Мұрағат: 11.07.2015


«Дер уақытында, шынайы жазылған кітап!»

Күні: , 805 рет оқылды

10


Мұрат  СЫДЫҚОВ, тарих  ғылымдарының  докторы, профессор, Батыс  Қазақстан  облыстық  тарих  және  археология орталығының  директоры:

– Біз Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев туралы көп жайға қанық­пыз деп ойлаймыз. Сонда негізі­нен білетініміз – оның саяси қызметі тура­лы деректер. Ал Мемлекет басшысы­ның жеке басына, өміріне, азаматтық тұлғасына қатысты мәліметтерді біле бер­мейтініміз рас.


Елбасының қаламынан шыққан «Өмір өткел­дері. Сұхбат кітабы» атты туындыда Нұр­сұлтан Әбішұлының адами қыры жан-жақты ашылған. Әңгіменің алыстағы балалық шақ, жасөспірімдік кезең, оқу мен алғашқы еңбек жолынан басталуы тегін емес. Яғни жас жігіт­тің тұлға болып қалып­тасуы, рухани құн­дылық-қағидаттарды сана­сына сіңі­руі осы кезеңнен басталады. Президент ше­бер талдау арқылы сол бір кеңестік ке­зең­де­гі күрделі саяси үрдістерді тануға шақы­рады, 1960-70 жылдардағы елдің дамуын тежеген факторларды ашып береді. Қазақ халқының ұлт­тық сана-сезімі қайта дүр сілкінген, ұлттық салт-дәстүрі қанат жая бастаған, тарихын тануға ұмтыл­ған уақыт деп бағалайды. Кейін бұл Қазақ елінің егемендігіне, тәуелсіздігіне алып келген шешуші факторлардың бірі болды деп баға береді.

Кітаптағы тауарлардың ішінен Қазақстанның тәуелсіз мемлекет болып құрылуы, жас Қазақ еліне Нұрсұлтан Әбішұлының Прези­дент болып сайлануы ерекше қызығушылық­пен оқылады дер едім. Біз сол жарқын оқиғалардың куәгері болып, бел ортасында жүрсек те, Елбасы қабылдаған өміршең шешім­дердің қалай жүзеге асқан­дығы, оның көреген сая­си ойлау жүйесінің бү­гін­гі жемісі туралы тұшына оқи­мыз, оқи отырып таң­­дай қағып, тамсанамыз.

Мемлекет басшысының қа­ла­мынан туындаған жиыр­­ма шақты кітаптан бұл туын­дының ерекшелігі – солар­дың барлығын бір жерге тү­йіндеуінде, жинақтап, қо­рытындылап, жүйелеуінде. Елбасы өзінің өміріне, ел­дің тағ­дырына тағы бір ба­йыптап көз жібере отырып, Қазақстанның кемел бо­лашағын жасау үшін бар­лық салада, саясатта, эко­но­мика мен мәдениетте, тарих, өскелең ұрпақ тәр­бие­­сінде нақ­ты бағыт-бағ­дар ұсынады.

Бұл кітап – нағыз өз уа­қы­тында жазылған дү­ние. Кітапты оқу арқылы біз Ел­ба­сымен мақта­­намыз, тәуелсіз, жасампаз елі­мізбен мақтанамыз, келе­шекке сеніммен қараймыз және қол жет­кен бар­лық жетістіктеріміз Қазақстан Республика­сының бірінші Президенті, Ұлт Көш­бас­шысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевпен бай­ланысты екендігін  терең  түсінеміз.

Мерке  САТЫБАЛДИЕВ, «Жастар  қауымдастығы»  ЗТБ  төрағасы:

– Елбасымыздың «Өмір өт­кел­дері» кітабын оқып шық­тым. Осындағы сұхбаттан Ұлт Көш­бас­шысының өмір жо­лынан бі­раз ғибрат алуға болады. Мәсе­лен, Украинаның Днепродзержинск қаласындағы №8 училищеден білім мен машықты ұштастыра игерген соң, алдымен, Те­міртау­дағы домна пешінің құрылысы аяқталғанға дейін бетон­шы болып жұмыс істеген. 1960 жылы Қарағанды металлур­ия комбинаты ашылғаннан кейін штатқа болат қо­рыту­шы болып қабылданады. Одан домна операторының кіші көмекшісі ретінде алғаш­қы шойын балқытқандардың қа­тарынан табылады. Бір ғажабы, қарапайым маман­­дық­тан бастап, қалалық партия комитетінің екінші хат­шы­лығы, комбинатта партком хатшылығы лауазымына іс­­кер­лік қабілеті, қажыр-қайра­ты, алғырлығы арқылы қыз­-мет бабымен тез көтеріледі. Кейін комбинаттағы шиеле­ністі ахуал, жұмыс орнындағы техникалық қау­қардың, қыр­­уар шаруаның жүйелі жолға қо­йылмауы, мамандар жайы турасында өткір мәсе­лелер­ді Мәскеудегі КОКП ОК секрета­риаты алдында жасындай жарқылдап күн тәртібіне қояды. Нәтижесінде КСРО Металлургия жә­не ауыр машина жасау министрлігінің басшыла­рына де­йін жауапқа тартылады. Үкімет қау­лысымен комби­нат жұ­­мы­сы оң бағыт алып, тіпті қаланың инфрақұрылымы жедел дами тү­седі. Теміртаудағы жарқын істер, осында жинақталған бай тә­жірибе болашақ Астананың өркендеу көшіне алғы шарт болғанын Елбасымыз дәйектей айтады. Сөз жоқ, ең­бек­пен шынығып, ширыққан жігер кейін Қазақ елі тағ­дырына елеулі әсер еткенін осы кітаптан терең ұғын­ға­­ным­ды айт­қым келеді. Біздей жастарға Елба­сымыздың комсо­мол қатарындағы белсенді­лігі ерекше үлгі болаты­ны  анық.


«Слава и честь» ордені – ОБЛЫС ӘКІМІНЕ

Күні: , 133 рет оқылды

1


Бейсенбі күні облыс әкімі  Нұрлан Ноғаев Орал және Ақтөбе архиепископы Антониймен кездесті.  Кездесу барысында архиепископ өңір басшысына күллі Ресей және Мәскеу патриархатының «Слава и честь» орденін тапсырды. Кездесуден соң жергілікті христиандардың дінбасы журналистермен ой бөлісті.


– Еліміздегі сүттей ұйыған тыныштық, жасампаз еңбекпен жасалып жатқан ізгі істердің бәрі Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың сарабдал сая­сатының арқасы. Оған қоса Мемлекет басшысының тапсырма­сын тыңғы­лық­­ты орындап, Жайық жұртын ын­­ты­мақты жұ­мысқа жұмылдырған облыс бас­шылары­ның да ең­бегі айтулы. Бұл азаматтар біздің байтақ елі­міз­де ұлт­аралық, дінаралық татулықты нығай­тып, іргелі жұмыстарды жалғасты­руда көп еңбек атқарып келеді. Осы ретте облыс әкімі Нұрлан Асқарұлы Ноғаев та біздің өңірдегі алуан ұлт-ұлыстың басын қо­сып, ел игілігі үшін жұмыстануда. Біз өз та­рапымыздан атқарушы биліктің дін­­ара­лық ынтымақты нығайтуға бағыт­талған әр ісін, әр қадамын қолдауға әзірміз. Өз басым Қазақстандағы тату­лықты, ын­тымақты мақтан тұтамын. Сондықтан да күллі Ресей және Мәс­кеу патриархы Кириллдің Нұрлан Асқар­ұлына  жолдаған «Сла­ва и честь» орде­нін үлкен құрметпен табыстадым, – де­ді Орал және Ақтөбе архиепископы Антоний.

Гүлжамал ЖОЛДЫҒАЛИ


«Жеңіс тарихы» фильмінің тұсаукесері

Күні: , 818 рет оқылды

7


Сәрсенбі күні облыстық А. Островский атындағы орыс драма театрында Мұрат Жәкібаевтың продюсерлік орталығы түсірген Ұлы Жеңістің 70 жылдығына арналған «Жеңіс тарихы» деректі фильмдер топтамасының  тұсаукесері өтті.  Тарихи шараға облысы әкімі Нұрлан Ноғаев, белгілі кинорежиссер Талғат Теменов, облыстық мәслихаттың депутаттары, соғыс және еңбек ардагерлері қатысты.


«Аман қалу бақыты», «10 жыл өткен соң», «Кездесу қуанышы»  деп аталатын ша­ғын бөлімдерден тұратын де­ректі фильм көзі тірі соғыс ардагерлерінің өнегелі әңгі­месімен, тарихи есте­лікте­рі­мен құнды. Ал жылдар өткен сайын олардың қатары си­реп, азайып бара жатқаны  көңілге мұң ұяла­тады.  Әсіре­се, «Он жыл өткен соң» бө­лімінде кеудесін оққа то­сып, Отан қорғаған аталары­мыз­­дың қатарының тым сиреп қалғаны көңілді құла­зы­та тү­седі. Жылдар жыл­­жып, уа­қыт сыр­ғып өтіп, олардың қа­та­ры азай­ған сайын ке­йін­гі ұрпақтың жеңіс­ті алып кел­ген аға ұрпаққа деген шексіз құрметі байқа­ла­ды. Соғыс де­генді тек кинодан көріп, оқу­лықтан оқып өсіп келе жат­қан кейінгі буын ардагер ата­лардың әңгімесін көзде­ріне жас алып, жү­ректері­мен тыңдайды. Кездесу біт­кен соң да олардың жа­ны­нан кетпей, орден-медальдарын сипап, су­рет­ке түсіп жатқа­­ны көрерменге әсер етпей қой­майды. Ең бастысы – бұл кадр­ларда  оқушылар да, ар­­дагер аталар да рольде ой­нап тұрған жоқ. Бәрі тосын­нан түсі­ріл­ген, шынайы. Де­ректі фильм­дегі картиналар желісі шынайы­лығымен кө­рер­менге ой салады. Бүгінде­рі жастары 90-ға жеткен қа­риялар  қайнаған қатал ұрыстың ортасынан аман-есен ке­ліп, бейбіт күнді елмен бірге көріп жатқанына шүкіршілік айтады. Олар «біз батыр емеспіз, дәм-тұзымыз таусылма­ған соң аман қалдық» дейді жай ғана. Соғыс кезінде өмір­дегі ең жақын адамдарымен кездескен, аз уақытқа үй­ге келіп қайтқан сәттегі бастан кешкен сезімдерін айтқанда ке­йінгі ұрпақ бейбіт өмірдің қан­дай қымбат екенін түсіне­ді. Әр кейіпкер сол бір ұмы­тылмас, қи­мас шақтарды те­бі­рене әңгіме­лей­ді. Жалпы, «Же­ңіс тарихы» деректі фильм­дер топтамасы көрер­менге ой салып, тебірентеді. Уақыт­­тың, тыныштықтың, қазіргі бей­біт өмір­дің өзі бақыт еке­нін ұғын­дырады. Фильм ке­йіп­кер­лерінің қатарында Қа­дыр Ғайсин, Мұхтар Әжі­ғұлов, Алевтина Митрохина, Мәжит Жаданов тағы басқа ба­тысқазақстандық Ұлы Отан соғы­сының  ардагерлері  бар.

Әр бөлімнен соң сахнаға көтерілген ардагер қариялар деректі фильмді түсірген Мұ­рат Жә­кі­баев бастаған шы­ғар­машылық ұжым­ға шексіз алғысын білдірді. Деректі фильм туралы өз ой-пікі­рін ортаға салған облыс әкімі Нұрлан Ноғаев  Мұрат Жәкі­баев пен оның шығармашы­лық тобы­ның ізгілікті іс жа­сағанын атап өтті.

– Ұлы Отан соғысы туралы  фи­льмдерді толқымай, те­біренбей  қарау мүмкін емес.  Біз – бізге  бейбіт өмір сыйлаған аға ұрпақтың алдында мәңгі қарыздармыз. Күні кеше ға­на көзбен көріп, әңгіме­сін тың­­даған майдангерле­ріміз­дің көбі бүгінде ортамызда жоқ. Сондықтан оларды әр кез са­ғынышпен еске аламыз. Оқ пен оттың ортасынан аман келіп, ұр­пақ тәрбиесіне үлес қосқан ардагерлерді  ұлық­тап, оларға құрмет көрсету – бү­гінгі ұрпақтың борышы, – деді Нұрлан Асқарұлы өз сөзінде.

«Өзім де майдангердің ба­ласымын», – деп сөз бастаған танымал режиссер Талғат Те­менов шынайы ынта-ықы­лас­пен түсірілген фильмнің сәт­ті шыққан туынды еке­нін айтты. Ерекше толқу үстін­де жүр­­ген Орал қалалық мәсли­ха­тының депутаты, іскер азамат Мұрат Жәкібаев: «Аға ұр­­пақты аялап, құрмет көрсе­ту – біздің өмір бойғы парызымыз» – деді  өз  сөзінде.

Гүлжамал КЕНЖЕҒАЛИЕВА

Суреттерді  түсірген Рафхат ХАЛЕЛОВ


Жанғали НАБИУЛЛИН

Күні: , 931 рет оқылды

12


2015 жылдың оныншы шілдесінде танымал ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Жанғали Набиуллин өмірден озды.


Ж. Набиуллин 1936 жылдың 13 желтоқсанында Жаңақала (қазіргі Бөкей ордасы) ауданының ау­мағында өмірге келген. 1960 жылы Орал қала­сын­дағы А.  Пушкин атындағы педагогикалық инсти­туттың тарих-филология факультетін тәмамдаған Жанғали Набиуллин 1960-1996 жылдары әуелі Фурманов аудандық «Коммунист» газетінің, кейін Батыс Қазақстан облыстық «Орал өңірі» газетінің редакциясында тілші және Қазақстан Жазушылар одағының Батыс Қазақстан облыстық бөлімшесінде әдеби кеңесші болып қызмет істеді. Қаламгер газет тілшісі ретінде жазған өз мақалаларында ана тілді мұнтаздай таза тұтыну, ұлттық салт-дәстүрді жаңғырту арқылы ұлттық сананы Отанымыздың ұлы мәртебелі тәуелсіздігін нығайтуға бағыттау, ата-ана алдындағы перзенттік парыз, жас ұрпақты қаршадайынан адал еңбекке баулу секілді ең көкейкесті тақырыптарды қаузады.

Ақынның алғашқы өлеңдері 1961 жылы Қазақтың мемлекеттік көркем әдебиет баспасынан шыққан «Жас дәурен» атты ұжымдық жинақта жарияланды. Ал ең таңдаулы өлеңдері 1977 жылы оқырманға жол тартқан «Қазақ совет поэзиясының антология­сына» енді. Оның «Ақ жаңбыр», «Таныс әуендер», «Ақ сөйле, жүрегім», «Жырлайды жылдар», «Жетінші перне», «Жоғарғы кернеу» және де басқа  ұзын саны 14 кітабы жарық көрген. Өз өлеңдерінде ақын туған елге қалтқысыз қызмет, Отан алдындағы парыз, ұлттық мүддеге адалдық, асқақ азаматтыққа негізделген достық тақырыптарын ту етіп көтеріп, сонымен қатар табиғат және махаббат лирикасына да қалам тартты. Ж. Набиуллиннің өлең-жыры ақынның жүрегін тебірентіп, жан дүниесін толқытқан шабыттың жемісі болғандықтан, оқырман қауым тарапынан жылдар бойы шынайы ықылас-ілтипатпен қабылданып келеді. Демек, алдағы уақытта да Жанғали ақынның рухани мұрасы адамзат қоғамына ортақ ұлы гуманизм ұстанымдарына, елдік мұрат пен адами ізгілікке кіршіксіз қызмет ете бермек.

Ж. Набиуллин 1969 жылдан бері КСРО және Қазақстан Жазушылар одақтарының мүшесі, Жаңақала, Бөкей ордасы аудандары мен Орал қаласының құрметті азаматы, Қазақстан Респуб­ликасының Президенті Н. Ә. Назарбаевтың Құрмет грамотасымен марапатталған.

Бүкіл шығармашылық әлеуетін барша адамзат қоғамы мен туған елінің мұрат-мүддесіне арнаған Жанғали ақынның асқақ тұлғасы, жарқын бейне­сі біздің жадымызда үнемі сақталады.

Н. НОҒАЕВ, М. ҚҰЛШАР, С. СҮЛЕЙМЕН,

А. ӨТЕҒҰЛОВ, А. БАДАШЕВ, Б. МӘКЕН,

И. СТЕКСОВ, Н. ТӨРЕҒАЛИЕВ, М. ТОҚЖАНОВ,

А. КӨЛГІНОВ, Н. РАХЫМЖАНОВ, Л. ХАЙРЕТДИНОВ, А. БАҚТЫГЕРЕЕВА, А. НӘРІКОВ,

Ж. САФУЛЛИН, Ғ. СЕЙТАҚ, Б. ҒҰБАЙДУЛЛИН


Тариф 25 пайызға қымбаттамайды

Күні: , 852 рет оқылды

11


Бұл жөнінде ҚР Таби­ғи монополияларды реттеу агент­тігінің облыс бойынша департаментінің өкілі баспасөз мәс­лихатында кесіп айтты.


Облыстық энергети­ка жә­не тұрғын үй-ком­муналдық шаруа­шылықбасқармасы басшы­сының орын­басары Мұрат Байменовтың ай­туынша, өңір­ді электр қуатымен қамту жұмыс­тарымен «Батыс­энергоресурсы» ЖШС айналыса­ды. Биылғы маусымның 5-інде Қа­рашыға­нақ кен орнындағы апат­­ты жағ­дайға байланысты транс­форма­тор өртеніп кеткен. Өнімді түп­кілікті бөлу жөніндегі келі­сім бойынша «ҚПО б.в.» компания­сы өңірді арзан электр қуаты­­мен қамтуға міндеттелген. «Батысэнергоресурсы» серіктесті­гі электр қуатының 38-40 пайызын «ҚПО б.в.» компаниясынан алып келсе, апатты жағдайдан кейін электр қуатымен қамту жұ­мыстары толық орындалмай отыр. Соған орай серіктестік же­тіс­пей­тін электр қуатын Ресей­ден қым­бат бағаға алуға мәжбүр.

«Батысэнергоресурсы» ЖШС-ның қаржы жөніндегі директо­­ры Раиса Герасимованың айтуын­ша, «ҚПО б.в.»-ның арзан электр қуа­тының арқасын­да өңірдегі электр қуаты тари­фі күллі еліміз бойынша төмен дең­­гейде болып келді. «Маусым айында ҚПО-дан жеткізілуі тиіс 18 млн. кВт.-тың тек 3,8 млн. кВт.-ы ғана жеткізіліп, 14 млн. кВт электр қуаты жеткізілмеді. Жетіспейтін қуат көлемін Ресей­ден, «ЕЭС России» компания­сынан 5 есе қымбат бағаға алуға мәжбүр болдық», – деді Р.  Гераси­мова. Оның айтуынша, компания­ның шығыны маусым айында  134 млн. теңгені құраған. ҚПО-да­ғы­лар істен шыққан құрал-жабдық­ты қысқа уақыт ішінде қалпына келтіре алмайтындарын, турби­на­­лар­дың жөнделуіне байла­ныс­ты қуат­ты жеткілікті мөлшерде жеткізу мүмкін болмайтынын айт­­қан. Сон­дықтан жыл аяғына де­йін серік­тестіктің шығыны өсе бер­­мек. Мұн­дай жағдайда кәсіп­орынның тірлі­гі қараң, өйт­кені электр қуатын босатушы және жет­кізуші компаниялармен көр­сетілген қызмет үшін есеп айы­рысу керектігі тү­сінікті.

– «Батысэнергоресурсы» ЖШС электр қуаты тарифін тамыз айынан бастап 25 пайызға көтеру­ді ұсынды. Мәселе қаралуда, «КЕ­ГОК» желісі бойынша тексереміз. Тарифте кіріс, қамтамасыз етугеқатысты қосымша қаржы қарас­ты­рыл­майды, өзгеріс болса текқымбат қуатты сатып алуға бай­ланысты болады. Компания «ҚПОб.в.» ком­паниясын сотқа берді.Екі компа­нияның арасындағы ке­лісімшартты сараптамадан өт­кі­зудеміз. Түп­кі­лікті шешім тамыз­дың 7-сінде шығарылады, – дедіҚР Табиғи монополияларды рет­теу агенттігі­нің облыс бойыншаепар­та­ментінің басшысы Вали­хан Разов. Оған дейін ҚПО бұлмәселе­нің әлеуметтік маңызды­лығын ес­ке­ріп, «Батысэнергоре­сур­сы» ЖШС-ға жеткізілмеген қуат­тың өтемін өтей­ді деп күті­лу­де. Астанада облыс басшылы­ғы­ның, «Батысэнергоресурсы», «ҚПО б.в.» компанияларының  жә­не Табиғи монополияларды реттеу агенттігі өкілдері кездесіп, мә­­­селені талқылайды. Оның ай­туынша, тасымалдау құнын есептемегенде электр қуатының 1 кВт.-ын «ҚПО б.в.» компаниясы 2,8 тең­геден босатса, Орал газ турби­на­лық электр стансасынан 8,8 тең­геден, МАЭК-тен 11.62 тең­геден, «ЕЭС России» компания­сынан 11,4 теңгеден сатып алынады. Қуатты өткізудің орташа ба­ғасы 12,92 теңге, тұрғындарға (ҚҚС-сыз) 8,20 теңгеден, өзгелерге 16,63 теңгеден. Р. Герасимова жаңа тариф мақұлданса, қуат бағасы тұрғындарға шамамен 10 теңгеден,  өзгелерге 20 теңгеден болатынын алға тартса, В. Разов электр қуатының тарифі 25 па­йыз болып өсірілмейтінін, оның «кесілетінін»  ашып  айтты.

Сонымен қатар департамент басшысы В. Разовтың айтуынша, «Батыс су арнасы» 109 пайызға, «БҚ ЭЖТК»  45 пайызға, «Жайық-жылуқуат» АҚ 60 пайызға бағаны көтеруді  сұраған.

Гүлбаршын ӘЖІГЕРЕЕВА,

«Орал өңірі»

Cуретті түсірген

Темірболат ТОҚМАМБЕТОВ


«Ауылымыздан турист арылмайды»

Күні: , 959 рет оқылды

5


Мейрамбек Аққалиев, Бөкей ордасы ауданындағы Орда ауылдық округінің әкімі

Құрамына Хан ордасы, Қарасу, Үштерек, Сейітқали, Макар сықылды елді мекендер кіретін Орда ауылдық округінде бүгінде 747 түтін, 3172 тұрғын бар. Жылына орта есеппен 53-56 сәби жарық дүниеге көрініп, шүкір, ауылдастарымыз табиғи өсім есебінен көбейе түсуде. Ауыл-аймағымызда қазақ халқына қоса, татар, орыс, грек секілді ұлт-ұлыстардың өкілдері тату-тәтті ғұмыр кешуде. Ұлты өзге отандастарымыздың бәрі де мемлекеттік тілде еркін сөйлейді. Өз басым ауылдастарымның ынтымақты өмір сүріп, адал еңбекпен өздерінің ырыс-ырыздығын еселей түсуін Елбасының жасампаз саясатын нақты қолдау деп түсінемін.


Облыс орталығы Орал қала­сынан 550 шақырым, аудан орта­лығы Сайқыннан 55 шақырым қа­шықтықта қоныстансақ та, Орда округінде дәрігерлік амбулато­­рия, бірнеше мектеп пен кітап­­ха­­на, мәдениет үйі, клуб, музей се­кіл­­ді мәдениет ошақтары, пошта-бай­ланыс, сондай-ақ өрт сөндіру, орман шаруашылығы мен малдә­рігерлік салаларының жергілікті мекемелері тұрақты жұмыс істейді. Бұл мекемелердің қай-қайсы­­сы да қажетті мамандармен то­лық қамтылған. Мәселен, дәрігер­лік амбулаторияда штаттық кесте­ге сәйкес 17 медқызметкер ең­бек етіп, ағымдағы ем-домды айт­па­ғанда, 15 кісілік күндізгі ста­цио­нардың жүйелі жұмысын қам­та­масыз етуде.

Жалпы жер көлемі 102 790 гектарды құрайтын Орда ауылдық округінің аумағында 133 шаруа қожалығы бар. Төрт түлігіміздің де саны әжептәуір. Мәселен, 18 мыңнан аса ірі қарамыз, 16 мың­ның үстінде қой-ешкіміз, 6 мың­ға жуық жылқымыз және 750-ге тарта түйеміз бар. Шаруа қо­жалықтарының басшылары төрт түлікті асылдандыру мәселесін күн тәртібінен түсірген емес.

Ел ішінде, халық арасында біз­дің өңір Нарын құмы деп аталатыны мәлім. Осы құм ішінде оты­рып-ақ, «Қалауын тапса, қар жа­нар» дегендей, біздің округ бойын­ша 237 отбасы бау-бақша баптап, бағ­бандықпен айналысады. Ал 45 ауыл­дасымыз шағын кәсіпкерлік­­ті өрістетіп отыр. Ретті жерінде және бір айт­па­ғым, бар­ша іскер ауылдасымыз ауыл-аймағымызда өтетін мә­­де­ни-спорт­тық шаралар мен қа­йы­­рым­­ды­лық акциялары­­­на бел­сен­ді ат­са­лысудан ешқа­шан жаңылған емес.

Ауылдастарымның жасампаз еңбегінің нәтиже­сін­де жергілік­ті салық түсімі де ұл­ғая түсу­де. Мы­салы, 2013 жылы Орда окру­гі бо­йынша 262 854 тең­ге салық жинал­са, былтыр, яғ­ни 2014 жы­лы қазы­на­ға 296 427 теңге салық­тық түсім құ­йыл­ды. Жергі­лікті са­лық түсі­мі­нің мо­ла­юына ту­ризм саласы­ның өр­кен­­де­уі оң ық­пал етуде.

Біздің ауылымыздан, яғни Орда ауылдық округінің орталығы Хан ордасынан сәуірден желтоқсан айына дейін турист арылмайды. Сөзіміз құрғақ көрінбеуі үшін тағы да статистикалық мәліметтерге жүгінейік. Бөкей ордасы тарихи-музей кешенін көруге 2013 жы­лы 13510 турист келсе, былтыр атал­мыш кешенді 14720 турист та­ма­шалады. Ал биылғы жылдың алғашқы алты айының өзінде 6900 турист біздің ауылдың топыра­ғы­на табан тіреп үлгерді. Міне, осы­­лайша туристер толқынының үдей түсуі біздің ауыл-аймақта қо­ғам­дық тамақтану, тұрмыстық қыз­мет көрсету және қонақүй биз­несінің қанат жаюына оң ықпал етуде. Осы сөзіміздің айғағындай осыдан бірер ай бұрын Мейрамгүл Забесова «Жаннұр» шайханасын ашты. Мұнда арақ-шарап, темекі-шылым дегендер мүлдем сатылмайды. Есесіне ас, қуырдақ, палау, кәуап секілді құнарлы тағамдар мен қымыз, шұбат секілді шипалы ұлттық сусындар, қаймақ қатқан қою күрең шай мен бауырсақ туристердің талғамынан бек шы­ғып жүр. Таяу күндері «Рауан» шаруа қожалығының жетекшісі Се­рік Мұхамбетшин ауылдық округ­тің орталығы Хан ордасы ауы­лын­да 150 кісіге арналған мешіт пен 400 кісілік тойхана ашпақ.

Бөкей ордасы тарихи музей кешенін көру үшін келушілердің қатарында өзіміздің облыстың тұр­ғындарына қоса, атыраулық ағайындар, сондай-ақ Ресейдің Мәс­кеу, Астрахан, Волгоград, Саратов қалаларынан туристер жиі келеді. Тіпті 2007 жылы Жапония­ның Хоккайдо университетінің профессоры Уямо Томохиконың біздің музейлік кешенге арнайы ат басын бұрғаны бар. Ал енді Әбіш Кекілбаев, Ақұштап Бақты­ге­рее­ва, Қайрат Жұмағалиев, Әб­­сат­тар қажы Дербісәлі секілді байтақ ел­ге, алты алашқа танымал тұлға­лар мен Қырымбек Көшер­баев, Ерәлі Тоқжанов, Гүлшара Әбдіхалықова сынды мемлекет қайраткерлерінің Бөкей ордасы тарихи музей кешенін тамашалап, кешен қызметкерлерінің еңбегіне жоғары баға беруі – біздің ауыл­дың үлкен-кішісі үшін ортақ мерей-мәртебе.

Қазақ тарихы­­ның дербестік ке­­зеңінің ең соң­­ғы тарауын жаз­­ған Бөкей хан­ды­ғы­ның тауқы­мет­ті тағ­дыры мен та­рих тал­қысына шыдай білген ер­жү­рек еліміздің рухани өмір­шең­дігінің тебірен­тер шежі­ресін ж­а­сақтаған мұра­жай ұжымына шын жүректен  ризамыз.

Орда кентінің тірі тарих тұр­ғындарына жарқын болашақ, сәу­летті өмір тілейміз.

Әбіш Кекілбайұлы

31.07.2000 ж.

Огромное спасибо за интересную экскурсию, за бережное сохранение истории народа!!! Очень богат край обычаями, историческими событиями и со­хранить, преумножить и главное просветить людей одна из важнейших ценностей. Низкий поклон вам за ваш труд.

Семья Григоренко,

Свердловская область,

г. Нижняя Тура

27.08.2012 год.

Я глубоко вос­­­хищен богатой ис­торией Бу­­­кеев­ской орды и замечательными экс­­понатами музея! Это поч­­­­­­ти чу­­до, что посреди степей построи­­ли кра­си­вейшую столицу хан­с­­тва, и с этой земли появи­лись столь­ко мно­­го выдающихся по­­литических, общественных, куль­турных деятелей и храбрых ба­ты­ров! Хочу выра­зить глубокое ува­же­ние основа­те­лю, дирек­тору и со­тру­дни­ком музея!

Уяма Томохико,

профессор университета

Хоккайдо, Япония

31.08.2007 г.

(Бөкей ордасы тарихи музей кешенінің лебіз-пікірлер кітабынан)

Зинур УРАЗГЕЛЬДИЕВ,

Хан ордасы ауылының тұрғыны:

— Қазақ пен татар бір тамырдан шыққан халықпыз ғой, қыз алып, қыз берісіп, тату-тәтті өмір сүрудеміз.

Осы Орда ауылында дүниеге ке­ліп, осында білім алып, орта мектепті тәмамдап, Отан алдындағы боры­шымды өтеп, туған ауылыма қайтып оралып, пошта жүйесінде біраз жыл еңбек еттім.

Қазақтың Әлия атты қызымен отасқаныма 32 жыл болды. Надия, Сания, Эльдар атты ұл-қыз сүйіп, оларды тең құрбысынан кем қыл­май жеткіздік.

Қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған қазақ елінде отандас­та­ры­мыздың бірлігі беки түсіп, берекеміз еселене берсін!

Андрей ФЕДОРИДИ,

Хан ордасы ауылының тұрғыны:

— Менің ұлтым орыс болғанымен, қазақ елі мен үшін ыстық, өйткені осы Нарын құмында менің кіндік қаным тамып, осы киелі жердің ба­йырғы тұрғындарына біржола бауыр басып кеттім. Әкем орыс, анам грек болса да, өзімді қазақ санаймын.

 Қазақтың қолаң шашты, қарақат көзді Гауһар атты қызына сырға салып, шаңырақ көтеріп, отау құрғаныма 3 жыл болды, Денис атты ұлым, жақсы көретін жұмысым бар.

Отбасымда қазақ, орыс және грек халқының тағамдарын да­­йын­дауға үлкен мән береміз.

Өзге ұлттардан, соның ішінде қазақ бауырлардан дос-жаран, тамыр-танысым көп. Өз басым өзге ұлт өкілі ретінде ынтымағымызды нығайтып, ырысымызды молайтар шараларға белсенді атсалысу­дан еш жалыққан емеспін.

Беттің материалдарын дайындаған

Бауыржан ФАЙЗОЛЛАҰЛЫ


Жәнібектегі жасампаз еңбек

Күні: , 111 рет оқылды

3


Бауыржан Қарашев Жәнібек ауылының орталығынан 2004 жы­лы «Қараш» шаруа қожалығына қа­расты шағын мал сою нысанын ашқан болатын. 2009 жылға де­йін ауыл тұрғындарына өз қыз­ме­тін ұсынып келген кәсіпорын сол жылдары шетел асып келген арзан еттердің нарықты жаулап алып, отандық өнімдерді шетке ысырған нөпірі кезінде бәсекеге төтеп бере алмай, жұмысын тоқ­татқан еді. Алайда біразырақ жылдан соң мемлекетіміздің ша­­ғын және орта бизнесті қолдау сая­саты осы нысанның бағын ашты. Бауыржан Бақтыгерейұлы несие­ге қол жеткізуінің арқасын­да кә­сіпорын жұмысын жандандырып, етті өң­дейтін жаңа құрал-жабдықтар сатып алып, бүгінде қарамағындағы үш адаммен жұ­мыс істеуде.


— Малды сойып, етін өңдеп, сақтап, сату жұмыстарын қолға алып отырмыз. Орал қала­сы­нан етті бөлшектеп сататын дү­кен ашуды жоспарлап, қазір со­ның құ­жатта­рын реттеудемін. Бір мез­гілде 50 бас малды соя аламыз. Алдағы уа­қытта кәсіп­­орын жұмысын өріс­тетіп, 20 адам­ды жұмыспен қам­тысақ де­ген жос­парымыз бар, — дейді Бауыржан Қарашев.

Алмаз Нысанбаев — 2007 жыл­дан бастап отбасымен кәсіпкерлік­­­ке түрен салған жас. Анасы Сәу­ле 2010 жылы өз атынан ауылдың көр­нек­ті жерінен дүкен ашып, «МНМ Орал» ЖШС және АШҚКК-ден несие ал­ды. Бүгінде заманауи үлгі­дегі дү­ке­н халыққа тиімді қызмет көр­се­туде. Қаржы саласы мен заң­гер­лік мамандықты қатар игерген Алмаз 2011 жылы өзінің «Жас­ми­на» жеке кәсіпкерлігін ашқан бо­ла­тын. Аудандық кәсіпкерлік бө­лі­мі­нің басшысы Наталья Сажина Алмаз туралы бізге былай деді: «Жі­герлі жігіт қазіргі күні Жәні­бек ауылында супермаркет құ­ры­­лы­сын жүргізуде. Оның жалпы кө­лемі 290 шаршы метрді құрай­­ды. Құрылыс нысанында бес адам жұ­­­­­мыстануда. Алдағы уақытта 12 адам­ды жұмыспен қамтымақшы».

Құрылыс жүріп жатқан ны­сан­ға барғанымызда жұмысшы Қуаныш Жұмағалиев: «Ылғалға,  құрғақшылыққа төзімді заманауи материалдармен қабырғаны қаптау жұмыстарын аяқтадық. Қазір еденге өрнектас жапсырудамыз. Жалақымызға көңіліміз толады, уақтылы алып отырмыз»,  – деп жұмыс барысынан хабардар етті.

Таяуда ауданымызға іссапар­­мен келген облыс әкімінің орынбасары Нариман Төреғалиев аталмыш құрылыс алаңында болып, осындай бірегей жобаны Жәнібек ауылында жүзеге асыруды қолға алған жас кәсіпкерге сәттілік ті­­леп, жаңалыққа жаны құштар жас­тар­­ды мемлекетіміздің әрдайым қол­­дап отыратындығын атап өтті.

Меңдігүл ҒАРИФОЛЛАҚЫЗЫ,

Жәнібек ауданы


Саябақтағы сәнді кеш

Күні: , 210 рет оқылды

4


Өткен бейсенбі күні, кешкілік Жәнібек аудандық мәдениет және демалыс саябағында аудандық ардагерлер кеңесі мүшелерінің және аудандық мәдениет үйінің қызметкер­лерінің қатысуымен «Домбыра – Partу» ұлттық өнер ұлықталған шара өтті.


Осы кешке қатысқан ауыл ақ­сақалдары Мертен Кенжеғалиев, Бекет Әліпқалиев қазақтың өнер десе ішкен асын жерге қоятын халық екенін айтып өтіп, ұлттық өнерді жастарға насихаттады. Кеш барысында ауданымыздың белгі­лі әншісі Тамара Кафарова халық әндері «Беу-айдай», «Жылқы ішін­де ала жүр», «Бүлдірген», «Ал қызыл тас» әндерін нақышына келтіре орындап, көпшілікті бір серпілтті. Жерлесіміз, домбырашы, күйші Шынтемір Рамазанов Махамбеттің «Жұмыр-Қылыш», «Өкініш» күйле­рін күмбірлетсе, ақын, сазгер Жақ­сылық Бисенғалиев өз туындысы «Біздің жақтың қарттары», «Ауылым – дала бесігі» әндерін әуелетті. Сонымен қатар тағылымы мол кеш­те ардагер спортшылар Ғайнуш Дигетаев пен Қадер Орақаев дой­бы мен шахмат ойнап, аудан жас­тарына адам баласының ойлау қабілетін арттыратын ойынның шебер үлгісін көрсете білді.

Арайлым КЕСЕКОВА,

Жәнібек ауданы


БҚО, Орал қаласы, Мұхит көшесі, 57/1
zhaik_presscenter@mail.ru
oral_oniri@inbox.ru
support@oraloniri.kz

Орал өңірі" газетінің бас редакторы: 51-25-80
Бас редактордың орынбасарлары: 24-17-08, 54-18-08
Жауапты хатшы: 54-38-22
Тілшілер: 50-66-88, 51-50-34
Жарнама бөлімі: 51-51-09
Яндекс.Метрика