Мұрағат: 30.07.2015


ДСҰ және Қазақстан

Күні: , 858 рет оқылды

ВТО Казакстан


Шілденің 27-сі күні Женевада ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен ДСҰ бас директоры  Роберто Азеведо Қазақстанның Дүниежүзілік сауда ұйымына қосылуы туралы хаттамаға қол қойды. Тараптар атап өткеніндей, бұл күн «Қазақстан мен ДСҰ-ның тарихи күні» болды.


Республикамыздың әлемдік іргелі сауда ұйымының мүшелігіне қабылданып, өз дамуындағы маңызды қадамды жасауын облысымыздағы саясаткерлер, қаржыгерлер, ғалымдар қалай бағалауда?

Саид ЗАБИТОВ,

Орал қаласындағы Ресей Федерациясының бас консулы:

— Кез келген елдің ДСҰ-ға мү­ше болып енуі оның экономикасына үл­кен өзгерістер әкеледі. 2012 жылдан бері осы ұйымға мүше болып келе жат­қан Ресейдің әлеуметтік-экономикалық дамуына ол тың серпін берді. Бұған дейін қазақ­стан­дық кәсіпкерлер Кедендік одақ, ЕАЭО аясында жұмыс істесе, енді ДСҰ-ға қосылу арқылы жаһандық экономика жағдайында қызмет атқаратын бола­­ды. Со­­ған сәйкес жауапкершілікті барынша күшейтіп, сапаға жете мән беру керек болады. Өйт­кені жа­һандық экономикада бәсекелестік күшті. Бұл, әри­не, тек кәсіпкерлерге қа­тыс­ты емес. ДСҰ-ға кірген елдің үкіметі, халқы бәсекеге қабілетті болуы керек. Қазақстан­дық­­тар бұл сыннан да абыроймен өтеріне сенімім мол.

Екпін түсіріп айта кетейін дегенім, ҚР Президенті бұл мәселеге үлкен мән беріп, икемділік пен дипломатиялық шеберлік танытты. Келіссөздердің әрбір сәтін қадағалап отырды. Міне, соның бәрі өз нәтижесін беруде. «100 нақты қадам» ұлт жоспарында ДСҰ-ға мүшелік жағдайында елді дамыту жайы ескерілген. Қазақстанның жаһандық экономика жағ­дайында жұмыс істеу тәртіптері, бәсекелестікке қа­білетті болу мәселесі айқындалған. Нұрсұлтан Назарбаев алысты болжайтын көреген саясаткер екенін тағы бір мәрте дәлелдеді.

Сергей РОДИН,

ҚР Ұлттық банкі Батыс Қазақстан филиалы директорының орынбасары:

— Дүниежүзілік сауда ұйымына мүше болған елдерге көптеген же­ңіл­дік бар. Нақ­тылап айтқанда, сауда дауларының конс­т­руктивті ше­шілуіне мүмкіндік алады. ДСҰ-ға қатысушы мемлекеттер арасындағы келіс­сөздердің жүруінде көп мәселе туындамайды. Сауда саясатын ырықтандыру және протекционистік кедергілерді қысқарту нәтижесінде тауар саудасы еркін жүріп, тауарларды импорттау елеулі түрде көбейеді. Импортталған тауар бағасының төмен бо­луы ішкі нарық­тағы бағаның төмендеуіне ықпал етеді. Импорт­тық тауар көлемінің артуы жаңа техника мен технологиялар­дың келуін қамтамасыз етеді. Тауар мен қызметтерді таңдауға мүмкін­дік береді. Сөйтіп отандық өндірісті дамытып, оны қайта жабдықтауға жағдай жасайды. ДСҰ шеңберінде демпингке қарсы шаралардың және квоталық шектеуліктердің халықара­лық деңгейде алынып тасталуы отандық өндіріске қолайлы жағдайларды қамтамасыз етері анық. Бұл отандық өндірістің қуаттылығын арттырып, экспорттың өсуіне ықпал етеді. ДСҰ шеңберінде біріккен кәсіпорындарды құру, біріккен зерттеу­лерді өткізу, зияткерлік меншік нысандарын басқа мемлекеттермен алмастыру мүмкіндігі артады. Сонымен қатар ДСҰ шең­бе­рінде қосымша инвестициялар тартуға жол ашылады. Елі­мізге Батыстың қаржы корпорациялары келіп, арзан және ұзақ мерзімді несиелер алу көздері ашылады.


Дағдарысқа тез бейімделу – табыс кепілі

Күні: , 881 рет оқылды

DMS_7815


Шілденің 28-і күні өңір басшысы Нұрлан Ноғаевтың төрағалық етуімен облыс әкімдігінің кеңейтілген отырысы өткізілді. Жиынның күн тәртібіндегі ең басты мәселе — облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуының биылғы алғашқы жартыжылдықтағы қорытындысы болды.


— Бүгінгі мәжіліс барысында біз атқарылған істерге сараптама жасап, алдағы уақытта қандай жұмыс атқаруға тиіспіз, кенжелеп қалған тұстарымызды қалай жетілдіреміз деген сауалдарға нақты жауап іздейтін боламыз, — деді Нұрлан Асқарұлы кіріспе сөзінде.

Негізгі баяндаманы облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Бибігүл Қоныспаева жасады. «2015 жылдың бірінші жартыжылдығын­да облыста 584,3 млрд. теңгенің  өнеркәсіп өнімі өндірілді. Сонымен бірге тау-кен өнеркәсібінде өндіріс көлемі 2,9%-ға азайды жә­не 520,6 млрд. теңге құрады. Таби­ғи газ өндіру 2,4%-ға өскенмен, газ конденсатын өндіру 1,5%-ға, мұнай өндіру 17,3%-ға төмендеді.

Мұнай өндірудің азаюы КПО б.в компаниясы базасында шикізат жеткізуге жасалған келісімшарт­тар көлемінің азаюына және 2015 жылдың сәуір айында «Жайық­мұнай» ЖШС қондырғыларына профилактикалық-техникалық жөн­деу жүргізілуіне, газ конденсатын өндіру көлемінің азаюы «Газпром добыча Оренбург» ЖШҚ-мен тазартылмаған газ қабылдау көлемінің төмендеуіне байланысты болып отыр. Қажетті шикізаттың жетіспеуі салдарынан «Конденсат» АҚ-да өндірістің қысқаруына байланысты дизель отынын өндіру 48,8%-ға төмендеді.

2015 жылы облыс әкімдігі, ұлт­тық компаниялар мен ірі тау-кен және өнеркәсіптік кәсіпорындар арасында жалпы сомасы 42 млрд. теңге құрайтын жергілікті үлесті дамыту жөніндегі ынтымақтастық туралы 20 меморандумға қол қо­йылды. Қол қойылған меморан­думдар аясында жалпы сомасы 23,5 млрд. теңгеге 166 келісімшарт жасалды.

Есепті мерзім ішінде орындал­ған құрылыс жұмыстарының көле­мі 7,3%-ға көбейіп, 27,3 млрд. теңге құрады. 4 білім беру, 3 спорт, 1 мәдениет, 1 сумен қамту, 5  газбен жабдықтау нысаны салынды. Бұған қоса қазіргі таңда 5 білім беру, 1денсаулық сақтау, 3 ішкі істер органдары, 1 мәдениет, 1 сумен қам­ту, 3 газбен жабдықтау, 1 қорша­ған ортаны қорғау, 7 жылумен жабдықтау және су бұру нысаны­ның, «Өңірлерді дамыту» бағдар­ла­масы шеңберінде 2 нысан мен тұрғын үйлерді салу (қайта құру), автомобиль жолдарын жөндеу жұ­мыстары жалғасуда.

Енді ағымдағы жылдың екінші жартыжылдығында экономикалық өсімді қамтамасыз ету жөніндегі іс-шаралар жоспарын әзірлеп, бекіту көзделуде. Тау-кен өнеркәсібінде мұнай және газ конденсатын өн­діру көлемін өткен жылғы дең­гейде (сәйкесті 280 мың тонна және 12,7 млн. тонна) қамтамасыз ету, ауыл шаруашылығы саласын­да егін жинауды және күзгі дала­лық жұмыстарды, жемшөп дайындауды уақытында жүргізу, «Еттің экспорттық әлеуетін дамыту» бағ­дарламасының жоспарлы көрсет­кіштерінің орындалуын, ауыл шар­уашылығы өнімдерін қайта өңдеу өндірісін және көлемінің өсуін қамтамасыз ету, жоспарланған 240,0 мың шаршы метр тұрғын үй­ді іске қосу, 2015 жылға арналған облыс халқын жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің кешенді жоспары­на сәйкес, халықтың нысаналы топтарынан 13 мыңнан аса адам­ды жұмысқа тарту міндеті тұр» — деді Б. Қоныспаева.

Кезекте баяндама жасаған об­лыстық кәсіпкерлік және индус­триалдық-инновациялық даму бас­қармасы басшысының міндетін уақытша атқарушы Руслан Сапар­ғалиев бүгінгі таңда, облыста тір­келген шағын және орта кәсіпкер­лік субъектілерінің саны 47,8 мың екендігін, оның 42,4 мыңы белсен­ді жұмыс жасайтындығын мәлім­деді. «Бұл өткен жылмен салыс­тырғанда 8,6%-ға жоғары. Шағын және орта кәсіпкерлік субъекті­лерінің өсу көрсеткіші Ақжайық, Бөкей ордасы, Қаратөбе және Теректі аудандарында байқалады. Олар ағымдағы жылдың алғашқы алты айында 203,1 млрд. теңгеге өнім өндірді.

Шағын және орта кәсіпкерлік саласында жұмыспен қамтылған­дар саны 1,3%-ға өсіп, 91,8 мың адамды құрады. Жұмыспен қамтыл­ғандар санының өсуі бойынша жағымды бетбұрыс Бөкей ордасы және Бөрлі аудандарында орын алды. Сонымен қатар Ақжайық, Жаңақала, Қаратөбе және Шыңғыр­лау аудандарында көрсеткіштер­дің төменделуі байқалады.

Металлургия саласында өндіріс көлемі 3,7%-ға кеміді, бұл «Қаз­трубпром» ЖШС-індегі өндірістің 16,8%-ға төмендеуіне (болат және бұрғылық айналдыра салынатын құбырлар) байланысты. Жыл басынан бері ұнтағыш шарларды өт­кізудегі қиындықтарға байланысты «Казармапром» ЖШС-інде де өндірісінің төмендеуі байқалуда. Дегенмен «Михайловский ТКБК» АҚ-мен (Ресей Федерация­сы) ұнта­ғыш шарларды жеткізуге келісімшарт жасалды. 2015 жылдың со­ңына дейін ай сайын 2300 тонна жеткізу жоспарланып отыр. 2015 жылы 2014 жылмен салыстырған­да өндіру көлемін 52,8%-ға ұлғай­ту күтілуде.

Индустрияландыру картасы аясында облыс бойынша 40 жоба іс­ке асырылуда, 1890 жаңа жұмыс орны ашылды. 2015 жылы 143 жұ­мыс орнын құру арқылы 48,2 млрд.теңгеге 4 жаңа жобаны іске қосу жоспарлануда. Олар: К5 экология­лық санатындағы мотор отынын өндіру зауытын салу («Конденсат» АҚ), сүт өнімдерін өндіру бойынша цех құрылысы («Жұмағұлова Б. М.» ЖК), қара уылдырық және тауар­лық бекіре өндіру бойынша кешен құру («Су дақылдары тәжірибелік-өнеркәсіп өндірісінің оқу-ғылы­ми кешені» ЖШС), газтурбиналы электр станциясын салу (бірінші кешенін іске қосу, 100 МВт, «Батыс Пауэр» ЖШС)» — деді Р.  Сапарғалиев.

Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Марат Оңғарбеков өз баяндамасында 2015 жылы агроөнеркәсіп кешенін қолдауға 7 млрд. 258,5 млн. теңге қаржы қаралғанын, соның ішінде өсімдік шаруашылығына — 678,2 млн. теңге, малшаруашылығына — 4 млрд. 703,3 млн. теңге, инвестициялық салынымдарды субсидиялауға — 521,8 млн. теңге және азық-түлік­тік, фитосанитариялық қауіпсіздік­ті қамтамасыз етуге, ветеринар­лық, фитосанитарлық шараларды өткізуге — 1 млрд. 355,2 млн. теңге бөлінгендігін атап өтті.

«Ағымдағы жылдың 1 шілдесіне мүйізді ірі қара 533,8 мың басты, (106,9%), соның ішінде сиыр – 217,5 мың бас (108,5%), қой – 1195,2 мың басты (108,6%), ешкі – 248,2 мың басты (106,6%), жылқы – 139,4 мың басты (114,4%), шошқа – 26,9 мың басты (97,2%), түйе – 2,9 мың басты (93,2%) және құс – 1001,1 мың басты (103,9%) құрады.

Мемлекеттік қолдаудың арқа­сында соңғы жылдары мал басы жекеден ауыл шаруашылығы құры­лымдарына қарай шоғырлануы байқалуда. Бүгінгі таңда ірі қара ма­лының 48,5%-і (2014 жылы 44,5%), ұсақ мүйізді малдың 48,2%-ы (2014 жылы 46,7%), жылқының 67,3%-і (2014 жылы 64,7%) ауыл шаруа­шылығы құрылымдарында ұста­лу­да.

Қазір облыста 17 асыл тұқымды шаруашылық тіркелген, оның ішінде 4 шаруашылық қой өсірумен, 12 шаруашылық жылқы өсірумен және 1 шаруашылық түйе өсіру­мен айналысады. Асыл тұқымды ірі қара мал шаруашылығымен 59 шаруашылық айналысып, оларда 19,3 мың бас мал тіркеліп отыр. Асыл тұқымды мал шаруашылық­тарында 18160 бас қой, 5123 бас жылқы, 288 бас түйе бар.

«Нұрлы жол» мемлекеттік бағ­дарламасының аясында Ұлттық қор­дан облысымызға 2 млрд. 400 млн. теңгеден астам қаржы бөлін­ді. Қаржы төрт бағытқа қаралған. Олар: ірі қара малын асылдандыру; құс, шошқа шаруашылығына; тағамдық жұмыртқа өндіру; сүтті бағыттағы малдың жемшөп шығын­дарын өтеу. Бұл қаржы Ұлттық қордан бөлінгеннен кейін сұрауы міндетті түрде болады. Өкінішке қарай, көптеген аудандарда осы қаржыны игеру үшін ауылдық коо­перативтерді құру жұмысы сылбыр жүруде. Әріптестер, сіздерден бұл жұмысқа айрықша мән беріп, мұқият қадағалауға алуларыңыз­ды сұраймын» — деді М. Оңғарбеков.

Кеңесте сондай-ақ облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқар­масы басшысының міндетін атқа­рушы Самат Хангереевтің баян­да­масы тыңдалды. «2015 жылдың 1 шілдесіне 4257 адам жұмысқа орналастырылды, 3994 жаңа жұмыс орны ашылып, оған жыл басынан бері жұмыспен қамту бөлімі арқы­лы 2484 адам, «Жұмыспен қамту-2020 жол картасы» бағдарламасы арқылы 1773 адам орналасты. Қо­ғамдық жұмыстарға жіберілген жұмыссыз азаматтардың саны 4420 адамды құрады. Әлеуметтік жұмыс орындарына 826 адам және жастар практикасына 508 түлек жолданды. Кадрларды даярлау, қайта даяр­лау және біліктілігін арттыру­ға 603 адам жіберілді, соның ішін­де «Жұмыспен қамту 2020 жол картасы» бағдарламасы бойынша 243 адам.

Облыста 20 бос жұмыс орындары жәрмеңкесі өткізілді. Өткізіл­ген жәрмеңкелер нәтижесінде 254 адам жұмысқа орналастырылды, 227 адам қоғамдық жұмыстарға тартылды, 28 адам кәсіптік оқуға, 114 адам әлеуметтік жұмыс орындарына, 49 түлек жастар практикасына жіберілді» — деді С. Хангереев.

Облыстық қаржы басқармасы­ның басшысы Айгүл Салахатдинова  облыс бюджетінің жылдық көлемі 138 810,0 млн. теңге құрағандығын айтып өтті. Күні бүгін түсімдер бо­йынша жоспар 104,6%-ға орын­дал­ған. Облыс бюджетінің шығыс бөлігі 98,1%-ға орындалып, респуб­ликалық бюджеттен бөлінген нысаналы трансферттер 96,6%-ға игерілген.

Кеңейтілген кеңес жұмысын қо­рытындылаған өңір басшысы Нұрлан Ноғаев жаһандық дағда­рыстың салқыны бізге де тиіп отырғандығын, сол себепті туын­даған қиындықтарды, мәселелерді бірлесіп, барынша тез арада шешу қажеттігін қадап айтты. «Жергі­лікті өнеркәсіп орындарының ба­сындағы проблемалар нарықтағы конъюктураның өзгеруіне байланысты. Нарықтағы өзгерістерден біз де қалмауға тиіспіз. Қажет же­рінде кәсіпорындарды «қолмен» басқару режиміне көшіру керек.

Бұл жұмысқа барлығыңыз атсалы­суға міндеттісіздер. Осы бағыттағы кез келген оң жұмыстың артында халықтың әл-ауқаты тұр» — деді Нұрлан Асқарұлы.

Кеңес барысында өңір басшысы аудан-ауылдардағы мемлекеттен алынған шағын несиелерді сот арқылы қайтару, ауылдарда ірі мал кооперативтерін құру, «Сыбаға», «Алтын асық», «Құлан» мемлекеттік бағдарламаларының орындалуын қатаң  бақылауға алуды тиісті сала басшыларына шегелеп тапсырды.

Тоқтар ҒАБДІРЕШҰЛЫ,

«Орал өңірі»


Он бір қадам – сот жүйесіне оң сапа

Күні: , 965 рет оқылды

3-69


Елімізде  «100 нақты қадам» Ұлт жоспарына сәйкес сот саласында жаңғырту жұмыстары жүріп жатыр. «Қазақстан-Орал» телеарнасында өткен брифингте облыстық соттың азаматтық және әкімшілік істері жөніндегі апелляциялық сот алқасының төрағасы Бахытбек Бегалиев «Заңның үстемдігін қамтамасыз ету» атты ІІ тарауы бойынша белгіленген 11 қадам барысын кеңінен түсіндірді.


World Justice Projekt ха­лықаралық үкіметтік емес ұйым жасақтаған рейтингте құқық үстемдігін қам­та­масыз етудің 6-тармағы бойын­ша Қазақстан 2015 жылы жоғары көрсеткішке қол жеткізіп отыр­ға­ны көрсетілген. Сот жүйесі инстанцияларын оңтайландыру мақ­са­тында қазір бес сатылы сот жү­йесінен (бірінші, апелляциялық, кассациялық, қадағалау және қай­­­та қадағалау жасау) үш сатылы (бі­рінші, апелляциялық, кассация­лық) сот төрелігі жүйесіне кө­шу жұмысы тиянақталды.

Судьяға үміткерлерге қойыла­тын біліктілік талабы күшейтілді. Бұрын жасы 25-ке толғандарға рұқсат етілсе, қазір бұл лауазымды қызметте жасы 30-ға келген азамат қана істей алады. Сот хатшыларының, прокуратура қыз­меткерлері мен адвокаттардың сот саласындағы үдерістерге қа­тысу мерзімі 5 жылдан кем бол­мауы керек. Үміткер сотта бір жыл­дық тағылымдамадан өтеді және оған судьяның еңбек­ақы­сының 50-ден 70 пайыз­ға дейінгі мөлше­рі аралы­ғында стипендия тө­ле­не­-ді. Бұл сатыдан іріктелгендерге бір жылдық сынақ мерзімі тағайындалады. Оларға сот қа­рауындағы әкімшілік істермен қа­тар, аса ауыр емес азаматтық жә­не қылмыстық істер­ді ат­қару жүктеледі. Кейін сот алқасының біліктілік комиссиясының берген баға­сын Жоғарғы сот кеңесі ма­құл­­дап, Мемлекет басшысының Жар­­лы­ғымен тұрақты мерзімге судья қыз­метіне тағайындайды.

Сондай-ақ Жоғарғы сот жа­нын­­­­­да  сот төрелігі институты құ­рыл­мақ. Онда терең ғылыми ба­ғытта, мәселен, магистрлік білім беріле­ді. Институттың ғылыми құ­рамы Жоғарғы сот қау­­лыларын саралап, қорытынды бағасын бе­ре алатын болады.

Судьялардың жаңа эти­­калық ко­дексі жа­сақ­та­лады. Соның негі­зін­де судьялар әрекеті бойынша азаматтар шағымдана алады. Сот ресімдерін оңтайландыру жә­не же­делдету  үшін прокурорлардың қатысуын 50 пайызға жуық қыс­қарту көзделуде.

Жоғарғы сотта инвестициялық алқа ұйымдастырылады, ол еліміздегі ірі инвесторлар арасындағы дауды шешеді. Дубай тәжірибесі бойынша Астана қаласында қар­жы соты құрылды. Онда сот ісі ағыл­шын тілінде жүргізіледі, халық­аралық заңнама жүйесіне сүйе­неді.

Гүлден АЮПОВА,

«Қазақстан-Орал» телеарнасының  тілшісі:

– Ұлт жоспары негізінде біз­дің өңірде қандай шаралар ат­қарылуда? Біздің облыстағы су­дья­лардың біліктілігін арттыру ісі қалай  ұйымдастырылуда?

– Біздің облыста сот мәжілі­сі толықтай дерлік дыбыстық жазбамен қамтылған және бейнежазбаны да сот ашықтығы үшін қолданамыз. Судьялыққа та­ғайындалған жас мамандармен әрдайым тәжірибемізді бө­­лісіп отырамыз. Біліктілік са­пасын  арттыруға  көңіл  бөле­міз.

Әуес ОРЫНАЕВА,

облыстық  радионың редакторы:

– Облыстық сотта азамат­тық істердің шешілу барысы қан­дай? 100 нақты қадам шеңбе­рін­де алға қандай талаптар қо­йы­лып отыр? Қазіргі уақытта бі­тім­гершіліктің рө­лі артып келеді. Бұған қатысты қандай мәлімет келтіресіз?

– Ұлт Жоспары аясында 11 қадам реформасы толықтай жүзеге асырылады. Сот қызме­ті үш инстанцияға азайды. Яғни сот үдерісі ықшамдалды. Төре­лікке жүгінушілер көп уақытын жоғалтпайды. Негізі, екіжақты бітімге келу – зор жетістік. Бұл бағытта медиацияның оң ықпалын атап өтуге болады. Бітімгершілік арқылы биыл 244 қылмыстық, 258 азаматтық іс қысқартылды. Оның сыртын­да 100 іс бейбіт келісім арқы­лы шешілді. Биыл Азамат­тық іс жүргізу кодексіне біраз өзге­рістер енгізілді.

Нұртай ТЕКЕБАЕВ,

«Орал өңірі»


Газетті айлап жиып оқитын тұрғындардың жанайқайы

Күні: , 863 рет оқылды

Колик


Егер мерзімді баспасөз өнімдері, яғни газет-журналдар оқырманға уақтылы жетпесе, ақпараттық құнын жояды. Осындай мәселемен редакциямызға Зеленов ауданы Щапов ауылдық округінің әкімі Айтқали Әбжанов хабарласқан еді. Ол ауыл тұрғындарының екі айға жуық газет алмағанын айтып, осы сұрақтың шешілуіне ықпал етуін сұрады.


Мәселенің мән-жайына қанығу үшін облыс ор­та­лығынан ат шапты­рым жердегі Щапов ауылына же­тіп бардық. Пошта бөлімшесі жабық болды. Қақпасының ал­дында жаңа газет-журнал әкел­ген «Қазпоштаның» көлігі тұрды. Қабылдап алатын пошташы та­­былмағасын көлік келген бағы­ты­мен кері кете барды.

Әкім де орнында болмады. Сөйтсек, ол пошта арқылы жібе­рі­летін құжаттарды тиісті орын­дар­ға өз қолымен апару үшін об­лыс орталығына кеткен екен. Мә­селенің мән-жайын халықтың өз аузынан естігіміз келіп, бірнеше ауыл тұрғынын әңгімеге тарттық.

– Пошташымыз мамыр айында жұмыстан кеткелі бері орнына жаңа қызметкер тұрақтамады. Содан бері жөндеп газет-журнал қолымызға тимеді. Аудандық пош­та өкілдері маусым айында ха­лық­қа зейнетақы әкелген кезде га­зетті үйіп-төгіп бір әкелді. Оны тарататын ешкім болмады. Әкім­шіліктің еденінде жатты. Жартысын мектепке апарып тастады, – дейді ауыл тұрғыны, зейнеткер Ғайса Бисенов.

Еденде түйіншегі шешілмеген күйі жатқан газет бумаларын біз де өз көзімізбен көрдік. Шынымен де маусым айының аудандық, облыстық басылымдарымен қа­тар аптасына 5 рет шығатын «Еге­мен Қазақстан» сияқты респуб­ли­калық газеттер әкімшілік ма­ман­дарының бөлмесіне кіре берісте үйіліп жатты.

Ауылдық әкімшіліктің мамандары пошта мен пошташы қыз­метіне қатысы жоқтарын, олар үшін жауап бере алмайтындарын айтып, қандай да болмасын жауап айтудан бас тартты. Газетке жазылушылардың біразы балабақша қызметкерлері екендігін білген соң, осы мекемеге ат басын бұрдық.

– Мамыр айының аяғынан бері газет қолымыз­ға тимей, осыдан бір аптадай бұ­рын соның бар­лы­ғын жиып әкеп тастағаны шындық. Оның бар­лы­ғын «өздерің бө­лісіп алыңдар» деп менің үстеліме әкеп үйіп тастады. Өзіңіз ойлап қараңыз – әрқайсысы 10 мың теңгеге га­зет-журналға жазылатын тұтастай ұжым­ның екі айға жуық газеті қандай көлемде боларын. Соның өзінде кейбір журналдарымыз жоқ болып шықты. Оны кімнен та­лап етеміз – тұрақты жұмыс істейтін пошташы жоқ, – дейді бала­бақ­­­ша  директоры  Ажар  Маушаева.– Бұған дейін жұ­мысына жа­уапкершілікпен қа­рап, басылым­ды әр үйге тара­татын пошташы­мыз болған. Отба­сылық жағда­йы­на байланысты ол жұ­мыстан бо­сады. Содан бері пошташыға жа­рымадық. Апта бұрын басылған газеттің ақпараты өзек­ті емес. Уақытымен келмегесін бас­пасөз­дің  керегі  не?

DMS_5854

– Газет-журнал әуелден уақты­­лы қолымызға тимейтін еді, ма­мырдан бері мүлдем алмадық. Мұ­ға­лімдер әдістемелік журналда­рын толық ала алмайды, сол себептен оларға жазы луды азайт­тық, – дейді Щаповтағы мектептің оқу ісінің меңгерушісі Алтынай Сексенбаева (суретте).

Ауылдан қалаға қарай шыққа­нымызда жолдан ауыл әкімін ке­зіктірдік.

– Арыз емес, ауыл халқының жанайқайын айтсақ, «Қазпошта» мекемесінің халыққа қызмет көр­сетуі көп жылдан бері түзелмей ке­ле­ді. Бұл, ең алдымен, қызметкер­дің жалақысына байланысты деп ойлаймын. Өткен жылдарға дейін пошта қызметкерінің жалақысы 5-8-15 мың теңге болып, өткен жы­лы 20 мың теңгеге DMS_5949шақ көтерілді. Отыратын орындарының жылуы жоқ. Ауыл тұрғындары, әсіресе, зейнетақы беру кезінде отыратын орындықтар болмауынан ертеден кешке дейін түрегеліп кезек күтеді. Газет-журнал уақтылы та­­ра­тылмайды, олардың жоғалып ке­ту фактілері көп. Сондықтан ауыл тұрғындарының газетке жазылу­­ға ниет­те­рі төмен. Әкім­ші­лік ауыл тұр­­­ғын­дарынан жи­на­ла­тын төле­мін, ауыл тұр­ғын­дары пошта ар­қылы тө­ле­не­тін әр түр­лі төлемдерін мамыр­дан бері төлей алмай, ау­дан­мен екі ортада са­­былуда. Пошташы қыз­­метін істегісі келген ауыл­дың төрт тұрғыны таңдаудан өтпеді. Халық мені қысып жатыр, – дейді аталмыш мәселені аудан­­дық деңгейде шеше алмағасын облыс деңгейінде жария етіп, кем­шілікті түзетуге құлықты округ әкімі  Айтқали  Әбжанов (суретте).

Біз бұл мәселе бойынша «Қаз­пошта» АҚ-ның облыстық бөлім­шесінің директоры Қайрат Беке­нов­ке жолыққан едік.

– Аталмыш ауылдық округтегі бөлімшеде қызметкер болмағаны шындық, біз бұдан хабардармыз. Аудандық пошта торабы арқылы қызметті жеткізуге тырыстық. Зеленов аудандық пошта байланы­сы торабының сол кезеңде басшы міндетін атқарған қызметкері Сәуле Бердалиева пошта уақы­тында мекенжай бойынша жет­кі­зілгені жөнінде есеп берді. Біз Щаповтың пошташы мәселесін ше­шумен айна­лыс­тық. Бірақ  газет­тер­дің уақтылы жет­пегені жайлы білмедік. Адам­дар­дың жазылып оқитын басылым­дары қолдарына тимегені – факт. Біз келтірілген шығынды кі­нәлі тұл­ғалар есебінен орнын толтырамыз, – дейді Қайрат Бекенов.

Сөйтіп, аптасына 3 рет шыға­тын біздің облыстық газеттерді оқырманға жеткізу жөніндегі ке­лісімшарттағы талаптар «Қаз­пош­та» АҚ тарапынан бұзылды. Га­зет­ті шығарушының да, оқырман­ның да құқы аяқасты болды. Қо­ғамдық-саяси мәні зор осынау басылымдар сіздің де қолыңызға кеш жетіп, га­зетті жиып оқып жүрсеңіз, «Орал өңірінің» 51-25-80 телефон нө­мі­ріне  хабарласыңыз,  оқырман.

  • Щапов ауылы Орал қала­сы­нан 25 шақырым жерде
  • Ауылдық округте 506 түтін бар
  • Тұрғындар саны – 1950
  • 34 дана облыстық «Орал өңі­рі», 32 дана «Приуралье»,  81 да­на Зеленов аудандық «Ауыл тынысы» газеттеріне жа­­­­зылады

Нұрлыбек  РАХМАНОВ,

«Орал  өңірі»

Суреттерді түсірген Медет ДОСЫМОВ


Ұлы бабаларымыз ұмытылмауы тиіс

Күні: , 886 рет оқылды

1Даукара батыр


Еліміз егемендікке жеткесін ұрпаққа үлгі болатын қайраткер, батыр тұлғаларды ұлықтау ісі ыждағаттылықпен қолға алынды. Халық та мұндай өнегелі бастамаларды үнемі қолдап, қошеметін білдіріп келеді.


Қазақ хандығының 550 жылдығы қарсаңында біздің өңірде де осы ба­ғыттағы игі шаралар бой көтерді. Осы тұрғыда заманында жау қай­тарып, елге қорған болған батыр бабаларымыздың ерлік, елдік іс­тері ұрпақ жадынан жойылып ба­ра жатқанын және олар жерленген қорымдардың да қамқорлыққа зәру күй кешіп тұрғанын айтпай өте алмаймыз. Әңгімеміздің түп төркіні Байбақты руының Әлтеке тайпасынан тарайтын, бір рулы елдің емес, барша жұртының қа­мын жеген әйгілі Дәуқара, Сырым, Науша батырлар жайында бол­­мақ. Жуырда аттары аталған батыр бабалардың ұрпақтары бас қосып, көпке тәлім болар та­рихи тақырыпта ой бөлісті. Аман­жол Зейнуллин, Владимир Асанов, Ал­мат Ғалымов сынды азаматтар қа­зақ батырларына қатысты тарихи, мұрағаттық, сондай-ақ ел аузын­да аңыз-әңгіме күйінде сақ­талған деректерді ортаға салды. Бұған дейін «Орал өңірі» газетінің бе­тінде Байбақты руының ұранына айналған атақты батыр Дәуқара­ның, сондай-ақ Ба­тыр Науша Қар­жауұлының жер­ленген жерлері нақты жазылып, құлпытастары­ның фотолары ба­сылған-ды. Енді сол бабалардың бүгінгі ұрпақтары екі батырдың да басын қарай­тып, кесене тұрғызбақ. Осы шаруаны үйлестіру бағытында «Науша батыр» қайырымдылық қоры құ­рыл­ды. Игі іске азды-көпті үлес қосамын деуші ықыласты жандар болса, көрсетілген реквизитке қар­жылай көмектерін жолдай алады.

БИН: 150540009566; БИК: NFBAKZ23; KZ256391022030000220, «DeltaBank» АҚ, Орал қаласы. Тел: 8 701 372 13 51; 8 705 560 84 42; 8 71 12 53 87 56; 8 778 316 63 94

Алтынбек ЕРМҰХАМБЕТОВ, «Науша батыр» қайырымдылық қорының директоры


Ұлттық өнерімізді ұлықтаған

Күні: , 170 рет оқылды

IMG-20150727-WA0008


Күйші, музыкант, сазгер, шешен, спортшы, зергер, қолөнер шебері, тілші, атбегі Аманғали Қайсағалиев ағамыздың салауатты да сәнді өмірін жас ұрпаққа үлгі, өнеге ету мақсатында бұл мақаланы жазып отырмыз.


Ол өзі жасаған дүниесін фольклормен, ауыз әдебиетімен байланыстырып отырады екен.

Қазақтың фольклоры, өлең  жырында тұрмыста қолданылатын құ­рал-жабдықтары молынан орын алған. Мысалы, ел-жұртымыздың мәдени-тұрмысы мен рухани зер­десінде кәдімгі қамшының ерек­ше мәні бар. Қазақ өнері мен тұр­мысында қамшы — өнер туындысы, қамшы — рухани күш-қуат, қамшы — сый-сияпат, қамшы — жігіт пен қыздың сән-салтанаты, қамшы — азамат айбыны, қамшы — шебер қолдың айғағы, қамшы – алса қа­ру, қалса мұра екені айқын.

Қамшыны ауызға алмай өлең, жыр айтылмаған:

Қолымда бір қамшым бар алты таспа,

Сұлудың керегі жоқ сенен басқа, — деп жырлауы да содан.

Қамшының жиырмадан астам түрі бар екен. Сондай-ақ мал ай­дауға, ұрыста, соғыста қару орнына  жүретін қамшылар да (дыр, дырау, дойыр) болған.

Қай қамшы, мынау қамшы, дырау қамшы,

Сабына өрнек салған құрау қамшы.

Атты жылдам жүргізіп қана қоймай,

Батырға айбат берген дырау қамшы.

Ағамыздың алты өрме – бұзау тіс, сегіз өрме – жылан бауыр, он өрме — қанат қияр, он екі өрме — дойыр қамшылары осының айға­ғындай.

Қаройдың қамшым қалды қабағында,

Шырыны қымыздықтың са­бағында, — деп ән шырқаған да­ла қазағының өміріндегі қасиет­ті қамшының қадір-қасиетін осы дойырларды көргенде сезіне тү­сесің.

Ер — салт мінетін ат тұрманы­ның жалпы атауы, әбзелдің негіз­гі ағаш тұғыры. Ол екі қастан, екі қапталдан, арқалығынан (бел­ағаштан) тұрады.

Көшкенде жылқы айдаймын жиыстырып,

Ер шаптым бес ағаштан қи­ыстырып, — деген қазақ құран­ды ер, шошақ бас ер, қазақы ер, үйрек бас ер, қазық бас ерлердің түрін жасаған. Ағамыздың да бес ағаштан құрап, қиыстырып шапқан еріне қызыға қарамасқа амалың жоқ.

Енді  Біздің ауыл Ақсайдың қақпасында,

Күміс жүген жарқылдар ат басында, — деп шырқаған,

сондай-ақ :

Аспанда ұшып жүрген көгілдірік,

Жарасар жүйрік атқа өмілдірік.

Жаным-ау неге келдің, неге кеттің,

Бір жағын қабырғамның сөгілдіріп? —  деп әнге қосқан жү­ген мен өмілдіріктің  жасалуына назар аударалық.

Жүген жалпақ өріммен немесе түйген жүген түрінде жасалыпты. Ол — ат басына кигізілетін негізгі әбзелдің бірі. Жүген екі жақтау­дан, желкеліктен, кекілдіктен, кең­сіріктен, сулықтан, ауыздықтан, сағалдырықтан, шығыршықтан жә­не тізгіннен тұрады. Ал өмілдірік – ер кейін кетпес үшін аттың омырауына шеттік арқылы тағылатын, әсемделген, шекетулеген өте сән­ді әбзел екен.

Домбыра — қазақ халқының ең кең тараған екі шекті, көп пернелі музыкалық аспабы. Алғаш эпикалық дәстүр шеңберін­де жыр, толғау, термелерді сүйемелдеуге қолданылған домбыра кейін аспаптық шығарма — күй жанрының қалыптасуына ықпал еткен.

Қолымда домбырам бар қозы құйрық,

Жасаған без қайыңнан терең ойып, — дегендей, өзі де күйші Аманғали ағамыздың шебер қолымен ойып жасаған домбырасы сыңғырлап-ақ тұр. Тұтас ағаштан шанақтың қуысы тостағанша дөңгеленіп ойылған, ал мұның өзі аспаптың дауысы жақсы шығуына мүмкіндік береді екен. Шебердің мұнан басқа да жасаған дүниелеріне қызықпай қарау мүмкін емес.

Белбеу (алқа белбеу, қапсыр­ма белбеу, кемер белбеу) — негізі былғарыдан тігіліп, түрлі әшекейлермен шекетуленген.

Пышақ (кездік, бұйда пышақ, лө­кет, бәкі) — аңға немесе жолға шық­қанда міндетті түрде алып жүретін қажетті дүние деп есептеледі.

Тоғызқұмалақ — әлемдік мәде­ниеттің озық үлгілерімен бой те­ңестіре алатын зияткерлік ойын, логикалық ойлау өнері. Ағамыз тоғызқұмалақ тақтасын ескі үлгі­дегі ерекшелікті сақтап (2 қазаны бар) жасапты.

Ал өзі ойлап тапқан тақтада ойналатын «Бес асық» туралы бұрын да жазылып, айтылып жүр.

IMG-20150727-WA0014

Ыдыс-аяқ, ағаш ожау, қасық т.б құралдары да ыңғайлылығымен, ұлттық пішінімен, өзіндік шешімімен ерекшеленеді.

Ал ауласында табиғаттың өзі ұқсатып жаратқан дүниелерді сәл-пәл өңдеп, түрлі аң-құстың бейнесіне  айналдырған шебердің ой-қиялына таңданбасқа шараң жоқ.

Мәлік БЕРДІ ӘЛІ,

ҚР Журналистер одағының мүшесі, Мерген ауылы,

 Ақжайық ауданы


Талтоғайдың қарбызы

Күні: , 206 рет оқылды

DSC_0807


Қалдығайты өзенінің сағасында бау-бақша баптап жүрген бағбан Марат Рүстемұлының бүгінгі  тірлігі  көпке  үлгі боларлықтай.


Талтоғай орманы маңындағы Қалды­ғайты өзе­нінің таза суымен суарылып, тың топырақта өскен Ма­раттың қарбыздары айрықша тәттілігімен ерекшеленеді. Сон­дықтан Мараттың қарбызын сатып алуға ел-жұрт ерекше ықыласты.

Қарбызды қаржы көзіне айналдыра білген Марат бағбан өнімді ерте пісіруге де қол жеткізген. Ол ерте көктемде қарбыз­ды бүркемелеп егіп, дайын өнімді шілде айында саудаға шығарып  үлгерді. Осылай­ша экологиялық таза қарбыз Қаратөбе өңірінен басқа Ақтөбе облысының Мия­лы, Ойыл ауылдарына  да  жөнелтілуде.

Ауданда аумағы 2 гектардан асатын  жер­ге  бау-бақша салып  жүрген «Марат» же­ке кәсіпкерлігінің ісіне ел-жұрт дән риза.

Алқап арнайы тамшылатып суару  жүйе­­сі арқылы суландырылатын аппарат жүйе­сіне қосылып тұр. Бұл  істе  судан ешқан­дай тапшылық жоқ.

— Биыл біз қарбыздың элиталық  тұқым саналатын голландиялық түрін ектік. Тә­жірибелі бағбандардың айтуынша, кө­шет­тер өнімді тез береді. Алайда тұқымдай егілген көкөністен алынатын өнімнің екі есе болатынын көпшілік біле бермейді.

Өнім түсімі ойлағанымыздай. Жалпы, 50-60 тоннадан астам қарбыз  жинайтын  түріміз бар, — дейді жеке кәсіпкерлік же­текшісі М. Әлжанов.

Ертай  БИМҰХАНОВ,

Қаратөбе  ауданы


Топырақ астындағы тал-терек немесе «Альтаир» уәдесінде тұра ма?

Күні: , 853 рет оқылды

IMG_3081


Жаз маусымы басталысымен-ақ, шаһарымызда жолдарды жөндеу, кәріздерді ауыстыру немесе көшелерді жаңғырту жұмыстары жылдағыша қарқын алуда. Бұл іс  биыл да жоспарлы  жүргізілуде. Солардың бірі — Зашаған кентіне қарасты Энтузиастар көшесіндегі кәріз жүйесіне «Альтаир»ЖШС құрылысын жүргізуде. Әйтсе де, қазу жұмыстары кезінде топырақ егілген ағаштардың үстіне төгілген. Дәл мұндай сорақылыққа төзе алмаған сол көше тұрғындары редакциямызға шағым түсірді. Жағдаймен танысу үшін дереу жолға шыққанбыз.


— Әжептәуір өсіп келе жатқан тал-теректердің топырақтың астында қалып жатқанына жаным ашып, облыстық  газет редакциясына хабарласқанмын. Осыдан 2 жыл бұрын қаламыздың  жастары келіп, көшемізге ағаш отырғызған болатын. Көктем шыға бүршік атып, жайқалып өсіп келе жатыр еді. Бір аптадай уақыт өтті, экска­ватор келіп тас жолдың жанын қазып жатыр. Біз көшемізді бүлді­руге жол бермейміз. Ең болмаса, тұрғындарды жинап түсіндіру  жұ­мыстарын  жүргізсе ғой, — дейді  кө­ше тұрғыны Жұмабике Бекбаулиева.

Энтузиастар көшесінің қазіргі жағдайына көз жеткізіп жатқаны­мызда, сол көшедегі 107-үйдің тұр­ғындары Мұрат және Анна Кү­лов­тар аула сыртына шығып, жан ай­қайын былайша жеткізді. «Біздің осы көшеде тұрғанымызға 25 жыл болды. Үй салып көшіп келген кез­де айналамыз кең дала бола­тын. Ал қазір қараңыз, қандай әдемі көшеге айналды. Кешкілікте сырт жаққа көз салсаңыз, серуендеп жүрген қариялар мен ойнап жүрген балаларды көресіз. Қала көшелерін жақсарту мақсатында кезінде қомақты қаражат бөлініп, көшемізге бірнеше түп ағаш отыр­ғызылды. Уақтылы суарып, айна­ласын тазалап кетіп тұрады. Осы көшенің тұрғындары да шашыл­ған қоқыстар болса, дереу жою­ға  атсалысып отырамыз. Егілген теректердің қатарына мереке күндері  өзіміз 60 түп ағаш отыр­ғыздық. Өткен аптадан бастап қа­зып алынған топырақты жапырақ  жайып, жайқалып тұрған көшет­тер­дің үстіне үйіп жатқандары жа­нымызға батады», — дейді олар.

— Қосымша құбыр жүргізу барысында тұрғындарға түсініксіз жайттардың бары рас. Құрылыс жұмыстары жыл соңына дейін жалғасады. Тұрғын үйлерге «Жедел жәрдем» мен  өрт сөндіргіш көліктері келген жағдайда кіріп-шығуына және құбырларды монтаждау жұмыстарына кедергі келтірмеу үшін қазылып алынған топырақты егілген ағаштардың қатарына шығаруға тура келеді. Кәріз жүйесін жүргізу жұмыстары аяқталғаннан кейін ағаштарды қалпына келтіретіндігі жөнінде «Альтаир» ЖШС келісімін берді, — дейді қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бө­лімі басшысының орынбасары Қайрат Мұхамбетқалиев.

Темірболат ТОҚМАМБЕТОВ,

«Орал өңірі»,

Орал қаласы

Р.S. «Альтайр» ЖШС-ның басшы-қосшысы үшбу  уәдесін­де тұра ма, жоқ па, бұл мәселені біз міндетті  түрде  қадағалайтын боламыз.


«Мені, ең алдымен, су мәселесі мазалайды»

Күні: , 971 рет оқылды

Беккайыр Н


Қазталов ауданының әкімі Нұрлан БЕКҚАЙЫР:

— Нұрлан Мағазұлы, еліміздің әлеуметтік-экономикалық өр­кендеуі мен халықтың әл-ау­қатын жақсартуды көздейтін мемлекеттік бағдарламалар бойынша Қазталов ауданында қандай көңіл көншітерліктей нәтижелер бар?


— Күні бүгін аудан тұрғындары, негізінен, бес мемлекеттік бағ­­дар­лама бойынша білек сыбанып, жұмыс жасауда. Бұл бағыттар бойынша біздің ауданда басым­дық мал шаруашылығына бері­леді. Осыған орай 2014 жылы «Сыбаға» бағдарламасы бойынша 84 млн. 434 мың теңгеге 431 бас ірі қара сатып алынса, биылғы жылдың алғашқы алты айында 93 млн. 180 мың теңгеге 482 ірі қара сатып алынды. «Алтын асық» бағдарламасы аясында бір шаруашылық 25 млн. теңгеге 1 мың бас қой алды және тағы бір шаруа қожалығы 552 бас қой сатып алуға құжаттарын рәсімдеуде. «Құлан» бағдарламасы арқылы 5 шаруа қожалығы 57 млн. 500 мың теңге алып, 190 бас жылқыға қол жеткізді. Бұл бағыттағы жұмыстар жалғаса бермек.

Ал жұмыссыздықты азайту мақ­сатында «Жұмыспен қамту – 2020 жол картасы» бағдарламасының бірінші бағыты бойынша Көкте­рек мектебінің интернаты күрделі жөндеуден өткізілуде. Бөлінген қаржы 64 млн. 972 мың теңге. Жергілікті 12 тұрғын жұмысқа тартылды. Бір адамның айлық жалақысы орта есеппен 35 мың теңге. Осы бағдарламаның ІІ бағыты бой­ынша кәсіпкерлікті дамыту арқылы жұ­мыс орындарын құруға респуб­ликалық бюджеттен 35 млн. теңге бөлініп, күні бүгін 14 адам 16 млн. 600 мың теңге несие алды. Бұл азаматтар халыққа қызмет көрсету, шағын өндіріс орындарын ашуға, ауыл шаруашылығын дамытуға ниет білдіріп отыр. Сонымен қатар жастар практикасына 50  жас маман жолданып, солардың төр­теуі тұрақты жұмысқа орналасты. «Биз­нестің жол картасы — 2020» бағ­дарламасының «Жа­ңа бизнес бастамаларын қол­дау» бағыты бойынша 7 жоба іске асты.

Аудан халқын сапалы ауыз су­мен қамтамасыз ету жұмысы 2005 жылдан бастап жүргізілуде. Бүгінгі таңда 16 ауылдық округі орталы­ғының 14-і ауыз сумен қамтамасыз етілген. «Таза су» бағдарламасы бойынша Қазталов, Қайыңды, Бос­тандық, Қарасу, Көктерек, Ақ­пә­тер, Қошанкөл, Жаңажол, Жалпақ­тал, Қараөзен ауылдары «Ақбұлақ» бағдарламасы бойынша Қараоба, Болашақ, Жұлдыз ауылдары сумен қамтылды. Қазір жеті елді ме­кеннің сумен жабдықтау жүйесін жаңартып-жаңғырту жұмыстары­на жобалық-сметалық құжаттары дайын.

— Сізді, ең алдымен, Қазта­лов ауданының нендей мәсе­лесі жиі мазалайды?

— Біздің аудан қос өзен – Қа­раөзен мен Сарыөзеннің бой­ында орналасқан. Сондай-ақ ау­да­­ны­мыздың табиғаты шөлейтті ай­маққа жататындықтан, мені, ең алдымен, мазалайтыны – су мә­селесі. Одан кейін аудан елді мекен­­дерінің көгілдір отынмен қамтылуы. Негізінен 54 елді ме­кен­нің жартысынан көбі, яғни 53 пайызы газбен қамтылған. Де­генмен бұл жұмыстарды әрі қа­рай жалғастыру қажет. Осы ба­ғытта облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруа­­шы­лығы басқармасы 2012 жыл­дан бері «АдияСтройПроект» ЖШС-на ауданымыздағы газдандырылма­ған 29 елді мекенге тех­никалық-экономикалық негіздеме жасатуды бастап, аяқтата алмай тұр. Қазір жобаны дайындауға келісім алу, жобаны сызу жұмысы аяқ­талған және мемлекеттік сарап­тамаға тап­сыруға смета қайта есептелуде.

— Ауданда мал ұрлығы бә­сең­де­ді ме? Егер қылмыстың аталмыш түрі саябырсыған болса, бұған қандай фактор­лары оң ықпал етті деп ойлайсыз?

— Аудан бойынша 2014 жылдың 6 айлығында 31 мал ұрлығы фактісі орын алса, биылғы жылда да сол 31 оқиға тіркелді. Мал ұрлығының көбеймеуіне GPS-treker қондырғыларын малға тағу арқылы қол жеткізіп отырмыз. Көктемде әрбір ауылдық округте халық жиынын өткізіп, бақташы­ны анықтап, келісімшарт жасалады. Барлық шаруа қожалықтары­ның иелеріне әрбір ауылдық округтегі учаскелік инспектор жазбаша түрде малды қалай бағу керектігі жайлы ескерту береді. Бөтеннің мүлкін ұрлау қылмысының алдын алу және ашу жөніндегі тәжіри­бесі мол инспекторлардан арнайы топ құрылды. Бағусыз жүр­ген мал учаскелік инспекторлар тарапынан суретке түсіріліп, ша­ра алу жөнінде ауылдық округ әкімдеріне хат жолданады. Сол сияқты сойылған мал да суретке түсіріліп, мұндай деректер мұрағатта жинақталады.

— Нұрлан Мағазұлы, ауданға келген жас мамандар біржола тұрақтап қалуы үшін қандай қамқорлықтар көрсетілуде?

— Ауылдық елді мекендерге жұ­мыс істеуге келген денсаулық сақтау, білім беру, әле­у­меттік қамсыздандыру, мә­де­ниет, спорт және агроөнеркәсіптік кешен саласындағы жас мамандарға көтерме жәрдемақы төленіп келеді. Сондай-ақ жас мамандардың тұрғын үй сатып алуы немесе салуы үшін оларға 15 (он бес) жылға дейінгі мерзімге жылдық пайызы 0,01 мөлшеріндегі несие де беріледі.

Ағымдағы жылы 60 жас ма­ман­ға жалпы мөлшері 8 млн. 324 мың теңге көтерме жәрдем­ақы, 25 ма­манға 61 млн. теңге тұрғын үй сатып алуға бюджеттік несие беріліп, 12 маманның өтініштері қаралуда.

— Балдырғандардың мектепке дейінгі мекемемен қамтылуы жөнінде айтып өтсеңіз?- Ауданда 50 мектепке дейінгі мекеме бар. Оның ішінде 3-еуі бөбекжай-балабақша, 9-ы бөбек­жай, 2-еуі балабақша, 34-і шағын орталық. Мұндағы балдырғандар­дың жалпы саны – 1901 (өткен жылы — 1777 бала).

1 жастан 6 жасқа дейінгі балаларды мектепке дейінгі тәрбие­мен қамту көрсеткіші ауданда 74,1 пайызды құраса, өткен жылы бұл көрсеткіш 69,5 пайыз болды. Ал 3-тен 6 жасқа дейінгі балаларды қамту 100 % (өткен жылы 95,5 %).

— Ауданыңызда жергілікті жұртқа жиі қолұшын беріп, тұ­рақ­ты жәрдемдесіп тұратын кәсіпкерлер бар ма?

— Мұндай кәсіпкерлер аз емес. Солардың бірі жеке кәсіпкер Айдос Сәрсенғалиев Жаңажол ауылына 14 млн. теңге қаржысын шы­ғарып, мешіт салдырды, 27 млн. теңгеге Жалпақтал мешітінің мұна­расын 14 метрге көтерді. Биыл 5 млн. 500 мың теңгеге Жалпақтал ауылындағы обелискіні жаңарт­ты. Өткен жылы Жалпақтал ауылында мектеп бітіргендеріне 20 жыл толған 1977 жылы туылған түлектер өз қолдарымен 8 млн. теңгеге спорт алаңын салып берді. Қараоба ауылдық округіне қарас­ты «Леди Лиза» жеке кәсіпкерлігі­нің жетекшісі Лиза Кайбушева ауылдық округте өтіп жатқан түр­лі шараларға үнемі демеушілік көрсетіп келеді. Соның бір айғағы — ол қыс мезгілінде Қараоба ауылында өз қаражатына жасөспірім­дерге мұзайдын жасақтады. Осындай жомарт кәсіпкерлеріміздің бірі Көктерек ауылдық округіне қарасты Оразғали ауылындағы шаруа қожалығының жетекшісі Нұрболат Әдиетов мектепке 600 мың теңгеге спорт тауарларын алып берді. Жалпы, аудан бойынша демеушілік жасап, қолұшын тұрақты беріп отыратын М. Тай­ғаренов, М. Қажымов, Ж. Гимадиев, Б. Мұсағалиев, Е. Садықов, Г. Шо­қаева, С. Шайхиев, А. Қара­ғой­шин сияқты кәсіпкерлерді ерекше іл­типатпен атап өтуге болады.

— Нұрлан Мағазұлы, жергілікті халық жат діни ағымға ар­балудан аман ба?

— Аудандағы діни ахуал тұрақ­ты. Діни экстремизм мен терро­ризмге және тұрғындардың ді­ни сауаттылығын арттыруға ба­ғыт­­талған 8 адамнан құралған ақпа­раттық-насихат тобы жұмыс жасау­да. Аудан әкімі жанындағы діни бірлестіктермен байланыс жө­нін­дегі кеңес, аудан әкімдігі жанын­дағы терроризмге қарсы күрес комиссиясы да жоспарлы жұмыс атқарып келеді. Ақпарат­тық-наси­хат топ құрамы Қазталов, Жалпақ­­тал мешіттерінің имамдарымен толықтырылып, жастар, жасөспі­рімдермен «Діни теріс ағымдар­дың және діни экстремизмнің алдын алу жолдары» тақырыбында жүйелі кездесулер өткізуде.

Дәстүрлі емес діни ұйымдар ауданда жоқ. Бес діни бірлестік тіркелген. Олар: Қазталов, Жалпақтал, Талдықұдық, Қарасу және Қараоба ауылдық мешіттері. Қаз­­талов, Жалпақтал мешіттері ға­лам­тор жүйесіне қосылған. Сонымен қатар аудандық «Ауыл айнасы» газетінде діни экстремизм және терроризмнің алдын алу бойынша халық арасында ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізу, ұлттық тәлім-тәрбие құн­дылықтарын насихаттауға бағыт­талған мақалалар тұрақты жария­ланып отырады.- Өзіңіз ел ішінде, халық арасында спорттың бұқаралығын арттыру, салауатты өмір салтын нығайту бойынша қандай игілікті істерге ұйытқы болып жүрсіз?

— Ауданымызда Елбасы Нұрсұл­тан Әбішұлы Назарбаев­тың «Қазақ­стан – 2050» стратегиясын­дағы ұлт саулығын нығайту, қазақстан­дық­­тардың өмір жасын ұзарту, салауатты қоғам құру жөніндегі идея­ларын іс жүзінде жүзеге асы­ру, дене шынықтыру мен спорт арқылы салауатты өмір салты қағидаларын бекіту, мемлекеттік қызметкерлерді спортпен шұ­ғылдануға тарту және бұқара­лық спортты насихаттау мақса­тында кең көлемде жоспарлы жұмыс атқарылуда.

Қазақстан халқы Ассамблея­сы­ның 20 жылдығы аясында биыл аудан орталығында Достық саябағы ашылды. Саябақтың құрылысына қажетті материалдарға жергілікті бюджеттен 10 млн. теңге бөлінді. Құрылыс жұмыстары аудандық мекемелердің күшімен сенбіліктер арқылы жүргізілді. Саябақ  ішіне жерлесіміз, «Құрылыс Газ» ЖШС-ның директоры Каримолла  Жақыповтың демеушілігімен «Құр­мет тақтасы» орнатылды. «Достық саябағы» мәдени-көпшілік шаралар өткізе­тін және балалардың ойын-сауық орталығына айналды.

Биылғы маусым айында Орал қаласында өткен Мемлекеттік қызметші күніне арналған об­лыстық спартакиадада ауданы­мыздың құрамында 40-тан астам мемлекеттік қызметші бар ко­ман­дасы спорттың тоғыз түрінен сайысқа түсіп, жалпыкомандалық есеп бойынша бірінші орынды жеңіп алды.

2013 жылдан бері бізде бокстан Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген бапкері Марат Елеусіновтің жүлдесі үшін жас­өспірімдер арасында облыстық ашық турнир өткізіліп келеді. Осы жылдың маусым айында ұйымдастырылған үшінші турнирге Ресей Федерациясынан, Маң­ғыстау, Атырау облыстарынан, Батыс Қазақстан облысының аудандарынан барлығы 150-ден астам жасөспірім боксшылар қа­тысып, турнир халықаралық дең­гейге көтерілді.

Сонымен қатар биылдан бастап облыс әкімі Нұрлан Асқарұлы Ноғаевтың шешімімен аудан­дық балалар және жасөспірімдер спорт мектебі аудан қарамағына берілді. Аудандық балалар және жасөспірімдер спорт мектебінде 12 спорт түрінен 560 оқушы спорттық секцияларға қатысуда, оларға 26 жаттықтырушы-оқыту­шы сабақ береді.

Жалпы, аудан бойынша 30 спорт залы, 26 спорттық алаңдар бар. Бүгінгі таңда аудан бойынша 8 мыңға жуық адам дене шынықтырумен және спортпен шұғылданады. Көптеген спорт­шы­ларымыз облыстық, респуб­ли­ка­лық, халықаралық деңгейдегі жа­рыстарда биік белестерден көрі­ніп жүр.

Дегенмен айта кетер бір жәйт, ауылдағы спортты дамыту мәсе­лесінде бәрінен бұрын материал­дық-техникалық базаның жетіспеуі айрықша өткір болып тұр. Мысалы, ауылдық жерлердегі 30 спорт залының 25-і жалпы білім беру мектептеріне тиесілі болған­дықтан, олар негізінен сабақ өт­кізу үшін пайдаланылады. Ал қолданыстағы спорт залдары, аудан орталығындағы спорт кешені аптасына 3 рет, яғни дүйсенбі сәрсенбі, жұма күндері ашылып, ауыл жастары кешкі уақыттарын сонда өткізеді.

Қазіргі күні ауылдық округтер­дің орталықтарында мектеп оқу­шылары мен жастардың қай спорт түріне бейімделгенін анық­тау арқылы аудандық спорт мек­тебінің бөлімдерін ашу бағы­тында жұмыстанудамыз. Атап айтсақ, Қа­раоба ауылында үстел теннисі, Қо­шанкөл ауылында тоғызқұмалақ, Тереңкөл ауылында қазақ күресі, Бірік ауылында волейбол, Бола­шақ ауылында ауыр атлетика, Қайыңды ауылында бокс, Талдыапан ауылында баскетбол бойынша спорт бөлімшелерін ашқымыз келеді.

Сұхбаттасқан Тоқтар ҒАБДІРЕШҰЛЫ,

«Орал өңірі»


Екі мүрде табылды

Күні: , 1 178 рет оқылды

1-сурет (2)


Жақында Ұлы Жеңістің 70 жылдығына орай арнайы құрылған экспедиция мүшелері Бөкей ордасы ауданының орта­лығы Сайқыннан 19 ша­қырым жердегі «Равнинный» разъ­езді­нің батыс бетінен 2 жауынгер мүрдесі мен иттің сүйегін тауып алып, сараптамаға жолдаған-ды.


Сараптама нәтижесінде адам мүр­­делеріне шамамен 70-80 жыл бол­­ғаны және олардың жауынгер­лердің мүрдесі екенін анықталды. Әрі олардың қасынан табылған снаряд жарқыншақтары, өзге де деректі заттар соған кепіл. Ендігі жерде бұл боздақтардың мүрде­сін барлық әскери құрметпен қайта жерлеу жоспарлануда. Бұл шараны құзыретті мекемелер атқармақ.


БҚО, Орал қаласы, Мұхит көшесі, 57/1
zhaik_presscenter@mail.ru
oral_oniri@inbox.ru
support@oraloniri.kz

Орал өңірі" газетінің бас редакторы: 51-25-80
Бас редактордың орынбасарлары: 24-17-08, 54-18-08
Жауапты хатшы: 54-38-22
Тілшілер: 50-66-88, 51-50-34
Жарнама бөлімі: 51-51-09
Яндекс.Метрика