Мұрағат: 23.07.2015


Мырзағұлдың маңдайы жарқырады

Күні: , 822 рет оқылды

IMG_1923


Шілденің 21-інде «Bala Turkvizyon Қазақстан» І халықаралық бала­лар әні байқауына ұлттық ірік­­теу­дің облыстық кезеңі өтті. Оған 8-13 жас аралығындағы өнер­паздар қатысты. Авторлық әлеу­меттік жобалар арқылы да­рынды жастарға қолдау көр­се­те­тін Әлия Назарбаеваның «Жан­дану әлемі» қорының мұ­рын­­дық болуымен бұл байқау бар­­лық өңір­­де ұйымдастырылып келеді. Не­гіз­гі мақсат – балаларға арналып қа­зақ тілінде жазылған жаңа ән­дер­ді жарыққа шы­ғару.


Облыстық жастар шығар­машы­лығы орталығында ал­ғашқы бө­лім бойынша озық шық­қан отыз талапты өркеннің өне­рін Қа­зақ­стан эстрадасының танымал тұл­ғалары белгілі сазгер Арман Дүйсенов — «Заман» тобының әнші­лері Ерген Айтымбетов пен Әсет Қарабалин, бағалады. Байқау қорытындысын­да қазылар ал­қасының шешімі­мен Мырзағұл Ал­мағамбетов жеңім­паз деп танылды. Байқаудан үздік шыққан өрен Астана қаласында өтетін өнер бәйгесіне қатысады. Оған дейін барлық өңірден келетін үміткерлерді Алматы қаласында­ғы «Жұлдызды үйде» арнайы кәсі­би мамандар екі апта бойына да­­йындайды. Біздің облыстан қа­тысатын әнші баланың жұлдыз­ды тәлімгері – Ерген Айтымбетов.  Егер біздің бала Ел­ордада тең құр­бысының алды болса, Түркия­ның астанасы Стамбулда өте­тін «BALA Turkvizyon — 2015» бай­қауының гранд-мәресіне жолда­ма алады. Мырзағұл – Орал қа­ла­сындағы №44 мектептің 6-сынып оқушысы, «Қазақстан-Орал» те­­ле­­арнасында көрсетілетін «Боз­тор­­ғай» балалар фестива­­лі­нің жүр­гізушісі.


Зашағандықтарды қуантқан спорт кешені

Күні: , 145 рет оқылды

_DSC0540


Сейсенбі күні ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Елена Тарасенко қала әкімі  Алтай Көлгіновпен  бірге жаңадан ашылып, жұмысын енді бастап жатқан «Арман»  спорттық-сауықтыру кешенін аралады.


Спорттық-сауықтыру кешені Зашаған кентіндегі ба­лаларға қуа­­ныш сыйла­ға­ны анық. Оны олар­дың  залды жарып жіберер­дей көңілді да­уыс­­тарынан айқын аңғаруға бо­лады. Күресіп, футбол ойнап жүр­­ген балалармен жүз­дескен Елена Тарасенко  екінші қабатта дойбы, шахмат ойнап отыр­­­ған ардагер қариялармен де тілдесті.

– Бос уақытымызда осы жергекелеміз. Бұл орталықтың ашыл­ғаны жақсы болды – деген қария­лар қала әкімі Алтай Көлгі­новтің жұмысына, қарапайым адам­дар­дың талап-тілегін назардан тыс қалдырмайтын іскерлігіне оң баға берді.

Бұл күндері Парламент депу­татта­ры өңірлерді аралап, сай­лау­шы­лармен кездесіп жүр. Бүгін мен За­шаған кентінде ашылған «Арман» спорттық-сауықтыру кеше­нін кө­руге арнайы келдім. Ел­басымыздың тапсырмасы бойынша ха­лықтың өмір сүру сапасын жақ­сарту үшін нақты істер атқарылу­да. Жаңа  кешен – соның бір дә­ле­лі. Мен Зашаған кентінде ал­ғаш­қы еңбек жолымды бастадым. 1970-80 жылдары кішкентай ауыл­ды жаяу аралап шығуға болатын еді. Ал қазір біз гүлденген, көркейген зәулім ғимараттар са­лынған үлкен ауылды көріп тұр­мыз. Игілікті істердің бәрі  мемле­кеттік бағдарламалардың негізін­де жүзеге асып жатыр. Бұл жерде тек мемлекет салған үйлер емес,  тұрғындардың өздері жер телі­мін алып, салып алған үй көп. Бұ­ның өзі ел-жұрттың жағ­дайы­ның жақсарғанын аңғартады, – деді Е. Тарасенко.

«Арман» спорттық-сауықтыру ке­­шенінің аумағы 3300 шаршы метр­ді құрайды. Бұл – қаладағы ең үлкен спортзалдардың бірі. Спорт кешенінде футбол, волейбол, баскетбол, күрес, тоғызқұмалақ, дойбы, шахмат, тағы да басқа  спорт сек­­циялары балалар үшін тегін  жұ­­­мыс жасайды. Сонымен қатар спорт орталығында мүмкіндігі шек­теу­лі жандар үшін де жағдай қарас­тырылған.

Гүлжамал ЖОЛДЫҒАЛИ,

«Орал өңірі»


Өнегелі әулеттің мақтаныштары еді

Күні: , 126 рет оқылды

Солдан онга Уали-Кабадаш Нурымгалиевтер


Ұлы Отан соғысы алдындағы жылдар ел жаңа ғана ес жия бастаған жылдар еді. Жұртшылық кеңестік қоғамға әжептәуір бейімделіп қалған кез.


Сарыөзеннің Қамыс Самар көлдеріне ұласар тұсындағы әсем қойнауда іргесі көтерілгеніне ға­сырдан асып бара жатқан Жаңа­қазан ауылының соғыстың соңғы жылдарындағы көрінісі сол кезді көзі көре қалғандардың жадында. Сау­дагер татарлар қаз-қатар сал­ған жатаған қамыс, балшық тас үйлері бейне бір мама қаздың балапан­дарындай  бірінен-бірі аумайды.

Көп қуғын-сүргіннен кейін Рахмет қажының шаруасы Құдай қа­лап ретке келіп, баласы Нұрым­ға­лидан өрбіген немерелері ат тізгінін тарта бастады. 1930 жылы мұ­-ғалімдер даярлайтын қысқа мерзімдік курс­та оқып, 1932 жылға де­йін №3 Балқұдық бастауыш мекте­бінің меңгерушісі болған Нұрымға­лидің кіші ұлы Қабадаш білім жолын қуып Оралдағы педагогика­лық институтта оқуын жалғасты­рып,  Қызылорда қаласындағы пе­даго­гикалық училищеге оқыту­шы­лық қызметке жолдама алды. Үл­кен ұлы Уәли Алматыда Жоғары партия-кеңес  оқуында оқыды.

Сөйтіп жүргенде  Қабадаш елге оралды. Жалғыз келген жоқ. Сол жақта көңілдері жарасқан Зибагүл есімді келінді ерте келді. Қарт пен кемпірде қуаныштан ес жоқ. Анасы Қабадашты айналып-толғанып қасынан шықпайды. Ибалы жас ке­лін енесіне ұрлана көз тастайды. Осыны сезіп қалғандай одан да «айналайынын» аяп жатқан жоқ.

Уәлидің зайыбы мінезі жұмсақ, тәрбие көрген Мазима жаңа түс­кен абысынына үлкендігін жасап, елдің жол-жоралғысын үйретіп жатыр. Бұл жақтың ерекшеліктеріне бойы үйренген Зибагүл кешікпей елмен сіңісіп кетті. Бір жыл­дан кейін нәрестелі болды.

Бұл үлкен ұлы Уәлиден көрін­ген бір-екі нәресте жастайынан шетінеп Нұрымғалидың қамкөңіл  жүр­ген шағы еді. Ойпырмай, қа­шан немере сүйеміз деп жүрген үлкен­дерге бұл да бір Құдайдың берген сыйы болды.

Баланың есімін Максим қойды. Ол кезде пролетариаттың атышулы жазушысы Максим Горькийдің есімі дүрілдеп тұрған шағы еді. Рухани жан байлығын, ілім-білім мен көркем әдебиетті мұрат тұтқан әу­лет жазушының есімін жаңа дәуір­дің перзентіне лайық деп ұйғарды.

Кешікпей Уәлидің отбасында да бірінен кейін бірі шекесі торсық­тай екі ұл бала көрінді. Уәли Алма­тыдағы оқуын аяқтап келіп, аудан­дық мал өнімдерін да­йындау кеңсесінің бастығы болып орна­ласты. Отбасы үлкен үйге көшті.

Осы кезде сүттей ұйып, өркен жая бастаған әулеттің жарасымды тұрмысын соғыс өрті бұзды. Қа­бадаш майданға аттанды. Жорық жолын Сталинград майданында политрук болып бастаған ол Оң­түстік Батыс, І Украина, Белорус майдандарында жалғастырды. Екі рет ауыр жараланған ол 1945 жыл­дың аяғында аға лейтенант ше­нінде елге аман оралды.

Уәли 1944-1946 жылдары Ча­паев, кейін Қаратөбе, Жымпиты  аудандық атқару комитетінің төр­ағасы қызметінде болды. Партия-кеңес органдарының басшылық қызметтеріндегі жемісті қызметі үшін Қазақ КСР Жоғарғы Кеңе­сі­нің Құрмет грамотасына және «Қа­зақстанның ауыл шаруашылығына еңбек сіңірген қызметкер» атағы­на ие болды. 1957-1960 жылдары Жымпиты, Қаратөбе аудандық мал өнімдерін дайындау кеңесінің басшысы қызметін еңбек демалысы­на шыққанға дейін атқарды.

Енді әңгімеміздің негізгі өзегі болып отырған ұстаз Қабадаш Нұрымғалиев жайына оралайық. Соғыстан кейін Қабекең білім бе­ру саласында жемісті еңбек етті. 1946 жылы Жаңақала ауданы­ның орталығы  болған Новая Казанка ауы­лын­дағы С. М. Киров атын­дағы орта мектепте оқу ісінің меңгеру­­шісі қызметін атқарып, ұйымдас­ты­ру­шылық қабілетімен жарқырай кө­рінді. 1948 жылы ол Жаңақала ау­дандық оқу бөлімінің меңгеру­шісі болып тағайындалды. Мұнан кейін ұзақ жылдар Жаңақала ауда­нының ор­талығындағы соғыстан кейін өзі еңбек жолын жалғастыр­ған С. Киров атындағы орта мек­тебінің директоры болып абыройлы жұ­мыс жасады.

Мен 1956-1957 жылдары  Қаба­қаңның алдын көріп, ұстаздық ұла­ғатын алған шәкірттерінің бі­рімін. Бейне бір өз баласындай кө­ріп, кейде кабинетіне шақырып алып, хал-жағдайымды сұрайтын. Мектепті бітіргесін кім болмағым­ды, қай оқу орнына түсетінімді шын ниетімен сұрап, ақыл-кеңесін беретін.

Қабадаш Нұрымғалиев ұзақ жылғы педагогикалық қызметі үшін Қазақ ССР-нің халық ағарту ісінің үздігі атанған, “Октябрь револю­ция­сы” орденімен марапатталған. Жа­ңақала ауданының құрметті азаматы атанды. Жуалыой ауылында­ғы мектеп ұлағатты ұстаздың есі­мі­мен аталады.

Қ. Нұрымғалиев отбасында төрт ұл, үш қыз өсірген өнегелі әулет­тің басшысы болды. Бүгінде Қа­ба­даштың ұрпағы өсіп-өркендеп, ел­дің түкпір-түкпіріне жайылды. Үл­­кен ұлы Мак­симнен Әділбек, Ба­тырбек, Ербол есімді үш ұл көрінді.

Нұрымғалиевтер әулетінің түп нағашылары — белгілі мемлекет қай­раткері, Қызылорда облы­сының қазіргі әкімі  Қырымбек Көшер­баев. Ол Батыс Қазақстан облысын бас­қарып тұрған кезінде бел немере апасы Зибагүл Көшербаева­ның бейітінің басына барып тәу етіп, жиендеріне шарапатын ти­гізіп кеткенін ауыл тұрғындары осы күнге дейін ризашылықпен әңгімелейді.

Құбаш ҚАЖЫМҰЛЫ,

Қазақстанның құрметті журналисі,

Орал қаласы


Шалқардан шабыт алғандар

Күні: , 914 рет оқылды

263A0995


Шілденің 20-21-і күндері  облысымыздың белсенді жастары Шалқар көлінің жағасында бас қосты. VІІ облыстық жастар форумы мен жастардың жазғы лагерінде бас біріктірген 200-дей жас өздеріне ортақ мәселелерді қозғап, пікір алмасты. Форум жұмысына облыс әкімінің орынбасары Бақтияр Мәкен қатысты.


Форумды ашқан Бақтияр Мә­кенұлы: «Жастар – сіздер елдің келешегісіздер. Тәуелсіз әрі да­мыған Қазақстанды әрі қарай нығайту, жетілдіру – сіздердің ен­шілеріңізде. Сондықтан жас бу­ынға үлкен үміт артылып, зор жауапкершілік жүктеледі. Мемлекет жастардың дені сау, сауатты, бәсекеге қабілетті болуы үшін жағдай жасауда. Сол жағдайды тиімді пайдалану – бүгінгі форум­ның басты тақырыбы» деді. Форум аясында жастардың өзекті мә­селелерін талқылауға шақырған Бақтияр Мәкенұлы жастардың қиын, шешуді қажет ететін түйт­кілдерін үлкен мәселеге айналдырмай, осындай басқосуларда ортаға салып, талқылап, ұсыныс­тар мен шешу жолдарын бірлесе іздеу­ге шақырды.

Форумның секциялық отырыс­тарында ауқымды мәселелер қоз­ғалды. Мемлекеттік жастар саясатын жүзеге асырудағы ме­м­органдар мен жастар ұйымдары­ның өзара іс-әрекетінің тиімді­лі­гін арттыру, жастардың қоғам­­дық белсенділігін арттыруда ақ­параттық технологиялардың мүм­кіндіктерін пайдалану мәселеле­рі талқыланды. Сондай-ақ бір сек­-циялық отырыс «Мәңгілік ел» жал­пыұлттық идеясын жүзеге асыру аясында жастарға рухани-патри­от­тық тәрбие беру жүйесін қа­лып­тастыру тақырыбын көтерді.

Еліміздегі, соның ішінде облы­сымыздағы жастардың жұмыс­сыздығы – әлі де күн тәртібіндегі өткір мәселе. Бұл мәселе өткен форумда қызу талқыланған. Содан бергі екі жыл ішінде жастар жұмыссыздығы 5,1 пайыздан 4 па­йызға түскен. Бұған мемлекеттік бағдарламалар әсер еткені сөзсіз. Сондай-ақ құрылғаннан кейін бірден жұмыс нәтижесін көрсеткен жастар ресурстық орталығының да үлесі зор.

— Бұл орталықтар – тап осын­дай басқосулардың жемісі. Олар­ды құру жөнінде VІ форумда ұсы­ныс жасалған еді. Міне, екі жылда жастардың 10 ресурстық орталы­ғы көмекке зәру жастарға өз есі­гін айқара ашты. Және олар үкі­меттік ұйым емес, мемлекеттік мекеме, — дейді облыстық жастар сая­саты мәселелері басқармасының бөлім басшысы Ранида Ашенова. Бір жыл ішінде ресурстық орта­лықтарға бас сұққан 2282 адам­ның 1563-і жұмыс іздеп жүрген­дер. Олардың 450-і тұрақты жұ­мыс тапқан.

— Жастардың көпшілігі экономист, заңгер, кеңсе қызметкері болғысы келеді. Ал ауылдық жер­лерде бұл мамандықтарға сұра­ныс жоқ. Ауыл шаруашылығы ма­мандығы бола тұра ауылдық жерге барғысы келмейтіндер бар. Тіпті қала аумағындағы жерлерге де. Мысалы, қала бойынша жол салу мен құрылыс саласына 20 бос орын бар. Талаптарына қараса­ңыз, 80 мыңдай жалақы, қатынауы мен түскі асы мекеме есебінен. Мұндай күрекпен істейтін жұмыс­тарға жастар барғысы келмейді. Салқындатқыш астында әрі жақ­сы төленетін жұмыс іздеушілер көп. Сондықтан біз жастар ұйым­дарына техникалық мамандық­тарға тарту бойынша түсінік жұ­мыстарын атқаруға тапсырма берудеміз, — дейді облыстық жас­тар ресурстық орталығының директоры Кенесары Нұршинов.

Форум  барысында Бақтияр Мәкенұлы жастар ұйым­дарында қызмет атқар­ғандағы тәжірибесін, «Болашақ» бағ­дар­ламасы арқылы ше­телде оқуы кезінде көрген-білгенін ор­таға салды. Волон­терлық жұмыстан жастар ұйымының көшбасшысына, түр­лі жастар жобала­ры­ның ұйымдастыру­шы­сына айналғанын, одан мемлекеттік қызметке өтіп, білімін шетелде жетілдірген Бақтияр Мәкенұлы АҚШ-та қара­пайым жұмысшы болып, еден жуу арқылы шетелде отбасын асыра­ғанын мысалға келтірді. Сөйтіп бұл еркін форматтағы кездесуде жастарға ой салып, жігер берді.

Жиынның теңізге бергісіз Шал­қар көлінің бойында өткізілуінің де өзіндік себептері бар. Форум­да географиялық патриотизм туралы айтылды. Жас буынға өз ту­ған жерін кеңірек, жан-жақты таныстыра отырып туған жеріне деген сүйіспеншілігін қалыптастыру – санасына ұғымдырақ болмағы сөз болды. Шынымен де, жас буын туған жері жайлы құр сөз арқылы білмей, керісінше өз көзімен кө­ріп, сезініп өссе – нағыз елшіл бо­лар еді. Сол себепті, келешекте мұндай табиғат  аясындағы жас­тар басқосулары тұрақты өткізі­ліп тұрмақ.

Жастардың қоғамдық белсен­ділігін арттыруда ақпараттық тех­нологиялардың мүмкіндіктерін пайдалану жайын талқылаған секция отырысында ақпараттық қауіпсіздік мәселесі назардан тыс қалмады. Қазіргі кезең – қарусыз отарлайтын ақпараттық соғыс за­маны. Жаңа дәуірдегі бұл майдан­ның ерекшелігі де, қауіптілігі де – онда белгілі бір шекара жоқ. Бұрынғы заман со­ғыстарында адам шейіт болып не тән жарасын алса, бүгінгі ке­зең­дегі ақпараттық соғыс сананы улай­тындығымен одан бетер қа­уіп­­тірек. Себебі тән жарасы ем­дел­се де, жаны жараланған рухани мүгедекті сауықтыру әлдеқай­да қиын. Бүгінде ақпараттық қауіп­ті сезінбейтін ел жоқ. Осы  орайда БАҚ пен жастардың байланысы да талқыланды. БАҚ пен әлеуметтік желіде жастар мен жастар ұйым­дарының өз контенттерінің сапа­сын жақсартып, елге пайдалы дү­ниелер жазу арқылы медиа ке­ңістікте ықпалды күшке айналуға ынталы болу қажеттігі айтылды. Себебі қазіргі жас буынның өзіне керек бола қалған ақпаратты интернеттен ғана іздейтіні шындық. Ал олар қазақ тілінде жарытымды дүние таба алмай, өзге елдің контентіне ғана арқа сүйейтін болса, бұл айналып келгенде өзге елдің ақпараттық құралдарының үстемдік алуына әкеліп соғады. Сондықтан ақпараттық қауіпсіз­дік пен сапалы контент жасау мә­селесі аса өзекті. Қоғамдық пікір қалыптастыруда аймақтық БАҚ-пен қатар, блогсфера, әлеу­меттік желінің де орны үлкен. Сондықтан блогерлердің де, жас­тар ұйымдарының әлеуметтік па­рақшалары да елдікті, халыққа, жас буынға пайдалы дүниелерді жазуы тиіс екені баса айтылды.

Жазғы лагерьде барлық ау­дан­нан жиналған делегаттар спорт­тық ойындар, ұлттық ойындардан сайыстарға қатысып, тренинг­тер, шығармашылық және интеллек­туалдық ойындарға атсалысты. Бірінші күн жастардың шоу бағ­дарламасымен қорытындыланды. Екінші күні «Таза жағалау» эко­ло­гиялық акциясы өткізіліп, «Жас­тар болашағы – Мәңгілік ел!» флешмобымен лагерь жабылды. Жалпы, бұл форум қорытынды­сында өңірде жүзеге асырылып жатқан мемлекеттік жастар сая­сатының тиімділігін арттыру бо­йынша бірқатар ұсыныстар қа­былданды.

Нұрлыбек  НҰРЛАНҰЛЫ,

«Орал  өңірі»


Ата-анасы ектірмеген сәби туберкулезге шалдықты

Күні: , 874 рет оқылды

main


ҚР «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» кодексінің 156-бабына сәйкес ҚР аумағында жүрген жеке тұлғалар тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде инфекциялық және паразиттік ауруларға қарсы профилактикалық екпе алуға міндетті. Осы орайда  әрбір ата-анаға балаларын вакцинацияның көмегімен 28 жұқпалы ауру-сырқаудан сақтауға жауапкершілік жүктеледі.


Соңғы жылдарда ата-аналар арасында екпелерден бас тарту жағдайлары жиілей түсуде. Облыс аумағында медицина қыз­мет­кер­лері тиісті екпе алмаған балаларды қа­таң мониторинг­тік қадағалауға алды және ау­ру­дың ерте сатысында анықтау, тез арада шектеу жұмыстарының алгоритмі үнемі жүргізілуде.

Ата-анасы екпеден бас тартқан Орал қа­ласында тұратын 3 жасар бала 2015 жыл­дың шілде айында туберкулезге шалдығып, қазіргі кезде об­лыстық туберкулез ауруханасында ем алуда, – деп атап көр­сетіл­ген редакцияға облыстық денсаулық сақ­тау басқармасы басшысының орынбасары М. Аймурзиева қол қойып жолдаған ақ­паратта.

Аталмыш ақпаратта бүгінгі күнде екпеден бас тартқан ата-аналар балаларын ектірмесе, облысымызда  балалар арасында жұқ­палы аурулардың таралуы ушығып, әр түрлі асқынулар салдары туындауы мүм­кін,  – деп жа­зылған.


Аскаридоз аса қауіпті

Күні: , 1 100 рет оқылды

933efdbb23a044953549cbc66b28918b


Жаз мезгілі – көкөністердің нағыз піскен уақыты. Бірақ сол көздің жауын алатын, тіл үйіретін дәмді жеміс-жидектерде ішек аурулары қоздырғыш­тарының бір түрі аскарида құрты кездеседі.


Көлемі ірі құрт тірілей қызғылт түсті болса, өлі кезінде өңі ақ түс­ке ауысады. Ұзындығы 10-20 см. Жанасқан топырағы жуылмаған, лас қолмен желінген өнімдер­мен ауыз арқылы ағзаға түскен құрт жұмыртқалары бастап­қы­да өте кішкентай болады. Әр­мен қарай олардан ересек құрт­тар дамып, ішектің бітелуіне жә­не ағзаның улануына себепкер бо­лады. Бақша өнімдеріне ты­ңайт­­қыш ретінде қолданылатын,  зиянсыздандырылмаған қи мөл­шері орасан қоздырғыштардың да­ми түсуіне өте қолайлы. Аска­ридоздың клиникалық белгілері әр түрлі. Аурудың алғашқы саты­сында жөтел, тұмау, есекжем тү­ріндегі бөртпелер және дене қы­зуының көтерілуі, ал кейінгі ішек­тік сатысында іштің түйіліп ауруы, жүрек айну, құсу, іш қатып қа­лу немесе іш өту белгілері пайда болады. Бұл белгілер ауруды жұқ­тырған соң 1-2 айдан кейін байқалады. Тіпті бір жылға дейін де созылуы мүмкін. Осы мерзім ішінде адам бойында терінің қышуы секілді аллергиялық құ­бы­лыстар байқалады. Жеңіл түрде сырқаттанады, арықтайды. Сол се­бепті науқас ерте мән бермей­ді, уақтылы ем алмайды. Балалар­дың жоспарлы түрде вакцинаны қабылдамас бұрын тексеруден өт­кені жөн. Егер құрт жұмыртқа­ла­ры бары анықталса, алдымен тазартып барып, екпе салу керек. Бұл кеселден баланың ағзасы жо­ға­ры инвазияланған болса, өсіп-жетілуі тежеледі, салқын тиіп, жиі ауырады.

Аскаридоздан сақтандыру ша­ралары: жеке бас гигиенасын тұ­тыну, әжетханаға барған соң, сер­уеннен қайтқанда немесе топы­рақпен жұмыс істегенде қолды жуу, ыстық сумен мұқият шайыл­ған жемістерді, көкөністерді пай­далану қажет. Елді мекендергеабаттандыру жұмысын жүргізіп, топырақ, тоғандардың ласта­нуынқадағалаған жөн. Саяжай мен бақ­шаларға тек зиянсыздан­ды­рыл­ған қиды қолдану керек. Қараусыз қалған әжетхана нәжісін ты­ңайт­қыш ретінде қолданып, саяжай өні­мін сатқан, өзі аскаридоз ауруы­на шалдыққан әйелдің қаперсіз­дігін мысалға алғымыз ке­леді. Бұдан сабақ алғанымыз дұ­рыс. Мұндай әрекетке мүлде ба­руға болмайды!

Б. КИРЕЕВА,

БҚО тұтынушылардың құқығын қорғау департаменті эпидемиологиялық қадағалау бөлімінің бас маманы


Жол апаты жұтып жатыр

Күні: , 892 рет оқылды

DMS_7203


Соңғы уақыттары Оралда жол-көлік оқиғалары күрт көбейіп, соның салдарынан көз жұмған және түрлі дәре­жедегі дене жарақатын алған азаматтар саны артқан. Кеше қалалық жедел жәрдем стансасы арнайы ұйым­дас­тырған брифингте осынау күрделі ахуалға қоғамның назарын аударту жайы сөз болды.


Станса басшысы Сергей Бе­кежа­нов­тың айтуынша, жол-көлік оқиғалары, әсі­ресе, соңғы үш айда дабыл қағарлықтай дә­режеге жетіпті. «Ағым­дағы жылдың тек осы шілде айы ішінде 79 жол-көлік оқиғасы тір­келіп, 121 адам жара­­қат алды. Салысты­ру үшін айтсам, өткен жыл­­дың шілдесінде 57 жолкөлік оқиғасы болып, онда 87 адам зардап шек­кен еді. Өткен жы­­лы бір адам қаза бол­са, биылғы шілдеде әлі ай бітпей жа­тып үш адам көлік апаты салдары­нанқазаға ұшырады. Күні кеше ғана Еура­зия даңғылы мен Гагарин көшесінің қиылысындағы көпірде мотоцикл менжеңіл көлік соқтығысып, мотоциклдегіекеу оқиға орнында жан тапсырды. Түнортасына таман көпірде көлік нөпірі азаяды. Соған қара­мастан әлгіндей қай­ғылы жағдай орын алды. Екінші мысал – шамамен бір апта бұрын біздің жедел жәрдем стансасының қасындағы «Агаев» кафесінің шаты­рына жеңіл кө­лік құлап түсті. Абырой болғанда, адамшығыны жоқ. Біздің пайымдауымыз­ша, жол-көлік оқиғасының негізгі себепкері – бұл жүргізушілік мә­дениеттің қатты құл­дырауы, рульге ішімд­ік ішіп, есірткі шегіп отыру. Нақты айт­қанда, қазір көлік апатын жасайтын­дар­дың басым бөлігін 5 жылдан аспайтын көлік айдау тәжіри­бесі бар, 30 жасқа де­йінгі азаматтар құ­райды. Яғни автомектептерде болашақ көлік жүргізушілерін оқытуға, жолда жүру тәжірибесін мұқият меңгертуге дұрыс көңіл бөлінбейді деген сөз. Жол полиция­-сы өз тарапынан осы автомектептерге талапты күшейтсе, құба-құп», – деді С. Бекежанов.

Облыстық клиникалық аурухана жара­қат бөлімінің меңгерушісі Құттымұрат Жақ­­сығалиев ай сайын шамамен жол-көлік апатына түскен 160 адамға ем-дом жа­сай­тындықтарын жеткізді. «Жарақат әр түр­лі. Шілде айы басталғалы азаматтардың саны 180-ге жетті. Жыл басынан бері төрт адам қаза болды. Оның екеуі шілде айы­на тиесілі», – деді ол.

БҚО ІІД әкімшілік полиция басқарма­сы­ның инспекторы Динара Абдулхалықова жол-көлік оқиғалары санының ұлғаюының бір себебі ретінде қаладағы көлік-тердің шектен тыс көбейгендігін алға тартты.

Тоқтар ҒАБДІРЕШҰЛЫ

Суретті  түсірген Медет ДОСЫМОВ


Еңбек заңнамасы ерекше назарда

Күні: , 842 рет оқылды

20150721_125716-с


Жақында облыс әкімдігінің баспасөз қызметі «Қазақстан-Орал» телеарнасы ғимаратында кезекті баспасөз мәслихатын ұйымдастырды.


Бұған арнайы шақырылған облыс­тық еңбек инспекциясы бойынша басқарма басшысы Жанат Асантаев еңбек қауіпсіздігі мен жұмысшы құқын қор­ғау және әлеуметтік-еңбек шиеленісінің ал­дын алу бағытында атқарылып жатқан жұ­мыстар жөнінде баяндады.

Жанат Асылханұлының айтуынша, жыл ба­сынан бері облыс бойынша 50 жазатайым оқиға орын алған. Оның 27-сі өндіріспен байланысты болса,  төртеуі – топтық жазатайым оқиғалар. Жазатайым оқиғалардан барлы­ғы 58 адам зардап шегіп, 11 адам қаза тап­қан (өндіріспен байланыстысы – 5), ал 38 адам ауыр жарақат алған (өндіріспен байла­ныстысы – 20). Ауыр жарақат алған адам­дардың ішінде 5 әйел бар.

– Орын алған жазатайым оқиғалар, негізінен, өндірісті ұйымдастыру жұмысының дұрыс жолға қойылмауынан болып отыр. Кейде жұмысшылардың абайсыздығы мен жұмыс орындарының талапқа сай болмауы да өкінішті жағдайға әкеп соқтырады. Жо­ғарыда айтылған жазатайым оқиғалар бо­йынша арнайы тексерістер жүргізіліп, оның материалдары облыстық ішкі істер департаментіне жолданды.

Басқарма қызметкерлері жалақы бере­шегін өтеу бойынша да ауқымды шаруа атқарды. Мысалы, ағымдағы жылдың өткен мерзімі ішінде заңды және жеке тұлғаларға жалақы берешегін өтеу жөнінде бұрын бе­рілген ұйғарымдарда белгіленген орындау мерзімдері өтуіне байланысты мемлекет­тік еңбек инспекторлары жоспардан тыс 10 тексеріс өткізді. Заң бұзушылықтарға жол берген кінәлі тұлғаларды әкімшілік жауап­кершілікке тарту үшін ҚР ӘҚБтК 462-бабының 3-тармағына сәй­кес 8 әкімші­лік хаттама толтырып, сотқа жолдады. Соттың шешімі бойынша 1 585 600 теңге көлем­де айыппұл салынды. Аудан­аралық ма­ман­­дандырылған экономикалық сотына ұй­ға­рымды мәжбүрлеп орындау үшін 4 талап-арыз жолданды. Ағымдағы жыл­дың алғаш­қы жартыжылдығында 84 кәсіп­орында 1307қыз­меткерге жалпы сомасы 120,1 млн. тең­ге көлемінде жалақы бере­шектері 84 кәсіп­орында өтелді.

Анықталған заң бұзушылықтары бойынша 48 жұмыс беруші әкімшілік жауапкершілік­ке тартылып, оларға жалпы сомасы 4,4 млн. теңге көлемінде айыппұл салынды. Сонымен қатар атқару өндірістері бойынша 49 кәсіпорыннан 531 қызметкердің пайдасына 96,7 млн. теңге көлемінде қаржы өндірілді. Сондай-ақ банкрот болып танылған және оңалту рәсімі жүргізіліп жатқан 4 мекеме­ден  26,7 млн. теңге өндірілді.

Бүгінде инспекторлар еңбекақы береше­гі бойынша «СПМК-123» ЖШС-мен  жұмыста­нуда. Аталмыш мекеме 58 қызметкерге 4,7 млн. теңге бережақ.

Бұдан соң  Жанат  Асылханұлы өз меке­ме­лерінде жасалған мониторинг қорытын­дысын көпшілікке жария етті. Оның сөзінше,  жүргізілген мониторинг бойынша ағымдағы жылдың І жартыжылдығында облыс бойынша әлеуметтік шиеленіс жағдайы елеусіз.

– Дегенмен, 2015 жылдың 11-12 мамырында Зеленов ауданында орналасқан «Қаз­СтройСервис» АҚ Орал филиалында ең­бек дауына байланысты қызметкерлер мен жұ­мыс берушінің арасында келіспеушілік орын алды. Бұл ретте қызметкерлер жұмыс беру­шіге мынандай талаптар қойып отыр. Біріншіден, сыйақы мөлшері деңгейін көтеру, екіншіден, вахтаның ұзақтығын 30 күнтізбе­лік  күннен 15 күнге ауыстыру, үшінші­ден, ауыр жұмыстарда, еңбек жағдайлары зиян­ды (ерекше зиянды), қауiптi жұмыстарда iстейтiн қызметкерлердiң еңбегiне қосым­ша ақы төлеу.

Ағымдағы жылдың 11 мамырында өңі­рі­мізге келген жоба басшысы Раджив Гупта филиал қызметкерлерімен кездесіп, жұмыс­шы­лар тарапынан қойылған сұрақтарға жа­уап берді. Жиында сыйақы төлеу филиал­дың ережелеріне сәйкес өндірістік-шаруа­шы­лық қызметінің нәтижелеріне байланыс­ты жүргізілетіндігі түсіндірілді. Жұмысшы­лардың екінші сұрағы бойынша компания басшысы шығынның көп болуына байланысты вахталық жұмыс режімінің  өзгеріссіз қалдырылатынын айтты. Ал үшінші мәселе бойынша ауыр, зиянды (ерекше  зиянды), қауiптi жағдайлардағы еңбегi үшін қосымша ақы төлеу жұмыс орындарында қайтадан өткізілген аттестаттау нәтижелерiмен рас­талған жағдайда ғана қарастырылатын бол­ды. Осы жағдаят бойынша мемлекеттік ор­гандардың басшылары мен жауапты мамандары жұмысшылармен кездесіп, еңбек заңнамасы туралы түсініктер берді. Филиал­да орын алған еңбек дауына байланысты жүргізілген жоспардан тыс тексеру барысында заң бұзушылықтар анықталған жоқ.

Ағымдағы жылдың 26 маусымында фи­лиалда орын алған еңбек дауына байла­нысты қызметкерлер мен жұмыс беруші­нің арасындағы келіспеушілік әлеуметтік әріптестік және әлеуметтік-еңбек қаты­нас­тарын реттеу жөніндегі облыстық үшжақты комиссия жанындағы еңбек қақтығыстары­ның алдын алу және ұжымдық дауларды шешу жөніндегі кеңесте қаралып, алдағы уақытта әлеуметтік-еңбек дауларының алдын алу мақсатында хаттамалық шешім қа­былданды және жұмыс берушіге тапсырмалар берілді, — деген Жанат Асантаев қазіргі таңда филиал жағдайының тұрақталғанын жеткізді.

Сөзінің соңында ол мемлекеттік еңбек инс­пекциясы қызметкерлерінің жұмыс берушілермен және кәсіпорындармен бірлесіп, еңбек заңнамасы негіздері бойынша түсіндіру, кеңес беру жұмыстарын тұрақ­ты түрде жүргізіп отырғанын айтты. Мысалы, ағымдағы жылдың алғашқы жарты­жылды­ғында облыстағы еңбек ұжымдарын еңбек заңнамасының негіздеріне құқықтық жалпы оқытуды ұйымдастыру бойынша еңбек инспекциясы қызметкерлері 12 дәріс беріп, 256 қызметкерді қамтыған.

Жиын соңында Жанат Асантаев БАҚ өкіл­дерінің сұрақтарына жауап берді.

Айша ӨТЕБӘЛІ,

«Орал өңірі»


Балаларды қонаққа шақырайық

Күні: , 982 рет оқылды

OLYMPUS DIGITAL CAMERA


Мемлекет басшысы ұсынған бес институционалдық рефор­маны жү­зеге асыру бағытындағы 100 нақты қадамның жетеуі білім саласын жетіл­діруге арналған. Ұлттық жоспар­дың «Біртектілік пен бірлік» атты төртінші бағытын жүзеге асыру мақсатында Білім және ғылым министрлігі Балалар құқықтарын қорғау комитеті төрайымының орынбасары Мәншүк Әбдікәрім  бастаған республикалық ақпараттық-түсіндіру тобы өңірімізде болып, білім саласы қызметкерлерімен кездесті.


Сала қызмет­кер­лері­нің бас­­қосуы облыс­тық отбасыүлгісін­дегі балалар ауы­лы мен балалар туризмі және экология  орталығында  өтті.

– Бүгінде білім беру жү­йесінде­гі маңызды мәселенің бірі ата-ана­ның қамқорлығынсыз қалған ба­лалар­­дың санын азайту болып отыр. Осы бағыттағы қабылданған бағ­дарламалар оң нәтиже беру­де. Бүгінгі күні балалар үйін қай­­та құрып, асырап алуға қауқар­лы кәсіби отбасын ұйымдастыру жос­парлануда. Сонымен қатар ба­ла­лар үйіне балама ретінде қонақ қабылдайтын отбасыларды кө­­бей­ту қарастырылуда. Бұл деге­німіз  бала асырап алуға ниет білдірген отбасы ата-анасыз қалған балаларды белгілі бір мерзімге үйлеріне қонаққа алады. Бала олжерден отбасылық тәрбие көріп,болашақ өмірге бейімделеді. Егер отбасы балаға ұнаса, сол шаңы­раққа қалуына болады. Елбасы­мыздың тапсырмасына сәйкес же­тім балалардың республикалық ақпараттық жүйелер банкі құры­луда. Бүгінгі біздің басты мақса­тымыз білім саласы қызметкер­ле­ріне Президент белгілеп берген 100 нақты қадам туралы түсінік жұмыстарын жүргізу мен заңда болып жатырған өзгерістерді жеткізу болып отыр. Сонымен қатар осы сала мамандарының ұсыныс-пікірлерін тыңдау да негізгі міндетіміз, — деді Мәншүк Әбдікәрім.

Облыстық балалар үйі дирек­торының тәрбие жөніндегі орынбасары Замира Сейтқазиеваның айтуынша, соңғы жылдары өңі­рі­мізде ата-анасыз қалған балалар санын азайту мақсатында бір­қа­тар істер атқарылған. Соның нә­ти­-жесінде облысымызда жетім ба­лалар саны жыл санап азайып келеді. Бүгінде сәбилер үйінде 29 нәресте болса, облыстық балалар үйінде 3-17 жас аралығындағы 80 шақты бала тәрбиеленуде. Бұл көрсеткіштер алдыңғы жылдармен салыстырғанда өте төмен. Ата-анасыз қалған балалардың құжаттарын жинап, патронаттық тәрбиеге, қамқоршылыққа және отбасына орналастыру мақсатын­да жұмыстар жалғасуда.

Нұрбек ОРАЗАЕВ,

«Орал өңірі»


Ақпарат саласының үздігі

Күні: , 169 рет оқылды

DMS_7072


Кеше Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, облыстық «Орал өңірі» газетінің, республикалық «Жас қазақ» ұлттық апта­лық газетінің тілшісі Ұлдай Сариева Қазақстан Респуб­ликасы Инвестициялар және даму министрлігінің «Ақпарат саласының үздігі» төсбелгісімен марапатталды.


«Нұр Отан» партиясы облыс­тық филиалының ғимаратында өткен салтанатты жиынға облыс әкімінің орынбасары Бақтияр Мә­кен бастаған бірқатар сала басшылары қатысты.

– Өткен журналистер күні ме­рекесі қарсаңында Ұлдай Қабош­қызы осы төсбелгімен марапат­талған болатын. Бұл қаламы ұш­қыр журналистің есімі тек батыс өңірге ғана емес, барша қазақ­стандықтарға мәлім. Оның өзекті тақырыптағы мақалаларын, өлең­дерін оқымаған адам кемде-кем. Бүгін мәртебесі жоғары төсбелгі иегері атануыңыз да осы тынбай атқарған еңбегіңіздің жемісі деп білеміз. Сізді марапатыңызбен құт­­тықтап, деніңізге саулық, шы­ғар­машылық табыс тілеймін, — деді Бақтияр Мәкен.

– Еліміздегі ақпараттық саясатты жүзеге асыру бағытында өзек­ті тақырыптағы мақалаларыңыз көптеген баспасөз бетіне жария­­лануда. Дін істері, құқық қорғауса­ласы төңірегіндегі мақала-мате­риал­дарыңыз республикалық дең­­­гейде талқыланады. Оның барлы­­ғы қажырлы еңбегі­ңіздің нәтижесідеп білеміз. Барша «Жайық Пресс»ұжы­мы атынан еңбегіңіздің әділ бағала­нуымен құттықтаймын, – деді ма­рапат иесі қызмет атқаратын «Жа­йық Пресс» ЖШС-ның бас директоры Жантас  Сафуллин.

Сонымен қатар салтанатты ша­рада Президент сайлауында белсенділік танытқаны үшін Людми­ла Щукинаға Қазақстан Республикасы Президентінің Алғысы табыс етілді. Қос марапат иесін дін істер басқармасы, прокуратура, ішкі істер басқармасы өкілдері және бір топ әріптестері құттықтап, гүл шоқтарын табыс етті.

Нұрбек ЗӘКӘРИЯҰЛЫ,

«Орал өңірі»


БҚО, Орал қаласы, Мұхит көшесі, 57/1
zhaik_presscenter@mail.ru
oral_oniri@inbox.ru
support@oraloniri.kz

Орал өңірі" газетінің бас редакторы: 51-25-80
Бас редактордың орынбасарлары: 24-17-08, 54-18-08
Жауапты хатшы: 54-38-22
Тілшілер: 50-66-88, 51-50-34
Жарнама бөлімі: 51-51-09
Яндекс.Метрика