Мұрағат: 16.07.2015


Балатондағы байқаудан жеңіспен оралды

Күні: , 827 рет оқылды

7


Қазталов ауданы Жалпақтал ауылында тұратын батысқазақстандық белгілі әнші-ұстаз, «Қыз Жібек» ансамблінің жетекшісі, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері Баян Қабиеваның қос шәкірті Венера Асқарова мен Назгүл Қабиева 4-12 шілде аралығында Венгриядағы Балатон қаласының демалыс орнында “XV. BALATON-YOUTH-ART INTERNATIONAL FESTIVAL” байқауында топ жарып, жеңіс тұғырынан көрінді.


Баян Қабиеваның хабарлаға­нындай, аталмыш өнер додасына Қырғызстан, Өзбекстан, Израиль, Әзірбайжан, Ресей, Беларусь, Украина, Венгрия, Армения, Австрия, Чехия, Қазақстан сынды әлемнің 12 елінің өкілдері қатысып, түрлі жанр бойынша сынға түсті. Бұған дейін де халықаралық бай­қаулардың бірнеше дүркін же­ңім­пазы атанып үлгерген «Қыз Жібек» ансамблінің ән­шісі Венера Асқа­ро­ва мен республикалык Дельфийлік ойындардың жеңімпазы, қа­зір Астана кала­сындағы Қазақ ұлттық өнер университетінің 3-курсында оқитын Назгүл Қабиева ең мықты­лар қатарынан көрініп, екі бірдей бас жүлдені иеленді. Дәстүрлі ән өнері бойынша сахнаға шыққан Венера Құмар термесін, халық әні «Балжан-айды» әуелете орында­са, Наз­гүл Мұхиттың «Айнамкөзі» мен халық әні «Шымырды» на­қы­шына келтіре шырқады.  Қа­зақ әндерінің құдіреттілігі сол, кө­мей­­ден төгілген биік ән тың­даушы­ларын тәнті етіп, қайта-қайта қол соқтырды. Әлемге әдемілігімен аты шық­қан Балатон көлін көру­дің өзі қандай ғанибет. Қазақстаннан барған балғын әншілер ел көріп, жер танып, өзге ұлт өкілдерінің салт-дәстүрі, мәдениетіне қаны­ғып, өздері теңдес құрбылармен араласып, жаңа достар тауып қайтты.

«Елбасымыз «Нұрлы жол – бо­лашаққа бастар жол» атты Жолдауында: «Біздің кейінгі ұр­паққа аманаттар ең басты байлығымыз — Ел бірлігі болуы керек. Осынау жалпыұлттық құндылықты біз әр­бір жастың бойына сіңіре білуге тиіспіз», деп атап көрсеткеніндей, біз жас жеткіншектерді кішкентайынан ұлттық өнерге баули білсек, олар ешкімнен кем болмайды. Қайта өзгелерден сол өнерімен ерекшеленіп тұрады. Мұны осы сапарымызда жақсы сезіндік. Тілі­міз, дініміз әр түр­лі болса да, бізді жақындасты­рып тұрған құдіретті өнерге тағы да бас идік. Ең кере­ме­ті, әр жеткіншек өз тілінде сөй­леп, өз тілінде ән салды. Ғаламтор мен ұялы телефонға тәуелді қылдырмай, балаларымызға ата-бабадан қалған өнер ар­қы­лы ұлттық қасиетімізді дарыта білсек, одан асқан бақыт жоқ екен. Кейінгі жас ұстаздарға айтарым осы. Сөз соңында біздің осы сапарымызға рухани және қаржылық жағынан демеу­шілік еткен облыстық мәде­ниет, мұрағаттар және құжат­­та­ма басқармасының басшы­сы Дәу­леткерей Құсайынов, об­лыстық халық шығармашылығы орталы­ғының директоры Медхат Қам­бе­тов сынды азаматтар­ға өнер жан­күйерлерінің, ба­ла­лар мен ата-аналардың, барша жұртшылық атынан ризашы­лығымды білдіргім келеді. Осылайша еркін өсіп келе жатқан өнерлі ұрпағы бар еліміз өсіп-өркендей берсін», – деді Б. Қа­биева.

Елжан ЕРАЛЫ


Қалаішілік жолдар жаңарып-жаңғыруда

Күні: , 857 рет оқылды

6


Өткен жылы облыс орталығындағы көше жолдарын жай және күрделі жөндеуге, қажетті жерлерге жаңадан жол салуға республикалық, облыстық, қалалық бюджеттердің және «ҚПО б.в.» компаниясы қаржысы есебінен 4,9 млрд. теңге бөлініп, игерілген болатын. Ал биыл шаһар көшелерінің жолдарын жөндеуге түрлі қаржы көздерінен 3,5 млрд. теңге бөлінді. Жолшылар бөлінген қаржыны күзгі лайсаңға дейін толықтай игереді деп күтілуде.


Орал қалалық тұрғын үй-ком­муналдық шар­уа­шылығы және ау­­то­­мо­биль жолдары бөліміндегі абат­тандыру секторының бас ма­­­ма­­ны Ержан Әубәкіровтің айтуын­ша, биыл қаладағы көше жол­­дары­ның 25 шақырымы жөн­дел­мек. Олардың басым көп­ші­лі­гінің құ­ры­лыс жұмыстары өткен жылы бас­талып, биыл жалғасуда. Биыл жаңадан қолға алынған құрылыс нысандарының ішінде 7,9-шағын­аудандарындағы ішкі орам жолдары бар. Ұзындығы 1,4 шақырым болатын жолдарды «Балтемен» ЖШС жөндеп, ретке келтіреді. Он­дағы жол жөндеу жұмыстары 2016 жылы аяқталуы тиіс.

— Биыл Әбілқайыр хан даңғылы мен Мәскеу көшелерінің аралы­ғындағы жол бөлігі жөнделуде. Қазір жер жұмыстары жүргізіліп, инженерлік желілер қорғаныш қа­батымен қапталып жатыр. Сонымен қатар ҚПО-ның қаржысы­на Достық даңғылының ұзынды­ғы 3,4 шақырымдық жолы, Мұста­хим Ықсанов атындағы көшелер­дің 2,6 шақырымдық жолдары қайта төселеді. Соңғы екі нысанның құрылыс жұмыстарын жүргізуге тендер өтті, жеңімпаздар алдағы аптада анықталады. Назар ауда­ратын жәйт, ҚПО-дағылар ком­па­нияның инвестициясы есебінен жөн­делетін жолдарға қатысты тен­­дерлерді өздері өткізіп, же­ңім­паздарды өздері анықтайды. Өт­кен жылы ҚПО-ның қаржысы есе­бінен 3 нысан құрылысы бас­тал­ды. Оның бірі Деркөл кентіне апа­ратын ұзындығы 5,2 шақы­­­рым­дық, екіншісі Подстепный ауылы бағытындағы халықаралық әуе­­­­­жайға тірелетін ұзындығы 7,8 ша­­­қырымдық, үшіншісі – Сарай­шық көшесінің ұзындығы 2,5 ша­қы­рымдық жолдары, — деді Ержан Әубәкіров.

Қазақ даласындағы байырғы өркениет ошақтарының бірі Са­райшық шаһарының атауын иемденген кө­шенің жолына күрделі жөндеу жұ­мыстары өткен жылы басталып, биыл жалғасуда. Мердігер «Алматыинжстрой» АҚ ком­­­паниясы жұмыс ауқымының 60 пайызын еңсерген. Құрылыс жұ­мыстары қыр­күйек-қазан айларында аяқ­тал­мақ.

2014 жылы құрылыс жұмыс­тары басталған Алматы, Қазта­лов, Шубин, Желаев кенті бағы­тын­дағы Чкалов, Шоссейная, қа­­ла орталығындағы Лермонтов, Не­­кра­сов, Есқалиев, Зашаған кен­ті ау­ма­ғын­дағы Байтұрсынов кө­ше­ле­ріндегі жол жұмыстары биыл күз­де аяқталмақ. Сонымен қа­тар биыл Еуразия даңғылының (Құр­ман­­ға­­зыдан бастап Мұхит көшесіне де­йін­гі аралық) жолы да жөнделіп бі­те­ді. Бұл көшедегі негізгі жұ­мыс­тар аяқталған, қазір жаяу жүр­гін­­шінің жолы асфальтталуда.

Деркөл бағытындағы көпір құ­­рылысының жобасына ішінара жөндеу жөнінде түзетулер ен­гі­зіл­ген. Енді жоба сараптама­дан өткізіледі. Подстепный ауылы ба­­ғытындағы көпірді жөндеу жо­ба­сы сараптамадан өтіп, жөн­деу жұ­мыстары басталды. Бү­гін­де кө­пірдің ескі асфальт беті алынуда. Көпірлер құ­ры­лы­сының жұ­мыстарын «Алматыинжстрой» кә­­­сіпорны жүргізеді. Өйткені нысандардың құрылысы осы ба­ғыт­тағы сәйкес көше жол­да­ры­ның жобаларында кешенді жүр­­гізу қа­растырылған. Өт­кен жы­лы бас­талған жолдарды жөн­деу жұ­мыс­тары биыл толықтай аяқ­тал­мақ.

Облыс орталығының көше жол­дарын жөндеуге жергілікті құ­ры­лысшылар тартылған. Олар­дың ішінде жол салудың қыр-сырына қанық «Алматыинжстрой», «Балтемен», «Азиятехстрой», «Уральскстройинвест» компанияларының қолтаңбалары айшықты болары сөзсіз. Одан басқа қаланың 80-нен астам көшесінің жолдарына ағымдағы жөндеу, шұңқырларды бітеу, тегістеу жұмыстары жүр­гі­зілуде. Бұл жұмыстарды «Астрадор» ЖШС компаниясы қолға ал­ған. Өз ісін жетік білетін «сары­тіс» мердігер компания негізгі жұ­мыстарды аяқтай келген.

Қорыта айтсақ, шаһардағы жол­дардың құрылысына тапсырыс бе­руші қалалық әкімдіктің мамандары жол жөндеу жұмыстары­ның күзгі лайсаңға дейін толық­тай аяқ­­талып, бөлінген қаржының иге­рілетінін сеніммен айтып отыр.

Оралдағы Сарайшық көшесінің жолына күрделі жөн­деу жұмыстары өткен жылы басталып, биыл жал­ғасуда. Көше жолы «ҚПО б. в.» компаниясының әлеу­меттік инвестициялары есебінен жөнделуде. Бас мер­­дігер «Алматыинжстрой» АҚ компа­ния­сы жұмыс ау­қы­мының 60 пайызын еңсерген. Бүгінде көшенің Мұ­хит-Айтиев көшелері аралығына жөндеу жұмыстары аяқ­­та­лып, жол қозғалысы басталды. Көшенің Мұхит кө­ше­сі­нен Құр­ман­ғазы көшесіне дейінгі аралығы жөн­деу жұ­мыс­та­ры­на байла­нысты жабылды және құры­лыс жұ­мыстары алдағы қыркүйек-қазан айларында бітеді.

Гүлбаршын ӘЖІГЕРЕЕВА,

«Орал өңірі»

Суреттерді түсірген

Темірболат ТОҚМАМБЕТОВ


Березов көшірілетін болды

Күні: , 926 рет оқылды

5


Сонымен Бөрлі ауданына қарасты Березов ауылының тұрғындары көшірілетін болды. Бұл туралы жуырда ҚР Пре­зиденті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте ҚР Премьер-министрінің орынбасары Бердібек Сапарбаев мәлімдеді.


– Біз Березов ауылы тұрғын­дарын медициналық тексеруден өткіздік. Бұл жұмыстарға радиация және экология, гигиена және кәсіптік аурулар, ядролық физика институттарының мамандары мен ғалымдар тартылды. Шығарған қорытындының нақтылығына көз жеткізу мақсатында сынамалар­ды Прага, Москва, Обнинск қала­ларына жібердік. Олар да біздің ғалымдардың қорытындысы дұ­рыс екендігін айғақтады. Бүгінгі күні негізгі себеп — көмірқышқыл газының салдарынан улану. Зиян­ды заттардың ауаға таралуы анық­талған жоқ. Біздегі деректер бо­-йынша тұрғындардың улануының басты себебі мектепке жақын жерде орналасқан жылу қазандығы мұржасының тиісті стандарттарға сай еместігінен болып отыр. Жергілікті тұрғындардың емделуіне жағдай жасалып, көмек көрсетілді. Қажет жағдайда көршілес мемлекеттерде денсаулықтарын тексерулеріне мүмкіндік жасалды. Қазіргі таңда Березов ауылының 1581 тұрғынын Қарашығанақ кенішін игеруші компания қаржысы есебінен көшіруге шешім қабылданды. Тұрғындардың қоныс аударуы екі кезеңмен жүргізіледі. Биылғы жылы 127 отбасы көшірілсе, қалған тұрғындар келер жылдың соңына дейін қоныс аударатын болады, — деді  Бердібек  Сапарбаев.

Өз тілшіміз


Үш тілде ғылыми жинақ жарық көрмек

Күні: , 990 рет оқылды

4


Жуырда өңірімізге Батыс Қазақстан облысы­ның эпиграфикалық ескерткіштерін зерттеу мақсатын­да 2015-2017 жылдар аралығын қамтитын «Қазақ халқының мә­дени ескерткіштері рухани мұ­раны сақтау мен жеткізудің жолы» атты ғылыми жобамен Р. Сүлейменов атындағы Шығыстану институтының ғалымдары келді.


Олар өз жұмыстарын Ақжайық ауданы Базартөбе ауылының ма­ңындағы Мәулімберді қорымы, сондай-ақ оған жақын орналас­қан өзге де көне қорымдардағы ескерткіштермен танысудан бастады. Далалық экспедицияның ал­ғашқы күнінде бірқатар тарихи беделді тұлғалардың құлпытаста­рындағы араб қарпімен жазылған мәтіндер оқылды. Мәселен, арда­гер Әленғали Керейтегінің жол бастауымен барған, Қызылжар ауылынан оңтүстік шығысқа қарай 3 шақырымдай қашықтықта орна­ласқан Қарақоға қорымынан Сәң­­кібай Түменбайұлының, оның бәй­бішесінің, сондай-ақ ел басқарған ұлы Өтебай Сәңкібай баласының, сол әулеттің өзге де жақын туыс­тарының құлпытастары табылды. Ким Ахметов құрастырған шежі­релік деректе Сәңкібай Түмен­бай­ұлы — Бөкей сұлтанның қолбасы, Қалқаман Тананың батыры деп көрсетіледі. Өңірге белгілі тарихшы-ғалым Жәнібек Исмурзиннің айтуынша, Өтебай Сәңкібайұлы ресми ел басқарушылық қызметке аты аңызға айналған атақты бай Есенгелді Жанмырзаұлының ор­ны­на тағайындалған. Ол туралы мұ­рағаттық құжаттар мол. Өтебай Сәңкібайұлының көрнекті құлпы­тасындағы араб қарпімен жазыл­ған мәтінде «Тана руының Қал­қаман тайфасы старшыны Өтебай Сәңкібайұғлы офат 71 жасында 1861 жылда бұны қойды ұлы Жал­мұханбет мырза» делінген. Құл­пытас бетінің жоғары жағында, яғни мәтін басында қазақ тіліндегі мағынасы «Өлім – кесе, әркім одан ішеді, қабір – қақпа, әркім одан кі­реді» дегенге саятын арабша жазу бар. Құлпытастың қабір бетіне де бірнеше жол бәйіт жазылған.

Ғалымдар өңірімізде 11 күн бо­йына зерттеу жұмыстарын жүргіз­бек. Зерттеуші топ мүшелері қата­рында Р. Сүлейменов атындағы Шығыстану институтының мамандары — бас ғылыми қызметкер, тарих ғылымдарының докторы, профессор Әшірбек Мүмінов және ғылыми қызметкер, арабтанушы Бағдат Дүйсеновпен бірге өз өңірімізден аталмыш жоба бойынша ғылыми қызметкер, да­лалық экспедициялардың ұйым­дастырушысы Жантас Сафуллин, аға ғылыми қызметкер, тарих ғы­лымдарының кандидаты Жәнібек Исмурзин, ғылыми қызметкер, «Dana.kaz» тарихи-танымдық жур­налының бас редакторы, белгілі журналист Қазбек Құттымұратұлы, кіші ғылыми қызметкер, өлкетану­шы Айболат Құрымбаев бар.

Зерттеу нәтижелері жаңа мә­де­­­ни ескерткіштерді ашуға, ха­лық­тың рухани мәдениетіндегі олар­дың маңызын негіздеуге, жаңа туристік маршруттар желісін же­тілдіруге өз көмегін береді деп күтілуде. Қазақ халқының дәс­түрлі мәдениетінің базалық формаларының бірі ретінде Қазақстанның мәдени ескерт­кіштерін картаға түсіру ісі жү­зеге асырылмақ. Жобаның негізгі нәтижесі – Батыс Қазақстан облысының эпиграфиялық ес­керткіштері бойынша үш тілде ғылыми жинақ басылымға дайындалмақ.

Қазіргі уақытта Әшірбек Мүмі­нов, Бағдат Дүйсенов және Қазбек Құттымұратұлы, Айболат Құрым­баев, Жәнібек Құттымұратұлы Мәу­лімберді, Қарақоға қорымдарындағы құлпытастарды сурет­ке түсіріп, өлшемдерін алып, карта­сын жасап, араб әліпбиінен ки­риллицаға аудару жұмыстарымен айналысуда.

Нұртас НАБИОЛЛАҰЛЫ,

«Орал өңірі»


Негізгі шара Хан ордасында өтпек

Күні: , 917 рет оқылды

3


Қадыр Мырза Әлі атындағы мәдениет және өнер орталығында облыс басшылығы, зиялы қауым және жастар өкілдерінің қатысуымен «Қазақ хандығына 550 жыл» тақырыбында дөңгелек үстел сипатындағы жиын өтті.


Облыс әкімінің орынбасары Бақтияр Мәкеннің төрағалығымен өткен жиында қоғам қайраткер­лері, тарихшылар ұлттық тарихымыз жайлы баяндама жасады.

Сөз алған «Еділ-Жайық» қо­ғам­дық бірлестігінің төрағасы, облыс­тық мәслихаттың депутаты Аманжол Зинуллин қазақтың хандыққа де­йінгі тарихын тереңнен қозғады. Біздің заманымызға дейінгі жазбаларда кездескен қазақ руларына тоқталып, олардың тұтас ұлт құрау кезеңін, хандық тарихын әңгімеледі.

Қазақ мемлекетінің қалыптасу тарихын облыстық тарих және археология орталығының директоры, тарих ғылымдарының док­торы, профессор Мұрат Сдықов, әз Жәнібек хан тарихындағы таң­дақтар тақырыбын М. Өтемісов атындағы БҚМУ-дың Қазақстан тарихы кафедрасының доценті, тарих ғылымдарының кандидаты Жа­ңабек Жақсығалиев тарқатып әңгімеледі. Қазақ ұлттық мемле­кетінің негізін қалаушылары Ке­рей мен Жәнібек жайлы Жәңгір хан атындағы БҚАТУ-дың Қазақ­стан тарихы және әлеуметтік гу­манитарлық пәндер кафедра­сы­ның аға оқытушысы, тарих  ғылым­дарының кандидаты Есқайрат Қайдаров, Қазақ хандығының та­рихындағы Бөкей ордасының ор­ны туралы Бөкей ордасы тарихи мұражай кешенінің директоры Ғайса Махимов баяндама жасады. Ал Қазақ хандығының 550 жыл­дық мерейтойын өткізу жөнінде облыстық мәдениет, мұрағат және құжаттама басқармасы басшысы­ның орынбасары  Вячеслав Иночкин айтып өтті.

— Биылғы қаңтар-қараша айла­ры аралығында арнайы жоба бойынша көптеген іс-шаралар өтеді. Облыстық тарихи-өлкетану музейі мен Сырым, Қаратөбе, Жаңақала, Қазталов аудандық музейлері тақырыптық көрмелер, кездесулер, экскурсиялар өткі­зу­де. Ж. Молдағалиев атындағы об­лыстық ғылыми-көпшілік кітапхана көрмелер, конференциялар өткізіп, әдістемелік нұсқаулықтар шығармақ. Облыстық қазақ драма театры маусым ашылуында жаңа тарихи қойылымның премьерасын жасамақ. Облыстық филармония мәдени шаралар өткізуде. Негізгі шара Хан ордасында өте­ді.Онда өтетін халықаралық конфе­ренцияға шет елдердің және елі­міздің тарихшылары қатыспақ. Сондай-ақ республикалық ақын­дар айтысы, спорттық ойындар, тарихи театрландырылған көрі­ніс, мерекелік концерт өткізу жоспарлануда, — деді Вячеслав Иночкин.

— Қазақ хандығының 550 жыл­ды­ғын атап өту тек қана мереке­лік шаралармен,  ғылыми конферен­циялармен шектелмеуі тиіс. Пат­риоттық сезімді нығайтып, отан­дастарымыздың санасында Қазақ жеріне, мемлекетіне мақтаныш сезімін сіңіре беруіміз қажет, — деді облыс әкімінің орынбасары Бақтияр Мәкен.

— «Осындай ауқымды шаралар неге енді ғана қолға алынуда?» деп жастар сұрайды. Шыны керек, біздің жан дүниемізде, ұлттық сана-сезімімізде бүгінде ұлттық тарихымызды танып-білуге деген құлшыныс күшті. Осыған дейінгі тарихымызды біреулер жазып келді. Біз соған қарап ой түзедік. Енді өз тарихымызға өзі­міз жаңаша көзқараспен қарай бастадық. Сондықтан да бұл мерейтойды кезекті ғана шара ретінде қалдырмай, Қазақстандағы жа­ңа қазақстандық патриотизмнің, жаңа рухани, жаңа мемлекетшіл­діктің кезеңі ретінде сипаттау қажет. Осы бағытты патриоттық тәрбие жұмыстарының негіз­гі бағыты етіп алу керек. Ұлт бо­лудың бірінші белгісі – тіл. Сон­дықтан тілдік мәселе, тілдік деректер назардан тыс қалмай, тарихшылар мен тілші-ғалымдар бірлесе әрекет етуі тиіс. Бұл мерейтойды атап өту арқылы ұлттық сана-сезімімізді жаңа дең­гейге көтерейік, – деп ұсынысын ортаға салды халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы облыстық бөлімшесі­нің төрағасы Болат Жексенғалиев.

Соңында дөңгелек үстел оты­рысының қабылданған қарары оқылды. Махаббат Каримова, Ляна Тұрсынова мен Михаил Беляев «Қазақстан халқы Ассам­блея­сына 20 жыл» мерекелік медалі­мен марапатталып, Қазталов ау­дандық «Ауыл айнасы» газетінің тілшісі Гүлфия Көшбаеваға ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың атынан Қазақстан халқы Ассам­блеясының алғысхаты табысталды.

Нұрлыбек НҰРЛАНҰЛЫ,

«Орал өңірі»


Көпір екі аптаға жабылмақ

Күні: , 805 рет оқылды

2


Жөндеу жұмыстарының жүргізілуіне байланысты 16 шіл­деден бастап Подстепный ауылы бағытында­ғы Жайық өзенінен өтетін көпір екі аптаға жабылмақ.


Бұл жөнінде сейсенбіде «Қазақстан-Орал» теле­ар­насында өткен бас­па­сөз мәслихатында Орал қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруа­шы­лығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі бас­шысының орынбасары БекжанТоғжанов мәлімдеді. Оның сөзін­ше, аталған көпірдің жағдайы әзір­ге жаман емес, сондықтан биыл көпірдің тек деформациялық жіктері мен асфальтты-бетонды жабыны ғана жаңғыртылмақ. Көпір жолының уақытша жабылуына бай­ланысты  аталған кезеңде қа­ладағы қоғамдық көліктер қаты­насы жаңа көпір (Зашаған) арқылы жүзеге асырылады.  Осыған орай №12, №23а, №23б, №23д секілді саяжайға баратын он шақты ав­тобустың қаламен қатынасында  уақытша өзгерістер болады. Бұл автобустардың жартысы көпірге дейін, ал қалған бөлігі көпірден әрі қарай саяжай маршруттары бо­йынша және Подстепный ауы­лына барады. Ал жаяу жүргін­ші­лер көпірге дейін аталған авто­бус­тармен келеді де, көпірден жаяу өтіп, одан әрі автобустармен қа­лаған бағытына барады. Осы жұ­мыстармен бір мезгілде көпірден бастап Подстепный ауылына қа­­рай бағытталған жолға асфальтты-бетонды жабын төсеу жұмысы жүргізілетінін жеткізген БекжанТоғ­жанов  Деркөл өзені арқылы өтетін көпірге де қаражат бөлін­енін және бұл бағыттағы жұмыс­тың Орал көпірі ашылған соң басталатынын айтты.

– Биыл Орал қаласындағы жол жөндеу жұмысына 3,6 млрд. теңге бөлінді. Аталған қаражат­қа қаланың 16 көшесі жөнделмек. Жөн­­делетін жолдардың жалпы ұзын­дығы 25 шақырымды құрай­ды. Соның ішінде былтыр бас­тал­ған 13 көшені жөндеу жұмысын биыл аяқтау көзделуде. Қазіргі таң­да Алматы көшесі мен Еуразия даңғылы бойынша жөндеу жұ­мысы аяқтала келді. Есқалиев, Некрасов, Лермонтов, Чкалов, Шоссейная, Қазталов, Шубин және Бай­тұрсынов атындағы көшелерді жөндеу жұмысы жалғасуда. Сондай-ақ жер қойнауын пайдалану­шылар қаржысына Сарайшық кө­шесі мен Деркөл ауылына апаратын жол  жөнделуде.

Сондай-ақ қазіргі уақытта «Бал­темен» ЖШС қаланың 7-9-шағын­аудандарындағы  жолдарды жөн­деуді қолға алынды. Жоспар бо­йынша биыл аталған аудандарда 1,4 шақырым жол жөнделмек. Сон­дай-ақ Ықсанов көшесі бойы­мен Шаған жағалауынан Рубе­жинск көшесіне дейінгі 2,7 ша­қырымға созылған автомобиль жол­дары жер қойнауын пайдаланушылар қаражатына (мердігер «АзияТехСтрой» ЖШС) қайта жа­сақталуда, – деген Бекжан Тоғ­жа­нов алдағы уақытта  Достық даң­ғылы бойындағы, Пугачевтан Мә­метова көшесіне дейінгі 3,5 ша­қырымға созылған автожолдарды күрделі жөндеуден өткізу жоспарланып отырғанын айтты. Аталмыш жиынға Бекжан Тоғжанов­тан басқа «АлматыИнжСтрой» АҚ Орал филиалы директорының орын­басары Идеят Ильясов пен облыстық ІІД әкімшілік полиция басқармасы бастығының орынбасары Сәкен Қайролдин қатысып, журналистер тарапынан қойыл­ған  сұрақтарға  жауап  берді.

Клара ҚАМБЕТОВА,   «Қазақстан-Орал» телеарнасының тілшісі:

– Жайық  өзені  арқылы  өтетін  көпірді  жөндеуге  қанша  қаражат  бө­лін­ді  және  осы  жұмысқа  жергілікті  құрылысшылар  тартылды ма?

Идеят ИЛЬЯСОВ, «АлматыИнжСтрой» АҚ Орал филиалының бас инженері:

– Деркөл ауылы бағытындағы және Сырым Датов көшесі бойындағы жолды орташа жөндеу жұмысына жер қойнауын пайдаланушылар 583 млн. теңге бөлді. Жайық өзені арқылы өтетін көпірді жөндеу жұмысына жұмсалатын қаражат осы ақшаның  ішіне кіреді.  Көпірді жөндеу ісін біздің компания өз күшімен атқаруда. Сондай-ақ жөндеу жұмысына қазақстандық құрылыс материалдарын молынан пайдалануға тыры­судамыз.

Әнел ҚАЙНЕДЕНОВА,  «Мой город» газетінің тілшісі:

– Жаңа жиын барысында сіздер Достық даңғылы, Ықсанов көшесі бойындағы аутожолдарының бірнеше шақырымы қайта жа­сақтау­дан өтеді дедіңіздер. Және бұл жұмыстардың жаңадан қолға алынып жатқанын, сондай-ақ қайсыбір жолдарға күрделі жөндеу жұмысы­ның таяу арада басталатынын айттыңыздар. Айтайын дегенім, жаз ортасы ауып барады, жоспарланған осы жұмыстарды мердігерлер биыл жыл аяғына дейін аяқтап үлгіре ме? Екінші сұрағым, Достық даңғылын­дағы  жолдарды  жөндеу  жұмысы  соңғы  рет  қашан  жүргізілді?

Бекжан ТОҒЖАНОВ, Орал қалалық ТҮКШЖКжАЖ бөлімі басшысының орынбасары:

– Жалпы, жол құрылысы, оны жөндеу жұмысы көптеген факторлар­ға тәуелді. Мысалы, мұндай жұмыстар жобаға өзгеріс енгізілуінен, осы­ған орай қаражат жетіспеушілігінен немесе ауа райының қолайсызды­ ғына байланысты кідіріп қалуы мүмкін. Осы себепті кейбір жұмыстар кейде келесі жылға ауысып жатады. Мұны құрылысшылар тілінде «переходящий объект» дейді. Мысалы, Сарайшық көшесіндегі жөндеу жұ­мысы өткен жылдан осы жылға ауысқан жұмыс, бұйырса таяуда аяқта­лады. Ал жаңағы сіз айтып отырған көшелердегі аутожолдарды қайта жасақтау жұмысына тапсырыс беруші — «КПО б.в». Сондықтан жұ­мыс мерзімін осы компанияның өзі белгілейді. Ал сіздің екінші сұра­ғыңызға жауап берер болсам, Достық даңғылы бойындағы жолдар­ға  соңғы  рет  жөндеу  жұмысы  2001  жылы  жүргізілді.

Айша ӨТЕБӘЛІ,

«Орал өңірі»

Суреттерді түсірген Темірболат ТОҚМАМБЕТОВ


Тілдік ахуал сараланды

Күні: , 819 рет оқылды

1


Облыс әкімдігінің шағын мәжіліс залында тіл туралы заңнамаларды және тілдерді қолдану мен дамыту бағдарламаларының орындалуын бақылауды жүзеге асыру жөніндегі облыстық үйлестіру кеңесінің кезекті отырысы өтті.  Жиынға облыс әкімінің орынбасары Бақтияр Мәкен төрағалық етті.


Басқосуда облыстық әді­лет департаментіндегі «Тіл­дерді қолдану мен дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған бағдарламасының» жү­зеге асырылуының жай-күйі қа­ра­лып, талқыланды. Әділет депар­таменті басшысының орынбаса­ры Светлана Батырханованың ай­туынша, департаменттегі мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру және оның қолданыс аясын ке­ңей­ту  бағытындағы іс-шаралалар  нәтижесіз емес. Департаментте мемлекеттік тілге көшу 2005 жыл­ғы 1 шілдеден басталады деп жос­парланғанмен, іс жүзінде игі іс 2004 жылдың 1 шілдесінен бас­тал­ған. Сондай-ақ 2014-2016 жыл­дарға арналған іс-шаралар жоспары бекітіліп, басшылыққа алын­ған. Департаментте және оған ба­ғынысты аудандық, қалалық бас­қармаларда барлық іс-қағазда­рымемлекеттік тілде жүргізілуде. Өткен жылы құжат айналымын­да­ғы мемлекеттік  тілдің үлесі 94%-ды, биылғы бірінші жарты­жыл­дықта 98%-ды құрап отыр.  Заң терминдерін және сөз тіркес­терін жүйелеу және талдау жұ­мыстарын жүргізу мақсатында ау­мақтық терминологиялық секция құрылып, жұмыс істеуде.

Облыстық тілдерді дамыту бас­қармасының басшысы Махамбет Ихсанғали әділет департаментіндегі тілдік ахуалдың жақсарғаны­на тоқтала келе, ауыл-аймақтағы жаңарған көше атауларына құ­қық­тық актілерді тіркеуде аудан, ауылдық округ әкімдіктеріне кө­мек-қолдау көрсету қажеттігін еске салды.

Үйлестіру кеңесінің мүшелері Зеленов, Теректі аудандарындағы мемлекеттік тіл саясатының іске асырылу жайымен танысты. Зеленов ауданында 40-тан астам ұлт өкілдері тату-тәтті өмір сүруде. Мұндағы 55300 халықтың 52%-ы — қазақ, 41%-ы — орыс, 7 %-ы — өзге ұлт өкілдері. Аудан әкімі Кәрім Жақыповтың айтуынша, құжат ай­налымының мемлекеттік тілдегі үлес салмағы 2012 жылы 65%-ды, 2014 жылы 80,8%-ды, биылғы бі­рінші жартыжылдықта 85,5%-ды құраған. Облыстық тілдер басқар­масы тарапынан ауданға тегін 3 мыңға жуық электронды оқулық, сөздік, оқу құралдары беріліп, пай­даланылуда. Ауданда барша азаматтың мемлекеттік тілді еркін және тегін меңгеруіне қажет­ті жағ­дайлар жасалған. Переметный, Дариян ауылдарында мемле­кеттік тілді үйренуге аумақтық муль­тимедиялық кабинеттер жаб­дықталған.

– Көпұлтты ауданымызда тілді үйрену де, үйрету де оңай емес. Жыл санап тілді үйрету курсына қатысуға тілек білдірушілер са­ны артып келеді. Тілдік курстың қыс мезгілінде жүргізіліп, облысымызда мемлекеттік тілді оқыту орталығы ашылып, жүйелі бір ор­талықтың бағдарламасымен дә­­рістер жүргізілсе дейміз, – деді К. Жақыпов.

Теректі ауданы әкімінің орынбасары Алтай Тоғжановтың ай­туын­ша, аудан бойынша мемле­кеттік тілде құжат айналымы 2014жылы 98%-ды, биылғы бірінші жар­тыжылдықта 99%-ды құрады. Өт­кен жылы тіл үйрету курстары «Бизнес қауымдастық» серіктес­тігі арқылы Федоров, Покатилов, Приречный, Ұзынкөл селолық ок­ругтерінде өткізіліп, 55 тыңдау­шы­ға сертификат берілген. Биылда тілді үйрету курстары ұйым­­дас­тырылмақ. Сонымен қатар мем­­лекеттік тілде іс-қағаздарын жүр­гізе алатын қызметкерлерді ынталандыру мәселесі қарасты­рылуда. 2013 жылы «Қазтест» сы­на­ғынан 107 мемқызметкер, өт­-кен жылы 78 адам өткен.

– Тіл саясатының өзегі ономастика саласы бойынша Үкімет­пен «Әкімшілік-аумақтық бірліктерге, елді мекендердің құрамдас бө­лік­теріне атау беру, сондай-ақ олар­дың атауларының транскрипциясын нақтылау мен өзгерту кезін­-де тиісті аумақ халқының пікірін ескеру қағидасының» қабылда­нуы мақсатты жұмыстарды жандандыруды талап етеді. Барлық 15 округ бойынша 186 көшенің атауын өзгерту жөнінде облыстық ономастикалық комиссияға ұсы­ныс жолданып, мақұлданды. Енді Батыс Қазақстан гуманитарлық академиясынан ғылыми сарапта­ма алынып, содан кейін әділет департаментінде тіркелмек. 2016 жылы мораторий аяқталғаннан кейін қалған көше атауларын өз­герту жұмыстары әрі қарай жал­ғасын табады, – деді Алтай Тоғ­жанов.

Кеңестің отырысын қорытын­дылаған Бақтияр Мәкен департаменттегі, аудандардағы тілдік ах­уалды жақсарту бағытындағы жұ­мыстарындағы ілгерілеушілікті атап көрсетті.

– Жиналыстарда өзге ұлттың өкілін қазақ тілінде сөйлетуді мақтанышқа айналдырмау керек.

Мем­лекеттік тілді барынша то­­лыққанды меңгеру әр қазақстан­дықтың саналы әрекетінің нәти­жесі болуы тиіс. Ел­басының «100 нақты қадам» Ұлт жоспарында да,5 институционалды реформаға қа­тысты пікірлерінде де мә­селе осылай қойылып отыр. Бұл – қа­зір­гі заманның талабы, – деді Бақ­тияр Мәкен. Болашақта тек мемлекеттік тілді ғана емес, өзге де тілдерді дамыту мәселелерін қарастыратын уақыт келетінін, үштұғырлы тіл саясатын жүзеге асы­­­рудағы міндет-мақсаттарға тоқ­талды.

Гүлбаршын ӘЖІГЕРЕЕВА,

 «Орал өңірі»

Cуретті түсірген Медет ДОСУМОВ


БҚО, Орал қаласы, Мұхит көшесі, 57/1
zhaik_presscenter@mail.ru
oral_oniri@inbox.ru
support@oraloniri.kz

Орал өңірі" газетінің бас редакторы: 51-25-80
Бас редактордың орынбасарлары: 24-17-08, 54-18-08
Жауапты хатшы: 54-38-22
Тілшілер: 50-66-88, 51-50-34
Жарнама бөлімі: 51-51-09
Яндекс.Метрика