Мұрағат: 14.07.2015


Саябақтағы «Сабантой»

Күні: , 878 рет оқылды

6


Жексенбі күні Орал қалалық мәдени-демалыс саябағында татар этномәдени бірлестігінің ұйымдастыруымен «Сабантой-2015» мерекесі тойланды. Мерекелік шараға облыс әкімінің орынбасары Бақтияр Мәкен, қала әкімі Алтай Көлгінов, этномәдени орталық өкілдері мен қала тұрғындары қатысты.


«Сабан туе» – татар тілінен ау­дарғанда «Жер өңдеу мерекесі» де­ген мағынаны білдіреді. Бұл – көк­темгі егіс жұмыстарынан соң той­­ланатын татар халқының ұлт­тық ме­ре­кесі. Мереке біздің өңі­рімізде осымен 12 жыл қата­рынан тойланып отыр.

Мерекеге жиналғандарды құт­тықтаған облыс әкімінің орынбасары Бақтияр Мәкен: «Қазақстан халқы Ассамблеясының 20 жыл­дық мерейтойы аясында өткелі отырған бұл мереке — тек та­тар халқы үшін емес, елі­мізді мекендеген 130-дан астам ұлт пен ұлысқа ортақ той. Дәстүрлі мерекені жо­ға­ры деңгейде өткізуге ат-са­лысқан ұйым­дас­тырушылар­ға зор алғыс айтамын. Шараға қа­­ты­су­шы бар­лық қала тұр­ғында­ры мен татар ұлты өкілдерін «Сабантой» мерекесімен шын жү­ректен құт­тық­тай­мын», — деді.

— Бұл татар хал­қының ұлттық ме-­рекесі — Жерге дән себіліп, егін егу жұмыстары аяқта­­лып, жиын-терім бас­талғанға де­йін­­­­гі екі ара­лық­та той­­ла­­на­тын мереке. Ас­сам­­блея жылы аясында ұйымдастырылған биылғы Сабантойға қа­ла­­­мыз­дағы бар­лық ұлт өкіл­­де­рінің қа­тысқанына қуа­­ныш­ты­мыз. Бұл тойға халық­­тың көп жиналуы елімізде ынтымақ пен татулық, береке мен бірлік бар екендігі­нің дәлелі деп білемін, — деді Астана қаласындағы баш­құрт-татар мә­дени орталығының ат­қа­­ру­шы директоры Светлана Тени­шева.

Саябақта өткен Сабантойға жи­налғандар татар ұлтының әсем әуендерін, мың бұралған биле­рін тамашалады. Түрлі ұлттық ойын­дар ойнатылып, сыйлықтар та­быс етілді. Сабантой мерекесіне Та­тарстанның астанасы Қазан қа­ла­сынан, Зеленов, Шыңғырлау ау­дандарынан өнерпаздар қа­тысты.

Флюра МИЛИКЕЕВА, Татар этномәдени бірлестігінің жетекшісі:

— Бүгін татар халқының «Сабантой» мерекесін тойлаудамыз. Мейрамға Татарстан Республикасы­нан Алсу Сафуллина, Чулпан Ахмедзанова, Керам Сатиев сынды өнер жұлдыздары келіп, Татарстанның басшысы атынан «Құттықтау хат» табыс етті. Осындай мере­кенің кең көлемде аталып өтілуіне жағдай жа­саған облыс әкімі бастаған басшы азаматтарға татар халқы аты­нан алғыс айтамын. Мерекеге қатысушылар ұлтымыздың салт-дәстүрімен танысып, әдет-ғұрыптарымызды біліп, ұлттық тағамдарымыздан дәм татты. Демалыс күніне қарамастан көптеп жиналған қала тұрғында­­ры­на ризашылығымды білдіремін.

Тұрсынай ЕСЕНОВА, қала тұрғыны:

— Бұл мереке маған қатты ұнады. Қазақ халқында сабантой күзде егін орылып, қамбаға дән құйылған соң тойланатын болса, татар халқы егу мен орудың ортасында, яғни еңбектен бос уақыттарында тойлайды екен. Мереке жақсы ұйымдастырылған. Үл­­кенді-кішілі барлығы бірдей ұлттық киім киген. Әр­­қай­сысы мейрамның жақсы өтуіне атсалысуда. Ұлт­тық тағамдардан дастарқан дайындаған. Бұның бәрі бірліктің, ұйым­шылдықтың нәтижесі деп білемін. Барша татар халқын мерекелерімен құттықтаймын.

Валентин КУТАЙХИН, қала тұрғыны, орыс ұлтының өкілі: 

— Қаламыздағы татар ұлты бүгін өздерінің ұлттық мейрамын тойлауда. Қалалық мәдени-демалыс сая­бағында, халықтың көп жиналатын орнында өтуі де құптарлық іс. Отбасымызбен келіп, татар хал­қы­ның әуелеген әндері мен мың бұралған билерін та­машаладық. Жиналған халықты жалықтырмай, түрлі ұлттық ойындарымен қатар арқан тарту, гір тасын көтеру, татарша кү­рес сынды спорттық сайыстарды жақсы ұйымдастырды. Татар халқы­ның мәдениеті туралы мол мағлұмат алдық. Жерлестерімізді мереке­лері­мен құттықтап, зор денсаулық тілеймін. Бірлігіміз бекем болсын!

Нұрбек ОРАЗАЕВ,

«Орал өңірі»

Суреттерді түсірген Рафхат ХАЛЕЛОВ


Ережедегі өзгерістер

Күні: , 905 рет оқылды

3


Кешеден бері елімізде жол жүру ережесіне енгізілген жаңа түзетулер қолданысқа енді. Бұдан әрі өзгенің көлігін басқару үшін өзімен бірге сенімхаттың болуы талап етілмейді.  Су жаңа көліктерге 7 жылға дейін арнайы техникалық бақылаудан өтудің қажеті болмайды. Сондай-ақ арнайы белгіленген жерлерде ғана тоқтау керек деген талап алынып тасталды.


54-баптың 22-тармақшасы­нан «Арнайы бөлінген, тиісті жол белгілерімен және нұсқағыш­тармен белгіленген орындар­дан басқа, елді мекендердің жолдарында және көшелерінде» тоқтап тұруға тыйым салатын талап өз күшін жойды. Яғни аутокөлік басқа аутокөліктерге кедергі келтірмеген жағдайда орнына қоюға болады. Ережеге сай шектеу белгілері бол­маса, ешқандай әкімшілік хат­тама толтыруыңызды сұрамай­ды.

Республикалық БАҚ-тар та­ратқан мәлімет бойынша, 2010 жылы 12 мыңнан астам жол-көлік оқиғасы тіркелді. 2011 жылы апат саны осы шамада. Одан кейінгі жылы жолдағы жан түршіктірер жағдай 14 мыңнан асты. Ал 2013 жылы 23 359 жол-көлік оқиғасы болған. Былтыр бұл сан шамалы болса да кеміді.  Осы жылдардың сәйкес мерзі­мімен салыстырғанда, биыл елді мекен ішіндегі жол апатының саны анағұрлым азайған.

Жуырда қала және елді ме­кендерде міндетті түрде шам жағып жүруге талапты алып тастауға ұсыныс жасалған. Се­бе­бі мамандар ел ішіндегі көп ес­кі көліктің қызу салдарынан өр­тену қаупі алға тартылған. Мұ­ны жүргізушілер қолдап отыр. Алайда жаңа құжатта кө­лік ша­­мы­на қатысты өзгерту жоқ. Сон­дықтан жүргізушілердің елді ме­кен ішінде жарық беріп жү­ру­леріне тура келеді.

Нұрлыбек РАХМАНОВ 


Бес күнге созылған бәсеке

Күні: , 855 рет оқылды

5


Жексенбі күні Орал қаласында бес күнге со­зыл­ған бадминтоннан халықаралық турнир өз мәре­сіне жетті.


«Энергия» спорт кешеніндегі жарыс жеке, жұптық және аралас сындары бойынша өткізілді. Финалдық кез­десудің әйелдер арасындағы алғашқы  жұптық сынында ресейлік Татьяна Бибик пен Ксения Поликарпова жәнеирандық Негин Амрепур менАгае Хождая Сораия кездесіп,жеңіс ресейлік спортшылар­­дың пайдасына шешілді. Ер­лер арасындағы жекелей сын­да ресейлік Владимир Мальков жерлесі Анатолий Ярцевті екі кездесуде де жең­ді. Әйелдер арасындағы жекелей сында ресейлік Евгения Косецкая бельгиялық Лиан Танды ұтты. Ерлер ара­сындағы жұптық сында ма­лайзиялық Мин Чун Лим жә­не Вей Хун Он ресейлік  Вадим Новоселов пен Гордей Косенко финалда кездесіп, малайзиялық бадминтоншылар жеңіс тұғырынан көрін­ді. Аралас сын бойынша ресейлік Анатолий Ярцев пен Евгения Косецкая малайзия­лық жұп Болриффин Хайрул Тор мен Син Эр Энды ұтып, жарыс  жеңімпазы  атанды.

– Халықаралық жарыстың өңірімізде өткізіліп отырға­­ны – біз үшін үлкен мерей. Елімізде бұл спорт түрінің да­муына жастарымыз көптеп қатысып, өз үлестерін қосу­­да. Әр бадминтоншы өзіне жоғары ұпай жинап, алда­ғы Олимпиада ойындарына қатысуға жол ашады. Сон­дық­тан бүгінгі жарыстың бәсі жо­ғары, – деді облыс әкі­мінің орынбасары Бақтияр Мәкен.

Рейтингтік жарыстың қо­ры­тындысында жеңімпаз-жүл­­дегерлерге медальдар, дип­ломдар және ақшалай сый­лық­тар табыс етілді. Ма­ра­пат­тау рәсіміне ҚР мемлекет­тік жаттықтырушысы Мә­лік Бисалиев, облыс әкімінің орын­басары Бақтияр Мәкен қа­тысты. Бадминтоннан Азия құр­лығы федерациясының бас менеджері Чуй Вен Шен шаһарымыздағы жа­­рыстың жо­ғары деңгей­де өткені үшін ұйымдасты­рушыларға  алғыс айтты.

Темірболат ТОҚМАМБЕТОВ


Екі ханның қылышы табылды

Күні: , 1 202 рет оқылды

2


Менің мақалам Жәңгір­дің хан сарайындағы алғашқы ұйым­дас­тыр­­ған қару-жарақ палатасында бол­ған қарулар жайлы. Себебі бұл ту­­ралы көп жазылғанымен, қару-жарақ палатасындағы хан әулетінің қадір тұтатын құнды заттары Жәңгір хан өлгеннен ке­йін қайда кетті? Кім қолданды? Қазірге дейін сақталды ма? — деген сұрақтар шешімін таппай, қай­­талануда. Бұған әрбір тарихшы, зерттеуші жауап іздейтіні сөз­­­сіз. Тарихи тұрғыдан құнды жә­­ді­гер­лерді атақонысқа қайтару үшін іздестіру біздің де қолға ал­­­ған басты жұмыстарымыздың бірі еді. Бұл біз үшін жауапты әрі тарихи маңызы зор күрделі жұмыс болғандықтан жан-жақты зерде­ле­дік. Бастамамыз нәтижелі бо­лып, орыс зерттеушілері Китта­ры мен Сабанщиковтың жазбала­рында көрсетілген Жәңгір ханның «Қа­ру-жарақ палатасында» болған Әбіл­хайыр әулетінен Бөкей және Жәң­гірдің хан тағына отыруына орай Ресей патшалары берген қы­лыштары табылды.


Былтырғы жылы әдеттегідей жұмысқа келіп, басылымдардың жаңа сандарын оқып отырып, Ресейден шығатын «Мир музея» журналындағы «В Соколиной баш­не Ханского дворца», Галина Останенко, Музей истории и культуры крымских татар «Ханский дворец» деген мақалаға кө­зім түсті. Бұл мақалада көптен бері іздеген хан Жәңгірдің 1823 жылы таққа отырған кезінде Александр І патшаның сыйға тартқан қылышы туралы айтылған екен. Осы мәліметтерге сүйене отырып, дереу ғаламтор арқылы іздестіру жұмысын жүргізіп, «Бахчисарайский историко-культурный и археологический музей-заповед­ник» музейінің «В Бахчисарае открылась выставка средневековых оружий» деп аталатын қару-жарақ экспозициясы туралы түсірілген деректі фильмді тауып алдық. Көрмеде көз тартарлықтай көне қарудың түр-түрі жетерлік екен. Ішінде мақалада жазылған Александр біріншінің Жәңгір сұлтанға хан дәрежесіне көтерілуіне байланысты сыйға тартқан қылышы да тұр. Экспозицияны таныстырып жүрген экскурсия жүргізушісі құн­ды жәдігерді Бөкей хандығынан қалған деп айтып өтті (1-сурет). Ішінде Жәңгірдің жинақтаған басқа да қарулары болар деген оймен ғаламтор арқылы музейге Жәңгір ханның қару-жарақ палатасының басқа да жәдігерлерін сұрасты­рып хат жолдадық. Көп күттірмей бізге Хан сарайының ғылым жөнін­дегі орынбасары Полканова Анна Юрьевнадан жауап келді. Онда: «Здравствуйте, уважаемый Гайса Темирбулатович! На Ваше письмо о клинке, указанном в статье Г. Останенко «В Соколиной башне Ханского дворца» в журнале «Мир музея за ¹314 от 10 октября 2013 года сообщаем, что он действительно находится в фондах нашего музея» — деп жазылған. Ханнан қалған мұраның сақталғанына кө­­зіміз анық жеткен соң, қалған жәдігерлерді сұрастырып тағы да хат жолдадық. Алайда бұл са­уа­лымызға көпке дейін жауап бе­­­рілмеді. Арада сегіз ай өткен соң күтпеген жерден мынадай қуа­нышты хабар келді: «Уважаемый Гайса Темирбулатович, пишет Вам Зайцев Илья. В недавнем прош­лом я работал заместителем директора Бахчисарайского ис­то­рико-культурного заповедника. Мне пере­сла­ли Ваше письмо в Музей о казахских клинках. Дей­с­тви­тельно, в Музее есть два клинка ханов Бу­кея и Джангира. Я совсем не­дав­но делал доклад о них в Москве на конференции (с пе­реводом над­писей и обстоятельствами по­­па­да­ния сабель в Бахчисарай). Этот до­клад готовится сейчас к пуб­­ли­ка­ции в журнале в Москве. Я го­тов пе­реслать Вам мою статью. С уважением, Илья».

Бұл жаңалықты оқырманмен бөлісу мақсатында хаттарды то­лық­­тай жариялап отырмын. Бөкей ор­да­сы тарихи-музей кешені құ­ра­­мын­да­ғы екі ғасырға жуық сақ­талған хан сарайының шығыс бө­лігі мен Елбасы Н. Назарбаевтың қабылдаған «Мәдени мұра» бағ­дарламасы арқылы қайтадан қал­пына келтірілген хан сарайының «орталық бөлігі» мен «батыс бө­лі­гі» болашақта ханның мемориал­дық музейі болып жасақталмақ.

Болашақта бұл құнды жәді­гер­лер күні бүгінге дейін сақталған хан сарайының шығыс бөлігінде жасақталған «Қару-жарақ палатасы» музейіне, яғни өзінің орны­на қойылса, бөкейліктер үшін үл­кен қуаныш. Қа­зақ хан­­дығының 550 жылдығына орай белгіленген ша­ралардың бірі біздің Хан ордасы ауылында өтеді деп күтілуде. Осы айтулы оқиға қарсаңында қос ханның қылышы өзінің тарихи орнына қайтарылса керім болар еді.

Ғайса МАХИМОВ,

Бөкей ордасы тарихи-музей кешенінің директоры


«Ақсай қалдықсыз қала болуы тиіс!»

Күні: , 292 рет оқылды

1


Шаһар келбеті шырайлы болуы керек. Осы мақсатты көздеген «Ақсай-тазалық KZ» және «Грин Ақсай» жауапкершілігі шектеу­лі серіктестіктері Ақсай қаласында үлкен жұмыс бастады. Атап айтқанда, қатты тұрмыстық қоқыс қалдығын, яғни азық-түлік қалдығын бір бөлек, пластик, пакет, пленка, шыны, қағаз қалдығын бір бөлек салатын арнайы контейнерлер қойды. Осы тәсілмен сұрыпталған қалдық қайта өңделіп, отандық өнім болып халыққа қайта оралып жатыр.


Түсінікті болуы үшін әуелі «Ақ­сай-тазалық KZ» және «Грин Ақ­сай» ЖШС-ла­ры­ның тарихы, қа­шан құрылып, қандай қызметпен шұғылданатын­дығы туралы аз-кем дерек берейік. «Ақсай-тазалық KZ» ЖШС 2015 жы­лы құрылған. Негізгі қызмет ба­ғыты – қатты тұр­мыстық қалдық­ты жинап, тасымалдап, төгу. Кәсіп­орын басшысы Махамбет Бірә­нов­­тің айтуынша, қала тұрғындары­ның жаңа бас­та­маға ықыласы жақ­сы. «Ағымдағы жылғы шілденің 5-і күні Ақсай­дың 10-ықшамауда­ны­на екі түрлі контейнер орнаттық. Біріншісі – та­ғам қалдығын салатын, екіншісі – өңделетін қал­дық салатын. Кон­тей­нерлердің түсі әр түр­лі және сыртында тиісті жазуы бар. Қа­зір­дің өзінде халық бұл шаруаға түсіністікпен қарап отыр. Мән-жай­ды түсіндіру үшін оларға ар­найы буклет тарат­тық, контей­­­нер­­лер жанында түсінді­ру жұ­мы­сы­­мен айна­лысатын ерік­тілер жұ­­мыс істейді. Алдағы уақытта осы бастаманы қаланың барлық ық­шамаудандарына енгізуге күш са­латын боламыз. Жалпы осы жұ­­мыс қала­ның экологиялық мәсе­леле­рін шешуді көздейді. Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назар­баев ҚР Қауіпсіздік Кеңесінің ведом­­ство­аралық ко­миссиясында биз­­нес­тің әлеуметтік жауап­кершілі­гін арттыру бағытында нақты тап­сырмалар берді. Оның үстіне елі­­міз «жасыл эконо­микаға» көшуге қа­дам жасаған уақытта біздің бұл бастама­мыздың маңызы одан әрі арта түседі», — деді Махамбет Жұ­мағазыұлы.

2010 жылы өз жұмысын баста­ған «Грин Ақсай» ЖШС «Ақсай-та­залық KZ» секілді қатты тұрмыстық қалдықтарды тасы­мал­даумен айналысады. Сонымен қатар 2014 жылы Ақсай қаласына жақын жерде орналасқан өнді­ріс­тік базасында қалдықты қайта өңдейтін кешенді іске қосқан. Серіктестік директоры Айсұлтан Қабиев бізге жұмыс барысын көрсетті. Кешенге әкелінген қал­дық алдымен ленталық конвейер арқылы арнайы сұрыптаудан өтеді. Осы жерде азық-түлік қал­дығы және қайта өңдеу­ге жататын қалдық ірік­теліп шығарылады. Нақты айтқанда, пластик, шыны ыдыстар, қаңылтыр, қағаз, поли­­этилен пакеттер бөлек ірікте­леді. Одан кейін арнайы станоктың кө­мегімен қалдық кәдімгі аулаға, алаңқайларға, тротуарға төселе­тін өрнектасқа айналады. Қайта өңдеуге жарамайтын қалдық по­лигонға көміледі. «Әзір­ге ке­шен өзінің өндірістік қуаты­ның шамамен 30 пайызы көлемін­де жұмыс істеп тұр. Тақтатастың кез келген түрін шығара аламыз. Өнім сапа­сы барлық талапқа сай, серти­фикаттары бар. Болашақта жұ­мыс ауқымын ұлғайтып, толық өнді­рістік қуатқа шығу жоспары­мызда бар», — деді Айсұлтан Қа­биев.

Бұл игі бастама моноқала – Ақсайдың экологиясын жақсар­та­рына күмән жоқ.

Тоқтар ҒАБДІРЕШҰЛЫ,

«Орал өңірі»


БҚО, Орал қаласы, Мұхит көшесі, 57/1
zhaik_presscenter@mail.ru
oral_oniri@inbox.ru
support@oraloniri.kz

Орал өңірі" газетінің бас редакторы: 51-25-80
Бас редактордың орынбасарлары: 24-17-08, 54-18-08
Жауапты хатшы: 54-38-22
Тілшілер: 50-66-88, 51-50-34
Жарнама бөлімі: 51-51-09
Яндекс.Метрика