың суреті басылған, олардың өмір­баянынан қысқаша мазмұн берген дәптерлерді бірнеше жыл қатарынан шығарып келеді.  Бұл оқушылардың кез келген уақытта арғы-бергі тарихымызбен таныс болып жүруіне жақсы мүмкіндік. Ұлы мен қызының тағдырына алаңдайтын ата-ана,  дәптерден басталатын тәрбиені қазірден қолға алса дейміз. Бастысы, дәп­тер аламын деп, қауіпке бас тігіп жүрмесеңіз болғаны.

Ләззат  ШАҒАТАЙ,

«Орал  өңірі»


Сапалық жоғары деңгейге көтеріледі

Күні: , 838 рет оқылды

IMG_3500


Сейсен­бі күні «Қазақ­стан-Орал» телеарнасында кезекті бри­финг өтіп, онда «100 нақты қадам» Ұлт жоспары стратегия­сының басым бағыттарының бірі – кәсіби мемлекеттік аппарат қа­лып­тастыру бағытында қол­ға алынған жаңа реформалар төңірегінде мәлімет берілді. БАҚ өкілдері алдында ҚР Мемлекеттік қыз­мет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі БҚО департаменті басшысының орынбасары – Тәртіптік кеңес төрағасы Нұрлан Сүйінбаев хабарлама жасады.


Оның айтуынша, таяуда қа­былданған «100 нақты қадам» Ұлт жоспары­ның өн бойында мемлекет да­муы­ның алдағы уақыттағы нақты бағыттары айқындалған. «Кәсіби мемлекеттік аппарат құру» бөлімі­нінің 1-қадамы – мемлекеттік қыз­метке қабылдау ресімдерін жаң­ғыртуға арналып, мемлекеттік қыз­метке қабылдау төменгі лауазымдардан басталуы тиіс екені атап өтілген. Мәліметтерге жүгінсек, бү­гінде елімізде 99 мыңнан астам мемлекеттік қызметкер бар. Заман талабына сай «А» және «Б» корпустары жасақталды. Елба­сы оны одан әрі жетілдіріп, елі­міз­дің ілгері дамуының ең басты кіл­ті басқарушылық тетіктерде тұрға­­нын атап көрсетті. «100 нақты қа­дамның» 15 қадамы кәсіби мемлекеттік аппарат құруға арналған. Заманауи мемлекет құруда кәсі­би аппараттың рөлі өте зор. Сондай-ақ «Мәңгілік Ел» идеясын ел санасына қалыптастыратын да, іл­гері апаратын да мемлекеттік қызметкерлер.

Кәсіби аппарат құрудың 15 қа­дамы азаматтарды мемлекеттік қызметке алғаш қабылдау рәсі­мі­нен бастап, оларды кешенді ат­тес­таттауға дейінгі аралықты қам­тиды. Еңбек жолын институтта алған біліміне сәйкес бастап жә­не сол салада біршама еңбек ат­қа­рып,  биліктің барлық баспал­дақ­тарынан өткен мемлекеттік қыз­меткердің алғаш басынан өткен қиындықтары, тапсырмалар мен сы­нақтар, әр баспалдақ сайын кездесетін тосын сәттер ұмытыл­ма­сы, көкейінде сайрап тұрары анық. Маңызды құжаттағы «Мемлекеттік қызметке қабылдау ең тө­менгі лауазымдардан басталуы тиіс» деген қағиданың өмір­шеңдігін бүгінде көпшілік айтуда. Бұрынғы мемлекеттік қызметші ту­ралы заңдарда үш айлық сынақ мерзімі көзделген еді, ендігі қа­дамдарда 3+3 формуласы бойынша мемлекеттік қызметке алғаш қабылданушылар үшін міндетті түр­де сынақ мерзімі 3 және 6 ай­лық межелік бақылаудан өткізіл­мекші. Қызметке деген адалдық, еңбексүйгіштік, Отанға деген патриотизм – Елбасының мемлекет­тік қызметкерлер алдына үнемі қо­йып келе жатқан талабы екені мәлім. Енді осы талаптар мемле­кеттік қызметтің есігін алғаш ат­таған жас маманның бойына нақ­ты қадамдар арқылы сіңірілмек.

«100 нақты қадам» мемлекеттік аппараттың әлеуетін одан әрі дамыта түсуді көздейді. Еңбекке ын­таландыру қай салада болсын маңызды екені мәлім. Бұл орайда, мемлекеттік қызметкерлердің жалақысын қызметінің нәтижесі­не байланысты өсіру бағдарла­ма­ның 5-інші, 6-ыншы қадам­да­рын­да көрсетілген. Жұмыстың жеміс­ті болуының тағы бір кепілі – тұр­мыстық жағдайдың дұрыс болуы десек, «100 нақты қадамда» бұл жағы да ескерілген. Ендігі жерде ауыстырылатын мемлекеттік қыз­меткерлерге лауазымдық міндеттерін атқару кезінде оларға жекешелендіру құқығынсыз қызметтік пәтерлер міндетті түрде беріле­тін болады. Мұның өзі қызметкер­дің алаңсыз жұмыс істеуіне кепіл болатын жайттар.

Мемлекеттік қызметкерлер кор­пусының тиімді жұмыс істеуі олардың білім деңгейіне де бай­ланысты. «100 нақты қадам» бо­йын­ша алдағы уақытта мемлекеттік қызметкерлер тұрақты түрде әр үш жыл сайын бір рет кәсіби шеберлігін арттыратын болады. Елбасы ұсынып отырған реформада мансаптық өсу мәселесі де өз орнын тапқан. Мәселен, «Б» кор­­пусының ең жоғары лауазым­да­рына жылжыту төменгі лауа­зым­­дағы мемлекеттік қызмет­кер­лер қатарынан тек қана конкурс­тық негізде жүзеге асатын бола­ды. Мұның өзі меритократия қа­ғидатының жүзеге асуы үшін ал­ғышарт болып табылады. Ол кез­де қызметкердің жеке басының үл­гі­сі, қызметтегі жетістігі, қысқа­сы, барлық әлеуеті есепке алынатын болады. 13-інші қадамда жемқорлыққа қарсы күресті кү­шейту мәселесі көтерілген. Елба­сы ұсынып отырған бұл рефор­малардың басты мақсаты – мемлекеттік қызмет саласын уақыт та­лабына сай жетілдіріп, сапасын жақсарту, басқару жүйесінің тиім­ділігін арттыру, кадр саясатын мемлекеттік саясатқа сай жү­йелеу. Сарапшылар «100 нақты қа­дамдағы» мемлекеттік қызметке қатысты 15 қадам жүзеге асатын болса, Қазақстан әлемдегі мемле­кеттік қызмет үлгісі ең үздік 30 елдің қатарына қосылатынын айтуда.

Брифинг соңында Нұрлан Сү­йінбаев журналистердің сауалдарына жауап берді.

Роман КОПНЯЕВ, «ТДК-42» телеарнасының редакторы:

– БАҚ өкілдері көп жағдайда мемлекеттік қызмет органдары­нан сұрақтарына жауап ала алмайды. Кейде сұраққа жауап беруден негізсіз бас тартады. Жауап алу үшін бірнеше күн, тіпті айлап күтетін де кездер болады. Осы­ған байланысты сұрайтыным – сіздің департаментке осы про­бле­маға қатысты шағым-өтініш түсті ме?

– Иә, БАҚ өкілдері тарапынан ақпарат берілмеуіне байланысты бір басқармаға қатысты шағым тү­сіп, қаралды. Бірден айта кетейін, қолданыстағы заңдылыққа сәйкес, мекеме-бас­қарманың бірінші басшысы қан­дай да бір ақпаратты жеке өз басы беруге міндетті емес. Ол үшін баспасөз қызметі не­ме­се баспасөз хатшысы болады. Егер болмаған жағдайда БАҚ-қа мәлімет беруге жауап­ты маманға жауапкершілік жүк­теледі.

Тоқтар ҒАБДІРЕШҰЛЫ,

«Орал өңірі»


Алдағы міндеттер талқыға түсті

Күні: , 90 рет оқылды

IMG_3480


Облыстық әкімдіктің кіші мәжіліс залында бас­па­сөз мәслихаты өтті. Қа­­­­зақ­­­стан халқы Ассам­блея­­­­сы БҚО ассамблеясы төраға­­сының орынбасары, хат­­шылық меңге­ру­шісі Ғайса  Қапақовтың  басшы­лы­ғымен  өткен  бас­­қосуға өңір­лік  БАҚ  құрал­дарының басшылары  және  журналистер  қатысты.


Ғайса Хамидоллаұлы ең әуелі БАҚ өкілдеріне бес институционалды жаң­ғыр­­­ту аясында 100 нақты қадамды жү­зеге асыру мақсатында Елбасы Н. Назарбаевтың Жарлығымен ауқымында бес жұмыс тобы бар жаңғырту жөніндегі ұлттық комис­­сияның құрылғанын хабарлады. Оған отандық және шетелдік сарапшылар енгізілген. Комиссияға Үкімет басшысы К. Мәсімов төр-ағалық етсе, оның орынбасары –ҚР Президенті Әкімшілігінің бас­шысы Н. Нығматуллин. Комиссия­ның алдына екі басты мақсат қо­йылған. Ол – Отанымыздың 2050 жылы дамыған 30 мемлекеттің қа­тарына енуі және Қазақстанда эко­номикалық ынтымақтастық пен даму ұйымы елдерінің стандарт­тарын жүзеге асыру. Осы мақсат­тарды орындауға арналған 100 қадам – Елбасының 100 шешімі және 100 тапсырмасы.

Сонымен бірге Ғ. Қапақов аталмыш мақсаттарды өңірімізде де жүзеге асыру үшін өзгелермен қатар, БАҚ өкілдерінің атқаруы тиіс үгіт-насихат жұмысына ке­ңі­нен тоқталып өтті. Оның ішінде «Мәңгілік ел» отаншылдық іс-әре­кет жоспарын даярлау, Қазақстан халқы Ассамблеясының «Үлкен ел – Үлкен отбасы» ауқымды жоба­сын  жүзеге асыру, «Жалпыға ор­тақ Еңбек қоғамы» идеясын ілгерілету және басқасы бар. Айт­пақшы, соған байланысты «Еңбек Ері» құрметті атағын белгілеу, оны­мен таңдаулы кәсіп иелерін, еңбек әулеттерін марапаттау да көзделінген. Осы бағыттардың ая­сында өңірлік мәдени-турис­тік кластерлер құрылмақ. «Қазақ­стан­ның энциклопедиясы» сынды ға­лам­тор порталы өмірге келеді. Ұлттық ауылдар құрылып, Отаны­мыздың Ұлттық мұражайында Қазақстанның көпұлттылығы мен Қазақстан халқы Ассамблеясы­ның тарихы залы ашылуы тиіс. Қайырымдылық қызмет орталығы ретінде ҚХА қызметін жаңғырту ұйымдастырылады. «Менің елім» ұлттық жобасы қолға алынуы қа­жет. «Мәңгілік ел» ұлттық идея­сы негізінде 2015-2020 жылдар­ға арналған отбасылық қатынас­тарды, рухани-адами құндылық­тарды нығайту жөніндегі жалпы­ұлттық іс-шаралар жоспарын жаң­ғырту да ескерілген. Өзге де мә­се­­лелерді бүге-шігесіне дейін тал­дап берген Ғ. Қапақов жиын со­ңында журналистердің сұрақта­рына  жауап  берді.

Серік ІЗБАСАРҰЛЫ,

«Орал өңірі»

Суретті түсірген Темірболат ТОҚМАМБЕТОВ


Ұлттық идея ұлықтала түспек

Күні: , 830 рет оқылды

IMG_1783


Сейсенбі күні ҚР Мәдениет және спорт министрлігіне қарасты Дін істері комитеті төрағасының орынбасары Ғабит Абзалбектің қатысуымен «100 нақты қадам» Ұлт жоспарының іске асырылуын түсіндіру бойынша «Мәңгілік ел – қазақстандықтардың ұлттық идеясы» атты дөңгелек үстел өтті.


Облыстық дін істері басқар­ма­сының басшысы Талғат Нығ­ме­­­тов­тің төрағалығымен өткен бас­қо­суға меморгандар, үкіметтік емес ұйымдар, зиялы қауым өкіл­дері мен халықаралық «Бо­лашақ» бағ­дарламасының түлектері қа­тыс­ты.

Отырыста Мемлекет басшы­сы­ның 5 институционалдық реформасы аясында «100 нақты қадам» Ұлт жоспарын іске асырылу барысы талқыланып, бейбітшілік пен конфессияаралық татулықты ны­ғайту, жалпы адамзаттық құн­дылықтар жайында сөз болды.

— Алдымызда екі басты мақсат тұр: 2050 жылға дейін дамыған 30 елдің қатарына кіру және Қа­зақ­станның экономикалық ынты­­мақ­тастық және даму ұйымы стан­­дарт­та­рын жүзеге асыру. Неге 100 қадам? Себебі Елбасының 100 тапсырмасының бәрі айқын, дә­лелді. Ол қадамдарды таратып айт­сақ: 15 қадам мемлекеттік ап­па­­рат­тың кәсібилігін арттыруға ба­ғытталған, 19 қадам сот жүйесі мен құқық қорғау органдары жұмы­сын жаңғырту, 50 қадам жаңа жоға­ры технологиялық экономикалық өсу және адами капиталды дамы­ту, қазақстандықтардың өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған шешімдер, 6 қадам қоғам бірлігін, «Мәңгілік ел» құндылықтар жүйесін дамытуды көздейтін сал­мақты шаралар, 10 қадам «Ашық Үкімет» жұмысы тетіктерін же­­тіл­­діру, қоғамдық бақылауды кү­шей­ту, — деді ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің Дін істері ко­ми­теті төрағасының орынбаса­ры Ғабит Абзалбек. Сондай-ақ Ға­бит Мұхамеджанұлы бес инсти­туционалдық реформаның төртін­ші бағыты біртектілік пен бірлік жөніндегі жұмыс тобының атқар­ған істерімен таныстырды.

— Еліміздің 14 облысында 87 қала, 176 аудан бар. Әрқайсысында өз гербі мен туы бар. Кейбірінде тіпті кеңестік, архаикалық белгілер де жүр. Мұның бәрі ретке келтіріледі. Шетелдердегі қазақ диаспорасымен жұмыс жанданбақ. Тарихи кинофильмдер, телесериалдар мен бағдарламалар түсіру жоспары жасақталуда. ЭКСПО аясында шетелдерге қазақ мәдениеті көрмесі, алдыңғы қатарлы музейлеріміздің көрмесін кеңейту арнайы жобасы жасалуда, — деді Ғабит Абзалбек.

Жиында Орал қалалық білім беру бөлімінің басшысы Жансұлу Төремұратова, облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасы­ның басшысы Азамат Айтуев, БҚО бойынша «Болашақ» корпоративтік қорының директоры Салтанат Тұманбаева баяндама жасады.

Өз тілшіміз


БҚО, Орал қаласы, Мұхит көшесі, 57/1
zhaik_presscenter@mail.ru
oral_oniri@inbox.ru
support@oraloniri.kz

Орал өңірі" газетінің бас редакторы: 51-25-80
Бас редактордың орынбасарлары: 24-17-08, 54-18-08
Жауапты хатшы: 54-38-22
Тілшілер: 50-66-88, 51-50-34
Жарнама бөлімі: 51-51-09
Яндекс.Метрика