Мұрағат: 21.07.2015


Балалықтың базары

Күні: , 97 рет оқылды

IMG_2590


Орал қаласының халық арасында «Нан зауыты» ауданы атанып кеткен аумақта  «Лепесток» саябағының ашылғанына да көп уақыт өткен жоқ. Сөйте  тұра ол балдәурен  балалық  шақтың базарына  айналып  үлгерді. Алыстан көз тартып тұратын бұл саябақтың құрылысын Орал қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы,  жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің тапсырысы бойынша «Ремстройбыт» ЖШС жүргізді. Кеш түсе саябақ ажарлана түседі. Себебі жарықшамдар іске қосылып, кешкі  қаланың  көркіне көрік қосады.


Қашан барсаң да бұл жерде ата-ана­сы­ның қолынан ұстап, ойнауға асыққан  бал­дыр­ғандарды байқайсың. Бұнда аутокөлік, дельфин, кеме, балапан кейпін­дегі асты серіппемен бекітілген әткен­шектер және сырғанақ көп. Мұнда  ой­нағанды ұнататын балалардың арасында 3 жасар Нұртас Дос­жанов та бар. «Маған сырғанақ тепкен жә­не машинамен ой­наған ұнады. Мұнда көп балалармен танысып, жаңа достар таптым» — дейді ол.

Саябаққа жақын маңдағы үйлердің бал­ғын тұрғындарына қоса, бұл жерге  шалғай  кенттерден де келуде. Солардың бірі – Айым Әнуар. «Сіңлім екеумізді кешкісін әке­міз Сарытаудан әкеліп ойната­ды, — дейді Айым. – Мұнда біз әткеншек теуіп, құмға сурет саламыз».

— Бұл балалар саябағы  қаламызға әр  бе­ре түсті. Себебі балалар жүрген жер қашан да әдемі. Саябаққа демалыс күнде­рі міндетті түрде келуге тырысамыз. Жұ­мыс күндерін­де де кешкі серуенге шық­қанда, балаларды осында әкеліп ойнатамыз. Бүлдіршіндері­міз біраз серігіп қала­ды. Осындай ойын алаңын сыйлаған қа­ла мен облыс басшы­лығына ризашылы­ғымызды білдіреміз, — дейді қала тұрғы­ны Айнұр Бақиева.

Саябақта балалардың алаңсыз және қа­уіпсіз ойнауы үшін барлық жағдай қа­рал­ған. Яғни ойын кезінде дене жарақа­тын ал­мауы үшін бұл жерге 1542 шаршы метр таза құм төселген, айналасы биік дуалмен қор­шалған. Жалпы, ауданы 1, 26 га жерді құ­райтын саябақ аумағының 2030,5 шаршы метр жеріне өрнектастар төсе­ліп, ортасы­на гүлзар орнатылған. Күндіз-түні есігі ай­қара ашық тұратын бұл демалыс орнының оралдықтар  мен қала қонақтарының  мәде­ни демалысына мол мүмкіндік берері сөзсіз.

Темірболат

ТОҚМАМБЕТОВ,

«Орал өңірі»


Әлемдік бәсекелестікте бәсін жібермегей

Күні: , 792 рет оқылды

IMG_2656


Еліміздегі қабылданған мемлекеттік бағдарламалардың іске асырылу жайымен танысу үшін өңірімізге іссапармен келген ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары Шавхат Өтемісов, Виктор Киянский, Самиғолла Оразов, Елена Тарасенко «Жастық» аргофирмасы» ЖШС-ның тыныс-тірлігімен танысты. Депутаттарды облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Марат Оңғарбеков бастап жүрді.


Халық қалаулылары алдымен Оралдағы Неу­сы­пов көшесіндегі кә­сіп­орынның бұрынғы сүт өңдеу цехында болды. Одан кейін олар  №1 нан зауыты ауласындағы сүт зауытының жаңа цехын көріп, мамандармен әңгімелесті.

«Жастық» агрофирмасы» ЖШС өнім өндіруге қажетті шикізатты облыс орталығына іргелес Зеле­нов ауданына қарасты ауыл-ай­мақтан арнайы көлікпен тасы­мал­дап алады. Кәсіпорында ай­ран, кілегей, майлылығы 3,2 жә­не 2,5% болатын  сүт түрлері, бал­мұздақ, май-қаймақ, барлығы 15 түрлі сүт өнімдері өндіріледі. Жер­гілікті сүт өнімдерімен негізінен облыс орталығындағы жабық ме­кемелер, балабақшалар, мектеп­тер қамтамасыз етіледі. Сонымен қатар сауда орындарына да тап­сырыспен жөнелтіледі. Қазір се­ріктестікте 50 адам жұмыс істей­­ді. Сүт зауытының технологы Вик­тория Мұхамедғалиеваның ай­туын­­ша, қазіргі жұмыс істеп тұрған ескі цехта ай сайын 50 тонна май-қаймақ, 15 тонна қышқыл өнім түр­лері өндіріледі. Ауысымына өн­­­дірілетін сүт түрлерінің көлемі 2 тон­наны құрайды. Өнім көлемі тапсырыстардың түсу ыңғайына қарай  реттеліп отырады екен.

Мәжіліс депутаттары жаңа цехты аралап көріп, жобаны іске асыруда «Агробизнес-2020» бағдарламасының көмек-қолдауы тиген-тимегенін сұрап білді. Бұған облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Марат Оңғарбеков түсінік берді. «Серіктестік бағдарламаға әлі қатыса қойған жоқ. Бірақ сүтті терең өң­деуге, яғни май жасау жобасын іске асыру үшін көмек алуға ниетті. Облыс бойынша «Каверин»,  «Береке» сықылды сүт өңдеуші кә­сіпорындар бағдарламаға қа­ты­суда. Мысалға, биылғы жылдың осы айында «Каверин» кәсіпорны 13 миллион теңге демеуқаржы алды, сүттің литрі 21 теңгеден өтелді. Бұл жаман ба?!» — деді Марат Кенжетайұлы «Жастық» ЖШС-ның мамандарына қарата. Депутат Виктор Киянскиий Ақсай қаласындағы даниялық техноло­гиялы сүт зауытының жайын сұ­рап, оның жұмыс істемейті­нін, сат­­тыққа шығарылғанын естіді. «Он­да сүт өнімдерін өңдеп, өнім­нің небір түрлерін шығаруға болатын еді. Басты түйткіл шикі­зат­тың жоқтығында болды. Сол жағдай қайталанып жүрмей ме?» деген алаңдаушылығын да біл­дір­ді. Бұған сүт өңдеуші компа­ния­ның құрылтайшысы Хамзат Исаев өндіріс орнын шикізатпен қамтуға қатысты тұрақты байланыс орнағанына 10 жылдың жүзі болғанын алға тартты. Сондай-ақ депутат сүтті мал табыны, шұ­райлы жайылым, сүт өңдейтін зауыт сықылды өзара байланысты тұрақты жүйе қалыптастыру мәселесін қозғады. «Жүйелі сапалы сүтпен қамтитын табынның, сүт­ті малға қажетті мол жемшөп қорының болмауы ертең несиеге берілген мемлекет қаржысын кері қайтаруда қиындықтар тудырмай ма? Сүт зауыттарын салуын салып алып, Дүниежүзілік сауда ұйы­мы жағдайында сырттан ағылған өнімдермен бәсекелестікте жергілікті сүтті ішетін тұтынушы таппай қалып жүрмейміз бе?» — деген ойын ортаға салды В. Киянский. Марат Кенжетайұлының айтуынша, облыста Қ. Ашығалиевтің шар­уашылығында ғана мұндай жүйе қалыптасқан. «Өңірде 635 мың тұрғын бар десек, жылына 300 мың тонна сүт пайдаланылады. Қазіргі сүт өндірісінің көлемі бұ­дан әлдеқайда аз, сондықтан им­-порттық өнім нарықта басым.Об­лыс орталығына іргелес ауылаймақтағы сүтті мал ұстайтын ұсақ шаруашылықтарға да, жекешаруашылықтарға да сүтті қа­ла­ға өздері тасымай, бұларға өткіз­ген­дері тиімді. Сондықтан жайы­лымы, табыны болмаса да, сүт өң­­дейтін мұндай орта кәсіпорын­ның болғаны дұрыс», – деген об­лыстық ауыл шаруашылығы басқар­масының басшысы М. Оңғар­беков сүт өткізудің ветеринарлық қауіпсіздігі жайында сөз етті. Осы арада Мәжіліс депутаты Самиғол­ла Оразов еліміз ДСҰ-ға мүше болып кірген кезде, кәсіпорында­ғы өндіріс көлемінің өсуіне орай өнімді өткізу жайын қазірден ойластыру қажеттігін еске салды.

Хамзат Исаевтың айтуынша, за­уытта өндірілген сүт және сүт өнім­дерінің сауда орындарында өтпей жатып қалу қаупі жоқ. Өйт­кені өнімді сан қуалап емес, сапалы етіп сұраныс көлеміне қарай шығару жолға қойылған. Жыл санап сапалы әрі табиғи өнімдерге өз өңірімізде сұраныс өсіп келе­ді. Дегенмен әлі де ізденіс керек. Марат Оңғарбековтың айтуынша, кәсіпорынға маркетингті дамыту, өз өнімдерін тұтынушыларға тереңірек таныстырып, жарнамалау қажеттігі айқын сезіледі.

– Еліміз Дүниежүзілік сауда ұйы­мына мүшелікке кірген кезде өнім-тауарларымыз бәсекелес­тік­ке дайын болуы керек. Отандық өнімдер сырттан өнімдер ағы­ны артқан тұста мемлекеттік көмекқол­даудың арқасында тұтынушы­ға қолжетімді болуы тиіс. Бірін­шіден, өнімнің сапасы, екіншіден, қолжетімді баға басты мәселе бо­лары сөзсіз. Осы мәселелер іске асырылса ғана отандық өнім­дер бәсекелестікте бәсін жібер­мейді. Мұндай шаруалар жасал­маса, кәсіпорындарға қиын тиюі мүмкін. Бұл тек сүт өңдеу мәсе­лесіне қатысты емес. Бүгінде асыл тұқымды мал өсіру үшін Үкімет демеуқаржы төлейді. Шаруашы­лық­та 600 бас асыл тұқымды мал болса, соны өсіруге жұмсалған шығынның 50%-ын мемлекет өтей­­ді. Тек шаруашылықтың құ­жат­та­ры дұрыс дайындалуы керек. Өз­ге салаларда да, мысалға, ет, сүт өңдейтін кешендердің салынуына жұмсалған шығынның жартысын мемлекет өз мойнына алып отыр. Міне, осындай шаралар арқылы отандық өндірісшілерге қолдау көрсетілуде, — деді ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Шавхат Өтемісов журналистерге берген сұхбатында.

Гүлбаршын ӘЖІГЕРЕЕВА,

«Орал өңірі»

Суретті түсірген Темірболат ТОҚМАМБЕТОВ


Ақылы жолдар көбеймек

Күні: , 777 рет оқылды

top_92b52a51a81a894e6c3


Дүйсенбіде өңірімізге іссапармен келген ҚР Инвести­циялар және даму министрлігінің Автомобиль жолдары комитеті төрағасының орынбасары Сәтжан Аблалиев «100 нақты қадам» бағдарламасының еліміз бойынша жү­зеге асырылуы жағдайын баяндады.


Министрлік өкілі ең ал­дымен бес тарау­дантұратын Ұлт  жоспары­ның маңызына тоқталып, содан кейін көлік және транспорт саласында жүзеге асырылып жатқан жұмыстар жөнінде әңгімеледі.

– Еліміздің өсіп-өркендеуі үшін барыс-келіс пен алыс-берістегі жол қатынасының айрықша маңызға ие екендігі белгілі. Осы­ған орай, мемлекет басшысы «100 нақты қадам» атты бағдар­ламасында елімізде көлік­тік-ло­гис­тикалық инфрақұрылымдарды дамытуды тапсырды. Және бұл тапсырманы  жүзеге асыру үшін бі­рінші кезекте, негізгі автожолдар жобасын жүзеге асыру қа­жет екенін баса айтты.  Қазіргі таң­да министрлік «100 нақты қадам» атты бағдарламаның 65-ші қа­дамында айтылған «Еуразиялық трансконтиненталдық дәліз» мультимоделдік көлік дәлізін құру» жөніндегі жобаны жүзеге асыру бағытында  жұмыстануда. Бұл жо­ба Азиядан Еуропаға жүктер транзитін кедергісіз жүзеге асыруға мүмкіндік береді. Аталмыш жобаны жүзеге асыру мақсатында 67, 68 және 73-ші қадамдарға сәйкес азаматтық әуе саласын дамыту және автомобиль жолдарын ха­лықаралық жүйеде интеграция­лау жұмысы белсенді қолға алынуда. Әуе қатынастары бойынша елімізде қазірдің өзінде Франкфурт, Пекин, Стамбул, Мәскеу, Лондон, Париж, Сеул бағытына ұшу жүзеге асырылуда. 2019 жылдың аяғына дейін тағы бес бағыт бо­йынша ұшу іске асырылмақ. Олар мыналар: Дубай – 2015 жылы, Гонконг – 2016 жылы, Токио – 2017 жылы,  Сингапур – 2018 жылы, Нью-Йорк, Шанхай — 2019 жылы.

«ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ Ұлттық опе­ратор ретінде жоғарыдағы жобаны жүзеге асыру мақсатын­да инвесторларды тарту және олар­дың қаражатын қайтару үшін ақылы аутожолдар жүйесін енгізуді жоспарлауда. Аталмыш Ұлт­тық операторға аутожолдар­дың белгілі бір бөлігі сенімді бас­қаруға берілмек. ҚР көлік жүйе­сі­нің инфрақұрылымын дамыту­дың және ықпалдастырудың 2020 жыл­ға дейінгі мемлекеттік бағ­дарламасына сәйкес 2020 жылғадейін 7 мың шақырым респуб­ли­калық маңыздағы жолды ақылы негізде пайдалануға көшіру қа­рас­тырылуда. Оның ішінде І тех­никалық санаттағы  жолдың 3210 шақырымы және  ІІ техникалық са­­наттағы жолдың  3743 шақыры­мы ақылы жолға айналмақ.  Алдын ала жасалған болжам бойынша 2022 жылы аутокөлік жолдарын ақы­лы  негізде пайдаланудан (бү­гінгі таңдағы ставка бойынша) 41 млрд. теңге жиналады екен. Бұл қаражат тек ақылы жолдарды емес, сонымен қатар республи­ка­­лық маңыздағы қалған жол бөлігін де күтіп ұстауға мүмкіндік бере­ді. Қазіргі таңда елімізде жы­лы­на 1 мың шақырымға дейін ау­то­көлік жолдары жаңғыртылуда. Ау­токөлік жолдарының тез істен шы­­ғуына негізінен  ауыр жүк та­сы­малымен айналысатын көліктер себепші болуда. Сондықтан бо­ла­шақта ауыр жүк көліктері­нің жү­рісін  шектеу мақсатында оларды арнайы автоматты есептеу құ­­рылғысы арқылы бақылау­ға алуқарастырылуда. «Нұрлы жол» бағ­дарламасы аясында ат­қарыла­тын аутожолдардың құры­лысын жүзеге асыру үшін Ұлттық опе­ратор қосымша қаражат ретінде мемлекеттік емес займ­дар­ды да пайдалану жолдарын ойлас­тыруда, – деген Сәтжан Әй­тенұлы  Орал қаласынан Тасқала арқылы Ресей шекарасына шы­ға­тын 100 шақырымдық жолды жаңғыр­ту жұмысының  бүгінде  басталып кеткенін  айтты.

Оның сөзінше, бұл жоба бойынша мердігерлер анықталған. Жобаны жүзеге асыру үшін 3 млрд. тең­ге шамасындағы қаражатты иге­ру жоспарлануда. Бұл жоба екікезеңде жүзеге асырылмақ. Бі­рін­ші кезең 22 айда, ал екінші кезең 34 айда аяқталмақ. Бұйырса, бұл жол ІІ техникалық санаттағы жол болмақ, яғни жаңа жол бұрынғы­ға қарағанда әжептәуір кеңірек болады және мұндағы қозғалыс жылдамдығы үш есеге артады деп күтілуде. Сондай-ақ жолдың сапасына сәйкес жол жүру уақыты үш есеге қысқармақ.

Айша ӨТЕБӘЛІ,

«Орал өңірі»


Жайықтың жағдайын зерделемек

Күні: , 131 рет оқылды

DSC_0087


Ширек ғасырдан астам тарихы бар «Жайық-Орал» туристік-экологиялық экспедициясы биыл Теректі ауданының Төңкеріс ауылынан бастау алды.


Облыстық балалар-жас­өспірімдер туризмі жә­не экология орталы­ғының қолдауымен жүзеге асып келе жатқан бұл шараның ашылуында сөз алған Теректі ау­даны әкімінің орынбасары Алтай Тоқжанов экспедицияның табиғатты қорғау ісіне қосатын үлесін атап өтті.

Биылғы шараға облысымыз­дың көптеген ауданынан, Орал және Ақтөбе қалаларынан кел­ген командалар қатысуда. Төңке­ріс ауылынан арнайы қайық­тар­мен аттанған командалар Жайық өзені арқылы Орал қаласына ке­ліп тізгін тартып, ескек көтереді. Экспедиция мүшелері осы уақыт ішінде Жайықтың экологиялық мәселелерін зерттеп, зерделеу­мен айналысады. Ал күзде осы­ған байланысты әр команда диплом жұмысын қорғайды.

Әділет ОРЫНБАСАРҰЛЫ,

Теректі ауданы


Пандус тек мүгедектердің ғана проблемасы ма?..

Күні: , 915 рет оқылды

11пкпквып


«ҚР Мүгедектерді әлеуметтік қор­ғау туралы» Заңының 25-ба­бы «Мүгедектердiң әлеуметтiк ин­фра­құрылым нысандарына кi­рiп-шы­ғуын қамтамасыз ету» деп атала­ды. Осы бапта: «Жергi­лiк­тi атқарушы органдар мемлекеттiк стандарттарға сәйкес елдi мекендердi жоба­лау, салу және оларда құрылыс жүргізу, тұрғын аудандарды қалыптастыру, жаңадан игерiлетiн және қайта са­лынатын аумақтар мен басқа елдi мекендердi абаттандыру ке­зiн­де мүгедектердiң тұрғын үй­лер­ге, қоғамдық және өндiрiстiк ғимараттар мен үй-жайларға кi­­рiп-шығуын қамтамасыз етуге тиіс» де­­лінген. Мүмкіндігі шектеулі жан­дардың өзге адамдармен тең дә­ре­же­де өмір сүруге құқылы еке­нін Елбасымыз қадап айтудан жа­лық­қан емес.


Алайда өзі тұратын үйден кіріп-шығуға мүмкіндік қарастырылма­са, мүгедек адам не істеуі керек? Дәл осы сұрақпен бізге Орал қа­ла­сының тұрғыны, ІІ топ мүгедегі Уахит Халиуллин хабарласқан еді. Жданов көшесінің бойындағы 14-үйдің  төртінші қабатында  тұра­тын Уахит ағайдың төрт қабыр­ғаға қамалып, үйден шықпағанына төрт жыл­дың жүзі болыпты.

— 2011 жылы екі аяғымнан жан кетіп, баса алмай қалдым. Бұрын таяққа сүйеніп жүретін едім. Өзім 1995 жылдан бері ІІ топ мүгедегімін. Бойымды дендеген дерт әскерге барып келген соң басталды. 1971-73 жылдары Семейде әскери борышымды өтедім. Әскерден кейін асқазан, ішкі құрылысым ауырды. Ол кезде жаспын, тіпті «ауырдым» деуге қысыласың. Мүгедектік топ­қа шығуға қатарластарымнан ұя­лып жүрдім. Шипажайларға ба­ра­тын­мын. «Металлист» зауытында  слесарь-жөндеуші болып 20 жыл еңбек еттім. Аяқты баса ал­май, ар­баға таңылғалы жағдай қиын­да­ды. Сыртқа шығудың өзі мұң. Мен тұ­ра­тын тоғыз қабатты үйде лифт бір­де жасаса, бірде жасамайды. Дегенмен лифт жасаған күндері арбамен сыртқа шығып, тіс дәрігеріне, тағы басқа жерлерге барғым келеді. Бірақ оған үйде пандус жоқ. Осы пандусты орнатуға тиісті мекемелер, әлде жеке кәсіпкерлер көмектессе жақсы болар еді, — дейді Уахит ағай.

Уахит Насырұлының өтініші бойын­ша біз бірнеше мекемеге ха­­бар­­ла­сып, төмендегідей жауап ал­дық.

Бекжан ТОҚЖАНОВ, Орал қа­лалық тұрғын үй, комму­нал­­дық шаруашылық, жолаушы көлі­гі және автомобиль жолдары бөлімі мекемесі басшысының орынбасары:

— Жеке үйлерге пандус салу біз­дің мекеменің құзыретіне кірмей­ді. Әрі пандус салып беру жоспарымызда да жоқ. Бұл мәселе­­мен ПИК айналысуы керек.

Татьяна БЕЛЫЙ, «Комплекс» ПИК-інің инженері:

— Үйлерге пандус орнатуға ПИК-тің құқығы жоқ. Өйткені ол жұмысты атқару үшін арнайы лицензия қажет. Лицензиясы бар арнайы ұйымдар орнатуы тиіс.

Жұмажан ҚОЖЖАНОВ, об­лыс­тық мүгедектер ерікті қо­ға­мының төрағасы:

— Қалалық жұмыспен қамту жә­не әлеуметтік бағдарламалар бас­қармасында  мүгедектердің  мұқ­таждығына орай оларға арнайы кезекпен көмектесетін бөлім бар. Сол жерде кезегімен мүмкіндігі шектеулі адамға қажет арба, памперс, тағы да басқа заттар бері­ліп жатады. Өз тәжірибемде мүге­­дек жандардың өтінішімен демеу­ші­­лер тартып, пандус орнатып бер­­­ген кездер болды. Тіпті тұрғы­­­­лық­­ты мекенжайына орай, сол жерден сайланған депутатты да ізгі­­лікті іске жұмылдырдық. Бұл жолы да осы бағытта қам-қаре­кет жа­сап көреміз.

Осылайша, тұрғын үй бөлімі ПИК-ке сілтеп, ПИК оған біздің құқығымыз жоқ деп мәселені бір-біріне ысырып тастап отыр. Ал «Тас түске жеріне ауыр» демекші, біздің қоғамда тағдыр тәлкегіне ұшыраған жандар өз қайғысы, өз мұңымен жалғыз қалып жатыр. Олардың жанайқайына құлақ тү­ретіндер аз. Жоғарыда айтылған «ҚР Мүгедектерді әлеуметтік қор­ғау туралы» заңның тиісті бабы бойынша жүйелі жұмыс жоқтың қасы. Мәселе уақтылы шешіл­мейтін болса, мүмкін алда келе жатқан «Қайырымдылық айлығы» аясында пандус орнатуды қоғам болып қолға алу керек шығар. Бірақ бұған алдымен қалалық билік буындары ұйытқы болып, ілкімділік танытса дейміз.

Гүлжамал ЖОЛДЫҒАЛИ,

«Орал өңірі»

Гүлмира БАТПАҚҰЛОВА,

«Арба» тірек-қозғалыс жүйесі бұзылған мүгедек жандарды

қолдау қоғамдық бірлестігінің төрайымы:

— Облысымызда арбаға таңылған шамамен 1500-дей адам бар. Олардың арасында жоғары қабаттан төмен түсе алмай, үйден шыға  алмай отырған мүмкіндігі шектеулі жандар аз емес. Орал қаласындағы әлеуметтік ғимараттардың 25 пайызына ғана пандус орнатылған.  Біз өз тарапымыздан демеуші тауып,  облыстық  мүгедектер ерікті қоғамының қолдауымен Асылхан атты жігіттің үйіне пандус орнатып бердік.  Менің ойымша, пандус орнату соншалықты үлкен проблема емес. Арнайы стандартты негізге ала отырып жасаса, оған шамамен 35-40 мың теңгедей қаражат кетеді. Ал арнайы стандартты құрылыспен айналысатын мекемелерден алуға болады.

— Мүгедек те – адам ғой. Сондықтан біздің емхана, дәріханадан өзге  сауда орындарына, ойын-сауық орталықтарына, сұлулық салондарына  барғымыз келеді. Осы тұрғыда «Ситицентр» мен «Галактика» ойын-сауық  және жаңадан ашылған «Арман» сауықтыру орталығының пандустары талапқа сай келмейді. Шекара бекеттерінде бізге мүлдем жағдай қарастырылмаған. Ресейге, өзге шет елдерге емделуге барар кезде қиналамыз.  Пандусты айтпағанда, есіктерінің өзі тар. Арбамыз сыймай, сыртта 4-5 сағаттап отыруымызға тура келеді. Негізі кез келген мекемеде пандус жоқ болса, біздің сотқа беруге қақымыз бар.   Заң бойынша ол мекемеге 500 АЕК көлемінде айыппұл салынады.


БҚО, Орал қаласы, Мұхит көшесі, 57/1
zhaik_presscenter@mail.ru
oral_oniri@inbox.ru
support@oraloniri.kz

Орал өңірі" газетінің бас редакторы: 51-25-80
Бас редактордың орынбасарлары: 24-17-08, 54-18-08
Жауапты хатшы: 54-38-22
Тілшілер: 50-66-88, 51-50-34
Жарнама бөлімі: 51-51-09
Яндекс.Метрика