Мұрағат: 28.07.2015


ДСҰ-ға мүшелікті жастар қолдайды

Күні: , 777 рет оқылды

IMG_3098


Дүниежүзілік сауда ұйымы (ДСҰ) – халықаралық сауда ережелерін реттейтін халықаралық экономикалық ұйым. Ол 1995 жылғы 1 қаңтардан бастап жұмыс істеуде. Алғашқы кезеңде ДСҰ-ға 77 мемлекет кірген еді. Ал республикамыз биыл ДСҰ-ның 162-мүшесі болып енді.  Бұрынғы кеңестік елдерден оның қатарында Литва, Латвия, Эстония, Грузия, Армения, Молдова, Қырғызстан, Украина, Ресей бар.  Әлемдік тауар айналымының 95%-ы ДСҰ-ға  кіретін  елдердің  үлесінде.


ДСҰ-ның Женевада орналасқан штаб-пәтерінде 500-дей адам қызмет істейді. ДСҰ хатшылығы әр түрлі кеңестер мен конфе­­рен­цияға техникалық қол­дау  көрсетумен, әлемдік  саудаға  талдау  жүр­гізумен  айналысады.

Кеше Қазақстанның Дүние­жүзі­лік сауда ұйы­мына мүшелігін қол­дау мақсатын­да «Жас Отан» ЖҚ БҚО фи­лиа­лының ұйымдастыруымен  Орал қаласындағы Д. Нұрпейісова кө­ше­сінде флешмоб өтті.

– Елімізде жастар үшін барлық жағ­дай жасалған. Білім алам, ғылым­мен ай­налысамын, еңбек етемін деген жас­­тар­ға мүмкіндік мол. Әрдайым біз­дер ойымызды ашық білдіріп, осындай бастаманы қол­дауымыз қажет, — дейді «Жас Отан» жастар қанаты БҚО филиалының төраға­сы  Нұрғали  Жолдасқалиев.

– Бүгінгі мәні зор шараға қа­тыса отырып, еліміздің Дүние­жүзілік сауда ұйымы­на кіргенін қол­дайтынымызды білдірдік. Қазақстан­ның дамуына үлесімізді әр­да­йым қосамыз, – деді Астана қа­ласының тұрғыны Нұрлат Беріков.

Орталық базар маңында ұйымдасты­рылған шара барысында қала тұрғындары мен кәсіпкерлер­ге Дүниежүзілік сауда ұйымына мүшеліктің тиімді  тұстары баяндалды.

Темірболат ТОҚМАМБЕТОВ,

«Орал  өңірі»


Ақпараттық топ ауданда болды

Күні: , 782 рет оқылды

DSC_0013


Елбасының «Бес институционалды реформаларды іске асыру бойынша 100 қа­дам» Ұлт жоспарын түсіндіру мақсатында облыстық ақпа­рат­тық топ мүше­лері  Жәнібек ауданының орталығында жұртшылықпен  кездесу өткізді.


Кездесуге Жәнібек, Бөкей ордасы, Жаңақала, Қаз­талов аудандарының мүд­делі мекеме-кәсіпорын басшылары, шаруа­шылық өкілде­рі мен кәсіпкер­лер қатысты. Об­лыс әкі­мінің орынбаса­ры Игорь Стек­сов­тың төрағалығымен өткен жиын­ды Жәнібек ауданының әкі­мі Мұрат Мұқаев ашып, ауданға келген ақпараттық топ мүшелерін көпшілікке таныстыра келе, олар­­дың Елбасының Ұлт жоспа­ры­ның әр реформалық бағыты бойынша түсіндіру жұ­мыстарын жүргі­зетінін мәлім етті. Бұдан соң об­лыстық білім, кәсіпкерлік және ин­дус­триалды-инновациялық даму, ауыл шар­­уа­шылығы, мемлекет­тік кірістер басқарма­лары мен департаменттерінің басшылары Нұр­лан Сабыров, Миржан Сатқанов, Нау­­рызбай Қарағойшин, Нұрболат Абдолов, сондай-ақ облыстық кә­сіпкерлердің ай­мақтық палата­сының бөлім басшысы Марат Нұр­қуатов Мемлекет басшысының Ұлт жоспарынан туындайтын рефор­малық ба­ғыт­тардың мақсаттары мен міндеттерін жік­­теп түсіндіріп, жиналғандардың тарапынан түс­кен сауалдарға толымды жауап­тар қайтарды. Басқосуда сондай-ақ көршілес Ресей Федерациясы­ның Волжский қаласы­нан келген «Солн­це и ветер» баламалы энер­ге­тика компаниясының аймақтық са­ту менеджері Татьяна Амосова тіршілікке қажетті қуатты өндіруде баламалы қуат көздері жа­йында әңгімелеп, өздерінің компаниясы ар­қылы жүзеге асып жатқан баламалы қуат көздері ту­ралы баяндайтын буклеттер­мен жиналғандарды таныстырды. Кездесуді облыс әкімінің орынбаса­ры Игорь Стексов қорытынды­лады.

Осы сапар барысында топ мүшелері Жәнібек – Қазталов тас жолын­да­ғы 4 ша­қы­рымдық жолдың жөн­деу барысымен жі­-ті танысты. Сондай-ақ олар «Дипломмен ауылға» бағдарламасы бойынша тұрғын үй алуға қол жеткізген жас маман Әлішер Кен­жеғалиевтің отба­сын­да болды. Бұдан соң Жәнібек ауылында жаңадан ашылған «Алтын ұя» бөбекжайында, кәсіпкер Нұрлыбек Жұмашевтың жолаушылар тасымалдайтын мекемесін­де, кәсіпкер Алмаз Нысанбаевтың құ­рылысы жүріп жатқан «Жасмина» супермаркетінде, сол сияқты  «Қараш» шаруа қо­жалығының ау­дан орталығындағы мал сою кәсіпорнында болып, аталған нысан­дардың жұмысы жөнінде толық мағлұматтар алып, өздерінің  ұсы­ныс-пікірлерін  білдірді.

Н. ӨТЕЙ,

Жәнібек ауданы


Экспедиция мәреге жетті

Күні: , 838 рет оқылды

IMG_2090


Қазақстан халқы Ассамблеясы жылы мен Ұлы Жеңістің 70 жылдығына арналған ХІХ Жайық өзеніндегі бірлескен Қазақстан-Ресей тарихи-мәдени, экологиялық, спорттық экспедициясы Зеленов ауданы Январцев ауылына жетті. Экспедиция құрамына Батыс Қазақстан мен Орынбор облыстарының мемле­кеттік құрылымдар, қо­ғамдық ұйымдар мен жас­тар ұйымдарының өкіл­дері, депутаттар мен Қазақстан халқы Ассамблея­сы мүшелері,  ғалым-жазу­шылар мен журналистер – барлығы  70 адам енген.


Экспедицияны Жайықтың жаға­сынан қарсы алған аудан басшысы Кәрім Жа­­қыпов қош келдің айтып, ма­ңызды міндет жүкте­ген жұмысы­на сәттілік тіледі. «Жа­йық – дос­тық өзені» бірлескен экспедиция жұмысына жетекшілік жасап келген ҚР Парламенті Мә­жілісінің де­путаты Елена Тарасен­ко Жа­йық­тың экологиялық мәсе­лесіне қоғам назарын аударып, өзен­нің экоахуалын оңалту бағытын­дағы жұмыстардың нәти­же­сіз еместігіне  тоқталды.

Экспедиция мүшелері мен ау­дан тұрғындары РФ Орынбор облысы құрамымен бірлескен «Таза жағалау» акциясына атсалысып, бір сағат бойы Жайық жағалауын тазалап өтті. Кейін экспедиция мү­шелері Кеңес Одағының Батыры, жерлес жауынгер Иван Мор­да­совтың ескерткішіне гүл шоқ­тарын қойды. Жиырмасында жау­ға қарсы жасаған өшпес ерлігімен ел жүрегінде мәңгі сақталған жеңімпаз жауынгерге тағзым ет­кен шараға қатысушылар ауылдық клубта аудан өнерпаздары мен РФ Орынбор облысы Ташла ауданы­нан арнайы келген өнер ұжымы­ның концертін тамашалады.

Жайық жағасына тігілген ақ­шаңқан киіз үйде жайылған қо­нақасыдан кейін меймандар түнгі алау жанында достық пен бейбітшілік әндерін бірге шырқап, жас­тар  би  алаңынан  табылды.

Нұржан ДҮЗБАТЫР,

Зеленов ауданы

***

Шілденің 24-і бастал­ған «Жа­йық – достық өзені» — «Урал – река дружбы» атты қазақстандық-ресейлік тарихи-мәдени, экология­лық экспедициясы кеше Орал қа­ласында өз мәресіне жетті.

Жайық бойымен жасалған жо­рық биыл Бөрлі ауданының При­уральный ауылынан бастау алды. Құрамына ҚР Парламенті Мәжі­лісінің депутаты Елена Тарасенко енген экспедиция мүшелері төрт күн ішінде айдын бетімен 100 ша­қырымды артқа тастады. Жолда Облавка, Январцев, Федоров ауылдарында аялдап, түрлі іс-шаралар, акциялар ұйымдастырған экспедиция сапары сәтті болды деуге толық негіз бар. Сапар барысын қорытындылай келе Елена Тарасенко: «Бұл қазақстандық-ресейлік экспедицияның негізгі мақса­­ты қос мемлекетке өмір нәрін бе­ріп отырған қарт Жайықтың эко­логиялық жағдайына құзырлы ор­гандардың, жалпы қоғамның назарын аударту болды. Таяуда бо­латын шекаралас екі мемлекет бас­шыларының кездесуінде көп­тен күтілген Жайық өзенін қорғауға қатысты келісімге қол қойылады деген үмітіміз бар» — деді.

Тоқтар ҒАБДІРЕШҰЛЫ,

«Орал  өңірі»


«Хан түскен» ауылдың әлеуетін арттырмақ

Күні: , 825 рет оқылды

DSC_0040


Таяуда Жәнібек ауданында «Хан түскен» ауылдық тұтынушылық кооперативі өз жұмысын бастады. Облысымызда алғаш рет құрылып отырған бұл құрылымның ауыл-аймаққа да, ондағы ағайынға да берері көп.


Жеке тұлғалар демеуқаржы ала алады

Статистикалық мәлімет бойынша өңірімізде 217,5 мың бас ана­лық ірі қара бар. Оның 115 мыңы шаруашылық құрылымдарының еншісінде болса, қалған 102,5 мы­ңы жеке тұлғаларға тиесілі. Шар­уашылық құрылымдары ауыл шар­­уашылығы бағытындағы түрлі мем­лекеттік бағдарламалардың игі­лі­гін көріп келе жатқаны белгі­лі. Мә­селен, облысымыздағы 1250 шар­­уа қожалығы «Агробизнес — 2020» бағдарламасының «Асыл тұқым­ды мал шаруашылығын дамыту, мал шаруашылығының өнімділі­гін және өнім сапасын арттыру­­ды субсидиялау» тармағы бойынша демеуқаржы алуда. Өкінішке орай, мұндай бағдарламаларға заңды тұлғалар ғана қатыса алады. Сол себепті жеке тұлғалар бұл жеңілдіктен тысқары қалып отыр. Ауылдық тұтынушылық коопе­ра­­тиві (АТК) осы олқылықтың ор­­нын толтырмақшы. Яғни ауыл тұр­ғындары қолындағы 2-3 бас сиы­рымен осы АТК-ға мү­ше болып кіріп, мемлекеттік бағ­дар­ла­ма­ларға қатысып, демеу­қаржы ала алады.

Тәуекелі тастай Жанболат

АТК-ны құру идеясы қалай пайда болды? Енді осы жайтқа тоқ­та­­ла кетейік. Жәнібек ауданы Қа­мыс­ты ауылының тұрғыны, «Тал­ғат» шаруа қожалығының жетекшісі Жанболат Ғұмаров көпшілік­ке білімді, іскер, тың идеясы бар азамат ретінде таныс. Ол ауданда алғашқылардың бірі болып шаруашылығына күн батареясын орнатса, облыс көлемінде бірінші болып жекенің малын түрлендіру­ге атсалысты. Яғни аяқтай Аста­наға барып, «ҚазАгроӨнім» АҚ-ның еншілес кәсіпорны болып табылатын «КаzMeat» ЖШС-ның басшыларын өзінің жоба-жоспа­рымен таныстырып, несиеге қол жеткізді. Несиеге 94 бас асыл тұ­қымды бұқа сатып алып, оларды ауылдағы табындарға қосады. Сөй­тіп жекенің меншігіндегі мал тұқымының жақсаруына септігін тигізді. Жанболат Тайланұлы осы шаруаларымен елордаға қатынап жүргенде Ақмола мен Қостанай облыстарында құрылып, табысты жұмыс жасап жатқан АТК-лар жөнінде естиді. Қашанда жаңа жобаға жаны құмар, тәуекелшіл фермер жігіт ойланбастан Ақмола облысындағы әріптестеріне барып, АТК-ның қыр-сырымен танысады.

Келген бойда аудан әкіміне кіріп, тұтынушылық кооперати­він құру жөнінде идеясын айтады. Аудан басшылығы оны бірден қолдап, осы бағытта арнайы жұмыс тобы жасақталды. Аудан әкімінің өзі жетекшілік жасаған бұл топ маусым айының басында ауданның тоғыз округін аралап, тұрғындармен кездеседі. Жо­ба көпшіліктің қолдауына ие бол­ғаннан кейін «Хан түскен» ауыл­дық тұтынушылық кооперативі құрылды.

Ауылдың тұрмыстық мәселесі шешілмек

— Бұл істі биыл қанатқақты (пи­лоттық) жоба ретінде бастап отырмыз. Сол се­бепті оған үш ауыл­дық округке қарасты төрт елді меке­ні­нің тұр­ғындары тартылды. Осы ел­ді ме­кендердегі алпыс шақты от­ба­сы өздерінің иелігіндегі жалпы са­ны 510 бас сиырын пай ретінде тіркеп, АТК-ға мүше болып кірді. Бұл елді мекендерде зоотехникалық норматив бойынша әрбір отыз сиырға бір асыл тұқымды бұқа қосылған табындар жасақталды. Осы табындарға қажет 17 бас қа­зақтың ақ бас тұқымды бұқасын Жанболаттың өзі сатып алды. Тиіс­ті талаптарды орындаған АТК «Агробизнес — 2020» бағдарламасына қа­тысуда. Бағдарлама әкімгерлері тарапынан бұл жоба қолдау та­­­уып, таяуда кооперативтегі 510 бас ана­лықтың әр басына мемлекет та­рапынан 18 мың теңге демеу­қар­жы бөлінді. Яғни 9180 мың теңге АТК-ның есепшотына түсті. Жар­ғыға сәйкес ауылдық тұтынушы­лық кооперативі бұл қаражатты әр елді мекенге пайына байланысты бөліп береді. Ал елді ме­кен тұрғындары өзара келісіп оны ауылдағы тұрмыстық-әлеуметтік мәселелерді шешуге жұмсай алады. Соған байланысты Борсы ауыл­дық округінің Тегісшіл елді ме­ке­нінің тұрғындары өздеріне тиесілі 3780 мың теңгені ауыз су тарту жұмыстарына бағыттауды жос­парлап отыр. Ал Тау ауылдық округіне қарасты Жұмаев елді мекені үшін көшелерді жарықтанды­ру мәселесі өзекті болып тұр. Биыл ауданның біраз ауылдары­ның ау­мағында шөп шығымы тө­мен. Олардың ішінде АТК-ға мүше болып отырған Күйгенкөл ауылдық округіндегі Құрсай мен Көлтабан елді мекендері бар. Сол себеп­ті бұл елді мекендердің тұрғын­да­­­ры демеуқаржы есебінен өздері­не бұйырып тұрған 1,5 млн. теңге­ге мал азығын сатып алмақшы. Осы жерде тағы бір тоқтала кетер жайт, жаңадан жасақталған табындарға алынған асыл тұқым­ды бұқаларды күтіп-баптауға АТК ауыл тұрғындарын жалдауда. Бұл да ауылдағы ағайынға қосымша табыс көзі.

Ауылдық тұтынушылық кооперативі арқылы тұрғындар «Агробизнес — 2020» бағдарламасының өзге де бағыттарына қатыса алады. Мәселен, аталмыш бағдар­ла­маның инвестицияларды субсидиялау тармағы шеңберінде са­­тып алған трактор, техникалар құнының елу пайызын мемлекет қайтарады. Ал құдық қазса, оның сексен пайызы өтеледі. Сон­дай-ақ «Сыбаға», «Құлан», «Ал­тын асық» бағдарламаларына да қатысуларына болады. Егер бұл пилоттық жобамыз халықтың кө­­ңі­лінен шығып, сәтті жүзеге асса, келесі жылы әрбір ауылдық округ­те АТК құру жөнінде жоспарымыз бар, — дейді Жәнібек ау­дандық жер қатынастары жә­не ауыл шаруашылығы бөлімі бас­шысының міндетін атқарушы Арман Исқақов.

Малды асылдандыруды, одан алынатын өнім сапасын көте­ру­ді, сонымен қатар ауылдағы аға­йынның тұрмыс жағдайын жақ­сартуды мақсат тұтқан тағы бір жо­ба көпшілікке жол тартты.

Сәкен МҰРАТҰЛЫ,

Жәнібек  ауданы

Р.S.

 Облыстық ауыл ­шар­­уашылығы бас­қар­­ма­­сынан алынған мә­лі­мет­­ке қа­ра­ғанда, ауылдық тұты­­ну­­шы­лық коо­перативін құрғысы келетін аза­маттар ауыл, аудан басшылары­­­на жолығып, округ тұрғын­да­рымен жиын өткізуі ке­­рек. Жиынның хаттамасын жә­не өзге де құжат­тар­ды рәсім­деп, АТК-ны жергілікті әді­лет бас­­­қар­масы­на тіркетуі шарт. Асыл тұқым­ды аталық мал алу және өзге де мәселелер бо­йын­­ша ау­дан­дық ауыл шаруа­шы­­лы­ғы бөлім­дерімен бі­рігіп жұ­мыс­тан­ғаны жөн.


Еңбегі көптің өнбегі көп

Күні: , 191 рет оқылды

DSC_5184


Зашаған кентінің тұрғыны Зухра Құрбанбаева бес жыл бұрын Өзбекстаннан көшіп келген. Ол – бүгінгі күні өз кәсібін ашып, табысқа кенеліп отырған жандардың бірі.


Зухраның арғы аталары со­нау 1917 жылдары ашар­­шылық кезінде ел­ден қо­ныс аударып, Өзбекстанға көшіп кеткен екен. Өзге елде өз күнін кө­ру мақсатымен тігін­шілік кәсібімен шұ­ғылданған. Кәсіптері дөңгеленіп, он шақты дүкен ашқан. Былғарыдан тіккен аяқ киім, плащ, белбеулерді Сырдария бойымен ке­ме арқылы көршілес елдерге шығарған. Әкесі Қожан мен әжесі Оразгүл қыздары­на тігін машинкасын алып беріп, жастайы­нан тігінші­лікке баулиды. Зухра мектеп бі­тірген соң Ташкент технология­лық инсти­тутын құрастырушы-модельер мамандығы бойынша тәмамдаған. Ол жақта да өз же­ке кәсібін ашып, киім тігумен қа­тар жастарға тігін өнерінің қыр-сы­рын оқытқан.

Орал қаласына алғаш көшіп келгенде жеке кәсіпкерлердің ті­гін цехтарында жұмыс жаса­ған. Кейін «Жұмыспен қамту 2020 жол картасы» бағдарламасы ая­сында кәсіби қайта даярлау курсынан өтіп, несие алуға құжат тапсырған. 2012 жылы аталмыш бағ­дарлама аясында екі жарым миллион тең­ге несиеге қол жеткізді. Тұрғын үйі жаны­нан салынған шағын тігін цехында алға­шында апасы Мехрихан екеуі тапсырыс алып, тұрғындарға қызмет көрсете бастай­ды. Жұрт көзінен оқшаулау жерде орна­лас­қан тігін цехына алғашында келушілер аз болып­ты. Бүгінгі күні шебер қолдан шық­қан бұ­йымдарға деген тұтынушылар сұ­ра­нысы көп-ақ. Түрлі киімдерге тапсырыс алумен қатар, қыз жа­сауын, элиталық үлгідегі терезе жабындар, ұлттық нақыш­тағы сый-сияпаттар, той қоржын­да­рын дайындау­мен шұғылданып келеді.

— Оралға алғаш рет 2010 жылы үлкен әпкемнің қыз ұзату тойына  келдім. Қала қатты ұнады. Со­-сын осы жаққа қоныс ауда­руға шешім қабылдадық. Туған жер, ата қо­ныс­қа келгенде ешкім кеу­демізден итерген жоқ. Алғашын­да түрлі орындарда жұмыс жа­сап, кейін өз кәсібімді аштым. Елдегі игі бастамалардың көмегі­мен бүгінгі таңда қо­лы­мыздан келгенше ел игілігі үшін қызмет жасап, табыс тауып отырмыз. Ендігі арма­ным цехымды үлкей­тіп, шәкірт тәрбиеле­сем деймін. Қазіргі уақытта да іскерлік өнер­дің қыр-сырын иге­ремін деген бірен-саран сіңліле­ріме дәріс беріп жүрмін, — дей­ді кәсіпкер Зухра Құрбанбаева.

Шаңырақтың отағасы Нұрад­дин Аллаков электрик болып жұмыс істейді. Үлкен қызы Ай­сұлу тігін цехында анасына кө­мектеседі. Ал ұлы Нұрлан мен қызы Салтанат – студент.

— Екі қолға бір жұмыс таба ал­май жүр­ген құрбы-сіңлілеріңіз­ге не айтар едіңіз? — де­ген сауа­лымыз­­ға «Ешкімге ақыл үйрет­­пейін. Бі­­рақ бүгінгі таңда несие алып, кә­сібімді ашып, өз күнімді өзім кө­ремін де­ген жандарға бар­лық жағдай жасалған», — дейді Зухра күлімсіреп.

Нұрбек ЗӘКӘРИЯҰЛЫ,

«Орал өңірі»


Мүдделер тоғысы

Күні: , 84 рет оқылды

OLYMPUS DIGITAL CAMERA


Облыстық кәсіпкерлер палатасында «Еуразия» Ресей-Қазақстан сауда үйінің өкілдері мен облыстың бизнес қауымдастығының қатысуымен дөңгелек үстел өтті.


Аталмыш басқосуда екі елдің серіктестік қарымқатынасын дамытуға ар­нал­ған жаңа жобалар ұсынылып, оны жүзеге асыру жолдары тал­қыланды.  Мысалы, жиында сөй­леген «Неплюев» медиа-холдин­гінің қожайыны Андрей Саблин жиналғандарды Ресейден шыға­тын «OKASIA» журналымен таныс­тырып, қазақстандық кәсіпкерлер­ге осы басылым арқылы өздері­нің Ресейге тауар шығару бары­сын­да туындап жүрген түйткілді мә­­селелерін айтуға шақырды. Оның сө­зінше, осындай мақала­лар ЕЭОбасшыларының көзіне шалынып,нәтижесінде қазақ­стан­дық кәсіп­керлердің өзекті мәселе­лерінің оңтайлы шешілуіне себепші бо­луы мүмкін.

Бұдан кейін сөйлеген «Еуразия» Ресей-Қазақстан сауда үйінің бас директоры Евгений Мостовенко аталмыш сауда үйін  екі ел арасындағы алтын көпірге теңеді. Өйткені осы нысан арқылы Ресей аумағында қазақстандық та­уарлардың кең көлемде сауда-сат­тығын ұйымдастыруға бола­ды. Аталмыш сауда үйінде кәсіп­кер­лерге заңгерлік және қаржылық қызметтер көрсетіледі. Бұл жерде екі елдің кәсіпкерлерінің тәжі­ри­бе алмасуына және тауарларын өткізу барысында туындаған түйткілді мәселелерді бірігіп шешулеріне мүмкіндік бар. Жиын барысында «Союз» сауда үйінің өкілдері газбетонды блоктар мен үй тұрғызуға арналған Ресейдің сапалы ағаштарын слайдтар ар­қылы таныстырды. Осы басқосу­ды оңтайлы пайдаланған  «Forlife Oral» ЖШС-ның бас директоры Дәурен Әлиасқаров екі елдің кә­сіпкерлерін ғаламтор қызметін пайдалануға шақырды. Оның сө­зінше, серіктестік порталы ар­қы­лы құны жеңілдетілген арзан қыз­меттер мен тауарлардың түр-түрін табуға болады. Сондай-ақ кә­сіпкерлер портал арқылы өз та­уарларын да жарнамалауға  мүм­кіндік алмақ.

Жиын барысында оралдық жар­намалық-ақпараттық «Бизнес Уральс­ка» журналының бас ре­дакторы Дарья Каримова мен «Неплюев» медиахолдингінің қо­жайыны Андрей Саблин өзара тү­сіністік пен ынтымақтастық жө­ніндегі меморандумға қол қойды.

Жиынды қорытындылаған об­лыстық кәсіпкерлер палатасының директоры Кеңес Әбсәтіров қос тараптың кәсіпкерлеріне жемісті жұмыс тілеп, олардың жиын со­ңынан қалып, бір-бірімен жақы­ны­рақ танысуына және тәжірибе алмасуына  жағдай жасады.

Айша  ӨТЕБӘЛІ,

«Орал  өңірі»,

Орал қаласы


Танымал таланттың бағы бітсін

Күні: , 815 рет оқылды

DSC_0183


Тоқтар Серіков деген есімді естіп, елең ете қалдық. Байқауда бағын сынап жатқан 12 жасар қара торы бала­қай Теректі ауданындағы Ақсуат ауылындағы мектептің 6-сыныбын тәмамдапты. Ата-анасы ырым етіп атын қой­ғанда, тілегі қабыл болған. Қанда бар өнер қонған. Руы Байбақты, атасы Шайдолла халық ән­дерін жиі шырқаған. №3 аудандық бала­лар саз мектебінде домбыра сы­ны­бында ұстазы Гүлнәр Бә­се­ро­вадан тәлім алғанына екі жыл.


Әншілерден Тоқтар Серіковті, Қайрат Нұртасты үлгі тұтады, «Жігіттер» квартеті мен «Заман» тобын жақсы көреді. Арманы – танымал өнер адамы атану. Талабы тау­дай. Былтыр облыстық Ма­хамбет оқуларында «Жұмыр- Қылыш» күйін тартып, жүлделі үшінші орын алған. Сурет салуға құштар. Өлең шығарады. Домбырамен ән салады. Бұл қасиеттер танымал әншіге тартқанын дә­лел­дей түседі. Жақында «Bala Turkvizyon Қазақстан» І халықаралық балалар ән байқауының облыс­тық кезеңінде Мәриям Жагорқызының «Дудар-ай», Батырхан Шүкеновтің «Ер Ана» әндерін эстрада бағытында шырқады. Талантың ұшталсын, жас өркен!

1_15

Тоқтар Серіков 1975 жылы Шығыс Қазақстан облысы Шұбартау ауданында дү­ниеге келген. 1999 жылы Қазақ ұлттық консерваториясын бітірген. Мемлекет­тік «Дарын» жастар сыйлығының иегері. Қайрат Байбосынов, Бекболат Тілеуханов, Алтынбек Қоразбаев сынды майталмандардың тәлі­мін көріп, батасын алған. Отбасында үш ұл тәрбиелеуде. Жары Бейбіт Сейдуалиевамен жарасымды жұп болып ән шырқап, көрерменнің көзайымына айналды. Эс­трада өлкесінде өзіндік қолтаңбасы бар әнші сонымен қа­тар сазгерлік, атбегілік, ақындық өнерімен де көпке таны­мал. Үкілі домбырасымен, қоңыр даусымен халықтың көңіл төрінен орын алған Тоқтар Серіков – исі қазақтың үлкен-кішісінің бірдей сүйікті әншісі.

Нұртай ТЕКЕБАЕВ


БҚО, Орал қаласы, Мұхит көшесі, 57/1
zhaik_presscenter@mail.ru
oral_oniri@inbox.ru
support@oraloniri.kz

Орал өңірі" газетінің бас редакторы: 51-25-80
Бас редактордың орынбасарлары: 24-17-08, 54-18-08
Жауапты хатшы: 54-38-22
Тілшілер: 50-66-88, 51-50-34
Жарнама бөлімі: 51-51-09
Яндекс.Метрика