Мұрағат: 04.08.2015


Тәртіпке бағынбаған тұтылады

Күні: , 872 рет оқылды

DSC_0253


ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Батыс Қазақстан облысы бойынша департаментінің басшысы Әділхан Әшірбаев БАҚ өкілдерінің қатысуымен өткен брифингте «100 нақты қадам» Ұлт жоспарына кеңінен тоқталды. Мемлекеттік қызмет мансаптық жоғарылату моделіне көшпек. Балдық шкала бойынша барлық лауазымда сапалы қызмет атқару біліктілігі ескеріледі, еңбекақы, үстемеақы төленеді.


Брифингт департаментке қарасты мемлекеттік қызмет және сыбайлас жемқорлық профилактикасы бас­қармасының басшысы Аманқос Жұбаныш, тәртіптік-әкімшілік тә­жірибе және мемлекеттік қызмет көрсету бөлімінің басшысы Жақ­сат Мұратов, сотқа дейінгі тергеу басқармасының басшысы Серік Мұстафин жыл басынан бері атқа­рыл­ған іс-шараларды баяндады.

Берілген мәліметтерге сүйен­сек, облысымызда 4167 мемлекеттік қызметкер еңбек етуде. Бірін­ші жартыжылдықта 10 мемлекет­тік органдағы 36 мемлекеттік қызмет көрсету іс жүзінде стандарттар мен регламенттерге сәйкес кел­мей­ті­ні белгілі болды. Тәртіптік кеңес­тің 11 отырысы өткізіліп, он­да 65 тәртіптік іс қаралды. Кеңес­тің ұсынысы бойынша 31 тәртіптік жаза қолданылды, 25 тұлға тәртіп­тік жауапкершілікке тартылды. ҚР «Бақылау және қадағалау» заң­ына сәйкес 7 жоспарлы, 16 жоспарсыз, 9 тексеру жұмысы жүргізілді. Нәтижесінде 95-тен астам заңбұ­зу­шылық анықталып, 20 мемле­кеттік қызметкерге тәртіптік жаза қолданылды. Департамент өндірі­сінде 198 қылмыстық іс аяқталып, 42-сі сотқа жолданған. Материалды залалдың анықталған мөлшері – 4125,4 мың теңге. Құны 88 723,0 мың теңге мүлікке тыйым салынды. Мемлекеттік сатып алуда лауазымды тұлғаларға қатысты 8 қылмыс ашылған. Алты ай ішінде жасалған әртүрлі қылмыс өтеуі үшін 7 тұлғадан 99 млн. теңге кө­лемінде айыппұл өндірілмек. Мемлекеттік шенеуніктерге қатысты 5 қылмыстық іс қозғалған, үш тұлға­ға соттың айыптау үкімі бар.

Нұртай АЛТАЙҰЛЫ


572 миллион теңгеге жалған есеп берген

Күні: , 870 рет оқылды


Жақында мемлекеттік кірістер департаментінің қызметкерлері дөңгелек үстел ұйымдастырып, онда салық заңнамасына енгізілген өзгерістер мен түрлі түйткілді мәселелерді талқылады.


Басқосуға облыстық кә­сіпкерлер палатасы мен үкіметтік емес ұйымдар­дың өкілдері және жергілікті кә­сіпкерлер қатысты.

Жиынды жүргізген облыстық мемлекеттік кірістер департаменті басшысының орынбасары Бауыржан Қайдаров салық заңнамасына өзгерістер мен толықтырулар енгізілгенін айтып, осы жаңғыртыл­ған заңнаманың кәсіпкерлер қыз­метіне ықпалын талқылау үшін аталмыш басқосуды арнайы ұйым­дас­тырып отырғандарын жеткізді.

— Біздің басты міндетіміз – мемлекет бюджетін толтыру, сондық­тан біз салық заңнамасы аясында жұ­мыс істеп, бюджет қаражатын кө­бейтуге тырысамыз. Қазіргі таң­да аудиторлық тексерулер мем­лекет бюджетін толықтырудың бір­ден-бір көзі болып отыр. Бұл ретте біз барлық талапты орындайтын тәртіпті кәсіпкерлерді тек­сермейміз, тек оларға салық төлемі бойынша ақыл-кеңес берумен шектелеміз. Бизнесте салық заңнамасына бағынғысы келмейтін адамдар да жетіп-артылады. Олар салықты азғантай мөлшерде төлеу үшін жеке кәсібінен түскен табысты, сондай-ақ жалдамалы жұмысшыларға төлейтін жалақы көлемін жасырады. Бұл – екі жаққа да тиімсіз, өйткені бұл жағдай, біріншіден, салықтың аз жиналуына әкеп соқтырады. Соның кесірінен мемлекет қоржынына құйылатын қаражат көлемі азаяды. Екіншіден, жұмысшылардың зейнетақысын белгілер кезде оған тағайындалатын зейнетақы мөл­шерін азайтады және банк­т­ерден несие алғысы келген жұмысшыларға кедергі келтіреді. Осы жағдайдың алдын алу мақса­тында облыстық мемлекеттік кі­рістер департаменті кіріс жинау бойынша ағымдағы жылға арнаған іс-шаралар жоспарын бекітті. Бұл құжатта көлеңкелі табыс айналымының алдын алуға және бюджет түсімін молайтуға бағытталған салық және кедендік әкімшілік бойынша кешенді іс-шаралар жоспарланған. Департамент қызметкерлері бүгінде осы іс-жоспарды басшылыққа алып жұмыстануда, — деген Бауыржан Наурызғалиұлының сөзін одан әрі жалғастырған аудит бөлімінің жетекшісі Олег Никитин рейдтік, тематикалық және хронометражды тексеру жұмыстарын жүргізу тәртібін түсіндірді.

Оның сөзінше, жыл басынан бері 47 бизнес нысанына хронометражды тексеру жүргізілген. Тексеру нәтижесінде 25 салық тө­леушінің тауар сату және қызмет көрсету бойынша 572 миллион теңгеге жалған есеп бергені анықталған. Сондай-ақ жыл басынан бері 27 салық төлеушіге тақырыптық тексеру жүргізіліп, нәтижесінде 15 кәсіпкерге ескер­ту жасалып, 2 адамға 99,0 мың тең­ге көлемінде айыппұл салынған. Және 9 салық төлеушінің ісі сотқа жолданған. Қазіргі таңда 13 биз­нес нысанына осындай тексерулер жүргізілуде. Мұндай тексерулер жыл аяғына дейін созылмақ.

Бұдан кейін сөйлеген мемлекеттік қызмет көрсету басқарма­сының басшысы Ербол Найзабеков мүлікті жария ету үдерісінің 9 айлық қорытындысы мен касса­лық бақылау машинасын орналастыру ісі жөнінде баяндаса, осы мекеменің бөлім басшысы Диас Еркінәлиев алкогольдық және этильді спирт өнімдерін өндіру және олардың айналымын реттеу туралы заңға енгізілген өзгеріс­тер жөнінде әңгімеледі. Ол сондай-ақ салық заңнамасы бұзылған жағдайда қолданылатын әкімші­лік шаралар жөнінде де айтты. Оның сөзінше, алкоголь өнімде­рін сатумен айналысатын сауда нүктелері жыл сайын 20 қаңтарға дейін лицензиялық алым тапсыруы тиіс. Жинақ мөлшері сауда ны­сандарының әкімшілік аумақ­тық қызметіне байланысты әр түрлі. Мысалы, лицензиялық алым үшін Орал қаласындағы сауда нүкте­лері 100 АЕК, Ақсай мен Заша­ған, Дер­көл және Круглоозерный кент­­терінде 70 АЕК, ал ауылдық ок­ругтерде 30 АЕК мөлшерінде төлем төлейді. Аталмыш жинақ тө­­лемін уақытында төлемегендер лицензиялық жұмысын 6 айға дейін тоқтатып, 150-700 АЕК мөлше­рін­де айыппұл төлейді. Құрамында спирт мөлшері 30 пайыздан жо­ғары алкоголь өнімдерін (арақ, коньяк, ром, виски) кешкі 21.00. са­ғаттан ертеңгі сағат 12.00-ге дейін сатуға болмайды. Ал құрамында спирт мөлшері 30 пайыздан төмен сыра, шарап, шампан секілді ал­коголь өнімдерін түнгі 23.00 са­ғаттан ертеңгі сағат 8.00-ге дейін сатуға рұқсат жоқ. Бұған қоса жа­сы 21-ге толмаған жастарға арақ-шарап сатуға болмайды. Бұл талапты орындамағандарға әкімшілік ша­­ра қолданылады, ондайлар ли­­­цензиясынан айырылып қалуы мүм­кін. Ол сондай-ақ алкоголь өнімдерін сататын нысандардың балалар тәрбиеленетін орындардан 100 метр қашықтықта орналасуы тиіс деген талаптың алынып тасталғанын да хабарлады. Әріптестерінің сөзін жалғастырған камералдық қадағалау басқарма­сының жетекшісі Эльнара Өтебае­ва мемлекеттік сату және сатып алу үдерісіне қатысқан кәсіпкер­лер арасында салық төлемін дұ­­рыс төлемейтіндердің де бар екенін жеткізді. Оның сөзінше, өт­кен жылы мемлекеттік сатып алу аясында бюджет қаражатын пай­даланған 270 салық төлеушінің 72-сі төменгі салық жүктемесін көрсеткен және 17 мекеме кү­мән­ді келісімшарттар жасаған. Сон­дай-ақ 78 салық төлеуші өз есептерінде табыс көлемін мемлекеттік сатып алу қаражатынан әлдеқайда аз көрсеткен. Сондай-ақ бірқатар салық төлеушілердің табыс және әлеуметтік салықты аз мөлшерде төлеу үшін жалдамалы жұмысшыларға төлейтін жа­лақы мөлшерін барынша аз көр­сеткені анықталды. Мұндай салық төлеушілерді департамент қыз­мет­керлері есепке алып, үнемі назарда ұстайтын болады.

Жиын барысында ҮЕҰ өкілдері мен кәсіпкерлер өздерін толған­дырып жүрген түрлі мәселелер жөнінде мемлекеттік кірістер де­пар­таментінің қызметкерлеріне сұрақтар қойып, оған тиісті жауаптарын алды.

Айша ӨТЕБӘЛІ,

«Орал өңірі»


Ұлт жоспарының негізгі бағыты – заң үстемдігі

Күні: , 872 рет оқылды

Улт DSC_0464


ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаевтың “Бес институционалды реформаларды іске асыру бойынша 100 қадам” Ұлт жоспарын түсіндіру мақсатында облыстық деңгейде құрылған ақпараттық топ мүшелерімен Зеленов ауданында кездесу өтті.


Аудан халқымен жүздесіп, маңызды реформаның ерекше бағытын талқы­лай келген топ мүшелеріне қош келдің айтқан аудан әкімі Кәрім Жақыпов сөз тізгінін ақпараттық топ жетекшісі, облыс әкімінің бі­рінші орынбасары Арман Өтеғұ­ловқа жолдады.

БҚО сотының судьялары Нияз­бек Ділдабеков пен Қабиболла Аманқұлов, БҚО әділет департаменті басшысының орынбасары Светлана Батырханова, БҚО ішкі істер департаменті басшысының бірінші орынбасары Сағат Мә­диев, сонымен қатар Ақжайық, Тасқала, Теректі аудандарының сот төрағалары, судьялар, прокуратура, ішкі істер бөлімі өкілдері мен аудандық мәслихат депутаттары, округ әкімдері қатысқан басқосуда Ұлт жоспарының ІІ ре­формалық бағыты — заңның үстем­дігін қамтамасыз етуде құқық қор­ғаудың түрлі салалары бойынша 19 қадамды іске асыру жөнін­дегі негізгі шаралар сөз болды.

Кездесудің мақсатымен таныс­тырған Арман Кәрімұлы Ұлт жос­парының нәтижелі әрі жүйелі іске асырылуы елдің келесі даму бағытын айқындаушы меже екендігін айта келіп, ақпараттық топ мүшелерінің жұмыс жоспарында реформаның әр бағытына орай мақсатты аудиториясы белгіленгенін атап өтті.

– Жоспарланған реформалар қоғамның барлық тобы белсенді қолдаған және оған жоғары деңгейде қатысқан жағдайда ғана тиімді жүзеге аспақ. Жоспарды іске асыруда еліміздің жүздеген заңнамаларына өзгертулер мен толықтырулар енгізілетін болады. Өйткені қолданыстағы заңы­мызды заманауи талаптарға сай жаңғыртпай дамудың жаңа сатысына қадам жасаудың қисынсыз екендігін уақыт көрсетіп отыр. 2015 жылы еліміз мемлекеттік құрылысын одан әрі дамыту жолында ұлттық жетістікке жетуге қайталанбас тарихи мүмкіндікке ие болып отыр. Ол мүмкіндігіміз Ұлт көшбасшысын оның игі бастамаларын қолдауымызға негіз­дел­мек, — дей келе сөзді БҚО со­тының судьясы Ниязбек Ділдабековке ұсынды.

Ниязбек Жұмаділұлы ел аза­маттарының сот төрелігіне қолже­тімділігін жеңілдету мақсатын­да бес сатылы жүйеден үш сатылы сот жүйесіне көшу жайын сөз етіп, судья лауазымына кандидат­тарды іріктеу тетіктері мен тағы­лымдамадан, бір жылдық сы­нақ мерзімінен өту, саладағы жұмыс өтілінің ескерілуі сияқты өзге­ріс­тер енгізу жайына тоқталды.

БҚО сотының судьясы Қабибо­ла Аманқұлов мырза барлық сот процесіне бейне және тас­па­ға жа­зу шаралары енгізіл­ген­­дігін алға тартып, судья­­ларға қан­дай да жазбаны тоқтатуға немесе редакциялау­ға мүмкіндік бе­ріл­мей­тінін айтты. Сондай-ақ жеке меншік сот орын­даушы­лар институтын дамыта оты­рып, сот орындаушының мемлекеттік қыз­метінің уақыт өте қыс­қаратын­дығын жұртшылықтың қа­періне салды.

Заңның үстемдігін қамтамасыз етуде құқық қорғаудың түрлі салалары бойынша 19 қадамды іс­ке асыру жөніндегі негізгі шара­ларға тоқталған өзге сөз сөйлеу­ші топ мүшелері Ұлт жоспары­ның ІІ бағытында көзделген маңызды қадамдарға кеңінен тоқталып, ат­қарылу тетіктеріне түсінік берді.

– Ел азаматтарының қоғамдық белсенділігі үдемелі индустрия­лық-инновациялық даму үдерісі мен «Нұрлы жол» экономикалық саясатының іске асырылуынан көрінуде – деген Переметный ауылы қоғамдық келісім кеңесінің төрағасы Николай Анцепрович бірлігі бекем елдің бірегей жоспарды табысты жүзеге асыра алатынына бек сенімді екенін білді­ріп, меймандарға аудан халқының алғысын жеткізді.

Нұржан ДҮЗБАТЫР,

Зеленов ауданы


Жеке үй құрылысы қарқын алды

Күні: , 1 038 рет оқылды

DSC_003569


Соңғы жылдары аудан орталығында жеке үй құры­лы­сын салу жұмыстары жандануда.  Аудандық сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөлімінің басшысы Бауыржан Молдашевтың бізге берген мәліметіне сүйенсек, өткен жылы жалпы алаңы 3004 шаршы метр 22 тұрғын үйдің құрылысы салынып, пайдалануға берілсе, биылғы 6 айдың ішінде 1546 шаршы метр 19 үйдің құрылысы аяқталған. Мұның сыртында әзірге қаржы және материалдық жағдайына байланысты құрылысы аяқталмаған тұрғын үйлер көптеп кездеседі. Осы екпін бәсеңдемесе, үстіміздегі жылдың соңына дейін әлі де біраз жеке тұрғын үйдің құрылысы салынып, тұрғындар жаңа қонысқа кіретіні анық.


– Жәнібек ауылының солтүс­тік беткейінен нақты жайғастыру жоспары негізінде 157 жеке тұр­ғын үй құрылысына арналған жер телімдеріне инженер­лік ком­му­­никациялық инфрақұры­лымда­ры­ның, яғни газ, су, электр желіле­рінің құрылысы жүргізілді, – деді бізбен әңгімесінде аталмыш бө­лімнің басшысы Б. Молдашев, – Нә­тижесінде газбен және электр же­лілерімен жабдықтау жұмыс­та­ры толығымен аяқталды. Сонымен қа­тар су құбырымен жабдықтау жұ­мыстары да тәмамдала келді. Қа­зіргі уақытта жеке тұрғын үйдің құрылысына жер телімдері ке­зек­­те тұрған азаматтарға жоғары­да аталған арнаулы алаңдардан бөлініп берілуде. Қазақстан Рес­пуб­ликасының 1994 жылғы 3 қара­шадағы «Жеке тұрғын үй құры­лы­сы туралы» Заңына сәйкес же­ке-жеке тұрғын үй құрылысы жо­ба бойынша жүзеге асырылады және тұрғын үйлер мен шаруа­шы­лық құрылыстарын өз бетімен сала бастаған немесе оны салған адам Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауапты бола­тындығын құрылысшылардың назарына саламыз.

Бөлім басшысының айтқанын­дай, белгіленген заңдарға сай ау­дан орталығында жеке тұрғын үйқұрылысын жүргізіп жатқан тұр­ғындар қатары баршылық. Қазір Жәнібек ауылының қай көшесіне көз тіксең де, жеке тұрғын үй са­лып алған, салып жатырған тұр­ғындарды көресің. Сырттай көріп жүрген өз алдына, осы мекенжайларды салушылардың жұмыс қарқынымен таныспақ ниетпен бір­­қатар құрылыс нысандарын аралап шықтық. Алдымен Ғ. Қараш атындағы көшедегі бой түзеп қал­ған тұрғын үйдің жанына ат басын тіредік. Бұл осы көшенің тұрғыны Бауыржан Мақсотовтың жаңадан салып жатқан мекенжайы болып шықты. Ол өзі тұратын үйдің қа­сындағы ескі тамын бұзып, жа­ңасын салуды бастағанына бір-екі айдың жүзі болыпты. Аула ішіндегі  екі бөлмелі үйде үй иелері әзірше тұрып жатыр. Ертең жаңа үйдің құрылысы біткен соң олар осы мекенжайға қоныс аудармақ. – Жаңа үйімізді қамыстан салып жатырмыз. Үйді салуға үш адам­ды жалдадық. Оларға ай сайын40 мың теңге жалақы төлеп тұра­мыз. Құрылыс материалдарын көр­­шілес Палласовка қаласынан тапсырыспен алып тұрмыз. Атал­ған қаладағы Сергей Жуков деген кәсіпкерге тапсырыс бергенбіз, ол екі күннің ішінде тақтай, цемент т.б. материалдарды  «КамАЗ»автомашинасымен  әкеліп тастады. Соның барлығы 142 мың рубльге түсті. Жетіспей жатса, әлгі кә­сікерге телефон арқылы хабарла­самыз, өзі жеткізіп тастайды. Қа­зір, шүкір, құрылыс материалдары жеткілікті. Осы аптаның аяғы­на қарай үйдің төбесін жабады. Жаңа қонысқа қазан айында кі­руді жоспарлап отырмыз, – дейді үй иесі өз сөзінде.

Ендігі кезекте Ш. Шарафеддинов атындағы көшеге бет бұрдық. Аудан орталығындағы Т. Жароков атындағы мектепте оқушыларға дене тәрбиесінен дәріс беретін Нұр­лан Сариев жазғы еңбек дема­лысын пайдаланып, өзінің отбасына жеке үй құрылысын жүргі­зуде екен. Үйдің қабырғасын қа­мыс­тан қалап тастапты. Құрылыс­ты бастағанына бір айдың жүзі болыпты. – Әке-шешеммен бірге тұрамыз, – дейді Нұрлан бізбен әң­гімесінде. — Бір ұл, бір қызым бар. Ұлым ержетіп келеді. Осы үйді са­лу үшін өткен жылы  жер сатып алдым. Болашақта мұнда ұлым тұ­рады деп жоспарлап отырмыз. Үйді сыныптас досым  Нұрлыбай Қайдаров екеуміз салып жатырмыз. Қыста Палласовка қаласына барып, құрылыс материалдарын алдым, бәрі 400-500 мың тең­геге түсті. Әр данасы 700 теңге тұ­ра­тын 50 дана қамыс сатып алдым. Қа­мыстың үстінен кереге ша­бақ(дранка)  қағуға Нұрлыбай көмек­тесті. Бұйырса, бір аптадан соң тө­бесін жабамын. Бір-екі айдан ке­­йін Палласовка қаласынан тапсырысым бойынша есік пен терезе­ні жеткізеді. Биыл үйдің сыртын бі­тіріп, сылап, келесі жылға әзір­леп қоямын. Алдағы жылы жаңа қо­ныстың  құрылысын  аяқтаймыз.

Аудан орталығындағы Ш. Мә­житов атындағы көшеде екі қабат­ты еңселі үйдің салынып жатыр­ғанын екі жылдан бері көзіміз шалатын. Сол үйдің құрылысы биыл аяқталатын көрінеді. Мұны осы ме­кенжайдың иесі, кәсіпкер Ерлан Атаевтан білдік. Бұрнағы жылдың күзінде ауылдың жігіттері іргесін қалаған үйдің құрылысын биыл Өз­бекстанның Хорезм қаласынан келген құрылысшылар біржолата бітірмек.

Аудан орталығының солтүстік бағытынан нақты жайғастыру жос­­парына сай жасақталған тұста  155 адам үй салу мақсатында жер телімінің кезегінде тұр. – Соның ішінде күні бүгін 10 адамға жер телімі беріле бастады, – дейді ау­дандық жер қатынастары және ауыл шаруашылығы бөлімінің бас маманы Нұрболат Әбдірешев, – Осы арада айта кету керек, Қа­зақстан Республикасы Жер кодек­сіндегі өзгерістерге сәйкес, атап айтқанда, 2014 жылғы 29 желтоқ­сандағы №269-V 92-бабының бі­рінші тармағына сай жер телімі тұр­ғын үй құрылысын салу үшін заңдағы өзгеріске байланысты 3 жылға жалға беріледі.

Ауданда құрылыс саласында қыз­­мет атқаратын мамандардың айтуына қарағанда, аудан орталығынан үй салуға ынта білдіруші­лер көп. Өткенде аудан орталы­ғынан 50 шақырымдай қашық­тық­тағы Өнеге елді мекенінде тұра­тын таныс жігітті кездестіргенім­де, ол Жәнібек ауылының солтүс­тік беткейіндегі нақты жайғасты­ру жоспарына сәйкес жасақтал­ған тұстан жер алып қойғандығын, көп кешікпей жеке тұрғын үйінің құ­ры­лысын салуды бастап кететінін айтқан-ды. Қысқасын айтар бол­сақ, біз де аудан орталығындағы көшелерді аралап жүріп, жеке тұрғын үй құрылысы мына қар­қын­мен салына берсе,  тек биыл ғана емес, алдағы жылдарда да оның қатары көбейе түсетініне айқын көз жеткіздік.

Нұрымбек  ЖАПАҚОВ,

Жәнібек  ауданы


Жымпитыда жасалған

Күні: , 861 рет оқылды

IMG_0716


Жымпитылық аза­мат Бауыржан Шоқановты жергілік­ті халық жақсы құры­лысшы деп біледі. Қалаған кірпіші мен қақ­қан шегесінен шикілік шығып көрмеген шеберге жымпитылықтардың күні жиі түседі. Бауыржан Шоқанов 2014  жылы «Жұмыспен қамту — 2020» бағдарламасы арқылы мемлекеттен 2 млн. теңге несие алды. Ондағы ойы – плас­тикалық есік-терезені ауылда даярлау. Қазір бұл шаруа­мен Бауыржан ағаның ұлы Ербұлан Шоқанов пен Болат Әлжанов есімді Ербұланның жолдас жігіті айналысып жатыр.


Пластикалық есік-терезедайындалатын цех Шо­қановтар тұратын үй­діңау­ла­сында орналасқан. Мұнда өнім­ді даярлайтын негізгі үстел мен жақтауды кесетін, жабыс­ты­ратын аппараттар бар. Аппарат­тардың бәрі жаңағы несиеге алынған.

– Жергілікті халықтың әл-ау­қа­ты көтерілген сайын құрылыс та қарқындай түсуде. Сәйкесінше, плас­тикалық есік пен терезеге сұ­раныс көбейді. Орта есеппен айы­на 25-30 дана терезе даярла­на­ды. Бір терезенің бағасы (стандарт­ты терезенің өлшемі – 1, 10 м х1, 30 м) – 25 000 теңге. Бұдан бө­лек, пластиктен есік және қа­быр­ғаларды да жасаймыз. Өлшем­ді өзі­міз аламыз, тапсырыс беруші қа­жетсінсе өзіміз қондырамыз, – дейді  Ербұлан  Шоқанов.

Терезенің сыртқы жақтауы мен ішкі жақтауы екі бөлек ма­териалдан дайындалады. Сырт­қы жақтаудың беріктігі үшін темірдің кесінділері пайдаланылады. Топса мен тұтқалар да осы жерден қондырылады. Ішкі әйнекті қа­лауы­ңызға қарай екі не үш қабатты етуге, терезеге тор тұтқызуға бола­­ды. Материалдар облыс орталы­ғынан тасымалдануда.

Бауыржан ШИРМЕДИНҰЛЫ,

Сырым ауданы


Жағалаулар тазарды

Күні: , 834 рет оқылды

IMG-20150725-WA0097


Жайық өзенін және су айдындарының жағалауларын тазарту мақсатында «Таза жағалау» акциясы өткен болатын.


Шара Жайық өзені бойынша Қазақстан-Ресей экспедициясымен бірлесе өткізілді.

Акцияға біздің облыс бойын­ша 11 675 адам қатысып, 300 бірлік техника жұмылдырылды жә­не 1 178 тонна қоқыс шыға­рыл­ды.

Жайық өзенінің жағалауы Бөр­лі, Зеленов, Теректі, Ақжа­йық аудандары тұрғындарының қатысуымен тазартылды.

Акция шеңберінде Қараөзен мен Сарыөзен, Шаған, Деркөл, Елек, Утва, Барбастау, Қалдығай­ты, Өлеңті өзендері, Шалқар, Еділ­сор, Қаңбақты, Ащы, Балық­ты Сокрыл көлдері, Дөңгелек, Мұ­ратсай, Жас­қайрат, Жақсыбай су қоймала­ры, Киров-Шежін ка­налдарының жағалаулары тазаланды.

Орал қаласында Жайық өзені­нің жағалауы Чапаев атындағы затоннан бастап Коминтерн ық­шам ауданына дейінгі аймақта­ғы Батыс Қазақстан машина жа­сау компания­сы, «Батыс су арна­сы», «Оралстрой­инвест», «Жайық­жылуқуат», Некрасов көшесі­нен “Малибу” кафе­­сі­не дейін, БҚО балық инспекция­сы басқар­ма­сы ауданы және Ку­ре­ни ауданынан Хан тоғайына дейін тазаланды.

Орал қаласы бойынша акция­ға 537 адам қатысып, 11 техника жұмылдырылды және қалалық полигонға 50 тонна қо­қыс шы­ғарылды.

Қорғаныс министрлігіне қа­рас­ты әскери-техникалық мек­теп курсанттарының күшімен Хан то­ғайы қоқыстардан ғана емес, қу­раған ағаштардан да тазартылды.

Балық шаруашылығын жүргі­зуге бекітілген су айдындары және учаскелері бар табиғат пайдаланушылар да бұл шараға белсенді қатысты. 24 су айдынының жағалаулары тазартылды.

Өз тілшіміз


Құбырлар жаңғыртылуда

Күні: , 824 рет оқылды

IMG_3463


Өткен аптада  БАҚ өкілдері  жылу құбырлары мен кәріз жүйелерінің қайта жаңғыртылу барысымен танысты.


Сарайшық көшесіндегі жұ­мыстарға  «Уральсквод­строй» АҚ мердігерлік ету­де. БАҚ өкілдерін қалалық тұр­ғын үй-коммуналдық шар­уа­­шы­­лы­ғы, жолаушылар көлігі және ав­томобиль жолдары бөлімінің бас­шысы Қайрат Мұхамбетқалиев жал­пы жағ­даймен таныстырды.

– «Нұрлы жол» бағдарламасы негізінде төрт жылу жүйесі трас­сасы мен бір арынды кәріз коллекторы жөнделмек. Бұл ба­ғыт­тағы жұмыстарға 2,2 млрд. тең­ге  қаржы бөлінсе, жылу жүйесі құ­­бырларын алмастыруға  570 млн.теңге жұмсалмақ. Шілде айынан бері қызу жұмыстар басталып кет­­ті. Құ­бырларды алмастырғаннан кейін тас жолдар да күрделі жөн­деледі, – дейді ол.

Жылу құбырларын алмасты­ру жұмыстары Құрылысшы шағын­ау­данындағы тас жолда да жалға­сын табуда. Ұзындығы  1600 метр болатын жылу жүйелеріне диаметрі 530 метр қазақстандық құ­бырлар салынуда.

– Орал қаласында бес жылдан бері қызмет атқарып келеміз. Жөн­деу жұмыстары 4 айға жоспар­лануда. Жұмысқа қажетті темір бе­тон өнімдерін қаладағы «Стройкомбинат» компаниясынан, ал шо­йын құбырларды  Ақтаудан ал­дыр­дық, – деді құрылыс жұмыс­тарын жүргізіп жатырған «Тараз Сәулет» ЖШС-ның қаржы жөнін­де­гі ди­ректоры Ерлан Аткеев.

Тілшілер  сапары  «Альтаир» ЖШС жөндеп жатырған Заша­ған кентін­дегі арынды кәріз коллек­то­ры­ның екінші тармағының  құ­ры­лы­сында жалғасты. Бұл жердегі жөн­деу жұмыстары желтоқсан айын­­­да аяқталмақ.

Гүлсезім БИЯШЕВА,

«Орал өңірі»


Тоғыз жоба мақұлданды

Күні: , 831 рет оқылды

IMG_3458+6


Кеше облыс әкімдігінің үлкен залында аймақтық үйлестіру кеңесінің отырысы өтті.


Облыс әкімінің орынбасары Игорь Стексов­тың төрағалық етуіменөткен жиында жалпы сомасы 306,4 миллион теңгені құрайтын 9 жаңа жоба қаралып, мақұлдан­ды. «Бизнестің жол картасы – 2020» бизнесті қолдау мен дамы­ту­дың бірыңғай бағдарламасы шеңберінде қолдау тапқан жобалар құрылыс материалдар өн­ді­рісіне, мектепке дейінгі білім бе­руге, көлік және техникалық қыз­мет, сондай-ақ ойын-са­уық қыз­меттерін көрсетуге бағыттал­ған.

Мәселен, Ақсай қаласындағы «Наурзалиева» жеке кәсіпкерлігі көліктерді техникалық тексерістен өткізетін орталықты іске қо­сып, жаңадан 5 жұмыс орнын ашпақ. Ал Орал қаласындағы жеке кәсіпкерлік жетекшісі Сәуле Ысқақова демалыс және ойын-сауық қызметін ұйым­дастырып, жаңадан 15 жұ­­мыс орнын ашуды жоспарлаған. Қа­ла­мыз­дағы «Восход Ев­разий» ЖШС мектепке дейінгі білім беру ұйы­мынқұрып, 10 жаңа жұмысорнын ашпақ. Ақынжан Орынбеков жетекшілікететін жеке кәсіпкерлік көлік қызметіне бай­ла­нысты бұрынғы 2 жұмыс ор­нынсақтай отырып, жаңадан тағы 2жұ­мыс орнын ашпақшы. Ақсайқаласындағы «Қазтур» ЖШС құ­рылыс техникаларын жалға бе­ру арқылы бұрынғы 20 жұмысорнын сақтай отырып, жаңадан тағы 20 жұмыс ор­нын ашпақ. «Сәбира» жеке кәсіп­керлігі бол­са, пеноблок өнді­рісі арқылы жа­ңадан 3 адамды жұ­мыспен қам­тымақ. Орал қала­сын­дағы Ғаб­долла Батыровтың жеке кәсіп­керлігі туристік лагерь, де­малыс және ойын-сауық қызмет­терін көр­сету арқылы бұрынғы 4 жұмыс орнын сақтай отырып, жаңадан тағы сонша адамды жұ­мыспен қамтымақ. Сондай-ақ Ақ­сай қаласындағы «АзияТехСтрой» ЖШС темір-бетон бұйымдарын өн­діру және құрылыс-жөндеу жұ­мыста­ры арқылы 340 жұмыс орнын сақтай отырып, жаңадан 32 жұ­мыс  орнын  ашпақшы.

Нұртас НАБИОЛЛАҰЛЫ,

«Орал өңірі»

Cуреттерді түсірген Темірболат ТОҚМАМБЕТОВ


БҚО, Орал қаласы, Мұхит көшесі, 57/1
zhaik_presscenter@mail.ru
oral_oniri@inbox.ru
support@oraloniri.kz

Орал өңірі" газетінің бас редакторы: 51-25-80
Бас редактордың орынбасарлары: 24-17-08, 54-18-08
Жауапты хатшы: 54-38-22
Тілшілер: 50-66-88, 51-50-34
Жарнама бөлімі: 51-51-09
Яндекс.Метрика