
Кеше облыстық мәслихаттың кезекті 26-сессиясы өтті. Облыс әкімінің орынбасарлары, аудан әкімдері, басқарма басшылары, қоғамдық ұйымдар, БАҚ өкілдері қатысқан сессияда облыс әкімі Нұрлан Ноғаев биылғы жылдың 7 айындағы облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы баяндады.
— Облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуы бойынша жұмыстар Мемлекет басшысының бес институционалды реформаларды іске асыру жөніндегі ұлт жоспары нақтылаған басымдықтарына сәйкес жүзеге асырылуда. Облыстың өндірілген жалпы аймақтық өнімінің көлемі 2015 жылдың 1 тоқсанында 1,3%-ға өсіп, 369,0 млрд. теңге құрады. Облыс бойынша жан басына шаққандағы жалпы аймақтық өнім орташа республикалық деңгейден 1,2 есеге көбейіп, 585,2 мың теңге құрады. Мемлекеттік бюджетке 107,3 млрд. теңге салықтар және басқа да міндетті төлемдер жиналды (болжамға 82,1%), оның ішінде республикалық бюджетке түсімдер – 75,1 млрд. теңге (болжамға 74,0%), жергілікті бюджетке – 32,2 млрд. теңге (болжамға 110,6%). Инфляцияның жалпы деңгейі 101,5% құрады, бұл өткен жылдың тиісті кезеңіндегі деңгейден 2,8 пайыздық пунктке төмен (республикалық көрсеткіш – 101,5%). Азық-түлік тауарларының бағасы 100,9% құрады (республикалық көрсеткіш — 101,1%), азық-түлік емес тауарлар – 100,9% (республикалық көрсеткіш – 100,9%), ақылы қызметтер – 102,7% (республикалық көрсеткіш – 102,6%). Азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету және нан бағасының өсуін тежеу үшін облысқа Үкімет резервінен 393,2 млн. теңге бөлінді.
Өздеріңізге мәлім, ағымдағы жылғы 20 тамызда ел Үкіметі мен Ұлттық банктің шешімімен ұлттық валютамыз теңге еркін айналым бағамына көшті. Бүгінгі таңда облыста алғашқы қажетті тауарлардың бағасын реттеу және мониторинг жүргізу жөніндегі облыстық жұмыс тобы белсенді жұмыс атқаруда. Осындай штабтар барлық аудандар мен Орал қаласында да құрылған. Қазіргі таңда азық-түлік базарларында жағдай тұрақты, бағаны негізсіз өсіру фактілері орын алған жоқ, — деді Нұрлан Асқарұлы.
— 2015 жылдың 7 айындағы өнеркәсіп өнімі 679,3 млрд. теңгеге өндірілді немесе 5,1%-ға төмендеді, бұл әлемдік мұнай бағасының және рубль курсының төмендеуіне байланысты. Тау-кен өнеркәсібінде өндіріс көлемі 3,8%-ға азайды және 603,3 млрд. теңге құрады. Табиғи газ өндіру 1,3%-ға өсті, газ конденсаты 2,4%-ға, мұнай 16,8%-ға төмендеді. Өңдеу өнеркәсібінде 51,6 млрд. теңгеге өнім өндірілді немесе 20,7%-ға төмендесе, мұнайды қайта өңдеу өндірісі көлемінің 46,6%-ға, машина жасау өнімдерінің 20,9%-ға, металлургия өнеркәсібінде 12,3%-ға, тамақ өнімдерінің өндірісі 9%-ға азайды. Сонымен қатар өңдеу өнеркәсібі кәсіпорындарымен 51,6 млрд. теңгеге өнім өндірілді. Құрылыс индустриясы (1%-ға), дайын металл бұйымдары өндірісінде (31,9%-ға), химия өнеркәсібі өнімдерін өндіру (4,3%-ға), резеңке және пластмасс бұйымдарын өндіру (18,3%-ға) саласында оңды өсу қарқыны байқалады, — деді баяндамасында Н. Ноғаев.
Индустрияландыру картасы аясында облыста 2279 тұрақты жұмыс орнын құру арқылы 308,7 млрд. теңгеге 40 инвестициялық жоба іске асырылуда. Соның ішінде бірінші бесжылдықта 40 инвестициялық жобаның ішінде 257,9 млрд. теңгеге 32 инвестициялық жоба іске қосылып, 1890 жұмыс орны құрылды. Күні бүгін 21 жоба 70 пайыздан аса, 4 жоба 50 пайыздан аса жобалық қуаттылыққа шықты, қалған жобалар жобалық қуаттылыққа кезең-кезеңмен шығуды жүзеге асыруда. Екінші бесжылдықта 389 жұмыс орнын ашу арқылы жалпы сомасы 50,8 млрд. теңгеге 8 жобаны іске қосу жоспарлануда.
Биылғы жылы 143 жұмыс орнын ашу арқылы жалпы сомасы 48,2 млрд. теңгені құрайтын 4 жобаны іске қосу жоспарлануда. Олар К5 экологиялық дәрежелі мотор отындарын өндіру зауытын салу («Конденсат» АҚ). Бұл жоба Қазақстанның батыс өңірінің сапалы автомобиль бензиніне деген қажеттілігін қамтамасыз етуге мүмкіндік бермек. Сүт өнімдерін өндіру бойынша цех құрылысы («Жұмағұлова Б. М.» ЖК) мен қара уылдырық және тауарлық бекіре өндіру бойынша су дақылдары кешені («Су дақылдары тәжірибелік-өнеркәсіп өндірісінің оқу-ғылыми кешені» ЖШС) жобалары іске аспақ. Газ турбиналы электр станциясын салу («Батыс Пауэр» ЖШС) жобасы облыстың электр энергиясына деген қажеттілігін қамтамасыз етіп, Ресей Федерациясының шекаралас аймақтарына электр қуатын экспорттауға мүмкіндік бермек. Ал 2016 жылы 191 жұмыс орнын құру арқылы 2,3 млрд. теңгеге 3 жобаны іске асыру (2016 жылы іске қосу мерзімімен) жоспарлануда.
Облыста индустриялық аймақ құру жөніндегі жұмыстар жүргізілуде. Күні бүгін индустриалды аймақ жобаларына қатысушылар мен әлеуетті инвесторлар өкілдерімен келіссөздер жүргізілді. Құрылыс қызметтері саласындағы және құрылыс материалдарын, құрал-жабдықтар, электр жабдықтарын, тұрмыстық химия, тоқыма және былғары бұйымдарын шығаратын 5 түрік компаниясы индустриялық аймақты ұйымдастыруға қатысуға қызығушылық танытқан.
— 2015 жылы агроөнеркәсіп кешенін қолдауға республикалық және жергілікті бюджеттен, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Ұлттық қоры қаражаты есебінен 7,3 млрд. теңге бөлінді, ол алдыңғы жылғы деңгейден 46%-ға көп. Есепті кезеңде облыстың агроқұрамаларымен 3,3 млрд. теңге несие ресурстары тартылды. Ауыл шаруашылығының жалпы өнімі 38,5 млрд. теңгені құрады. Қуаңшылық салдарынан 2,3%-ға кему байқалуда. Ағымдағы жылы ауыл шаруашылығы дақылдарының жалпы егіс көлемі 516,3 мың га алқапты құрады, бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда 6,8 мың га артық. Егін жинау жұмыстарына келетін болсақ, қуаңшылықтың салдарынан дәнді дақылдар егісінің 107,2 мың га немесе жалпы дәнді дақылдар алқабының 40%-ы есептен шығарылды. Оруға жататын егістік алқабының 48,6%-ы орылды. Орташа өнімділік гектарынан 5,2 центнерді құрайды, — деді ауыл шаруашылығына тоқталған өңір басшысы.
Биыл «Жібек жолы» ШҚ өндірістік қуаты айына 1750 бас мал союға арналған мал сою пункті құрылысы жобасын жүзеге асырды. Сондай-ақ қуаты тәулігіне 1400 бас қозы соятын, вакуумдық орамадағы ірі кесекті және блокты ет өндіру жөніндегі етті қайта өңдеу кешені іске қосылды. Қуаты ауысымына 10 тонна ет қасапханасын салу жобасы жүзеге асырылуда. 2015-2016 жылдары ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу бойынша 10 жобаны іске асыру жоспарланып отыр. Олар 5 шағын сүт зауытының құрылысы (Зеленов ауданында), сүт өнімдерін қайта өңдеу бойынша зауыт (Жаңақала ауданында), ұн және ұн өнімдерін өндіру бойынша жоба (Бөрлі ауданында), қымыз өндіретін цех (Сырым ауданында), 2 қасапхана (Ақжайық және Жанақала аудандарында).
Өңірде шағын және орта кәсіпкерлік саласында жұмыс істейтін субъектілердің саны 2,8%-ға өсіп, 40,3 мың бірлікті құраған. Кәсіпкерлік субъектілеріне банктермен берілген несие көлемі 25,2%-ға ұлғайып, 11,0 млрд. теңге құраған.
Құрылыс жұмыстарының көлемі 11,9%-ға көбейіп, 113 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілген. 251 млн. теңгеге 22 көп пәтерлі тұрғын үйді жөндеу жұмыстары жүргізілуде.
Облыс халқының сумен қамтылуы 86,8%-ға жетті, соның ішінде ауыл тұрғындарын қамту – 75,1% (238,1 мың адам). Ал табиғи газбен қамту 91,7%-ды құрайды, оның ішінде ауыл тұрғындарының 83,6% қамтылған. 16,4 мың адам тұрғыны бар 27 ауылдық елді мекенге газ құбырларын тарту жұмыстары жүргізілуде, жұмыс ағымдағы жылы аяқталады.
Биыл автомобиль жолдарын қайта жаңарту, күрделі және орташа жөндеуге 5,8 млрд. теңге бөлінді. Ұлттық қорының нысаналы трансферттері есебінен республикалық маңызы бар «Орал-Каменка-РФ шекарасы (Озинки)» автожолын қайта жаңартуға 3,0 млрд. теңге қарастырылды. Бүгінгі күні жолды қайта жаңарту жұмыстары басталды, ағымдағы жылы 8 км жолды жөндеу жоспарлануда.
Аудан орталығы Шыңғырлау ауылына дейін 17 км автожолды күрделі жөндеу жұмыстарын ағымдағы жылы аяқтау жоспарлануда (2015 жылдың қазанына дейін). Жаңақала ауылы бағыты 37 шақырым жолға жөндеу жұмыстары жалғасуда, оны 2016 жылы аяқтау жоспарлануда. Ағымдағы жылы бөлінген қаражатқа «Чапаев-Жаңақала-Сайқын», «Жымпиты-Қаратөбе», «Ақсай-Шыңғырлау», «Аңқаты-Сарыөмір», «Орал-Кирсанов», «Бұлдырты ауылына кірме жол» автожол бағыттарында жөндеу жұмыстары жоспарланып, жүргізілуде. Жалпы бұл жылы ұзындығы 90 шақырымнан астам облыстық және аудандық маңызы бар автожолдарға жөндеу жұмыстарын жүргізілмек.
— Облыста жұмыссыздық деңгейі 5,0% құрайды. Кедей отбасылардың саны 2015 жылдың 1 тамызына 620 отбасын құрады және 2014 жылдың 1 тамызымен салыстырғанда 253 отбасыға азайды. Арнаулы әлеуметтік көмек алушылар саны 927 адамға азайып, 2568 адамды құрады. Орташа айлық еңбекақы 4,8%-ға өсіп, 111956 теңгені құрады, — деді баяндамасында Нұрлан Асқарұлы. — Облыста жұмыссыздар саны – 16581 адам. 2015 жылға арналған халықты жұмыспен қамтудың Кешенді жоспар бойынша 13083 адамды жұмыспен қамтудың әр түрлі шараларымен қамтамасыз ету жоспарланды. Ағымдағы жылдың 1 тамызына 11565 адам (88,4%) мемлекет тарапынан жұмыспен қамту шараларымен қамтылды.
2015 жылы білім беру саласын қаржыландыруға 41,6 млрд. теңге бағытталған. 3 пен 6 жас аралығындағы балалардың 97,5% мектепке дейінгі ұйымдар қызметтерімен қамтылуда, республикалық көрсеткіш – 78,6%. Шетелдік инвесторлар қаражаты есебінен Жәнібек ауданының Жәнібек ауылында 290 орынды, жеке инвестициялар есебінен Зашаған кентінде 200 орынды 2 балабақша салынды. «Нұрлы жол» бағдарламасы шеңберінде Шыңғырлау ауданының Шыңғырлау ауылында 290 орынды балабақша құрылысы, шетелдік инвесторлар қаражаты есебінен Бөрлі ауданының Бөрлі ауылында 140 орынды балабақша құрылысы басталды. Ағымдағы жылы 2 мектептің құрылысы аяқталды: Орал қаласы Зашаған кентінде 1200 орынды мектеп, Жаңақала ауданының Жаңақала ауылында 100 орынды жатақханасымен 600 орынды мектеп. Мектептердегі үш ауысымды оқу үрдісі жойылды. Апатты мектептерді жою мақсатында жергілікті бюджет қаражаты есебінен 3 мектептің құрылысы аяқталды (Жаңақала ауданының Сарыкөл ауылында Х. Нұрымғалиев атындағы (108 орынды), Жуалыой ауылында Абай атындағы (108 орынды), сондай-ақ Теректі ауданының Юбилейное ауылында (108 орынды) жалпы білім беретін мектептер). Орал қаласындағы кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығының құрылысы, 5 білім беру нысанын күрделі жөндеу жұмыстары аяқталды.
Ал денсаулық сақтау саласын қаржыландыру 22 млрд. теңгені құрайды. Медицина ұйымдарын материалдық-техникалық жарақтандыруға 0,7 млрд. теңге қарастырылды. Орал қаласында 300 төсек-орынды қалалық көп бейінді аурухананың құрылысы жалғасуда.
Дәрігерлер тапшылығы 102 маманды құрайды, өткен жылдың деңгейімен салыстырғанда 58 маманға кем. Биыл облысқа 80 жас маман келеді деп күтілуде.
Облыста 771 мәдениет және өнер нысаны халыққа қызмет көрсетеді. 2015 жылы саланы қаржыландыру көлемі 4,7 млрд. теңгені құрады.
Ағымдағы жылы Орал қаласында Қадыр Мырза Әлі атындағы шығармашылық орталығы пайдалануға берілді, облыстық Достық үйінің құрылысы жалғасуда. Зеленов ауданының Переметное ауылында және Бөрлі ауданының Ақсай қаласында аудандық мәдениет үйлерін күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді.
2015 жылдың 7 айында облыс спортшылары спорт түрлері бойынша ресми халықаралық жарыстарда (Әлем, Азия чемпионаттары, Әлем Кубогы кезеңдері) 10 медаль, Қазақстан Республикасының чемпионаттарында 222 медаль, республикалық және халықаралық турнирлерде 51 медаль ұтып алды.
Ағымдағы жылы Қаратөбе және Жымпиты ауылдарында әрқайсысы 160 көрермен орынды, Орал қаласы Зашаған кентінде 320 көрермен орынды 3 дене шынықтыру-сауықтыру кешені салынды. Орал қаласында жоғарғы спорт шеберлігі мектебін күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде.
— Бүгінгі күнгі біздің басты міндетіміз – өзіндік ішкі ресурстарымызды пайдалана отырып, экономика өсімінің қарқынын сақтау. Осыған байланысты өзімнің орынбасарларыма бөлінген барлық қаражаттардың игерілуін қамтамасыз етуді, жыл соңына дейін жоспарланған іс-шараларды іске асыру бойынша тиісті шаралар алуды тапсырамын, — деді облыс әкімі Нұрлан Ноғаев.
Жарыссөзге қатысушылар өңірдің экономикалық дамуына оң баға берді.
Білім беруді дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының орындалу барысы туралы облыстық білім басқармасының басшысы Айгүл Мыңбаева баяндама жасап, облыстық мәслихаттың білім беру, денсаулық сақтау, әлеуметтік қамту мәселелері бойынша тұрақты комиссияның төрағасы, депутаты Тұяқбай Рысбеков сөз алды. Сондай-ақ бірқатар ереже-қағидалар, кадрлардың ауысуына байланысты бірқатар кеңестердің құрамы дауысқа салынып бекітілді.
Сессия соңында облыстық мәслихат хатшысы Мәлік Құлшар облыс әкімі Нұрлан Ноғаевқа «ҚР Конституциясына 20 жыл» мерекелік медалін табыстау жайлы ҚР Президентінің Жарлығын оқып, әкімнің өңіріне медаль тақты.
Нұрлыбек РАХМАНОВ,
«Орал өңірі»
Суретке түсірген Медет ДОСЫМОВ