Мұрағат: 25.07.2015


Дамуға қарқын қосар 100 қадам

Күні: , 842 рет оқылды

IMG_9793


ҚР Президенті Н. Назарбаевтың «Нұрлы жол — бола­шаққа бастар жол» бағдарламасы жаһандық сын-қатер­лердің алдын алудан туындағаны белгілі.


Бұл стратегиялық құжат күні бүгін Ұлт жоспары сана­ла­тын бес институттық реформамен және 100 нақты қа­даммен толықтырылды.

Әлемдегі дамыған 30 ел­дің қатарына қосылу мүм­­­кіндігі осы 100 қадам арқылы жүзеге асады. Сондық­тан 100 қадам жүктеген міндеттер­ді жүзеге асыру – өте жауапты іс. Осыған орай облыс әкімдігі белгілеген жоспарға сәйкес Батыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Нариман Төреғалиев бас­таған насихат тобы Жаңақала ау­да­нына келіп, Қазталов, Бөкей ор­дасы, Жәнібек аудандарының лауазым иелерімен алқалы жиын өткізді.

Жиын мақсаты – Қазақстан Рес­публикасының Президенті НұрсұлтанНазарбаевтың «Бес институционалды реформаларды іске асыру бойынша 100 қадам» Ұлт жоспа­рын түсіндіру, елді маңызды қа­­дамдарды жүзеге асыруға жұ­мылдыру еді.

Құрамында БҚО бойынша тексеру комиссиясының төрағасы А. Нұғ­манов, БҚО бойынша қар­жы бақылау инспекциясының бас­­­шы­сы М. Лұқпанов, БҚО экономи­ка және бюджеттік жоспар­лау бас­қармасының басшысы Б. Қо­ныс­баева, БҚО қаржы басқармасы басшысының орынбасары Е. Шү­кір­ғалиев бар насихат тобы ау­дан­ға 22 шілде күні ат басын ті­реп, алдымен күрделі жөндеуді қа­жет­сінетін Қызылоба, Қырқопа ауыл­­да­рындағы орта мектеп ғимарат­тарын  аралап  көрді.

23 шілде күні таңда құрылысы аяқталуға таяп қалған 600 орын­дық мектеп пен 100 орындық жа­тақхана ғимараттарын аралап кө­ріп, құрылысты жүргізушілерге ұсы­ныс, кеңестерін айтып, сапа­лы салынуына пікір қосты.

Төрт ауданның мәслихат хат­шысы, жергілікті мәслихат депутаттары, ауылдық округ әкімдері, экономика және қаржы бөлімдері­нің, аудандық мемлекеттік кіріс­тер басқармаларының басшылары, басқа да мекеме, бөлімдер басшылары қатысқан келелі кеңесті облыс әкімінің орынбасары Нариман Төреғалиев ашып,  жүргізді.

– Ел дамуын қамтамасыз ете­тін бұл бес реформа мен 100 нақ­ты қадамды жүзеге асыру үшін облыс әкімі Нұрлан Ноғаев бекіт­кен іс-шаралар жоспары жасақ­талды. Әр бағытты насихаттайтын топқа облыс әкімінің орынбасар­лары жетекшілік етеді. Мен бү­гін араларыңызға екінші және бе­сінші бағыт­ты түсіндіретін топты бас­тап келіп отырмын, – деген облыс әкімі­нің орынбасары Нариман Төреға­лиев Ұлт жоспары­ның маңызды­лығын әңгімелеп, 2-бағыт – Заң үстемдігін қам­та­ма­сыз ету бағдарламасын түсін­діру үшін БҚО  қылмыстық істер жө­­нін­дегі апелля­циялық сот алқасы­­ның төрағасы Мирамбек Наға­шы­баев сөз берді.

– Тәуелсіздік алған жылдар­дан-ақ Мемлекет басшысы сот іс­теріне ерекше мән берді. Судья­лардың кәсіби білімін арттыру, сот төрелігіне халықтың қолже­тім­ділігін жақсартуды назарда ұс­тады. Соның бір көрінісі – осы реформаның екінші бағыты. Бұл бағыт 19 нақты қадам арқылы жү­зеге асады, – деген баяндама­шы әр қадамды саралап, түсінді­ріп шықты. Осы тақырыпты Орал қа­лалық әділет басқармасының бас­шысы Естай Рашқалиев жатық тілмен толықтырып, жеке сот орын­даушысы, жергілікті поли­ция қызметтері жөнінде мол мағлұмат берді.

Ал 5-бағыт – есеп беретін мемлекетті қалыптастыру тақырыбы бойынша БҚО экономика және бюджеттік жоспарлау басқарма­сының басшысы Бибігүл Қо­ныс­баеваның слайдтар арқылы жаса­ған баяндамасы өте қонымды бол­-ды. Активке қатысушылар әкім­­дер арасындағы меморандумға қол жеткізу, мемлекеттік бағдар­ламаларды оңтайландыру, мемлекеттік органдар жұмысын ба­ға­лаудың жаңа жүйесі, мемлекеттік аудит жүйесі, «Ашық үкімет» порталы, қоғамдық кеңестердің өкі­лет­тігі мен мәртебесін заңмен бе­кіту, жергілікті өзін-өзі басқару­дың дербес бюджетін қалыптас­тыру, басқа да мәселелердің ма­ңызына әбден қанықты.

Баяндамалардан кейін сұрақ­тар мен пікірлерге кезек берілді.

– Жергілікті әкімдер дербес бюд­­жетін қалай қалыптастыра­ды? Қылмыстының жазасы айыппұл­мен өтеледі екен. Қылмыстының ол қомақты айыппұлды қайдан ал­ғаны тексеріле ме? Жеке сот орындаушылар сот шешімінің орын­­­далу жеделдігін  қамтамасыз ете ала ма? – деген сұрақтарына жа­уап алған Жаңақала аудандық мәс­лихат хатшысы З. Сисенғали көп­­тің ойындағы біраз мәселенің мә-­нін ашып берді.

– Мемлекеттік аппаратты, әкім­дерді бағалау жүргізіледі. Осы орай­да жергілікті әкімдер жұмы­сын бағалауда ескеретін көрсет­кіштер бар, — деген Жаңақала ауданы әкімінің орынбасары Бауыржан Саматов жергілікті әкімдерге түсетін салық түрлері белгіленгенін, енді онымен жұмыс істейтін білікті кадрлар әзірлеу қажеттігін, қазір жергілікті жердегі саны бар да, сапасы жоқ қоғамдық ұйым­дар жұмысын жетілдіру, ол үшін қоғамдық келісім кеңесі жұмысы жөнінде нақты заң қабылданып, мәртебесі бекітілсе деген ұсыныс-пікірлерін ортаға салды.

Бөкей ордасы ауданының өкі­лі, аудандық мемлекеттік кірістербасқармасының бөлім басшысы М. Та­ңатов мемлекеттік қызмет­керлерді бағалау, еңбекақысын есептеу, ынталандыру жүйесі жө­нінде сұрақтарын қойып, толым­ды  жауабын  алды.

Осылайша емін-еркін пікірле­су жағдайында өтіп, өмірлік ма­ңызды реформаның екі бағыты бо­йынша мол түсінік берген актив жиынын топ жетекшісі, облыс әкімінің орынбасары Н. Төре­ға­лиев қорытындылады.

Өмірзақ АҚБАСОВ,

Жаңақала ауданы


Құс етіне шектеу қойылды

Күні: , 830 рет оқылды

bW[«


Бейсенбіде Орал қалалық тұтынушылардың құқықта­-рын қорғау басқармасы басшысының міндетін атқа­рушы Динара Қазиева жер­гілікті БАҚ өкілдерін жинап, көрші Ресей еліндегі  бір­­қатар құс етін өндіру­шілер­­дің өнімін елімізде өткізуге уақытша тыйым салынға­нын хабарлады.


Оның сөзінше, мұндай мә­лімдеме жасауға ҚР Бас мемлекеттік сани­тарлық дәрігері Жандарбек Бек­шиннің қаулысы себеп болған. Аталмыш қаулыда Ресей Феде­рациясына қарасты Ставропольский өлкесі Благодарный қаласы, Вокзальная көшесі, №37 мекенжайда орналасқан «Мясоптицекомбинат «Благодарненский» ААҚ-дан шыққан  «Благояр» балапан етін, «Нагайбакский птицевод­чес­кий комплекс» ЖШҚ  (мекенжайы – Челябинск облысы, Нагайбак ау­даны, Фершампенуаз селосы, Реч­ная көшесі) даярлаған бройлер балапаны мен бройлер балапан төсін және (мекенжайы-Ресей Федерациясы, Мордовия Республикасы, Чамзинск ауданы, Чамзинка кенті, Юбилейная көшесі) «Хорошее дело» бройлер балапан ұшасын елімізге өткізуді уақытша тоқтата тұру жөнінде айтылған. Аталған өнімдер санитарлық-эпи­демиологиялық сараптама нәти­желері бойынша Кеден одағының «Тамақ өнімдерінің қауіпсіз­дігі туралы» (021/2011 КО ТР), «Таң­балау бөлігіндегі тамақ өнімде­рі» (022/2011 КО ТР) техникалық  регламенттерінің талаптарына сәй­­кес келмейді және бұл өнім­дер­дің құрамындағы ылғалдың массалық үлесі артық, оның үстіне бұл өнімдерден патогенді микрофлора (Salmonella) анықталған.

Осыған орай «Халық денсау­лығы және денсаулық сақтау жү­йесі туралы» 2009 жылғы 18 қыр­кү­йектегі ҚР Кодексі 21-бабы, Еу­разиялық Экономикалық Одақ ту­ра­лы шарттың №9 қосымшасының 9-тармағы, №12 қосымшасының 5-6-тармақтары, сондай-ақ ҚР Үкі­ме­­тінің 2009 жылғы 30 желтоқсан­да­ғы №2267 қаулысымен бекітіл­ген ережеге сәйкес  жоғарыда атал­ған тауық еті өнімдерін Қазақ­стан Республикасы аумағына әкелу­ге, өндіруге, қолдануға және өткізуге уақытша  тыйым  салынады.

Сондай-ақ Қазақстан Республи­касы Ұлттық экономика министрлігі Тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитетінің санитарлық-эпидемиологиялық сараптама нә­тижелеріне сәйкес «Мироновская құс фабрикасы» АҚ өнімдерінен патогендік микрофлора анық­тал­ған (КМАФАиМ   5*105КОЕ/г қалып­тағыдан жоғары, 0,01 гр. құс еті­нен Salmonella анықталған). Осы­ған орай ҚР АШМ Ветеринарлық бақылау және қадағалау комитеті 2015 жылдың 7 шілдесінен бастап ел аумағына «Мироновская құс фабрикасы» АҚ өнімдерін өткізуді уақытша шектеуге нұсқау берді. Бұл ретте аталмыш министрлік «Ми­роновская құс фабрикасы» АҚ-ның  7 шілдеге дейін тиелген өні­мін ел аумағына өткізу қалыпты жағ­дайда жүзеге асырылатынын мәлімдеп отыр.

Динара Ғашыққызы ҚР Бас мемлекеттік санитарлық дәрігерінің қау­лысына сәйкес  жоғарыда көр­сетілген өнімдерді өткізумен ай­­налысатын кәсіпкерлік субъек­ті­лердің өкілдерін осы айтылған жағдайлармен хабардар ету мақ­сатында таяуда облыстық кәсіп­керлер палатасымен бірігіп, жұ­­мыс­танатындарын жеткізді. Ол сон­­­дай-ақ барша тұрғындарды сау­да нүктелерінен құс етін сатып аларда олардың белгі таңбала­рын  мұқият қарауға шақырды. «Сақ­тансаң, сақтармын» деген, ауырмай-сырқамай, аман-есен жүрген­ге не жетсін?!.

Айша ӨТЕБӘЛІ,

«Орал өңірі»


Жайықтың экологиясы – ортақ мәселе

Күні: , 197 рет оқылды

IMG_2997


Жайық өзенінің экожүйесін сақтау бойынша ҚР мен РФ Үкіметтері арасындағы келісімге қол қойылар күн жақын. Аталмыш құжат күшіне енсе, қазақстандық-ресейлік тұрақты әрекет етуші комиссия құрылып, ол өзенді ерекше қорғалатын табиғат аумағына жатқызу бағытында жұмыс істемекші.


Бұл туралы бейсенбі күні «Нұр Отан» партиясы­ның облыстық филиалында өткен баспасөз мәслихаты кезінде ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, «Жайық – достық өзе­ні» экспедициясының жетекші­сі Елена Тарасенко мәлімдеді. «Иә,Жайық өзенінің экожүйесін сақтау бойынша келісім құжатын дайындау процесі ұзақ жүруде, — деді Елена Ивановна. — Оған түрлі бю­рократиялық кедергілер өз әсерін тигізуде. Елбасымыздың өзі су ресурастарын сақтау бағытындағы келіссөз оңай еместігін айтқан болатын. Себебі ол биліктің бар­лық тармағымен тығыз байланысты. Мемлекеттік орган, зиялы қауым, үкіметтік емес ұйым, БАҚ өкілдерінің, депутаттардың, жұрт­шылықтың үн қосуының арқасын­да бұл мәселе біртіндеп өз шеші­мін тауып келеді. Бүгінгі таңда ке­лісім жобасын РФ үкіметі мақұл­дады. Енді бұл құжатты Қазақстан жағы қарауда. Бәрі ойдағыдай бо­лып, жоба қолдау тапса, екі мем­лекет тарапынан келісімге қол қо­йылмақшы. Соның негізінде құ­ры­латын қазақстандық-ресейлік тұ­рақты әрекет етуші комиссия Жа­йық өзенінің экожүйесін сақ­тау бойынша кешенді жұмыс атқа­ратын болады».

Жиын барысында сөз алған облыстық табиғи ресурстар жә­не табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының бас мама­ны Айсұлу Әбдірахманованың ай­туын­­ша, өңірімізде Жайық өзенінің эко­логиясына қатысты бірқатар іс-ша­ралар қолға алынды.  Мәселен, өзен суының деңге­йін көтеру жобасы бойынша техникалық-эко­номикалық негіздеме дайындал­ды. Бұл өзеннің табанын та­залау, бекіту жұмыстарын жүргізуге мүм­кіндік бермекші. Жалпы осы іс-шараларды Ресей аумағында орна­ласқан өзеннің бастау алатын тұ­сынан бастап жүргізген дұрыс. Егер тұрақты комиссия құрылса, ол бұл жұмыстардың сапалы түр­де жүруіне оң ықпалын тигізері сөзсіз.

– «Жайық – достық өзені» атты қазақстандық-ресейлік, тарихи-мә­дени, экологиялық және спорт­тық экспедицияның рөлі жыл өт­кен сайын артып келеді. Жайық өзенін айтқанда, оны қоректенді­ріп тұрған шағын өзендерді, айналасында өскен орман алқабын, өзен бойында орналасқан елді мекендерді, олардың экологиясын айту керек. Яғни Жайық өзенінің мәселесін ел-жұрттың әлеумет­-тік-тұрмыстық мәселесінен тыс­қа­ры қарауға болмайды. Экспе­ди­­ция­ның ұйымдастырушылары, оның мүшелері осы мәселелердің шешілуіне, екі елдің жарқын бо­лашағына өз үлестерін қосып жүр­­гендерін де айта кету керек, –деді өз сөзінде облыстық ассамблея төрағасының орынбасары, хатшылық меңгерушісі Ғайса Қа­пақов.

Сәкен ӘБІЛХАЛЫҚОВ

Суретті түсірген  Темірболат ТОҚМАМБЕТОВ


Экспедиция жолға шықты

Күні: , 795 рет оқылды

1вапрвап


Кеше Казақстан мен Ресейдің бірлескен ХІХ тарихи-мәдени, экологиялық, спорттық «Жайық – достық өзені» экспедициясы  сапарға шығар алдында  Жеңіс алаңына гүл шоқтарын қойды.


Жайық өзені бойымен Батыс Қазақстан об­лы­сының аумағын қам­титын бұл маршрут Қазақстан хал­қы Ассамблеясы жылы мен Ұлы Жеңістің 70 жылдығына орай ұйымдастырылған. 170 шақы­рым­ды құрайтын жорық  24 шілде кү­ні Бөрлі ауданының Приуральный ауылынан басталып, 29 шілдеде Орал қаласында аяқталады деп жоспарлануда. Құрамында Ба­тыс Қазақстан мен Орынбор об­лыс­тарының мемлекеттік орган өкілдері, қоғамдық ұйымдар мен жастар ұйымдары, депутаттар мен Қазақстан халқы Ассамблеясы мүшелері,  ғалым-жазушылар мен жур­налистер, барлығы  70 адам жасақталған.

– Жорықтың алдында қасиетті жерге тағзым етуге келдік. Же­ңіс алаңында бізге жарқын өмір сыйлаған аталарымыз бен әкеле­ріміз, аналарымыздың рухына бас иеміз. Биылғы сапар Қазақстан халқы Ассамблеясы жылы мен Ұлы Жеңістің 70 жылдығына ар­налғандықтан, әр ауданда тұр­ғын­дармен кездесулер өткізіп, ха­лықтың жағдайын жақсартуға ба­ғытталған «100 нақты қадам» бағ­дарламасын насихаттайтын боламыз. 19 жыл қатарынан жүзеге асқан экспедиция соңғы 14 жылында көрші Орынбор облысымен бірігіп жұмыстанып келеді. Басты ұстаным – бірлікті сақтап, екі елдің мәдениетін дамытуға үлес қосу. Сондай-ақ Қазақстан мен Ресей үкіметтерінің назарын Орал өзе­нінің трансшекаралық бассейнін сақтап, экожүйені жақсартуға ау­дару болып табылады. Командамыз жолға дайын, – деді экспедиция жетекшісі, ҚР Мәжілісінің депутаты Е. Тарасенко.

Орал қаласының  әкімі А. Көл­гі­нов сапарға аттанушыларға ақ­жол  тілеп,  аттандырып  салды.

Ләззат ШАҒАТАЙ,

«Орал өңірі»

Суретті  түсірген Темірболат ТОҚМАМБЕТОВ


Түзету мекемесіндегі сайыс

Күні: , 848 рет оқылды

IMG_2872


Орал қаласындағы РУ170/2 түзету мекемесінде экстремизм және терроризмге қатысты  сотталғандар арасында байқау өткізілді. Сұрақ-жауап түрінде ұйымдастырылған байқауға 6 сайыскер қатысты.


Аталмыш мекемедегі жазасын өтеушілердің 80-ге жуығы дін жо­лында. Оларға БҚО дін істері бас­қармасы мен орталық мешіттің қызметкерлері бірігіп құрған жоспар бойынша айына екі рет теолог мамандар мен имамдар сабақ өткізіп отырады.

— «Экстремизм және терроризмге қарсы күрес» мемлекеттік бағдарламасы бойынша облыс басшылығының ұйғарымымен өңі­рімізге теолог мамандар ал­дырылған болатын. Жазасын өтеу­шілердің арасынан экстремизм және терроризмге байланысты сотталған азаматтардың хал-ахуалы және діни бағыты қа­­лай? Осындай мақсатпен бүгін­гі шараны қолға алып отырмыз. Адамды дәстүрлі емес діни ба­ғыт­тан дәстүрлі бағытқа өткізу оңай­­ға соқпайды. Десек те, дәріс оқу немесе дәстүрлі исламға қатыс­ты кітаптар тарату арқылы қиын­­дықтарды жеңіп келеміз, — дейді РУ170/2 мекемесі же­дел бөлімі­нің діни экстремизм­ге қарсы топтың аға жедел уәкі­лі, әділет лейтенанты Азамат Тө­лепов.

— Бостандықта жүріп ешқандай ілім іздемейтін едік, керісінше интернеттегі жалған мәліметтің кесірінен адасатынбыз.  Ал мұнда арнайы мамандардың дайында­ған кітаптары мен бейнероликтеріне қарап отырып, кезінде көп қателіктер жібергенімізді түсін­дік. Осында отырғаныма сегіз ай­дан асты. Жиі болып тұратын сабақ­тардың  нәтижесінде өзі­міз­дің дұ­рыс бағыттағы дінге деген көз­қарасымыз өзгерді, — дейді жа­засын өтеуші Ринат Жұмағали.

Аталмыш шараға облыстық прокуратураның экстремизмге және терроризмге  қарсы күрестің заңдылығын  қадағалау бөлімінің аға прокуроры Руслан Ажғалиев, БҚО бойынша ҚАЖД басшысы­ның ТЖЖ орынбасары, әділет полковнигі Сатхан Ізімов, ҚМД-ның орталық мешіттің найб има­мы, дінтанушы Мұратбек Қыстау­баев, БҚО бойынша ДІБ діни бірлестіктермен жұмыс бөлімінің бас маманы Нұржан Стамбақиев қатысты.

Сайысқа қатысқандардың арасынан Мирас Испаев бірінші орын алса, Өтеміс Сарбалин мен Ренат Тілеубаев екінші-үшінші орындарды өзара бөлісті. Жүлдегерлерге сыйлықтар берілді.

Темірболат  ТОҚМАМБЕТОВ


Құлпытастар – әлем өркениетінің бір бөлігі

Күні: , 1 019 рет оқылды

IMG_0471


Р. Сүлейменов атындағы Шығыстану институтының «Батыс Қазақстан облысының эпиграфикалық ескерткіш­тері» жобасы бойынша облысымызға экспедициямен келген ғалымдар – тарих ғылымдарының докторы, профессор, Л. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті Дінтану кафедрасының меңгерушісі Әшірбек Мүмінов және Шығыстану институтының ғылыми қызметкері, арабтанушы Бағдат Дүйсенов “Жайық Пресс” ЖШС мәжілісінің залында тілшілерге сұхбат берді.


— 2015-2017 жылдарға арналған бағ­дар­лама шеңберінде осы өлкеге келіп отыр­мыз. Биыл басталған бұл жоба ҚР Білім жә­не ғылым министрлігі тапсырысымен қол­ға алынды. Жоба жетекшісі – тарих ғы­лым­дарының кандидаты, арабтанушы Айтжан Нұрманова. Жоба бойынша жұмыстанатын топтағы алты адам Алматыдағы ғалымдар болса, төрт адам жергілікті мамандар. Олар – «Жайық Пресс» ЖШС-ның бас директоры Жантас Сафуллин, тарих ғылымдарының кандидаты Жәнібек Исмурзин, осы саланы көп жылдардан зерттеп келе жатқан жур­налист, «DANAkaz» журналының бас ре­дакторы Қазбек Құттымұратұлы, тарих магистрі, өлкетанушы Айболат Құрымбаев.

Осы сапарымызда екі нысанда болдық. Біріншісі – Ақжайық ауданы Базартөбе ауы­лының маңындағы Мәулімберді қорымы. Бұл жерді кешен десек те болады. Онда үш қорым бар. Бес күн жұмысымызда өте құн­ды деректерге кезіктік. Суретке түсіріп, тех­­никалық сипаттамасын жазып, мәтінін тердік. Үлкен кітап болатын материал жинал­ды. Нысанның маңыздылығы – осы өлке­де­гі үлкен ғылым-білім орталығы Мәулім­бер­ді кешені – медресе мен мешіт болған­ды­ғы. Бұл бұрын-соңды әлемге белгісіз бол­ған орын есептеледі. Ол жерге жерленген ғалымдардың дәрежесі өте биік екенін көрдік: шейх, хазірет, дамолла, ахун, атақ­ты ғалымдар. Үш некропольдан болған жазуларды жинадық. Олар бір-біріне байланысты, үлкен династия.

Екінші зерттелген нысан – Теректі ау­данының Шағатай ауылдық округіне қа­расты Қы­зылжар елді мекенінің жанын­дағы «Хан зираты» қорымы. Мұнда 1805-1809 жылдары Кіші жүзге хан болған Жан­төре Айшуақұлы жерленген. Сондай-ақ хан­дық билікпен байланысты болған қазақ элитасының осы жерде жерленгеніне көз жеткіздік. Жай адамдар емес, қоғамда үлкен орны болған азаматтар, қайраткерлер. Олардың көпші­лігінің есімі тарихымызда айтылмай келді. Көбінесе хандар мен әс­кер­басыларға назар аударылады да, қоғам­ның орта қата­ры – билер, батырлар, қайрат­керлерге көп мән берілмей қалады. Биыл­ғы Қазақ хан­дығының 550 жылдығы той­лануда. Осыған дейін қазақ хандарының эпитафиялары жа­рияланбаған екен, — дей­ді тарих ғылым­да­рының докторы, про­фессор Әшірбек Мүмі­нов. – Осыған дейін біз ешбір жердегі де­рек­көзімен кешенді таныспай, тарихи тұл­ғаның төңірегінде болған әңгімелермен сөйлеп келгенбіз. Сондықтан жаңа концепция жасаудамыз. Кеңес кезеңінде жазыл­ған тарих басқаша да, ел ішіндегі деректер басқаша сурет сызып береді. Бұл жайтты біз ғылым үшін үлкен оқиға деп есептеп, жаңа жобалар бастап жатырмыз. 2004 жылдан бастап «Мәдени мұра» бағдарламасы шеңберінде шет елдердің кітапхана, музей, архивтерінен көптеген деректер әкелінді. Олар бойынша көптеген еңбектер жазыл­ды. Біз ел ішінде де зерттелмеген құнды деректер көптігін біле бермейміз. Осы жоба былтыр еліміз бойынша 4 мың жобадан І орынды иеленді. Бізге артылған үл­кен сенімді ақтауға тырысып бағудамыз.

Шетелден «Мәдени мұра» арқылы алып келген деректерімізді ғалымдар бі­ле­ді, ал біздегі деректерден хабары жоқ

Бұл жобалардың халықаралық мәні ерек­ше. Ғалымдардың айтуынша, бұған дейін әлем ғылымына Қазақстандағы эпиграфи­калық ескерткіш мәлім етіліп, олар жөнін­де ауқымды еңбектер жазылған емес. Осы уақытқа дейін Араб елдері, Иран, Үндістан, Түркия сияқты үлкен мемлекеттердің осындай ескерткіштері әлемдік ғылымға белгілі. Әлем ғылымы ислам өр­кениетін көптен зерттеп келеді, бірақ ой-пікірі шектелген, толық емес. Ол Қазақ­стан­дағы, соның ішін­де осы жердегі жәдігер­лер есебінен то­лықтырылуы қажет. Шетелден «Мәдени мұра» арқылы алып келген деректерімізді ғалымдар бі­ле­ді, ал біздегі деректерден хабары жоқ. Сон­дықтан осы ескерткіштерді жариялау ар­қылы Қазақстан ғылымы өзін әлемге тағы бір әйгілейді, ғылымдағы бәсекеге алып кіреді деп сенеміз.

— Ендігі жоспарымыз – осы жиналған де­ректермен күз бойы камералық өңдеу жұ­мыстарын атқарамыз. Эпитафиялардың жа­зылуын сурет арқылы алыста отырып оқу қиын. Ойылып жазылған ол жазуларды бар­мақпен сипап отырып оқылады. Сол жерден мұқият қағазға түсірілді. Сондай-ақ сол аймақтағы ел-жұрттан тұлғаларға қатысты деректер де жиналды. Топ құрамындағы он адам­ның әрқайсысы өз міндетін жақсы біледі, өз саласы бойынша тиянақты жұ­мыс­қа талап бар. Жыл соңына дейін кітап қылып, басылымға береміз. Әр жыл сайын қоры­тынды ретінде бір жинақтан шығару жобада бар. Ең алдыңғы кезекте – Мәу­лімберді кешені, Жантөре хан қорымы мен Ордадағы хан зираты, — дейді ғалым Әшір­бек Мүмі­нов. Жинақ әлемдік ғылыми ай­налымға тү­суі үшін орыс, ағылшын тілінде де жарық көрмек.

Жантөре хан қорымындағы тұлғалар тарихқа қосылады

Зерттеу тобының екінші нысаны – Жан­төре хан зираты. Бұған дейін ғылымға бел­гісіз боп келген бұл жерді ғалымдарға өл­кетанушыларымыз көрсеткен. Үш күндік жұ­­мыс жүргізілді. 141 ескерткіш тас саналды. Ғалымдар барлығының қазақ элитасы болып шыққанына таңданыс білдіруде. «Бұ­ған дейін хан-сұлтандарды көп естігенімізбен, мұнда билер, батырлар, байлар, ахун, мударистер, абыздар, мырзалар, сопылар, правитель, старшындардың аттары сақтал­ған. Бір жерде соншама тұлға жатыр. Тари­хи материалдың бәрі осында. Ерекше ай­мақ екен» дейді Әшірбек Құрбанұлы.

Эпитафиялар топонимдердің тарихи атау­ларын қайтаруға да көмектеседі. Тарихи география үшін мұндай эпитафиялардың маңызы өте зор.

— Ескерткіштердің көміліп қалған жерле­рінде о бастағы боялған түстері сақталған. Тұрғындардан сұрағанымызда, «аталарымыз құлпытастардың көк, қызыл, жасыл бояулармен тұрғанын айтатын еді» дейді. Қазір жуылып-шайылып, ағарып қалған. Кейбір құлпытастарды бояуының жұрнағы­на қарап сол түстерге бояп көрдік, — дейді арабтанушы Бағдат Дүйсенов.

Бөкейліктегі Хан зираты  толыққанды зерделенбек

Бөкей хандығы эпитафияларына да аса мән берілмей келген болатын. «Қазақ­стан­ның Еуропалық бөлігіне көп мән беруіміз керек. Онда көп рәміз бар. Бұл хандық тарихы туралы ағылшын, орыс тіліндегі материалдар өте қарапайым жазылған. Қазақ мемлекеттілігінің қалыптасуында өзіндік орны бар тарихты терең зерттеу керек. Ал материалдар жеткілікті. Көп тарихшылар кирилл жазуындағы деректермен айналысты да, араб жазуындағы ақпарлар көп зерттелмей қалды. Оның үстіне қайта-қайта жазылатын, түрліше басылатын дерек емес, бір рет қана қашалатын эпиграфиялық жазулар – сенімді дерек көзі» дейді Әшірбек Мүмінов.

Бөкей ордасында шамамен 130-дай ес­керткіш бар. Оған ғалымдар алдағы жылы арнайы келмек. Ол жердегі ескерткіштерді бір-бірлеп зерттелмей, кешенді зерттеу жұмыстары өткізіледі. Барлық тас нөмір­леніп, картасы жасалады. «Әр құлпытас құжатталуы тиіс. Ескерткішті сақтау инспекциясына тіркеуден өткіземіз. Сонда зерттеуіміз заңды негізге ие болады. Сондай-ақ тастардың, материалдың геологиялық сипаттамасы, қай жерден әкелінді, олармен шеберлер қалай жұмыс істеді, қандай құралдар мен әдістер арқылы ойылды – бәрі зерттелмек. Құлпытастағы тексттің өзі­не филологиялық сараптама жасалады» дейді ғалымдар.

«Ескерткіштердегі ру таңбалары да ерекше зерттеу нысаны. Құлпытастағы бұл таңбалар рулардың жер шекараларын белгілесе, бүгінде көрші елдердің жерінде қалған ескерткіштер бір кездердегі тарихи шекарамызды көрсетеді. Бұл тек тарихшылар емес, барлығына қызықты тақырып. Хандар эпитафиялары бұған де­йін жарияланбауымен құнды. Олардың мұнда араб әрпімен мұсылманша аттары жазулы тұр. Екіншіден, өңірдегі бұл құлпытастардың оқылуы арқылы батыр, би, байлардың тізімі кеңейеді. Қазақ меценаттары Кеңес кезінде айтылмай, жоқ­қа шығарылды. Дамыған қоғам құрамыз десек, тарихымыздағы олардың орнын да жоққа шығармауымыз қажет. Бұл деректер біздің жұмысымыз арқылы басқа зерттеушілерге қолжетімді болмақ» дей­ді зерттеу тобындағы ғалымдар.

Жергілікті эпиграфика мамандары қалыптасып келеді

Әшірбек Мүмінов БҚО-да ғылымның бұл саласымен айналысатын жергілікті мамандар қалыптасып келе жатырғанын қуанышпен жеткізді. Әсіресе, осы өлке­нің құлпытастарына ғалымдардың назарын аударған, өзі де осы саланы дендеп зерттеп жүрген Қазбек Құттымұратұлы­ның есімін ерекше құрметпен атап, алғысын айтты.

Сондай-ақ ғалымдар зерттелген қо­рым­дар орналасқан ауылдардың тұрғында­рына, ұйымдастыру жұмыстарына кө­мек­тескен сол ауылдардың билігіне көр­сет­кен құрметтері үшін алғыстарын жет­кіз­ді. Өлкетанушы Әленғали Кереев, Базартөбе ауылының әкімі Амантай Сә­лімов, Ақжайық аудандық балалар мен жасөспірімдер туризмі орталығының қо­сымша білім педагогы Жәнібек Әбіл­пейісов, Шағатай ауылының әкімі Рүстем Мүтиев, Қызылжар мектебінің директоры Жақсығали Тайшыбаев және Теректі аудандық балалар мен жасөспірімдер туризмі орталығының қосымша білім педагогы Берік Каюповың есімін атап, рақмет айтты.

Әр кәсіптің сыры көп, бұл салаға ма­манданған адамдардың жұмысында өзін­дік қиындықтары бар. Бұл салада Франция мектебі үздік. Ғалымның айтуынша, бұл салаға маманданған ТМД елдерінің ғалымдарын Алматыға жинап, бір-екі апталық жазғы-қысқы мектеп өткізу жоспарда бар екен. Жергілікті мамандар­дың бұл сала бойынша білімдерін же­тілдіріп, келешекте олардың дербес жұ­мыстана беруіне жағдай жасау да көз­делуде.

Эпиграфиялық ескерткіштердің жойылу қаупі бар. Себебі оларға атмосфера­ның әсерімен қатар техникалық та нұқ­сан келіп жатады. Қорғауға алынбаған, қоршалмағандары мал жайылыстарында тұр. Сол себепті жыл сайын азайып, сақталғанының өзі оқылмайтын күйге же­туде. Олармен тезірек жұмыстану – біз­дің ғалымдардың әлем мәдениетінің алдын­дағы міндеті. Ал біздің қоғамның міндеті – ата-бабасының мәңгілік меке­ніндегі басына тұрғызылған түпнұсқа дерек – ескерткіштерді барынша сақтау.

Эпитафия (грек. epіtaphіos – қабір үстіндегі) – құлпытасқа жазылған жазу. Эпиграфика – қатты материалдарға (тас, металл, қыш, т.б.) жазылған жазуларды зерттейтін тарихи қосымша пән.

Нұрлыбек РАХМАНОВ,

«Орал өңірі»


Шақырымдардың шаңын аспанға шығаратын пырақтар мәреден аман өткей!

Күні: , 970 рет оқылды

5апв


Газетіміздің осы жылғы, 23 маусым күнгі №75 санында «Аттар серейіп құлап жатты…» деген мақала жариялаған болатынбыз. Онда облысымызға белгілі кәсіпкер, шаруа қожалығының жетекшісі, мәдени-әдеби, спорттық шаралардың бел ортасында жүретін Нәсіпқали Қайырқомов ақсақалдың ат бәйгесі туралы көрген-білгені баяндалды.


Нақтылай түссек, ақсақал Ақтө­бе­нің Қоб­да ауданына барып, қа­зақтың қаһарман қы­зы Әлия Мол­дағұлованың 90 жылдығына орай өткен шараға қатысады. Біраз облыс­тарға сауын айтып, кең көлемде тойланған мәдени шарада ат бәйгесі де өтеді. Оған 100-ге жуық жүйрік қатысады. Маусым айы­ның 17-сі күні болса керек. Сол кездегі ми айналған аптап ыстыққа қарамастан, қазақ­тың бәйге түгілі, күн қызғанда атқа шаппайтын қағидасын белінен басқан білгіштер сол қарғаның миын қайнатқан ыстықта бәйге­ні бастап келіп кетеді. Жеті шақырымдық жорға бәйге, он бес шақырымдық тоқ бәйге және дәл осындай қашықтыққа жергілікті бәйгеге деп жариялап,  жүйріктер қосылады. Ол ештеңе емес, күн әбден шыжығанда 25 шақырымдық аламан бәйгеге кезек бері­леді. Оған кеткен 27 жүйріктен үш жануар ғана өкпелерін сүйретіп көмбеге келгендей болады. Ал қалғандары шауып келе жатқан күйлерінде аптап ыстықтан мұрттай ұшып құлай береді. Жарыс алаңы зорығып құлаған жүйріктерді   «ең болмаса, пышаққа ілінсін»  дегендері болар, қорқырата бауыздаған нағыз қасапханаға айналады. Осыны көріп, жүрегі қан жылап қайтқан ақсақал редакциямызға арнайы келіп, көрген-білгендерін баяндап берген еді. Ондағы ойы біздің өңір де сол тұста  ұлы тойға әзірленіп жатқан. Ол  қазақтың қадірлісіне айналған Қадыр ақынның 80 жылдық тойы болатын. «Сол тойда тақым созатын жарыс болмауы мүмкін емес, сонда жүйріктерге сақ болайықшы, бейкүнә жануарлардың обалына қалмайықшы!» деген алдын ала сақтандырумен келген екен ақсақал.

Қош, сонымен абыз ақынның тойы да дүркіреп өтті. Ақтөбедегідей 100 болмаған­мен, әр түрлі қашықтықтарға 60-тан аса қыл­-құйрық шығып, шақырымдардың ша­ңын аспанға үйірді. Мұнда да күн  жарық­тық Ақтөбені «жолда қалдырып» күйіп тұр­ды. Дегенмен Сырым еліне ғана емес, об­лы­сы­мызға аты мәшһүр, ұйықтаса түсіне жылқы енетін атбегілеріміздің бірі, жыл сайын бие байлап қымыз өндіріп келе жатқан Мүтәлі Төреғалиев (суретте) сынды азаматтың ала­манның басы-қасын­да жүргені, тізгінді жі­­берер алдында шабандоздарды ғана емес, пырақтарды да фи­зикалық жағынан мұқият тексергені өз алдына, малдәрігерлік тұрғы­дан да қатаң әзірлеп барып, «томағаларын» сыпырғаны абырой болды. Ылдидан салса, төске озады деп келген жүйріктердің ара­сынан сыр бе­ре бастағандары да болмай қалған жоқ. Ондайда болдыра бастаған­дарды әрі қарай қинамай, жарыс жолынан дер кезінде аластатты. Соның арқасында Ақтөбедегідей 17 жүйріктің жанын жаһан­намға жіберген жайсыз жағдай мұнда қай­таланған жоқ. Ал­дағы аламандарда да со­лай бола бергей!

Енді тоқып отырған өрмегіміздің негізгі тініне келейік. Той бо­ла қалса, ат шаптырып, бәйге ұйымдастыру дәстүр — қазақтың қанына сіңген, ата-бабамыздан келе жатқан қасиет. Жайықты ен жайлаған елімізде әлі де талай тойлар болар. Сонда үкілеп әкелген талай пырақтар мәреден сұр жебедей зырқырап жөнелер. Солардың көмбеге бірі қалмай аман-есен келуі үшін не істеуіміз керек, нені қатаң ес­керуіміз керек? Бұл туралы жылқы маман­дары не дейді? Енді сол жайлы тарқатсақ.

Атбегі, эколог-ғалым, жылқы маманы Алтай Зейнуллин (суретте) былай дейді:

«Жүйрік баптау қылқұйрыққа қонжия қа­латын кез келген адамның қолынан келмейді. Баптаушы ең әуелі атты таңдай білуі ке­рек. Жылқының мінезі, байсалдылығымен қатар, сергектігі, самдағайлығы (жылдам қи­мылды дегеніміз), ұшқырлық пен темпера­мент – бәрі-бәрі ұштасып жатуы керек. Сырт­қы пішін, пошымын ғалымдар экстерьер дейді, олар да үйлесіп тұрсын. «Адам – жыл­қы мінезді» деген тектен-текке айтылмасы ләзім. Жылқының жеті атасынан бермен қа­рай тарқатылатын тектілігіне де (генотип) кө­ңіл бөлінеді. Осыларды ең алдымен еске­ріп барып, жаратуға кірісеміз ғой. Оның да кезеңдері (фаза) бар. Шаршау кезеңі. Жарату басталғанда жылқы шаршап қала береді, ақ көбігі шығып, сүлесоқтанатын кез. Одан әрі жарата берсек, қалпына келу кезеңі басталады. Тағы бірнеше күн өткенде жұмыс қабілеті арта бастайды. Жаратқан сайын қуаты еселене түседі. Бұл жұмыстардың басында жүйріктің иесі, яғни бапкері жүреді ғой. Ал жүйрікті азықтандыру да жатқан бір ғылыми үрдіс, оны бұлжытпай орындайды. Мұнымен зоотехник-селекционер тікелей айналысады. Ал жүйріктің денсаулығын мал дәрігері қатаң бақылап отырады. Жүрек қағысы, қан қысымы, кіші дәреттің жиілігі жіпке тізіледі. Айлап созылатын  бұл шаруалардың басы-қасында жоғарыда айттым, бапкер, яғни ат жаратушы және күні ертең атқа шабатын шабандоз міндетті түрде бірге жүреді. Сөйтіп, жоғарыда санамалап шыққан төрт адамның, яғни мамандардың тілегі мен мақсат-мұраты бір арнаға тоғысқанда барып, жүйрігіңіз­дің бабы да, бағы да қатар шабуы даусыз. Ал жылқы қазақпен бірге жасай береді. Жасаған сайын талай дүбірлі жарыстар ұйымдастырылмай тұрмайды. Ондайда ат баптайтын мамандар қажеттігі өзінен-өзі туындайды. Ол мамандар көктен аяғы салбырап түсе қалмайды, оларды даярлайтын арнайы мектеп керек. Ол үшін жоғары оқу орындарының жанынан шабандоздық пен ат бапкерін даярлайтын, жалпы жылқы шаруашылығымен айналысатын (қымыз өндіру, асылдандыру т.б.) кафедра ашу керек. Ұлттық ат спортын дамытайық деп талай жылдардан жағымыз талғанша айтып келе жатқан мәселеміздің де  бағы сонда жанбаса, маған серт!

Енді Қобдадағы қолайсыз жағдайға келетін болсақ, шабандоздан бастап, бапкер, мал дәрігері, жарысты ұйымдастырып басы-қасында жүрген жауапты адамдар қайда қараған?.. Барып тұрған надандық деймін мұны мен. Тұлпарларға қиянат жа­саған сол адамдардың ең құрығанда ат суытудың өзін білмейтіні көзге ұрып тұр ғой… Басқа айтатын сөзім жоқ». Алтай ат­бегі осылай деді.

Айтпақшы, барлық саналы ғұмырын жыл­қыға арнап келе жатқан Алтекең бүгінде Жаңақала, Бөкей ордасы аудандарынан, тіпті мынау іргедегі Ақтөбеден қымыз да­йындатып, Оралға жеткізуді ұйымдасты­рып жүр. «Тиісті құжатымыз, сертификатымыз бар. Экологиялық тазалағына, қазақы әдіспен дайындалғанына кепілдік бере­міз. Әр литрі – 600 теңге. Үш күн бұрын тапсырыс берсеңіз, 40 литр, 5-6 күн бұрын айтсаңыз, 1 тоннаға дейін жеткізіп бере аламыз» — деді қоштасарда.

Есенжол ҚЫСТАУБАЕВ


БҚО, Орал қаласы, Мұхит көшесі, 57/1
zhaik_presscenter@mail.ru
oral_oniri@inbox.ru
support@oraloniri.kz

Орал өңірі" газетінің бас редакторы: 51-25-80
Бас редактордың орынбасарлары: 24-17-08, 54-18-08
Жауапты хатшы: 54-38-22
Тілшілер: 50-66-88, 51-50-34
Жарнама бөлімі: 51-51-09
Яндекс.Метрика