Мұрағат: 09.07.2015


«Родниктің» кәусар суы

Күні: , 811 рет оқылды

20


Осы аптаның сейсенбісінде Орал қаласындағы «Родник» ЖШС-да журналистерге арналған пресс-тур өтті. Аталмыш мекеме өзінің өндірістік тыныс-тіршілігіне енгізген соңғы жаңалықтармен таныстырды.


«Uralsk Spring Кристальная» та­у­арлық белгісімен 15 жылға жуық ауыз су өндірісінің үздігі болып ке­ле жатқан компания біртіндеп қуатын арттыруда. Цех сапалы су өндірудегі соңғы 30 жылдағы әлемдік үздік технологияға жататын STEELNEAD америкалық құ­рал-жабдықтармен қамтылған. Кейінгі жылдары италиян-амери­кандық автоматтандырылған жү­-й­еге көшуде.

Бір қызметкер құтылардың сапасын бақылап, іріктеп, автоматқа салып отырады. Одан дайын шық­қан 19 литрлік құтыдағы ауыз суды жүкшілер қабылдап алып, текшелеп жинайды. Адам күші осы істерге ғана қолданылады, қалған барлық шаруа автоматтандырылған.

— Бізге тұтынылған ауыз судың 19 литрлік құтылары кері қайта­рылады. Олардың еш бүлінбегені іріктеледі. Автоматты жүйе ол құ­тыны арнайы қоспамен тазартып, дезинфекциялайды. Жүйенің келесі бөлігінде таза сумен шайылады. Кейін азондалған сумен мұ­қият жуылып барып ауыз су құ­йылады. Шикізаттан бастап дайын өнімге дейінгі сапа қатты қада­­ғаланады, — дейді сапа маманы Самал Мерғалиева.

— Өніміміз азонмен байытыл­ған­дықтан құрамында түрлі ми­не­­рал­дар көп. Сондықтан оны физиологиялық толыққанды су деп сенімді айта аламыз. Кальций мен магнийдің мөлшері, хлоридтер, құрғақ қалдық меке­ме­нің зертханасында анықтала­ды. Ыдыс­тардан сынама алынып, зерттеледі. Құтыларды жуатын ері­тіндінің құрамы жарты сағат сайын тексеріледі, — дейді зертха­наның инженер-химигі Нұрби­бі Мырзағалиева.

— Өндіріс аумағында су шыға­тын ұңғымамыз бар. Ұңғымадан сынақ алынып, су құрамы үнемі қадағалауда болады. Одан су ме­ханикалық сүзгіге өтеді. Тұз көлемі тексеріліп, өте ұсақ сүз­гілерден өткізіледі. 10 кубтық бөшкелерге жиналып, құрамына химиялық зерттеу жасалады. Осы­дан кейін ғана құтыларға құй­ылады, — дейді мекеме директоры Лилия Хайруллина.

Бұрын ескі жүйемен сағатына 19 литрліктен 100 құты әзірленсе, қазіргі жаңа жабдықтар сағатына 450 құты дайындайды. Өнім БҚО, Атырау, Маңғыстау облыстарына тарайды. Директордың айтуынша, әзірге 19 литрлік құтыдағы ауыз су шығаратын бұл базада алдағы уақытта кішкентай құтыларға ауыз су құйылмақ. «0,5 литрлік құтыға су құю 19 литрден гөрі көп еңбекті қажет ететін үрдіс. Жыл соңына қарай нарық сұранысына сәйкес кіші құтыларға құятын жаңа құ­рал-жабдықтар алынып, өндіріс үш есе артпақ. Бұл жобаларды біз мем­лекеттік бағдарламаларсыз бастай алмас едік. Тағы 20 жаңа жұмыс орнын ашуды жоспарлаудамыз», — дейді Лилия Хайруллина.

Нұрлыбек НҰРЛАНҰЛЫ,

«Орал өңірі»

Суреттерді түсірген Медет ДОСУМОВ


Ұлттық киімді ұлықтаған

Күні: , 952 рет оқылды

19


Орал қаласындағы «Мария ханым» салоны – батысқазақстандықтарға кеңінен танымал мекеме. Құрылғанына 30 жылға жуықтаған бұл кәсіпорын эксклюзивті ұлттық киім және мерекелік, кешкі киім үлгілерін, униформа мен жұмыс киімдерін, сахна жабдықтарын тігеді.


Кәсіпорынның даму тари­хы сонау қайта құру дә­уірінен, жалға алынған бөлмедегі 2-3 тігін машинасымен  киім тігуден басталған. 1993 жылы жеке кәсіпкер ретінде тіркеледі. Артынан «Мария салоны» шағын кәсіпкерлігі атауын алса, соңы­нан серіктестік болып қайта тіркелді.

Өз жұмысын 3 адамнан баста­ған кәсіпорында қазіргі таңда 30-дан аса қызметкер еңбек етеді. Негізінен нәзік жандылар, соның ішінде көп балалы ана, мүге­дек және жалғыз басты әйел заты дабар. Олар­дың барлығы да өз іс­терінің кәні­гі мамандары. Уа­қыт­пен санас­пай еңбек етіп, солар­қылы әлемге сұ­лулық сыйлау­ға өз үлестерін қосуда. Респуб­лика көлеміндегі, шетелдердегіірі көрмелерде, түрлі форум­дар­да көрсетілетін кол­лекциялардың дүниеге келуіне бұл жандардың қосқан үлесі көп. Жалпы алғанда, кәсіпорын білім­ді де білікті тігінші-шеберлермен, пішушілермен, түрлі сынып­тық деңгейдегі электронды және компьютер арқылы кесте тігу машиналарымен қам­тылған.

2001-2002 жылдары кәсіпорын басшысы Мария Хуспанова об­лысымыздың үздік кәсіпкері ата­ғын алды. 2003 жылы Астанада өткен кәсіпкерлер конгресінде үз­­дік әйел кәсіпкер аталымына ие болды. 2005-2006 жылдары қол­өнершілердің республикалық бай­­қауларында жеңімпаз атанады. Рес­публика көлемінде шағын кә­сіпкерлікті дамытуға қосқан үле­сі үшін ҚР Президентінің Алғыс­хатымен марапатталғанын да ай­та кетейік. 2004 жылы Мәскеуде өткен жоғары сән үлгісі бойынша халықаралық  байқауға еліміздің атынан қатысып, «мариялықтардың» қолынан шыққан ұлттық на-қыштағы киім үлгілері жоғары бағаланды. Міне, кәсіпорын содан бері жыл сайын түрлі шараларға қатысып, биіктен көрініп келеді. Бүгінгі таңда Саратов, Са­мара, Омбы, Орынбор губерния­ларындағы өнер ұжымдары, ұлт­тық мәдени орталықтары «Мария ханыммен» тығыз қарым-қаты­нас­­та. Ал өз аймағымыздан Ғ. Құр­­ман­ғалиев атындағы Батыс Қазақ­стан облыстық филармониясы, Н. Жантөрин атындағы Атырау облыстық филармониясы, Атырау облысының Исатай ауданындағы және Құлсары қаласындағы мә­де­ниет үйлерінің ұжымдары, Маң­ғыстау облысындағы «Ерсай» компа­ниясы  тұрақты  байланыс  орнат­қан.

– Биылғы жыл Елбасымыздың бастамасымен Ассамблея жы­лы деп жарияланды. Республикамыз­дың бүгінде бірлігі бүтін, беделі биік мықты мемлекетке айналуына осы қоғамдық институттың қосқан үлесі зор. Біз де ұлттар достығын нығайтуға өз үлесімізді қосудамыз. Елімізде тұратын түр­лі ұлт өкілдерінің киімдерін тігеміз. Этномәдени бірлестіктер­мен серіктес болу арқылы рес­пуб­ликамыздың оң имиджін қалып­тастыруға атсалысып жүрге­німіз­ді мақтан тұтамыз, – дейді кәсіп­орынның атқарушы директоры Жұлдыз Хуспанова.

Сәкен МҰРАТҰЛЫ,

Орал қаласы


Астана күнгі қоныстой

Күні: , 900 рет оқылды

18


Астана күні аясында Оралда бір топ қала тұр­ғындарына жа­ңа пәтер кілті тапсырылды. Орал қаласының Зашаған кен­тінде «Өңірлерді да­мыту – 2020» бағ­дар­ла­масы бойынша 9 қа­­бат­ты үш тұрғын үй бой көтерген-ді. Сөйтіп, баспана мәселесі «Тұрғынүйқұрылысжинақ» банкінің салымшылары үшін де оң шешімін тапты. 396 отбасы қоныстой тойламақ.


– Елбасы тапсырмасына сәйкес өңі­рі­­мізде құрылыс саласында атқары­лып жатқан жұмыс өнімді, – деді облыс әкімінің бірінші орынбасары Арман Өтеғұлов мерекеге орай өз лебізін жеткізген соң.

– Соңғы үш жылдың ішінде 13 көп қабатты тұрғын үй пайдалануға берілсе, қазір 7 көп қабатты тұрғын үй­дің құ­рылысы жүргізілуде. Бұл  еліміз­дің өр­кенде­уіне қосылған үлес деп есептеймін. Жаңа баспанаға қол жеткізген жерлестерімізді  құттықтаймын.

Бұдан әрі Арман Өтеғұлов пен Орал қаласының әкімі Алтай Көлгінов тұр­ғындарға пәтер кілттерін салтанатты түр­де табыстады. Қала басшысы өз ке­зегінде құрылыс мердігерлері «СВ Плюс» және «СКФ» жауапкершілігі шек­теулі серіктестіктерінің жетекші­лері  Сәбит Өтебалиев пен Валентина Мих­ноға тұрғындар атынан ризашы­лығын білдірді.

Нұртай ТЕКЕБАЕВ

Радж  ҒАТАУ,  ауған соғысының  ардагері:

– Астана күні мерекесінде қуанышқа кенелдік. Ел­басымыз­дың қолдауымен жүзеге ас­қан «Қолжетімді баспана – 2020» мемлекеттік бағдар­ламасы аясында көптеген қазақстандық жаңа баспана иеленуде. Міне, солардың қатарында мен де бармын. Қаламыз жылма-жыл қанатын жайып әрі көркейіп келеді. Бейбіт күн аясында еліміздің ырысы артып,  жарқын жетістік­терге бөлене беруіне тілектеспін.


«Асқақтай бер, Астана!»

Күні: , 844 рет оқылды

21


Орал қаласының көркіне көрік қосып, күні кеше ғана салтанатты жағдайда ашылған Қадыр Мырза Әлі атындағы мәдениет және өнер орталығында 4-6 шілде күндері Астана күні мерекесіне арналған ауқымды мәдени шаралар өтті.


Үш күн бойына орталық маңына жиналған халық­қа ледэкран арқылы Қа­зақстан, Елбасы, Астана туралы бей­небаян көрсетілді. Сонымен қа­тар орталықтың көрме залында суретшілер көрмесі, музей залдарына экскурсия, кітапханада «Ас­тана – Отанымыздың жүрегі, тә­уел­сіздігіміздің тірегі» атты көр­мелер көрермен назарына ұсы­ныл­ды. Мерекенің әр күні келу­шілерге арнап, Елбасымыз туралы «Балалық шағымның аспаны», «Елбасы жолы – Теміртау», «Елбасы жолы – от өзен» атты көркем фильмдер көрсетілді.

Қадыр ақыннің ескерткіші ал­дында ал­ғаш рет «Өмірі – өшпес естелік, өлеңі – өлмес ескерткіш» атты «Қа­дыр оқулары» өтті. Кеш­ке қаты­сып, өнерлерін ортаға салған қала­мыздың жас бүлдір­шін­дерімен қа­тар ақын өнерінетабынушы аға ұрпақ алғысхат­тар­мен марапатталып, Қадыр Мырза Әлі ағамыздың жыр жи­нақта­рын сыйға алды.

Кешкісін амфитеатрға жинал­ған көрермен Ғ. Құрманғалиев атындағы облыстық филармония әртістері, облыс әкімінің эстрада-симфониялық оркестрі және қалалық орыс халық аспаптар оркестрінің «Асқақтай бер, Астана!» атты қорытынды концертін тамашалады.

Ашық аспан астындағы мерекелік концертті тамашалауға келген көрерменнің қарасы қалың болды.

– Құрметті көрермен, сіздерді бүгінгі Астана күнімен шын жүректен құттықтаймын. Елорда­мыз Астана мәдени, рухани және экономикалық орталыққа айналып, күннен-күнге дамып келеді. Оған қарап бой түзеген  біздің қа­ламызда да ерекше жобамен  жа­ңа ғимараттар салынып, халық­тың игі­лігіне берілді. Келешек ұр­пақ үшін жасалып жатқан игі істержалғасын тауып, халықтың қуа­ны­шына бөлене берейік. Мереке құтты болсын, – деді шаһар басшысы Алтай Көлгінов.

Кеште «Назерке», «Ақжайық», «Қызғалдақ» би ансамбльдері өз өнерлерін көрсетіп, көрерменнің қошеметіне бөленсе, Ғ. Құрман­ға­лиев атындағы облыстық филар­мо­нияның бір топ әншілері ел­ор­дамызға деген ықылас-ілтипа­тын концерттік бағдарлама арқы­лы жеткізді.

Нұрбек ОРАЗАЕВ,

Темірболат ТОҚМАМБЕТОВ


Көпбейінді аурухана іске қосылмақ

Күні: , 863 рет оқылды

17


Сейсенбі күні Қазақстан – Орал телеарнасында өңіріміздің денсаулық сақтау саласына қатысты баспасөз конференциясы өтті. Оған облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Қамидолла Ирменов, медициналық және фармацевтикалық қызметті бақылау комитеті БҚО бойынша департаментінің басшысы Жанболат Иманғалиев қатысты.


Аталмыш басқарма бас­шы­сының мәлімдеуінше, бүгінгі таңда облыстағы 630 667 тұрғынға медициналық көмек көрсету 426 денсаулық сақтау нысаны арқылы жүзеге асы­­рылуда. Ондай нысандардың қатарында 35 аурухана, 6 емха­на, 2 санаторий бар. Кейінгі уа­қыт­та облысымыз бойынша медици­налық-демографиялық, эпи­демио­логиялық жағдайлардың тұрақ­тануы байқалған. Бұл өз кезегінде жалпы өлім көрсеткішінің азаюына оң әсерін тигізіп, соңғы 10 жылда тұрғындардың орташа өмір сүру ұзақтығы 4 жылға артып, 71,14 жасты құраған. Елі­міздегі денсаулық сақтау саласын дамытудың 2011-2015 жыл­дарға арналған мемлекеттік бағдарла­масын және «Ақпараттық Қазақ­стан — 2020» бағдарламасын жү­­зеге асыру аясында Зеленов ау­дандық орталық ауруханасының базасында облыстық клиникалық ауруханамен онлайн режиміндегі байланысты қамтамасыз ететін медициналық ақпараттық жүйе (МАЖ) орнатылған. Ол сала мамандарына қаралуға деген кезекті төмендетуге, қағаз түріндегі құжат айналымының азаюына септігін тигізеді. Болашақта өңірдегі бар­лық медицина ұйымдарына аталмыш жүйені енгізу жоспарланған. Сондай-ақ пациенттерден түсе­­тін арыз-шағымдарды қарау ба­­ғытында Call-орталығының жұмы­сы күшейтілмек. Мәселен, №1 қа­лалық емхана базасында Call-ор­талығы құрылып, бүгінде 200-ден астам шағым қаралып, қанағат­тандырылған.

Қазіргі кезде облыстың денсау­лық сақтау жүйесінде 1 555 дәрі­гер бар екен. Дәрігерлермен қа­тар 6 000-ға жуық орта медицина қызметкері еңбек етуде. Дәрі­герлерге қажеттілік 92 маманды құрайды. Алдағы уақытта қалалық көпбейінді аурухана іске қосылған кезде бұл көрсеткіш 100-ге жетпек. Аталған мәселені шешу үшін Алматы қаласындағы С. Асфендияров атындағы Қазақтың Ұлт­тық медицина университеті және Ақ­төбе қаласындағы М. Оспанов атын­дағы Батыс Қазақстан мемлекеттік медицина академиясын бітірген жас мамандарды алдын ала бөлу бойынша облысымызға 80 маман шақырылған. Осылайша қажетті мамандарды тарту жұмыстары жүргізіле бермек. Өңір дәрігерлерін медицинаның түрлі салалары бойынша Литва, АҚШ, Ресей, Финляндия, Оңтүстік Корея, Ұлыбритания секілді шет мемлекеттердегі тәжірибеден өт­кізу жалғасуда. Ал жоспар бо­йынша қалалық көпбейінді ау­рухананы іске қосу, медицина ұйымдарын медициналық ақпа­раттық жүйеге көшіру, өзге де бірқатар келелі істер жыл соңына дейін атқарылар негізгі жұмыстар­дың қатарында.

Шара соңында облыстық ден­саулық сақтау басқармасының басшысы Қамидолла Ирменов пен ме­дициналық және фармацевти­калық қызметті бақылау комитеті БҚО бойынша департаментінің басшысы Жанболат Иманғалиев журналистердің сауалдарына жауап берді.

Нұртас НАБИОЛЛАҰЛЫ,

«Орал өңірі»


Ғибратты ғұмыр тағылымы

Күні: , 912 рет оқылды

3


Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың «Өмір өткелдері» кітабы туралы толғанғанда


Адамзат аузымен ежелден айтылып келе жатқан мәтел сөз бар: «Нағыз тарих романшының да қиял құсын шаң қаптырмақ» деген. Орысшасы: «Старая истина – подлинная ис­тория может превзойти любые фантазии романиста». Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Өмір өткелдері» кітабы (Нұрсұлтан Назарбаев. «Өмір өткелдері». Сұхбат кітабы. Астана. «Фолиант» баспасы. 2015 жыл.) – шынында да романға бергісіз тарихи сұхбат. Мәселе шығарманың алғашқы бетін ашқан бойда-ақ бас алдырмай қадалтатын, ақыл-ойыңды билеп бой сергітер айрықша тар­тым­дылығында ғана емес. Эпи­калық құлашының ерендігінде, пайым, парасатының биіктігінде. Шығар­ма аннотациясында айтылған­дай, «Елбасымен сұхбаттарды ой көзі­мен оқыған адам ғибратты ғұ­мырдан көп тағылым алатыны талассыз». Сұхбат  публицистика жан­рына жатады. Автор моноло­­гы мұнда әлсін-әлі сұрақ түрінде қо­йылатын диалогқа ауысады. Көр­кем әдебиеттен өзгешелігі, ойдан қосуға жуымайды. Зәрулі зама­на проблемаларын қозғап, қалың оқырман санасын асқақ толға­ныс, жалынды пафоспен, өткір де ал­ғыр тілімен баурайды. Қалың том құрайтын, алғы сөзін есептемегенде, он алты көлемді тараулардан тұратын аталған кітап интервью­дің өрістетілген түрі іспетті. Мұн­­да­ғы факт, пікір, дәлел-аргумент, проблема, қағида құр баяндал­­май­ды. Монолог иесі басынан өт­кен қым-қиғаш тартыстар бары­сын­­дағы көңілін, күйініш-сүйініш­те­рін шын жүректен жасырмай ақ­та­ра­ды. Психологизм, памфлет, юмор, сатира, көркем деталь элемент­те­рін барынша кең пайдаланады. Сая­си-идеологиялық мәселелер төңірегінде ғана емес, фило­со­фиялық, әдеби сын, моральдық-этикалық проблемалар аясынан толғанады. Шығарма жай сұхбат, интервью деңгейінен әлдеқай­да асып-төгіліп жатыр. Сондық­тан жанрын анықтай түсу керек. Өз басым, шығарманы сыр-сұхбат кі­табы деп атар едім. Бұл сыр-сұх­батта антика, басқа да дәуір ой­шыл­дарының, өзімізден ұлы Абайдың, басқа да ақын, жазу­шы­лардың, шешендердің афориз­м­дері, тосын да ұшқыр пікірлері жүйесін тауып монолог иесінің ойын ұштай түседі. Басқа сөзбен айтқанда, кітаптың генетикалық түп-тамырлары тереңнен, адамзат рухани кенішінен тарайды. Жеке өз басының тағдырын бүтін бір елдің, қала берді күллі жаһанның арғы-бергі тарихын, бүгінгісі мен ертеңін бар шындығымен айыр­ғысыз тығыз байланыста көрсете­тін мұндай туынды – уысыңа күнде түсе бермейтін ризық. Өзіңді жай­наған өмір шіркіннің нақ ортасында жүргендей сезінесің. Шығарма әңгімешісінің әрі геройының адами кәмелеттілігі «Сүйер ұлың болса, сен, сүй, Сүйінерге жарар ол» деген Абай сөзін сан рет іштей қайталатпай қоймайды. Кітап: мі­не, бүгінгі қазақ біз қандаймыз де­­гізіп, ұлттық мақтаныш се­зім­ге бөлей­ді. Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев­­тың бүкіл өмір жолы­ның басты-бас­ты сатыларын баяндай отырып, тау етегінде туып, бара-бара шың-құзарына сұңқар­дай сам­ғап қалайша көтерілгенін паш етеді. Кітабының «…негізгі арқауы – Қазақстанның жаңа тари­хының ең бір қиын да жарқын сәттері. Сұхбат кітабының тараулары қайсыбір кезеңдердегі қоғам­ның саяси көңіл күйін түсінуге немесе еске алуға көмектеседі, ал экономикалық талдау неғұрлым зерделі оқырмандарға осы жыл­дардағы жағдайды ойша қалып­тауға мүмкіндік береді» («Өмір өт­келдері». 2-б.). Бір Алланың жебеу, демеуімен Нұрсұлтан Әбішұлы­ның өз тағдырын өзі жасауға ұмтыл­ға­нын және атап өтуге тиістіміз. 1980 жылы Қазақстан Коммунистік партиясы Орталық Комитетінің өнер­кәсіп жөніндегі хатшысы қызме­тіне келісім алуға барғанында ке­­ңес­тік кардинал саналатын Михаил Суслов Нұрсұлтан Әбішұлы­на: «Міне, сізді өсіріп шығар­дық!» – депті. Кезінде қолтығынан де­меп жіберуге әжептәуір себебі ти­ген бұл қайраткерді ілтифатпен еске ала отырып, кітап авторы, сонымен бірге оның «сізді өсірдігіне» келіскісі жоқ. «Біреудің өсіруімен, – дейді Н. Ә. Назарбаев, – ешкім де алысқа бара алмайды. Өсірумен қызметке қоюға болады, әйтсе де ондай қызмет баянды болмайды. Ең абзалы – Абайдың «Өзіңе сен, өзіңді алып шығар, Еңбегің мен ақылың екі жақтап» деген сөзін ұдайы есте ұстау» (Сонда. 104-б.). Осы ұғым кітаптың қай тұсында да қылаң беріп, әдемі ән қайыр­ма­сындай қайталанады… Әлбетте, еңбектің де еңбегі бар. Нұрсұлтан Әбішұлы күні бүгінге дейін өзінің қазақ жерінде алғаш шойын құюшылардың қатарында бол­ға­нын зор қанағат тұтып еске алады. Сол бір тарихи сәтте домна опе­раторының кіші көмекшісі екен. Жұ­мысқа жанын салатын жас қай­рат бір жыл өтер өтпес кіші кө­мекшіден аға көмекшіге, одан газ­шының аға көмекшісіне көте­ріледі. Арада тағы бір жыл өткенде аға горновой болып жоғарылайды. Ал бұл мамандық бойынша жұмыс істеу оңай болмаған. Ол еңбегінің қыр-сырын сөз еткенде Нұрсұлтан Әбішұлының аузына «азап», «то­зақ» деген сөздер түсетіні тегін емес. «…Пештің температурасы екі мың градусқа дейін жетеді. Бір жағынан шаң, бір жағынан газ. Былайша қарағанда, нағыз тозақтың өзі. Жұмысты бір сәтке де тоқтату­ға болмайды. Тоқтату тұрмақ, қар­қынын бәсеңдетуге болмайды. Ме­талл қатып қалса – апат» (Сонда. 75-б.). Әйтсе де жас қайрат сол азап­­­ты, сол тозақты ештеңеге айыр­­бастағысы келмеген. Тіпті бір кү­ні Теміртауға арнайы келген әке­сі баласының жұмысын көріп, әкем­нен үш жасымда қалғанда не қиын­дықтың талайын көріп едім, дәл мы­нандай тозақты көрген емес­пін, қой, таста, жаныңды азапқа салмай! – депті. Бірақ баласы тұңғыш рет қарттың тілін алмаған. Алған бетінен қайтпаған. Неге? Түптеп келгенде, жауабы жеңіл сауал емес. Жас ұланның еңбек­сүй­гіш­тігін, я болмаса қайсар характерін айтып түсіндірумен шектеле қой­майды. Бірсыпыра әлеуметтік, мо­ральдық-этикалық проблема­лар­­­ға жүгінуге тура келеді. Тіпті тұр­­­мыс, пендешілік мәселелеріне де. «Ең­бек етсең ерінбей, тояды қар­ның тіленбей». Қарның тоқ, қайғың жоқ жүрсең, аз жетістік пе? Абай босқа сөз шығындамайды. Еңбек пен тоқ тұрмыс арасындағы байланыс қай заманның да күн тәртібінен түс­пеген. Кеңестік кезеңде мате­риал­дық ынталандыру қағидаты кең дәріптелгені мәлім. Горновой жап-жас Нұрсұлтан айлығына 450 рубль алатын. Рубль ол шақта доллардан да құндырақ болғанын еске алсақ, бұл аз қаражат емес. Мен министр дәрежесінде қыз­метте жүргенімде айлығым 430 сом болатын. Партиялық жарнама мен тиісті салықты өтегенімде қал­тама түсетіні 350 рубль еді. Ал мы­на жап-жас жігіт министрден де көп ақша таба бастаған… Жұмы­сын небір сұмдық қиындықтарына қарамастан, барынша беріліп істеуінде жас ұланның сонау балалық кезінен бастап бойына сіңген намыскерлігі де аз рөл атқармаған. Еңбек пен намыс ол үшін егіз ұғым болған. Туған жері Шамалғанда тұр­­­ғанда орыс, украин, неміс, әзір­байжан, түрік сиқты көптеген ұлт­тың балаларымен «араласып, құ­раласып, жарыса» өскен. «Сабақ оқуда болсын, спортта болсын, көр­кемөнерпаздар үйірмесіне қа­тысуда болсын» намысты қолдан бермеуге тырысқан («Өмір өт­кел­дері». 45-б.). Теміртауға келген жастар бастапқыда көп қиын­шы­лық көрген. Тұрмыстағы күй­сіздік­ті былай қойғанда, металлург ма­мандығына қол арту қиынның қиыны еді. Оған шыдас бере ал­мағандар ауылдарына зытқан. Кейбіреулері жұмыс үстінде қал­жырап құлап түскенде дәрігерлер алып кететін. Кузнецкіден, басқа да сырттан келген мамансымақ­тар: «Да им только баранов пас­ти, зачем их приняли на завод? – деп тұратын. Қаның қайнамай ма сол кезде?» (Сонда. 117-б.) – дейді Нұрсұлтан Әбішұлы. Ұлттық намыскерлік… Сұхбат кітабында автор қазақ халқының намыскерлік туын жықпай биік көтеріп келе жатқанын зор мақтаныш сезіммен атап көрсетеді. Жарқын мысалы – 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасы. Горбачев адам құқын қорғайтын қоғам құрамыз деп бүкіл әлемге жар салғанымен, «Қазақ өзін-өзі басқара алмайды» деген шовинистік ауруға шалдықты. Исі қа­зақты қорлайтын оспадарлық жасап, шеттен Қазақстанның ұлығы етіп Колбинді тағайындатты. Сүйе­гімізге таңба қылыққа қарсы біз­­­­­­дің ұлттық намысымызды қор­­ғап ал­ды­мен жастарымыз шық­ты. Нұрсұлтан Әбішұлы: «Тәубе, ел екен­біз ғой, халық екенбіз ғой», деп жастардың сол ерлігіне сүйіне, сүйсіне тебіренген… Намыскерлік – қасиетті сезім болуымен қатар, әрқайсысымыздың алдымызда ұда­­йы тұратын абыройлы міндет те. Ол міндет турасында кешегі металлург, бүгінгі Қазақстан Респуб­ли­касының Президенті былайша толғанады: «Адамның бір парызы өз ұлтының, туған халқының на­мысын бермеуі, жақсы атағын шы­ғаруы» (Сонда. 45-б.). Бұл па­рыз сезімі күні бүгін пайда болған жоқ, әрине. Әріден келе жатыр. Ұлы Абай «Ғақлияның» отыз тоғызын­шы сөзінде намыскерлікті ата-бабамыздан қалған тәуір мінезге, құнды мирасқа балап, ұлт береке-бірлігінің алғышарты санаған. Сұх­бат кітабының баянынан, туған еліміздің арғы-бергі тарихын, бү­гінгі белестерін әңгімелеуінен абай­танудың жаңа беттерін па­рақ­тап отырғандай сезінесің. Шығар­ма иесі Абайсыз аттап баспайды десе де болады. Артына өлмей­тұғын сөз қалдырған ақынға құр­меті тіптен бөлек. …Өтпелі ке­зең­нің елең-алаңы – 1995 жыл. Қи­ын­­дықтары адам айтқысыз уа­қыт еді ғой. Жас мемлекетіміздің қал­тасы жұқа. Қаржысы там-тұм. Міне, сондай ауыр кезеңде ұлы Абайдың туғанына 150 жылдық мерейтойын өткізу керек болды. Жауапкершілігі бөлек сол той, бү­кіл халық тойы, елдің ауыр жағ­дайына қарамастан, ас та төк тамаша өтті. Және мұның өзі шын­дық­тың бір қыры ғана еді. Бә­рінен де кереметі Жидебай же­рінде Абай мен Шәкәрімнің жа­ңа кесенесінің күтпеген жерден бой көтергендігі болды. Жиналған жұрт қайран қалдық. Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаев бұрынғы Абай суреті салынған, темір қоршаумен қор­шалған обелискіге келіп гүл шоғын қойса да, оған мерейтойға қа­ты­сушылар ризашылықтан басқа ештеңе айтпас едік. Және әлемнің талай ардақтыларының жатқан жерінің де қандай екенін байқап жүрміз ғой. Ал мұндай айналасы атшаптырым, қос күмбезі сонау көкжиектен көз тартатын, сар да­лаға сән бітіріп тұрған кесенедей әлеуетті ғимаратты ұшыратқан емен. Бұған Абайдың қыстауын, Зере, Ұлжан зиратнамаларын қо­сыңыз. Олар да салтанатты кесенеге барар жолдағы аса қасиетті ескерткіштер. Мұндай есте қалар­­лық құрмет-қошеметті ұйымдасты­­ру­­да аянып қалмаған Елбасы қа­шан да Абайдың асыл мұра­сын хал­қы­мыз­ға үлгі-өнеге етуден ая­нып қал­ған жоқ. Өз жеке тәжірибесі­нен де көл-көсір игілігіне қанық. Абай мұрасы – сарқылмас рухани қо­рек. «Жалпы, бізге, – дейді ол кітабында, – қазір қолға алып жатқан көп бастаманың дәйектемесін басқа жақтан іздеудің қажеті жоқ. Бәрін де Абайдан табасың» (Нұрсұлтан Назарбаев. «Таңдамалы сөздер» жинағы, 11-том. Астана, 2014 жыл. 693-б.). Бұл тұжырым сыр-сұхбат кі­табының алтын арқауы екенін айтуға керек. Нұрсұлтан Назарбаев үшін Абай мұрасы – идеялық қару, іске басшылық.

* * *

Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың сонау ба­лалық дәуреннен бастап тәуелсіз Қазақстан Республикасы Президенті өресіне көтерілгенге дейінгі өсу жолы, өз сөзімен айт­қанда, тақтайдай жазық бол­маған. Сү­рі­ніп, қабынып, Қазақ мемлекеттік университетінің химия факультетіне түсуге бір балы жетпей қалған кездері де болған. Бір ойың айтады, сол сәтсіздіктің кешегі ауыл баласының былайғы тағды­рына зиянынан гөрі пайдасы мо­лырақ тиді ме деген. Әйтпегенде ол кейіндер өзінің бағын жан­дыр­ған Қазақстан Магниткасына аттанар ма еді, аттанбас па еді?! Басы қатты, аяғы сәтті осы оқиға, өмір жолының әуелгі кезеңінің өзге де хикаялары, кітаптың тең жарымын алып жатқан тараулары негізінен Нұрсұлтан Әбішұлының жан дү­ниесі, қабілет, дарыны, бұрын білмесек, енді білетін сыры, мұрат, мақсаты, идеалы қалай қалып­тас­қанын әңгімелейді. «Жылқы көп – қазанаты сирек, жігіт көп – азаматы сирек». Бұл мәтел дәл Нұрсұлтан­дай бітімі бөлек, біртуар аза­матқа арнап айтылғандай. Оның өмір өткелдері – бүгінгі һәм кейінгі ұрпаққа биік үлгі, жарасымды сабақ. Сұхбат кітабының «Сын сағаты соққанда» атты тарауынан басталатын ендігі бөлімі, яки соңғысы – ұлы көшіміздің көсемі Нұрсұлтан Назарбаевтың тәуел­сіздік дәуіріндегі ұлан-асыр қыз­метін қамтиды. Азат Қазақ елінің дархан дарын басшылығымен қол жеткізген ілкі табыстарын тарих айнасына түсіреді. Толғағы жеткен проблемаларын шешу жолын­да­ғы жан алып, жан берген жанқияр­лық күрес-талабын талдап сарап­тай­ды. Айтары көп кітаптың бұл бөлі­мі­нің әр тарауына арнайы тоқтал­ған жөн болар еді, бірақ мақала кө­ле­мі көтермейтіндіктен, әмбе оқ жетпес жерге қылыш суырғандай болмас үшін, еңбектің ең бір ұрымтал тұстарына назар аударсақ па дейміз. Ең дұрысы – өнегесі өзгеше қайраткердің аса өткір мемлекеттік мәселелерді жанда жоқ тап­қыр­лықпен, кейде тәуекелге бел байлап асқан батылдықпен шешкен іс-әрекеттеріне үңілу болса керек. Көрмеген жердің ой-шұқыры көп. Қай ретте тыңнан жол салуға тура келеді. Бұрын Қазақ елін басқар­ған ұлықтардың – хандардың, сұл­тан, губернаторлардың, коммунист бі­рінші хатшылардың біразы шетелдермен істес болғанымен, қай-қай­сысы да әдемдік аренаға шық­­па­ғаны, Нұрсұлтан Назарбаев се­кіл­ді жаһандық тартыстардың, тра­ге­дия, драмалардың қайнаған ор­та­сын­да жүрмегені мәлім. Кітапта Қазақ мемлекетінің, міне, осы жаңа тұрпатты басшысының ел-жұртын өрге сүйреген қызметі татымды да тартымды көрсетілгенін айту ләзім. Ішкі ме, сыртқы саясат па Елбасы даяр соқпақпен тарта бермейді. Әманда сұңғыла­лығы­мен туған халқының мүддесін ой­дағыдай қорғайтын өзіндік сара жол тауып отырады. Ішіңнен енді оқырман өзің тәубе айтасың. Ел басқарса, мына біздің қазақ перзентіндей басқарсын дейсің. Елбасы Тәуелсіз Қазақстанның сыртқы саясатының іргетасын қалау уа­қытында алдымен елінің елдігін ойлаған. Бұл қызметінде де ежелгі дағдысы бойынша болмысы биік беделмен ой бөлісуді ұмытпайды. Оқырман көкейінде орынды сұрақ тууы: оу, бүгінгі сыртқы саясат пен Абай ілімінің арасында қандай байланыс болуы мүмкін деген әспетте. Былай қарағанда, бір-бірінен айырмасы жер мен көктей алыс тәрізді. Бірақ ойланған жанға олай еместігі, керісінше, байланысы тонның ішкі бауындай екендігі анықталады. Сыртқы саясаты­мыз­дағы «…Ең басты ұстанымымыз, – дейді Нұрсұлтан Әбішұлы, – көп­жақты бағдар болуы керек деген тоқтамға келдік. Сөйтіп, халық­аралық байланыс­тарымыздың ар­қауы етіп жақындағы, алыстағы елдердің бәрімен өзара тиімді қа­тынастар орнатуымыз қажет деп шештік. Бұл арада біз өзіміз тол­ғандырған көп сұрақты ұлы Абайдан тапқандай болдық. Оның «Адамзаттың бәрін сүй, бауырым деп» айтатын сөзі нағыз халық­аралық дипломатияның ой қазығы емес пе?» («Өмір өткелдері». 409-б.). Қазақстан 1991 жылдың басында-ақ бірқатар шетел басшыла­рымен тікелей қарым-қатынас ор­­­­нат­ты. Мәскеудің рұқсатынсыз, сол кез­дегі қолайлы тарихи жағ­дай­ды сә­ті­мен пайдалана отырып, Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанға Түркия Президенті Тұрғыт Өзалды, Сингапур лидері Ли Куан Юді Қазақстанға шақырды. АҚШ Президенті Джордж Бушпен, Ұлыбри­тания Премьер-министрі Джон Мейд­жормен, Оңтүстік Кореяның Президенті Ро Дэ Умен кездесті. Сыртқы саясаттағы көпжақты бағ­дарлама тәуелсіздік дәуірінде же­місін еселеп берді. Шетелдік тә­жірибе ішкі саясатта твор­­чес­­тво­­лық­пен пайдаға асы­рыл­­ды. Нә­ти­же­сін­де тәуелсіз­дік ал­ған 1991 жыл­дың аяқ шенінен бас­тап, на­рық­тық эко­но­ми­каны ен­гі­зу­ге оң­тай­лы жол ашылды. Кей­бір көп-кө­рім қызметте жүрген­дер артқа жал­тақ­тап, иесіздіктен тұра­лап, кетеуі кеткен социалистік қо­ғам­­дық мен­шік­ті қорғаштауға ты­рыс­ты. Ел­басының бейнебір фоль­клор батырындай мың сан қол­­мен жалғыз айқасқан кездері де кезікті. Жо­ғарғы Кеңестің өзі екі дүркін таратылды. Бү­кіл­ха­лық­тық сай­лау­да тө­тен­ше өкі­лет­тік алған Пре­зи­дент қандай да болсын зілдей басқан қиын­шы­лық­тар­ға төтеп беріп, уа­қыт сынынан мүдірмей өтті. Ұтым­ды істерге бастап, халқына дем беретін, қалың бұқараны бір кісідей жұмылдыратын ұғымды сөз таба білді. «Алдымен – экономика, содан кейін саясат» (Сонда. 430-б.). Саясаткер ұзақ шешендікке салынбауы тиіс, ойы жүйріктің – сөзі жүйрік. Нұрсұлтан Әбішұлы ғы­лы­ми түйінді пікірін айшықты, қо­нымды тілмен жеткізген. «Сөзі мың жыл жүрсе де дәмі кетпес» (Мағ­жан). Хакім Абай: «Өзге өскен ел не істесе, соны істе, ғылымын, мә­дениетін меңгер», деген. «Бұл кемел ойды, бүгін заман талабына орай ақыл сарабынан өткізгенде, не істеуге тиіспіз? Ол үшін, – дейді Нұрсұлтан Әбішұлы кітабында, – өзгелермен мәдени-экономи­ка­лық, саяси араластық керек, бү­гін­гіше айтсақ, интеграция» (Сон­­да.). Сұх­бат кітабында интегра­ция ұғы­мы­ның қыр-сыры түгел ашыл­­ған. Экономиканы алға қою­дың мәні­сін жадағай түсінбеу керек. 1994 жылдың наурыз айында Қазақ­­стан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Мәскеу уни­верситетінің аудито­риясын­да­ғы сөзінде Еуразиялық одақ құру идея­сын ұсынды. Сол жылдың мамыр айында Өзбекстан Президенті Ислам Каримов: Еуразия идеясында жаңалық жоқ. Қосымша саяси қон­дырғының қандай қажеті бар? – деп жобаны көрінеу бұрмалады. Шын мәнінде, Қазақстан Президенті ешқандай саяси қондырма құруды ұсынған жоқ. Сонсоң бұл одақты тек мәдени өзара байланыстарды нығайту мәселесімен де шектемеу керек. Еуразиялық одақ ең алдымен біртұтас экономика­лық кеңістік қалыптастыруды көз­дейді. Интеграция деген КСРО заманына қайта оралу емес. Сұхбат кітабында интеграцияның эко­но­микалық пайдасын саусақпен санап отырғандай етіп түсіндіреді: «Қазір еліміздің халқы 17 миллион адам, мүмкін бір кезде 30 мил­лионға жетер. Бірақ мына жа­һан­данған әлемде оның өзі де, – дейді Нұрсұлтан Әбішұлы, – өте тар на­рық саналады. Бізге міндетті түрде сыртқы нарықтар керек. Сол на­рықтың ең үлкені – 170 миллион­дық Ресей нарығы… Ресей нарығы, Беларусь нарығы, басқа да көрші­лес нарықтар біздің тауарларға ыңғайлы, біздің нарық та олар үшін өтімді» («Өмір өткелдері». 430-б.). Экономиканы алға қойып, ұлттар достығы туын желбіреткен көре­ген саясаттың нәрлі жемісіне енді, міне, бүкіл ел, халық болып кенелудеміз. Туған Қазақстаны­мыз тә­уелсіздіктің ширек ғасырына толар-толмас тірлігінде бұрын 25 ғасырға татырлық жолдан өтіп отыр. Бүгінгі Қазақстанымыз – Ға­жапстан. Күннен-күнге көркейген Астана қаласы ше? Мәскеу бір күнде салынбаған деген сөз бар. Біздің Астанамыз бір күн десе де болады, айналдырған он шақты жыл­дың ішінде әлемнің көруге көз керек шаһарына айналды. Ал Ал­матының метрополитені, бейнелеп айтқанда, әлемнің сегізінші кереметі! 2015 жыл – қандай мерейлі жыл. Той тойға ұласуда. Қа­зақ хандығының 550 жылдығы, Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 70 жылдығы, Қазақстан халқы Ас­­­сам­блеясының 20 жылдығы, Конс­титуцияның 20 жылдығы. Бұл ме­­рейтойлардың түп-тамыры, ұйыт­­­­­қы­­сы – «Мәңгілік Ел» идеясы. Қа­­зақ­­­стан хал­қы­ның табыстарында, бе­­ре­­ке-бір­лі­гін­де осы жетекші идея­­­ның салтанаты жатыр. Жаһан­дық бай­тақ нарық, бәсекелестік­ке төтеп беру елімізді дүние жүзі­нің ең озық 30 елінің қатарына қо­са­ры күмәнсіз.

* * *

«Шекараны таспен қоршамау керек, доспен қоршау ке­рек» (Сонда. 412-б.). Қысқа да нұс­қа қағиданың мағынасы ұшан-теңіз. Кітаптың «Шекараны ше­ген­­деу», тағы да басқа екі-үш та­ра­уы­ның тақырыбына қатысты осы­­­лай деген жөн. Елбасы тә­уел­­­сіз­дік­тің бес жылдығына арнал­­ған сал­­та­нат­ты жиналыста сөй­ле­ген сө­зін­де халық Мағжан ақын­ның: «Алыс­тан орыс, қытай ауыр сал­мақ, Жақын­нан тыншытпайды қа­лың қалмақ. Арты – ор, алдында – көр, жан-жа­ғы жау, Дағдарған Алаш енді қай­да бармақ?! – деген өле­ңін бұдан былай бұрынғы за­манның уайы­мын жеткізген әдеби мұра ретінде қа­растыратынын айтқан еді. Шынында да, ұзындығы 13 мың шақы­рым­нан артық шекарамыз Ресей, Қы­тай, Өзбекстан, Қыр­ғыз­стан, Тү­рікменстан мемлекеттерімен ха­лықаралық құқық­тық тұр­ғыдан мәңгі заңдастырылды. Жоқ­тан өз­геден кез келген минутта от шы­ғып кетуі ықтимал қауіп жойылды, күйіп тұрған мәселе түпкілікті ше­шілді. Алдымен шекара сызығы­ның тиісті халықара­лық құжат­­тарда белгіленген сызық­та­ры рас­­тал­­ды да, ар­ты­нан таласты жер­лер дос­тық, өз­ара сыйластық жағ­дай­­да тал­қы­ла­нып бекітілді. Келіс­сөз­ге қол қойған қай мемлекет болсын ұтпаса, ұтылған жоқ. Дәлірек айтқанда, шекара сызы­ғын түп­кі­лікті белгілеуге қатысқан­дардың ел-ел арасының тыныш­тығын ой­лаған ізгі ниеттері ұтты. Осындайда Мағжан Жұмабаевтың «Түркі­стан» атты ұзақ жырындағы қазақ даласының тұтастығы үшін бар өмірін сарп еткен Абылай хан жайлы айрықша толғанысы еске түсе­ді: Бұл Тұран ежелден-ақ алаш жері, Тұрансыз тарқамаған алаш шері. Тұранның топырағында тыныш тапқан Алаштың арыстаны – Абылай ері. Мүрдеңнің қай жер­­­де екенін, аруағыңнан айналайын Мағжан аға, амал қанша, әлі де білмейміз. Әйтеуір қазақ жерінде­сің ғой деп қол жайып бата қылғанда айтарымыз: «Бүгінгі Алаштың ендігі көшбасшысының арқасында іш­тегі алабұртқан арманың мүл­тік­сіз орындалды, жан аға. Енді Абылай ханға арнаған ақ тілегіңді біз қайталаймыз: топырағыңда тыныш тапқын, әумин!». Шекараны таспен емес, доспен қоршау идеясының, айта берсе, әңгімесі таусылмайды. Нұрсұлтан Назарбаев 1991 жылғы 29 тамызда Семей ядролық полигонын жабу туралы Жарлыққа қол қойды. Сөйтіп, 40 жылдан астам уақыт бойы қазақ жерін тітіреткен, мыңдаған адамның денсаулығын зақымдаған тажалды Президентіміз өз қолымен тұншықтырып тынды. Президент Назарбаевтың тарихи шешіміне күллі адамзат қол соқты. Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас хатшысы Пан Ги Мун біздің Елбасымызға «Ядролық сынақ­тар­ды тоқтатып, ядролық қарулар­дан ада болу қажеттігін әлемге жар салып айтушы рөліне Жер бетінде Сізден лайық адам жоқ», – деп жар салғанын білеміз. Еріксіз қиялға кетесің: пау, шіркін, күллі адамзат атынан сөйлеуге құқылы қайрат­кердің шын жүрегінен шыққан ле­бізі жыл сайын әлемде бейбіт­ші­ліктің мәртебелі сыйлы­ғын атап жа­татын Нобель комитетінің қа­дір­лі мүшелерінің құлағына қа­­шан шалынар екен?! – дегендейін. Ядро­лық қарудың қазақ жерінен аласталуына байланысты айтылуға тиісті тағы бір нәрсе, не мәселені де барынша құнттап зерттейтін Елбасы бұл тұста да туған елінің қауіпсіздігін ойлауды ұмытқан жоқ. Ядролық дипломатиясы тамаша табыспен аяқталды. Америка Құ­рама Штаттары, Ресей Федерациясы, Ұлыбритания, Қытай мен Франция – өңшең ядролық держава дөй­лері тарапынан Қазақстанның тәуелсіздігіне, аумақтық тұтас­ты­ғы­на қарсы күш қолданбауға, эко­но­микалық зорлық-зомбылық көр­сетпеуге кепілдік берді. Бейбітшілік пен қауіпсіздік ісіне мықты үлес қосқан Қазақстан Республика­сы­ның, оның Президентінің беделі халықаралық аренада барған са­йын арта түсуде. Халықтар ара­сын­дағы бейбітшілік пен достықтың айнымас табанды жақтаушысы саналуда. Тағы бір дәлеліне Ресей мен Украина арасындағы жан­жал­ға арашаға тұрған фактіні айт­сақ та жеткілікті. Сұхбат кітабын­да ай­тылғандай, Минскідегі ке­ліс­­сөз­дердің ұйытқысы – Нұрсұлтан Назарбаев. Жас ша­ғын­да металлург мамандығына бау­лы­ған Украина­­ға іш тартатынын жасырмайды. Ондағы азамат соғысы өртін өші­ру жолында аянбай кү­ресуде. «Сау­да мақсаты – ұту, жол мақсаты – же­ту, дау мақсаты – біту» деп атам қа­зақ айтатындай, орыс және украин достарына: қандай соғыс болсын тү­бі бітіммен аяқ­талады деп ақыл қосудан еш жа­лыққан емес. Ал өз Отанымызға қатысты айтатын болсақ, Елбасы ел іргесін бекіте түсудің пәрменді іс-ша­раларын жүзеге асыруда. Қайсы­біреулердей, сөзі мен ісінің арасы мың шақырым емес. Жар­қын мысалы – жаңа астанамыз. Сұх­бат кітабының соңғы тарауы «Астана – елдің ерлігі» деп аталған. Шынтуайтында, бұл – алдымен Елбасының ерлігі. Жаңа астана тұрмақ, жаңа үй салудың өзі қиын­ның-қиыны шақта, өтпелі кезеңнің бас шенінде ол астананы Алматыдан Ақ­молаға көшіруге бет қойды. Бұл үл­­кен істің стратегиялық мақсаты, қиын­дық-бөгеттері кітапта толық айтылғандықтан, қайта­лағым жоқ. Тек сол жәйттің біріне ғана ар­­­­на­­йы тоқталу керек сияқты. Әң­­­гі­ме кітапқа анықтама есебінде бе­рілген дәйектеме туралы болып отыр. Дәйектеме Иманғали Тасма­ғамбетовтің «Егемен Қазақстан» газетінде жарияланған «Мем­ле­кет­тің мерейлі мерекесі» мақаласы­нан алынған. Бір жолы Нұрсұлтан Әбішұлының қасына еріп, Алатау жаққа сейіл құруға барғанын айта келе, мақала авторы былай деп жазады: «Президенттің көмекшісі кезім. Парламент Қазақстанның ас­танасын ауыстыру жөніндегі ше­шімді қолдағанымен, бәрі де өз орнында тұрған шақ. Көктемнің жайнаған күні… Бір қырқаға кө­те­ріліп едік, алдымыздан айналайын ару Алматы алақандағыдай ашылып шыға келді. Ғажап көрініске сүйсіне қарап тұрды да, Нұрсұлтан Әбішұлы: «Қандай керемет!» – деді. Сол арада мен: «Осындай кере­метті қалдырып…» – деп қалдым. Айтылар сөз айтылып кетті. «Сен ондайды қой», – деді Нұрсұлтан Әбіш­ұлы қабағын қатайтыңқырап. Сөйтті де… Біз мынадай терри­торияға елдің бір шетінен қарап отырып, ие бола алмай қалуы­мыз да мүмкін. Арқада, солтүстік облыстарда демографиялық ахуалды қалай да өзгертуіміз керек. Мына елдің иесі кім екенін бүкіл әлем білуі тиіс» («Өмір өткелдері». 549-550-б.). Қазір Астана қаласының тұрғын саны 900 мыңға жетті. Кітапты оқи отыра басыңа талай ой келеді. Республикамыздың сол­түс­тік және шығыс, батыс облыстарында жұмыс күші тапшылық етуде. Ал оңтүстігімізде асып-төгіліп жатыр. Тұс-тұстан ағылып келіп жатқан оралмандарды есептемегенде. Сол тың жұмыс күшінің солтүстік өңірге қоныстануына бизнесмен атаулы, көп түкірсе көл болады дегендей, бәріміз жиналып жәрдем жасап, басына үй, алдына мал салып берсек ше? Бар жүкті Елбасының, жас мемле­ке­тіміздің мойнына арта беруге болмайды ғой… Сұхбат кітабының ақыл-кеңесін айтып тауыса ал­май­сың. Мамандығыма бір табан жа­қын «Мәдени мұра» бағдар­лама­­­­сы да Елбасының игілікті ісі. Бұл бағдарламаға сәйкес М. О. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты 100 том құрайтын «Баба­лар сөзі» атты фольклор жина­­ғын, заң­ғар жазушымыз Мұхтар Әуе­зовтің 50 томдық шығармалар жинағын дүниеге келтірді. Институт ұжымы тәуелсіздік дәуіріндегі проза, поэзия, драматургия туындыларын құнттап тексеруде. Жазушылар қа­уымы да ақ тер, көк тер еңбек етуде. Қазақ мемлекеттілігі үшін айқасқан Керей, Жәнібек, Қасым, Абылай хандар және басқа ел қаһармандары бейнеленген көр­кем шығармалар тарихи туынды­лардың алтын қазынасына қосы­луда. Бүгінгі постмодернистердің қайсыбірі: қазір жұрт кітап оқудан қалған, сондықтан қаламгер тек өзі үшін жазуға тиіс дегенді шы­ғарып жүр. Көркем шығарма ти­ражының қушиып қалғаны рас. 17 миллион халқымызға тиесілі, ай­талық, роман таралымы шірегенде 2000 дана ғана. Бірақ осы уақытша тығырыққа бола, өнер – халықтікі деген ұлы мүдде-мақсаттан әде­биет қауымы айнымауға тиістіміз. Президентіміз әнеу бір жылы елі­міздің ірі кәсіпкерлеріне бәйге, сыйлық түрінде ме, әлдебір үздік шығармагерлік табысы үшін бе, жазу-сызу қайраткерлерін мате­риалдық жағынан қолдап, қол­ға­быс етіп тұру қажеттігін айтып құ­лаққағыс еткен еді. Елбасы тілегіне орай, «Бент» акционерлік қоғамы­ның президенті Дильмұрат Ку­зиев «Ильхам» – «Шабыт» атты ме­це­нат клубын ашып, қыруар іс тындыруда. Осы ұйғыр кәсіпкерінің мар­хабатты ісін неге қолдамасқа?! Нұрсұлтан Әбішұлының «Өмір өт­келдері» атты кітабына респуб­ликамыздың ғана емес, дүние жүзі оқырманының да ыстық ықыласты назары ауатыны кәміл. Бұл үлкен шаруаға сұхбаттасушы, аға газе­тіміз – «Егемен Қазақстан» акцио­нерлік қоғамының президенті, филология ғылымдарының докторы Сауытбек Абдрахмановтың көп қаруы тиген. Президент сұхбатта­суға көп уақыт бөле алмағанын, о баста ойластырылған біраз тақы­рыптар қозғалмай қалғанын «Ал­­­ғы сөзде» арнайы ескертуді жөн көрген. Тегінде, ол келер күндер­дің еншісі болар дейді. Аннота­ция қорытындысы даусыз: «Елбасы­мен сұхбаттарды ой көзімен оқы­ған адам ғибратты ғұмырдан көп та­ғылым алатыны талассыз». Қоры­тындыға қосыла отырып, кітаптың соңғы бетіндегі кітап таралымы жөніндегі баспа мәліметіне көз жүгіртесің. Қараған бойда қарның ашады. Өз көзіңе өзің сенбейсің. Баспа, полиграфия орындарын басқаратын министрліктің мәңгі дерлік жаттанды цифры тағы да қайталаныпты – бар-жоғы 2000 дана! Абай «Ғақлияның» отыз тоғы­зыншы сөзінде көне ата-баба­мыздың бүгінгі замандармен са­лыстырғандағы артық екі мінезі­нің бірі жоғарыда айтылған намыс болғанда, бірі Елбасының ғибраты деген. «Қой асығын қолыңа ал, қолайыңа жақса, сақа қой», «Бас-басыңа би болсаң, манар тауға сыймассың, басалқаңыз бар болса, жанған отқа күймессің», деп екі тізгін, бір шылбырды» Елбасы, саған бердік дейді екен. Ұлы Абайдың және бір ұлағаты: «Артық білім кітапта» деген. Бүгінгі артық білім Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Өмір өткелдері» атты сыр-сұхбат кітабында.

Шериаздан ЕЛЕУКЕНОВ,

Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты

«Егемен Қазақстан» газетІ, №126, 5 шілде 2015 ж.


Тастан табыс тапқан

Күні: , 847 рет оқылды

15


Бөкей ордасы — облыс орталығынан шалғай жатқан аудан демесеңіз, мұндағы қызу тірлікті, қайнаған жұмысты көріп, еріксіз көзің қызығады.


Аудан орталығы  Сайқын ауы­лында тұратын Қуаныш Шәріп­қа­лиев осыдан он шақты жыл бұ­­рын кәсіпкерлікке бет бұрған екен. «Аққу» деп аталатын шағын кә­сіп­орын құрып, әуелі көлік жуа­тын орын ашыпты. Одан әрі кө­лік жөн­дейтін цехты жандандырып, біраз уақыт осы шаруамен айна­лысқан.

— Мемлекет тарапынан кәсіп­керлерге берілетін көмек, жасалатын жеңілдіктерді көргеннен ке­йін қарап отырмай жұмыс ая­сын ұлғай­туды ойластырдым. Сөй­тіп, өт­кен жылы Ауыл шаруашылы­ғын қар­жы­лай қолдау қорынан 3 млн. теңге несиеге қажетті станок сатып алып, керамзит кірпіш өндіруге кірістім», — деді Қуаныш бізбен әң­гімесінде.

Кәсіпкердің өніміне қазірдің өзінде сұраныс көп. Ауыл-ауылда құрылыстың қыза түсуі Қуанышқа да қолайлы болып тұр. «Жастар бұрынғыдай қалаға қашпайды, қай­та ауылда тұрып, үй салып алу­ға пейілді. Сондықтан өнімімді өт­кізуге еш қиындық жоқ», — дейді өзі. Кірпіштің бағасы қымбат емес, әр данасы 160-180 теңге. Бұл қа­ла­да­ғы бағамен бірдей деген сөз. Ши­кі­зат Ресейден әкелінуде. Еура­зиялық экономикалық одақ аясында кедендік кедергілер алы­нып тасталған соң тауардың өзін­дік құны тым қымбат емес. Жал­пы саны 8 адамды жұмыспен қам­ты­ған кәсіпкер келешекте тек ке­рамзит кірпішпен шектеліп қал­май, құдыққа қажетті бетон құр­­сау, тротуар төсемін шығаруды жоспарлауда.

Айтпақшы, Қуаныш аудан орта­лығындағы қоғамдық моншаны да сенімгерлік басқаруға алыпты. «Кезінде 30 орындық монша салынып, екі-үш жыл жұмыс істегеннен кейін жұмысы тоқтап қалған еді. Біз моншаны іске қостық. Күні бүгін монша жұма, сенбі, жексенбі күндері жағылады. Жұма күні балалар, қалған екі күн ересектер келіп түседі. Бағасы – 300  теңге. Жалпы, халық риза», — дейді кәсіпкер.

Тоқтасын КЕНЖЕҒАЛИ,

Бөкей ордасы ауданы


«Өмірде жайдарымын, алаңда байсалдымын»

Күні: , 921 рет оқылды

2


Бауыржан ОМАРОВ,

«Ақжайық» футбол командасының қорғаушысы:

Амплуа: сол жақ қанаттағы қорғаушы (№14)

Туған күні: тамыз айының үшінші жаңасы

Туған жылы: 1990 жыл

Туған жері: Ақжайық ауданындағы Қарауылтөбе ауылы

Руы – Алаша

Нағашы жұрты – Арғын

Бойы: 180 см

Салмағы: 77 келі


— Бауыржан бауырым, сені­­-мен сұхбатты жас футбол жұл­дыз­дарына қояр дәстүрлі сұрақ­пен бастағалы отырмын. Сенің алдыңнан таңғажайып футбол әлемінің есігі қалай ашылды?

— Біздің отбасымыз 2000 жылы ауылдан Орал қаласына көшіп келді. Сабағымды Оралдағы №41 қазақ орта мектебінде жалғастырдым. Ауылдағыдай қалада да бір аулада тұратын балалармен доп қуып, футбол ойнай бастадым. Бірақ мен ол кезде орысша жөнді білмейтін едім, сол себепті соған қысылып, ауладағы қазағы бар, орысы бар, ылғи орысша сөйлейтін балалармен бірден емін-еркін арала­сып кете алмадым. Дегенмен менің фут­болды тым жақсы ойнайтыным­ды көргесін олар маған өздері іш тарта бастады. Сөйтіп жүріп бір-бірімізге бауыр басып кеттік. 2001 жылдан бастап Орал қаласында­ғы №4 балалар мен жасөспірім­дердің спорт мектебіндегі футбол үйірмесіне бара бастадым. Алғашқы бапкерім – Куденко Алексей Александрович. 2004 жылға дейін балалар мен жасөспірімдер арасындағы жарыстарға қатысып, тіпті Ресейге дейін барып жүрдік. 2004 жылы Оралдың сол кезде­гі «Жастар» командасына, ал 2006 жылы қазіргі «Ақжайықтың» қосал­қы құрамына шақырылдым. 2008 жылдан бері «Ақжайықтың» негізгі құрамындамын. 2012 жылы Қазақстан Республикасының жас­тар құрама командасына шақы­ры­лып, 2 ойын өткіздім.

Айтпақшы, футболға біржола ден қойғанша, Оралдағы «Олимп» бокс мектебінде бүгіндері еліміз­дің еңбек сіңірген бапкері, кәсіп­қой бокстан Еуропа және әлем чемпионы Роман Кармазиннің ал­ғашқы жаттықтырушысы Қуаныш Уахасовтың жетекшілігімен 7-8 ай бокспен шұғылдандым. Алайда бокс мені футболдай бірден үйіріп, еліктіріп алып кете қойған жоқ.

— Мен сені жасыл алаңнан көргелі бері сен қорғаушысың. Біз де бала кезімізден футбол ойнап өстік. Негізі балалар қақ­паға тұруға, қорғаныста ойнауға онша құлықты бола бермейді. Әдетте бала біткен шабуылда атой салып, өзі гол салуға құмар…

— Мен әуелден қорғаушымын, ағай. Бірінші бапкерім әп дегеннен мені қорғаныс шебіне қойды. Рас, әуелкіде оң қапталда ойнадым. Бірақ бірер ойыннан кейін Алексей Александрович, «Баукебай, се­нің оң аяғыңа қарағанда, сол аяғыңның тепкісі тегеурінді екен. Енді қорғаныстың сол жақ қана­тын саған сеніп тапсырамын» деді. Содан бері қанша жыл өтсе де, мен осы позициядан айныған емеспін. Бапкерім дер кезінде байқаған, мен тамақты ғана оң қолыммен ішемін, қалған шаруаның бәрін негізінен сол қолмен атқарамын. Кішірек кезімде тамақты да сол қолмен ішетін едім. Бірақ бастауыш класта оқып жүргенде үйдегілер педагогтардың айтуымен тамақты оң қолмен ішуге дағдыландырды.

— Бауыржан, Қазақстан футбол федерациясының басшы­лығының ұйғарымы бойынша келесі жылдан бастап, бірінші топ командаларының құрамын­да шетелдік легионерлердің ой­науына тыйым салынбақ. Сен мұны құптайсың ба?

— Әрине, құптаймын. Өйткені әл­гіндей қадам отандық футболшы­лардың бағын ашары кәміл. Әйт­песе, әжептәуір қарым-қабілеті бар өзіміздің біраз жігіт қосалқы ойыншылардың отырғышында оты­рып-ақ «кәрі қызға» айналып барады. Рас, кезінде «Ақжайықта» құрамында ойнаған Мозес Саки, Хаман Саджо, Якуп Хлебон секілді легионерлерден техникалық әдіс-тәсіл, тактикалық сауаттылық, спорттық режімді сақтауға жа­уапкершілікпен қарау сияқты мә­селелер бойынша біздің де үйрен­геніміз болды. Бірақ солай екен деп, өзіміздің жігіттердің талантын қосалқы құрамда тұншықтыруға болмайды.

— Арғы-бергі футболшылардан кім ерекше ұнайды?

— Бұл мәселеге келгенде, менің­ше, әр футболшы алдымен өзінің жасыл алаңдағы орнына, яғни амп­луа­сына қарап, «тон пішеді». Кезінде Мадридтің «Реалында» бра­зи­лиялық Роберто Карлос деген сол қапталда тасқамал қор­ғаушы болды. Робертоның қарсы­ласынан допты ойын ережесін бұзбай тартып алуы, дәл пас бе­руі, керек жерде шабуылдың отын шебер көсеуі, жүгіру ұшқырлығы, тіпті баспен ұтым­ды ойнауы және сол аяғының жойқын тепкісі оған қатысты жа­сыл алаң­дағы пайдалы әрекет коэффи­циен­тін еселей түсетін. Алаңдағы ғаламат шеберлігіне қоса, Кар­лос өмірде балалар үшін көптеген қай­ырымдылық шараларға үнемі ұйытқы болып жүреді.

— Ал бапкерлерден кімді бөле-жара атар едің?

— Ұлыбританияның атақты фут­бол клубы «Челсидің» қазіргі бас бапкері Жозе Моуриньоны. Португалия құрамасының кезіндегі даңқты қақпашысы Феликс Моуриньоның ұлы бола тұра, Жозе Моуриньо бұл өзі жарытып футбол ойнап, жасыл алаңда жарқырап көрінбеген кісі. Бірақ біраз уақыт «кәрі құрлықтың» «Аякс», «Пор­ту», «Бавария», «Барселона» сықыл­ды әйгілі командаларының бас бапкерлері ретінде біраз жеңіс-жетістікке жеткен Бобби Робсон, Луи Ван Галь секілді дүние жүзіне танымал футбол мамандарының «барып кел, алып келдің» дең­гейіндегі көмекшісі бола жүріп, Жозе Моуриньо көңіліне көп нәрсе түйгенге ұқсайды. Ол мық­ты психолог, керемет менеджер. Жозе Моуриньо қай футболшы қай позицияда ойнаса, командаға көп пайдасы тиеді, қай футболшы «Челсидің» жейдесін кисе, оған да, клубқа да тиімді, қай легионер беретінін беріп болды, босқа уақыт созбай, енді кіммен қош айтысқан жөн, міне, коман­да үшін осындай көкейкесті мәсе­лелердің күретамырын дөп баса білетін кәнігі футболдық функцио­нер. Ал өзімнің өмір жолымда жолыққан бапкерлерден 2013 жы­лы «Ақжайықтың» бас бапкері бол­ған Погус Галстянның жігіт­терді ойын алдындағы жігерлендіруі, намысты жанып айтар сөздері, көп сөзділікке ұрынбай, тап-тұйнақ­тай қылып нақты тапсырма беруі ұнайтын.

— Осыған дейін біздің газетте сенің командалас жора-жолдастарыңнан Руслан Хайы­­ров, Элдар Абдрахманов, Мейрам Сапанов секілді біраз жер­гілікті футбол жұлдыздары­мен сұхбат жарияланды. Осы аза­маттардан әңгіме барысында, сөз арасында «Қай коман­да­ласыңды ерекше дос тұтасың?» деп сұрағанымызда, олардың барлығынан дерлік «Жігіт­тер­дің бәрімен жақсымын, әсіресе, Бауыржан Омаровпен әркез әңгімеміз жарасады» деген ба­ғытта пікір естідік. Соған қара­ғанда сен мінезің жәйлі жігіт­сің-ау, Бауыржан?..

— Өзімнің мінезімді өзім мақ­таған орынсыз болар. Мен де біз­дің клубтың құрамындағы бар­­лық футболшымен жақсы қарым-қатынастамын. Ешкімді бөліп-жарып атай алмаймын, командалас­тарымның бәрін де сыйлаймын. Жігіттердің қай-қайсысы да жасыл алаңда ко­ман­да­ның мүддесі үшін барын да, жанын да салады.

Жалпы, мен өмірде жайдарымын, ал алаңда байсалдымын. Ой­­ын­нан былайғы уақытта, әсіре­се, дос-жаран, замандас құр­бы-құр­дастармен отырғанда өзім әде­мі әзіл, орынды қалжыңға үйі­рмін. Яғни жастардың мәне­рі­мен сөз саптар болсам, өз басым «прикол тастауға» бейім тұрамын. Бәлкім, әзіл-қалжыңға әуес бол­ғандықтан мені жігіттер жандарына жақын тұтатын шығар…

— Әдетте танымал спорт­шы­лардың көбі сөзге шорқақтау келеді. Ал сен ана тілімізде керім жатық сөйлейсің…

— Бұл – ата-әжем мен әке-шешем­нің тәлім-тәрбиесіне қоса, мектепте қазақ тілі мен қазақ әдебиеті пәнінен сабақ берген Төлегенова Жанат апайымыздың арқасы.

— Ата-анаң, жалпы сіздің от­басы туралы айтып өтсең?

— Мен ата-әженің бауырында өскен баламын. Сол себепті әң­гімені үлкен кісілерден бастай­ын.

Атам Сатыбалдының ма­ман­ды­ғы инженер-ді. Кезінде ауыл шаруа­шылығы саласында өз ма­мандығы бойынша жылдар бойы жемісті еңбек еткен атам 2008 жылы қайтыс болды. Ол өзі өмірден озғанша менің Оралдағы ойынымды жібермей, «Бүгін менің балам ойнайды» деп, матчты алаңға аяқ­тай барып көретін. Әжем Роза зейнеткерлікке шыққанша медбике болып қызмет істеді. Құдайға шүкір, әжем әлі бақуат. Алайда әжем атам құсап, алаңға бармай, футболды үйде отырып, теледидардан көреді, — деп бір жымиып қойды кейіпкеріміз.

Әкем Нұрлан кезінде футболмен де, бокспен айналысқан. Ол бұрынғы Жамбыл, қазіргі Тараз қаласындағы гидромелиорация ин­ститутын тәмамдаған. Анам Лау­­ра да сол институттың түлегі. Өзім­нен бес жас кіші інім Еркін биыл Алматыдағы Санжар Асфендияров атындағы ме­дициналық уни­вер­ситеттің үшін­ші курсын бітірді, болашақ хирург.

— Бауыржан, үй шаруасы бо­-й­ынша ата-анаңа қолұшын беруге уақыт табыла ма?

— Менің ойымша, егер адамның өзінің ынта-ықыласы болса, бәріне уақыт табуға болады. Бұрындары біз көп қабатты, көп пәтерлі үйде тұрдық. Ондай мекенжайда анда-санда кілем-алашаны аулаға шы­ғарып, шаңын қағу болмаса, ер балаға көп жұмыс бола бермейді ғой. Ал соңғы бірер жылдан бері біз Асан ауылында жер үйде тұрамыз. Аулада бау-бақшамыз бар. Біздің аулада алма, өрік, шие секілді жеміс ағаштары өсіп тұр. Сонымен қатар жылма-жыл аулаға таңқурай, құлпынай, қияр-қызанақ секілді көкөніс түрлерін егеміз. Қолым қалт етсе, ата-анама көктемнен күзге дейін жер баптауға, бау-бақша суарып, оны арам шөптен арылтуға міндетті түрде көмектесемін.

— Футбол жұлдыздарының жеке өміріне қатысты жаңа­лықтар да жанкүйер қауымның назарынан тыс қалмайды ғой, Бауке. Осыдан бірер ай бұрын сен құда түсіріпсің, алдағы қа­рашада үйлену тойың болатын көрінеді. Болашақ қалың­дығың саған қандай қадір-қа­сиетімен ұнады?

— Иә, мамыр айында ата-анам болашақ құда-құдағиының алдынан өтіп, құда түсіп, келешек келіндерінің құлағына сырға салып қайтты. Қалыңдығымның есі­мі – Гүлфиза.

Қазақта «Анасын көріп, қызын ал, ыдыс-аяғын көріп, асын іш» деген мақал бар ғой, мен әуелі Гүлфизаның ата-анасы туралы «Өте тамаша кісілер, өнегелі жан­ұя, берекелі отбасы» деген мақ­тау­лы пікірлерді көп естідім. Сосын Гүлфизаның сұлулығы мен сым­батына қоса, оның өзін-өзі ұстауы, жүріс-тұрысы шынымен де менің қалыңдығымның жақсы тәрбие алғандығын дәлелдей түс­ті. Өз басым Гүлфизаның болашақ­та үлкенді сыйлай білетін, менің әжемнің, ата-анам мен ағайын-туысымның, дос-жаран, жора-жол­дастарымның көңілінен шыға­тын мақтаулы, сыйлы келін болатын­дығына нық сенімдімін.

— Сенімің алдамасын, Бауыржан бауырым. Қол ұстасып ұзақ жолға шығуға ниеттенген Гүлфиза екеуіңе «Орал өңірінің» ну ормандай оқырмандары мен «Ақжайық­тың» мың-сан жан­күйерлері атынан құт­ты қадам, сәтті сапар, баянды бақыт ті­лейміз!

— Рақмет, аға. Айтқаныңыз келсін!

Сұхбаттасқан Бақытжан ҒАБДУЛЛИН


Велоәуесқойлар көбеюде

Күні: , 799 рет оқылды

12


«Жайық Пресс» медиахолдингінің дизайнері Арман Дауылбаев жұмысқа әрдайым велосипедпен келеді. Ол «шайтанарбаны» екі жылдан бері көлік ретінде пайдаланып жүр. Арман ағамыз: «Велосипед — әрі тез, әрі шығынсыз, әрі қоршаған ортаға зиянсыз, денсаулыққа да пайдасы зор. Жазда күннің ыстығы болмаса, жүріп-тұруға ыңғайлы» — дейді.


Велосипед тебу – бұлшықетті жаттықтырып, ағзаның төзімділігін арттырады, жүрек-тамыр жүйесінің жұмысын жақсартады. Зерттеулер көрсеткендей, велосипедпен әуестенетіндердің орта жасы басқалармен салыстырғанда 5 жасқа ұзақ болады. 2008-2013 жылдардағы Оңтүстік Кәріс Республикасының президенті Ли Мен Бак 10 миллион халқы бар Сеул қаласында велосипедті жиі пайдаланады екен. Бұл іс-әрекеті арқылы ол көпшілікті велосипед тебуге жетелеп, салауатты өмір салтын ұстанып, қоршаған ортаны қорғауға шақырады.

 Орал қаласында да екі дөңгелекті көлікті пайдаланушылар аз емес. Олардың бірі велосипедті жүріп-тұру көлігі ретінде, ал енді бірі жәй әшейін серуендеу үшін қолданады. Соңғы уақытта велосипед құмар қауымның артып келе жатқандығын байқаймыз. Бұған кешқұрым қаламыздың орталық көшелерінде велосипедті жалға беру қызметінің жолға қойылуы дәлел бола алады.

Данияр КАБДЫРЕШОВ, велосипедтерді жалға беруші:

— Велосипед – әрі көлік, әрі демалудың тәсілі. Біз тұрғындардың велосипедпен бой жазып серуен­деуін қамтамасыз ету мақсатымен велосипедтерді жалға беру қызметін аштық. Бұл іспен «Революция» аялдамасында 2 жылдан бері айналысып келеміз. Жалға берілетін 15 велосипедіміз бар. Жұмысымыз жаман емес, әсіресе, кешкі уақытта саудамыз қыза түседі. Бір күнде кем дегенде 10 мың теңге табыс табамыз. Велосипед­терді сағатына 500 теңге, бір күнге 3000 теңге көлемінде жалға береміз.

Зарина ЗАРИФОВА, Орал қаласының тұрғыны:

— Соңғы екi-үш жылда біздің қаламызда көңiлдi әрi пайдалы жерлер саны көбейе түстi. Жаз мезгілінде балалар мен жастарға «хит» болған велосипедті жалға беру қызметінің пайдасы мол. Ол денсаулықты жақсартып, демалыс сәттерін отбасыңмен немесе достарыңмен көңiлдi өткізуге оң ықпалын тигiзедi. Сондықтан велосипедті жалға беру қызметі артып, пайдаланушылар саны көбейсе екен деймін.

Динара КАДИМОВА, Орал қаласының тұрғыны, Алматы қаласындағы Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің студенті:

— Бүгінгі таңда Орал қаласында «Велосипедтерді жалға беру» қызметін орталық көшелердің әр қиылысынан көруге болады. Менің ойымша, велосипедті жалға беру – өте ыңғайлы, әрі тиімді идея. Велосипед тебу, әсіресе, жастар үшін пайдалы. Себебі екі дөңгелекті көлікті жүргізу арқылы тек денені шынықтырып қана қоймай, әдетке айналған телефон мен басқа гаджеттерден ой сергітуге болады. Сондықтан мен де велосипедті жалға алу қызметін жиі пайдаланамын. Велосипед тепкен соң көңілім көтеріліп, санам сергіп, тұла бойым ширай түскенін сезінемін.

 Дайындаған Аида АРМАНҚЫЗЫ,

Алматыдағы С. Демирел атындағы университеттің студенті


Отты жылдар естелігі

Күні: , 810 рет оқылды


9

Бүгінде тоқсанның төріндегі әжеміз Бибатша Төрешова сонау 1941-1945 жылдардың қасіретін бір сәтке естен шығарған емес. Әжеміздің бал дәурені соғыспен тұспа-тұс келді. Сол кездегі елдің ауыр тұрмысы мен қилы тағдырын өз көзімен көрді.


Бибатша Аралыққызы 1921 жылы 21 маусымда Қа­рақоға ауылдық кеңе­сі, «Жаңажол» колхозында дүниеге келген. 1938 жылы Киров мектебін 4 класты латын әліпбиімен оқып бітірген. Тарихымыздағы ақтаң­дақ, 1937-1938 жылдардағы жаппай жазалау шараларына байланысты ағасы Бибатша апамызды Ресей федерациясы Дергачев ауданы «Ленин жолы» колхозына алып кетуге мәжбүр болған. 1939 жылы ағасы Хұсайын мен жеңгесі Раушан Байжен ауылына алып келеді.

Әжеміз кітапханада еңбек ете жүріп, Иманғали Әмірғалиев есім­ді жігітке тұрмысқа шығады.

— 18 жасымда Иманғали есім­ді жігітке тұрмысқа шықтым. Иман­ғали оқушыларға білім беріп, ұстаз болып жұмыс жасады. Қазақ халқының басынан қилы-қилы замандар өтті. Тағдыр тәлкегі аз азапқа салмады. Қуғын-сүргінді, ашаршылықты басынан өткізіп, енді-енді бой түзей бастағанда, талайдың отбасын ойран еткен Ұлы Отан соғысы басталды. Бәрі өткеннің үлесінде. Олардың салып кеткен зобалаң іздері санамызда сайрап тұр. Жеке бір тұлғаның, жеке отбасының немесе жеке бір әулеттің жүріп өткен жолы, тағдыры кейінгі кезде жиі жазылып жүр. Оны дәріптеп, кейінгі ұрпақтың бойына сіңіру – әрбір азаматтың борышы, — дейді Би­батша Төрешова.

Содан жан жолдасы Иманғали ағамыз 1941 жылы тамыз айында соғысқа аттанады. Ол кезде Фурманов ауданының әскери комиссариатынан бірде-біреуі әскер қа­тарына алынбаған болатын. Се­бебі сол кезде жалпақталдық жа­сырын жастар ұйымы құрылып, соларды тергеу жұмыстары жүр­гізіліп жатқан болатын. Бірақ та Иманғали ағамыз білімді, мектепте ұстаздық қызмет атқарғандық­тан, қосымша әскери білім алуға оқуға жіберіледі. Әжеміз оның қай жерде білім алғанын есіне түсіре алмады. Сонымен қатар білімді, оқыған Иманғали ағамыз әскери училищеде ұстаз болып қызмет атқарыпты. Содан 1942 жылы ұрыс даласына қатысып, үй ішімен хат арқылы хабарласып тұрды. Сол хатта: «Бибатша! Амандықтарыңды сенің 28.12.42 жылы жазған хатыңнан естіп, осы хатты амандық білдіру мақсатында жазып отырмын. Күндікке денім сау, қалім жақсы. Болатты жақсы тәрбиеле» — деп жазылыпты. Болат деп отырғаны үлкен ұлы. Әскери білім алған Иманғали капитан шеніне дейін жоғарылайды. Сталинград шайқасына қатысады. 1943 жылы «қара қағаз» келеді. Иманғали ағамыз соғысқа аттан­ғанда 4 айлық Болат есімді ұлымен қалған Бибатша апай ел қатарлы күн көріп, қамыс шауып, отын жинап, жүннен байпақ басып, тас соғып, тылда еңбек етті. 1954 жылы Иманғалидың ағасы Омарғалимен әмеңгерлік жолмен тұрмыс құр­ған. Бибатша апай бізге өмірде көрген қиындығына мойымай, сол қиындықтарға төтеп берген қазақ әйелінің жарқын үлгісі болып көрінеді. Елеусін, Тұрсынай, Амангелді, Болат, Қайрат, Мұрат, Серік, Жұмагелді, Қайыргелді, Алтынай атты ұл қыздарын тәрбиелеп өсірді. Құдай көпсінбесін, Бибатша апай осы ұл-қыздарынан 40 немере, 27 шөбере көріп отыр және қазір Айару атты шөпшегі бар. Мәуелі бәйтеректей тамыры тереңге жайыла берсін дейміз.

Балалық шағынан бастап еңбек еткен Бибатша апамыз — өзінің жаңқиярлық еңбегімен, парасат­ты ғұмырымен елге танымал ар­дақты жан. Данагөй әже болып, ұрпақтарының тілеуін тілеп, солар­дың тек қуанышын көре берсем екен деп тілейді. Кейінгі ұрпақ өкілдеріне өзінің ақылын айтып, батасын беріп, тәрбие ісіне араласудан жалықпайды.

Тұрарбек АҚМУРЗИН,

Жалпақтал ауылы,

Қазталов ауданы


БҚО, Орал қаласы, Мұхит көшесі, 57/1
zhaik_presscenter@mail.ru
oral_oniri@inbox.ru
support@oraloniri.kz

Орал өңірі" газетінің бас редакторы: 51-25-80
Бас редактордың орынбасарлары: 24-17-08, 54-18-08
Жауапты хатшы: 54-38-22
Тілшілер: 50-66-88, 51-50-34
Жарнама бөлімі: 51-51-09
Яндекс.Метрика