Мұрағат: 01.08.2015


68 адам жарақаттанып, 11 жұмысшы опат болған

Күні: , 896 рет оқылды

oral_cmyk_12-1


Еңбек ету – жақсы өмір сүрудің алғышарты. Жұмыс көзінің тапшылығы кезінде жұрт еңбекақысын тұрақты төлейтін жер болса, қандай жұмысты да атқаруға пейілді. Бала-шағасын асырау үшін олар күндіз-түні жұмыс істеп, тіпті Қытай асып кетуге де бар.


Қытай демекші, былтыр бір топ қазақтың жігіттері көрші Ресей еліне хабарландыру арқылы жұмыс іс­­теуге барып, 2-3 айдан кейін жа­лақысыз, азып-тозып елге әрең жеткенін жақсы білемін. Айтуларына қарағанда, жұмыс беруші­лер оларды уақытша жатын орын­мен және ас-сумен ғана қамтамасыз еткен. Үш айдай солардың жұмысын ақысыз-пұлсыз істеген Оралдың бір топ жігіті олардың жалақы бермейтініне көздерін жеткізген соң, бір-біріне тиын-тебендерін қосып жолға ақша жинап, елге әрең же­тіпті. Ресейлік жұмыс берушілермен олар соттаса алмады. Өйткені оралдықтар олармен еңбек шартын жасаспаған. Жігіттердің айтуынша, олар Мәскеу маңында үш айдай жұмыс істегенде, компания басшыларын мүлде көрмеген. Со­ған қарағанда Оралдан Ресейге жұмысшы тасып жүрген делдал жігіттер тәрізді. Бұл жерде делдалдар белгілі бір компаниямен еңбек шартына отырып, жұмысты өзге елдің адамдарына алдап-сулап жасатып қоятын сияқты. Жалақыны әне береміз, міне береміз деп, түк татырмай, ең соңында елдеріне кетуге жиналған жұмысшыларға соңынан салып жіберуге уәде етіп, шығарып салыпты. Кейін хабар­ласса, ұялы телефондарының нө­мірін ауыстырып жіберіп, адастырып кеткен. Сөйтіп, былтыр ала жаздай біреудің жұмысын тегін істеген жігіттер текке кеткен уақыттарын айтып, әлі күнге дейін өкініп жүр.

Биыл да алыс-жақын шетелге жұмысқа шақырған хабарландыру көп. Мұндай хабарландырулар арқылы жұмысқа барар алдында адам жұмыс беруші компания жайында жақсылап ақпарат жинап алулары керек. Әйтпесе, жоғары­да айтылған жігіттер тәрізді кез келген адамның опық жеп қалуы мүмкін. Бұдан басқа өз еліміздегі байшыкештер де жалшы ұстауды «модаға» айналдыра бастады. Елі­міздің түкпір-түкпірінде қанша «байдың» қаншама «құл» ұстап отырғанын кім білсін, әйтеуір бү­гінде өздерінің әлсіздігінен ішер­ге ас, киерге киім таба алмай қал­ған ауылдастарын немесе тағ­дыр тәл­кегіне ұшыраған жандарды еш ақысыз-пұлсыз бір аяқ асын ғана беріп, шаруаларына жұмсап отыр­ған адамдар жөнінде жиі естиміз. Өкініштісі, бұл адамдар өз өмірлерін осыншама азапқа салған «байшыкештерді» сотқа бе­ре алмайды. Себебі олардың рес­ми дәлелі жоқ. Сөйтіп, қарнының тойғанын ғана місе тұтқан олар біреудің жұмысын өмір бақи жасап жүре береді. Бұған, әрине, олардың өздері кінәлі.

Облыстық еңбек инспекциясы бойынша басқарма басшысы Жанат Асантаевтың айтуынша, еңбек қанаушылығы орын алмау үшін әр адам жұмысқа орналасар алдында жұмыс берушімен міндетті түрде еңбек келісімшартын жасауы керек. Мұндай келісімшарт болма­ған жағдайда жұмыс берушінің көрсеткен қиянатын, әділетсіздігін дәлелдеу мүмкін емес, олармен соттасып та ештеңе өндіре алмайсыз. Дегенмен қалай болғанда да, еңбек заңдылығы бұзылған жағдайда азаматтар бұл жөнінде жедел түрде тиісті орындарға хабарлауы керек. Бұл бағыттағы жергілікті тұрғындардың сауаты жылдан-жылға артып келеді.

Жалақы бермегендер жауапқа тартылуда

Жанат Асылханұлының сөзін­ше, биыл алғашқы жартыжылдық­тың өзінде облыс бойынша тұр­ғындардан барлығы 704 арыз-ша­ғым түссе, соның 654-і жеке тұл­ғалардан, ал қалған 50-і заңды тұлғалардан келіпті. Осыған орай, 218 жоспардан тыс тексеру жүр­­гізілген. Осы тексеру­лердің нәти­жесінде 335 еңбек заңдылығын бұзушылық анықталыпты. Мұны таратып айтар болсақ, еңбек қа­тынастары бойынша 294, еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау бойынша 23 және халықты жұ­мыспен қамту бойынша 18 заңбұ­зушылық орын алған.

— Еңбек қатынастары бойынша заңбұзушылықтардың орын алуына негізінен жұмыс берушілердің жұмысшыларға жалақыны уақтылы және толық мөлшерде төлемеуі немесе еңбек шартының жасалмауы кесірінен жұмысшылардың мүлдем жалақысыз қалуы себеп­ші болуда. Кейде еңбек шартының мазмұны ҚР Еңбек кодексінің нор­маларына сәйкес келмей жатады. Сондай-ақ еңбек шарты тоқта­тыл­ған кезде пайдала­нылмаған жыл сайынғы ақылы еңбек демалысы үшін өтемақы төлемдері дұрыс жүргізілмейді. Мысалы, биылдың өзінде жалақы бойынша заңбұ­зушылықтарды жою мақсатында жұмыс берушілерге 65 ұйғарым беріліп, 46 жұмыс беруші әкімші­лік жауапқа тартылды. Оларға 4,043 млн. теңге көлемінде айыппұл салынды. Сөйтіп, 148 кәсіпорын 1850 қызметкерге барлығы 132,1 млн. теңге мөлшерінде жалақы берешегін өтеді. Бұл мекемелер­дің қатарында өңірімізге танымал «СВ+», «Жером», «ҚазАрмаПром» және «СпецСтройСервис» ЖШС секілді ірі кәсіпорындар да бар. Мысалы, «СВ+» ЖШС өзінің 313 жұмысшысына 18,5 млн. теңге, «Жером» ЖШС 52 жұмысшыға 9,5 млн. теңге, «ҚазАрмаПром» ЖШС 256 адамға 11,4 млн. теңге және «СпецСтройСервис» ЖШС 36 адам­ға 5 млн. теңге қарыз болып, бүгін­де олар жұмысшыларына берешектерін толық өтеді және атал­ған кәсіпорындардың әрқайсысы ӘҚБ кодексінің 87-бабына сәйкес жұмысшылардың жалақысын уа­қ­тылы бермегені үшін 118 мың 920 теңгеден айыппұл төледі. Сөйтіп, еңбек инспекциясының қызметкерлері еңбек заңдылы­ғын бұзған мекемелерден мемлекет пайдасына ауқымды қаражат өндіріп берді. Қазіргі таңда жала­қы берешегін өтей алмай жүрген жалғыз «СПМК-123» ЖШС қалды. Бұл мекеме 58 жұмысшысына 4,7 млн. теңге бережақ, бүгінде аталмыш серіктестікке қатысты оңалту процедурасы жүргізілуде.

Өндірістік жарақат көбеюде

— Сондай-ақ ағымдағы жылдың алғашқы жартыжылдығында 68 жа­затайым оқиға орын алды. Мұ­ның 15-і жеңіл және орта, 53-і ауыр дәрежеде, оның ішінде 4 топтық және 11 оқиға бойынша адам өлімі тіркелді. Кісі өлімімен аяқталған 11 оқиғаның 5-еуі өндіріспен тікелей байланысты, — деген Жанат Асылханұлы одан әрі өндірістік жарақат жөніндегі деректерге нақты мысалдар келтірді. – Мысалы, өндіріс орнында жүріп ажал құшқан бесеудің екеуі «Самұрық-Табиғат» ЖШС-ның жұмысшылары. Олар Атырау облысында жұмыс істеп жүріп, мерт болған. Оқиға Атырауда болса да, серіктестік Батыс Қазақстан облысында тіркелгендіктен бұл оқиғаны біз есепке алып отырмыз. Осы оқиға бойынша комиссия жұмыс берушіні жүз пайыз кінәлі деп таныды. Тағы біреуі — «ҚазТрансОйл» АҚ Батыс филиалы Орал мұнай құбыры басқармасының жұмысшысы. Бұл жігіт жұмыс барысында электр тогына соғылып, қайтыс болған. Комиссия қорытындысы бойынша бұл жерде жұмыс берушінің кінәсі 30 пайыз, ал жұмысшының кінәсі 70 пайыз. Төртінші өлім оқиғасы «Ткалун» ЖК-де орын алған. Құрылыс жұмысы кезінде жұмысшы алтыншы қабаттан құлап, мерт болған. Бұл жерде еңбек қатынасы жоқ, аталмыш компания қызмет көрсету үшін құрылыс бригадасын жалдаған, жаңағы биіктен құлап, жан тап­сырған жігіт сол бригаданың адамы. Бұл жағдаят бойынша тексеру комиссиясы айыптыларды анықтау барысында жеке тұлға­ның кінәсін 30 пайыз, жұмысшының кінәсін 50 пайыз, «Ткалун» ЖК-ның кінәсін 20 пайыз деп тапты. Бесіншісі – Ақсайдағы «РостНефтКомплект-Қазақстан» ЖШС-ның монтаждаушы-құрастырушысы. Бұл жерде де құрастырушы жігіт биіктен құлаған. Осы оқиға бойынша жұмыс беруші, яғни Ақсайда­ғы «РостНефтКомплект-Қазақстан» ЖШС толық кінәлі деп танылды. Жоғарыдағы оқиғалардың орын алуына байланысты сол кез­дері үш жақты комиссия (құрамында жұмыс берушінің, жұмысшының және мемлекеттік еңбек инспек­циясының өкілі бар) құрылып, тексерілді. Сөйтіп, оқиғалардың себеп-салдары анықталып, олардың бірқатары екі жақтың кінәсінен орын алған деп танылса, кей жағдайларда таза жұмыс беруші айыпты болып шықты. Қысқасы, осындай қайғылы жағдайлардың барлығы да еңбек қауіпсіздігі қадағаланбағандықтан болып жатады. Сондай-ақ мұндай өкінішті жағдайлардың орын алуына кейде жұмысшылардың өздері де кінәлі болады. Олар жұмыс барысында қауіпсіздік ережелерін ескермей, қорғаныш киімдерін кимей жұмыс істей береді. Мысалы, жоғарыда айтылған биіктен құлаған азаматтар бастарына каска кимей, белдіктерін тақпағаны себепті осындай жағдайға ұшы­рап отыр. Өндірісте тек ер адамдар ғана емес, түрлі жағдайларға байланысты әйел адамдар да жарақаттанып жатады. Мысалы, ағымдағы жылы өндіріске қатысты 5 әйел жарақат алды. Оларды атап айтар болсақ, қаладағы №10 орта мектептің жұмысшысы София Мұқатова жоғары жақты тазалаймын деп жүріп, бірінің үстіне бірі қойылған үстелдерден құлап, жарақат алды. Екіншісі — қалалық жедел жәрдем стансасының фельд­шері Ахметжанова, ол жұмыс барысында жол-көлік оқиғасына тап болып, жарақаттанып қалды. Бұл жағдайларда жүз пайыз жұмыс беруші кінәлі деп танылды. Үшіншісі – облыстық клиникалық аурухананың жұмысшысы Санду­ғаш Есендиярова баспаны жуып жүріп, тайып құлаған. Бұл жағдайда сақтық шараларын алмағаны үшін жұмысшының кінәсі 80 пайыз, ал жұмыс беруші 20 пайызға кінәлі болып шықты. Сондай-ақ қаладағы №3 емхананың акушері Жүнді­бае­ва телефон шнурына сүрініп құ­лап, нәтижесінде әжептәуір жа­рақат алды. Мұнда жұмысшының кінәсі 40 пайыз болса, жұмыс беруші 60 пайызға кінәлі. Ал аяғы ауыр әйелді Бисен ауылынан аудан орталығындағы ауруханаға жеткіземін деп жүріп, жол апатына ұшыраған Бибігүл Өтегенова дейтін акушер омыртқасынан оңбай жарақат алды. Бұл жерде толық жұмыс беруші кінәлі болып отыр.

Статистикалық мәліметтерге сүй­енсек, өндіріске байланысты жазатайым оқиғалардың 41 пайызы жұмыс берушілердің кінәсінен, 33 пайызы жұмысшылардың кінә­сінен болған. Ал жазатайым оқи­ғалардың 26 пайызына екі жақ та кінәлі болып шыққан. Өндірістік жарақаттанудың ең көбі құрылыс саласында болған, яғни 10 адам жарақат алған, бұл 31 пайызды құрайды. Былайғы жұрт қауіпсіз деп санайтын бюджет саласында 9 адам жарақат алыпты, бұл 28 пайызды құрайды. Бұдан кейінгі орында шағын бизнес субъектілері тұр, мұнда өндірістік жарақаттану — 4 адам, яғни 12 пайызды құрай­ды. Өндірістік жарақат алғандар­дың көбісі биіктен құлаған және жол-көлік оқиғаларынан зардап шеккен. Орын алған жазатайым оқиғалардың 50-інің арнайы тер­геп-тексеру материалдары про­цессуалдық шешім қабылдау үшін облыстық ішкі істер департа­ментіне жолданды. Аталған депар­таменттің салыстырмалы актісінің мәліметіне орай арнайы тергеп-тексеру материалдары бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 156-бабына сәйкес 47 қылмыстық іс қозғалды.

2,3 млн. теңге көлемінде айыппұл салынды

Бұдан соң Жанат Асылханұлы басқарманың жұмыспен қамту жө­ніндегі заңнаманың орындалу барысын да қадағалайтынын жеткізді.

— Бұл бағытта жыл басынан бері 18 тексеру жүргізілді. Тексеру қорытындысы бойынша заңбұзушылықтарды жою мақсатын­­да жұмыс берушілерге 18 ұйға­­рым берілді. Анықталған заңбұ­зу­­шылықтар бойынша жұмыс бе­рушілер әкімшілік жауапкершілікке тартылып, оларға 2,3 млн. тең­ге көлемінде айыппұл салынды. Ағымдағы жылы шетел компанияларында 9 жоспардан тыс тексеру жүргізіліп, еңбек заңнамасының бұзылу жағдаяттарына қатысты заңды тұлғаларға 2,1 млн. теңге көлемінде айыппұл салынды. Мемлекеттік еңбек инспекциясы Орал қаласы және Бөрлі аудан­дық прокуратурасының заңбұзушы­лықтарды жою жөніндегі ұсыныс хаттарын қарап, нәтижесінде уәкілетті органның шетел жұмыс күшін тартуға берілген рұқсат құжаттарында көрсетілген лауа­зымға сәйкес емес шетел мамандарын жұмысқа тарту жағдаят­тарын анықтады. Осыған орай, «ЖайықМұнайГаз» ЖШС, «СайпарДриллинг Компани б.в Карачаганак Проджект» филиалы, «Дженерал Электрик Интернешнл Инк» корпорациясы филиалы және «Персоннел Рекруитмент Карьера -Холдингс» ЖШС ҚР ӘҚБ туралы кодексі 519-бабының 2-тармағына сәйкес әкімшілік жауапкершілікке тартылды, — деген ол еңбек заңдылығы сақталған жағдайда ғана өнімді жұмыс болатынын жұртшылықтың қаперіне салды.

Кәкім ДӘУЛЕТОВ,

№10 орта мектеп директорының шаруашылық ісі жөніндегі орынбасары:

— 2014 жылдың 9 желтоқсанында София Мұқатова дейтін мектеп жұмысшысы жоғары жақты тазалаймын деп жүріп, биік­тен құлап, қолын сындырып алды. Сол күні мектеп ауласында ауқымды шаруа жасалып, баспа босамай жатқан болатын. Жұмыс аяғына таяу мезгіл еді. София үйі­не қайтуға асығып, баспаның босаға­нын күтпестен өзіне жүктелген жұмысты тез бітіру мақсатында парта мен үстелдерді бірінің үстіне бірін қойып, жоғары жақты тазалау­ға кіріскен. Қате деген аяқ астында емес пе, бір кезде аяғы тайып кеткен София биіктен құлап кетеді. Ол жердегі абыр-сабырды ес­тіп, мен де жүгіріп жеттім. Жұмысшымыздың қатты жарақ­ат­танғанын көріп, сол мезетте «Жедел жәрдем» шақырдық. Көп ұзамай, Софияны облыстық аурухананың жарақат бөліміне жеткізіп, маман дәрігерлерге қараттық. Хирург дәрігерлер оның қолының сынғанын айтты. Мен сол жерде оған қажетті дәрі-дәр­мек алу үшін өз қалтамнан қаражат бердім. Кейін ол ақшаны мектептің кәсіподақ комитеті маған қайырып берді. София дәрігерлерден тиісті емін алып, көп ұзамай жұмысқа қайта шықты. Сынған қолын емдетіп жүрген уақытта ол кісіге ай сайын жұмысқа жарамсыздық қағазына байланысты мекемеден жалақы мөлшерінде толық төлем төленді. Бүгінде жұмысшымыздың денсаулығы жақсы, бұрынғы жұмысын қайта жалғастыруда. Күні бүгінге дейін жұмыс барысында оның сынған қолына салмақ түспеуін қадағалап жүрміз.

Бибігүл ӨТЕГЕНОВА,

Бөкей ордасы ауданы,

Бисен ауылдық дәрігерлік амбулаториясының акушері:

— Биыл 31 қаңтар күні аяғы ауыр әйелді аудан орталығындағы ауруханаға апара жатқанда, жол көлігі апатына ұшырадым. Жоғары бөліктен 12-омыртқам және тө­менгі бөліктен 2-омыртқам сынып, ауыр жарақат алдым. Міне, қазір 6 ай болды, төсекке таңылып жатқаныма, карсет киіп, әрең жүрмін. Облыстық аурухананың жа­рақат бөлімінің мамандарына өз бетімше қаралып, осы күнге дейін солардың ұсынған ем-домын алып келемін. Мен 30 жылға жуық уақыт Бөкей ордасы ауданына қарасты Бисен ауылдық дә­рігерлік амбулаториясында жұмыс істедім. Қызмет барысында жүріп, ауыр жарақаттанғанымды біле тұра, аудандағы денсаулық сақтау саласындағы басшылық тарапынан бірде-бір адам менің хал-жағдайымды сұрамады. Тек бір-ақ рет аудандық аурухананың хирург маманы жарақатымды қарады. Өздері дәрігер бола тұ­ра, менің ем-дом алуыма көмектеспеді. Тіпті заң бойынша төленуі тиіс жұмысқа жарамсыздық қағазы бойынша төленетін төлемақыны да дұрыс төлемей отыр. Осы күнге дейін олар жұмысқа жарамсыздық қағазы бойынша маған 15 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде жәрдемақы төлеп келді. Ал заң бойынша жұмыс беруші қызметкердің еңбек жарақатына немесе кәсіби науқастануына байланысты жәрдемақыны еңбекке жарамсыз­дық басталған алғашқы күннен бастап жұмысқа шыққанға дейін немесе мүгедектік белгіленгенге дейін орташа жалақының жүз пайызы мөлшерінде төлеуі керек. Бұл ҚР Үкіметінің 2007 жылғы 28 желтоқсандағы №1339 «Әлеуметтік жәрдемақы тағайындау және төлеу, сондай-ақ оның мөлшерін айқындау ережесін бекіту туралы» қаулысының 10-тармақшасында анық көрсетілген. Бөкей ордасы ауданының прокуратура қызметкерлерінің менің шағымхатыма байланысты жіберген жауабында осылай жазыл­ған. Осы мәселеге байланысты олар аудандық аурухананың директоры Ә. Ғаббастың атына аталған заңбұзушылықты жою және маған қосымша төленуі тиіс 284 582 теңге мөлшеріндегі берешекті төлеу туралы ұсынысты 17 шілдеде жолдаған. Прокуратура қызметкерлері маған ұсыныстың қаралу нәтижесін аудандық аурухана арқылы білесіз деген еді. Шілде айы аяқталып қалды, өкінішке орай, басшыларымнан әлі күнге дейін хабар жоқ. Олардың не ойлап отырғанын мен әзірге білмеймін. Тамыз айында денсаулығым бойынша дәрігерлік арнайы комиссияның тексерісінен өтуге барамын, сонда басшылыққа жолығатын шығармын. Жоғарыда айтылған жағдайлар бойынша аудандық аурухана заңбұзушылықты одан әрі жалғастыратын болса, өз құқымды қорғау үшін әрекеттенетін болармын. Өзімнің ойымша, жұмысымды одан әрі жалғастыра алмайтын сияқтымын, өйткені қазірдің өзінде үйдің ішінде әрең қозғалып жүрмін.

Айтпақшы, аудандық прокуратура мамандары бұдан басқа «HOMAD LIFE» сақтандыру компаниясымен 2014 жылдың 8 сә­уірінде жасалған шарттың 2-бөлімінің 4-бөлігіне сәйкес алған дене жарақатыңыз бойынша еңбекке жарамсыздығыңыздың дә­режесі анықталған соң, сақтандыру актісі бойынша тиісті қар­жы­ны төлеуге міндетті дегенді де айтты.

Айша ӨТЕБӘЛІ,

«Орал өңірі»


Ел ағасы рухына тағзым

Күні: , 983 рет оқылды

DSC_0749


Адам – қоғам мүшесі. Қоғамнан тыс тіршілік ету мүмкін емес. Әр адамның қоғамдық қарым-қатынаста өз орны бар. Адамға баға өмірден өткенде ғана беріледі. Адамның өмірі қоғамдікі, өлімі өзінікі. Сол адамдардың бірі, бірегейі жақында ғана өмірден өткен ел ағасы Бисен Жұмағалиев болды.


Бисен ағаның өмірі ерек­ше, тағдыры өнегелі, оның ғұмыры мен қыз­меті заманымыздың айнасы. Ха­лықпен бірге жетістіктеріміз бен жеңістеріміздің жасампазы бол-ды, қиямет пен қайғы-қасіретті бө­лісті. Бисекеңнің жеке тағдыры елмен етене болып, тұрмыста, жұ­мыс­та ғанибеттілігімен баршаға танылды.

Әбіш Кекілбаев айтқандай, тасбауыр тарихтың біздің халыққа қатты шүйліккені де, бауыры жібіп, мейірлене иліккені де кешегі өткен ХХ ғасыр еді. Бисен Жұмағалиев сол ХХ ғасырдың құрдасы, еншілесі. Ол ғасырдың басында дүниеге ке­ліп жоқшы­лықты, ашаршылықты, көнбегенді көндіретін көнбістіктің зардабын шекті. Қарапайым ауыл баласы­ның шыңдалып, өмірге ерте бе­йімделуіне әсер етті.

Сайқұдықта, Қырыққұдықта Жұ­бан Молдағалиевпен бірге мектепте тәлім-тәрбие алды. Жетінші кластан соң «Шәкіртсіз ұстаз тұл» деген ұғымды басшылыққа алып, Сламихинге (қазіргі Жалпақтал) аттанып, педущилищеге түсті. Оны 1940 жылы тәмамдап, ауылға оралып бала оқытты, мұғалімдік құрды. «Надандар жазған заң болмас» деп шәкірттерін білімге бау­лыды, дүниетанымға көзін ашты.

Сұм соғыс Бисеннің жасты­ғын жұтты. Шақыруды күтпей-ақ, топ-топ болып кетіп жатқан жігіттер­дің легіне ілесті. Қан майданнан Жеңіспен елге оралып, бойындағы бар қабілетін адам тәрбиесіне арнады. Бұл іспен ол соғыста да шұғылданып, газет шығаруға қатысты. Бисекеңнің идеология саласындағы алғашқы қадамы облыс деңгейінде, обпарт­комде, облыстық газетте бастау алып, оның басшы хақында жарқырап көрінуі облысымыздың Жалпақтал-Қосөзен өңірінде болды. Үш жыл аупартком басқарып, соғыс кезінде зардап шеккен ауылды еңбекте де, рухани өмірде де аяғынан тік тұрғызды. Шын мәнін­де, Жалпақтал өңірі, оның адамдары Бисекеңе үлкен басшылыққа жол ашты, жұмыс тәжірибесін байытты. Аудан экономикасына зерттеу жүргізіп, ғылыми атаққа ие болуына мүмкіндік берді. Бас­шылықта өзін етене танытқан Бисен Жұмағалиевті Мәскеуге оқуға шақыртты. Оған кейіннен Батыс Қазақстан, Көкшетау облыстарында идеологияның тізгінін ұстатты, 35 жыл нәтижелі қызмет атқарды. Осы жылдары Бисекеңнің адамгершілігі, азамат­тық қасиеттері­нің деңгейі артты. Әділеттілікке жүгініп, ақты – ақ, қараны – қара деп, қара қылды қақ жаруы баршаға ұнады, көңілінен шықты.

Сабырлы мінезі, салиқалы ой-өрісі, орынсыз сабылмай, күні түскенде жағынбай, көңіліндегі көлеңкені шуақты жүзімен өзге­ге білдірмеуі де Бисекеңнің абы­­ройын асқақтатты, беделін өріс­тетті. Сөйтіп, өз топырағында Би­с­ақа, ал Арқада (Көкшеде) Биаға атанды. Елін сүйген ерін жері сүй­ді. Деңгейі жоғары, қызметі мен жиған-терген беделін паш етіп төс қақпады, менмендікке бармады. Мен бүйттім, мен сөйттім деп шалқымады, лап етіп жанып, жалп етіп сөнбеді, асқақтап көтерілген шақта да аяғын қара жерден айырмады, ешкімнің артына түсіп, жазғырмады.

Бисақаң өзін «Биаға» деп ар­дақ­таған Арқада 30 жыл қызмет атқарды. Жерлестері, біздер аға­­ның кіндік қаны тамған топы­рақ­қа оралуын сұрадық. Тәуел­сіз­дік­тің алғашқы жылда­рын­дағы қиын­дықтарды жеңуге жұртқа ақыл-кеңес беретін көсемдік қасиеті жеткілікті аға ұрпақтың көшбасшысы болғайсыз деп шақырдық. Келді, оралды. Бәрекелді! Өңір басшысы Бисекеңді төрге отырғызып, кеңесші қызметін ұсынды. Бәрі үйлесті, үлкеніміз, кішіміз ел аға­сы тұтып, оның ақыл-кеңесіне жүгіндік. Үмітіміз молынан ақ­тал­ды. Бисен ағамыздың зерделігі кешегі мен бүгіннің көпірі іспетті ұрпақтар сабақтастығының кепілі болды.

Демократия кеңістігін пайдала­нып кеткендер асып-төгіліп, өңір­­дің шырқын бұзуға әрекетке бар­ғанда, олардың жөнсіздігіне жол бермеуге зиялы қауымға Бисен ақсақал төрелік етті. Қызбалыққа, асығыстыққа бармауға шақырып, үн қатты, жұртшылық оны қол­дады. Жастарға ақыл-кеңес беруде жасының егде жағдайына қарамастан, қоғамдық тұрмыста белсене қызмет атқарып, мектепте де, жоғары оқу орнында да жиі болып, ұлдарымыз бен қыздарымызды өнегелі, ғибратты өмір сүруге шақырған ұрпақтар сабақтастығының мүмкіндігін арттырды.

Бисекең соғыс, одан кейінгі халық шаруашылығын қалпына келтіріп, ілгері дамытуда өңірде басшылық еткендердің бірі-бірегейі хақында аса құрметке ие болды. Кенжекең (Кенжебек Мең­дәлиев), Мырзекең (Мырзахмет Тажмұханов), Жұмекең (Жұ­маш Қазимов), Төкең (Төлеген Жұ­мақаев), Жұманияз, Қойшыбай (Ильясовтар) т. б. елге сіңірген ең­бегі туралы Бисақаңның естеліктер айтып, жазып, аттары аталған ағаларымызды есте сақтау жайында атқарған ісі ерекше.

Бисен ағаның өзіне ғана тән қасиеті — оның ерекше зеректілігі. Өңір тарихына, тарихи тұлғаларға байланысты халық жадында сақ­талған әңгімелерді, болған оқи­ғаларды бізге айтудағы зерделі қабілетіне таңғалатынбыз. Көпті көрген көзі хат, көкірегі шат, тарихшы, әдебиетші Бисекең ұлы­лы-кішілі ел тіршілігінде болған оқиғалар, тарихи қайраткерлер туралы деректер, ақылгөй аталық сөздер, өнеге-өсиеттер, өлең-жыр, аңыз әңгімені мәнді-әсерлі етіп айтып отыратын. Ол сөз өнерін жетік білді. «Байлық мұрат емес, жоқтық ұят емес» деп ата қағи­дасына сәйкес дүние жинамады, байлық қумады, атақ, даңқ құмар­лықтан бойын аулақ ұстады.

Ағамыздың өнерпаздық қасие­ті де болды, жиындарда өзін ақ жарқын ұстап, сауықшыл құмар­лығын әнімен өрнектейтін, жаңа­лыққа, даналыққа, өмірге құштар­лығын да паш етіп ерекшеленетін. Шын мәнісінде, Бисақаң сан қыр­-лы әлеуметтік қайраткер болды.

Бисекең пенделік осалдықтан аулақ болды. Ол денсаулығына, тұрмыс қиындығына байланысты сарыуайымға салынбады. Оның өмір сүйгіштігінің басты тірегі өзіне ғана тән оптимизм болды. Еш уақытта пессимизмге берілмеді. Ақырғы күндеріне дейін өміршең белсенділікпен ерекшеленді. Кейде өткенге үңіліп, «бұрынғы­ның данышпан қарттары-ай!» дейті­німіз бар. Бисен ақсақал жөнінде де «Ой, Бисақаңдай әсем қария­лық бұйырғай» деп күрсінетіндер жеткілікті. 90 жасында Шолохов еліне барып, мыңдаған адам қа­тысқан жиында жалынды сөз сөйлегенде, қарияның айтқан сөз­дерін естігендер «ух» деп таң­данғандары белгілі.

Бисақаңның аса бір ерекшелігі – әдебиет, өнермен сырласқанда қай­раткерлердің, талант иелері­нің бұйымтайын ұғынып, олармен жанасып, тілін тауып ілтипатпен қарым-қатынас жасайтындығы. Өз асылдарымыздың тарапынан еленгеніне қоса, әлемге таныл­ған Михаил Шолохов, Шыңғыс Айтматов т. б. ұлттардың көрнек­ті өкілдерімен достасып, жақын­дасқандығы. Еліміздің, тәуел­сіз­ді­гіміздің басты құнды­лығы — халық­тар достығы. Бисекең Михаил Шолоховтың рухани-әдеби мұра­сын ұлттар бірлігін қалыптас­ты­руда, насихаттауда шебер пайда­ланды. Дариян елді мекеніндегі Шолохов кешені-музейі Бисақаң­ның ұсынысымен қалыптасты. М. Шолоховтың «Донда казак — Жайықта қазақпын» деген қанат­ты сөздерді аузына салған Бисен Жұмағалиев деп түсінсек, қателеспейміз. Бисен ағамыздың артында бай мұра: кітапхана, қол­жазбалар, естеліктер, маңызы ерекше құжаттар қалды. Ол мұра халыққа қызмет етуі қажет. Аяулы Бисен ағаны еске алу сәтінде арғы атасы Мұрат ақынның сөзімен айтсақ:

Жасыңыз үлкен ағасыз,

Ақыл еске данасыз

Сөйлесе жұртын байлаған.

Көзімен көрген нәрсесін

Өсиет етіп жұртына

Аққаламды аударған

Ол пір ұлына жарасар.

Би өлмейді демеңіз,

Шежіредей тілі сайраған.

Бауыры суық қара жер

Қайсымызды жасырмас!

Айтсаңшы, не амал бар?

Өлімнің сондай жайы бар!

Белгілі қоғам қайраткері, танымал журналист Бисен Жұмағалиевті мәңгі есте қалдыру шараларын да ойластырып, жүзеге асыру кезегін күтеді. Оның есімі өңірден шық­қан ұлылардың легінде аталуы да орынды. Ел ағасы Бисеннің рухы­-на тағзым етейік, ағайын!

Жайсаң АҚБАЙ


Балаларға бірге көмек берейік!

Күні: , 1 001 рет оқылды

IMG_3275


Бейсенбі күні облыс әкімдігінің кіші залында  облыстағы білім беру ұйымдарының жаңа 2015-2016 оқу жылына  дайындығын талқылаған  селекторлық отырыс өтті. Отырысқа төрағалық жасаған облыс әкімінің орынбасары Бақтияр Мәкен жаңа оқу жылына дайындықты күшейту, әсіресе, жылыту маусымына дайындықты қазірден қамдауды назардан тыс қалдырмауды аудан әкімдерінің орынбасарлары мен білім беру ұйымдарының басшыларына шегелеп тапсырды. Отырыста білім беру ұйымдарының жаңа оқу жылына дайындығы, «Мектепке жол» акциясы, мектеп оқушыларының тиімді тамақтануы мен тасымалдануы және мектеп формасы туралы мәселелер қозғалды.


-Мемлекет басшысы­ның мектеп оқушы­ларының сабаққа қа­­тысуын толық қамтамасыз ету туралы тапсырмасын орындау мақ­сатында жыл сайын ұйымдас­тырылып келе жатқан «Мектепке жол» акциясы биыл да өз жалға­­сын табады. Елімізде балалардың жан-жақты дамуына бар жағдай жасалуда. Білім ордаларының жа­ңа оқу жылына дайындығы үнемі басты назарда. Жаңа оқу жылына балаларды оқулықпен, мектеп формасымен қамтамасыз ету – біз­дің басты міндетіміз. Соның ішін­де жылыту маусымы – өте күрделі мәселе. Оқушылардың уақытында тасымалдануы мен ыстық тамақ­пен қамтылуын оқу жылы бастал­ғанша шешіп алуымыз керек, — деді өз сөзінде Бақтияр Мәкенұлы.

2015 жылы «Жұмыспен қамту 2020 жол картасы» бағдарламасы шеңберінде 5 білім беру нысаны­на күрделі жөндеу жүргізу үшін республика­лық бюджеттен 293,1 млн. теңге және жергілікті бюджет есебінен 184,5 млн. теңге қарастырылған. Сонымен қатар жергілікті бюджеттен 5 білім беру нысанына күрделі жөндеу жүргі­зуге 330,2 млн. теңге бөлініп, барлық білім беру ұйымдарының жөндеу жұ­мыс­тары өз мәресіне жеткен.  Орал қа­ласында бой кө­терген 1200 орын­дық мектепке және Жаңақала ауданының Жаңа­қала ауылын­дағы 600 орындық мектеп-интер­наттың құрылыс жұ­мыстарына республикалық бюджет есебінен қаражат бөлінген. Құ­ры­лыс жұмыстары аяқтала келген білім ошақтары қыркүйек айында іске қосылмақ. Өңірімізде жергі­лікті бюджеттен бөлінген қар­жыға 3 апатты ғимаратты жұмысы аяқталуға жақын. Жаңа­қала ау­да­нының Сарыкөл, Жуалы­ой ауыл­дарындағы, Теректі, ауданы­ның Юбилейный ауылын­дағы негізгі мектептер қыркүйек айында шә­кірттерін жаңаша өңмен қарсы алмақ. Болжамды мәлімет бойынша жаңа оқу жылында облыс бо­йынша 392 білім ошағында 93527 оқушы білім алмақшы. Биылғы оқу жылында 11386 бүлдіршін мек­теп табалдырығын аттап, 1-сы­ныпқа келеді деп күтілуде. Оқушыларды оқулықпен қамту үшін жергілікті бюджеттен 659,9 млн. теңге бөлінсе, оның ішінде 7491750 тең­ге оқулықтарды тасымалдау үшін қаралды. Сонымен қатар облыс бойынша 767932 дана оқулық пен оқу-әдістемелік кешендерге тапсырыс берілді. Қазіргі күні баспалармен келісімшарт жасалып, оқулықтарды тасымалдау жұ­­мыс­тары басталған. Облыстық білім басқармасының басшысы Айгүл Мыңбаеваның айтуынша, мектеп оқушыларын ыстық тамақпен қам­ту биылғы жылы да өз жалға­сын табатын болады. Өткен оқу жылында облыс бойынша мектептері жоқ 93 елді мекенде тұратын мектеп жасындағы балалардың 3033-і мектепке тасымалдаумен қамта­масыз етіліп, бұл жұмыстар­ға 66 автокөлік тартылған. Облыс бойынша 173 пе­дагог-маман қажет. Әсіресе, математика, қазақ мектебіндегі орыс тілі мен әдебиеті, физика, химия пәні мұғалімдері жетіспейді.

Жаңа оқу жылына жергілікті бюджет есебінен 42 мамандықтың 74 біліктілігіне 3327 студент қа­былдау жоспарланды. Күні бүгін­ге дейін жұмысшы кәсіп­тер мен ор­та буын мамандық­тары бойынша 2883 шәкірт құжаттарын тапсырып үлгерді. «Мәңгілік ел жастары – индустрияға» бағдарламасы аясында республи­калық бюджет­тен 175 орынға («Орал «Сервис» технологиялық колледжі», «Батыс Қазақстан инженерлік техноло­гиялық колледжі», «Ауыл шаруа­шылығы колледжі» және «А. Има­нов атындағы жол-көлік колледжі») оқу орындарына мемлекеттік тапсырыс бөлініп, оңтүстік өңір­ден келген 126 түлектің өтініші қабылданды. Оңтүстік өңірден кел­ген түлектер аталмыш оқу орын­дарының жатақханаларына орналастырылатын болады.

Облыстық білім басқармасының бөлім басшысы Хажарбибі Искан­дарованың айтуынша,  7 жыл қа­та­рынан өткізіліп келе жатқан «Мектепке жол» акциясы жылдан жылға жақсы нәтиже беріп келеді. Әсіресе, аталмыш акцияға сүбелі үлес қосып жүрген ішкі істер департаментінің қызметкерлерін ерекше атап өтуге болады. Олар өткен жылы бес білім беру ұйы­мына бір күндік жалақысын ау­дарған. Сондай-ақ белсенділер қа­тарында «Қазтрансойл» компаниясы, КПО б.в компаниясы, «Кон­денсат» АҚ тағы да көптеген мекемелер бар. Өткен жылы «Мектеп­ке жол» акциясы бойынша әлеу­меттік жағынан қорғалмаған отба­сының 19099 балаларына 90,794 млн. теңгеге, соның ішінде 12157 балаға демеушілер есебінен 48,496 млн. теңгеге көмек көрсетілді. Мектепке жол акциясы биыл «Балаларға бірге көмек берейік!» үндеуімен өткізіледі. Қазіргі таңда аудандар мен қала әкімдігінің қолдауымен облысымыздың бар­лық өңірлерінде және шалғай ауылдарында «Мектеп жәрмең­кесін» ұйымдастыру жұмыстары жүрігізілуде.

Барлық аудандағы білім сала­сына жауапты мамандардың ба­сын қосып, онлайн түрінде өткен жиналыста жаңа оқу жылы бастал­ғанға дейін білім беру ұйымдары шәкірттерін қабылдап алуға сақа­дай-сай тұру қажеттігі айтылды.  Отырыста айтылған өзекті мә­се­ленің бірі ҚР Премьер-Министрі­нің өкімімен  Шалғай­дағы елді ме­кендерде тұратын балаларды мек­тепке тасымалдаудың схемасы мен қағидаларын бекіту аудандар мен Орал қаласының құзыретіне берілген. Алайда қазіргі таңда Бөрлі ауданынан өзге аудандар мен Орал қаласында қаулының қабылданбауы мамандардың алаң­даушылығын тудыруда. Сонымен қатар аз қамтылған, көп балалы отбасының балаларының толық қамтылуы, мектеп формаларының сапалы, балалар үшін ыңғайлы болу қажеттігі де әкімдік назарынан тыс қалған жоқ.

Гүлжамал ЖОЛДЫҒАЛИ,

«Орал өңірі»


Аудан кәсіпкерлері күні

Күні: , 107 рет оқылды

DMS_8716


Кеше қаламыздағы кәсіп­кер­лерге қызмет көрсету орталығында облыс әкімі­нің орынбасары Игорь Стек­­совтың қатысуымен Шың­­ғыр­лау ауданының кәсіп­­кер­лері күні өтті.


Шараға Шыңғырлау ау­да­нының әкімі Алдияр Халелов және аталмыш ауданның кәсіпкерлері, өңі­рі­міз бойынша кәсіпкерлікті да­мы­ту институттары, сондай-ақ екін­ші деңгейлі банк қызметкерле­­рі қатысты.

Жиынның негізгі мақсаты ауыл кәсіпкерлерін кәсіпкерлік сала­сы­на қатысты мемлекеттік қолдау-көмек түрлерімен жан-жақты та­ныстыру болды. Мұндай шара ал­ғаш рет қолға алынып отыр. Ал­дағы уақытта өзге де аудан кәсіп­керлерінің қатысуымен тұрақты түрде өткізілмек.

Нұртас НАБИОЛЛАҰЛЫ,

«Орал өңірі»


Жайық – достық дәнекері

Күні: , 819 рет оқылды

DMS_8513


Шілденің 29-ы күні ХІХ тарихи-мәдени, эколо­гия­лық, спорттық «Жайық – достық өзені» экспедиция­сы тәмамдалды. Жорық мүшелеріне дәстүрге сай дәм ұсынылды. Жағаны көркем әуен көмкеріп, жас­тардың жігерлі флешмобы жарқын көңіл күй  сыйлады.


– Қазақстан мен Ресей ара­сын­дағы ынтымақтастық тереңдеп ке­ле­ді. Алдағы уақытта екі елдің көш­басшыларының жоспарлы кездесуінде Жайық экожүйесінің халахуалы тереңірек қарастырыла­тын болады. Оған дейін мемлекеттік орган өкілдері, тұрғындар қамқорлық қолын созып отырады. Мәселен, биыл өзен жағасын 50 тонна күл-қоқыстан арылттық. Қоршаған ортаны аялауға қос та­раптың мүдделілік танытуы – ұр­пақ қамын ойлаудың, жан мен тән тазалығын сақтаудың  кепілі. Екі мем­лекеттің шекаралас өңірлері арасындағы тығыз қарым-қатынас жылма-жыл нығаюда, – деген об­лыс басшысы Нұрлан Ноғаев экс­пе­диция қатысушылары мен Орын­бор облысының делегациясына ри­зашылығын білдірді.

Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары Ералы Тоғжанов 1992 жылғы «Мәңгілік достық» келісімшарты аясында Қа­зақстан және Ресей халқы Ассам­блеяларының арасындағы ынты­мақтастық меморандумының ал­ғы­шарты ретінде хаттамаға қол қо­йылғанын қуанышпен жария етті. Біздің еліміздегі татулық тұғырын нығайту жолында жасалған игі істерді үлгі тұтатындарын айтқан Ре­сей халқы Ассамблеясының төр­айымы Светлана Смирнова атал­ған құжат 4 қараша – РФ Халық­-тар бірлігі күні Мәскеу қаласында екіжақты келісіммен толық күші­не енетініне сенім білдірді. Орынбор облысы заң шығару жиыны­ның төрағасы Сергей Грачев, Орынбор облысының вице-губер­наторы Павел Самсонов Жайық өзені тарихи-мәдени байланыс­тарға күретамыр болып отырға­нын атап өтіп, делегация атынан «Достық» үйіне естелік-сыйды облыс басшысына тарту етті.

– Қазақстан Ассамблеясының 20 жылдығы мен Ұлы Жеңістің 70 жылдығына арналған жорық өз үде­сінен шықты. Біз қос тараптан қолдау танытқан ыстық ықыласты сезінумен болдық. Экспедиция мү­шелерінің ұйымшылдығы нәти­жесінде біртұтас командаға айнал­дық, – деді ҚР Парламенті Мәжі­лі­сінің депутаты, экспедиция жетекшісі Елена Тарасенко.

Салтанатты шараға қатысқан ҚР Парламенті Сенатының депута­ты Рашид Ахметов пен РФ-ның Орал қаласындағы консулы Саид Забитов өздерінің ақжарма тілек­терін білдірді.

Облыс әкімі Нұрлан Ноғаев орын­борлық делегация мүшеле­ріне Кіші жүз ханы Әбілқайырдың суреті салынған панно, облысымыздан табылған «Алтын ханша­йым» таңбаланған ескерткіш-бұ­йымды, сақ дәуіріне тиесілі әше­кейдің көшірмесін тарту етті.

Нұртай АЛТАЙҰЛЫ,

«Орал өңірі»

Cуреттерді түсірген Медет Досымов


Көлік саласына жүктелер міндет зор

Күні: , 852 рет оқылды

IMG_3322


Кеше Ғ. Құрманғалиев атындағы облыстық филармония­да көлік қызметкерлері күніне арналған мерекелік шара өтті.


– Құрметті көлік саласының қыз­меткерлері, ардагерлер, сіз­дерді бүгінгі кәсіби мереке­леріңіз­бен шын жүректен құттықтаймын! Ел­басымыз Үкіметтің алдына елхал­қымыздың әл-ауқатын артты­ру үшін үлкен міндеттер қойып отыр. Республикамызды бәсеке­ге қабілетті отыз елдің қатары­на қосу бағытында дайындалған «100 нақты қадам» жоспарының 65-ші қадамында көлік-коммуни­кациясының интеграциясы туралыай­тылған. Онда «Еуразиялық транс­континенталдық дәліз» муль­ти­мо­делдік көлік дәлізін құру жөнін­де сөз болады. Ол Азиядан Еуро­па­ға жүктер транзитін кедергі­сізжүзеге асыруға мүмкіндік бере­ді.Көлік дәлізінің бірінші бағыты Қа­зақстан аумағы арқылы Ресей Фе­дерациясына және одан әрі Еуро­паға өтеді. Екінші бағыт Қазақстан аумағы арқылы Қорғастан Ақтау портына дейін, одан әрі Каспий теңізі мен Әзірбайжан, содан соң Грузия арқылы өтеді. Жобаға 2014 жылдың аяғында құрылған Азия инфрақұрылымдық инвестициялар банкін тарту көзделгені де ай­тылады. Жақында Қазақстан Дүние­жүзілік сауда ұйымына мүше­лікке өтті. Бұл еліміздің экономи­касының дамуына оң әсерін тигі­зіп, кәсіпкерлермен қатар, көлік саласына да үлкен міндет жүкте­мек.

Ел тәуелсіздігінің баянды, рес­публикамыздың бәсекеге қабі­лет­ті болуына көлік саласы қызмет­керлерінің қосып жүрген үлесі көп. Соның арқасында алыс және жақын шетелдермен барыс-ке­ліс, алыс-беріс ұлғаюда. Өңірімізде дежүк және жолаушылар тасыма­лы қарқынды дамуда. Егер сандардысөйлетер болсақ, биылғы жар­ты­жылдықта 213 млн. жолаушы тасы­малданған. Ол былтырғы жыл­ғы­дан 2,2 пайызға көп. 18 млн. тонна жүк тасымалданған. Өңіріміздегі ауыл-аймақтардың 52 пайызы тұ­рақ­ты автобус маршруттары­мен қамтылған. Халықаралық және рес­­публикааралық автобус маршруттары дамып келеді. Жолаушы тасымалдаушы кәсіпорындар­дың автопарктері жаңартылуда. Былтыр біз венгриялықтармен бірле­сіп жаңа автобустар шығару жө­нінде келісім жасадық. Қазір бұлбағытта тиісті жұмыстар жүруде. Теміржол тасымалы да жүйелі түр­де дамуда. Жаңа бағытта желі­лер ашылып, вагондар жаңартылуда. «Астана-Орал» жүрдек пойызы жыл соңына іске қосылады деп жоспарлануда. Соңғы екі жылда Орал әуежайындағы ұшып-қону жолы қайта жаңғыртудан өтуде. Биыл жөндеу жұмыстары аяқта­лып, әуежай үлкен сыйымдылық­ты әуе кемелерін қабылдауға мүм­кіндік алады. Сол арқылы жолау­­-шылар мен жүк тасымалдау көлемі өседі. Облыс орталығының әлем елдерімен байланысу мүмкіндігі артады, – деді өз құттықтау сөзін­де облыс әкімінің орынбасары Бақтияр Мәкен.

Шара барысында бұл салада табысты еңбек етіп жүрген қыз­меткерлер марапатталды. Мәсе­лен, «Пассажир Авто» ЖШС-ныңдиректоры Марат Көпешев ҚР Ин­вестициялар және даму министр­лігінің «Үздік автокөлікші», «Локомотив» АҚ-ның Орал пайдалану локомотив депосы филиалының тепловоз машинисі Валерий Шури­хин «Құрметті теміржолшы» төс­бел­гілерін алды. Облыстық жо­лау­шылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының бас маманы Айгүл Отарғалиева,  «Батыс Дилижанс», «Қазақстан Елім» ЖШС-лардың автобус жүргізушілері Ал­тай Наурызов, Зиннат Хамидул­лин аталмыш министрліктің Құр­мет грамотасымен, алғысхатымен марапатталды. Ал осы саланың ардагері Сатыпалды Ғалиев, «Батыс Қазақстан автобус паркі» ЖШС-ның қызметкері Тахир Мамедов, «Қа­зақстан темір жолы» АҚ Орал бөлімшесінің инженері Зүлфия Өте­шева, «Орал халықаралық әуе­жайы» ЖШС-ның жүргізуші-бригадирі Серкебай Бисенов, «Ақжол авто» ЖШС-ның автомеханигі Па­вел Черкасов облыс әкімінің ал­ғыс­хаттарымен  марапатталды.

Шара соңы Ғ. Құрманғалиев атын­дағы облыстық филармония өнерпаздарының мерекелік концертіне ұласты.

Сәкен ӘБІЛХАЛЫҚОВ,

«Орал  өңірі»

Суретті түсірген Темірболат ТОҚМАМБЕТОВ


Қол орағы қолынан түспейді

Күні: , 832 рет оқылды

IMG_16696


Денесінде бір сылым артық еті жоқ, осы бір ширақ, егде кісіні көрші болғасын күнде көріп тұрамын. Жасы 70-ке таянған Бектілеуов Мұқанғали деген ағамыздың күш-қайраты қалыбында. Күнде таңғы сағат 06:00-де тұрып,  қол орақты алып, аудан ор­­талығындағы кеңселердің аулаларындағы шөпті шауып жүреді.


– Мемлекеттік ғимараттар аула­ларындағы өскен шөпті қорама та­симын. Көріп жүр­сіңдер, аудан ор­талығында қанша­ма мекеме, бі­лім-мәдениет орындары бар. Ал осылардан мен малыма тоннадан астам шөп дайындап аламын. Әрі қол орақпен жұмыс жа­сау  денсаулыққа да пайдалы. Со­нымен қатар  мекемелерге де пай­да. Олардың ауласы арам шөп­тен құтылады. Шындығына келгенде, бұл арам шөп емес, малдың қыс­тық азығы ғой, – дейді.

Ойланып қарасақ, ауылда кәсіп жоқ дейміз. Мұқанғали ағамыздың мына тірлігіне қарап отырып, та­быс­­тың аяқ астында жатырға­нын түсінесің. Сондай-ақ салауатты өмір­­ді жылы­на  бір өткізетін жаяу жүгі­ру­мен бағалап жатамыз. Күнде қол орақ­пен  шөп шабу – салауатты өмір­дің  нағыз өзі емес пе?!

Қайрат ЖАҚЫП,

Қазталов ауданы


Тасада қалған жол белгісі

Күні: , 127 рет оқылды

20150719_160942


Мына суреттегі жол белгісі «Әбілқайыр хан» даңғылы мен Петровский көшесін байланыстырып тұрған көпірдің жа­нындағы бағанада орналасқан.


Міндетті түрде «тоқтауды» қажет ететін жол белгісін көлік жүргізушілердің байқамасы анық. Себебі дәл осы маңда жайқалып өскен теректер оны жасырып тұр. Жол қауіпсіздігі ережесі бойынша кез  келген көлік жүргізушісі бұл белгінің шартын орындамаса, белгілі бір мерзімге дейін көлік жүргізу құқығынан айырылады. БҚО ІІД әкімшілік полициясы басқармасы тиісті мекеме­лермен бірлесе отырып, осы мәселені таяу күнде реттер деген үміттеміз.

Темірболат ТОҚМАМБЕТОВ


Қадыр орталығын тамашалады

Күні: , 1 007 рет оқылды

DMS_871363


Ауданымыздың бір топ тыл және еңбек ардагері Орал шаһарында ашылған Қадыр Мырза Әлі атындағы мәдениет және өнер орталығын тамашалап қайтты.


Шараны аудан әкімді­гінің мемлекеттік тапсырысы шеңберінде «Тарлан» және «Ақсай жастары» жастар қоғамдық бірлестіктері ұйым­дастырып, бұл 15 ардагерді «Ақсай жастары» жастар қоғам­дық бірлестігінің төрайымы Ай­наргүл Имашева бастап барды. Бөрлілік делегаттар алдымен ор­талық алдындағы ақынның ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, тағзым етті. Сондай-ақ көп бала­лы, ақын әрі ісмер ана Дәмелі Құ­сайынқызы өзінің «Заманының Абайы – Қадыр Мырза Әлі» атты өле­ңін оқып, ақынның өмірі мен шы­ғармашылығына құрметін көрсет­ті. Ұрпақтар сабақтастығын жал­ға­ған бұл сапарда қариялар жа­ңа нысанның өзіндік қызметімен танысып, ақиық ақын Қадыр Мыр­за Әліге деген, оның шығар­ма­шылығына деген ерекше құр­мет­ті көрді, сезінді. Мәдениет оша­ғындағы әдебиет орталығы мен ме­мориалдық музейді тамашалап, ақынның көзі тірісінде пай­да­ланған заттармен танысып, оныңшығармашылығы туралы деректі фильм көрді. Мәдениет пен өнер ордасына арналған орталықтан шыққан соң бөрлілік қариялар Кеңес Одағының Батыры М. Мә­метованың мұражай үйі мен Е. Пугачев мұражайын тамашалады.

Надежда ТАШАЕВА, тыл ардагері,

Сырым ауданының құрметті азаматы, ардагер ұстаз:

– Мен Қадыр Мырза Әлімен бір мектепте оқыдым. Орыс халқы Пушкинді қалай құрметтесе, мен де Қадыр ақынды өзіміздің «Пушкиніміз» дейтін едім. Ақынның бір өлеңі тұрмақ, бір сөзінің өзі бір кітапқа лайық қой. Ал мына ашылған орталыққа ақынның есі­мі берілуі, оның мұражайының ашылуы ерекше мәртебе, үлкен қуа­ныш деп білемін. Мәншүк Мә­метованың мұражай үйіне де бар­дық. Батырдың соғыс даласында қаза тапқан жерін баяндайтын па­норамалық бейнефильмді кө­ріп, аштық пен жалаңаштықта, қиын­шылықта өткен балалық шағым есіме түсті. Осындай маңызды да мәнді шараны ұйымдастырып, қа­рияларға құрмет көрсеткендері үшін Бөрлі ауданы әкімдігіне ри­зашылығымды білдіремін.

Қуанышқали  ҒҰСМАНОВ, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, зейнеткер:

– Қадыр Мырза Әлімен талай рет кездескен едім. Өлең-жырларын оқып, шығармаларымен та­-ныспын. Ақынның туған жері Сырым елінде он жеті жыл жұмыс жасап, анасымен көрші болдық. «Жақсыны көрмек үшін» деген­дей, жаңадан ашылған бұл ор­та­лықты көріп, риза болдық. Шы­ғар­машылық орталығындағы әде­биет орталығы мен мемориал­дық музей ерекше әсер етті. Ақынның пайдаланған заттарын көріп, облысымыздан шыққан С. Се­­йі­­тов,Қ. Жұмалиев, Т. Жароков секілдіақын-жазушылардың шығармашы­­лығымен таныстық. Осы шараны ұйымдастырған аудан әкім­дігіне, аудандық және қалалық ар­дагерлер кеңесіне, қамқорлық көр­сеткен жастар ұйымының өкі­лі Айнаргүл Имашеваға, көлік жүр­гізушісі Жарас Дүйсеновке ал­ғы­сымды айтамын.

Ясипа РАБАЕВА,

Бөрлі ауданы

Заманының  Абайы – Қадыр Мырза Әлі

Ол әлемнің ақыны -Ұлы ақын,

Өйткені оның жүрекке жыры жақын.

Заманының Абайы — Қадыр Мырза Әлі

Мойындады оқырман бұны халқым.

Қадыр қайтып оралды Оралына,

Өзгелерден ол сезді  озарына.

Озық ойлы жырымен мүше болды

Бітімгершіл Әлемнің Одағына.

Сондықтан да оны әлем мойындады,

Қазынасын сарықты бойындағы.

Оған дәлел, ғимарат теңдесі жоқ

Бірден екі ескерткіш қойылғаны.

Бас иеміз Ұлыға сыйлағасын,

Сағынамыз өлдіге қимағасын.

Анадайдан ерекше көзге түскен

Көре келдік Ұлының ғимаратын.

Анықталды мықтының күші, міне,

Еліктеуге жақсыға ерікті ұл-қыз.

Оралдағы Қадырдың мүсініне

Тағзым жасап арнайы келіп тұрмыз.

Дәмелі ҚҰСАЙЫНҚЫЗЫ,

зейнеткер,

 Ақсай қаласы


БҚО, Орал қаласы, Мұхит көшесі, 57/1
zhaik_presscenter@mail.ru
oral_oniri@inbox.ru
support@oraloniri.kz

Орал өңірі" газетінің бас редакторы: 51-25-80
Бас редактордың орынбасарлары: 24-17-08, 54-18-08
Жауапты хатшы: 54-38-22
Тілшілер: 50-66-88, 51-50-34
Жарнама бөлімі: 51-51-09
Яндекс.Метрика